Өлең, жыр, ақындар

Халық сенімін ақтаймыз

Бізде көркем әдебиет халықтың меншігі. Сондықтан да совет әдебиеті өмір шындығына сүйеніп, марксизм-ленинизмнің озық теориясына сүйеніп, биік белеске шықты, орасан мол табыстарға ие болды. Жалпы совет әдебиетіне тән осы жақсы қасиетке, осы жетістікке қазақ әдебиеті де ортақ.

Істің жағдайын осындай қолайлы да табысты болғанда неге біз осынша қатал сынға ұшырадық? — деген сұрақ туады. Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық Комитеті біздің қателіктеріміз бен кемшіліктерімізді бірнеше рет атап көрсеткен себебі не? Менің ойымша мұның өзі біздің әдебиетіміздің құлдырап, төмендеп кеткендігінен емес. Халықтың әдебиетке деген талап-тілегі өсті. Өмір күшті қарқынмен ілгерілеп барады, әр күніміз өзінің шығар биігі мен қиындықтарын алдымызға тартуда. Өмірдің осы сипатын терең зерттеп білмеген, өз үйінін, төрт қабырғасынан асып ешқайда бармаған, өмір жаңалықтарын тек дарын күшімен, сезім түйсігімен ғана білем дейтін жазушылар, тіпті өткенде елеулі шығармалар бергендерінің өзі де, — бүгін таңда құлдырайды, қожырайды. Тіпті кейбір жазушылар өңінің осылай құлдырағанын сезіп, жөнді шығарма жазбай жүр. Жаңалыққа батыл ұмтылу, үнемі алға басу біздің өміріміздің даму заңы. Қол жеткен табысқа сәл де болса тоқмейілсісең, көш жер артта қаласың. Творчестволық ой тоқырады дегенше, оны шалшық суға өсетін шөп-шалам сықылды қоқыспен былғанды дей беріңіз. Менің білуімше, Орталық Комитет қаулыларында, баспасөз беттерінде және шаршы топ жиналған жиналыстарда бізге айтылған қатал сындар, бізге қойылған биік талаптар жаңағы тоқмейілсуге, өмірден артта қалуымызға байланысты. Осы тоқмейілсу, қол жеткен табыстарға тоқырап қалу салдарынан жекелеген жазушылар, кейде тіпті Жазушылар одағының өзі де жаңаны сезіне бермейді. Ұйымымызда белгілі дәрежеде орын алған осы қателіктеріміз бен кемшіліктеріміз үшін біз әлденеше сыналдық, бетіміз қызарып ұялдық.

Қазақстан Жазушылар одағының президиумы, партия ұйымы осы айтылған қателер мен кемшіліктерден тиісті қорытынды шығарды ма? Әзірге жеткіліксіз болса да қорытынды шығардық. «Правда» газетінің «Қазақстан тарихы маркстік-лениндік ілім тұрғысынан баяндалсын» деген мақаласы шыққаннан кейін, оның бер жағында, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Бюросының және VIII пленумының қаулыларынан кейін одақ президиумы мен партия ұйымы әдебиет шаруашылығын тазартуға реттеуге бұрын болып көрмеген қалыпта құлшына кірісті. Біздің осы орайдағы жұмысымыз барған сайын күшеюде. Біз әдебиетті идеялық қоқыстардан, халықтық эстетикалық түйсігін, талғамын бұзатын құнсыз шығармалардан арылтудамыз. Сынсыз әдебиет ылғалсыз жерде шая болып өскен егін сияқты. Оған қай — қайдағы арам шөптер қаптап кетеді.

Біздің әдебиетімізді идеялық қателіктер мен кемшіліктерден арылту үшін біз қыруар қайрат жұмсадық. Әсіресе бұл орайда үстіміздегі жылда атқарған ісімізді бүгін ауыз толтырып айта аламыз.

Қазақстан Жазушылар одағының партия ұғымы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқауларын басшылыққа ала отырып, бірнеше жазушылар мен ақындардың творчествосын талқылады, олардың шығармаларындағы қателерді қатал сынады, басқаларға сабақ боларлықтай, бүкіл әдебиетіміздің өсуіне себін тигізерліктей шаралар белгіленді.

Біз осымен іс бітті, мақсатымызға жеттік демейміз. Ұйымның тазалығы үшін үздіксіз күресеміз. Жазушылар одағының мүшелерін, жаңа талап жас әдебиетшілеріміз нағыз адамгершілік, биік мораль, Отанға, халыққа барынша адал қызмет ету рухында үнемі тәрбиелейміз.

Біздің одақта творчестволық секциялардың жұмысы ойдағыдай емес. Творчестволық секциялардың басшылары көбінесе шығармаларды талқылауды атүсті, немқұрайды өткізеді. Ал одақтық президиумы секциялардың ұсыныстарын қалай болса солай қабылдай салады. Шығармаларды талқылап, бағалауға осылай жеңіл қараудың салдарынан бірсыпыра авторлар одақ секцияары мен президиумы аттап өтіп, өздерінің қолжазбаларын баспаға тікелей өткізетін болып жүр. Көркем әдебиет баспасы олардан одақтың ұсынысын талап етпейді, бүкіл жауапкершілікті өз мойнына алады. Әдебиет шаруашылығындағы осындай тәртіпсіздік, Жазушылар одағының әдебиетті басқарудағы қырсыздығы тамыр-таныстық пен ептілікке қолайлы жағдай туғызды, құнсыз, сұрқай шығармалардың жарыққа шығуына мүмкіндік берді.

Әсіресе драматургия секциясы мен поэзия секциясының жұмысындағы елеулі кемшіліктерін атап айтқан жөн. Бұл секцияларды әр кезде көрнекті драматургтар мен ақындар басқарып келеді. Амал қанша, олар көбінесе өз міндетіне салақ қарайды, істі тиянақты ұйымдастырмайды, көпшілікті жұмылдырмайды. Осы екі секцияның жұмысына байланысты бір — екі мысал келтірейік: Көркемөнер істері жөніндегі басқарма соңғы жылдарда 47 пьеса қабылдап алып, ақы төлепті. Сарапқа салып, тексергенде содан 32 пьеса іске жарамай қалды. Осы басқарма соңғы жылдарда 400 ән текстін қабылдап, ақы төлепті. Соның ішінен 170 текст нашар болып шықты. Біздің жаңағы аталған екі секцияның жұмысы не күйде екені осы фактілердің өзінен де айқын көрінсе керек. Талдап, тәптіштеп айтып жатудың қажеті бола қоймас.

Жазушылар одағы, оның партия ұйымы секциялардың жұмысын шұғыл жақсартуды, шығармаларды жан-жақты талқылау, әділ бағасын беріп, жақсыларын баспаға ұсынып, нашарларын қайта жаздыру, әдебиетке деген талапты күшейту өздерінің тынбай атқаратын ең басты міндеті деп біледі.

Бірде-бір шығарма секцияда талқыланбай, одақ президиумының қаулысымен ұсынылмай баспаға өтпейтін болды бізде. Шығармалар тиісті секцияларда талқыланғанда президиум мүшелері мен аға жазушылар міндетті түрде қатынасады. Осы күні шығарма талқылаудың сапасы да өсті, әдебиеттің дамуына кедергі жасайтын күйкі мақсат, күйбең, мүдделер былай қалып, жолдастық, жанашырлық әділ сын өрістеді.

Біздің сан салалы, мол көлемді жұмысымыздағы ендігі бір үлкен тармақ — баспасөз. Республикамыздағы күнделікті газеттерде жиі-жиі басылып келген көптеген мақалаларды айтпағанның өзінде, Жазушылар одағының баспа органдарында — атап айтқанда, «Әдебиет және искусство» журналы мен «Қазақстан» альманахында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысы мен «Праяда» газетінің мақаласына байланысты идеология жөнінде, әсіресе әдебиет мәселелері жайында, жазушылар мен әдебиет зерттеушілердің 45 мақаласы басылды.

Қанша айтқанмен, әлі тындырылып болмаған, алдағы жерде атқарылатын істеріміз ұшан-теңіз. Осы орайда ең алдымен төмендегі өзекті мәселелерге баса көңіл бөлсек деймін.

Бірінші — оқу-үйрену. Өзіміздің творчествомызда арқа сүйеп, таяныш етіп отырған бірден-бір әдісіміз — социалисты реализм әдебиеттегі жеке-дара оқшаулануға, дәйексіздікке, дәлсіздікке, идеясыздыққа, бипартиялыққа жол бермейді. Мәдениетсіздік, өмір шындығын бұрмалап, өңін айналдырып көрсету социалистік реализмге жат қылық. Демек, адамға ауа мен су қандай қажет болса, біздің жазушыларымызға социалистік реализм әдісін меңгеру сондай қажет. Мұның мәнісі — өмірді ғылым тұрғысынан айқын танып білу, оны іс жүзінде барынша шебер де жарқын көрсету деген сөз.Ендеше бұл міндетті ойдағыдай атқару үшін үздіксіз оқу керек, білімді кемелдендіре беру керек. Өкінішке қарай бізде осы оқу-үйрену жеткіліксіз. Жасыратыны жоқ, біздің кейбір жазушыларымыз өркөкіректікке салынып жүр. Творчестводан мешеу болып, идеялық қателіктерге ұшырауларының себебі осында екені олар аңғармады. Маркс — Ленин ілімін жете меңгермеген, өмірдің, қоғамның даму заңдарына жетілмеген жазушы — нағыз қауқарсыз, сорлы жазушы. Жазушылардың оқуын ұйымдастырып, саяси білімдерін жетілдіру, олардың идеялық дәрежелерін өсіру одақ партия ұйымының ең басты міндеті болып табылады.

Творчестволық күшті орын — орнына қойып, дұрыс пайдалану екінші маңызды мәселе. Біз әрбір жазушыдан роман, пьеса, либретто, әңгіме, балалар кітапшасын жаз, киносценарий жаз, туысқан халықтар жазушыларының шығармаларын аудар деп талап етеміз. Белгілі жағдайда, әдебиет кадрымыз азғантай кезде мұның өзі мәжбүр қажетіміз еді. Бірақ әдебиетіміз өскен, оның кадры өскен, қазіргі жағдайда да осы қалыптасқан әдет әлі қалмай келеді.

Пайымдап қарасақ, әдебиеттің барлық түрлерін түгел меңгерген бесаспап жазушы болған емес. Керек десеңіз, ғылым мен әдебиетті қатар меңгеріп, қоса шұғылданған ұлы Ломоносовтың өзі де ақыр соңында ғылыммен бірыңғай айналысқан, содан атағы шыққан. Ғылым мен мәдениет барған сайын тармақ — тарауларын, көбейтіп, молайып, зорайып жатқанда біз жазушыны көп мамандық жолына бағыттамауымыз керек. Қайта, бірыңғай мамандыққа бейімдеп, жетілдірейік. Жазушының әдебиеттен өзі таңдап алған жанрында жарқырап көрінуіне көмектесіп, әрбір жанр мен түрдің шеберлерін тәрбиелеп өсірейік. Халықтың қауырт өскен әдеби талап — тілегін сонда ғана орындаймыз.

Осыған орай үшінші мәселе келіп шығады. Айтайық дегеніміз әдебиеттің шағын түрлері. Қалың роман, көп актілі пьеса, көлемді поэма жазғандарды ғана нағыз жазушы деп тану біздің республикада дағдыға айналды. Поэзияның, прозаның және драматургияның шағын түрлері екінші үшінші қатардағы шығармалар деп есептелінеді. Қалыңдығы бес елі кейбір сұрқай романнан сәтті шыққан жұқа кітап оқушысына көл — көсір рухани ләззат беретінін ұмытады да кейбір жазушылар жаңағы теріс пікірге бой алдырады. Шығарманың маңызы көлемінде емес, мазмұнында, құндылығында. Бұған әдебиеттің шағын жанрларында жазып-ақ бүкіл дүние жүзіне атағы жайылған Чехов пен Крыловты айтпағанның өзінде де, Маршак, Лебедев, Кумач, Михалков, Исаковскийлер де мысал бола алады. Халыққа тез жететін, өсу-өркендеу қарқынымызға ілесіп, күнделік жаңалықтарды шапшаң көрсетіп отыратын шағын түрлерді дамытпайынша біздің әдебиетіміз бұтақсыз, жапырақсыз қу ағашпен тең болар еді. Сондықтан да осы шағын түрлердің кадрларына қолайлы жағдай туғызып, оларды үнемі қолдап отыруымыз керек.

Төртінші мәселе одақ мүшелігі жайында. Жазушы деген атақ тек жазушылық еңбекке қарай берілетіні белгілі. Анықтаңқырап айтсақ, ол атақ дарынмен, еңбекпен алынады. Біздің одақ қатарында жазушы атағын босқа алып, мүшелік билетті қалтаға жай салып жүргендер де бар. Біз кейде таңдамай, талғамай, әйтеуір түптеп келгенде жазушылық қабілеттен жұрдай әлдекімдерді Одақта жай қабылдай саламыз. Мен бұл жерде ондайлардың аттарын тізіп жатпаймын. Казіргі күнде Қазақстан Жазушылар одағында 130 мүше бар.

Одаққа мүше қабылдау ісін тәртіпке келтіріп, мүше болам деген әрбір адамға қатал қарауымыз керек. Бұл жөнде ең алдымен одақтың уставын бұзушыларға қарсы мықтап күресейік. Одақты қолдарынан жазу келмейтін, әдебиетке пайда бермейтін масылдардан, дәрменсіздерден тазартайық. Бірақ мұның өзін екпінді науқанға айналдырмай, байсалдылықпен жүзеге асырайық. Сонымен қатар, дарыны, тұрмыс жағдайы сай бола тұра керенау тартып, салғырт қимылдайтын, жөнді шығарма жазбай есіл уақытын босқа өткізіп жүрген мүшелер бар. Оларға қозғау салу, қоғамдық және творчестволық пайдалы істерге тарту біздің басты міндетіміз.

Бесінші мәселе — аударма жөнінде. Біздің заманымызда аударманың маңызы артты. Ұлт әдебиеттері, сонымен қатар бүкіл совет әдебиеті аударма арқылы молығады, толығады. Бізде осы шаруашылықтың жай-күйі нашар.

Жақында Қазақстан Жазушылар одағы аударма жөнінде арнайы конференция өткізді. Нашар, шалағай аудармашылар классиктерінің асыл шығармаларын, осы заманғы орыс жазушыларының таңдаулы шығармаларын тәлкек етіп, бүлдіріп жүргенін конференция бізге айқын көрсетті. Қазақшадан орыс тіліне аудару жағдайы одан да нашар күйде. Бізде күні осы уақытқа шейін қазақша түпнұсқасынан орыс тіліне тікелей аударатын бірден — бір жазушы жоқ. Шығарманың авторы да, аудармашы жазушы да жолма-жол аударманың құлы. Ал, шын мәнісінде жолма-жол аударма түп нұсқаны бұрмалайды, теріс түсіндіреді, тек сүлдерін ғана қалдырады. Оқи бастасаң, өз шығармаңа өзің түсінбейсің. Туысқан қазақ әдебиетіне қарыздар екенін, қазақ жазушыларының шығармаларын түпнұсқасынан аудару мезгілі әлдеқашан жеткенін біздің қазақстандық жазушылар Шухов, Снегин, Макеев, Копытин және басқалар ойланды ма екен, сірә? Егер де бұл жолдастар жатпай — тұрмай қазақ тілін жете үйренсе, нағыз сапалы аудармамен шұғылданса қазақ әдебиетіне де, бүкіл орыс әдебиетіне де орасан көп пайда келтірер еді.

Бұны ұйымдастырған аудармашылар секциясының алдында орасан зор міндеттер тұр. Ең алдымен аударма ісін кездейсоқ адамдардың қолынан алып, аударманы оңай пайда табудың қолайлы жолы дейтін, қалыптасқан теріс пікірді сейілту керек, аударма — жазушының төл ісі деген ұғымды санаға сіңіру керек. Тегінде бесаспап аудармашы жоқ. Ендеше, аударылатын әрбір шығарманың ерекшелігін, сонымен қатар аудармашының мамандық қабілетін ескерген жөн. Сайып келгенде әр жанрдың, әрбір түрдің маманданған, ысылған аудармашылары болсын дейміз.

Қазақшадан орыс тіліне аудару мәселесі бізді қатты толғандырады, ойландырады. Біз жолма — жол аудармамен алысқа бара алмаймыз, мақсатқа жете алмаймыз. Біздің ойымызша жолма — жол аударма уақытша өткінші құбылыс. Қайтадан айтайын, орыс аудармашысы қазақ түпнұсқадан тікелей аударғанда ғана нағыз сапалы аудармаға қолымыз жетеді. Демек, аудармашылар кадрларын мемлекеттік тұрғыда даярлау шараларын белгілеу жөнінде үкімет алдында мәселе қоятын мезгіл жетті.

Біз талай дулы жиналыстар өткіздік. Қателіктеріміз бен кемшіліктерімізді аштық, ісіміз бен пікірімізді қайта құрдық. Мұның бәрі халыққа татымды жаңа шығармалар беру қамы. Бұл міндетті атқарудағы алғашқы жемістеріміз көріне бастады. Біз оған місе тұтпаймыз, молайта береміз.

Біз 1951 жылды негізінен ұйым жұмысын қайта құру идеялық әзірлікпен өткіздік. Енді 1952 жыл әдебиеттегі жаңа өрлеу, соны табыстар жылы болатынына сеніміміз кәміл. Сонда біз партиямыздан, халқымыздан «жарайсыңдар, жазушылар, сенімді ақтадыңдар, рахмет сендерге!» - деген жылы лебіз еститін боламыз.

1951


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз