Өлең, жыр, ақындар

Жүрегінде жұмыр жер шыр айналып...

Жер атты планетаның кішкене ғана бұрышын Отан еткен өзінің аз халқының мұңы мен мұратын, бостандығы мен бақытын жырлау арқылы әлемдегі бүкіладамзаттық мәдениеттің биігіне көтеріліп, халықтар махаббатына бөленген Пабло Неруда — ақындық тағдыры мен өмір жолының адамзат тарихындағы үлкен дарын қонған ұлы адамдарға ұқсастығымен емес, өз творчествосының ешқайсысына ұқсамайтындығымен ұлы да дара.

Ол маған кейде қазақ даласының әр патшаның тұсында, әр заманда жүрегін шарасыздық пен кек кернеп, қасіретті халқының тақсіретін титтей де болса жеңілдетсем, тілі мен қанын жер бетінің қым-қуыт тірлігінде найзағайлы дауылдар біржола сүртіп кетпеуі үшін даңғойлау халқының көкірегінде мұң мен намыс алауын тұтатсам деп өткен Абай, Махамбет, Шоқан тәріздес қазақтың маңдайына біткен марқасқа азаматы болып елестейді.

Мен оны неге бұлайша сезінемін?
Мұның қандай сиқырлы себебі бар?

Тынық мұхиттың жағалауында жатқан Чили атты елдің Парраль қаласында 1904 жылы 12 шілдеде теміржолшы Хосе дель Кармен мен оның жұбайы Роса Басуальтоның семьясында дүниеге келген Нефтали Рикардо Рейес Басуальтоны қазақ даласының қиырлы құмында туып өскен маған, менің халқыма жақын еткен тек ұлы мәртебелі поэзияның құдіреті.

Территориялық шекараларға, шен мен шекпенге, ұлт пен жынысқа, жас пен мәртебеге қарамайтын, адамзат тарихының шығанды шалғайларын жалғастырып келе жатқан өнер құдіреті ғана жер шарының түкпір-түкпіріндегі халықтар мен адамдарды осылайша бір-бірінің бауырына тартып жақындатады. Бұл — рухани бауырластық рухани жақындық. Демек, мәңгілікке тамыр тартқан жақындық.

Мен алғаш рет ақынның «Махаббаттың жүз жыры және өкініш әнін» өзім үшін аударған жылдары жасынан өлең жазуға және сол туындыларын баспасөз бетіне жариялауға аса құштар болған чилилік бозбала Нефтали Рейестің, баласының ақындық өнер жолына түсуіне қарсы болған әкесінен жасқанып, журналдық бір мақала авторы Ян Неруданың фамилиясы мен өзі ойдан шығарған Пабло деген есімді қосып «Пабло Неруда» атымен алғашқы өлеңін бастырғанда он төрт жаста болғанын, ал оның бүкіл Латын Америкасындағы елдерге даңқын кенеттен шығарған «Махаббат жайлы жиырма жыр және өкініш әні» атты кітабы жарық көргенде, Неруда бар жоғы жиырма жаста ғана болганын білген де емеспін.

Сол жылдардан бастап-ақ поэзия мен саяси өмірдің қайнаған қазандай ортасында жүрген ақын өмірінің ең соңғы сәттеріне дейін қаруын қолдан түсірмей, үстемдік пен озбырлыққа, жала мен қиянатқа қарсы күрес туын көтеріп өткен. Ол «өлең жазам» деп саялы бақ, сахаралы кештер мен жан тыныштығын іздеген жан емес. Латын Америкасы мен Испаниядағы аумалы-төкпелі үкімет басшыларының қасы мен қабағына қарап, қай тап, қай партияның түтіні тік көтерілсе, соған қарай аунай түсіп, әділет пен туған халқының мүддесін өз басының жайлы, қамсыз тіршілігіне айырбастаған жан емес.

Ол әр түрлі елдерде елші болып қызмет істей жүріп, мансаптың мархабатты мінбелерінен түспей жүріп, алақаны күстеніп, табаны тілініп, жүзімді далада аптапқа күйіп еңбек еткен, белуардан су кешіп балық аулаған, бірақ олардың еңбегінің рақатын аз ғана билікті топ көрген өз отандастарының қасіретін жүрегімен сезіне білді. Ал ақынның сезінуі деген — жүрегінің тарам-тарам тамырларын солқылдатып жыр құдіретінің дұниеге келуі. Ендеше, озбырдың озбыр екенін, ақтың қара емес екенін даусын шығарып айтқанды үстемдік құрығын қолына мықтап ұстап тұрған күштілер тобы кешіре алмайды. Өйткені ақын олардың шындығының сиқын айна алдында тұрғандай әшкерелеп, жария етеді ғой! Неруда сол үшін де өз елінен қуылып, бөтен ел, өзге жерді паналауға да мәжбүр болды. «Бүкілхалықтық ән» атты поэмасын ақын сол кезде жазған еді. Сонда:

«Қарап тұрдым ғасырыма,
бос жіберген жауыздықтың жүгенін.
Әлде жаным ашыды ма,
әлде менің айныды ма жүрегім —
Біле алмадым ол жерін,
Мынау менің көргенім:
Сайгон жерін араладым,
Мадрас пен Кандида да болғанмын.
Мұхиттарды жағаладым,
Кездім ішін джунглидей орманның.
Бангкокта таңдандым,
Тас маскалы биші қызды көргенде.
Өзендерден іздеп күндік талғамын,
Мыңдап жүрген қайыршылар сор кеуде.
Өзен ассаң, алдыңда
Жер жатады сүйреткендей теріні.
Қара халық зар мұнда
қара нанға. Өшкен елдің сенімі.
Қолбасшы да, мырза да
тұрады аппақ әсемделген сарайда.
Берер екен кім жаза,
Бұл өмірге қайғы салған талайға.
Соларда екен жауыздық пен бар былық.
Ал халықты жылатқан,
Өз байлығын өздеріне зар қылып.
Европалық ақ адам,
Мұнай қуған америка байлары.
Қаңғып келіп қаладан,
Біреулердің жерін таптап, жайлады».

Сол үшін де Неруда азапты өткелдерді кешіп, жапа шекті. Бір ғана мысал. Пабло Неруданың халық арасындағы беделін пайдаланған чилилік саяси қайраткерсымақ Гонсалес Видела 1946 жылы Чили республикасының президенті болып сайланды, қолына билік тигенше жанашыр да, қамқор да, халық қамын ойлайтын парасатты да болып көріне білген Видела президент креслосына отырысымен-ақ баяғыдан жасырып келген зұлымдығының пердесін бірден ашып, Неруда бастаған талантты адамдарды қудалап, оларды халықтың мәдени, саяси өмірінен біржола аластау саясатын жүргізді. Чили халқының мүддесі мен мұңын өз қара басы мен сыбайластарының жайлы тұрмысы жағдайынан биік қоя алатын шынайы азаматтар қоғамдағы лайықты орнын алу түгілі, өмір сүрудің өзіне мұқтаж болды. Билікті топтың қашан да, қайда да құлқы ұқсас болып келеді. Міне, осы жылдары өз топырағында күн көре алмай, басқа елдерді паналауға мәжбүр болған Неруда өзіне дүниежүзілік ақындық даңқын әкелген «Бүкілхалықтық ән» шығармасын жазды.

Озбырлық күш иелері аз күндік биліктің қаруымен адам бойындағы алапат қуатты талантты, өз таланттарына деген халықтың махаббатын құрта да, қырқа алмайтындарын ұғуға даналығы жетпеді.

«Айтыңдаршы, адамдар,
Қала, дала, қамал да —
Бәрі тұнса ажалға,
Бұған қандай амал бар?
Тістену бар, ыза бар,
Жүректер бар қан тамған,
Армандар бар жалтарған,
Жігіттер бар бейне бір
жараланған қарт арлан.
Не істеу керек —
азу тістер қайралып,
Қолдар артқа байланып,
Шаңдақ жолдың бойында.
Бұғау түсіп мойынға,
Қарай да алмай айналып,
Өңшең маңғаз жігіттер,
Бара жатса айдалып?»

Міне, ұлы ақын сол жылдары Чили халқының сорына өкімет басына келген топтың саясатына осылайша лағынет айтады. Бұл — жұртын, жерін жауларымен қосыла сойылға жыққан азаматсымақтардың іс-қимылын көріп ыза кернеген жүрек айқайы.

Қашаннан тарихқа аян қағида бар. Адамзаттың асыл арманы — бостандық пен еркіндікті, теңдік пен шынайы бауырмалдықты жүзеге асыруға талпынған игі ниетті жандардың жолын қаптаған құрттай қара күштер легі бөгейді. Міне, Пабло Нерудадай үлкен талант иесінің асыл арманын Тынық мұхиттың толқындарында күлталқаны шыққан корабльдей қиратып, оның жараланған жүрегін сынға салған да сол қара күштер болатын. Неруда жеке басының рақаты мен жан тыныштығын көздеген жоқ — оның ақындық даңқы Латын Америкасын шарлай бастаған болатын — оның жүрегі мен миына тыныштық бермеген мынау жайлар еді:

«Азаматы Чилидің,
Қатал жердің ұлдары,
Өзіне еркін тимей туған құндағы,
Дауылдар мен қоқыстарға көміліп,
Өмір кешіп жүр бәрі.
Вальпараисо,
Кедейліктен жараланған сәбиің,
Ойрандалған әр үйің —
Бәрін-бәрін көрген сайын соламын,
Жүрегімді оқ тескендей боламын.
Мен қайғырам сен үшін,
Халқым үшін, сосын мен
Америка деген мына ел үшін.
Жатыр бәрі сүйегіңді кеміріп,
Құтырған ит секілді олар еліріп.
Туған жерім, Чили ару тұлғалы,
Жаралады сені жаттың тырнағы.
Сенің аппақ пәк кеудеңді аяусыз,
Қаңғып келген аш төбеттер былғады».

Бірақ Чилидің билікті тобы Неруданың «ақын еместігін» қаншама дәлелдесе де, оның бойынан ылғи да өзіне, абыройы мен арына дақ түсірер қателіктер іздеп жанталасса да, Паблоның құдіретті поэзиясы оның еңбекші халық алдындағы беделін одан сайын көтеріп, қара күштердің қолдарындағы отты қарумен, аз ғана күндік билікпен көмкерілген адамгершілік жұтаңдығын, моральдық бейшаралығын, жауыздық атаулының рухани әлсіздігін одан сайын айқын дәлелдей түсті.

Өз елінің бірінші таланты бола тұрып саяси террормен тізгінделген Отанымен айырылысуға мәжбүр болған Пабло Неруданың өр кеудесін, болат білегін, отты жігерін жауыздық шынжыры қаншалық құрсауласа да, оның өр басын ешқандай озбыр да топас басшы өзінің алдында ие алған жоқ. Өйткені Неруда дәурені өтпелі саяси конъюктураға бейімделіп, өкімет басшыларымен ауыз жаласып өмір кешуді уақытша қуғындықтың азабына айырбастады. Сонда оның өзіне де, мұң мен үміт жуған поэзиясына да қуат берген — коммунистер бастаған ұлы күштің болашақ жеңісіне деген сенім еді. Ол аз күндік мансап пен жалған даңқ, билікті басшыларға жағынып алар атақ-абырой жайлы емес, бейнет кешкен өз халқының адалдығын, қала берді адамзат тарихының алдындағы суреткерлік жауапкершілік жайлы толғанды. Аз күндік абыройдың үлдесі мен бүлдесіне оранудан бас тартуы ғана — ақынды өз поэзиясының шырқау биігінен түсірмеді.

«Мен ойлаймын:
екеумізді махаббатпен табыстырған бұл заман,
әділетті қиянатпен алыстырған бұл заман
кетеді өтіп. Басқа көктем, басқа дәурен келеді,
басқалар гүл тереді.
Сонда мынау үкіметтің
менменсіген басшылары бүгінгі,
өздерінше данышпансып, әккі болған жырынды;
саудаменен өрлегендер жылы үйлі —
бәрі, бәрі құриды!»

Неруданың өз мүдделері жолында адалдық пен ардан аттаған жексұрын жауларды жербауырлата сұлататын автоматтың оғындай, әлсін-әлсін атқылап жатқан жанартаудың күшіндей құштарлық пен мұхит толқынындай сезімге толы өлеңдері географиялық шеңберлерден шығып, шын мәніндегі бүкіладамзаттық гимнге айналды.

«Жауыздық көп жерде әлі,
Жатыр адал гректер дарға асылып,
Жалын жерін тұр тағы қан жасырып.
Чилидегі басшылар ардан безіп,
Отыр бүгін жазықсыз жандарды езіп».

Жер бетіндегі өкіметтер мен биліктердің өтпелілігі секілді, жауыздықтың салтанат құрған дәуірі де бастығырылған қорқынышты түске ұқсастығын Чили коммунистері бастаған революцияның жеңісі дәлелдеді.

Туған жеріне, туған халқына қайта оралған Неруда Чилидің талантты ұлдары Сальвадор Альенде, Луис Корваланмен бірге республиканың революциялық жеңістерін нығайтуды қолға алды. «Чили революциясының гимндері» топтамасын сол кезде жазған еді.

«Енді ешқайда кетпеймін мен, қимасым,
тек өзіңмен бірге болам,
жанарыңның тый жасын!
Чили үшін, өзім туған жер үшін,
қансыраған ел үшін
тістенумен қыршын кеткен жандардың
алынбаған кегі үшін,
достар үшін жанын қияр мен үшін,
өр теңіздің жағасында еркін атар таң үшін,
бостандықтың жолындағы ақтарылған қан үшін,
Менменсіген топас жандар таптаған
азаматтың ары үшін,
сен болмасаң ортаятын бақыт үшін мендегі,
тірлік үшін мынау қара жердегі,
мен осында өзіңменен қаламын!
Ер соңымнан, қарағым!» —

деп, өз поэзиясын туған мәдениет пен әдебиеттің иісі мұрындарына бармайтын, қолдарына билік алып, халықтың арлысы мен адалын таптауға, жеке бастарының тоқ тірлігі үшін туған ұлттың қасиетті де қастерлісінің бәрін темір табандарымен жаныштап өтуге әзір Чилидің реакцияшыл топтарына қарсы қару етіп жұмсады. Шын өнер қашан да осылай ғұмыр кешеді. Жайлы тұрмысын, қарақан басының қоңыржай тірлігін осылай сарп етеді.

Адамзат тарихында өзін Коммунистік партиямен тығыз байланысты сезінген, коммунистердің күрескерлігі мен адалдығын өз творчествосына алмас тінді арқау еткен ақын болса, ол — Пабло Неруда.

Өзінің кішкене жеріне, азғана халқына деген елжіреген жүрек сезімі арқылы бүкіл адамзаттың шемендей қатқан мұңы мен көз жасын сезіне білген ақын болса, ол — Пабло Неруда.

Пролетариаттың жаны мен қанын бойына сіңіріп, адалдық пен бостандықтың туын мұрат еткен данышпан Лениннің революцияшыл Отанына, совет халқының жеңісіне шалғай материктерден қол соғып қуанған ақын болса, ол — Пабло Неруда.

Өз халқының адал перзенті, оның бейнетті өмірін жеңілдету үшін жанымен, жүрекжарды жырымен күрескен патриоты бола тұра, Пабло Неруда сол сезімі арқылы бүкіл жер жүзінің береке-бірлігін ойлап, әлемдегі оқиғалардың бәріне өз ошағының басына төнген қауіптей алаңдады.

Оның неміс басқыншыларына қарсы бір адамның жұдырығындай түйіліп, бостандығын қорғап қалу үшін тарихқа аңыз болар бірлікпен күрескен совет халқына деген махаббаты, махаббатты жырлары әлем халықтарына аян. «Сталинградқа деген махаббат әні», «Қызыл Армияның Пруссия қақпасына енуі құрметіне жазылған ән», «Ленин туралы ода» атты шығармалары, жалпы бүкіл творчествосы Неруданың көп ұлтты совет мемлекетіне деген сүйіспеншілігі мен тілеулес көңілін кімге де болса сезіндіреді, сезінуге мәжбүр етеді.

«Тыңдаңыздар, Күн, әлем,
Бір жаңалық айтам бүгін мына мен:
мұндай шаттық кеудеге енді сыя ма,
қанат байлап ұшсам ба екен қияға —
ер айбынды біздің Қызыл Армия,
(иә, иә, ол біздікі, халықтікі, Жердікі!)
жетті Пруссияға!..»

Пабло Неруда творчествосындағы, жалпы адамзаттың әдебиет мұрасы тарихындағы шынайы, жалған ұрансыз, жасанды жақсы көрусіз жазылған шығармалардың бірі — «Ленин туралы ода». Бұл шығарманы Чили ақыны Ұлы Октябрь революциясының қырық жылдық мерекесі құрметіне жазған. «Ленин туралы одада» XX ғасырдың айбынды күрескер ақыны тарихтың түнегінен адамзатты бір жарық сәулеге — революциялық күрес сәулесіне бастаған орыс халқының кемеңгер ұлы Владимир Ульяновтың пролетариат көсемі ретінде адамдық бейнесін жыр мәрмәрімен мүсіндеп қана қоймайды, жер бетінде әр кезеңде халықтар тағдырын шешетін қоғам қайраткерлеріне, елдің көсемі дәрежесіне көтерілген азаматтарға адамдар мен халықтар мүддесін қорғауда қандай Адам болуы керектігін Ленин образы арқылы үлгі етіп ұсынады.

«Ленин!
Мәңгі қалар ісің үшін,
Ілімің мен күшің үшін, —
Мың алғыс!
Бейбітшілік үшін күрес жолында,
Ұмытылмас ұрыс үшін,
Сенің солдаттарыңның ұлы ісі үшін,
Ленинград — құрыштай қалаң үшін,
Тың аталған бидайлы далаң үшін,
Кеудемдегі сен жаққан сенім үшін,
Өзің берген үміттің келуі үшін,
Ленин!
Алғыс саған,
Мың-мың алғыс!» —
деп түйіндейді ақын өз шығармасын.

Адам баласының өмірі кейде балалардың ойын алаңына ұқсайды. Жеңістер мен жеңілістер алма-кезек қайталанып жатады, адамдар дүниеден өтіп жатады. Жаңа ұрпақ өседі. Тек халықтың шынайы өнері ғана мәңгілік ірге тасын барған сайын қалыңдатып, кек пен күресте қайнаған кірпіштерін өрнектей, өркендей түседі. Міне, Чилидегі халық республикасының революциясы қайтадан күйреп, елдің еркіндігін өз басының мүддесіне шімірікпей айырбастаған хунтаның қолына көшті. Сальвадор Альенде құрбан болды. Халықтың талантты ұлдары қайтадан қуғын-қудалауға ұшырады. Елден бірлік кетіп, халық басына қара түнекті күндер қайта туды. Ел азаматтарының бірлігі ашыған айрандай іри бастады. Мұндай жағдайда халық тұтастықтан айырылып, топ-тобырлар етек алады. Ел арасында адамның адамға сенімсіздігі тұтанады. Ал үстемдік құрған топқа керегінің өзі де осы. Халық тұтастықтан айырылса, оның ұлттық бірлігі мен болмысына да кауіп туады. Мұндай кезең, әсіресе шынайы таланттар үшін қасірет. Өйткені олар талан-таражға түскен халық мүддесін елден бұрын ойлайды. Қашан да қара күштің жандайшаптары көп, биліктің қаруы мен амал-айласы мол. Елдегі бұл жағдай Пабло Неруданың өмір бойы адамдардың топастығы мен озбырлығынан жараланып, запы болған алып жүрегіне соңғы рет еңсесін енді көтертпес соққы болып тиді. Бүкіл дүние жүзіне даңқы кетіп, жалын мен қайғы тұнған жырларын әр ұлттың ұл-қыздары қайталап жүргеніне қарамастан, халықаралық Лениндік сыйлықтың, Нобель сыйлығының лауреаты болғанына қарамастан, «Пабло Неруда суреткер емес» деп қолдарына ту алып, ұрандаған чилилік озбыр топтар өздерінің бұл лаңымен Чили халқын ғана емес, адамзат баласын ұлы суреткерлерінің бірінен күнінен бұрын айыруға мәжбүр етуден тайынбады.

Сол жылы ауру Неруда өзінің «Мойындаймын: мен өмір сүрдім» атты мемуарлық кітабын жазды. Сонда ол:

«Менің Коммунистік партияға кіргеніме де біраз жылдар өтіпті. Ризамын. Коммунистер — тату семья. Олардың терілері — көн, жүректері шыңдалған... Бәрі коммунистерге тіс қайрайды... Түрлі-түсті жексұрын қылмыскерлер, монархистер жасасын... Мылжың пәлсафа жасасын... Әркімге бір ауыз салатын қабаған иттер жасасын... Көткеншектеп жүретін шаяндар жасасын... Жасанды данышпандық жасасын... Башпайларының идеологиялық кірін жарты ғасыр бойы жумаған консерваторлар жасасын... Коммунистерден басқаның бәрі жасасын... Газеттердің бәрі шыға берсін... Коммунистерден басқаның бәрін бассын...

Бізде еркіндік бар. Шет-шегі жоқ еркіндік. Олар мұны мойындағысы келмейді. Оның не екенін ол бейшаралар ұғына да алмайды», — деп жазды.

Бұл — Пабло Неруданың соңғы жазбаларының бір үзіндісі. Осының өзінен-ақ данышпан ақынның коммунистік сенім күші, хунта озбырлығына деген жиіркеніші мен сарказмы айқын көрінеді.

Қолына билік тиген озбыр топ Пабло Неруда, Луис Корвалан секілді талантты ұлдарды қуғынға ұшыратуы, азаптауы арқылы Чили халқының мәдениетін сойылға жықты. Бірақ олар өздерінің адамзат тарихы алдында әділет жазасын тартарын ойлағысы келмеді.
Осылай қимылдамаса, ол озбырлық болар ма еді! Пушкиндердің жүрегіне оқ атып, Махамбеттердің басын шаппаса, Нерудалардың жанын шырқыратпаса, ол жауыздық атанар ма еді.

Тек олар мұндай қимыл әрекеттер арқылы өнер құдіреті дарыған алып жүректің соғуын тоқтатқанмен, оның балапандай шырылдап ұшқан рухы — адамдарға қуат пен тіршілік нәрін берер жырларының жүрегін тоқтата алмайтынын, туған халқының, бүкіл прогресшіл адамзаттың тума талантты ақынға деген махаббатын ешқандай озбырлықтың қара күші өшіре алмайтынын ұғына алмағаны аянышты.

Чили халқының жалынды патриот азаматы, жырлары дауылдармен ғана өлшенер XX ғысырдьщ ақыны Пабло Неруданың туғанына 80 жыл толуын бүкіл дүние жүзі халықтарының өз мәдениетінің, өз әдебиетінің салтанатындай мерекелеп атап өтуі талант құдіретінің мәңгілігін тағы да бір паш еткендей.

Совет халқының талантты жазушысы, Пабло Нерудамен өле-өлгенше қимас дос боп өткен Илья Эренбург Чили ақынына халықаралық Лениндік сыйлық берілген күні совет радиосынан сөйлеген сөзінде:

«Пабло, мен сені біздің халқымыздың, бүкіл халықтардың саған деген махаббатымен құттықтаймын!» деген еді. Сол махаббат күші жыл сайын жаңғырығып, «бүкіл Жерге жұлдыз болып жарқырап», жарығын дүниеге шаша түсуде. Өзінің партиясымен, халқымен кірігіп кеткен ұлы өнер иесі ғана осылай мәңгі жарқырай алады. Оған ақынның «Менің партияма» атты шағын өлеңі көріпкелдің куәсіндей дәлел.

«Танымайтын жандарды туысқан қып жібердің,
Қайнар көзін сен бердің қайрат пенен жігердің.
Отанымды қайтардың быт-шыт болған кезімде,
Бостандық деп талпынтқан бөледің бір сезімге.
Мейірім мен махаббат отын жақтың жаныма,
Сен үйреттің ешқашан дақ салмауды арыма.
Жауыздықтың, бірліктің түсіндірдің не екенін,
Адалдық пен адамдық сен көрсеттің мекенін.
Алып келдің сен мені шындық атты аралға,
Халық деген — үйреттің — тірек барын адамда.
Жау болуды үйреттің зұлымдыққа, зорлыққа,
Мақсат үшін күресте болатынын қорлық та.
Жалын бердің сен маған, жанам, енді сөнбеймін,
Бұл өмірде сен барда, мен ешқашан өлмеймін!»

Жұдырықтай жүрегінде жұмыр жер шыр айналып, адал жанды адамзат атаулының бәрі отандасы болған ақынның әр жүрекке ұя салған жырлары әділет пен адалдықтың туындай желбіреуде.

Шын суреткердің шынайы ғұмыры қашан да осылай жалғасады.

1984


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз