Өлең, жыр, ақындар

Ересен ерлік жемістері

Тың эпопеясы басталардың аз-ақ алдында мен болашақ кітабымның кейіпкерлері мекендеген, үйлі-баранды болып, сүйіспеншілік өмір кешірген, бақытты тұрмыс үшін күрескен — Сарыарқа даласын ұзақ араладым. Қойдың жабағысындай туырылған ақ қаудан, бұйра көде жамылған осынау ұлан-байтақ даланың йен ортасындағы бір шағын ауылда менің балалық шағым мен жас дәуренім өткен. Осы өлкеге келген сайын мен ойға қаламын: еңсере игеріп, игілікке жаратса халқымызға, Отанымызға пайдалы жер қанша екен? — деп сұрақ берем өзіме. Осынша қисапсыз егін-жай өткен заманда пайдасыз жатты-ау! Енді ой жіберсем ол заманда біздің ауылдарымыз сай-салалардың қабағынан адырлардың баурайынан тілдей-тілдей жер жыртып егін егетін. Сонша бейнеттеніп салған егіндерінің өнімі тамағына жетпейтін.

Біздің ауылдарымыз нанды — әлденеше ру елдің күн көргіші, тіршілік азығы болған малмен бірдей бағалайтын. Қазақстанда колхоздар ұйымдасқанға шейінгі бір көне салтты осы арада айта кетейін: жер иесі өзінің жарты немесе ширек десятина егісінің шамалы бір бөлегін сүйікті ұлына арнайтын. Оны «белтек» деп атайтын. Әкем өзінің бір десятина егісінен маған да «белтек» бөліп берген.

Менің «Дауылдан кейін» романымның қаһарманы Аманкыв, қазақ ауылында Совет өкіметін нығайту орайындағы күресті астық үшін күрестен бастауы да тегін емес. Мен бұл арада әлде қашан өтіп кеткен» сонау алыс жылдарда біздің жартылай көшпелі ауданымыздың кедей-жалшылары Жер серіктігіне (ТОЗ) ұйымдасқан жылдарды әдейі еске алып отырмын. Мұның өзі Қазақстанда бүкіл ауыл шаруашылығын қайта құру, колхоздар ұйымдастыру шараларының бастапқы қарышты қадамы еді. Ауыл еңбекшілерінің нағыз көпшілік бас қосқан ерікті ұйымы болған — «Қосшы» одағы бізге ұзақ мерзімді қарызға соқа, тырма берді, ақша берді. Сонда Ақбұйрат тауының баурайындағы шұрайлы кең алқапты адам қолы тебірендіре бастады. Біздің қазақ егіншілері егіннің ебін, жер кәсібінің сырын ішкі Россиядан қоныс аударып көшіп келген орыс шаруаларынан үйренді.

Жазушы өзінің болмысында, табиғатында арманшыл. Жаңа жыл қарсаңында мен өзімнің өткен өмір жолыма көз жіберемін де, есім кетіп таңданамын. Бұл күнде мен жетпістен асып та кеттім. Көп жасадым, қыруар еңбек атқардым. Сонда да әлденені жазғалы қолыма қалам алғанда әрдайым келешекке, ертеңгі күнімізге жіті көз жібергім келеді. Ал енді сол күн келіп жеткенде, оның өзі қас қағымда өте шыққандай болады. Менің кітабымның қаһармандары осы өткен таяу жылдарда ғана өз ата-бабаларының жерін жаңартуды, машинаны, тракторды, қазақ аулындағы жоғары дәрежелі білімі бар оқымыстыны арман етіп еді. Ал, бүгін менің туған жерімдегі өмір шындығы сол армандардың бәрінен де әлдеқайда асып кетті.

Алғашқы кітаптарымның қаһармандарының балалары мен немерелері мекендеген туған жерді аралағанда көрген керемет жаңалықтар, ғажап өзгерістер мені қатты тебірентеді, Күзгі егін орағының қауырт шағында бүкіл ел еңбекке жұмылған. Бұл еңбек майданында менің жерлестеріммен бірге ересен қыймылға басқан орыс, украин, белорус, өзбек, молдаван, Советтік Отанымызды мекендеген басқа да сан ұлттардың ұлдары мен қыздарын көрдім. Көне Сарыарқа даласында олар бір әке, бір анадан тараған — ғажайып әсем дүние жасап жатқан тарихи қажетті іс атқарып жатқан ордалы семья сияқты.

Мен туған жерімді, жылма-жыл жасарып, жаңарып жайнап келе жатқан шахтерлер Қарағандысын — менің жастық шағымды итиген бірнеше жер барактан басқа тұлдыры жоқ сорлы қаланы, бүгін бүкіл Одаққа, әлемге аты әйгілі көмір алыбының астанасын танымай қаламын. Бүгінгі күні металлургия алыбы — Қазақстан Магниткасы бой түзеген. Теміртаудың орнында бір кезде біздің ауылдың киіз үйлері тұратын. Арнасы шағын, суы тайыз Нұра өзені еңбек адамдарының қолымен жасалған Самарқан теңізіне құйылды, қарт Ертістің суы канал арқылы Қарағандыға жетті. Бүгінгі жүзеге асырылып жатқан алып құрылыстар мен таңғажайып істер біздің замандастарымыз үшін, әсіресе жастар үшін күнделікті өмір тынысына айналды, үйреншікті тірлік қажетіне айналды. Осылай болуы да заңды. Неге десеңіз, жас жұмысшылар, мамандар өз ісін жете біледі, есеп-қисап, жоспарлау дегеніңізді жете меңгеріп алған. Олар шетінен үнемшіл, есепшіл, ұқыпты. Олар өздерінің алдарына ірі міндеттерді қоя да біледі, ол міндеттерді ойдағыдай атқара да біледі. Маған олардың осы асыл қасиеттері ұнайды. Біздің көшпенді ата-бабаларымыз қысы қақаған жұт жылдарында төрт түлік малына қыс аяғында бір құшақ пішен тауып бере алмайтын.

Кейінгі үш маусымда — тың игерудің жиырма жылдығына дөп келген орақ маусымын қоса есептегенде Қазақстанның тың жерлердегі колхоздары мен совхоздары мемлекетке 2.830 миллион пұт астық сатты. Ал тың жерлерді игергенге дейінгі соншалық мезгіл ішінде өндірілген астық бар болғаны 320 миллион пұттан аз-ақ асады.

Тың дегеніміз — ондаған жаңа қалалар мен жүздеген жұмысшы поселкелері, тұрмыстағы сан алуан жаңалық, қаулап өскен жаңа адамдар. Осыншама табысқа жеткізген күштің қайнар бұлағы неде? Менің халқымды таңғажайып биік шыңға көтерген, ғасырлар бойы мызғымай, пайдасыз жатқан жерінің көл-көсір мол қазынасын ашуға көмектескен нендей ұлы күш?

Тың эпопеясының 20 жылдығына арналған Алматыдағы салтанатты мәжілісте Л. И. Брежневтің айтқан сөзі есімнен кетпейді. Қазақтардың және еліміздегі бар-барша ұлттардың құдіретті күшімен игерілген тың — ол социалистік интернационализмнің тамаша үлгісі. Әмбе сұрақтарға берілетін ең басты жауап осы.

Біздің керемет істеріміздің құдіреті, ұлылығы мен кең аумағы, — біздің бірлік-достығымызда, совет халықтарының бұлжымас достығында. Біздің Совет Одағы өмір сүріп келе жатқан жарты ғасырда менің Қазақстаным шын мәнінде сұңқардай қиян-қияға самғады. Республикада өнеркәсіп өнімі 600 есе өсті. Бұл жұлдыздар әлемінің есебімен барабар сан екенін атап айту керек болады. Пайымдап қарасақ, айталық, қазақтар, яки, болмаса, өзбектер, тәжіктер, грузиндер, басқа да ұлттар немесе шағын халықтар өзгелерден оқшауланып, барын басқадан қызғанып, жеке-дара әрекет істесе, мұндай керемет табыстарға жете алмас еді.

Біздің жеріміздің қай түкпірінде болмасын, кез келген ірі құрылыс бой көтерсе, Нүрек су-электр станциясы, Қазақстан Магниткасы, Қарақұм каналы, немесе Камадағы автомобиль заводы, Сибирьдегі ұлы өзендерге орнатылған алып бөгеттер немесе Байкал — Амур темір жол құрылысы, — бәрі біздің туысқан халықтар еңбегінің ересен табысы.

Біздің достығымыз тек жерде ғана материалдық қазына жасауға себін тигізіп қоймайды. Бұл достық әр ұлтты рухани жағынан байытты, біздің Отанымызды мекендеген барша халықтардың мәдениетін, әдебиетін, көркемөнерін өркендетуге көмектесті. Өздерінің интернационалдық борышын жете түсініп, мәртебесі биіктеген біздің совет адамдары мәдени жағынан қарыштап өсті. Бұл орайда жазушылар мен көркемөнер қайраткерлерінің халық алдындағы жауапкершілігі күшейді, олардың өз творчествосына деген талап - тілегі өсті.

Өмір зымырап алға кетіп барады. Бүгінгі бір ұрпақтың көз алдында туған жердің кескін-келбеті жылма-жыл өзгеруде. Біздер, осы заманның көркем сөз суреткерлері, совет елінің барша туысқан әдебиеттерінің өкілдері — заманымыздың заулаған шапшаң жүріс қарқынына ілесіп, біздің таңғажайып өміріміздегі есепсіз сан алуан жаңалықтарды, еңбеккерлер тұрмысындағы, олардың қарым-қатынасындағы асыл қасиеттерді көре, тани білуіміз керек.

Өткен замандарда езілген, азап шеккен халықтарды бақытты тұрмысқа жеткізген, болашақ коммунистік өмірге жөн сілтеген социалистік Октябрь революциясы, Ленин партиясы, Совет жазушылары Октябрь шыңының басынан бүкіл дүниені жіті бақылап, айқын көрсететін әрі суреткер, әрі білімпаз тарихшы. Жазушылар тарих көшінің бет алысын, қозғалысын тек өзі туған халықтың өткені мен бүгінгісі тұрғысынан ғана бақыламайды, олар халықтың ұлы достық рухында тәрбиеленген совет адамының жаңа сипатын жаңа мінезін, рухани өмірдің жаңа да жарқын қат-қабат сырларын ашады.

Біз әрқашан да өзімізді уақыт, заман алдында әлі де болса атқарылып үлгермеген орасан зор міндеттер алдында қарыздар деп білуіміз керек. Біздің заманымыз сұңқарлар самғауының заманы, космос сапарларының заманы, күнбе-күн туындап жатқан таңғажайып ұлы істер заманы.

Айналаға көз жіберсек сол кереметтердің бәрі өз қасымызда: жер қойнауында телегей-теңіз ағып жатқан менің Маңқыстауымның мұнайы, Екібастұздың миллиондаған тонна көмірі анау! Тұлпардың тұяғын, сұңқардың қияғын күйдірген Бетпақдалада мәуелі бау-бақша жайқалып тұр, әне!

Біздің өміріміз тамаша, әсем, оның жастық шағы жаңаруда, жайнауда.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз