Өлең, жыр, ақындар

Өткенді қайталау

(аударма)

СЕРГЕЙ БАРУЗДИН

роман

Мен талтүсте ұшып келіп едім. Қапелімде туған қаламды өзім танымай қалдым. Ертеңгісін Камчаткадағы Петропавловскіде қарлы боран соғып тұр еді, біз алып машинамен аэродромға әрең жетіп, одан «ұшамыз ба, ұшпаймыз ба?» — деп біраз дал болғанбыз. Енді, міне, уақыт дегенді тоғыз сағатқа басып озып, көктемнің түнін де жол бойы жоғалтып алдық, ақыры күн шуағына малынып, жасыл желекке оранған, май мерекесінің қарсаңындағы Москвадан бір-ақ шықтық.

Үйге оралу — қашан да қуаныш. Ал Москваға оралу адамға екі есе қуаныш әкеледі, өйткені біздің қаламыз өзіне бір түрлі ерекше жылылықпен баурайды. Ал қазір...

Әлі шаң басып үлгермеген жасыл шалғын, жапырақ жайған үйеңкі, түрлі-түсті жеңіл киімді әйелдер, Гагариннің портреттері мен үйлердің қабырғаларына ілінген космос корабльдері бейнеленген қызыл маталар — осының бәрі тосын әсер еткені сонша, мен басқа планетадан келген шығармын? Камчатка, Командор, Курил... жоқ, жоқ, әрине!

Дегенмен, өтіп бара жатқандардың бәрі шолақ тон мен тері малақай киіп, иығыма дорба асып алған менің еңгезердей тұрпатыма таңырқай қарасады.

Осы сәтте мені, сәл де болса, көңілдендірген арқамдағы дорбаның ішіндегі нәрсе еді. Ал оның ішінде ғажайып дүниелер жатыр: итбалықтың екі күрек тісі; үлкендігі көже құятын тәрелкедей тасбақаның қауашағы; кеше кешкісін ғана пісірілген, қып-қызыл әрі инелері біздиіп, теңіз кереметіне ұқсайтын дәу краб; Сібір мен Қиыр Шығыста ғана сатылатын жарты литр таза спирт; сым тәрізді дөңгелектеп оралған женьшен тамыры мен қазір Москвада шырақ алып іздесең де табылмайтын бірнеше балық консервілері. Алайда осының барлығы сәуір айының космостық жаңалықтарымен салыстырғанда, бір тиынға да тұрмайтындай!

Мен жедел басып келемін.

Алдымда ең қуанышты да күрделі оқиға күтіп тұр. Ол — әйелімнің жұмысына соғып, үйдің кілтін алу. Қуанышты дейтінім — түсінікті ғой: Наташаны көрмегеніме айдан асып кетті, үйге оралғаным осы. Күрделі дейтінім мен Камчаткадан келген мына түріммен әйелім жұмыс істейтін архитектуралық — жобалу институты секілді әдемі де кең, сәулетті үйге орналасқан құрметті мекеменің абыройына нұқсан келтіруім мүмкін.

Жолым болғанда, киім ілуші әйел бұл жер зат сақтайтын орын емес деп әдетінше күңкілдеп алды да, ақыры дорбам мен тонымды қабылдады-ау, әйтеуір.

Енді тезірек жоғарыға, оның өзіне жетуім ғана қалды!

Мен лифтімен көтерілдім де, таныс есікті еппен аштым.

— Келдің бе?!

Наташа қып-қызыл болып кетті де, ұп-ұзын сызғышты ебедейсіз қоя салып, есік алдына келгенде ғана шеберханада бірге отырған әріптестеріне көз тастады. Мен дәл сол сәттегі оның жүзін көре алғаным жоқ, бірақ оның сасып қап әрі өзін кінәлі адамдай сезініп тұрғанын білдім. Қуанғанда не істерін білмей қалатын оның әдеті және сондайда мына әйелдердің алдында ылғи да ыңғайсызданады. Мүмкін бәрінің алдында болмас, дегенмен, көбісінің алдында солай. Бұл әйелдерде мұндай сәттер жоқ екенін ол біледі және өзінің бақытымен оларды ренжітіп алам ба деп қорқады.

Біз дәлізге шықтық та, мен бас салып оның маңдайынан, көзінен, шашынан, ернінен, шынтағында тыртығы бар қолынан сүйе бастадым. Ол болса оқушы қыздай қызарып; бұлқынған күйі: «Айнала адамдар ғой... қарап тұр... ыңғайсыз...», — деп қысыла тағы бірдеңелерді сыбырлайды.

— Қалайсың? Риза болып қайттың ба? — деп құшағымнан әрең босанып, менің жағамды дұрыстап қойды. Оның әдеті осылай: жағамды не мойын орамалымды жөндейді, немесе ілгегімді ағытып, қайта салады — мұның не екенін тек екеуміз ғана білеміз...

«Ризамын ба?» Мен оған қайда барып, не көргенім туралы нешебір әдемі сөздермен айтып берер едім және ең соңында сол барып қайтқан жерлерге тағы да баратынымды қосар едім. Бірақ мен оған ештеңе де айтпаймын. Кейін, бір реті келгенде, айта жатармын... кейін... Ол менің бір жаққа кеткенімді жақтырмайды. Ал мен сапарға шыққанды ұнатамын. Өмірді көру, ойлау керек деген қағидадан емес.

Мен жолға шыққанды жақсы көремін. Кейін сағынып оралу үшін. Міне, осы қазіргі тәрізді! Өзім көп-көп жылдар білетін Наташамды осы қалпында тағы да көру үшін, көрген сайын оның да, өзімнің де бойымнан бұрын білмеген, сезбеген жаңа бір нәрселерді сезіну үшін кеткім келеді.

Мен оған қадала қарап тұрмын. Дәл сол бұрынғы қалпы, бұрынғы... Бір айдың ішінде ешқандай да өзгермеген. Бір айдың емес-ау, сол мен білетін көп-көп жылдардың ішінде, тіпті де, өзгерген емес. Әрине, ол бұл күнде он бес жасар қыз емес, отыз сегізге таяп қалды. Құдайым-ау, мен оны қанша жылдан білемін! Және оны қандай сүйемін десеңші!

Ол шашын да, көйлегін де талай өзгертті. Оқыды, соғыста да болды. Босанғаннан кейін тағы да оқыды. Ол ең жақын адамдарынан айрылды. «Біз» дегім келіп тұрса да, «ол» деймін. Жоқ, мен «біз» демеймін. Мен тағы да «ол» дей беремін.

Ол ылғи да осындай болған, енді бұрынғыдан да сүйкімді болып барады.

Мен оны құттықтадым.

— Оқыдың ба? — Ол менің немен құттықтап тұрғанымды білсе де таңдана қарайды. Басын шайқады. — Рақмет. Ой, сен білесің бе, қалай болғанын. Бәрі бітті деп қойғам. Кенеттен Буньков келе қалды. Әуелі сәл үнсіз тұрды, содан соң: «Қыздар! Өздерің бүгін тымсырайып үндемейсіңдер ғой!» — деп бір шампан шығарып жатыр. Сонда барып біле қойдық. Ал келесі күні «Правда»...

Мен Камчаткада жүргенімде «Правдадан» қысқа хабар оқығам, алайда өзім бұрын бәрін білетінмін: олардың жобасы барын, оны әлі туынды дегендер болғанын. Балалар бақшасы, дүкен, шаштараз, асхана, тұрмыс қажетін өтеу комбинаты мен клуб — осының бәрін бір үйге орналастырамыз дегенге, тіпті, менің өзім де күдіктенемін. «Қажет болады, ыңғайлы» деп ол отырып алып маған түсіндіретін. Бұдан бір жыл бұрын жобаны жаңа ойластырып жүргенде де, кейін үйде түнімен отырып жоба сызу үстінде де осылай дейтін. Енді мен дәл өзім жасағандай қуанып тұрмын.

— Целиноградта құрылысты сала бастады, ал келесі жылы — Москвада! — деп қояды — Тамаша емес пе, ә?!

— Ал үй қалай?

Үй дегенім — Надюша мен Люба.

— Бәрі жақсы, — дейді ол. — Надюшка мектепте, Люба балабақшада. Екеуі де сені күтіп жүр...

— Ертерек кетіп қалшы. А?

— Тырысып көрем. — Ол менің жағамды ұстады. — Шашыңа ақ кіре бастапты-ау. Ой, келгенің қандай тамаша болды! Жарайды. Кешке дейін.

Шырылдап жатқан біздің үйдің телефоны екенін баспалдақпен көтеріліп келе жатқанда-ақ біле қойдым.

— Тыңдап тұрмын, — дедім тонымды шешпестен. — Бұл кім екен? — деп сұрады әйел дауысы.

— Сізге кім керек еді?

— Надяның әкесі емессіз бе?

— Иә.

— Қызыңыз қайда?

Мен ыстықтап тұрсам да тұла бойымды бір салқындық қарып кеткендей болғанын сездім.

— Қайдасы қалай? Мектепте...

— Мектепте жоқ.

— Жоғы қалай?

— Солай, жоқ! — деп әйелдің дауысы қатқыл шықты. — Сіз қазір мектепке келе аласыз ба?

Мен тонымды қалай лақтырып тастағаным есімде жоқ, көшеден бір-ақ шықтым. Мектеп үйдің жанында — кіреберістен үш жүз метрдей болатын. Мектеп қақпасының жанында қолдарына сөмкелерін алып топырлаған бір топ баланы анадайдан байқадым.

Мүмкін, мен оларды байқамаған да болар едім, бірақ олардың өздері маған таңырқай қарап, күтіп тұр екен. Соның арасынан Надюшка шыға келгені — жанып тұрған қалпы, қызарып кетіпті, шашы да ұйпа-тұйпа.

— Папа, сенбісің? Келіп қалдың ба! — Содан соң даусын өзгерте қойды: — Ал біз сабақтан кетіп қалдық... Сені шақыртты ма?

Мен көңілім орнына түсіп, демімді алдым.

Сол сәтте менің жаныма бойы Надюшкадан сәл ұзындау бала жігіт («өзін қайдан көріп едім?») келді де, байсалды жуан дауыспен:

— Оған ұрыспаңызшы! Бәріне мен кінәлімін, — деді.

— Өте жақсы.

Мектепке қарай аяңдадым. Надюшка мен оның жанындағы балалар қақпаның қасында қалды.

Бес жасар шамасындағы балғын философ мектеп есігінің алдында мысықтың баласымен әуре боп жүр. Мені көрді де:

— Аға, сен мұның өзі туа қалған деп ойлайсың ба? Оны мамасы туды. Солай! — деп өз шешімін айтты.

Сол күні бұл оқиға жайлы үш рет естідім.

Мектеп директоры Антонина Ивановна бірінші болып айтты. Ол 8 «Б» класы оқушыларының ата-аналарымен жеке-жеке әңгімелесіп отыр екен. Мен үшінші болып кірдім. Маған дейін екі әйел кіріп шығыпты.

— Бізде бір қолайсыз оқиға болып тұрғаны, — деді Антонина Ивановна. Алғашқы сөздерінен-ақ менімен телефон арқылы сөйлескен ол емес екенін біле қойдым: — Оқу жылы аяқталып қалды. Кластағы балалардың көбі комсомолға өтуге әзірленіп жүр. Оған қоса, өткенді қайталау жүріп жатқан кез. Ал, менің байқауымша, әңгіме былай болған. Оларда төртінші, бесінші сабақ тарих пәні болатын. Оқушылардың біреуі себеп-сылтаусыз мұғалімге жаман сөздер айтып, тіл тигізіпті. Бұл төртінші сабақтың үстінде. Лидия Викто-ровна әлгі оқушыны маған жіберіпті. Мен одан класқа қайта барып мұғалімнен кешірім сұрауын талап еттім. Ол кеткен. Содан класс болып түгелдей соңғы сабаққа келмей қойыпты. Бас болып отряд советінің председателі және староста — сіздің Надяңыз да келмеген. Шереметьево аэропортына ма, бір жаққа тартып отырған. Сіздің Надяңызды және кластағы балалардың біразын мен білемін. Олардың басқаларға қалай ықпал жасай алмағанына түсіне алмаймын. Рас, — деп күлімдеді Антонина Ивановна. — Екі оқушыны класқа қалдырып кетіпті. Ол екеуі де бірге кеткісі келген екен, сендердің бұрын ескертулерің бар, енді кетсеңдер, мектептен шығарыласыңдар деп күшпен қалдырыпты. Ол екеуіне кетуге болмайтынын өздері біліп тұр. Ақымақ емес екенін көріп отырсыз, менің сізден өтінерім — Надямен сөйлесіңізші. Балалар ересек, өз дегендері болмаса, көне қоймайтын кездері ғой. Біздермен, педагогтармен, ашық әңгімеге бармаулары мүмкін. Сіздерге, ата-аналарға, айтып көрейік дегеніміз осы еді. Балалармен сөйлесіп көріңіздер. Біз, әрине, бұл оқиғаға байланысты белгілі бір шаралар аламыз. Ертең пионер линейкасын өткізгелі отырмыз. Оқушылар комитетінде де бәрімен сөйлесетін шығармыз.

Бөлмеге арықша келген, сәл еңкіштеу жас әйел кірді. Маған барлай көз тастады.

— Міне, Лидия Викторовнаның өзі де келді, — деп түсіндірді директор. — Ал, мына...

— Иә, иә, білем, маған айтқан, — деп Лидия Викторовна оның сөзін бөлді де, әлгінде ғана Антонина Ивановнадан естіген әңгімені дәл сол күйінде айтып шықты. — Жалпы, — деп қосты содан соң, — сіздің Надяңыз соңғы кезде тіптен тұйық боп кетті. Бұл әлгі Игорь деген ұзынтұраның әсері екеніне күмән келтірмеймін. Кластағы ең ересегі сол және өзінше ақылды көрінуге тырысады. Ол, тіпті, бүгін бір жақтан делегация келетінін де білген, көрдіңіз бе! Ал Надя екеуінің арасында мен айтар едім, бір қарым-қатынас бар деп, Міне...

— Ол не дегеніңіз! — Антонина Ивановна столдан тұрды. — Асырып айтудың қажеті жоқ, Лидия Викторовна. Және әділін айтсақ, Игорь...

— Мені сендірем демеңіз! Сенбеймін! — Мұғалім қайсарлана қайталады. — Сіз Игорьді қабілетті дейсіз, ал ол мен үшін бүкіл класқа, оның ішінде старостаға да жағымсыз әсер ететін, екі жыл қатарынан орнында қалған ересек бала ғана. Жасыратын түгі де жоқ...

Мен не істерге білмедім.

— Егер шындығын айтатын болсақ, — деп Лидия Викторовна сөзін жалғастырды, — он бес жасар қыз бен он жетідегі ұзынтұраның арасында, Антонина Ивановнаның тілімен айтқанда, қандай достық болатынына мен түсінбеймін.

— Папочка! Сен қалай ғана түсінбейсің! — деді Надюшка маған үйге келгесін. — Лидия Викторовнанікі тіпті де дұрыс емес. Игорь «ақымақ» деп оған айтқан жоқ. Ал Лидия Викторовна қараптан-қарап оған тиісті де, дәптерін тартып алды, өзін кластан қуып шықты. Игорь қайтып келіп кешірім сұрады, ал ол «ақымақ» деп оған айтпағанды айтты. Лидия Викторовна сонда да қоймады: әдетте «ақымақ» деп әйел адамға айтылады, сондықтан кімге айтып тұрғаныңды түсіндім деді. Игорь: «Класта әйел жынысынан жалғыз сіз емессіз ғой, неге бұлай дейсіз?» — деп еді, Лидия Викторовна: «Әрине, мен ғана! Осы жерде менен басқа әйел қайсы, көрсетші?! — деді. — Ақымақтық! Класта қыздар толып отыр ғой! Сол жерде Игорь дұрыс істемеді. Партаға отырды да: «Шынында да ақымақ!» — деді. Лидия Викторовна естіп қалып: «Шық кластан! Жылдың аяғына дейін сені сабағыма қатынастырмаймын!» — деп айқай салды. Игорь әдейі айтқан жоқ! Шын айтам! Байқаусызда аузынан шығып кетті. Соңынан бізге өзі айтты. Сабақ біткеннен кейін, қалай болғанын білмеймін, әйтеуір кластағы оқушылардың бәрі ендігәрі тарих пәніне бәріміз де қатынаспайтын боламыз деп келісті. Рас, біз, Люся екеуміз, — ол біздің отрядтың председателі — бұлай істегеніміз қалай болар екен деп ақылдасып көріп ек, балалардың бәрі: «Егер класта қалсаңдар, біз сендермен сөйлеспейтін боламыз!» — деді. Бәрі осылай деп тұрғанда, біз қайтейік. Сен қалайша түсінбейсің? Содан соң біз беталды қыдыруға кеткеніміз жоқ. Біз Шереметьевоға...

— Қандай балалар өзі?

— Қандай болушы еді, кәдімгідей-ақ...

— Сонда да олардың қайсысы?

— Мысалы, Игорь, — деді Надя, содан соң тағы қосты: — Басқаша істей алмадым, рас айтам, шыным осы.

— Игорің әлгі мұғалімді ақымақ деген бе?

— Иә... жоқ, жоқ, — деп түзетіп қойды Надюшка. — Ол мұғалімге айтқан жоқ, айттым ғой саған. Ол бізге кейін айтты.

— Ол өзі көше алмай қалған бала ма?

— Неге көше алмай қалған? Ол бізден екі жас үлкен. Бала кезінде полиомиелитпен ауырып, екі жыл оқи алмаған. Оның қолы қазір де нашар қимылдайды...

— Ал өзің бұған қалай қарайсың?

— Қалай? Ешқандай. Біз жай доспыз. Шын айтам, ол жақсы бала. Тек өте ашық. Бәрін айтып салады. Білгің келсе, газеттерде Сталинді сынап жүргенде, ол мұғалімге сұрақ қойып еді, мұғалім: «Білмеймін», — деді. «Сіз газет оқисыз ғой? Культ туралы қалай ойлайсыз?» — деп қалды Игорь. «Бұл тақырыптың сендерге қатысы жоқ!» — деді мұғалім. Содан бері Игорьді жаратпайды. Игорь да оны онша жақсы көрмейді. Сен босқа мазасызданба...

— Мен мазасызданып отырғаным жоқ.

— Жоқ, мен бұлай дейтінім... — деп жалғастырды Надюшка.— Біз тарихтан жаңа тақырып өтіп жүргеніміз жоқ. Жәй, өткенді қайталау.

— Қазір нені қайталап жүрсіңдер?

— Тарихтан ба? Қырық бірінші — қырық бесінші жылдардағы Отан соғысын.

— Қалай?

— Не қалайы бар? — Надюшка түсінбей қалды. — Немене қалай дейсің? — деп ол қорқынышпен сұрады. Шамасы, бүгінгі болған оқиғадан қобалжып отыр.

— Лидия Викторовна өткенді қайталауды қалай түсіндіреді? Мысалы, саған қызықты ма?

— Жоқ! — деді Надюшка. — Оқулықтағы секілді... Өзіміз де оқимыз. Тек сен, папочка! Мамама айтпай-ақ қойшы!.. Жарай ма?..

— Жарайды, айтпаймын, — деп уәде бердім. — Ал өткенді қайталау туралы...

1940 ЖЫЛ

Бұл Москваның тыныш көшесіндегі үй болатын. Киров қақпасының жанында тып-тыныш жердегі у-шуы мол үй еді. Білмеймін, бұл жұрт айтқандай, баяғыда, революцияға дейін, Москваның шай сататын бір байының үйі болғаны рас шығар мүмкін. Ол жағы бізді мазаламайтын. Біз басқаны білетінбіз: бұл үй төрт жылдан бері москвалық балалар мен қыздардың қол жетпес арманы болатын. Қол жетпес дейтінім, ондай үй Москвада, тіпті бүкіл елде жоқ. Және оның ішіне кіру қиынның қиыны.

Ал біз кірдік. Біз мұнда өз үйімізге келгендей келетінбіз. Көкірегімізді мақтаныш сезімі билеп, бізден бақытты жан жоқтай сезінетін едік.

— Бала, әй, бала! Тоқта!

Мен кідірдім. Коридорда бойы менен аласалау, мойнында пионер галстугы жоқ бір қыз жүгіріп келеді. Мен таңданып тұрдым: «Галстугы неге жоқ?» Пионер үйіне бәрі галстукпен келетін, әрине, ересек балалар мен үлкендерді есептемегенде.

— Кешегі «Пионеркада» басылған мынау сенің өлеңің бе?

— Иә, несі бар?

Шынында да, несі бар? Кеше «Пионеркада» өлеңім шыққаны рас. Алдыңғы жұмада да өлеңім басылған. Өткен жылы да. Оның арғы жылы да. Мен үш жылдан бері басылып жүрмін. Әйтпесе, жас тілші боламын ба?

— Жоқ, маған айтқан. Жақсы өлең. Тек сен ашуланба! — Меніңше, бір жеріндегі ұйқас нашар екен: «Көсемді» — «сондағы». Мен бірден байқадым да, айтайын дегенім еді.

Бәрі осылай басталды. Мүмкін, одан кейінірек, ол екеуміз пионерлер үйінен кездейсоқ бірге шыққанда басталды ма екен. Ол менің қайда тұратынымды сұрады, мен осы жерде тұратынымды жасырып, алыста тұрамын деп өтірік айттым. Біз бір сағаттан артық Москваны кезіп жүре бердік. Оның үйіне қарай келеміз. Содан соң оған алтыншы класта емес, сегізінші класта оқимын деп тағы өтірікті соқтым. Нешедесің деп сұрамағаны жақсы болды. Мен оған он үштемін деп бәрібір айтпаған болар едім. Жазға дейін ғана он үштемін ғой. Жазда он төртке толамын. Қалай болғанда да, жасымның кішілігі мені құртып тұр. Мектепте ештеңе емес, бірақ пионерлер үйінде де кішкентайлар, орташа және ересек жастағылар деп іріктеліп үш үйірмеден тұратын әдеби студияда да маған ең кішкентайлар үйірмесіне қатысудың сәті түскені ғой!

Мұның бәрі көктемде болған еді. Ол болса он алтыға толды. Ал күзде он жетіге шығады. Өзі тоғызыншыда оқитын. Мүмкін, маған ұнап қалғаны сондықтан болар.

Пионерлер үйінде мектепке қарағанда қызығырақ. Мен мектепте тәуір оқимын. Мысалы, осы жылы, алгебраны есептемегенде, екі тоқсанда да орташа деген баға болған жоқ. Бірақ мектептің аты — мектеп. Мен алтыншы класымды пионерлер үйіндегі жетінші бөлмеге ауыстыра салар едім.

Нағыз достар сонда. Ылғи барғың келеді де тұрады. Бізде бір кездерде Крупская мен Чкалов, содан соң папаниншылар мен Маршак, Чуковский, генерал Карбышев, авиоконструктор Микулин, Гайдар, Кассиль және Михалков болған. Ал біздің жетекшілеріміз Рувим Исаевич, Вера Ивановна және Вера Васильевнаны қарапайым мұғалімдермен салыстыруға бола ма?

Біраздан бері мені пионерлер үйі ерекше тартатын болды. Біздің әдеби үйірме өтетін жетінші бөлме ғана емес. Мен үйірме сабағы басталудан бір сағат бұрын келемін. Және жұрттың ең соңынан кетемін: кенет оны көріп қалармын? Тіпті, сабақ болмайтын күндері де келіп кетемін: мүмкін ол осында болар?

Ол изостудияға қатысады. Біздің сабақтарымыз бір күндері өтпейтін.

— Саған не болған өзі? Үйге қайтпаймыз ба? — дейді кейбір жолдастарым. Жолдастарым деймін-ау. Әдеби студиядағы — Сема, Леня, Коля, Юра және өзім іштей ғашық болып жүретін Лида.

— Түн болса ұйықтамайтының не? — деді мамам. — Дөңбекшіп шықтың ғой.

— Қане мойында, ғашық болып қалғансың ғой? — деп әзілдейді әкем.

— Жоқ, — деймін мен. — Немене, бәрің бірдей тергеп...

Өзімді өзім де танымай жүрмін. Ата-анама қатты сөз айтып, жолдастарыма сыр шашпайтын болып кеттім. Ал онымен сөйлескенде, өз-өзімнен қоқиланып, лепіріп кететінім сонша, ол бірде таңданып қалды!

— Саған не болған? Бұлай сөйлемеші, өтінемін. Маған ұнамайды.

— Сен бір түрлі бей-жай отыратын болыпсың ғой, бір нәрсеңді жоғалтып алған жоқсың ба? — деді сабақ үстінде Вера Ивановна.

— Жоқ, жоқ, ештеңе де...

Шын айтам, ештеңе жоғалтқаным жоқ, қайта таптым. Онымды ешкімге айта алмаймын.

— Сен бүгін де жаңа сабақты оқымай отырғаның не? — деп Вера Ивановна қынжылып қалды.

Бұрын мен үйірмедегілердің ең белсендісі болсам керек шамасы. Ал қазір бұрын жазғандарымды да жазбай жүрмін. Хасан көліндегі ұрыстар мен Испаниядағы оқиғалар жайлы да үндемеймін. Шпиондардың тірлігі мен шекарашылардың ерлік істері жайлы да жазбаймын. Бұрын мені Абиссиния көп қызықтырғанмен, енді ондағы соғыс туралы да үндемейтін болдым. Жануарлар мен табиғат жайы да былай қалды. Жазу түгілі үйде тірі құрбақа, үш кесіртке, кірпілер мен тышқандар бар екенін біреуге айтуға ұялатын болдым. Москва туралы, капитал елдеріндегі балаларының ауыр тұрмысы туралы да жазбаймын.

Бұлардың бәрі түк болмай қалды. Мен оқи-оқи жаттап алған «Жабайы ит Динго немесе алғашқы махаббат туралы повесті» көпшігімнің астына сақтайтын болдым.

Мен тек сол жайлы жазамын. Бұл нағыз махаббат туралы нағыз ересек өлеңдер! Пионерлер үйіндегі үйірмеде мен ол өлеңдерімді қалай оқимын!

Ал, ол тәттіні жақсы көретін. Мектептегі ертеңгілік тамақты ішуге беретін ақшаны жинап-жинап, конфет сатып алатынмын. Және біздің үйде болып көрмеген қымбат конфеттер. Әдемі қағаздарға оралған. Маросейка мен Армян бұрышындағы кондитер фабрикасынан.

Өзім конфет дегенді көргім келмейді. Ол күндері тіпті жек көріп кеттім.

Мен оны көрер-көрмесімді ешқашан білген емеспін. Конфеттер қалтамда жүріп кисельге айналып, езіліп қалатын. Содан соң, оны көре қалған күннің өзінде, жұрттың көзінше бере салмайсың ғой. Бұл да бір қиын-дық еді.

Мен оны аңдып, конфетті беретін сәтті күтемін. Содан соң...

— Мә, мынау саған, — деп сыбыр етемін де, конфеттерімді ұсынамын және сол бойда, сорыма қарай ылғи менің таныстарымның бірі келе қалады.

— Ой, мұның не! Үлкен рақмет! — дейді ол, содан соң: — Қыздар, алыңдар! Конфет жеңдер! — дейді.

Балалар сыпайылық сақтап сытылып кетеді де, қыздар жағы бас тарта қоймайды.

Өзіме де, сыпсың етіп келіп қалатын басқа қыздарға да ызам келеді. Конфетке бола емес, әрине, ол үшін кешкен барлық азаптарым қинайды.

Кенеттен — «о, қандай бақыт!» — Бір реті келгені.

Қызыл Армия күні болатын. Біз пионерлер үйіндегі салтанатты кештен шықтық. Метроның жанына келгенде ол:

— Бір минут күте тұр. Мен өзіме де, саған да балмұздақ сатып алайын, жарай ма? — деді.

— Жоқ, мен өзім алам! — Қуанғаннан айқайлап жібере жаздадым. Ол есін жиғанша, мен балмұздақты қолына ұстатып үлгердім.

— Өзің ше?

— Менің жегім келмейді, — дей салдым. Шынында ақшам жетпей қалып еді.

Сол күннен бастап мен конфет сатып алуды қойдым. Тек балмұздақ қана аламын, онда да екеуміз бірге келе жатсақ қана.

Мен соншалық бақытты едім! Мектепте де бұрынғыдай қарным шұрқырап жүрмеймін. Балмұздақ — конфет емес, мектептің буфетінен бір нәрсе жеуге де ақшам жететін болды.

Кировская. Киров көшесі. Бұрынғы Мясницкая көшесі. Баяғыда солай атаған. Мәселе көшенің қалай аталуында емес, оның тамашалығында.

— Есіңде ме, осы жерден челюскиншілер өтті ғой?

— Есімде. Чкалов, Байдуков, Беляковтар да жүрді ғой. Есіңде ме?

— Әрине.

— Содан соң. Громов.

— Сен папаниншіларді ұмыттың ғой.

— Ұмытқаным жоқ. Ал Кировты ше? Кировты осы көшемен алып жүргені есіңде жоқ па?

— Онда мен болғаным жоқ, — деп мойындады Наташа. Үндемей қалды да, содан соң:

— Мен осы жерден ылғи хат жіберемін, почтамптан. Бұл жерден тез баратын көрінеді...

— Ал мен болғам, — дедім мен.

— Қайда?

— Кировты осы жерден алып өткенде

— А-а.

Екеуміз Киров көшесіне шықтық.

— Сен армандай аласың ба?

Ол бұл сұрақты керемет бір байсалдылықпен қойғаны сонша, мен сасып қалдым.

— Сен ше?

— Бұл адалдық емес, — деп күлді ол. — Мен бірінші сұрадым ғой.

Жаңа ғана ол менен әжептәуір үлкен адамдай болып тұр еді, енді құрдасымдай көрініп кетті. Соны сезіп қорқып қалдым.

— Білмеймін...

— Не туралы армандайсың? Бұрын, осы кезде, мысалы, тап қазір нені армандап тұрсың?

Қалай деп жауап берем? Арман — үлкен адамдардың ісі емес секілді. Ал ол үлкен. Және оның жанында мен де үлкен болуым керек. Неге сұрайды? Мүмкін, сынағысы келіп тұрған шығар? Бала санайды ғой! Ал мен шынында да армандаймын...

Үндемедім.

— Иә? — деп шыдамсызданды.

— Не туралы? Испанияда соғыс болып жатқанда, мен сонда болғым келді, — деп мойындадым. — Немесе фин соғысына...

— Тағы да?

— Солтүстік полюсте болғым келді. Челюскиншілермен бірге. Немесе жай шекара заставасында. Жалпы ертерек туған жақсы еді. Бәрі бізсіз істеліп жатыр.

Мен шынында да не айтарымды білмедім. Баяғыда, бұдан жиырма жыл бұрын өткен азамат соғысына қатысуды армандау ақымақтық қой. Немесе одан да бұрын болған революцияға қатыссам деу. Мұндай нәрселер қайталанбайды ғой. Әрине, армандадым. Тезірек өсуді. Бір кездері шофер болуды, кейін жазушы болуды және міндетті түрде Лермонтов, Шевченко немесе Жаров секілді атақты болуды. Ұшқыш болуды, папанинші, шекарашы... Мұның бәрін оған қалай айтасың?

Ол үндемеді. Мен қысылып тұрдым. Қателесіп кеттім бе екен? Мойындағым келмеді ғой... Баламын! Тіпті, баламын ғой!

— Ал мен басқаша, — деді Наташа. — Басқаша армандаймын. Мысалы, үйге келемін, төсекке жатамын, көзімді жұмамын — құс сияқты бір жақтарға ұшып бара жатқандаймын. Айналамның бәрі әдемі: орман да, қала да, ауыл да және Москва... Қазіргі сияқты емес, сұлулығы да басқаша. Адамдар да әдемі киінген, бәрі күлімдейді. Әдемі үйлер көп. Кең, биік. Мен соларға бара жатамын. Бала кездегі секілді. Әлде бұл балалықты қимайтындығымнан ба екен? Балалық өтті ғой. Өзімді айтамын...

Осы сәтте ол тағы да маған өте ақылды, өте ересек, тіпті, алыс көрініп кетті. Мен секілді емес, басқаша.

Киров қақпаларының жанынан қар басқан Таза тоғандар бульварына бұрылдық.

Таза тоғандар! Мен мұндағы әр соқпақты, әр бұтаны, орындықты, тіпті, газет көрмесіне дейін білемін. Осы жерде өстім, осы жерден халық ағарту комиссариатынан жазылған Крупскаяның хатымен пионерлер үйіне келдім, онда Наташаны таптым.

Таза тоғандар көшесі балалардың шуылы, шана мен шаңғының суылынан басы айналып тұрғандай. Бүгінгі демалыс күні бар бала осында жиналғандай. Бірақ мен аузын ашқан кішкентайларға да, не ересек балалар мен толып жүрген өзімнің құрдастарымның ешқайсысына қызықканым жоқ. Мұның бәрінен де, Наташа тәрізді, бұдан екі-үш жас үлкенірек болғанға не жетсін. Мүмкін мен оның жанында ақымақ шығармын? Бірақ Наташа... Тамаша қыз! Менің ойымдағыны біле қояды. Тіпті, мені қостауға тырысады.

— Ал сен сияқты армандайтыным да бар, — деді Наташа. — Үлкен болғым келеді, мектепті тезірек бітіруім өз алдына, бақытты өмір сүргім келеді. Және бар адам бақытты болса деймін. Содан соң суретті жақсы салғым келеді. Бірақ ештеңе шығара алмаймын. Егер суретші болсаң, дүние жүзі саған қуанатындай, шын талант болуың керек. Ал жәй, орташа суретші болғаннан гөрі, болмағанның өзі жақсы...

Мен оны өршелендіре түсейін дедім де, ұялдым.

— Ал сен қалай ойлайсың? — деді ол. — Рас қой?

— Айтып тұрғаның жалпы дұрыс, — дедім өзімді барынша салмақтырақ ұстап. — Тек суретшілер ме, музыканттар ма, жазушылар ма — олар данышпан және жәй талантты болып бөлінеді. Бәрі де атақты.

— Сонда да данышпан, шын суретші болғым келеді, — деп мойындады Наташа. Кенет ол: — Мүмкін, бұл күлкілі шығар, — папам тезірек келсе деймін! Мен оны сондай сағынып кеттім, — деді.

— Ол командировкада ма? — дедім мен.

— Жоқ, ол анда, Карель мойнағында, — деді Наташа. — Кеше хат келді. Енді жақын қалды дейді.

Мен Наташаның әкесі соғыста екенін білгенім жоқ еді.

Иә, ол конфет, балмұздақ сияқты тәттіні жақсы көреді. Мендей емес, оның қиял-арманы да әдемі. Мұны мен білетінмін. Маған бір де бірін көрсетпесе де, оның сурет салуды жақсы көретінін де білемін. «Кейін көрерсің, кейін! Шын айтам, жәй шатпақ. Қызығатын ештеңе жоқ», — дейтін.

Мүмкін ол басқа нәрсені — архитектураны жақсы көрген шығар, өйткені Москвадағы ескі үйлердің, шіркеулердің қайсысын кім салғанын жаңылмай айтып беретін.

Мен оның білгенінің мысқалдайын да білмейтінмін. Тіпті, мен бұлардан гөрі маңыздырақ бір нәрсені — оның маған қалай қарайтынын да білмеуші ем. Мен бұл туралы оның өзін көргенде де, көрмей жүргенде де ойлайтынмын. Мен бұл туралы ертемен, кешке, күндіз, түнде — ылғи ойлайтынмын. Түнде ойлағанда бәрі жеңіл, бәрі оңай тәрізді. Ертең одан сұрайтын, өзім де айтатын болып жатам.

Таң атқасын түк те айта алмаймын.

Түндегі ойларымның сазайын да тартатынмын. Әкемнің қолы тие бермейді, көп болса әзілдейді. Ал анам...

— Түнде тағы ұйықтамадың ба? Бірдеңе жаздың ба? Мені көрмеді деймісің? Шам жақтың ғой?

Мен түнде атып тұрып, үйге берілген тапсырманы орындағанымды айта алмаймын. Содан соң Наташаға арнап өлең жазғанымды да айтпаймын. Оның есесіне, пионерлер үйінде Вера Ивановна мені түсінген сияқты.

— Ештеңе етпейді, балалар, ол келесіде оқиды, — дейді Вера Ивановна. — Ал әзірше оған біздің журналдың келесі санын дайындауды тапсырайық.

Содан соң мен бас-аяғы екі дана болып шығатын «Жасыл тоғай» деп аталатын біздің журналдың келесі санын әзірлейтінмін...

Біздің аулада менің жолдасым бар. Әрі жолдас, әрі құрдас — Боря Скворцов. Оған қыз біткеннің бәрі көз салатын. Өзі мен сияқты емес, сұлу жігіт, әрі қыздар мәселесіне келгенде маман болып есептелетін.

Мен өзімнің бір досымның атынан Борямен ақылдасуды жөн көрдім.

— Иә, немене? — деді менің әңгімемді тыңдаған маман.

— Немене деген не? Қыз онымен сөйлеседі, бірге қыдырады. Ол шығарып салады... Екеуі музейге барды.

— Оның бәрі түк емес! — деді Боря. — Барлық қыздар ықылас-ілтипат көрсеткенді ұнатады.

— Бұл жерде екі себеп болуы мүмкін. Біріншіден, қызға ол ұнап жүруі мүмкін, мысалы, бала ақылды, ал қыз онша емес. Немесе... Бойлары қалай?

— Бойлары деген не?

Бой туралы ойланып көрген емеспін. Ал, өз бойымнан мектепте қорлық көріп жүрмін. Екінші жылға қалған балаға, тіпті, ұқсағым келмейді.

— Қайсысы ұзын, қайсысы қысқа? — деп түсіндірді Боря. — Қыздар бойы аласаларды ұнатпайды.

— Ол биік, — деп батыл айттым. Басқа, басқа, ал бой жағына келгенде басыммен жауап берем.

— Түсінікті! Онда бәрі де түсінікті. Яғни ол қызға ұнайтын болып шықты.

Қуанып кеттім де, қорқа бастадым: кенет Боря сезіп қалса ше?

— Мен де солай ойлаймын, — деп нанымсыздау болса да жайбарақат күйде сөйлеген болдым. — Ал, ол қызға жақсы көретінін айтуы керек пе?

Маман тағы да ойланып, маңдайын қасыды.

— Өзі қалай? — деп сұрады Боря содан соң. — Былай батыл жігіт пе, жоқ қорқақ қоянға ұқсаған орташа біреу ме?

Мен өзімнің жасқаншақтығымды мойындағым келмеді, бірақ:

— Жоқ, онша батыл емес... — дедім батылданып.

— Онда хат жазып бергені жөн, — деп ақыл берді Боря. — Осылай да осылай, сені сүйемін, сенсіз өмір сүре алмаймын! Қағазды тікелей қыздың өз қолына беру керек. Әйтпесе неше түрлі жайлар болады. Біреудің қолына түседі. Біреулер күлкі етеді дегендей...

Байқауымша, Боря өз тәжірибесінен айтып отыр.

Мен солай істедім. Жаздым. Бірақ бір сағаттан кейін жыртып тастадым да, қайта жаздым. Содан соң тағы. Бәрі де онша келіспей тұрған секілді.

Бәрінен бұрын анамнан қорықтым, бірақ бұл жолы әкем көріп қойды.

— Немене, тағы да өлең бе? Не туралы?

Әкем өзі бір кезде өлең жазыпты (жақсы жазатын дейді анам; шамасы, өзіне арналған болса керек), менің өлең жазып, өзінің дәстүрін жалғастыратыныма қуанатын.

Хатты өлең жазатын дәптерімнің бетіне жазғаным жақсы болды.

— Міне, — деп тез аудара қойған дәптердің бетін көрсеттім.

Әкем дәптерді алып (құдайға шүкір, хат қолымда қалды), дауыстап оқи бастады:

Қарағайдың мұңды үнінен,
Тылсымынан жаңбырдың
Жолыққандай күз күнімен,
Жүрегімде қалды мұң.
Ұмыт болған бір-ақ арман
Кете барған бұрылмай.
Сағыныш пен мұң оранған
Пушкиннің жырындай.
Күндер, айлар келер бөтен,
Өтер бәрі жалғасып,
Ал Есенин неге өлді екен
өзін-өзі дарға асып?
Россия — кішірмейтін
анамыз ғой — мұңды ана.
Кейбіреулер түсінбейтін
рахат бар мұңда да!

— Міне, қандай дүние! Меніңше, мұңдылау ма, қалай, — деп қойды әкем. — Немене, көңіл-күйің осылай ма?

— Бұл өлең ғой, папа!

— Ал, олай болса, әрине, — деп әкем түсінгендей болды. Мен расында да өлең деген — өлең, оны өзің қалай ойлайтыныңдай жазуға болмайды деп түсінетінмін.

— Николай Степановичке көрсеттің бе? — деп сұрады әкем.

— Көрсеттім.

Николай Степанович — біздің көршіміз, әкем оны өте жақсы көретін.

— Ал, пионерлер үйінде ше? Мен үндемедім.

— Жақсы істегенсің, — деді әкем.

Келесі күні хатты тағы көшірдім. Енді бұрынғыдан қарапайым болып шықты — үш қана сөз және есімімнің орнына атым мен фамилиямның басқы әріптерін салдым.

Сол кеште пионерлер үйіне барғаныммен, оны кездестірмедім. Үйге келіп, хатымды қайта оқыдым да, «өте» деген сөзді қостым. Тағы бір минут ойланып, өзінің сүйікті сөзін жазып қойдым: «Ашуланба!»

Екі күн өткенде хатымды оған әрең бердім. Меніңше, таңданып қалды. Хатқа емес, менің сол бойда зытып отырғаныма.

Бірақ маған енді бәрібір еді.

Бір бөлменің аты — бір бөлме, мен өзім есітуге тиіс емес сөздерді жиі естіп қалатынмын.

— Дегенмен мен одан сұраймын, — мамамның бір түні сыбырлаған үні. — Не болған өзіңе? Кеш болса жоғалып кетеді. Бір қызбен қыдырады. Мен өзім көрдім ғой. Мені қарсы деп ойлама, керісінше: бәрі дұрыс болса екен деймін. Үйге ертіп әкелсін, таныстырсын. Маған, саған. Мүмкін сен үйде болатын бір күнді айтармыз?

— Меніңше, осының бәрі түк емес, — дейді ұйқылы-ояу әкем. — Әкеледі, таныстырады, не болады? Саған жеңіл бола ма? Өзін де, қызын да ұялтып. Ал, бір қыздың бар екені рас. Меніңше, сен артығырақ айтасың. Жалпы, сен оны қорғаштай бересің. Басқа шаруаң жоқтай, ылғи соңынан жүгіру меніңше ұят. Содан соң адамға сену керек. Ол сенің ұлың ғана емес, оған қоса адам ғой. Міне, осындай шаруа!

— Бірақ мен Вера Ивановнамен сөйлестім, ол да қостады. Рас, қыздар, балалар — бәрі ылғи достасып жүреді деді.

— Мейлі, достассын. Оның жасында өзің де сондай болмадың ба?

— Мен бірақ....

— Білем, білем! Екеуміздің қалай танысқанымызды сен ұмытып қалғансың ғой, тегі! — Әкем күлді. — Сен сонда нешеде едің? Он төртте ғой? Ол да он төртте деуге болады. Ал мен алғаш он жасымда ғашық болғанмын. Он! Кәдімгідей және үп-үлкен әйелге ғашық болғам. Міне, қандай шаруа!

— Жай, жай сөйлесеңші! — Мамам жалына сөйледі. — Ол естіп қояр.

Ертесіне анам айтты:

— Сен осы пионерлер үйіндегі достарыңды үйге неге шақырмайсың? Мысалы, өзің дос болып жүрген қыздарыңды.

— Неменеге?

— Неменеге? Жай. Үйіңді көрсін...

— Жарайды, мама, тағы бірде шақырармын, — деп әдепті ғана уәде бердім.

Ол мені дос қызына сүйрегендей болып ертіп апарды. Мен бас тартып ем (ол менің хатыма жауап та берген жоқ қой), бірақ Наташа қоймады:

— Тек кіріп шығамыз. Мен оны құттықтаймын. Туған күні еді.

Менің ақшам жоқ еді. Біраң кітабым бар-ды: Георгий Шенгели, «Өлең жазудың заңдары».

— Онда, мүмкін, мынаны сыйлармыз? — деп ұсыныс білдірдім біраз ойлағаннан кейін. Біраз еңбектеніп тапқан кітабымды қимай да тұрмын.

— Сыйлайық! — деді ол бірден келісіп. — Көңілдірек болады. Леночка жасырып өлең жазады ғой. Сен қимай тұрған жоқсың ба?

— О не дегенің!

Ол үшін ештеңені де аямас едім. Леночка үшін емес, әрине. Біз Кремльдің алдындағы София жағалауы көшесіндегі, ескі бір қабатты үйден, бір-ақ шықтық. Шағын бөлмеде он шақты бала — ылғи он бес-он алтыдағы қыздар мен балалар — шуылдасып жатыр екен. Олардың арасында өзімді бөтен сезінгенім жоқ, тіпті, атымды да сұрамады. Біз бұзылған телефон ойынын ойнадық, содан соң «почта» ойынын.

Бәрі жақсы өтіп жатыр еді...

— Ал, енді билейміз! Билейміз! — деп айқайлады қызарып кеткен үй иесі қыз.

Бір минуттан кейін патефон сарнап қоя берді:

Түнге шомып жер — ғалам,
Күн жасырды от нұрын.
Айттың сонда сен маған
Махаббаттың жоқтығын...

— Сен билейсің бе? — деді үй иесі қыз.

— Мен билемеймін, — дедім дауысым жарықшақтанып.

Бірақ бұл ештеңе емес еді. Менің сөзімді естімеген Наташа:

— Кеттік, — деді жүгіріп келіп. Сөйтетінін сезіп тұрғам.

Әбден масқара болды. Енді мен би үйренбегенім үшін өмірімдегі ең басты нәрсені жоғалтып алардай болып тұрмын. Бұрын қалай басыма кірмеген десеңші.

— Жоқ, — деп міңгірледім. — Билегім келмейді...

— Онда өлең оқы! — деді ол. — Леночка да тыңдасын. Ол да өлең жазады ғой. Леночка! Леночка! Тыңдашы! — деп өтінді. — Оның өлеңдері жақсы.

Менің сасып қалғаным сонша, өлең оқи бастадым:

Біз туғанбыз ақ қайың арасында,
аппақ сүтін емгенбіз аналардың.
Ұлы Отанның тауын да, даласын да
ақ сүт берген анамдай бағалармын.
Біздер өткен соқпақты жолдарды да,
даланы да тұратын сағым керіп,
Айдын, бұлақ, мүлгіген орманды да
Отан-ана атадық, қадірледік.
Орман кезіп кетуші ек жырақ мүлде,
ақ тымықта айдында қалықтадық.
Көлеңкеде жиылып,
ұзақ күнге
әңгімеден, кітаптан жалықпадық.
Әңгімеміз -
өртеніп кек селінен
Испания ұмтылған таңғы үмітке...
Ұлы Отаным, сенімен, тек сенімен
Бірге болғым келеді мәңгілікке!

Мені ешкім тыңдамады. Леночка да тыңдаған жоқ. Басқа балалар да өздерімен өздері. Тіпті, оның өзі де тыңдамады. Ол басқалармен билеп кетті. Ол билеген «басқалар» маған ең оңбаған адамдар болып көрінді. Шынында, барып тұрған оңбаған менің өзім едім. Мен сол сәтте өзімді әбден жек көріп кеттім.

Кештің бітуіне әрең шыдадым. Қайта, көп күттірмей аяқталғаны жақсы болды. Жарты сағаттан кейін бәрі үйді-үйіне тарады.

Мен Наташаны үнсіз шығарып салдым және қоштасарда одан көзімді тайдыра бердім. Менің хатым туралы ол ләм-мим демеді. Тіпті, түк болмағандай.

Москва көшелерінің бәрінде дерлік би мектептері туралы хабарландырулар тұратын. Бірақ маған онда жол жоқ. Би мектебі деген үлкендерге арналған ғой.

Сабақтан соң үйге жүгіріп келемін де ата-анам жұмыстан оралғанша, столды былай қойып, өзім биге дөңгеленемін:

Түнге шомып, жер — ғалам.
Күн жасырды от нұрын...

Осылай бірнеше күн өтті және өзімнен бірдеңе шығатын секілді.

Кенет маған бір ой сап ете түсті: ал егер ол мені мұз айдынына шақырып қалса? Егер мәдениет паркіндегі парашюттен секіретін мұнараға шақырса ғой. Ал, коньки дегенің...

Мен конькиді онша тебе алмайтынмын. Және конь-киім бұдан жүз жыл бұрынғы ескі бірдеңе.

Кешкісін ата-анама жабыстым:

— Маған коньки сатып алатын ақша керек. Жаңа коньки.

Апам маған таңдана қарады:

— Бірінші класта сатып алған конькиің әр жерде бір жатыр.

— Ол кішкентай болып қалды, — дедім. — Ал мен... Әкем ақша шығарды.

— Абонементке ақша қайда? — дедім мен. — Мәдениет паркінде коньки тебуді үйрететін мектеп бар. Жеті сом.

— Егер соншалық маңызды болса, — деп қойды әкем, — міне, ал.

— Еріккендік осының бәрі! Онсыз да ақша жоқ! — деп күңкілдеді анам.

Әкеме қарағанда анам есепқорлау. Дегенмен дұрыс та шығар. Біздің үйде ылғи ақша жетпейтінін жақсы білем.

Бірақ бұл еріккендік емес еді. Екі жұма бойы мәдениет паркіне барып жүрдім. Қар-қар болып, бет-аузым көгеріп, ісіп-кеуіп үйге келемін.

Ата-анам таңданысады.

— Спорт — пайдалы, — дейді әкем маған емес, шешеме қарап, — айналыссын, мейлі.

Енді ұсынысты өзім жасағым келді.

— Наташа, демалыс күні мұз айдынына барайық? Немесе ертең, а?

— Білесің бе, мен коньки тебе алмаймын, — деді Наташа. — Және қыс та аяқталып қалды. Ашуланба! Келесі жылы барайық. Ал мен суда әжептәуір жүземін. Жазда жүземіз, жарай ма? — деп қойды.

Мен мұны күткенім жоқ еді! Енді жүзу мектебіне жазылуым керек болғаны ма?

Күн тамаша еді. Қыс дейтін қыстың күні емес, наурыз айының шуағы мол күні. Москва көшелерінде қар жіпсіп еріп жатыр. Сыпырушылар тротуарларды тазалайды. Дәл бір мереке күндеріндегідей, радиодан көңілді марш үні шалқиды. Карель мойнағында соғыс аяқталды. Ол соғыс мені жанап өткенмен, басқалар үшін тегін өткен жоқ.

Біздің үлкен үйіміз шаттыққа толы. Үлкен дейтінім ол үйде бізден басқа қырық алты тұрғын болатын, яғни он сегіз семья. Олар, яғни біз бәріміз, бір кезде Абрикосовтардың кондитер фирмасы болған үйдің төртінші қабатында тұрамыз. Ол фирма қазір жоқ, ал біз, төртінші қабаттағылар, бір кезде фирманың үстіне салынған қосымша үйде екі ас бөлмесі мен жалғыз телефоны бар бір дәлізде тату семьядай тұрамыз. Бүгін солардың бәрі көршіміздің бірі Евгения Ивановнаны құттықтап жатыр, ал ол әрі күліп, әрі жылап бәрін құшақтайды, аузы тыным таппайды:

— Құдайым-ай, ол енді шынымен келе ме! Тірі келе ме?

Ал Боря Скворцов таңертеңнен есік алдында тұр, жұрттың бәріне әкесі «Ерлігі үшін» медалін алғанын айта береді.

— Ертең келеді, өздерің көресіңдер! — деп қояды біреу-міреу сенбей жүрер деген оймен.

Кешкісін пионерлер үйіне келсем, жұрттың бәрі «Кешкі Москваның» кезегінде тұр екен.

Мен де қуанып жүрмін, бірақ ойым басқада. Мүмкін, мен оған хатты бекер жазған шығармын? Оған дейін бәрі жақсы келе жатыр еді. Қазір... Би аз болғандай, жүзуді үйренуім керек!

Әрине бекер! Бәрін бастаған Боря. Ақыл айтып. Бүгін оған ренжудің реті жоқ. Боря бүгін бақытты. «Ерлігі үшін» медалі. Енді біздің үйде тағы бір нағыз батыр болатын болды! Біріншісі — үшінші подъездегі «РККА-ның XX жылдығы медалі» бар полковник. «Ерлігі үшін» медалі маңыздырақ-ау деймін! Наташаны үйірмеден кейін шешінетін жерде кездестірдім. Бұрынғыша:

— Қыдырамыз ба? — деп сұрадым.

— Тек ұзақ емес. Жарай ма?

Трамвай аялдамасына келгенде, ол өзі ұсыныс жасады:

— Қызыл алаңның үстімен тағы да жүре тұрсақ қайтеді?

— Жүрейік.

Қызыл алаңға дейін үндеген жоқпыз. Біреуіміз алғашқы болып тіл қатуымыз керек секілді. Мен не айтарымды білмедім.

— Сен маған көптен бері өлең оқымайтын болдың ғой, — деді ол ақыры. — Оқышы.

Не оқысам екен? Мен оған көп оқығам. Оқитынның бәрін бітірген сияқтымын. Тек өзі туралы жазғандарымды ғана оған оқығаным жоқ. Бірақ қазір? Жоқ! Хатымның өзі де жетеді.

— Не оқиын? — дедім мен сасып.

— Оқығың келгенін. — Ол мұны басқа нәрсе ойлап тұрғандай самарқау айтты.

Мен есіме түсірдім.

— Ең алғашқы жазғанымды оқиын ба? Бірақ күліп жүрме! Өзімнің де күлкім келеді қазір. Бұл — баяғыда, он жасымда жазғаным.

Ол басын изеді. Мен бастап кеттім:

Папам болған мейірімді,
Кеш келетін жұмыстан.
Түнде қағаз жазғанда,
Мамам оған ұрысқан.
Қағазға орап әкелген
Ойыншық па деп қалам.
Жұмысы екен істейтін
Қағазға орап қаттаған.
Папам үйге кештетіп
Тек қонуға соғады.
Жұмысы көп, ол содан
Ашулы боп барады,
Кейде титтей нәрсеге,
Тез ренжіп қалады.
Жұмыс істеп ол кейде
отырады түнімен.
Таң атқасын шай ішіп,
Жұмысына жүгірген.

— Күлкілі ғой, а? — дедім мен. Содан соң өзім күлдім. Бірақ... қарасам, ол жылап тұр...

— Ашуланба, — дейді маған өксіп тұрып,— менің папамды өлтірді. Выборгтың түбінде...

Бұл Финляндиямен соғыстың біткен күні еді. Қуаныш әкелген наурыз айының тамаша күні болатын. Музыка ойнап тұр. Қызыл алаңда ағылған адамдар. Үйлердің терезелерінен адамдардың көңілді күлкілері, ән естіледі.

Бірақ бұл шаттық барлық терезелерден естіліп жатпағанын мен қазір түсіндім. Наташаның терезесін де көргенім жоқ. Ол сияқты басқа терезелерді де көрмеппін. Ал ондай терезелер бар еді.

Выборг! Мен бұл қаланы елестетпек емеспін. Онда болып көрген жоқпын. «Выборг» деген сөзді радиодан еститінмін, «Пионер правдасынан» оқығам және одан бұрын бұл сөзді әкемнен естігем.

— Анау Выборг, — деген әкем, біз Фин шығанағында шомылып жүргенде.

Әкем екеуміз отыз алтыншы жылы бір жұма сол жерде болғанымыз бар. Жып-жылы, айнала шуылдаған қарағай, ине мен тікенек сеуіп тасталған құмды жаға. Кейде инелер табаныңа кіріп жүргізбейтін. Бірақ мен суға қарай жүгіріп кететінмін.

— Батылырақ, батылырақ! — деп әкем айқайлайтын. Ол маған жүзуді үйреткісі келді.

Сонда Выборг жақын жерде болатын.

Енді, міне, Выборг дегенді тағы естіп тұрмын. Онда әкесін өлтірген. Өлтірді. Мен көз алдыма елестеткім келсе де, ештеңе шықпайды. Қарағайлар, инелер, тастар, теңіз, кенет өлтіру...

Қазір оны жерлеп жатқан шығар. Нағыз батырша құрметтеп, оркестрмен, салютпен жерлеп жатыр. Ал Наташа оның қызы. Нағыз батырдың қызы.

Боря Скворцовқа рақат қой. Оның әкесі де батыр, «Ерлігі үшін» медалімен оралады. Үшінші подъездегі полковниктің де жағдайы жақсы.

Ал мен ше? Өзім де ешкім емеспін, әкем де қатардағы қызметкер ғана. Мотопомп деген бірдеңені айналдырады, торфты сусыздандырады және жұмыс киімдеріне наряд жазады...

Рас, әкем жазда комсоставтың жиындарына қатысты. Біз, апам екеуміз, демалыс күндері Покровск-Стрешневтағы оның лагеріне баратынбыз. Әкемнің әскери киіміне мақтанатынмын.

Түнде, түсімде, мен оның қолынан ұстап жүр екенмін. Мен өмірімде оның жып-жылы салалы саусақты кішкентай қолын мұнша ұзақ ұстаған емеспін. Қол алысып амандасу, қоштасқанда қол беру — секундтық сәттер ғой. Ал қазір босатпай тұрмын. Еңкейіп, ебедейсіздеу, маңдайынан сүйдім.

«Тағы да!» — деді ол.
Мен және сүйдім.
«Тағы да! Тағы да!..»

Мен осылай бола бергенін қалаймын.

Ол жылайды, мүмкін күліп тұрған шығар:

«Бұл адалдық емес! Адалдық емес! Әуелі мен сұрадым ғой!» — деп қайталайды.

Енді ол менің ернімнен сүйіп алды.

«Тағы да! Тағы да!» — деп өтіндім мен.

Кенет мен оның шын жылап тұрғанын сездім.

«Болмайды, Наташа! Болмайды!»

Бірақ ол жылап сөйледі.

«Адалдық емес! Ал мен соғыстың осылай аяқталатынын білгенім жоқ...»

1941 ЖЫЛ

Жексенбі — демалыс күні. Жалпы жақсы күн. Біз пионер лагеріне жүргелі жатырмыз. Кететініміз жақсы болды. Москвада тымырсық, ыстық басталды. Оқу жылы да әлдеқашан аяқталған. Менің зерігіп есім шықты.

Біз ертемен сағат сегізде Белорус вокзалынан кеттік. Пионерлерді бұрын жөнелткендегідей оркестр, тағы басқа салтанат болған жоқ. Тіпті, арнайы поезбен емес, Москва-Смоленск составына тіркей салған екі вагонмен кеттік. Әке, шеше, әже, аталар платформада тұрып шығарып салды, біз жәй бір кетіп бара жатқан жолаушы секілді болдық.

Лагеріміз де бұрынғы пионер лагерьлеріне ұқсамайды. Менің анам айтқандай, бұл санаторий іспеттес, мен секілді бозарған арықтарға арналған лагерь болып шықты.

Бұрын мен пионер лагерінде болып көрген емеспін. Кішкентай күнімде саяжайға барып жүрдім, бірақ есімде қалмапты. Содан кейін бірінші класқа барғанымда әке-шешем Ильинкадан ба екен, әйтеуір саяжай жалдап алды. Содан соң әр түрлі деревняларға барып, бөлме жалдап жүрдік. Әуелі бір айдай анам жанымда болады, екінші айда әкем келеді. Немесе керісінше... Осылай «жабайылар түрінде» бұдан екі жыл бұрын Қырымда, Судакта болғанымыз бар. Барлық жерде де мен достасып ойнайтын, орманға баратын балалар тауып жүрдім.

Дегенмен күнде керней үнімен оянып, керней үнімен жүгіретін, қызғылықты әскери ойындар ойнайтын, кеш сайын пионер алауы жанында билейтін балаларға қызығатынмын. Менің биыл лагерьге баруыма ұсыныс жасаған анам еді. Ол менің серейген бойым мен салмағымның арасындағы алшақтықты жоюдың жолын таппай, әбден шаршаған.

— Онда, не дегенмен, режим сақтайды, тамағы да жақсы. Ол жай ғана лагерь емес қой, — дегенді анам әкеме әлденеге өзін де сендіргісі келгендей жиі айтатын.

Мен шынында да жүнін жұлған балапанға ұқсайтынмын. Рас, бұған өзім онша қайғырмаймын. Ал, мен секілді балапандар толған вагонға кіргенде, тіпті көңілім өсіп қалды. Несі бар екен! Менен де ұзын әрі тыриған арықтар толып жатыр.

Бәрі тамаша болды: жалғыз өзім лагерьге кететінім, кеткенде Смоленск маңайындағы белгісіз бір Вопь өзенінің жағасына алысқа кететінім және жаз бойы сонда болатыным, яғни анам мені белгісіз бір деревняға апарып, ертеден кешке дейін піскен сүт ішкізіп, қия басқанымды қадағалап отырмайтыны.

Мен Вопь өзені жайлы Наташаға да айттым. Баратын жерімнің, өзім ешқашан көрмесем де, керемет сұлу табиғатын әңгімеледім. Бірақ ол жердің сұлулығына сенімім мол еді.

— Онда біздің бір туыстарымыз бар, — деп соқтым Наташаға. Пионер лагеріне барамын деп оған қалай айтайын! Мектепті тастап, үлкендерше жұмыс істеп жүрген оған айта алмаймын ғой!

Поездың қозғалмай көп тұрғаны-ақ жаман екен. Оның үстіне ата-анаммен қоштасудан, сонымен бірге ең кем дегенде елу рет айтылған мамамның ақылынан-ақ шаршап біттім:

— Тісіңді тазалауды ұмытпа:

— Ұмытпаймын.

— Басыңа күн өтпесін!

— Жарайды.

— Неміс тілін қайталап жүр, естідің бе! Келгесін, Эмилия Генриховна тексереді. Есіңде болсын! Маған өзі айтқан...

— Жақсы.

— Кешкілікте кеудешеңді киіп жүр!

— Білем.

— Барған бойда хат жаз.

— Жазамын...

Сондай ұят болды. Мен мамасының еркесі атанғандарды жек көретінмін, өзім ондай емеспін. Анам екеуміздің әңгімемізді естіп тұрған балалардың көзіне мен де сондай болып көріндім-ау. Әлде бұл менің алғаш рет сапарға жалғыз шығып бара жатқанымнан ба.

Жалпы мен жанталасып, у-шу болған вокзалдарды жек көрем. Адамдар осы шығарып салушыларсыз-ақ өздері неге кетпейді: вокзалға келді, поезға отырды, орын алды, сөйтіп тартып берді. Келгенде де солай жайбарақат оралса қайтеді? Бәрібір кеткен адамның бәрі үйлеріне қайтып оралады ғой.

Ал мұнда айқай-шу, жүгіріс, вагон терезелеріне үймелеу, гүл, ақыл айту, жылау, күлу. Не жоқ десейші! Неменеге керек?

Әкемнің ешқандай ақыл айтпағаны да жақсы болды. Ол платформада әрлі-берлі жүріп, шылым шегеді, оқта-текте маған күлімсіреп қояды.

Ақыры паровоз даусын соза айқай салып, біз де қозғала бастадық. Терезеден соңғы ақыл-кеңестер ұшып жатыр, бір жақсысы мен естіген жоқпын.

— Әзірге! Әзірге! Әзірге!

— Балалар, отырыңдар! Терезеден бастарыңды шығармаңдар! Отырыңдар! — Ақ кофтасына қызыл галстук тағып, басына көк берет киген әйел бізге кішкентай балаларға айқайлайтындай айқайлады. Мүмкін, балаларды алып бара жатқан отыздардағы вожатый әйелдің көзіне біз шынында да кішкентай көрінетін шығармыз. Бірақ біздің арамызда кішкентайлар жоқ. Бәрі мен шамаластар.

Поезд Москваның адам көргісіз шет жағымен жай жылжып келеді. Мыж-мыж болып құлап жатқан сарайлар, ескі үйлер мен барактар, лас-қоқыстар, қиқайып тұрған белгісіз бір қоймалар мен заводсымақтар — осының бәрі біз әлгіде ғана шыққан қалаға жанаспайтын секілді. Қала өзіне қажетсіз мына қоқыстың бәрін сыртқа лақтырып, жинап тастағандай әсер береді.

Ескі вагон доңғалақтары шиқылдап әрең келеді. Осындай сығылысқан вагонда біздің келе жатқанымыз күлкілі. Бұл саяхатымыз да ұзамай бітеді — кеш түскенше біз Ярцево станциясына жетуіміз керек, ал одан әрі лагерьге тартамыз. Аттай сегіз шақырым жаяу жүріп барамыз!

Вожатыйдың біздің аяқ киімдерімізді қарап, тағы сөйлеп отырғаны сондықтан. Ой, осы аяқ киім төңірегінде қанша әңгіме болды! Біз жүрер кезде апам да күнде қақсайтын. Соның бәрі станциядан лагерьге дейінгі сегіз шақырым жерге бола. Бала дейді — он төрт жастағыларды! Бұдан кішкенемізде Тушинодағы авиация парадына да бардық қой. Қайтарда да — жаяу! Ешқандай арнайы тігілген аяқ киім кигеніміз жоқ!

Бәріміз танысып үлгердік. Көршілермен, олардың көршілерімен. Бәрінен вожатыйға қиын болды. Ол тынымсыз жүгіріп жүріп біреуге шешін, екіншісіне киін дейді, енді біреуге терезені жап, біреуге аш, енді біреуге қатты сөйлеме, біреудің маңдайын ұстап қызуы жоқ па дейді — әйтеуір дамыл жоқ.

Біз адам білмейтін жақтарға ұзақ жылдарға кетіп бара жатқандаймыз.

— Нағыз папаниншылар мен маманиншылардаймыз!— деп әзілдеді менің қарсымдағы ұзын тұмсық бала.

Мен оның есімі Вадя, фамилиясы Цейтлин және біздің арамыздағы ең қарты — жасы он алтыға толады — сол екенін біліп алғам.

Енді біз терезеге қарауды қойып, алдағы лагерь өмірі жайлы кеңестік. Көршілерім де мен сияқты, пионерь лагеріне тұңғыш келе жатқандар болып шықты. Алайда мұның бәрі біздің күтіп тұрған өмір жайлы білгішсіне әңгімелесуімізге бөгет болған жоқ.

Жолдың алғашқы үш сағаты тез өтті. Вадя бірімізді-бірімізге қақтығыстырып, әзіл айтып, кез-келген тосын сұрақтар төңірегінде өзінің білімдарлығын көрсетіп отыр еді, кенет үндемей қалды. Таусылып бітті ме, әлде шаршады ма. Мен Вадяны да, ауыздары аңқиып оны тыңдағандарды да таң қалдырардай не айтсам екен деп азаптандым. Москваға келген Риббентропты, Вадя көргенмен, мен көргенім жоқ, менің әкем Манергейм сызығын да алған емес. Испан оқиғаларына ерікті совет азаматтары қатысқанын да білмеуші ем, әрине, Испаниядағы ерліктері үшін наградталғандардың ішінде менің туған-туысқандарым жоқ.

Ақыры, осыдан екі ай бұрын Жас Ворошилов атқышы значогін алғаным есіме түсіп, көруі нашар Вадя жақсы ата білмейтін шығар деген оймен, байқаусызда:

— Ал сен жиырма бес метрден қанша рет тигізе аласың? — деп сұрадым.

Вадя мұны әдейі істеп отыр деп ұқты да, бұл сұрақтың оған қатысы жоқтай түрмен терезеге қарады:

— Неменеге тұрып қалдың? Алдымыздан поезд күтіп тұрмыз ба әлде... Біздің поезд он минуттай болды — белгісіз разъезде әлі тұр.

Вагон терезелерінен күн сәулесі төгіледі, құстар сайрайды. Ауада көктеректің мамығы қалықтайды. Темір жолдың жанында ақ көбелектер ұшып жүр. Мұнда гүлдің неше түрі бар екен: шабындық, қалампыр, сарғалдақ, жоңышқа, түйе бұршақ. Әлде мен көптен қала сыртына шықпағасын ба, мүмкін әлгіндегі Москваның көңілсіз шеткі жақтарын көргеннен кейін бе — әйтеуір мына жер ертегідегідей сұлу көрінді.

— Поезд жүргенше көкорайға жатар ма еді, — дедім мен ойымда ештеңе жоқ.

— Иә, саған вожатый жатқызады, — деп Вадя терезеден басын шығарды да тың-тыңдады. — Шуылдайды. Қазір жүреміз. Жолдан поезды өткізіп жібереміз.

Расында, жанымыздан салдырлап поезд өтті, бірақ жылдам поезд емес. Екі паровоз танк тиеген екі әскери эшелонды сүйреп барады. Жүк вагондарында жүздері күнге күйген танкистер отыр. Өздері көңілді, біреуінің қолында сырнай.

— Маневрға барады, — дедім мен салмақтана сөйлеп. Көрші екі қыз құптағандай бас изесті.

— Менің папам қазір маневрда, — деп біреуі растады.

— Міндетті түрде маневрға барады дейсің бе? — деді Вадя эшелон дыбысы саябырлаған кезде. — Жаңа жерге көшіп барады. Қазір біз де қозғаламыз.

«Ғажайып бала» деп ойладым. — Бәрін осы біледі!..» Қоңыр көбелек біздің вагонның терезесіне қонды.

Қонды да, қанатын жайып жіберіп, қатты да қалды.

Мүмкін демалғысы келді ме екен, әлде бізге қарағысы келді ме?

Бес минут өтті, он, жиырма минут, біз әлі тұрмыз. Вагонда бұлай отыру жалықтырады екен. Балалардың көбісі, вожатыйдың жүйкесіне тиіп, вагонда жүріп, тамбурдан тамбурға өтіп, мазасыздана бастады:

— Қашан жүреміз? Әлі көп тұрамыз ба? Мұнда станция да жоқ, неге тоқтап тұрмыз?

Вожатый жауап беріп әрең үлгеріп жүр, ұрысып, өтініп, вагон ішінде тыным таппайды. Ол ашуланып мазасы кетті. Жалпы дәл жоспарлары бұзылғанда жұрттың бәрі де сүйтеді ғой.

Вагон терезелерінің сыртында ғажайып тыныштық. Тіпті, аралардың ызыңы, шегірткенің шырылы, самал желдің қайың жапырағын сыбдырлатқаны, алыста, көрінбейтін деревнядағы сиырдың мөңірегені — бәрі естіледі. Ұшып кеткелі тұрған әдемі қанатты, жеп-жеңіл көбелек әлі жайбарақат отыр.

Поезд қозғалғанша, күннің ыстығы сезіле қойған жоқ еді. Енді күн көзі қыздырған аядай вагон бірте-бірте өртеп барады.

Кенет, Вадя емес, терезенің жанында отырған мен Москва жақтан тағы да келе жатқан поезд дыбысын естідім.

— Тағы біреуін өткізетін болдық!

Көбелек, оянып кеткендей, терезеден қопарыла тұрып, тізбектің арасына қарай бір жаққа ұша жөнелді.

Бұл жолы зеңбірек пен автомашина тиеген ауыр эшелон қатардағы жолмен дүрілдеп барады.

Мен қуанып кеттім:

— Әрине, маневрға бара жатыр! Қараңдар!

Вадя бәсеңсіп қалыпты:

— Несі бар. Маневрға болуы да мүмкін.

— Сенің Маневрға барғың келер ме еді? — деп сұрадым Вадядан.

— Неменеге? Мен қызыл әскер де, командир де емеспін.

Вадя ойланып терезеге қарады да жәй айта салды:

— Мен мұндай маневрді кинодан он шақты рет көргем. Несі бар дейсің!

Эшелон өтіп кетті, біз разъезде әлі тұрмыз. Бұл тұрысымыз ешкімге ұнамады. Тіпті, арамыздағы салмақты дегендер де тыпырши бастады.

Вожатый, алғашқыдағыдай емес, біздің жанымыздан кетпей, биязы кейіппен сөйлейді.

— Біз жүргенде, ыстық басылады!

— Келесі қандай станция! — деп сұрады Вадя бізді таңдандырып. Біз Вадя бәрін біледі, ол сұрақ қою үшін емес, сұраққа жауап беру үшін жаратылған деп ұғатынбыз.

— Қазір білейін, балалар, білейін, — деп, неге екені белгісіз вожатый қуанып кетті. — Жол бастаушыдан сұрайын...

Біздің купе вагонның ең соңында болатын, вожатый тепкішекке жүгіріп шығып, тағы да:

— Қазір сұрайын, — деп сөйлеп бара жатты.

Біз әңгіменің бәрін тауысып, жай терезеге — алыс созылып жатқан көкорайлы шалғынға, анау екі ақ қайың мен жанындағы кішкене үйеңкілерге, одан әрі созылып жатқан жасыл далаға қарап отырмыз.

Айнала тым-тырыс. Тымырсық вагоннан шыға салып, көкжиектің қасындағы анау жасыл алқап, кең далаға кетіп қалғың келеді. Қазір орныңнан ұшып тұрып, бір керіліп алып, «а-а-а!» деп айқайлап жіберіп тыңдай қалсаң, сенің үнің елсіз жазықты жаңғырықтырып жатқанын естір едің.

Вадя чемоданын алып қопарды да, қыздарға қарап:

— Алыңдар! «Дорожные», «Алло» конфеттері. Апам салып жатыр еді, — деді. Қыздармен қабаттаса мен де алдым. Жай әншейін қиылып тұрғасын, Вадяны ренжітпейін дедім.

— Балалар! Не болды өзі? Бұл не? Біз түкке түсінбей, жалт қарадық.

Біздің вожатый өңі құп-қу болып, есі шығып кеткендей вагон босағасына сүйеніп, аң-таң бізге қарап, былдырлады.

— Бұл қалай болды? Қалай? Бір жұма бұрын ештеңе болмайды деп әдейі хабарлап еді ғой. Енді, міне, — соғыс деседі!..

— Қашан?

— Немене?

— Соғыс? Қандай соғыс?

Бәрі есік алдына үймелеп қалды.

— Соғыс! Ур-ра! — деп біреу қуанғандай айқайлап жіберді де, вожатыйдың жүзіне көзі түсіп, тілін тістегендей үнсіз қалды.

— Ал менің Васяткам Бресте болатын... — деді вожатый. — Бұл қалай болды... Осылай болуы мүмкін бе?

Бізде сағат жоқ еді. Ешкімде де, тіпті, Вадяда да. Сонда да біз соғыс басталғаны туралы вожатыйдың қашан хабарлағанын біліп алдық. Жол бастаушы әйелден білдік: бірден жиырма бес минут кеткенде. Ал соғыс таңғы төртте басталған екен. Төртте біз де, туғандарымыз да ұйықтап жатқанда. Сағат алтыда, біз оянған кезде соғыс жүріп жатыр екен. Сағат жетіде, біз Белорус вокзалына барғанда да соғыс жүріп жатқан болды. Біз поезға отырып, Смоленск жаққа жүріп кеттік, ананы-мынаны айтып күліп келеміз, ал соғыс тоқтамаған.

«Егер ертең соғыс болса» деген фильмді төрт рет көргем. Мақтанышпен, рақаттанып көрем. Соғыс туралы бәрін білетінмін. Немен бітетінін де білетінмін. Бірақ неге екені белгісіз дәл осылай басталатынын білмеген едім. Соғыстар осылай басталатын болғаны ма?..

Тиіспе біздерге,
Біздер де тимейміз!
Тиіссең -
илейміз, талмаймыз
Біз суға да батпаймыз,
Отқа да жанбаймыз.

Бұл әннің сөзін жатқа білетінмін. Шынында да, біз ешкімге тиіскеніміз жоқ. Өздері тиісті. Енді байқаңдар! Біз аямаймыз. Біздің суға батпайтынымыз, отқа жанбайтынымыз өзінен-өзі түсінікті.

Және бізге шабуыл жасаған — немістер.

Менің білетінім: немістер — бұл Маркс пен Энгельс, Люксембург пен Цеткин, Тельман мен Либкнехт. Оларда батыстағы ең күшті коммунистік партия бар.

Мен Германияны «Балшық солдаттар» мен «Профессор Мамлок» арқылы білемін. Бұл фильмдердің кейіпкерлері күрескер, әрі олар көп болатын. Яғни бізге шабуыл жасап жүрген азғантай шәртік қарындар. Балшық солдаттарды атқандар. Профессор Мамлокты қорлағандар. «Жыртық башмақтар» фильмінде балалар алдап кететін сұмырайлар.

Оған қоса, Германияда революция болды. Біз оның бүге-шігесіне дейін тарих пәнінен білеміз. Ол тақырыпты «өткенбіз».

Әрине, бұл бір түсінбестік қой. Түкке тұрғысыз бірдеңе. Керісінше: олар бізге тап берген екен, енді немістер қайраттанып, өздерінде революция жасайды. Бір кезде бізде болғандай, нағыз революция.

Осы ойлардың бәрімен және жайбарақат өмір ағысын бұзған жаңалықтан мен өзімді басқаша, тіпті, көңілді сезіндім.

...Біз Москваға сағат бестерге таман оралдық.

Вокзалда күтіп тұр екен. Біз бейне о дүниеден оралғандай бәрі жамырасып жатыр.

Анам мені құшағына қысып, жылап алды:

— Папаң әскери комитетте. Не боларын білмеймін... Үйде радио тыңдадым. Солдатқа алу, шекаралық аудандарда әскери жағдай орнағаны туралы әр хабардан кейін марштар мен әндер беріледі.

Олар соншалық салтанатты, шатты естілгесін бе, мен анамның неге көзіне орамалын жиі апаратынын, дүкенге жүгіріп неге тұз, сабын, сіріңке алу керегін түсінбеймін. Бірте-бірте өзімнің де көңілім жүдеп бара жатқанын сездім.

Кешікпей әкем келді.

— Алмады, — деді шаршаған үнмен. — Менің жасымдағыларды әзірше қалдырып жатыр. Қажет болса, шақырады деседі.

Анам қуанып кетті:

— Бұл жақсылықтың нышаны ғой. Яғни бәрін алмай жатса, соғыс ұзақ болмайтын шығар...

Әке-шешем маған түсініксіз бір жайларды әңгімелеп, әлденеге келісе алмай, біраз отырды.

— Бұл — барып тұрған оңбағандық! — деді әкем. — Кімге сенгенбіз? Қол қысысып, мәз болысты. Шабуыл жасамау жайлы келісімге болайын. Олар шекараға тиісіп жатыр, ал біз...

— Яғни солай ету керек болғаны да, — дейді апам. — Егер келісім болмаса, бұдан бұрын шабуыл жасар еді.

— Бұрын! Неге бұрын! Қол қойған қағаздарының сиясы да кепкен жоқ...

— Бірақ Алеша, — деп қарсыласады апам, — Сталин не істейтінін өзі біледі. Ол — Сталин ғой.

— Егер білмесе? — дейді әкем сенімсіздеу. — Немене, ол әулие ме?

Осы жерде мен де шыдамадым:

— Папа! Не деп отырсың? Солай деуге бола ма екен?

— Сен одан да тыңда! — деді әкем. — Кішкентай емессің. Бәрін өзің түсінуге тиіссің.

— Сенің есің дұрыс болмас! — деп сыбырлады анам. — Мұндай сөздердің ақыры немен тынатынын білмейсің бе? Отыз жетінші жылдың азабын аз тартып па ең! Құдай ақына, жайлап сөйлесші! Жалпы осы тақырыпта үндемей-ақ қойшы.

Әкем қолын бір сілтеді.

— Дұрыс, үндемей-ақ қойған артық... Әйтпесе, шайтанның қайдан түртері белгісіз.

Олар үндемеді. Қабырғадағы радиодан марш ойнап жатқанмен, үйдің ішінде ауыр тыныштық орнады. Өзімді қайда қоярымды білмей, неге екені белгісіз, портфелімді алдым да оқулық, дәптерлерімді мәніссіз қопарыстыра бердім.

— Одан да мынаны ойлайық, — деп апам мен жаққа қарады. — Қайда жібереміз? Не дегенмен жаз ғой.

— Ойластыру керек, — деп әкем де келісті.

— Папа! Маған жұмысқа орналасқан артық деп ойлаймын, — дедім кенеттен.

Әкем маған таңдана қараған секілді.

— Сен неге үндемейсің? — деді әкем апама қарап. — Ол жұмысқа барады, ал оның орнына мен оқимын. Бәрібір мені армияға алып жатқан жоқ. Міне, қандай шаруа!

— Мен шын айтып отырмын, — дедім. — Сен әзілдейтінің не?

— Мен? Әзілдеймін? — деп қарсыласты әкем. — Сенікі дұрыс шешім болуы да мүмкін, — деді содан соң, тіпті, басқаша үнмен.

— Жоқтан өзгені айтпашы! — деді апам дауысын көтеріп. — Не деп жүректі айнытып отырсыңдар! Қыркүйекке дейін соғыс та бітеді. Немене соғыс жаз бойы болады деп отырмысың?

Мен ештеңе ойлағаным жоқ. Жұмысқа орналасу туралы ой басыма жаңа ғана келді, тіпті, өзім қуанып кеттім.

Жұмыс жасаймын! Міндетті түрде. Басқа ештеңені де білмеймін. Иә, маған дәл қазір жұмысқа тұру керек. Нағыз кезеңі келіп тұр! Қайда, кім болып — бәрібір. Сонда мен оның — Наташаның алдында ұялмаймын. Ол жұмыс жасап жүр ғой. Әкесі қаза тапқаннан кейін ол машинисткалар курсын бітірген, қазір теңіз флоты халық комиссариатында жұмыс істейді. Ал мен ше? Осылай оқушы болып қала бермекпін бе? Өмір бойы оның алдында бала болып жүремін бе?

Келесі күні күн ұзаққа Москваны кездім. Жәй, әншейін. Бұрын Наташа екеуміз шарлаған көшелермен жүрдім, қайдағы бір кішігірім заводтар мен шеберханалардың қақпаларына, қорғандарға ілінген плакаттар мен хабарландыруларды оқыдым.

Әскери комитеттер маңы абыр-сабыр — әскерге шақырылғандар, шығарып салушылар, әшейін жүргендер, радиодан да мерекедегідей музыка үні шалқиды, аптап күн де жарқырап тұр. Алайда мейрам емес еді.

Плакаттар мен хабарламалардан түрлі мағлұмат алуға болады. Әскерге баратындар, Москва — Волга каналы арқылы саяхатқа шығуға болатыны немесе жауды талқандауға барлық күшті жұмсау жайлы. Жаңа ұрандардың арасында маған әбден танымал, сарғайып қалған би үйренушілер мектебі туралы хабарлама әлі тұр. Соғысқа дейінгі, бүгінгі — бәрі араласып кеткен. «Қиыршығысқұрылысқа» жұмысшылар керек екен. Қызықтырады. Бірақ тым алыс. Соғыс жүріп жатқанда, ит өлген жерге кету ме? Жоқ! Асханалар тресіне даяршылар, аспаз көмекшілері мен әр түрлі жұмыс жасайтындар қажет. Галантерея артеліне зат буушылар керек, жазу машинкасы заводында бірінші, үшінші разрядты слесарьларға орын табылады. МОГЭС-ке электр монтерлары, ағаш бұйымдары фабрикасына күзетшілер...

Менің қолымнан не келеді? Менде арман ғана бар. Бір кезде Наташаға айтқанымдай емес, басқа, өскенде кім болатыным жайлы. Бірақ бұл арман қазір іске асатын емес, соңыра үлкен болғанда болмаса... Әлі де талай жыл миымды шірітетін мектепті бітіргеннен кейін. Институтты бітіргесін. Ол арманым іске асарда бүгінгідей соғыс болмайды.

Хабарламаларды оқып тұрып, өзімді слесарь да, токарь да, шофер да болып елестеттім.

Мүмкін үлкен заводқа бір-ақ тартсам ба екен? Әскери заводқа! Жұмыс жасағасын, танк пе, самолет пе, болмаса зеңбірек пе, винтовка ма — әйтеуір бір ауыз толтырарлық нәрсе жасау керек қой.

Пятницкая көшесінен трамвайға отырдым да, көп ұзамай автозаводқа жеттім.

— Жұмысқа ма? — деп сұрады кадр бөлімінде. — Алдымен кәсіптік училищеге. Осы жерге жақын, мына бұрышта, жігітім.

Екі жыл оқу үшін училищеге бару керек! Кәсіптік училищеде оқимын деп Наташаға айта алмаймын ғой!

Ертең басқа заводтарға барып көрем деген оймен үйге келе жатыр едім кенет ойыма сап ете түсті: үйдің жанында баспахана бар ғой. Соған неге барып көрмеймін?

— Дұрыс жасағансың, — деді әкем үйге келгесін. — Әлі-ақ бітеді бәрі, содан соң оқисың. Қорқатын ештеңе жоқ. Гимназияны мен де дұрыс аяқтаған жоқ болатынмын.

— Кім боламын дейсің? — деп анам қайталап сұрады. — Катошник? Ол немене?

Мен түсіндірдім.

— Күні ертеңнен бастайсың ба?

— Жоқ, бүрсігүні. Таңғы алтыда шығуым керек.

— Тым ерте ғой. Қалай тұрасың?

— Ештеңе емес. Алаңдама!

Мен анамның жанына келіп, ебедейсіз қимылмен анамның бетінен сүйдім.

— Мені ше? — деді әкем.

— Сені де. — Әкемді де сүйдім.

Ата-ана!

Мен сендерді бұрын білдім бе? Білген шығармын. Әлде бауыр басқаннан ба? Мынау үйімізге, бөлмемізге қалай бауыр бассам, сіздерге де солай бауыр басып кеткен секілдімін. Біздің үй болмаса, не болар еді? Ал сендер болмасаңдар ше? Рас, кейде сендердің айтқандарың маған ұнамайтын. Маған ақыл айтып, үйретіп сілікпемді шығаратынсыңдар. Бұл кімге ұнайды дейсің?!

Бірақ мен ақымақ екем. Түкке түсінбеппін. Бұрын, тіпті кеше, арғы күні де ештеңе ұқпаппын. Мен жұмыс басты сендерге маған уақыт бөлмейді деп өкпелейтінмін. Мен мектепке, пионерлер үйіне баратынмын, өлең жазатынмын және Николай Степановичпен достасып кеткем. Мен ғашық болдым, ал сендердің істерің жоқ-тын. Тек оқта-текте ғана мектеп, баға жайлы сұрап қоятынсыздар.

Ал қазір, мына соғыс жүріп жатқан кезде... Сендерді бұрын осыншалық білмегеніме ұялдым. Кейде сендерден қорыққаныма, кейде қарсы сөз айтып тастағаныма қазір ұялып тұрмын. Сендер мені кәдімгі үлкен адамдай тыңдап отырсыңдар. Мен өз қалауымша өмір сүрмекпін, ал сендер қоштап отырсыңдар.

Енді ғана көзім жетті. Осының бәрі үшін — өткендегі мен бүгінгі және алдағы болашақтар үшін — сендерді жақсы көремін.

— Бәлкім, әлі де болса кәсіптік оқуға барған дұрыс шығар? — деді апам ойына бірдеңе түскендей.

— Неге кәсіптік оқуға? — дедім түсінбей.

— Міне, шақыру қағаз. — Апам ертең менің № 21 көркем-өнер кәсіптік училищесіне баруым керектігі туралы хабарланған қызғылт қағазды ұсынды.

— Жоқ, одан да жұмыс жасасын! — Әкем осыны айтты да маған қарады. — Дұрыс қой?

Москва аспанын прожектор сәулесі тынымсыз шарлайды. Кеш сайын ауаны қорғайтын аэростаттар әуеге көтеріледі. Оларға да үйреніп алдық. Дегенмен, сақтық шаралары да қабылданатын көп нәрсеге үйрендік.

Соғыстың алғашқы айы көңілге медеу тұтар ештеңе әкелмегенмен, Үлкен театрдың жанындағы алаңда бұрынғыша қалампыр гүлдеп тұрды. Таза тоғандардағы қайың станциясы да жұмысын тоқтатқан жоқ, ал «Эрмитажда» Утесов ән салады.

Мен екі билет алдым да, әскери комиссариатқа телефон соқтым. Ол Утесовты тыңдағанды жақсы көретін, бірден келісе кетті.

— Рас па, менің кезегім еді, біреумен ауыстырайын. Өзің қалайсың? Үлкейген шығарсың?..

Соңғы кезде оны көріп жарымайтын болдым. Соңғы кезде емес-ау ол жұмысқа тұрғалы. Мен оның үйінің маңына келіп, жұмыс аяқталар кезде әскери комиссариат жанындағы Петровкада сандалып жүремін, бірақ көбіне бос жүріс. Не оны кездестіре алмаймын, кездестірсем де ол жалғыз болмайды. Мен оның алтын жағалы форма киген жұмыстастарынан қорқамын. Наташамен бірге шығатын әйелдерден қорқамын. Бәрінен қорқыныштысы — оның анасымен кездесу. Ал анасы, қырсық шалғанда, жұмысқа көбіне Наташамен бірге кетеді және кешкісін бірге қайтады. Ксения Павловнамен екі рет кездестім. Екеуінде де танысқанмен — қорқатынмын. Ол халық комиссариатында сыпырушы болып жұмыс жасайды, ол Наташаның анасы, ол...

Менің түсінігімше, Наташаның әкесі қаза тапқан кезден бастап, жылдан астам мезгілден бері, олардың жағдайы қиын. Соғыс басталғалы тіпті қиындап кетті.

Міне, мен «өстім» бе? Бұл сұраққа әрі қуанып, әрі аздап өкпелеп қалдым. Қалай өстім? Мен бұрын да кішкентай емеспін, ал қазір... Ол ештеңе білмейді ғой.

Келісуіміз бойынша, біз Петровкада жолықтық. Пассаждың жанында. Мен осылай болғаны дұрыс дедім. Менің комиссариат жанында күтіп тұрғым келмеді және оны «крабтардың» қоршауында не жұмыстас әйелдермен, анасымен бірге көргім келмеді. Наташа келгеннен кейін, «мүмкін ол да мені жұмыстастарына көрсеткісі келмеген шығар? Неге Пассаждың жанында кездесуге тез келісе кетті?» — деп ойладым.

Осылай ойлауым мұң екен, әңгімеміз бұзылып сала берген тәрізді көрінді.

— Өсіп қалыпсың, — деді ол.

«Яғни ол мені бала санайды!» — деп ойладым.

— Пионерлер үйінде қалай? Не болып жатыр? «Яғни ол мені әлі күнге дейін пионерлер үйіне барып жүр деп ойлайды», — деп қойдым ішімнен.

— Кетпегенің жақсы болды. Папаңның туыстарына баруға жиналып жүрген сияқты едің ғой? — деп сұрады.

«Папа! Енді менен неге сақал-мұртың жоқ деп сұрауы қалды!»

Ал мен әкемнің ұстарасымен екі рет қырындым. Рас, үйде ешкім жоқта және әдейі Наташа үшін. Бір рет иегімді кесіп алғаным бар. Қылтанақты қырыққанымен, орнына ештеңе шықпай-ақ қойғаны.

Қырыну туралы сөз болған жоқ.

— Туғандарың аман ба? Мамаң қалай?

Оларды көрмесе де, туғандарымды және міндетті түрде анам туралы ылғи сұрайтын.

— Москва — Волга каналы да сіздерге қарай ма? — дедім кенеттен.

Бұл қулық еді.

— Оны неге сұрадың? Иә, — деп қостады, — бізге бағынады.

— Жәй, Москва — Волга каналының газеті бізде шығады, — деп барынша байсалды түсіндірдім.— «Сталин правдасы» деп аталады. Білесің бе?

— Қайда — сіздерде?

Күткенім де осы сұрақ болатын.

— Баспаханада. Мен сонда жасаймын ғой. «Москва большевигі», «Вечерка» басылатын жерде, «Советтік метрополитен», тағы басқа газеттер шығады, — деп салмақтандым.

Ол есінен танып қалғандай көрінді маған. Жақсы! Өзімнің ойлағаным да оны таң-тамаша қалдыру еді. Егер мен үлкен адамша жұмыс жасамасам, мүмкін, «Эрмитажға» Утесовты тыңдауға бармаған болар едік. Утесовқа билет те қымбат-ақ қой, мен алғашқы айлығымның ақшасына алдым.

Паркте әскери адамдар көп екен. Мен «Эрмитажға» өмірімде екінші рет, кешкісін тұңғыш рет келіп тұрмын. Мұны айтқым келмей тұр еді, ол өзі:

— Мұнда қандай жақсы! Дәл осындай деп ойламап едім, — деді.

Москвада тамақ жағы қиындай бастаған, ал «Эрмитажда» балмұздақ, май жағылған не балық қосқан нан сатылады. Қымбаттау. Біз бәрінің дәмін таттық.

Утесовты да тұңғыш көруіміз.

— Саған ұнай ма? — деп сұрадым екінші бөлім бітер кезде.

— Өте ұнайды!

Оның риза болғанын өзім де сезіп отырғам. Дидарынан, біз парктен шыққанда концерт программасын еппен бүктеп сумкасына салғанын сезгем. Яғни қыздарына да көрсетеді.

Содан соң біз қара көлеңке басқан кешкі Москваны шарладық. Бір кездегі, соғысқа дейінгі, пионерлер үйінен келе жатқандағыдай. Москва қазір бұрынғыдай емес, бірақ сол баяғы ығы-жығы халық, мазасыз әрі сүйкімді қалпы.

Наташа екеуміз оның есігінің алдында асығыс қоштастық: радиодан әуе дабылы хабарланып жатты. Мен асықтым. Пятницкая көшесімен Қызыл алаңға қарай жүрдім. Климент бұрышына келгенде шыдай алмадым, — бәтеңкемнің бауын ағыттым. Бүгінгі кешке әдейі киген әкемнің ботеңкесі қысып, жанымды шығарды.

Әуе дабылы Москвада бірінші рет емес-ті.

Есік алдына жете бергенімде, Боря Скворцов ұстап алып, ұрсып сыбады. Бұған Боряның хақы бар-тын. Әуе дабылы кезінде біздің үйдің шатырында күзетте тұруым керектігі мүлде есімнен шығып кетіпті. Бір жұма бұрын бізді өрт сөндіру ерікті қоғамына мүше етіп жазып кеткен. Бастығы үй меңгерушісі де, орынбасары Боря Скворцов болатын. Шатырда екі рет күзеткем, бүгін... Дәл бүгін әуе дабылы болатынын қайдан білейін!

— Неменеге айқайлайсың, онсыз да әрең жеттім! — деп Боряға бұрқ еттім. — Қазір келемін...

Наташаны шығарып салып, үйге шынында да әрең жеттім.

Жасақшылар бірнеше рет кідіртті, әуе дабылы кезінде көшеде жүгіруге болмайтынын айтып ескертті. Мен үйге тез жетуім керектігін және нанымдырақ болу үшін бірдеңені ойдан шығарып бәрін сендірген болдым. Бақытыма қарай әйтеуір ұстап қалған жоқ.

Боря түсіне қойды:

— Қызбен кездесу ме? Роман? Онда болды! Үндемеймін! Түсінем. Және мән-жайды сұрамаймын...

Боряда мен табынатын қасиеттердің үстіне түсінік болатын.

— Ал енді күзетке бар, — деді Боря жай ғана. Күзет орны, яғни, шатыр, дәл біздің пәтердің үстінде болатын, мен бір сәтке жүгіріп үйге кірдім. Анам сыбағамды бергелі жатыр еді, мен сөзін бөлдім.

— Бәрін білемін. Уақыт жоқ! Күзетке кеттім! Дәлізге секіріп шығып, жасырын баспалдақпен жоғары көтерілдім.

Дәл осы кезде әуе дабылы сарнап қоя берді — бір кеште осымен үшінші рет. Мұндай болып көрген емес-ті.

Аспан да бүгін бұрынғыдан басқаша. Жылы, жұлдызды, жазғы аспан. Прожектор сәулелері оны сызғылап жатыр. Бір-бірімен түйісіп, содан соң жан-жаққа тарайды, қайта қосылады. Әлдеқайдан зенит үні келеді. Біресе әрең естіліп, біресе дәл көрші шардақтан шығып жатқандай.

Төменде, есік алдында, бұрыштарда, көрші үйлерде айқайлаған дауыстар:

— Үшінші терезе, оң жақтағы жарықты сөндіріңдер! — Пердені! Екінші қабаттағы терезе пердесін түсіріңдер! — Жарықты сөндіріңдер! Кімге айтып тұрмыз! Тойы несі?! Ақылдарынан алжасқан ба?

Мен өзімді тамаша сезіндім. Ұп-ұзын кең шатырда жалғыз өзім, айналаның бәрі жарқ-жұрқ! Бұл төменде, қақпа түбінде күзетте тұрғаннан әлдеқайда жақсы ғой! Рас, онда кезекшілер көп, оны-мұны әңгіме соғуға да болар еді, мұнда мен жалғызбын. Сонда да жақсы. Мен бүкіл шатырдың, бүкіл үйдің қожасы сияқтымын, менің қазір көріп отырғанымды ешкім де көре алмайтын сияқты.

Зеңбірек үні бірте-бірте толастай бастады. Прожектор сәулелері де алыс көкжиекке ығысты. Алыста тарс-тұрс дыбыстар естіледі, ал менің төбемде жұлдыздар жымыңдайды. Дөңгелек ай өзінің солғын сәулесін көрші үйлердің шардағына түсіріп тұр. Жаз күндері біздің үй маңында көп болатын жылтырауық қоңыздар шырылдайды. Кездейсоқ па, қайдам, әйтеуір біз тұрған жер «Жылтырауықтар бұрышы» деп аталады. Біреуі дәл менің жанымнан шырылдады. Дыбыс шыққан жаққа шатырдың терезесіне қарай жүрдім. Аяғымның астынан темір салдырлап еді, жылтырауықтың үні өшті.

Кенет шатыр терезесінен таныс дауыс естілді:

— Қайдасың? Жүр енді құдай үшін!

Аспан алтын шапаққа оранып, прожектор сәулелері шарлайды...

— Мам, неменеге келдің мұнда? Ұйықтай берсейші! Мен біраз отыра тұрайын. Мүмкін тағы...

— Таң атпай тұруың керек қой! — деп анам қоймады. — Айтпақшы, туған күніңмен құттықтаймын!

— Қазір қанша болды?

— Он екіден жиырма кетті...

Яғни, жиырма екісі. Мен он бес жасқа шықтым! Олай болса, тіпті де, үйге барғым келіп тұрған жоқ. Бүгінгі кеште қанша дабыл қағылды, бірақ әзір айнала тыныш.

— Бара бер, бара бер, қазір келемін!

Мен оны әзер көндіріп, үйге жібердім де, жұлдызды аспан астында қайтадан жалғыз қалдым.

Соғыс кезіне ұқсамайтын тыныш минуттар. Соғысқа дейін түнде неге осылай шатырға шығып отырмадым екен деп ойладым. Айналаның әдемісін айтсаңшы!

Түн тымырсық еді, мен салқын темірге отырдым. Кішкене отырам, содан соң ұйықтауға кетем. Біздің бәріміз өрт сөндіру ерікті қоғамының мүшесі болғанымызбен, әрқайсымыз өзімізге өзіміз қожамыз.

Міне, мен қазір өлең шығарамын. Жалғыз өзің отырып алып, күбірлеп өлең жолдарын айтқанға не жетсін.

Өтеді, өзгереді бәрі жерде,
Қыс өтер, көктем келер нұры тамған.
Бәрібір сен жақсысың бәрінен де,
Ұмытуға болмайды сені мүлде.
Өзіңді ешқашан да ұмыта алман.

Бұл Наташа туралы. Бірақ әрі қарай ештеңе шықпай қойды, енді басқа жолдарды күбірлеймін.

Ұмытпаймыз: тілінген дала, маңды,
Көкшалғынды көмілген тасқа, шаңға,
Ауылдарды, күл болған қалаларды —
Ұмытпаймыз біз мұны ешқашан да!

Бірдеңе шыққан тәрізді. Ертең, жоқ бүгін Николай Степановичке оқып беру керек.

Көршіміз Николай Степанович Позняков — менің үлкен досым. Дос деуім, мүмкін, күлкілі шығар? Николай Степанович жетпіске таяп қалды. Мен бүгін он бестемін. Алайда, біз шын мәніндегі достармыз.

Николай Степанович консерваторияда фортепьяно класы бойынша профессор, әрі Үлкен театрдың балетмейстер!. Оның музыканы ма, жоқ балетті ме қайсысын көбірек ұнататынын мен білмеймін. Бірақ мен оған қызығамын. Өз басым музыканы түсіне бермеймін, балетті де көрген емеспін.

Мен үшін Николай Степанович басқа жағынан қымбат. Өзгелер оның ақындығы мен кітапқұмарлығын білмейді. Ол өлеңді ескіше жазады: сонеттер, романстар.

Маған оның жазғандары ұнайтын:
Алтын, жиһаз жинамадым,
Ұмтылмадым мансапқа,
Ақ шашыммен мақтанамын
Жүрегім жас бал шақта.
Жоғалтпасаң жастығыңды —
Даналығы өмірдің.
Ақын болсаң, жаз шыныңды
Сезімімен көңілдің.
Немесе, мына өлең:
Жас жігіт барады
бетке алып жағаны,
жыбырлап тамағы
арақты жағады.
Жас сұлу қарады,
шақырды жігіттің
жанары.
Екеуі
қайыққа барады:
жас сұлу
қарады,
қайықта
жаңағы
тұр екен жігіттің
қорегі -
арағы.

Біз оның өлеңдерін оқып қоймаймыз. Мен күн сайын Николай Степановичтің кітапхана секілді бөлмесінде ұзақ боламын. Біз көне кітаптарды таңдап оқимыз, көбіне өлеңдерді.

— Поэзия — әлемнің ең ұлы құпияларының бірі, достым! — дейтін Николай Степанович. — Шын поэзия адам жанының мәнін түсіндіреді және жандүниесін жаңартады. Ал поэзиядағы сезім ше! Жалпы өнер — шабыттың жемісі және ләзаттың қайнар көзі, ләззат эликсирі деуге болады, достым! Өнер болмаса адам баласы малмен бірдей. Өнер — әрбір адамға ауадай қажетті тағам. Осыны түсінген кезде ғана адам болған: өркендеген, алға ұмтылған. Және керісінше, инквизация кезінде өнерді де тұншықтырды. Ал бұл инквизацияның өзінің түбіне жетті. Алысқа бармай-ақ мына мысалды алайық — қазіргі Германияда өнер туындыларын өртеуде. Барлық топас адамдар секілді Гитлердің де суреттен хабары жоқ болып шықты. Ал топас, дарынсыз адамдар, достым, қашан да қатыгез әрі оңбаған болады. Өздерінің дарынсыздығы үшін, өздерінің творчествоға келгенде бедеулігінің кегін жұрттан алады. Гитлердің бедеулігі адамзат мәдениеті үшін қымбатқа түседі. Бүгін Германияда ғана емес, фашизм аяқ басқан жердің бәрінде өнер құрыды. Ал, енді, досым, фашизм осы топастығымен өзін құртады.

Өнерді өлтірген өзі де өледі. Жоқ! Өнер өмірдің, өлімнің өзі секілді мәңгі! Поэзия — өнердің, ойдың бейненің абыройлы бөлігі.

Николай Степанович қызынып, әдемі әрі сенімді, кейде түсініксіз сөйлейтін, сонысымен маған одан сайын ұнайтын.

Мен Николай Степановичпен дос болғаныма мақтанатынмын. Онымен бірге болған қызық. Және ол мен үшін даңқты тұлға. Николай Степановичтің жас кезінде Серов оның портретін салған, Третьяковкадан портретті өз көзіммен көрдім. Жақында, соғыстан бір-екі жұма бұрын, Николай Степанович мені Афиногеновпен таныстырған. Мен оның пьесаларын көрмесем де есіміне қанықпын. «Машенька», «Ақымақтар» «Қорқыныш», «Жырақта» туралы да көп естігем. Александр Николаевич Афиногенов Николай Степановичтен бір кітап алуға келген екен — әзілдеп, күліп отырды, мен бізде, өзіміздің театрымыз барын айтқанымда, бір ретін тауып пионерлер үйіне келуге уәде берді.

Үйімізде семья мүшелері — әкем, анам — түгел жиналғанның өзінде, мен Николай Степановичтің жанынан шықпайтынмын. Әкем үндемейтін де, анам ашуланатын. Мен Николай Степановичке ата-анамнан артық сенетінмін. Мысалы, Наташаға арналған өлеңдерімді. Ол жайлы әкем де, анам да ештеңе білмейді. Ал Николай Степановичке өзім оқып берем.

Мен әлгі шығарған жолдарды тағы күбірлеймін:

Өтеді, өзгереді бәрі жерде,
Қысқы қар көктем гүлін сыпырады...

Жоқ, әрине, бұлай жазбау керек. Ал нағыз поэзия деп Николай Степановичтің өлеңдерін айт. Тютчев, Брюсов, Сологуб, Тредиаковскийлердің өлеңдері секілді.

Мынау немене? Прожектор сәулелері біздің үйдің, төбесін тағы шарлай бастады. Зеңбіректер де бұрынғыдан бетер гүрсілдеп жатыр. Оқ ұшқындары шатырды тысырлатып кетеді. Бұл — біздің зеңбіректердің ұшқыны. Мен басымды, бетімді басамын. Енді өлең туралы да, Наташа туралы да, үй немесе Николай Степанович туралы да ойлап тұрғаным жоқ, аспанға қараймын.

Осы кезде!.. Прожектор сәулесінің арасында ойыншық тәрізді самолет көрінді. Жаныңды түршіктірер ұлыған үн мен дүрс еткен жарылыс естілді. Соның арасында шатыр терезесінің жанынан жылт етіп от көрінді де, әлде не ысылдағандай болды. Оттық па? Сонда әлгі оқу плакаттарынан әлденеше рет көріп, естіп жүрген оттық болғаны ма? Ол неге ысылдайды? Оқулық дабыл ма?

Мен шатырдың терезесіне ұмтылдым, бірақ стабилизаторды жалаң қолмен ұстауға болмайды деп үйреткендері есіме түсті. Ұстауға болар еді, әрине, алайда ұшқын атып алаулап жатқанда қорқынышты көрініп кетті. Тегі алаудың ортасында жанып жатқан шаланы қолға алу да дәл осылай қорқынышты шығар.

Тұла-бойым күйіп-жанып барады. Маңдайымнан шып-шып тер шығып, жауырыным шымырлап кетті.

Аспан жыртылып-айырылып, жарқ-жұрқ етеді, ал әлгі оттық әлі ысылдап от шашады. Неге екенін білмеймін аяғыммен теуіп-теуіп жібердім. Оттық шатырдан есік алдына бір-ақ түсті.

Қуанып үлгергенім жоқ — шатырдың екінші басында тағы от шығып, түтіндеп жатыр. Шамасы, сыр өртеніп жатса керек. Мен жүгіріп барып, сасқанымнан күртешемді шешіп, отты бүркедім.

— Есің ауысқанба! — деп ақырды маған Боря Скворцов, жанындағы екі адам менің күртешемді аяқпен таптап жатыр.

— Ақымақ! Мына құм не үшін!

— Сен немене өзің? Оқымысты маубас... Мұндайларға сенсең...

Үй басқармасының даусын танып қалдым.

Олар үйдің төбесіне қайдан шығып кетті — ойлауға шамам жоқ. Құм? Шелек, жәшіктерге салынған құм төбеде емес, аулада болатын. Бұл жерде құмның қандай қажеті бар!

Біз төртеулеп жүріп күртешені, оттықты сөндірдік, тілі жалаңдай бастаған өртті тоқтаттық.

Немен тынғанын білмеймін. Біреу бір шелек құм мен бір кастрюль су әкелді.

Кейін Боря маған біраз ұрысты, үй басқармасымен де шекісіп қалды. Ақыр аяғында мені тіпті мақтады.

— Жалаң қолмен жармасуға бола ма екен! Брезент қолғаптар қайда? Қысқыштар ше? Әйтеуір сасып қалмағанына шүкір...

Ал менің әбден есім шыңты. Қорыққаным өз алдына, мына күртеше бір жағынан...

Ертесінде сағат алтыға қарай, күндегіше баспаханаға келдім. Күндегіше дейтінім, екінші жұма болды — жұмыс істеймін ғой.

Жұмысым пәлендей мықты да, нашар да емес — сырғанатушымын. Атынан-ақ бір нәрсені сырғанататыным көрініп тұр. Ол рас, бірақ ең бастысы бұл емес. Дәу-дәу қағаз орамдарын ротация машинасына домалатып әкелу кез-келген адамның қолынан келеді. Мен сіңірім шыққан арық әрі керемет күшті болмасам да, бұл жұмысқа әлім келеді. Қағаз орамдарын рельстің бойымен арнайы арбашаларға салып сырғанатамыз. Орамды басу машинасына әзірлеу әлдеқайда күрделірек: сыртқы қабатын тез сыпырып алып, машинаға бекіту керек. Басылып жатқанда, қағаз кездейсоқ үзіліп кетсе, тіпті, шатақ. Мықшыңдап, қапелімде түзеп жібере алмасаң, басушылар да, цех бастығы да, тіпті, цехты сыпырушыға дейін ұрсады. Және қалай ұрсады. Алғашқы күндері есім шықты. Жұмыс қызып жатқанда, кедергі бола қалса, әйелі де, еркегі де жақсы сөз таңдап тұрмайды.

— Темір жолда кеселдің бәріне жол бағыттаушы кінәлы болса, ротацияда, әрине, сырғанатушы ғана.

— Егер қағаз осындай болса, мен не істеймін! — деп ақталдым. Маған бәрі қағаздың нашарлығынан секілді.

Қағаздың сапасы кереметтей емес екендігі рас. Көптеген орамдар дымқыл, сап-сары жолақтары бар, лас келетін.

Менің міндетім қиын-ақ: машинаға салынған орам басушылардың қолын бөгемеуі керек және қағаз шығыны болмауы тиіс. Қай-қайсысы үшін де бірдей ұрсады.

— Қағаз қағаз болсын, ал сенің иығыңда басың тұр ғой, қолың да бар! Әлде сенде мидың орнында су ма? — деседі маған.

Мен жыным келіп, маған әдейі тиіседі деп ойлаймын. Жалпы ілкі күндері өзім өз болмай жүрдім. Тіпті, көңілімнің бір түкпірінде күдік оянды: ақымақтық істеген жоқпын ба, асығыстық етпедім бе? Мүмкін кәсіптік училищеге барғаным дұрыс па еді?

Қазір істің бәрі маған байланысты екенін түсініп алдым, қағазды игеруге болады екен.

Бұдан екі күн бұрын цехтың қабырға газетінде мені мақтады. Рас, менің негізгі жұмысым үшін емес, басушылар мен цинкографтарға көмектескенім үшін. Менің жұмыс күнім, барлық жасы жетпегендер секілді, алты сағат. Жұмыс соңынан құйылған беттерді цинкографияға тасимын не өзіміздің ротация цехындағы жөнделген беттерді алып қайта құюға апарамын.

Енді мен сырғанатушы екендігіме ұялмайтын болдым. Үйде де, таныстарыма да қысылмай айта берем. Наташаға да өз жұмысым жайлы айтамын.

Мен енді, өз ойымша, газетті жұрттан бұрын оқимын. Байырғы баспахана жұмысшылары секілді, алдымен дайын болатын төртінші бетті, содан соң үшінші және екінші, ақырында ең маңызды, материалдары баспаханаға соңғы сәтте түсетін бірінші бетті қарап шығам. Әдетте, қай газеттің де бірінші бетінде ең маңызды, ең қызық материалдар басылады.

Газеттер, сенің қолыңнан шығып жатқасын ба, қымбат та қадірлі болып кетеді екен. Исі де жағымды. Бүгін бізді бірінші бет әбден кідіртті. Материалдар таңғы сегізде келді. Бұрын-соң бұлай болып көрмеген.

Егер сен таңғы бесте оянып, алтыда жұмыста болсаң, сағат сегізден асқанда саған түс болғандай сезіледі. 22 шілде күні еді. Менің туған күнім. Соғыс күні. Баспахананың шулы цехтарынан тыс жерлерде адамдар жаңа тұрып жатқан кез. Олар жұмысқа бара жатып газет киоскаларының жанынан өтеді, үйлеріндегі почта жәшіктеріне үңіледі, ал газет жоқ.

Не болған? Бізді осынша кешіктірген бірінші бет не айтады?

Мен бірінші бетке көз жүгірттім де, түсіне қойдым. Бүгін түнде неміс авиациясы Москваға жабық шабуыл жасамақ болған. Яғни, бүгін түнде болғанның бәрі, түнгі кезекте отырып менің көргендерім — әлгі ысқырып от шашып үй төбесінде жылтылдаған оттықтар — осының бәрі неміс авиациясының шабуылы екен! Шабуыл тойтарысқа ұшыраған.

Мүмкін сол жерде, біздің ротация цехында, мен соғыс деп аталатын маңызды оқиғаға алғаш рет қатысқан шығармын.

Бірақ оттықтар? Шабуыл және оттықтар! Немістің екі жүз елу бомба тасушы самолет!! Олар Москваға оттықтар ғана тастады ма? Егер бомба болса ше! Жарылыстарды өзім естідім ғой. Біздің зеңбіректердің үні ғой деп ойлағанмын. Ал, егер...

Түскі үзілісте асханаға барудың орнына цех бастығының бөлмесіне жүгірдім.

— Телефон соғуға бола ма?

— Ол жоқ, — деді маған Наташаны сұрап едім.

Он екіде, смена біткесін үйге келдім де, жалма-жан киініп: Пятницкая қайдасың деп тарттым. Жолым болды. Есікті Наташаның анасы ашты. Үйде екен.

— Наташа жұмыста, — дейді ол байсалды түрде.

— Телефон соғып едім...

— Ендеше бір жаққа кеткен ғой. Бүгін райкомга барамын деп отырған.

Ксения Павловна, байқауымша, маған сенімсіздеу қарайтын тәрізді. Міне, қазір де...

— Ал жалпы мен саған айтқым келгені... — Ол маған қалай сөйлессем жөн екен дегендей бақылай қарады.

— Айтсам, жігітім, оның басын текке айналдырып жүрсің. Ол ұялшақтау болғанмен, кішкентай емес. Егер саған айта алмай жүрсе... Ал оның адамы бар. Біреу емес, оған күйеу болардай адам көп.

Осымен күн кешкірді. Кешкісін басымыз қосылғанда апам жаңалық айтты:

— Бәрібір саған жұмысты тастауға тура келеді.

— Қалай тастауға? Неге?

— Екі күннен кейін біз эвакуацияға кетеміз. Біздің наркомат Куйбышевқа, папаңдікі — Горькийге. Кететін болдық. Өзің таңда! Менімен болғаның дұрыс деп ойлаймын.

Жетіспегені осы еді!

— Мен ешқайда да кетпеймін. Жұмыстан кетпеймін.

— Кетпеймінің қалай? — деп күйіп-пісті анам.

— Қажет болса кетесің, — деп қойды әкем, содан соң, — Лена, мен жайлы бекер айтасың. Оны алдаудың керегі не: мен саған айттым ғой... Ол менің қасымда қалуына болады...

— Жалғыз ба?

— Мен жұмыстан кетпеймін! Кете алмаймын, кеткім келмейді! — деп бұрынғыдан бетер қатая түстім. — Мен он бестемін және мен...

Мен Николай Степановичке оның кітаптарын сатуға уәде бергем, кеш бойы оның кітапханасын қопардық, қайсысын көп саудаласпай бере салуға болады, қайсысына көбірек ақша сұрау керек.

Бір қапқа таңдап толтырдық. Эсхил, Сумароков, Гомер, Бальмонт, Сафо, Тредиаковский, Лафарг, Апулей, Тагор, Саша Черный, Дидро, Гумилев...

Москвада тамақ қиындап кетті, базарда сағат сайын қымбаттап тұр. Карточка бойынша алатын тамақ жаратымсыз. Ал базарда бәрін алуға болады. — Әрине, бірақ ақшаға, затқа да ауыстырады, карточканың талонына сабын, ішімдік, нан алуға болады.

— Кітаптарды сатқасын, той жасаймыз, — дейді Николай Степанович тақтаның үстінде бүрісіп. — Мен саған жаңа бірдеңе оқиын, жарай ма?

Ол шкафтан ескі дәптерді алып оқи бастады:

Жырлар жаздым шабытты
шын жаныммен.
Өмір менен жарықты
жырладым мен.
Жырладым мен түндердің
мұңын, демін,
Үлбіреген гүлдердің
дірілдерін.
Қанат қақтым шыңдарға
бала құстай.
Қарсы жүздім сындарға
жаға құшпай.
Күрестерге шақырдым
жырымменен.
Шын бақыты ақынның
ғұмырлы өлең.
Тыншу емес, от-жалын
өмір мәні.
Жастық отын сақтадым
көңілде әлі.
Кәрілік пен мұңдарға
берілмедім,
жүрегімде тұрғанда
сенім менің!

Біздің үйде от жағылмайтын. Тұрбалар алғашқы аязда жарылып кеткен. Сыртта салқын. Қазанның ортасы, күн қақап тұр.

Жұмыстан кейін кітап толы қапшықты арқама салып алып, жақын жердегі букинистік кітапханаға тарттым. Жабық екен. Келесі кітапхана да, сәл әрегіректегі үшіншісі де жабық. Нан және тамақ дүкендері ғана ашық. Олардың алды кезекке тұрған ығы-жығы халық: карточкаға бір пұттан астық беріп жатыр.

Бұл күтпеген жағдай еді. Жарытымсыз нан үлестерін күні бұрын алып үйренген адамдар кенеттен бір пұттан астық алып жатыр. Шылқыған байлық!

Маған солай көрінді.

Бірақ кезекте тұрғандар мәз емес, қабақтары түсіңкі.

— Астық беріп жатқаны, жағдай онша болмағаны ғой, шамасы. — Кеше, Тачанкада, дәл магазиннің түбінде екі адамды атып тастады.

— Немістер Москваны қоршап алыпты деседі.

— Астығы құрысын! Немісті баса-көктеткенше, аштан өлген артық.

— Заставаларда не болып жатыр десейші! Дүние-мүліктерін тиегендерді жүк машиналарынан лақтырып жатыр. Бала-шаға, қариялар кете алмай жатқанда, біреулер мүліктерін арқалайды.

Бірінен бірі өткен сыбыстар жан түршіктіреді, сондықтан қапшығымды арқалап үй жаққа беттедім.

— Мүмкін, ертең тапсырармын, — дедім Николай Степановичке сенімсіздеу үнмен. Оның көңілін қалдырғым келмеді.

Ал, Николай Степанович болса күтпеген жерден қуанып қалды:

— Жақсы болған, достым! Тапсырмағаның жақсы болды. Сен кеткесін ішім удай ашыды. Кітаптар ғой. Қимаймын. Әсіресе, Саша Черный. Кейін мұндай кітаптар таптырмайды ғой...

— Қайда жүресің осы сен? — Анам ашулы қарсы алды. — Жүгіруге уақыт тауыпсың! Үйде отыршы құдай ақына!

Анамның келгеніне айдан асты. Куйбышевтен бізбен бірге болайын деп қайтып оралған.

— Таза тоғандарда қорған жасап жатыр деседі, сен көрмедің бе?

— Жұрт не демейді, — мен оны мазалағым келмейді. — Мұның бәрі — ОБС — бір кемпірдің айтқаны. Түк емес!

— Біріншіден, былапыт сөз айтпа! Ал, екіншіден, түк, түк емесі жоқ — үйде отыр! Мен ұнға барамын!

— Жоқ, мен барамын!

Ақыры көндірдім, үшеуміздің карточкамызды, қапшықты алдым.

— Үшеуін бірдей алғаның не? — деп ашуланды анам. — Сен үш пұтты көтере алатын ба едің?

Осы жерде мен әбден ыза болдым-ау деймін.

Дегенмен нан дүкеніне барудың орнына Таза тоғандар жаққа тарттым. Осы маңнан қашық емес болатын. Шынында да мұнда окоп қазып, танкке қарсы тікенек қорғандар жасап жатыр екен. Және тек ол жерде ғана емес. Бульвар айналымының бойы, Садовое мен округтік темір жол линиясы — бәрінде де қорғаныс шебі жасалуда.

Ертесінде таңертеңгі радио хабарын тыңдамап едім, жаңалықтарды баспаханаға келіп бір-ақ білдім.

Бүгін алғаш рет метро жабылыпты.

Көпірлерді солдаттар мен ұшқыштар батальондарының жауынгерлері қорғап тұр.

Арандатушылар мен қорқақтарды, ел игілігін талаушыларды ұстаған жерде атып тастау туралы бұйрық шығыпты.

Қару-жарақ шығаратын Москва заводтарының бәрі көшіріліп жатыр.

Майдандағы жағдай ауыр.

Цехтарда халық қорғанысына еркімен баратындардың тізімі жасалынуда.

Не істеу керек?

Есігінің алдында жасамыс жұмысшылар кезекте тұрған цех бастығының кеңсесіне келдім. Стол жанында кеудеше киген ер адам оқушының қиғаш көз дәптеріне өз еркімен баратындарды жазып алды.

— Болды, Митяев. Сағат он екіде заттарыңмен аупарткомның жанына кел, қаруды сол жерде аласыңдар. Келесі кім?

Менің алдымда жиырма шақты адам отыр. Мен де кезектің соңында тұра бердім. Әлгі қабылдаушының жұрттың бәріне беретін жауабын жалықпай тыңдаймын.

— Жарайды, Савельев. Сағат он екіде заттарыңмен аупартком жанында бол. Қаруды сол жерде аласың.

— Мен ішімнен айтатын сөздерімді қайталап тұрмын. Фамилиям, аты-жөнім, туған жылым, комсомол мүшесі екендігім, аудандың комитеттен комсомолдық билетімді алып үлгермегенім ештеңе емес шығар. Қызыл Армияда қызмет еттің бе деген сұраққа мылтық ата алатынымды, «Ворошилов атқышы» нормасын тапсырғанымды айтам.

Мен кезек күтіп тұрғанда, сырт жағымнан баспахана машиналары жұмыс жасай бастады. Бүгін онда ылғи әйелдер...

— Мен сізден кейінмін! — деп ескерттім де өз машинама жүгірдім. Ең болмаса қағаздарды әзірлеуім керек.

Меніңше, ешқашан қағаз бумаларын дәл сол күнгідей тез жыртпаған сияқтымын! Төрт бума қағаз әзір болды. Екеуі машинада, артық қалған екеуін арбаға тиеп қойдым.

Менің кезегім де жетті.

Фамилиямды, аты-жөнімді айттым. Кеудеше киген кісі қаламын сияға малып маған қарады да, жаза бастады. Жүрегім дір етіп кетті.

— Әрі қарай!

— Жиырма алтыншы жылы туғанмын, комсомолец. Армияда болғаным жоқ...

— Жиырма алтыншы? — Жазып отырған адам маған қарады да:

— Болмайды! — деді.

— Қалайша болмайды? Комсомол мүшесімін, мылтық ата аламын...

— Бәрібір. Жиырма алтыншы жылғылар туралы нұсқау жоқ. Өзің армияда болмағансың.

— Армияда қай уақытта болайын.

— Болмайды. Кәне, келесі кім?

Столдан жаңа ғана ұзай берген жұмысшы маған қарап жаны ашып кетті.

— Қайғырма, інім, қағаз цехына бар, онда да жазып жатыр.

Қағаз қоймасында да өз еркімен сұранғандарды тізімдеп жатыр екен, бірақ майданға емес, қорғаныс шебін жасау құрылыстарына баруға. Мен Сходня жақта окоп қаздым ғой.

Не болса, ол болсын! Мені тізімдеді де, сол бойда күрек берді. Он минут өткенде баспахана қақпасынан Таза тоғандар жаққа шықтық. Біз жас-кәрісі, әйел-еркегі бар, жүз шақты адам болдық. Үстімізде май сасыған киім, аяғымызда жыртық бәтеңке. Баспахананың едені аяқкиім атаулыны жеп қояды, сондықтан біз ескі-құсқы киіп келеміз.

Бульвар жағалап мал айдап барады. Тегі алыс жол жүріп қалжыраған сиыр, қой-ешкілер естілер-естілмес, әлсіз мөңіреп, маңыраған болады. Тротуар бойындағы жалғыз-жарым жүргендермен, сирек өтіп жатқан ма-шиналармен істері жоқ.

— Бүгін радионың да үні өшіп тұр. Жақсылық емес қой, — деді жанымда келе жатқан қыз.

Біз жасырын тұрған зенит батареясы мен аэростаттың жанынан ені бір метр, ұзыны елу метр траншея қаздық.

Радио шынында да үндемей тұр. Үй төбесіндегі, бульвар аллеяларындағы репродуктордың бірде-бірі сөйлемеді. Әдетте олар тек әуе дабылы кезінде ғана үндемейді.

— Иә, түсініксіз жай...

Сиырлар кетіп барады. Екі жүз бе, үш жүз бе, мың ба?.. Асфальт бойымен қабырғалары ырсиып, дәл адамдар секілді шаршаған кейіпте Покров қақпалары жаққа кетіп барады.

Ұсақ жаңбыр сіркірей бастады. Күн желкем еді. Шөп пен жапырақтан баттасқан жерді бар күшімізбен қопарып жатырмыз. Күрек өтпей ме, елде қолымыздың икемі жоқ па — жер қапелімде бола қоймады.

Жанымызды сақтап тұрған салқын мен ыза. Ызаланатын себебіміз — түсініксіз үнсіздік, басыңа қым-қуыт ойлар келеді.

Зенит батареясы мен аэростатты сұр шинель киген, өздері де шинель секілді бозарған ылғи қыздар күзетіп тұр. Мен оларды немесе оларға ұқсас қыздарды Москва көшелері мен бульварларда көп кездестіргем. Олар соншалық бақытты, көңілді көрінетін. Мен олардың әскери тағдырына, тіпті, үстеріндегі киіміне де қызыға қарайтынмын. Олар бүгін неге соншалық үнсіз әрі қатал көрінеді?

Бір кездері осы Таза тоғандарда анам мені арбаға отырғызып алып, қыдыртатын. Бір кездері осында алғаш тәй тұрып жүре бастағанмын. Әкем түрлі-түсті шарлар әкелетін. Бір кездері осы жерде балалармен бірге қызыл, шалбар киген цыганның жетегіндегі аюдың соңынан жүгіретінмін. Коньки тебетінмін. Қайық есетінмін. Мейрам сайын түрлі түсті ысқырғыш, қанттан жасап таяқшаның басына жапсырған тауық кәмпит алатынмын. Тегі менен аз-маз үлкендеу мынау қыздар да осы жолдармен жүгіріп жүргенде, Таза тоғандар бір кезде қорғаныс шебі болады деп ойламаған болар. Біз, оқушылар, тіпті, бульвардың бойымен противогаз киіп, осовиахим маршына қатысқанда да ойымызға ештеңе келген емес. Пионерлер үйінен келе жатып осы жерлермен Наташа екеуміз қанша жүрдік. Күні кеше сияқты. Өзінің армандары туралы да ол маған осы жерде айтты. Оның армандарына қызығатынмын. Мына біз қазып жатқан окоптар, қалаға сұғынып ентелеген немістер, зениттер мен аэростат шынымен көңіл аударарлық нәрселер болғаны ма.

Москваға төнген қауіп ешқашан — кеше, оның арғы күні, тіпті, біздің үйдің шатырында, оттықтар жарқылдап, бомба жарылысы естілген түнде де — дәл бүгінгідей сезілген жоқ еді.

Күтпеген жерден келген қауіптің маңыздылығы сонша, жұрт ол жайлы, тіпті, бір нәрсе жайлы, сөз етуді қойды.

Біз үнсіз, қанымызды ішімізге тартып, жұмыс істеудеміз. Бір бірімізді солай да түсініп жатырмыз. Москваның іргесінде не болып жатқанын бүгін, ертең, бір аптадан кейін қаламыздың тағдыры не боларын біздің арамызда біреулер біле ме екен? Білмейтін шығар. Біздің арамызда қолбасшылар да, әскери операциялардың тағдырын шешер стратегтер де жоқ. Біздің білетініміз: қатерлі жай болмауы тиіс.

— Басқалар секілді қаладан кетіп қалмай, ақымақтық істеген болармыз?

Соңғы күндері мамам осыны қайталай береді.

— Сандырақ, — дейді әкем. — Оның үстіне мен қандай жағдай болса да, кете алмаймын.

Әкем екі жұмадан бері казарма жағдайында, үйге келуі тым сирек. Мен көбіне анаммен сөзге келіп қаламын, Москваға ештеңе де төніп тұрған жоқ деп үсті-үстіне дәлелдеймін. Ол келіседі. Өзі де сенгісі келеді.

Ал қазір ше? Шынымен ол дұрыс айтып отыр ма? Жоқ, мүмкін емес! Бәрібір мен ешқайда кете алмаған болар едім. Наташа да Москвада ғой. Жалпы, одан да басқа қанша адам жүр. Москвада, содан соң бұл — Москва, тіпті, қазіргі менің Таза тоғандарға окоп қазып тұрғанымның өзі маңызды. Әсіресе бүгін маңызды және жанымдағы, сосын басқа көше, бульвардағы окоп қазып тұрғандар секілді, мен де мұны түсінуім керек.

Біз жұмыстың қызуымен қарсы үйдің маңдайындағы, бульвардағы репродуктордың қырылдағанын байқамаппыз. Диктордың үні шыққанда ғана, күректі лақтырып тастап, бір-бірімізге қарап:

— Тыныш, тыныш! — дестік. Бірақ ештеңе де ести алмадық.

Біз жер қазуға бұрынғыдан да батылырақ кірістік. Қол мен күрек қана тоқтаусыз қимылдауда.

Жаңбыр басылды. Ауадан түтіннің бе — бірдеңенің күйген иісі шығады. Есік алдарында қағаз, документтерді өртеп жатыр.

— Сен мұнда не болғанын білмейсің ғой! — деп үйге келгенімде Боря Скворцов бас салды.

— Иә, не болды?

Боря мені оңаша шығарып сыбырлады.

— Білесің бе, сенің Эмилия Генриховнаң үйдің Tipкey кітаптарын ұрлап әкеткісі келді!

— Қалай? Неге?

— Қайдам неге екенін! Шамасы, немістерді күтіп жүрген шығар. Содан кейін жұрттың бәрін көрсетейін дейді ғой. Тек онысы болмай қалды! Ұстап алды да, алып кетті оны. Ал, немістер листовка тастап жатыр! Самолеттен. Көрдің бе, не болып жатқанын.

Эмилия Генриховна — бесінші пәтердегі момақан әйел, кенеттен тіркеу кітаптарын ұрлаған. Эмилия Генриховна мені неміс тіліне оқытқан. Анам еді қоймаған. Қосымша сабақтар деп аталады. Ал анам Эмилия Генриховнаны мұғалім әрі жаны жайсаң адам деп жер-көкке сыйғызбайтын. Эмилия Генриховна екеуміз неміс тілінің жалғау, жұрнақ, жіктелуін жаттаймыз, тіпті, балшық солдаттар туралы әнін де қосылып айтатынбыз. Міне, енді — кітаптар, үйлерді тіркеу кітаптары! Жұрттың бәрін, яғни әкемді, анамды, мүмкін мені де неміске ұстап беру үшін шығар? Жексұрын! Біздің үйдің іші тас-талқан. Анам заттарды салып жатыр.

— Не болды?

— Жинал тезірек. Біз кетеміз!

Анам бір түрлі сасып жүрген секілді.

— Қалай кетеміз? Қайда?

— Ештеңе білмеймін! Білмеймін! — деп анам диванға отыра кетті де, жылап жіберді. — Папаң телефон соқты, жиналыңдар деді. Машина жібереді...

Бір сағаттан кейін біз ең қажетті нәрселерді жинақтап болғанда, машина келді. Таныс, жасыл «Эмка». Номерін де баяғыда жаттап алғам МБ 24-10. Бәрі екі чемоданға сыйып кетті, бұрын болмаған жағдай. Әдетте анам жақын жерге барғанда да ыбырсытып затты көп алып жүретін.

— Алексей Александрович затты тиеп, менің хабарымды күтіңдер деген, — деді шофер.

Есік алдында адам жоқ. Мен чемодандарды машинаға салдым.

— Енді не бар? — деді апам.

Ойыма сап ете түсті. Жоғарыға шықтым да өлең жазған дәптерімді және Николай Степановичтің өлең дәптерін алдым. Ол маржандай тізілген жазуымен өзінің өлеңдерін маған көшіріп қойыпты.

Содан соң кітап алдым — Гайдардың мен үшін аса қымбат «Мектебі». «Мектепті» осыдан бір жыл бұрын маған Наташа сыйлап еді және оған Аркадий Петрович қол қойған. Пионерлер үйінде «Барабаншының тағдырын» оқып берген күні.

Біздің үй қаңырап қалды, тұрғындардың бәрі эвакуацияға кетті.

— Дұрыс, кеткендерің дұрыс, — деді Николай Степанович. — Кел, сені бір құшақтайын, достым.

Екеуміз құшақтастық.

— Мүмкін, ешқайда кетпеспіз. Папам күтіңдер депті...

— Әлдеқалай болады деп айтқан ғой, достым...

Қартайған, әрі жапа-жалғыз қалғалы тұрған Николай Степановичтің көзіне тура қарай алмадым. Оны қалай тастап кетеміз?

— Егер біз кететін болсақ, сіз де бізбен жүресіз, — дедім мен. — Қане, Сіздің заттарыңызды жинақтайық. Мама, біз Николай Степановичті бірге алып кетеміз, әйтпесе мен...

— Жинал тезірек... Аламыз... Әрине, Николай Степанович!

Николай Степанович бас тартып еді, мен шкафтың үстінен алып, чемоданын машинаға салғанымда, аудандық комитеттен комсомол билетімді әлі алмағаным есіме түсті. Қалай кетем? Ал, баспахананы не істеймін? Мен жұмыс жасап жүрмін ғой. Машинаға отырып алып, ата-анаммен үн-түнсіз тартып берем бе?

— Мам, мен аудандық комитетке, содан соң баспаханаға барып келейін, — дедім ұяттан өртеніп. Қалай есіме келмеген?

Мен оның ұрысқанына да қарамай, жүгіре жөнелдім. Аудандық комсомол комитетінде вокзалдағы секілді у-шу, аяқ басатын жер жоқ.

Бөлмелер мен кабинеттердің есіктері ашық, баспалдақ, дәлізде толған қыз бен жігіт. Бәрі ығы-жығы, телефонмен айқайласады, бір-біріне әлде нені дәлелдейді, түсіндіреді. Мұның бәрі дәл жүрердің алдындағы қапылыс емес екенін түсіне қойдым! Майданға, батальондарға кетіп жатыр, тапсырма, әлде бір документтер алуда. Винтовка, пистолеттер, граната мен жарылғыш шынылар, плакаттар мен брошюралар да осы жерде беріледі. Бұрыштардағы милиционерлерге дейін жоғалып, жым-жырт бола қалған Москва көшелерінен кейін аудандық комитеттегі мына шулы өмір мені көңілдендіріп тастады.

Мен бірнеше бөлмеде болдым, түсіндірдім — нәтиже жоқ.

— Сен керек болған кезде, өздері-ақ шақырады, — деді маған бір бөлмеде.

— Аудандық комитеттің бюросынсыз билет алмайсың, — деді енді бірінде.

— Кететін болсаң жүре бересіңдағы, — деді енді біреулері.

— Әй, шырағым, қолымызды байламашы, — деді төртінші бөлмедегілер.

Мен ең соңғы шешімге бел буып, «аудандық комитет хатшысы» деген жазуы бар бөлмеге кіруді ұйғардым.

Есік ашық екен. Қару-жарақты, қолдарында бір қағаздары бар адамдар кіріп-шығып жатыр.

Жолым бола кетті. Кабинетке кіргенімде, хатшы ақ халаты бар кіп-кішкентай бала жігітке билет тапсырып тұр екен. Бала жігіттің арқасында автомат, өзі хатшының алдында ерекше салтанатты маңызданып, қаздиып қалыпты, өзінің бойы менен сәл аласалау ма. Бет әлпеті шаршаңқы болғанмен, сұлу екен.

— Құттықтаймын, Женя! Әрқашан биіктен көрінгейсің!

— Рақмет, Геннадий Василич! — деді жігіт билетті алып жатып.

— Рақметің не! Шайтанға көрінсін деу керек! — Хатшы күлді. — Жақсы жер! Тек орынсыз қызбалық етпе!

— Рақмет, Геннадий Василич, — деп қайталайды жігіт. — Жарайды, айтқаныңызды орындаймын.

Жігіт есікке бұрыла бергенде, мен де столға ұмтылдым.

— Геннадий Василич, мен де билетімді...

— Қазір, қазір, кідіре тұр, — деді Геннадий Васильевич, — мына адамдарды жіберейін, содан соң сөйлесеміз.

Комсомол жасынан шығыңқырап кеткен жасамыс адам стол жанындағы мені итеріп тастап, хатшының алдына ұзын стволды ерекше үлкен револьверді қойды.

— Міне, Геннадий Василич, өткенде айтқаным.

— Вася ағай, мынау қай заманның дүниесі? Тіпті, жазуы бар ғой? Блюхерден? — деп хатшы таңдана қарады.

— Бұл дүние азамат соғысын басынан кешірген, — деп әлгі револьвердің иесі сәл өкпелеп қалды.

— Азамат соғысы өткелі қашан, Вася ағай, — Геннадий Васильевич қаруды мұқият қарап жатыр. — Горох патшаның кезінде осындай пушка болған.

— Біреуге баяғыда көрінгенмен, енді біреуге күні кеше секілді. Жастар, сендерге Горох патшаның кезі, ал бізге кеше ғана. Алыңыз, алыңыз, Геннадий Василич, өкінбейсіз. Бұзылмаған, оқ-дәрі салуы да оңай. Он тоғыз жыл көздің қарашығындай сақтап келдім.

— Алам, алам. Ренжи көрмеңіз, Вася ағай, — деп келісті хатшы.

Ол келіп-кетіп жатқандардан босамай қойды. Арасында телефонға жармасады, арасында сыртқа шығып кетеді.

— Оңбаған жексұрындарды ату керек! — деп жатты телефонмен. — Естіп тұрсың ба, табанда атып тастау керек! «Ата алмаймын» деген не? Ата алмасаң, әскери патрульге бер.

Мен терезеден оқта-текте жауынгерлер мен жарылғыштар салынған жәшіктерді тиеген, жеңіл пушкалар мен минометтер тіркеген әскери машиналар өтіп жатқан жым-жырт көшелерге қарап тұрмын.

Геннадий Васильевич мені ұмытып кеткен жоқ па? Хатшы столының жанында адамдар сиреген кезде, бір дем жұтып алып, тағы алға кидірмеледім:

— Сіз маған...

— Иә, иә... Қазір... — деді Геннадий Васильевич. — Айта бер. Жігіттер, кішкене кідіре тұрыңдар, әйтпесе, мына кісі бағанадан күтіп тұр. Иә, айта бер.

Мен аудандық комитетке неге келгенімді түсіндірдім.

— Неге асығасың? — деп сұрады Геннадий Васильевич. — Сен бір жаққа кетіп барасың ба?

Мен «иә» дегім келді де, кенет өзім де күтпеген жерден:

— Майданға кетіп барамын... — деп қалдым.

— Кімнің жолдамасымен? Біздің бе?

Тегі мен қызарып кетсем керек. Қазір менің өтірігім ашылып қалады. Не де болса, басқа жол жоқ:

— Жоқ, әкеммен кетемін...

Шайтан түртіп, «папаммен» деуге шақ қалдым!

— Жарайды, қазір қарайық! — деп Геннадий Васильевич есікке беттеді. — Маған Светованы шақырып жібере қойыңызшы?

Қыз келіп кірді. Хатшы оған менің іс қағаздарымды әкелуін тапсырды. Мен өзімді өзім ұстап бермеу үшін хатшы жаққа қарамауға тырысып тұрмын.

Әйтеуір, іс қағазым табылып, Геннадий Васильевич оқи бастады.

— Қайтеміз. Сіздің өтінішіңізді орындауға тура келеді, — деп ол кенет «Сізге» көшті. Содан соң байқауымша, маған тура қарады: «Демек, жиырма алтыншы болдың ғой?

— Не жиырма алтыншы?

— Туған жылыңды айтамын.

— Иә, жиырма алтыншы жылғымын, — деп сәл тұттығып жауап бердім.

— Лидажан, — деп ол қағаз әкелген қызға бұрылды. — Мына жолдастың документтерін толтырып, билетін қол қоюға әкеліңізші. Бүгін таңертеңгі бюроның протоколына қосарсыз.

Мен өтірік айтқаныма өкіндім: егер хатшыға майданға кеткелі жатырмын демесем, шынында да армияғa не партизандар отрядына сұрануыма болатын еді ғой. Міне, мен секілді, тіпті, бойлары менен аласа комсомолецтерді жіберіп жатыр. Ал мен билетті аламын да ең жігерсіз қорқақтай Москвадан тайып тұрады екенмін. Баспаханадағы қызықты да қажетті жұмысты тастай сала, қауіпсіз жаққа кетемін?

Бүгін менімен бірге Таза тоғандарда траншея қазған баспахана жұмысшылары қазір Москва көшелерінде қолдарына қару алып, немістердің шабуылын тойтарып жатыр. Олар Москваның әр метр жері мен әрбір үйі үшін жанталаса ұрыс жүргізіп жатқанда, мен ма-мам, папаммен тып-тыныш тылға тартып отырмақпын. Комсомолец айтатыны жоқ!

Жоқ, мен жұмыстан кетпеймін. Біреу күшпен зорласа да, ешқайда бармаймын. Болмай бара жатса, жұмыстан жібермейді дермін. Шынында да жүмыстан жібермеуі мүмкін. Біздің ротация цехында ылғи әйелдер мен қариялар ғана қалды. Ендігі жерде әр адам қымбат болатын түрі бар.

Мені әуелі карточка дұрыс толтырылды ма деп тексеру үшін, содан соң Геннадий Васильевичке шақырды.

— Ал енді билетіңді қабылда. Қүттықтаймын, — деді райком хатшысы — Тоқта, тоқта! Сөйлесуіміз керек. Бұл жерде тыным бермейді. Басқа бір жерге барайық. Тыныштау жер іздейік.

Түкке түсінбеген күйімде Геннадий Васильевичтің соңынан ере бердім. Біреу артымыздан жүгіріп келіп, хатшыдан бірдеңе сұрады, өзі оның кеудешесін тартып қояды.

— Шыдасаңдаршы, ағайындар. Қазір келемін, — деп уәде берді Геннадий Васильевич.

Екеуміз әр бөлменің есігін ашып, оңашалық іздеп едік — бәрінде толы адам.

«Ерлер үшін» деген жазуы бар есіктен өте беріп, Геннадий Васильевич әзілдеп қойды:

— Осында кірсек пе екен! Айтпақшы, кідіре тұршы, тіпті, осыған кіруге де мұрша жоқ.

Ақыры транспаранттар үйілген шағын бос бөлме таптық-ау.

— Шаруашылық меңгерушісінің патшалығы ғой, — деді Геннадий Васильевич. — Айтқандай-ақ, осы көрнекті үгіт құралдарының арасында бір адам отыратын еді, оңбаған болып шықты. Сондайлар да болады. Түсінесің бе? Ал, отыр.

Мен басымды изеп, мыжырайған былғары креслоға отырдым.

— Жоқ, түсінбейсің! — деді ол шынымен. — Жарайды, енді басқа әңгімеге көшейік. Неге өтірік айттың? Өтірік айттың ғой? Көзіңнен байқап қалдым.

— Қалайша? — деп ақталған болдым.

— Бұлтақтама! Уақыт жоқ! Майдан жайлы өтірік айттың. Папаммен дедің, содан соң әкеммен дедің. Өтірік қой? Тек шын болсын, комсомолдық сөзің...

Мен не дейін? Үндемедім.

— Баспаханада жұмыс жасайсың ғой?

— Иә.

— Ендеше, — Геннадий Васильевич орнынан тұрды. — Біз саған билет бердік. Менің ойымша, дұрыс істедік. Егер дәл бүгін келмегенде, біз бермеген болар едік. Өзің Москвалықсың ба? Осында тудың ғой?

— Ылғи да Москвада болдым, әке-шешем де...

— Москвалық болсаң, — деді Геннадий Васильевич, — қырық бірінші жылдың он алтыншы қазанын өмір бойы ұмытпа. Ал, өтірік айтудың қажеті жоқ. Келістік қой?

Мен жүгіріп үйге келсем, анам мен Николай Степанович чемодандарды машинадан түсіріп жатыр екен.

— Қайда жоғалып кеттің? Қане, көмектес! — деп анам дүрсе қоя берді.

— Қалай? — деп мен түсінбей қалдым. — Кетпейтін болдық па?

— Иә, кетпейміз. Папаң әлгіде ғана телефон соқты, жүкті түсіре беріңдер, қазір келем деді.

Қуанғаннан екі чемоданды бірдей көтере жөнелдім — өзіміздікі және Николай Степановичтікі.

— Мұның не сенің?! — деп айқайлады анам. — Күшке түседі ғой.

— Ештеңе емес, өзім көтеремін! Мен комсомол билетімді алдым!

— Көрдің бе, бәрі оңға бастағанын! — деді Николай Степанович.

Анам мені құттықтап, содан соң баспалдаққа көтеріле бергенде:

— Айтпақшы, саған Наташа деді ме бір қыз телефон соқты, — деді. -Сәлем айтты. Майданға бара жатыр. Кім ол? Менің есімде жоқ.

— Наташа? Майданға? — Мен қос чемоданды есік алдына қоя салдым.

— Қашан?

— Уақытын айтқан жоқ. Ол кім?

— Жәй, таныс қой.

Басқа не дейін? Мен ол туралы айтқан емеспін.

Наташаның үйінде телефон жоқ болатын. Мен Пятницкаяға жетуге ұйғардым. Мүмкін үлгерермін. Жұмысына хабарласу мағынасыз — алты болып қалды.

Заттарды кіргізіп, машинаны жібергесін.

— Менің бір шаруам бар еді барып келетін. Бір сағатқа, — дедім.

Трамвай да, метро да жұмыс істемейтіні есіме сонда түсті, яғни, жаяу баруға тура келеді. Ал көпірден қалай өтем? Көпірден өткізбейді деген.

— Өзің біл, — деді анам. — Тек кідірме. Папаң қазір келеді. Ең болмаса бүгін бірге болсайшы. Мүмкін ол аз ғана кідірер.

Мен радионы бұрадым.

— Әлі жұмыс істемей ме? Анам басын шайқады.

— Сол сәтте, мен бөлмеден шығып үлгермей-ақ, музыка ойнады.

Бұл жақсы! Яғни, ең қауіпті сәт өткені.

— Хабар онша жақсы емес, — деді анам.

— Бәрібір Москва ешқашан берілмейді.

— Айтқаның келсін...

Көшеге шықтым. Радио даңғырлап Москваны жаңғыртып тұр. Күні бойы тоқтап қалған трамвайлар да жылжи бастапты. Метролардың есіктері де ашылып жатыр. Москва өзенінің көпірлерінде қарауыл тұрғанмен, транспорт та, жаяулар да өтуде. Светофор сәулелері де жаныпты. Олардың маңында милиционер көрінеді. Жаяулар көше тәртібімен қозғалуда. Күндіз кез-келген жерден өтіп жатқан еді. Көше тәртібінің қайнаған жері -Дзержинский алаңында да бағана солай болатын.

Мен трамвайға қыстырылып, әрең іліндім.

Не болғанын болжай қою қиын еді, бірақ әйтеуір бір өзгеріс барын сезіп келемін.

Тек Наташа ғана ойландырады. Ол шынымен майданға кетіп, мен кездестіре алмаймын ба?

Наташаның терезесі барлық үйлердікі секілді жабулы екен.

— Олар үйде жоқ, — деді есік ашқан көрші әйел. — Ксения Павловна қызын шығарып салуға кетті.

— Қайда кетті?

— Ол жағын білмеймін. Заттарын жинастырды да, кетті.

Аудандық комсомол комитетінде айтқан өтірігім шындыққа айналады деп кім ойлаған. Мүмкін ол өтірік емес, болар істі алдын ала сезінгенім шығар?

Қазір Геннадий Васильевичті тым болмаса бір минутқа көргім келіп кетті.

«Мен шынында да әкеммен майданға бара жатырмын, — деген болар едім. — Мен өтірік айтқаным жоқ. «Міне!»

Алайда, бір минут уақыт жоқ еді. Тіпті, аудандық комитетке телефон соғуға да мүмкіндік жоқ.

Ал майданға бара жатқаным рас! Рас, рас! Менің бұған қанша күшім кетті дейсің!

— Әкем бірге әкетемін деп тұр ғой! — Мен папамды әдейі әкем дедім. Солай десем айбаттылау көрінетін тәрізді.

— Шынында да, Лена, — деп қостады әкем. — Ойыншық емес. Неміс деген Москваның түбінде. Бұл жағдай басқалар секілді, бізді де неге ойландырмасқа? Және бұл кішкентай емес қой. Азамат соғысы басталғанда мен неше жаста едім. Есіңде ме?

— Ылғи да, — «мен», «мен».

— Мен өзім туралы емес, ол туралы айтып тұрмын. Үп-үлкен Комсомол билетін алыпты.

Анам жылап-еңіреді, жалынды, тағы жылады, содан соң маған айқайлады — мен сонда да берілмедім! Оған жаным ашығанмен, тістеніп отырып алдым да, дегенімді істедім. Мүмкін, тіпті, мен оны үгіттеген шығармын. Маған солай көрінді.

Енді ол бізді жылап-сықтамай, қиын сәтте майданға аттандыру салтымен шығарып салды.

— Ештеңе емес, бір жөні болар, — деп сыбырлады әкем маған, анам ас бөлмеге шығып кеткенде.

Барлық ер балалар секілді мен анамнан гөрі әкеме жақындау едім. Мен әкемді соғысқа дейін де, қазіргі соғыс кезінде де сирек көретінмін, бірақ біз үлкен істе де, кішкене істе де тіл таба кететінбіз. Әсіресе, әкем анама да айтпайтын кейбір сырларын маған айтатынына, сенетініне мақтанатынмын.

Ертеңіне жиналатын жерде бізге осовиахимнің оқулық ескі винтовкалары мен противогаздарын үлестіріп жатқанда мен әкемнен сұрадым:

— Он алтысында не болды? Көпірлердің бәріне мина салғаны несі және сен үйдегі жүкті машинаға неге тиеңдер дедің? Біз шынында да кетуге тиіс пе едік?

Әкем көп сөзділігімен көзге түспейтін адам еді. Ол өзінің отыз жеті жасынан ересектеу көрінетін, оның үстіне әжімді жүзі мен шашы сиреп тақырлана бастаған басы, анамның айтуынша, ылғи жұмыстан қатып жүреді. Шашының түсе бастауы бұған ғашық әйелдердің көптігінен емес, күнінен бұрын қартайып жүргені — жұмыс бастылығынан деп анам әкеме әзілдейтін (мүмкін, шынында солай шығар?) Мұндайда әкем үндемейтін.

— Яғни, солай болуы керек болғаны, — деді әкем.

— Ал сен ше?

— Жақсы, өзіңді мылжыңдауға ертіп шықпасам да айтайын. Мұны ескер! Егер немістер Москваға кірсе, мен қойманы өртеген болар едім. Міне, қандай шаруа.

Әкем мені халық комиссариаттарының немесе, жұрт айтатындай партия-шаруашылық активінің Москвада қалған қызметкерлерінен құрылған ерекше батальонына өзімен бірге ертіп алды. Ыңғай бермеген үлкен бас-тықтардың алдында қорғады. Тіпті, маған бір жасты қосып айтты.

— Мен ол үшін толық жауап берем. Жігіт, кішкентай емес.

Өткен кездерде әкем көп жыл бойы запастағы комсоставтың мүшесі ретінде әр жаз бойы әзірліктен өтетін, сондықтан да оны бірден штаб бастығының көмекшісі етіп тағайындады.

Бізге арнаулы киім берген жоқ. Кім қалай келсе, сапқа солай тұра берді. Көбі жылы кеудеше, мақталы шалбар киіп, белбеумен буынып алған, құлақшын бөрік пен керзі етік киген. Жауынгерлердің жас шамалары да әр түрлі. Егер мені және бірнеше баланы қоссақ, он алты-он жетіден бастап (мен он алтыдамын деп, тіпті, өзімді де сендіріп қойғам) елулермен аяқталады.

Біз таңертеңгі тоғыздан кете Ленинград тас жолымен жаяу жүрдік. Мен Ленинград тас жолын соғысқа дейінгі балалық жылдардан — ипподром мен «Динамо» стадионы, су станциясы мен Химинск өзен вокзалы, авиация мейрамы күндеріндегі Тушинск аэродромы мен Москваның тымырсық жазғы күндерінде талай барып суға түскен «Щукино деревнясының жанындағы канал арқылы білемін.

Мүмкін сондықтан болар, осындай соншалық таныс жолмен майданға бара жатқанымызға, оның үстіне бұл майдан жақын болғандықтан жаяу бара жатқанымызға бір түрлі сенгің келмейді.

— Қалай, тірісің бе? — Әкем колоннаның бас жағынан қалып, маған келді.

— Тірімін. Немене?

— Білесің бе, қандай нәрсе? Мен бұл жолмен бірінші рет келе жатқаным жоқ, — деді ол. — Сендерде мектепте қалай еді әлгі, өткенді қайталау деуші ме едіңдер?

— Мен де көп қайталағам...

— Ол туралы айтып тұрғаным жоқ, — деп әкем сөзімді аяқтатпады. — Он жетінші жылы революция күндерінде әкемді шығарып салдым. Он тоғызыншы жылы, азамат соғысында өзім. Енді, міне...

Әке! Қызық, мен оны бұрын мақтан етіп көргенім жоқ. Керісінше, менің әкем тым қарапайым секілді көрінетін. Ол жұмысқа барады, ылғи қолы тимей, түсініксіз шаруашылық жұмыстарымен айналысып жүреді, кейде кейіп, көбіне үндемейтін.

Енді, міне, қазір әкем біздің колоннамен қатарласып келе жатыр, оның сөзіне, бұйырығына бәрі құлақ түреді. Бір кезде әп-әдемі өлең жазған, бірақ, шамасы, ол өлеңдерін анамнан өзге ешкім оқымаған менің әкем, Азамат соғысына (Геннадий Васильевич секілді, маған да азамат соғысы деген алыс бір дүние секілді, мүмкін — анадағы аудандық комитетте болған әңгіме есімде — револьвер иесінікі дұрыс шығар?) қатысқан менің әкем Шатурадан әрі Москвадан шығып көрмеген, үйде сирек болатын, бұрын мен оқта-текте бір көретін әкем. Жазда менің жанымда болу үшін емес, ұйқысын қандыру үшін — оның ылғи да ұйқысы қанбайтын — демалысқа шығатын әкем.

Қазір маған ол соншалық қимас қымбат көрініп кетті.

Біздің қаруымыз онша жалт-жұлт етпейді, тіпті, оғымыз да жоқтың қасы. Командирлер жағы әлдебір жаңа пистолеттер алды да, бізге бергені оқталмаған винтовка. Оқты барған жерде береміз десті.

Оның есесіне біздің батальонның алдыңғы жағында басында алтындаған үшкір жезі, «Ауыр өнеркәсіп халық комиссариаты қызметкерлерінің социалистік жарыстағы жеңімпаздарына» деген жазуы бар қызыл ту желбіреп барады.

Ленинград тас жолының бойы, күзгі сарғая бастаған ағаштар арасындағы көгал алаңдары, солдаттардың көпшілігі тамақ пісіретін орындары бықсыған окоптар мен зенит батареяларына толы.

Біз майданға келе жатырмыз. Бізбен қатарласып, қабырғалары көгілдір ақ табличкаға маршруттары жазылған, соғысқа дейінгі троллейбустар келе жатыр. Ленинград тас жолы — қорғаныс шебі, троллейбустар және майданға бара жатқан біздер — осының бәрі бір түрлі қабыспайтын тәрізді.

Біздің жанымыздан біз секілді жартылай азаматтық киім кигендер емес, нағыз қызыл әскерлер және қару-жарақ тиелген әскери машиналар өтіп барады. Біз оларға қызыға қарадық. Сонда да, майданға бет алған осынау үлкен қозғалыста өзіміздің жалғыз еместігімізге қуандық.

Бұдан бірнеше күн бұрын, он үшінші қазанда, «Қазіргі жағдай туралы» мәселе қараған Москваның партия активі болып өткені туралы әкемнен естігем. Қазір Ленинград тас жолының бойымен майданға ағылып бара жатқанның бәрі, солай қарай жаяу келе жатқан мына біз де — сол актив шешімінің орындалуы болар. Мұның бәрі үлкен күш қой.

Біз майдан хабарларын күніне үш рет тыңдайтынбыз. Мүмкін, олар бізді қуантпаған да болар, шынында да жақсылығы аз болатын. Қатал да ауыр хабарлар. Алайда он алтыншы қазаннан кейін, бұған дейінгіге қарағанда, ол хабарлар басқаша қабылданатын болды. Москва маңында елеулі өзгеріс болмаса да, өткен жолғы қорқыныш енді артта еді.

Мүмкін менің жанымдағы жорық сапында келе жатқан, менен сегіз, он, он бес, тіпті, жиырма бес жасқа дейін үлкендері де бар интеллигенттік мамандық иелерінің көңілдері көтеріңкі болуы сондықтан да болар. Троллейбустар бос келе жатқанда, біз жаяу шұбырамыз, қаруымыз Александр Невский кезіндегіден де қарапайым, бұдан да қылыш, найзамен қаруланған артық еді деп солдаттар әзілдесіп қояды.

— Бәрі де болады, — деп әкем маған ғана емес, біздің батальонның барлық жауынгерлеріне айтып келеді.

— Бәрі болғанда біз болмаймыз, — деп әзілдейді, маған шал көрінетін, халық комиссариатының жоспарлау қызметкері, бүкіл жол бойы гитлерді және біреуді барынша сыбап келе жатқан менің көршім. — Наполеон болғысы келеді! — деп оқтаусыз винтовкасын иығына көтеріп қояды. — Тек академик Тарле ол туралы еш уақытта жазбайды! Москваны алмақшы! Тапқан екен!

Бірақ кешікпей ол да бәсеңдеді.

«Қыран» метросынан өте бере біз ойлағандай оңға емес, Волоколам тас жолмен солға бұрылдық. Тағы да ұзақ, бір жарым сағаттан астам, канал мен Тушинск аэродромына шыққанша жүрдік.

Қаладан әлдеқашан шықтық. Деревнялар мен егін алқаптарынан өтіп, тас жолымен кетіп барамыз. Бір жақтардан жарылыстар естіледі, төбемізге тие жаздап самолеттер өтеді, қар аралас жаңбыр сіркірейді.

Шағын орманның бірінен өте бергенде командирлердің бірі:

— Жатыңдар! Танкілер! — деп команда берді. Танкілер жақын келгенде, қызыл жұлдызбен орысша жазуларды айыру қиынға түспеді. Танкілер алқапты басып өтіп, орманға қарай зулап барады. Өз күшімізді көріп қуанған біз балшықтан тез-тез атылып шықтық.

Танкілер колоннасы орманға өтіп кетті де, біз олардың соңынан жаңбыр жуған жолмен келе жатырмыз. Сол жерде алғашқы кідіріс кезінде, жұрттың көбінің солдат өмірінің не екенін біле бермейтіндігі анықталды. Әрине, барлық уақытта асфальтты жолмен жүре береміз деп ойлау ақымақтық болуы мүмкін, алайда жиегіне шыққанның өзінде:

— Саңырауқұлақ теруге адамша шығатын едім, көшеге киетін жалғыз бәтеңкемді бүлдіргенімді қарашы!

— Иә, аяқ киіміміз мұндай жолға жарамсыз екен.

— Шайтан алғыр, аяғымды қысып барады.

— Бәтеңкеге келгенде, қателік жасаған екенбіз, — деп біреулер күңкілдеп қояды.

Қаттырақ айтып жатқандары да бар. Жолдағы мазасыздық пен балшықта үндемеген біреуі бір мезгілде кімге екені белгісіз:

— Соғысқа дейін сынды да, сыйлықты да, қонаққа шақыруды да қабылдаймыз деуші едік! — Кенет өзіне өзі таңданып: — Қызық, соғысқа дейін, — дегені.

Әркім өз ойымен өзі еді.

Орман алаңқайындағы бағанда «Аң аулауға пропуск бойынша рұқсат етіледі» — деген хабарлама тұр. Жанында снаряд қиратып кеткен қақпа жатыр. Шамасы аң шаруашылығына кіретін қақпа болса керек. «Шылым шектің бе, сөндіріп таста! Орманды өрттен қорға! Орман біздің бай...» деген жазуы бар, оқ тесіп быт-шыт болған тақтайша жатыр. Төменгі жағы жұлынып кетіпті.

Бізге граната, патрондар берген екінші кідірістен кейін де жолсызбен бірнеше сағат жүрдік. Менің байқауымша, жиырма шақырымдай жүрген сияқтымыз.

— Сегіз, — деді әкем, — асырып сөйлеме.

Орман мен жер жақын маңдағы жарылыстардан дірілдеп кететіндей. Жарқ-жұрқ еткен ұшқындар. Атыс жақын жерде болғанмен, бізге дыбысы ғана жетіп тұр. Іңір қараңғылығы түсіп келеді.

Арамыздағы шинелі мен әскери дүкеннен жаңа алынғандай қара жиек жүргізген фуражкасы бар батальон командирі команда берді:

— Шылым шегуге бес минут беремін! Кейін уақыт болмайды.

— Бес минут! Кейін уақыт болмайды. Шылымды жең ішіне тығып тартыңдар! — деген сыбыр взводта қайталанып жатты. Шылым шегетіндер еппен түтіндете бастады. Папиросын жеңіне жасырып әкем келді:

— Ішің пысып отыр ма?

Бірдеңе есіне түскендей қалтасын қарап, маған бір сәбіз ұсынды:

— Шайнай отыр. Анаң айтқан, витамині көп деп, құлағыңды орап ал. Салқын.

Күлкім келді. Анам әкеме сәбіз салыпты да, қолғап беруді ұмытып кеткен. Әкеме қолғабымды ұсындым.

— Сен ал. Әкем алмады:

— Мен шылым шегемін. Маған салқын емес. Жарты сағат өткенде біз талқаны шығып бос қалған деревняға жеттік. Бізді қызыл әскерлер қарсы алды. Таң қалғанымыз, олар, тіпті де, қуанған жоқ:

— Кимелеп қайда барасыңдар? Жатыңдар! Не болып жатқанын көрмейсіңдер ме?!

Болып жатқан ештеңе жоқ. Деревняның арғы жағында атыс жүріп жатыр.

Мен әкемді жоғалтып алдым. Оны ғана емес, барлық командирлер көрінбей кетті. Қалай болса солай жата қалыстық.

Атыс күшейе бастады.

Біреу окоп қазыңдар деп айқайлады, бірақ бүкіл батальонда бір де бір күрек жоқ. Біз шұңқырлар мен жыраларға ыңғайлырақ орналасып, винтовканы дайын ұстап жаттық. Қызыл әскерлер біздің алдымызда жатыр. Тегі, біздегі жауынгерлік тәртіп тәртіпке ұқсамаса керек, бірақ басқа амал жоқ. Снаряд, миналар айнала жарылып жатыр, әсіресе, қызыл әскерлер жатқан окоп айналасында жарылыс күшті.

Жиілей бастаған қалың қар жапалақтары лас жерге түсе еріп жатыр. Жерге ертегідегідей жайлап әдемі түседі. Тек оттары жылтылдаған шырша мен Аяз Ата ғана жоқ. Жарылыс оттары, батпаққа бұғып жатқан біз, содан соң алдымызда жатқан қызыл әскерлер ғана бар.

Ақыры от саябырлады. Мен әкемді, құлағын уқалаған батальон командирін, жандарындағы тағы да біздің екі командирді көрдім. Олар бейіттің жанындағы сарай түбінде әскери киімді біреумен, тегі деревняны қорғап тұрған бөлімнің командирі болу керек — сөйлесіп тұр. Байқауымша, олардың әңгімесі біз туралы. Бірнеше минуттан кейін біз еңбектеп сәл жылжыдық та, қызыл әскерлермен қатар, солардың окоптарына жайғастық.

Мен әлі бір де неміс көргенім жоқ, бірақ олар жақын жерде, деревня сыртында екенін сезіндім. Менің көршім, жас қызыл әскер, өздерінің кеше таңертеңнен осы жерде қорғаныста тұрғанын айтып және енді немістер өте алмайды деп сендірді.

— Оңбағандар, қатты атады! Әйтпесе, біздің күшіміз басым! — деп қойды. Содан соң: — Жауда қалғансыңдар ма?

— Жоқ, неге! — деп қарсыластым. — Біз ерекше батальонбыз.

— Ә-ә, ерекше!.. — деп түсінгендей жауап берді. — Дұрыс, дұрыс!

Біз әзірше жау оғының барлық күшін сезінгеніміз жоқ, қорғанған жеріміз шынында да жайлы еді. Деревня төменде, бізге жақсы көрініп тұр. Біз бейіт маңында, биікте тұрмыз ғой, ол жерде ілгері өтем деген кез келген немісті тоқтату түк емес. Тек күн кешкірмей тұра тұрса ғой. Қараңғы түссе не боларын елестете алмай-ақ қойдым.

Немістер көрінбейді. Артиллериялары да үнсіз. Менің көршім су мен балшыққа жабысып қалмас үшін аяғын кезек-кезек қозғап қояды. Окопта лас қана емес, саз балшық. Мен әбден су болдым. Алайда қозғалуға бата алмадым. Бата алмаған себебім, қызыл әскер көршімнің алдында ыңғайсыздандым. Ол өте сақ қой. Бірақ мен қателесіппін. Көршім, тіпті, басқа жай туралы ойлаған екен.

— Мен осындай тыныш тұрғанда көз іліндіріп алайыншы, — деп етігін сарт еткізіп маған бұрылды. — Ал сен қарап жат. Бірдеңе болса... Әйтпесе, үшінші түн ұйқы жоқ.

— Әрине, әрине! — деп қуанып кеттім. Қызыл әскер бір түрлі еппен тізерлеп отырды да, көзін жұмды.

Мен қолымда винтовка, окоптың шетінде, деревняның қисайған қорғанды, жартылай қираған, кейбіреулерінің төбелерін шөппен жапқан, кейбіреуі темірмен жабылған қыраулы үйлері бар ирелеңдеген көшесіне қарап қақшиып тұрмын. Деревняның аты деревня.

Ярослав, Иванов, Тверь, Москва облыстарында мұндай деревнялардың қаншасын көрдім мен. Соның бәрі белгісіз бір ортақ қасиетімен бірін бірі еске түсіреді және мен олардың бәрін бірдей сүйемін. Оларды қоршаған даланың кеңдігін, ормандарын, үлкенді-кішілі өзендерін сүйемін. Ең бастысы, ондағы бұрын мені құшағына алатын еркіндікті сүйемін. Мұнда қалада істей алмайтынымның бәріне рұқсат етіледі: есімнен танғанша шомыламын, балалармен түнгі алау жанында отырамын, орманның жан бармайтын қою ортасына дейін кетем, атқа шабамын, қырманда жүремін, бөтен бақшалардан алма тасимын.

Міне, қазір сондай деревняда тұрмын. Бірақ уақыт басқа. Жанымызда немістер. Тіпті түбімізде деседі.

Бұрын мен мектеп бойынша және аудандық жарыстарда ағаш гранаталарды соншалық қызығып лақтырушы едім. Противогаз киіп те көргем. Ал қазір қызығу да, тіпті, мақтаныш сезім де жоқ, тек күмән мен мазасыздық. Шынымен кеудешемнің қалтасында жатқан гранаталар жарыла ма екен? Егер мен лақтырғанша жарылып кетсе ше? Винтовка ше? Ол жарыстардағы секілді оқтаулы ғой, бірақ кіші калибр емес. Егер қажет бола қалса, атылар ма екен? Кенет атылмай қалса?

Мүмкін мен қорқып тұрған шығармын. Жоқ, жоқ. Жұрттың бәрінде осындай винтовка, осындай граната мен патрондар. Бәрінде! Олар мен секілді ойлап тұрмаған болар.

— Тосыннан бір түрлі шығар? — деді көршім кенеттен.

— Оянып та қалдыңыз ба?

— Ұйықтап кетіппін! Жақсы! — деп жауап берді. — Тосыннан бір түрлі ме деймін?

Мен бәрін түсініп тұрмын, бірақ сыр бермеймін.

— Немене бір түрлі? Түсінбеген сыңай танытамын.

— Жәй, — деп рақаттана есінеп қойып сыбырлайды. — Жаурадың ғой, сезіп тұрмын. Қалтырап кеттің.

Шынында да қалтырап тұрған болармын. Салқын. Аяғым су-су, тісім тісіме тимей сақылдап тұрмын.

— Тоңып тұрғаным жоқ, қайдағыны айтасыз, — дедім. Сенімдірек болу үшін винтовкамды көлденең тастап, мақталы шалбарымды көтеріп қоям. Окопта тұрып, қалтамдағы гранатаны алып, салмақтап көрем, содан соң қайтадан қалтама салам. — Сіз көптен майдандасыз ба?

— Алғашқы күннен, — деп жауап береді көршім. Маған қарайды да, сәлден соң кімге айтып тұрғаны белгісіз — Шылым шеккім келіп тұр... міне, қырсық, — дейді.

Шылым шегетіндерді түсінген емеспін. Содан қандай ләззат алады? Рас, әкем өмір бойы шылым шегіп, анам айтқандай, бәрімізді түтін сасытып болды.

Анам бір күні поликлиникаға барса, дәрігер оған: «Сізге шылым шегуге болмайды», — депті. «Мен шылым шекпеймін, мұныңыз не, доктор!» — дейді анам. «Темекінің исі аңқып тұр», — деп дәрігер сенбей қарайды, «Күйеуім тартады», деп анам әрең сендіріпті.

Енді мына қызыл әскер көршімнің жанында мен де әкем секілді көрінуім керек.

— Мен де шылымға зауқым кетіп... — деп келісемін де: — Сіз қандай папирос тартасыз? — деймін.

Папирос маркаларын, оның ішінде әкемнің «Беломорын» жақсы білемін. Көршім сұрағыма түсінбей таңдана күңкілдеп қояды.

— Қайдағы папирос?! Қара темекі болса да мейлі ғой.

Мына адамға бір жақсылық істегім келеді.

— Мен қазір алып келемін, — деймін. — Кідіре тұрыңыз.

— Қой, әрі! Есің дұрыс па! — Окоптан қарғи бергенімде, көршім аяғыма жармасты. — Жай айтқаным ғой...

— Мен әкемнен «Беломор» алатын едім...

— Әкеңмен жүрсің бе?

— Иә.

— Кейін, кейін аларсың. Қазір қажеті жоқ. Шыдаймын.

Айнала, майдан маңы дейтін емес, тып-тыныш. Бір жерде әтеш айқайлайды, қар ұшқындайды, сиыр мөңірейді, дызылдаған тауықтың үні естіледі. Сидиған ағаштардың басында жас қарғалар ұшып-қонып жүр. Жан баласы көрінбейді, бірақ олар жақын жерде, деревняда. Біресе ана жердегі, біресе мына жердегі мұржалардан күлгін түтін қылаң береді, есіктің сықыры естілді, біреу деревня көшесімен жүгіріп өтті.

Қар жапалақтары біз жатқан сыз окоптың ернеуіне түсіп жатыр. Менің көршімнің бөркі мен шинелі де қар-қар. Ал баспахананың сыры мен майы сіңген менің кеудешем су болғаны соншалық, мен осы киіміммен өзенге түсіп шыққандаймын. Қар үстіме қонып үлгермей еріп жатыр.

Жаңа қазылған окоп маңы әлі сембеген шөптерге толы. Көк шөптің, жапырақ пен қарағайдың, қарамайдың исі келеді. Соғыс шыршаның бұталары мен сырғаларын қырқып тастаған, енді аз ғана күнде олар қар астында күбірге айналады.

Мен жылдың бұл мезгілінде жерде осылай жатып көрген емеспін. Қазан айында, тіпті, қала сыртына шығып көрмеппін.

Мүмкін, Москваның асфальтты көшелері мен тастарының арасында өскендіктен бе, жазғы каникул кезінде аз ғана күнге орман, далаға шығып, қаладағыдай «Жұлуға болмайды!», «Жүруге болмайды» деген қорқынышты табличкалары жоқ, кәдімгі жер мен көк шөпті, ағаш пен бұтаны көргенде керемет қуанатынмын.

Тіпті, қазір де балшық пен лас, соғыс пен немістер жайлы ұмытып кетіппін. Тіпті, тұла бойым жылынғандай рақаттанып жатырмын. Айнала шаршап келіп ұйқыға кететін үйдегі тыныштықтай. Мен шошып кеткенім сондай, көршімді қолыммен түртіп қалыппын.

— Сен немене? — деп сыбырлады. — Ұйықтап кеттің бе?

Күтпеген түсініксіз жайлар енді басталды. Менің алдымда да, қатарымда да атыс. Мен көршім де атып жатқанын байқамаппын. Менімен ісі жоқ, атып жатыр. Ал, мен ше?

Деревняға қарап едім, енді көрдім — үш аяқты мотоциклге мінген немістер! Киношежірелерден, газеттердегі суреттерден көргенімдей, тірі немістер. Екі мотоцикл, төрт неміс.

Мен атып жіберейін деп оқталып ем, мотоциклдер бір орнында тұрмайды. Біреуі шарбақ жанына, екіншісі сарайдың қабырғасына тасаланады. Мүмкін, көздемей ату ақымақтық болар. Дегенмен, мен басып қалдым. Есімді енді жинадым-ау деймін. Патрон алып, сарай қабырғасының шетінен сәл көрініп тұрған мотоциклды көздедім. Көрініп тұрған дөңгелегі мен рульдің жартысын көздеуге тырыстым. Шүріппені тағы басып жібердім, алайда не болып жатқанын білу қиын. Оңымнан да, солымнан да, алды-артымнан да зуылдап жатқан оқ. Мотоциклдің дөңгелегі мен рулі көрінбей кетті. Екінші мотоцикл де жоқ.

Яғни, немістер шегінген болар? Осыны ойлағанымша, көршім:

— Жексұрындар, деревняны алды! Енді бекем бол! Бері шықпаса жарар еді... Фрицтер түнгі қараңғылықтан қорқады.

Атыс он минуттан аспады. Тағы да тыныштық. Алдыңғы жақта бірнеше рет мина жарылды. Маған көршім осылай түсіндірді.

— Минометтен ұрып жатыр!

Бұл да ұзаққа бармады. Осындай тыныштықта неліктен немістер деревняны алып қояды? Әрине, менің көршім қателесіп айтты.

Біздің қорғаныс шебіміздің ұзындығы үш жүз метрдей жерге созылды. Ол бейіттің арғы жағынан басталып, деревняның біз жатқан шетімен төмендегі тоғанға ұласады. Бұталар мен орман ағаштарының тасасынан тоған көрінбейді, бірақ көршім мазасызданып қайта-қайта сол жаққа қарай береді.

— Естілмейді...

— He естілмейді? — деймін мен.

— Онда біздің петеэровшылар бар. Танкіге қарсы қару дегенді естігенмін. Бірақ аз. Түс кезінде айтқан. Қырықаяқтылар батареясы жетуі керек.

Немістер Москваға қарай өте алатын бірден-бір жол тоғанның жанынан өтетінін көршімнен білдім. Жақын маңда басқа жол көрінбейді. Қырықаяқсыз қиын соғатын болар.

— Деревня ше?

— Жол деревня арқылы өтеді. Содан соң көрдің бе, солға, тоғанға бұрылады.

Деревня үнсіз. Немістер бар дегенге сенгің келмейді, оқтың не басқаның дыбысы жоқ.

Кешкі аспанның сүт түстес бұлттарының арасынан ай көрінеді. Оның күлгін сәулесімен қар да, окоп жанындағы су-су шөп те жылт-жылт етеді. Деревняның шетіндегі қисайып қалған шарбақтың жанында қос шырша қарауытады. Шыршалар қисайып өскен, төбесі жұлынып қалыпты. Бала күнгі ертегідегі билеп жүрген адамдарды елестетердей.

— Деревнядан әрі, оң жақта бір нәрсе өртеніп жатыр. Сарғышқызыл ұшқындардан аспан тітіреп тұрғандай. Бейіт жақтан окопқа қорғаныс шебінде бізбен бірге тұрған қызыл әскерлер взводының командирі келіп, даусы қарлыға: «Қалай? Ішектерің жабысып қалған болар?» — деді менің көршіме. Содан соң «кухня түтінін бұрқыратып жатыр», — деп қуантып тастады.

— Қырықаяқтылар келді ме? — деді көршім.

— Бәрі ойдағыдай!

— Онда өмір сүруге болады.

Оқта-текте алыстан дыбыстар естіледі.

— Тынышталып келеді, — деді көршім. — Біз де дем аламыз. Біз деревня көшесінің шетіне қарап жатырмыз. Сол жақтағы төбесі сабанмен жабылған үйдің есігі сықырлады. Тағы бір сықыр етті де, есік ашылып, басында құлақшыны бар құйттай адам шықты, өзі жалаңаяқ, үстінде жұқа көйлегі ғана бар.

— Баланы қара! — деп таңданды көршім. — Міне, керемет! Тыр жалаңаш, құлақшын киіпті.

Бала жан-жағына қарап алды да, басқышпен түсе бастады. Артына қарап, шарбақтың есігіне келді.

— Қазір мамасы емін береді. Салқын тиеді ғой! Қарашы өзін! — деп көршім ыза болды.

Алайда мамасы да, басқа да көрінбеді. Балақай жолға шықты да, бақырып жылап қоя берді. Айдың жарығымен енді анық көрінеді: үш жастың шамасындағы бала.

— Не істесек екен? Өлтіреді ғой оны! Өлтіреді! — деп көршім жаны шығып жатыр.

Басқа окоптарда да баланы байқаса керек. Күрсінген, қорыққан дыбыстар естіледі: «Жүгірсеңші, балақай! Кері кет, кері! Үйге бар! Салқын тиеді!»

Соның арасында артиллерия оқ себе бастады. Артынша автомат зырылдап қоя берді. «Балақай біз жаққа тұра жүгірді. Жолмен жүгіріп келе жатыр, өзі бақырып келеді.

— Қара, қара! — деп көршім мені иығымен түртті. Бейіт жақтағы окоптан біреу атып шықты да, бүкшеңдеп төменге жүгірді.

Мен оның кеудешесі мен қара құлақшынын байқап қалдым. Яғни, біздің адамдардың бірі. Етігі балшыққа тартылып жүгіріп барады, бейіт жақтан: «Тоқта!» деген айқайлар естіледі. Бірақ ол жолға қарай жүгіре берді. Кенет ұшып түсті. Жолға бір аттам қалғанда, алдынан оқ гүрс етті.

— Өлтірді! Шынымен өлтірді ме! — Енді көршімді мен мазаладым.

Әлгінде ғана бала жүгірген жерде түтін бықсиды. Басқа түк жоқ. Мені жөтел қысып барады. Жөтелі несі? Тіпті тоқтата алар емеспін.

— Тоқтай тұршы сен! — деп көршім қолын сермеді. — Ол тірі, қара, еңбектеп келеді.

Баланы құтқаруға жүгірген жауынгер шынында да еңбектеп келеді. Бір кезде орнынан атып тұрды да кері окопқа қарай, жанұшыра жүгірді. Қолындағы пистолетін байқап қалдым, құлақшынсыз басы көзіме түсті — шынымен әкем бе? Сүйткенше таныс мүсін жүгіріп өтті. Әрине, әкем!

— Сол, сол! — деп көршіме айқайладым, бірақ менің айқайым мен көршімнің дауысы жақындаған мотор үніне көміліп қалды.

— Танкілер! Граната әзірлеңдер! — деген команда естілді. Бейіт жаққа өткен әкемді енді көре алмадым. Қарсы алдымызда деревня көшесімен алып танкілер келеді.

От! Атылды! Тағы атты! Бас танк біздің шебімізді атып келеді. Оның артынан шұбаған танкілердің гүрілі құлақты жарып барады. Тағы атты, сол жақтан ұрды. Енді оңға бұрылды. Бізге тура келе жатқан бас танк әлгі балақайды да өлтірген ғой.

— Сен немене, есіңнен тандың ба? Граната бер!

Көршім маған айқай салды.

Танкілер кілт бұрылып жолға түсті. Бірден бұрылып кетті! Бүйірінде қап-қара кресі бар бас танк әлгінде ғана түтін бықсып жатқан жерден өтіп барады. Соңынан екінші, үшінші, төртінші, жоқ, оның орнында бронетранспортер, одан кейін мотоциклшылар отряды келеді.

— Граната бер дедім ғой! Граната! — деп айқайлады көршім, гранаталарды жол жаққа лақтырып жатып.

Мен «лимонкаға» жармасып, танкілер келе жатқан жаққа лақтырып жібердім.

— Не істеп тұрсың өзің?! Жаяулар жаққа тастасаңшы! Бұл граната танкінікі емес қой! — деп, екінші «лимонканы» кезей бергенімде, көршім тағы ақырды.

Шынында да! «Лимонканың» жарылысына танкінің қыңқ етпейтінін ойламаппын. Көршімде танкіні құртатын гранаталар.

Мен үшінші, төртінші гранаталарды лақтырдым. Сол сәтте оң жағымыздан керемет атыс басталды.

— Айтпадым ба!? Біздің қырықаяқтылар! Батареялар жұмыс жасады! — Көршім қуанғаннан ұшып кете жаздады.

Мотоциклшылар жол бойында пышырап кетті. Алдыңғы танкілер мен бронетранспортер оларды кідіртіп тастады. Танкілер тоқтап қалды. Бас танкі жол жиегінде, жынданғандай, ажылдап айналып тұр. Тағы екеуі алдыңғыдан өтіп кете алмай, дірілдеген күйі бір орында қалды.

Жол бойында не болып жатқанын түсініп болар емес. Атыс, снарядтан атылған металл сатыр-сұтыр түсіп жатыр. Мотоциклдер мен автомат оғының үні. Бронетранспортердің түтіні аспанға атты. Немістер айқай салып команда беріп жүр.

— Бұқ! Еңкей деймін, көрдің бе бізді көздеп жатыр!

Көршімнің айқайын естіп еңкейгенмен, оқ пен оттың арасында бізді кім, қай жақтан атып жатыр — біліп тұрғаным жоқ.

Сол кезде біреу оң жақтан менің атымды атағандай болды. Мен бұрылып оңға емес, арт жағыма қарап ем:

— Мұнда кел! Байқа, еңбекте! — деген дауысты естідім.

— Кімге айтасыз? Маған ба? — деп айқайладым.

— Саған, саған! Байқа, байқа!

Мен винтовкамды қысып, окоптан секірдім де:

— Шақырған сияқты... — дедім көршіме бұрылып.

— Жат, миғұла! — деп көршім жан даусымен айқай салды, мен балшыққа жалп етіп құладым. Дәл сол сәтте жанымнан оқтар зуылдап жатты. Шынымен мені көздеп жатыр ма?

Мен балшықтың үстімен еңбектеп, арт жақтағы окопты винтовканың дүмімен қаза бастадым. Ескерткішке ұсап серейіп тұра келгенше, бірден осылай етуім керек еді.

Окоптан өте беріп, таңертең Ленинград тас жолының бойында өзіммен қатар жүрген қарт есепшінің аяғына сүріндім. Сүйемелдеп мені тізерлеп отырғызып:

— Болмайды бұлай. Жалаңтөстіктің қажеті не. Қане,бірге болайық, — деді жаймен.

Біз еңбектеп бейітке қарай жылжыдық. Бейіт төбенің ең басында, ол жақта да біздің адамдар бар. Енді оларды анық көрдім. Бірнеше жауынгер немістерден әдейі жасырып қойғандай екі жағы бейіт және теректермен тасаланған жолдың бойында тұр.

— Мені шақырған кім? — дедім бейітке жетпестен бұрын, қарт есепші үндемеді. Естімеді ғой деймін.

Әкем ылғал шөптің үстіне оң қолын созған күйі, құлақшынсыз, кеудешесінің омырауы ағытылып жатыр. Қан ішінен ағып жатқанда, қолы жансызы несі... Мен ештеңеге түсіне алмадым.

— Сенбісің? Міне... — деп маған көздері шарасынан шыға жаздап қарады. — Міне... Сенің де алғашқы сынағың... Сәбиді айтсайшы... Құтқара алмадым... Қорқынышты... Бөріктің ішінде басы ғана... Денесі жоқ. Аузы ашылып жатыр. Сен немене? Қапаланба? Мен өмір сүремін. Маған тек су бермеңдер. Болмайды! — деп ернін тістеп ыңқылдады.

Жанымда батальон командирі тұрған.

— Не істеуге болады? А? — деп оның жеңіне жармастым.

— Ештеңе етпейді, досым, бәрі де реттеледі, қазір зембіл әкеледі, содан соң дәрігерлік көмек жайын білеміз. Егер дәрігерлік батальон алыста болса, артиллеристерден машина аламыз. Сен әкеңмен бірге кетесің.

— Ал анда ше? — деп ұрыс жүріп жатқан жақты көрсеттім.

— Анда деген не? — деп комбат шатынай қалды. — Айттым ғой әкеңмен кетесің деп! Түсінікті! Болды.

— Мен ол туралы емес...

— Мен сол туралы! — деп қаттырақ айтты да, сәл жұмсарған жүзбен: -Немістерді тоқтаттық. — Балаға жүгірген кезде ештеңе жоқ еді, кенет жете бергенде...

Біз санитарлық машинамен шарламаған жеріміз жоқ, бірақ дәрігерлік батальонды таппай қойдық. Бейіттің жанында әкемнің жарасын таңған дәке әбден шылқып кетті, сондай аянышты көрінді. Әкем қырылдап ауыр дем алған сайын, менің де жаным шығып отыр.

— Сен ойлама... Мен саған шын айтамын, — деп күбірлейді. — Шын айтам — мен өмір сүремін. Сен білесің ғой, мен оның алдында кінәлімін... Сен... Сен жігітсің... Балаға жаным ашиды. Оңбағандар. Танкімен сәбиді атып...

— Бір нәрсе жасау керек! Бұлай болмайды ғой! — деп машинамыз батып шыға алмай жатқанда кабинадағы шоферге бардым. — Дәрігер табу керек!

Шофер кабинадан шығып, шанақтағы әкеме қарады да:

— Мүмкін Москваға тартармыз? Дұрысырақ болар! Кешікпей Ленинград тас жолына шықтық. Енді тезірек қалаға жетсек екен!

Бесінші тәулік өткенде әкемді жерледік. Адамды жерлеудің осынша қиыншылығын мен ойлап па екенмін? Кездейсоқ, көшеде тап болған бір кезде әкеммен қызметтес болған кісі екеуміз төрт күн бойы бейіттерді араладық. Ақшаның да, ақылдың да көмегі тимеді. Үш бөлке нан, екі жартылық, бір айлық тамақ карточкасы — бәрі таусылды.

Әкемді неміс бейітіне жерледік. Неміс бейітіндегі жүздеген неміс фамилияларының арасында енді неміс минасынан қаза тапқан орыс фамилиялы адам жатыр. Рас, бұл қауымның басқа, орысша да аты бар. Введен таулары...

Бірнеше күн өтті. Әскерге қайта оралу туралы ойымның бекер екенін түсіндім. Екі тәулік іздесем де, біздің адамдарды таппадым. Әскери комиссариатта мені тыңдағылары да келмеді. Біздің ерекше батальонды жіберген пунктте көңіл жұбатарлық ештеңе айтпады: батальон быт-шыт болған, тірі қалған жауынгерлер армияға қосылған. Егер мен сонда винтовкамды ұмытып кетпеген болсам... Иә, онда басқаша болар еді.

Мен баспаханаға қайта оралдым. Жұмыссыз сандалып жүрмес үшін келдім. Анамның мойнына мініп отыра алмадым. Жұмыс жасамағанмен, анам донорға қан тапсырып тамаққа қосымша карточка алады.

Түн сайын үй төбесіндегі шардақта күзетте тұрамыз. Неміс самолеттері бұрынғысынша түнімен Москваға шабуылдайды. Немістер қалаға жүз, екі жүз, кейде, тіпті, үш жүздеген машинамен топ-топ болып келе жатады. Оларға Москва маңында жерде де, әуеде де тойтарыс береді. Аман қалған «юнкерстер» мен «хейнкельдер» қала шетіне Москва маңындағы саяжайларға бомба тастайды. Анау бір кездері орман сыбдырлап, өзендері сылдырлай ағып, адамдар демалып жүретін Москва маңы бомбалануда. Соғыстың санаулы айлары өткенде бомбалар ол жерлерді арса-арса етіп жыртып кетті.

Біздің баспаханада жау басып алған жерлер үшін листовкалар мен газеттер шығарылатын: Смоленскінің «Рабочий путь», Брянскінің «Брянский рабочий», Калуганың газеті, аудандық газеттер. Олардың әрқайсысында «Неміс басқыншыларына өлім келсін!» деген сөздермен қатар «Оқы да, жолдасыңа бер!» деген жазу болады.

Бұл газеттер ротация машинасында басылып жатқанда, біз өзімізді бір түрлі, басқаша сезінетінбіз. Москваның үйреншікті өзге газеттерін басқандағыдай емес. Бұл газет-листовкалардың әр саны ерекше маңызды. Баспаханадан шыққан бойда ол листовкалар мен газеттерді бума-бума күйінде бірнеше сағаттан кейін немістер жайлап жүрген біздің жерлерге тастау үшін әскери адамдар аэродромдарға әкетіп жатады. Бұл листовкалар, газеттер фашистерге де жетеді ғой, дегенмен, біздің адамдардың да қолына тиеді, оларға орыс сөзімен қоса оларды ұмытпайтындар бар екені жайлы үміт пен сенім апарады.

Немістер үшін біз арнайы листовкалар басатынбыз. Көптеген баспахана жұмысшылары секілді, мен де неміс тіліне мықты емеспін. Бірақ листовкаға немісше ғана емес, орысша да жазылған «пропуск» деген сөз керемет көрінетін. Листовка қолына түскен неміс бірден беріледі. Листовкалардың осынша көп басылуы, соғыс жуық арада бітеді деген сөз. Мен енді соғыстың аяқталар күні туралы ойлайтын болдым.

Он алтыншы қазанның өткеніне бас-аяғы екі жұма болса да, Москва дәл сол күнгідей емес, өзгеріп кетті. Мәліметтерге қарағанда, майданда да көп өзгеріс жоқ. Немістер қаланы жартылай қоршап алды. Қорғаныс жайы күн өткен сайын қаталдана бастады. Салқын да, аштық та жағадан алуға айналды.

Ал, көңіл-күй ше! Адамдардың көңіл-күйі деген үлкен нәрсе екен. Біздің адамдар, егер біреу немістер Москваны алуы мүмкін десе, оны дереу дұшпанындай талап өлтірер еді. Бірақ ешкім де бұлай айту түгілі, ойлаған да жоқ. Он алтыншы қазаннан кейін орнаған темірдей тәртіп қаланың өмірін өзгертіп жіберді.

Көптеген мекемелер Москвадан көшіп жатты. Сонда да қалған адамдар көп-ақ. Көшірілген заводтардың орнында әуелі шеберханалар, біраз күн өткесін самолеттер мен танк, машина мен қару-жарақ жөндейтін цехтар жұмыс жасай бастады. Бұрынғы консерв заводтары енді снаряд, граната, ал сүт, лимонад, сыра құйылатын жерлерде өртенгіш зат құйылған бөтелкелер шығарылады.

Орталық автомат лабораториясы секілді, керемет деген ғылыми лабораториялар қарапайым автомат тетіктерін жасады. Жүздеген сырт киім ательелері бір ай бұрын жабылуға әзір болса да, майдан киімдерін тігуге көшті. Ішкі киім, әсіресе, жылы заттар жетіспейтін. Қалада армия үшін сыйлық жинау басталды. «Майдан үшін жылы киім — жеңіс кепілі». «Сен майдандағыларға сыйлық жібердің бе?», «Отанды қорғаушылар сенің қызуыңмен жылынады!» деген плакаттар ілінді. Газеттер өлең жариялады:

Жауынгер жаумен алысып,
Талықсып келген кезінде,
Жүргендей елмен табысып,
Жылынар сендік сезімге!
Сезімге біздің оранып,
Жылынар қыста тоңғанда.
Аттанар сосын ол анық
Алдағы жеңіс жолдарға.

Халық комиссариаттары да жұмыс жасап жатты: түгелдей басқа жаққа көшірілген олар бұрынғы орындарына қайта келді, әуелі жекелеген қызметкерлер, содан соң бөлімдері.

Жұрт күнде таңертең жұмысқа барады, кешкісін үйге оралады. Терезелерін қараңғылайды, кешкі тамаққа ол-пұлды қорек етіп, содан кейін түнгі кезекшілікке немесе үйлерінде жас балалары болса, метроға барып түнеуге кету үшін оралады. Трамвай, автобус, троллейбустар да тоқтаған жоқ. Жер астымен метроның ылғи да адамдарға лық толы вагондары зырлауда. Көше қиылыстарында светофорлар жымыңдап, милиционерлер де тұрады. Көшелер мен бұрылыстарда әскери тексерушілер жүреді. Дүкендерде карточкаға тамақ береді. Жабылмаған кино, театрларға бас сұғу қиын еді: буфеттерінде қымбатқа болса да колбаса, ірімшік қосқан нан сатылады!

Анам қайта жұмыс жасады. Халық комиссариатына орналасты. Онда карточкасыз суфле беріледі екен. Біреулер суфле деген тамақ емес деп соғады. Бірақ бұл сөздер менің миыма кіріп-шықпайды. Аштығыңды тез басып тастайтыны үшін мен суфлені ұнатамын. Баспахана асханасындағы күн сайын жейтін бір қасық бидай көжеден кейін суфле дегенің маған қол жетпес тамақ көрінеді.

Бүгін анам телефон соғып, суфле бар деді, содан соң кішкене кідірді де:

— Ерінбесең мені қарсы алшы,—деді.

Кешкі жетіге таяу, мен Ногин алаңы мен Разин көшесінің бұрышына келдім де, халық комиссариатына кіре берісте анамды күттім. Жұмыс аяқталуына екі-үш минут қалды. Келесі үйдегі радиодан... «үшінші белгі Москва уақыты бойынша он тоғыз сағатта беріледі» деп хабарлап жатыр.

Менің алдымда автобус, автомашиналардың көгілдір жарығымен көмескі жалт-жұлт еткен кешкі күңгірт алаң, Москвада әлі қар жоқ. Кейде жаңбыр аралас жауғанмен сол бойда еріп кетеді. Қазір салқын, бірақ ауа райы ылғал емес. Ильинск скверінің жазық бойымен аузы-мұрнынан шыққан трамвайлар ерсілі-қарсылы ағылуда.

Радиодан «уақытты тексерудің» соңғы үшінші белгісі естілгенде, анам да шықты. Дәл сол сәтте жан шошытар күшті соққыдан жер дірілдеп кеткендей болды. Қара түтін, от пен шаң Ильинск скверін тітіретіп жіберді, шыңғырған дауыс, қираған терезелер... Ногин алаңымен төмен түсіп келе жатқан екі трамвай аударылып, скверге аунап қалды.

Жай жарылыс па, бомба ма — не болғанын түсіну қиын еді. Біз Разин көшесімен жүгіріп отырып Қызыл алаңға беттедік.

— Тезірек, тезірек, үйге жетейік! — дейді анам.

— Онда кері жүру керек қой. Мұнда неге келеміз? Анам тоқтап:

— Иә, иә, кері қарай екен ғой... — деп күбірледі. Ногин алаңында ығы-жығы халық. Сол жақтағы скверден жүргізбей жатыр. Біз оң жағынан өтіп, әрең дегенде екі жүз метрдей ұзадық.

Көпір алаңында қып-қызыл қан, адамдар! Өліп жатқандар, жараланғандар, тірілер.

— Папа, папажан! Кетейікші, папажан! Қорқам! Ой, қандай қорқынышты, папа! — Қызыл галстугі пальтосынан шығып кеткен бала есі шығып айқай салып тұр. Ол галстугін түзеп, әкесін көтеріп тұрғызғысы келгенмен, әлі жетпейді. Әкесі тротуар үстінде, тамағын оқ қиып кетіпті.

Қарт кемпір ауыр денесін әрең қозғап, бес-алты жасар жаралы қызды — шамасы немересі болар — көтеріп барады.

— Хайуанаттар дүкені ше? Әже, тасбақа әперем дегенің қайда? Өзің айттың ғой? — деп немересі шырылдайды.

Шыңғырған адамдар — бала, ерлер, әйелдер. Саулары да, жаралылары да шыңғыруда.

— Мен жүре алатын емеспін, кейін кетейікші, — деп сыбырлады да, анам мені жетелеп ала жөнелді.

Біз кері жүгіріп, қызыл әскерлер қоршауынан әрең шықтық. Скверді түгел қоршап алған. Санитарлық машиналар бірінен соң бірі ағылып жатыр, олардың дыбысы сарнаған, айқайлаған адам үнімен қосылып жатыр.

— Солянка арқылы кетейік, — деп анам мені әлі жетелеп келеді.

Соңымыздан сирена азынап қоя берді, іле диктордың дауысы естілді:

«Азаматтар! Әуе дабылы! Азаматтар! Әуе дабылы!» Біз үйге таянғанда да радиодан әуе дабылы жайлы тынымсыз хабарлап жатты. Жүгіріп жүрген біз ғана емес, көшеде біздің үйдің бұрышында да әуе дабылынан қашып үйлеріне жүгірген адамдар. Осынша күшті жарылыс пен кешігіңкіреп хабарланған әуе дабылы үйреншікті тәртіп пен бейқамдықты қуып жібергендей.

— Ал, бидон қайда? — деді кенет анам.

— Білмеймін.

Ол қолын сермеп:

— Садақа болсын! Не деген сұмдық! — деді. Қақпа алдында «жедел көмек» тұр екен. Мен оны алыстан байқап, асыға басып келем.

Не болып қалды?

Ақ халатты адамдар зембілдерді машинаға салып есіктерін жауып кетті.

— Кеттік.

— Не болды?

— Не болсын, — деп басқа тұрғындармен қатар тұрған үй басқармасы үмітсіз кейіппен қолын сермеді. — Осындай ақымақтық болар ма! Дабылсыз, ештеңесіз! Аяқ астынан!

— Кімді әкетті, кімді? — деп, не болғанын түсінбеген мен қайталап сұрадым.

— Скворцовты, сенің досың Бористі...

— Боряны? Қалай?

— Шардақта құмды байқап жүр еді. Сол кезде... Жарылыс толқыны соғып... Біз келгенше ол...

Анам екеуміз үйімізге көтерілдік. Дәлізде жын ойнағандай. Сылақтар түсіп қалған. Ac бөлмеде терезенің қорғаны сынған, әйнектер еденде жатыр. Бөлменің есігін әрең аштық, онда да быт-шыт, жел ұлып жүр. Әйнегі қираған терезе жақтауы қисайып қалыпты.

— Николай Степановичті естіген шығарсыздар? — Көрші кемпір есіктен қарап, бір түрлі кейіппен сөйледі. — Әлде білмейсіздер ме?

— Не болып еді?

— Ой, сұрамаңыз!

Мен жүгіріп Николай Степановичтің бөлмесіне бардым да, не болғанын қапелімде түсіне алмадым.

— Шкафтың астында қалды. Білесіз бе, шкафтың астында, — деп түсіндірді көрші.

Николай Степановичте дем жоқ. Кітап толы шкафтың астында қалған қарт өліп кетіпті. Бұл шкафта Николай Степановичтің өтініші бойынша мен сатуға жинақтаған, бірақ сатып үлгермеген кітаптар да бар.

Шкаф қозғалар емес. Ақыры қалай екені есімде жоқ, әйтеуір орнынан жылжытып, Николай Степаневичті суырып алдым. Жанында дәптер жатыр. Өзінің өлеңдері жазылған дәптер. Моншақтай тізілген жазу. Өзінің жазуы. Көзімді жүгіртіп ем, менің атым мен фамилиям жазылыпты. Бұрын оқымаған өлең, өлең жолдарын да шолып өттім.

Қалқам, ертең оянады ормандар,
Кешікпей-ақ оянады
Барлығы.
Бұталар да әлі-ақ, ертең құлпырып,
Бүр атады,
Нұр құяды санаға.
Жазира бел дидарында күн тұнып,
албырайды — гүлге айналып бара ма...
Сонда мен де — көптен күткем ынтығып,
Тартып кетем — жер жанатты далама.

Маған айтқаны ма? Бұл өлеңдерді Николай Степанович бұрын оқыған емес. Мүмкін соңғы өлеңдері болар? Соңғы!

Боря Скворцов... Николай Степанович... Анау скверде қырылып қалғандар... Бір сәтте осынша өлім!

Бұл кезде мен тағы бір өлім болғанын білгенім жоқ. Неміс торпедасы түскен Орталық комитеттің үйінде Николай Степановичке келіп жүретін ақылды да көңілді адам, белгілі драматург Александр Николаевич Афиногенов қаза болыпты.

Осының бәрі бір кеште — 1941 жылғы 29 қазанда, әкемді жерлегеннен кейін алты күн өткенде болған еді...

Біз үш күн бойы Солтүстік өзен портында баржыдан жүк тасыдық.

Қыс болса келіп қалды, үлгеру керек болды. Аяз түссе болды, су қоймасы мен канал қатып қалады. Ал баржалар қысқы кеме жөндеу орнына жетіп үлгерулері қажет.

Біз көп емес едік: түрлі мекемелерден жіберілген қырық шақты адам, ал жүк тиеген алып баржа екеу болатын. Тайғанақ темір баржалардың үсті адам айтқысыз суық.

Мені және тағы екі жас жігітті баспаханадан осында жібергенде, біраз адам қызығып қараған:

— Онда, тым болмаса, тамақтарыңды тойғызасыңдар. Тегі азық-түлік не жеміс-жидек түсіретін шығарсыңдар.

Шынында да аштықтан көзіміз қараятын.

Бірақ Солтүстік портта қарнымыз қарық болатын ештеңе жоқ екен. Біз баржадан қап-қап тұз бен тігін фабрикасына келген бума-бума маталар түсірдік...

Таңғы сегізден кешкі сегізге дейін жұмыс жасаймыз да, сол портта ұйықтаймыз: біреу директордың бөлмесінде, біреулер дәрігерлік пунктте, көп тиражды газет редакциясында.

Менің жолым болған секілді — екі баржаның «Альбион» деген әдемі аты бар біреуіндегі шкипер каютасында ұйықтайтын болдым. «Альбион» дегеннің не екенін біліп жүргенім жоқ. Өмір бойы кепкен балықтай баржыда жүрген үндемейтін шкипер шал да білмейді екен.

Каютада жылы, құрғақ. Аяз бен жел өтінде күні бойы суық сорған денең каютада бір рақаттанады.

Таңертең және күндіз бізді порттың шағын асханасында тамақтандырады.

Кешкісін шкипер екеуміз шай ішеміз.

Сидор Кузьмич нанды сындырып, шошқаның майын кеседі, содан соң екеумізге шай құяды:

— Тамақ ал!

Нан мен майды өзі жейді де, маған шай береді. Мен ыстық шайды ұрттап, күндізден қалған нанды жеймін. Шкипер әуелі май жағып, содан соң варенье жағып нанды соғып алады. Сөйтеді де:

— Жатарда көп жеген зиянды, — деп қояды. Сидор Кузьмич менімен кешке ғана бірге ішеді.

Күндіз біз жұмыста жүреміз.

Үш күн ішінде мен бұл жайға да үйреніп алдым. Тіпті Сидор Кузьмичқа да өкпелемейтін болдым. Ол өз тамағын, мен өз тамағымды жеймін. Маған жатар орын мен шай бергені жаман ба.

Мен шкиперді үстімдегі жап-жаңа бәтеңкем мен әкемнің жүннен тоқыған мойын орамалын майға айырбаста деп айналдырып көрдім. Шкипер келіспеді:

— Ал менің ештеңем жоқ. Не бар менде? Тапқанымды ішемін...

Шкиперде не бар екенін көріп жүрмін: май бар, жарма бар, төсектің астында 8-10 килограмдай бұршақ жатыр.

— Мен сізге жақсы заттар беріп тұрмын ғой, — деп Сидор Кузьмичқа жалынамын. — Жалынамын. Көп бермей-ақ қойыңыз, аздап май, бір кило жарма, содан соң анау бұршақтан... Бәтеңкемді не орамалымды алыңыз.

Міндетті түрде тамаққа айырбастаймын деп бұл заттарды анамнан әдейі алып шыққам. Портта жұмыс істеймін, ол жерде киім алушылар болуы мүмкін ғой дегем.

Бірақ шкипер көнбеді. Бүгін теңіздегі өмірімнің соңғы кеші. Бүгін түн, ертең үш сағаттай жұмыс істеген соң, үйге қайтуға болады.

— Сонымен, Сидор Кузьмич, не айтасыз? — деп шай ішкесін тағы сұрадым.

Шкипердің жүзінен мейірім сезілгендей болды:

— Қане, көрсетші, өзіңде не бар?

Бәтеңкені де, орамалды да ол бірнеше рет көрген, дегенмен оларды Сидор Кузьмичқа тағы ұсындым.

— Қараңызшы, жақсы нәрселер ғой.

Сидор Кузьмич орамалды алып майшамның жарығына ұстап көрді, бәтеңкенің біреуін салмақтап ұстады да, мен енді шаруа бітті деп ойлағанша:

— Жоқ, болмайды, — деді. — Азық бере алмаймын. Ақша аласың ба?

Жоспарым әбден бүлінді. Ертең үйге бара жатқанда жолай орталық базарға соғып ақшаға бірдеңе қарастырмасам...

— Қанша бересіз?

— Жүз елу, — деді шкипер. — Немесе екеу.

Келіссем бе екен? Мен ертең темір пеші қақап тұрған үйіме келетінімді, содан соң анам жұмыстан оралғанша дәмді бірдеңелер, мысалы, базардан бидай таба алсам, көже, немесе картоп пісіріп әзірлеп қоюды елестеттім.

Ойланып қалдым: базарда картоптың килосы жүз — жүз жиырма, ал қызылша — елу сом. Яғни...

— Неге үндемейсің? — деді Сидор Кузьмич. — Өзің ғой ал деген!

— Келістім...

— Жарайды. Ұйықтайық. Ал ертең...

Ертесіне таң сәріден жүк түсіруге кеттім. Сидор Кузьмич ұйықтап жатыр. «Ұйықтай берсін, кейін келермін», — деп ойладым.

Баржадағы жүкті түске қарай бітірдік. Мен тамаққа бармай «Альбионға» келіп, шкипер каютасына түстім.

— Сидор Кузьмич, біз бітірдік. Мен...

— Иә?

— Ақшаны... Сіз маған ақша бережақсыз ғой.

— Көп сөйлеме! — деді шкипер. — Ақшаны мен кеше бердім ғой.

— Қалай кеше бердіңіз?

— Сен, немене, менен екі рет ақша алғың келіп тұр ма! — деп айқайлады Сидор Кузьмич. — Бүйтетін болсаң, мен қазір милиция шақырамын! Қарай гөр өзін!

...Мен Москваға қарай жаяу тарттым. Өкпек жел өршелене түсіп, тас жолдың бойындағы қарды бұрқыратып жатыр. Мен желге қарсы қалың қарға омбылап келемін. Никольск селосы, теміржол көпірі, Войков заводы, троллейбус паркі, «Сокол» метросы — бәрі артта қалды. Қанша сағат жүрдім екен. Екеу, үшеу?

Москвада қар қалың екен. Үйдің төбелерін, тротуарларды басып қалыпты. Оны мұнда ешкім тазаламайды. Машиналардың дөңгелегі, москвалықтар мен майданға бара жатқан солдаттардың аяғына ғана ілеседі. Майдандағы жағдай жаман емес. Москва түбінде немістердің сазайы берілді. Москваның айналасы немістердің өлігі мен қираған техникасынан көрінбейді.

Ленинград тас жолының және Горький көшесінің бойында әскерлер кетіп барады. Үлкен қала, бейне тоңып жатқандай, қыстың салқын тұманына оранып тұр. Терезелер қымтаулы. Көшелерде еңкейген, жүздері қатулы адамдар кездеседі.

Мен үйге қараңғы түскесін келдім. Шешінбестен, салқын пештің жанына отыра кеттім.

Анам жұмыстан келіп, пешті өзі жақты және тездетіп тамақ дайындады.

— Ауырып калған жоқсың ба?

Мүмкін мен шынында да ауырған шығармын?

— Жоқ, — дедім мен. — Аздап шаршадым. Заттар мен тамақ жайын сұраған жоқ. Бұған да шүкір.

Мен бірнеше түн бойы түсімде айқайлап жүрдім.

— Не болды? — деп сұрады анам. — Мүмкін, сені ұрылар, бандылар қорқытқан болар? Айқайлайсың, дөңбекшисің, — деді анам қызарып, — кешір мені, тіпті, боқтайсыңба-ау...

1942 ЖЫЛ

Біз колхоз алаңы мен Колончавканың аралығындағы Владимир казармасына қарашаның бір түнінде келдік. Келдік те жас жағынан да, түр жағынан да әр түрлі, бірақ «Өмірге жолдама» атты фильмдегідей, әйтеуір бір-біріне ұқсас әскерге шақырылушылардың арасына сіңіп кеттік. Мен бұл картинаны соғысқа дейін ескі фильмдерді көрсететін кинотеатрдан көргенмін.

Енді бір таңқаларлығы, ертесіне үстеріне форма киген ақылды біреулер осы халықтың ішінен жүз елу тақыр басты «жоғары» білімді, яғни жеті-сегіз кластық білімі барларды жинап алып, есік алдына шығарды да:

— Сапқа тұр! — деп бұйрық берді.

Бізде әскери киім жоқ. Жақында ғана сатып алған кеудешемнің қалтасында почта жәшігіне тастайтын хат жатыр. Төменгі шетіндегі дала почтасының адресін мен осы казарманың ішінде отырып жазғанмын. Мұның бәрінің мен үшін үлкен маңызы бар. Хат бірнеше сөйлемнен ғана тұрады: «Енді мен де әскердемін. Жақын күндерде адресімді саған хабарлаймын. Бұдан былай үйге жазудың қажеті жоқ».

Алғашқы команда естілгенде, хатты қалтама сүңгіттім. Хатты жазғаным тамаша болды.

Менің ойымды қуаттағандай, шапшаң қимылды лейтенант:

— Түзу тұр! Бір бірден сана! — деп бұйрық берді. Біз де тездетіп жатырмыз. Енді лейтенант әлгі қаһарынан бәсеңсіп:

— Ал, жігіттер, енді оң жақтан төрт-төрттен сапқа тұрыңдар, — деп түсіндірді, сапқа қалай тұру керектігі бірден миымызға қона қоймаған бізге. — Міне, осылай, дұрыс! Алға емес, артқа қараңдар.

Түсіне бастадық.

— Оңға! Алға! — деп команда берді.

Колонна әуелі қақпаға қарай, содан соң бұрылысқа ойысты.

Көшеде едәуір салқын екен. Бәтеңкелеріміз қар басқан тас жолдың бойындағы кедір-бұдырға қақтығысып, сықыр-сықыр етеді. Көшенің тазаланбағанына бәрі де үйреніп алған. Өткен жылы қар Москвада бұдан әлдеқайда көп болып еді.

Көппен бірге қатарласып сапта келе жатсам да, почта жәшігін іздеп келемін, екі көзім далада. Қарап келемін, кездескен жәшіктің бәрін санап келем: оң жақта біреуі, одан әрегіректе көшенің сол жағында, содан соң тағы оң жақта... Бірақ саптан шығуға болмайды. Кейінірек салармын деп өзімді жұбатып келем. Тоқтамай жүре беру мүмкін емес қой.

— Сізден сұрайын деп ем, — деді жанымда келе жатқандардың бірі сыпайы үнмен.

Сол жақтағы көршіме қарадым. Біздің үстіміздегі алабажаққа қарағанда, ол ерекше киінген екен: әдемі тон, былғары бөрік, қоңыр бәтеңке. Көзәйнек киген, бет-жүзі жұқалтаң, балғын.

— Мен сізді қайдан кездестіруім мүмкін? Тіпті таныс сияқтысыз. Сіз пионерлер үйіне қатынасқан жоқ па едіңіз?

Қатынаспайтын мен бе! Қатынасқанда қандай және қатарынан бірнеше жыл. Ашылған күннен бастап! Бірақ ол соғысқа дейін еді ғой. Пионерлер үйіне бармағаныма қанша болды! Жолдастардың кейбіреулерін кездестірдім, бірақ өзім барғаным жоқ.

— Білесіз бе, мен бұрнағы күні ғана бардым. Әскерге баратынымды білгесін барып шығайын дедім.

— Көршім кінәлы жүзбен сөйледі. — Мен де ашылғаннан бері қатысамын, отыз тоғыздан. Көркем сөз студиясында. Сіз білетін шығарсыз ондай студия барын? Ол да үшінші қабатта...

Мен көршімнің сөзін тыңдаған сайын алыс балалық шақтың лебін сезінгендей болдым.

Курск вокзалы. Ол да басқалар секілді, адам көп гуілдеген араның ұясына ұқсайды. Бірақ қазір, басқа вокзалдар секілді, тіпті басқаша. Мұнда адамдар күтеді, қоштасады — мүмкін, мәңгілікке шығар... Кеткендердің бәрі бірдей орала бермейді ғой. Оралғандардың өздерін ертең не күтіп тұрғаны белгісіз.

— Вагондарға! — деген команда естілді.

Біз жылы вагонға жайғасып алдық. Ешкім шығарып салған да жоқ. Соның өзі жақсы!

Біз жүз елу едік. Баяғыдан бері ерлік жасауды армандап естері кетіп, жаудың талқанын шығаруға құлшынып жүрген москвалық жүз елу бала. Біз революция жайлы, азамат соғысы жайлы және Павлик Морозов жайлы жазылған алғашқы кітаптардан бастап-ақ күреске әзір едік. Біз «Пионер правдасындағы» Абиссиния мен Испаниядағы уақиғалар туралы мақалаларды да оқып өскенбіз. Хасан көлі мен Халхин-Голдағы ұрыстарды да білеміз... Қырық бірінші жыл да басталды. Майданға аттануды қанша күтуге болады!

Бізді Москва маңындағы шағын қалаға, оның шет жағындағы мектеп үйіне әкеліп моншаға түсірді, битіміз жоқ па деп тексерді, содан соң киім берді де:

— Енді сендер АИР мектебінің курсанттарысыңдар. Яғни, артиллериялық инструментальді барлау мектебінде оқитын боласыңдар, — деп хабарлады.

— Қанша оқимыз? — деді біреу батылсыздау дауыспен. Қарасам, бағанағы көркемсөз студиясынан келген көзәйнекті бала екен. Ол сұрақ қойды да, көзәйнегін сүртіп, гимнастеркасының етегін жөндеді.

— Қажет болғанынша!

АИР мектебінің не екенін біз білмейтінбіз. Артиллериялық инструментальді барлау деген не — оны да білмейміз. Жүздеген ғылымның түбіне жеткендей сезініп, мектепте мыңдаған күнімізді өткізгендей әбден жалығып әрі данышпансып жүрген біз, тіпті, қарапайым шындықты білмейді екенбіз. Мәселен, дәл координаттары белгілі жағдайда тұрғанда ғана зеңбірекпен көздеген нүктеге тигізуге болатыны да бізге қараңғы еді. Мақсатты жерге тигізу үшін алдымен ол нүктені көздеу керектігін айтпағанның өзінде... Артиллерия шебінің координаттарын анықтау үшін және жаудың оғын дарытпау үшін артиллериялық инструментальді барлаудың болашақ қайраткерлері ретінде біз айналыса бастаған соғыс құдайының миы дегендей өз алдына тұтас ғылым, арнайы жұмыс саласы бар болып шықты!

Мен сол күні Москвада жібере алмаған хатымды почта жәшігіне салдым. Мұным жақсы болды. Әйтпесе, келесі күні қайта жазған болар едім. Ертесіне біздің толық адресімізді айтты. Майданнан хат жазам деп жүргенде адресім, тіпті, масқара болып шықты: Москва облысы, Ногинск, почта жәшігі...

Мектеп жанында орман бар. Нағыз қарағайлы орман. Биік ағаштар сым тәрізді ызыңдайды. Бұтақтан-бұтаққа секірген ақ тиіндер қарды жерге түсіріп жүр. Әрбір секірген сайын манаурай демалып алып, мұздақ қардың бетінде қарғып ойнаған әп-әдемі бұлтиған нарттай суықторғайларды бейне аяздан қызарып кеткен бе дерсің. Арасында жан-жағына қарап қойып, қанатын тазалайды, бізді көргенде жақтырмағандай түрмен жоғары көтеріліп кетеді.

Біз бұл орманға күнде барамыз. Арқамызда шиті мылтық, противогаз, теодолиттер мен стереотұрбалар, буссолдар. Белімізде — оқ дәрі. Аяғымызда — шаңғы. Орманда жақсы болғанмен, біздікі қыдырыс емес. Біз бір түсті әскери форма киген жүз елу баламыз. Жүз елу гимнастерка, шалбар, шинель. Жүз елу жасанды теріден тігілген құлақшын-бөрік, үш жүз бәтеңке, қолғап. Бізде бес оқу класы, он ұйықтайтын бөлме, жүз елу төсек бар. Мінез-құлқымыз да жүз елу.

— Не деген халық! — деп таңданады бір кезде консерваторияның мұғалімі болған мектеп бастығы капитан Катонин. — Әр қайсысы тұрған творчестволық тұлға дерсің!

Шынында да біз тұлға едік. Біреуміз түннің бір уағына дейін кітап оқуды ұнатамыз да, ертемен төсектен әрең тұрғызады. Мектептегі мезі қылған сабақтарды қалғып отырып тыңдауға үйреніп кеткен біразымыз мұндағы сабақта да мүлгіп-шұлғып отырамыз. Үшінші біреулер... Бір сөзбен айтқанда, біздің арамызда бәрі бар: кітап оқығыштар, ұйқысырайтындар, мамасының еркелері, айқайлауықтар, ұяңдар, «әділетті» сүйетіндер, — бәрі де жақсы жігіттер!

Күн сайын теориялық және практикалық түрде өтетін ішкі істер қызметінің Уставымен танысу ерекше тұлғаларға алғашқы соққы болып тиді. Қысқасын айтқанда, өзіміз «губа» деп атайтын — біздің гаупвахтамыз бос тұрмайтын, ал жаза дегеніңіз мүйізден шашылған байлықтай бірінен соң бірі шығады да тұрады.

Маңыздылығы жөнінен біріншіден кем түспейтін екінші соққы солдат асханасында басталады. Күн сайын тәбетің оянып, № 1,2,3 постылардың жанында қақшиып кезекте тұрудың орнына асханада қалып, қазандардың маңында тамақ пісіруге жазаланғың келіп тұрады.

Ақырында, үшінші соққы ә дегеннен емес, кейінірек, тұтқиылдан, күтпеген жақтан ақыл-ой тұрғысынан келеді. Жалпы алғанда ерекше тұлғалардың барлығы дерлік ақыл-ойға кенде емес болып шықты, ескерту алғанның жақсы емес екенін, командирмен керісу — ақымақтық екенін, «губада» қыздырынғаннан гөрі, ішің пысса да, сабақта мүлгігенің не жергілікті орманда теодолит жүргізгенің артық екенін ерекше тұлғалар күн өткен сайын түсіне бастады.

Бұлардан маңыздырағын да түсініп қалды.

Егер сен шыныда да майданға барғың келсе, қыңқылдай берме — солдат жүгін арқала да сабырмен күт. Солдат жүгіне келетін болсақ, ол — шиті мылтық, сапердің күрегі, противогаз, теодолит, буссолдар немесе стереотұрбалар — әркімнің мамандығына қарай соңғы екеуінің біреуі беріледі.

Бізді мушкетерлер деп атаған жоқ, дегенмен өзіміз үшеу едік. Фамилияларымыз тізімде қатар да тұрмайды. Алайда, сапта қатар жүреміз, сабақта қатар отырамыз, ұйықтағанда аяқтарымыз түйісіп жатады. Сондықтан ұйықтайтын мезгілде мектеп бойынша кезекші мен старшина бөлмемізді тексеруге қалай есік жабылса солай біз көпшіктерімізді түйістіріп алып мылжың соғатынбыз. «Мылжың» деген — менің сөзім. Володя «салғыласамыз», Саша «әңгімелесеміз» деп жұмсартады. Біз дегенім — Володя, Саша және мен. Саша — өзінің сыртқы түрінен көрініп тұрғандай, үндемейтін ұялшақ. Володя — керісінше, мығым, қызыл шырайлы, кескінді, көңілді және өзіне сенеді.

— Қане, қане, балалар! Біз өле қоймаймыз! — деп ол арқамыздан қағып қояды.

Ол жұрттың бәрін, тіпті, командирлерді де «балалар» дейді. Бірақ көздерінше емес, әрине, сырттарынан.

— Біздің балалар бүгін қимылдап жатыр, — дейтін ол командирлер мектеп бастығының кабинетіне жинала бастағанын көргенде. — Бірдеңені сыпсыңдасады. Басқалар майданда жүр! Бұлар жылы жерге жайғасып алған. Бұйрық береді.

— Яғни сен өзің? Бізден бір жас кішісің?! — деді Саша, әскери комиссардан қырық бірде майданда болғанымды айтып, майданға болмаса да, әскери мектепке жіберуін өтінгенімді баяндап бергенімде. — Екінші рет өзің барғың келді! Ал мен солай істей алар ма едім деп ойлап отырмын...

— Өй, немене, істей алар ма едім деген, — деді Володя.

— Дұрыс істегенсің. Қарның шұрқырап үйде отырғаннан осында жүргенің артық та, жылы жер, сый-құрмет, тамағың тоқ дегендей.

Енді мен Саша мен Володя туралы бәрін білемін. Тек Сашаның пионерлер үйінде көркем сөз студиясына барып жүргенін, ал Володяның спортпен айналысып, оқушылардың жеңіл атлетика жарыстарында жүлде алғандарын ғана емес. Сашаның анасы бұдан біраз бұрын қайтыс болғанын, әкесі авиация инженері, өткенде екінші рет үйленгенін, енді Сашаның жақсы өгей шешесі барын, кешікпей інісі не қарындасы болатынын білемін. Ал Володяның іні-қарындастары жоқ, анасы жұмыс істемейді, әкесі шаруашылық қызметкері. Жалпы мен аз ба, көп пе — әйтеуір шама-шарқымша білемін, өйткені біздің өмірбаянымыздың өзі бай емес: папамыз мынандай, анамыз мынандай, осымен бітті.

— Мен сенен бір нәрсе сұрайын деп едім... — Саша менімен, Володямен, тіпті, басқа біреумен әңгімені осылай бастайды. Өзінің әдеті солай.

Ол бізден Востоковты, Полонскийді, Веневитиновты, Давыдовты, Гнедичті білесіңдер ме деп сұрайды, өзі олардың өлеңдерін жатқа соғатын. Мен де білетінмін, Николай Степановичпен бірге талай оқығам, бірақ бәрі есімнен шығып кетіпті.

Володя ашық мойындайды:

— Тұңғыш рет естіп отырмын. Содан соң, балалар, өмірге жақындасаңдаршы! Бүгін түскі тамаққа не береді өзі? Міне, бұл іскер сұрақ. Ал, Гнедич деген кім? Дворян ба, яғни қарны тоқ болған? Қанаушы тап!

Бір кеште Саша бізге дәптерін алып оқи бастады:

— «Сіздің жанарыңыз менің противогазымның көзіндей, жарқылдайды, түнгі ұрыс кезіндегі ракетадай, дүниені сәулелендіріп жібереді. Сіздің нәзік үніңізді кезекшінің «тамаққа», «ұйқыға» деген жанға жайлы даусымен салыстыруға болады. Менің махаббатым 1930 жылы жасалған тұңғыш оқтың жылдамдығымен азимут бойынша ұшады деп үміттенемін»...

— Бұл не?

— Бұл солдат фольклоры, — деді Саша. — Жаяу әскердің хаты деп аталады. Қызық емес пе? Мен мұны көшіріп алдым. Көшіргенде қате жіберіппін. Ұят, әрине. Бірақ кейін түсіндім...

— Қате деген не, тәйірі! Міне, осындай әдебиет маған ұнайды! — деп қуанып кетті Володя. — Маған бер, көшіріп алайын!

Біз бәріміз де қате жіберіп жазатынбыз. Жеті, тоғыз кластық біліміміз бар. Егер біздің шығармаларымыз бен қабырға газетіне жазған мақалаларымызды, хаттарымызды мұғалімдеріміз көрсе ғой! Алайда, бақытқа қарай, бүгінгі мұғалімдеріміз біздің сауатымызды тексермейді. Тек бір күні лейтенант Буньков менің жазған ұзын-шұбақ түсініктемемді оқып:

— Біздің кезімізде сауаттырақ жазатын едік, — деді. Ол менен үш жас үлкен еді.

Бір күні Володя, Саша және мен үшеуміз көшеге қарауыл қызметіне шықтық. Мектеп курсанттары үшін бұл едәуір бақыт еді, өйткені, олар комендатуралық тапсырмаға жіберіліп жарымайтын. Көше тәртібін бақылауға шығу бақыты зенитшілер мен десанттардың үлесіне тиетін. Майданда бұлардың көрмегені жоқ деп қалада оларға оқ пен оттың арасында жүріп тірі қалған адамдарға лайық құрметпен қарайтын.

Біз кездескен командирлермен сәлемдесіп, сирек ұшырасқан солдаттардың жанынан үнсіз өте бердік. Мен балалардың алдында көзге түсуге тырысып, әсіресе, Сашаның көзінше әдебиеттен құралақан еместігімді білдіргім келіп, Гайдар бізге «Барабаншының тағдырын» қалай жатқа оқығанын, «Жабайы ит Динго» — деген повесінің жазылу тарихы жайлы Фраерман қалай әңгімелегенін айта бастадым. Пионерлер үйіне Ираклий Андрониковты таксимен алып келу маған тапсырылғанын, содан соң оның түрлі адамдарды айнытпай салып сөйлегенін соқтым.

— Ал, мен Гайдарды алыстан ғана көрдім, — деді Саша. — Тегі ол сендерге келе жатты ғой деймін. Бізге жазушылар көп келмейтін.

— Атақтылардан мен кімді көрдім? — деп қойды Володя. — Жалғыз Циолковскийді ғана болу керек. Иә, иә, Константин Эдуардовичи! Газеттегі портретін. Көрдіңдер ме, мен өлең-жырдан аулақ емеспін. Сендердің Ганевичтеріңнен кем емес.

— Ганевич емес, Гнедич. Қалай ұялмайсың? — деп Саша тас-талқан болды.

— Ганевич, Гнедич — бәрі бір емес пе, балалар! — деп келісті Володя. — Қараңдар, қыздар кетіп барады — міне, бұл — шаруа!

Біз кинотеатрдың жанынан өтіп барамыз. Жұрт тарап жатқан. Кенет...

— Тұра тұрыңдар, — деп сыбыр еттім балаларға, белдігімді түзеп қойып. Сүйттім де кинодан шыққан топ халықтың ортасына қойып кеттім. Қызды қалай қуып жетіп, шинелінің жеңінен қалай тартып қалғаным есімде жоқ:

— Наташа!

— Ал, Наташамын. Немене? — Қыз маған таңырқай қарап, қолын тартып алды.

Ол емес екенін сонда ғана түсіндім. Содан соң қарауылда жүрген солдаттың кіші лейтенанттың жеңіне жармасуы сорақылық қой! Неге? Себебі бұл қыз басқа, мен білетін Наташаға ұқсас көрінді маған! Бірақ ол Наташаның бұл жерде жүруі мүмкін емес, ол десанттық бөлімдерде емес, майданда болатын.

Мен қызарып кеттім:

— Кешіріңіз мені... ойлап едім...

Алайда кеш қалыппын. Қыз жалғыз емес екен. Жанында капитан мен аға лейтенант болып шықты.

— Қай бөлімненсің? — деді капитан, содан соң ақырып қалды: — Қане, дұрыс тұр! Бөліміңнің номері?

Саша жүгіріп келіп, әрең дегенде маған жақындады. Бізді көшеде жүргендер қоршап алып қызықтап тұр.

— Қолына қызыл байлап алыпты. Кезекші солдат болды ғой. Сүйте тұра қызға жармасады, — деді біреуі.

— Ол көше тәртібін бақылап жүр, — деді әйел даусы. — Тәртіп бұзса, кімді болса да тоқтатады.

Әркім әр түрлі долбарлар айтып жатыр.

Мына әңгімелерді естігесін, капитан мен аға лейтенант әбден қызынып кетті.

— Қане, жүр бізбен! — деді капитан.

— Кеттік, кеттік, — деп аға лейтенант күректей алақанын менің иығыма салды. — Боқмұрындар! Осындайларды қайдан жинап алады!

— Боря! Мүмкін қажет емес шығар, — деді қыз, — өзіміз де...

— Наташенька, — деп капитан сөйлетпеді, — сен араласпа!

— Сіздердің праволарыңыз жоқ, — деп Саша алға ұмтылды. — Біз қарауылда жүрміз ғой...

— Ә, сен де бар ма едің? — Бойы аласа аға лейтенант серейген Сашаның жүзіне қарады. — Қане, сен де жүр! Қорғаушы табылды!

Біз қанша қарсыласқанмен, еруге тура келді. Әйтпесе жағдай мүлде қиындауы мүмкін ғой! Мұндайлардың алдында өзіңнің кінасыз екеніңді дәлелдеп көр! Жалғыз өтінішіміз — бізді комендатураға апаруларын сұрадық. Яғни, бақылауға жіберілген жерімізге. Бұл да көмектеспеді.

— Володя қайда осы? — дедім жолай Сашаға.

— Білмей тұрмын соны. Жанымызда жүр еді, зәресі ұшып қашып кеткен ғой.

Бізді авиация десанттарының бригадасына әкелді, қызыл әскер билетін, бәтеңкеміздің бауына дейін сыпырып алды да, «губаға» жауып қойды.

«Губалары» қаңырап тұр екен. Саша екеуміз бірімізге біріміз қарап отырдық. Саша көзәйнегін сүртті де:

— Түкке тұрғысыз бірдеңе болды ғой, а? — деді.

— Иә, — деп келістім мен де. — Ақымақтық болды.

— Сен білесің бе, — деді кенеттен Саша, — мен қызығып отырмын. Оларды түсінемін. Десантшыларды айтам. Олардың көрмегендері жоқ, енді келіп өзіміздің қалада... біз, тәртіп сақтаушылар! Күлкілі! Солай емес пе?

Саша философ болатын, ойлануды, пікір айтуды ұнатады. Мұндайда мен оған ештеңе айта алмаймын.

— Солай шығар...

Ол көзәйнегін алып, тағы сүртті. Содан соң:

— Мен сенен сұрағым келіп еді... Сен... қалай десем екен... Сенің біреуің бар ма?.. Кімді сүйесің? — деді.

Мен үнсіз басымды изедім.

— Өте сүйесің бе? Шынымен?

— Өте...

Өзім, шамасы, нағыз мылжың болып шықтым ғой деймін.

Наташа жайлы ұзақ сөйледім. Менің әңгімем бойынша, Наташа маған ғашық, менің еркекке тән сабырлылығымнан азап шегеді, менсіз өмір сүруге жоқ болып шықты. Майданнан жиі-жиі хат жазып тұрады...

Саша бұрын менен бұл жайлы сұраған емес. Мен де одан сұрауға ұялатынмын.

Енді Сашаның өзі айтты:

— Маған да біздің студиядағы бір қыз ұнайтын. Әрине, ол ештеңе сезген емес. Кейіннен оның Венька Холодилинмен сүйіскенін білдім. Міне, мұндай да болады...

Ертемен кезекші бізге қоймалжың балық сорпасы мен бір-бір үзімнен нан әкеліп берді.

— Күш жиып алыңдар, жігіттер, — деп күлімсіреді. Қарнымыз ашып отырған. Екеуміз де котелокқа бас қойдық. Қасық бермеді: ұмытып кетті ме, әлде десанттар «губасында» қасықпен тамақ ішуге болмай ма. Содан соң кешегі аға лейтенат келіп, күтпеген жерден жылы шырай білдіріп, қамқорси сөйледі:

— Heci бар, балалар. Қалыңдар. Бізде бөлім ғой. Сендерде не: винокль қарау. Біз ертең қайта жасақталамыз, содан соң іске кірісеміз. Документ жағын қатырып береміз — қаланың коменданты өзіміздің адам. Ал мектеп бастығымен келісеміз.

Біз үнсіз бір-бірімізге қарадық. Мүмкін дұрыс та шығар?

Аға лейтенант біздің үндемегенімізді келістіге жорып, қуанып кетті:

— Міне, дұрыс. Сендер ақылды, жауынгер балаларсыңдар! Көрініп тұр. Өкінбейсіңдер. Бүгін біз сендерді секіртіп жаттықтырамыз. Самолеттен секіріп көріп пе едіңдер?

Біз тағы бір-бірімізге қарадық.

— Жоқ. Мәдениет паркіндегі мұнарадан секірдім, — дедім.

— Ол түк емес. Алғашқыда күрделі болмайды, — деп аға лейтенант жұбата сөйледі. — Жайымен кідіріп секіру, бәрінен көздеген жерге дәл түсу қиындау. Ал, жалпы секіру оп-оңай...

Аға лейтенант бізге сеніммен, күлімдей қарады.

— Ал, кеше, балалар... Ашуланбаңдар Капитан екеуміз ептеп... Өздерің түсінесіңдер ғой, қызулау едік. Ондай-ондай кімде болмайды!

Бұл күнгі оқиғалар көзді ашып жұмғанша бірінен соң бірі өтіп жатты. Бір сағаттан кейін бізді ешқандай жаттығусыз парашюттан секіру үшін әуеге көтерді, ескі трамвай секілді селкілдеген «Дуглас» аэродромнан бір айналғанда, есікті ашты да:

— Секір! — деді.

Біз қорқып не қуанып үлгерместен, өзінен өзі жайылған парашюттың астынан бір-ақ шықтық.

Жерге түскен соң, өзіміздің тірі екенімізді сездік. Тағы да ауаға көтерілдік, енді екеуміз емес, өзіміз секілді он шақты баламен бірге. Қызық болғанда — балалардың біреуі қорықты, оны самолет есігінен итеріп те шығара алмай қойды. Біз ойланбастан және аман-есен қардың бетіне түстік. Бізге ұнады.

Түске қарай бізді іздеп лейтенант Буньков келді.

— Жолдастар, сендер мазасызданбаңдар. Бұлар мына істері үшін жауап беретін болады. Протопопов кеше бізге бәрін айтты. Бұлардың аздап ішіп алғаны да анықталды...

Біз үйге, мектебімізге оралғанда, Буньков бізді капитан Катонинге апарды. Буньков қалай болғанын баяндап болғанша, біз мектеп бастығының алдында, күнаhap адамдай, иығымыздан су кетіп, тұра бердік.

— Балаларға сену керек, — деді ақырында Буньков, анау пәлендей ештеңе демесе де. — Сену керек және тексеру де керек, әрине. Бірақ міндетті түрде сену керек.

Бізді ешкім ұмытпапты, іздеп мазалары кетіпті, қаланы аяғынан тік тұрғызыпты. Ал, біз... Біздің десантшыларда қалғымыз келгенін ешкім сезбесе де, өзіміз бір түрлі қысылып тұрдық.

— Балалар, ойда жоқта байланысып қалғандарыңды-ай! — деп ұйықтар алдында төсегімізде рақаттана керіліп жатқан Саша екеумізге Володя тіл қатты. — Ал, мен сендерді көрген бойда қарауыл бөлмесіне тарттым. Осылай да осылай, мектеп басшысына хабарлау қажет дедім. Содан соң мектепке келіп, Буньковқа да емес, бірден Катонинге кірдім. Буньковты шақыртқан сол. Мен болмағанда, «губада» арқаларыңды біраз күнге қыздыратын едіңдер...

Біз тағы да әр түрлі таңырыпқа әңгіме соқтық, сол кезде Володя:

— Балалар, тегі маған да комсомолға өтетін уақыт болды-ау деп ойлай берем. Қалай қарайсыңдар?

— Әрине, уақыт болды, — деп келістім мен.

— Сендер маған кепілдеме бересіңдер ме? Мен Буньковқа айтып ем, ол қолдайды.

— Мен беремін, — дедім мен. — Әрине, беремін.

-Саша үндемей қалды.

— Саша, сен ше? — деп сұрады Володя.

— Мен бе? Беретін шығармын.

— Міне, жақсы болды, балалар, — деп қуанды Володя. — Сенімдеріңе рақмет! Ал мен ақтауға...

«Оңтүстік-Батыс және Дон майдандарының әскерлері Сталинград түбінде батыл қарсы шабуылға шықты»...

Радио мен газеттер қуанта бастады.

«Соғысқа бәріміздің етіміз үйреніп келеді. Ертелі-кеш жұмыстамын. Бәрі де жақсы. Қапаланба. Тек қаңыраған үйде түнде қиын-ақ. Қазір өзіміздің үйде де емес, Никифоровтар тұрған үйде тұрамыз. Нонна есіңде ме? Олар эвакуацияда ғой. Қалғандарымызды төменгі қабаттарға көшірді. Сақтық үшін ғой. Майдан хабарлары қуантып жүр. Бәрі тезірек бітсе екен. Сен неге хат жазбайсың, тамақтарың қалай? Бос мезгілде не істейсіңдер? Пионерлер үйіндегі достарыңнан хат алып тұрасың ба? Әлгі бір майданға кеткен қыз, аты Наташа ма еді, хат жаза ма?..»

Ол маған хат жазбады. Тіпті, менің алғашқы хатыма да жауап берген жоқ.

Үйден хат күнара, кейде күнде келеді. Мен де анама жазып тұрдым. Содан соң Наташаға сирек жазуға тырыстым.

— Қойсайшы өзің соны! — Володя менің ылғи Ленин бөлмесіндегі өзіме келген хаттардан басқа бір хат күтетінімді білетін. — Әйел заты үшін басыңды қатырып... Оның үстіне өзі әскерде жүрсе! Өзің көріп жүрсің ғой оларды... Сенімен ісі жоқ болар!

Мен шынында да көріп жүрмін. Неге екені белгісіз, менің көргенім біреу: кинотеатрдың жанынан капитан мен аға лейтенанттың қоршауында кеткен басқа Наташа. Үшеуі де көңілді. Менің Наташам да солай жүрген болар. Маған хат жазбауы да сондықтан...

Демалыс күні Володя екеуміз қалаға шығуға рұқсат алдық.

— Бүгін сен менімен боласың! — деді Володя. — Бір үйге барамыз...

— Білесің бе... Саша да кезекте...

Менің барғым келмей тұр. Дегенмен кеттік.

Тоқыма комбинатының жанындағы тар үйден картоптың, тұзды балықтың, жуаның, әтірдің және белгісіз нәрселердің исі шығады.

— Мен саған айттым ғой: қыздар деген — мінеки!— деп Володя бас бармағын шошайтты.

Әзілқой Володя қыздармен тез тіл табады екен. Тегі екеуміз тұңғыш рет бүйіріміз шыға тойдық. Үш бөтелкедей адамның құсқысы келетін бірдеңе іштік.

— Сен неге маған бұлай қарайсың? Әдемі емеспін бе?

Қыз маған қарады — дөңгелек жүзінде шешек дағы бар, қысық көз, қасын қап-қара етіп бояп қойған.

— Өзің сүйісе алмайсың, — деп мұңайды ол. Содан соң: — Басқа біреу жайлы ойлап отырсың ба? Мен де сен туралы ойлап отырғаным жоқ... Бірақ ол жоқ... Қаза тапқан.

Өзің дайындалуға берілетін сағаттардан артық ештеңе жоқ!

Сыртта боран. Далада қаншалықты салқын екенін білеміз. Күнбе-күн таңертеңгі сағат алтыда көйлекшең денешынықтыруға далаға шығамыз. Дәл қазіргідей тас қараңғы әрі салқын болады. Ал, класымыз жылы. Сыртта боран ұлып тұрғасын, іште одан сайын жылы секілді көрінеді. Біз гимнастеркаларымызды шешіп, рақаттанып отырмыз. Жағамызды тіктік.

Өзің дайындалуға берілетін сағаттар, былай қарағанда, мағыналы өткізілуге тиіс. Өткен материалдарды қайталау, қару-жарағыңды тағы да тексеріп қою, киімдеріңді реттеу үшін беріледі.

Алайда бұл — өзіңді басқа уақыттағыдан гөрі еркін сезінетін кез. Ішкі және бақылау қызметтерінің уставынан басқа, Конан Дойльды, Шпановтың «Алғашқы соққы» деген көп тараған романын немесе Василевскаяның «Кемпірқосағын» оқуға, жәй өзіңше әңгіме соғуға болады.

Содан соң ол жайлы ойлауға болады.

Қиял — ұлы нәрсе! Мен оның маған деген махаббатын, оның ойларын, үмітін, тіпті, маған жолданбаған хаттарын қиялдаймын. Өзіңді дайындау сағаттары! Қиялдаудың, өзіңді өзің талдаудың, кейде өзіңді-өзің түкке тұрғысыз деп санайтын ұлы сағаттар!

Газеттер мен радио майданнан қуанышты хабарлар жеткізді — бұл трагедия! Бұл, әрине, қуаныш қой, бірақ ол жерде біздің болмауымыз — трагедия. Көңілсіз хабарлар келіп жататын жақта тағы да біз жоқпыз, ол сол жерде жүр. Басыңнан шықпай қоятын ойлардан құтылу үшін жағаңды қайта-қайта тігіп, мылтығыңды да тазалай бересің...

Жаңа жыл қарсаңындағы осындай бір кеште мектепте күтпеген жерден команда берілді:

— Тұрыңдар!

Біз бөлімше, взвод, батарея бойынша сапқа тұрып, екінші қабаттағы залға түстік. Мұнда бастықтың бәрі жиналыпты. Олардан басқа иықтарында қара сызықшалары бар, бейтаныс командирлер бар екен. Артиллерияшылар!

Біз «тік тұр» деген команда бойынша қатарласып тұрдық.

Кезекші лейтенант Буньков бастыққа біздің тұрғанымыз туралы баяндады.

— Еркін тұрыңдар! — деді капитан.

Мектеп басшылары бейтаныс командирлермен қатар жүріп, бізге қарап қойып, өзара әңгімелеседі. Бәрі біз көрмеген салтанат әрі жұмбақ жай секілді. Тіпті осынша бастықтың алдында «еркін» тұрудың өзі ғажап қой!

— Ал, жігіттер, қалай? Жаман емес қой деймін? — деген бейтаныс командирлердің бірінің үні естілді.

— Жақсы. Жақсы жігіттер, — деп мектеп бастығы күлімсіреді.

— Шынымен кетеміз бе? — деп сыбырлады Саша маған. — Ал саған десантшы керек болса!

«Әрине, майданға барамыз! — дегенді қабағымнан танытамын. — Басқа қайда? Және Жаңа жылдың алдында! Тылға бармаймыз ғой енді!»

Жүз елу баланың бәрі осыны ойлап тұрды білем.

Ақыры Катонин тоқтап, алға шықты.

Кезекші лейтенант Буньков «түзу тұр» деп команда бергелі жатыр еді, мектеп бастығы қолын сермеді:

— Керек емес. Жолдастар! — деді ол бізге қарап. — Біз ертең жаңа жерге бет аламыз. Сағат 17°°-де станцияға эшелон келеді. Ертемен қару-жарақ, құралдарыңды тағы бір тексеріп алыңдар. Батальон командирлері мен взвод командирлері қалсын. Басқаларыңа демалуға рұқсат. Жайлы түн болсын!

Жайлы түн! Мұндай түнде жайлы жататындай есалаң біздің жүз елу баланың арасында жоқ сияқты.

Арамызда кертартпалар да болды, бірақ біз мектеп бастығының сөзін айтып олардың үнін шығартпай қойдық. Қару-жарақ, құралдарды тексеру — бұл немене? Ойын ба?

— Иә, балалар, бұл тегін емес! — деді Володя. — Таңға дейін тірі болайық, қайырлы түн!

Қайырлы түн! Дегенмен Володя мықты екен — қор ете түсті. Ал мен бұл түні Сашаға Наташа туралы айттым. Оның қырық бірден бері майданда екенін, жалпы ол туралы ойларымның бәрін айтып шықтым.

— Ол менен үш жастай үлкен — деп мойындадым Сашаға.

Саша жастығын аударып салып, көзәйнегін түзетті содан соң. Ол қазір мен күтпеген бір нәрсе айтатындай көрінді.

— Несі бар, — деді ақырында Саша. — Жалпы жаста тұрған не бар екен!

— Мен де солай ойлаймын...

— Дегенмен маған оның қашып кеткені ұнамайды, — деді Саша кенет. — Ұйықтап жатқаны да. Осындай түнде!

— Кім?

— Мынаны айтам. — Саша ұйықтап жатқан Володяға қарады.

— Анада... Ал біз оған кепілдеме бердік. — Жарайды, қайырлы түн!

— Оның не, Саша! Володя жақсы жігіт. Қарашы, жұрттың бәрі оны жақсы көреді. Тіпті Буньков та...

— Буньков, рас, жақсы. Жарайды, жарайды. Жақсы ұйықта, — деп қайталады Саша. — Мен жай өзім ғой...

1943 ЖЫЛ

Москва үстінде салют беріліп жатты. Оңтүстік-Батыс, Калинин, Солтүстік-Кавказ, Оңтүстік, Орталық, Прибалтика майдандары шабуылға шықты. Күн сайын — азат болған қалалар. Кеш сайын — жаңа салюттер.

Мені бәрі жалықтырды. Хирургия бөлімшесінің ұзын коридорындағы ең түкпірде тұрған қара көлеңке мына палата да, тақыл-тұқыл тамақ беріп, ертелі-кеш қызуыңды өлшейтін госпитальдың бірсарынды көңілсіз тірлігі де, мен ылғи казарма үйлерімен қоршалған ayлаға қарап отыратын бұлыңғыр терезе де, екі ай бойы бітпей гипс салынған аяғым — бәрі мезі қылып жіберді. Бір жұмадан бері балдақпен жүргенім де сергітпейді. Жалғыз балдақпен қалай және қайда секіресің.

Күнтізбе қазанның аяғын көрсеткенмен, Москвада қыс түсіп кетті. Госпиталь Сокольникиде — университеттің бұрынғы жатақханасында. Бұл өзі кішігірім қала, бұрын қандай болғанын елестету қиын. Мен бұрын студенттер жатақханасы дегенді көрген де емеспін. Қазір бұл жатақханаларды оңып кеткен халат киген, көңілсіз, ештеңемен ісі жоқ жүздеген жаралылар мекендейді. Ауыр жаралыларды көзден таса ұстайды. Оларды дәрігерлер, сестралар, күтушілер және палатадағы көршілер ғана көреді. Олар өлгенде де денелерін жауып, көрсетпей, бұрынғы қойманың бөлмесіндегі моргке алып кетеді.

Менің армияға келгеніме бір жыл болды. Бұл майданда үлкен оқиғалар болған жыл еді. Жаралылардың ішіндегі нағыз жауынгерлер (менің сыңарым емес) майдандағы жаңалықтар жайлы жарыса айтып, дуылдасады.

Нағыз жаралыларды мен сирек көрдім. Дәлізде аз ғана қыдырыстап жүрген кездерімде, жара таңатын бөлмеде ғана көрем.

Бөлімшедегі біз жатқан екі орындық жалғыз палатаға өзім секілді жауынгерлер түседі: шығып кеткен, сынып қалған, онда да ұрыс даласында емес, Москва көшелерінде, денешынықтыру сабағында.

Олар өздерінің махаббат майданындағы жүріс-тұрыстарын мақтан етіп, содан соң маған қосылып тылда жүргендердің қайғылы тағдырын айтып мұңаяды.

Бірде жасамыс старшина көршім болды. Мен әбден зерігіп кеттім. Старшина жарға қарап жатып алады, мені ғана емес, жалпы ешкімді көргісі келмейтіндей.

— Сен таңданба, — деді маған менен басқаның бәрі Верочка деп атайтын медициналық сестра Вера Михайловна. Ол менен он жастай үлкен. — Бұл кісінің өз қайғысы бар. Өмір сүргім келмейді дейді. Екінші рет «қара қағаз» алыпты — кіші баласы қаза болған. Үлкені қырық бірінші жылы қаза тапқан. Саған қарағысы келмейтіні сондықтан. Мүмкін, сен ұлына ұқсас шығарсың не құрдас боларсың... Ал, басқа ешкімі жоқ білем.

Мен Вера Михайловнадан қорқатын едім, әлде ұялам ба. Ол маған кішкентай бала деп қарайтын секілді.

Госпитальдағы дәрігерлер ауруларды түрліше қарайды. Көбіне емдеуші дәрігер мен сестра, кейде бөлімше бастығы толған дәрігер, сестралармен бірге жүріп тексереді.

Осындай үлкен тексерудің бірінде:

— Гурий Михайлович, мені басқа палатаға ауыстырыңызшы, — дедім.

Басқа палаталардың бәрі біздікінен үлкен, сонда барсам тезірек жазылып кетердей көремін. Және палатаның бәрінде құлаққа қойып тыңдайтын радио бар, соның өзі-ақ зеріктірмейді. Бір кезде кір қоймасы болған біздің палатада радио нүктесі де жоқ. Тіпті майдан хабарларын да тыңдай алмайсың! Шоқша сақалды, аласа бойлы бөлімше меңгерушісі аяушылықпен жүзіме қарады:

— Болмайды, көгершінім! Қарай гөр! Одан да тағдырыңа алғыс айт, мұндай сынықтардың жазыла қоюы... қайта бақытты екенсің. — Гурий Михайлович менің гипсті аяғыма қарап қойды.

Мен бақыттымын деп жүргенім жоқ.

Қырық бірінші жылы майданға ене бергендей болып едім, алайда онда бірнеше сағат қана болдым. Қырық екінші жылы өлдім-талдым деп әскери мектепке кезігіп ем, ол да оңбай шықты! Мектепте жүргенде жаным жек көретін логарифмдер мен синус, косинустарға тағы жолықтым. Құдай бергенде, үш ай өтпей бізді жылы машинаға тиеп алды да кетті. Соғысуға келе жатырмыз деп мәзбіз. Келе жатқан жеріміз — Гороховецкідегі оқу полкы болып шықты! Кәсібіміз — масамен күресу, баяғы баспахана жұмысы. Енді, міне, госпиталь. Бір жылдан астам болмаған Москваға екі күнге барып келуге сұранып шығып ем — сол күні машинаның астына түстім. Қалай деңіз? Көше тәртібін бақылайтын солдаттың кесірінен — көшемен неге жүресің деп жармаса кеткені.

Ол өзінше мыжып ақылын үйретіп жіберіп еді, енді көшенің арғы бетіне шығамын дегенше болған жоқ — тіземнің сынып кеткенін бір-ақ көрдім.

Бақытты дейді.

Қазір Гороховецкідегі лагерьді, өзіміздің полкты, батареяны, взводты, Саша Баринов пен Володя Протопоповты, Буньковты ең бір үйреншікті жақындарды еске алғандай елестетемін. Олардың даусын естігендей, жүздерін көргендей боламын. Міне, старшина взводты тамаққа әкеле жатыр, әдеттегіше «Ән шырқа!» — дейді, бұрын мен бастайтын едім. Енді кім екен? Әрине, біреу тапқан болар. Өзіміз айтатын әндерді естігендей болам, өйткені олардың бары екеу: «Белоруссия аяулым, Украина алтыным! Сендердің жас бақытың...», — деп басталатын біреуі. Екіншісі — «Қиыр шығыс, тойтарыс бер! «Қызылтулым, батылырақ ұрысқа!» Міне, батальон командирі лейтенант Буньков үйдің ішіндегі тәртіп мәселесін қарап жүр: старшинаны қолға алып жатыр, анау көздерін жыпылықтатады. Бұл оның абыройымды айрандай төккеніңіз не, жолдас батарея командирі, — дегені. Ал батальон командирі мұны жақсы біледі, бірақ ол тықаңдаған бастықтарды жақтырмайды, қайта балаларды ұнатады. Володя әдеттегіше қалжыңбастанып жүр. Ал, Саша мұрнын тартып қойып, көзәйнегін сүрткен күйі қабырға газетін шығарып жатыр. Сол үшін оны асханадағы кезекшіліктен босатқан. Саша қазір — батареяның комсоргы.

Ал, Сашаның қызметі күлкілі және содан өзі кереметтей қысылады. Каптенармус — жазушы... Әрине, мектептегідей емес, қазір жұрттың бәрінің мамандығы әр түрлі. Мен, мәселен, таяқпен барлау жасаймын. Лейтенант Буньков — біздің топографиялық барлау батареясының командирі. Ал, лейтенант Соколов — біздің взвод командиріміз. Бізде фото барлаушы взвод деген пайда болды. Ал бұрынғы мектеп бастығы Катонин — енді полк штабының бастығы. Қазір мектептегідей емес, полкта адам көп, бірақ Катонин «өзімнің балаларым» деп бізді ұмытпайды. Мысалы, осы сәтте майор түскі тамақтан кейін жеркепедегі «өзінің балаларын» аралауға кірген шығар — түскі үзіліс кезі, арбиған екі қабат жер үйдегілер түгел, штабта да тыныштық. Жалпы мен әр минут, әр сағатта олардың не істеп жатқанын елестете аламын.

Біз Гороховецкіге бірінші қаңтардың қарлы таңында келгенбіз. Ильино станциясында қарт солдат-кезекші бізді қарсы алғаны әлі есімде:

— Ох, сүмелектер! Сендерді жел айдап келді ме?! — деді. Гороховецк лагерьлері туралы әр түрлі аңыздар бар. Жетпіс бес метр құм, құмды шұқып қалсаң бүрге. Қыста бүргелер жеркепелерге жиналады, тіпті, солдаттар ұйықтайтын жусаннан да жасқанбайды. Айналада тірі жан жоқ, біраз жерде Гороховецк қаласы ғана бар.

Бүрге мен құм өз алдына. Құмның айналасы — батпақ.

Бұған қоса масасы тағы бар. Маса деген бүргеден де жаман ғой. Бүргеден қышыма болсаң, масадан безгек боласың. Лагерьдің тамағы да... Әрі кетсе үш ай төзерсің, одан әрі — әй, білмеймін.

Ал қазір мен сол Гороховецк лагерін қызығып есіме аламын. Сонда қайта барып, балалармен тағы бірге болу үшін не сұраса да берер едім...

Қысқы боран тұлданып
терезені қағады.
Солдаттар сәл мұңданып
ыңылдап ән салады.
Пеш өртеніп тұр жанып,
жылы төсек — мекенің.
Ұмытады сонда жұрт
сыртта соғыс екенін.
Еске алады тамсанып
үйді, сонау өмірді.
Олар тойды қарсы алып
жүрген болар көңілді.
Тастай түнек бұл жерде,
өлім тұнған бір ғалам:
жалын кешіп жүргенде,
төбеңнен оқ зулаған.
Қайрат беріп сонда да
бір-біріне сөйлейді:
— Жығылармыз орға да,
бірақ бақыт өлмейді.
Қысқы боран тұлданып
терезені қағады.
Солдаттар сәл мұңданып
ыңылдап ән салады.

Онда маған хат та келген болар ендігі. Үйден емес — анам күнде дерлік госпитальға келіп кетеді, жазуы, сөзіне дейін маған өте таныс хаттарды айтам...

Қазан мейрамынан кейін мен тағы жалғыз қалдым. Старшинаны операция жасамай-ақ шығарып жіберді.

Менің жағдайым тәуір сияқты, Гурий Михайлович аяғымды қарап:

— Енді, көгершінім, аунап жата берме! Жүру керек, жүру. Емдік бағыттағы жаттығулар жасау қажет. Екі кезек, жоқ, үш. Сестра, жаралыны қадағалаңыз, — деді.

Госпитальда аурудың бәрін жаралылар дейді.

Мен жүрдім, жаттығу жасадым, палатада жалғыз қалғанда тағы жалғастырамын. Гипсті алып, сынған жерімді қатты етіп байлап тастады. Тезірек бітсе екен, тезірек!

Бір кеште, жатар алдында палатада жаттығу жасап жатыр едім, Вера Михайловна келіп қалды. Мен аяғымды қозғап тұрып есіктің ашылғанын да байқамаппын.

Сестраны көргенде, сасып қалдым.

Жамылғыны тартқыштап:

— Сестра, аяғымды жетілдіріп... Гурий Михайлович айтқан жаттығулар... — деп міңгірледім.

Мен не деп тұрмын, дәрігердің не дегенін Вера Михайловнаның өзі де естіді ғой.

Алайда Вера Михайловна үндемеді. Тіл қатпастан төсегімнің жанында, өзіме қадалып тұра берді... Қарағаны бір түрлі, күнде дәрігермен келіп жүргендегі қарасы емес: онда градусник салады, алып кетеді, халың қалай деп сұрайды.

Қазіргі бет-жүзі де әдемі. Бала кезімде көріп, қол жетпестей армандайтын сұлу әйелдерге ұқсайды. Мен оларға өлердей ғашық болатынмын, бірақ бұл туралы өзімнен басқа ешкім білмейтін.

Менің түрім онша болмаса керек.

— Сен не, айналайын? — Вера Михайловнаның дауысы да әдеттегіден басқаша шықты.

Кенет мен оның жүрегінің тарсылдап тұрғанын естідім. Әлде өз жүрегім бе екен? Ернім де құрғап қалды.

Мен не дегенімді өзім де білмеймін, бірдеңе деп міңгірлеп, көрпемді кеудеме тарта түстім.

Ол менің төсегіме отырып, менің қолымды ұстады да:

— Қорықпа, ақымақ, қорықпа! — деді.

Мен бәрін білем және түк білмеймін. Сол сәтте не болғанын түсіне алмадым.

Ол менің бетімнен, тамағымнан сүйіп, қолымды өзінің өрттей ыстық бетіне тақады, мен бұрын-соң басымнан кешпеген бір рақат күйде жата бердім.

— Құшақта мені, құшақта! Сен бала емессің ғой... Сенің таза, пәк екеніңді білемін. Басқалар өздері жүгіреді... Мен олай істегім келмейді... Мені құшақта, ақымақ! — деп жалынды.

Сол сәтте оның даусы Наташаның даусына ұқсап кетті. Тек сөздері ғана оныкі емес.

«Наташа! Наташа! Үндеме! Сөйлеудің керегі жоқ!» — деп ішімнен айтып жатырмын.

Маған жақсы болғанмен, кенет өзімнің құшақтай алмайтынымды сездім. Құшақтау түгілі, жақындай алатын емеспін.

Ал, ол кенет жылап қоя берді — қызға ұсап селкілдеп жылады:

— Мен бәрін білемін. Білемін! Менің сәбилі болғым келеді, таза, пәк, құйттай... Сол үшін өмір сүріп, еркелеткім келеді...

Ол палатадан атып шықты. Мен әрі ұялып, әрі жаным ашыды...

Ертесінде Вера Михайловна күндегісіндей палатаға келеді. Қолтығыма градусник салды, терезе пердесін ысырып, желдеткішті ашты. Содан соң менің жаныма кідіріп, қызуымды байқайын дегендей, қолын маңдайыма басты.

— Кешегіні есіңе алмай-ақ қой! Жәй, бәрі өтеді, — деді де, шығып кетті.

«Қымбатты достым!

Сен госпитальдан шықпай қойдың ғой. Саған келейін деп жиналып едім, Катонин мен Буньков та жіберген. Комсомол жұмысынан шыға алмадым. Бүгін сенің қуанышты хатыңды алдым: гипсті алса, жақын арада келесің деген сөз!

Бізде бәрі жақсы. Ұсақ-түйек оқиғалар жайлы кездескенде айтармын. Ең басты мәселе — майданға жіберу туралы сыбыс жоқ.

Солдат ғылымынан бас алмай жүрген жай бар. Сен мазаланба, оқып жатқанымыз — баяғыда өзің бардағылар. Саған үш хат жіберіп отырмын. Сенің күтіп жүргеніңді білемін. Басқа хаттарды, өзіңнің бұйрығың бойынша, алып қойдым. Тезірек жазыл. Сенсіз ішім пысып жүр.

Бәрінен сәлем! Айтпақшы, Володяны құттықтауыңа болады, ол — ефрейтор болды.

Құшақтаймын.
Өзіңнің Сашаң».
«Саламатсың ба!

Сенің бес хатыңды бір күнде алдым. Неткен байлық! Жанымдағылардың бәрі қызығады: хат алудан бірінші орындамын. Бұл үшін саған рақмет! Мамам да жазады, бірақ сендей жиі емес. Ол да аман көрінеді. Мүмкін, мен мамама сенің анаңа барып тұр, қажет болса көмектес деп жазармын? Жазып жібер, жарай ма? Ұялма. Мен сенің тек хат жазғанда ғана батыл екеніңді білемін.

Ойнап айтам ғой. Ал сенен шындап өтінетінім — ойыңа келгенді жаза берме бұдан былай. Екеуміз жақсы достар болып қалайық.

Хатым қысқа болса кешір. Көптен жазбағаныма да ренжіме.

Сау бол!

Наташа».

«Саламатсың ба!

Хаттарың үшін рақмет! Қателеспесем, мен саған хат жазып жібергелі тағы екі хат келді ғой деймін.

Мен сенен хат алғанды жақсы көрем. Оларда балалық шақтың елесі бар, — сен ашуланба — шынында да баланың хаты тәрізді. Ал сенің майданға барсам дегеніңнің өзі — баланың арманы. Мұнда сен ойлағаннан гөрі басқарақ. Сенің қауіпсіз жерде болғаныңа қуанамын.

Өзім туралы саған не айтам? Жұмыс істеймін. Біздің шаруа, былтырғыға қарағанда (қырық бірді айтпағанның өзінде) едәуір жақсы. Соғыс кешікпей бітеді деп үміттенеміз.

Сен өсіп кеткен боларсың.

Аман бол.

Н».

«Саламатсың ба!

Сенің хатың мені әрі қуантып, әрі таңдандырды. Қуантқаны — сенің хатың болғаны. Ал таңдандырғаны — сен орден алғаным, жараланғаным жайлы бәрін қайдан білесің? Мүмкін сен Москвада шығарсың, үйге барып мамамнан естідің бе?

Құттықтағаның үшін үлкен рақмет!

Жараланғаным туралы, тіпті айтуға тұрмайды. Баяғыда, ақпанда болды ғой. Қолымды оқ жырып кеткен. Сол кезде орны үлкен тыртық болып қалады-ау деп уайымдағам. Тыртық онша үлкен емес. Бір жаманы көрініп тұратын жерде.

Сен көптен менен хат алғаным жоқ деп жазыпсың. Ашуланба! Енді жиі жазамын. Хат алмағанда көңілсіз екенін мен түсінемін, сондықтан сенің мені ұмытпай жүргенің үшін рақмет! Енді өзің жазған бір жәй туралы. Иә, сүйемін. Бір адамды ұнатамын. Мен қатыгез болғым келмейді. Өзің сұрағасын саған өтірік айтқым да келмейді.

Мен саған біздер нағыз достар болып қаламыз деп айттым да, жаздым да ғой. Дұрыс емес пе?!

Хаттарыңды күтемін!

Ұмытпа және ашуланба!

Наташа».

Неге?

Комиссия — бітті деген сөз! Комиссия әдетте жаралыларды босатып, ауруларды үйлеріне қайырады.

Комиссия екі жұмаға демалыс берді, мен үйге тарттым. Әуелі трамваймен Сокольникиға жеттім де, әрі қарай метромен кеттім. Арқамдағы қапшығымда екі жұмаға берілген тамақ бар. Анама құр қол келмейтініме қуандым.

Екі жұма! Қамсыз еркіндік! Әскери форманы шешіп, жәй азаматтық киіммен жүруге болады. Ал, бас ше? Тықыр бас бәрібір ұстап береді. Әскери бақылаушылар жай адамдарды да тексереді. Сондықтан формамен жүре беруге тура келеді.

Бүгін міндетті түрде үйде болам. Оның үстіне күн демалыс. Үйде анама көмектесемін. Ал, ертең ше? Мүмкін, ертең Наташаның үйіне кіріп шығармын? Жоқ. Өткендегі хаттан кейін... Жоқ, онда бармаймын. Одан да Москваны аралаймын. Мүмкін, киноға кірермін. Ал, егер пионерлер үйіне кіріп шықсам? Саша да қуанып қалар еді. Пионерлер үйіне ертең-ақ барып шығуға болады. Жолдастарды тауып алған жақсы болар еді, бірақ кімді? Біреулері әскерде, енді біреулері эвакуацияда. Москвада қалғандардан ешкім хабарласты ма деп анамнан сұрармын. Ал, бүрсігүні ше?

Мен сылтымауға тырыссам да, аяғым көнбейді. Трамвайда түрегеп тұрдым. Метрода маған орын берді. Отырмаймын десем де, ішімнен «жаралы жауынгер» деп қабылдады деп мақтанып тұрмын.

Анам күтіп отыр екен. Маған бидай ботқа пісіріп, америкалық колбаса сақтап қойыпты.

— Қанша күнге? Көп уақытқа ма? — деп анам бірден сұрады. — Неше күнге жіберді?

— Көп уақытқа, мама, — дедім. — Екі күнге, бүгін және ертең. Бүрсігүні — бөлімге!

Лагерьге кеш жеттім. Біразын көріп үлгердім, Буньковты, Соколовты, тек Саша және Володямен ұйықтар алдында ғана кездестім. Олар кезекте екен — Саша бақылауда, Володя асханада. Екеуі де жұрт ұйқыға жатқан кезде оралды.

Біз баяғыша төсекке шығып алып, әңгіме соғуға кірістік. — Келгеніңе ырым жасайық, — деп сыбырлады Володя. — Мен аздап сақтап едім.

Ол жастығының астынан ба, құтыны алып, аузын бұрады да:

— Мә, жұт! — деп сыбырлады.

— Іш, — деді Саша.

— Бұл не?

— Бол, іш, — деп Володя тағы сыбырлады.

— Ендеше сенің жоғарылағаның үшін! — дедім Володяға.

— Сенің аман оралғаның үшін! — деді Саша. Мен көбірек ұрттап жібердім де, дем ала алмай қалдым. Менен кейін Саша ұрттады.

— Таза спирт, 96 градус, — деп қойды Володя. Coдан соң не болғаны есте де жоқ. Түнде біз кезекшінің жанына барғанымыз, ішкөйлекшең көшеге шыққанымыз — бірі есімде жоқ. Бізді төсегімізге әкеліп старшинаға «жазаламаңдар!» — деп бұйырған Бунковпен де не жайлы сөйлескенімізді білмеймін.

— Батальон командиріне рақмет айтыңдар, — деді кезекші старшина. — Егер кезекші Буньков емес басңа біреуі болғанда, далада, қарда қалатын едіңдер!

Таңертеңгі денешынықтыру мен кезекті тексеруден кейін Володя бізге бос құтыны көрсетті:

— Бәрін таусыппыз! Және құр өзін ішіппіз!

Анамды алдап, демалысымды түгел үйде өткізбегеніме ішімнен өкініп, ойлап жүрдім. Тылдағы солдаттық өміріме қайта оралғанда ойладым. Анамнан хат келмегенде өкініп жүрдім.

«Соғысқа үйреніп келеміз ғой, — деген бұрынғы хаттарын есіме алдым. — Тек түндерде қаңыраған үйде қорқынышты». Үй шынында да қаңырап тұр екен, көрдім. Басқа үй, басқа бөлме. Анам да бөтен үйде жүргендей сезінетін тәрізді.

Жұлдыздар жоқ аспанда,
дала сырлы.
Тұрмын жалғыз еске алып
анашымды.
Мені өмірде өзіңдей
сағынар кім...
Анашыма мәңгілік
қарыздармын.
Бәрі өтеді көктемдей -
таң да, үміт те...
Ана ғана қалады мәңгілікке...

Мен ешқашан ана туралы өлең жазған емеспін. Енді жаздым. Анамның бөтен диванға жатып, бөтен столдан тамақ ішіп жүргенін білемін. Қабырғаға ілінген әкем мен менің суретімнен басқасы да бөтен суреттер.

Анам түндерде диванға отырып, біздің суреттерімізге қарап отырады.

Мүмкін, анамның сол бөлмеде тұрғаны да жақсы болар. Әкем мұнда болып көрген жоқ. Сонда да ол анамның да, менің де жанымда...

Клуб — біздің лагерьдегі жер бетіне орналасқан үйлердің бірі. Жеркепелерде солдаттар мен офицерлер тұрады. Жер үйлерде — оқу кластары мен штабтар, содан соң дәрігерлік пункт пен Ленин бөлмесі. Асхана жоғарыда, бірақ азынаған баракта.

Ал, клуб үйі — шынында кәдімгі үй. Сыртынан қарағанда үп-үлкен бөренеден жасалған үп-үлкен құрылыс, іші де едәуір; жиырма үш қатар орындықтары бар, сахнасы, тіпті, кинобудкасы да бар.

Біздің жауынгерлік рухымызды көтеру үшін және болашақ ұрыстарға дайындау үшін (яғни, біз не дегенмен ұрысқа қатысамыз деген сөз) бізді батарея, взводымызбен майдангермен кездесу өткізуге клубқа әкеледі.

Майдангер, орден және үш бірдей медалі болғанмен, сөзге шешен емес екен.

— Келе жатырмын... Ал, олар сол жерде... атып жатыр. Біз де бастық. Олар тағы...

Орманмен келеміз... Шегіндік. Тағы атты... Мені жаралап кетті. Қоршап алды. Біздердікі атып жатыр... Партизандарға кезіктім. Бірде келе жатыр едім...

Зал толып отыр. Біз соңғы қатарда отырғанбыз, үзік-үзік сөздерін ғана естиміз. Сахнадан қызарып қысылған адамды көрдік, содан соң қайта-қайта:

— Келе жатырмын... Ал біз келе жатырмыз... — деген сөздерін ғана естідік.

Кенет ойламаған оқиға болды. Еңбегі сіңген майдангер қолын бір сілтеді де, президиумға бұрылып:

— Міне, Буньков жолдас отыр. Біз онымен басынан бастап бірге болдық. Қалай болғанын сол айтсын, — деп жүре берді.

Біз, топографтар, бірінші болып қол соқтық (Буньков майданда болған), содан соң бүкіл зал дүрілдей қол шапалақтады.

— Неге мен айтамын, Савелий Карпович? — Буньков орнынан тұрды. — Залда лейтенант Соколов отыр. Ол майдан жолдарында біз екеумізден аз жүрді ме? Ал, майор Катонин ше? Жолдас майор, сізді екінші атағаныма кешіріңіз. Гроднодан Москваға дейін және Ленинградты қорғауда болды. Президиумда, залда мұндай адамдар қаншама!

Буньков әрбір фамилияны атаған сайын зал қол соғып отырды. Буньков отыра бергенде, зал одан сайын дуылдап кетті.

— Володь, Володь, мен көршім Протопоповты түрттім. — Ал сен? Анада не дегенің есіңде ме?

— Ал, айттым: Несі бар екен? Мен дәл солай дегенім жоқ...

1944 ЖЫЛ

Осыдан бір ай бұрын біздің погондарымызда «8» деген сан бар еді. Біздің Сегізінші артиллериялық оқу — барлау полкынан екенімізді көрсететін бұл сан да, жылдан астам таққан погон да бәрімізді де әбден жалықтырған. Бүкіл соғыс бойына курсант болып жүру — абырой емес!

Енді, міне, курсант емес, солдатпыз. Гороховецкінің лагері де артта қалды. Екі жұма жылы машинада Россия, Украина — менің өмірімдегі ұзақ сапарым. Смоленск, Брянск, Киев, Винница, Тирасполь, Львов, Перемышль. Бұл жерлерде соғыс жүріп өткен.

Біздің погондарымызда «103» деген жұмбақ үш сан бар. Қайда бара жатырмыз — білмейміз; білетініміз — майданға келе жатырмыз. Біз енді 103 артиллериялық барлау дивизионның жауынгерлеріміз.

Рас, басқалардан ерекшелеу соғысатын боламыз. Біздің соғыстағы ісімізді «жұмыс» деп атауға болады. Теодолит желісін тартамыз, стереотұрбалармен дұшпан қаруының оғын аңдимыз, неміс батареяларының дыбысы бойынша олардың тұрған жерін жазып аламыз, неміс қорғанысының орындарын суретке түсіреміз. Осының бәрі — біздің артиллерияның қызметі деп аталады.

Біз екі жүзге таяумыз. Солдаттардың бәрі — құрбылас москвалықтар. Сержанттар мен старшиналар олардан сәл ересек, дегенмен бәрі де жас. Тек офицерлер ғана отыз жасқа таяп қалған не отыздың ішіндегі «қарттар». Дивизион командирі майор Катонин болды. Біздің бақытымызға, батальон командирі болып жақында аға лейтенант атағын алған Буньков тағайындалды. Взвод командирі де бұрынғы, лейтенант Соколов. Не дегенмен өзіміз ғой!

Менде енді мылтық, противогаз, дүрбі, «вешка» деп аталатын ақ, қызыл жолақты, ұш жағы темір таяқ бар. Бұл — негізгі қаруым. Жаңа қызметім бойынша, мен ала таяғыммен жұрттың алдына түсіп, жүгіріп отырып, қай жерде барлау жұмысын жүргізуге болатынын зерттеймін. Көңілді, әрі тез ойлауды талап ететін жұмыс. Қалай болғанда да, теодолит жүргізгеннен не есептеуші болып ұзақты күн Брадис кестесімен әуреленгеннен артық.

Біздің эшелон түсініксіз әріптермен жазылған. «Іezajsк»1 деген станцияға келді. Келгеніміз поляк жері болғандықтан, бұл солардың тілінде жазылғаны даусыз, бірақ біздің ешқайсымыз орысшаға аудара алмадық. Неміс жазулары көрінбейді, тегі құртқан болу керек.

Эшелоннан жүк түсіру тез аяқталды. Біз түрлі әскери машиналарды: шаруашылық взводының жүк машиналарын, дыбыс өлшеушілер мен фотосуретшілердің арнайы машинасын, ең соңында соғыс кезінде шығарылған үстін тақтаймен жапқан өзіміздің жүк «газиктерін» платформадан түсірдік.

Асханамызды құртып, құралдар салынған жәшіктерді түсіріп болдық та, түскі астың пісуін күттік. Жолға шығарда берген құрғақ тағамдарды әлдеқашан тауысқанбыз. Ал, ыстық тағамды ең соңғы рет бұрнағы күні ішкенбіз.

Аспаз бен кезекшілер вокзалдың жанында тамақ дайындағанша біз емін-еркін рақаттанып станцияны сол жерде араладық. «Алысқа кетпеңдер» — дегеннен басқа команда болған жоқ. Көңіл-күйіміз де көтеріңкі. Бізді Смоленскіге дейін шығарып салған Гороховецкінің күртік қары мен аязынан кейін мұнда — поляк жерінде, желтоқсанның ортасында ауа райы ерекше көрінді: күн көзі шығып, жер балшық, лайсаң, көк шөп көрінеді, құстар сайрап жатыр. Шинельді машинаға тастадық та, омырауды ағытып, кеудешемен кеттік.

Вокзалдың ішінде буфет бар екен. Еңгезердей екі жігіт пен бір әйел сатушы. Олар бізге түсініксіз өз тілдерінде әңгіме соғып тұр, сатып алушылар жоқ екен, соған қарағанда шамасы біз де оларды қызықтырмасақ керек, әйтеуір бізбен ешкімнің ісі болмады. Буфетте үлкендігі әр түрлі бөтелкелер, аппақ кішкентай бөлкелер, ысталған колбасаның кесінділері бар.

— Шет ел! — деді Володя аузының суы құрып, тамақ жегісі келіп, әрі ызаланып. — Маңдайлары жарты қарыс, ал өздері соғысқа қатыспайды!

— Кімді айтасың? — дедім мен түсінбей қалып.

— Әрине, бізді айтып тұрғаным жоқ, — деп Володя буфетшілерге қарады.

Вокзалдан шығып, өзіміздің асханаға келіп едік, көңіл жұбатарлық ештеңе болмады.

— Әлі бір сағатсыз тамақ дайын болмайды, қыдыра тұрыңдар, — деді.

Қыдырғасын дұрыс қыдыру керек қой. Батальон командирінен рұқсат алып, қалаға кеттік. Алғашқы кездескен поляктан қаланың аты жайлы сұрап, түсіне алмай, біраз тұрдық.

— Ниц нима! Вшиско Герман забрал взишко, — дей береді ол біздің сұрағымыздың бәріне.

— Қала қалай деп аталады? Қалай? — дедік біз.

— Еайск? Цеайск?

— Лежайск? — деді ақырында поляк қолын шекесіне апарып. — Лежайск! Иә, пан, солай — Лежайск.

Содан соң ол асыға басып бұрылып кетті.

Соңымыздан дивизионның басқа балалары қуып жетті: жүзі сәбидің бетіндей дөп-дөңгелек, сондықтан біз Макака атап кеткен есептеуші Витя Петров, дыбысшылардан (дыбыс өлшеуші барлау батареясын біз осылай атап кеткенбіз) қырғыз Шүкірбек келді.

— Тып-тыныш, — деді Шүкірбек сәл мұңайып. — Біздің жайлау тәрізді... Қалада соғыс белгісі жоқ. Қираған, бүлінген де ештеңе көрінбейді. Үйлер таза, көше, бақ — бәрі бүлінбеген. Жеміс бағы, — деп Шүкірбек бірден байқады. Армияға бәрімізден бұрын алынып, бізге артиллериялық ерекше барлау дивизионы құрыларда ғана келген ол, шамасы, өзінің туған жерін сағынады. Шүкірбек Тянь-Шаньға ғашық болатын және дүние жүзіндегі ең әдемі қала Фрунзе деп ойлайды.

Қонақжай Шығыс адамдарына тән кең пейілмен біздің дивизионда бірге болған аз мезгілдің ішінде солдаттар мен офицерлерді түгел дерлік еліне шақырып үлгерді және қойдың етін қалай жейтінімізді айтып қызықтырып қойды. Қазір де Шүкірбек өз жерін есіне алып, армандағандай тіл қатты:

— Жоқ, бізде бұлай, бұл жердегідей емес. Біреу келсе, ол құрметті қонақ болады. Егер үйге кірмей кетсең, ең құрметті орын — төрге отырмасаң, не тамақтан бас тартсаң, өкпелейді. Ал Ыстық көлдің суы қандай көкпеңбек! Мүмкін, біреулерге ұнап қалар...

— Жарайды енді, деп әшейінде үндемейтін Витя Петров оның сөзін бөлді. — Тамақ жегім келіп, ішегім шұрылдап келеді.

Кішіпейіл Шүкірбек, тегі әңгімені басқа тақырыпқа бұру қажеттігін түсінді білем, ыңғайсыз жағдайды түзеуге тырысып:

— Қазір соғыс, әрине, — деді. — Бізде де тамақ жағы кем болса керек. Еркектер қалған жоқ деп жазады үйдегілер. Әйелдер мен балалар ғана қалыпты. Сенікі дұрыс, Макака! Енді айтпаймын!

— Ештеңе емес, балалар! Қыңқылдамауларыңды сұраймын! — деп Володя Шүкірбектің арқасынан қатты қаққаны сонша, анау құлап кете жаздады.

Лежайскінің көшелерінде жан жоқ. Поляктар да сирек кездеседі, біздің әскерлер де аз.

— Мен сенен мынаны сұрайын деп ем, — деді Саша. — Сен қалай ойлайсың, майдан бұл жерден алыс па екен?

— Кім білсін, жақын болмас...

— Қайдағы майдан? — деп Макака мені қостады.

— Сендер майдан дейсіңдер-ау, ал менің тамақ ішкім кеп келе жатыр! — деп сайрады Володя.

Біз келе жатқан аллея-көшелердің бойы самсаған алып каштандар.

Күн шығып тұр, көгілдір аспан төсінде ақ шарбы бұлттар қалықтайды.

Екі қабатты биік үйдің маңдайындағы «Bursa Gimnazyjna»1 деген жазуды біз қиналмай оқыдық.

— Қызық, Помяловскийдің кезіндегі секілді, — деді Саша. — Бурса!

Біз қала көшелерін айналып, бағанағы саяхатымызды бастаған жер — вокзалдан қайта шықтық. Асхананың түтіні бұрқырап, тамақ исі мұрын жарады. Әлі дайын емес, тек исі ғана шығады.

— Қыдырыңдар, славяндар. Қыдырыңдар. Енді жарты сағат. Оның есесіне тамақ ерекше — майдан нормасы беріледі! — деп қуантты бізді.

Майдан нормасы деген — жүз грамм арақ, ал қазіргідей қыстыгүні жүз елу грамм беріледі дегенді естігенбіз. Бірақ дәл осы жерде, Лежайскіде береді деп ойламап едік.

— Арақ беретін болғаны, яғни жақын болды ғой, — деп қуанды Володя, майданның не норманың жақындығы туралы айтқаны белгісіз.

— Жүр, шынында да, қыдыра тұрайық, — деді Саша. — Орталығын көргеніміз жоқ қой.

Орталықтың қай жерде екенін білмесек те кеттік. Барлық жақтан көрініп тұратын костелдің төбесін бағдарға алдық.

— Костел қайда тұрса, сол жер орталық болады, — деп түсіндірді Саша.— Кеттік!

Сашаның сөзіне сенуге үйреніп алдым. Ол көп білетін, мен тіпті оған қызығатынмын.

— Бастай бер, Иван Сусанин, — деп Володя да келісті.

Соғыс неше түрлі адамның басын қосқан десеңші! Мысалы, ақылды, адал Саша. Егер соғыс болмаса, бір пионерлер үйіне барып жүрсек те, біз бір-бірімізді танымас едік. Өсіп, ер жетіп, жан-жаққа кетер едік. Ал, қазір мен Сашадай болмасам да, дос болып жүрміз.

Алғашқы жылы Саша «губада» біздің бәрімізден көп отырды, жазаны да басқалардан жиі алатын. Және өзі үшін емес. Әділетсіздік көрсе, Саша, бірден әңгімеге араласып, керісіп қалатын. Сержант не старшина курсантқа жөнсіз тиісті ме — Саша да араласа кетеді. Командирдің бұйрығы — заң, алайда Саша үшін бұл формуланың бір ғана мағынасы бар: әділетті заң. Көп жағдайда Сашаның арашалағандары ескерту алады да, гауптвахтаға бұл отырады, не әжетхана тазалауға жіберіледі. Дегенмен күн өткен сайын Сашаның беделі арта берді. Неден де болса қорықпайтындығымен, адалдығымен артты. Ол, тіпті, комсорг болды.

Володя да беделді болатын. Оның қарапайымдылығы, қалжыңы, күштілігі үшін және... білмеймін, әйтеуір сыйлайды...

Ал мен ше? Мен де «губада» талай отырып, талай жазаландым, содан соң үлгілі курсант болдым. Бірақ дәл Сашадай беделге жете қойғаным жоқ. Егер мен беделді болсам, ол да Сашаның арқасы. Біздің достығымызды бәрі біледі. Біреулер: «Үш мушкетер», енді біреулер: «Қасиетті үшеу!» деп қағытады.

Ол екеуінің жанында мен өзімді еркін сезінетінмін. Олар ғана емес, мен Шүкірбекті, Витя Петровты және соғыс табыстырған басқа да жолдас балаларды сүйетінмін.

Бұрын мен дәл қазіргідей, адамдарды барлап, танып көрген емеспін.

Адамдар әр түрлі еді. Мен де олардың өздері қалай көрінсе, солай қабылдайтынмын! Алайда, мүмкін, адамдардың әр түрлі болатынын — олардың әрқайсысында жеке-жеке қасиеттер барын мен де енді ғана түсініп жүрген шығармын. Жалпы, әрбір адамда жақсы да, жаман да қасиеттер болады ғой. Мүлде жаман, мүлде жақсы адам болмайды. Қай қасиеті басым қалыптасады — ол адамның өзін-өзі игеруіне байланысты.

Қаланың ортасына жетіп үлгермей, біз қаралы марш үнін естідік. Марш әуені балалық шақтан, Москвада ақбоз атқа жегілген өлік салатын жайдақ арбалар жүретін жерлеу дәстүрі кезінен бізге таныс болатын. Бір кездері біз, балалар, олардың соңынан еріп, кейде бүкіл қаланы айналып шығып, зиратқа дейін баратынбыз.

— Біреуді жерлеп жатыр. Көрейік, — деді Володя. Біз бұдан 4-5 жыл бұрынғы Москвадағы кезіміздей музыка шыққан жаққа аяңдай беріп едік:

— Шопеннің маршы ғой, мүмкін поляк шығар, — деді Саша.

— Неге Шопеннің маршы дейсің?

Мен бұл Шопеннің маршы екенін білмейтін едім, жалпы Шопен қайғылы марштар жазды деп ойлаған да емеспін, бірақ өзімнің музыкадан хабарым шамалы екенін Сашаның алдында мойындауға батылым бармады. Біз асыға басып, костелдың жанындағы алаңға келдік. Өлікті салған ашық жүк машинасының соңындағы әскери оркестрден кейін біздің командирлермен бірге поляк офицерлері, жай киінген поляктар келе жатқанмен, поляк емес, қаза болған біздің адам екен. Өліктің жүзін алыстан айқын көре алмадым, бірақ үстіндегі формасын анық көрдім. Жәй қозғалған машина үстінде биік ақ маңдайлы, қоңыр шашты біздің офицер жатыр. Оның самал желмен желбіреген шашын машина қатарында келе жатқан гимнастеркалы қыз әлденеше рет қайырып қойды.

Жаңа қазылған ашық қабырдың жанына келгенде, машина тоқтап, музыка тынды. Кенет алаң үстінде жаңа бір ғажайып әуен ойналды. Мұндай әуенді мен естіген емеспін, еріксіз костел жаққа бұрылдым. Бұл оркестр емес, мұңға толы әуен шығарып жатқан белгісіз бір алып аспап болу керек. Асқақ жеке тұрғанының өзінен жұмбақ көрінетін костел үйі түгел күңіреніп тұрған секілді.

Мұңды әрі салтанатты, жаныңды түршіктіріп бір мезгіл көңіліңе медеу берер нәзік әрі күркіреген асқақ үн костелдың есік-терезесін бұзып шығып жатқандай, алаңды әуенге толтырып тұр.

— Польша капитан Смирновты соңғы сапарға аттандырып жатыр, — деді поляк офицері біздің полковникке қарап таза орыс тілінде. — Лежайск тұрғындары оны ешқашан ұмытпайды.

— Иә, — деді жанындағы полковник. — Геннадий Васильевич сіздер үшін де, біздер үшін де аз нәрсе жасаған жоқ. Егер біз бәріміз осылай...

Геннадий Васильевич! Мені біреу алға қарай итеріп жібергендей болды. Мен сығылысып, машинаға қарай өттім де алдыңғы жақта тұрған офицерлердің иығының үстінен өліктің жүзін көрдім. Шынымен сол ма? Қырық бірдің қазанында маған комсомолдық билет тапсырған біздің аудандық комсомол комитетінің секретары — Геннадий Васильевич болғаны ма? Сол! Әрине, сол!

Бұл қалай болғаны? Мен капитан Смирновтың қазасы жайлы, жалпы ол жайлы ештеңе білмеймін. Үш жыл өтті. Соғыс уақытында аз емес. Басқаларды майданға аттандырған оны енді алыстағы поляк жерінде жерлеп жатыр, жанында орыс, поляк офицерлері тұр.

Орган үні тынғанда, полковник қаралы сөз сөйледі. Геннадий Васильевичтің денесін жерге түсіргенде біреу:

— Қош бол, Гена! — деді жайымен.

Содан соң гимнастеркалы бір қыз оның бетіне еңкейіп, шашын түзеп қойды. Қыздың жүзін көре алмадым. Бірақ кім екен деп ойладым. Мүмкін, әйелі, не қарындасы болар.

Еркектер өлікті көтеріп, қабырға салар жерде, әлгі қыз менің жанымнан өтіп, скверге қарай жан ұшыра жүгіре жөнелді.

Оның гимнастеркасының төсінде Қызыл жұлдыз ордені бар, кіші лейтенанттың погонын таққан. Бетіне көзім түсіп кетті. Биік маңдай, үлкен көзі бірнәрсеге таңданғандай кең ашылған кішкене қыр мұрын...

«Наташа!» Мен соңынан жүгірдім, бірақ оның мені естімейтіні, осы сәтте ести алмайтын халде екені есіме түсті.

— Наташа!

Ол — сол. Бірақ бөтен адам секілді. Мен оны әскери формада және мұндай ересек күйде көрген емеспін.

— Наташа!

Ол көңілсіз бұрылды.

Алаң үстінде, менің сырт жағымда, гимн ойналып, салют беріліп жатты. Жас қабірдің басына солдаттар төбесіне жұлдыз қадаған тақтайдан жасаған белгі қойды.

Бір сағат өткенде, мүмкін одан кешірек пе екен Саша, Володя үшеуміз, біздің машинаның жанында отырдық. Қасымызда қалбырға құйылған көжеміз тұр.

— Осынша қайғыруға болмайды! — деп жалынды Саша. — Өтінемін сенен! Мен жаңа үйден хат алдым. Інілі болыппын. Игорь деп ат қойыпты. Жақсы есім ғой, ә?

— Жақсы, — деп келістім мен.

— Ал, саған хат жоқ екен, — деді Саша.

— Әй, қойшы! — деп Володя ақыл берді маған. — Саған қанша айтам. Сондай қыз аз ба? Әлі-ақ өздері жүгіріп келеді.

— Махаббат ше? — деді Саша.

— Махаббат! Ойдан шығарған бірдеңе. Жазушылар ойдан шығарып соққан, ал сендер, балалар, нанғансыңдар.

— Дұрыс емес, Володя, — деді Саша. — Жаным жек көреді...

— Қой әрі!

Шаруашылық взводынан басқаның бәрі моншаға кетті. Лейтенант Соколов кеш оралуға рұқсат берді.

Біз түскі асқа кешігіп келгенбіз, бірақ, неге екені белгісіз, ешкім ұрысқан жоқ. Соколовқа Саша айтып түсіндірді ме екен, не Шүкірбек пен Макаканың бірі ме, әлде Володя ма.

Мен арақтан сәл қызып қалдым. Басым дыңылдап, тамақ ішкім келмеді. Арақтан бензиннің исі шыға ма-ау, сондай жиіркенішті екен. Темекі бергендері жақсы болды. Мен шылым шектім.

Володя құтысын алып бір жақтан жүгіріп келеді. Біраздан бері көрінбеп еді, енді қолына ботқа және бөтелке алып келіп тұр.

— Қане, тағы!

— Қайдан алдың мұны? — деді Саша.

— Бәрі бір емес пе! Қане, — деп Володя маған қою шырын тәрізді сары сұйық бірдеңені құйды. — Сағатыма ауыстырып алдым. Сашок, саған да құяйын! Сен ұрса берсең де, мен қамыңды ойлап жүремін.

Володяның өзі, Саша екеуміз тамақ жеп болғанша, бір сапты аяқты басына көтерді де, екіншісін тағы құйып алды.

— Ішетіндер адамзат баласының ең нашар тобын құрамайды, — деді Володя, шамасы, мені көңілдендіргісі келсе керек. — Және еш нәрсені ойламау керек! — деп қойды, менің ішпей отырғанымды көріп. Ал мен сол сәтте ештеңе де ойлап отырғаным жоқ еді. Ауа райы бұзыла бастағанмен, маған жылы секілді. Жел күшейіп, күзгі ұсақ жаңбыр сіркіреді. Қала үстін тұман басты. Айналаның бәрі өткен, алыстағы балалық шақты: деревняны, таңғы өзенді, шаң басқан көкорайды, түнгі алауларды еске түсірді. Мен Наташаны есіме алдым: бүгінгі Наташаны емес, үстіне қоңыр көйлек киіп, менімен Утесовтың концертіне барған Наташаны...

Кешкісін мен Сашаға айттым:

— Біз бәрібір онымен кездесеміз. Өзі айтты...

Неменеге?

Оған хат жазып, хат күтіп, бір-бірімізді көрмей жүргенде бәрі басқаша еді. Ойдан шығарылған махаббат... Онда қиялдауға, сенуге, қол жетпейтін бір нәрселерді армандауға болатын.

— Енді мен бәрін білемін. Геннадий Васильевич жоқ, бірақ оған деген маған таныс емес махаббат қалды. Оның маған жазғаны осы екен. Мен балалықпен сенбей жүргем. «Бәрі бір сүйемін... Бәрібір»... — деп жазғам.

Мүмкін, мен мұның бәрін ойымнан шығарып жүрген болармын. Мүмкін, бәрін естен шығару керек шығар?

Балалық шақты жек көріп кеттім. Пионерлер үйі, конфет, балмұздақ, екеуміздің Москваны аралайтынымыз — бәрін көңілімнен ысырып тастағым келді. Күлкілі! Ол кезде маған басқа қыздар ұнамап па еді? Ұнаған. Бірақ мен оларға айтқан емеспін. Олар менің сөзіме сенбейтіндей көрінетін. Ал, ол ше? Ол да сенбейтін, дегенмен әйтеуір тыңдайтын.

Махаббат дегеннің не екенін түсінем бе өзім? Қайда көрдім оны? Мүмкін, Володянікі дұрыс шығар! Алайда білемін, білемін. Анам әкемді сүйетін. Әкем — анамды. Оларда қалай болып еді? Анам сүйді, ол сүйді. Олар таңертең, кешке бірге болатын және демалыс күндері. Содан соң жылдық демалыстары сәйкес келгенде, бірге болатын. Сөйлесетін, ұрсысатын, кейде сүйісетін. Сол үшін де олар — әке мен шеше ғой. Махаббат жайлы бұдан басқа не білемін? Павка Корчагин де сүйді. Сондай кезеңде, бірақ махаббат болды! Ересектерше дұрыстап қарағанда, махаббат деген не өзі? Енді біз де үлкен адамдармыз ғой... Мен махаббат жайлы оқитынмын, бірақ оның бәрі кітаптағы. Кинодан да махаббат көрдім. Бірақ бұл — кино. Кинода Чапаев, Максимдер болатын. «Біз Кронштадтанбыз» деген фильмде балалар болатын. «Жоғары награда» фильмінде барлаушылар, «Ерлік», «Истребительдерде» ұшқыштар... Мұның бәрі орындалмайтын арман ғана. Мен бір кездерде болса да кинодағы адамдардай бола алам ба?..

Моншада ыстық, көшедегі секілді дабырлаған кісі көп екен. Мектеп оқушыларына ұсап, бір-біріне су шашып, ойнап жүрген өзіміздің балалар. Үндемейтін Саша ғана үстін сабындай береді. Володя келіп, оның арқасынан қағып қалып еді, Саша селк етіп шошып кетті де, Володяға емес, мен жаққа қарады:

— Жуын, мен арқаңды ысайын, жарай ма? — деді маған.

Көп жылдар өтеді, соғыс басылады, содан соң Геннадий Васильевич Смирнов туралы қазір білмегенімді білетін боламын. Қырық бірінші жылдың он алтыншы қазаны күні Геннадий Васильевичтің партизан отрядына кеткенін білемін. Ол маған билет тапсырған күні он алтыншы қазан еді ғой. Сол күні ол менің өтірігімді біліп қойған. Мен онда аудандық комсомол комитетінің хатшысы екеуміз, бос жер табылмай, шаруашылық меңгерушісінің бөлмесінде болған кезде ол маған «ешқашан өтірік айтпа» деп отырғанда, мен оның өзі де бірер сағаттан кейін ең қауіпті жерге кететінін білгенім жоқ.

Оның неміс тілін өте жақсы білгенін, оған баяғыда Старосад бұрылысындағы «Петропауле шуле» мектебінде оқыған өз әкесі үйреткенін білетін боламын. Мен оның түрлі фотосуреттерін көрем. Москва маңында үстінде кеудешемен қолына автомат ұстап тұрғаны; партизан достарының арасында; аға лейтенант погонымен Сталинград түбінде; Курск доғасында неміс офицерінің формасын киіп тұрғаны, азат етілген Киевте, жау қолындағы Львовта, ең соңғысы — Лежайскіде, өзі қаза тапқан жерде...

Мен Смирновтың Москва түбінде неміс жаяу әскер дивизиясының штабын адамдарымен қалай өртеп жібергенін, Курск ұрысының кезінде неміс танк армиясының командашысы генерал-полковник фон Шмидтің карауында «қызмет» істегені, шабуыл жоспарын оның өз қолынан қалай алғаны, Львовта бандерашылар отрядын жалғыз өзі құртып жібергені, Лежайскіні азат еткені, содан соң азат етілген Лежайскіде сатқындардың оғынан қаза болғаны — осының бәрін кейін білемін.

Оның хаттарын, тіпті, бала кезінде жазғандарын оқимын, хат жазып отырған адамына деген оның нәзік сезімі мені онша қобалжытпайды.

Сарғайған маркалы конверттер арқылы, тіпті, қазіргі өлі күйінде де маған әрі қымбат, әрі алыс болып кеткен Геннадий Васильевич жайлы, оның нәзік сезімі жайлы білетін боламын.

Айнала қолдан еккен қарағайлы орман. Бәрі бірдей өсіп, аспанға өрлеп барады. Қарағайлар көп болғанмен орман деп атай алмайсың. Қолдан салған сурет секілді, бәрі бірдей ағаштар ғана. Өздері сансыз көп болса да, әрқайсысы өз алдына тұр. Шетінде жалғыз қайың тұр. Қайың жанымызға үйіміздей жақын.

Бұйра шашың желбіреген,
Сұлу қайың, тұрсың неғып?
Сағыныштан елжіреген
жас жүрегім дүрсіл қағып —
елестеді ормандарың
менің алыс жерімдегі...
Тұрсың жалғыз, тоңған жаның,
бұйра шашты жел үрледі.
Сен ұқсайсың
көзі жайнап
жалғыз қалған ақ бөкенге...
Тағдыр желі сені де айдап
әкелді ме жат мекенге...

Өлең жолдары өзінен өзі келді. Бірақ жалғыз қайың да орман емес қой...

Орман деген емен, қайың, шырша, үйеңкі — бәрі аралас өскен, алаңдары, бұлақтары, балшығы бар. Біз орманды бала кезден білеміз. Әрқайсымыздың өз орманымыз болса да, олардың бәріне тән ортақ қасиет бар секілді. Орманда қыдыруға, адасып кетуге, арасындағы өзеншелерде шомылуға болады. Жаңғақ шағып, саңырауқұлақ тересің, жабайы алманы кеміріп көкорайда жатасың! Орман тамақтандырады, еркелетеді, тоңдырады, жылытады, мас қылады, емдейді.

Ногинскідегі ең қимас жыл жарым мезгілімізді өткізген біздің лагерьдің маңындағы да кәдімгі орман болатын. Солдат жеркепелері, әскери ойындар — ешқайсысы оны құрта алмаған.

Ал, мына қазіргі келе жатқанымызды да орман дейміз. Бұта да, шөп те жоқ, теп-тегіс біркелкі ағаштар ғана.

— Ормандағы үзіліс, — деді майор Катонин.

— Өзі бір парк қой! — деді Соколов.

— Меніңше, жаман емес, тек сиректеу екен, — деді Саша.

— Орман болғаныңа болайын! Селдіреп қалған! — деп әзілдеді аға лейтенант Буньков.

Орманнан әрі қарай ашық жер. Қарсыз далалық. Дала дегенде жолақтанған өңсіз жер әйтеуір. Сосын жұрт, қарасақ шет-шегіне көзің жетпейтін, жасыл шөп, көк шалғынды біздің дала жайлы әңгімеге кетті.

Ертесіне:

— Машинаға! — деген команда естілді.

Бәрі асып-сасып жатыр. Бұрынғыдан тез жиналдық. Машиналар жолға шығып, батысқа ма, солтүстік батысқа ма — кетіп барады.

Ақыры Тарнобжег қаласынан шыға бергенде «Өткелге» деген жазу көрінді.

— Неден өтеміз??

— Ол не өткел?

Алдымызда шағын өзен бар екен. Машина, арбалар, танк, «катюшалар» өтіп жатыр. Біз де шұбалған кезектің соңына тұрдық.

Біздің машинада он тоғыз бала бар. Лейтенант Соколов шофердің қасында, кабинада.

Түс деген бұйрық болмағасын, тезірек жүрсек екен деген жалғыз оймен бір-бірімізге тығылысып отырмыз.

Соколов шығып бізге қарады:

— Қалай?

— Бәрі жақсы. Жолдас лейтенант, мынау не деген өзен?

— Бұл — атақты Висла. Естіп пе едіңдер? Түссеңдерші, бой жазыңдар, — деді Соколов.

Бәрі қуанып, секіріп жатыр. Бірден туысқандар бейтіне бет алдық.

«1944 жылғы тамызда Висла өзенін алудағы ұрыста қаза тапқан батырлардың даңқы арта берсін!»

Бір минуттан кейін машинаға келдік. Енді ешкім үндеген жоқ. Шамасы, бәрі де ойланып отырса керек. Міне, қазір он тоғызбыз, шофер мен взвод командирін қосқанда — жиырма бір. Ал кейін бәрі біткенде нешеуміз қаламыз?

— Немене, славяндар, қыдырмайсыңдар ма? — деді Буньков келіп.

— Енді тезірек қозғалсақ екен, жолдас аға лейтенант! — деді Шүкірбек. Оны көпшілігі қостап қойды.

— Тұрып қалдық қой!

— Жүріп келе жатқанда, бір түрлі көңілдірек тәрізді.

Висладан өткенше ешкім үндеген жоқ. Бәріміздің ойымыздан туысқандар бейіті кетпеді. Өлім деген соншалық тез, жаныңда жүретін, сезілетін нәрсе ме?

Геннадий Васильевич ше? Тірі еді ғой. Содан соң өлігі машинада жатты. Жұрттың бәрі оны шығарып салды. Ол да шығарып салды, шашын жөндеді. Ол Геннадий Васильевичті сүйді.

Өлім. Бұрынғы кездерде де өлім болған ғой. Әкемнің өлімі — мен үшін ең ауыры болды.

Осы ойлардың бәрін қалай басымнан шығарып тастасам екен. Балалар үндемейді, шамасы алдағы ұрыстар жайлы ойлап отырған болар. Мен де сол соғыс, ұрыс жайлы ойлауым керек. Бұл бүгінгі өмірдегі ең маңызды мәселе ғой. Алда, бір жерлерде немістердің талқаны шығып жатыр ғой, яғни төрт жыл бойы жұртты зарықтырған азаптың ақыры жетті деген сөз. Менің жанымда машинада отырған балалардың бәрі, әрине, осыларды ойлап үндемей отыр.

Мен неге туысқандар бейітін және Лежайскідегі Геннадий Васильевичтің бейіті туралы есіме ала берем? Біз Наташа екеуміз кездескенде ол жайлы сөз қозғағанымыз жоқ қой. Содан соң: «Біз кездесеміз», — деді. Және де өзін қалай іздеу керек екенін айтты.

Ал мен Наташаның оны сүйетінін бұрын білгенім жоқ...

Кеш түсе бастады. Жол бойы шұбырған әскери колонналар, азық-түлік, снарядтар тиеген «газиктер», жеңіл зеңбірек, миномет сүйреткен «студебеккер», «шевроле» аталатын машиналар, арбалар. Жасамыс ат айдаушылары бар, ентікпемен ауырғандай ырсылдап ауыр дем алған шаршаңқы аттар жегілген. Кері қарай, өткелге келе жатқан машина сирек. Санитарлық машиналар және жеңіл «эмкалар» мен виллис секілді «газиктер» жиі ұшырасады. Міне, енді бәрі жиналып, ілезде жол бойы ұмар-жұмар болып кетті.

Жақын жердегі шағын орман үстінен «мессерлер» шыға келді де, жол бойындағы колонналарды бетке алып, төмен зулады. Төмен ұшқандары сондай, кабинадағы ұшқыштар көрінеді. Аттар осқырып, адамдардың «Ауа! Ауа!» деген айқайы естіледі. Бірнеше солдат автоматтан «мессерлерге» оқ атты.

Біздің машинаның шофері құлап түсті. Ол радиатордың жанында бір шелек су алып тұрған — кенет тас жолға отыра қалды, шелегі тарс етіп құлап түсті де, сайға домалап кетті. «Мессерлер» көрінбей кетті. Біз шоферға жүгірдік. Қозғап жатырмыз. Кенет Саша:

— Қараңдар, басын қараңдар! — деді.

Екі оқ басынан өтіп кеткен екен. Денесін көтеріп жолдың шетіндегі ылғал көк шөпке салдық. Оң жақтан, сол жақтан өліктерді әкеліп жатыр.

— Көзін жабу керек еді, — деді Саша, — Тиын ақшамен жабу керек дейтін.

Өліктің қабағы әлі жылы екен. Мен көзін жапқанымда, оның таңырқай қадалып қалған көздерінен жас көрінді.

...Әкемде де осылай болып еді. Қырық бірдің он сегізінші қазанында. Біз Москваға келіп қалдық. Қазір бірінші кездескен госпитальға жеткіземіз, бәрі жақсы болады. Әкем үнсіз, кенет қырылдады. Содан соң терең дем алды. Ол ысқырған үн шығарып, көздері бақырайып кетті.

— Папа! Папа! — Мен оны қозғап жатырмын. — Папа...

Машина госпиталь қақпасына келіп тоқтады.

— Қалай? — деп шофер маған қарады.

Содан соң менің жауабымды күтпестен, түсіне қойды.

— Қайда барамыз? — деді кішкенеден кейін. — Осында ма, әлде бірден үйге ме? Сен москвалықсың ғой?

— Үйге.

Мен адресті айттым. Әкем сол көзі ашық күйінде жатыр.

Үй жанына келгенде шофер айтты:

— Көзін жап. Жаман болады және қорқынышты. Үйде біреу бар ма?

Қараңғы болатын. Мен сипалап, әкемнің көзін жаптым, сонда саусағым сболғанын сездім. Әкемнің соңғы салқын көз жасы...

Біз енді Висланың сырт жағында, Завислянск немесе Сандомирск деп офицерлер түрліше атайтын жердеміз. Бұл жердің жаудан қалай азат етілгенін көргенім жоқ. Мүмкін бұл маңды алуға қатынассам, не тым болмаса картасын көрсем, құрбан болғандардың бағасын да түсінген болар едім. Деревнялар мен шағын қалалар, қыраттар мен далалықтың бәрі толған мола — біздің солдаттар мен офицерлердің бейіттері. Картадан қарап білуге — карталар да ескі әрі дәл емес. Майор Катонин, аға лейтенант Буньков, біздің взводтың командирі бойы менен де ұзын серейген, бұрын Орелде мұгалім болған көзілдірікті лейтенант Соколов — бәрі солай дейді. Өзі бір түрлі түсініксіз болғанмен маған ұнайды. Карталарда артиллериялық нүктелердің негізгі тіректері көрсетіледі: күрделі және қарапайым белгілері мен пирамидалары, түрлі қадалары мен қондырмалары бар геодезиялық пункттер тізбегі. Ал іс жүзінде олар жоқ. Және керісінше көптеген село, жол, өзен, костелдар, су айдайтын қондырғылар және басқа да қазіргі бар табиғи бағдарлар тіпті белгіленбенген.

Біздің жұмысымыздың алғашқы күндерінде біршама ыңғайсыздықтар болды. Командованиенің жалпы ойларын түсіне бермейтін бізге, солдаттарға, солай көрінуі де мүмкін. Біз теодолит жүрісін алдыңғы шептің маңында тарттық. Бірақ неміске қалай жақындасақ болды — қармағымызды жиып алып, көршілес шепке өтіп аламыз, онда да бәрі дәл сол күйінде қайталанады.

Лейтенант Соколов күңкілдеп, ашуланып, онсыз да бұйра шашын одан сайын ұйпалап, батареялар мен взводтарды жаппай алдыңғы шепке жайып қойғаны үшін дивизион штабын сырттай сыбап алады.

— Корпус келгенде біз дивизионымызды орнықтырып алуымыз керек еді, — дейді ол Буньковқа. — Қазір анда-мұнда шапқылаумен уақыт өтіп жатыр. Содан соң жанталасу басталады.

Айтып тұрғаны қай корпус екенін білемін. Біз қарамағына жіберілген артиллериялық корпус, ол әлі Висланың арғы жағында. Ол корпустың саяси бір бөлімінде Наташа жұмыс істейді. Корпус енді келуі керек. Ол келгенше, шынында да, біз дивизионның дәл координаттарын картаға түсіріп біліп алмасақ, артиллерияның бақылау пункттерін анықтай алмаймыз. Ал онысыз фото бақылау, оптикалық, дыбыстық бақылау жүргізу мүмкін емес.

— Түсінемін, Миша, — дейді Соколовқа батальон командирі, — ойласаңшы, бұйра басым-ау, Катонин болашақ артиллерия дислокациясын әлі білмейді ғой. Кенет жауынгерлік жоспар өзгеретін болса, дивизионды орналастырғаннан не пайда? Ал балалар жұмыс істеп үйрене берсін.

— Сендер Катонин екеуің стратегсіңдер, — дейді взвод командирі. — Ал мен мұғаліммін. Балаларды аяймын. Ұрыспай-соғыспай жолай үш адамнан айырылдық. Және алдағы шепте жүрміз.

— Сенікі дұрыс дейік, — деп келісті Буньков. — Жүр, майорға барып сөйлесейік.

— Өзің сөйлес. Мен бармаймын.

Офицерлердің қарым-қатынастары бізге түсініксіз. Буньков пен Соколовтың дос екенін білемін. Бірақ дивизион командирі мен Соколовтың арасында не болғаны белгісіз. Әйтпесе, Соколов бармаймын демес еді ғой. Шамасы, бір себебі болды ғой, бұл жайды Буньков білетін сияқты және Соколовқа жаны ашиды. Келесі күні Соколов көңілді келді және әдейі таранып сұлуланып кеткендей көрінді.

— Жиналыңдар, бірінші дыбыс барлау батареясының орталық станциясына жүреміз! — деді.

Бір сағат өткенде взводымыз бірінші дыбыс барлау батареясының орталық станциясы ауданына келді. Дыбысшылар Подлесье деген шағын деревняның шетіндегі ашық алаңға бекінді. Түннің бір уағы еді, лейтенант ұйықтауға бұйрық берді.

— Шеттегі үйлерге қонасыңдар. Ал таңертең іске ерте кірісеміз, — деді.

Біз — Саша, Володя, үшеуміз, ластау үйге тап болдық.

— Бола ма?

Ұйқылы-ояу үй иесі тіл қатпастан еденді нұсқады. Пеште екі бала ұйықтап жатыр. Үй иесі терезе алдында жыртық көрпенің үстінде.

Саша екеумізге қарағанда Володя поляктармен еркін сөйлесетін.

— Әйел қайда? — деп сұрады Володя, үй иесі бір құшақ сабан алып кіргесін. — Аналары қайда? — деп балалар жақты нұсқады.

— Әйел жоқ, жоқ! — Үй иесі сабанды жерге төседі. Біз шешінбестен сабанға шинелімізбен жата кеттік.

Тек белбеуімізді ғана ағыттық. Бірнеше минут өткенде ішке Макака мен Соколов кірді.

— Қалай орналастыңдар?

— Бәрі ойдағыдай, жолдас лейтенант! — деді Володя.

— Ендеше демалыңдар.

Біз әрі-бері дөңбекшіп ұйықтай алмадық. Содан соң Володя ұйықтап кетті. Пештің үстіндегі үй иесінің балалары да қорылдап жатыр.

— Өздері кедей тұрады екен, — деп сыбырлады Саша. — Шет ел деген осы болса!..

Үй иесі ғана оқта-текте күрсініп, төсегі сықырлап ұйықтай алмай жатқан секілді.

Шамасы көзім ілініп бара жатыр екен, шыңғырған дыбыс шықты да, дәл құлағымның түбінен екі рет мылтық атылды.

Саша екеуміз мылтығымызды ыңғайлап тұра бергенімізде, Володя есік алдында бір немісті ұстап үлгеріпті. Екінші неміс бізге кезене берді де, баспалдақтан құлап түсті. Автоматы ұшып кетті де, өзі менің аяғымның астында көзі жыпылықтап, қолын көтеріп жатыр.

— Үшінші фриц қашып кетті. Есіктен шықты! — деп Володя немістің автоматын алды. — Әкел мұнда! Аттың ғой, оңбаған! Әкел қане! Балалар, ананы қуып ұстау керек.

Саша атылып сыртқа шықты. Сыртта да мылтық дауысы.

— Не болып қалды? — Үйге Соколов пен Макака кірді.

Саша да оралды.

— Қашып кетті, — деді Саша. — Тас қараңғы... Володя Соколовқа шардақтан немістер түскенін, біреуінің қашып үлгергенін айтып жатыр.

— Жексұрындар! — деп Соколов немістерге қарады. Содан соң біздің артымызда тұрған үй иесіне: — Сен де жақсы екенсің — фашистерді жасырып қойып, үндемейсің! — деді.

Үй иесі кінәлі кейіппен төмен қарады. Бір кезде өкіріп жылап лейтенанттың аяғына жығылды. Пеш үстіндегі балалар жылай бастаған, соларға барып, бізге бір нәрселерді айтып түсіндіре бастады.

— Жарайды, болды... — деп Соколов қолын сермеді.

— Мыналарды не істейміз, жолдас лейтенант! — дедім немістерді нұсқап. Енді байқадым: екеуі де жалаңбас, шинельсіз. Біреуі тіпті жас, біз шамалас, екіншісі — сақал-мұртын қырмаған егде унтер-офицер.

— Оларды ма? — деп қайталап сұрады Соколов. — Үйдің сыртына шығарып, атып тастаңдар! Ал, ұстап алғандарың үшін рақмет!

— Жүріңдер, жүріңдер! — деп Володя бұйрықты орындауға асықты.

Сол жерде Макака.

— Тұра тұрыңдар... Бұлай болмайды... — деді.

— Жолдас лейтенант, бұлар тұтқындар ғой, — деп мен де қосарлана кеттім.

— Тұтқын болса несі бар екен! — деп Володя мылтығымен немістің біреуін нұқып жіберді. — Талқыға салатын ештеңесі жоқ.

Үй иесі Соколовтың жанына жүгіріп келіп өз тілінде бірдеңелерді айтып жатыр. Түсінгеніміз: немістер өзін де, балаларын да қорқытқан көрінеді; өздері шатырға тығылған кезде, орыстарға ұстап берсең, атып тастаймыз деп зәресін алған.

Соколов бізге ашумен қарады:

— Боқмұрындар, ауыздарыңнан сілекейлерің шұбырып, неменеге жерге қарай қалдыңдар? Мүмкін, бастарынан сипап қоя берерміз бұларды?! Біздің жерімізде бұлардың не істегені естеріңде ме? Ұмытып қалдыңдар ма? Ендеше, өзім-ақ...

Соколов пистолетін суырып алды да, немістерді сыртқа шығарды. Володя соңынан кетті. Біз — Саша, Макака, мен дал болып тұрмыз.

Екі рет пистолет атылды. Володя күлімдеп, ризалық көңілмен оралды:

— Бітірдік шаруаларын!

— Мүмкін мен дұрыс айтып тұрмаған шыгармын, Володя, — деді Саша. — Бірақ Соколов екеуің дұрыс істемедіңдер. Тұтқындарды атуға болмайды.

— Олар деген жексұрындар ғой тұтқындар емес! — деп таңданды Володя. — Содан соң командирдің бұйрығы — заң, балалар! Қойыңдар сендер!

Лейтенант бізге келген жоқ.

— Кетейін. Әйтпесе, жаза алып қалып... Қайырлы түн. Мен түнгі кезектемін ғой, — деп Макака да шығып кетті.

Бұдан кейін түн болатын ба еді. Біз басымыз жастыққа тиместен көрер таңды көзімізден атырдық. Жалғыз Володя ғана қатты ұйықтағаны соншалық, таң ата оны оятуға тура келді.

Ертесіне біз машинадағы теодолит пен буесольдарды түсіріп, мен өзімнің үйреншікті таяқшамды қосып алдым, түнде атқан немістердің өлігінің жанынан өттік те, арғы жағындағы далаға тарттық. Даладан әрі арғы баурайынан оқта-текте жау пулеметінің үні мен минометтердің сатыры естіліп тұрған шағын төбешік бар-ды.

Соколов өткен түндегі оқиғаларды есіне алмады, өзі сабырлы да іскер калпында. Картадан тік тұрып жүргізіп тартатын нүкте координаттарын белгілеп, әрқайсымызға тапсырма берді. Төрт сағаттың, ішінде біз бірінші дыбыс барлау батареясының орталық станциясын, оптикалық барлаудың екі постысын байлап үлгердік, немістер орналасқан бағыттағы бірнеше нүктелерді айқындадық.

— Кездейсоқ жағдай бола қалса, тірек нүктелер болсын, — деді Соколов. — Егер шабуылға шыға қалсақ қажеті болады.

Түскі үзіліске таяу есептеушілер біздің жүрісіміздің материалын дәлелдеді де, Соколов мені есептеу қорытындысымен Буньковқа жіберді.

Батальон командирі бізден бес шақырымдай жерде басқа взводтармен бірге болатын. Мен жаяу оларға жеткенше, іңір қараңғысы түсіп кетті. Аспанда неміс ракеталары жарқылдап, алдыңғы жақта атыс күшейе түсті. Күндіз тым-тырыс жатқан жол бойы жандана бастады: машиналар, қару-жарақ, миномет сүйреген ауыр жүк тартқыштар шұбырып жатыр. Әлде Висланың арғы жағынан өтіп келе жатқан артиллерия полкы ма екен?

Біреуден сұраудың мәні жоқ еді, бірақ дірілдеп, сырылдаған машиналар тасқынының арасынан Наташаны кездестірем бе деген ой басымнан кетпеді. Мен ашық жүк машиналарының шанағына қарап, жабық фургондардың есігіне үңілдім, штабтың жеңіл машиналарының әйнегіне де көз салумен болдым. Алдымнан жеңіл «газик» шығып, біреу мені шақырғанша осылай жүре бердім.

«Газикте» Катонин, Буньков және бір подполковник отыр екен. Мен, шамасы, атағы жөнінен ең кішісі — аға лейтенант Буньковқа қалай дерімді білмей сасып қалсам керек. Батальон командирі осыны сезді білем, өзі сұрады:

— Қане, немене қолыңдағы?

Мен мәліметтерді бердім, бірақ олардың қажеті де болмай қалған секілді.

— Лейтенант Соколовка бар, — деп бұйырды ол, — команданы жинақтасын де. Біз Низиныда он тоғыз сағатта күтетін боламыз... — Буньков сағатына қарады да: — Он тоғыз отызда күтеміз. Жүгір! Үлкен оқиғалар әзірленуде дерсің...

Қараңғылық ерте түсті. Подлесье маңына іңір түскені сол еді, деревня тұрғындары — олар онша көп те емес-ті — терезелерін жауып жатыр. Біреулер терезе жабатын арнайы перделермен, көпшілігі жай ескі-құсқы шүберек, жаймалармен. Деревня үйлерінің терезелері қайбір үлкен дейсің.

Сағат алтыға таяу мен өзімізге келіп Соколовқа батальон командирінің бұйрығын жеткізгенде, деревняда түннің бір уағы болғандай қараңғы еді. Үйлер жым-жырт, көшеде құлақ-мұрын кескендей. Тек біздің машиналардың жанында үнсіз қараңдаған күзетшілер көрінеді.

Біртіндеп айнала жандана бастады. Үйлердің есіктері сартылдап, етік, бәтеңкелер сыңыры естілді, адамдар күбір-күбір сөйлеп, шоферлар машина жанына келе бастады. Біздің батареяның заты қандай көп — солдат иығына бәрі сиып кетеді, дегенмен бәрін тиеу керек.

Біз дивизион штабы орналасқан Низины деген жерге жиналдық. Мүмкін, жол жүрген солдатқа ылғи да қуаныш әкеліп, ал жолға жиналудың абыр-сабыры көп болғандықтан ба — офицерлер де, күзетшілер де, машиналарға техниканы тасып әкеп жүрген біз де — біреуіміз байқайтын нәрсені байқамаппыз да, естімеппіз де.

Әуелі деревняның сол жағынан, кеше біз алдыңғы шепте жұмыс жасаған жерден немістің белгі беруші бірнеше ракетасы аспанға көтерілді. Олар бейтарап алаңды, біздің алдыңғы жақтағы окоптарымызды жарық қылып барлап өтті.

Содан соң немістер минометтен оқ жаудыра бастапты, бірінші снаряд Подлесьеге түскенше, осының бәрін біз көрмеппіз. Снаряд, бақытқа қарай, қаңырап бос тұрған үйге түсіпті. Түтін бұрқ етті де, үй сатыр-сұтыр жанып, оң жақ бүйіріне құлап түсті.

— Бәрің де орындарыңнан қозғалмаңдар! — деп бұйрық берді Соколов. — Моторларды өшіріңдер! Петров пен Ахметәлиев, маған еріңдер!

Олар аула арасымен еңбектеп алғы шепке кетті. Он-он бес минуттан кейін, біз қорғаныс шебінің екінші қатарындағы окоптарда неміс автомашиналарымен атыс бастап кеттік. Неміс артиллериясы төбемізден біздің артымыздағы деревняны атқылауда. Подлесье жанып жатыр. Біз өз көзімізбен көрдік, взвод командирі де солай деді: әйтеуір шоферлер әрең дегенде біздің машиналарды аман алып шыққандары жақсы болды. Өйтпегенде...

Немістердің пиғылын түсіну қиын болды. Алдынала әзірленген, ойластырған шабуылға шығу жоспарлары бұзылған болуы керек, өйткені біздің шағын бекініс алаңымызға қарсы аз ғана автоматшылар тобы мен артиллерия ғана. Танк, машина, мотоцикл — жалғызы болған жоқ. Шамасы, немістер артиллерияның күшімен біздің алғы шептегі окоптарды алып, енді бізді атқылап жатқан болса керек. Мүмкін, бұл шабуылдың психологиялық бір мәні бар шығар?

Әлде бізге шабуыл жасаған дұшпанның қоршауда қалған бір тобы болар ма? Бірақ мұның да реті жоқ: немістер біз бірнеше күннен бері белгілеп жүрген өздерінің атыс шебі жақтан келе жатыр.

Алай да дәл қазір немістердің ойы не деп жатқан ешкім жоқ. Немістер бірнеше рет окоптан тұруға ұмтылып көрді, біздің артиллерия өз оғын дәл окоптарды емес, басқа алыстағы жау бекінісінің түкпірін көздеп атып жатыр.

Бақытымызға қарай, жау артиллериясы бізді емес, деревняны атқылай берді. Деревняның өртеніп жатқаны соншалық («Тұрғындар қалай екен?», «Түндегі үй иесі балаларымен құтыла алды ма екен?», біздің окоптарымыздың іші жарық болып тұрды. Біз олардың окоптарын ғана емес, өздерін, мылтық, каскаларына дейін анық көріп жатырмыз.

Оларға қарай біз де оқ жаудырып жатырмыз. Мен соншалық тырысқанмен, далаға атып жатырмын және де мен жалпы шиті мылтық деген онша ыңғайлы нәрсе емес деп есептеймін. Рас, құралайды көзінен атқан мерген болсаң бір сәрі... Ал бұл жерде — көздеп ату қайда, өзің окоптан басыңды шығара алмай жатқанда, қай немістің қайда жүргенін шайтан білсін бе (гитлершілер брустверден оқты жаудырып жатыр), сен әрбір атқан сайын мылтығыңды оқтап, әбігерге түсіп жатқаның.

Жанымда Саша бар. Ол сол жағымда, одан әрегіректе және менің оң жағымда — жаяу әскерлер. Олардың қолында автомат, қызығып қарап қоямын. Немістер тыныштала бастаған секілді. Окоптарынан каскалары да көрінбей қалды. Мүмкін таусылып біткен шығар?

Осыны ойлап үлгергенімше болған жоқ, Саша иығымнан тартты:

— Менің көзілдірігімнен бе, әлде елес пе... Қара, қара! — деді. Алдыңғы жаққа қарап едім — немістер окоптарынан атып тұрып бізге қарай тіке тартып келеді. Қолдарында автомат. Осы сәтте мен өзімді жалғыз жатқандай сезіндім, мына фигуралардың бәрі біздің окопқа емес, маған келе жатқандай көрініп кетті. Өздері қанша? Тегі, он екісін санап үлгердім де, содан соң есептен жаңылып қалдым. Мен көздей бастадым. Мылтығым ыңғайсыздау жатқан, түзеп алдым да, иығыма мықтап тіреп, біреуін нысанаға алдым. Бір кезде оқып жүргенде үйренгеніміздей ыңғайлана беріп ем, команда естілді:

— Атпаңдар! Жақынырақ келсін!

Мен алған нысанамнан басқа түк көрмей кеттім. Көздегенім жақындап келеді. Немістердің неге атпайтынын да ойлап жатқаным жоқ. Олар автоматтарын қысып ұстап, бір оқ атпастан, ілгері жылжып келеді.

Әлгі менің көздеген адамым бірте-бірте жақындай түсті. Каскасы маңдайына түсіп кеткен, шинелінің етегі жалпылдаған жыртық, бір иығында ғана погоны бар, белбеуін — бәрін ап-анық көргендіктен қорқып кеттім: қазір бармағымды басып қаламын. Алайда шыдап бақтым. «Тоқта! Сабыр ет!»

Шамасы осы жерде шыдамым бітті ғой деймін. Немістің тұлғасын тағы да бір көздеп алып, шүріппені басып жібердім. Мені бәрі таңқалдырды. Алдымен әлгі немістің шалқасынан құлағаны, дәл сол минутта «Атыңдар!» деген команда берілгені, қасымдағы жаяу әскердің: «Шиті мылтықпен әдемі сұлаттың!» — дегені... Осының бәрі тез болғаны сондай, мен есімді жия алмай қалдым.

Саша қайта-қайта: «Сен ғой алғашқы немісті сұлатып түсірген! Сенен күтпеп едім!» — деп арқамнан қаға берді.

Немістер еңбектеп кейін қарай кашып барады, мен ата алмадым: әлгі «өз немісімді» іздедім. Шынымен мен өлтірдім бе деген ойдамын. Мүмкін ол жай құлап қалған болар? Мүмкін кері қашып бара жатқан шығар? Жаралы күйінде өздеріне қарай еңбектеп бара жатуы да мүмкін-ау? Осындай сан қабат ойлардан денем бір суып, бір ысып, кейін қашқан немістерді қадағалаумен болдым. Қайда кетті өзі? Әлгі фрицті сағынып қалғандай, көргім келіп есім шығып жатыр. Қайда? Бұл ол емес. Мына біреу ме екен? Бұл да емес. Ақыры таптым. Далада қалған өліктердің арасынан. Оның етігінің жылтыраған табанынан таныдым — өрттің жарығымен жарқылдап әуелі көзіме етігі түскен.

Немістер шегінді, шегінгенде өздері жаққа емес, біздің окоптарға орналасып алды.

— Дайындалыңдар! Қазір шабуылға шығамыз! Бірақ ескертемін — сақ болыңдар!

— Бұл — біздің лейтенантымыз Соколовтың сөзі. Оның жанында тұрған капитан да жаяу әскерлеріне осындай бұйрық берді.

Мен өмірде шабуылға қатысып көрген емеспін. Ал, ендігі шабуыл деген әлгі немісті өлтіргеннен кейін түкке тұрғысыз бірдеңе болып елестеді. Мына неміс жатыр. Мен оған қарап қоямын. Ол жатыр...

Міне, біз окоптан шықтық. Саша көзәйнегін түзеп алды. Жаяу әскерлер де орындарынан тұрды. Олардың арасынан Володя мен Макака көрінді. Ал Шүкірбек қайда? Ә, мұнда екен ғой!

Шүкірбек Саша жатқан сол жақта емес, оң қолда екен. Ол жерде жаяу әскерлер. Яғни, біз көп екенбіз.

Соколов Саша екеуміздің ортамызда. Қолында пистолет. Менің көзіме оның қолы сәл дірілдеп тұрғандай көрінді.

— Оларда граната бар, қорықпаңдар, — деп қояды Сашаға.

— Кімдерде? — деп сұрайды Саша.

— Жаяу әскерлерде.

Немістер үнсіз. Олардың да, біздің де окоптарымыз жым-жырт. Тек біздің артымызда Подлесье әлі өртеніп жатыр, ілгеріде неміс бекінісінің түкпірінде от көрінеді. Лейтенант Соколов бізден бұрын жаяу әскерлерді жіберіп:

— Асықпаңдар! Жәй-жәй! — деп бұйрық берді. Бірақ біз бәрібір окоптардың жанында тұрмыз.

Немістер оқ атып еді, бірақ автомат үні біздің «урамызға» көміліп қалды.

Жаяу әскерлер алдымызда жүгіріп барады. Олар окоптарға жетті. Біз жүгіріп жеткенше айқай-шу, атыс үні естілді. Саша окопқа сүріне құлады, бір немісті окоптың ішінде басынан соғып жатыр. Соколов атысуда. Менің жанымда жалғыз да неміс жоқ. Тек біздің жаяу әскерлер, Соколов және Саша ғана. Біздің басқа адамдарды көре алмадым. Қарауға мұршам да жоқ. Мен Соколов атып жатқан окопқа жеткім келді — онда немістер бар. Өздері екеу. Міне, біреуі құлады, екіншісін де жаяу әскердің бірі сұлатып салды.

Окоптар алынды. Қорғаныстың бірінші қатары іске қайта қосылды. Жаяу әскерлер капитаны да бұйрық беріп жатыр:

— Мыналарды бір шетке апарып тастаңдар! — деп окоптағы немістердің өлігін көрсетті. — Егоров пен Костерин, санитарлық бөлімге! Тезірек!

Соколов бәрімізді жинап алды да, сағатына қарады:

— Уақыт болды. Тезірек жүріңдер!

Біз окоптан шыға беріп едік, артиллерия тағы да оқ ата бастады. Екі жақтыкі де.

— Жат! — деп бұйрық берген батальон командирі құлағын ұстай алды.

— Сізге не болды?

Мен Соколовпен қатар жатқам, қолына көзім түсті — қан сорғалап тұр.

— Түк емес. Үндеме!

Қорғаныстың екінші қатарына — бағана неміс автоматшыларын атқанда өзіміз жатқан окоптарға жете алмадық.

Айнала жарылып жатқан снаряд пен мина. Біздікі ме, немістікі ме — ажыратып болар емес. Екі жақ та атып жатыр.

— Сол жақтағыларға жеткіз: окопқа еңбектесін! — деп айқайлады Соколов. — Тез!

Мен бұйрықты орындадым. Командир оң жақ қанаттағыларға әлгі бұйрықты өзі айтып жатыр. Енді біз ылғал әрі салқын жермен еңбектеп келеміз. Мен басымды көтеріп ем, бір ыстық леп шарпығандай болды және арқамды біреу ұстарамен осып өткендей сезіндім.

Окоптарға келіп қалдық.

Атыс та тоқтады. Орнымыздан тұрып, шинельдерімізді қақтық, содан соң адамша аяғымызды тік басып өзіміздің машинаға қарай кеттік.

— Сенің арқаңдағы не? Қане, шинеліңді шеш! — Соколов оқ жырып кеткен құлағын ұстаған күйі жаныма келді.

— Ештеңе емес, — дедім.

— Сен шинеліңе және кеудеңе қарашы! — деді Соколов. — Шеш, шеш, гимнастерканы да. Жаралысың ғой. Шайтан алсын!

— Низиныға келгесін, санбатқа тез жету керек! — деді Соколов, балалар менің арқамды спиртпен сүртіп (әрең шыдадым), кеудеммен қоса таңып тастағасын.

— Мені санбатқа дейсіз, ал өзіңіз ше? — дедім Соколовқа батылырақ сөйлеп.

— Менде ештеңе емес, құлағымды жырып кеткен.

Оның құлағын да балалар байлап жатқан.

— Менде түк емес, жолдас лейтенант! — дедім өз сөзіме өзім сенбей. — Ешқандай санбатқа бармаймын. Бармаймын!

— Бітті! — дейді Соколов, бөркін алып, шинелінің жеңімен маңдайын сүрткен күйі. Шашы қобырап кетіпті, көзі ұшқын атып тұр.

— Мен әуелі оның бетіне мылтықпен қойып қалдым, — дейді Саша көзәйнегін сүртіп, — содан соң ол құлағанда барып аттым. Ал ол тайып кетті.

Саша біз үстінен аттап кеткен неміс жайлы айтып тұр.

Біз тағат таппай үлкен оқиғалар күту үстіндеміз. Дәл осындай кезде жетпей тұрғаны санитарлық бөлімге бару еді! Бақытыма қарай, Буньковтың айтқанына да көнбей қойдым. Өйткені жанымда біздің взводтың командирі лейтенант Соколов бар ғой. Ол маған қабағын түйіп, ұрысқан болғанмен өзі де мен секілді, жаралы халде. Егер снаряд жарықшағы менің арқамды жарақаттаса, дәл сондай оқ оның оң құлағын жырып кеткен.

Ол да, мен де ақыры өзіміздің дивизионда жарамызды таңумен тынышталдық.

Біз күнде жұмысқа шығамыз, кейде тіпті күніне екі-үш мәрте, бірақ майданның біз тұрған бөлігінде ешқандай ерекше оқиғалар болмағасын, кеш сайын ішіміз пысып, құлазып қаламыз. Әрине, әдеттегі жұмысымыз күнде қайталанып жатады және оған, бір таңданарлық жай, тез үйреніп кеттік. Әдеттегідей алдыңғы шепте кейде неміс оғының не бомбасының астында еңбектеу, үйреншікті жайға айналған ұйқы қанбау. Рас, мұның бәрінің орны біз майданға келгенше көрмеген, басқа нәрсемен толтырылады: ол — тамақтың орасан көптігі. Иесіз қалған мал деген қаптап жүр — таңдағаныңды ұста да сойып ала бер. Ал Володя сияқты кейбіреулер үшін «майдан нормасы» тағы бар. Бұл норма әжептәуір болатын. Тапсырмаға шығар алдында бір стакан яғни екі жүз грамм немесе біздің шаруашылық взводы арақтың орнына спирт берген күндері жарты стакан таза спирт.

Күнбе-күн атыс шебі мен артиллерияның барлау пункттерін байланыстыруға, жауынгерлік тәртіп осы желтоқсан күндерінде талай өзгерген, біздің дивизионның постылары мен пункттерінің координаттарын анықтауға шығып жүріп, соғыс қорытындысын шешуде белгілі бір дәрежеде бізде үлес қосып жүрміз деп ойламаппыз. Былайша алғанда, біздің жұмысымыз, тіректі артиллериялық тізбекті құру деп аталады. Ал, топограф мамандарының тілімен айтқанда, бұл тізбекті топографиялық негізде, карта бойынша, тік сәулелер, секунд өлшеуіш арқылы жасаймыз. Ал, біз алған осы мәліметтерді есептеушілер аналитикалық, сызықтық және аралас әдістермен жөндейді.

Егер бір жағдай болып қалмағанда, осының бәрін, мүмкін, айтпай-ақ қоюға да болар еді. Әңгіме бұл күндері бізге АИР мектебінде, запастағы оқу полкының жалықтырған оқу сағаттарында өткеннің бәрін ғана емес, мәселен, әуе базасы бойынша топографиялық дайындық секілді ешқашан оқымаған, өтпеген нәрсенің бәрін еске алуға тура келгенінде.

Осының бәрі тез өтіп жатқасын, біз шынында да алдымызда ерекше бір оқиғалар күтіп тұр деп сенетінбіз.

Дегенмен біз осында, өлім мен өмір алдында бәрі бірдей майданда да бәріміз ұқсас әрі сан түрлі едік.

Алдымен Саша жапа шекті: оған комсорг ретінде Володя үшін сөгіс беріліп қала жаздады. Әңгіме солдат ағайын туралы болса, Сашаны либерал дей беріңіз. Бірақ дәл осы жағдайда Саша да оның өзі секілді солдат оның үстіне комсорг болғанмен, солдат ағайын Сашаның либерализмімен санаса бермейді.

Володя оңбағандық істеп, аты шықты. Біз қонған үйлердің бірінде ол он бес жасар поляк қызына тиіскені. Ұрлығының үстінен түсіп дегендей, оны ұстап алды. Ұстап алған Саша.

Саша Володяның кешірім сұрауын талап етіп еді, анау қылжақтап, әзілге шаптырды:

— Жә, қойшы, Сашок, ақымақ қылмай! Егер мен шын мәнінде көңілім кеткен болса, ретін табар едім ғой...

Саша үндемей, басылды да қалды. Ал, қыздың туғандары үндемей қалмады. Ертесіне, біз оянып үлгермей болған оқиға дивизион командирі мен батальон командиріне де жеткені белгілі болды. Анық-қанығын білуге Буньковтың өзі келді. Қыздың туғандары «мынау көрді» деп Сашаны нұсқады.

— Мен оған айттым... — деп міңгір етті Саша. Сол жерде Володяның ақымақ бола қалмасы бар ма:

— Бәрі де комсорг Бариновтың көзінше болды. Болғанда не болды? Түк те емес, әшейін бос сөз!

Комсомол мүшесі Протопопов жәй ғана жаза алды, өйткені майдан жағдайында бес тәулік тұтқында отыру — нақты нәрсе емес.

Комсорг Саша Бариновты бастықтарға біраз сүйреледі. Дивизион командирі дивизион дақ түсіретін әрекеттің бәрін тамырымен құртып жіберетінін барлығымызға көрсеткісі келді.

— Мен сенен сұрайын деп ем, — деді Саша маған, — бұдан былай сен Володяға қалай қарайсың?

— Сен не, Володяны әлі білмейсің бе? — Менің бар айтқаным осы болды.

Жаңа, 1945 жылдың қарсаңында, отыз бірінші желтоқсанда, бізде тыныш күн болды. Ертеңгі жұмыс — артиллериялық атыс бекінісін бақылау — ерте бітті, содан соң взвод командирі Сашаны, Макаканы және мені көрші деревняға азық-түлік, спирт алып келуге жіберді. Онда дивизион штабы және біздің шаруашылық, фотобақылау взводтарымыз бар еді.

Немістер бұл күні тыныш жатқан. Біздің барар және келер жолымызда бір ғана бомба тасталды, онда да психологиялық шабуыл «юнкерс» әуеде салдырлаған болат болванканы тастады. Екі рет жау минометшілері атты. Болды.

Бұл өлкеге келгісі келмесе де, бәрібір қыс белгі бере бастады. Жаңбыр жаумағалы үш күн болды, жерге түсе бастаған қар ұшқындары даланы, үйлердің төбесін, жол бойларын жауып қалыпты. Ауаның қызуы минус сегіз градус.

Біз азық-түлік, спирт алып келдік, мен жаңа жылдың алды екенін ескеріп:

— Жолдас лейтенант, батальон командиріне бір өтініш айтуға рұқсат етіңіз? — дедім.

Взвод командирі лейтенант Соколов таңырқаған жоқ:

— Рұқсат, рұқсат. Қандай сұрақ?

— Мен бүгін кешке сұрануым керек болып тұр, — дедім. — Саяси бөлімге барып келуім керек, — деп артиллерия дивизиясының номерін айттым.

— Әрине, рұқсат сұрауға болады, — деді де кішкенеден кейін: — Тек... Жарайды, — деп үндемей қалды.

— Не айтайын деп едіңіз, жолдас лейтенант?

— Сенен сұрайын деп ем. Мүмкін бұным ыңғайсыз болар? — деп, взвод командирі күмілжіп қалды. Түсі бір түрлі екен. Қаталдық та, әшейіндегі түйықтық та көрінбейді, қайта қысылу бар.

Соколов маған ұнайтын. Үндемейтін, тіпті, бір қарағанда қатал адам секілді болғанмен, ол қатып қалған әскери қызметкер емес. Қайта, басқа офицерлердің арасында ол әскери емес қарапайым адамға көбірек ұқсайтын. Біреуге айқайлап ұрса қалса, сол сәтте басыла қалатын.

— Нені айтасыз, жолдас лейтенант? — деп қайта сұрадым.

— Сол қыз екеуің... Өздеріңде шын сезім бе? — деді ақыры. Яғни, ол бәрін біледі. Қайдан? Лежайскіде көрді ме екен?

— Сен әлі жанып тұрған жассың, сондықтан сұрап отырмын, — деді батальон командирі. — Таңданба. Мұндай шаруада тез алданушылар көп болады...

Мен не дерімді білмей, үндемедім.

«Иә, иә, біздікі шын», — деп айтуыма болар еді. Бірақ шын болғанда не шын? Менің оны көргім келетіні ме? Оның маған, тіпті де, таныс емес басқа махаббаты, Геннадий Васильевичке деген махаббаты болғаны ма? Соны айтам ба? Ақымақтық!

— Айтқың келмесе, айтпай-ақ қой, — деді жайымен. — Мен әшейін...

— Ол екеуміз баяғыдан доспыз, жолдас лейтенант, басқа ештеңеміз жоқ, — дедім. — Бүгін жаңа жыл, құттықтағым келіп еді...

— Бар! Бар! Әрине! — деп келісті лейтенант.

Буньков та жіберді, тіпті, ақыл берді:

— Жолға шық та қолыңды көтер. Әйтпесе бүгін жете алмайсың. Оларға дейін жүз жиырма шақырымдай ғой. Тоқтай тұр, капитан Говоровқа қағаз жазып берейін. Саған ешкім тиісіп жүрмесін. Менің ескі танысым.

Бәрінің реті келе кетті. Осыдан бірнеше сағат бұрын, біз азық-түлік алуға барғанда, дивизияның саяси бөлімі қайда екенін біліп алғам. Енді, міне, Буньков, тіпті, қағаз жазып жатыр.

Батальон командирі қағазды берді де, тағы ескертті:

— Қолыңа мылтық ал. Сақтықта қорлық жоқ. Содан соң ертең таңертеңнен қалмай келетін бол, — деді.

— О не дегеніңіз, мен бүгін-ақ ораламын, — дедім қып-қызыл болып.

— Жарайды, ендеше.

Жол бойында машина сирек екен. Ыңғайлы жүк машинасын күтіп тұрып (ыңғайлы деп үстінде офицерлер жоқ машинаны айтам. Офицерлер келе жатқан машинаны тоқтату ыңғайсыз ғой), мен қағазға қарадым. Буньков не деп жазды екен?

«Саламатсың ба, қымбаттым! Қалайсың? Саған бір жігітті жіберіп отырмын және Жаңа, 1945 жылмен құттықтаймын! Хат жазып жібере сал! Мына жігітті өкпелетпе. Өзінің жеке шаруаларымен бара жатыр.

Максим Бунъков», -

деген сөздерді оқыдым қарындашпен асығыс жаза салған қағаздан, оқып алып қызарып кеттім-ау деймін. Буньковқа ештеңе айтқаным да жоқ қой. Ал, ол...

Ақыры жартылай азық-түлік тиеген үш тонналықты тоқтаттым. Шофер «Семенов шаруашылығына» дейін (дивизияны солай атайды екен) апарып салуға келісті.

— Олармен көрші тұрамыз. Бізден екі аттап жетесің. Отыр шанаққа, — деді. Үстінде екі қарт солдат бар екен. Біреуі, өзі айтқандай, «бастықтар үшін жаңа жылға тамақ әкеле жатыр», екіншісі — госпитальдан шығып келеді.

Машина кедір-бұдыр жолмен бұлталақтап ұзақ жүрді. Шағын деревняға жеткенде жол тегістеліп, машинаның жүрісі де дұрысталды. Ерте туған ай төбемізден қарап тұр. Әр жерден тұрған машиналар көрінеді. Аспанда әр жерде шарбы бұлттар, олардың ара-арасынан жұлдыз сығалайды. Қар қиыршықтары ұшқындап ай мен жұлдыздың бұлыңғыр сәулесімен жылт-жылт етеді. Шофер жылдамдықты үдеткен сайын, жол бұрылыстарындағы қар мен мұздаққа доңғалақтар тайғанап, бізді соға бастады. Айнала тып-тыныш. Аспан да, ай да, оның салқын сәулесінде жылтылдаған қар да, маңайдағы дала да — бәрі қосылып адамды тербетіп тұрғандай.

Мен екеуміздің кездесуіміз, әңгімеміз туралы ойлап келем. Әуелі саяси бөлімге кіріп, кезекшіден сұраймын. Оны тауып аламын да, адам аз жерге барамыз. Мен оны Жаңа жылмен құттықтаймын, содан соң мен оны бәрібір сүйетінімді айтамын. Ылғи солай сүйе беремін деймін. Капитан Смирновқа менің де жаным ашитынын, мен оны жай Генадий Васильевич ретінде білетінімді айтам.

Жоқ, бүгін Генадий Васильевич туралы айтпаймын. Жәй, өзін көремін, құттықтаймын, штабқа кіріп капитан Говоровқа қағазды беремін. Мүмкін, әуелі хатты беріп, содан кейін іздесем бе екен? Сол дұрыс шығар.

Менімен қатар отырған солдаттарда үн жоқ. Жалпы майданда қарт адамдардың көп сөйлемейтінін мен көптен байқап жүргем. Мен де үлкен болып көрінгім келетін. Кенет біреуі:

— Госпитальдан келесің бе, әлде жаңадан шақырылдың ба? — дегенде, қуанып кеттім. Өзімнің бірінші болып сөйлемегеніме қуандым.

— Жоқ, жұмыспен келемін. Батальон командирінің қағазын әкеле жатырмын, — дедім салмақты түрде.

— Ә-ә! Жаңа жылдық құттықтау әкеле жатыр екенсің ғой, — деп, түсінген адамдай кейіп көрсетті де, солдат ұйқыға кеткендей көрінді.

Мен де ұйқы басып, қалғи бастадым: соңғы кезде біз тәулігіне екі-үш сағаттан ғана ұйықтап жүргенбіз.

...Оянып көзімді ашқанда, түкке түсіне алмадым. Еденде бағанағы жолаушы солдаттың бірімен қатар жатырмын. Алдыңғы жақта ақ жайма жамылған адамдар жүр. Әлде ақ халатты дәрігерлер ме екен? Біз қайдамыз өзі? Шынымен арқамдағы жараның кесірінен госпитальға әкелгендері ме? Көз алдымда дөңгелек ай сәулелері секілді сызықтар, басым дыңылдайды. Сол аяғымды тізеден жоғары тастай етіп байлап тастапты. Тағы сол аяғым... Қазір Гурий Михайлович пен сестра Вера... Вера... Вера... Қалай еді әлі? Вера... Вера... Жұрт оны Верочка дейтін. Мен ғана аты-жөнін айтатын едім ғой. Біз де Гурий Михайлович Вера... Вера... секілді, содан соң шанақта қатар отырған мына солдаттар секілді ересек болдық па? Саша да, Шүкірбек те, Витя да — бәріміз үлкенбіз бе?

Енді балалықтың оралмайтыны жаман. Анам да маған жақын келмей тұр... Әкем де... Неге екенін білмеймін, қазір соншалық құлазып, әрі қорқып жатқан секілдімін.

Мен басымды көршіме қарай бұрайын деп ем, құлағымнан ып-ыстық қою бірдеңе ағып жатқандай болды.

— Ештеңе емес, бауырым. Ең бастысы, әйтеуір тіріміз. Ал, соғуын жаман соқты — шофер де, жолсерігіміз де санитарлық батальонға жете алмады, — деген сөздер құлағыма күңгірлеп келіп жатыр. Мұның бәрі түс деп ойладым.

Содан соң мені біреулер жерлеп жатыр екен. Түсімде емес, кәдімгідей өңімде. Саша, Шүкірбек, Макака, Володя — бәрі жиылып, маған көр қазып жатыр. Шұңқырдан құп-құрғақ, сұрғылт топырақты лақтырып, арасында тершіген маңдайларын сүртіп қояды. Тіпті Володя: «Балалар, тездетейік!» — деп асықтырды.

Катонин, Буньков, Соколов қысқы құлақшындарын алып, мен жатқан машинаның соңында келеді. Ал, оркестр болса, қайғылы әуен тартып сарнатып келеді. Бірақ бұл Шопеннің қаралы маршы емес, басқа ән. Кенеттен мен, әннің сөзін ешкім айтып келе жатпаса да қандай ән екенін есіме түсірдім.

Кездім талай жердің жүзін,
дүниені шарладым,
Жер үйлерде, окоптарда,
бұрқағында тайганың...

Бірақ қазір бұл әннің әуенін оркестр өте жай орындап келеді, оны костел үйіндей алып орган қостайды.

Ал, Наташа, менің ып-ыстық маңдайыма қолын салған күйі, қатарымда келеді. Оның қолы мұздай, ал мен сол салқын қолдың маңдайыма тигеніне рақаттанып жатқан секілдімін. Ауадан Лежайскідегі тәрізді және дәл кешегі Жаңа жылдың алдындағы секілді, шырша мен қарағайдың иісі шығады. Бейне үйдегі сатып алынған әлі ойыншық ілініп, әшекейленбеген шыршаның жанында тұрғандаймын.

Содан соң қайдағы бір шұңқырға құлап барамын.

Әлде ұйықтап кеттім бе, әлде жай сандырақ па — ажырата алмаймын.

«Папасының бұл күнді көре алмағаны өкінішті», — дейді анам. Анам қайдан келіп қалған? Және әкем неге көре алмады дейді? Қайдағы күн? Қандай күн? Біз әкем екеуміз сызды окопта қатар жатырмыз, мен анама әкем тірі деп айқайлағым келеді. Тірі! Өлген менмін! Мені достарым және Наташа жерлеп жатыр. Ол (Наташаны айтам) енді менің тірі кезімде сүйемін деп айтпағанына өмір бойы азап шегіп өкінетін болады. Жоқ, ол азап шекпесе екен, өкінбесе екен. Енді ол бәрі бір менің өзін қаншалықты сүйгенімді біледі ғой...

Бір мезгілде орган үні баяулай бастады. Оркестр де үндемейді. Алаңға немістер шығып келеді. Өздері көп-ақ. Олар маған қарай ұмтылып, жүгіреді. Саша олардың жолын бөгеп, көзілдірігін сүртеді де:

«Меніңше, бұл... Мен сенен сұрағым келіп еді, сен қалай ойлайсың — бұлар немістер ме? Оларды атуға бола ма?» — деп сыбырлайды.

Мен олардың немістер екенін біліп тұрмын, бірақ лейтенант Соколов менің мылтығымды жұлып алып:

«Атуға болмайды! Болмайды! Бұлар тұтқындар! Тұтқындарды атуға болмайды!» — деп айқайлайды.

«Меніңше, балалар, мына оңбағандарды атпау деген барып тұрған ақымақтық!» — деп сыбырлайды Володя.

Володяның ұсқыны сондай қорқынышты. Алайда ол күлімсіреп, менің арқамнан қағып қояды:

«Есіңде болсын, бауырым, Соколовқа сенуге болмайды. Оған әлі де байқап қараңқырау керек. Бұл менің ғана пікірім емес, бауырым, есіңде болсын! Дивизион командирінің өзі солай ойлайды. Міне, қандай мәселе!» — дейді.

Мен шыдай алмай кеттім:

«Сен оңбағансың, Володя! Мен Соколов үшін...»

Ал, Наташа өзінің сұп-суық қолын менің маңдайыма басады.

«Сенің лейтенантың аналарды бекер мүсіркеді, — дейді ол. — Олар сені өлтірді ғой, жексұрындар. Өлтірді! Түсінесің бе?

«Түсінемін, — деп сыбырлаймын мен, — сен сондай жақсысың. Мен бәрін де түсінемін!»

Лейтенант Соколов қабағынан қар жауып маған жақындайды да, неге екені белгісіз, Наташаға қарап сөйлейді:

«Кешіріңіз, жолдас кіші лейтенант!»

Содан соң ол маған бұрылып:

«Ал сен санитарлық батальонға ақыры бармай қойдың ғой», — дейді.

«Сіз ше? Сіздің құлағыңыз қалай, жолдас лейтенант?»

Соколов жауап беріп үлгере алмайды. Буньков келіп қалады:

«Миша, қойшы сен! Жұртқа үйретесің, ал өзің...»

Келемін асып белдерден,
Көрінбейді жол алда.
Қар жамылған жерлерден
бір қарасын табам ба.
Келем ұқсап жетімге,
Үрей жайлап сананы.
Көк аспанның бетінде
бұлттар жүзіп барады.
Ызыңдайды жел түзде,
Дала бірақ таскерең.
Қорқыныштан елсізде
дірілдейді жас денем.

Мен неге өлең оқып, күбірлеп жатырмын? Пионерлер үйі қайдан пайда болды? Қалайша мен майданда жүріп, балалық шаққа оралдым?

«Сіздердікі дұрыс емес, балалар, — дейді Вера Ивановна. — Бұл мұңды өлең емес. Және оның бұдан басқа да өлеңдері көп... Дұрыс қой, жолдас Соколов?»

«Адамдарға сену керек, — дейді взвод командирі бұйра шашын сілкіп қойып. — Бәріне сену керек. Тек балаларға ғана емес...»

Қайтадан оркестр ойнай жөнелді. Бірақ енді орган үні естілмеді. Ойнап жатқаны гимн емес, «Интернационал»...

1945 ЖЫЛ

— Қалай, тәуірсің бе? Жаңа жыл құтты болсын!

Міне, біз де кездестік.

Осылай боларын білгем. Ол маған келеді дегем. Қазіргі сөйлескеніміздей, бір-бірімізге қарап отыратынымызды білгем. Білдім бе? Жоқ, білгенім жоқ, мендегі осылай болса екен деген арман ғана болатын.

Қазір оған қарап жатырмын — қандай ересек болып кеткен!

Медициналық санитар батальонына да өзі келіп, енді міне, менімен қатар отыр.

— Сенің асығуың бекер. Дәрігер жата тұру керек дейді.

Яғни, ол дәрігермен де сөйлесіп үлгерген. Мен оған қазір ештеңе айтпаймын. Бәрін өзі біледі, өзі түсінеді.

— Мен сол жолы саған келе жаттым ғой, — дедім. Есімде қалғаны сол. Біздің батальон командирінің капитан Говоровқа жолдаған хаты, «Семенов шаруашылығына» жету үшін жол бойында қол көтеріп тұрғанымды, жүк машинасына отырғанымды айттым. Басқасы есімде жоқ.

— Яғни, сен мен үшін... Көрдің бе, мен қандай бақытсызбын...

Сүйдеді де ол қабағын шытып балшық-балшық етігіне қарады. Оның әбден шаршағанын сонда ғана түсіндім. Өңі боп-боз, көзінің айналасы көгілдір тартып, жанарында от қалмағандай. Бұрын оның көздері үлкен, жарқылдап тұратын.

— Сен шаршағансың, — дедім.

— Жоқ, мен шынында нағыз бақытсызбын.

Неге бұлай дейді?

— Сен Геннадий Васильевичті айтып отырсың ба? Ол үндемейді. Неге оны есіме алдым деп ішімнен өзіме өзім ұрсып жатырмын. Айтайын дегенім жоқ еді, аузымнан шығып кетті.

— Жоқ, ол туралы ғана емес, — деді ол. — Мүмкін, шаршаған да шығармын. Қазір жұмыс сондай көп.

Біз Москваны еске түсірдік, ол кішкене көңілденейін деді.

— Есіңде ме: құстар... айнала сондай әдемі — бәрі жарқырап тұр, адамдар да көңілді, бақытты, әдемі киінген, бәрі күлімсірей қарайды... деймін ертегіде жүргендей сөйлеп.

— Есімде, — деп көңілденді ол. — Мен кейде осыны түсімде көремін, әрине, жұмыс аз кезде. Ал, жұмыс көп болса, өлген адамша құлай кетесің...

— Есіңде ме, біз ақыры шомылуға бармадық?

— Берлинде шомыламыз! — Ол тағы күлімсіреді. Содан соң мұңды дауыспен: — Жалпы, жылылықты сағындым.

— Ал, қашан басталады?

Алдыңғы түндерде де, осы күндері де жол бойында өтіп жатқан техника дүрсілі санитарлық батальонның қабырғаларын зіркілдетіп, құлаққа тыным бермейді.

Шамасы, алдыңғы шепке әкеліп жатыр. Үлкен шабуылдың алдында осылай болатын шығар.

— Жақын арада, — деді ол. — Дәл білмеймін, бірақ әзірленіп жатыр. Әзірлік күшті.

Жоқ, мен, әрине, дұрыс жасадым. Госпитальға бармағаным ақыл болды. Қазір аяғым ауырмайды, оқ дегенің сүйекке жетпей етін ғана зақымдаған. Ал, арқамдағы жара жазылып келеді деп дәрігерлердің өздеpi айтты. Өмір сүруге болады. Басым ауырып, құлағым шуылдағаны да кетті, көзім де жақсы көреді. Кеше тексерген.

Ертең шығарыңдар деп сұраймын.

Ал, бүгін Наташа кеткен бойда, қағаз, қалам алып, оған хат жаза бастадым. Бүгін, өткен жылы айта алмағанымның бәрін жаздым. Білсін дедім. Білуі тиіс. Содан кейін хатты жыртып тастадым... Жәй бірдеңе болып шықты. Мұндай хатты оған жібере алмаймын.

Қыс дейтін қыс та емес, ал жерде сірескен тоң жатыр. Шамасы, ылғалдың молдығынан болар. Жерді де сыбап жүрміз. Күрек батпайды. Сүймен деген бізде атымен жоқ, солдаттың күрегі ғана. Дыбыс аңдитындар, фотоға түсіретіндер, біз де негізгі жұмысты бітіргеннен кейін дивизион командиріне жер үй қазып жүрміз. Соңғы кезде немістерден тыныштық кетті. Бақытқа қарай шығын болмағанмен, штаб машинасына да оқ тиіп үлгерді. Фотолабораторияның шанағын да мина зақымдады. Тіпті асхана да cay қалған жоқ — дұшпанның әуе шабуылы кезінде қазанды оқ тесіп кетті.

Біз Гура деп аталатын, елу шақты үйі бар түкпірде жатқан бір деревняның шетінде жұмыс істейміз. Күнде сағат түнгі екі жарымға дейін жүреміз. Екінші қатар бөрене жүргізіп болғанымыз сол еді, Володя:

— Несі бар, жігіттер! Тамаша болды! — деп мақтанып қойды. Шынында да тамаша болды.

Таң ата жер үйді аяқтауымыз мұң екен, «юнкерстер» көрінді. Үшеу. Бізге көрші тұрған танк колоннасы не батарея секілді маңызды объект болмаса да, «юнкерстер» бомбылау үшін айналып ұша бастады.

— Айтатыны жоқ, көрімізді қазып үлгердік, — деп әзілдеді Володя, жаңа ғана тұрғызған жер үйге топырлай тығылғанымызда.

— Әзіліңді қойшы осы! — деп Соколов зекіп тастады.

Самолеттердің біреуі айналып ұша бастады. Біз оның жақындап келе жатқан жан түршіктірер дыбысын, іле-шала бомбаның жарылысын естідік. Сол кезде взвод командирі менің иығымдағы автоматқа жабысты:

— Берші маған!

Майданда жүріп, біздің көбіміз неміс автоматын қолға түсіргенбіз. Подлесье деревнясының маңындағы біз бұрын көрмеген ұрыстан кейін мен де автоматқа ие болғам. Бұл заңсыз еркіндік болатын, өзіміздің мылтығымызды машинаға жасырып қойғанымыз үшін де сыбағамызды алатын шығармыз деп күтіп жүрміз. Алайда Соколов та, Буньков та, басқа офицерлер де, тіпті, дивизион командирі майор Катониннің өзі де бізге тіл қатқан жоқ, әрине, біздің басқаша қаруланғанымызды олар көріп жүр. Міне, Соколов менің автоматымды қараңғыда жұлып алды да, жер үйден шықты.

— Төмпештеп бітті білем, — деді көп сөйлемейтін Макака, бірақ оны қостауға мұрша болмады. Жақындап келе жатқан самолет үні мен жарылыстан ойымызды да ұмытып қалдық. Жер үйді теңселтіп жібергені соншалық, бейне буырқанған толқын арасындағы корабльге ұқсап кетті.

Қалай болғанын білмеймін, бір қарасам, Макака менің аяғымда жатыр. Саша қолын сермеп қалғанда, бөркі ұшып кетті. Тас қараңғы үйдің ішінде жұрттың бәрі абыр-сабыр болып қалды, тек Шүкірбектің даусы ғана бізді тоқтатты:

— Лейтенант сыртта қалды. Ол шығып кетті ғой, өз көзіммен көрдім! Қалай болды?

Шүкірбек бірінші болып үйден атып шықты. Оның соңынан Саша, мен, тағы біреу — балаларды кейін барып көрдік. Әуелі көзімізге түскен Соколов болды, содан ұзап бара жатқан «юнкерстің» құйрығын көрдік және үшінші «юнкерс» бізге елу метрдей жақындап қалған екен. Соколов сол үшінші самолетті көздеп тұр. Кенет «юнкерс» алғашқы бомбаны тастай бергенде, Соколов автоматтан оқ жаудырды.

— Жатыңдар! — деп айқайлады Соколов, біз көзіміз түк көрмей жерге жабысып жата қалдық.

Бомба жақын жерге түсті. Одан соң екіншісі. «Өртенді! Қараңдар!» — деген лейтенанттың айқайы мен самолеттің жарылған үні қатар шыққанда, біз басымызды әлі көтерген жоқ едік. «Юнкерс» жолға жақын жердегі Иисус Христос бейнеленген крест жанына құлады. Біз жапатармағай жүгіріп жеткенше самолет те, крес де қалмапты, тек бөлшектер ғана түтіндеп жатыр.

Таңғы сағат бесте қатты дүрсілден шошып оянған біз ұйқылы-ояу терезеге үңілдік. Жер сілкінгендей болды. Барлық жерде — оқтың ұшқыны «Катюшаның» отты жарқылы, бомба тастаушы самолеттердің жан түршіктірер гүрілі.

— Шабуыл ма? Артиллериялық әзірлік пе?

— Әзірше ұрыспен барлау, — деді лейтенант Соколов, таңып тастаған басындағы қоңыр дақты көрсетпегісі келіп. — Артиллериялық әзірлік кейін басталады.

— Барлау мынандай болса, артиллериялық әзірлігі қандай болады?

Соколов сөз арасында:

— Дыбысшылар мен көздеушілер біздің координаттарда көп нүктелерді белгілеген екен. Комбат сіздерді құттықтауды сұраған, — деді.

Ұрыспен барлау сағатқа жақын созылды, ал ертеңгі онда нағыз ұрыс басталды. «Катюшаның» от теңізінен кейін, іле-шала қуатты артиллерия, одан кейін түрлі калибрлі артиллерияның бәрі іске кірісті. Үйдің әйнектері дірілдейді. Жер үйлердің төбелері сықырлайды. Жер сарнап тұрғандай. Ағаштар қорыққаннан бұталарындағы қарды сілкіп түсіріп жатқан секілді. Бұдан кейін біздің әскерлер от тасқынын дұшпан қорғанысының түкпіріне бұрды. Түске қарай алдыңғы шепке танкілер шықты. Жолдың бәрі қозғалысқа толы. Әскери тыл да қимылдай бастады. Тек біз ғана ұмыт қалғандаймыз, «алға» деген де бұйрық жоқ, не басқа жоқ...

Кешікпей біздің деревняға алғашқы жаралылар әкеліне бастады.

— Ал, қалай, не болып жатыр? — Біз оларға жүгірдік.

— Жағдай жаман емес... Біздердікі алға кетіп барады...

Ал, танкілер ұлып барады. Танк колонналарының бас жағында аттары жазылған: «Орел колхозшыларынан», «Проскуровты азат етуші», «Орал жұмысшысы», «Сібірліктер — майданға»...

Біздің ұққанымыз: бір үлкен нәрсе басталған секілді, жұрттың бәрі күтіп жүрген, соған әзірленіп жүрген, сол үшін күн сайын біздер де жұмысқа шыққан үлкен нәрсе... Бірақ неге екенін біздің ешқайсымыз әлі толық білмейміз. Біздің майданның Сандомир плацдармындағы шабуылы ма? Әлде барлық Бірінші Украин майданы түгел шабуылға шықты ма? Мүмкін, бүкіл майдандардың шабуылы болар ма?..

Қып-қызыл болып, қуанған Буньков жүгіріп келді.

— Кешке митинг болады. Өздеріңді ретке келтіріңдер.

Ал, әзірше, басқа жұмыстармен қоса, жаралыларды қабылдаңдар. Қазір алғашқы топтар келе бастайды. Миша, саған, командирдің тапсырмасы осы, — деді ол лейтенант Соколовқа, — байқа, тентек болып жүрме!

Соколов қуанбады ғой деймін:

— Тәуірірек ешкімді таппадыңдар ма?

Олар жаралыларды тасымалдау туралы келісті. — Біздің штаб тұрған көрші деревняға дейін оларды біз апарамыз. Одан әрі -: шаруашылық взводы мен фото взводы.

Жаралылардың алғашқы тобы дәрігерлердің тікелей көмегі қажет болатын жағдайда келді. Тұтқындар төртеу екен — артиллерия шабуылынан қансырап, құлақтары бітеліп қалған, — аузы-мұрындарынан қан сорғалап, ештеңемен ісі жоқ, әзер тұр.

Саша олармен немісше сөйлесуге тырысып көрді. Ол немісше білетін сөздерін есіне түсіру үшін қиналғаны өз алдына, оларға естіртудің өзі күш болды.

Олардың бірі, шамасы түсінгіштеу болса керек, басын қуана шұлғып, бізге таныс сөздерді қайталай береді:

— Гитлер капут! Сталин — гут!

Басқа немістер бірдеңе деп еді, бірақ мен оларды ести алмадым.

— Мыналар не дейді? — деп сұрадым Сашадан. Қызық жағдай: біз мектепте қаншама жыл неміс тілін оқыдық, мен тіпті жақсы бағалар да алып жүрдім, артикльдерді жатқа білетінмін, құйттайымда жаттап алған өлеңді (Айн меннляйн штеет им вальде, ганц штиль унд штум»...) де оқи алатынмын, алайда. «Гитлер капут!» дегеннен басқа күрделірек бірдеңе айтқан немісті түсіну түгілі, ең қарапайым сөздерін де айта алмаймын. Эмилия Генриховнаның керемет деген мектебі де көмектесе алмапты.

— Олар айтады: бүгінгі бастан кешіргеніміз — соншалық қорқынышты, жан түршігерлік дейді, — Саша маған түсіндірді.

Саша төрт тұтқынның біреуі прибалт, біреуі австриялық екенін де біліп алыпты.

Бірінші топты Саша жалғыз алып кетті. Макака оған:

— Мүмкін бірге апарармыз? — деп ұяңдау тіл қатқанына қарағанда немістерді жалғыз өзі әкеткісі келмеді білем.

Екінші топта тұтқындар көбірек — жетеу екен. Іле-шала үшінші топ алты неміс әкелінді. Сөйлесетін мезгіл жоқ. Макака екеуміз тездетіп екеуінің жараларын байладық та, штабқа әкеттік. Макака екеуміз қатар келе жатқанда Паташон мен Патқа ұқсаймыз. Тұтқын немістердің жанында Макака Геркулес боп көрінбейді. Мылтықты көлденең ұстаған ол тұтқындар колоннасының біресе алдында, біресе соңында жүгіріп жүр. Немістердің кейбіреуі ақсаңдап келеді, екеуі жалаң аяқ, қандары шығып тұр. Мен колоннаның қатарында келемін.

Тұтқындар бастарын салбыратып, тәртіппен келеді. Бір-бірінен қалғысы келмей, ілесе алмағандарды өздері асықтырады. Штабқа дейін онша алыс емес — үш шақырымдай. Тек біресе жоғары көтеріліп, біресе төмен түскен жол жаман. Біз жай жүріп келеміз. Қырсық шалғанда, мен де сәл сылтып қоямын.

Шағын алаңқайдың жанына келгенде жалғыз аяқ жол кілт оңға бұрылды да, біз сәл-пәл кідіріп қалдық. Бір неміс сүрініп кетіп, аяғындағы су-су шарығын байлау үшін тізесін бүкті.

Біз күттік. Макака менің жаныма келді.

— Біздің тіл білмейтініміз ақымақтық, ә? Мыналармен сөйлесіп көрер ме едік.

Осы кезде алаңқайдан біздің офицер шыға келді. Біз оның атағын байқай алмадық — үстіне кеудеше киіп алыпты. Бірақ құлақшыны, гимнастерка мен шалбарынан таныдық: біздің офицер.

— Кімсіңдер? Қайда барасыңдар? — деп сұрады ол, пистолетін қолына ұстаған күйі қатқыл үнмен.

Біз жауап бердік.

— Штабқа өзім апарамын, ал сендер келесі топты алып келіңдер! — деп бұйырды ол сөзге келмей.

Мен сасып қалдым да, Витяға қарадым.

— Біз олай істей алмаймыз, — дедім батылсыздау үнмен. — Штабқа өзіміз апаруға тиіспіз, ал сіз...

Офицер сөзімді бөліп жіберді.

— Әңгімені қойыңдар! Бұйрықты орындаңдар! Әйтпесе ит секілді атып тастаймын! Түкке түсінбеген немістер де аң-таң. Сол сәтте күтпеген оқиға болды — офицер Макаканы атып қалды да, немісше айқай салды:

— Лауфен, Эзель?!1

Мен не болып, не қойғанын, оның немісше не дегенін түсінбедім, бар болғаны бір жағына атылып түстім де, екі рет әуеге оқ аттым. Біздің тұтқындар орындарынан қозғалмастан не істерге білмей тұра берді, тіпті, біреуі де қашайын деген жоқ, керісінше, офицер ағаштың артына тасаланып, енді мені көздей бастады. Оқ жанымнан өте шықты. Осы сәтте немістердің бірі:

— Герр офицер! — деп айқайлап жүгіре бергенде, Макаканың жанына келіп құлап түсті. Шамасы, Витя жаралы ғой деймін, бірақ мен оның жанына баруға шамам жоқ. Ағашты екінші рет көздеп аттым да, ол жерде офицердің жоқ екенін білдім. Граната лақтырдым. Көздемей жіберіп ем — ағаш арасынан айқай шықты. Немістер ойымда жоқ. (Ақымақ! Құр қол мені олар ұстап алса қайтер едім!) Мен алаңқайға жүгірдім. Офицер қанға бөккен күйі жан даусы шығып, домаланып жатыр. Оқ оның көзі мен бетінің біріне тисе керек.

Жаралы Макака ойыма түсіп артыма қарап едім, екі неміс оны сүйемелдеп тұрғызып жатыр. Басқалары қарап тұр.

— Саған не болды, Макака. Не? — Мен оның шинелін шеше бастадым.

— Ештеңе емес, — деп Макака бүйірін ұстай берді.

— Жырып кетті білем. Сен ананың пистолетін, пистолетін ал!..

Офицер айқайлауын қойып, қан жуған бетін басқан күйі ауыр дем алып, ыңқылдап жатыр екен. Пистолет қасында. Мен шүріппесін басып алармын деп қорқақтап қолыма алдым. Бұл өмірде бірінші рет пистолет ұстауым ғой.

Енді не істеу керек?.. Витя жаралы. Тұтқындардың бірі өліп қалды. Он екісі қасымда тұр. Және мына офицер... Кім өзі? Бізше киінген фриц пе? Барлаушы ма, әлде бандеровшы ма? Ол тірі және тірі тұрғанда штабқа жеткізу керек.

Біздің взводтан гөрі штаб жақындау жерде. Макака орнынан әрең тұрды:

— Кеттік.

Жүгіріңдер, есектер! (немісше)

— Мына түріңмен қайда барасың?

— Кеттік, кеттік! — деп сыбырлады түсі құп-қу болып, еріні көгеріп кеткен ол. — Жүре аламын.

Біреуге өлген немісті, басқаларына жаралы офицерді алып жүру, енді біреулеріне Витяға көмектесу керектігін тұтқындарға түсіндіре алмай тұрғанымызда, бақытымызға қарай, Саша шыға келді.

Ол штабтан келе жатыр.

— Қалайша сен осы жолмен алып өттің? — деп сұрадым мен, болған уақиғаны айтқаннан кейін.

— Осы жолмен алып жүрдім. Ештеңе болған жоқ.

— Қайта немістер момын болып жанымыз қалды, — деп сыбырлады Макака. — Ол бұларға немісше бірдеңе деп айқайлады, шамасы, қашыңдар деген болар, ал бұлар орындарынан қозғалмады...

Саша немістердің бірінен сұрап еді, анау басын изеп, қызына сөйледі:

— Лауфен, эзел! Лауфен, эзель!

— «Жүгіріңдер, есектер!» — деп айқайлапты бұларға, — деп аударды Саша. — Бандеровшы не власовшы ғой.

Жарты сағаттан кейін біз штабқа жеттік. Тұтқындарды тапсырдық. Біздің Макаканы медсанбатқа апардық.

Жаралы офицерді көруге майор Катониннің өзі келді.

— Анықтаймыз. Ал сендер менің «газигіме» мініңдер де өздеріңе жетіңдер. Лейтенант Соколовқа сағат жетіде осында болатын жиынға бәрі түгел келулері керектігін айтыңдар.

Кешкісін біз штабқа оралдық. Деревня көшесінде дивизион түгел сапқа тұрды. Қызыл ту желбірейді. Біздің арамызда фото взводының командирі кіші лейтенант Фекличев жоқ болатын — ол өз минометінің отына өртеніп қаза тапқан. Госпитальға жіберілген Макака да жоқ...

— Бүгін біздің майданның ең шешуші шабуылдарының бірі басталды, — деді майор... — Корпус командирі, жауынгерлер, сендердің бәріңе, сержанттарға, старшиналар мен офицерлерге осы шабуылға өте жақсы әзірлік үшін алғыс айтуды сұрады.

— Совет Одағына қызмет етеміз! — деп хормен жауап бердік.

Радионы қашаннан бері тыңдамағаным есімде жоқ. Кенет — хабар. Москвадан. Және қандай хабар! Бізге тікелей қатысы бар хабар.

— Советтік Информбюродан, — көптен естімеген Левитанның даусы. — Он үшінші қаңтардағы жедел хабар. Сандомирдің батыс жағында шабуылға шыққан Бірінші Украин майданының әскерлері, ауа райының авиацияның жауынгерлік қолдауына мүмкіндік бермеген қолайсыздығына қарамастан, жаудың қырық шақырымға созылатын майдандағы мықты қорғаныс шебін бұзды. Жау шебін бұзуда ойдағыдай ұйымдастырылған күшті артиллериялық шабуыл шешуші роль атқарды. Екі күн бойы жауынгерлік шабуыл жасай отырып, майдан әскерлері қырық шақырымға ілгері кетті және майдан аумағын алпыс шақырымдай жерге кеңейтті. Шабуыл кезінде біздің әскерлер жаудың Шидлув, Стопница, Хмельник, Буско-Здруй (Буек), Висьлица, сонымен қатар үш жүзден астам басқа пункттерге ұрыспен кірді...»

Содан соң Левитан Жоғарғы Бас командашының бұйрығын оқыды. Онда біздің корпус командирінің және корпусқа қарайтын дивизиялар командирлерінің, басқа да көптеген дивизиялардың және маған таныс Наташаның дивизиясы командирінің аттары аталды.

«Бүгін, он үшінші қаңтарда, — деген үнді естідік, — 21 сағат 30 минутта біздің Отанымыздың астанасы Москва неміс қорғанысын бұзған Бірінші Украин майданының ер жүрек әскерлері құрметіне Отан атынан екі жүз жиырма төрт қарудан жиырма рет артиллериялық салют береді...»

Біз ол салюттің дабылын естігеніміз жоқ. 14 қаңтарда Бірінші және Екінші, оларға ілешала Үшінші Белорус майдандары әскерлерінің шабуылға шыққанын да естімеп едік.

Соғыс деген біз елестеткендей болмай шықты. Рас, ол бұрынғы, алғашқы күндердегіге де ұқсамайды. Қырық бірде Москва түбінде өткізген бірнеше сағаттар арқылы соғыс менің есімде қалған. Мен ол жайлы жиырма екінші маусымда басталған соғыс жайлы біз секілді бірнеше апта ғана емес, үш жыл бойы майданда жүрген Наташадан да естідім! Қазір соғыс жеңіске жақын, сондықтан да ол қуанышты сезіледі. Күш пен техника басымдылығының айқындығы соншалық, шешімді түйінге аз қалғанын әркім де түсінеді. «Берлинге жетеміз!» деген ұран да бұрынғыдай көңіл түкпіріндегі тілектей қабылданбайды.

Дегенмен соғыстың аты — соғыс. Соғысты батырлық пен даңқтың даласы деп елестеткен біздің түсінігіміз, Гороховецк лагерьлері секілді, тым жырақта қалды.

Біз әскерлеріміздің ең соңында келеміз. Жол езуінде қираған неміс техникасы. Даланың беті быт-шыты шыққан окоптар мен жер үйлерге толы... Темір жол маңы қисайып қалған эшелондар. Топырағы ескіріп үлгермеген туысқандар бейіттері де қалып жатыр. Біз бірнеше ондаған шақырымдарды өтіп, көп кешікпей бізге дейін азат етілген Краковке жеттік. Бізде қазір ауыз толтырарлықтай жұмыс жоқ, өзіміз қарамағына берілген корпустан қалмау үшін соңына ілесудеміз.

Краков жалауларға малынып тұр екен: советтік қызыл тулар, поляктың қызыл жолақты ақ жалауы, кейбір терезелерге ақ жайма ілулі тұр. Батысқа қашып үлгермеген немістер өздерінің ниеті түзулігінің белгісі ретінде ақ жалау іліп қойған. Ал, мені Краков тағы бір жақсы хабармен қарсы алды — бірнеше үйлердің төбесінде, көше бұрыштарында «Семенов шаруашылығы» деген көрсеткіштерді байқадым.

Біздің дивизион қаланың шетіне тоқтады.

Ұзақ мерзімге ме?

Аға лейтенант Буньков:

— Шыдай тұрыңдар! Қазір біліп келемін... — деп уәде берді.

Кешікпей ол да оралды:

— Жүкті түсіріңдер. Қонатын болдық. Бізге берілгені әне ана біреу үй.

Мені бірден кезекшілікке қойды. Яғни, кешке дейін күтуге тура келеді.

Кезекте тұрғанда көргенім — Краков көшелерінде шұбырған машина: қару-жарақ тиеген ауыр машиналар, танктер, жаяу әскер тиеген жүк машиналары. Үйлеріне оралған тұрғындар да шұбырып келеді: жаяу, аттылы, қолдарында қап, сөмке. Олардың кейбіреулері көңілді, кездескен біздің солдаттар мен офицерлерге қуанышпен сәлем береді. Енді біреулері еңсесі түсіп, айналаның бәріне немқұрайды қарайды. Дәкемен таңып ескі-құсқы шүберекке ораған кіп-кішкентай ауру, әлсіз балаларын көтеріп келеді. Бет-әлпеті сәбидің жүзіндей жүдеу әйел баланың табытын арбаға салып сүйреп келе жатыр. Дәл менің жаныма келгенде, әйел тоқтап, табыттың бетін ашты да, баласының жүзіне үңіліп көңілі тыншығандай тағы ілгері кетті. Мүмкін, ана сәбиін туған жеріне жерлеуге әкеле жатқан болар...

Кезекшіліктен кейін мен Наташаны іздеуге жүгірдім. Қаланы алу үстіндегі ұрыста қаза болғандардың бейіті жанындағы алаңдардың бірінде балалар ойнап жүр, біздің көзіміз үйренбеген қара, ақ киімді монашкалар әңгіме соғып отыр, олардың қасында ақ шашты шал дұға оқып, «Матка боска» деген сөзді қайталай береді.

Маған біреулер саяси бөлімнің қыздары тұрған үйді көрсетіп:

— Егер ол кетіп қалмаса... Жиналып жатырмыз, — деп ескертті.

Асығып келем. Жас шамасы елулердегі кісі есік ашып, бірден бөлмеге кіргізді:

— Саламатсыз ба! Иә, иә, олар бізде болған! Өте сүйкімді бойжеткендер... Иван, қызыл әскер мырзаға орындық берші, — деді таза орыс тілінде.

Көрші бөлмеден жабырқау жүзді жігіт шығып, үндемей орындық ұсынды. Мен қайталап сұрадым:

— Көп болды ма кеткендеріне?

— Бір сағаттай болған шығар, — деді үй иесі. — Сіз отырсаңызшы, отырыңыз! Мүмкін, тамақ ішерсіз, бір рюмкаға қалайсыз?

— Жоқ, жоқ. Ал мынау кім? — дедім күтіп тұрған жігітті нұсқап.

— Ә! Бұл менің қызметшім. Өте сүйкімді жігіт! — деді үй иесі. — Иван, қызыл әскер мырзаға неге сәлем бермедің?

Иван бір түрлі ебедейсіз қимылдап басын иді де:

— Қайырлы күн, — деді полякша.

Мен таңырқап үлгермей, Володя жүгіріп келді:

— Сені іздеп жүрмін! «Машинаға отырыңдар!» деген команда болды кеттік! Кеттік!

Жолдар, жолдар... жолдар... Тамаша. Асфальт. Орман мен даланы жарып, ескі замоктармен қазіргі заманғы виллалардың жолымен жеміс бақтарының, жәй деревнялардың арасымен зулап келеді.

Деревня әдетте жолдан жырақтау жасырынып тұрады, бірақ біз көріп келеміз. Қазір олардың жасырына қоюы қиын — ағаш бұталары сидиып тұр, жасыл шөп атымен жоқ, ал қар — осы да қар болып па?! — не тасалайды. Қар шамалы. Жыралар мен сайларда қалғаны да еріп жатыр; көпірдің астында, ағаш түбінде өзінің соңғы сәтін жасырынып өткізуде.

Ал, деревнялар тым жадау. Бірақ тіршілік нышаны бар әйтеуір. Тұрбалардан түтін шығып жатыр. Бірен-саран адамдар көрінеді. Оқта-текте сиыр мөңірейді.

Жолға жақын жерлерде тірлік белгісі жоқ. Әдемі жеке үйлер мен виллалар да жансыз. Бақша, бақ та тымсырайып тұр. Волейбол алаңдары мен теннис корттары да жым-жырт. Бәрі әдемі, әрі үнсіз, бейне сурет секілді. Кейбір бай үйлерге қадалған қызыл жолақты ақ жалаулар да желбірейді. Желсіз, айналаны бозғылт тұман басып тұр. Жол үстінде тұманды түтін көрінеді.

Жол бойында түк көрінбейді. Түрлі жерлермен зулап келеді. Біздің дивизион еш жерге аялдамады. Алдымызда Катониннің «газигі», одан кейін штабтың, дыбысшылардың, топографтар мен фотосуретшілердің жабық, шаруашылық взводының жүк машиналары... Сынған машиналарды жөндеп үлгерген. Тегіс асфальттың үстінде скаттар зулауда.

Мотор дүрілдейді. Краков артта қалды. Бір сағат жүрдік, екі. Үшінші сағатқа айналды білем.

...Біздің машина бесінші болып келеді. Кенет бірден тоқтай қалды. Алдыңғы машиналардың тормозы шиқылдап қоя берді. Түсініксіз айқай. Жарылыс. Мина білем.

— Қорғанысқа көшіңдер!

Взвод командирі Соколовтың даусы. Біз жапа-тармағай секіріп түсіп, бетон көпірдің астына тығылдық.

Екінші жағымызда шағын орман мен завод тұрбалары көрінеді. Сол жақтан атқылап жатыр.

— Алтыатар. Және біреу емес, — деді Соколов. — Қазір білейін... Үшеу екен.

Біз бәріміз қорғанып үлгердік. Бос машиналар ғана жол бойында қалды. Оларға тығылатын жер жоқ: Миналар қатарымызда жарылуда. Мен машиналарға, әйтеуір айнала доңғалақтарға қарап отырмын.

Мина біресе бізге жетпей, біресе асып барып түседі. Кенет мина көпірге, дәл маңымызға түсті.

— Бұлар неге бастамайды? — деп Соколов кейіп сөйледі. — Кәне, кеттік!

Ол бесеуміздің атымызды атап, ертіп алды, біз пластунша еңбектеп, біздің машиналардың тасасымен жолдан өттік.

— Гранаталар! Сақ болыңдар! — деп сыбырлады лейтенант. — Тек еңбектеңдер!

Біз завод тұрбасы көрініп тұрған шағын орман жаққа еңбектеп келеміз. Соколов басқа офицерлер секілді «пластунша» демейді, «еңбекте!» — дейді.

— Менде граната жоқ, — деп міңгірледі жанымыздағы Володя. — Не істеу керек?

— Еңбектей бер, — дедім оған. — Ештеңе емес. Бірдеңе етерміз. Біз орманды оң жақтан айналып өттік. Ағаш арасынан заводтың кірпіш қабырғасы мен қақпасы көрінді. Қақпа ашық тұр. Миномет қақпаның арғы жағынан атылуда.

Соколов үш гранатаны байластырды да:

— Қабырғаға жеткесін, мені басына шығарыңдар, — деп бұйырды.

— Неге сізді? Сіз онсыз да жаралысыз... — деп Саша қарсылық білдірді. — Мен... Біз де...

— Үндеме! — деді Соколов. — Айттым ғой... Мені шығарыңдар.

— Біздің адамдар, қараңдар! — деп Володя айқайлап жіберді.

— Айқайлама! — деп түртті оны взвод командирі. — Көріп келемін...

Қабырғаның екінші жағынан біздің дыбысшылар, олардың арасында, неге екені белгісіз, Буньков еңбектеп барады. Олар қабырғаға таяп қалыпты.

— Тезірек! — деп асықтырды бізді Соколов. Миномет әлі атқылауда. Оң зулап төбемізден өтіп жатыр, ал мина алыста жарылып жатқан секілді. Бірақ бізге солай естіледі, әйтпесе немістер жол бойындағы біздің машиналарды атқылап жатыр. Ал жол деген, ағаш бұталарынан көрінбейтіні болмаса, тиіп тұр.

Біз қабырғаға таяп қалдық.

Соколов пен Сашаны шығардық. Қақпаның екінші жағынан Буньков пен екі солдатта қабырғаға шығып үлгерді. Гранаталар ұша бастады.

— Енді қақпаға! — деп айқайлады Соколов қабырғада тұрып. — Тез!

Біз қақпаға жүгірдік.

Минометтер қирап қалыпты. Жанында өліктер. Бір, екі... Бесеу ғой деймін. Штаб бастығы мен біздің комбат үш немістің қаруын алды.

Бір неміс қарсыласып, айқайлап жүр.

— He дейді? — деп сұрадым.

— Жарайды, жарайды, — деді Буньков. — Алып жүріңдер, — деп бізге көңілдене қарады. — Жүйкелерінің жұқасын көрдің бе! «Бізді сатып кетті» деп қояды өздері...

Тағы төрт тәулік жол жүрдік. Жол бойы сәл аялдап аламыз, бір сағат, екі сағат. Біз тағы батысқа келеміз. Корпус ұрыс салып барады, оған біздің көмегіміз әзір керек емес тәрізді. Біз корпусты қуып жеттік. Корпусты емес, оның соңғы жағын деуге болады. Санитарлық батальон, шаруашылық бөлімі, арбалар. Тіпті штабтар да алға ұзап үлгеріпті.

Ұйқысыз өткен бірнеше тәуліктен кейін Берут Старый деген қалаға тоқтадық. Барлық жерден жақында өткен ұрыстың ізі байқалады. Тұрғындар дүкеннен азық-түлік алып, қабырғалары қақыраған үйлерден заттарын шығарып жатыр.

— Бүгін ұйқыны қандыратын шығармыз, — деді батальон командирі Буньков.

— Орын іздеңдер, орналасыңдар.

Біз — Саша, Володя, үшеуміз бір үйге кірдік. Тап-таза. Қабырғада Лениннің портреті! Бізді екі әйел және бізден сәл ересек жігіт қабылдады.

— Кетейік, — деп асықты Саша. — Одан да бір қаңыраған үй тауып алған жақсы.

Үй иелері қонуға шақырды.

— Мына портретті қайдан алдыңыздар? — деп сұрадым.

Жігіт поляк тілінде бір нәрселерді қызына түсіндіріп жатыр.

— Не! Немене! — деп Володя түсінбеді. Мен түсінген секілдімін:

— Бұл портрет немістер ұстап әкеткен әкесінен қалыпты.

— Қандай адам болған! — деді Саша. — Ендеше қалайық!

Біз орын таптық деп айтуға келсек, «машинаға отырыңдар!» деген команда болып жатыр екен.

— Бәрің де жауынгерлік әзірлікте болыңдар, — деп ескертті майор Катонин, біз машиналарға жайғасқасын. — Оқ-дәрі, граната — бәрі дайын болсын.

— Ештеңе емес, славяндар, ұйқыны қандырамыз әлі. Бәрі алдымызда, — деп әзілдеді Буньков. Содан соң лейтенант Соколовқа қарады: — Қалай, Миша, дұрыс па?

— Дұрыс, — деп келісті Соколов.

Соңғы кезде біздің лейтенант көңілденіп кеткен секілді. Дәлірек айтсақ — шабуыл басталғаннан бері. Тіпті, қазіргі біздің жұмыс жасамай келе жатқанымызға да риза тәрізді. Оның жан-дүниесінде не болып жатқаны бізге қараңғы.

Біздің машиналар Берут Старый қаласынан орман жаққа қарай жүріп келеді. Бұл маңда, өткенде біз көргендей емес, нағыз аралас орман көп екен.

Алыстан атылған оқ даусы шығады. Ракеталар жарқылдайды. Іңір қараңғылығы түсіп келеді.

— Сендерге айтуға ұмытып барады екем. — Бізбен бір машинада келе жатқан лейтенант Соколов Саша екеуміздің фамилиямызды атады. — Сендердің атқан «офицерлерің» власовшы болып шықты.

Германияға өткісі келіпті. Сасып қалмай, сендер дұрыс жасапсыңдар.

— Бұлар деген біздің қырандар деп Сізге баяғыда айттым ғой, жолдас лейтенант, — деді Володя.

Мен үндемедім. Әрине, мұның Сашаға қатысы жоқ, бірақ Макака екеуміз сасып қалдық. Егер баяғыда-ақ әбден жалығып біткен тұтқындар болмағанда, біздің шаруамыз бітетін еді. Қазір бұл машинада отырмаған да болар едім, ал Макака госпитальда жатпас еді.

Ақыры шағын деревня көрінді.

— «Ярошевице», — деген жазуды оқыды біреу. Шамасы, жақын маңдарда ұрыс жүріп жатқанға ұқсайды. Миномет үні ғана емес, пулеметтің винтовканың, тіпті, пистолеттің дауысы шығып жатыр. Біз деревняның шетіне тоқтадық. Тұрғындардан, көрші әскерлерден естігеніміз мынау: орманда немістердің жаяу әскер дивизиясы, артиллерия полкы, бронемашина полкы қоршауда тұрған көрінеді. Біздің артиллерияшылар оларға біржола соққы бергісі келгенмен, мұнда біздің әскерлер аз. Негізгі бөлімдер ілгері кетіп қалған көрінеді. Сондықтан ормандағы неміс тобын құртуға штабтағылар, шаруашылық қызметкерлері, тіпті, кір жуатын қыздарға дейін қатысуда екен.

Кеш түсті, бірақ неміс артиллериясы әлі атып жатыр.

Деревняға бірнеше снаряд, мина түсті. Біздің үйдің жанына түскен болванка жерге кіріп кетті.

Біз бұйрық күтудеміз.

Түнге қарай оқ толастап еді, сол бойда:

— Шығыңдар! — деген команда болды. Әр взвод тапсырма алып жатыр. — Қоршаудағы топ, — деді дивизион командирі, — біздің артиллерияның оғынан тоз-тозы шықса керек, енді мүлде құртуға болады. Оны қазір, немістер өзді өзіне келмей тұрып жасаған дұрыс.

Біздің взводтар орманды оңтүстік-батыс жақтан бастап тазалауы керек. Біздің взводты Соколов орманға қарай бастап әкетті. Сегіз адамбыз, бәрімізде де үн жоқ. Ауа райы бұзылып тұр. Аспанда ай да, жұлдыз да жоқ. Көзге түртсе көргісіз. Тек аяқтың астында құрғақ бұтақтар сықырлайды, артиллерия қиратқан ағаштар қатты жел екпінімен ауыр дем алып тұр. Орманның сау тамтығы қалмапты, түрі қорқынышты, қатты ауырып, қиналған күйі ыңырсиды.

Басқа взводтар және батальон командирі Буньков та жақын жерде, қатарымызда келеді. Онан әрі Катонин келе жатқанға ұқсайды, оның саяси орынбасары мен штаб бастығы да сол маңда.

Майданда болғалы байқағаным, Катонин барлық операцияларға өзі тікелей қатысады. Бірде майордың саяси орынбасары:

— Степан Василич, саған болмайды ғой... — деп көріп еді.

Бұл Низины деревнясында неміс машиналары штабқа қарай өте бастаған кез болатын.

— Тоқта, тоқта, кедергі жасама, — деді Катонин. — Одан да екі бөтелке ала салшы. Әне, әне. Біз онсыз да көп емеспіз.

Біз майорды көптен, армиядағы алғашқы күнімізден бері білеміз. Әуелі мектеп басшысы, содан соң полк штабының бастығы ретінде білеміз. Алғашқыда ол біз үшін жәй басшы ғана болатын. Қазір де солай, тіпті үлкен дәрежеде. Дивизион командирі, оның үстіне кез келген әскери бөлімге тең түсетін өз алдына дербес дивизион. Бізге одан үлкен бастық жоқ. Дегенмен майорды тағы бір қырынан танығандаймыз, алдымен оның батылдығы...

Біз орман ішімен жүріп келеміз: мен, жанымда Саша, бірнеше адамнан кейін Володя, содан соң тағы да біздің балалар.

Орман ішіне енген сайын снарядтан қираған ағаштар, аяқ асты толған жаңқа, тұңғиыққа құлағандай аяғымыз шұңқырға түсіп кете береді. Біздің автомат, карабин, противогаз сөмкесінде салған гранатамыз бар.

Әскери заңның бәрін бұзып, біз противогазды әлдеқашан машинаға жасырып тастағанбыз. Орындықтардың астыңғы жағындағы жәшіктерде жатыр.

Орман іші тып-тыныш. Қараңғы. Орман өсіп қалған тәрізді. Не адам даусы, не мылтық үні жоқ. Ал, бұдан бір сағат қана бұрын осы орманда тарсыл-гүрсіл еді. Шынымен біздің артиллерия оты немістер тобының бәрін құртып жібергені ме? Бүтін жаяу әскерлер дивизиясын, артиллериялық полкты, бронемашиналар мен басқа да машиналарды? Ол бөлімдер әуелден тұтас болмағанның өзінде түк қалмағаны ма?

Енді біз де лейтенантпен қатарластық.

— Жолдас лейтенант, сіз соғыс біткесін қайта мектепке ораласыз ба, жоқ әскерде қаласыз ба? — дедім мен бас жоқ, аяқ жоқ взвод командиріне.

Расында да, ақымақтық болды білем. Әлде мынау құлақ-мұрын кескендей үнсіздік пен алдымызда не боларын білмегендіктен бе — мен бір түрлі болып кеттім.

Біз ішімізден солай деп үміттенсек те, бұған сене қою қиын. Қоршауда қалған неміс тобының тағдыры алдын ала шешіліп қойған, өйткені ол біздің әскерлер тылында қалып тұр ғой. Алайда әрбір неміспен кездесу — мейлі ол біздің тылда болсын қауіпті. Қоршауда қалған немістің оғынан өлу — ақымақтық.

— Бірдеңе жылтырайды, — деп сыбырлады Саша. Алдыңғы жақта шынында да бір жарық бар. Ағаштар сирей бастады да, алдымыздан аппақ бірдеңе көрінді. Қар болғаны ма? Біз жұқа қар басқан және ойдым-ойдым қазылып қалған алаңға шықтық. Алаңда қап-қара күйеге малынған неміс машинасы мен қарулары қисайған шағын калибрлі артиллериялық батарея тұр.

— Сақ болыңдар, мен алға кеттім, — деді взвод командирі.

Бәрі тыныш. Лейтенант неміс машинасының қасына барып, бізге қол бұлғады.

Біз ілгері кеттік. Машина өртеніп кеткенге ұқсайды. Тіпті кресі де әрең көрінеді.

Алаңнан әрі тағы орман екен, әбден быт-шыты шығыпты. Кейбір ағаштар тамырынан қырқылып, енді біреулері қирап қалған. Бейне алапат дауылдан кейінгі көрініс.

— Бұл жерден тезірек жүруге болады ғой! — деп, взвод командирі асықтыра бастады.

Шынында да еш қауіп жоқ. Ал біз дұшпан дәл жанымызда жатқандай ілбіп келеміз.

Саша менің ойымды оқығандай:

— Сен қорқып келесің бе? — деді.

— Ал сен ше?

— Аздап...

— Білмеймін, — деп жауап бердім мен.

Ал взвод командирі менің сұрағыма жауап берместен әлі үндемей келеді. Ақыры тіл қатты:

— Білмеймін, білмеймін...

Біз ешқандай неміс көріп тұрғанымыз жоқ, бірақ алдымыздан, оң-солымыздан:

— Хенде хох! — деген дауыстар шықты.

— Тұр, оңбаған! — деп Соколов ақырып жіберді де, біреуін жерге ұшырып түсірді. Біз жүгіріп келсек, бір неміс жерде, екеуі қолдарын көтеріп тұр екен.

Енді ағаш арасынан немістер анық көрінді: біреулері біздің даусымызға шықты, енді біреулері қарсыласып, жаралылары ыңыранып жатыр. Қараңғы жерде біз өліктерге сүрініп жүрміз. Оларды жерлеп үлгермепті, біреулері тірі адамдардың арасында жатыр. Жақын маңда немісше, орысша балағаттаған дауыстар естіледі. Тұтқындардың біразын біздің жігіттер алып кетті. Қарсыласпағандарын бір топқа бөлді. Володя жиырма шақты адам жинапты.

— Протопопов, апар! — деді взвод командирі! — Мыналарды да ала кет! Әлің келе ме?

— Келеді! — дейді Володя көңілді. Біз ілгері жүрдік.

Алаңда бірнеше бронетранспортер және өртенген машина тұрды. Бронетранспортердың біреуі пулеметін бізге қарай бұрды.

Алаңда біздің адамдар. Қоршап үлгеріпті. Бәрі жиналып жатыр: екі взвод командирі, сержант және батальон командирі Буньков.

— Жат! Граната! — деп бұйырды комбат. Бронетранспортерға бірнеше граната қатар ұшты.

Біреуі қатарына барып түсті, екіншісі әуеде жарылды, бірақ бәрібір машиналап етіп өртенді. Біреуі бензин багіне дәл тигізді.

Алаңда тағы тыныштық орнады.

— Өліп қалыпты, — деді лейтенант Соколов. Ол жанып жатқан машинаны қарап үлгеріпті.

Алдымыздан мен танымайтын солдаттар мен офицерлер немістерді алып келеді. Екеуі бір жаралы немісті сүйемелдеп алыпты, тегі старшина білем.

— Ілгері, ілгері, немістер толып жатыр! — деді олар кідірместен.

Орман араның ұясындай шулайды. Әр жерден қалта фонарының жарығы көрінеді. Бізде фонарь болмайды, Буньков жанымызда. Көріп келеміз.

Бірнеше жарылыс үні естілді, біз тағы жата қалдық.

— Фаустпатрондар! — деп айқайлады Буньков. Жарылыс. Тағы біз жерге, ағаш діңгегіне жабысып жатырмыз. Жерде жатқан салқын әрі ыңғайсыз. Шинель, шалбар, тіпті, шұлғауымызға дейін былшырап кетті. Орманда ызғарлы. Менің желке жағымнан Соколовтың даусы шықты:

— Комбат! Максим!

— Қарасам, Буньков тізерлеп отырып қалыпты және теңселіп кеткендей ме, бет-жүзін көре алмадым, қараңғыда тек денесі ғана көрінеді.

— Не болды саған? Не? — деп Соколов қасына жүгіріп келді.

— Үндеме, үндеме, — деп сыбырлайды Буньков. Соколов қол фонарын жағып еді, Буньковтың түсі өзгеріп, ернін тістеп алыпты. — Үндеме, Миша... Үндеме!

— Келіңдер! — деп шақырды Соколов біз жанында тұрсақ та. — Қане, көтеріңдер!

Әрең дегенде батальон командирін Соколовтың шинеліне салдық, үсті-басын түгел қан жауып жатыр, беті-қолына дейін қан, ал өзі қайта-қайта:

— Үндеме... үндеме... — деп сыбырлайды. Соколов өзінің орнына аға сержантты қалдырды да, біз үшеулеп Буньковты кері деревняға алып жүрдік.

Комбат бір сәтке талықсып кеткендей, содан соң біз тыныс алып жатыр ма деп тыңдадық. Біз өзіміз де дем алмауға тырысып тыңдап едік, аға лейтенанттың дем алғанын естідік. Ол бізге көмектескісі келгендей, көзін ашып, күлімсіреді.

Енді Соколовты көріп:

— Егер бірдеңе болса, батарея сенікі, Миша... Мен майорға бұрын да ескерткенмін. Сенікі, естимісің...

— Естіп тұрмын, бірақ жоқтан өзгені айтпа! — деді Соколов демін әзер алып.

Біз деревняға келсек, көшенің бәрінде тұтқын немістер екен. Енді біз батальон командирін Соколов екеуміз көтеріп келеміз: Саша взвод командирінің бұйрығымен санитарлық инструктор іздеуге жүгіріп кетті.

Алғашқы үйдің жанына кідіріп, Буньковты жерге түсірдік. Ол бұрынғысынша ауыр демалып, тісін қайрап жатыр.

— Өкпесі сау болса жарар еді, — дейді Соколов. — Әлгілер қайда ұшып кетті?

Жанымыздан шинель киген қыз жүгіріп өтті.

— Сіз дәрігер емессіз бе? — деді Соколов оны менен бұрын көріп.

— Жоқ, бірақ менде дәрі-дәрмек бар. Қане, байлайық, — деді қыз.

— Наташа!

Ол да мені бірден танымады:

— Сен осындамысың?

Біз комбаттың денесіне үңіліп тұрмыз.

Наташа оның көйлегін айырып жіберіп, дәкемен кеудесін таңа бастады. Оқ сол жақ кеудесіне тиіп, бүйірден шыққан екен. Буньков ыңқылдап жатыр, біз таңуға ыңғайлы болсын деп кеудесін сәл көтердік.

— Бұл қорқынышты емес, — деді Наташа. — Тек тезірек госпитальға жеткізу керек. Мен расында да дәрігер емеспін. Мүмкін дұрыс таңбаған шығармын. Сіз де жаралысыз ба? — Ол Соколовтың таңулы басына қарады.

— Баяғыда болған, — деді лейтенант. Кешікпей санинструктор ертіп Саша да жетті.

Ал орман жақтан ағылып келе жатқан тұтқындар. Солдаттар, офицерлер. Балалар, шалдар. Кәдімгі балалар мен шалдар: соңғы уақытта немістер қолына қару ұстайтын адамның бәрін әскерге ала бастаған.

— Мен осында тұрамын, — деді Наташа жанымыздағы үйді көрсетіп.

Біз кездестік, бірақ таңға жақын. Төбесін кірпішпен жапқан, поляк үйінен гөрі неміс мекеніне ұқсаңқырайтын шағын үйде Наташа, саяси бөлімдегі оның жұмыстас қыздары тұрады екен. Әуелгіде бәріміз сөйледік, әріберіден соң, жұрттың ұйқысы келе бастады:

— Біз кетейік... — деді қыздар. Демалуға берілген уақыт ертеңгі онға дейін. Ал қазір сағат бес жарым. Мен де тұрып жатыр ем, Наташа тоқтатты:

— Сен кідір! Біз көріспегелі қашан...

Ол сыртқы есікті және ас үйді жауып, кілттеп алды.

— Неге? — деп таңдандым мен.

— Жәй, әншейін...

Біз екеуміз немісше «сөк», «күріш», «ұн», «шай», «тұз», «бұрыш», «қант» деген жазулары бар қораптар ұқыпты қойылған аппақ шкафтар тұрған тап-таза ас бөлмеде отырмыз. Ол термоспен ыстық су әкелді. Екеуміз шай ішіп отырмыз. Менің хатымды алдың ба деп сұрағым келеді. Жаңа жылдың алдында мен оған ақыры хат жібердім ғой.

Мен сол жайлы ойлап, өзім оның көзіне қарадым, ал сұрағым тіпті басқа туралы болды:

— Краковта сендер тұрған үйдің иесі және оның қызметшісі Иван қандай адамдар өзі? Мен сені іздеп барып едім...

— Ой, бұл деген өз алдына бір тарих! — деді Наташа. — Онда көп кідірмегеніміз жақсы болды.

Тіпті мазамыз кетті. Оның ұлы — ұшқыш, неміс авиациясында. Сондықтан оған Киев маңынан келген Иван деген біреуді берген. Біз одан: «Сізге қызметші бергені несі?» — деп сұрадық. «Мен неміс әскеріне ұлымды бердім, яғни, олар маған қызметші беруге тиіс. Біліп қойыңдар, менің ұлым орыстарға қарсы соғысқан жоқ. Ол Англия майданында», — дейді. Ал әлгі Иван деген жігіт әбден қажып біткен. Біз оған Украинаға, үйіңе қайтуың керек қой деп, олай айтамыз, былай айтамыз, ал ол көзін жыпылықтатып үй иесіне қарай береді. Үй иесіне: «Сіз өзіңіз неге түк істемейсіз, бәрін Иван жасайды?» десек, «Иван шаршамайды. Мен сендерге айттым ғой, балам әскерде, менің қызметші ұстауым заңды деп», — дейді.

Ол аздап жылынған секілді. Үй салқын болғанмен, ыстық су едәуір қыздырды. Бойым жылынғасын мен де маужырай бастадым.

Екеумізде де үн жоқ. Осылай шинельді жамылып, үнсіз отырғаннан артық ештеңе жоқ секілді.

Бір кездері, соғысқа дейін, менің оған үлкен адам боп көрінгім келетіні әлі есімде. Бірде мен оған анекдот айтқанымда, ол менің сыбағамды беріп: «Айтпа, өтінемін. Маған ұнамайды», — деген.

— Сен жазатын едің ғой? Өлең оқышы, — деді. Мен үндемей қойдым. Оған не айтарымды білмедім.

Ол туралы өлең жазғаным жоқ еді. Жалпы, бір жол да жазғаным жоқ болатын.

— Оқығың келмей ме? — деді ол.

— Жаңа ештеңе жазғаным жоқ, ал бұрынғылар...

— Сен, шынында да, өзгеріп кетіпсің, — деді. — Ересек болыпсың.

Есік қағылды.

— Ашайын ба? — деп орнымнан тұрдым.

— Жоқ, өзім, — деп Наташа асығыс есікке беттеді.

— Кім екен? — дедім ол қайта келгенде.

Мен оны біреу жұмысқа шақырып кете ме деп қорықтым.

— Жәй, әншейін...

Кенет біреу ас бөлменің есігін соққылап, Наташаның фамилиясын атады.

— Өтінемін, ашшы. Сен мені осылай балаға ұқсатып қоясың ба!

— Наташа есікке жақындады да:

— Мен айттым ғой сізге, Георгий Фролович! Жүз рет айттым! Өзіңіз ұялмайды екенсіз, жолдас полковник... Егер қоймасаңыз, Әскери Советтің мүшесіне айтам, егер сіз... Болды енді! — деп қатты ашуланып қалды.

Сыртта кетіп бара жатқан аяқ дыбысымен қоса балағат сөздер естілді.

Наташа стол жанына қайта оралды. Екеуміз де аузымызға су толтырып алғандай үнсізбіз.

— Бұл кім? — дедім шыдай алмай. — Дауысы таныс секілді.

— Сен оны Лежайскіде көрдің, — деді Наташа. — Былай, жерлеу кезінде. Тіпті жүргізбейді. Білмеймін не істерімді. Былай қарасаң ақылды, батыл адам, ал ішіп алса болды кез-келген юбканың соңынан жүгіреді. Міне, осылай біздің өмір...

Біз тағы үнсіз қалдық. Мен шай іштім. Наташа тағы өзіне де, маған да құйды. Содан соң орындықтан тұрып, иығындағы шинелін жөндеді де, жаныма келді.

— Мен бәрін білемін және сенемін, — деді менің басымнан бөркімді алып (өзім неге алмай отырғанмын!), — бірақ кідіре тұр. Ашуланба! Қазір ештеңе айтудың қажеті жоқ. Жақсы ма?

Күн аяз. Ақшыл аспандағы күн сәулесі де жылусыз. Өкпек жел сай-сүйегіңнен өтердей. Ақпан айы қаңтардан да қақап кетті. Алайда, біз әйтеуір көптен күткен Германиядамыз. Мүмкін ауа райының осыншалық жағымсыз көрінуі біздің ілгері қозғала алмай, бір орында тұрғанымыздың да әсерінен болар. Көптен күткен жаныңды жадыратар ұзақ шабуылдан, бір орнынан екінші орынға көшіп-қонып, енді Берлиннің өзіне жеткенше осылай бола береді деп ойлаған біздің кенет ілгері аттай алмай тұрып қалғанымыз көңілсіз-ақ. Тым болмаса Волауда тұрғанымыз артық еді. Қирап, өртеніп бүлініп қалса да, қаланың аты қала ғой, ал мұнда қыбыр еткен жан жоқ, аядай белгісіз деревня.

Біреулер Одер жақын жерде дейді. Немістің қорғаныс шебін бұзу үшін біздің техника келе жатыр екен деседі. Ал, бізге ауыр миномет бригадасы жету керек.

Түн сайын Соколов екеуіміз біздің постылар үшін қолайлы жер іздейміз. Айналаның бәрін түгел шарлап шықтық — ылғи жазық жер, теодолит жүрісіне ыңғайлы болғанмен, бекініске, барлауға жарамсыз. Атыс бола қалған күнде, бірден оқ астында қаламыз. Әлі келіп үлгермеген бригадада ертеден кешке дейін бекініс іздейміз. Сәл аялдайтын үзілістер кезінде жаны кеткен қолымызды пешке қыздырамыз, әбден су болған киімімізді кептіреміз.

Күтпеген жерден бізге қосымша күш келіп қосылды: училищені жаңа ғана бітірген бірнеше офицер мен отыз шақты солдат.

Жаңа келгендердің арасында, міне, ғажап! — Вадя Цейтлин жүр!

— Тау таумен кездеспейді!..

Вадя, 1941 жылдың 22 маусымында пионер лагеріне бірге аттанған күлкілі де қызық бала — Вадя. Бұрынғысындай емес, өзгеріп кетіпті.

— Білесің бе, мен дәл осылай болады деп күткен емеспін, — деп мойындайды ол. — Анам да ыңғай бермей жүрген, дәл сол кезде маған шақыру қағаз келе қалғаны! Анам жұмыста еді, мен кете бардым. Міне, бір жыл алты айдай болды, әскердемін. Енді сендерге қосымша күш ретінде жіберді: есептеушімін. Ал сені кездестірем деп тіпті де ойлаған емеспін...

Вадя! Қымбатты Вадя! Сен қосымша күшсің бе? Тамаша болды! Әскерде жаныңда жерлес досың! Оның үстіне әуелден таныс адамың!

— Мен сенен сұрағым келіп еді. Біздің тағдырымыз қызық, сен ойлап көрдің бе? Күнделікті жұмыс жасап жүргенде, кәдімгі қатардағы адам сияқтымыз. Ал нағыз ұрыс басталғанда, біз қажет емеспіз.

Былай тұрыңдар, жол беріңдер! Үй қызметшілері секілдіміз...

Саша екеуміз басымыздан аяғымызға дейін балшық болып біздің машинаны итеріп жүрміз. Миномет бригадасы келіп, біз белгілеген орындарға орналасып алды, енді біз тағы жолға қозғалдық.

Күн салқын болғанмен, Одерға баратын жол бойы аттап жүргісіз балшық. Тура машинаны иығыңмен арқалауға тура келеді. Тегершіктер мен доңғалақтар, бомбалар мен снарядтар, солдаттардың етігі мен аттың тұяғы жердің астан-кестеңін шығарыпты. Бәрі Одерға, белгі беретін ракеталар аспанды шарлап, өзеннен өткізуге алдын ала әзірленіп жатқан, саперлардың балтасы тықылдап жатқан, немістердің есі шығып біз жақ жағалауды автомат оғының астына алып тұрған Одерға ұмтылып барады. Әскерлер мен техника бұрынғыдай түнде ғана емес, күндіз-түні бірдей жүре береді. Дұшпанның «мессерлері» біздің жол үстінде жиі-жиі ызыңдап, колонналарды атқылағанмен, неміс артиллериясы оқ жаудырып, біздің солдаттардың арасынан бізше киінген власовшылар мен бандеровшылар жиі шыға бастағанмен; солдат құтысын ұстап бір сәтке отыра қалып не жүріп келе жатып әр нәрсені әңгіме етіп, немістердің құпия жиналыста Гитлердің өзі хабарлаған соғыстың ең соңғы сәтінде қолданылуы мүмкін аса қорқынышты жаңа қаруы жайлы сөз қозғалғанмен, салмағы жеті жарым килограмнан тұратын әлгі ғаламат қарудың біреуінің өзі жан-жағы алпыс төрт шаршы шақырым жерді күл қылып, ол түскен жерде он шақырымдай биіктікке жететін от бағандары лаулап, ал адамды сәл шарпып кеткеннің өзінде азаппен өлтіретіні жайлы әңгіме соққанмен — бәрібір от пен оқтан өтіп келе жатқан, фашистердің құлдығынан гөрі өлім артық көрінген солдатқа қорқынышты ештеңе жоқ.

Ол кезекті неміс шабуылынан кейін балшық арасынан бас көтеріп, шинелін қағып-сілкіп алады, содан соң өлгендерге жаны ашып, жаралыларды таңады да:

«Өтті білем, әйтеуір...» — деп күрсіне дем алады,

Немесе әлгі ғаламат қару жайлы әңгімені шын көңілімен тыңдап уһлеп алады да, қайтадан орнынан тұрып, қасығын жалап қойып қонышына сұға салып, жолға көз салады:

«Әлі келе жатыр... Ашықтан-ашық қаптап келеді. Тегі біздің күшіміз Германнан басымырақ болуы керек!» — дейді.

Одердан екі шақырым жердегі біз аялдаған Домбзен деревнясы бұл жолы аузы-мұрнынан шығып тұр. Немістер иек астында, ал мұндағы көшелер мен аулаларда сапырылыс, сырнай мен шетел аккордеонына дейін бар. Байланыс батальонының не кір жуатын жердің жанында лирикалық көріністер де болып тұрады.

Артиллерия шетке орналасты, біз машинадан секіріп түсіп, бірден іске кірісіп кеттік. Тез бітіру керек: бір сағаттан кейін біздің қарулар ұрысқа дайындалуы тиіс.

Біз ең соңғы минометшілер батареясының координаттарын белгілеп бітіруден бұрын-ақ артиллериялық әзірлік басталды.

Саперлер мұз басып жатқан Одердың үстімен өтетін жолды әзірлеуде. Біздің және жаудың артиллерия отынан өзен мұзы сынып, сапырылысқан мұз кесектері саперлардың жұмысын жоққа шығаруда. Алғашқы екі танк су астына кетті. Әуелі сасып, абыр-сабыр болып қалдық. Ілезде понтондар да көрінді. Оларды өте тез тауып алды. Бір қарт солдат бұрын дайындалып қойған «Одер өзені» деген жазуды жағаға қадап үлгеріпті.

— Балалар, мынау тамаша сервиз болды! — деп көңілдене дауыстады Володя біз өзеннен өтер жерге жете бергенде.

— Мынау не деген білімсіз еді, айтшы, — деп сыбырлады маған Вадя. — Солай дей ме екен? Дұрыс сөйле деу ыңғайсыз...

Саша оның алдын орап кетті:

— Мен саған бір нәрсе айтқым келеді, Володя... Сен өзің мағынасын түсінбейтін сөздеріңді айтушы болма. Тіпті қалай айтылуын да білмейсің...

Госпитальға жіберілген Буньковтың орнына ақыры Соколов тағайындалмады. Біздің лейтенант неге взвод командирі күйінде қалып, батальон командирі болып Заикин деген кіші лейтенанттың неге тағайындалғанын біз түсінген жоқпыз. Ешкімнен сұрай алмаймыз. Дивизион командирінен қалай сұрайсың...

Кіші лейтенант Заикин үндемейтін, жуас адам екен. Әлде бұрынғы бірге жүрген офицерлердің алдында ыңғайсыздана ма, әлде өзінің кішіпейілділігі ме, өзін сыпайы ұстайды, жұрттың бәрімен тіл табысады және әрбір істе Соколовпен, басқа да взвод командирлерімен ақылдасып жүреді. Сондықтан бір күні Саша менен:

«Мен сенен сұрағым келеді, біздің жаңа командир тәуір адам ба — қалай ойлайсың?» — дегенде:

— Меніңше, солай, — деп ойланбастан жауап бердім.

Шынында да, кіші лейтенант Заикин жайлы басқаша ойлайтындай себеп жоқ еді. Оның үстіне, Буньков тірі, сауығып келеді, яғни ерте ме, кеш пе, батареяға оралады ғой.

— Ал, сен қалай ойлайсың? — дедім Сашаға. Саша соңғы күндері бір түрлі қызық болып жүр.

Одердағы артиллериялық әзірлік кезінде көзәйнегін жоғалтып алды. Және өзі әлде неден қысылып жүргендей ме... Ол көзәйнексіз өте нашар көреді және онысын сездірмеуге тырысады. Ал, бізде жұмыс өте көп болатын, әсіресе Бреслаудың оңтүстік-шығыс жағында. Рас, лейтенант Соколов Сашаға Бреслау секілді үлкен қалада көзәйнекті тездеп жасатып алу оңай болар деген. Алайда әлі табылған жоқ. Қоршаудағы Бреслау беріле қоймады. Қала өртеніп, снаряд пен бомбаның жарылысынан астан-кестеңі шығып жатса да, қарсыласуын қояр емес. Ақ жалаумен жау бөлімдеріне беттеген біздің елшілеріміздің бірнешеуі неміс автоматшыларының оғына ұшты.

Біз Бреслаудың оңтүстік-батыс шетінде екі жұмадай тұрдық, ақыры Наташаның да осы маңда екенін естідім. Одан хат та жоқ. Ештеңе түсініп болмайтын бір-екі ауыз сөз жазылған бір хат алғам. Өзім хат жаздым, кенет немістердің бұрынғы аэродромының маңынан оның дос қызын ұшыраттым.

— Ол да сені іздеп жүрген, — дегенін естідім. Өзіміздің адамдарға жетіп үлгерместен (мүмкін сұранармын деп ойлағам), мені дивизион штабына шақыртты.

— Тез тапсырма бар. Міне. — Майор Катонин маған блокноттар ұсынды. — Менің машинамды алыңдар да, лейтенант Соколов екеуің Лампенсдорфқа, содан соң Поршовицке барасыңдар. Біздің болған жеріміз. Немістердің Одердағы қорғаныс схемасын сызасың. Келгеннен кейін калькаға түсіресің. Есіңде болсын, мен саған сенемін, саған! Бұл өте маңызды. Түсіндің бе?

«Есіңде болсын, мен саған сенемін, саған!» Дивизион командирінің осы сөздері, неге екенін білмеймін, басымнан шықпай қойды. Мүмкін, маған сенім көрсеткендіктен бе — мен бақытты сезіндім. Сондықтан шығар, дегенмен тағы бір себеп бар секілді...

«Мен...саған...» Неге маған ғана? Біздегі басқа балалар менен кем бе? Жоқ, мұнда тағы бірдеңе бар...

Сенім. Жәй сенім емес, адамға деген сенім. Бір кездері әкемнің «Мен саған сенемін...» — дейтіні есімде болатын. Мен ол кезде бұл сөздердің мағынасына үңіліп жатпай-ақ бақытты болатынмын, өйткені бәрі түсінікті еді. Содан соң: «Балаларға сену керек! Сену керек, тексеру керек, әрине. Бірақ сену керек!» — дегенді бір жерде естідім. Ә-ә, бұл Ногинскіде, АИР мектебінде жүргенде екен ғой. Буньковтың сөзі. «Адамдарға сену керек. Бәріне. Тек балаларға ғана емес...» Осы сөздерді кім айтып еді? Пионерлер үйінде ме? Бірақ бұл сездерді Вера Ивановна айтқан жоқ қой. Жоқ, бұл Соколовтың сөзі ғой деймін. Иә, иә, Соколовтың сөзі! Есімде, есімде, медсанбатта айтқан. Анада, Жаңа жылдың қарсаңында...

«Сенім» — не деген жақсы сөз! Ол адам баласына қанша қуаныш әкеледі! Барлық адамдарға!

Сол кезде комсомол жиналысы болмағанда, мен бес минутқа болса да «Семенов шаруашылығына» тартып кеткен болар едім. Алайда Саша жиналысты сағат 18.00-ге белгіледі және күн тәртібіндегі мәселе де маңызды еді: «Бреслау қаласын біржола алу үшін ұрыстағы дивизион комсомолецтерінің ролі туралы». Осы бір «Бреслау» деген бәрімізді жалықтырып болды, енді, тіпті, комсомол жиналысының күн тәртібіне іліккені батыл соққы беру әзірлігі екенін түсіндік.

Бұл майданға келгелі біздің бірінші комсомол жиналысымыз еді. Дивизион солдаттарының тоқсан тоғыз проценті — комсомолецтер. Егер бұған тоқсан бес процент офицер комсомолецтерді қоссақ, жиналысқа дивизионның неге түгелге жақын келгенін түсіну оңай. Тек жараланған біраз адамдар мен госпиталь, медициналық санитар батальондарында жатқандар ғана келген жоқ.

Саша Баринов жиналысты салтанатты түрде ашты да, әрі қарай көп толқи бермеу үшін бірден дивизион командиріне сөз берді. Майор Бреслау маңындағы жағдайға тоқталды. Ол бұл қаланы алу фашистердің ордасы Берлинді күйретуге көмектесетінін хабарлады және әр батарея мен взводтың алдында тұрған міндеттерді қысқаша шолып өтті.

Жұрттың бәрі жағдайды түсініп отыр, сондықтан айтатын да ештеңе жоқ еді. Тәртіпке орай үш комсомол мүшесі сөйлеп, Катониннің сөзін толығымен қолдады, содан соң:

— Біз дайынбыз! — дегенді қосты.

Жиналыс енді аяқталып келе жатқандай еді, кенет біздің комбат — кіші лейтенант Заикиннің батылсыздау үні естілді.

— Айтыңызшы, жолдас комсорг, сіз қалай ойлайсыз: адамгершілік мәселесі тұрғысынан біздің дивизионда бәрі ойдағыдай ма?

Саша сұраққа жауап берудің орнына, не дерін білмеген адамдай, жоқ көзәйнегін мұрнының үстіне көтеріп қойып, Заикиннің даусы шыққан залға емес, жанында қатар отырған майор Катонинге қарап қалыпты.. Дивизион командирі сұрақты естімеді ме, әлде әңгіменің не туралы екенін түсінбеді ме, әйтеуір таңданған жүзбен Бариновқа қарады.

Даусы қаттырақ шыққан саяси орынбасар Сашаны құтқарды:

— Кіші лейтенант Заикинның не туралы сұрап отырғанын дәлірек айтуын сұраңыз.

Саша Заикиннен сұрап еді, ол келісе кетті. Ол алдыңғы қатарда сабанның үстінде отырған президиум жаққа өтті де:

— Дәлірек айтуыма болады. Рас, мен дивизионға жаңадан келген адаммын, бірақ бірнеше рет естіген жай туралы айтып тұрмын және бұл маңызды жиналыс болғандықтан айтуды парызым деп санаймын. Бізде майданның қызу жағдайында махаббат, кешіріңіздер мені, шатағына шырмалып жүрген жауынгерлер, анығырақ айтсақ, комсомолецтер бар. Мен оларды нашар жауынгерлер дей алмаймын. Бірақ біз алға қарауға, әрбір жауынгердің, тіпті, жақсы жауынгер болса да, адамгершілік тұлғасы жайлы ойлауға тиіспіз.

Жиналыс тына қалғандай болды. Жұрт демін ішіне тартып, қатып қалыпты. Міне, сәл қобалжу басталды. Комсомолецтер сыбырласып кетті де, майор Катонин ыңғайлырақ отырайын дегендей орнынан тұрып, қайта отырды.

Заикин жалғастыра берді:

— Қосып айтарым, бұл көріністер жоғары жақтарда, қалай десем екен, қолдау таппай отыр, мәселен, көрші артиллерия дивизиясында. Сонда менің жолдасым бар. Сол айтады, дивизия штабының полковнигі біздің дивизион солдатының сондағы кіші лейтенантпен, айтқандай саяси бөлімінің қызметкер қызымен кездесіп, ол қызметкерді алаң етіп жүргеніне қатты ашулы көрінеді.

Сол жерде Заикинді әрі қарай сөйлетпей қойды, он шақты дауыс жиналыс тыныштығын бұзып жіберді. Соколов бірінші болып айқайлады: «Дәлірек!» Біреу түсінбеген дауыспен: «Кімді айтып тұрсыз?» — деді. «Бұлай болмайды ғой! Фамилиясын айтыңыз!» — деген бірнеше дауыс қатар шықты.

Саша да осыны талап етті. Соколов оны тағы қостап қойды: «Адамның зығырданын қайнатасыз! Бұл деген өсек айтатын базар емес, жиналыс қой!»

Заикин және айтты:

— Кешіріңіздер, артдивизиядағы саяси бөлімде істейтін кіші лейтенанттың фамилиясын білмеймін және оның қажеті де шамалы. Бірақ маған ыңғайсыз болса да, біздің комсомолецтің, өзі осы жиналыста қатысып отыр, фамилиясын атаймын. Тек мені дұрыс түсінер деп ойлаймын...

Кіші лейтенант фамилиямды атады.

Мен қасымда отырған көршім Вадя Цейтлинге кездейсоқ жалт қарадым. Ол қабырғаға ыңғайсыздау сүйенген күйі таңданған жүзбен президиумға қарап отыр. Шамасы, Вадя түкке түсінбеген сияқты.

— Сен туралы ма?

— Естідің ғой...

— Ойыма келген емес, — деп мойындады Вадя. Мен оған ашулануға әзір едім: онсыз да көңіл-күйім жоқ кезде, Вадя да ақыл айтқысы келеді.

— Қойшы сені!

— Тіпті түсініксіз, — деді Вадя тағы. — Соғыс, майдан, кенет мынандай оқиға. Бұл деген масқара ғой! Ол неге кіріседі? Заикиннің шаруасы қанша? Айтшы! — Содан соң сыбырлады: — Сенде шынында да махаббат па?..

Жетпей тұрғаны осы сұрақ еді! Балалық аңқаулығыңмен бірге жоғалшы, қымбатты достым!

Жиналыс мені айыптаған жоқ. Керісінше, Соколов та, Саша да, тіпті, Катониннің өзі де Заикинді кінәлағандай болды. Сонда да менің жағдайым онша емес еді...

Бұл деревня Гремсдорф деп аталады ғой деймін. Әңгіме оның қалай аталатынында емес. Біздің тамаша бір жерге тап болғанымызда. Төбелерінде оңтүстік, солтүстік, батыс, шығысты көрсетіп тұрған әтештің суреттері бар көне ағаш үйлер, еменнен жасалған сарайлар, үлкен бөшкеге ұқсатып салынған сырахана, Карл дей ме — әйтеуір ағаштан ойып би залының кіре берісіне қойған уақытпен сарғайып кеткен папаның мүсіні. Бұл жерде кім еске түспеді десеңізші! Шиллер, Гейне, ағалы-інілі Гриммдер, гномдар — бәрі алыстағы балалық шақтан таныс. Және бізге, Гремсдорфтың уақытша тұрғындарына, жұрт таңырқап қарайды.

Деревня жанындағы жол бойы біздің әскерлердің тылына, тіпті, қарауылсыз аяңдап, шұбырып бара жатқан тұтқын немістерден көрінбейді. Көп жылдар «немістің еңбек майданында» болып, енді біздің тылға келе жатқан француздар, чехтар, поляктар, мадьярлар. Олар бізге қолдарын бұлғап, қуанышты үнмен дауыстайды, бірақ біздің атам заманғы неміс деревнясында неге былтырдан қалған лас пен қарды, ағаш жапырақтарын тазалап, көшелерді тегістеп, кей жерлеріне құм төгіп жүргенімізді түсінді деймісіз. Таза киінген біз шетімізден сап-сары болып бірден көзге түсеміз:

— Мен Соколов үшін қуаныштымын, — деді Саша. — Өткендегі ол атып түсірген самолет үшін оған, сөз жоқ, орден береді ғой. Мүмкін, «Қызыл ту» орденін берер?

Кешікпей артиллериялық корпус бастығының саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары келді. Біз етігімізді жылтыратып, жағаларымыз тап-таза күйімізде жауынгерлік бабымызда, өзіміз төсеген сары топырақтың үстінде полковниктің алдында сапта тұрмыз.

Полковник наградалар тапсырды. Сандомирдегі, Оппельндегі және Одердегі ұрыстар үшін.

— Майор Катонин.

— Совет Одағына қызмет етемін!

— Аға лейтенант Федоров.

— Совет Одағына қызмет етемін!

— Аға лейтенант Буньков.

— Госпитальда!

— Кіші лейтенант Фекличев.

— Ерлікпен қаза тапты!

— Қатардағы Петров.

— Госпитальда!

— Қатардағы Ахметәлиев.

— Совет Одағына қызмет етемін!

Ал, лейтенант Соколов ше? Взвод командирінің аты аталмады.

Жұрт бір-біріне әділетсіздік жасайды. Олар басқа, үлкен істерде ғана әділетті — біздің ортақ ісімізге сенуде, махаббатта, балаларына деген үмітте, көзсіз ерліктерде, азаматтық борышын ақтауда.

Алайда өмірде күн, сағат, минут дегендер бар ғой. Адам өмірі солардан тұрады — соншалық күрделі, қасиетті қысқа өмір! Сол өмір үшін медициналық сәулелер күреседі, ал соларды көбінесе біз, адамдар, үземіз. Ойламай тұрып үземіз.

Жерде жаралы жылқы жанталасып жатыр. Жанында — қисайып қалған санитарлық кресі бар екі аяқты солдат арбасы, бірінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі «Егістік» деген суреттегіден аумайды. Арбакеш жоқ, бірақ біреу атты арбадан босатып кетіпті. Жалынан қан сорғалаған ат дір-дір етіп, өзінің өмір сүргісі келетінін дәлелдегісі келгендей, орнынан тұруға ұмтылып, азапты көзқараспен бізге қарайды.

— Атып тастау керек! — деді Володя шешімді кейіппен, сүйдеді де мойнындағы автоматын ыңғайлай бастады.

Біз төртеу едік — лейтенант Соколов, кіші лейтенант Заикин, Володя және мен. Дивизионды Бреслаудың солтүстік жағына көшірген болатын. Біз қолайлы жер іздеп шыққанбыз.

— Мүмкін... — Соколов бір нәрсе дегісі келіп еді, бірақ ойланып қалды ма, әлде айтып үлгере алмады ма, үндемеді. Маған ол Заикинмен сөйлескісі келмейтіндей көрінді.

Володя атып салды. Ат ышқына басын көтерді де, көзі шарасынан шыққан күйі қимылсыз қалды.

— Не істедіңдер! Тоқтаңдар!

Кешегі шетелдік жұмысшылар, бүгінгі азат адамдар бара жатқан жол жақтан қолын сермелеп біреу жүгіріп келеді.

— Тоқтаңдар! — Егде адам екен, жанұшырып жүгіреді.

Бірақ кеш қалды.

— Ой, не істегенсіңдер, ал мен... — Бізбен қатарласа берген ол бірдеңе деп міңгірледі де, офицерлерді көpіп ыңгайсызданып қалды: — Кешіріңіз, жолдас лейтенант!

Солдат етегін кескен шинель, жыртық құлақшын киген жасамыс старшина екен. Ол атқа қарап қатты да қалды, біз жаққа көз салмайды. Бір қолында автомат, екінші қолында ескі-құсқы шүберектер, дәке.

— Сенің биең бе? — деп сұрады Володя. — Неменеге азаптайсың?

— Азаптаған мен емес, «мессерден» оқ жаудырған фриц, — деп старшина бұрыла берді. Жарасын таңайын деп ем. Жолға жүгіріп кеткенім де сол еді. — Дәкесін сермеп қалды. — Өмір сүруі де мүмкін еді. Москвадан шыққалы бірге...

— Ағай, бір орам дәкеңіз жоқ, дәрігерлігіңіз күшті екен, — деп мысқылдады Володя.

— Иә, жоқ екені рас, өйткені өзім дәрі-дәрмек алуға келе жатыр едім, — деп жауап берді старшина. — Енді айтып та керегі жоқ...

— Әрине, айтуға тұрмайды, — деп қойды Володя. Кенет Соколовтың даусы қаттырақ шықты:

— Жетер енді, Протопопов! Істеріңді істедің бе — үніңді шығарма! Саған неміс те бір, ат та бір! Әкей, сіз өкпелемеңіз. Дұрыс болады ғой деп едік... Көрдіңіз бе...

Кешікпей біз екіге бөліндік. Володя Соколовпен, мен Заикинмен бірге кеттім.

Бреслау үшін ұрыстар табысты болмады. Немістер қорғанға айналдырған қаланы бірнеше рет оқ астына алғанмен, нәтижесіз болды. Енді бұл жерге бұрын ілгері кеткен біздің жаңа бөлімдер келе бастады. Қаланың оңтүстік-батыс шетінде артиллериялық мықты тізбек құрып алғаннан кейін, мұндай тізбектерді біздің артил-лерия жақындап қалған солтүстік пен солтүстік-батыста да құру қажет болды. Шамасы, Бреслауды қоршауға алуды ұйғарған болса керек.

Қала енді біздің сол жағымызда қалды — біз оны қап-қара түтін мен снаряд, миналардың жарқылынан көріп тұрмыз. Қала үстінде шұбап бара жатқан қошқыл бұлттар көрінеді.

— Тоқта, — деді Заикин, біз жіңішке соқпақпен мал қорасына жақындай бергенде. — Қарайық...

Ол қалтасынан карта алды:

— Тас жолы қай жерде екен осы?

Бреслау — Берлин тас жолы бізден шеткері, бірнеше шақырым жерде болатын. Кіші лейтенантқа оның қандай қажеті болғанын түсіне алмадым.

— Бағдарды білу үшін, — деді ол менің ойымды оқып алғандай.

Бағдарлау үшін ана шіркеу бар ғой, міне, картада да тұр. Бұл жер қала ғой деймін. Қант дей ме... Ол да картада, міне, — деп түсіндірдім мен. — Және шағын орман жанында екі жол түйіседі, содан соң бейіт және орман. Бұлар картада жоқ, тек орман ғана белгіленген.

— Байқаймын, ойың жүйрік екен, — деді Заикин достық кейіппен. — Тегі бұрынғы батальон командирі үйретіп тастаған ғой.

— Неге бұрынғы?

— Жарайды, жарайды, ашуланба!

Жарты сағаттан кейін біз бірінші және екінші постыларға орын белгіледік те, енді үшіншіні ойластыру үшін жолдар қиылысына қарай жылжыдық.

Жол бойында ешкім жоқ екен. Біз орман жақтағы шеткі соқпақпен жүрдік. Қабырғаларын оқ тескен, ырым-жырымы шығып, қаңыраған үйлердің, бейіт пен жартылай қираған көпір тұрған лас өзеншенің үстімен келеміз.

Кенет соңғы жағымыздан автомат үні зырылдап қоя берді.

Мен әдет бойынша жолдың езуіне жата кеттім де, Заикин артына таңдана бұрылып тұра берді.

— Жатыңыз, жолдас кіші лейтенант, — деп сыбырладым.

Заикин жыраға бұғып үлгерместен, әуеде тағы оқ зуылдай бастады.

Оқ әлгінде ғана біз жанынан өткен үйлерден не бейіттен атылып жатқан секілді.

— Бұл не сонда? — деп таңданды Заикин. — Майордың өзі... — Арғы жағын айтпады.

Сол сәтте орман алаңқайынан біреу қолын бұлғап, орысша бірдеңе деп айқайлады.

— Шайтан алсын сендерді, мұнда келіңдер!— дегенді естідік ақырында, алдымызға қарап.

Орман түбімізде және онда біздің адамдар барды.

— Еңбектейміз бе? — деп ұсыныс жасады Заикин.

— Еңбектейік.

Бізді онша жақсы қарсы алған жоқ. Окопқа түсіңдер!

— Батылдарын көрдің бе, жоқ жерде!

— Жол бойы қаптаған неміс, бұлар қыдырып жүргендей аяңдайды!

— Балалар ғой!

Заикин ақтала сөйледі:

— Бірақ бұл маңда дұшпан болмауы керек еді.

— Біз де бұл маңда болмауымыз керек еді, — деп ашуланды арық капитан. — Бірақ таңсәріден бері атысып отырмыз!

— Трофейлерді күтіп отырмыз, — деді біреуі.

Біз окопта, белуардан суда отырмыз. Солдаттар мен капитан және сержант бұл жерге ойламаған жерден тап болыпты. Олар жаяу әскер полкының штабына кетіп бара жатып, таң ата немістерге кезігіпті де, содан бері бекініс жасап, қорғанып отыр екен.

— Біз трофей командасынанбыз, — деп түсіндірді сержант, — Ал, капитан полктың финанс бөлімінен.

— Бұл қайдан келе қалған қарсыластар? — деп Заикин таңдана берді. — Өздері көп пе?

— Екі взводтай, — деді капитан. — Және бронетранспортер бар, анау үйдің артында. Бейітте де біраз отыр. Қазір тағы, таңертеңгідей, ата бастайды...

Бұл, шамасы, біздің шабуылымыздың кезінде отырып қалған неміс әскерінің көп топтарының бірі болса керек. Мүмкін тағдыры шешілгелі тұрған немістер кете бастаған шығар.

— Біз қалай аман өткенімізге түсіне алмаймын, — деді Заикин.

Біз окопта тағы да екі сағаттай отырдық, немістер шабуылға шығуды ойламаған да секілді. Оқта-текте автоматтан оқ жаудырып қояды. Ол оқтар біздің окопқа жетпей, жол ернеуіне түсіп жатты.

Менің кіші лейтенантым тықырши бастады. Қарнымыз ашып барады, бірақ бізде де, трофейшілерде де тамақ атымен жоқ. Окопта малмандай болып отыра бергеннен де ештеңе шығатын емес. Бұл немістерді қанша күтуге болады? Бір-бірімізді аңдысып отыра береміз бе!

Заикин капитанмен күбірлесті де, маған қолын сермеді:

— Кеттік! Орман арқылы арғы жағымен қайтайық. Біздің өз тапсырмамыз бар дегендей...

Мен кіші лейтенанттың соңынан окоптан шықтым. Еңкейе жүгіріп сирек ағаштардың арасымен келеміз. Соңымыздан атқылай бастады. Біз бұрылдық.

— Қайта оралу керек шығар, — деп сыбырлады Заикин, содан соң: — Сен қалай ойлайсың? — деді.

— Меніңше де, сол дұрыс секілді.

Бірер минуттан кейін әлгі окопқа қайта келдік. Немістер мен атыса бастадық. Жол бойында оғын тауысқан бронетранспортер үнсіз ілбіп келеді. Оның соңынан үш мотоцикл, он-он екі жаяу неміс әскері келеді. Немістер біздің жаққа қарай автоматпен атып қояды, бірақ мақсатты атыс емес, әйтеуір құтылып кетсек деген оймен ғана болу керек.

— Міне, бізге де ортақ іс табылды, — деп қойды бізге қарап капитан. — Ал, менің де өз тапсырмам болатын...

Заикинде үн жоқ.

Біз бронетранспортерді өткізіп жіберіп, немістерді атып жатырмыз. Қаруымыз — автомат пен винтовка және екі пистолет. Немістер сасып қалды. Жаяу немістер атыса жүріп, жолдың арғы жағына ығысты, алға өтіп кетуге тырысуда.

— Мүмкін қуып атысармыз? — деді сержант. — Әйтпесе, біреулерін құлатқанмен, машинадағылары...

Шынында да бронетранспортерда тығылып отырғандары болар деген ой басқамызға келмепті. Тіпті, басқасын өлтірген күнде де, машинадағылары кете барады ғой.

Капитан менің кіші лейтенантыма қарап еді, анау түсіне қойды.

— Кеттік пе, сержант! — деп айқайлады. — Көлденеңінен. Граната бар ма?

Заикин шинелінің жанынан екі граната алып бір қолына ұстады.

Сержант үндемеді. Оның денесі окоптың түбіндегі суға жылжып барады екен. Қызыл қоңыр қанға малынған басы жер окоптың қабырғасына қисайған күйі қатты да қалды. Басынан қан әлі сорғалап жатыр.

Капитан сержантқа ұмтылды да:

— Мен барамын, әкел гранаталар... — деп автоматын ыңғайлады.

Заикин тіл қатпастан гранаталарды берді, капитан окоптан атылып шығып, орманға қарай тартты.

— Мыналарды сендер жайратыңдар! — деді ол кетіп бара жатып окопта қалған солдаттарға жол бойын нұсқап.

Заикин шыға берем дегенде окоптың қабырғасына маңдайын соғып алды да, капитанның соңынан кетті. Мен де ілестім.

Біз орман арасымен еңкеймей жүгіріп келеміз, біздің соңынан жүгіріп келе жатқанымызға капитан да таңданған жоқ.

— Қане тезірек, алдын орайық! Анау бағанаға қарай! Үлгере алсақ!

Орман алаңына шыға бере ол гранаталарымен автоматын жоғары көтерген күйі төмен сырғанап құлап түсті.

Заикин екеуміз оның соңынан әрең ілесіп келеміз. Міне, біз бағана тұрған жолдың езуіндеміз.

— Жәй демалыңдар, шайтандар! — деп сыбырлады капитан, өзі де біз секілді ентігіп жатып.

Сол жағымызда жол бойымен бронетранспортер жылжып келеді. Жүз шақты метрдей қалды. Ал мотоцикл ше? Артында ілесіп келе ме? Біз барлап қарап едік, мотоцикл көрінбеді. Жаяу немістер де жоқ. Яғни біздің жігіттер жайратқан ғой! Немесе әлі атысып жатқан болулары керек — алыста атыс естіледі.

Бронетранспортер жақындап қалды.

— Атпаңдар, әуелі мен, — деп сыбырлады капитан, тісін қайрап.

Күтіп жатқаннан ба, әлде қорыққаннан ба оның денесі дірілдейді.

Біз жерге жабысқан бетімізде сіресіп жатырмыз. Тағы бір минут. Мотор үні, тіпті, жақындап қалды.

— Сабыр, ең бастысы — сабыр, — деп сыбырлайды капитан.

Мен Заикинге қарадым. Кіші лейтенанттың бар назары жол бойында. Машина жылжып келеді. Міне, тіпті, жақындап қалды. Жиырма бес метр, жиырма, он бес, он метр...

Жол бойы ажылдап барады, капитан да, біз Заикин екеуміз де шыдамсыздана күтіп жатырмыз.

— Жат! — деп айқайлады капитан, сүйдеді де екі гранатаны лақтырып жіберді.

Тиді! Металл үні!

Капитан автоматын алып ата бастады. Транспортерден немістер секіріп түсе бастады. Бір, екі, үш. Құлап жатыр. Заикин екеуміз де атып жатырмыз: ол пистолетпен, менде мылтық.

Машина өртене бастады. Алты неміс қасында сұлап жатыр. Біз күтіп жатырмыз. Тағы түсетін шығар? Бірақ ешкім түспеді.

Заикин бірінші ұсыныс жасады:

— Қарайын...

— Тоқта! — деп кесіп тастады капитан. — Демала тұр...

Өзінің қозғалуға шамасы жоқ. Ол күлімсіреді, тіпті, жас адам секілді көрініп кетті.

— Жарайды, бар! — деді содан соң Заикинге. — Тыныш қой.

Заикин жолға шықты. Менің құтымда арақ бар-ды.

— Алыңыз, — деп ұсындым капитанға.

— Ой, рақмет, қымбаттым! Рақмет! — Капитан рақаттана жұтты. — Тағы бір жұтайын... Міне, енді дұрыс болды.

— Маған да бер, — деді Заикин қайта оралып. — Жүргізуші бар екен. Шаруасы бітті.

Ол құтыны алып, қылғыта жұтты да: «Дәмінің жаманын-ай!» — деп өзіме қайырды:

— Ал сен ше?

Енді маған да болады. Екі жұттым — құты сарқылды. Беліме іліп алдым.

— Қозғалдық па? — деп сұрады капитан. — Біздердікі қалай екен?

Біз жолға шықтық. Бронетранспортерден екі жүз метрдей ұзағанда, капитан:

— Ал документтер ше? Жүгіріп барып кел! Бір кәдеге жарап жүрер. Біз күте тұрайық, — деді маған қарап.

Мен машинаға оралдым. Шинельдерін ағытып, қарап жатырмын. Алтауын қарап шықтым. Жетіншісі кабинада. Енді соған жүгірдім.

Мен офицерлерге келсем, әңгіме соғып жатыр екен.

— Ал соғысқа дейін ше? — деп сұрады Заикин.

— ВУАП-та істегем. Мұндай мекемені естіп пе едіңіз?

— Естігем жоқ...

— Бүкілодақтың авторлық правоны қорғау басқармасы. Сондай болған.

— Нешедесіз?

— Елу жетідемін.

Ол мені байқап қалды:

— Алдың ба?

Содан соң кінәлы адамдай Заикинге қарап қойды да:

— Кіші лейтенант, сіз қарсы емессіз бе, егер мен алсам?..

Сіздер соғысып жүрсіздер, бәрі бір ғой. Ал мен бірінші және соңғы рет болар... Заикин келісе кетті:

— Өлгендердің документтерін капитанға бер, — деді. Бердім.

— Сіздер ренжімеңіздер, — деді капитан қалтасына салып жатып. — Түсінесіздер ғой...

Біз өзіміздің адамдарға келіп, қаза болғандарды жерлей бастадық. Сержантты және екі солдатты. Үшеуі жаралы екен. Істі жеңілдету үшін моланы қазбауға ұйғардық. Өлгендерді окопқа салып, көме бастадық.

Немістердің бұл су-су окопы енді ешкімге қажеті жоқ. Содан соң қоштастық.

— Сау боп тұрыңдар!

— Хош!

Олар бір жаққа, біз екінші жаққа кеттік.

Қараңғы түсе бастады. Жел көтеріліп, өңменімізден өтіп барады. Су-су шинель, шалбарымыз сіресіп қата бастады. Командирдің етігі, менің бәтеңкем судан шылқып келеді.

— Фамилиясын сұрамағанымды қарашы, — деді Заикин.

— Кімнің?

— Капитанның деймін.

Сол кезде екеуміздің де ойымызға сап ете түсті.

— Ал үшінші посты қайда?

Қайта оралдық. Жолдың қиылысы бақылауға жақсы жер екен. Орман алаңқайындағы жаңа қазылған бейіт — жақсы белгі. Картаға белгілеп қойдық. Алыста Бреслау да көрініп тұр.

— Сен өкпелеме, — деді кенет Заикин. — Мен сендерде шын сезім екенін білгенім жоқ еді. Онсыз да сыбағамды алдым. Соколов жеп қояды екен деп едім. «Бар, кешірім сұра, оңбаған!» — деді. Ашуланба! Келістік пе?

— Келістік.

Кенет Заикин, тіпті, балаға ұқсап кетті:

— Сенде оның суреті жоқ па? Көрсетші!

— Жоқ. Шынында да жоқ еді.

Өрттің жарығы Бреслауға қайтар жолды айқын көрсетіп тұр. Міне, соңғы соқпақ. Біз балшықты шалпылдатып әлі жүріп келеміз.

Бағанағы өлген ат жатыр. Арба жоқ. Шамасы, старшина кетіп қалған болса керек.

— Мен сені күні бойы іздеп жүрмін, — деді Вадя Цейтлин, біз оралғанда. — Маған бір тапсырма беріп... Сенімен оңаша ақылдасайын деп...

— Не боп қалды?

— Саяси басшы наградаларды жазуды тапсырып еді. Менің қолым тимейді, сен бәрі бір боссың дейді. Тізімі мынау. — Вадя бір қағазды көрсетті. — Ерліктерін суреттеп жазу керек дейді. Не жазарымды білмеймін. Ақылдасатын да адам жоқ. Көмектесіп жіберші!

Қағазға көз жүгіртіп ем, неге екені белгісіз, бірінші Протопопов тұр екен.

— Білмеймін, Вадя! Білмеймін! Жазғың келгенін жаза бер!

Ал мен ұйқыға кеттім! Өліп барамын!

Лейтенант Соколов екеуміз барған медициналық санитар батальонында біздің жарамызды таңған дәкелерді алды. Оның басынан, менің кеудемнен және аяғымнан. Келесі күні лейтенант мазасыз жүрді. Яғни, бір ойлар іштей тыным бермей жүр деп ұқтым.

Біз жұмысты бітірген бойымыз еді және тез бітірдік, тіпті, шаршаған да жоқпыз. Ал взвод командиріне не болып жүргенін түсіне алмадым.

Бүгін ауа райы жақсы. Күн көзі жарқырап тұр, жып-жылы! Командир екеуміз кең даламен жүріп келеміз. Наурыз айының таза ауасы көкірегіңді ашып жібергендей. Өзеннің арғы жағалауында жабайы ешкілер жүр екен.

Оларға қарап келе жатқан мен, ал лейтенант шашын сипап қойып, өзімен-өзі болып келеді.

— Қазір аң аулар ма еді, жолдас лейтенант, — дедім мен үнсіздікті бұзғым кеп қашып бара жатқан қоян мен жабайы ешкілерді көрсетіп.

— Аң дейсің бе? — деді Соколов. — Ал мен басқаны ойлап келемін. Жарайды, мә, оқы! — Ол жанынан хат алып, маған ұсынды. — Сен туралы да бар...

— Аға лейтенанттан ба? — Буньковтың жазуын бірден таныдым.

— Иә, содан, содан. Сен оқы әуелі, — деп қайталады Соколов тоқтап.

«Мишка, менің қымбаттым! Сенің хатыңды алғандағы менің қуанышымды көрсең ғой, дудар бас. Рақмет саған, үш жүз рақмет. Осы кезге дейін мені ешкім есіне алмағаны күлкілі ғой. Арамыздағы қашықтық 100 — 300 шақырым. Бастық рациямен де сөйлесуіне болар еді. Жарайды, мейлі, құдайы жар болсын. Ал, бастық істі біледі, бұл қазіргі бірінші мәселе. Басқасын қойшы. Соғыс!

Сен жан-дүниеңмен бәрін түсінесің! Мен бастықтан да, басқаларынан да өтініп ем ғой, ал сен әлі күнге өз орныңда жүрмеуің қалай? Жалпы, түсінемін, әрине. Сен де түсінесің. Бірақ, құдай ақы, әр нәрсені көңіліңе ала берме! Жұрттың бәрі бірдей емес қой. Ал, менің орнымдағының комсомол жиналысындағы сөзі — ақымақтықтың соңғы шегі деп есептеймін.

Ал, мен осында бір қыздармен таныстым. Ауыр жаралыларға көмектесу үшін корпустан қыздар келіп тұратын. Біреуі — сол екен! Біздің Ромео қателеспепті. Біз Ромео туралы да әңгімелестік. Бұл да адал екенін түсіндім. Ал, қыз байсалды, сүйкімді.

Мен аманмын. Жүре бастадым. Дәрігерлер «тыныштық» дейді. Бәрібір кешікпей шығамын, Берлинге бірге барамыз. Мені ұмытпа, ашуланба, ақымақтық істеме!

Егер қолың тисе бір сағат, бір минутқа келіп кетерсің? Ромеоны да ала кел. Ол өзінің Джульеттасын көрер еді. Осында госпитальда біздің Петров та жатыр. Есіңде ме, балалар Макака деуші еді ғой?

Солай.

Құшақтаймын, әзір ешкімге сәлем айтпаймын. Мені кім есіне сақтап жүргенін білмеймін.

Сенің Максимің».

— Оқыдың ба? — деді Соколов.

— Оқыдым, жолдас лейтенант...

— Мен дивизион командиріне бармаймын, батальон командирімен сөйлеспеймін. Ал, Буньковқа барып шығу керек. Біз — шошқамыз. Айта берсең Лигниц дәл жанымызда ғой, егер барғың келсе, Катонинге кіріп сұра. «Біз шошқалармыз, Буньковты ұмытып кеттік» де. Буньковты білмейтін, жаңа адам ғой, комбатқа, кіші лейтенант Заикинге соқпай-ақ қой. Мен рұқсат етейін. Егер ерткің келсе, Бариновты ал қасыңа. Ол не дегенмен, комсорг қой. Байқаймын — жақсы жігіт...

— Егер майор сізді неге сұрамайды десе ше? — деп күмәндана сөйледім.

— Мені жамандай бер. Оған айту ойыма келмепті де, әйтеуір ойыңа келгенді айта сал. Буньковтың хаты жайлы айтпа...

— Барамын майорға, жолдас лейтенант. Келген бойда кіремін!

Мен Соколовқа, Буньков жазғандай, қалайша батальон командирі болмадыңыз деп сұрақ қойғым келсе де, батылым бармады.

— Білесіз бе, кіші лейтенант Заикин батыл адам болып шықты. Ана жолы біз фрицтермен бронетранс-портермен қақтығысып қалғанда... — дедім аузымнан неге және қалай шыққанын байқамай.

— Қымбатты досым менің! — Соколов маған бейне класс партасында отырған оқушыдай қарады. — Жақсылық пен жамандық кейде қатар өмір сүреді. Мұны мен кіші лейтенант хақында айтып отырғаным жоқ.

Ертесінде біз теодолит жүрісіне әзірлік жасадық. Жер таныс. Кіші лейтенант Заикин екеуміз жүріп өткен жер.

— Өте жақсы! — деді Соколов.

Байқауымша, таңдаған жерімізге де, маған да риза тәрізді. Мен вешканы алысырақ қойдым.

Саша, Шүкірбек, Володя және Соколов соңымда келеді.

Әрине, біздің жұмысымыз — ұрыс емес. Сашаның айтқаны да шын — нағыз ұрыс басталғанда, бізге былай тұрыңдар дейді. Бірақ өз жұмысыма ризамын. Өзімнің қызыл, ақ жолақты таяғымды алып, жұрттың бәрінен бұрын бақылауға шығамын және басқалардың жұмысы маған байланысты екенін білемін. Олардың есептеуші машинаның көмегімен теодолит көрсеткен координаттары, олардың дәлдігі тек қана менің дұрыс жерге орналастыруыма байланысты. Содан соң барлық артиллерияшылар, фото барлаушылар, тіпті, штаб қызметкерлері де сол координаттар бойынша жұмыс жасайды.

Біз бұзылған қораның, зират пен бос үйлердің үстімен өттік. Алдымыздағы алаңда екі мотоцикл тұр да, ал немістердің өлігі жоқ. Қайда кеткен?

— Үшінші қайда? — деп Соколов мотоциклдің біріне жақындады. — Мынау солар ма?

— Солар. Бірақ... біреу фрицтерді жерлепті...

— Үшінші посты қайда? — деп сұрады взвод командирі.

— Ана жерде, жолдас лейтенант, орманның маңында. Жас қабірді көрдіңіз бе?

— Көріп тұрмын.

Трофейшілер командасының бір сержанты мен екі солдатты жерлеген зират жолдан анық көрінді.

— Теодолитті жолдың қиылысына қоялық, — деді лейтенант. — Көріп қалар ма екен?

— Көреді ғой.

Саша, Шүкірбек, Володя теодолитті алып жолдың қиылысына жеткенше, мен зираттың сол жағындағы төбеге барып үлгердім.

Взвод командирі де кері оралды. Балалар менің вешкамды белгілеп алған секілді. Мен оларды жақсы көріп тұрмын. Яғни, олар да мені көріп тұр.

Шынында да, болды, қайта бер дегендей белгі берді.

Мен төбешіктен түсіп, жолға шықтым. Күн шығып тұр. Көктемгі ауа, әр жерде жасыл шөптің белгісі бар. Мен моланы айналып өтіп, жол бойында теодолитті көрдім. Жанында ешкім жоқ. Кенет алдыңғы жақтан атыс естілді. Соның арасында автомат үні...

Мен әуелі Соколовтың сорайған бойын көріп қалдым. Оның соңынан Саша. Олар жолдың жағалауымен үйлерге қарай жүгіріп барады. Тізерлеп атып жатыр.

Мен келгенше атыс басылды.

— Не болды?

Володя өлген немістің автоматын алып жатыр. Екінші неміс есік алдына сұлап түсіпті.

— Жауыздар, Шүкірбекті өлтіріп кетті, — деді Саша.

— Хайуандар! Өздері азаматтық жәй киім киіп алыпты! — деп Соколов басын қасыды. — Ақымақтық болды...

Біз Шүкірбектің денесін жаңағы мен таяғымды алып шыққан төбенің баурайына, біздің солдаттардың кабірінің қасына қойдық.

Саша сия қарындашпен жазды: «Шүкірбек Ахметалиев, 1926-45. Және екі солдатпен бір сержант». Біз трофейшілер командасының осыдан екі күн бұрын қаза тапқан сержанты мен солдаттарының фамилиясын білмеуші едік.

Олар осыдан бір сағат бұрын қаладан қашып шығыпты.

— Қалай?

— Ой, сұрамаңыздар! — біресе күліп, біресе жылайды, тағы күледі. — Өзіміздің адамдар! Туғандар!

Бәрінің үстінде лас киім, аяқтары су-су, көздеріне дейін орамалмен байлап алған, аттары да, жастары да белгісіз. Тек біреуі ғана үндемейді, қорыққан жүзбен шеттей береді. Оның көздері бір орынға тұрақтамай тек қорқынышты жаутаңдайды.

— Ал сен немене? — деп Володя оған жақындады. — Немене қуанғаннан тілің байланып қалды ма?

Қыз шарбаққа қарай жүгіріп барып, біреу оны ұрайын деп жатқандай, дірілдеп кетті.

— Ұмытып кетіппіз, — деді әйелдердің бірі. — Бұл Хильда, немістің қызы. Жақсы өзі. Тек бақытсыз. Анасы қаза тапқан, әкесінің қайда екені белгісіз. Бреслауда олардың солдаттары... Қыз ақылынан адасатын болды. Екі жұма жер үйде отырдық. «Бұл жерде қалмаймын, сендермен кетем» дейді. Фюрхте нихт, «Хильда! — деді әйел оған қарап. — Зи лассен дих ин ру! Дас зинд дох унзере, унзере!1

— Немісше білесіз бе? — деп таңданды Заикин.

— Азапқа түскеніміз бірінші жыл емес, — деді әйел. — Үйретті ғой.

— Көп болды ма немістерде болғандарыңа?

— Үш жылдай.

— Қай жерденсіз?

— Брянскіденмін мен...

Қорықпа, Хильда! Бұлар саған тимейді! Бұлар біздердікі ғой, біздердікі!

— Мен Псковтан, Никольск селосынан.

— Мен Орелдан...

Олар неміс қызынан басқа үшеу. Кіші лейтенант Заикин оларды тамақтандырып, үйге орналастыруды бұйырды.

— Біз жуынсақ деп едік.

Біз оларды жуынуға апардық. Содан соң олардың тұратын үйін көрсеттік.

Володя да олармен жағаласып үйге кіріп кетті.

Олар біз кешкі тамақ ішіп жатқанда келді. Бәрі өзгеріп, адам түріне еніп қалыпты. Заикин орындық ұсынып еді:

— Их данке инен2— деді неміс қызы. Келгендер өздерін таныстыра бастады:

— Люся.

— Клава.

— Ал сіздің атыңыз кім? — дедім отыздар шамасындағы келіншекке.

— Валя.

— Әкеңіздің аты?

— Әкемнің атын айтып қажеті не, Валя деп атай беріңіз.

— Ендеше, — деп Заикин біздің сөзімізді бөліп жіберді. — Мына тосты біздің әйел жолдастардың аман-есен оралғаны үшін, содан соң Сіз үшін, — деп Хильдаға қарады, — қазіргі кезде біз жау болғанмен, неміс халқының болашақ ұрпағы — сіздер түсінер деген үміттеміз...

— Кешіріңіз, — деп сыбырлады Валентина маған, — мен Хильдаға түсіндірейін...

Содан соң ол сыбырлап Заикиннің сөзін аудара бастады.

— Ал, Сіздер үшін! — деп қайталады кіші лейтенант.

Заикин орнына отырғасын Хильдаға бірдеңе айтқысы келді, бірақ немісше түсіндіре алмағасын қасындағы Клаваға қарап:

— Енді қайда барып, не істегісі келеді? — деді.

— Ол айтады: жұмыс жасаймын, Германияның күнәсын жуу үшін көп жұмыс жасаймын дейді, — деді Клава. — Мүмкін, госпитальға не наубайханаға жұмысқа орналастыруға болар. Бреслауға кері барғысы келмейді.

Стол басындағылар көңілдене бастады.

— Біздің Валька сұлу, біз секілді емес, — деді Люся. — Ол неміс солдаттарының көзіне түспес үшін бетіне күйе жағып та жүрген. — Содан соң Валяға қарап біраз ойланып отырды. — Ой, Клава екеуміздің көрмегеніміз жоқ қой... — деді.

— Сендер көптен таныссыңдар ма? — деп сұрадым Валядан қыздарды көрсетіп.

— Жоқ, жақында, — деді ол, — Бреслауға шабуыл басталарда ғана. Бұрын әр жерде жүрдік.

_________________________________

2 Рақмет сізге.

Мен кезекте тұрған Сашаны ауыстыруым керек еді. Көшеге шықтым. Тыныштық. Саша мені күтіп тұр екен:

— Қалай, онда көңілді ме?

— Бар, жаңа басталып жатыр.

— Барайын. Әбден тоңып кеттім.

— Бар, бар...

Шамасы бір сағаттан кейін үйдегі отырыс аяқталып, балалар сыртқа шыға бастады.

— Тағы балшық.

— Ертең ашымал жасаймыз. Балалардың біразы әйелдерді шығарып салуға кетті. Хильда жайымен соңдарынан еріп барады.

Ең соңынан Валя мен Володя шықты. Володя оның қолтығынан ұстап алыпты.

— Ә, жас жігіт, сіз мұнда екенсіз ғой! — деді Валя. — Адью! Зай гезунд, кнабе!1

Валя да, Володя да біраз қызу.

Олар әйелдер қонатын үйге қарай кетті.

Мен олардың даусын естіп тұрмын.

— Жоқ, қазір болмайды. Кейінірек. Жұрт жатқасын... — дейді Володя.

— Мен ұйықтап қаламын. Мен сондай шаршадым.

— Жарты сағат күте алатын шығарсың?

Мен жаныма штабта кезекшіліктегі лейтенант Соколовтың қалай келіп қалғанын байқамаппын.

— Протопопов кіммен сөйлесіп тұр?

— Кешіріңіз, жолдас лейтенант! Бреслаудан біздің үш әйел қашып шығыпты, бұрын Германияға айдалған. Қастарында бір неміс қызы бар. Бірге тамақ ішкенбіз... Енді қонуға бара жатыр.

— Мұны естідім. Ал Протопоповтың қасындағы кім, аты кім? Естімедің бе? — Соколовтың даусынан мазасызданғаны сезілді.

— Валя деген, Валентина, — дедім. — Орелдан ғой деймін.

— Валентина?

Мен жауап бергенше, Соколов жылдам басып Валя мен Володя тұрған жаққа аяңдады.

Содан соң мен әйелдің шыңғырғанын естідім. Зәресі ұшқан Володя менің қасыма жүгіріп келді:

— Оның есі дұрыс па? Не болды? Жынды! Мен ештеңе түсініп тұрғаным жоқ.

— Аты кім деді, айттым...

Володя өкпелеген бала секілді. Жылап жіберуге жақын тұр.

— Қой енді! — дедім. — Одан да шылым шегейік.

______________________

1 Сау бол, балақай (немісше)

— Саған айтуға оңай... Ал мен... Бәрін құртты... Болған оқиға мені де Володядан кем толқытқан жоқ.

— Лейтенант келеді, айтатын шығар неге, қалай болғанын.

Люся мен Клаваны шығарып салған балалар келді.

— Не болды? Валя бақырып, жүгіріп барады. Соколов соңында:

«Тоқта! Тимеймін! Тоқта!» — деп айқайлайды. Володя әлі күңкілдеп тұр.

— Көрдің бе осындай сәтте...

Ертеңіне Люся мен Клава келді.

— Мүмкін, әуелден таныс шығар? Валямен?

— Кеше қашып кеткеннен келген жоқ, бізбен қонған жоқ!

— Сендердің лейтенанттарың ештеңе деген жоқ па?

— Енді ол қайда барады? Қалайша жалғыз кетті?

— Немістермен шатасып жүрмесін...

— Ондайлар да болған...

— Сұлу ғой!

— Жоқ, басқа бірдеңе... Олай болуы мүмкін емес...

— Өзі қалай бейшара болып отырды!

Біз де әйелдерден кем таңырқағанымыз жоқ. Лейтенант Соколов кеше де, бүгін де, тамақтың үстінде де тіл қатпады.

Бір кезде, үндемей әйелдердің қасында тұрған Хильда:

— Зи вар ди фрау айнес дойчен СС оффициере!

Зи загте мир зелбст унд бат швайген! Абер их каннте зи фрюер бис цум айнтритт дер руссеп!1

Екі күн өткесін лейтенант Соколов екеуміз әрең деп Лингмицке баратын болдық. Жолай кездескен машинаға отырдық, взвод командирінде үн жоқ. Тек оқта -текте тіл қатады:

— Қол көтерейік!

— Отыр!

— Осы жерде түсеміз!

— Енді жақын!..

Мен Соколовқа қарап, еңсесі түсіп кеткенін байқадым. Көзінің алды әжімденіп, шашына ақ кіріпті. Бұрын жоқ болатын, өзі отыз екіде ғана ғой!

Біз келесі машинаны ұстау үшін бұрылысқа түскенімізде Соколов ұзақ уақыт көзін уқалады. Шамасы, ұйықтамай жүргендіктен ауырған болса керек. Содан соң, Лигницкіде де уқалай берді. Көзі содан қып-қызыл болып, ісініп кетті де, тіпті кәрі көрінді.

Мен, шынын айтсам, Соколовты білмеуші едім. Бірақ оның бойындағы бір жұмбақ мені өзіне тартатын. Бір көргеннен түсінікті адамдар онша қызық емес шығар.

_________________________

1 Ол СС офицерінің әйелі болған! Оны маған өзі айтты, айтпа деді. Алайда мен оларды орыстар келместен бұрын да көргенмін (немісше)

Ол не туралы ойлап келеді? Валя. Валентикамен кездесуін қалай түсінуге болады.

Госпитальда, Буньковтың жанында отырғанда, мен қазір айтатын шығар деп отырдым. Достар ғой... Бірақ әңгіме күнделікті өмір, дивизион жағдайы, одақтастар жайлы болды.

Содан соң маған қарады:

— Миш, жігітті несіне азаптаймыз? Жіберейік. Ертең қайтасыңдар ма?

— Ертең таңертең, — деді Соколов. — Бүгін қайда барады?

— Иә, кеш түсіп кетті, — деді аға лейтенант. — Ал, сен жүгір. Адресін алып қойғам.

Ол тумбочкадан газеттің жыртындысын алды.

— Мен Петровка кіріп шығайын деп ем, — дедім.

— Ә, Петров па, ол үшінші бөлімшеде, жиырма жетінші палата.

Біз Соколовпен таңертеңгі сегізде госпитальдың жанында кездесеміз деп уәделестік.

Макака, мені көргенде жылап қоя берді.

— Бір сағаттан кейін саған лейтенант Соколов келеді, — дедім, — ол да осында.

Витя госпитальдың көжесіне семіріп, толысып кетіпті.

Он шақты күннен соң шығарамыз дейді. Ал, Буньков деген! Мен оған ғашық болып қалдым! — деді Витя. — Оны осындай ғажап адам деп, тіпті, ойлаған емеспін!

Оның жарасы, менікіндей емес, қауіптірек, ал ол маған күнде қағаз жазып жібереді. Күлкілі қағаздар: уайымдама, Макака, біз екеуміз операциядан кейін де ұрысқа шығамыз әлі, — дейді. Кейін келіп-кететін болды. Аулада да күнде көрісеміз. Мен оған қандай алғыс айтарымды білмеймін. Оны дәл осындай адам деп ешқашан ойлаған емеспін!

Макака бәрін асығыс айтып жатыр, сұрап жатыр, содан соң тағы айтады.

— Ал бізде Шүкірбек... Ақымақтық болды, — дедім.

Терезеден, өткен ауыр күннен тыныстап жатқандай, ұйқылы-ояу қала көрінеді. Соғысқа бүлінбеген үлкен қаладан заводтар мен фабрикалардың тұрбасынан қошқыл түтін будақтайды, солдат тақасының тықылы естіледі, жалаушалар желбіреп, сыпырғыш сырылдайды — немістер көпірлер мен тротуарларды тазалап жүр. Көшелерде адамдар келеді — үлкендер және балалар. Жұмыс жасап жатқан дүкендер жабыла бастады. Штаб машиналары зулап өтіп жатыр. Торғайлар шырылдайды. Көп жылдық ағаштарға қонған қарға қарқылдайды. Тұрғындары бар үйлердің терезе перделері түсірілді. Қазір электр станциясы жарық береді.

Үш қақпасы бар госпиталь ауласына машиналар кіріп-шығуда. Келген машиналардан жаралыларды түсіріп, кейбіреулерін шығарып жатыр.

— Байқа! Көтердік. Солға жүр. Абайла, абайла! Қане! — Аула іші осындай әңгімеге толы.

Бос санитарлық машина әскери колонналарды басып озып, қаланың ортасымен Бреслау — Берлин тас жолына қарай қайта кетіп барады. Бос санитарлық машиналар да, әскери колонналар да майданға асығуда.

Лигницк үстіне кеш түскенде, госпиталь қақпасынан беті жабық машина шықты. Оның іші толық екенін, қолдарына фонарь және күрек алған үш солдат оның шанағына отырғанын ешкім көрген жоқ. Қала сыртына шыққан бұл машина тас жолдан бұрылып, шағын төбешіктің жанына тоқтады.

Мұнда окоп секілді қазылған жер әзір.

Үш солдат пен жүргізуші машинадан қап сияқты бес денені түсіріп, қазылған орға жайымен бірінің үстіне бірін салды. Содан соң күрек алып, топырақпен жапты.

— Қағаз қайда? — деді ордың ішіне түскен біреуі.

— Мында, — деді жоғары жақтан. — Мә!

Әлгі кісі қағазды жерге салды да, таспен бастырды.

— Фонарьды беріңдер, тексерейін.

Оған фонарьды берді. Солдат қолымен топырақты тегістеп, шашы көрініп жатқан өліктің бетіне тағы құм септі де, қағазды қайта оқып шықты: «4.03.45 ж. Комсомолецтер Хомутов, Анжибеков, Свирилин, с-т Савинков, кіші с-т Сойкин. Орындары бос».

— Бәрі дұрыс қой деймін. Шығуға көмектесіңдер. Солдат ордан шықты, содан соң бәрі үнсіз тұрып шылым шекті. Шылым қалдығын етікпен таптап, машинаға қарай жүрді.

— Бүгін осымен болды ғой.

— Көрерміз әлі. Таң атқанша әлі қаншасы бар!.. Мен Наташаға таңға дейін боспын деп айтқым келді. Алайда еркімнен тыс оның шаршаулы жүзіне және қолына қарадым. Сағат он. Оннан жиырма минут кетті. Он бірге... он минут қалды. Он бірден он бес минут кетті. Жиырма бес минут...

Үш сағаттың қалай тез өткенін байқай алмай қалдым. Біз қаңырап тұрған үлкен әдемі үйде екеуміз ғана отырмыз және маған қазір ғана көріскендей, ештеңе айтып үлгермегендей көрінді. Ол мынау бөтен үйдің иесі болуға тырысып, маған шәй беріп, қайта-қайта ас бөлмеге жүгіріп қонақ етуде. Ал, менің ойлап отырғаным; уақыт өтіп барады, уақыт өтіп барады, өтіп барады.

— Маған кету керек шығар, — дедім ақыры сағатыма қарап. — Он екі жақын...

— Жарайды... — Ол орнынан тұрды. — Келгеніңе рақмет. Сен білесің бе, мен сондай қуаныштымын!

Біз бөлмеден ауыз үйге шықтық, ол бір нәрсе есіне түсті білем:

— Ой, осы мені-ай! Әдейі сақтап қойып едім. Ұмытып барамын.

Мүмкін, жолға шығарда?

Шинелімді шешпестен, онымен ілесіп қайта кірдім. Ол әлгі «бірдеңені» әкелді:

— Кездескеніміз үшін... біздің, — деді ол стаканды көтеріп. — Менің осындай екенім үшін ашуланба!..

— Көріскеніміз үшін және тағы кездесуіміз үшін! — дедім.

Біз есік алдында тағы қоштастық. Ол мені шығарып салуға шықты.

— Шылым шегесің бе? — Ол менің темекі орап тұрғанымды көріп, таңданды. — Сен қазір қайда барасың? Түннің бір уағында кері кетесің бе?

Мен не дерімді білмей, тұрып қалдым. Қайда барам?

Таңға дейін көшеде қаңғуға түнгі кезекшілер ұстап алуы мүмкін. Әлде бос тұрған бір үйге кіріп, жата кетсем бе екен? Ондай бос тұрған үйлер қазір көп. Бірақ түннің бір уағында қалай табасың.

— Сен неге үндемейсің? — деді ол.

— Мен қайда баратынымды білмеймін, — деп мойындадым. Таңға дейін боспын. Солай келіскенбіз.

— Есің дұрыс па? — Ол мені кері, үйге сүйреледі. — Сен қандайсың өзің? Мен де сұрамаппын. Бос тұрған бес бөлме бар! Маған да қорқынышты болмайды... Мен қорқақпын ғой!

— Бірақ сен жалғыз емессің ғой, — дедім оның қыздары бар дегені есіме түсіп.

Олар кезекшілікте. Ал мынадай үйде жалғыз зәрем ұшады.

Шинелімді шешіп, мені бөлмеге кіргізді.

— Осы жерге саған төсек салып берем. Қазір, бір минутта!

Miнe, күлсалғыш. Шылымыңды шек!

Күлсалғыш қолымда. Темекі тарту үшін күлсалғышты қайда қоярымды білмей тұрмын. Ал, темекі тартқым кеп өліп барамын.

— Қойсаңшы, — деп, ол менің қай жерге қоюды білмей тұрғанымды сезіп күлсалғышты қолымнан алды да, тумбочканың үстіне қойды.

Ол менің көзіме ұзақ қарап қалған секілді көрініп кетті, әлде мен іштей соны тілеп тұрғасын ба.

— Ярошевицкіде, ас бөлмеде отырып айтып ем ғой саған, есіңде ме? Сен ашуланба, мен саған шын айтам: мен сені бұрын сүйген жоқпын ғой. Ал қазір... білмеймін. Екінші махаббат шын махаббат болады дегенді бір жерден оқып едім. Мүмкін солай шығар... Тек қазір ештеңе айтпай-ақ қой... Жақсы ма?

Мен үндемедім.

Ол маған «Қайырлы түн» деп, көрші бөлмеге кетті. Менің есім кетіп қалғаны сонша, аппақ төсектің жанында қақшиып әлі тұрмын. Ақ жайма, құс жастық... Шынымен мына төсекке көйлек, шалбарыммен жатамын ба деп тұрмын.

Мен Гороховецк лагерінен кеткелі күні бүгінге дейін шешініп ұйықтаған емеспін.

Ал егер шинелімді шешіп жатсам, бұл адам төзбейтін еркіндік болып жүрер. Мұндай еркіндік үшін мен және взводтағы достарым да түнгі дабыл кездерінде талай сазайымызды тартқанбыз.

— Сен неге жатпайсың? — деп айқайлады ол көрші бөлмеден, шамын сөндіріп. Арамыздағы есік ашық.

Мен Наташаны көріп тұрмасам да, оның төсекке сүңгігенін білдім.

— Жаттым! Не болса ол болсын деп, гимнастерканы шеше бастадым. Бәрі бір түрлі, үйренбеген төсек, көрші бөлмеде ол... Менің ұйқым келген сияқты, бірақ ұйықтай алмадым. Дөңбекшіп жатырмын. Ып-ыстық құс жастықты қайта-қайта қозғай беремін. Ол ұйықтап қалды ғой деймін, жәй, бірқалыпты демалысы естіледі. Мен Наташа туралы, екеумізді алыстағы Лигницте, бөтен үйде кездестірген тағдыр туралы ойлап жатырмын. Содан соң лейтенант Соколов туралы ойладым. Мүмкін, ол да маған белгісіз ойларымен алысып ұйықтай алмай жатқан болар. Біздің бәрімізден де ересек болып келген Макака — Витя Петров та есіме түсті. Және аға лейтенант Буньков...

Дүниеде қайырымды және әр түрлі адамдар қандай көп. Және біз олардың әрқайсысына жақсы болса екен деп, тым болмаса іштей тілеп, ойланбаймыз. Міне, Буньков, ауыр жараланған Буньков, аға лейтенант Буньков қатардағы солдат Витя Петровтың көңілі құлазымасын, госпитальдан тезірек жазылып шықсын деп оған күлкілі қағаз жазып жібереді. Немесе Соколов, жан-дүниесінде қандай соғыс жүріп жатқаны белгісіз лейтенант Соколов өзінің батальон командирін есіне алады, оған хат жазады, дивизионда оны ешкім ұмытпағанын жұрттың бәрі оны жақсы көретінін білсін деп жазады. Ал, Соколовтың өзіне, мен бұл жайды біліп алдым, неге екені белгісіз сенбейді... Әлде одан қорқа ма? Болмаса, оның өмірбаянында бір кемшіліктер бар ма? Бірақ ол адам ғой және адам болғанда қандай!..

Мен ойлап жатырмын. Ол ұйқыда. Ұйықтап қалғаны жақсы болды. Өзі биыл нешеде — жиырма бірде ме? Иә, қырқыншы жылы ол он алтыда, мен он үште болатынмын. Қазір мен он сегізде, ол жиырма бірде. Жаста тұрған не бар! Мен оның жүзінен шаршағандықты көрдім. Басынан кешкені қанша! Ұйықтасын, мейлі ұйықтасын.

— Мен де ұйықтай алмай жатырмын... Қасыма кел... — Бұл — соның дауысы ма? Тани алмай қалғандаймын.

— Қазір... қазір, — дедім сасқалақтап.

Маған киіну керек, ал мен, оңбаған, бөтен үйде киімімді таба алмай, сипалап жүрмін...

— Сен мені сүйесің бе, шынымен? — Ол сыбырлайды, ал мен бірдеңе деп күбірлеймін, содан соң мың рет армандаған белгісіз әлемге батып барамын және ештеңе айтуға шамам жоқ, тек:

— Наташа! Наташенька! Наташка, — деп сыбырлаймын.

Таңертең оянсам, ол ұйықтамай, жанымда тізесін құшақтап отыр екен. Бөтен адам сияқты. Кенет оның мендік екені ойыма түсті! Мен ұйқылы-ояу оған қарадым. Ал оның маған бұлай қарағанын мен ешқашан көрген емеспін. Оның көзінде қымсыну, ұят, қорқыныш тұрды...

— Әрі қарашы, — деді. — Мен киінейін.

Мен теріс қарап жаттым. Және өзімді соншалық рақат күйде сезіндім.

— Сені тамақтандырайын.

— Өзің ше?

Сен кететін уақыт жақын ғой, жеті болып қалды. Ол ас бөлмеде тамақ дайындап жүр.

— Наташа!

— Немене?

Ол маған бұрылып қарағанда, мен оған өкпелеп қала жаздадым.

— Сен неге бұлай қарайсың?

— Енді не болатынын сен ойладың ба?

— Қалай — не болатынын? Соғыс бітеді, біз ораламыз...

— Мен ол туралы емес... Енді түсіндім.

— Наташенька! Соғыс енді аяқталды ғой. Өзің білесің...

— Жақсы ғой, егер...

— Бітеді соғыс, бітеді! Және мен сені сүйемін! Ал менің сені қалай сүйетінімді білсең ғой...

Біз Лигництен оралғанда, алғашқы кездескен Володя болды:

— Саламатсыз ба, жолдас лейтенант!

— Саламат па, ефрейтор! — деп Соколов солғын жауап берді.

Соколов кеткесін Володя:

— Тыңда, сен түк білмейсің! Анадағы қатын — Валя, есіңде ме, Валентина — мынаның әйелі екен! Әйелі! Ал ол эсэс! Түсінесің бе! Тамаша екен офицер Соколов! Совет офицері, ал қатыны эсэс! Сеніп көр бұл адамдарға! Ал, біз осындайлардың бағыныштысымыз!

Мен түкке түсінбедім. Бір нәрседен басқа...

— Ал, сен неменеге қуанып тұрсың? Біреудің басында қасірет, ал сен екі езуің құлағыңда...

— Мен қуанып тұрмын ба? Неменеге қуанамын — әкемнен хат алдым, — деді Володя ренішпен. — Не деген иттік десеңші! Сенің жіберген посылкаңды алдық, ішін ашсақ — екі кірпіштен басқа дәнеңе жоқ дейді! Почташы оңбағандарды ма осы! Екінші, үшінші жібергендерімді әйтеуір түгел алыпты, оған да шүкір. Біздің есебімізден қалай байып жүр оңбағандар.

Одер мен Бреслаудан кейін біз қызмет етіп жүрген артиллериялық корпусқа демалыс берді. Бізге де демалыс.

Соғыстағы демалыс қызық. Жағамызды тіктік. Киімімізді тәртіпке келтірдік. Бос жатқан бөшкеден бит өлтіретін жасадық. Барғанша алты шақырым, келгенше де сондай жүріп барып «Арайлы алқап серенадасы» фильмін көрдік. Саша бастама көтеріп, үш рет саяси хабар жасады.

Ақыры күткен команда естілді: «Машиналарға!» Быт-шыт болған жолдармен біраз жүргеннен кейін, кешке қарай тас жолға шыққанымызда, өз көзімізге өзіміз сенбедік. Алдымызда үлкен көрсеткіш тұр: «Берлинге 331 ш»

Күнтізбе бойынша көктем шығысымен, Германияда ауа райы бұзыла бастады. Наурыз айы бізді ұлпа қар, түнгі аязымен қарсы алды. Бұл, әрине, ешкімге де ұнамады. Сәуірде жаңбыр басталды. Қайда барсақ лас, салқын сызды ауа. Дегенмен адамдардың көңіл күйі үшін басты нәрсе ол емес еді. Берлинге дейін үш жүз отыз бір шақырым қалғаны — ғажайып керемет болып көрінді. Ал біз ілгері жүріп келеміз, жүріп келеміз. Сапарға шыққанымызға екінші күн.

Шабуыл күндері біз арнайы барлау артиллериялық дивизионынан (енді бұл ұзақ атауға «РГК-ның — Бас Командованиенің Резерв!» деген сөздер қосылды) қарапайым жаяу әскер бөліміне айналдық. Біз бағынған артиллерия дұшпанды тікелей нысаналап атады. Сондықтан біздің жұмысымыздың бұл ретте ешкімге қажеті жоқ. Ал, енді осынша асығыс алып бара жатқандарына қарағанда, не дегенмен біз қажет болғанымыз ғой.

Әзірше жаудың бөлініп қалған кейбір топтарымен ұрыс жүргізіп, тұтқынға түскендерді жинау пунктіне апарамыз, немістердің арасында саяси-ағарту жұмысын жүргіземіз, содан соң соғыс жағдайында әбден ішіңді пыстыратын жұмыс — дивизиялар мен артполк штабтарында калька мен карта сызамыз. Өйткені көбінесе өздерінде топографтар жетіспейді.

Және осының бәрін жол бойында жүріп келе жатып, хабарларға қарағанда, Бірінші Белорус майданы солтүстік батысты қусырып бара жатқанда істеудеміз.

Маршрут болса болды, ал оны талқылау — біздің шаруамыз емес. Міне, тағы да Форст, Госта, Дрешниц, Шефенберг, Котбус деген қала мен деревня аттары. Артымызда — Нейсе, алдымызда кіп-кішкене, бірақ қатты ағысты Шпрее.

Күн сайын қала, селолардың талайы артымызда қалады: Бунцлау, Рейзихт, Гайнау, Гроткау, Нейлштадт, Фридлянд, Эндерсдорф, Кальке.

Тынышы картаға қарамаған: біз біресе алға, біресе кері, одан қайтадан ілгері жүреміз.

Бақтарда алма ағаштары, өрік гүлдеді. Жерде гүл жайқалады. Аспанда біздің «петляковтар» мен немістің «мессерлері» шарықтайды. Жерде біздің танктер, машиналар, «катюшалар». Бір колоннаның қай жерде басталып, қайда аяқталатынын түсіну қиын. Жолдардың бойы, ашық далалықтар қозғалысқа толы. Ауада неше түрлі иіс бар: көктемнің, күйенің, бензиннің, қанның, гүл мен металдардың...

— Тез арада біздің одақтастарымызбен кездесеміз, — деді кіші лейтенат Заикин біз көпірден өткенде. — Олар Дессауда.

Ол мұны жиырма екінші апрель күні таңертең айтты.

Бір сағаттан кейін біздің маршрутымыз өзгеріп, солтүстікке қарай бет алдық.

— Бірінші Белорус майданына барамыз, — деді майор Катонин. Майдан деген тек карталарда ғана, ал жерде оның қайда екенін анықтай қою қиын.

Дивизиямыз Баратқа тоқтады. Көшелерде біздің солдаттар жүр. Күн кешкіріп келеді. Жаңбыр сіркірей бастады.

Саша екеуміз артбригаданың штабына карта сызуға кеттік.

— Жігіттер, Бірінші Белорус майданынансыздар ма? — деп сұрадық өтіп бара жатқан солдаттардан.

— Бірінші Украин майданынанбыз. Әрі қарай кеттік.

— Славяндар, қайдан — Бірінші Украиннан ба? — дейді Саша.

— Бірінші Белорустан.

Кешкі қараңғылық түсті. Әскери колонналар жылжып барады. Ал қала шағын болғанымен, тыныш, әдемі.

Алдымызда колонна келеді. Неміс сөздері естіледі. Саша мылтығын, мен автоматымды әзірледім.

Осы кезде ойыма түсті:

— Тоқта, бұлар тұтқындар...

Тұтқын немістер сапта келеді. Алдында офицер. Енді біреуі колонна қатарында, фонарьды жарық еткізіп, аяқтарды санайды:

— Айн-цвай!

— Айн-цвай!

Біз оларға қарап күлкіміз келді.

— Гитлер капут! Аллес капут! — деп немістер біздің жүзімізді көре сала айқайлайды.

Біз тағы алға кеттік.

— Славяндар, қайдансыздар?

— Бірінші Белорустан...

— Жігіттер, Бірінші Белорустансыздар ма?

— Бірінші Украин майданынан...

Екі қатарлы үйдің жанында — кезекшілер, толған солдат, офицерлер.

— Бір жүз тоқсан төрттің штабы осында ма? — деп сұрадым.

— Сенсің бе?

Топтың арасынан жүгіріп Наташа шыға келді. Біз, не істерге білмей, үнсіз күлімдей бердік.

— Берлинге қырық шақырым қалды! — деді кенет ол.

...Саша екеуміз кеш қайттық.

Қалада біздің адамдар жоқ екен. Дивизион орманға, Нейхоф деген жерге, көршілес маңға, қоныс аударыпты.

Орманда бәрі ұйықтап қалыпты. Тек түнгі күзеттегілер ғана малмандай болып тұр. Володя да, үстіне су өтіп кеткен ғой деймін, постыдағы тудың жанында дірдектеп тұр екен.

— Берлинге қырық шақырым қалды, — деді Саша Володяға.

— Берлині құрысын! Келгендерің жақсы болды. Әйтпесе, мен әбден жаурап қалдым!

Жауынгерлік тәртіп тағы өзгерді. Жаңа ғана стереотұрбамен қарағанбыз: үйлер, бақша және қолдарына құты ұстап жүрген немістер, ал біреуінің үрмелі сырнайы бар екен, үй қабырғаларында фолькстурм қатарына кіруге шақырған ұрандар ілініпті, ал тұрбаны сәл солға бұрып едік — немістің танк батареясы, мұнда түскі тамақ, шамасы, немістер мезгілінде тамақтанатын болса керек. Бізге жақынырақ көгалды алаңнан музыка үні естіліп тұр. Жанға жақын таныс әуен: «Далам, кең далам», «Кетті жолдас алыс аймаққа» — Бернестың дауысы, содан соң Лемешевтің орындауында — «Сұлулардың жүрегі айнымалы».

— Бұлардікі не?

— Немене? — Саша түсінбеді.

— Музыка ойнайтын уақыт тапқан екен!

— Өкінішті, еңбегіміз... — Вадя мұңдана сөйледі. Расында да, өкінішті! Біз қазір ғана бітірген жұмыстың (өзіміз тіпті тез бітіріп тастағанбыз) Зая кеткені: ауыр артиллерияның орнына енді жеңілі ұрысқа кіретін болды. Оған алдын-ала теодолитпен бағдарлаудың қажеті жоқ — жауды бірден көздейді. Содан соң әлгі әндерді тыңдап үлгермегеніміз де өкінішті. Бәрімізден бұрын Вадяның есі шықты. Ол музыка тыңдап отырғанда, соғыс ол үшін соғыс емес.

Бізді Тельтовқа алып барды. Тельтовтың өзін көре алмадық.

Ол әлі алынған жоқ дегенді естідік, оның есесіне түтіні будақтап, өрт пен жарылыстан дірілдеп тұрған Берлин жанымызда тұрғандай көрінді. Берлин туралы айтқанда «ана жерде» деседі, шынында да ана жерді, Берлиннің үстін күндіз де қап-қара түтін басып тұр. Ал бізде көгілдір аспан ашық, күн көзі шақырайып, ағаштар жапырақ жаяды. Күйенің, бензин мен өліктің иісі шыққанмен, көктемдегі таза ауа басыңды айналдырады.

Екі жүз үш миллиметрлік қарулар бригадасын жалғағаннан кейін — оның өзі көпке созылады: фауст-патроншылар іске кедергі жасады.

Вадя екеуміз бір буда сым мен төрт тұтқынды алып біздің дивизионның штабына кеттік. Тұтқындардың бірі — бойы бір қарыс арық кісі — жол бойы біресе Вадяның, біресе менің жеңімнен тартқылап аузы тыным таппады.

— Не керек екен өзіне?— дедім Вадяга, біздің машина кезекті шұңқырдан секіріп өте бергенде.

Шофер қатты айдап келеді, орға түсіп кетеміз бе деп қауіптеніп қоямыз.

— «Мен — полякпын, мені де өлтіре ме?» — дейді, — деп түсіндірді неміс тілін өте жақсы білетін Вадя. — Қайдағы поляк! Немісше қалай сөйлейтінін сен түсінсең ғой.

Әрі қарай біз үндемедік.

— Ал, сен, — деді ақыры Вадя, — осы мезгілдің ішінде ешкімді өлтіріп көрдің бе?

— Қалай? — Мен түсінбей қалдым.

— Осында, майданда деймін?

— Жетеу... Өзімнің санағаным.

— Сен білесің бе, әрине, түсініксіз, — деп мойындады Вадя, — бірақ мен, тегі жүрегім дауаламайтын сияқты. Тіпті мынау секілді жиіркеніштілерді де. — Ол «полякты» көрсетті. — Неге екенін білмеймін, қолымнан келмейді...

Шайтан алсын осы бір қоршауда қалған неміс әскерлерінің топтарын! Берлин қол созым жерде, ал біз кері оралып, фрицтерді аңдып орман тазалап жүреміз.

Фрицтер қаусаған. Өте кәрілер және тым жастар. Фольксштурм! Бірақ олардың ішінде де қызулары бар екен.

— Меніңше, олар бізден қорқады, — деді Саша. — Сен қалай ойлайсың? Жылдар бойы бізді оңбағандар деп миларына құйып тастаған ғой! Бұларға қалай түсіндірсек екен?

Түсіндіруге уақыт жоқ еді.

Біз автомат, карабинмен ағаш арасында келеміз. Содан соң жүгірдік — алдымызда немістер көрінді.

— Ур-ра! — Саша айқайлап жіберді.

— Ур-ра! — Мен де қосылдым.

— Ур-ра! — Орман іші жаңғырығып кетті.

Вадя жүгіріп келеді. Атып келеді. Қалай екенін білмеймін, әйтеуір атады.

Атыстан гөрі айқай көбірек. Құстардың даусы да естілді. Олар түк болмағандай сайрайды. Барылдақ торғай мен шымшық шырылдайды. Соғыстан қашып орманға тығылған қарға мен ұзақ қарға да қанаттарын қомдап жүр.

Саша екеуміз бес немістің қаруын алдық. Автомат, пистолет, гранаталар жерде жусап жатыр.

Қасымызда мыж-мыжы шыққан «мерседес-бенц». Артқы орындығында — офицер. Өліп қалыпты. Фуражкесі иығына түсіп кетіпті.

— Өзі, — деді Саша, машина жақтан келіп.

— Не өзі?

— Өзін өзі атыпты.

Берлин маңайы. Тап-тұйнақтай үйлер, шағын газондар. Асфальт жолдар, сары топырақ төселген жолдар. Бір екі машина сиятын гараждар, ит қоралар. Біреулерінде балық жүзген, екіншілерінде балық жоқ фонтандар. Сыраханалар мен бөтелке, басқа да заттар ұқыпты жиналған дүкендер. Теннис корттары, автобус аялдамалары, бейне әдейі көрініске қойғандай. Америка үлгісіндегі бензин колонкалары, француз үлгісіндегі бактар, голланд үлгісіндегі гүлзарлар... Және бәрі құлпырып, жасыл, сары қызыл түстерімен көз тартады — аса ұқыптылығымен қорқытатындай. Және бәрі сүйкімді, соншалық әдемі, соншалық жат. Үй альбомдарында, қабырғаларда — желімделген, айналасы өрнектелген фотосуреттер. Біз олардың қаншасын көрдік! Ері мен әйелінің үй маңында, гүл алаңында түскені. Екеуі балаларымен машинаның жанында. Ол әскери формамен және жәй киім киіп тұр. Әйелі әскери форма киген де, ол қарапайым киінген. Содан соң альбомда да, қабырғада да екеуі тырдай жалаңаш...

Берлин маңайы. Соғыс мұнда да жетті. Осы жерде, мынау жып-жылмағай етіп ұқыпты жиналған жерде, украин мен орыстың жері өртеніп жатқанда гүлзарлар мен фонтан жанында суретке түсіп қызықтап жүргендер бастаған және мынау гүлдер мен бақтарды әдемілеп, бензин колонкалары мен автобус аялдамаларын әшекейлеп сырлап жүргендер қолдарына автомат алып алыстағы шығысқа жол тартқан, онда — өртеген, атқан, азаптаған, қорлаған, зорлық көрсеткен және тағы да атып, асып, азаптаған осының бәрі басталған Берлин жеріне де соғыс келді.

Жоқ, соғыс біздің жерімізге әкелген азабының кішкентай бөлшегін де бұл жерге әкелген жоқ. Мұнда сынған шынылар, ұрыста қарсыласқандардың өліктері, кездейсоқ әуе шабуылына ұшырағандар, содан соң қорқыныш, большевиктер армиясының алдындағы есі шығардай қорқыныш қана бар. Ал, большевиктер армиясы ұрыс аяқталысымен бір сағат өтпей-ақ жергілікті тұрғындардың нан мен тамақ іздеп солдаттардың «қызыл» асханасына баруларына, қашан су жүретінін білу үшін «қызыл» комендантты іздеуіне, өлейін деп жатқандар мен жаралылар толы медсанбатқа іші ауырған балаларын әкелуіне тиым салған емес.

Берлин маңайы. Тап-тұйнақтай шағын үйде біз концентраттарды шығара бастадық — бұршақ сорпасын, бидай көже, екі күнге берілген қант — бәрін үй иесі әйелге беруді ойладық: оның екі баласы бар екен, күйеуі соғыста.

Ал бұл кезде эсэсшілер бізді оқ астына алғанына қарамай, Вадя екеуміз әйелдің жаралы кішкене қызын медсанбатқа әкеттік.

Біз бір кезде Россияда тұрған неміс кемпірге бізде ортақ әйелдер болмайтынын және оларды карточка бойынша — әуелі большевиктерге, содан соң партияда жоқтарға бермейтіндігін айтып түсіндіріп жатқанда, елу метр жерден фаустпатронды бала бізді көздеп тұрды. Біз немістер су жіберген қоймадан бағалы, құны бізге белгісіз ескі кітаптар мен қол жазбаларды шығарып жаттық, ал қарсыдағы үйден немістің үш мергені бізді атқылай бастады...

Жиырма төрті күні таң ата біз постыны барлауға шықтық та, екі сағаттан кейін ауыр батареяның байланысын жүргізіп жаттық. Берлинді «катюшалар» атқылай бастағанда, отты батареялар позицияларын белгілеуге кірісті. Ақыры біздің батарея да от берді.

Берлин маңы ызы-шуға толды. Аспан күркірейді. Жер селкілдеп тұр. Танкілер алға ұмтылуда. Мотоциклді әскерлер де қозғалды. Тылдағылар да жолға ыңғайлана бастады.

— Машиналарға! — деген дивизион командирі майор Катониннің даусы шықты.

— Машиналарға! — деп қайталады батареялардың командирлері.

— Машиналарға! — Взвод командирінің командасы естілді.

Алдымызда Тельтов қаласы, одан соң Тельтов каналы арқылы жүретін соңғы өткел бар еді.

Мен бұрын велосипедке отырып көрген емеспін. Ұят болса да, солай еді. Менің үш жасымда туғандарым үш аяқты велосипед әперген, мектепке барғанға дейін сонымен әуре болдым. Болды. Велосипед спортымен айналысуым осымен біткен. Менде басқа велосипед болып көрген емес.

Бірақ құдайға шүкір, мен қолдау таптым.

— Мен сенен сұрайын деп едім, — деді Саша әдетінше, — велосипед тебе аласың ба?

— Жоқ, ал сен ше?

— Мен де тебе алмаймын. Ал шаңғы болса...

О, шаңғы болса, мен де самғар едім. Ногинскіде, содан соң Гороховецк лагерлерінде біз шаңғыны көп тептік. Шаңғымен жүру техникасын үйрендік, тіпті, жүгіріп те көрдік. Топографиялық жаттығу. Арқамызға теодолит және басқа да солдат саймандарын іліп алатынбыз. Қамқорлыққа алған колхозға да тізіліп шаңғымен баратынбыз.

Қазір шаңғыны еске алу күлкілі.

Бүгін 25 сәуір. Тельтов қаласынан өткесін тез жету үшін бізге велосипед керек болды. Велосипедтер бар болатын. Бірақ бізден кім тебе алады? Немесе, Саша айтқандай, қыдыра алады? Саша екеуміздің білмейтініміз анық.

— Ал, мен тебе аламын, — деді Вадя. Неге екені белгісіз, кінәлы кейіппен. — Менің соғысқа дейін... Маған мамам велосипед әперген еді... Тез үйреніп кеттім.

Кіші лейтенант Заикин бізді үміттендіріп қойды:

— Түк емес, отырасыңдар да, теуіп жүре бересіңдер.

— Түу, балалар, басқа-басқа, ал велосипед тебе алмау — масқара! — деп Володя күлкі етті.

— Сіз бекер әзілдейсіз, Протопопов, — деді лейтенант Соколов. — Мәселен, мен де білмеймін, бірақ оның күлкі ететін ештеңесі жоқ. Қажет болды ма — үйренеміз.

Бізге үйрену қажет. Берлин көшелерінде теодолит желісін тартуымыз керек. Жаяу әскерлердің алдыңғы бөлімдері, жеңіл артиллерия ілгері кетті. Ұрыс қалада жүріп жатыр. Біздің артиллерия корпусына дәл координаттарды анықтау қажет болды.

Велосипедке Соколов отырды. Таяғымды ебедейсіз ұстап мен де отырдым. Кеттік. Көшелерде басқа балалар да келеді. Білетіндер де, білмейтіндер де теуіп келеді.

— Қуып жет, — деді Соколов. — Анау бұрылысқа алғашқы белгіні қоямыз.

Мен бұрышқа вешканы қою үшін ілгері кеттім. Соколов тоқтап қалды.

Теодолитшылар менің вешкамды өлшеп, тағы да әрі қарай дегендей...

Мен велосипедке тағы қондым. Көшенің оң жағын ала жүріп келем. Енді артымдағы Соколовты көре алмадым, ол бұрылыста болса керек, бірақ кенет оның дауысын естідім:

— Тезірек, тезірек қимылда!

Төбемнен оқтар зулай бастады. Мен де шатырлар мен үйлердің жоғарғы қабаттарынан атқылаған неміс автоматшыларынан тасаланғым келіп, педальға бастым.

Бұрылыста тыныш екен. Мен таяғымды қойып айналама қарадым. Атып жатқан көше анық көрінеді. Көшемен үш велосипедші зымырап келеді: Соколов, теодолитті алған Саша және Вадя.

Әне, олар үйдің жанында кідіріп, мені өлшеді. Содан соң тағы маған қарай жүрді. Мен ілгері зымырап барамын. Арт жағымнан оқ зулап жатыр, жан-жағыма қарап қоям. Жоқ! Біздің жігіттер аман өтті! Мені мақтаныш сезім билеп келеді. Шайтан алсын, велосипедке отырғаным осы, бірақ жақсы теуіп келемін! Мен вешканы көтеріңкіреп, ерге оңтайланып отырдым. Велосипед сәл қисаңдап қояды, бірақ мен басқарып келемін, ол да мені тыңдап келеді. Өте жақсы!

Тағы да аялдама, тағы, тағы. Менің жанымнан «катюша» дивизионы өтті. Көз үйренбеген дивизион, өйткені күнде көріп жүрген «студебеккерлер» емес, біздің өзіміздің үш тонналықтар. Сыртында жазу бар: «Москваны қорғаушылар». Яғни, бұл «катюшалар» қай жерден бастаған! Аспанда біздің жүгері-самолеттер ызыңдайды. Кенет олардан, қар жауғандай, листовкалар ұша бастады. Мен жүріп келе жатып біреуін қағып алдым. Немісше жазылған. Фамилияларды ажыраттым: Сталин, Черчилль, Трумэн. Шамасы, немістерге үндеу болар.

Біз жұмыс жүргізген көшелер бір шама тыныш. Бірақ алдыңғы жақтарда өрт жарқылы көрінеді, шынылар қирап, үйлердің қабырғасы құлаған дыбыстар естіледі. Ол жақта ұрыс жүріп жатыр.

Тағы бір секіріп ілгері кеттік те, теодолит жүрісінің соңғысын тартып бітірдік. Мен вешканы үлкен бір завод қақпасының жанына қойдым. Завод бос. Кейбір үйлері қираған, тұрғын үйлердің де быт-шыты шыққан, кесектерді үйіп бүлінген үйлерді қоршапты. Яғни, бұл бізге дейін болған. Біздің не одақтастар әуе күшінің жұмысы.

Мен тағы алға кеттім, тағы да...

Бір кезде Соколов қолын бұлғады: болды, кейін қайт!

Мен қайта оралдым. Біз бәріміз қаланың көрші кварталына орналастық. Картада белгіленген темір жолды іздеп біраз әуреленгенмен, таба алмадық. Сонан соң трамвай, троллейбус станциясына қарай жүрдік.

— Ана жерге, — деді Соколов үлкен парктың қорғанын нұсқап.

Паркте және екі көшенің қиылысында үш постыға орын таптық.

Келесі, жиырма алтыншы сәуір күні жұмысымызды тағы қайталап шықтық. Жиырма жетісінде, жиырма сегізінде және жиырма тоғызында...

Екінші мамыр — демалыс. Демалыс күні, алайда қала әлі жанып жатыр: бомбаның жарылысы мен артиллерия отынан үйлер дірілдеп тұр.

— Қыдырып қайтамыз ба? — деп ұсыныс жасады Саша. — Тамаққа дейін. Мүмкін, көзәйнек...

Біз Сашаның көзәйнексіз азаптанып жүргенін білетінбіз. Котбуста біз оған көзәйнек тауып едік, бірақ әйнектері екі түрлі екен.

— Бір көзі жаман емес, ал екіншісі... — деді Саша.

— Табамыз! — деп мен Сашаны сендіріп қойғам. — Содан соң мыналарды да қараймыз...

Мыналар — Гитлер мен Геббельс. Әр түрлі лақап бар. Геббельс семьясымен газға уланып өліпті. Гитлер атылыпты деседі. Және керісінше де айтады. Біреу олардың өлігін көріпті-мыс. Мүмкін, шын Гитлер тайып тұрған болар? Олай да, бұлай да әңгіме көп...

Біз үшеуміз кеттік — Саша, Вадя және мен. Володя кезекте. Біздің кезегіміз кешке.

Парктерде шабдалы гүлдеп тұр. Гүлзарлар жап-жасыл. Ниеті түзу немістер әйел-еркегі бірдей солдат асханасында кезекте тұр. Кастрюльдер, кастрюльдер, кейбіреулерінің қолында — құты, бәрінің жеңінде ақ мата байланған. Біздің солдатар құтылар мен кастрюльдерге көже, сорпаны көңілдене құйып жатыр. Үйлердің төбесінде ақ жалаулар, жаймалар, тіпті, көрпе тыстары мен орамалға дейін желбірейді. Айнала аппақ. Тізе бүгу. Тізе бүкті!

— Солдат мырзалар! — деп шақырды жасамыс еркек. — Сіздерге менің көмегім қажет емес пе?

Біздің алдымызда неміс деуге — неміс емес, орыс дейтін орыс емес, жеңіне ақ байлаған біреу тұр. Құтысын артына жасырып ұстайды.

— Рақмет, — деді Вадя, — біз жай...

— О, сіздер білесіздер ме, орыстардың Берлинге келгеніне мен қандай қуандым! — деді әлгі еркек. — Мен өзім Одессаданмын ғой. Иә, иә, Одессадан. Мен шетке шығаратын тері маманымын, орыс сауда бөлімінде істегем. Мен Россияны сондай жақсы көремін және сағынамын! Енді отанға оралуға мүмкіндік болар деп үміттенемін.

— «Мүмкіндік болар!» — деп мырс етті Саша. Кенет қызуланып: — Ал, сіз білесіз бе... — бірақ басылып қалды да, бұрын байқалмайтын дөрекілікпен: — Шайтан алсыншы соны! Қайдағы Отан!

Екеуміздің ойымыз бір жерден шыққан тәрізді.

Біз терең мағыналы, жан толқытарлық сөздерді іретті, іретсіз жиі қолданамыз, сондықтан олардың мағынасы кетіп, жүрегіңе емес, құлағыңа ғана жетеді. Біреулер бұған бала кезден үйреніп кетеді де, қасиетті сөздер оларды толқытпайды. Қағаздан өрілген гүл немесе мақтадан жасалған қар сияқты және осылай ғұмырын өткізуге болады, содан соң жасы келген шақта, мына берлиндік «мырза секілді» Отанға оралар мүмкіндік туды деседі.

Алайда сенің халқыңның, еліңнің басына сын түскенде, мағынасы кете бастаған бұл сөздер қайта тіріледі. Адамдар сол сөздермен өлімге қарсы аттанады. Сол сөздермен сынның бәрін жеңеді. Сол сөздермен жеңіске қуанып, өлгендерді жоқтайды. Сол сөздермен жаңа туған сәбиді әлдилейді.

Және сол сөздерді дәл қазір дауыстап айтудың қажеті жоқ сияқты. Сашаға да, Вадяға да, маған да және біз секілді туған жерден мыңдаған шақырым жердегі Берлинге келген басқаларға да айтудың керегі жоқ. Бұл сөздер біздің жүрегімізде, ал дәлірек айтсақ, бұл, тіпті, сөз емес. Бұл — отанды сезіну...

Станция жанында біздің санитарлар мен дәрігерлер жұмыс жасап жатыр. Жердің астынан адамдардың — қарттардың, әйелдердің, балалардың — денелерін шығаруда. Қаланы алу кезіндегі ұрыста метроға тығылғандарды немістердің өздері суға батырып жіберген.

— Өздерінің адамдарын! Бұл қалай! — деп Вадя таңданды.

— Сен Освенцимде және Фрейдланд түбіндегі Ламсдорфта болған жоқсың, — деп жауап берді Саша. — Ал біз болғанбыз...

Үйлердің қабырғаларында неміс жазулары қағылған: «1918 вирд зих нихт виедерхолен!», «Зиег одер Зибириен!», «Фюрер! Вир верден дир бис цум енде, трой заин!»1

Бұл сөздер үй қабырғаларына, шарбақтарға майлы сырмен жазылған, қапелімде жуып кетіре алмайсың.

Кейбіреуінің үстінен бормен сызып тастапты. Олармен қатар солдаттың қолымен асығыс жазылған біздің сөздер де тұр: «Біз Берлиндеміз!», «Бітті!», «О дүниеде денің сау болсын, фюрер!»

— Көзәйнекті қайтеміз? — деді Саша.

— Иә, иә, көзәйнек бар екен ғой!

Біз дүкендердің сынған көрмесіне үңілдік. Бұларда да біздің оптика немесе аптека тәрізді бірдеңелер бар шығар. Бір көше, екінші... Бірақ бізге ештеңе кездеспеді. Тағы да солдат асханасына, суға кезекке тұрғандар... тағы да гүлзарлар. Тағы да бізді ұстап алып: «Капут, Гитлер капут! Аллес капут!» — деген адамдар.

— Ана жаққа барайық, — деді Саша. -Мүмкін сол жерде...

Алдымызда қаңыраған үлкен көше. Үйлері — биік, ақшыл-сұр төбелері конус тәрізді жабылған. Көпшілігі бүтін. Қираған үйлердің айналасындағы шыны, тас қиыршықтар ұқыпты жиналып қойылған.

— Мынау атақты Унтер-ден-Линден ғой! — деп Вадя көшедегі жазуды көргенде дауыстап жіберді.

Унтер-ден-Линден болса болсын! Көше, шынында, бас көше тәрізді. Мүмкін осында болар? Бірінші квартал, екінші.

— Міне, — деп байқап қалды Вадя. Быт-шыты шыққан көрмеде көзәйнектер.

— Таңда!

Саша бірінен соң бірін киіп қарап жатыр. Ақыры біреуін тапты білем:

— Дәл екен.

— Дұрыстап қарадың ба?

— Қарадым, шап-шақ. Тіпті қайта туғандай болдым.

— Шынында да, Берлинде болып тұрып, ештеңе көрмеу ақымақтық қой, — деп Саша да көзәйнек кигесін көңілденіп қалды.

Біз Рейхстагты әзір көргеніміз жоқ. Бірақ атыс үні мен өрт түтінінен сезіп келеміз: алдымызда ұрыс қызу жүріп жатыр. Шамасы, Рейхстаг маңында болса керек.

— Ал, мен, — деді Саша, — біздің Берлинде жүргенімізге таңданамын! Ә? Балалар, қызық емес пе?

— Түк түсінбеймін, неге мына жерде түк жоқ, қараңдаршы, — деп Вадя сақтана сөйледі.

— Мүмкін, ілгері бармай-ақ қоярмыз?

Саша оның сөзін естімегендей:

— Қандай жылы, а? Шинельді тастап кету керек екен...

Шынында да жылы. Аспан бұлтсыз. Тек өрт түтіні ғана күн көзін жасыра береді. Бірақ бұл алдыңғы жақта.

Ал, біздің төбеміз — көкпеңбек. Көк аспан жердегі шалшықтан, сынған шынылардан, тіпті, Сашаның көзәйнегінен де көрініп тұр.

Кенет көзәйнек ұшып кетті, ал Сашаның өзі үйдің қабырғасына соқты.

— Саша! Саған не болды? Саша!

Біз оны ұстай беріп едік, ол жылжып құлап барады.

— Көзәйнегім... — деп сыбырлайды.

Біз не болғанын және қалай болғанын түсінбей қалдық.

— Бірдеңе зу еткендей болып еді, — деп Вадя Сашаның шинелін ағытайын деп еді, бірақ Саша кеудесін ұстап бүгіле берді...

Ол қолымен кеудесін басып, қайталай берді:

— Көзәйнек, көзәйнек... Шап-шақ... Тағы... Мен енді кезекшілікке қалай?.. Тағы кезәйнексіз бе?

— Әйтеуір тыныстайтын болдық! — деді Володя. Ол, басқа балалар сияқты, әлгіде ғана кешкі тамақты ішіп алған.

— Біраз қыдырып қайтыңдар, — деді кіші лейтенант Заикин.

— Маған мына тыныштық ұнамайды, — деді взвод командирі Соколов.

Мен өзіміз машиналардың жанында күзетте тұрмын. Вадя маған штабтан тушь әкеліп берді. Балалар тақтай тауыпты.

— Мә, қараңғы түспей тұрғанда...

Шынында да, қараңғы түспей тұрғанда. Мен фотовзводы машинасының жанында тұрып қара тушьпен жаза бастадым:

«Бұл жерде артиллерия барлаушысы, комсорг Александр Иванович Баринов жерленген, 1925 жылы туған. 1945 жылы 2 мамырда Берлинде қаза тапты».

Сол күні біз Сашаны жерледік. Сол түні радиодан берілген Москва хабарынан Берлиннің толық жеңілгенін естідік.

— Ал, егер біз некеге барсақ ше, немесе, әлгі қалай деп аталатын еді? Сонда...

________________________

1 «1918 жыл қайталанады!» «Жеңіс немесе Сібір! «Фюрер! Біз саған өміріміздің соңына дейін адалмыз!»

Мен шынымен айтып тұрмын. Мейлі соғыс жүріп жатсын, мейлі біз майданда жүрейік. Бірақ бұл жерде де біздің өкімет бар ғой. Менің ұғымымда өкімет — майор Катонин. Ал, Наташа үшін...

— Шын айтам. Біздің дивизия командиріне барайық! Немесе сенің полковнигіңе, фамилиясы қалай еді — Шибченко ма?

Мен оны тынышталдыру үшін ғана немесе «ал, енді не болады? — дегеніне жауап беру үшін айтып тұрғаным жоқ. Ол маған бұл сұрақты екі рет әуелі Лигницте, енді, міне, Ризада қайталады. Соғыс бітіп келеді. Берлин артта қалды. Ол тізе бүкті, яғни... Қанша күтуге болады? Әңгіме, сыпсыңдаған сөз, әзіл-оспақ дегендер жетті енді.

Қала одақтастарға толы, бірақ олар Европаға көп күткен екінші майданмен келгендер емес. Бұлар неміс лагерьлерінен біздің әскерлер босатқандар, олар үстеріне форма кигенмен, ешқандай әскери қосылыстарға кірмей, күтуде. Біздің кезекті шабуылмен Эльбаны алуымызды күтуде. Әйтеуір өз адамдарына жету үшін күтуде.

— Сен неге үндемейсің?

— Мен екеуміздің тағы кездескенімізге қуаныштымын... Сенің аман-сау жүргеніңе... — Ол күлімсіреді. — Ал сен тамашасың! Біздің некеміз қиылған жоқ па?.. — Ол өзенге қарады; — Қарашы, қандай әдемі!

Эльбаның үстіндегі алып көпірден әскерлер мен техника өтіп жатыр. Біз өзеннің арғы бетіндеміз. Біз Берлиннен осы жерге бірден келдік. Оны осында да кездестіргенім жақсы болды. Наташаны Берлинде кездестіре алмадым да ғой!

— «Вильгельмина». — Наташа өзі жүретін баржалардың біріндегі жазуды оқыды. Олар көп еді, бәрі де байлаулы тұр: «Вильгельмина», «Любек», «Дрезден», «Валькирия», «Росток», «Барбара». — Ал қала қандай... — деп қойды содан соң.

Иә, Риза қаласы жаман емес, бірақ Наташа қазір ол туралы ойланып тұрған жоқ.

Москвада бәрі қарапайым және күлкілі еді — онда қарапайым, жәй нәрсе болып көрінбейтін. Оған телефон соғу да, пионерлер Үйінің жанында оны тосып тұру да немесе Пятницкая көшесіне бару, Петровкадағы халық комиссариатының жанында жолығу — бәрі жәй болмайтын. Ал, бүгінгі күнмен салыстырғанда, соның бәрі түк емес екен-ау. Біз бір-бірімізді апталап көрмейміз, қандай күйде жүргенімізді білмейміз... Міне, ол: «Сенің аман-сау жүргеніңе...» — дейді. «Тірі жүргеніңе», — дегісі келген болар. Ал, мен ше? Мен оған қарап тұрып, өз көзіме өзім сенбеймін, тіпті, өзіме де. Біз екеуміз, осы Ризадағы ең жақын адамдар шығармыз.

— Сендерде қазір қалай? — деп сұрады ол.

— Жаман емес, тәулігіне он рет жиналып, он рет қайта жайғасамыз, — дедім. — Тек Саша мен Шүкірбек...

Мен оған екеуі туралы да айтқам. Ол бәрін біледі. Соныма өзім өкіндім: неменеге тағы айттым? Мен Саша мен Шүкірбекті, ол Геннадий Васильевичті ойлап тұр... Неге айттым, неге?

— Сен немістердің жаңа қаруы жайлы естіген жоқсың ба? — деді ол.

Құдайға шүкір, ол басқа туралы айтып, мені құтқарды.

— Қандай қару?

— Бомба дей ме... Қалай аталатын еді, уранның қуатымен бе...

Ол біз талай естіген нәрсе жайлы айтып тұр. Анада, Одердің алдында, одан кейін де естігенбіз. Бірақ жұрт не демейді? Ол кезде қанша сыпсың сөз болмады?

— Естігем. Иә?

— Есіме түсіп кеткені. Атом бомбасы. Гитлер жақында: «Соғыстың соңғы төрт күні үшін құдайдың өзі кешіргей мені», — депті ғой.

— Иә, иә, — дедім. Шынында бұл туралы да естігем.

— Міне, сол атом бомбаны айтқаны көрінеді. Ал, американдықтар ұрлап алыпты, бомбаны және оны жасағандарды!

— Енді олар неміс бомбасын немістердің өздеріне қарсы қолданады ғой! Ғажап!

Мені дауыстап шақырды.

Кіші лейтенант Заикин Наташадан кешірім сурады :

— Кешіріңіз, әріптес кіші лейтенант!

— Дивизионды тұрғызып жатыр. Дивизия командирі бұйырды. Корпустан да болады. — Заикин жұмбақтап айтты.

Он бес минуттан кейін біз алаңда тұрдық. Корпус командирі фамилияларды атап жатыр:

— Майор Катонин.

— Совет Одағына қызмет етемін!

— Капитан Сбитнев.

— Совет Одағына қызмет етемін!

— Капитан Викулов.

— Совет Одағына қызмет етемін!

— Аға лейтенант Федоров.

— Совет Одағына қызмет етемін!

— Қатардағы Ахметәлиев.

— Ерлікпен қаза тапты!

— Қатардағы Цейтлин.

— Совет Одағына қызмет етемін!

— Ефрейтор Протопопов.

— Совет Одағына қызмет етемін!

— Қатардағы Баринов.

— Ерлікпен қаза тапты!

— Сержант Кочемасов.

— Ерлікпен қаза тапты!

— Совет Одағына қызмет етемін! — Ерлікпен қаза тапты! — деген екі сөйлем алаңды жаңғырықтырды.

Бұлардың арасында тағы да бір фамилия — лейтенант Соколовтың фамилиясы болмады.

Ол сапта бізбен қатар тұрды, командирдің сөзінен кейін ол да біз секілді «Ура!» деп айқай салды. «Тараңдар!» деген команда соңынан ол біздерді құттықтады...

Ал біз... Біз көзімізді тайдырып әкетуге тырыстық...

— Сен қалай ойлайсың, біз ертең де осы жерде боламыз ба?

— Кім білсін оны. Немене? Бірдеңе болып қалды ма?

— Жоқ. Пәлендей ештеңе емес. Мамыр, үйге бір нәрселер салып жіберетін уақыт болды. Қазір кезекке барам... Ертең таңертең салып жіберсем бе деп едім... Володяның көзі де, «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалі да жарқылдап тұр.

— Қарттарды Берлинмен қуантатын кез болды. Содан соң, сен қалай ойлайсың, мен Сашаның атағынан да салып жіберсем деп едім? Оның «қара қағазы» жеткенше, менің әке-шешем заттарды алып та үлгереді. Оған енді бәрі бір ғой.

— Өзің оңбаған, ит екенсің! — дедім. Шыдай алмадым. — Дүниеқоңыз!

— Машинаға отырыңдар! — деген команда естілді.

— Машинаға отырыңдар! — деп қайталады Заикин. Көшеге Соколов жүгіріп шықты:

— Тез жиналыңдар! Тез! Жиналыңдар!

Біз Эльбаның арғы жағына өтеміз деп ойладық. Расында да, жағалауға шықтық, бірақ көпірдің қасында түсініксіз бірдеңе болып жатыр: біздің әскерлер қайта Ризаға қарай келеді. Неге? Алдыңғы жақта шабуыл бастауға тиіс едік қой. Онда бәрі әзір болатын: біз үш тәулік бойы әзірлеп қойған қорғаныс тізбегі бар.

Бұрынғы тәжірибелер бойынша, мұндай тізбектер тек үлкен шабуылдың алдында жүргізіледі. Не болып қалды енді?

Заикин де, Соколов та ештеңе білмейді.

— Одақтастар, — деп қабағын түйді Катонин бір аялдамада.

Енді біз Эльба жағалауымен солға қарай келеміз. Риза артта қалды. Айнала әдемі, бірақ, қайда тоқтайтының белгісіз болса, сұлулық та қабылданбайды екен. Тік, құлама жарлы жағалаулар. Қарағай. Құмды төбешіктер. Әдемі! Дегенмен...

— Немене — одақтастар?

— Не, не! — деп кейіді Заикин. — Орын беріп жатырмыз.

— Ал біздің шабуыл ше?

— Барлауды ұрыспен жүргіздік. Бәрін дайындадық. Немістер қаша бастады. Ал бізге бұйрық берілді: Эльбаға американдықтарды жіберу керек. Міне...

Біреу таңданды. Біреу естімей қалды. Біреу қалғып отырды. Біреу боқтап жіберді.

— Әңгімені қоялық! Жанды жаралай беріп қайтеміз! — деді шыдай алмаған Соколов жанында қалғып отырған Володяны оятып:

— He? — Анау атып тұрып, мылтығына жармаса бастады.

— Демал, демал, — деді Соколов жайымен. — Ештеңе емес.

Жаңбыр жауып тұр. Тұман. Таулар көрінбейді, бірақ олар бізге қашық емес. Таулар, қыраттар, жаздағы секілді биік шөптер. Су өтіп, шөп арасындағы біз әбден малмандай болдық.

— Мұндайда қандай жұмыс болады!

Жігіттер боқтап жүр. Офицерлер де ашулы. Алдымызда Мейсен. Онда фольксштурмшылар отыр.

— Мейсен деген не? — деп қызарақтайды Вадя. — Берлинді алдық — енді кенеттен?..

Оның сөзін Соколов естіп қалды:

— Күңкілдемеу керек! Онсыз да сыз өтіп барады. Ал, Мейсен деген, білгіңіз келсе, қала, үлкен қала.

Біз жаяу әскердің жұмысын атқарып жүрміз. Біз ғана емес, қатарымыздағы артиллерияшылар, өз бөлімдеріне жете алмай қалған, жиырма жетінші жылғы жаңа келген саперлар. Жолдың езуіндегі ылғалды шөптің үстімен алдымыздағы бірен-саран атылған оққа қарсы еңбектеп келеміз.

Жүз метр. Фаустпатрондардың атысы мен жарылыстары толастамады.

— Атпаңдар! Атпаңдар деген бұйрық болды! — деді Соколов. Оған, шамасы, салқын тисе керек, біз оның дауысын әрең таныдық.

Біздің ешқайсысымыз атқанымыз жоқ. Қараңғыда салқын әрі былқылдаған бірдеңені басып кеттім, бұрылып еңбектей бергенде ғана түсіндім.

— Фриц, шаруасы біткен, — деп жанымда еңбектеп келе жатқан Володя түкіріп жіберді.

Алдымыздан қала көрінді. Үйлердің төбесі, жарылыстың сәулесімен жылтыраған асфальт жолдар, кейбір терезелерде ғана әлсіз оттар. Ағаш жапырақтарының сыбдыры естіледі, тағы да жарқыл — бір, екі, үш. Жоғарыдан, қала беттен атып жатыр. Бізді атып жатыр.

Вадя мұрны пысылдап, әрең демалып келеді.

— Берлинді алғаннан кейін мұндай жерде өлу де ақымақтық шығар, ә? — деді ол біз взвод командирінің бұйрығымен бір тасада сәл аялдағанымызда. — Ал, мен медаль алғанымды мамама жазып та үлгергенім жоқ еді.

— Қайдағыны айтасың!

Вадя үндемеді, бірақ мен білдім, ол: «Ал, Саша ше?» — деп ойлап отыр.

Біздің арт жағымыздағы жолдың бойынан ат тұяғының дыбысы мен арба дөңгелегінің салдыры естілді.

— Енді бәрі де дұрыс болады, — деп взвод командирі көңілденіп кетті.

— Ол не, жолдас лейтенант? — деді Вадя.

— Қазір біздің батареялар ұрады, содан соң автомат басталады! — деді Соколов.

Соның арасында батарея атқылай бастады. Артиллериялық әзірлігімізге қарағанда әлсіз атыс. Әзірліктің талайын көрген біз үшін бұл әлсіз соққы. Жеңіл төрт зеңбірек жаңғақ шаққандай біздің төбемізден қалаға снаряд жіберіп жатыр. Алайда Мейсен тез тынышталды. Тұманды ауада әлдене ағараңдағандай болды. Терезелерде, шіркеу қоңырауларында ақ жалаулар көрінді.

— Енді алға!

Біз атып тұрып, қалаға бет алдық.

— У-р-ра!

Алайда қала көшелеріне өткен сайын, біздің уралағанымыздың ертерек екенін түсіндік. Қала үнсіз, тек қолдарына ақ шүберек ұстаған жалғыз-жарым тұрғындар ғана: «Капут! Аллес капут! Капут!» — деп қайталай береді.

Кенет орталық алаңға терезелерден автомат оғы төпей жөнелді.

— Солай қарай! — деп айқайлады бізбен қатарласа берген кіші лейтенант Заикин Вадя екеумізге. — Тез, екінші қатарға!

Ол алға түсіп, жүгіріп үйге кірді. Біз — соңындамыз.

Екінші қабаттағы үйдің есігін ашып қалған Заикин бізге бұйрық берді:

— Тез жоғарыға! Үшіншіге! Мен өзім!

Үшінші қабаттағы үйдің есігі жартылай ашық тұр. Есіктің арғы жағынан сатыр-сұтыр дыбыс, автомат үні естіледі.

— Жай! — Мен Вадяны тоқтаттым. — Пысылдама! Вадя ырс-ырс етіп, паравозша дем алады.

— Пысылдап тұрғаным жоқ... Бірақ...

— Үндеме!

Қараңғы бөлмеде атып жатыр. Атыстың арасында әйелдің шыңғырған дауысы шығады: «Что-то!» дей ме, «Отто! Отто!» дей ме — мен ұға алмадым. Соның арасында басқыштың тырсылы естілді. Заикин жүгіріп келеді.

— Қане! — Мен айқайлап жіберіп, Вадяны жеңінен тартып қалдым да, есікті аяғыммен теуіп жібердім. Үйдің іші көзге түртсе көрінгісіз. Менің автоматым жұмсақ бірдеңеге тірелді, Вадя менің сол жағымдағы ашық есік жақты атып қалғанда, әйелдің шыңғырған даусы тағы шықты.

— От-то! Майн готт, От-то! — деп айқай салды. Толық денелі, кеуделі әйел сүйдеді де, ашық терезеден іші жарықтау көрінген келесі бөлмеге жүгірді.

— Мен оны өлтірдім... Өлтірдім білем, — деді Вадя, кінәлі адамдай міңгірлеп еденнен тұрып жатыр.

Терезенің алдында пижама киген неміс сұлап жатыр, жанында автомат, еденде, терезе алдында шашылып жатқан автомат оқтары.

Қолында фонары, екінші қолына пистолет ұстаған күйі Заикин жүгіріп кірді.

— Не? Не болды? — Ол айқай салған әйелді қағып жіберіп, фонарьдың жарығын өліктің бетіне түсірді. Ақ шашты шал екен, содан соң бізге қарады.

— Мен өлтірдім, — деп қайталады Вадя. — Өзі атты, жолдас кіші лейтенант! Түсінесіз бе?..

— Тоқтай тұр! — деп сөзін бөлген Заикин бақырып жылаған әйелге айқай салды: — Кетіңізші сіз!

Әйел қорқып, үнсіз жылаған күйі, бұрышқа тығылды.

Батальон командирі өлікті аударып, содан соң үйдің ішіне жарық түсірді, бірдеңе тапқан секілді болды да, шалдың денесіне қайта жақындады:

— Қараңдар, генерал ғой. Суреттерде генерал киімімен отыр, өзі де ұқсайды. Мұны тірі алу керек еді, балалар, тірі.

Вадя ақталып жатыр.

— Ол өзі атты ғой, жолдас кіші лейтенант! Және қараңғы. Генерал екенін қайдан танисың. Өзі пижама киген...

— Шет ел деген, міне, осы, балалар! Егер шет ел деген бар болса, ол — осы жерде!

Әрине, Володянікі дұрыс. Қазір мен оның өзі түгілі, даусын естігім келмесе де, айтып отырғаны рас. Гарта, Гарта деген курорт. Ғажайып жер.

Біріншіден, бұл — тыныш тұрған табиғат. Екіншіден, мұнда үйлер емес, қамалдар. Үшіншіден, бұл жерден біз емес, керемет деген тарихшының өзі де соғыс ізін таба алмайды. Төртіншіден...

Жалпы алғанда, төртіншіден деп айтудың қажеті не, біздің бұл жерге келуіміз түс сияқты, ойламаған жерден болды. «Дрезден он сегіз шақырым», «Атақты Дрезден галереясы» деген сөздер Вадяны одан сайын таңдандырады:

— Соғыс! Дрезден галереясы! Мынау Гарта! Ертегі!

Өткендегі генерал тарихынан кейін Вадяның есі кетіп қалған. Генерал атақты біреу емес, теміржолшы, отставкадағы генерал болса да, жұрт Вадяны қүттықтап, әзілдеп жүрді. Ал, Вадя бәрін шын көріп қабылдап, өзінше мақтаныш сезіммен жүрген.

— Үйге кірген бойда, мен бірден сезе қойдым, — деп қояды Вадя жұртқа. — Қарапайым тұрғынның автоматы болуы мүмкін емес деп ойладым... Және әйелі де айқай салып... Мен де бөлмеге ендім... Атқалы жатыр... Өзі кеудіреген шал екен. Мен мылтығымды алып жіберіп, тарттым ғой... Қараңғы, бірақ тигіздім әйтеуір. Кіші лейтенант Заикин кеудесіне дәл тиіп жауырынынан өтіпті дейді. Содан соң кіші лейтенант жарық түсіріп, генерал деді...

Гартаның сұлулығы өз алдына, бірақ қазір жұрттың ұйқысы келіп отыр. Дегенмен кім де болса, біреу кезектегі күзетке тұруы керек қой.

Біз кезекпен бақылауға тұрамыз. Вадя штаб дивизионының жанында, мен каналдардың айналасында. Айнала таулар, машиналардың жарығымен сәулеленген асфальт жолдар, ал аспанда жұлдыздар мен өзінің салқын сәулесін шашып біздің бәрімізден биік тұрған Ай.

— Қайырлы түн, жолдас кіші лейтенант!

— Cay бол!

— Қайырлы түн болсын, жолдас лейтенант!

— Жарайды. Қарап қой. Орныңа кім келеді? Айттым.

— Сен неге ақсап жүрсің?

Мен расында да бір айдан бері сылтып жүрмін. Аяғым шаншыды, бірақ мен оны елегім келмейді. Мүмкін, Польшадағы жарақаттың салдары шығар? Оқ па екен?

— Ақсамаймын...

— Жарайды, cay бол!

Мен Наташа туралы ойлап тұрмын. Көргім келіп, бірге болғым келіп кетті...

Мен оның қайда екенін білмеймін — қайда екен? Ризада ма? Онда, тегі, біздің одақтастар келген болар...

Бірақ анадағы екеуміз көргендер емес, басқалар. Дегенмен біздің шын мәніндегі одақтастарымыз келген шығар. Ал, енді келетіндерді алдымен байқап алу керек. Бұрынғылар біздікі болатын, өйткені олар да соғыс дәмін татты және біздің әскерлердің арқасында тірі қалды. Басқалар — бұл екінші майдан, ал, ол туралы әзіл-сықақ әңгімелердің көбеюіне қарағанда, онша болмас.

Алайда, түсініксіз бір жәй — «олар» туралы ойлап отырасың да, өзіңді ылғи бір ойдан арылта алмайсың: «Ал неге бұлай? Әскери тұтқындардың лагерьлерінен, концлагерьлерден босатылған олар ғой адам бейнелерін сақтап қалды. Ал, басқалар, біздердікі ше? Освенцимде? Онда ғана емес. Фридлянд түбінде, Ламсдорфта және басқа да жерлерде? Олар — біз Ризада көрдік қой — әскери форманы алып, өз адамдарының келуін күтіп отыр, ал біздердікі, өзіміздің адамдарымыз, тақтайдың үстінде жатыр, адам сиқы жоқ оларды біз жарыққа шығардық. Азаттық қуанышынан бірқатары өліп жатыр. Барлық азаптың біткенін көріп өліп жатыр...

Сүйткенше болмай, атыс басталып кетті. Автоматтан, пистолеттен атып жатыр. Көк жүзінде түрлі түсті ракета сәулелері — қызыл, сары, жасыл. Әрқайсысының әскери мәні бар, бірақ олар неге соншалық көп?

Біздің әскерлер далаға жүгіріп шығып, не болды деп сұрады. Мен не болғанын өзім де білмеймін. Солдаттар, офицерлер, киінген, шала киінген. Іш киімшең. Бірақ бәрінің қолында қарулары бар.

Ал, Гарта айнала бұрқанып жатыр. Және атып қана жатқан жоқ, неше түрлі дауыспен айқай салып жатыр:

— Капитуляция! Капитуляция!

— Жолдас лейтенант! Шын ба екен? — деп айқайладым жаныма келген Соколовқа.

— Иә, иә... — деді ол. — Біткен болар тегі... Бітті!

Атыс, айқай-шу, ракеталар — бәрі араласып, адам ұғып болмайтын тұтас бір дыбысқа айналды.

— Сен неғып тұрсың? — Володя бас салып мені құшақтады.

— Жеңіс, балалар, жеңіс! Вадя жүгіріп келді.

— Шынымен бе? Бұл деген... Сені әлі ауыстырған жоқ па?

Мына сапырылыста мені ауыстыруды ұмытып кеткен болулары керек. Вадя босапты, мен әлі тұрмын.

Бір жерлерде сырнай, баян, аккордеон үні естіледі. Егде солдаттар жылап жүр:

— Бұған да жеттік-ау! — деп қояды. Офицерлер солдаттармен, солдаттар офицерлермен сапырылысып жүр. Бастық кім, бағынышты кім — біліп болмайды.

Әлдеқайдан үрмелі аспаптар оркестрі ойнап жатыр. Таныс әуенге жамырай қосылған дауыстар естіледі:

Белоруссия туған жер.
Украина алтыным!
Біз қорғаймыз құрыш найза ұшымен
бақытыңның әр күнін!..

Оркестр бір топ солдатпен көше бойлап келеді. Міне, жақындап қалды. Оркестр — үш солдат екен: екі труба мен бір барабан. Көшеде қосылып жатқан солдаттар ғана санын көбейтіп келеді.

Енді тек музыка ойнады, мен де өз-өзімнен күбірлеп қоям:

Біз қорғаймыз құрыш найза ұшымен

бақытыңның әр күнін!..

Міне, ғажап, Гороховецкіде әбден мезі етіп болған ән қазір басқаша естілгендей. Айқай-шудың арасынан біреу менің фамилиямды атады.

Мен автоматымды жоғары көтеріп:

— Мен мұндамын! — дедім.

— Қара, анау кім!

Володя келді. Оның соңынан — аға лейтенант Буньков пен Макака.

— Біз, Петров екеуміз, кешігіп қалдық білем... Ал, құттықтаймын! — деп Буньков мені құшақтап үш рет сүйді. — Лейтенант қайда? Соколов?

— Қазір ғана осы жерде болып еді...

— Сен бар! Мен тұрайын, — деді Володя. — Ұмытып кетіппін. Біз, Буньков, Макака үшеуміз, солдаттардың арасымен әзер өттік.

— Біз сендерге екі тәулік бойы жете алмай келеміз, — деп сыбырлады Макака.

— Мен оны іздейін. Мүмкін, осы маңда болар, — дедім мен біздің взвод орналасқан үйге жақындағанымызда. — Күте тұрыңыздар...

Жүгіріп үйге кірдім. Бөлмелерде жан жоқ, бірінші, екінші, үшінші. Әрине, қазір жұрттың бәрі көшеде. Екінші қабатқа көтерілдім. Соколов, Заикин, батарея старшинасы сонда орналасқан-ды. Заикиннің бөлмесі бос. Келесі бөлмеде...

Есікті ашып қалғанымда, лейтенант Соколовты көрдім. Ол төсекте көзін ашып жатыр екен.

— Жолдас лей...

Соколов өліп жатыр. Төсектің қасында пистолеті жерге түсіп кетіпті.

Мен мұны күтпеп едім.

— Жолдас аға лейтенант! Жолдас аға лейтенант! Өлтіріп кетіпті! Оны өлтіріп кетіпті! — төменге түскенде, не деп айқайлағанымды білмеймін.

Буньков, Макака — үшеуміз бөлмеге кірдік. Төсектің жанында қақшидық та қалдық.

— Ей, Мишка, Мишка... — деді Буньков даусынан өкініш пен діріл естіліп. — Қалайша сен...

Столдың үстінен асығыс жазылған қағаз тауып алды: «Менің өліміме ешкімді кінәламауды сұраймын.

Өзім ұнатқан әйелден басқа және бекер...» Қағаз аяқталмаған.

— Міне, қараңдар, — деп Буньков бізге ұсынды. — Егер өлтірсе... Одан да жау өлтіргені жақсы еді...

Терезе сыртында оркестр ойнап, уралаған дауыстар естіледі.

Үрмелі оркестр Гарта көшелерін бойлап барады. Оған өз еріктерімен ерген солдаттар таныс әнді шырқайды:

Белоруссия туған жер,

Украина алтыным!

Әуенге ілесіп барабан соққылайды, қос труба сарнап барады. Жалғыз әуенді қоймастан шырқайды. Мүмкін, оркестранттар басқа әуенді білмейтін де шығар, мүмкін, қазір оларға бәрі бір болар.

— Ура! Ура! Ура! — Гарта дуылдап тұр, тегі мұндай шуылды бұрын көрмеген шығар. — Ура! Ура! Ура!

Бізді дивизион командирі шақыртты.

— Жолдас майор, кешіріңіз, — деп Буньков бірінші сөйледі. — Неліктен лейтенант Соколовты менің орныма қоймадыңыз... Ол неге бірде-бір награда алмады?

— Тоқта, тоқта, Буньков! — Катонин оның сөзін бөліп тастады. — Сен мені ақымақ деп ойлайсың ба? Қажет жерінде ақылдастым. Ешкім ұсыну жайлы ақыл бермеді. Неге екенін өзің білесің ғой. Жалпы, біздің дивизионның атына кір келтіретіннің барлығын қызған темірмен күйдіру керек.

— Әйелінің қатысы қанша? Соколов қой...

— Соколов, Соколов! Сен совет офицерінің әйелі эсэсшіге тиіп кеткенін дұрыс деп қарайсың ба? Бұл жайлы — бітті. Мен сендерді бұған шақырғаным жоқ. — Катонин біз жаққа қарады. — Сендер ештеңе көрген жоқсыңдар. Лейтенант Соколов қаза тапты. Өзін өзі өлтірді деген сөз болмасын. Дивизионның абыройы қымбатырақ. Ал, мынаны... — деп ол Буньковтың берген қағазын ұсақтап жыртып тастады, — міне, осылай... Егер бір адам біліп қойса, жауап беретін сіздер. Түсінікті ме?

— Дәл солай? — дедік Макака екеуміз.

— Түсінікті, — деп күңк етті Буньков.

— Жақсы. Енді жолға дайындалыңдар. Екі сағаттан кейін біз Прагаға жүреміз.

— Әлі біткен жоқ па? — деп таңданды Макака.

— Біреулер үшін бітті, ал біз үшін біткен жоқ. Прагада — көтеріліс. Рыбалконың әскері жүріп кетті. Корпус және біз, — ол сағатына қарады, — бір сағат елу бес минуттан кейін солардың соңынан шығамыз.

Соколовты салтанатты түрде жерледік. Майордың өзі сөз сөйледі. Лейтенанттың батылдығы туралы айтты.

«Біздің Отанымыздың азаттығы үшін қаза тапқан батырлардың есімін мәңгі ұмытпайық!» — деп аяқтады сөзін.

Жерлегеннен кейін Буньков екеуміз оңаша қалдық.

— ...Ол соғыстың дәл алдында үйленген, — деді батальон командирі. — Өте сүйетін адамына үйленген білем. Жақсы көргендігі сонша, оның қандай, не адам екенін де ажырата алмаған. Содан соң соғыс. Бұл әскерге кеткен. Әйелі Орелда қалған. Немістер келген. Содан соң өзінің сүйікті әйелі эсэсшімен байланысқан, бұл білген. Әйел неміспен Германияға тартып отырған. Оның жанында қандай қасірет болғанын сезесің бе? Мұнда ақылсыз біреулер Соколовқа сенімсіздік көрсете бастаған: әйелі сатқын, анау-мынау деп. Ол өзінің қасіретімен өмір сүре берген, борышын, азаматтық парызын орындаған. Жеңіс келгесін... Ол үшін борышы бәрінен биік болатын.

— Кешіріңіз, жолдас аға лейтенант, ана жерде... Бөлмеге Макака жүгіріп кірді. — Анда біздің бір жігітті... Сондай жаман жарақаттап кетті... Қалай еді әлгі... Құйрығынан, содан соң аяғынан.

Біз екінші қатардан жүгіріп келдік.

— Вадя!

Мен өз көзіме өзім сенбедім. Вадя мәрмәр еденде бағанға сүйеніп отыр. Жан-жағы қан. Бозарып кеткен Вадя қатты қиналып отыр.

— Вадя!

— Медицина батальонына! Тез! Машина! Петров, дивизион командирінің машинасын! — деп айқайлады Буньков.

— Көрдің бе, ақымақтық... — деп сыбырлады Вадя. — Мен анда... Атып қалды... Мен де ата бастап ем... Мына жеріме...

Катониннің газигімен Вадяны алып келеміз. Макака, Буньков үшеуміз қолға алып отырдық. Вадя көзі жарқылдап маған қарады:

— Білесің бе, өлтіруі де мүмкін еді... Шын айтам. Олар жексұрындар... Мен ондайларды ешқашан аямас едім...

— Вадя, бәрі жақсы болады! Рас айтам, Вадя... Мен бұл сөзіме өзім де сенбедім.

— Егер мен, Саша сияқты... — деп күбірледі Вадя. — Саша сияқты... Мен қорықпаймын. Тек... өлгім келмейді!

— Қандай ақымақтық десеңші, — деді Володя. — Құдай басқа бермесін бұндай...

— Нені бұндай? — деді Макака.

— Вадька секілді деймін. Ақымақтық өлім. Мен тағы да шыдай алмадым:

— Неге ақымақтық өлім? Ал, сен Вадя үшін, Соколов үшін, Саша үшін, Шүкірбек те бар — бәрі үшін үйіңе зат салып жібере бер! Жібер!

— Жоқ, балалар, мені түсінбедіңдер... Оның өзі де түк түсініп тұрған жоқ еді. Ақымақтық па?

Өлім әрқашан да ерте келеді. Мен жүз елу немесе жүз жастағылардың қалай өлетінін көрген емеспін. Менің көргенім — елуге, қырыққа, отызға, жиырмаға жетіп үлгермегендердің өлімі. Өмір сүріп үлгермей, сүйіп үлгермей, балаларын адам етіп үлгермей, жұмысын аяқтап үлгермей өледі.

Тірілер осыны естерінде сақтасын.

Біз тоқтамастан жарты түн, жарты күн жүрдік. Біздің асыққанымыз сонша, бүгін Москва Жеңіс күнін тойлап жатқанын да естімеппіз.

Прага көшелерінде ұрыс жүріп жатыр. Ең ауыры — дыбыссыз ұрыстар. Терезеден, шарбақтан, подвалдан, бұрыштан үнсіз атады. Рыбалконың әскері үлгеріпті, біз үлгере алмадық.

Тоғызыншы Майда азат Прага шаттыққа бөленді.

— На здар! На здар! На здар!

Енді бәрі де біткен тәрізді. Соғыс аяқталды. Алайда тағы:

— Машинаға!

— Қайда? Неменеге?

— Тауға! Онда — немістер!..

— Бәрі біткенде, не қылған неміс?

— Жоқ, әлі аяқталған жоқ...

Иә, әлі аяқталмапты. Оныншы, он бірінші, он екінші, он үшінші мамырда біз тау ормандарын тазарттық. Немістердің үлкен бір тобы Чехословакиядан американдықтарға өтіп кетпекші болған. Ұрыстар кездейсоқ басталып, кездейсоқ аяқталды. Біз тұтқындарды жинау пункттеріне тапсырудамыз.

Он төртінші майда соңғы жеңіл ұрыс, соңғы тұтқындар болды. Бұл бүкілхалықтық мереке емес, бірақ соғыс аяқталды. Мен Наташаны құттықтағым келді, алайда мұның жалғыз-ақ жолы бар. Ол — хат. Соғыста бізді шақырымдар бөліп тұрды, енді елдер бөліп тастады. Наташа Германияда қалды, біз Чехословакиядамыз. Тағы да қозғаламыз. Олар Чехословакияға, біз Австрияға, Вена маңына. Макака екеуміз машиналарға түрлі ұрандар жазып болғанша, олар Австрия шекарасынан өтті. Ал, біз? Машиналардағы бояу да кеуіп үлгерген жоқ, кенет — команда: «Отырыңдар!» Біз Венгрияға келе жатырмыз.

— Ақша бер! — Бізді алғашқы қарсы алған цыган балалары болды.

Қарт цыган скрипка да «Алтын от» және «Катюша» әндерін ойнап отыр.

Ал, балалары біздің машинаны қоршап билейді, дөңгелегіне жармасады:

— Ақша бер! Сұлу жігіт, ақша бер! Жеңіс үшін бер!

«Жаным!

Сені туған күніңмен құттықтаймын. Біз көріспегелі қанша күн... Соғыс аяқталды дегенге сене алмайсың. Ол әлі бітпеген болар. Бүгін біз алысқа, еліміздің екінші шетіне кетіп барамыз. Егер сен «Цусиманы» оқысаң, менің қай жерде екенімді білесің. Мен екеуміздің соңғы әңгімемізді, содан соң сенің:

«Жүр, некеге барайық!» — дегеніңді есіме алам.

Менің ақымағым!

Мүмкін біз көрісерміз. Мен саған екеуміз үшін ең басты нәрсені жазбай отырмын. Қазір керегі жоқ шығар...

Аман жүр, өзіңді сақта! Бәрі де жақсы болғай! Ашуланба!

Құшақтаймын.

Н.»

1946 ЖЫЛ

Мұндай да болады екен-ау! Үш жыл өткенде — тағы сол госпиталь, Стромынкадагы сол дәрігер, Гурий Михайлович, сол сестра, Верочка — Вера Михайловна. Өткен үш жыл, майдан, Берлин де, Прага да, жеңіс те болмаған секілді. Мен де ол жерлерге бармағандаймын. Вера Михайловна да біздің хирургия бөлімшесінен ешқайда кетіп қалмағандай. Тек беті ғана басқа — шамасы өртке ұшыраған болса керек. Содан соң пластикалық операция... Мен сұраған емеспін.

Менің палатам да басқа. Қырық үште армандағанымдай палата. Госпитальдың жалпы түрінде бір өзгеріс бар, бірақ әйтеуір ана кездегідей әскери емес.

Жаңадан жараланғандар жоқ, бұрынғы жараланғандар, сынған, іскен, шығып кеткен секілді аурулар.

— Қарашы, тағы сол аяғы. Дәл ана жолғы тәрізді! Қараңызшы, Гурий Михайлович!

Вера Михайловнаның өзгерген жүзінде бір салмақтылық, байсалдылық бар. Сонда да ол баяғы мейірімді қалпында.

— Иә, көгершінім. Аударыл, міне, осылай, — деді Гурий Михайлович. — Сонда алып тастау керек еді. Қарайық не істеуге болатынын. Бір нәрсе жасау керек.

— Аяғымды кестірмеймін! — деп үзілді-кесілді айттым.

— Аяғыңды деп тұрғаным жоқ, оқты алу керек еді, — деді дәрігер. — Жаман. Кейін көрерміз. Асқындырып алыпсың, көгершінім. Гангрена дегенді естіп пе едің?

— Сен Гурий Михайлычты тыңда, шыда, — деді сестра.

— Шыдап жатырмын...

Вера Михайловна аяғымды спиртпен сүртіп пенциллиннен укол салды. Қайта таңып тастады.

Ол мені палатаға алып келді. Дәлізде бұрынғы, мен график сызатын шағын стол. Бұрын терезе алдарында гүл жоқ болатын, енді гүлдер тұр. Есік алдындағы жалаңаш ағаштардың арасында электр шамдары бұлғаңдайды. Жерде қар қалың.

— Қыдырар ма еді?

— Жоқ, болмайды! Қызуың бар — жату керек...

— Ол кезде аурулардың бәрін жаралылар дейтін еді-ау, — деп өткен күнді есіме алдым.

— Әдет қой, — деді Вера Михайловна. — Бәріне де үйреніп кетесің, содан соң әдетке айналады. Жат, жат. Міне, осылай...

Вера Михайловнаны қайта көргенім таңданарлық. Ал, тағдырдың мені сол баяғы госпитальға тап қылуы таңданарлық емес пе! Өмір аяқ астынан неше түрлі жолығыстарға ұшыратады. Өмірде әр түрлі сәйкестіктер қанша! Кітаптардағыдан гөрі жиірек.

— Мұнда оралғаныңызға көп болды ма? — дедім сестра көрпемді жауып жатқанда.

— Екінші ай.

— Қай майдандарда болдыңыз?

— Ленинград түбінде. Прибалтикада, екінші Белорус майданында, содан соң Қиыр Шығыста. Мукден, Харбин, Порт-Артур.

Ол неге екені белгісіз кінәлы адамдай қызарып күлімсіреді.

— Міне, бетімді оңдырмады... Маньчжурияда жүргенде... оның есесіне қазір ұлым өсіп келеді. Тамаша балақай — Вовочка...

Бұндай сөздерді осыншалық сезіммен тек әйел, ана ғана, соғысты солдат ретінде емес, әйел ретінде де басынан кешірген әйел ғана айта алатын шығар.

— Неше жаста?

— Екі ай болып қалды! Қазір емізуге барамын. Осы жерде тұрамын...

Палатада төртеуміз. Екеуі пластикалық операциядан кейін бинтпен мықтап таңылып тасталған. Старшина және кіші сержант. Олар бетіміз не болар екен деген жалғыз ойға шомып жатыр.

— Ұлым өзімнен айнымайды деседі, — дейді біреуі. — Ал енді қалай болады?

Екіншісі көршісін бе, әлде өзін бе жұбата сөйлейді:

— Әрине, түрліше болады дейді. Бірақ ойдағыдай шығады деп жүр ғой жұрт. Адам көрместей емес. Анау Вераның беті жаман емес қой. Әйел адам — ол да көніп жүр. Содан соң бізге не керек семьялы адамбыз дегендей... Әйел соңынан жүгірмейміз.

Үшіншісінде буын ревматизмі және жүрегі де нашар ғой деймін. Беті, аяғы ісіп кетеді, түнімен ыңқылдап шығады: «Жын ұрсын! Соғыста қыңқ етпейтін, енді барлық ыңқыл-сыңқылдың шыға келуін көрдің бе»...

Менің төсегім терезе жанында. Терезе аулаға емес, қарсы жаққа — тар көшеге қарайды. Қар сықырлайды. Таңертең де, түсте де, кешке де сықырлайды. Тіпті түнде де. Тар көшемен қорғанды бойлап адамдар жүреді. Оңға да, солға да. Бүгін көшеде аяз. Кеше қар қылаулаған еді. Үй төбелерінен су тамшылап, балшыққа шылп-шылп түсіп тұр.

Көше сыпырушы әйел тайғанақ жерлерге әлсін-әлі құм сеуіп: «Жұмыс жасауға мұрша беріңдер! Көрмейсіңдер ме!» — деп күңкілдеп қояды.

Менің келгеніме екінші тәулік. Әлі қанша жатамын. Біздердікі Курилға дейін барып үлгеретін болар... Ертең анама телефон соғуым керек. Гурий Михайловичтен рұқсат сұраймын. Ксения Павловнаға өзім телефон соқсам ба екен? Жоқ, анам хабарласқаны дұрысырақ. Барып, жағдайын біліп келуіме де болады. Наташа үйіне жазып тұратын шығар. Жапониямен соғыс әлдеқашан аяқталды... Менің қарашадан бергі хаттарым неге оған жетпейді! «Адресат мұнда жоқ», — деп қайтаратыны несі? Өзі неге үндемейді? Қараша, желтоқсан... Енді, міне, қаңтар...

Саша қаза тапқаннан кейін кешікпей мен комсорг болдым. Штатта комсоргтық орын жоқ болатын. Сондықтан мені қағаз жүзінде командирдің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасарының адьютанты етіп тағайындады.

Мені күнделікті солдаттық міндеттерден босатты. Сондықтан анда-мұнда барып келуге адам табылмай қалса мені естеріне алады.

Будапешт маңындағы Пилишчабеде бізге почташы керек болып қалды. Дала почтасы бізден 18 шақырым жерде. Мен күнде велосипедпен барып, почтаны алып келем. Содан соң Пилишварошвар селосына орналасқан кезде бастығым:

— Ленин бөлмесін жабдықтасақ жақсы болар еді, — деді.

— Иә, солдаттар дем алар еді, шахмат — дойбы ойнап, радиоқабылдағыш тыңдар еді, — деп майор Катонин орынбасарын қолдады. Бірнеше күн бөлмені ретке келтірдік: ұрандар іліп, шахмат — дойбы, радиоқабылдағыш, кітап, журналдар алдық. Бәрі риза болды.

— Ал, Ленин бөлмесін өзің басқарғаның дұрыс болар, — деді саяси орынбасар. — Басқа әскери міндеттерден босатқасын, бірдеме істеу керек қой. Майор да келіскен.

Мен сүйтіп комсорг, адъютант, почташы, Ленин бөлмесінің меңгерушісі болдым.

— Ал, сен кереуетіңді осында қойып ал, — деп кеңес берді саяси орынбасар. — Шаруашылығыңның жанында, ұйқың да тыныш болады.

Мен қуанып кеттім. Расында да, жатуға команда берілгесін, ұйқтар алдында радиоқабылдағышты айналдыруыңа болады. Өзіңмен өзің!

Бірінші түні тереземнің бір әйнегін ғана сындырды. Айыпкерді ертесіне де таба алмадым. Почтаға кетердің алдында жергілікті аға полицайға бардым. Ол жылы қабылдап, тез түсінді, он минуттан кейін әйнек салып беретін адам жіберді.

— Түнге дейін жақсы болады, берік болады. Түнде қалай боларын білмеймін. Күрес түрлі ғой. Кім қалай күреседі. Бандиттер күн көрсетпейді! Тағы шақыр мені. Ертең шақыр. Мен өзім де келермін.

Әйнекші сөзуар және орысша тәуір сөйлейді екен. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде, бізде тұтқында болыпты, орыс әйеліне үйленген, тіпті, балалары да орысша мадьяршадан кем сөйлемейді-мыс.

— Мүмкін, енді сындырмайтын шығар? — дедім мен.

— Сындырады, сындырады, — деп жұбатты мені әйнекші. — Сайлау бітіп болмайынша сындыра береді.

Венгрияда сайлау алды науқаны жүріп жатыр. Ондаған ірі, ұсақ және тіпті ұсақ партиялар біз түсінбейтін күрес жүргізуде. Социал — демократтар мен социалистер, аграршылар мен консерваторлар... Керітартпа партиялар, ағылшындармен тығыз байланыста деп бізге мадьярлардың өздері айтқан. Будапеште тұратын одақтас тексеру комиссиясындағы Англия өкілдері, консерваторлар мен аграршылдардың сайлау алды жиналыстарына ұялмай қатысатын және оларды Коммунистік партияға ашықтан-ашық күреске шақыратын. Коммунистерге қарсы өз жұмыстарын толықтыру үшін реакционерлер заттардың құнын арттыруда. Шынында да, Венгрияда баға күн сайын емес, сағат сайын өсетін. Өткен жұмада қанттың килограмы 18 мың пенг болса, қазір жиырма бес мың.

Екі күн бұрын кәдімгі инені жүз пенг беріп алсақ, бүгін ол жүз жиырма пенг. Сіріңке қорабы — екі жүз пенг. Нашар қағаздан түптелеген дәптер — алты жүз. Етік щеткасы — сегіз жүз пенг.

Сайлау алдындағы ессіз қарбаласта түнде жүретін бұзақылар топтары шықты. Коммунистерді, біздің солдаттарды өлтіріп, талап, зорлап кетіп жүрді. Бірнеше күн бойы қатарынан біздің дивизионды дабылмен тұрғызады: біз біресе Пилисанто, біресе бізге таныс Пилишчабеге, енді бірде Дьендьешке шығамыз. Ұсталғандарды және олардың қаруларын полиция басқармасына табыс етеміз.

Енді, міне, мына біреу әйнектер!

Түн жарымына дейін, әйнекшінің сендіруі бойынша терезеге тас қашан тиер екен деп ұйықтамадым. Бірақ айнала тып-тыныш. Кенет таң алдында мен ұйқылы-ояу жатып, терезе жанынан сыбдыр және дауыстар естідім.

Ұшып тұрып электр жарығын жақтым. Терезенің біреуі көше жақтан қағазбен жапсырылған еді. Әйнек бүтін. Бұл не болды?

Соғыс біткесін трофей автоматтарымызды жинап алған. Мылтығымды алып, көшеге шықтым. Ешкім жоқ. Таң сібірлеп келеді. Терезеге жақындап, ілулі плакат көрдім. Сыбдырлаған осы екен ғой! Әйнекке жапсырыпты. Ондағы немене екен? Қараңғыда көрінбейді. Таң атқанша күте тұрайын.

Бір сағат өткенде, таң атпай, менің таныс әйнекшім көрінді:

— Қалай ұйықтадыңыз, солдат мырза? Мен оған терезені көрсеттім:

— Мынау не плакат?

Әйнекші оқып шығып, күлімсіреді:

— О, бұл консерваторлар! Олар Қызыл Армияның Венгрияда қалуын тілейтіндер коммунистер үшін дауыс берсін депті. Бұл қорқынышты емес. Әлсіз партия, оған сенбейді. — Әйнекшінің көзі қулана жарқылдады.

— Алып тастау ыңғайсыз емес пе? — деп сұрадым мен плакатты көрсетіп. — Үйге жарық түсірмей тұр.

— Ыңғайлы, — деді әйнекші. Ол күлді де плакатты өзі жыртып алды. — Олардың жарықты тасалай алмайтынын өздері білсін.

Біз әйнекші екеуміз күн сайын кездесіп жүрдік.

Плакаттар жиі ілінген жоқ. Тек әйнекті салуымыз жиілеп кетті.

Сайлау өткесін шынында да жағдай тынышталды. Мен рақатқа батуға әзір едім. Кенеттен, тағы бір жаңа қырсық шалғаны.

Бір күні:

— Сен қойманы алмасаң болмас, — деді майор Катонин. — Біз сені әскери жұмыстардан босатқан екенбіз...

— Жолдас майор, қоймашы қайда? Мен...

— Қоймашы ұрлық істейді екен. Орнынан алып тастадық.

— Мен...

— Ештеңе емес, үйреніп аласың. Онда жұмыс дейтін жұмыс та жоқ қой. Күнде таңертең асханаға азық-түлік жібересің — болды, қыдыра бер.

Мен қыдыра бастадым: таң біліне қоймаға жүгірем, одан — Ленин бөлмесіне, велосипедпен почтаға. Содан соң. Ең қорқыныштысы — түнде. Жұрттың бәріне үйқыға команда берілгенде, мен қоймаға кетем. Қап-қап қант, ұн, шелектеген май, нан — бәрін қайта өлшеймін... Бұл өзіне-өзі сенбейтін адамның ең азапты жұмысы болатын.

Содан қаңтардың бас кезінде, жаңа жылдық сыйлықтай хабар келді:

— Біз Отанға ораламыз!

Хош, Венгрия! Хош бол, қойма! Хош болыңдар, менің сан қилы жұмыстарым!

Ақыры жеттім-ау! Мен солдат болғым келеді, кәдімгі постыда кезекке тұратын, басқалармен бірге казармада ұйықтайтын қарапайым солдат болғым келеді. «Тұрыңдар» деген командамен оянып, «жатыңдар» деген командамен ұйықтағым келеді. Мен өзімнің саяси және жауынгерлік дайындығымды көтере түскім келеді...

Жүрер алдындағы түнде мен тоңып, әрі қызулап шықтым. Сол аяғым сырқырап, өртеніп барады. Бұрын да аздап сырқырап қоятын, бірақ дәл бұлай ауырған емес.

— Санитарлық бөлімге барып шық, — деп ақыл берді Макака. — Қызуың бар.

Кенет госпитальға жіберіп жатса ше? Жұрттың бәрі кеткенде осында қалып жатсам? Жоқ! Кешке қарай біз жүкті тиеп болдық.

— Жол ұзақ, ыңғайлы отырып алыңдар, — деді аға лейтенант Буньков.

Жүріп келеміз. Венгрия, Румынияның үстімен Киевке келе жатырмыз. Киевте мені эшелоннан түсіріп кете жаздады. «Қызуы жоғары, күйіп-жанып отыр», — деп Макака Буньковқа айтып қойыпты.

Брянскіде біздің маршрутымыз айқын болды:

Қиыр Шығыс — Курил аралдары.

Мен қуанып кеттім: Қиыр Шығыс! Онда Наташа! Арғы жағын білмеймін. Брянскіден эшелонның қашан қозғалғанын, Москваға, Стромынкадағы «өзімнің» ескі орныма — госпитальға қалай келгенімді білмеймін.

Анам маған үш рет келді. Ол өзгеріпті, қартайып қалған. Қазір неше жаста еді осы? Қырықта. Шынында да, көп жас.

Төртінші рет жалғыз келмеді, жанындағы адамды таныстырды:

— Міне, Леонид Иваныч, менің жұмыстасым... Мен ұзын бойлы, бурыл шашты кісіге қарадым. Бірақ екеуінің де сөздерін тыңдап жатқаным жоқ. Олар бірдеңе айтады, менің көз алдымда — ылғалды окоп, қатарымда — қызыл әскер, алдыңғы жақта — деревня, жол бойында — басында құлақшыны бар көйлекшең құйттай бала, мен оған жүгіріп барамын... Жоқ, мен емес, әкем! Анам осыны ұмытып кеткені ме? Ал Лежайскіде Геннадий Васильевичтің өлігі, қасындағы Наташа оның шашын жөндейді. Ол сөйткенімен маған алыстаған жоқ. Геннадий Васильевичті сүйген ол оны есінен шығармай-ақ, мені жақсы көреді. Жақсы көретініне мен сенемін.

Бұл не? Неге мен өз анама әділетсіз қараймын! Леонид Иванович палатадан шығып кетті. Қоштасарда:

— Шылым шегейін... — деп кешірім сурады. Анам отыр. Бейсенбі күні қандай тамақ әкелем деп сұрады. Содан соң:

— Сенімен ақылдасайын деп едім. Қалай, саған Леонид Иванович ұнай ма? — деді.

Маған, мүмкін оны ренжітіп алмас үшін жылы сөздер айту керек еді. Бірақ таба алмадым:

— Несі бар, меніңше әдемі. Үйлен!

— «Үйлен» емес, «күйеуге шық», — деді анам қызарып.

— Ал, күйеуге шық! Бәрі бір емес пе!

Ол қуанып кетті, Леонид Ивановичті мақтай бастады:

— Өте байсалды адам. Мені құрметтейді. Және менің жасымда жалғыз болмайын деп...

Ол асықты:

— Оны қуантайын. Күтіп тұр ғой...

Қызығы, ол Наташа жайлы сұрамады. Өткен жолы адресін әкеліп берген. Ксения Павловнаға барып, әңгімелескен болуы керек. Ал, маған тіс жарған жоқ.

— Ал, мен кеттім... Жақсы ма? — деді анам тағы.

— Сәл кідіре тұр, — дедім кенет. — Мен де саған айтайын деп ем. Қысқаша айтқанда, мен де үйлендім... Және әлдеқашан!

— Не деп отырсың? Қалай үйлендің?

— Иә, иә, майданда жүргенде бізде... біздің сәбиіміз де бар, бар...

Не айтқанымды өзім түсінбеймін. Наташаның бұрынғы хаттарынан байқағанымды айта салдым.

— Қалай бұл? Саған оқу керек, білім алу керек! Бұл мүмкін емес! Сен әзілдеп отырған шығарсың! Сен...

— Жоқ, әзіл емес, мама, — деп қыңырайдым. — Бәрі де жақсы болады. Ал, сен үйлен, мама. Рас айтам. мама...

— Саған айттым ғой, «үйлен» емес, «күйеуге шық», — деп түзетті, содан соң жылап жіберді: — Сенің қарсы болмағаныңа сондай қуаныштымын... Мен сенің...

Бұл Москвадағы аса ауыр жыл болды. Тамақ жоқ. Госпитальдың тамағы қырық үштегіден артық емес. Айналамыздағы адамдардың, дәрігерлердің, сестралардың, ауруларға келетін туған-туысқандарының — бәрінің де тұрмысы ауыр. Москваның базарында ғана емес, кез-келген жерінде — алыпсатар саудагерлер. Дүкенде жоқтың бәрі солардан табылады.

Жұмыс істемей, күні бойы төсекте жататын бізге ештеңе емес, өлшемді таңертеңгі тамақтан өлшемді кешкі тамаққа дейін ептеп шыдауға болады.

Басқалардың жағдайы нашар. Өмір өзінің күнбе-күнгі күрделілігімен, қиындығымен адамдарды әбден қажытып жіберді. Сондықтан олар кешегі өткен соғыс кезін де еске алуға мұршасы болмай, бүгінгі күннің қасіретіне батуда.

Вера Михайловна бірнеше күн бойы қабағы ашылмай жүрді. Мен не болғанын білгім келіп, сыр тартып көріп ем:

— Ештеңе емес, — деп бір ғана жауап беріп жүрді. Кенетттен баласы жайында сұрағанымда барлық сыры ашылып қалды:

— Ой, хәлім жаман, жаман, не істейтінімді білмеймін. Сүт шықпайды, ал Вовка болса ауру. Дәрігерлер: «Тамақ, тамақ беру керек» дейді. Сегіз жүз сомға қандай тамақ келеді. Анам да қарт, жатады... Әбден қажыдым...

Ол жылап жібере жаздады. Менің сағатым бар еді.

— Вера Михайловна, алыңыз! Мүмкін ақшаға не тамаққа айырбастарсыз... — дедім.

Ол ренжіп қалды:

— Мен сол үшін айтып отыр дейсіз бе... Сізге ұят емес пе...

Содан маған бірнеше күн сөйлеспей жүрді.

Бір кеште палатадағыларға:

— Ал, ағайындар, егер мен терезеден бір екі сағатқа кетіп қалсам, айтып қоймайсыздар ма? Мына сағатымды сатуым керек...

Көршілер айтпауға уәде берді. Енді көшеге қандай киіммен шығуым керек. Жаз болса бір сәрі, қақаған қыста қиын-ақ.

Жалаң халатпен шығам ба? Рас, менің жылы шұлығым бар. Оны киіп алсам, тоңдыра қоймас.

Мен госпитальды мекендеушілердің неше түрлі саяхаттары туралы талай естігем. Кейбіреулер, шамасы, кезекшілермен келісіп, кәдімгі есіктен-ақ өтіп жүре береді. Тіпті біреу екінші қатардың терезесінен түсіп және ешкімнің көзіне түспей-ақ, түк болмағандай қайта оралған. Біреулер жақын жердегі Преображенский базарына барады, енді біреулер түнге қарай жеке шаруасымен кетеді. Неліктен менің қолымнан келмейді? Егер анама шаңғыға киетін костюмімді әкеліп бер деп өтінсем ше? Әлі бүп-бүтін деп өзі айтқан. Маған аздап қыдыруға рұқсат етті деп анама түсіндіруге де болады.

Жоспарым ойдағыдай шықты. Анам костюмімді әкеліп берген күні кешкі тамақтан кейін терезеден шығып кеттім.

— Алаңдама... Бірдеңе болып жатса, шылым шегуге шығып кетті немесе іші ауырып жүрген дей салармыз. Тек жоқ болып кетпе!..

Жұрт маған көздерін алартып қараған, шамасы, менің госпиталь терезесінен секіріп түскенімді байқап қалса керек, құдай ұрғыр бұрыштан өте беріп, Яузаға қарай, оңға бұрылдым.

Жолым болғанда, көпірдің үстінде топ-топ адамдар:

— Аблигация сатып аламын! Аблигация! — деп жүр екен.

— Сағат кімге керек? Алтын сағат...— деп жүгіріп келдім.

— Қане, көрсет, қайдан шыққан? — деді біреуі.

— Швейцариянікі, — дедім.

— Үш жүз берем.

— Жоқ! О не дегеніңіз!

— Қанша сұрайсың?

Мен бес жүз дегім келсе де, батылым бармады.

— Төрт жүз.

— Алдым.

Ол санап берді де, сағатты кеудесіне сүңгітті.

— Тағы нең бар?

— Жоқ, ештеңем жоқ.

— Саған костюм неге керек, госпитальдікі бола тұра?

— Костюм өзімдікі, неге госпитальдікі? — дедім.

— Костюм емес, өзіңді айтам, госпитальдікі деп.

— Оны сіз қайдан білесіз?

— Сендердің адамдарың жүгіріп келіп жүреді ғой, — деп күлді жігіт. — Ал, қане, жүз сом беремін!

Мен ойланып қалдым: госпитальға қалай жетем?

— Жақын ғой, жүгіріп барасың, — деді ойымды оқып алғандай.

— Шеш!

Мен толқып тұрдым. Жігіттің рақымы түсті:

— Жарайды, госпитальға дейін апарайын. Сол жерде шешіп берерсің. Қай қатардасың?

— Бірінші.

Терезенің алдында костюмді шештім.

— Ұста! — деп саудагер жүз сомдықты ұстатты.

— Жылын, жылын, өкпеңе салқын тиіп жүрер, — деп көршілер көрпе жауып жатыр. — Костюмін де сатып жіберіпті. Ақша неменеге қажет болып қалды?

— Жәй, — дедім көрпе астында бүркеніп жатып, — керек...

— Ал, біз... Сен Верочкамен әңгімелестің ғой. Біз оған ақша жинап берсек деп отырмыз. Екі жүздей жинап қойдық. Сен мүмкін аздап қосарсың! Ә!

Далада қар жауып, бұрқасын жүріп тұр. Әлі де таңертеңнен кешке дейін сықыр-сықыр аяқ дыбысы естіледі. Осылай ұзақ болған тәрізді. Адам жатқан кезде уақыт жәй өтеді. Старшинаның бетіндегі дәкені де алды, енді ол қайта-қайта сынық айнаға қарай береді. Қарайды, үндемейді. Кіші сержанттың байлағанын әлі шешкен жоқ. Ол дәкенің саңылауынан көзі жылтырап старшинаға қарайды, бұл да үнсіз. Маған ине салып жатыр. Күніне екі рет. Ең қауіпті жағдай артта қалды ғой деймін.

— Енді бір ай, көгершінім, содан соң — столға! Ті-леміз! Тілеміз! — дейді Гурий Михайлович.

«Тілеміз» деген сөзден қорқып жатқан мен жоқ. Тілу — кесіп тастау емес. Ал, оқты ала берсін! Оның үстіне оқ, менің бақытыма, Вера Михайловнаның айтуы бойынша, жұмсақ еттің арасында жатқан көрінеді.

Жатқан кезде, жақсы ойлайсың. Үй туралы, менің ойымша, қазір әдемі алып корабльде Владивостоктан Курилға жүзіп бара жатқан біздің балалар туралы. Айтқандай, қазір қыс қой, сондықтан олардың жүзіп жүруі мүмкін емес. Енді, көп кешікпей, ең қысқа ай ақпан бітеді, содан соң...

Мен қаңтарлар, ақпандар, наурыздар туралы ойлаймын...

«Бала, әй, бала! Тоқта! «Бұл қаңтарда болған. Қырқыншы жыл. Алты жыл бұрын. Ал, содан соң сол жылы, бірақ наурызда: «Ал, мен соғыстардың бұлай аяқталатынын білмейтін де едім...» Және — «Сен есейіп кетіпсің». Онда біз, Петровкамен келе жатып, соғыс жүріп жатқанын, оның қандай болатынын білмегенбіз. Хаттар, осы госпитальда жатып күндіз-түні күткен хаттар: «Саламатсың ба!» «Саламатсың ба!» Және қайтадан госпиталь емес, майдандағы медсанбат және тағы қаңтар: «Ал, сен қалайсың? Қалай? Жаңа жыл құтты болсын!» Содан соң аппақ шағын ас бөлме, белгісіз бір поляк деревнясы, таң алдындағы жай және оның есік сыртында тұрған полковникпен әңгімесі, ақырында маған айтқаны: «Асықпа! Ештеңе айтпашы! Жақсы ма?», Ал, енді не болады, сен ойладың ба?» — Бұл Лигницте. Содан соң оның хаттары, қағаздары: «Жаным! Алты жыл ішінде қанша хат алдым...»

Бүгін мен өзімді күтіп тұрған бір қуаныш бардай, керемет көңілді ояндым. Жақсы түс көргім келіп, көзімді жұмдым. Түс, түс, бірақ түнде мен түс көрмеген сияқтымын. Ал, бүгін мені не күтіп тұр екен. Неменеге қуаныштымын?

Менің көршілерім бірдеңе деп сыбырласады, мен естігенім жоқ. Тағы көзімді аштым. Қандай жарық, жылы! Ал терезе сіресіп тұр. Өрнектер. Тек терезенің төменгі жағы ғана жылтырайды, арғы жағы қар, қар. Төменгі жағында жылу батареясы бар, сондықтан терезе әйнегі қатпай тұр. Тағы да сықыр-сықыр қар. Біреулердің сөйлеген дауысы. Осыдан бір жұма бұрын мына терезеден қалай қарғып түскенімді қазір елестету қиын.

Дегенмен бүгін... Бүгін не болар екен?

— Сен ояндың ба?

Бұл — старшинаның үні.

— Ояндым.

— Иә, — деп күрсінді ол. — Міне, қандай жағдай...

— Немене?

Мен басымды көтеріп жан-жағыма қарап ем, кіші сержанттың төсегі бос тұрғанын сонда ғана көрдім.

— Қандай жағдай? Ол қайда?

— Сен шынымен ештеңе сезбеген екенсің ғой? Ал, біз ойлағанбыз...

Мен ештеңе түсінбедім. Ештеңе естігенім де жоқ.

— Қайда ол? Шынымен өліп қалды ма?

— Егер солай болса ғой, інішегім... Одан да жаман... Біздің кіші сержант құтырып кетті. Түнде алып кетті. Әрең байлады. Әл бермей, сестраны ұрды. Міне, мені де жарақаттады. Аянышты... Тамаша жігіт еді...

— Үндемей жататын еді... Шамасы, көп ойлаған ғой, — деді екінші көршім. — Қалай жылады дейсің, құйттай бала тәрізді... Бетім жоқ, басым жоқ деп өксіді. Өзінің бетін іздейді. Міне, соғыс дегенің қандай!

Мен хат күтіп жүргем.

— Саған хат, — деді Вера Михайловна. Мен үшбұрышты хатты жұлып алдым да, бірден біле қойдым: одан емес.

Бұл — Макака.

«Біз ақыры жаңа жерге жеттік. Бір айдай жүрдік. Жаурадық. Тіпті станцияларда ыстық су да болмады.

Мұнда жаман емес. Тек уақытша тұрғанымыз қиын. Мамырда, мұз түскесін тағы ілгері кетеміз.

Бізде бәрі сау, аман. Катонин мен Буньков бізде қалатын болар. Өзге офицерлердің бәрін басқа бөлімдерге ауыстырып жіберді. Балалар бұрынғы. Жері әдемі екен. Нағыз тайга. Аңдар көп.

Жақын жерде тұтқын жапондардың лагері бар, біз соны күзетеміз деп жүр.

Тамағымыз жақсы. Венгриядағыдан тәуір.

Балалар сені жиі естеріне алады. Протопопов бұрынғысындай. Әлдеқандай болып жүр.

Комсоргтің міндетін әзірше мен атқарып жүрмін.

Тезірек кел, әйтпесе менің мұндай жұмыстарға қабілетім жоқ. Егер қиын болмаса, мамама телефон соғып, амандығымды айтарсың (Телефон К 2-44-23). Мені уайымдамасын. Өзім де хат жазармын.

Бізде кино жиі болмайды, болатындары да ескі. «Үш танкышы», «Антоша Рыбкин», «Үлкен вальс» және «Леди Гамильтон», «Аупартком хатшысы!».

Сенің денсаулығың қалай? Аяғың тәуір болды ма?

Мен сенімен хоштаса да алмадым: сенің қызуың көтеріліп, ешкімді танымай, сандырақтап жаттың.

Маған хат жаз. Адрес сыртында, бұрынғы емес. Тезірек жазылып кел!

Сәлеммен, Витя Петров»

Хаттың төменгі жағында қысқа жазу бар екен: «Ауырма! Жата берме! Күтіп жүрміз! Н-ның қайда жүргенін білгім кеп, іздестіріп көріп ем — ештеңе шықпады. Әлі де іздестіремін. Қайғырма! Құшақтаймын!

Сенің Максим Буньковың.

Ол палатаға аяздан беті қызарып, гимнастеркасымен, етігімен кірді. Қолында қабат-қабат көрпеге ораған бір нәрсесі бар — тірі, шашы қара, көзі бадырайған, өзі дем алып жатыр.

— Міне, — деді ол, — біз келдік... Сен қалайсың? Күттің бе?

Вера Михайловна екеуміздің айналамызда ештеңе түсінбеген күйі бәйек болып жүр:

— Мұның қалай, Наташенька? Қалай? Порт-Артурда бірге жаттық қой! Бірге босандық... Ал мен ештеңе білгенім жоқ... Атын кім қойдың?

— Атын? Әлі ат қойғаным жоқ, Верочка. Қалай деп атайтынымызды ақылдасамыз. Егер бұл ұмытып қалмаса... Мүмкін, Надюша дерміз!

— Надя, Надежда — жақсы ат! Ой, қандай жақсы болды, Наташенька! — деді Вера Михайловна.

— Сен неге жазбадың? Неге? Мен саған жаздым ғой, — деп күңкілдедім осының өңім екенін, не түсім екенін ұға алмай отырған мен.

— Ашуланба, — деді Наташа. — Мен жай... Жәй, өзім көп нәрсені ойладым...

1961 ЖЫЛ

...Кешкісін мен Любаны балалар бақшасынан алып қайттым. Осы жүрісім өзіме ұнайды: ертемен — балалар бақшасына, кешкісін — үйге. Бір кезде Надюшка екеуміз де осылай жүретінбіз.

— Ал, Надя үп-үлкен болып, балабақшаға қалай барды? — деп таңырқайды Люба.

Осылай Москва көшелерінде осындай сұрақтарға жауап беріп қойып келе жатуды ұнатамын.

— Мамам сенің келгеніңді білмейді, ал мен білемін! — дейді Люба.

— Жоқ, мамаң біледі.

— Бәрібір мен бұрын білдім. Маған мамам да емес, Надя да емес, сен келдің ғой!

Көктемнің ылғалды ауасы тап-таза.

Айнала жарық, торғайлар шырылдайды, тротуар жанындағы машина, автобустардың ізіндегі шалшық суларға көгершіндер шомылады. Адамдар да, машиналар да асығып барады. Светофор оттары жымыңдайды. Айналаның бәрі күндегіше қарбалас, көңілді.

— Надя да сен секілді, кішкентай болған, — деймін.

— Ал мен үлкенмін.

— Яғни, Надя да сен секілді үлкен болды. Бірақ оның балабақшаны қандай жақсы көргенін білесің бе? Тіпті жексенбі күндері де біздің балабақшаға барғанымызды қалайтын...

Люба үндемейді. Содан соң басқа бір нәрселер туралы айтып кетеді. Кенет:

— Мен де балабақшаны жақсы көремін, — дейді. Ол әдейі айтып келеді: менің неге үндемей қойғанымды түсініп құлаққа жағымды сөздерді маған әдейі айтады.

— Қойшы, шынымен жақсы көресің бе?

— Жақсы көремін! Рас айтам, жақсы көремін! Осыдан бір жыл бұрын болған жағдайды ол қазір біле ме екен? Люба сағат жетіде оянғанда, көзінің жасы бірге тамшылайды, ал біз балабақшаға сегіз жарымда келгенде әлгі көз жасы өксуге айналады. Мен үйтіп-бүйтіп, жасырынып кетіп қаламын... Ал, кешкісін... Кешкісін мен Люба балалармен бірге болмағанын, меңгерушінің бөлмесінде біресе «мамасына», біресе «папасына» телефон соғып отырғанын есітемін.

Ал, балабақшаға баратын жолда ше? Ой, оның қандай жол екенін білсеңіз! Люба көпірдің үстіне құлап, аяғын соғып тарсылдатып: «Сол балабақшаға барғанша мені қабаған иттер жеп қойғаны жақсы!» — деп көшені басына көтереді.

— Мен де жексенбіде балабақшаға барғым келеді, — дейді қазір маған Люба. — Надя сияқты! Көресің ғой! Ал, жексенбі қашан?

Мен Любаға жексенбі қашан екенін айтамын. Содан соң сұрақ қойдым:

— Сен Гагарин туралы бәрін білесің бе?

— Гагарин емес, Юрий Алексеевич Гагарин! — деп Люба мені түзетеді.

...Мен балалық шақ туралы — өзімнің және біздің — ойлап келемін. Мүмкін, бүгінгі балалардың балалық шағы мен жастық шағына ұқсамайтын балалық пен жастық шақ жайлы. Алайда ұқсамаудың өзінде ұқсастық болады. Соның бәрі біздің есімізде ме?

Біз қазір Люба екеуміз көшемен, тіпті, проспект бойымен — ол қазір дәл осылай аталады — келе жатырмыз, бірақ бұл проспект бір кезде жоқ еді ғой. Жол ғана бар болатын, біз осында шаңғы тебуге немесе жәй қыдыруға келетінбіз! Біз! Ал біз сол жылдары қандай едік? Және біз осы жолдың бойымен майданға кеттік — бүгінгі проспект майданға ең жақын алаң болды ғой. Біз сол алаңмен алға жүре бердік, жүре бердік, бірақ өзіміз қандай едік?

Біз, Люба екеуміз, жасыл желекке оранған, кең Ленинград проспектісімен келе жатырмыз. Люба екеуміз келеміз. Ал, мен Надюша жайлы ойлап келем. Және Наташа жайлы. Оның үйге ертерек келетіні жақсы болды.

Люба ұйықтап қалды. Бұдан бір сағат бұрын Наташа телефон соққан еді:

— Ашуланба, менде партком. Кете алатын емеспін!

Ертерек келем дегені осы болса!

Бірақ мен ашуланбаймын. Мен оны күтіп отырмын. Біз Надюша екеуміз отырмыз.

— Папочка, содан соң не болды?

Біз ұзақ отырдық. Өткен уақыттар туралы айттық. Қырқыншы, қырық бірінші және кейінгі жылдар туралы. Бұлар жайлы көп-көп айта беруге болады.

— Енді бар, сабағыңа әзірлен, — деймін Надюшаға. — Мамаң келмей тұрғанда...

— Кейін маған тағы айтасың ба?

— Айтамын...

— Өткенді қайталауға кеттім.

— Сен бәлкім, мұны түсінбейтін шығарсың, — деймін. — Бірақ өткенді білмей тұрып, бүгінгіні ұғына алмайсың. Өткенді қайталау деген...

— Не туралы айтып отырғаныңды білемін, — дейді Надюша. — Бүгін Шереметьевода кубалықтарды қарсы алдық. Біреуі жақсы сөйледі. Біз сіздердің жасағандарыңызды — революцияны қайталап жатырмыз дейді. Бізге жеңілірек, өйткені біз сіздер салған жолмен келеміз дейді. Сен осы туралы айтып отырсың ғой?

— Осы туралы да, Надюш. Ал, сен, тіпті, өсіп қалыпсың. Жарайды, бар!

Надюша сабақ оқып отыр, мен Наташаны күтіп отырмын.

Телефон шырылдады. Сол болар!

— Надяны шақырыңызшы, — деген байсалды жуан дауыс.

— Қазір. Надюш, сені шақырады. Надя біреумен сөйлесіп тұр.

— Папочка, бұл Игорь! Оның... әкесі ауырады... Мен барып келейін бе?

Мен басымды изеймін.

— Игорь, мен қазір келемін, — дейді ол трубкаға. — Иә, иә, қазір. Маған рұқсат берді.

Надюша есік алдына барып үлгерді.

— Тоқтай тұр, — деймін. — Фамилиясы қалай?

— Кімнің?

— Ана Игорь дегеннің.

— Баринов, немене? — деп түсінбейді Надюшка. — Сен білесің ғой.

Әрине, атын да, фамилиясын да естідім. Ондай фамилиясы барлар көп қой. Бірақ бұрын қалай ойламағанмын мен...

— Сен білмейсің бе, Игорьдың ағасы болды ма екен? — деп сұрадым. — Үлкен ағасы?

— Әрине! — деп таңданды Надюша. — Мен саған айтып едім ғой. Ол соғыста, Берлинде қаза тапқан. Саша. Сенің есіңде жоқ па?

— Есімде, есімде. Жарайды, бар, бар! — деп асықтырамын Надюшаны. — Бірдеме бола қалса, маған телефон соғарсың. Жақсы ма?

...Міне, Наташа да келді. Ол шаршап, беті бозарып кетіпті. Тегі басы ауырған болар. Сонда да бұрынғыдай.

— Ал, саламатсың ба? — дейді ол. — Амансың ба?


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз