Өлең, жыр, ақындар

Өлең – өмірім

Сыншы Әлия БӨПЕЖАНОВАМЕН әңгіме

— Әдебиеттің қай жанрында болсын, үлкен ойды үлкен формаларда ғана құлашты кеңге жайып айтуға болатыны — шындық. Дегенмен поэзияны алсақ, лирика да уақыт тудырған негізгі қоғамдық-әлеуметтік проблемалардан шет қалып көрген емес. Әдебиет тарихына жүгінсек, бұған Вийон, Некрасов, Маяковский, төл әдебиетімізде Абай, Махамбет творчестволары дәлел. Ойлы лирикада синтездік сипат қашан да басым. Осы түста ақынның азаматтық бітім-болмысы, әдебиеттің міндет-мұраты туралы әңгіме туындайды...

— Поэзия — жан-күйінің құбылыс көрсеткіші. Өз басым поэзияда сезім мен ой тең түсіп жату керек деп ұғынам; сезім басымдау болып жатса, тіптен құба-құп. Ал ақпа-төкпе сезім жастыққа тән. Осыдан келіп, лирика дегеніміз — жастық дер едім. Егер өлеңде ой маржанына өрілген мөлдір сезім төгіліп жатса, оқырман үшін оның авторы кәрі ме, жас па — мәні шамалы. Ақынның 40 не 70 жасында да жиырма бестегі сезіммен жыр жазуы өте сирек құбылыс; ол — үлкен талант иесінің еншісі. Бұл орайда мен бүгінгі таңда ағыл-тегіл серпінді сезімге толы Әбділда аға Тәжібаевтың жырларын айтар едім. Ақындық құдірет деген де осы.

Кең көлемдегі үлкен ой да, әрине, адамның жан күйінен туады. Бірақ бұл — көбінесе тәжірибенің, өмірден көріп білгені молдықтың нәтижесі. Қоғамдық-әлеуметтік проблемалар барлық жастағы адамдарды толғандырады. Сондықтан лириканың өз еншісі, үлкен жанрдың өзі еншісі болса керек.

Әдебиет тарихында өздерінің алдына қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді қойған ақындар бар. Әдейі қойған. Мәселен, Некрасов, Маяковский, қазақ топырағында Абай, Махамбет. Бұл — лириканың үлгісі. Өйткені поэзия жан күйі мен ақыл-ойдың ұштасуынан туады, Мұндай ақындардың көпшілігі реалистік үлкен поэмалар жаза алды.

Бұған қарамастан, мен поэзияда лириканы қатты бағалаймын, биік қоямын. Лирика — поззияның өзегі. Үлкен жанр — поэмада ма, шағын өлеңде ме — поэзияға тән лиризм болмаса, ол жыр туындысы емес. Ақынның қоғамдық әлеуметтік бет-бейнесі оның үлкен-үлкен поэмаларымен ғана сипатталмайды. Ақындық тұлға оның жалпы творчествосынан көрінеді — мейлі ол лирикалық өлеңдерден тұра ма, поэмалардан тұра ма — бәрібір.

Лирикалық шағын өлеңнің (тіпті махаббат, көңіл күй тақырыбындағы болсын) өзінен ақындық сезім биіктігі, дүниеге көзқарасы, ой-парасаты көрінуге тиіс. Ал бұлардың бәрі сайып келгенде, ақынның азаматтық үні, ақындық тұлғасының көрінісі.

— Творчестволық процесте әсерлеп туатын лирикалық өлеңдер болады. Әсер ақын жүрегінен өтіп барып белгілі бір мән тудыратыны бар. «Ақын — әлемнің жүйке тамыры», әлемнің қай түкпіріндегі болмасын оқиғалар нағыз ақынның, айталық, Чилиде өткен немесе бүгінгі Ливандағы оқиғалар (өлең жазатынның бәрі де ақын атын алып жүргендіктен «нағыз» деген анықтаманы қосып айтуға мәжбүрміз) өз басынан өткендей әсер етеді деу абстрактылы пікір емес пе?

— Поэтикалық шығарма әсерден туады дер едім. Қандай да болсын, сыртқы дүниенің, кұбылыстың ақын сезіміне, жан дүниесіне әсері арқылы сезім соқтығыстары басталады, ой туындайды. Бұл, әрине, әсердің бәрі сол күйінде өлең болып түсе қалады деген сөз емес. Әсер — әншейін ақын сезіміне түрткі беретін сырттай құбылыс қана. Оны ақын дүниесі қалай қорытады, сезім елегінен өткізгенде қандай ой туындайды — ол басқа. Әлемнің пәлендей бұрышында өтіп жатқан оқиғаға үн қосам деп бірдеңе жазғанмен, ол жалпылама болып шығады да, ешкімнің жан дүниесін селт еткізбейді.

Өтіп жатқан оқиғаға ақынның тікелей қатысы болуы керек — яғни, ішкі дүниесіндегі бір ноталармен үндесіп жатпаса, шынында да жақсы дүние тумайды. Оның үстіне, барлық мәселенің түйіні талант құдіретіне байланысты ғой. Мәселен, Сергей Есениннің «Парсы әуендері» атты атақты топтамасы Кавказға барған әсерінен туған.

Қалай болғанда да ақынның өз жүрегінен өтпеген, сезінбеген, сезбеген жайлары поэзиясына арқау болса, абстракцияға ұрынады. Егер ақын шын мәнінде әлемнің жүйке тамыры болса, ол өзінің бір ғана шығармасына көп оқиғаны, ойды сыйғыза алады, «Жүйке тамыры» екенмін деп, талай құлақтың құрышы қанған сюжеттерден бесіктегі сәбиден бастап, еңкейген кәріге дейін түсінікті болу үшін арзан философиялы өлеңге ұрыну — шын суреткердің қасиеті емес. Жалпы, әр ақында екі жол болады деп ойлаймын: біріншісі, сен шын ақын болсаң ешқандай лақапқа, дақпыртқа көңіл бөлмей, қиындықтың бәріне төтеп беріп (творчествода сайрап жатқан айдау жол болмайтыны белгілі), аяғына дейін төзесің; сөйтіп кәсіпшіліктің талғамын тәрбиелейсің, елдің ой-ұғымын жоғары көтересің, нағыз өнердің құдіреті осы деп білем; ал екіншісі — оңай даңқ деп құрметтің жолын мақсат тұтып, «аспанда сұңқар самғап барады, жерде жылан жылжып барады, анау сұңқардай бол» деген сияқты, аузын ашса көмекейі көрінетін арзан пәлсафамен баршаға түсінікті болып, өткінші лақаптың патшасына айналу. Бұл — уақыт желі ұшырып кететін өткінші нәрсе.

— Ақының поэзиядағы жаңашылдық деңгейі жаңа тұлғаны, жаңа адамды бейнелей алуымен де біршама өлшенсе керек. Сіздің жырларыңыздан бүгінгі замандас әйелдің болмысы танылады. Әйелдің заманға сай болуы, өр мінезділігі төңірегінде сөз қозғасаңыз.

— Жаңашылдық туралы ұғым, менің түсінігімде, өте күрделі мәселе. Өз басым жаңашылдық туралы сөз ете қалсам немесе ойласам, Махамбет пен Абай сияқты қазақтың поэзия топырағындағы тұлғалар бірден есіме түседі. Жаңашылдық деген — аспаннан аяғы салбырап түсетін бірдеңе емес, ол заңды жалғас, ай тақырда қылтанақ өспейтіні сияқты, алдында халық әдебиетінің керемет үлгілері болмаса, ешқандай жаңашылдық жайлы пікір айту, «анау жаңашыл, мынау жаңашыл емес» деу — күлкілі. Үлкен тұлғалардың, әдебиеттегі классиктердің алдында бас ию кейде бізді дәрменсіз етеді. Замандасымыздың рухани жоғары талғамы мен жан күйі және классикаға арқа тіреу — белгілі уақыт өтпейінше, өзіміз өз дәрежесінде бағалай алмайтын біздің жаңашылдығымыздың кепілі осы екеуі. Творчестводағы жаңашылдықты көру, бағалау үшін міндетті түрде уақыт елегі қажет. Жаңашылдық деген ұғымды кейде біз бір жақты түсінеміз, түсіндіреміз. Оны тек түрден іздеп, көретініміз бар. Шын мәнінде жаңашылдық тұтас творчествода болу керек: дүниені өзінше тану, адамның сезім құбылысына, жан дүниесіне өзінше ене білу, т. б.

Ақын — тұлға, оны «әйелдердің жыршысы» немесе «ерлердің жыршысы» деп бөліп-жару — ағаттық. Суреткер өз заманының, замандастарының бейнесін шығармаларында қалдырмаса, өз дәуірі туралы өз сөзін, пікірін айта алмаса, ол суреткер болмағаны.

Әйел мен ер бір-біріне қарама-қарсы қойылатын өлеңдер көп ұшырасады. Шынында бұлар — бірі-бірін толықтыратын, сүйтіп табиғаттың сұлу ансамблін жасайтын екі әлем.

Біздің бүгінгі әйелдер ерлермен қатар түрады, тіпті кей жағдайда ерлерге қарағанда, рухани деңгейі биік, әр мәселеде жауапкершілікті сезінгіш, сезімтал. Сондықтан мен әйелдерді биік қоямын. Мен мұны аспанға қарап айтып отырғаным жоқ — түсінігі мол, рухани толыққанды әйелдермен де, ер адамдармен де кездестім; олардың қай-қайсысы да өз дәуірінің тынысын, жүрек лүпілін жақсы түсінетін, өз әлеміндегі суреткерлер.

Заманға сай болу деген ұғым — адамның қайта тууы, басқаша жаратылуы емес, уақыттың алдындағы өз жауапкершілігін сезіну, уақытпен жағаласа жүріп адамзатқа қызмет ету,

Табиғаттың тіршілік нәрі — су. Ол ғасырлар бойы тұма бұлақ күйінде, алып теңіз түрінде, ғаламат электр станцияларына қуат берер алапат күш иесі ретінде — сан түрлі жағдайда адамзат мүддесіне қызмет етіп келеді. Қандай кезең, қай түрде болмасын ол өзінің суға ғана тән қасиеттерін жоғалтқан емес. Тіршілік анасы — әйелді де сол сумен теңестіруге болар еді. Уақыттың міндеті, заман, қоғам алдындағы жауапкершілік өз алдына, әйел өзінің табиғатында әйелдік қадір-қасиетімен қалуы керек деп түсінемін. Әйтпесе әлемдегі әдеміліктен, нәзіктіктен мән кетер еді.

— Ақындарды «әйелдер жыршысы», не «ерлер жыршысы» деп ешкім де бөлмейді ғой. Сіз кейде естіліп қалатын «әйелдер әйелдерше нәзік жырлар жазу ксрек» деген пікірлерді тілге тиек етіп отырған болуыңыз керек. Ертеректе «Жұлдыз» журналында жарияланған «Талант табиғаты біреу» атты мақалаңызда да осы пікірлерге қарсы дәлелді жауаптар айтқан едіңіз. Негізінен, «поэтесса» сөзіне қарсы жазған едіңіз. Бірақ бұл сөзге лайық жазғыштар да бар емес пе? Әңгімемізге қайта оралсақ, Сіз өз творчествоңызда халқымыздың өнерпаз, биік тұлға қыздарының тағдырын да арқау етіп келесіз (мәселен, Сара, Дина, Майра, т. б.) Талант пен уақыт үйлесімі туралы ойларыңыз?..

— Шынымды айтсам, мен жалпы әйел тағдырының жүгі көбірек, қиынырақ дер едім. Ал нағыз өнердің шытырман жолы, тіпті суреткерлік табиғат әйелге бұйырса, ол екі есе қиын. Тағдыры өнермен байланысты әйел жайлы көбірек ойланатыным да, мүмкін, сондықтан болар. Қазақ әйелінің бойындағы адам таңғаларлық ғажайып қасиеттер кім-кімді де табындырады деп ойлаймын. Мысалы, тұрақтылық, моральдық беріктік, нәзіктікпен ұштасып жататын асқақтық пен ақыл-қайрат — осының бәрі қазақ әйелінің басынан қай кезде де табылады. Ал заманның қаталдығына, қыз жолының жіңішкелігіне қарамастан, қазақ қызының қабілетін, өнерін халыққа таныта білген Сара, Майра, Диналарға гимн жазса да артық болмас еді. Осыларды ойға ала отырып, қазіргі дәуірімізде өнер шам-шырақтары болып жүрген Ғазиза, Бибігүлдердің бақытты тағдырынан творчество адамы үшін творчестводағы тәуелсіздік, қоғам мен адам мүддесі ұштасқанда ғана творчестволық, өсу, өрлеу мүмкіндігін көресің.

Мен өмірде өздерінің үлкен өнер адамдары екендіктерін, бойларындағы талантын сезбейтін қазақ әйелдерін көп кездестірдім. Мәселен, балаларын тәрбиелеп өсірген аналардың арасында, ауылда өз бетінше кілем тоқитын, киім тігетін әйелдердің бірсыпырасы, тамақты баппен пісіретін адамдар шын өнер иелері екенін өздері байқамайды. Бала тәрбиелеп өсіру де — үлкен өнер. Мұндай адамдар — табиғатынан жоғары дәрежеде жарасым-үйлесім тапқан тұлғалар.

Алайда өмірде саналы түрде өнерге беріліп, шығармалар туғызатын тұлғалар болады. Олардың табиғаты алдыңғылардан басқашалау. Адам дүниедегі, уақыттағы үйлесімсіздіктерді, жарастық бұзылуын көреді де, соның орнын толтыру үшін — жаратылыстағы жетіспейтін жарастықты жетілдіру, сүйтіп басқалардың жанына үйлесім сұлулығын беру үшін қызмет етеді.

— Сіз айтқан ой, тарата келгенде, адам бақыты үшін күрес деген күрделі ұғымға тіреледі. Мысалы, ақын тіпті жеке бастың жайларын жырлай отырып қоғамдық мүдделі ойларды айтады, көпке ортақ сезімді жырлайды. Алайда күнделікті күйбең тірліктің, қара бастың «қамы» үшін арпалыстан туған өлеңдер көбейіп бара жатқан жоқ па? Жалпы адам бойындағы, дәлірек айтсақ, творчество адамы бойындағы рухани тоқыраудың, пендешілік майдалықтың түп-төркінін қайдан іздеген жөн?

«Если не трагичен, значит, не поэт» деген ұлы Пушкиннің қағидасы бар ғой. Менің ойымша, дүниені трагедиялық қабылдай алатын адам ғана қолына қалам алады. Осы бір экстремальдық жағдайда ғана дүниеде зұлым күш пен адалдық барын көресің, сонда адам бақытының не екені түсінікті болады да, сол үшін өзіңнің әлің жеткенше күресесің. Егер ақынның өлеңіндегі жеке басының күйбеңі, өз мүддесі, өз мұңы айтылған «жылауық» әуендер екі не үш оқырманның жүрегіне жол тапса, ол жеке бастың күнделікке жазылатын өлеңі болмағаны. Ақын творчествосындағы әлгіндей өлеңдерді көріп, оны рухани тоқырау деуге болмайды. Егер о бастағы от ауызды, орақ тілді ақынның жырларында күнгейден көлеңке басымырақ көріне бастаса, ол — ортаның, өмірдің салдары деп ұққан жөн. Себебі творчестволық тұлға үшін бірде-бір мотив, бірде-бір идея мәнсіз емес, оның жүрегінде жабылып қалатын құбылыс болмайды. Ақын жүрегі, ақын жаны әрдайым, әр сәтте де жыр айналған галактика тәрізді.

— Қолына қалам ұстаған жастардың біразы (әсіресе қыздар) әу баста сіздің жырларыңызға да еліктейді... Еліктеушілер кейде ақынның өзінен артық жазады деседі.

Әдебиет тарихында үлкен ақындар кездеседі. Олар бүтін дәуірдің кілті тәрізді, оларсыз поэзияның ілгері дамуы мүмкін емес. Бірақ өздері өмір сүріп жүрген кезде ешбір ақын мұндай қасиетін білген емес, білмейді.

Жас ақындар маған еліктейді деген ойдан өз басым аулақпын. Егер менің творчествомнан еліктеуге тұрар қасиеттер тауып жатса, қуанамын.

Творчестволық «қанағатсыздық», талғампаздық — бізді өсуге итермелейтін күш. Гүл дестелердің үстінде қалғып отырған ақынды елестету қиын. Өскен сайын, творчестволық биіктерге қолың жеткен сайын, өмірде көріп-сезбегендерің әлі де ұшы-қиырсыз екенін түсініңкірейсің, түсінген сайын ілгері ұмтылысың да күшейе түседі. Бұл ұмтылыс пен жүрегіңнің дүрсілі егіз екенін сезіне түсесің. Ал ақындық мінез туралы сауалға ақынның жауап беруі шарт емес шығар.

— Өткен жыл және жалпы уақыт туралы не ойлайсыз?

— Тарлан уақыт тынымсыз тіршілік толқынында тынысы тарылмастан зымырай жүйткуде, адамзат жүйріктің жалына жармасып, ілесе жүгіру үстінде. Кейде оңы мен солын, өткені мен алдыңғысын байқап-барлауға да мұршасы келмей, ентелеумен жүріп етпетінен түскенде ғана кеш те болса бір сәт ес жиятындай. Бұл — табиғат заңдылығы. Тірлігің, мерейің, ауыз жаласқан досың мен күйбең тірліктің беймаза болмысында көр-жерден көңіл қалысқан қырғи қабақ қасың, астыңдағы атың мен алшаң басқан көңілің — бәрі-бәрі мәңгі қалар болмыстай, өмірлік құбылыстай сезілмесе, адам баласының ғұмыры да мазмұн-мәнінен айрылатын шығар.

Сол баянсыз тірлікте бас-аяғыңа бір қарап, қай ағыстың бойында қалқып бара жатқаныңа көз салдыратын сәт болады. Оның бірі — жылдардан өрілген өмір-романның бір тарауындай әр жылдың басы. Өткен шағыңа ой жүгіртіп, келер шағыңның келбетімен жүздесуге асығатын, үміттің үкілі арғымағы көз алдыңда көлбеңдеп, қол созым жерде тұрғандай ілгері ұмтылдыратын ұрымтал сәтті біз бүгін де бастан кешіп отырмыз.

Адам баласының табиғаты, болмысынан қанағатқа тапшы; оны, тегі, болған сайын бола түсуге, толған сайын толықси түсуге құштарлық күші ілгері жетелейтін болса керек. Өткен жылдың бас-аяғын шолып отырсақ, өмірімізді әр түрлі оқиғаларымен байытыпты. Жалпы халық үшін әр жылдың тарихи мәні негізінен еңбекшілердің әл-ауқат, тұрмыс болмысының дәрежесімен өлшенбек. Осы тұрғыдан қарағанда да, өткен 1981 жыл ұмытылмайтын кезең болды деген пікірдемін.

Ал әдеби дүниеде де өз кезеңі үшін мәнін жоймайтын, әдебиетшілердің мүддесінен шыққан окиғалар болды. Қазақстан Жазушылар одағының кезекті съезі, СССР жазушыларының Кремльде өткен VII съезі дәл осы мәндегі әдеби жиындар деп ойлаймын.

Әрине, әдебиетті көп болып жиылып, ортақтасып, кеңесіп отырып жасамайды. Әрбір әдеби, шын мағынасындағы көркем туынды «жазушы» деп аталатын құпия дара әлемнің тыныс, толғағымен дүниеге келеді. Шыр етіп жерге түскен әр сәбидің дидары мен даусын, келбет-кескіні мен болмысын кіндік шеше де, өкіл әке де, немесе басқа толып жатқан тілеулестер мен жанашырлар да өзгертіп қайта жасай алмайтындығы тәрізді, әрбір шынайы шығарма толғамды тілектер мен талаптардан, өмірдің әр түрлі шарттылықтары, үгіттері мен үміттерінен жасалмайды; дүние кеңістігінің бар бояуы мен нәрін бойына сіңірген Жазушыдан туылады. Әрине, ол кеңістіктің жазушыны қоректендірер ауасы мен топырақ құнарлылығы деген маңызды ұғымдар бар. Владимир Ильич Ленин қоғамнан, қоғам мүддесінен тыс әдебиет болмайтындығын жайдан-жай айта салмаса керек. Бұл — жазушы дегеніміз әлгі кеңістіктің біте қайнасқан перзенті, демек оның шығармаларында ол әлемнен тыс өтетін құбылыстар болмайтындығының дәлелі. Осы ретте жоғарыда айтқан жиындар, съездер жазушы тыныс алып жүрген жалпы атмосфера үшін қажет оқиғалар.

— Сіздіңше қазіргі әдебиетімізде кесек туынды бар ма?

Әдебиеттің жетістігі күн сайын ондап, жүздеп шығып жататын кітаптардың санымен емес, сол әдебиеттің топырағында өркен жайып, адамзаттың рухани байлық қазынасының талғампаз қорына қосылатын бірегей туындының дүниеге келуінде. Ондай туынды бір халықтың әдеби ғұмырында бір рет келсе де аз болмас еді. Өткен жыл қазақ әдебиетінің шоқтығын тағы бір асуға көтерер өзгеше стиль, түр, мазмұн даралығымен, көркемдігімен оқшауланатын шын мәнінде қазақ топырағында жаңа дүние әкелген секілді. Ол — заманымыздың аса талантты жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романы. «Абай», «Қан мен тер» секілді шынайы дара шығармалар тамыр жайған топырақта мұндай кесек туындының тууы заңдылық. Әрі біздің халқымыздың бақыттылығы болса керек. Өткен жыл қазақ әдебиеті үшін несімен мәнді дегенде осы «Үркер» романының өзі-ақ қанататтанарлық жауап берердей!

— Өткен жыл сізге несімен қымбат?

— Басында айтқандай, зымыран уақыттың екпініменен тіккен адам баласының өзінің шағын әлеміне, тіршілігінің мән-мағынасына бүгін үңілуі көп ойларға жетелейді. Мен де кішкене тірлігімді барласам, өткен жыл өзінше мәнді секілді. Қазақ елінің бұрын өзім көрмеген біраз жерлерінде: атышулы Бурабай аймағы, көне Түркістан ту көтерген Шымкент облысы, Мұқағали жырлары арқылы аршалары мен шыршаларына өзім ғашық болған «Әулие шоқы» өлкесінде — болғаным мені рухани байытты деуіме тұрады. Ал рухани баю — творчество адамы үшін, сөз жоқ, басты қажеттіліктердің бірі. Италия сапарынан да алған әсерлерім бар.

Тегі, адам баласы мезгілдің тығыз екенін күш-қуаты мол, ғұмыр бітпестей көрінетін жас кезінде емес, есейе келе сезінетіндей. Сезінген сайын істейтін іс, міндет те көбейе түсе ме қалай.

Есейген сайын өмірдің, тірліктің мәніне тереңдей түскің келеді; дарияның бетінде құлаш ұрып жүрген шақтағы күй мен ойдың тереңдігіндегі тыныс алу екі басқа ғой. Творчество процесінде де ағысты сәттер, бұлқыныстарын жай көзге көрсете бермес тереңдегі шымыр толқындар болады деген ойдамын.

Айдынның бетін құлаштай жүзіп он рет жүзіп өту бір басқа да, тереңіне сүңгіп шығу бір басқа. Жан толысуынан, ой қақтығыстарынан ұрықтанған адамның болмысы, ақыл-есі, сананың өсуі деген не, ғұмырдың мәні, өлім деген не, өмір деген не — жыр кітаптарымды тезірек бітірсем деген ниеттемін.

— Творчестволық сапарлармен Қазақстанның сан аймақтарын былай қойғанда туысқан республикаларға да жиірек шығып тұрасыз. Италияға барған сапарыңыз да есімізде. Әңгімеңіздің соңында поэзияның халық өміріндегі, ұлттар достығындағы әсіресе бейбітшілік сақтау ісіне қосар үлесі жайлы бірер пікір білдірсеңіз?

— Зұлымдық пен арамдық қанына сіңіп қалған адамдар бір керемет өлеңді оқып, (немесе кітапты) адамдық мейірім мен адалдық сезімге бөлене қалмайды, әрине. Нағыз өнер, шым-шымдап арқаға бататын қызудай, бірте-бірте өз иіріміне баурайды. Дегенмен адамдардың тіл табысуы секілді күрделі процесте өнердің ролі — ең бастылардың бірі деген пікірдемін.

Творчестволық командировкалардың пайдасы да, зиянды да жақтары бар. Творчество деген, — сайып келгенде, жалғыздық; ешқандай жиын-той жақсы жыр жазып бермейді, азабы мен рақатын жалғыз қалып тартатын өзің. Сапар қанша дегенмен мезгіліңді мүжиді, онсыз да қым-қуыт көлденең шаруалары мен психологиялық жүгі мол қазіргі ғасырда ең қымбат нәрсе — уақыт пен тыным. Осы жағынан жүріс, сапарлардың зияны бар. Оған қоса, әр жерден алған әсерден жолжазба, репортажды еске түсіретін «өлең» жазу кәсіпшіліктің дерті тәрізді көрінеді.

Ал халықпен, әр түрлі тілде сөйлейтін аудиториямен бетпе-бет жүздесу — ақын үшін емтихан. Болып-толып, өз творчествосының шырынына өзі бөгіп қалмау үшін қажетті емтихан.

Өткен жылы Италияда өткен халықаралық әдеби форумға совет делегациясының бір мүшесі ретінде қатынастым. Менің бақытыма қарай, аудармашым өлеңдерімді біршама жақсы аударған болса керек — алғашқы поэзия кешінен кейін-ақ итальяндықтар көптеген сұрақтар беріп, ерекше ілтипат көрсете бастады, ұлттық теледидардан өлең оқуға шақырды.

Биыл Литва және Грузия Жазушылар одақтарының арнайы шақыруымен сол республикаларда өткен көп ұлтты совет әдебиетінің күндеріне қатыстым. Мұндайда өнерің сынға түседі, халқыңның әдебиет өкілі ретінде өзіңнің жауапкершілігіңді жаныңа тиетіндей сезініңкірейсің. Өнер түсінетіндердің шын ықыласы, ілтипаты қанаттандырады. Бұл — сапар, кездесулердің пайдалы жағы.

Ел мен елдің, адам мен адамның арасындағы қарым-қатынас, байланысты жақсартуда өнер мен әдебиет қашан да маңызы зор, пайдалы роль атқарып келді, әлі де солай бола бермек.

Мен кең байтақ еліміздің әр түкпірінен әртүрлі ұлттардың өкілдерінен көптеген хаттар аламын. Өзімді көрмеген, бірақ өлеңдерімді оқып, өз жүректерінен үндестік тапқан қарапайым адамдардың мұндай ықыласынан өз творчествоңның біреулерге қажеттігін, әйел адам үшін қиындау тағдырың мен тынымсыз тірлігің бекер еместігін сезіну қуаттандырады. Творчество адамына керегінің өзі де сол — өзіңнің қажет адам екеніңді сезіну.

1982


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз