Өлең, жыр, ақындар

Абайдың 17-қарасөзіндегі "жүрек" ұғымының философиясы

Қарасөздерінде даналықты, оқу-білімді, жақсы қасиеттерді ту еткен Абай Құнанбайұлы өзінің бүкіл шығармашылығында бір ғана «жүрек» сөзін бірнеше мағынада 107 рет қолданған. Ал «он жетінші қарасөзінде» баян етілген оқиға негізіне мән берсек, қайрат, ақыл және жүрек айтысып, ғылымға жүгінгендерінен басталады. Өз өнерлерін, адам баласы үшін қаншалықты керек екендерін тілге тиек етеді. Осы тұста қайрат «дүниеде менсіз еш нәрсе өрге баспайды. Ерінбей-жалықпай оқу да, дүниеге лайықты өнер, мал табу да, орынсыз нәрсеге үйір қылмайтын, бойды таза ұстайтын, нәпсі шайтанның азғыруынан құтқаратын да мен емес пе?» десе, ақыл «дүниеге не ахиретке пайдалы яки зиянды болса, оның аражігін ажырататын мен емес пе? Менсіз қалай пайданы іздейді, залалдан қашады, ғылымды ұғынып үйренеді?» депті. Содан кейін жүрек «адамның денесінің патшасы – менмін. Қан менен тарайды, жан менде тіршілік қылады. Менсіз тіпті өмір жоқ. Қолында бәрі бар, қарны тоқ кісіні аш-сусыз жүрген кедей жайында ойлатып, жанын ашытатын, ұйықтатпай дөңбекшітетін, үлкенге ұят сақтап, кішіге рақым қылатын – мен. Адам баласын алалаған да емеспін: жақсылыққа үйір болып, жамандықтан қашатын әділет, ынсап, ұят, рақым, мейірім осы нәрселердің бәрі менің бойымда» деген екен. Сонда ғылымның жауабы: «қайратсыз ешнәрсенің болмасы хақ. Алайда, жақсылықпен қатар залымдыққа бет бұру да сенің ісіңнен болуы мүмкін. Ал ақылсыз ешнәрсе табылмас. Бірақ, айла-амал, қулық-сұмдық сен арқылы сыртқа  шығады. Жүрекке бағынса қор болмайды. Үшеуіңнің басыңды қосып, бәрін жүрекке билету – менің ісім» деп түсіндіріп айтыпты да, сөзінің соңын «құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы» деумен аяқталған [1, 297 б.]. Ғибратты негізде өз оқырманына үш нәрсені бірдей ұстап, көп жағдайда жүрекпен шешім қабылдау керек екенін жеткізеді. Мәтінге назар аударсақ, Абай хакімге дейін Құран аяттарында, хадистерде, сондай-ақ, әл-Фарабидің философиялық трактаттарында осы желіні байқай аламыз. Яғни, жүректі үстем етіп көрсету – ең негізгі басшылыққа алынған қағида. Реминисценциялық тәсілмен өзіне дейінгі туындылардың құрылымын еске түсірген. Көркемдік жүйе элементі болып саналатын бұл ұғымның негізгі қызметі қазақ тіліндегі аудармасымен тікелей байланыстылығын ескерсек, Абай қолданған бұл тәсіл арқылы әдеби түпнұсқаға жасалатын тікелей түрленген конструкция болып табылады.

«Ең алдымен жаратылатын нәрсе – жүрек» дейтін әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындары» деген трактатында жүректің ешқандай дене мүшесіне бағынбайтыны, ал ақылдың үстемдігі екінші болып жүре отырып, барлық мүшелерді билесе де, ақылдың өзін жүрек билейді, сондай-ақ, жүректің жақсылыққа негізделетін қасиеті – жылулық сыйлау сипатын [2, 199 б.] айқындайды. Сол себептен болуы керек, дана халқымыз «жүрек жылылық ұясы», «жүрегінен жылу іздеу» сынды сөз тіркестерін қолданып, сұлу сөздің шырайын кіргізген. Абай таныған «жүрек» рахым-шапағат, мейірім, жақсылық, адамгершілік сезімдерінің баламасы ретінде қолданылған. 

Абайтану ғылымындағы теориялық негіздерге сүйенсек, Абайдың көп қозғайтын тақырыбы да, кейіпкерлері де – мәңгілік құндылықтарды құрайды. Қай заман, қай ғасыр болмасын, өз маңызын еш жоймайды: «Абай көрсеткен – «ыстық қайрат», «нұрлы ақыл», «жылы жүрек» –  ешуақытта тозбайды... Өмір құбылыстары мен адам болмысы осы негізге байланысты» [3, 72 б.]. Бұл пікірдің ғылыми маңыздылығы жағын қарастырсақ, Абай өз туындыларына авторлық сілтеме қалдырған.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Құнанбаев А. Шығармалар жинағы. – Алматы: «Өлке» баспасы. 2014 ж. 2-басылым. – 512 б.

2. Аль-Фараби. Избранные трактаты\ Перевод с арабского. – Алматы: Гылым, 1994. – 448 с.    

3. Дәдебаев Ж. Абайдың антропологизмі. – Алматы: Қазақ университеті, 2014. – 238 б.

Әлиасқар Еркеайым, Байсалбай Гүлсезім, Жанатаев Данат, Қазыбек Аружан


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар