Өлең, жыр, ақындар

Шахмет туралы бірер сөз

Замандас, қаламдас, қадірлі жолдастарымыздың бірі Шахмет Құсайынов дүниеге келгелі міне бүгін 70 жыл өтіпті. Біз қазір соның құрметіне жиналдық. Ортамызда Шахмет жоқ, бұл құрметімізді көрсе көңілі бір тасыр еді, көре алмай кетті. Кетсе де бізге, бізден былайғы ұрпақтарға өзін ұмыттырмастай мұра қалдырып кетті.

Мұралар қилы-қилы, алуан-алуан, бірі аз, бірі көп жасайды, бірі арзан, бірі қымбат. Мұралардың ішінде сөзден қымбаты, асылы бола қоймас. Асыл сөз кірлеген көңілді тазарта алады, қажыған көңілге қуат бере алады, асқан көңілді басып, қараңғы көңілге шырақ жаға алады. Сөз құдіретін еркін пайдаланған адам халқына өмірлік рухани азық, өзіне алтыннан ескерткіш қалдырып кетеді.

Шахмет әрине бұл дәрежеге жете алмады. Жеттім, деп ешбір жазушы айта алмайды, айтса тек халық қана, тарих қана айта алады.

Шахметті біз совет жазушысы деп құрметтейміз. Совет жазушысы деген өте ардақты атақ. Оны халық сүйеді, өйткені ол ұлы дәуірдің ойын, сырын жырлаушы, көркін суреттеуші, ғасырлар бойы қалыптасқан қауымды, табиғатты өзгерте, жаңарта отырып, ешқашан ешкім шықпаған өмір биігіне көтеруші — совет дәуірінің қалам қайраткері.

Шахмет осы таудай міндетті, тамаша мақсатты әбден түсінген, білек сыбана кірісіп жаңа дүниенің кірпішін халқымен бірге қаласқан, артына елеулі еңбек қалдырған жазушы.

Шахмет әдебиетке оңай келмеді. Қиын-қиын өткелдерден өтіп келді. Бүгінгі жас жазушылар оның бірде-бірін көрген жоқ, қиын өткелдерге көпір салған, қараңғы көшелерге шам жағылған кезді көріп отыр. Ал, Шахмет сияқты өнер-білімге талпынған жасты кешегі тап күресі кезінде асыра сілтеушілер немесе тап күресін жеке бас күресіне пайдаланушылар тұжырып бақты. Бірақ, талантты, оны қолдаған күшті қолды ешқайсысы қайыстыра алмайды. Шахмет ақыры қазақ совет әдебиетінің төр жағынан өз орнын алды.

Жазушының әдеби еңбектерімен қоса жалпы адамшылық, азаматтық сипаттарын да халық ескере отырады. Бұл жағынан қарағанда Шахмет ақжарқын, ақпейіл адам, өнер - білім өріне өрмелеуден жалықпайтын, қолынан келген жақсылығын жақыны түгілі алысынан аямайтын, мейлінше кірімді, үйірсек, бүкпесіз жолдастыққа, достыққа құмар жомарт көңілді жан еді. Бұл қасиеттері алдымен өзінің ошақ басына, семьясына әсер етсе керек. Кейде бүкіл ауылға, аймаққа жүрген ықпалдың семьяға жүрмей қалатын кезі болады. Шахмет ықпалы, дәлдеп айтқанда тәрбиесі семьясына әбден сіңген тәрізді. Ол семьяны көрген сайын қазақтың: «Ата көрген оқ жонады, ана көрген тон пішеді» деген мақалы еске түседі.

Осымен сөзді қысқартып, Шахметтің 70 жылдығына арналған жиналысты ашық деп жариялаймын.

1976


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз