Өлең, жыр, ақындар

Терең характерлер жасайық

Драматургия мәселелері әдебиеттен тыс өмір сүруді ойламайтын біздің әрқайсымыз мықтап атсалысып отырғанда ғана ойдағыдай шешіледі деп білемін. Біз өз ойымызды, өз пікірімізді, азды-көпті творчестволық тәжірибемізді жасқанбай ортаға салысып отырсақ әр мәселеге талғампаздықпен қарай білетін жазушылар жұртшылығы үшін пайдадан басқа ештеңе келмеске керек.

Осы тұрғыдан қарап, мен, теориялық жағынан гөрі практикалық, ұйымдастырушылық жағына көбірек назар аударатын бүгінгі сөзімде, ең алдымен, біздің советтік драматургия жөнінде, оның ішінде, қазақ совет драматургиясы жөнінде бірнеше пікір айта кеткім келеді.

Көркем әдебиеттің ерекше бір қиын жанры болып табылатын драматургия көбінесе әрекетке құрылады, бұнда тартыс (конфликт) мейлінше шиеленісіп отырады, айқын көрінеді деседі.

Бұған, әрине, дау болмасқа керек. Бірақ, осы шарттар әдебиеттің басқа да көрнекті жанрларына керек емес пе? Адамдар әрекеті күшейіп, ой-қиялы өрістеп, ішкі дүниесі терең суреттеліп отырмайтын роман біздің заманда ұзақ өмір сүру мүмкін бе? Мүмкін емес! Ендеше, кейбір жазушының жалқау қиялы «қайтып келмеске кеткен» баяғы бір жалқаулығын жандандыруы мүмкін емес екені де анық.

Сахнада қойылатын ерекшелігі болғандықтан менімше, драматургия, ең алдымен мыналарды талап етеді: мұнда уақиғаны, әрекетті бірнеше арнаның емес, негізгі бір арнаның төңірегіне құрып, барынша шиеленстіру керек, белгілі әлеуметтік ортаға тән характерді романдағы секілді бірнеше адамның тұлғасынан көрсетпей, бір адамның тұлғасынан көрсеткен жөн. Оның үстіне көруші «енді не болар екен?» деп уақиға соңын шыдамсыз ықыласпен күтіп отыратын болуы да даусыз шарт. Ендеше, кейде тіпті тәуір романның өзінен кездесіп қалып отыратын кейбір уақиға селкеулігі, тозалыңдығы драматургиялық шығармадан ешқандай орын алмауға керек.

Біз драманың барысында характер пайда болып, қалыптасып отыру керек деген сөзді жиі айтамыз. Бұл бар уақытты бірдей міндетті де, мүмкін де емес сияқты көрінеді маған. Уақиғасы қанша қою болса да қаншама шиеленісіп отырса да Отелла мен Ягоның немесе Арбенин мен Нинаның характеріне пьесаның барысында соншалық зор өзгеріс бола қойды ма? — деген сұрақ қойғым келеді.

Немесе өмірдің өзіне келелік. Ұлы Отан соғысында қаза болған Николай Гастелло, Зоя Космодемьянская сияқты талай жас қаһармандарымыздың күнделіктерін оқып отырсақ, олардың жас шағының өзінде-ақ соғысқа әбден қалыптасқан характер ретінде енгенін байқаймыз. Бізге драмада әрекеттер характерді ашу үшін керек деседі. Менімше, сол әрекеттерді жасау үшін характер керек. Характер дегеніміз белгілі жағдайда ашылады да, әрекеттер характерді белгілемей, қайта сол характердің ішкі сырынан тууға тиіс. Солай болғандықтан да біз характерлердің соқтығысын, тартысын сөз қылғанда, өмірдің және оның құрылыстарының қайшылыққа толы екенін айтпақ боламыз. Міне, осыған қарамастан кейбір жолдастар өндірістік кемшіліктерді, технология мәселесінде кездесетін кейбір қайшылықтарды характерге әкеліп таңады, темір жонатын станокқа адам жүрегін жабыстырғысы келеді. Өндірістік тартыс, өндірістік махаббат деп келетін екінің біріне белгілі болған жайлар осыдан барып шықты ғой деймін.

СССР жазушылар одағы басқармасының XIV пленумының шақырылуына байланысты, советтік драманың проблемалық мәселелері жөнінен баспасөзде біраз мақалалар жарияланды. Олардың көбісі бізге дұрыс ой салады, драматургиядағы кемшіліктерді жоюға бағыт сілтейді. Бірақ, айта кету керек, пікірінің айқындығы жағынан, өткірлігі, батылдығы жағынан кейбір мақалалар ақсаңқырап жатыр.

Мысалға «Литературная газетада» осыдан бірнеше күн бұрын ғана басылған Трифонова жолдастың «Драма требует действия» деген мақаласын алайық. Бұл мақалаларда В. Овечкин мен Г. Фиштің «Халықтан шыққан академик» атты пьесасы туралы бірсыпыра тартымды пікірлер бар. Бірақ, негізінен алғанда, автордың шығарайын деген қорытындысын түсіну қиын. Ол өндірістік тартысқа қарсы да шығатын сияқты, соны қолдайтын да сияқты болып кетеді. Мақаланың соңғы жолдарын оқып қараңыз. Онда мақаланың авторы адам характерін сөз қылмай, өндірістік мәселелермен тынады. Ал бұл сыншы драматургия мәселесін дұрыс тұрғыдан көтермеді, дұрыс қоя білмеді деген сөз.

Мен жаттыққан сыншылардың бірі Трифонова жолдастың мақаласына кездейсоқ тоқталғаным жоқ. Әңгіме мынада: біздің Қазақстанда кейбір драматургтар адамның өміріндегі терең қарым-қатынастарын тым оңайлатып жіберді, өндірістік мәселелерге әкеп соқтырумен тынды. Мәселен, Мұқан Иманжановтың «Менің махаббатым» деген пьесасында геройлардың жеке өмірі, адамдардың өзара қарым-қатынасы өндірістік тартыстың тасасында қалып қояды.

Айта кетуге тиістімін, қазір сахнада қойылып жүрген біздің бірсыпыра пьесаларымызда өндіріс жайы жеке өмірді, геройлардың сан ықылым қарым-қатынастарын ұдайы басып кетіп отырады. Соларды көргенде, драматург өз задоандастарының характерін ашудан гөрі олардың өндірісті және қоғамдық қызметін бөліп көрсетуді мақсат еткен екен деп қаласың.

Осының бәрі кездейсоқ болып отырған жоқ. Әрбір календарьлық жағдайға арнап өлең жаза салуға ұдайы даяр тұратын кейбір эстрадалық ақындар сияқты, біздің кейбір драматургтарымыз көркемөнер істері жөніндегі комитеттің немесе халық творчествосы үйінің заказы бойынша кез келген тақырыпқа пьеса жаза салудан тартынбайды. Сондайдың нәтижесінде бүкіл қазақстандық конкурсқа түскен 130-ға жуық пьесадан баспасөзге жариялауға бір-екеуі ғана ұсынылды.

Сондай бір конкурсқа берген өлеңінде біздің бір ақынымыз «Қойым семіз болған соң, өзім семіз» деп жазады.

Бұл уақиғаны қазір айтып тұруымыздың себебі бар. Меніңше, сырдаң ақылмен өлең жазуға болмаса, сырдаң ақылмен пьеса жазуға да болмайды. Жалаң ақылдан шығарып айтам деушілік көркем әдебиетте жақсылық деп білмеймін. Біздің драматургияда жалаң еліктеушілік те осының салдары. Корнейчук «Майданды» жазып еді, біздің Горловтарымыз, өз Огневтарымыз пайда бола кетті, тек олар басқа салада, басқа лауазымда көрсетілді. Совронов «Москвалық характерді» суреттеп еді, біздің де өз характеріміз шықты. Осындай құрғақ еліктеушілік стандартқа әкеліп соғады. Тақырып жағынан, образ жасау жағынан кездесетін стандарт толып жатыр.

Драматург Ш.Құсайыновтың былайша талантты жазылған, өмірден дұрыс алынған «Көктем желі » атты комедиясында кейбір образдар осы стандартқа құрылған. Оның басты геройларының бірі өмірден артта қалып қойған председатель, Колхоздың бұндай председательдері колхоз тақырыбына жазылған шығармаларда соңғы жылдары көп кездесіп жүргені анық.

Біздің драматургияда стандартизмнің орын алуына кейбір олашолақ сыншылар да себепкер болып жүр. Ондай сыншылар стандартқа құрылған пьесаларды қатесі жоқ деп мақтайды. Штампқа айналған пьеса жазу қате емес пе? Және искусствода өнер ашудан, жаңалыққа ұмтылудан барып тұрған қатеден гөрі бұның күнәсі көбірек емес пе?

Шығарма драматургтың жүрегінен тууы керек дегенде, мен өзіңмен өзің бол, коллективтің кеңесінен, әлеуметтік заказдан қол үз демекші емеспін. Творчествода оңай жолмен кетуге болмайды демекшімін.

Драмалық театрлардың репертуары туралы БК (б) П Орталық Комитетінің «Драма театрларының репертуары және оны жақсарту шаралары туралы » (1946) қаулысы біздің қазақ драматурктеріне үлкен дем берді. Қазақстан драматургтары өз заманымыздың тақырыбына шұғыл бұрылды. Бірақ драматург өзінің жанына жақын, өзі жақсы білетін тақырыбын алғанда оның шығармасы сәтті болып отырды. Соңғы жылдар ішінде Қазақстан драматургтары жұртшылық таныған біраз пьесалар жазды. Ғабит Мүсіреповтің «Амангелдісі», Әбділдә Тәжібаевтың «Гүлден даласы», Әлжаппар Әбішевтің «Бір семьясы», және басқа бір қатар пьесалар Қазақстанның астанасында, облыстық театрларда жақсы қойылып келе жатыр. Әрине, бұл пьесалар кемшіліктен құр алақан емес.

Бұл пьесалардан біз адамдардың жарқын характерлерін, олардың соқтығысуын, күресуін көреміз, шарықтап шыққанын, құлдилап құлағанын аңғарамыз. Бұның өзі біздің драматургияның мәдени дәрежесін де байқатады деген сөз. Әлбетте, астанадағы авторлардың әдеби шеберлігі де бірдей емес екені сияқты, біздің драмалық шығармаларымыздың шеберлігі де бірдей емес. Бірақ, бір қуанарлық нәрсе сол, біздің көптеген драматургтарымыздың жұртқа үлгі-өнеге боларлық тартымды бейнесін жасауға кірісіп отыр. Қазіргі кезде Сәбит Мұқанов жазған «Шоқан Уәлиханов» пьесасында қазақ халқының ұлы орыс халқымен тарихи достығы суреттеледі. Мұхтар Әуезов «Алуа» деген пьеса жазып жүр. Бұл пьесада қазақ әйелінің тағдыры суреттеледі. Сол сияқты, Әлжаппар Әбішев «Әке үкімі» деген пьесасын аяқтады, Әбділда Тәжібаев «Дубай Шубаевич» деген комедия жазып жүр.

Қазақстанда өнердің ең бір жаңа түрі болып табылатын кинодраматургия саласында да біраз жаңалықтар бар.

1953-1954 жылдары Алматының киностудиясы Ш. Құсайынов пен В. Абызовтың сценарийі бойынша «Қыз бен жігіт» кинокартинасын, Ә. Тәжібаев жазған «Телғараның мерекесін», Фатуев жазған, «Дала қызын» және де басқа бірнеше кинокартиналар шығармақшы.

Драматургия мәселесіне қайта оралып, қазақ драматургтарының творчестволық тұрғыдан үйрену жайында бірнеше сөз айта кетуге тура келеді. Барлық жазушыларымыз сияқты қазақ драматургтары орыстың және дүние жүзілік реалистік классиканың өлмес мұраларына ұдайы бой ұрып содан үлгі-өнеге алып жүргені мәлім.

Осы жағынан алып қарағанда, Шекспирдің, Гогольдің, Островскийдің, Горькийдің, Мольердің және басқа озық шеберлердің шығармаларын аудару, соларды аударушы қазақ драматургтарының творчествосына нәрлі әсер етті. М. Әуезов аударған «Ревизордың» немесе «Отеллоның» қазақтың Академиялық драма театрында қойылған постановкасы тұтас алғанда қазақтың театр өнерін өркендете беру ісінде өз кезінде жаңа бір кезең болып табылады. Классиктер жасап қалдырған көрнекті образдарды ойнай отырып, көптеген талантты қазақ актерлері өсті. Ғ. Мүсрепов аударған Островский, Мольер шығармалары қазақ көрушілері үшін қымбатты спектакль болды. Бұндай фактілер басқа ұлттық республикаларда да кездесетінін білеміз.

Бірақ классиктердің шығармаларына жауапсыз қараушылық та жоқ емес екенін айтпасқа болмайды. Мәселен, қазақтың Академиялық драма театрының сахнасынан Горькийдің «Васса Железновасы», «Шыңырау түбіндесі», Островскийдің «Дауылы» түсіп қалды. Сол сияқты Шиллердің, Лопе де Веганың, Бальзактің шығармалары да сахнада өмір сүре алмады. Бұның себебі неде? Бұның себебі аты аталған ұлы жазушылардың, шығармалары әдебиет төңірегінен күн көруді ойлайтын орашолақтарға, ал постановкалары өнер төңірегінен көруді көздейтін кәсіпқорларға тапсырылғандығында жатыр.

Осындай жауапсыздықтың салдарынан қазақтық драматургтарының сахнасында классикадан үш-ақ спектакль қалып отыр. Ол Шекспирдің «Асауға тұсауы», Мольердің «Сараңы»,! ", Островскийдің «Таланттар мен табынушылары». Осының өзінде, театрлар постановкалардың сапасын жақсартып отыруды, нашар орындаушыларды ауыстырып отыруды мықтап қолға алмай келеді.

Классикалық мұраларға немқұрайды қараушылықты мынадан да көруге болады. Қазақтың драмалық театрының репертуарлық жоспарларында таяудағы жылдардың ішінде Горькийдің, Чеховтың, Толстойдың, Салтыков-Щедриннің шығармаларын сахнаға қою мәселесі мүлдем қаралмай қалған. Театр орындауының шалағайлығы қазақтың сахна өнерін өркендетуге кедергі келтіретіні шексіз.

Замандас авторларымыздың шығармаларын ұлт тілдеріне аудару мәселесі бірқыдыуыр тәуір келе жатқанын айтқым келеді. Совет драматургтарының бір де бір көрнекті шығармасы қазақ тіліне аударылмай қалған жоқ. Мәселен, қазақ тіліне Треневтің, Лавреневтің, Погодиннің, Корнейчуктің, Семеновтың, Софроновтың, Штейннің және басқалардың көптеген пьесалары аударылды. Бірақ, не пайда, сол пьесалардың көпшілігі қазақ театрларының сахнасында баяндай алмады, өйткені, театрлар дұрыстап қоя білмеді. Бұған көбінесе жергілікті театрлардың театрлардың режиссерлері кінәлі. Ондай режиссерлердің оригиналды және аударылған пьсаларды қоюда режиссерлік шеберлігі жетіспей қалып отырды.

Ұлттық драматургия мен ұлттық театрлардың өмірінде аз мән алмайтын және бір мәселеге тоқталмай болмайды. Әңгіме өткен заманның тақырыбын меңгеру туралы, халықтың мәдени мұрасын меңгеру туралы болғалы отыр.

Өткеннің мұрасын сын көзімен қарап меңгере білу мәселесінде кейбір қазақ драматургтары қателер де жіберді. Халықтың ауызекі шығармасының желісі бойынша жазған шығармаларында олар өткенге қызыға қараған кезі болды. Ал, кейбір реттерде, патриархалдық-феодалдық ескілікті тікелей дәріптеп жіберді. Олардың бұндай өрескел қателері жұртшылық тарапынан қатаң сынға алынды. Соның нәтижесінде қазір театрлардың репертуарында қалдырылған кейбір шығармалар бүтіндей қайтадан өңдетілді. Ал көптеген шығармалар мүлдем шығарылып тасталды.

Осы жайды сөз қылғанда мәселенің екінші бір жағын айтпай кетуге тағы да болмайды. Бізде кейбір сыншылар партиялық әділ сынның өңін айналдырып жіберетін кездері де болады. Олар спектакльдің идеясын түсінбей жатып, тіптен, спектакльді көрмей жатып сынаудан да тайынбайды, әшкерелеу үшін алынған кейбір персонаждарды, айтайық, байлардың, хандардың атын оқыса-ақ, көрсе-ақ болды, өткенді дәріптеді деп шу көтере жөнеледі. Байды кедейдің лашығында көрсетуді, оған кедейдің киімін кигізуді талап етеді. Бұндай сыншылардан әдебиетке пайда келмейтініне дау болмас деп ойлаймын. Ғасырлар бойына халық даналығы жасап келген, біздің советтік заманымызға үндес жататын мұралардан қашуға болмайтыны хақ емес пе?

В. И. Лениннің әрбір ұлттың мәдениетінде екі түрлі мәдениет болатындығы туралы белгілі қағидасын кейбір тайыз сыншылар тым ұшқары түсінеді. Сөйтіп олар өткен кездің мұрасын сөзсіз демократияшыл етіп шығара салады. Ал, шындығында, әрбір қоғамдық құбылыс өзінің әлеуметтік-тарихи дамуы тұрғысынан терең, әділ талдау жасауды керек ететіні аян емес пе?

Мысалды орыс әдебиетінен аламыз десек, Ломоносовтың немесе Жуковскийдің поэтикалық шығармасы басынан аяғына шейін демократияшыл шығарма, біздің бұл туралы қазіргі ұғымымызға толығынан сай келіп отыратын шығарма деп айта аламыз ба? Ал, бізде халық творчествосының желісімен жазылған пьесалардың бәрін театрлардың сахнасынан бүтіндей алып тастаған кез болды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқауы бойынша республиканың Жазушылар одағы мен Ғылым академиясы өткізген еркін дискуссия өткен кездің прогрессивтік мұрасын әдебиеттегі кейбір солақай сыншылардың шабуылынан сақтап қалды.

Осы жөнінде айта кететін бір нәрсе, өткен кездің мұрасына сын көзімен қарап, творчестволық тұрғыдан меңгере білу проблемасы әлі күнге шейін толық шешілмей келеді.

Бұл мәселе біздің сын қайраткерлерінен әр жақты терең талдау жүргізуді талап етеді. Қазақтың совет драматургиясының тілектері мен мұқтаждықтарына қайта орала отырып, біздің драмалық шығармаларымыз бүкіл Одақ көлеміне сирек шығып келе жатқанын айтқым келеді. Мәселе бұл арада драмалық шығармаларымыздың аздығында немесе әлсіздігінде емес. Мәселе басқада. Ұлт драматургтарының, таңдаулы пьесалары орыс тіліне аз және сапасыз аударылып келеді, соның салдарынан еліміздің театрларының сахнасынан жеткілікті орын ала алмай келеді. СССР Жазушылар одағының драматургия жөніндегі комиссиясы туысқан республикалардың драматургиясына дер кезінде жеткілікті көңіл бөле алмай отыр.

Жергілікті жерлерде драматургияны кешеуілдеуден құтқару үшін драматургия жөніндегі комиссия республикалық секциялар мен творчестволық тығыз байланыс жасап отыру қажет. Комиссия ұлттық республикаларда драматургияның проблемалық мәселелерін шешуге нақты көмек беруге тиіс. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Москваның көрнекті драматургтарын жергілікті жерлерге жиі-жиі жіберіп отыру орынсыз болмас еді. Сол сияқты, драматургия жөнінен жиі-жиі семинарлар өткізіп отырған жөн болар еді.

Драматург пьесасын жазып болған соң театрмен бірге жұмыс істеспей қоймайтыны белгілі жай. Бұл үшін театрда режиссура мықты болу керек екені де белгілі. Бірақ шара нешік, жергілікті театрларда режиссура тым әлсіз. Ондай режиссура театрға да, драматургқа да пайда тигізе алмаймайды, қайта кейде кері кетіреді.

Мықты режиссура дегеніміз спектакль сапасының жақсы болуына, оның ұзақ өмір сүруіне қашан да тікелей көмек көрсете біледі. Қазақтың Академиялық драма театрында Бибиков пен Пыжкова қойған Шекспирдің «Асауға тұсау» пьесасы көптеген жылдар бойына сахнадан түспей келеді. Ал, Островскийдің «Дауылы», Горькийдің «Шыңырау түбіндегісі» режиссураның нашар болуы салдарынан театрдан шығып қалды. Міне сондықтан да, Москваның Академиялық көркем театрының (МХАТ) дәстүрін туысқан республикалардың театрларына апару аса қажетті болып отыр. Мұның үшін ССР Одағы Мәдениет министрлігі Москва театр мәдениетінің жұртшылыққа танылған шеберлерін туысқан республикаларға командировкаға жіберіп отырғаны жөн болар еді. Ондай шеберлер жергілікті жерлерде оригиналдық және аударылған пьесалардың постановкасын жақсартуға, ал, драматургтарға идеялық-көркемдік жағынан сапасы жоғары драматургиялық шығармалар жазуға көмек көрсете алар еді деп ойлаймын.

1953


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз