Өлең, жыр, ақындар

Сөз бен пікір

Шығарманың сөзі жақсы болу керек дегенді екінің бірі айтады. Ал, қандай сөз жақсы екенін жазушы-драматургтарымыздың бірсыпырасы әлі күнге білмейді. Оны білмейінше жақсы сөз жасау қиын. Сондықтан, осы жөнде біраз пікір алысу қажет.

Іштегі пікір сыртқа сөз арқылы шығады. Сөз қалай шығарса, солай шығады. Әдемі ойды орашолақ сөз бұзса, орашолақ ойды шебер сөз түзеп тұрады. Зады сөз бен пікір тең түсуі шарт. Өйткені, сөз жетпей қалса, пікір толық көрінбей қалады. Сөз асып кетсе, қазақ оны мылжың дейді. Не нәрсе болса, тілек мөлшерінен асса, қадірсіз болмақ.

Бұл шарттың бұлжымай орындалуын әсіресе театр сахнасы тілейді. Сахнада орын шағын, уақыт аз. Үлкен оқиғаны сыптап, сөзді шыңдап алмаса, сыйғыза алмайды.

Осы айтылғандарды қағида қылып, драматургтарымыздың сөз қабілетін байқап көрелік.

«Еңлік — Кебек» пьесасында Мұхтар Кебекке алпыс бес рет сөз кезегін береді. «Қозы Көрпеш» пьесасында Faбит Қарабайға жетпіс бес рет береді. «Махаббат пен достықта» Әлжаппар Сәулеге 126 рет кезек береді.

Сөз берудің өзінде үлкен мән бар. Драматург бұл жөнде жиылыс басқарушысы ысылған жақсы председатель сияқты, пьеса адамдарың орынсыз сөйлетпей, сөйлетсе регламент сақтап отыру керек. Әйтпесе, кім не айтпайды.

Ғабитте, Мұхтарда бұл ысылғандық бар. Кебек ең ұзақ сөйлегенде, бір-ақ рет 12 жол сөз сөйлейді. Сөйлеуік Қарабайға Ғабит бір-ақ рет 12 жол сөйлеуге рұқсат етеді. Өзге диалогтар бір сөз, жарты жол, әрі кеткенде бірер жолдың маңында бітіп отырады. Ал, Әлжаппардың Сәулесі — монолог емес, диалогында, бір орында, онда да көбінесе телефонда тұрып, 25 жол сөз сөйлейді. Осы 25 жолдың екі-ақ жолымен барлық 25 жолдың пікірін беруге болар еді. Өзгесі ысырап болған сөздер. Бұл жалаң, Әлжаппардың ғана кемшілігі емес, қазақ пьесаларының көпшілігіне тән кемшілік. Оның ішінде Мұхтар мен Ғабитке де кейде соғып кетіп отырады.

Қайсыбір жолдастар, пьесадағы, жалпы көркем әдебиеттегі сөз шұбалаңдығын «қазақ осылай сөйлейді» деп дәлелдемек. Қате пікір. Қазақ мағынасынан артық көп сөйлесең «мылжың», тауып сөйлесең «шешен» дейді. «Аз сөзде көп мағына» дегенді тегін айтпаған қазақ.

Диалогтарды ықшам, өткір, мағыналы етіп құруда пьеса адамдарына сөз бергенде қатты тәртіп қолдануда орыс драматургтарынан үйренетініміз әлі көп.

Бұл айтылғандардың бәрі сөз қорын үнемдеп ұстауға жатады. Жазушы – драматург сонымен қоса ол сөзді өзі жасайтындығын Горький былай сипаттайды: «Істі сөзге айналдырудан, сөзді іске айналдырудың әлдеқайда қиын екенін жұрттың бәрі біледі.». Жұмыс істі істеп отырғанда әдебиетші – істі сөзге, сөзді іске айналдыру дегендердің екеуін бірдей істеп отырады. Жазушының негізгі іс қылып отыратын материалы – сөз.»

Бұл әрине жазушы тыңнан тіл жасайды деген ұғым бермейді. Тілді халық жасайды. Жазушы жасалған тілден сөз құрайды. Мысалы Абай «Адасқан күшік секілді ұлып еліне қайтқан ой» дегенде жанынан жаңа тіл қосқан жоқ. Жүре жасаған тілден үлгілі сөз құрады. Абайдан бұрын тоғысқан көңілді адасқан күшікке теңеп ешкім айтқан емес. Абай өзінің айтам деген пікірін осы сөзбен жүрекке тап еткізіп қойып берді.

Тілдің ұлы мамандарының бірі Горький тағы да тіл мағынасының өткір, таза болуы үшін күресу – мәдениет құралы үшін күресу болады. Осы құрал неғұрлым өткір болып, дәл түзу бағытқа түскен сайын, соғұрлым ол жойдасыз күшке айналады дейді.

Жасаратыны жоқ жаңа сөз тұлғаларын жасауда жазушыларымыздың көпшілігі шарқ ұрып ізденбей келеді. Біркелкі жазушылар, әсіресе ақындар – осылардың ішінде драматург Шахмет те бар – көпірме сөзге әркім бір ұстап, ысқаяқ боп қалған сөзге тым үйір. Сырты жылтыр, көбікше көтеріліп, басыла қалатын нәрі аз сөз пьеса қорек те, керек те бола алмайды. Халықтың қоңыр тілінің ішінен тамаша сөз тұлғаларын жасауға болатындығын Абай айқын көрсетті. Тіпті осы күшті Ғабит пен Мұхтардың өзінен де бірсыпыра жаңалықтар табуға болады.

«Алмас қылыш жүзіне табан басқан қылығым бар.» («Еңлік – Кебек»), Басым шөлде қалса, аяғым жетер көлге. («Қозы Көрпеш – Баян») Осы қоңыр сөздермен қандай күшті пікір айтылған. Әсіресе, Ғабит сөздерінің пікірді дәл айтатындығын, сонымен қоса сөз тігісінің жатықтығы басқадан өзгеше тұрады.

Горький айтқандай,жазушы – драматургтардың негізгі материалы сөз бола тұрса да мен оған қоса екі нәрсені ескертер ем.

Драматургтарымыздың көпшілігі оқиғаны, адамдарды бірыңғай сөзбен сипаттап, ойын сахнаға сыйғыза алмай әлек. Образды, оқиғаны қайсыбір реттерде аз сөзбен, тіпті сөзсіз де жасауға болатындығын аңғармаймыз. Мысалы: «Ақан сері — Ақтоқты» пьесасындағы Мылқаудың образы кімнен кем. Немесе, Мұхтардың кейбір пьесаларында басынан аяғына дейін ауыз тола бір сөйлемей, бір сөздің езін анда-санда қайталап отыратын типтер қандай қызық.

Енді бір елемей келе жатқанымыз сахна үшін таптырмайтын, поэзиядағы асыл қасиет.

Плеханов бір сөзінде Лев Толстойға қарсы келеді: «Сөз адамдарға пікір айту үшін ғана қызмет етпейді, сол сияқты олардың сезімін білдіруге де қызмет етеді» дейді.

Біз Плехановтың осы пікірін қолдаймыз. Өйткені, поэзия ойдан гөрі сезімге қонымды. Олай болса, сахнада, тар жерде поэзияның осы қасиетін реті келгенде пайдалануға әбден болады. Әрине, бұл пьесаны өлеңмен жаз деген сөз емес. Өлеңсіз-ақ кейде қарапайым сөзбен сезім арқылы көп нәрсені білдіруге болады, актер арқылы толықтыруға болады. Мысалы: «Қарабай әуелі өзіне сенсе, өзінен гөрі саған сенеді, білесің ғой?» — дегенде ар жағын айтпай-ақ Қарабайдың іші ақтарылып қалды. Оны сезім ақтарып жатыр. Автор бұл жерде сезім күшін шебер пайдаланғандықтан қаншама сөз үнемдеді. Егер, ақылға сыйғызып дәлелдеп жатса, талай беттер жазуға болар еді.

Бізде енді бір байқалмай бара жатқан жағдай бар. Әдебиет классиктерінен үйрену дегенді тым біржақты ұғынып жүрміз. Драматургияда үлгіні көбінесе батыстан алып келдік. Батысқа еліктеп, онда да жақсысына емес, жаманына еліктеп, кейде социалистік реализмнен шығып кеткен пьесалар да болды. Әбділда мен Рошальдің «Жомарттың кілемі», Шахметтің «Алдар Көсесі» туралы бірқатар пікір айтуға, дауласуға болар еді. Менің бұл пікірлерім жаңа тақырыптағы пьесалар туралы болғандықтан айтылмай қалып барады. Оның бер жағында, Әбділда «Көтерілген күмбезін», Шахмет «Аманкелдісін» көрсетіп, дауласпаймын деп тұрған сияқты. Түптеп келгенде, мәселе, бетті батысқа, шығысқа бұруда да емес, қайда бұрсаң да адам баласы жасаған жақсы өнегенің бірінен де жиренбей, керегіңе жарата білуде. Осы тұрғыдан қарағанда орыс классиктерінен алған өнеге біздің пьесаларымыздан көрінбейді. Поэзияда, прозада Пушкин, Лермонтов, Горькийлерді кездестіріп отырамыз. Ал, драматургияда Гоголь, Островский, Горький әлі жоқ. Біздің драматургтарымыз, театрымыз болып, осы жоқты жасар мезгіл жетті. Жасау үшін ең алдымен солардың пьесасы сахнада жиі қойылу керек, көбірек аударылып, баспаға басылып халыққа тарау керек.

Біздің кең қолтық бабаларымыз ағылшын, неміс, француз, итальяндарды көре алмай кетсе, орыстың дода сақал мұжықтарымен ауыл үйі қонып өтті. Біздің бүгінгі жұмысшы, колхозшыларымыз орыстың жұмысшы, колхозшыларымен тізе қосып, жаңа дүниені бірге жасап жатыр. Біздің оқымыстыларымыз білімді орыстан алды, орыс арқылы бүкіл дүние мәдениетіне қол салып отыр. Бұл фактілермен дматургияның есептеспеске халі жоқ. Драматургияда орыс мәдениеті сөзсіз өз орнын алу керек.

Сөздің бәрі жазушы-драматургтарға арналды. Олардың еңбегінің құйылар жері театр. Театр пьесалардың тезі. Тезі ғана емес, пьесаларға жан бітіруші. Жан бітіруші ғана емес, ұйымдастырушы, бағыт беруші. Біздің театрларымыз, олардың қожасы көркемөнер істері жөніндегі басқармасы осы ардақты міндетін қалай атқарып келді? Егер жақсы атқарды десек, сол жаңалығы дайын пьесаға ие болуда ғана. Егер жаман атқарды десек, сол дайынға да ие бола алмауында. Қайткенде де театрларымыздың еңбегі дайынды қабылдаудан әрі кете алған жоқ. Театрлар қалғып бара жатса, авторлар бүйірге түрткілеп оятып отырды. Театрдың есінде жоғын авторлар есіне салып отырды. Бұл өте жақсы қылық. Бірақ театрдың өз беті, өз ойы болмауы басшылық дәрежесінде тұрмауы өте жаман қылық.

Мен тақырып, образ, тіл жайындағы кемшіліктерге көбірек тоқтадым. Дұрысында соған автордан гөрі театр кінәлы. Театр бүгінгі күннің биік тұрғысында тұрған болса, ондай кемшіліктерге жол бермеген болар еді. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1945 жылғы қаулысында театрдың творчестволық белгілі бағыты жоқ дегенді тіпті тауып айтқан. Сол творчестволық бет, бағыты болмаса театр толқын үстіндегі бос қайық тәрізді толқынның, әуенімен кете бермек.

Пьесаны көптің кезіне көрсетуші актерлер. Бірсыпыра актерлер ішімен емес, сыртымен ойнап жүр. Сыртының өзінде сөлекеттіктер толып жатыр. Қозғалыс, құбылыстарына, іштегі өзгерісті сыртқа шығарып берулеріне қарағанда Осы орыс рөлін ойнап тұр ма, қазақ рөлін ойнап тұр ма? — деп қаласың. Анықтап қарасаң екеуін де оңдырып тұрған жоқ. Өйткені ол ойнаған рөлін кәміл ұғынбай, шала түсініп, әлдекімді құр еліктеп тұр. Қалыбек Қуанышбаев қазақ болып та, орыс, ағылшын, тіпті мылқау болып та ойнады. Сонда сол образдардың өзгешелігін көре отырып, мұрның қазақ иісін де сезіп тұрады.

Біздің актерлердің ойынында еліктеу көп, творчестволық меңгеру аз. Мәдениетті басқадан іздеу көп, өз мәдениетін бойға сіңіру аз. Мәдениетті бойға дарыту, үйлестіру, қабыстыру дегенді көбі әлі түсінбей келеді. Осы жолда Қалыбектен бірсыпыра өнеге алуға болар еді.

Жақсы актер жаман сөзге жан бітіреді, жаман актер жақсы сөздің жанын алады. Бір монологтың, диалогтың өзін түрлі әуенде, түрлі күйде беруге болады. Актердің берісіне қарай театр көруші көпшілікте ой қалады, сезім қалады. Біздің актерлеріміздің көпшілігі осы өзгеше қасиетін бере алмауы былай тұрсын, сөз арасында кері үтір мен ноқаттың неге тұрғанын да айыра алмай келеді.

Жалпы сөздің түйіні — біреуді мақтап, біреуді қаралау емес, заманамызды, заманамыздың адамдарын көрсетерлік, адам кеудесін социалистік сана нұрымен толтырарлық жақсы пьесалар беру.

Алдымызда жақсы пьесаларға, сценарийлерге жарияланған үлкен конкурстар тұр. Бұл конкурс — бәйгелер жалпы жазушылар ұйымына, соның ішінде әсіресе драматургтарға тарихымыздың бір биік өрінде кездесіп, қабілетімізді сынағалы тұр. Халық тілегінен туған осы конкурстарға байланысты алдағы міндетті айқын көре түсейік.

Академиялық, облыстық театрларда қойылатын, идеясы, көркемдігі талап-тілек дәрежесіне жеткен үлкен пьесалар беруіміз керек.

Колхоз, совхоз театрлары үшін, жеке концерт бригадалары үшін шағын пьесалар, скетчтер, диалог, монологтардан құралған тағы сол сияқты толып жатқан эстрадалық репертуарлар керек. Пьесаның ұсақ түрлері көріне түсіп, жоғалып барады. Жоғалтпай өршітуіміз керек. Жас қауымға — балаларға арнап біз әлі күнге шейін репертуар бере алғамыз жоқ. Балалар театрын қамтамасыз ету біздің мойнымыздағы кешірілмейтін борыш.

Жаңа тақырыпқа сценарий, операға либретто жазып байқасақ та, бұл жанрлар бізге әлі бой бермей келеді. Қалай да оны бой жаздырмай баурауға міндеттіміз. Әрине бұл мақсаттың бәрі осы конкурстар үстінде орындала қалады деу қиын. Бірақ осы үлкен бәйге үстінде алға қарай мықтап бір ырғуға серт етелік!

1946


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз