Өлең, жыр, ақындар

Өскелең проза

Тек алдыңа қарап өрлеу берсең, артыңа қарамай қанша жоғарылағаныңды білмейсің. Әдебиетіміздің өсуін шамалау үшін де сонау алыстағы артқа көз қырын сала отыру керек. Октябрь революциясынан бұрын қазақтың бірер проценті ғана сауатты болса, сол аздың өзі бір арнаға құйған жоқты, Эпос, Абай, керітартпа діншілер — үшеуі әдебиеттің үш бағыты еді.

Ұлт тілеуін аяқ аузынан тілеген исламшыл ұлтшылдар — «...А, құдайым аққа жақ...» немесе «Мақшуқатым, хақиқатым...» деп жатса,

Эпос — «Тайбурылға шу деді,

Шу дегенде гуледі»,

Абай — «Өзіне сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтан ...» —

Осы аз мысалдың өзі әдебиетіміздің тарихы ала екенін айқын көрсетеді. Қазақ совет әдебиеті, соның ішінде проза да соңғы бағытты, Абай ұстаған шыншыл бағытты ұстады. Бұл жерде «Абай бағыты» деп прозамыздың халықтық тілі, шыншылдығы жөнінде ғана айтам. Болмаса, көркем прозада Абайдан үлгі алдық, тіпті Абай арманынан бәрін көреміз.

Қазақ көркем прозасы шын мәнісінде совет дәуірінде туып, орыс әдебиетінің күшті ықпалымен ержетті. Қазір екі кезеңнен асып, үшінші кезеңде тұр. Рушылдық, феодалдық, діншілдік, капиталистік шырмауларындағы пышыранды ауылды босатып, социалистік жолға салу қандай қиын болса, бұрын әдебиеттік салтқа енбеген жұмысшы, жалшы, кедей орташаларды шығарманың сүйкімді геройы жасау да оңайға түскен жоқ. Алға сүйреген коммунистік идеяға, революциялық жігерге ерген ысылмаған тіл, төселмеген қаламдар аздығымен қоса алғашқы кезде бірсыпыра тойпаңдығын да көрсетті. Оны үстемдігінен айырылған таптың жыршылары табалай отырып, өздерінің сырты сұлу, іші шірік шығармаларын қарсы қойды. Әдебиеттегі жаңа мен ескінің мейлінше тайталасқан бұл кезеңін қорыта айтсақ, өліп бара жатқан тап әдебиетінің сырты дүрдей, іші бос, үстемдік алған жаңа тап әдебиетінің іші мықты сырты пәс еді.« Жасасын Советпен» басталып, «жасасын батырақ кедеймен» аяқталып отыратын.

Екінші кезеңде прозамыздың әлсіз жерін күшейту үшін, дәлдеп айтқанда түр мен мазмұнның тең түсуі үшін күресуге тура келді. Бұл күресте прозамыздың өсуіне керемет жағдай жасалды. Бесжылдықтар негізіндегі социалистік шабуылдар қоғамдық қатынасты, адам пиғылдарын, бүкіл Отан көркін мүлде өзгертті. Кертартпа топтардың шаңырағы күйреп жатты...

Осы кезде Ұлы Октябрьде туған жастар есейіп, қаламы да бастығып қалған. Олар Ленин пікірлеріне өрлеумен қатар Горький,Серафимович, Фурманов, Фадеевтерді де оқып үлгерді. Сәбит Мұқанов сияқты дара шыққан аға жазушылардың өзіне орыстан тапқан әдебиеттік жаңа пікір, жаңа үлгілерін ұсына келді бұлар. Сәбит енді «Адасқандар», «Темір тас», «Менің мектептерім», «Жұмбақ жалау» романдарымен көрінсе, «Тулаған толқын» повесін бас қылып, бірнеше әңгімелерімен Ғабит Мүсірепов те көрінді. «Тәтті қауын» сияқты ұсақ әңгімелерімен Қалмақан Әбдіқадыров, «Забал», «Армансыздар» әңгіме-повестерімен Әлжаппар Әбішев, «Дөң асқан», «Арман ағысы» роман, повестерімен Ғабдол Сланов «Құрдастар» повесімен Саттар Ерубаев, «Айқас» повесімен Қажым Жұмалиев, ұсақ әңгімелерімен Сейітжан Омаров та жетті.

Жолы үлкен Мұхтар өз жолына лайық сыбағамен келді прозаға. Жаңарған «Еңлік — Кебек», жаңа «Түнгі сарын», «Абайға» бірнеше пьесаларын, көркем әңгімелерін топтай әкеліп бір қойды. Оның үстіне «Абайдың» бірінші томын, орыс классиктерінен тамаша аудармаларын қосқанда, прозамыздың шырайы тіпті ене түсті.

«Өмір мен өлім» романына ұсақ әңгімелерімді ерте мен де шыққанмын сонда.

Бірінші кезеңдегі прозамыздың коммунистік идея үгіті,тан жігін ашу, ауылды советтендіру, жер бөлісі, ірі байларды конфескелеу сияқты социализм дайындықтары көрінсе, екінші кезеңде жасалып жатқан социализмнің өзі көрінді.

Тракторды рыдуан деуге болмаса, колхозшыны бұрынғыдай қара шаруа деуге де болмай қалды. Өмірдің шапшаң дамығандығы сонша, әдебиетке жаңа ғана ене бастаған жалшы, кедей, орташаларды сырып тастап, жұмысшы, колхозшы солардан шыққан оқымыстылар екпінді, стахановшылар орын алды. Еліміздегі қоғам, экономика өзгерісі адамдардың пиғылымен қоса тілін де көп өзгертті. Әдебиет ой мен тілдің жиынтығы. Отанымыздағы ұлы жаңалықтар әдебиетке де, ұлы жаңалық енгізді. Прозаның жеке кемшіліктерін көріп, бұл жаңалықтарын көрмесек әбес-ақ болар еді.

Совет дәуіріндегі қазақ прозасы — әріден келе жатқан жуан тамырлы орыс прозасын өкшелей есіп келе жатқан, шын мәнісінде көркем проза. Көркемдік дегеніміз, алға сүйреген ой, алғыр тіл, игі ісі — бүгінгі өміріміз. Прозада бұл қасиеттің бәрі бар. Бірақ, осы дәрежеде тұрып қалу өмірден қалып қою болады. Өйткені өмір дәйім жылжып отырады. Қоғам көші қазір коммунизм беліне шығып барады. Сол белден қарағанда жақсы дегеніміз жабайы боп, шын жақсы алда көрінеді. Сондықтан өсу жолындағы проза енді үшінші кезеңге көтеріліп келеді.

Егер мен тарихшы болсам, қазақ прозасының үшінші кезеңін Ұлы Отан соғысынан бастар едім. Биыл Мемлекеттік бірінші сыйлық алған Мұхтар Әуезовтің «Абай» романы осы кезеңде бітті. Одақ көлемінде сөз болған Сәбит Мұқановтың «Сырдария», менің «Шығанақ Берсиев», Миллионер» романдарым осы кезеңде туды. Ғабит Мүсреповтың «Қазақ батыры», Әлжаппар Әбішевтің «Жас түлек», Ғабдол Слановтың «Жанар тау», «Кең өріс», Қалмақан Әбдіқадыровтың «Комсомол звеносы» повестері мен жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Курляндия» романы да осы кезде туды. Әрине, бұлардың бірі жоғары, бірі төмен. Бірінде аз, бірінде көп кемшіліктер бар. Сөйтсе де прозамыздың үшінші кезеңі биігірек екенін айқын дәлелдеп тұр.

Бұл кезеңде де көтермешілер, жаңа күштер қосылып жатыр. Ә. Нұрпейісов, М. Тиесов, М. Иманжанов, С. Бегалин, К. Оразалин, тағы басқалар роман, повесть, әңгімелерімен әдебиет қазынасын толықтыра түсті.

Прозамыз бірінші кезеңде социализм дайындықтарын, екінші кезеңде жасалып жатқан социализмнің өзін көрсетсе, үшінші кезеңде қазақ халқының комунизмге көшіп бара жатқанын көрсете бастады. Бұл жолда, еңбек адамының мәртебесі, дәл өмірдегідей шығармада да шарықтай түсті, еңбек адамы шығармаға да көрік бере түсті.

Осының бәрін растағандай, Бүкілодақтық Жазушылар ұйымының декабрь пленумы қазақ әдебиетіне жоғары баға берді. Ол бағаны алдымен прозаға берілген баға деуіміз керек. «Абай» сияқты романымыз қазақ әдебиетінің ғана емес, бүкіл совет әдебиетінің алдыңғы қатарына қосылды. Қазақ әдебиетінің Москвадағы онкүндігінде прозамыз тағы да бір үлкен сыннан, бүкіл совет халқының назарынан өтіп отыр. Жеке кемшіліктеріміз аз емес шығар, айтар жұртшылық. Бірақ осы өтудің, өткізудің өзі өскендіктің үлкен белгісі екені даусыз.

Өскен әдебиетке тілек те өсті. Бұған дейін көніп келген кейбір кемшіліктерге енді көнбейтін болды жұрт. Шығарманың бетінде азын-аулақ қылшық көрінсе де, алып тастамай, төгіп тастайтын халге жетті. Қазақтың қазіргі жаңа қауымы бір кездегі ардақты эпос, ұлттық салт дегендердің өзін талғап-талғап қабылдайды. Мені көрсетсең өзіме тән ойым, ісім, салтым, тіліммен көрсет деп тұр. Біз кейде оны байқамай шофердің басына тымақ кигізіп, «шу жануар, шу» дегізіп аламыз.

Өзі алдақашан жойылып, аты ғана қалған ұлттық қайсыбір әдет, мінез, пішіндерді, нанымсыз эпостық әсірелеу мен мәнін жойған қайсыбір сөздерді жаңа әдебиетімізге қажетсіз тықпалау да бар. Өскелең қазақ прозасы ескінің бұл қалдықтарынан да үздіксіз тазару жолында. Өйткені, жаңарған ұлттың жаңа әдебиетіне жамау жараспайды.

Прозамыздың басты екі кемшілігін атап айтпасқа болмайды. Бірі — әңгіме - новелла жанрлары үшінші кезеңге көтеріле алмай келеді, өте аз. Сол аздың өзі бірең-сараңы болмаса, көркемдік жағынан қатты ақсап жатыр. Екінші кемшілік - тақырып кедейлігі. Бір жерінде қар жауса, бір жерінде жаңбыр жауып, енді бір жерінде күншуақ болып тұратын қазақтың кең жерінде не жоқ? Адам кәсіптерінің,адам образдарының табиғат байлықтарының алуан-алуан түрлері бар. Прозамыз осы бай дүниенің кескінін толық бере алған жоқ әлі.

Совет көркем әдебиеті социалистік реализм әдісімен ғана жасалып келеді. Бұл әдіспен өмірдің іші, сыртын, құбылысын, алдын ала көрсете алады. Бәрі шындық. Шындықтан, туған социалистік романтика шарықтай бермек. Прозамызда шындық неғұрлым басым болса, солғұрлым шарықтай түседі, неғұрлым әлсіз болса, солғұрлым жер бауырлай береді. ІІІындық дегеніміз көргенің ғана емес, көрмегеніңде. Социалистік реализм өмір айнасы ғана емес алысты алдыңа әкелетін күшті романтика да.

Совет әдебиеті жер жүзінде ең көркем, ең күшті әдебиет болғанда осындай қағидасымен, өміршілдігімен болды.

1949


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз