Өлең, жыр, ақындар

Көз көрген

Роман

«Көз көргенде» көргендерімді, бастан кешкендерімді көрсеткім келді. Олар тіпті көп екен, кітапқа сыймады. Сонсоң екшеп, іріктеп алдым. Алпыстан асқан ойлы адам Алатаудың басына өрмелеп шыққан тәрізді. Алысқа кез жібереді, жазықта көре алмағанын көреді, байқамағанын енді байқайды, ұмытқанын еске түсіреді. Ұмытқаным да, байқамағаным да көп екен. Бұл еңбек естелік пе, мемуар ма, әңгімелер жинағы ма, әлде не — ол жағын зерттеушілер айыра жатар. Автордың мақсаты — өзінің, өзімен қоса ұлтының іші-тысы қалай өзгергенін айтпақ. Айтудың алуан-алуан түрі бар. Оқушының жүрегіне осы біреу ұрымтал-ау дедім де, соның біріне түсіп кеттім. Сапарым сәтті шықса «Көз көрген» үш кітап болады. Бірінші кітап 1925 жылға жетіп тоқтады. Екінші кітап Ұлы Отан соғысына дейінгі, үшінші кітап одан кейінгі уақыттарды қамтиды. Романдарымда материалды еркін пайдаланғам. Ал, мынада ерік фактыға бағынды, қисайтсаң қиянат. Кітаптағы қиянат қнянат атаулының ең ауыры. Сондықтан шындықты, тек шындықты жаздым.

Автор

БІРІНШІ ӘҢГІМЕ

Ауыл көшіп жатыр. Әйелдер еңіреп, еркектер түнеріп жүр. Зіл қара түнді жапсарынан сөге таң сызаттап келеді. Таң сәулесін күткен әлем күлімдей бастаса да қам көңілдер сергімеді. Уһлер үдей түсті. Үреген иттер мен бақырауық түйелердің шуылына ырдуан арбалардың шиқылы қосылып, алты ауыл бірден кең даланы күңіренте қозғалды. Көштері тым шашыранды, ала-құла. Алаң-белеңде бас-аяғына көз жетпейді. Қиқулары тұнық әуені толқытып тұр. Үзік-үзік ескі сүрлеумен бұрын іргесі тимеген жерге, өрістес болмаған елге беттеп барады. Ең алда Махамбетше. О да қабағын түйіп томсарып қалған. Қасындағы екеуге әлі тіл қатқан жоқ. Астындағы торы жорға ойын бұзбай тербей береді. Ойын жеткізер емес. Алты ауылдағы алпыс үйге ие, ру басы ескі би бір кезде күрсінді де насыбайын атты. Теке көз, сида жолдасы алақанын жайып еді:

— Ыбыш, сен де сұраудан жалығармысын? — деп шақшасын ұсынғанда.

— Насыбайыңды ауырлағаның ба? — деді Ыбыш, — Алпыс үйдің ауыртпалығын қалай көтересің?

Махамбетше үндемеді. Кеудесін жапқан мол, мөлдір сақалындағы сарғыш түкірікті елемеді. Ер үстінде, қаққан қазықша тапжылмастан отыр. Тоқбақтай ғана шымыр кісі. Қызыл шырайлы жүзі қазір тіпті жансыз, семіп қалыпты. Әлден уақытта Ыбышқа сәл бұрыла басын изеді. Манағы сұраққа содан кейін жауап қайырды:

— Иә, бір үйдің де қайғысы қабырғаңды қайыстырады. Алпыс үйдікі не оңдырар! Ата мекеннен ауып барамыз. Ауған елде береке, алжасқан ойда нәр қалмас. Әйтсе де кеңесейікші. «Жерін алса орыс алды, Сиқымбай алған жоқ, ұшан-теңіз дүниеден қоныс таппағандай, ағайын баса көктемесін, қызықпасын...» депті Жұныс. Қаракесек, Қуандық, Сүйіндікті бір өзі күйзелткен қанды балақ, енді бүкіл Сиқымбайды тік көтере бізге қарсы шықпақ. Патшаның әмірімен екі жыл қарсыластық. Ақтентек оққа ұшқан соң көше жөнелдік. Сиқымбайдан жеңілсек қайда барамыз? Сыған болып кетеміз бе? Жоқ! Бір жапырағымыз қалғанша қырқысу керек. Осыған жүректерің дауалай ма?

— Сиқымбай көп қой, шыдата ма, — дей беріп еді Ыбыш, Махамбетше сөзін бөліп жіберді:

— Көп болғанмен қаруы сойыл ғой. Орыс мылтығымен жеңді. Сойылға келсе тәуекел. Оның бер жағында үкімет енді бізді қолдайды. Ара ағайын бізді қолдайды. Ашынған елміз, Ашынғанның бірі ашынбағанның онына төтеп береді. Жеген соққым аз дегенің арқаңды төсей бер. Мен, сасық күзенше тамағынан алып, тас болып қатуға бекідім!..

Әр-беріден соң. сөзді түйдек-түйдегімен тастады би. Босаған көңілдерді ширатып, біресе қыздырып алып, суарып қояды. Ұзын кірпіктерін оқта-текте еріне көтергенде қызғылт көзі қасындағы екеудің сырты түгілі ішін көріп өткендей. «Ел аузы уәлі» десек би арамза кісі. «Арамзаның құйрығы бір тұтам» болса бұнікі жарты тұтам. Арамдығы әріде жатады. Екі елдің егесінен де олжа таппақ сияқты:

— Тақымыма басқан мына торыдан қадырлы дүнием жоқ, — деді ақырында. — Осыны Жұныстың аузына тықсам, сонан кейін бір қызын Шайқыма атастырып қойсам, үні өшер-ақ еді. Әттең, мыстан кемпірше сорып құртады-ау...

— Таптың міне! Таптың көкжалым! — дегенде Ыбыштың үлкен көзі жайнап сала берді. Қара қасқаны борбайға бір осып, қатарласа түсті де, тымағын қолына ала сөйледі. — Торы жорғаны қанша қастерлегенмен сырты түк, іші боқ бір айуан. Көп мүддесіне жараса несіне аяйсың. Екі жорға боп қайтады. Құдалықтан да қорықпа. Алпыс үй Елібай үй басы бір қарадан көтерсе Жұныс жалмауыз болса да тояр. Бітім, тыныштық керек. Қылышын сүйретіп қыс келе жатқанын ұмытпаңдар! Қатын, бала, мал панасыз, азықсыз. Жаз бойы Сиқымбаймен алыстық дегеніңді мылқау жау тыңдай ма, қырып салады. Ең үлкен қатер осы.

Әлі жақ, ашпаған Құтыбай әңгімеге жаңа араласты. Оның азан шақырып қойған атына бірнеше ат жабыса жүреді. «Әнші Құтыбай», «Қашқын Құтыбай», «Күйеу Құтыбай» дейді жұрт, Сүйіндік руынан қашып келіп, осы елден қыз алған бұл өжет, ұзын, ақсары адамның өмірінде талай сыр бүркеулі жатқанға ұқсайды. Бірақ, ішін жарып алмасаң айтпайды. Жүрген жері думан. Ән салады, өлең шығарады. Айтыс-тартыс, дау-жанжал көрсе жанып кетеді. Ыбыш Махамбетшенің оң қолы болғанда, бұл сол қолы. Үшеуі түйдей құрдас болатын.

— Уа құрдас! — дегенде саңқ етті даусы. — Құдай сенен бойды аяғанымен арам ойын аяған жоқ-ты. Дұзағыңды құрып бақ. Оған түспесе жуан білегің бар. Батыраштың Жұнысына Қуандық, Сүйіндік, Қаракесек емес-ау, түу-түу Атығай, Қарауыл, Қанжығалы, Керейге дейін қарсы. «Құлагер» зары үш жүздің қала берді Орта жүздің, зары ғой. Сол пырақ сынды жануарды өлтіріп, сері Ақанды жындандырған, бүкіл елді күйзелткен қаныпезер Жұныс жалғыз құдайдың жалғыз еркесі болса да басын кесуден тайынбан. Қасыма тек Мекешті қосшы. Мынау теке көздердең сары уайымнан өзге түк шықпайды.

— Е-е... Мекеш екеуіңнің нең кетіп барады, — деп Ыбыш ыңыранып қойды.

Мекеш Махамбетшенің немере ағасы Оразбектен туған алты қасқырдың ішіндегі көкжалы, аты шулы ұры. Екі иығына екі кісі мінгендей, денелі, үлкен от көзді, гүрілдеген зор дауысты, мейлінше айбатты жігіт. Заманы бұзған ер. Патша үкіметі ұстай алмай-ақ қойды. Оның өзге ұрылардан ерекшелігі: тек жылқы ұрлайды, жалғыз аттанады, сойыл, сапы, омырылмалы берденка, алты атар — төртеуін бірден асынып жүреді. Бұлардың жеріне де поселка түсіп, тарылтқан. Тайталасқа шыдап көшпей отыр. Махамбетше қалың Сиқымбайдан қорықпай көшкенде, бір жағынан Мекештерді арқа тұтады, аралық елге, үкіметке сенеді. Өйткені үкіметтің берген бұйрығы қалтасында. Әйтсе де ушықтыруға, қантөгіске жібермей, қара буралап, қоқан-лоқылап, оған көнбесе пара, құдалық арқылы Сиқымбай жеріне кірмек. Құтыбайдың жаңағы сөзін ұнатпады. Ұнатпағанын сездірмеді. Сырықтай-сырықтай жолдастарының, ортасында қуықтай ғана көрінсе де екеуінің ойын екі қалтасына салып алып, тұнжырап келеді.

Кейінгі жақтан бір атты көшке соқпай бері беттеді. Жүрісі қатты. Астында жыландай жарау ұзын құла, қарында ырғай сойыл. Бұлаң құйрық жүрісті місе тұтпай, ара-тұра текітіп-текітіп алады. Құтыбайдың көзі бұндай жіті болар ма, тіпті кез ұшынан таныды:

— Мекеш!

Кеше бүкіл Елібай бас қосқан. Бөлінген алты ауылмен жылап-сықтап қоштасқан. Іштерінде Мекеш жоқ-ты. Міне енді келді. Бәрі ат үстінде тұрса да, әдеп сақтап, атынан түсті. Үлкендердің қолын ұстады. Денелі, келбетті, жез қармақтай иілген сұлу жігіт, от шашқан көздерінен моншақ-моншақ жас төгіп тұр кәзір.

— Бұл қорлыққа шыдап, жер үстінде жүргенше жер астында тыныш жатқан артық емес пе, аға?! — дегенде, Махамбетшенің көзі жасаурап:

— Ақ патшаның әмірі ғой, шырағым, — дей беріп еді, Мекеш қайнап кетті:

— Патша құдай ма?! Әділ болса бұл көпті неге шұбыртады. Адамның қорлауына адамның езі, ынжығы ғана көнеді. Қарсыласуға шыдамадыңдар. Еріңдер маған, Жиделі-байсынға өзім бастап апарайын. Әне, жер сонда, ел сонда, ұжмақ сол...

Махамбетше жымиып қана күліп қойды. Қысы, ешкімнің қысымы жоқ, жыл бойы көк орай шалғын, жемісі ылғи пісіп тұратын, иесіз жатқан Жиделібайсын атты жер бар, деген лақап бұл ортаға әбден жайылған. Бірақ, қайда екенін ешқайсысы білмейді. Жас Мекеш білмесе де сол жерді іздеп табуға аласұрады. Тақыс Махамбетше нағайбілге аяқ баспайды. Жиделібайсын әңгімесі ұзаққа созылды. Күн жоғарылаған сайын ысып барады. Көлеңке сағалаған иттердің, арба тартқан егіздің тілі салақтап, сілекейлері шұбыра бастады. Көшпен қатарласа қаптаған жылқы тобының да жайылуынан бастарын шұлғуы көбірек. Кектемде гүрілдеген өзен, жаз үйірім-үйірім қара су боп жататын Көкбекті өзегіне жеткенде көш тоқтады. Дереу қос, жаппалар тігілді. Тұс-тұстан түтіндер көтерілді. Масатыдай құлпырған жерде жан-жануар тыраңдап, рахаттанып жатыр. Тек, көбелек қуған Сарыбала дамылсыз. Алдындағы ақ көбелек ойнай ма, мазақтай ма, ал ұста, дегендей қона қалады. Ұстай бергенде ұша жөнеледі. Біресе дәмелі, біресе ызалы бала шып-шып терлеген шолақ мұрнын қос-қос тартып өзекті өрлей алыстап барады...

Махамбетше, Мекеш, Құтыбай, Ыбыштардың әңгімесі өзгерген жоқ. Ат жақты, мосқал тартқан ақ әйел сары қымызды көтере-көтере сапырады. Қап-қара жіпсің көзінен тұңғиық ойлар байқалады. Төрдегілер тояттаған секілді. Қызыл шұбар шара-аяқтарын орталатып, алдарына қойыпты. Сыртта, қара қазанда шымыр-шымыр қайнаған жылқы етінің иісі абылайша үлкен қостың ішінде де аңқып тұр. Көпті көрген құйма құлақ әйел еркектердің сөзін шашау жіберместен көңіліне тоқып болса керек:

— Құтыбай, өлең айтшы, көңіл көтерші! — деді бір кезде, — сөзден іш толды, құлақ сарсыды. Қақыраған қыста торғай екеш торғай да күнелтеді. Құдайым сол құрлы жаратқан шығар. Қазақтың босқаны бір бұл ма. «Ақтабан шұбырындыдан» кейін де ел болдық. Әлі де болармыз.

— Әй, Жәмила-ай, Махамбетше атаның аруағымен, еркектігімен асып жүр-ау! Әйтпесе, нағыз би өзіңсің ғой, — деп Құтыбай қолына домбыра алғанша Жәмила жауап қайырып үлгірді:

— Көпшікке зәру едім, еркенің өссін. Бірақ есіңе сақта, бақ шіркін қонарында әйел түгілі ақымақтың да басына қона салады. Қонбасында еркек түгіл ақылдының да басынан қашады.

Иә... — деді де Құтыбай домбыра шертті. Ән емес, күй емес, әлдеқандай бір сарын, айтып түсіндіру қиын. Әйтеуір бойды сергітіп, сезімді қоздырып барады. Жап-жаңа шұқанақ, батпақ көңіл жайнаған мынау көк майса даладай далиып сала берді. Қостың ашық есігінен Құтыбай сонау қалған мекенге кез жібере отырып, айқайға басты:

Кір жуып, кіндік кескен Қара Нұра,
Жатқанын қарауытып әне қара,
Япыр-ау, шынымен-ақ кетеміз бе
Жүрегім болып барад пәрә-пәрә!
Жауыр тау, Қожыр меңен Ботақара
Басықа шықтық талай бүркіт сала,
Тасада Айқай, Шоқай көрінбей тұр.
Сонда да сәлем бізден дара-дара.
Суы — сүт, шөбі — шекер, қайран жерлер
Еңіреп еске алады емген елдер.
Іш қазандай қайнайды дәрмені жоқ
Сенделіп күрсінеді есіл ерлер.
Әміріне ақ патшаның амал қанша!
Алпыс үй айдалада жатыр аңша.
Дариға дес тиер күн келер ме екен,
Етер ек сан етіңді борша-борша!

Қос, жаппалар иесіз қалды. Біртіндей келіп, бәрі Құтыбайды қоршады. Әйелдер жылайды. Жылаған баласына ұрсады. Кәриялар «қажымалық» дей отырып, өздері күңірене күрсінеді. Көңілді басқан қара тұман қашан ашыларын бірі білген жоқ. Далбаса көп. Ең шетте, тозған күпісін айналдыра киген айыр сақал біреу:

— Бөселке бол, дегенде бола салмаған екеміз, — деп өкінеді. Өкініші өзге түгілі қасындағы кетік тіс әйеліне де сорақы көрінді. Бетін шымшып күйеуіне сыбырлап қойды:

— Бетім-ау, қазақ көшпесе күн көре ала ма?! Бүгін поселке болсаң, ертең, шоқынасың да.

— Тәйт, шоқынған нес!

— Тұншығып барам. Қайғыға шомылғанша, суға шомылайын, — деді де Мекеш орнынан тұрды. Жалғыз кетіп барады. Сойылдан басқа қаруы бойында. Ақ тайлақтың жүнінен тоқып, жағасына қара барқыт салған биязы ақ шапан иығында. Аяққа кигені саптама былғары етік, қонышы қара санына жетеді, өкшесі бір сүйем. Пайымен тыстаған ақ елтірі тымағының құлағы мен құйрығын бірдей қайырыпты. Қалған көптің, оған бір қарамағаны кем де кем. Ілби аяңдап, өзімен езі болып өзекке түсіп кетті. Өзекте бес-алты қыз-келіншек суға шомылып жүр. Бір-біріне су шашады. Шуылдайды, сақ-сақ күліседі. Мекешті көргенде құбыжық кергендей киімдерін киместен құшақтай қашты. Бекер қашады. Мекеш оларды кергенде жалт берді. Аты шулы жігіт әйел алдында әлсіз. Алғаны — атақты шешен Мәңкі батырдың қызы — қатыңқы қара сұр, құралай көз, өткір кездіктей Қадыш. Ол ақырғанда күжілдеп отырған Мекеш жым болады, күлсе қоса күледі. Жолбарысты бағындырған Қадыштың бойында не керемет барын жұрт білмейді. Қайсар Мекештің әйелді көргенде қайыса беретіні де сол Қадыштың шарапаты болар. Бұрылған бетінен қайырылмастан алысырақ барып бір суға тоқтады ол. Қонышынан сапысын суырды, жүзін бармағымен байқап былай қойды. Екінші қонышынан омырмалы берденкасын алды. Бұны да байыпты қарап өтті. Алты атарын бау тағып, мойнына асады екен, шапанына орап тастады. Шешінгенмен суға жуырда түспеді. Денесін ыспалайды. Жұқа,... тастарды су бетімен сырғаната жіберіп қызықтайды. Қазандай бір тасты қызара көтеріп лақтырған соң:

— Балуан Шолақ елу бір бұт көтеріпті! — деп басын шайқады да суға қойып кетті.

Көбелек қуған Сарыбала манағы беттен жаңа оралды. Қасында салт атты екі орысы бар. Орыстар нан беріпті; Нанды күйсеп әлде не деп былшылдап келеді. Бұларды көре сала Мекеш дереу судан шықты. Киімдерін киініп, қаруларын бойына тығынып болған кезде орыстар амандаса келіп қол ұсынды. Мекеш қолдарын қағып жіберді.

— Әуелі Ақтентектің құнын төле. Мынау босқан елді тоқтат! Содан кейін іздрәсти.

Ит пен мысықтың, кездесуі тәрізді. Одырайысып тұр. Бірінің тіліне бірі түсінбейді. Бұл кезде келімсектер мен тұрғын елдің көпшілігіне мәлім сөздер: іздірәсти, шампанский (қымыз), маржа (әйел), мақан (ет), құрсақ пұрапал (қарын ашты), кібитке (үй), бұларды қазақтар орыс тілі, орыстар қазақ тілі, деп ойлайды. Екеуінікі де емес, әйтеуір екі жағы түсінеді. Кәзір соның бір де бірі қолдануға жарамаған соң көк сақал орыс тілінде сөйлей бастады:

— Жігітім, ашулы көрінесің. Сөзіңді ұқпасам да, ашуыңды ұқтым. Ақтентектің өліміне біздің, ешбір қатысымыз жоқ. Біз әлі сендердің жеріңе орналасқамыз да жоқ. Үйіміз Ресейде. Шолушымыз. Ақтентекті өлтірген анау Шоқай, Қызылжар, Қараөзектің ақымақтары. Келімсектің бәрін орыс деулерің де қате. Шоқай — эстонец. Қызылжар — неміс, Қараөзек — хохол. Соның бір де бірі еркімен келген емес. Туған жерден күштілер түріп шыққан соң амалсыз келді. Жер — ана. Анадан айырылу кімге оңай! Столыпин онда бізді, бұнда сіздерді зарлатты. Екі жағымыз зарлай жүріп, бір-бірімізбен жауласамыз. Қазақ ұрылары келімсектердің жалғыз атын ұрлайды. Келімсектер қазақтың бәрі ұры екен деп, қолына түскен нахақ қазақты да соққыға жығады, не өлтіріп жібереді. Бұндай жерге келуден айнып тұрмын. Жігітім, егер ер болсаң еліңді көндір. Екі жақ қол қойып, тура патша ағзамның езіне арыз айтайық. Патшаның рахымы мол. Көз жасымызды иер, Столыпинды ауыздықтар...

— Тілмарсыма. Түк түсінгем жоқ.

— Шампанский бар ма? Шөлдеп келеміз, сусындауға бұрылдық.

— Е-е, қымыз ішпекпісін? Мақан да жейтін шығарсын? Қай поселкенікісін? Неге үндемей қалдың? Ақтентекті өлтірген сұм қайсың, езің емес пе? — деп Мекеш сұқ қолымен кеудеге нұқығанда, көк сақал:

— Иә, кінәсіз адам көрінеді, — деді де басын изеді. Бас изегенін мойындағаны десе керек, Мекеш жағасынан ұстай алды. Қылғындырып тістеніп тұр. Сезге әлі араласпаған екінші орыс еңгезердей біреу екен, арашалаудың орнына шықшыттан қойып жіберіп еді, Мекештің қолы босап кетті. Қонышынан сапысын суыра сала, өзін ұрғанды дәл бастан ұрғанда, кескен теректей құлады ол. Қайтып басын көтерген жоқ. Бір салып көк сақалды да жықты. Бала шырылдап ауылға жүгірді. Екі ат осқырып екі жаққа жөнелді. Қанға батып бейкүнә екі адам жатыр. Бірі мүлде жансыз, бірінде аз-маз тіл бар, күрмеле сөйлейді:

— Әттең түсінісе алмадық... Бәріне Столыпин жазықты. Әгәр осыны патша ағзам білсе... — деп жүндес қолын Мекешке соза береді. Мекеш сілейіп тұрып-тұрып, әлден уақытта қолын алды оның. Ашуынан енді аянышы басым. Қатты дауысынан жұмсақ діріл байқалады:

— Анау өз сазайынан тапты. Сені бекер ұрыппын! Не қолың, не тілің тиген жоқ. Неге ұрдым? Ашу, Ақтентектің ызасы бәрі! Кешір, кешір, — деді де белін берік ораған шүберек белбеуін шешті. Жаралының басын таңды. Өлікті тас байлап суға тастады.

Ауыл дүрлігіп келеді. Әрқайсының аузынан өткір сездер оқтай атылады:

— Тағы бір ылаң!..

— Жұлының үзілсін, Мекеш!..

— Көктей сол, Мекеш!..

— Құдая бұл қай пәле!

— Қатың балаң шулап қалғыр, шулатты ма!..

Қоршап алып, қарғыс жаудырып тұрған көпті Мекеш елемеген сияқты. Жаралының басына жуан санын төсеп қойған. Бір баланы жүгіртіп жіберіп қымыз алдырды. Сусындатып болған соң ғана:

— Құр шулаудан не өнеді, — деп Махамбетшеге қарады. — Болар іс болды, аға. Дереу көшіңдер. Жалғыз қалам. Мынаны адам етіп, үйіріне қосам. Ұлықтармен бітімге келуден мен кеткелі қашан! Бір бұл емес, басқа түскен бар пәлені маған жаба беріңдер. Одан менің жүгім ауырлап не жеңілдеп жатқан жоқ.

Махамбетше жақ ашпастан булығып, түңерген күйі ауылға беттеді. Жұрт ағыла соңынан ерді. Су басында бірі шошайып, бірі сұлап, екеу ғана қалды. Аңыраған алпыс үй тыныш даланы азан-қазан қылып көше бастады. Төрт дөңгелегі төрт жаққа қиқалаңдаған шиқылдақ арбаның үстінде Сарыбала да кетіп барады. Екі көзі арт жақта. Ғажап оқиға: нан, орыс, Мекеш, қан есінен кетер емес, елестете отырып ұйықтап кетті. Түсінде көріп жатыр... Сықылықтап күледі, аузын қомпаңдата жейді, жұтынады, біресе шырылдап жылайды..

ЕКІНШІ ӘҢГІМЕ

Жер қатқақ, қар әлі түспеген. Түн тымық, шөп басы қыбыр етеді. Жұлдыз бүгін тым жиі, шетінен күлім қағады, қайсы бірі зулап барып жоғалады. Айсыз, бұлтсыз түнде масайраған көп жұлдызды күндегендей шоқая отырған төрт көз төбет көкке қарап ұлуда. Оның астында бетпейдегі бес үйдің бірі — жапырық қора. Қора ішінде адам тұратын бөлме біреу-ақ. Бөлменің төбесіне төбең, тиеді, екі аттасаң, төріне жетесін. Дәл ортасына қисық ағаштан тіреу қойыпты. Қабырғалары сылаусыз. Үгілген қара шымның арасында ұсақ қара бүргелер быж-быж қайнайды. Жерге қалың, төсеулі жусанның иісі мұрын жарады. Төбедегі ағаш талдар сирек, араларынан салбыраған шөптерге сүңгі тұра бастапты. Аласа жал пештен түтін қайтып жатыр. Білте шам түтінге түтін қоса түседі, жарығы төрдегі үшеудің дидарын азар көрсетеді. Күндіз жарық беретін терліктей ғана қарын терезе есікті ашып, жапқан сайын тарсылдап тұр.

Төрдегі үшеудің бірі — үй иесі Мұстапа хажы Махамбетшенің тетелес інісі, жасы қырыққа жетер-жетпес, бетінде қорасан дағы бар, төртбақ, сары шұбар кісі. Ата-аңадан жөргекте жетім қалып, ұзатылған кедей апасы емізікпен асыраған. Oн жеті жыл қара шаңырақтағы ағасының жылқысын бақты. Ағасы берген он шақты қара еншіні ешкімге ақылдаспай, бір күні сатып жіберді. Ағасы әперген төмен ата, момын шаруаның қызы жас Қадишаны, шиеттей екі баласын тастап, отыз екі жасында мекеге жүріп кетті.

Хажының түк басқан жүзі өте суық болғанымен кішіпейіл, аз сөйлесе де шешен, тәуекелі мығым, сабыры мол, құдайдан басқадан қорықпайды. Бұл дүниесі оңып тұрғандай уайымы ылғи ол дүние. Осы өзгешеліктерін жасынан-ақ алпыс үй Елібайға танытып болған. Ағайын ішінен зәбір көргендер, әсіресе Махамбетшенің тізесі батқандар хажыға мұңын бір шақпай кетпейді. Хажы заманды түгіл бірге туған ағасын түзей алмай: «Бишараға нысап, таупық бере гөр» деп құдайына жалбарынады. Құдай да түзей қоймаған соң, хиянат кеулеген елден кетсем, Меке, Мединенің бірінен топырақ бұйырса, деп жүргенде жылқылы Жолжан өлді. Соның өсиеті бойынша енді бедел хажыға бармақ. Қатын, баласы шулап:

— Біз қалай күн көреміз? — десе:

— Алла рызықсыз жан жартқан жоқ. Өзі асырайды, — деді.

Мұстапа кәзір күндегі әдетінше жұдырықтай сары ұлына дін үйретіп отыр...

— Құдай бір, пайғамбар хақ, құран шын, де!

— Құдай бір, пайғамбар хақ, құран шын.

— Жаттап ал. Жүз айтсаң жат, мың айтсаң, такірар болады.

Баласы зейінді. Жүз, мың түгілі бір айтқанда қағып алып, қайта айтып береді. Әкесі өткен сабақтарын тексереді:

— Алланы неше сипатпен танисың? Шай нешеге бөлінеді?-

— Сегіз сипатпен танимын... Шай екіге, төртке, сегізге бөлінеді, дейді Құтекең. Сіз екіге ғана бөлінеді дейсіз.

— Құтыбай кәрі шайтан, ішетін шайды айтып, мазақ еткен сені. Менікі ішетін шай емес — дүние. Дүние екіге — жанды, жансызға бөлінеді...

Ақырғы ымтиқан намаз болды. Күйесі бес батпан шойын құманды көтере алмай, еңкейте отырып дәрет алды бала. Азан шақырып, тоғыз бас құтпанды жаңылмастан оқып шықты.

Әкесі содан кейін тәсбісін салды алдына.

— Мынау өлген кісі. Жаназасын шығаршы кәне!

Бала бұны да бұлжытпай орындады. Хажы төмен қарап, үнсіз қалды. Ұзын кірпіктерін жауып алып, көзінің ашық, жабық екенін байқатпады. Ойланып отыр. Оқуы таусылды. Әптиек, құранды, Хожа-Ақмет Яссауидың хикматын оқытайын десе бала хат танымайды, танытайын десе, өзі қол қоя да білмейді, мектеп көрмеген адам. Аяқ жетер жерде мектеп, медіресе түгілі молда жоқ. Ортадан молда ұстауға жұрт көнбей жүр. Жеке ұстауға дәулет көтермейді. Хажы кәзір дағдарыста. Адуын, көп сөзді Қадиша құлағының етін жеп барады:

— ... Жаратқан-ау, меке осының не теңі! Бізді енді Жолжан үшін шулатпақ. Соғымға арнаған жалғыз биені Сиқымбай ұрлады. Не жейміз?І Сұрау салмас па, іздемес пе бір... Ертеңнен қара кешке жұдырықтай баланың, басын қатырады да отырады. Көк ми қылып жібермесе неғылсын...

Пештен қайтқан, білте шамнан будақтаған улы түтін — аядай үйді мұнартса, Қадишаның сөзі шайдай ашық көңілді мұнартқандай. Мұстапаның сабыры сонда да мойыр емес. Ойын аяқтаған соң ғана әйеліне күлімсірей жауап қайырды:

— Тұқымыңнан дуана көп шығып еді, жұққан екен. Әдейілеп ұрлаған ұры безектегеніңмен бере қоя ма. Құрт-құмырысқа да тамағын тауып жүр. Біз де табармыз. Ей мақұлық, ауыздан шыққанның бәрі сөз емес, көп былшылдама — оқу баланы көк ми етпейді, көгертеді. Хажы маған парыз емес, рас. Бірақ, құдайдың үйін, Мұхаммет ғалайссаламның қабырын тек байлар көрсін, деген де жоқ. Әгәр жолымда дариялар болмаса, мен сонда жаяу баруға жалықпас едім...

— Әмірбек-ау, нағыз дуана осының өзі ғой, — деп еді Қадиша, Әмірбекті күлкі мен жөтел бірден қысты. Көксау дімкас адам күліп, жөтеліп болғаннан кейін, кеудесін сырылдата алқынып отырып:

— Хажы, осы жөтелден қорқам, көзім тірісінде аманатыңды ал, — деді. «Аманат» дегені, өзінің төрт жасар әйел баласы — Бибіжан.

Әмірбек бұдан екі жыл бұрын қала шықты. Үш жүз шақырым жердегі Ақмоладан жалғыз түйесі арықтап, өзі жүдеп келе жатқанда ат құлағы көрінбейтін үскірік боран қамады. Жол мүлде бітелді. Қалашының шамасы бары ел тапты, таба алмағаны, еліп не ұшып жатты. Соның бірі Әмірбек. Тәуекелшіл Мұстапа ел қорыққан бораннан қорыққан жоқ. Ести сала жалғыз іздеп барып, танымайтын, білмейтін Әмірбекті түйе-мүйесімен аман-есен үйіне әкелді. Ақысыз, бұлсыз бір ай бақты. Әмірбектің ырза болғаны сонша, аттанарда Мұстапаға рақметін жаудырып тұрып:

— Ажалдан құтқарған қызырым, еле өлгенше досыңмын. Бір баламды ал, бала қыл. Ер жеткен соң кіші сарыңа қос. Жақсылығыңды етерлік басқа іштеме таба алмадым, — деген болатын.

Мұстапа мекенінен елімен ауды. Сиқымбай жерінде отыр. Сармантай жеріне тақала түсті. Әмірбектің руы Сармантай. Ара қонып, күйзелген досына көңіл білдіруге, берген уәдесін орындауға келген екен. Қыз деген қып-қызыл мал, кедейге үлкен талшық. Әмірбек талшығын, жанына теңеген жас баласын қиып отыр. Мұстапа жақсылығын сатуға арланады. Бірақ, екі ұлы ер жетсе үйлендіру оңай емесін де біледі. Қырық, отызға келгенше үй бола алмай жүрген талай кедей бар. Солар көзіне елестегенде балаларына іші елжірейді. Екі жыл бойы «жарайды» не «жарамайды» демей келіп, жаңа ғана жауап қайырды:

— Жақсылығымды бұлдағамын жоқ, зорлағамын жоқ, қоймайсың Әмірбек. Алсам ырзасың алмасам ренжисін.

Досты ренжіткенше, қуантайын онда. Жарайды, күн ұзаңқыраған кезде барып алып қайтармыз.

Достарыңызға енді сендім. Тәңірім сенен мені бұрын алсын дегенде Әмірбектің көзінен жасы парлап тұрды............

Есіктен даурыға, ентіге енді бір әйел:

— Ұры түсіріп әкелді, ұры!..

— Қайда?!

— Үлкен үйде...

Бірі қалмай тұра жүгірді. Мұстапа баптанып орнынан тұрғанша көксау Әмірбекке дейін Махамбетшенікіне жетіп үлгірді. Сарыбала жалаң аяқ зырлаған, бәрінен бұрын келіп, босағада көк көзі жайнап тұр. Беткейдегі бес үйдің адамы тегіс жиналыпты. Маңайдағы ауылдардан да келіп жатыр. Ұры үй ортасындағы тіреуге байлаулы. Махамбетшенің қолында тобылғы сапты сары ала қамшы, ашуланғаны сонша, кең танауы делдиіп, демінен ұзын сақалы желп-желп етеді. Қамшымен бір тартқан сайын ұрыға бір сұрақ қойды:

— Айт шыныңды, Мұстапаның боз биесін қайсың ұрладың ? Айт шыныңды, Әлімжанның қара байталын қайсың сойдың?! Бақтыбайдың, қызыл сиырын ұрлаған кім?!

Ұры ұрған сайын селк ете түседі. Айтпайды, жыламайды, жалынбайды, тістене береді. Бөз көйлегі қамшыдан пәре-пәре болды. Арқасынан шып-шып қан шықты. Сонда да айтқан жоқ. Махамбетше ұрудан тоқталған жоқ...

— Қасқыр! Күнтуған! — деді Сарыбала дірілдеп. Атын жеген қасқырды Күнтуғанның тірідей сойғанын көрген. Күнтуғаннан аяу, қасқырдан қиналу белгісін көре алмаған. Мына екеуінің қайсарлығы мен рахымсыздығын соған теңеп тұрғанда әкесі жаңа кірді есіктен. Хажіге қол бермек түгілі жол бермеді бірі. Бәрінің көзі төрдегі оқиғада. Махамбетше әлі де ұрланған малдарды атап-атап ұрады. Осы жерге келгеннен бергі төрт-бес айдың ішінде алпыс үй Елубайдың отыз ірі қарасын ұрлапты Сиқымбайлар. Біре соғымынан, жалғызынан, біреу сәйгүлігінен айрылған ызалы ел Махамбетшенің қолын қағар емес. Мұстапа аз кідірді де, көпті бұза-жара барып, ұрының үстіне құлады.

— Тұр! Былай кет! — деп ақырды Махамбетше. Тұр маған соң інісін тартып-тартып жіберді. Сарыбала шырыл дап келіп әкесінің арқасына жабысты. Сонда да қолын көтере бергенде Алдаберген ақсақал қамшыны қолынан жұлып алды:

Ант ұрған, шайтан! Құтырған ит те баласын қаппайды!.

Махамбетше қарсыласпады. Алдаберген ағасы. Ағаға әкеге үлкенге қарсыласу былай тұрсын, алдынан көлденең өтуді қазақ дәстүрі көтермейді. Арашалағаны үшін таяқ жеген Мұстапаның бір қолын қамшы осып кетіпті. Білеудей. Қолын жеңіне тыға отырып, ағасына тоқтау сала сөйледі:

— Бұл бишараның қанын іштің. Жанына несіне құмарттың. Мықты болсаң Жұныске істе. Бұлар оның қол шоқпары. Бір шоқпар сынғанмен Жұныс шоқпарсыз қала ма? Оның бер жағында рахым керек. Өз көңіліңді жылытқан рахым басқаның да көңілін жылыта алады. «Жылы-жылы сөйлесе жылан іннен шығады»...

Тек кірпігі қимылдап, қанға боялып жатқан ұрыға жаңа ғана тіл бітті. Созылып келіп Мұстапаның аяғын құшты. Сынапша жылпылдаған тышқан көздері қанша қинағанда титтей жасаурамаса, енді ыстық жасты төгіп-төгіп жіберді. Сөзі өлусіреп шығады:

— Дүйсекені де аяушы табылды. Шүкірлік! Жиырма жыл Жұныстың атса оғы, шапса қылышы едім. Міне, тасқа тиіп морт сындым. Қатын, баласыз, үй-күйсіз, салт атты, сабау қамшылы бір жанмын. Ұрлаған малымнан алған қарғысым кеп. Үмітімнен түңілуім кеп. Қасқыр құрлы мекен сайлау, қасқар құрлы ұрпақ өсіру қолдан келмеген соң, ұрыны құдай неге жаратқан?

— Е, Бишара! – деді Мұстапа, - шыныңды айттың, Әттеген-ай әнтек бұрын айтсаң!.......

— Онда ұры бола алам ба?

— Болғанда тапқаныңды естідік қой. Қайсарлығыңды ерлікке балама. Балаған күннің өзінде, орынсыз ерліктен орынды қорқақтық артық.

— Хажеке, ажалдан арашаладың. Әкем айтпаған ақылды айттың. Өлім ит болғанда, нәсілім адам ғой, ішіме сыймай барады....Боз биеңді Серкебай екеуміз Жұністің өз үйіне апарып, сойып бергеміз. Сіз сұрасаңыз жасырар сырым жоқ.

— Мен сырға қолқа салмаймын. Біреу салса бермейтін сырым да бар.Осынау көптің жалынды ызасына жан төсеу оңай ма, сыр сақтау оңай ма? Салмақта, өзің шеш.

Дүйсеке тағы да үнсіз. Қайсысын таңдарын білмей дағдаруда. Оған телмірген көп кездің әрқайсысы бір ине, жаралы денеге қадала қалыпты. Сұққылап, шыңыраудағы шындықты шым-шымдап тартқылап жатқан сияқты. Әлден уақытта сандырақтаған аурудай аузына келгенін айта берді Дүйсеке:

— ... Қара байталды Қаракесектің ұрыларына... Қоңыр сиыp Аманбекте. Қызыл қасқа Серкетайда. Көк бие Жұныстікіне сойылған. Күрең айғыр — аяғымдағы етік. Ақтентікті өлтірген орыстың мәстегін... — деген кезде.

— Ах, малғұн! — деп Махамбетше қамшысына ұмтылды. Алдаберген жібермеді. Дүйсеке айтсын, айтпасын малын Сиқымбай ұрлағанын Елібай жақсы білетін. Орыс, қазақтың арасын ушықтырған Ақтентек оқиғасының құныкері Жұныс екенін жаңа білді. Күрсінбеген бірі жоқ. Қазақ жолына жүгінсе Жұныс теңдік бермейді. Заң жолы ұзақ, жеткенше кезіне көк шыбын үймелейді. Жаңа қоныс, момын ел енді қайтпек? Әрқайсының басында осы бір сұрақ тұр. Жауап жоқ. Тұйыққа тығылып, мелшиген көптің алдын Махамбетше ашты:

— Ендеше, сендер де ұрлаңдар! Лұқсат! — деп еді, тұс-тұстан ұшқынша шашырады сөздер:

— Ақ мал үшін өлуге бармыз!

— Біздің қолымызға бүйен қаптап қойған жоқ біреу!

— Тәйірі, жылқы кімнің жетегіне ермейді.

— Мал соя білеміз.

— Түнде жорта да білеміз.

— Қолымыз босанса бопты...

Дуылдаған көпті Мұстапа бұдан әрі тыңдамады. Басын бір шайқап орнынан тұрды. Есік алдына барғанда артына қайрыла беріп:

— Кек қайтқан соң қоя салсаңдар іштеме етпес. Бірақ, дәндеген ауыз тек тұрмайтын. Менің қаупім сол, — деді де шығып кетті.

Қаугөрік жиында сез ете бере ме, есіл қамқорлық сол босағада қалып қойды. «Мен өтілдіммен» Мұстапа барады. Елін енді ұрлыққа баулыған сары тіс би қиыннан бірдемені қиыстырғандай сақалын сипап қораздана түседі. Күздің, ұзақ түні тең жарыдан ауды. Ауылы бөлек Ыбыш, Құтыбай ентіге-ентіге жаңа кірді. Әңгіме бұрынғыдан әрі үдеді. Ұры түсірген Нұрман, Жұныс, Мұқайлар бірінен бірі аса мақтанады. Шынында мақтанарлық іштеме жоқ сияқты. Дүйсеке аты жығылып өзі түсіпті, жолдасы Секербай қашып құтылыпты. Біздің үш жігіт жаяу қалған жалғыз ұрыны айдап келгеніне де үйге сыймай отыр еді.

— Кеш жарық! — деген дауыстан тына қалды бәрі.

Кенеттен келген қара буырыл сақалды, арықтау қара кісіге жиын жарылып, терден орын берді. Босағада телмірген Сарыбалаға дейін қолын ұстады. Біреу етігін тартқанда, біреу жеңін тартып шешіндіріп жатыр. Әрқайсымен қысқа амандасып, біраз сұлқ отырған соң суырыла сөйлеп кетті ол:

— ... Елібай, Сиқымбай Бегайдардан туды. Алаш емес, ағайын. Ағайын арасына жік түссе қас жаман сына қағар, қамқор азамат дәнекер болар. Дәнекер болғалы келдім. Менің әкем Қотыраш, Жұныстың әкесі Батыраш, екеуміз немере. Өздеріңе белгілі, Қотыраштың қызын Жұныстың алып қашқаны — бүкіл Сиқымбайдың, бетіне күйе жаққаны ғой. «Қара бет-ay, кімге басалқы айтқандайсын!» дерсіңдер. Сонда да айтпақпын. Сауға, Махамбетше, сауға! Сұрайтыным ер құны, нар пұлы емес. Терісі тебе тақия болмайтын мынау қап тесер тышқан ғана. Мен бұдан тымақ кимек емен. Жараның аузына тартам. Ем болмаса да, аздап уытын алар. Әкең Қыдыр ердің құнын екі ауыз сөзбен бітірген. Сөз таныр, деп келдім. Бай Батыраш Қыдырдың үстіне батып ене алмаған. Жұныс бүгін қотаныңа шапса, басынғаны деме, арамның мерейі өскені дегейсін. Әделеттің, ақ жолына аз жүрген соң шөп өсті. Арамдықтың соқпағы көп жүрген соң, кеңейе түсті. Кер заманға кез болдық. Кер айылдап ат мінелік. Кек соқтада жол түсті, ат құйрығын шарт түйелік. Қойдан қоңыр елің бар. Айнала торыған бөрің бар. Сол берінің, арланын амалдап бір көрсек деп келдім. Ақыл, амал арыстанды да бағындырған...

Бір адам бүлк етпеді. Тосын келушінің бір сөзін шашау шығармады. Құлақтарын тесей телміре қалыпты аузына. Ол сезін болғаннан кейін де үй іші тып-тыныш. Тек Махамбетшенің басы қозғалады. Шұлғи отырып, ыңырана жауап қайырды бір кезде:

— Е-е-е, Ыбыш хажы, Ыбыш хажы, қауқарың сенің шыбыш хажы! Шешендігіңді қайтейін, шиелі түйінді шешпесе. Ақ пейілің кімге дәрі, ез еліңе етпесе. Өзің келдің бе, Жұныс жіберді ме? Одан да маған соны айт.

— Күшім тасып, сезім дарып жүрген жоқ. Жұныс жіберді. Жұныс үшін келгем жоқ, ел тиыштығы үшін келдім. Ақ пейілім, ШЫН сөзім етпесе сеңен-дағы бір түңіліп кете барам,

Махамбетше темен қарап ойланып қалды. Ыбыш сөздерінің ішінен «Жұныс жіберді» дегенін ғана ұстап отыр. Жұныс бұдан бұрын екі жеңілген. Бір де бірінде ішкім келмеген. Елібай көшіп ит жонынан асырмай он күн иіргенде, Махамбетше землемер мен урядникті қоса әкеліп, қалаған жерін тілдіріп алды. Землемер, урядниктер кетіп, Елібай жерге орналасқан кезде Жұныс қайта көтерілді. Бүкіл Сиқымбай ұранын шақырды. Жұныстен жапа көргендер, жанжал сүймейтін момын адам, момын аталарға дейін ру намысына қызды. Соның бірі осы шешен Ыбыштың өзі. Махамбетше қатты састы. Қос атпен кейін қалған ағайындарына кісі шаптырды. Бастығы Мекеш болып, сайдың тасындай отыз жігіт сау ете түсті. Сап дүзеген екі ру біріне бірі бата алмай үш күн тек айбат көрсетісіп жатты. Төртінші күні Мекеш шыдамады:

— Қау көрік Сиқымбай, сусаған екенсің. Қанмен суарам, кел кәне, қайсың келесін? Ер болсаң, Жұныс, жеке шық! Қатын болсаң көдедей кебіңді ерте шық!.. — деп жалғыз езі Сиқымбай тобының алдында ат ойнатып жүрді. Құтырған қасқыр сияқты Мекештің сиқын көргенде бір Сиқымбай шыға алмады. Біртіндеп тарай берді...

Жұныс содан кейін белгілі «кесібіне» кіріскен. Дүйсекенің қолға түсуі оның үшінші жеңілуі. Араға кісі салғанын қыры сынғаны, деп жориды Махамбетше. Ыбыш оңаша сейлесейік дегендей ым қаққанда орнынан ұшып тұрды.

— Ей, Махамбетше! — деді Ыбыш тысқа шығарып алып, — туысым Жұнысқа жақын. Қонысым, көңілім саған жақын. «Аталастың аты озғанша, ауылдастық тайы озсын». Дүйсекені маған бер. Мені аруақ, құдайға тапсыр. Жұныспен құда қыламын. Мандамның басын алу керек. Екеуің келіссең, өзге Сиқымбай, Елібай қайда барады?

— Жұныс осыңа кене ме?

— Емен ағаштың иілгені сынғаны. Сынбаса неге келді маған? Бұрын келсе көрмеп пе?..

— Жарайды. Көршілік үшін бір бөлтірікті байладым. ЕНДІ арланын аулап байқайық.

Үйге енісімен Махамбетше Дүйсекені босаттырды. Хажы Ыбыш ертіп алып, бөгелместен жүріп кетті. Үйдегілер аң-таң. Теке көз Ыбыш жүгіне сала қамшымен жерді тартып-тартып жіберді.

— Ойбай-ау, біз жан емес пе, неге ақылдаспайсың?! Адамы керек болса Орынбайдың Балмағамбеті, Тиышмағамбеті неге келмейді? Батыраштың Түсібі неге келмейді?! Қу жақ Ыбышқа құныкерді түгілі қазып алған сасық күзенді байлар ма, кісі!..

— Иә, морт кеттің, Махамбетше, морт кеттің! — деп Құтыбай отыр.

— Жә-жә! Сендер құрлы пайдамды, намысымды білемін! — деді Махамбетше. Ол қабағын шытқанда, өзгесінің кеңілі сынды. Кешегі нән Қыдырдың орнын басқан ұлы, жасы көбінен үлкен, ру басы ысқаяқ биге қайсы қарсы келсін, жым болды бәрі. Тарай бастағанда тек Ыбыш қана күңк етті:

— Көмейіне бірдеме өткізген ғой.

Сарыбала босағада бүк түсіп ұйықтап қалыпты. Елдің ең соңынан қозғалған Әмірбек оятып алып, жетелеп барады. Ұйқылы-ояу баланың аузынан үш сөз түспейді:

— Ұры... атам... Ыбыш хажы...

ҮШІНШІ ӘҢГІМЕ

Сарыбаланың құмары ат пен ертегі. Бір жасқа толмай' ақ әкесі тек атқа мінсе алдына алды. Екі жасқа жеткенде ашамай ерттеп, жеке мінгізіп, жетелеп жүрді. Бес жаста бала өзі тізгінге ие болды. Бірақ, ат табыла бермейтін. Хажы жолына бар мінгішті сатып жібергелі бұл үйге жылқы басы құралуды қойған. Бала күндіз — ат, түнде — ертегі, деп қынқылдайды. Мұстапа біріне жарытпады. Мұхаммет пайғамбар, төрт шадияр, әулие,әнбиелер жайындағы аз әңгімесін алдақашан айтып бітірген. Ертегі білмейді, жалғыз сұр шолақ босай бермейді. Бала сонсоң, келген қонақтың атына жармасады, қона қалса түн бойы ертегі айтқызады. Естіген ертегінің бір сөзін жаңылмастан құрбыларына айтып береді. Ұзақ жолға шығарда әкесі ұрып, ұрсып тастап кетеді. Сонда да қалмайды. Безер. Кәзір Шодырдікіне ере келіп отыр. Дәретсіз жер баспайтын тақуа әкенің «аузы түкті» орыстікінде, ата мекенінен аударған орыстікінде отыруы ерсі көрінсе керек:

— Аға! — дейді сыбырлап. Әкесін аға дейтін. — Тамырдың тамағы арам емес пе?!

— Емес. Же, тойып ал. Қойды езіме бауыздатты. Ыдыс-аяғын көзімше қатіреңдеп жуды...

— Тамыр қалай болады, аға?

— Алық-берікпен болады... Шодыр екеуміздікі одан мықтырақ, — деп Мұстапа, мәнді бірдеме айтардағы әдетінше көзін жұмып қойды. — Сенің онда бір жасар күнің. Ауыл Шоқайда. Күзге салым уақыт. Аулақ далада жылқы бағып жүр едім. Көз ұшында, елсізде бір қара көрінді. Жүрісі мандымайды. Жаяу. Жүргенінен теңселуі, отыруы кеп. Жүгіртіп алдынан шықсам осы Шодыр. Сақал, шашы бетімен кеткен. Көз былшықтанған. Киімдері жұлым-жұлым. Аяғын етік қажап, етігінің жұлығынан үлкен башайы шығып тұр. Қойнында қол басындай қатқан наны бар. Аш. Анда-санда бір сезін аңғарам. «Жапон» дей беруіне қарағанда жапон соғысынан қайтқан солдатқа ұқсайды. Е-ей, бишара-ай, кәпір де болсаң қатын-балаңды сағындың-ау! Мына қалпыңда жете алмай жолда өлерсің-ау, — дедім де, алдыма мінгізіп, сүйемелдеп, үйге әкелдім. Бір жұма баққан соң, өз үйіне әкеп тастадым. Содан көріп отырғаным осы. Орыс та, қазақ та бірдей емес, балам. Жақсы, жаманы бар. Адамды тани білу керек. Бұл жақсы адам. Жақсылықты ұмытпапты. Ылғи сәлем айтып, шақырып жататын. Бүгін дәм тартып келе қалып едік көрдің бе, қой сойды. Қазақша қонағасы берді. Оп-оңды үй болыпты, қазақ тілін үйреніпті. Бара-бара мұсылман болып кетуі ғажап емес.

Тамырына ырза болған Мұстапа адам жайында ұзақ әңгімеледі. Баланың аузы тамақта, құлағы әңгімеде. Стол басында екеуі ғана. Жұмыс құмар Шодырда дамыл жоқ. Қолында айыр, қорада жүр. Кеше босанған әйелі бүгін белін берік байланып, сиыр сауып отыр. Сарыбала тамырдың бұл мінезіне түсінбей сұрап қояды әкесінен:

— Олар қонақпен бірге тамақ ішпей ме?

— Ішеді. Жұмыстан қолы тимей жатыр.

— Басқалар неге келмейді? Біздің ауыл қонақ келгенде жиналып қалады ғой.

— Бұларда ондай әдет жоқ. Бәрі жұмыста, — деді Мұстапа. — Шодыр сый қонағымен отыруға да уақытты ысырап етпеді. Піскен егінді жиып алмаса төгіледі. Әр күннің берер жемісі бар. Жиып алмасаң о да төгіледі. Шодыр соны төкпеу үшін лұқсат сұрады. Мен оған лұқсаттың үстіне алғыс бердім. Еңбек емген мұжық қалай байымас. Ермек емген сорлы қазақ жарым аш. Орыстың тек осы мінезі жұкса біздің қазақ мелтек атар еді-ау!..

Екі қолтығында екі қап ұн, еңгезердей Шодыр көрінді есікте. Қаптарды былай қойып, маңдай терін сүртті. Сұқ қолдай етіп махоркасын орады да, түтінді аузынан будақ-будақ шығарды. Содан кейін қаптарға иегімен нұсқай сөйледі:

— Дос, әне, тапсырмаң, орындалды. Бірі — тері-терсегің. Бірі менің, сыйым.

— Рахмет, Шодыр. Қаруы құдайдан қайтсын.

— Бір ақыл айтсам қайтеді?

— Маған десең екеуін айт.

— Үшеуін айтар едім. Әттең ақылым аз. Теріңді жарты бағасына біреуге азар өткіздім. Сатушы еңкейгенде алушының шалқая беретін әдеті ғой. Қазақтарды қыс биыл қатты қысты. Сабанның шанасын қойға, шептің шанасын тайға алды. Екі малымды бағып бер, бірін өзің ал дегендерді де көрдік. Егін, шөп жерге шығады. Жер қисапсыз көп. Орыстардан сатып алғанша, жерден тегін неге алмайды қазақ?

— Ол үшін еңбек істеуі керек те.

— Неге істемейді?

— Істемеуінде екі себеп бар: бірі — ерінеді. Екіншісі — аспабы, икемі жоқ. Ең жаманы — ерінгені. Ерінген аузындағысынан айрылады. Ерінбеген арыстанның аузындағысын алады.

— Әй, Мұстапа, Мұстапа! — деді Шодыр сүйсініп. — Саған үйретпек болдым-ау. Осынша ақылмен қалай кедей болғаныңа қайранмын!

— Малды болғанша, иманды болғым келеді. Бес күндік дүниені әркім әр түрлі еткізер. Ахіретті айт. Әгәр езін езі өлтіру кешірімсіз күнә болмаса, мен алдақашан ол дүниеде жүрер едім.

— Біздің поптар да ол дүниеге құмар. Бірақ, ұжмақтың алтын үйің бұл дүниенің шым үйіне айырбастауға дайын.

— Біздің кейбір молдалар сияқты екен, — деп Мұстапа күліп жібергенде, Шодыр қоса күліп:

— Саған шаруа жайын үйретпек едім. Сен өзімді азғырып барасың ғой. Қояйын, — деді.

Қонақтар жүруге қамданды. Шодыр екі қап ұнды сары атанға теңдеп, ортасына Сарыбаланы отырғызды. Сары атан ұзатқан қызша қорадан шықпай жатып, белгілі айғайына басты. Түйе жетегінде, сұр шолақты сипай қамшылап, шағын поселкені қақ жара Мұстапа кетіп барады. Байыпты көзі маңайын шолып барады. Кеше ғана кенін сүйретіп келген мұжықтар қоңын ілезде жия қалыпты. Әуелде тек баспана етіп кіре салған шым қоралардың арасынан кірпіш үйлер көтерілген. Аттары көбінесе мәстек болатын. Енді қазақы жылқыларға айналыпты. Бұрын орыс көрінсе одырая қарайтын қазақтар аралас-құралас жүр. Арық атын арық та болса семіз мәстекке, соғым терісін арзан да болса астыққа айырбастайды. Мұжықтар жұмысымен қоса айырбасын істегенде, қазақтар жұмыссыз, барын күйдіріп өткізуді ғана біледі. Мына бір қазақтың ісі тіпті сорақы. Қолында қатқан қызыл елтірісі бар. Маңайласқан мұжыққа ал, деп тықпалайды. Сұрайтыны бес қадақ ұн, айтатыны:

— Малокомен пұп-пұп, десең болғаны, далиып шыға келеді.

Онысына ешкім түсінбейді. Антұрған-ау, онда өзі' неге «пұп-пұп» демеді екен. Мына қалпында елтірісінің бес тиындық құны жоқ. Өткізе алмай сенделіп қайтып барады.

— Осы поселкенің орыстары өз тіліне өзі түсінбейді! — деп тағы да кінәлап барады. Оған түсінбегенмен поселке оның жеріне жақсы түсініпті. Тоғайы түйе жасырарлық, кен, алқапты қара Нұраның бітік шабыны шабылмайтын, суы тек сусынға жарайтын. Кәзір су диірмендер салына бастаған. Алқап түгілі қыраттың, кеудесін қырып тастаған. Мая-мая шеп, жыртылған мақпал қара тың, қызықпан деген Мұстапаны бір қызықтырды. Туған жер ертеден ыстық болғанымен дәл мұндай қыздырмаса керек оны:

— Обал жоқ бізге! — деді әзіне езі. — Поселке болмадық. Болғанды күндеудің керегі не? «Күншінің күні қараң...»

Сары атанның гөй-гөйі үстіндегі баланың дауысын әкесіне естіртпеді. Баланың тамашалауы өзінше. Айғай салды бір кезде:

— Аға, мынау шыпырлаған көк домалақ не?

— Қарбыз, балам.

— Анау сары сопақтар не?

— Қауын, балам.

— Оларды қайтеді?

— Жейді.

— Тәтті ме?

— Тәтті.

— Біреуін әперші.

— Иесі бар. Лұқсатсыз алуға болмайды. Және піскен жоқ. Ауырып қаласын.

— Бұлар біздің жаққа шықпай ма?

— Ексе шығады.

— Неге екпейді?

— Ерінеді. Еріншектің бір мінезі — еміншек. Еміншек бола көрме, шырағым. Емініп алғаның — арыңды айырбастап алғаның. Арсыз қалғаның — жалаң бұт қалғаның.

Бақырауық түйе, түйе даусынан дауыстарын асыра сөйлескен әке мен бала тиыш даланы шулатып келе жатқанда шошқашы Баймағамбет кездесті. Танауы делдиген, кезі бақырайған, сәлемді ұмытып, салған жерден бажылдады:

— Айналайын қажеке-ай, жақсы кездестің-ау! Орыстың шошқасын баққаным үшін осырған сиырдай қылып еді. «Жаман ауыл» тұп-тура шоқынғалы жатыр. Тезірек жет! Тоқтат анау Тұрлыбай бұзықты. Шошқаларға асығып барам. Қасқыр өш екен өзіне, жеп кетер. Бәрі қатын, баланың қамы!..

Басқа сөзге келместен Баймағамбет шаба жөнелді. Мұстапа аң-таң. «Осы жынды не айтты? Нанайын ба, нанбайын ба?» деген күйде «Жаман ауылға» жетті. Бұл Салия руындағы кедей, темен ауылдардың бірі. Сондықтан ағайындары өзіне лайықтап ат қойған. Бірақ Тұрлыбай ержеткелі «Жаман ауылдан» «жақсы ауылдар» ыға бастады. Ақмола, Кереку, Қарқаралы, Семей, Көкшетау, Атбасар — алты дуан елге мәлім, айбаты айдаһардай Нұрлан болыстың елу жылқысын Тұрлыбай талтүсте тиіп алып, теңдік бермей кетті. Мұстапа дәл сол Тұрлыбайдікіне келіп түсті.

Екеуі құрдас, жерлес, тату ағайын. Былтыр қоныс аураңнан бері көріспеген. Үй толы адамның ішінде жалғыз сөйлеп, оттай лаулап отырған Тұрлыбай Мұстапаны көргенде орнынан ұшып тұрды.

— Келші, құшақтасып амандасайық! — деді де құшақтай алды. Аузы әлі сөзде — «Жаман ауылдың» досы, жамандықтың дұшпаны, ақылға бай, малға кедей аяз биім, аманбысың. Басқалар қадырыңды білсін, білмесін, мен орда жатқанда білгем. Осы көңіліміз өлгенде бұзылмаса мені қай періште сенің қасыңнан батып әкетер екен.

— Тоқта, былшылдап барасың — деп еді Мұстапа, бәрі ду күлді.

Тұрлыбайдың «орда жатқанда білгем» деуінде үлкен оқиға бар. Жас Тұрлыбай жама ағайындарының бірі таз Ақметтің келіншегіне қызығып жүріп, алып қашады. Бүкіл Елібай, Салия болып іздейді. Ақыры ұстайды. Байлап әкеліп келіншекпен қоса Ақметтің қолына береді. Ақмет ноқай адам. Терең қылып ор қазады. Тұрлыбайды орға салады да, бетін керегемен жауып, үстіне өзі жатады. Ойына келгенін істеген. Сонда да кегі бітпеген. Ағайынның некелі әйелін бұзып алу түгілі, руластың жесірін алуды қазақтың кешірмейтін кезі. Бір адам Тұрлыбайға қол ұшын бермепті. Орда жатып су сұраса Ақмет суға сідігін қосып бергенін Мұстапаның көзі шалып қалады. Содан кейін бір күні Тұрлыбай жоқ болады. Айлар өткенде: «Ұсталыпты! Нұрлан үстінен мөр басыпты... Ақмоланың түрмесінде жатыр...» деген хабар жайылады. Ол басыла бергенде: «Босаныпты! Нұрланның елу жылқысын тиіп әкетіпті...» деген хабар тағы дүңкілдеді. Міне сол аты шулы жігіт қазір дөңгелек қара сақалды, қара торы, балғын орта бойлы, ұстарадай қылшылдаған орта жасты адам. Қайраты бойына сыймағандай қозғала береді. Біресе жүгінеді, біресе малдасын құрады, немесе құйрығымен жылжып кетеді. Әйтеуір тиыш отыра алмайды. Сезі тау суындай екпінді. Ойнақы өткір көзі ізденуден бір тынбайды. Мұстападан ел жайын, жаңа қоныс жайын ежіктей сұрап болған соң, төрдегі көк сақал орысқа денесімен қайта бұрылды да:

— Жұныс, Мекештер қылышын боққа шауып жүр. Аш қасқырдан артық іштемесі жоқ, — деді. — Қазақ пен қазақтың, орыс пен қазақтың ұрласқан, жерге таласқан сасық даулары менің жүрегімді айнытады. Игілігін көрмеген мал мен жер неме керек?! Қазақтың қай байы малының, қай кедейі жерінің игілігін көрді?! Көрмесем көрмейін, сен де көрме, дегеніне кім көнеді?! Әй, Метірей, мен өсектен қорықпаймын. Аузына ие болмағандар «шоқынды» дер, ұры, қары, бұзық дер. Оттай берсін. Берген балам берген? Орыстың тілін үйрет, орыстың білімін үйрет. Әттең, әттең! — дегенде Тұрлыбай бармағын тістеді. — Сол екеуін білсем заманды дүзер ем! Айналайын, тек араққа үйрете көрме!..

Метрей сылқ-сылқ күледі. Бұл, былтыр Мекештің қолына түскен, қазір бір поселкенің мұғалімі Метрей. Аз уақытта қазақ тілін жақсы біліп қалған. Өзін өлтіре жаздаған Мекешке сүйсінеді. Тұрлыбайды тіпті жоғары бағалайды. Оның жаңағы сөзінің орайына толғана отырып жауап қайырды:

— Арманым — жастардың көңіліне шырақ жағу. Ұрлық, зорлық, ұлттар арасындағы ала көздің сайып келгенде бәрі, бәрі — надандықтың салдары. Надан елде туған талант талпынады да жығылады. Қайта тұруға ілуде бірінің ғана шамасы келеді. Сен қараңғыда тұрып, жығылып жүрсін. Ресей қараңғы, қараңғы! Әгер сенің балаңды баули білсем, одан артық маған мәртебе жоқ. Жарық көңіл қараңғыда да жол табады.

Тұрлыбай Метрейдің қолын қысып тұрып сөйледі:

— Мен осы әуремен өтермін. Ауызға аларлық бірдеме де етермін. Тек баламды адам қыл. Сол келіп көндірмес мынау отырғандар көнбей қойды. Шоқынып кетеді, деп бір де бірі баласын бермей қойды...

Метрей жүруге қамданды. Төрт-бес жасар, қысық көз, қара домалақ баланы шешесі бетінен сүйіп жыламсырағанда, әкесі ақырып жіберді:

— Тәйт әрі, жасытпа жасыңмен! Балам, бері кел! Сағынасың ба бізді?

— Сағынам.

— Сағынғанда барып тұрам. Сабағыңды жақсы білмесең бармаймыи.

— Жақсы білем.

— Уәдеден тайған әмән тайғақ. Ез, ынжық! Ұқтың ба?

— Ұқтым.

Баланы арбасына салып алып Метрей жүріп кетті. Бүкіл ауыл артынан қарап тұрды. «Тұрлыбай баласын шоқындырам» деген лақап ел ішін жаңғырта тарап жатты. Тұрлыбай оған айылын да жиған жоқ. Мұстапаны ерте жаңа салынып жатқан кірпіш үйге келді. Түсіндіріп тұр:

— .... Бұл медіресе болмақ. Тете жолмен оқытам. Ескі оқу бір жылда хат таныта алмаса, жаңа оқу бір айда танытады. Мұғалімі дайын. Бір ноғаймен келістім...

Ауыл ортасындағы көлге келді енді.

— Жаман көл жақсы көлге айналады. Маңайына ағаш ектірем. Балық есірем. Қайық салам... Ақмола маңында бір мектепті көргенім бар. Дәл сондай болады. Қыдырымпаз қазақтың аяғы, малы бүлдірмеу үшін орлатып жатырмын, — деп Тұрлыбай беткей жаққа қолымен нұсқап қойды. Ауылды алыстан айнала жалғыз жігіт орлап барады. Орысың тереңдігі кісі бойы. Құдығын жөндеп қазбайтын қазақтың бұншама жерді талқандауы Мұстапаны таңдандырды білем.

— Бұл кім, жаным-ау? — деді.

— Смағұлдың Жармағамбеті.

— Ол Қарағандыда қайлашы емес пе еді?

— Өз жерінен құнарлы жұмыс табылса Қарағандыны қайтсін. Ал, шариғатың не айтады осыған? Нұрлан елден алды. Мен Нұрланнан алдым да ел игілігіне жұмсадым. Жетпесе жуандардан тағы алам; әрі кегім қайтады, әрі жастардың көзі ашылады.

Мұстападан жуырда жауап қайтпады. Әдетінше аяғын жай басып, төмен қарап күлімдеп келеді. Ақылы қостайды, шариғаты қарсы. Ашық пәтуа бере алмай тұспалдай салды бір кезде:

— Капыр Шаддаттың да жақсы еңбегі зая кетпеген. Аспандағы сегіз ұжмақтың бірі жерде соның салдырған үйі.

— Онда менің мектебім де зая кетпеді! Құдай-екең, тек аспанға шығармай жерде қалдырса болғаны, — деп қарқылдай күлді Тұрлыбай. Әңгімесі бітер емес. Ойы, талабы толып жатыр. Қашып жүргенде Сарыарқаны бірсыпыра кезіпті. Қалың қазақтың ортасына орнаған Қарағанды, Спасскі, Нілді сияқты заводтар, Қарқаралы, Баян, Кереку, Ақмола, Атбасар, Көкшетау сияқты шағын қалалар, поселкелер үлкен әсер етсе керек:

— Оқымай, отырықшы болмай оңбаймыз. Кешуді қоям. Жатақта жатам, — дейді өзеуреп.

Күн еңкейіп барады. Кешіге берсе Мұстапа қоналқы жеріне жете алмайды. Үйге беттеді. Түстік жеп, лұқсат сұрап, атқа мінді. Бақырауық атан белгілі сарынға қайта басты. Үстіндегі баланы изей-изей қалғытты. Анда-санда көзін бір ашып, әкесіне дауыстап қояды бала:

— Аға!

— Әу, қарағым.

— Тұрлыбайдың баласын орыс балалары ұрмай ма?

— Ұрмас. Ұрғызбас.

— Онда мені де берші.

— Сабыр ет. Әуелі мұсылманша біл.

— Білем ғой. Орысша білгім келеді.

Әкесі үндемеді. Баласы күте-күте қалғып кетті...

ТӨРТІНШІ ӘҢГІМЕ

Кигіз үйдің он, жақ қабырғасында қатар түзеген көп баланың бір шеті босағаға, екінші шеті төрге жетеді. Бәрі үн қосып оқып отыр. Күн шықпай келген. Кәзір тал түс. Жан иесі ыстыққа шыдамай көлеңке, су іздеп жүргенде, бұлар әлі жақ жапқан жоқ. Бірақ, шаршаған, шөлдеген, дауыстары быж-тыж, таңертеңгі күшті шуыл енді бір тәртіпсіз ызыңға айналды. Ызыңның өзі басыла бергенде төрдегі молда:

— Оқыңдар! — деп ақырып қояды. Ызың көтеріле түсіп, басылады. Молда қайта көтереді...

Балалардың тізесі бүгулі, ұйыса да жазуға болмайды. Стол жоқ, қолдары талғанда кітап, қағаздарын санына қойып оқиды. Дәретке еркімен шығалмай, қол қусырып молдасынан лұқсат алады. Бірен-саранның ғана үйінен ала келген төсеніші бар, өзгесі тақыр жерде. Жастары, сабақтары әр қилы. Біреуіне: «әліп-би, ти, си...» десе, біреуі: Әліппе жоқ, бидің астында бір нұқат, тидің үстінде екі нұқат, сидің үстінде үш нұқат», енді бірі: «Әліп екесің ән, әліп екесің ен, әліп екенсің он, ән, ен, он...» деп сарнайды.

Әнтиек құран, діни кітаптар оқи бастағаны бар. Бәрін оқытатын бір ғана Жақсыбек. Ол таң, намазында басына ораған ақ сәлдесін әлі тастамапты. Дайындаған тал шыбықтарының бірі қасында, өзгесі уықтың қарында қыстырулы. Алдындағы күрзі үстінде қағазы сары, үлкен кітап жаюлы. Кітап пен шыбықтың ызбарынан ез ызбары басымырақ. Қабағынан қар жауады. Балалар жылы сөзін естіген емес, жылы жүзін көрген емес, алдына барғанда қалтырап барады.

Үйдің қақ ортасында құрулы диірмен, тостаған толы бидай. Екі баладан қолдасып кезекпен диірмен тартады. Жақсыбектің, кезі көбінесе осы диірменде еді. Сәметті шыбықпен тартып-тартып жіберді.

— Бәдбақ! Майда тарт! Елемей ішетін болсын, дегенім қайда?!

Сәмет басқа балалардан ересектеу, әккілеу болатын. Майда тартқаны өндімеген соң бидайды молырақ салып, диірменнің үстін көтеріңкірей, жүгірте жөнелген. Молда көріп қалып, жармалағанын өзіне қайта тартқызды.

Шыбық даусымен қосыла шулап қоя берсе де, балалар ұзаққа бармай тағы баяулады. Мейрам қалғып кетіп, қолындағы әптиегі шашылды. Әбілқасен мен Сүлеймен қат-шөпке таласып жатқанда, молда үшеуін бірден шыпқыртты. Ашуы әбдән қозса керек ілік іздеп әрқайсысын бір сүзе қарайды. Ұры Дүйсекені ұстағанда дәл Махамбетшенің қарасы. Ұстаз бен бала арасындағы құрмет, махаббаттың нышаны жоқ. Қорқу мен қорқыту ғана бар. Сол тұтанған күйінде ол Махамбетшенің Білалы мен Мұстапаның сарысын шақырып алды. Екеуі сабақтас, «Қырық хадіс» оқып жүр. Бір дүмшенің оқуын бұлар былтыр тауысқан. Жақсыбектікі таусылмайтын тәрізді. Сабақ бергенде, дауыстап, күре тамыры білеудей болып кетеді. Соншама күшенгенде үйреткені: «Бір мысықты өлтіргеннің күнәсы алпыс пайғамбарды өлтіргенмен бірдей» екен. Сарыбала іркілместен айтып берді де, ұстазына сұрақ қойды:

— Мысықтық құны жиырма тиын. Сонда пайғамбардың құны жарты тиынға толмағаны ма?

Ұстаз жауап беруден бұрын баланы дереу құлағынан басып тоңқайтты. Көк шыбықпен мықтап тұрып арқаға бес осты. Сонсоң жауабын естіртті:

— Бәдбақ! Кітапқа нанбаған құдайға нанбайды. Құдайға нанбаған кәпір! Бар, қалған жазаңды әкеңнің алдында аласын!

Бүгіигі оқу осымен аяқталды. Ертең жұма, түстен кейін сабақ жоқ. Уыздай еті қанталап, арқасы қозғалтпай Сарыбала үйіне келді. Шешесі: «Іштеме етпес. Молданың, ұрған жері дозаққа күймейді» десе де шешіндіріп көргенде көз жасын төгіп жіберді. Қонаққа арнаған таба нанның шетінен бұл жолы молырақ үзді. Оған қоса кепкен қызыл ірімшік қою қатық әкеліп берді. Өксігін жаңа басты бала. Жадырап сөйлей бастады. Тіпті жазықсыз көрінеді. Құдай мен кітап өздері шатастырыпты. Өткен қыста ұрлық қылған тарғыл мысықты Мұстапа өз қолымен өлтіргелі жатқанда, жылап ара түскен баласына былай дейді:

— Шариғатта мысықтың құны жиырма тиын. Одан артық зиян келтірсе обал жоқ. Бұл бір қарын майдың жартысына жуық жеді...

Мінe әкенің шариғаты. Әне молданың шариғаты. Қайсына нанарын білмей сұраған бала бейкүнә азап тартты. Бірақ, тамаққа тойып, асығын ышқырына қыстырған соң ойнақтап шықты үйден. Ауыл сыртындағы сайға түсіп алып зымырап барады. Артына жалт-жалт қарайды. Беті белгілі тақыр. Ауылдан аулақ, ішкімнің көзіне түспейтін жер. Көзге түссе молдасы құрғыр тағы ұрады. «Асық ойнаған азар, топ ойнаған тозар» деп ойынға тыйым салған. Сондықтан жасырын ойнайды. Бес-алты бала қызыл танау болып жатқанда сары жетті. Сыздық «шық етер» ден шындатпаған соң «омпаға» ауысқан екен. Тіпті алыстан — отыз-отыз бес қадамнан атып жүр. Асық қатары ұзын. Егесе-егесе бестен тігіпті. Әдетте бірден тігетін. Ұтқаны шала байымақ. Табаны, кейбірінің шігесіне дейін жонылған қорғасында сақалар зулап келіп жете бере, не аса бере түсіп жатыр. Сыздықтың атысы өзгеше. Көкпен бояған шымыр шақасын шиыра жібереді. Тисе, сақасы орнында қалады, кенейді ұшырып түсіреді. Ол атқан сайын қылпылдап тұр бәрі. Сарыбала келе сала қосылған. Екі атты, тимеді. Үшіншіде Сыздықты еліктеуді қойып, өзінше жәй домалата жіберіп еді, сақасы сандалақтап барып омпаны жықты. Бір ойында бұндай ірі ұтысты көргені осы. Екі беті нарттай болып жинай бергенде, жар астынан Сәмет шыға келді. «Шұр!» деді де асығын сыпырып алды. Одан әрі үндеместен бес саусағын көрсетеді. Төбелесуге шама жоқ. Үлкеннің «шүр» алуға қақы бар. Сәмет үлкен. Он бес-он алтыға келген ересек. Бес асық сұрап тұр. Сары бір саусағын көрсетті. Көнбеді. Екі саусағын көрсетті, көнбеді, ақыры үшке келісіп, асықтарын қайтып алды-ау. Сәмет «шық етер», «омпа», «өлтір», «бір табан» сияқты атып ойнайтын ойындарға шорқақ болатын. Отырып «құж теке», «жемекіл» ойнады. Дауы, зорлығы көп. Сонда да ұтылды. Сарыбаланы енді ымдап оңаша шығарды. Құлағына сыбырлады:

— Мені молда күнде ұрады. Оған түгім кетпейді. Сен бір ұрғанда, өлімші болдың. Ақысын берсең таяқ өтпейтін айла үйретем.

— Не сұрайсың,?

— Он асық.

— Мә!

Асықтарын санап қалтасына салған соң, Сәмет айласын айтты:

— Сырт киіміңнің ішінен арқаңа тері байла.

— Молданың қай күні ұратынын білмейім. Қашанғы байлап жүрем?

— Ауырлаймысың ұяламысың. Тірі жанға көрсетпей сабаққа барарда байлай сал.

— Одан да Тұрлыбайдың мектебіне кетейік. Онда ұрмайды, бұрышқа теріс қаратып қана қояды, дейді. Жаңаша оқытады, есеп үйретеді, бір айда қат танытады, дейді. Сен алты айда әліпбиден шыға алмай қойдың.

— Мен оқымаймын. Әкем Қожаның қойын бағуға жалдады.

— Қойшыны ұрмай ма, сонда?!

— Ұрса да ақы төлейді. Дөден, күйектен күйекке дейін екі қой, бір серкеш, бас-ұлтан, тағы бір ескі киім соққалы тұр! — деп Сәмет кеудесін қақты.

Сырласынан күдер үзген сары ауылға беттеді. Дамыл-дамыл ұтыстарын санап қояды. Қос қызыл сақаның бірі дәу арқардың асығы. Жиырма кенейдің, бірі құртымдай-ақ — киіктің асығы. Екеуі де қолға оңай түспейтін құнды ұтыстар. Әрқайсысын он асыққа балап келеді. Жүзі жайраң. Ертең жұма, оқу жоқ. Тағы ойнамақ, тағы ұтпақ. Содан кейін қыл тұзақпен балық аулайды. Ыстықта су шетіне шыққан шорағайды желбезектен іліп лақтырсам! — деген ойының әуенімен күліп-күліп жібереді. Бірақ, лепірген көңілі ұзаққа бармай басылды. Жақсыбек көз алдына сап ете түсті. Енді өткен күннің бір елестері өтіп барады...

Бейтаныс ел ішінде жаңа көтерген ақ отау. Отау ішінде Жақсыбек, Сарыбала, Сарыбаланың бұрынғы ұстазы, жалғыз аяқ дүмше Жұныс. Кәзір бұ да шәкірт. Үшеуі келгелі айдан асты. Кірлеген, жүдеген. Дау бітер емес. Жақсыбек қайысар емес. Қайын атасы Сыздық әлі де екі қара қалың мал сұрайды. Молда күйеу, «уәделі жиырма жетіңіз біткен!» деп таласады. Отауды көтеріп қойып, екі жағы тіресіп тұр. Жұныс аяғының, кемдігінен бір пайда тапты. Ұстазы аз жұмсайды. Сарыбалада дамыл жоқ. Ертеңнен қара кешке тезек тереді. «Күйеу атымен күл тасы!» дейтін қазақ, терген тезегін құтайтпайды. Бүкіл ауылдың тезекшісі болуға айналды. Молда тұрса қоса тұрады. Дәрет алдырады. Шелегінің түбі жер соғып, су тасиды. Көзіне ұйқы толғанда, сілесі қата шаршағанда молдасына жапақ-жапақ қарайды. Бұғанасы қатпаған жасты молда бір мүсіркемейді. Үйде қазір оздерінен басқа ішкім жоқ. Жақсыбек, Жұныс көйлектерін шешіп отқа қыздырды. Арқаларын қақтады. Бала екеуінің арқасын кезек-кезек қасиды. Қасыған сайын олардың жаны еніп, ыңқ-ыңқ етеді...

— Сен енді үйіңді сағынған болып қаш. Әйтеуір мазасын ала берейік — деді Жақсыбек. Баланың ұйқылы көзі жайнап кетті.

— Кәзір қашайын ба?!

— Мейлің.

Бала шындап қашты. Үйін шын сағынған. Артына қарай-қарай жытады. Алды белес, елсіз дала, сай, жыра. Күн батуға айналған. Қуғыншы көрінбейді. «Түнге қалсам қасқыр жер, не жын-пері соғар, көз барында бір ауылға кездессем-ау!» деп жүгіреді...

Жақсыбек атасын хабарлады. Атасы сасайын деді. Жүген ала атына ұмтылды. Аты өрісте, ұстап мінгенше бірсыпыра уақыт өтті. Ерттеуге аялдамай жайдақ қуды. Жеткенше құйрығы ойылып қалды. Жеткенмен бала жуырда ұстатар емес. Бөркін айналдыра киіп, шапанымен желпіп, тоңқаңдай қарсы ұмтылғанда, аты үркіп тастап кете жаздады. Қанша алдаса да алданбайды. Сонсоң атын тұсап тастап жаяу қуды. Қартаң адам қанша жүгірсін. Ат тұсағанша бала ұзап кеткен. Жете алмады. Өкпесі кеудесіне сыймай қайта мінді атқа. Енді жеткен бетте секіріп түсіп баланы бассалды. Алқына сөйлеп отыр:

— Бүйткен малы құрсын, салауат екі қарам! Күйеуін көндіре алмаған қызы құрсын, құтылам, құтылам! Құдая, қарадан қарап жүріп кісі құнын тарта жаздадым ба! Шырағым-ау, жапан түзде ұшып қалсаң қайтесін?! Қасқыр жеп қойса, пері соғып кетсе қайтесін?! Жазым болсаң Махамбетше менің күлімді көкке ұшырмай ма?!..

Ақшам жамырады. Бос қалған ат ауылға бір-ақ тартқан. Сілесі қатқан екеу аяқтарын азар көтеріп, ілбіп келеді...

Сарыбаланың алдынан өткен елестер осы болатын. Оған бүгінгі соққы қосылды. Келген соң әкесі не айтар әлі. Молда жаназа, хатым құраннан қалмайды. Тағы да атқосшы етпесін, анадағыдай ұзақ жол ауыр сумкені бұның, мойнына артпасын кім біледі? Ұстаз рахымсыз. Әке ара түспейді. — «Сүйегі менікі, еті сенікі» деп берген. Бір ғана рахымды әже бар. Жылағанды уатады. Қамыққанды жадыратады. Сарыбала соған келді.

Бұл, Махамбетшенің жеңгедей алған әйелі Жәмила еді. Алғашқы күйеуі жас кеткен, ел аузындағы жақсы Ақмет. Ақметтен, Қуандықта үштің біріне қосылған қайын атасы Қыдырдан алып қалғаны көп, сұңғыла Жәмила жер төсегінің үстінде жүн түтіп жалғыз отыр. Үлкен шыны шақшасы қасында. Махамбетшедей насбайға тар емес, тілеген кісі ата береді. Баланы көрген бетте қасына шақырып, арқасын көрді де:

— Молда түгілі әулие болса да, ит терісін басына бір қаптармын. Жылама, құлыным, — деді. — Сені «кәпір» деген өзі кәпір. Кәпір де бүйтпес. Шіркін, таяқпен үйреткенше, ақылмен үйретсеші! Біздің Білал орысша оқуға кетпек. Сен барасың ба?

— Ағам жібере ме?

— О да бір ноқай. Қайдам. Жаман Кемелбайдың Егінбайы орысшасының арқасында қатарға кірді. Мұсылман жолын білдіңдер. Енді орысша оқыған жақсы. Бұдан былай болысты орысша оқығаннан қояды, десіп жүр. Тіпті тілмаш болсаңдар да жетіп жатыр. Анау бұрташ Әбдірақман болыстың езін билейді. Бақ деген дәулетке байланысты. Дәулет қайтты, шырағым. Аруақ тозуға айналды. Шөже ақын «түбің Естек» деп атасын кемсіткенде, «өзенді жер тұрғанда өзге жерге ел қонбас. Өзі болған жігіттің түп атасын сұрамас» депті, кешегі дуан басы Ыбырай. Өзің болуға тырмыс. Өзенді жерің — бұл заманда орыс білімі...

Жәмила оқу жайын айта келіп, Әбуғалисинаны ұзақ әңгіме етті. Бала етбетінен түсіп, екі қолымен иегін тірей, телміре тыңдап қалды. Әбуғалисина жер астында оқиды. Оқуын бітіргенше тырнақтары өсе-өсе бір қарыс болған, сақалы кіндігіне, шашы тізесіне жеткен. Жер үстіне шыққанда жұрт «ібіліс!» деп лап қойыпты. Сол қуғыннан көзі бір ашылмайды. Бірақ, ұстатпайды. Бірде ұшып аспанға, бірде сүңгіп жерге кетеді. Кейде кез алдында ғайып болады. Қашып жүрсе де істемегені жоқ. Ауруды жазады, тұтқынды босатады, жәбірленушіні қорғап қалады...

Сарыбала әңгіме біткенде ауыр күрсінді. Тұрлыбай мектебі, одан кейін орысша оқу қызықтырса, Әбуғалисинаға құмартты. Құмартқаны сонша, қолындағы арқар сақасы ұмыт қалды. Өзімен өзі болып үйден шықты. Шамасы шымшықтай, талабы таудай балдыр жасты әдемі хиял арбап барады...

БЕСІНШІ ӘҢГІМЕ

Сиқымбай жеріне келгеннен бергі бес жыл Елібай өмірін орасан өзгертті. Бар сиыр мәліктен қырылды. Атақты доңыз жұты қой мен жылқы тобын шайқады. Ел ішінде не көп сүйек көп. Не көп аш көп. Сиқымбаймен барымтаның ақыры ұрлыққа айналған. Яхия, Камен, Тұрсынбек Бәкібайлар нағыз қанды балақтың әзі болып алды. Алты ауыл Елібайда қазанына арам түспеген үй бірен-саран-ақ. Соның бірі Мұстапа. Мұстапа Жолжанның ақшасымен Мекеге тағы да барып қайтқан. Тақуалығы арта түсті. Сүйгембай, Бақтыбай, Иса қожа сияқты момын шаруалар нашарласа да ұрлыққа жуымады, келімсек украиндықтардан үлгі алып, жер кесібіне кірісті. Мәлік пен жұттың, Мұстапаға қалдырғаны жалғыз сұр шолақ. Сонда да не ұрлыққа, не жер кесібіне бармай жүргенде Мекеде өлген досының баласы Аманжол бір бұзаулы сиыр әкеліп берді. Тоқсанға жетіп өлген Торғауыт, молда да болса ұры Жақсыбек жаназамды шығармасын, Мұстапа шығарсың депті. Оның өсиеті бойынша ғайыптан бір күрең ат тағы келді. Күрең бір саулы сиыр, екі торпаққа айырбасталған. Мұстапа кәзір құдая шүкір, балаларымның аузы аққа тиді, аяқ артқышым бар, аман болса, үш ұрғашы торпағым, үш бұзаулы сиыр ғой, деп бойын кеңге салады. Бірақ, Сарыбала маза бермейді. Жақсыбектен біржолата безген. Орысша оқуға сұранады. Әкесі лұқсат еткен күнде қаражат керек. Кім береді? Екі жыл бойы түңілдірмей, не жарайды, демей, ұзын арқан, кең тұсауға салып жүрген әке бүгін таңертең шай үстінде кенеттен қуантты:

— Балам, қолыңды жайшы! — деді. Баласы жайғанда өзі қосыла жайды, — лұқсат. Жолың болсын. Алла бағыңды ашсын. Енді дүние жолын қуасың. Ол хисапсыз көп, қайсысына түсіп кететініңді қайдан білейін. Тек құдайды ұмытпа, әділ бол, рахымды бол. Бұл үшеуін мықты ұстасаң дүние, ахіретте бірдей қор болмайсың.

Бала қуанғаннан шайын іше алмады. Бүкіл ауылда қанатсыз, жетексіз бір ғана шана болатын, ұшып барып, сұрап әкелді. Мұстапа оған жіптен жетек байлады. Баланы үстіне отырғызып, кигізбен орады. Астында сұр шолақ, тақылында шана, жүріп кетті. Қарағанды қырық, Спасск он сегіз шақырым. Спасскі жолына бұрылды. Күн шытқыл аяз. Әкенің сақал-мұрты қырауыта бастаса да тымағының бауын байлаған жоқ. Мойны бөкебайсыз. Суық сіңген қайыс тізгін жалаңаш қолын қари алмады. Шана сырғанап барып жолдың екі жиегіне кезекпе-кезек соғады. Ылдида сұр шолақты дәл тірсектен ұрады. Оған не сұр шолақ, не Мұстапа мәу демейді. Бірі — бүлк-бүлк жорта берсе, бірі — Сопы Аллаярды жатқа айтып, күжілдеп келеді. Елсіз ақ далада жортқан ақ қояндар артқы аяғымен тік тұра қалып, таңдана қарайды бұларға. Жалпақ қоңыр тышқандар қарамастан зытып барады. Қарсақ, күзен, ақ тиіндердің, өзі көрінбейді, іздері сайрап жатыр. Алысырақта, қараған тасасында бір үйір қасқыр құлақтарын тіге бақылап тұр... Мұстапа бұлардың біріне назар аудармады. Түкті бетін қырау тегіс жапқан кезде тымағының бауын байлады. Шана аударылып, баланың даусы шыққанда, артына жайуат қарап, аттан түсті.

— Іш жерің ауырмады ма, қарағым?

— Ауырған жоқ.

— Тоңдың ба?

— Тоңғам жоқ. Ішім пысты.

— Шыдамды бол. Алыс-алыс, қиын-қиын жолдар кездеседі. Шыдамсыздар тыпырлап тез болдырады сонда.

— Бетімді ғана ашып қойшы, аға, жан-жаққа қарап отырайын.

Баланы дүзеп отырғызып, бетін ашқан соң әке атына мінді. Сұр шолақ та қырауытқан. Ол танауын тізесіне оқтын-оқтын сүйкелеп, сүңгісін түсіргенде, Мұстекен, бетін жапқан қырауды қолымен бір сипамады. Тымақтың қырауы қалыңдап бара жатса қамшымен қағады. Енді аузы жұмулы, үні әрі — көмейде, өзімен өзі болып ақ бас бураша күркілдеп келеді. Арт жақта не болғанын тіпті сезбеді.

Көзі, құлағының ұшы қап-қара, өзі аппақ әдемі тышқан қаша жөнелді. Бала тұра ұмтылды. Жете бергенде тышқан қарға сүңгіп кетті. Қарды аяғымен таптап таба алмай жүр бала. Әке қаперсіз, кигіз бір жерде қалған, бос шанасы қаңқалақтап олай бір, былай бір кетеді. Сонда да артына қарамайды.

— Аға! Аға!.. — деп шырылдаған дауыс қана тоқтатты оны. Күлімсіреп қайта оралды.

— Шырағым, көрсе қызар болма, — деді баласына. — Бұның не, қалып қойғаның. Дүниенің қызықты тышқандары көп. Бәрін соға бермейсің. Осылай адастырады, серігіңнен айырады. Бәрін қуғанша, таңдап бірін қу.

Сұр шолақтың өзі күйкі, жүрісі мардымсыз. Қатты жүрісті жақтырмайды. Қамшы өтсе құйрығын сипаңдатып артын көтеріп тастайды. Айылын қатты тартсаң тістеп алатын мінезі тағы бар. Мұстапа сонсоң оны қинамайды. Жарты күнде жүргені он сегіз-ақ шақырым. «Ақ өрдің» қырқасына көтерілгенде Сарыбала таңданып шегін тартты.

— Зауыт осы ма?!

— Осы, қарағым.

Завод аяқ астында тұр. Батысы — Байдәулет, шығысы — Құлжұмыр-Сораң таулары, ортадағы ойпатта, өзекшенің, бойында, жартасқа жапсыра салған кішкентай ғана Спасск қала көрмеген балаға қиссалардағы пері шаһарындай көрінді. Кіре берісте ығы-жығы, қотыр-қотыр көп іншік. Іншікке кіріп-шығып жатқан адамдардың түрі бөлек...

— Аға, бұл не?

— Бұл, қазақ жұмысшыларының жатағы.

— Суырдың іні сияқты екен...

— Қайтсін, үй таппаған соң кірген шығар.

— Анау түтін шыққан ұзын не?!

— Зауыт пешінің мойны. Мыс қорытады.

— Анау, төбе басындағы әдемі үй кімдікі?

— Үй емес ол. Шеркеу.

— Шеркеу не?

— Орыстардың, шоқынатын, құдайына жалбарынатын орны.

Балаға бәрі таңсық, сұрап бітірер емес. Ең ақыры кәнки тепкенді де бірінші рет көріп келеді. Өмір бұнда мүлде басқаша. Қызық, думан. Жұрт көшеде Құр ағылып жүре береді, жалы қықыр бірі жоқ. Екі дөңгелекті арбаға ат жеккен, атының, арбасының табанын темірлеген біреулер бишіктерін үйіре құйғытып, тарсыл-гүрсілмен кешені басына көтеріп барады. Өздері қап-қара, тек тістері, көздері ағараңдайды.

— Бұлар кім, аға?

— Үйді-үйге отын, көмір тасып жүрген жұмысшылар ғой.

— Мынау үйлер қандай әдемі! Түйеден де биік. Төбелері қаңылтыр. Кірпіштерін қарашы, пештікіндей-ақ, өзі қызыл. Бұларда кім тұрады екен?

— Ұлықтар, канторщиктер, азын-аулақ орыс жұмысшылары тұрады.

Бір жағы биік жартас, өзге жағын тікенекті сыммен қоршаған заводтың кең қақпасының алды көз тұнарлық кірекеш. Кілең ауыл қазағы. Айғай-шу. Өгізге, түйеге жеккен арбаларымен таразыға таласа ентелеп тұр. Тиегендері көк тас. Кіріп-шығып жатыр. Кірушілер мен шығушылар екі тізбек әрқайсысы жүз шақырымға — Нілді заводына дейін созылады.

— Бұлар тасты қайтеді, аға?

— Зауытқа өткізіп, ақша алады. Зауыт мыс қорытады.

«Әкеңнің аузы...» деп ақырған дауыс естілді. Қалың кірекешті бұза-жара үш-төрт арба келеді. Арба алдында тәпелтек жас жігіт, үстінде түйе жүн шекпен, шекпеннің иығында бір саусақтай өрме жіп, мойнында сары ала қылыш, қылышы жер соғады. Тілі мірдің оғындай, әлдекімді әкесінің аузынан жіберіп келе жатқан осы сыпылдақ сұршадан жұрт қоғаша жапырылды.

— Аға, бұл кім?!

— Бектің Орынбегі. Прыстоптың старежнегі. Орысша оқыған жігіт. Осындайларға ұқсай көрме, шырағым. Ұқсасаң кешегі пелшір Омарға ұқса. Кісі еді ғой марқұм...

Орынбек бастап келген арбаларын таразыдан кезексіз өткізді. Біреулермен оңаша шығып сыбырласып жүр. Сыбыр сыры пара екенін бәрі сезіп тұрса да ұялмады. Мұстапа да көз қиығын бір тастап: «Ұялса пара өте ме көмейден. Дәніккен көмей дәметкіш қой ежелден», деді де, таразының қасындағы ашық қақпадан ішке енді. Іште, завод пештерінен аулағырақ, үлкен балконды, балкондары шынылы, әдемі үш-төрт ақ, кек үй көз қызықтырады. Аспанмен тілдескен биік тұрбаның дәл түбінде, сыртына шалқайған қабырғасын екі жерден тіреген, аласа, әрі кішкентай жай кірпіш үй тұр. Мұстапа ат басын осында тіреді.

Үйден жүгіре шықты біреу. Жалаң бас. Жалақ-жалақ етеді. Ұзын, сүлік қара шашын қайырып тастаған. Қисық жаға, көк сәрпеңке көйлегі, көйлек сыртынан буынған жұмыр қара жібек белбеуі, аяғында қисық табан етігі бар. Жасы отыздың жуан ішінде, сақал-мұрт жоқ — қырып тастапты. Бір көзі үлкен, екінші көзі қысық, қысықтығынан ба қалай, сол көзі төменірек сияқты. Құлағы мүкіс, қатты сөйлейді, ақырын сөзді естімей «ә? ә?» деп құлағын төсей береді. Мейлінше жылпос жігіт. Мұстапаны қуана қарсы алды. Атын байлап, үйге ене шешіндіріп, асты-үстіне түсіп жатыр. Мұстапа шешіле қоймады, дереу дәрет алып, намазға кірісті. Намаз біткенше шай пісті. Шай үстінде ғана бажайлап бұйымтайын айта бастады:

— Жүсіп шырағым, дәмдес, аралас болмасақ та сәлеміміз дұрыс еді. Керген жерде балаңды орысша оқыт, деуші едің. Балам орысша оқимын деп мазамды кетірді. Сонсоң ойлап-ойлап ақыры тәуекелге бел байладым. Міне бала. Әуелі құдайға, одан кейін саған тапсырам. Барыңды үйрет. Білетін шығарсың мен бай адам емеспін. Екі сиыр, үш торпақ, бір атым бар. Бес жаным бар. Азғантай малымды тегіс алсаң да қынжылмаймын. Нысабың, білсін. Бала жолына бәрі пида. Тек адам ет.

— Қажеке, мен сізден әрі кедеймін, — деді Жүсіп. — Үрерге итім де жоқ. Бірақ, жаңағы сөзіңізден кейін бір тиын ақы сұрауға көңілім бармайды. Екі-ақ баспыз. Бірі мынау шай құйып отырған келіншегім. Бұ да бала. Екі баланы бірдеме қылып асырармын. Тіпті жақсы болды. Келіншегіме серік табылды. Қоршау ішінде бас сұғар үй жоқ. Менің түздегім көп. Бірді бірге соғып, күнелтіп жүрген қаланың Қара таяғымыз ғой. Көп тауып байымасыма, аз тауып аштан өлмесіме көзім кәміл жетеді. Көшеде қаңғып жүрген бала кезімде әтбекет Дүйсембаев кездесіп қолына алды. Сауатымды ашты. Ол кісі де мен сияқты болған екен. Сіздің ағаңыз марқұм Ақмет орысша оқытып, адам етіпті. Сол Дүйсембаев Ақметті әкесінен артық көретін. «Нағыз ;же үйлендіріп, енші берген емес, білім берген» деп отырушы еді. Балаңызға нағыз әке болмақ ойым бар.

— Ниетің дұрыс, шырағым. Малы байдан көңілі бай қашаннан мырза. Адам, қарын тойғаннан гөрі көңіл тойғанға ырза. Көңіл тойды. Мен енді жүрейін. Келін қарағым, шанада азырақ ет бар-ды. Ала қойшы.

«Азырақ» дегені бір қап екен. Жұдырықтай келін көтере алмай сүйреп жүр. Маңдайында шошайған татар тақиясын шәлі-мәлісімен жел әкетті. Шәліні қуса қап қалады. Қапты сүйресе шәлі қашады. Осы әуренің үстіне үйдегілер шықты. Жүсіп қапты шошалаға енгізіп тастап, қонағын аттандырғалы тұрғанда Сарыбала кемсеңдей бастады...

— Жаман неме, жалына келіп сұрайсын. Сұрағаныңды берсе көз жасыңды бұлайсың — деді Мұстапа күлімсірей, — үйде өскен бұзау түзде өгіз болмайды. Түзге үйрен. Әкең, аспан жерге түскен ыстықта, арабтың құм, шөл даласында, түйе үстінде обамен ауырып жалғыз жатқанда көзіне жас алған жоқ. Мұратқа жаспен жетпейсің қайратпен жетесін.

Баласын сүймек түгілі, иіскемеді. Сабадай тері шалбарының бауын шешті. Шалбар ішінен бешпенттің, бешпенттің астынан қамзолдың етектерін шығарып, былғары жыртық күмәзнегін суырғанша бірсыпыра уақыт етті. Күмәзнекте жиырма-ақ тиын ақша бар екен, баласының қолына ұстатып тұрып:

— Мә, қарындаш, қағаз ал. Ойынды аз қу, оқуды көп қу. Ұстазыңның істегенін істей берме, айтқанын істе. Келіп тұрам, — деді де атына мінді. Жүсіп баланы жетелеп үйге енді.

Ұялшақ, тұйық бала бейтаныс үйді жатырқап мүлде үндемей қойды. Ұялғанда құлағына дейін қызарады. Қолға түскен торғай балапаны сияқты бүк түсіп отыр. Жүсіп сөзге тартып іштеме шығара алмаған соң:

— Жүр, тамаша көрсетейін, саған, — деді.

Жүз елу қадамдай жерде, таудың бір қиясына жапсыра салған дәу үй тұр. Іші тарсыл-гүрсіл. Осы үйге келді екеуі. Сонау жоғарыда сом темірден жасалған алып ауыз көрінеді. Бір жұмысшы кек тасты күректеп тастайды, ауыз бытыр-бытыр шайнайды да, өзінен төменгі ауызға береді. Ол мүлде талқан етеді. Кесек-кесек көк тастар майда кек ұнға айналып жатыр. Бала керемет күшке қарап ақырып қалыпты.

— Талшая, — деді Жүсіп. — Бұның міндеті тек ұнтау. Ал содан кейін қайтеді? Көрейік.

Үйді айналып, басқа есіктен кең бөлмеге енді. Ыстығы дем алдырмай, кірген бетте-ақ тұншықтырып барады. Жыланша ысқырып тұр бөлме. Ысқырықтан өзге дыбыс естілмейді. Пештің шойын қақпақтарының бірі ашық. Содан бораған ұшқын төрден есікке жетеді. Бармақтай-бармақтай ұшқындар зулап келе жатқанда бала Жүсіпке тығылады. От боранымен алысып абажадай қазақ жігіті жүр. Басындағы қалпағы, алжапқышы ақ киіз, екеуін кезек-кезек бөшкедегі суға малса да ыстыққа шыдамай сарғайыпты. Аяғында өкшелі ағаш таған, қолында сабы құрықтай темір шөміш. Шемішпен пеш ішінде сақылдаған мысты көсіп алып көтергенде жез қармақша иіледі. Боран үдей түседі, маңдайдан тер суша құйылады. Бетінде қан жоқ, сұп-сұр. Денесінде жөнді ет жоқ, сіңір...

— Осы жігіт күніне он екі сағат істеп, айына он бес сом таппайды, — деп еді Жүсіп, бала бірінші рет сұрақ қойды:

— Өлмей ме?!

— Өлсе тағы бір қазақ табылады. Байдың асығы түгел, — деді жігіт естіп қалып. Алқынып тұр. Жылымшы судан сылқ-сылқ жұтты да қайта кірісті ісіне. Күнде керіп жүрген Жүсіп оның сөзін елемеді. Жігіт шөмішті мықшия көтерген сайын бала шыдамай шытынады. Шамасы келсе жүгіріп барып демеп жібергендей. Бірақ, шама жоқ. Өзі оқыған діни кітаптардағы дозаққа теңеп тұрғанда Жүсіп қолынан ұстап жетелеп кетті.

Жартастың дәл қабағында терең өзекке төне тұрған заңғар тас қораның іші жарқ-жұрқ от, алай-түлей түтін. Тағы да алдына киіз, табанына таған байлаған жұмысшылар түтін ішінен темір тәшкелерін жүгірте шығып, қабаққа жете төңкереді. Жалынды, ұшқынды қып-қызыл шлак ақтарылады.

— «Бес темір» деген осы. Тасты әуелі осында қорытады. Сонан кейін жаңағы пеш тазартады. Көрдің бе, ауыр жұмыстағының бәрі қазақ, — деді Жүсіп.

Улы түтін баланың көзінен жас ағызды, көкірегін ашытты. Сонда да құмары басылған жоқ. Сұрап қояды:

— Қазақтар ауыр жұмысқа неге барады?

— Мамандығы болмаған соң барады.

— Ауылда мал неге бақпайды?

— Несін бағады, малы жоқ. Малдыларға керегі жоқ. Сонсоң зауытқа тартады. Күнелту керек те.

Бұларды көре сала екі жұмысшы тәшкелерін тастай жүгірді. Келе арыздарын жарыса айтып жатыр:

— Ағатай-ау, күнім жоғалды!..

— Әкем әл үстінде. Барып қайтайын, екі күн жоқтатпашы, құрбым. Қымызға бір тойғызам.

Жүсіп тәбілшік жұмысшыларға күн жазады. Соның жазуынша контор есеп жасайды. Анда-санда қателеседі Жүсіп, біреудің еңбеккүні жоғалады. Кейде істемегенге істеді, деп те жаза салады. Бұнысы қате емес. Басқа бірдеме. Арыз еткен екеудің екеуіне де көз қысты. Олар қайтып жақ ашпастан жөніне кетті. Бала аң-таң, көз неге қысылды? Жұмысшылар неге басыла қалды? Түсіне алмай келеді. Темір сатымен жоғары көтерілгенде жуанды, жіңішкелі шым-шытырық трубаларға кездесті. Бұған да түсінген жоқ. Кенеттен әлде не қатты ақырып еді, шошынып Жүсіпті құшақтай алды.

— Қорықпа, қорықпа! Шабаш. Міне, мына тұрбадан қысылып шыққан будың даусы. Жаңағы жұмысшылар ауысады енді.

Үстіңгі есіктен тысқа шыққанда көрініс мүлде өзгерді. Шимай-шимай темір жол, ерсілі-қарсылы жүрген поезд. Будақ-будақ бу, түтін. Шыңғырған немесе күрк-күрк пыс-пыс

дыбыс. Бұндағы адамдардың үсті-басы баттасқан май мен күйе. Бәрі орыс. Қазақтар бір шетте, көмір маясының маңында көрінеді...

— От арба осы ма? — деді бала. Ел аузындағы құдіретті арбаны бұрын көрмесе де таныды.

— Осы.

— Жансыз қалай жүреді?!

— Будың күшімен жүреді.

— Зауыт ше?

— Зауытты бу, электр, газ үшеулеп жүргізіп тұр. Үшеуінің көмірсіз күні жоқ. Сондықтан мынау поездар Қарағандының көмірін тасумен болады. Бәрінің әкесі от. Оттың .жесі көмір... Оқысаң талай кереметтің сырын ашарсың, әлі.

Балаға кереметтің үлкені Жүсіптің өзі. Білмейтіні бар ма екен?! — дейді ішінен. Сонда оның білімі төменгі дәрежеге жетер-жетпес. Мектеп бітірмеген кісі. Бірақ, Жақсыбекпен арасы жер мен көктей. Ұрмақ түгілі зекитін түрі жоқ. Мейірімді, ақжарқын, тіпті сырлас жолдас тәрізді, ішке еніп барады. «Қалыңдығыңды көрдің бе?» деп кәзір үшінші рет сұрады. Бала біріне де жауап қайырмады. Қайырмауы тек ұялшақтығы емес, қайнына өкпелі. Өкпесін айта кетейік.

Заводты Көкөзек екіге бөледі. Бір жағында заводтың өзінде істейтін жұмысшы, қызметшілер. Екінші жағында жай халық, саудагерлер. Саудамен байи бастағандардың бірі — Әубәкір Сейіткемелев шала қазақ — әкесі өзбек, шешесі Қожа, Сейіткемел Қыдырдың молдасы, бастығы Махамбетше болып одан сабақ алған. Әубәкір әкеден жастай қалды. Дәулеті: қараша үй, қара бие, көк ат қана. Бір түнде көк атты ауыл сыртына тұсап тастап, қызын оятқалы Байсалбайдікіне кіргенде, қыз ағасы Ақметбек көк аттың жал-құйрығын тып-типыл қылып күзеп әкетіпті. Тоналған аттың түрі тіпті сұмпайы, мінуден қалады. Мінсе жұрт әу десе күледі. Еті тірі, түбі басқа кедей кірме жаяулықтың, бұл сияқты келемеждердің сан азабына шыдады. Ақыры «қаңғырған сартқа қыз бермейміз» деп қайындары пісіп отырған қалыңдығын да бермей қойды. Осы кезде жас Мұстапа: «Әубәкір тумаса да туғандай, Қыдырдың бір ұлы, кешегі ұстазымыздың көзі, бірге өскен құрбы. Оны қорлағаның бізді қорлағаның» деп бірінші рет дауыс көтереді. Ертіп барып қалыңдығын әпереді. Одан кейін екеуі құдай дескен құда. Әубәкір үйлене сала ел ішінен кетіп, Қарағандының сиырын бақты, үйді-үйге бөшкемен су тасыды. Сөйтіп жүріп Қарағандыдағы жалғыз дүкенші Ақметжан ноғайдың .жалғыз приказчигі болып алды. Көп ұзамай Ақметжан дүние салды. Баласы жоқ, екі әйелі бар екен. Әуекең қолында қалған дүниенің қаншасын қымқырғанын кім білсін, ел өсегі күшті, әйтеуір, дереу Спасскіге ауысып, ез алдына дүкен ашқаны анық. Содан бастап дәуірлейді. Досы, құда Мұстапамен арасы алшақтай береді. Бір күні апақ-сапақта, қараңғы жер үйдің ішінде Сарыбаланы шешесі бетінен сүйіп жылап отырып: «Жалғыз үйлі сарт басынды, құлыным. Кедейсініп қалыңдығыңды берер емес...» деп естіген талай суық сөздерін баласының көкейіне құйған болатын. Сол көкей қатып қалса керек, Жүсіптің жаңағы қалжыңына міз бақпады. Жүсіп бұл жайдың, бірін білмейді. Мұстападан іштеме дәметпегенімен бай қайнынан дәмесі көп. Ал, қайын қалай айрылысудың есебін таба алмай жүр. Жеті мың жылқы айдаған қаракесек Тұрсын «құда болайық» деп күнде қызықтырады. Құда бола қалса Мұстапа түгілі бүкіл Алтай, қала берді Мұрат руы көтеріледі. «Құдайын ұмытқан жалғыз үйлі сарт» деп жел өкпе қазақтың бірі өлтіріп жіберуден тайынбайды. Қатын-қалаштары желіккенмен Әубәкір осыдан қауіптеніп бата бұза алмады. Жеті мың жылқы тиыш ұйықтатпады. Ақыры Бала ер жетсін. Қашып кетті» етерміз деген ойға бекіді. Ол ойын қанша сездірмеймін десе де Мұстапа сезіп қойған. Баласын орысшаға беруі соған қарсы шыққан шарасы болу керек. Өйткені, кейінгі кезде: «сауда тек қалта толтыруға, ғылым бас толтыруға жарайды. Ақшалы болғанша ақылды бол. Ақша адамды бұзады. Ақыл дүзейді» дегенді жиі айта бастады. Бұл жолы құдасына соқпастан кетті. Баласының Қолына жиырма-ақ тиын ақша ұстатса, басына мойымас ойлар ұстатты. Завод тамашасы баланы ол ойлардан сергіткен еді. Енді қайта басты. Үнсіз келе жатып, үлкен кісіше күрсінеді. Жүсіп жалт қарады бетіне.

— Немене, шаршадың ба әлде?

— Жоқ.

Депоны аралап болғанша күн кешкірді. Екеуі үйге беттегенде бір автомобиль зу етіп өте шықты. Бала:

— Шайтан арба! — деп тұра ұмтылды соңынан. Жаман тымағының құлағы жалбаңдап, қисық өкшесі тарсылдап барады. Машина таяудағы гаражға тоқтады. Ішінен зор екі адам түсті. Киімдері жақсы, сөздері сүйкімсіз. — Тілдері сақау сияқты. Бала оларға бір, машинаға бір қарап танаулап тұрғанда Жүсіп келді.

— Көзі от қой, үлкенін-ай! Өзін былтыр алыстан көргем. Бұл немен жүреді?

— Бензінмен жүреді?

— Неге дірілдейді, шаршаған ба?

— Шаршамаса да дірілдей береді. Мотор істеп тұр.

— Ол не?

— Ол ма, ол жүрегі...

— Анау екі орыс кім?

— Орыс емес ағылшын. Осы зауыттың басшылары.

— Өздері сақау ма?

— Сақау да емес. Олар солай сөйлейді.

Аз сөзді бала мылжыңдап баратқан соң Жүсіп жетелей жөнелді. Үйіне әкеліп, тамаққа тойғызды да, аяғының шуашын жуып жатқызды. Бұрышта, жер төсекте бүк түсіп жатыр бала. Көзі жұмулы, көңілі ояу. Көргендері есте. Қандала шаққан сайын аунап қалып, көзін ашады. Көзі «шайтан» шамға қадалады. Бұ да бір керемет. Асты-үсті ескі тақтай, биік столдың үстінде бояулы қағаз гүл, қабырғада бірер сурет. Кішкентай айна, айна әтеш суретін салған бет орамалмен қоршаулы. Осы жұпыны бөлме зейнетті сарайдай көрінді оған. Бәріне таңырқап жатып ұйықтап кеткенін байқамай да қалды.

АЛТЫНШЫ ӘҢГІМЕ

Батыстан соққан баяу жел завод пештерінің түтінін алысқа айдамай, ықтағы Жүсіп үйінің маңына иіре береді. Қар кетіп, жер кепкен. Хош иісті көктем әуесін сағынған жұрт терезелерін аңқитып ашып тастапты. Үйге түтінмен қоса шаң, көмір тозаңдары еніп жатыр. Көшеде жығылып, тұрып сандалақтап жүргендер, немесе сілекейі шұбырып құлап, тырп етпей жатқандар жиі кездеседі. Бірінің бірі басын жарып, мұрнын қанатып күжілдескен топтарды да көресің. Осыларға дем бергендей, төбе басындағы шеркеу төбесіне шығып алып қоңырау.тілін біреу қос қолдап соғады. Ол соққан сайын былайғы жұрт ағыла түседі. Бәрінің беті биік шеркеу. Қолдарында нан, жұмыртқа. «Қызыл жұмыртқа» мейрамы Ғайса үмбеттерін бүгін есінен тандыра әуреледі.

Сыртқы дүниемен Сарыбаланың ісі жоқ, жападан-жалғыз, бөлмені басына көтере сабағын дауыстап жаттап отыр:

«... Он — ол. Ты — сен. Я — мен. Ему — оған. Тебе — саған. Мне — маған. Приехал — көлікпен келді. Пришел — жаяу келді. В мочь спускательный канал воткнул илородический чий — үрпіме ши жүгіртті.

Міне Жүсіптің оқытуы осылай. Хат танытып алған соң тетрадь беттерінің жартысына орысша, жартысына қазақша жазып, тіл жаттатады.

Бала бір күні:

— Тілмаш кітап табылса бұны кісі өз тұсынан үйренуге де болады екен, — деп еді. Содан кейін төрт амал есебін, орыс тілінің падеждерін қосты. Одан әрі қосары жоқ. Баланы заводтың бес жылдық орыс-қазақ мектебіне түсірмек. Мектеп бастығы Андрей Матвеевич Волосников те Сейіткемеловтің күйеуін шәкірт етуге дайын. Бала кәзір Жүсіптің саяздығын сезіп қалған. Оны тезірек бітіріп, әдемі қызыл үйде оқуға құмар. Барлық оқығандарын пысықтап шықты. Ертеңге берген сабағын дайындап қойды. Тағы да сабақ сұрауға ұстаз жоқ. Бар болса да «бойыңа сіңір» деп тежер еді ол. Сондықтан есікті құлыптай сала ойынға жөнелді.

Қоршау ішінде қазақтан үш-ақ үй бар: Жүсіптікі, Жарылғап пен Ілиястікі. Басқасы ағылшын. Жарылғап, Ілияс үй малайы — ағылшындардың киімін тазалайды, атын ерттейді. Солардың ескі-құсқыларын киіп шыққанда сәнденіп, шекесінен қарап жүреді. Сарыбала Жарылғапты көпке дейін нәндердің бірі, деп түсінетін. Нартаймен үйір болғаннан бері ғана кім екенін білді. Тентек Нартай оқымайды, ойын құмар. Ойынның ақыры жанжал. Бір жанжалда Сарыбаладан жылап кетіп, шешесін ертіп келді. Шешесі қатқан, қыж-қыж қара кемпір. Басына жаулық кимей, шәлі орапты. Шәлісінен шыққан буырыл шашы бетін жабады. Шаш арасынан бажырайған үлкен көзі өңбеннен етеді. Бөксесі кейін, кеудесі ілгері, өңқеңдей басады аяғын. Жүрісі сонда да ширақ. Ұзын, қатпары жиі арық саусақтары сүлікше иреңдегенде, опырылған аузы дамылсыз балпылдайды. Сарыбалаға албастыдай көрінді. Тұра қашты. Үйге келіп тығылса да қоймады кемпір. Қуа келіп шүлдіреп тұр. Ара түскен Жүсіптің өзін жеп қоятын. Былғары байпағының қонышынан пышақ суырып, жалаң-жалаң еткізді. Ең ақырында қолын сермеп-сермеп, есікке екі барып қайтты да, шығып кетті. Баланың жүрегі жаңа түсті орнына. Бірақ, ғажап кемпірдің елесі есінен кетер емес. Жүсіп түсіндіре бастады:

— Бұл бәйбіше сарт. Күйеуі қазақ болатын, өлді. «Әкем хажы, қайным бай» дейтін шығар. Жетімді, кенжемді енді қайтып басынса мына пышақ жалынсын! — деп кетті. Нартаймен бұдан былай төбелеспе, шырағым. Сотқар кемпір іштемеден тайынбайды...

Осыдан кейін Сарыбала Нартаймен дос! Тысқа шығысымен досын іздеді. Ол, ағасы Жарылғаппен бірге ағылшын үйінің қасында ерттеулі екі ат ұстап тұр екен. Үйден әйелін ертіп бір ағылшын шықты. Әйелі қаймыжықтай жұқа, киімдері өзінен өткен таза, уылжыған жас. Қапелімде пері қызы сияқты көрінді балаға. Таңырқап тақалған сайын ол сезімі айни берді. Әйел атқа мінгелі тұрып, қол сумкесінен айна алды да бетіне қарады. Қызыл ернін бояп қызарта түсті, ақ жүзін ұндап ағарта түсті.

— Ұятсыз! — деді бала ішінен. — Неге алдайды! Кәрі ғой, әдемі емес қой...

Жарылғап жарау, қамыс құлақ кер биені көлденен, тартты. Әйел ешкім қолтықтамай-ақ мініп алды. Отырысы қызық. Екі аяғын салбыратып бір жаққа жіберген. Балаға бұ да өрескел көрінді. Нартайды түртіп қалып сыбырлайды:

— Пәле! Атқа отыра білмейді. Құлайды. Қарап тұр, құдай біледі кәзір құлайды. Неге олай мінеді, ей, нақұрыс па?!

— Қажалмасын дегені де.

— Несі қажалады?

Нартай сыбырлағанда жайсыз бірдеме айтса керек бала теріс айналды. Екі көзі әлі әйелде. Құлар емес. Күйеуінен қалыспай желіп барады. Мына жақта ағылшындардың бұзаушысы жасөспірім Әбілқасым келеді. Алдында белгілі ала бұзау. Сарыбала көре сала бұзауға ұмтылды.

Ұстап алып әйелше отырам дегенде өзі оңбай құлады. Сослаңдап азар тұрды орнынан. Сонда да қабағын шытқан жоқ. Үсті шаң. Үлкен башайы жара. Жалаң, аяғы жарыла бастапты. Олақ шеше тіккен қазақша көйлек-дамбалы қолқылдап сылти қалды. Қасындағы Нартай ширақ, киімдері жинақы, аяғында көнетоз бәтеңке. Кедей де болса бірде мәшігін, бірде конкиін көрсетіп қызықтырып жүреді. «Ауыл итінің құйрығы қайқы» ғой. Ол тіпті қорықпайды, қаланы еркін кезеді. Балалар арасындағы жаңалықтың бәрін біледі. Бүгінгі айтқан жаңалығы жұмыртқа соғыстыру. Қалтасындағы екі қызыл жұмыртқаның бірін Сарыбалаға берді. Енді қалай соғыстыруды үйретіп келеді:

— Міне, былай қысып ұста. Ұшын ғана қылтитып тұр. Біреуге көруге берме, сындырады. Өзің ұрғанда бүйірден ұрғайсың. Айырбастама. Біздің жұмыртқа мықты. Мықты болсын, деп апам тауықтың жеміне бірдеме қосты...

— Ол немене екен?

— Өзі ғана біледі. Айтпайды.

Екеуі салып отырып базарға барды. Базар бықыған адам, мал — құмырсқаның илеуінше қайнайды. Тері-терсегін, малын сатуға келген қазақтарды саудагерлер алақанға сарт-сарт ұрады. Ұрылып болғандар әр балағанның, дүкеннің алдында кең шалбарының бауын былжыр шешіп, былжыр байлап тұр. Ұтты ма, ұтылды ма, есебіне әлі жетпеген тәрізді. Дүкенші шот қағады, бұлар саусағымен санайды. Қалың, елдің ортасындағы ағылшын заводы азаматтың терін сорғанда, саудагерлер масаша қан сорып жатыр. Қыр қазағының төбесі көрінді-ақ бірінен бірі қызғанып жарыса шабады. Қанша қасарса да момын шаруа сұрағанын ала алмайды, әкелгенін қайта әкете алмайды. Жетелеп, тиеп келгені сатқанда бір қоржынға әйтпесе қойны-қонышына сыйып кетеді. Сауда салты — жеу. Мондыбас шаруаны ең ақыры таразыдан да жейді. Обал деуші жоқ. Көбірек жеп қарны қампиғандарға завод ұлығы приставтың өзі бас иіп амандасады. Бұл базардан тонау мен тоналудың талай түрін көресің. Бес тиын бақырды бармақпен аспанға шырлатып, «орел» дей шулайды бір топ. Тиынның самырық жары үске қарап түссе, шырлатушы ортадағы ақшаны сыпырып алады. Тағы шырлайды тиын, тағы шулайды топ. Нағыз ұтыс ойын шеткі қымызшынікінде. Қолға оңай түспейтін Екатерина, Александр патшалардың суреті бар қағаз ақшалар бұнда стол үстінде үюлі. Айдарбек, Нұркейлердің «бастым! Аздат? Жиырма бір!» деген дауыстары шығады. Өздері, қоршаған көптен көрінбейді... Темірді нанша илейтін атақты Қарақыз ұста еңгезердей денесін меңгере алмай келеді. Аяғында жылтыр қоныш, қисық табан етік басында биязы қара қалпақ, үстінде су жаңа диагональ костюм, бәрі бес баттам балшық. Mac. Дәу бұқа сияқты, күж-күж етеді. Жұрт серпіліп жол аша береді оған...

«Ойбай, алып кетті! Ағартты көзімді!..» деген ащы дауыс та естіліп қояды...

Сарыбалаға осының бәрі тамаша. Тамашаның сырына түсіну қайда. Кергендері тек көрген қалпында қалып жатыр есте. Бәрін қызықтап жүріп, жұмыртқа соғыстырушыларға кездесті. Бұлардікі өз алдына бір базар. Бала ғана емес, сақалы сапсиған үлкендер де бар. Олар қу. Соғыстырмастан бұрын жұмыртқаны тісіне тықылдатып байқайды. Сарыбала бірақ тықылдатуға бермеді. Мысық мұрт біреумен ұрыстырып қалып еді, ұтып алды. Тағы ұрысты. Тағы ұтты. Ұтылған ойынға тоя ма, мысық мұрт алты жұмыртқасын берген соң басын шайқап-шайқап жөніне кетті. Сарыбала ышқырын толтырғанда, Нартайдың ұтысы қалталарынан асып, топысына сала бастады. «Ей, осылардікі тасбақаның жұмыртқасы!», «Тіпті бояған тас па деймін» деген үндер көтерілді. Ұтылған балалар әу десіп бір шатақ шығаратын түрі бар. Соны сезген біздің екеу қапысын тауып тайып тұрды. Завод қақпасына енгенде ғана жүректері орнығып еді. Ақырып Жүсіп шықты алдарынан.

— Руки верх! В угол!

Сарыбала қолын көтере, теріс қарап сілейе қалды. Жүсіптің, ашуы насыбай атқанша ғана екен, насыбайын атып, — Вольно! — деді де жылы сөйлей бастады. — Іздемеген жерім жоқ. Зағипа үйге ене алмай тұр. Есікті құлыптағансың да бетіңмен кеткенсің. Ендігәрі өйтпе, шырағым.

Жүсіп үйіне келген соң Зағипаны асықтыра киіндіріп, арбаға отырғызды. Арба екі аяқ, жәшікті, солқылдақ. Хакей шал тек өзіне арнап істеген. Жуан болса бір ғана, жіңішке болса екі ғана адам сыяды. Сарыбала сыймаған соң Жүсіптің алдында отыр. Бүкір көк барынша желіп келеді. Хакейдің бүкір көгін, екі аяғын бұл заводта білмейтін жан жоқ. Шал ылғи өзі мінетін. Басқалар мінгенге жұрт таңырқағандай бір-бір қарасты. Жүсіп ұшыртқан бойы қазақ жүмысшыларының поселкесіне келіп енді. Пештерінің мойны қиқиған, қораларының есігі құрт жеген мұрындай, терезелері жер астында сығыраяды, үй дегендері жеркепе — өңкей үйінді, ығы-жығы поселке күлімсі иісті мүңкітіп тұр. Адам көп. Адамнан шыбын көп. Шыбын семіз, адам арық. Кіші-гірім бармақтай қара шыбындар ызыңдап келіп тобымен жабылғанда басыңды қоярға жер таппайсың. Жүсіптерді қараша жігіт қымызшы есігінің алдында қарсы алды. Бұл анау кезде «Бес темір» ішінде жолығып, ауру әкесін көріп қайтуға күн сұраған жігіт. Сондағы уәдесін орындауға шақырыпты. Дереу үйге ертіп кірді. Үй адамға толы. Жүсіпті бәрі біледі. Төрден орын берді. Ортада дөңгелек стол, үстінде үйеме табақ ет. Қымызшы Мәлике кербез көрінеді. Ақ кимешегінің жағын қызыл жібек жіппен екі қатар кестелеп арасына иректей ұсақ су моншақтар тізіпті. Шыпырлаған күміс сақина, жүзіктерден саусақтары илікпей тұр. Екі білегінде сегіз білезік. Жасы қырыққа тақаса да мөлдір қара көзі әлі күлім қағады. Ақшыл жүзі әжімсіз. Қымызы балдай. Әзілі қымызынан әрі тәтті. Сары тегене орталап баратса қаба сақал күйеуі еселеп кетеді. Мәлике «ішіңіз» деп кіршіксіз Қой тістерін көрсете жымиғанда, «болдым» дегендер ықылық атқанша іше береді. Соның бірі Жүсіп. Құрдастығын сылтауратып, Мәликемен тізе тиістіре отыр. Өз зайыбы, көп болса жиырмада. Шағын мұрны шошайып, шәлі астында дәл маңдайында татар қалпағы шелтиіп, шүйкедей ғана бүйрек бет келіншек жұтынып тұрса да Жүсіптің қолы Мәликенің санында. Қысып-қысып қояды. Оны ешкім байқамады. Қымызға қызған көп ду-ду етеді. Шұбар қызды ертіп стражник Орынбек кірді. Қыздың қолында гармон. Бетін қорасан қандай бүлдірсе, ішін стражник сондай бүлдірсе керек. Қызға тән қылығы жоқ. Үлкен-кішінің бірінен именбейді. Ашық болам, деп әдепсіз, қалжыңшыл болам, деп дарақы болған түрі бар. Келе-ақ Жүсіпке тиісті:

— Ағай, шақшаңыздан дәметем. Бір атқыза аласыз ба?

— Орынбекті тауысып па ең, шырағым. Мә, — деді де Жүсіп шақшасын тастай берді. Қыз насыбай атқан соң сақ-сақ күлді келіп. Содан кейін рахмет айтудың орнына тағы да бір қалжыңдады:

— Оны тауысып сұрағам жоқ, аға. Сіздікі күштірек пе, деп едім, әлсіз ғой.

Бәрі ду күлді. Зағипа сазара қалыпты. Қызды көзі тесіп барады. Екі байға екі ай тұрақтамай, үш жыл бойы қымызшылардың қолтығында жүрген қыз ондай көздерді елей ме, гармонға қосылып шырқап жіберді. Даусы ерен. Әрі сұлу, әрі күшті. Үйге сыймай жарып шығып, сыртқа кетіп жатыр. «Қара торғай», «Құлагер», «Жиырма бесті» бірінен соң бірін жеделдете айтқанда танауы бүлк етпеді. Дем алмай ма, әлде алғанын білдірмей ме, әйтеуір не қиын ырғақтарда даусы үзілмейді. Өзін көрмей даусын естісе сексендегі шал тебіренер .еді. Есіл дауысты көрінген жайдақтап, қадырын кетіруге айналған. Соны қыз сезе ме, басқа бір шері бар ма, ән үстінде тіпті нәзік. Кейде көзінен жасы тамшылап кетеді.

— Неге жылайды? — дейді Сарыбала Жүсіпке сыбырлап.

— Кедейлігі, жетімдігі, не тәрбиесіз, қадырсыз екені есіне түсетін шығар.

— Даусы қандай тамаша!

— Иә, тамаша. Талай тамаша бақ жанбаса — бишара. Бақ жанса, талай бишара — тамаша.

— Бақ қайтсе жанады?

Жүсіп жауап қайырмады. Қонақ еткен қараша жігіт «алыңыз» деп біресе етті, біресе қымызды тықпалай түседі. Сұрап алған арам екі күн, әзірге төрт күнгі адал еңбекті жеп қойды. Жүсекең тамақсау кісі, жуырда тояр түрі жоқ, мұрны шуылдап соғып отыр. «Алыңыз, алыңыз» дегенмен жігіттің шымбайына батып барады.

— Жұмысқа барар уақыт тақалды... Қара таяқтар құс тамақ-ау, ішін оқу алып қалған ғой... — деген сияқты қулықтар да жасап байқады. Оның, бірі Жүсекеңнің мүкіс құлағына енер емес:

— Кел, жігіттер, бүгін бір байқасайық, — деп сылқ-сылқ жұтады қымызды.

Орынбекті сыйлаушылар да табылған. «Иесін сыйлағанның итіне сүйек сал», «Қорыққанға жалғыз қурай қос көрінер» дейтін қазақтың қорыққаны ма, сыйлағаны ма, кім білсін, әйтеуір жас стражникті қолпаштап, «іш», «жең» астына алып жатыр еді, шұбар қыз шар ете түсті. Бұрымынан ұстап бір жігіт сүйреп барады. Бұрым оның қолында, өзге дене көптің қолында. Ілезде қым-қуыт тартыс, астаң-кестең төбелес. Стол қирады, қымыз төгілді, ет шашылды. Айғай-шу. Сөз көп, тыңдаушы жоқ. Жанжал шығарған жігіттің мұрнынан қан атқып жүр. Сонда да шаштан айрылмастан быразын жұлып әкетті. Ол кетісімен басыла берді жұрт. Кергіге түсіп қалжыраған, қорланған қыз кезіне жас алмапты. Мүсіркеушілерге, «бәлем тұра тұрлап!», күпінушілерге қалың ерні қалшылдап ыза шашады аузынан:

— Талай жерде талай ит талаған! Аясаңдар қайдасыңдар сонда?! Енді менің қорғайтын арым, аяйтын жаным қалған жоқ! Бағым ашылса көрермін! Ашылмаса осы ит қорлықпен өлермін! Оған дейін жұбатушым мынау ғана! — деді де гармонын алды қолына. Даусы бірге шықты. Біржанның «Жанботасын» айтты. Басқа айтушыларда налу басым болатын. Бұнікінде ашу, ыза басым. Даусына ере алмаған он екі тілді гармонды созғанда сындырып жібере жаздайды. Шырқап отыр шұбар қыз, шырқап отыр. Іштің шерін төгіп отыр, төгіп отыр...

Завод клуб, кино, театр дегенді білмейді. Жүз қазақтан хат танитыны бірен-саран ғана. Жүсіп, Орынбек сияқтылардың өзі газет, журнал да оқымайды. Аулақтағы қыр мен қала, өз буына өзі пісіп жатыр. Қазақтардың көңіл көтеретін орны қымызшынікі. Орыстар кабакқа барады. Екеуінде де сауықтың ақыры жанжал. Жаңағы жанжал әлі басылған жоқ, қайта үдей түсті. Жігіт сыртқа шыға сала:

— Бошан! Бошан!.. — деп айғайлап жүр. Бет-аузы қан. Бір сиыр өкірсе, бар сиыр жөңкіле жүгіретін, дәл сол сияқты, қанды көрген Бошандар жөңкіле жүгірді. Қаракесек руы Майқы, Бошан болып екіге бөлінеді. Завод Қуандық жерінде болғанымен Қуандық руынан жұмысшы некен-саяқ. Көпшілігі Қаракесек. Солар өзді-өзі жұлқысуға кетті. Поселкенің бір жағында:

— Майқы! Майқы! — деген шу көтеріліп жатыр. Бұрын қимылдаған Бошандар бейкүна бес Майқының басын жарып үлгірген. Енді екі жағы жаппай телеске шықпақ. Қарулары қайла, шот, сүймен, Қыр қазағындай атқа мінген, сойыл ұстаған бірі жоқ. Өңкей жаяу. Екі жақтың топ қарамы шамалас. Әр топта екі жүздей адам. Күші тең болтан соң шабуылды ешқайсысы бастай алмай, алыстан шапығып күпілдесіп тұр. Жай халық — мейрамда қыдырған орыстар, бейтарап Қуандықтар тамашалауда. Тәбілші Жүсіп, қарташы Айдарбек, Қызыл тас подрядщигі. Мұсаның Қасені, десятник Арабтың Дүйсені, Шолақ саудагер Үбен бұндайда жатқан емес. Арада жүр. Біресе басады, біресе қоздырады. Бұлардың бітімші екенің бүлдіруші екенін түсініп болмайды. Әйтеуір атқамінерлерге ермек табылды. Бірінен бірі сөз, абырой, пысықтық арттыру бәсекесінде. Орынбек жанжал шыққан соң жылға-жылғамен жытқан. Ашулы үндер оны дауылша соғып жатыр:

— ... Майқы, арандама! Бектің қан құйлы сыпылдағын шығарып бер!

— Құтырма, Бошан! Бергіш болсаң бұрым жұлғыш, бес кісіні соққыға жыққан құныкерімізді бер?

— Бошан жұлса бұзылған өз қатынының бұрымын жұлды! Майқы, сенің оған қиман, неге қышиды?! Біреудің некелі әйелін неге бұзасың. Неге күңірентесің аруақты?!..

— Шұбар қызда неке жоқ! Түнеп кеткеннің бәрін күйеу десек, күйеуден кеп неме жоқ! Бес атада кемі бес жүз жесірің бар. Даулағыш болсаң түгел даула. Әйтпесе бір шұбар қыздың шонтайынан сусының қанбас, көп Бошан!..

Екі жақ айтыса, еһелесе бір-біріне тақалып қалды. Енді тек бір тентек бастап жіберсе талайдың тасыған қаны төгілгелі түр еді. Жай халықтың ішінеи машинеші, сағатшы Степан жүгіре шықты ортаға. Кепкесін уыстап алыпты, қолын көтере, бар даусымен ышқына сөйледі:

— Жұмысшы бауырлар, бұларың не?! Ру намысы үшін қан төкпексіңдер ме?! Ол намыс алдақашан өлген! Өлмесе Майқыны Майқы, Бошанды Бошан тірідей тонай ма?! Кәне тоналмаған қайсың барсың?! Осы заводқа тырдай болып, нан іздеп тентіреп келгенсіңдер. Тентіреткен сол руың, ру басыларың. Олай болса, ру намысын қоздырғанша, жұмысшы намысын қоздырайық. Жал ақы күн көріске жетпейді. Он бір-он екі сағаттық жұмыс діңкеге тиеді. Оттың,газдың ішінен қайтқанда тиыштық алатын жерің сасық іншік. Тыныс іздеп қымызға, кабакқа барсақ ақыры мынау. Ғылым, біліммен ісіміз жоқ. Көзді байлап, арқаға ауыр жүкті тиеп айдап келеді бізді. Жүк қайтсе жеңілдейді? Көз қайтсе ашылады? Осыны ойласайық. Заводты біз жүргізіп тұрмыз. Азабы біздікі, рахаты біреудікі. Бұдан артық қорлық, намыс бола ма?! Жойылсын ру намысы! Жасасын жұмысшы намысы! Тараңдар, тез тараңдар, жолдастар! Приставқа хабаршы кетті...

Степанның сөзін Жүсіп қазақшаға аударды. Көп үні бәсеңдеп қалды. Завод жақтан қос ат жеккен арба көрінеді. Алдында поштабай жүріспен бір салт атты келеді. Жұмысшылар тарай бастады. Арба жеткенше шыпырлаған жерда кепеге сіңіп болды. Алдағы Орынбек екен. Келе-ақ кепелердің төбесіне ат ойнатып, ақырып, сыбай боқтады. Бірнеше үңгірге кіріп те шықты. Іздегенін таба алмады. Пристав Заливский толған шиқандай тырсиған, қызғылт сары кісі көрінеді. Оның үстіне ашу кернеп, шертіп қалсаң жарылғалы тұр. Көзі лақ текенің көзіндей, шарасынан шығып кетіпті.

— Сіздер көрдіңіздер ме, төбелесті бастаушылар кім? — деп орыстардан сұрады. Степан басын шайқай қайырды жауапты:

— Біз жай қыдырушылар.

Пристав тыжырынып орамалымен мұрнын басты.

— Бұл не?! Мүңкіген бір иіс бар.

— Біреу болса неғылсын. Әлденешеу ме деймін.

— Мұрындары сезбейді, ә?

— Сезбегендіктен дейсіз бе. Лаж жоқтықтан шығар.

— Лаж неге жоқ?! Жалқау, пасық халық.

— Жұмыстан уақыт артылмайды. Уақыт артылса күші артылмайды ғой. Әйтпесе жаман тұрмысқа кім көнеді.

— Сонда біреу жасап беру керек пе?

— Әрине. Завод иелері маған үй бергенде, сізге үй бергенде бұларға неге бермейді? Ең -ауыр жұмыс осылардікі. Мыс беретін осылар. Сондағы тұрмысы мынау. Алатын ақысы мардымсыз...

— Сөзіңіздің, тамырын байқадым, байқадым! — деп пристав бордиган сұқ қолын Степанға сермеп-сермеп қойды. Одан әрі тыңдамай теріс айналғанда Орынбек жетті. Аңынан адасқан аңшының итіндей алақ-алақ етеді. Шап-шаң жігіттің сөзі езінен де шапшаң:

— Господин пристав! Бұзақылар тапқызбады. Қазақтар бұндайда ұйымшыл. Тығып қойып, «білмейміз» дейді шетінен. Енді не бұйырасыз?

— Бұзақылардың басшыларын білесін бе?

— Білем. Бұрым жұлған — Байжанов Омарбек. Оған қосылып бес кісінің басын жарғандар: Садақбаев Төлеу, Жауғашаров Әбен. Үшеуі де ұры. Қашып келіп жұмыс істеп жүр.

— Ұры?!

— Нағыз бау кеспелер...

Степан шыдамады:

— Ұры болса жұмысшы бола ма? Жұмысшы болса ұры бола ма? — деді де күлді сылқ-сылқ. Пристав ести тұра естімеген сияқтанып арбасына мінді. Орынбек тағы да алға түсті. Поселкенің ойқы-шойқы көшесін шаңдата жосытып барады ұлықтар...

Жүсіп'приставтың қарасын көре сала жылыстаған. Мәликенің терезесінен бақылап тұрып

жаңа шықты. Келе Степанға «не айтты? не айттылап?» құлағын тоса берді.

— Не айтушы еді. «Бұзықтарды» ұстай алмай ыза болып кетті.

— Сен не дедің? Саған қолын сермеп тұрды ғой.

— Мен жұмысшы тұрмысының ауырлығын айттым. Ол ұнатпады.

— Ұнатпады?! Бекер айтқансың. Тек жүрсең тоқ жүресің.

— Тек жүр ғой осылар, — деді Степан поселканы негімен нұсқап. — Сонда тоқ жүр ме? Өзіңіз де тек жүрсіз. Тоқсыз ба? Беков приставқа қосылып жұмысшыларға шабуыл жасайды. Сіз бас сауғалайсыз. Қазақтың бас көтерер азаматы бүйткенде, қараңғы жұмысшы қайтпек?

— Біздің қолымыздан не келеді?!

— Тілесеңіз келеді. Жұмысшыларға кәзір жоқшы, жөн сілтеуші керек...

— Онда жеп отырған нанымнан қағылам да. Петербурдың бесінші жылғы оқиғасын білесін бе?..

— Білем. Білем. Қорықсаңыз бәрінен қағыласыз.

— Жоқ, Степан! Мауқымов Жүсіп «пақыр жолы қайсы» деп жүрген кісі. Байқа, өзің де байқа! — деді де Жүсіп жөнеле берді.

Ат, арбасын Хакей шал мана алып кеткен. Жаяу келеді. Әйелімен әңгімелестірмей, Сарыбала әр немені бір сұрайды:

— Бесінші жылы Петербурда не болған?

— Жұмысшылар жиналып тұрмыстың ауырлығын айта барғанда, патша қырып салған...

— Соған-ақ па?! Патша мейірімді дейтіні қайда?

— Біреулер шағыстырса керек.

— Патшада қырық кісінің ақылы бар емес пе, шағыстырғанға неге ереді?

Жүсіп патшаны не ақылды, не ақылсыз дей алмаған соң үндемей қойды. Бала үндетпей қояр емес.

— ... Жаңағы пристав та қырып салатын еді, иә? Жұмысшыларды ұстай алмай қалды. Иығындағы алтын ба?

— Жай оқа ғой.

— Патшанікі ше?

— Алтын шығар.

— Патшаның неше сарай алтыны бар?

— Қайдам. Әйтеуір көп.

— Оны қайдан алған?

Жүсіп бұл сұракқа да жауап қайырған жоқ. Баланы басынан шеңгелдей ұстап, теңседі де:

— Бәрің білгің келеді, ә? — деді. — Мен бәрін біле бермеймін. Білгенімнің өзін байқап-байқап айтам.

— Неге?

— Үкімет естісе құлағыңды кесіп алатын сөздер бар. Мен түгілі атақты адвакат Ақбаев, Дүйсенбаевтар бір сөз үшін айдалып кете жаздаған. Аузыңа осы бастан сақ бол, бала. Жасыңда ашық ауыз болсаң, өскенде ырбық ауыз боласын.

Бала ернін жымырып алды. Енді өзімен өзі. Бүгін көргені тіпті көп. «Неге бұлайы?» одан да көп. Ұстазының жауабына жарымады. Көргендері естен шықпады. Елестерді қуа-қуа үйге жетті. Жүсіп тәбілін ала сала «Бес темірге» кенелгенде ере жөнелді.

«Бес темір» ішінде аждаһа ысылыңдай бір ысыл күндіз-түні басылмайды. Көзіңді ашсаң жас ағызатын, аузыңды ашсаң қақалтатын түтін тұман ашылмайды. Жалыны жалақтап, ұшқыны борап мыс, шлактар әмән құйылып жатады. Осы заводтың ығынан өткенде екі шақырым жерден мұрныңды басасын. Сондықтан бұнда ешкім ұзақ істеген емес. Ауырады, не өледі. Олардың орнын жаңа жұмысшылар басады. Инженер Холь келгелі азап күшейе түскен. Оның, тәртібі тым қатты. Қит етсе аяқ жұмсайды, қолма-қол жұмыстан шығарады. Өйтпесе «ақ ауыз» етіп, істелген істі қабылдамай қояды. Міне сол әшәдді Холь келеді. Жұмысшы, қызметшінің жаны мұрын ұшында. Біреу борандатып мыс ағызып жатса, біреу төгермін, күйермін демей іркілдеген от шлакты толқыта темір тәшкені зыр жүгіртеді. Маңдайынан тер сорғаламаған бірі жоқ. Бәрінің ойлайтыны: «Қай жерімнен мін табады?» Холь көреген, естімпаз, ешкіммен шүйіркелеспесе де жұмысшы арасындағы сыбысты тез сезеді. Тіп-тік, ұзын денесінен кесіп алса қан шықпас, кеуіп қалған. Бетінен сайтан тайып жығыларлық — сақал-мұрттан жұрдай. Жылтыр қара. Әлі бір жылы сөзін, езу тартқанын көрген емес жұмысшылар. Арызды жүре тыңдайды. Оның аяңына басқалар желіп отырады. Талайды сыртымен-ақ ішінен түңілткен осы инженер жолшыбай бөгелместен келді де бір жұмысшыға күн жазып тұрған Жүсіпті дәл іштен тепті. Жүсіп құлап қалды. Қалпағы бір жаққа, тәбілі екінші жаққа ұшты. Ішін ұстай тұрып жатып:

— Гаспадин Холь!. — дей бергенде:

— Сволоч! Вор! Марш! — деп Холь құйрыққа тағы бір тепті. Орысша білетіні бірнеше сөз. Оның өзін сирек қолданады. Шашылған тәбілді жинап алып кете барды. Сарыбаланың кезінде жас, қолында Жүсіптің қалпағын екеуі салбырап үйге қайтты.

— Неге ұрды? — дейді бала түсіне алмай.

— Қазақ жай жүре ме. Жұмысшыларға артық күн жазады, деп шағыстырған ғой, — деді де ауыр күрсінді Жүсіп.

ЖЕТІНШІ ӘҢГІМЕ

Жүсіп ағылшындар шығарып тастағаннан кейін қызмет іздеп бірсыпыра сенделді. Ақмола, Қарқаралы дуандарына дейін барып қайтты. Қызмет табылмады. Ақыры осы заводтың «Көкөзек» жағына келіп, несиеге бір бөлме үй жалдап алды да бала оқытуға кірісті. Мұғалімдік білімі не тәжірибесі жоқ. Оларды сұраушы тағы жоқ. Орыс біліміне сусаған аңқау елге амалсыздан мұғалім болған Жүсіп білгіш-ақ. Сөйлесе ағып, жазса желіп кетеді. Басқа былай тұрсын, болыс Мұқтар, көпес Әубәкір, қасапшы Қойбағарға дейін солай көрінсе керек. Балаларын алдымен берді. Жесір келіншек Мария Федоровна да сабақ алып жүр. Бәрі ақы төлейді. Ақшадай төлей алмағандары нәрседей төлейді. Жиырма бес-отызға келген жұмысшы Сейітқазы қалта сағатын беріп оқыды. Оқушылар саны он бестен асып барады. Жастары қилы-қилы: тоғыздан отызға дейін. Тоғыз жасар бала мен отыздағы жігіт сабақтас. Жүсіптің аз білімінің бағасы ешуақытта бұндай көтерілген емес. Бір жағынан жұртқа арыз жазып беріп ақша табады. Жұмыссыз Қалғанда солқылдап тұрып жылап еді. Кәзір екі езуі екі құлағында. Қолы босап кетсе қымызшы, сырашыңікінде. Бірақ, бұл дәурені ұзаққа созылмады. Күзбен бірге көңілсіз өмірдің салқыны да жетті.

Бір күні завод дүңк ете түсті. Ойда жоқта Ерденбайдың Құсайыны келіпті. Көзі үлкен, ортадан төмен бойы бар, тез ашуланып, қақала сөйлейтін қара сақалды қара кісі екен. Сөзі, түрі берекесіз-ақ. Үй толы адам сонда да соның аузына қарап отыр. Гимназист Ерденбаевты көруге Жүсіптің, шәкірттері оқудан шыға жүгірген. Бұлар босағада телміріп тұр... Құсайын Сарыбаланы шақырып алып, тетрадьтарын қарады. Басын шайқап-шайқап қойды. Содан кейін ақыра сұрады:

— Кто вас учит?!

— Жүсіп Мауқымов.

— Сволочь! Аңқау елге арамза молда ол! — деді де Жүсіптің қара сиямен жазғандарын қызыл сиямен түзетті. Түзетілмеген бір жол қалмады. Қызыл шұбар тетрадьтарын қолтықтап, Сарыбала салбырап қайтты үйге.

Осыдан былай Жүсіп құлдилады. Шәкірттер біртіндеп тарай берді. Сарыбала заводтағы бес жылдық орыс-қазақ мектебінің төртінші класына түсті. Бұл күн оның өміріндегі ең қуанышты күн болатын. Бірақ, қуанышын ұстазы қайғымен бастырып барады. Ішуді жиілетті. Ішсе де «басым!», ішпесе де «басым!» деп басын шеңгелдей ұстап отырғаны. Дертінен уайымы күштірек. Бүгін сарнауды шығарды:

— ... Бас жазылар-ау. Күнелтуді айт. Жұмыс істей алмаймын. Қызмет табылмайды. Ұрлық істеу керек пе? Бір сөлкебай ақша бар. Ол біткен соң сатынамыз да. Неңді сатасын? Зағипаның шәлісін бе? Дүние шіркін тар екен ғой. Көп адам, көп арман қалай сыйып тұр? Әубәкір мырзаға барайыншы. Күйеу баласына ең құрыса төс берер... — деді де Жүсіп орнынан қисалаңдай тұрып шығып кетті.

Үй іші енді тып-тыныш. Бірақ, қорғасындай ауыр тыныштық. Теріс қарап бүк түсе жатқан Зағипа басын көтере алмай күрсінеді. Сарыбала әкесіне хат жазып отыр:

«Дұғай сәлем, ағама, әжеме. Сәлем бағдында айтар сөзіміз — ұстазым кеше зауыттың үлкен қызыл мектебіне әкеліп түсірді. Қуанышым қойныма сыймайды. Тек ұстазымды ойлағанда қабырғам қайысады. Аға, олардың халы нашар. Жұмыссыз Қалды. Ақшалары таусылды. Малы ежелден жоқ екені белгілі. Мен қайтем, қайда тұрам? Олар қалай күн көреді? Дағдардық. Тез жет...»

Бала базарға барып, елден қатынаушылардың біріне хатын тапсырып қайтқанша, Әубәкірден Жүсіп те қайтқан еді. Әкелген іштемесі көрінбейді. Екі қолы төбесінде, көзі жұмулы, шалқасынан серейіп жатыр. Күн кешкірген. Жалғыз терезелі бөлменің бұрыштары қараңғы. Шам жағатын уақыт болса да жағылмаған. Зағипа күнде бұл уақытта шай қамдайтын. Қамдамай манағы бүк түскен күйінде ұйықтапты. Көңілсіз, дыбыссыз, минут сайын көлеңкесі қоюланып баратқан үйде Сарыбала аяғын мысықша басып жүр. Естіртпен десе де шкапты ашқанда тықыры естіліп қалды. Жарты бөлке нанның шетінен үзіп алып, қомағайлана асағанда мұрны шу-шу етеді. Содан кейін орнына келіп бұ да жатты...

Таңертеңгі шай үстінде де түйілген қабақтар жазылған жоқ. Сопияның қолдан ашытқан, құндағы ден сары сырасы Жүсіпті кеше есіртсе, бүгін басын сындырып барады. Бір сөлкебайды бас жазуға не тамаққа жұмсарын білмей шекесін қос қолдай қысып отырғанда:

— Ассалаумағалайкүм, — деген Мұстапаның зор үні естілді. Тар бөлме түгілі кен, көңілді кернегендей бұл үн. Жүсіп Сарыбаладан бұрын жетті. Бірі қолынан, бірі белінен қысып босатпай тұрғанда:

Шырақтарым, жетер, жетер! — деді Мұстапа. — Асып төгілсе қуаныш та жақсы емес.

— Қажеке, тарыққанда досты көру қызырды көрумен бірдей екен!

— Мұстапа шайға отырып, бір шыны ішкен соқ ғана Жүсіптің жаңағы сөзіне күлімсірей жауап қайырды:

— Қызыр көрінбейді. Көрінсе жарылқап кетеді. Менің көрінгенім неге сеп? Тарықпа, шырағым. Тарықсаң дүние тарылады. Кең көңілге тар дүние кең.

— Ал, тарықпадым, кеңітсінші кәне! Осы шіркіннен өмірі үлкен нәрсе дәметкен емен. Адбәкет Ақбаев, Дүйсенбаевтердің қағазын көшірдім. Ағылшындарға тәбілші болдым... Күл төкпеген жерім аз. Ен, ақыры амалсыздан мұғалімдік еттім. Бәрі сыпырылып шығып кетті қолымнан. Кәзір отқа қарап отырған жайым бар. Жұмыс істей алмаймын. Қызмет табылмайды. Немен күнелту керек?!

— Сені бұл күйге түсірген Ерденбайдың Құсайыны деді ме?

— Иә, сол кісінің бір ауыз сөзі оқ болып тиді.

— Сенің оқытқаның іштемеге жарамаса, менің баламды орыс мектебі қалай алған?

— Дәрежесі жоғары адам жоғарыдан қараған ғой. Әйтпесе сауат ашарлық әлім бар.

— Менің ойым да сол, — деп Мұстапа ойланып қалды. Ұзын кірпіктері жапқан тұнық көк көзі қозғалмастан бір нүктеге қадалуда. Тымық, терең теңіз сияқты түбінде не жатқанын білдірмейді. Аузын ашып телмірген Жүсіпке әлден уақытта ойын айтты. — Құсайын жоғарыдан қараса, біз төменнен-ақ қарайық. Қазақ ауылы сауатын ашсын. Одан әрі әркім жеткен жеріне қонар. Мұнда орын таппасаң елге бар. Аққу көлге, ер елге паналайды.

— Кімге бар дейсіз?

— Тұрлыбайға.

— Тұрлыбайға?! Паналата ма?

— Иншалла паналатар. Менің атымнан хат жазшы, шырағым! — деді Мұстапа баласына. Бала әкесінің айтқанын жаза бастады.

«Құрметті Тұрлыбай құрбыма дұғай сәлем. Сәлем бағдында, бұл жақтағы ағайындар, ел-жұрт тегіс аман. Мал күйлі, жер от. Орыс-орманнан бөтен хабар жоқ. Құдайға мың шүкірлік. Бұл хатты бір адам хақында адамшылық борышымды өтеу үшін жазып отырмын. Орысша оқытатын мұғалім сұрастырып жүр едің. Таптым. Осы хатты апарушы Жүсіп менің баламды үш жыл озық балалармен он бір айда теңеп, орыс мектебіне түсірді. Сен «қадим — айналма, жәдит — төте» деп қоймайсын. Мынадан артық төте болмас. Жүсіпті ал. Өзің сияқты ысылған, ер көңіл жігіт. Оның білгенін білсе де қазақ аулы қараңғыда бір сәуле табады...»

Мұстапа хатын тез аяқтап, қол қоюға келгенде кеп бөгелді. Темір үзерлік әлі бар жуан, салалы саусақтары арабтың «сат», «ытқы» харіптерін не алмайды. Қаламы бұлтақтай берген соң Жүсіп қоса ұстады. Екеулегенде сексеуіл бұтақтарындай бірдеме шықты. Бала мырс күліп жіберді.

— Мазақтауын жаман неменің, — деп Мұстапа езу тартты. — Менің әкем сенің әкеңдей оқытса, менің заманым сенің заманыңдай болса, көрер едім мазақтағаныңды.

Жүсіп хатты төс қалтасына салып алды. Тұрлыбай аулы жетпіс-сексен шақырым жер. Ол жақтан заводқа сирек қатынайды.

— Көлікті қайттім, көлікті?! — деп отырғанда.

— Менің атымды мін, — деді Мұстапа.

— Ойбай-ау, жаяу қаласыз ба?!

— Іштеме етпес. Сен балама қанат бергенде, мен сенен ат аяйым ба. Басымен бердім. Ұстаздық ақыңды кеш. Жақсы кездесіп едік, жақсы айрылысайық, шырағым. Бұған көп адамның қолы жетпей жүр. Дүние шіркіннің бір қызығы осы ғой. Тату айрылсаң, шұрқырай кездесесің. Араз айрылсаң арлан иттерше дүрдие кездесесің. Атымды қасқыр жеп қойса, ұры әкетсе, не өліп қалса қайтер едім. Сен мені «жаяу қалды-ау!» десең, мен құла шолақтың құны жетті деп отырмын.

Жүсіп қуанғанынан жылап жіберді. Мұстапаның тағы да қолын ұстап, білген алғысын қалдырмай айтты. Дереу жүруге қамданды. Мұстапа баласын ертіп тысқа шықты. «Көкөзектің» ығы-жығы аласа үйлеріне әлденені іздей қарап тұр...

— Балам, осы маңда Пақірей дейтін балташы ноғай бар. Соған барайықшы. Сен бұл үйде бұдан әрі тұра алмассың.

Екеуі кездескеннен Пақірейді сұрап бара жатты...

СЕГІЗІНШІ ӘҢГІМЕ

Күз келді. Жер суалды. Көк жапыраққа малынған әсем ағаштар жастығынан айрылған кәрідей болды. Аспан әлем-тапырық. Суық жел сом, сұр бұлттарды жөңкіте айдап барады. Көшелерде сары жапырақ, қарақошқыл топырақ борап тұр. Тау қойныңдағы шағын заводта тастар қайнап жатыр...

Сарыбаланың іші де дәл осы сыртқы дүние сияқты. Қуанышы кернеп қайнайды, намысы кернеп борайды. Арман еткен қызыл мектебі алуан күйге салды оны. Жақсыбек пен Жүсіптен оқымақ түгілі құлағы бір шалмаған ондық есеп, орыс тілі, орыс тарихы, жағрафия сияқты ғылымдар кездесті. Оқулықтары бұрын қалтасынан аспайтын, кәзір шүберек сумкесіне сыймайды. Біріне тісі батар емес. Сабақ орыс тілінде. Он сезден бір сөзге азар түсінеді. «Әттең тіліне түсінсем-ау!» дейді бала. Өзімен сабақтас, парталас балдыздары — Абдірақман, Қалықтың білгенін біле алмағанда қорланып оқуды тастап кеткісі де келеді. Оқусыздың, малсыздың күндері елестегенде ол ойынан тағы айниды. «Жасықпын», «кешемін» деп өзін іске алғысыз қылады. Сырты тыныш, іші ойран. Ұйқысы, ойыны бұзылған. Онысын біреуге айтпақ түгілі сездірмейді. Кірімді, жағымды мінезі не сойқанды қылығы жоқ. Елеусіз жүр. Сонда да паң. «Керек қылған өзі келер. Керек қылмаса ешкімге бас ұрман» деп жүрген сияқты. Тұйық, суық, жұмбақ балаға тек балдыздары үйір. Олардың көңіліне байлық наны әлі піспеген. Аға, жезде түтып, жақын тартады. Әсіресе ақкөңіл Абдірақман ішіне кіріп алды. Сабағына көмектеседі. Қалтасына сала келген конфет, пряниктерін бөліп жейді. Әдемі қарындаш, қалам, кәнки, мячиктерін сұрамаса да тықпалап береді. Көп орыс баласының ішінде қазақтан үшеу-ақ. Абдірақман, Қалықты қазақ түгілі орыс балалары қағажу ете алмайды. Солардан қаймығып Сарыбалаға да ешкім соқтықпайтын. Бір күні, оқуда жоқ, ересек Қырымқожа соқтыққанда, Сарыбала балдыздары бастаған бір топ баламен барып оны сойып салды. Содан бері қабағы көтеріңкі. Күңгірт тартқан үміт дүниесі қайта жайнады.

«Қайным бай, нағашым бай
Қайтіп кедей қыласың құдайым-ай!»

деп есіретіндердің сөздері түседі есіне. Бірақ, берік аузы сыртқа шығармады онысын. Кәзір құлағына дейін қызарған, тік тұрғалы бірсыпыра уақыт өтті. Анда-санда орыс тілін бүлдіре ұлы Петр жайында бірдеме айтады да мүдіреді. Мүдірген сайын Абдірақман, Калық сыбыр етеді. Тағы айтады, тағы мүдіреді. Андрей Матвеевич сабырлы ұстаз. Асықтырмайды, ақырмайды. Екі қолы шалбарынық алдыңғы қалтасында, әдетінше төмен қарап, ерсілі-қарсылы үнсіз жүр. Әбдән тыңдал болған соң бір ғана сұрақ қойды:

— Петр патша неліктен ұлы аталды?

Бала үндемеді, Ұстаз өз сұрағына езі қайырды жауапты:

— Ресейді алға бастыруда патшалардың бір де бірі Петрдай істей алған емес. Сондықтан ұлы аталды. Бұған дейінгі орыс тарихында Петр, Ломоносовтар биік шың тәрізді. Оларды жақсы білу керек.

Кең ұстаздың алды соншама тар болар ма, Сарыбаланың мұрнынан моншақ-моншақ мөлдір тер домалады. Бірақ бұл қысылуы пружинаның қысылуы сықылды, дереу қалпына келеді. Кластан шыға сала:

— Бекер жүрексініппін, — деді Абдірақманға, — жүрексінгендіктен білгенімді де дұрыс айта алмадым. Андрей Матвеевич қандай тамаша адам! Жақсыбектер жаңағы жерде сойып салады.

Оқу біткен соң үйге жеткенше асығып жүгіретін бұлар. Бүгін сабақ жайындағы әңгіме үйді, ойынды ұмыттырды. Пристав кеңсесінің жанынан өтіп бара жатып, топырлаған, өзеурей сөйлескен қазақтарды көрді. Жаңа келген приставтың атағы алысқа кеткен. Қазақтарды тағы да қамап қойып ұрып жатыр ма, десе керек, балалар көздерін бажырайта карады. Ондай іштеме сезе алмады.

— Приставтар геометрияны жақсы біледі, ә? — дейді Сарыбала.

— Білмесе пристав бола ма. Одан ояз, ояздан гүбірнатор, гүбірнатордан патша жақсы білер, — дейді Абдірақман.

— Сонда пристав болу үшін неше жыл, ояз, гүбірнатор болу үшін неше жыл оқиды екен?

— Ой, олардың оқуы тіпті көп шығар. Ал төртінші класты бітірген стражник бола береді. Орынбек болып жүр ғой.

— Ұлықтарға ақыл да керек емес пе, оны кім үйретеді?

— Оқысаң ақылды да боласын.

— Жо-о-қ! — деп басын шайқады Сары, — бір патшаның ұлы ғылым-үжімді бітіреді. Патша қолын жұмып тұрып, ішінде не бар тапшы? дейді. Ұлы: өзі дөңгелек ортасы тесік... Таптым! Диірменнің үстіңгі тасы, депті. Әкесі сонда кейіп отырып айтқан екен: «Диірмен тасы уысқа сыя ма? Сақинам емес пе. Ақыл-парасат болмаса, ғылым-үжімнен не пайда!»

Абдірақман сақылдап, қатты күлетін. «Вот дурак!» деп шегі түйілгенше күлді. Кішкентай, сүйкімді, шақар Қалық таспен торғай атқылап келе жатып әңгімеден құр қалды. Күлкі естілгенде жүгіріп-ақ жетті. Ұзын қара кірпіктері қадала «ол не, ол не?!» деп кезек телмірді. Бірі елемёген соң ағасын бір қойып тұра қашты.

— Ақымақ, аяғанды білмейді! — деді Абдірақман ішін ұстап, ауырықсынып тұрып. — Қуып жетіп, мұрнын бет қылып жіберсем көшені басына көтереді. Үйде оны бәрі қорғап ұрғызбайды.

— Соның жұдырығын өлеймісің. Молда бізді кек шыбықпен шыбқыртатын, — деді де Сарыбала, үзілген әңгімесін жалғастырып әкетті, — Мұхаммет пайғамбар оқымай ақылды болған. Бірақ оған сөз жоқ, құдайдың досы. Ал, Аяз биге, жаман тазшаға кім берді ақылды? Үлкен әжем: «Ел берді. Ел — теңіз, түбінде талай асыл жатыр. Сүңгіп жүріп ердің ері табады...» дейді. Онда оқулы болудан ақылды болу қиын-ау?!

— Менің ағатайым: бәрінен ақшалы болу қиын, ақша балта бұзбасты бұзады, ағын суды теріс ағызады, ақыл мен бақты бұйдалап жетелейді, дейді.

— Онда, байдың бәрі ақылды ма?

— Әрине. Ақымақ қалай байымақ?!

Бұдан әрі Сарыбала сөзін тыйды. Дәл әкесінше төмен қарап езімен езі болып келеді. Елдегі Бақырай, Итбергендер елестеді. Екеуі де қойлы бай. Қолдарынан тойған кісі ас ішпес. Пасық, сараң. Сөзінде, мінезінде не түрінде адамды тартатын бір қасиет болсайшы. Соншама малмен бес тиындық құны жоқ. Ел жек көреді, келемеж етеді. Ақыл осылардың, қай жерінде? деп іздейді бала. Табалмайды.

«Көкөзектің» ағаш көпірінен өткенде Егор дүкенінің алдында бір топ ауыл қазақтары кездесті. Орталарында Махамбетше. Сәлем берген Сарыбаланы Махамбетше маңдайынан бір иіскеді. Одан әрі онымен ісі болған жоқ. Дүкеннен алып шыққан бұйымдарын қоржынға, қойын-қонышына тықпалап жатыр. Қаншасын өз ақшасына, қаншасын жұрттың ақшасына алғанын кім білсін. Әйтеуір қасындағылар қара суықта бүрсең қаққанда, ол қызара бөртіп тұр. Пристав кеңсесінің алдындағы қазақтар келіп қосылды. Бұлар вексельге Қол қойып қайтыпты. Саудаға енді кіріспек. Черных Егор заводтағы ен, бай дүкенші. Мәскеу байларынша пұлын вексельмен несиеге әрі басқадан арзан сатады. Өзі арзан, өзі несие деп қазекең Егордың аузына тоғытқан қойша қойып-қойып кетті. Бастап берген Махамбетше. Несие алушыларға кепіл болатын да сол. Кепілдігі мен басшылығы үшін Егордан бір қылқығанда мыналардан екі қылқиды. Егордың алушы тартатын тағы бір әдісі — «құрық қайтпас». Көбірек сауда істегенге «құрық қайтпас» деп өтпей жатқан болымсыз бірдемесін тегін береді. Жырым-шеттікті олжа көретін қазақ осы болымсызға пұлдысын беріп тұрғанын байқамайды. Дүкен іші шапыр-шұпыр сауда. Черныхтың көп баласы шетінен сатушы, қазақ тіліне судай, аузынан қолы, қолынан аузы шапшаң бәрі жылмаң қағады. Шоттар сартылдап, кездемелер жыртылып жатыр. Егор өзі қолындағы буыншақты Махамбетшеге ұсына:

— Жолыңыз, биеке. Өзіңізге шұға шекпен, әйеліңізге көйлек, жаулық, қант, шай, — деп тұр. Махамбетше күлімдей қабылдады. Осы кезде көзі жұмулы, қолында таяқ, беті шұп-шұбар, домбыра асынған адамды бір бала жетелеп келді. Келе-ақ домбырасына қосыла сарнады сол адам:

«... Сұрасаң руымды Қояныштағай
Ішінде Қояныштағай Дәулет-Таңай.
Белгілі Қақбан ақын мен боламын,
Саумысың Махамбетше жарқыным-ай.
Тал қармап, сөз сауады соқыр Қақбан
Тәңірім әр несіптен оны қаққан.
Үйінде ораза ашар әлі болса
Тентіреп қақсар ма еді жақ жаппастан.
Құдайым көзімді алды көрмесін, деп,
Жын-шайтан әзәзілге ермесін, деп,
Ырзығым ел үстінде болғаннан соң
Тауықша теріп жүрмін мен шөмтеңдеп.
Жақсыға ишарат та жетер деген,
Жаманға сөзің қор боп кетер, деген.
Атағың жер жарады, Махамбетше,
Малталап сез қадырын езген емен.

— Иә, иә, жетер, Қақбан. Мені несіне торисың. Өзім де торушының бірімін, — деп Махамбетше кірпідей жиырылды. Жұрт жиналып қалған. Базарға шөп, мал әкелген қыр қазақтары арбасының, түйесінің үстінен, аттылары жаяуларды кимелей келіп қарасып тұр. Қақбан көрмесе де қоршаған көпті дыбысынан сезіп, дәуірлей соқты:

«... Асып ед әкең Қыдыр Қуандықтан.
Кәнеки шыққан мүйіз жуандықтан.
Аузыңды аждаһадай ашсақ-дағы,
Түйені түгіменен жұтсақ-дағы
Ақіретке әкетеріқ үш қабат бөз.
Жиғаның қалар бір күн болып тоз-тоз.
Шын жыласа көр соқырдан жас тамады,
Шын қызса тас та балқып ағады.
Шыңына жетпей қызыл тілім тоқтамас,
Ерегіссе у шашқан аузымнан кім қағады.
Қара есек мінген қара сарт
Қара арғымақ жегіпті.
Қазағымды сорған соң
Майға әбден бөгіпті.
Қойшыны құдай атарда
Шопанға тиер таяғы.
Байды құдай атарда
Төбеңде ойнар аяғы.
«Кет!» деді-ау, сарт Қақсамай!
Әдейі іздеп келгенде
Сен де отырсың жақтамай.
Бай мен биде қайыр қалмады,
Қайтсін Қақбан ел ақтамай.

Тырысып отырған Махамбетше «Қара сарт» дегенде жайраңдап, жымың ете түсті. Ақын Сейіткемелдің Әубәкіріне салып еді тілін. Кейін байыған, кірме ауылдас Әубәкір ру басы Махамбетшенің Сиқымбаймен қырқысып алған жерін, бауыр басқан елін меңгеріп барады. Феодал Махамбетше түгілі Мәскеу, Ірбіт шауып жүрген Егордың өзі «Мынау қайтеді?!» дей бастаған. Сондықтан Әубәкірді мұқатқан әрбір сөз екеуінің қышыған жеріне тиді. Сараң Махамбетше «бірдеме беріп құтылмаса болмас» деп дамбалдық шөжім бергенде, Егор көйлектік үш кез тібен берді. Ойында іштеме жоқ бала Абдірақман енді ғана аңғарып «соқыр ит» деді де үйіне жыламсырай жөнелді. Сарыбала бәріне бейтарап. Жиын тараған соң жалғыз қайтты. Ақын сезі есінде. Бірнеше шумағын жатқа айтып келеді...

ТОҒЫЗЫНШЫ ӘҢГІМЕ

Кеше кешке Спасск заводынан дүңк еткен хабар маңындағы ұлан байтақ қазақ даласына тан, атқанша жайылып болды. Ел жайлауда. Аспан шайдай ашық, күн ыстық, ұп еткен жел жоқ. Сонда да дала толқыған теңіздей астаң-кестең. Азамат ат үстінде. Ақсақал, қарасақал кеңесте. Аһлаған, жылаған, гөй-гөй тартқан әйелдер үні тұтасып, ауыр, азалы, әрі ызалы ғажап бір күйге айналып тұр. Сарыбалаға бүкіл дүние қара жамылғандай сезілді. Түнерген. Ауылда езінен өзге жан қалмаған. Бәрі Әубәкір үйінің маңында. Қайнының үйіне бармақ түгілі ауылының алдынан өткен емес. Ұялады. Қазақ дәстүрі бойынша жасырынады. Дәл бүгін жасырынып, мынау үлкен оқиғадан шет қалуға шыдамады. Дуылдаған көптің ішіне келіп, бұ да енді.

«Қымыз құдық» сайының кең көгалында, көптің жуан ортасында Қыдырдың Махамбетшесі, Батыраштың Жұнысы, Орынбайдың Әмірі, Азынаның Мұстапасы, Болыс Мұхтар, Есмақайлар отыр. Іргелес, аралас бірнеше елдің — Спасский, Қарағанды, Байдәулет болыстарының басшылары түгел бас қосқан. Жайшылықта бірінің етін бірі жегендей болып жүретін ру басыларының арасынан қазір қыл өтпес. Шетінен еңіреген ер, ел қамқоры сияқты.

— ... Аталары қазақтан солдат алмауға ит терісіне жазып қолқат берген. Патша уәдесінен танды. Көтеріңдер Абылайдың ала туын! Азамат аттан! Қарулан!.. — деп саңқылдайды Жұныс. Үні тіпті зор, үлкен жиынның ең шетіне де анық естіледі. Денелі, иықты, шалқақ, мұрты құлағына жеткен мейлінше келбетті, тілді адам. Басқалар бір сөйлегенде бұл екі сөйлейді.

— Ал, құлаған туды қайта көтерейік. Азамат аттансын. Қаруды қайтеміз? — деді Махамбетше. — Бір мылтық жүз азаматқа төтеп береді.

— Патшада көп мылтық болса, бізде кен, дала, тау-тас. көп пана бар. Сол пана қоянды да сақтап келеді.

— Қоянша күнелткенде қаншаға шыдаймыз?

— Осы патшаңның да тынысы кең емес. Герман жағадан алып қылқындырып тұр ма деймін. Әйтпесе, баяғыдан бері солдат сұраса көзі көрмеп пе?

Құлақ төсей тыңдап тұрған кеп тұс-тұстан дауыс көтерді: «Бәсе, бәсе!», «Құдай біледі жаны мұрнының ұшында!», «Күндіз тығылып, түнде шабуыл жасаймыз!», «Қалың жылқыны алға сала келіп, қоян ба қолтық аралассақ, тәуекел!».. деп азаматтар гу-гу етеді. Аузында бір тіс жоқ, салбыраған болмашы ақ мұрты бар, көсе дейін десең иегінде бес-он тал қылы бар, мұрны аузына төнген, жақтары суалған, ақ сұр Әмір өзі кәртайғанмен жүйрік тілі жүгірісінен танбапты. Жастардың кеудесінде жанған отқа май шаша сөйледі:

— ... Өлсең шейіт, өлтірсең қазысын. Тайынба! Қатын, баланы зарлатып, азаматты мататып, ар-намысты таптатып сауғалаған басы құрысын, «елмін» деген аты құрсын. Кәрі қойдың жасындай жас қалды. Күш, дегенде тек қызыл тіл қалды. Қаруым қынымдағы жалғыз кездік. Сонда да шыдаман! Азамат атының құйрығынан ұстап мен де шығам майданға.

Әмір сөзінен кейін сөз естілмеді, тұтанбаған бір намыс қалмады, ду-ду. Осы қызу бойда тұрғанда, оқтан, оттан, ажалдың, сұмдық торынан қайтпас еді адам. Бұл ортадағы қорқақтың қорқағы Арынға шейін атқа мінген. Қолында ақ табан сойыл. Жетпістегі Жекебай сынық айырын саптаған. Жауын сонымен қарыннан піспек. Балалар қаңылтырдан пышақ жасап алыпты. Сермесіп, жаттығып жүр. Қарулары соншама қауқарсыз. Ашу, ыза асып төгіледі. Қазанша қайнаған қалың жиын елен, етті бір кезде. Көз ұшында жүйткіп бір қара көрінеді. Әуелі біреу еді, бірте-бірте екеу екені анықталды. Қос атты адам. Жүрісі тым қатты. Білікті біреу еліп, жаназаға шақыра келе ме? Қуанышты не қайғылы үлкен хабар әкеле ме? Естігенше асық кепке жұлдыздай ағып қос атты да жетті. Тымағының құлағын жымыра киіп, денесін қыл шылбырмен таңып тастаған. Беті қызған темірдей қып-қызыл. Аттарының танауына жұдырық сыйғандай, терлегені сонша — баран түсті ақ көбік шұбарға айналдырыпты.

— Нұрлан жіберді! Нұрлан шақырады! — деп айқайлады осы келген қияқ мұрт жігіт. — Қуандықтың басын қосқалы жатыр. Қыр алтайы ортасынан хан сайлап, қол жинап патшаға қарсы шыққалы жатыр. Тінәлі елі оқ-дәрі, мылтық жасауға кірісті...

Жігіт басқа сөзге келместен тағы да шаба жөнелді. Жолшыбай жөн сұрағанның біріне бөгелген жоқ. Жаңағы сөзін қайталай қақсап барады. Жаршы дауысы, ат аяғының, дүрсілі ұшан теңіз даланы жаңғыртып барады...

Әңгіме Нұрланға ауды. Оның шоқтығы мынау ел бас,- таушылардан анағұрым биік. Әкесі Қияш бір аста болған жанжалда «Алтай! Меніменен жеті ай!» деп ұран шақырған кісі. Он екі болыс Алтайға бір өзін балауы, жай емес-ті. Қияштың әкесі Саңырықтан он екі ауыл өрбиді. Әр ауылдан кемінде мың жылқы өреді. Мал мен бас бірден өскен бұндай зор ата Алтай түгілі Қуандық ішінде естілмейді. Ал, Нұрланның даңқы ата-бабасынан, Ақмола дуанына асып, бірнеше дуанға кетті. Өзінен төмен ру басыларға: «Ана ауылдың иті де сақ, мына ауылдың иті де сақ. Бәрің бірдей түлкі алмаққа бұтыңа бақ» деген сөзін бұл орта мәтел етіп алған. Сондықтан ол құшағын кең жайып, бүкіл Қуандық руын қамтығалы отыр. Жаңағы жаршының «қыр Алтайы хан сайлағалы жатыр» деуінен түрлі жорамал туды. Махамбетше:

— Нұрлан да хан сайламақ па екен? — дегенде, манадан бері жақ ашпаған үш болыстың жағы бірден ашылды.

Есмақай — Онда өзі болмақ та?

Мұстапа — Енді кім?

Мұқтар — Сонда, есебі болыс жойылады да. Есебі Нұрлан қазақтың патшасы дейміз. Есебі сонда...

Үшеуі де жаратпай тыржия қалыпты. Берекесіз жыбыр, күбірлері үдеп баратқанда Әмір ақырды:

— Немене, хан сайланса болыстықтан айрыламыз, хандық бізге тимейді, деп отырсыңдар ма? Жалғыз қурай жел жарады. Ел басына қара күн туғанда қурай құрлы панасы жоқ болыстығыңның енесін ұрайын. Барыңдар Нұрланға! Хан ба, патша ма, сайтан ба, әйтеуір елге басшы керек. Табыңдар, сайлаңдар. Бәрің бірдей би болсаң манар тауға сыймассың. Бәрің бірдей құл болсаң...

От ауызды қартпен болыстар айтыса алмады. Алты рудан алты кісі Нұрлан ауылындағы үлкен кеңеске жүрмек болды. Осыған жә, дескен кезде шетірек елеусіз, төмен қарап тұйық отырған Тұрлыбай басын көтеріп алып:

— Ау, жамағат! Ақсақал, би, болыстар! — деді де орнынан тұрды. Ортаға келеді. Қадам сайын жүрісін де, сөзін де үдетіп келеді. Жұрт тына қалды. Ол ортаға келіп алған соң «жақсылардың» басынан аса қарап, қолын көтере, айнала тұрып сөйледі. — Басы таудай әңгіменің, аяғы быж-тыжға айналды. Қазақты қақсатпаған қай хан бар еді?! Кешегі Кенесары, Жәңгірдің лаңын да ұмыттыңдар ма? Адаспа, жамағат! Адастырма, жақсылар! Нұрлан бастап көгертпейді. Көгертсе баяғыдан бері қайда жүр. Қара халық былай тұрсын, ақсақал, қарасақал, би-болыс, айтшы кәне, оның тізесі батпаған қайсың барсың?..

— Бұндайда бірлік керек қой, шырағым... — дей беріп еді Әмір, Тұрлыбай оның сөзін бөліп жіберді:

— Маған алдымен тірлік керек. Тірлігіме пайдасыз бірлік неме керек?! Нұрлан менің қол-аяғымды кісендеп қараңғы үйге, қалың қандаланың ортасына тастағанда да естігем бұл бірлікті! Нұрлан темен атаның жерін, жесірін, момын шаруаның маңдайдағысын зарлатып алғанда да естігем бұл бірлікті! Нұрлан екі рудың, арасынан қан ағызып, ел көзінен жас ағызып, патшадан алтын тон кигенде де естігем бұл бірлікті! Енді ести алман! Қазаққа кәзір қаныпезер хандар емес, қар жастанып, мұз төсеніп ел жорығын бастайтын ерлер керек.

— Ал сол ерің кім? — деді Әмір. Тұрлыбай мүдіріп қалды. Кезі ойнақшып төңіректі бір сүзіп өткен соң қайырды жауапты:

— Ондай ерді кере алмай тұрмын. Көрінгенше жұрт ерсе бастауға өзім әзірмін.

— Қалай бастар едің?

— Сойылмен мылтыққа қарсы бармас едім. Жылқы айдап, жылқы үстіне қарақшы тігіп жауымды жеңем, демес едім. Тінәлі қару жасап қарық қылмас. Ол елді де көргем, езімізден айырмасы жоқ-ты. Маған Қасқыр мен Мекештің айласы ұнайды. Екеуі күші тең болмағанда қаша жүріп соғысады. Мекешті патша, Қасқырды ел болып құрта алмай қойды. Түн, кең дала, тау-тас мылтық түгілі зеңбірек етпейтін берік қамал. Соларға бекінсек, темір жол, көпірлерді бұза берсек, торуылдап талмау жерде ұра берсек патша былай тұрсын құдай өледі. Міне, бірліктің керегі осы арада. Болыстар мөрін, байлар малын қорғап ішті-тысты болмауға ант берсін. Сонда Неколай мен Вильгелм бірігіп жабылса да жеңе алмайды. Бізді ұстау үшін бүкіл қазақ жерін тінтіп шығу керек. Оған жететін әскер қайда? Патшаның әскері көп болғанда біздің малымыздай-ақ шығар. Сол малды шашып жіберсе, осы даладан өзіміз тауып ала алмас едік. Сайып келгенде айламен алыпты жығуға, ақылмен ғайыпты болжауға болады. Ақыл, айла елде. «Елмін» дегенің кәне сал барыңды ортаға...

Бір адам бүлк етпеді. Ауыр тыныштық. Әркім өз ішіне үңілген. Манадан бергі алуан сөздер тарам-тарам жол сияқты, қайсысына түсерін біле алмады жұрт. Әлден уақытта, Әмірдің ыңыранған үні естілді. Аузын ашса сөзі фонтанша атқыған, талай арысқа түскенде қиыннан жол тапқан қарттың, бұл жолы сөзінен ыңырануы көбірек.

— Е-е-е, солай ма, солай ма... — деп басын шұлғи бірсыпыра отырды. — Көргенімнен кермегенім көп екен. Сақал-шашым қуарса да ыстансыз әлі бала екем. Былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынады. Өрге соққан жол үстінде көш жатыр. Көш басылардың көңілінде нар көтермес жүк жатыр. Би мен болыс жерге, Тұрлыбай көке, сорлы кәрия көпке қарады. Көп кімге қарайды? Мен бір тұяғынан айырылған бүркіт. Әубәкір келсін, тосайық! Жаңа заманның жақсысы не айтар екен, оны да тыңдайық.

Сөз Әубәкірге тірелді. Әубәкір қаланың ғана байы емес, ауылдың да байы. Егін салады, шөп шабады, мал өсіреді. Қыдыр ауылынан іргесі бөлінген емес еді. Былтырдан бері ортаншы інісі, шешесі, жек-жаттары қосылып, өз алдына үлкен ауыл болып отыр. Кәзіргі кеңес те осы ауылда. Шаруашылығын көруге келген Әубәкір суық хабарды ести сала кеше кешке заводқа қайтқан. Анық хабарды сол әкелер, тоқсан ауыз сездің тобықтай түйінін сол жасар, деп тұрғанда көз ұшында шан, бұрқ етті...

— Арбалы ғой!..

— Өзі, өзі!

— Е, тәңірім, жақсылық болғай-ақ!

— Таң, алдында тамаша бір түс көрдім!..

Қадала қарап, әрнемені бір айтып абыржыған көптің үміті де сол көтерілген шаң тәрізді бірте-бірте басыла берді. Міне жетті Әубәкір. Мінгені солқылдақ жеңіл арба, жеккені қара арғымақ, орысша кербез киінген орта бойлы, жуантық, қара шұбар кісі. Арбасынан күлімдей түсті. Кеше жылап аттанған. Кәзір үлкен ала көзі шарасынан шыға жайнап:

— Солдат емес, қара жұмысқа алады! Онда да он тоғыз бен отыз бірдің арасы, — деді. Ол қуана хабарлағанмен жұрт өңі жылымады, құманданып тұр:

— Алдайды, залым!

— Иә, басқа ноқта бір түссе тырп еткізе ме тәйірі!

— Мен жұмыс түгілі қонаққа шақырса бармаймын!..

Дүрліккен жұрт патшасынан әбден түңіліпті; сенер емес. Әубәкір сөзінің ақырын күтпей, «жерімізді алды...», «дінімізді, салтымызды бұзды... Енді азаматымызды құл етпек!..» деп көрген хиянаттарын жамырай айтып жатыр еді, Әмір таяғымен жер сабалап:

— Уа, тоқта! Тыңдасаңдаршы әуелі! — деген соң ғана басылды.

— ... Қара жұмыс екені, он тоғыз бен отыз бірдің арасы екені еш күмәнсіз, бұған шүкірлік етейік! — дейді Әубәкір. — Солдатқа алса қарсыласып не бітірмекпіз?!.. Соғыс — екі рудың не екі ауылдың арасындағы сойыл төбелес емес... Ойлан, сабаңа түс, халық! Алаш қамын жеген Әлиқан, Міржақыптар «қарсыласпа» деп хат жазыпты. Бүлінбелік. Бүкіл Ресейге қауіп төніп тұр. Жау жағадан алғанда, бөрі болып етектен алмайық. Ресей жеңілсе, қазақ, сенің де жеңілгенің. Жер тонау, ел тонаудың әкесін сонда көресің. Өшіккен, жеңген неміс бұл күніңе зар етеді. Маған салсаңдар, ереуілден түк шықпайды. Құр әуре. Завод басшыларымен келісіп келдім — жұмысқа түсіңдер. Басың аман, елің тиыш болады...

— Бас аман, ел тиыш болса құдайдан одан артық не сұраймыз?! — деп Махамбетше екі алақанын бірден жая болыстарға қарады. Жайшылықта жайқаң болыстар осы жиында құныса қалған, жаңа жадырады.

Есмақай — Иә, Әубәкіржан бәрін біліп отыр ғой. Тоқталық соған, халайық!

Мұстапа — біздің Сарекең жұмысқа құлшына барады. Кәзірдің, өзінде тең жарасы кірекеш.

|Мұқтар — сонда есебі патшаның әмірі, Әлиқан мырзаның хаты да орындалады. Есебі, егіз де өлмейді, арба да сынбайды.

— Ей, Әубәкір мырза, болыс: Есмақай, Мұстапа, Мұқтар, би Махамбетше! — деді де қарт Әмір ақ таяғын көтере көпке нұсқады, — мынау елдің обал, сауабы енді сендердің мойныңда. Ауыздарың біріккен екен. Беттеріңнен жарылғасын. Мен сонда да Нұрланға барып қайтам. Оны да тыңдайын. Қым-қуыт заманның бастаушысы бола алмадым, тым құрыса шежіресі болып қалайын.

Тұрлыбай етегін сілкіп тұрып кетті. Мұстапа қажы одан бұрынырақ кетіп, өзек ішінде жалғыз намаз оқып жатқан, соған келді. Сарыбала да сытылып Тұрлыбайдың соңынан ерді. Мұстапа бұларды елеген жоқ. Құбылаға қарап қолын жая, көзін жұмыпты. Алдында арыстан күрілдеп тұрса көpep емес. Құрыш, берік адам құдайының алдында мүлде босаған, егіле жылап отыр. Жайшылықта тақымына қыл бұрау салсаң сол жастан бір тамшы тамбас еді.

— Бері кел, бала, — деді 'Тұрлыбай сыбырлап, — әкең атты алысқа айдады. Әңгімелесе тұрайық. Нешедесің?

— Он үштен он төртке қарадым.

— Сені оқытқан Жүсіп қазір бізде. Сені зирек еді дейді. Айтшы, кәне, не ұқтың осы жиыннан?

Бала үндемей, төмен қарап жер шұқыды. Әлі ашылмағандығы ма, әлде аузының сараңдығы ма, әйтеуір томсаруы көп, тұйық, суық жан ішінде не барын білдірмейді. Тұрлыбай білмей қояр емес. Әр-берден соң намысына тиді оның:

— Жақсы тай атқа үйір. Жақсы еркек он төртте отау иесі. Мына сиқыңмен жиырма төртте де ие бола алмассын. Түк түсінбепсін ғой!

— Жоқ! Бәріне түсіндім, — деді бала қызараңдап. — Тек бірін ұстай алмадым.

— Ал сонда кімнің сөзі ұнады?

— Әмірдің, сіздің. Бірақ, екеуіңізді де бүктеп кетті-ау.

— Иә, бүктеп кетті! — деді де Тұрлыбай күрсінді. — Ақпейіл, әділ сөз ылғи жеңе бермейді, шырағым. Бүктеледі, тапталады кейде. Сонда да өлмейді, бір кезде жайнап шығады. Бұл қазақты кейінгі көзі ашық жастар түзер. Оған дейін осылайша ырбай-тырбаймен күн өтер...

Мұстапа намазын бітірді. Түнере сөйлеп отырған Тұрлыбай сақ-сақ күліп жіберді.

— Неменеңе қуанасың ей, күнәкар пәндә?

— Қолыңды жайып сұрап бақтың. Береген құдай берген шығар, олжаңа ортақпын, деп қуанам.

— Ажалды қарға бүркітпен ойнайды. Атпен ойнаған тайдың арқасы алынады, — деді Мұстапа күлімсірей, — соқтықпа құдайға. Соқтыққаның, аз емес. Әуелі соларды мұқат.

— Қойдым, құрдас, қойдым. Көп кеңестің ғой, не айттың? Ол не айтты?

— Он сегіз мың, ғаламның иесі жалғыз алла! Пенделерің адасты, жолға сал. Кеңшілікте «алашшыл», таршылықта ала ауыз қазақ өзін жеңбей жауын қалай жеңеді? Бірлік бер, қараңғы көңілге шырақ бер, ел бастайтын ер бер, дедім.

— Тілегің тілек-ақ! Соны берсе бопты. Берді ме?

— Антұрған, әрі-беріден соң оттап кетесін-ау. Құдай менің, тамырым деймісің жетелетіп жіберетін. Жүр, үйге барып әңгімелесейік — деді де Мұстапа орнынан тұрды.

Жиналыс тарай бастаған. Манағы күшті гуіл естілмейді. Жеке-жеке күбір естіледі. Дел-сал күйде барады жұрт.

ОНЫНШЫ ӘҢГІМЕ

Жаз ереуілмен өтті. Қазақ даласында елірмеген ауыл қалмаған шығар. Патшашыл болыстарын ат құйрығына тақты. Патшаның жазалаушы жасақтарымен қарсыласып, талай азамат оққа ұшты. Сүйтіп жүргенде қылышын сүйрете қыс тақалды. Салынған егіні, шабылған шөбі жоқ, малы түгілі адамы баспанаға жарымаған көшпелі елге қыстан қауіпті не бар. Артынан тілді, алдынан тілсіз жау қамады. Әгәр жаз тұра берсе кеще жүріп-ақ қарсыласудан жалықпас еді қазақ. Амалсыздан елін, жерін тастап, бірсыпырасы қытай, монғол қол астына өтті. Қалғаны мойнына бұғалық түскен асаудай буынып барып тоқтады. Қапелімде ел айбатынан қорғалап қалған болыстар қайта жазды бойын. Спаста Қуандық руынан он алты болыс жатыр. Крестьянский начальник бұрынырақ келіп орналасқан. Кеңсесі Әубәкірдің бір үйі. Начальник, пристав, завод бастығы ағылшындар Әубәкірдің аузына қарайды. Олар қараған соң болыстар да қарайды. Әубәкір тымағын алшысынан киіп тұр. Завод үлкен жәрмеңке тәрізді. Қыр қазағы кернеп кеткен, әкелмегені жоқ. Малдың семізі, сәйгүлігі, мүліктің қымбаты, асылы, қыран бүркіт, жүйрік тазы, шебер қолдың, жасаған не тамаша бұйымдары табылады. Бірін сатпайды, азаматын босатқанға бәрін тегін береді. Жаз бойы тізім жасатпай арпалысқан халық енді тізімге бой сұнған, болыстарға кіріптар. Тізімнен босану, заводқа жұмысқа түсу әйтпесе Әубәкір арқылы начальникті пейілдендіру — осының бір де бірі парасыз істелмейді. Начальник Әубәкір, болыстардың үлкен аузын толтыра алмайтын кіріптарлар фельдшер Иван Антоновичке барып, өзін дімкас ету үшін де пара береді. Ешуақытта пара саудасы бұнша қызбаған, ар-ұят бұнша тапталмаған болар. Айуан күшігені өліні жесе, адам күшігені тіріні жеп жатыр. Завод орталығындағы кек шатырлы үйді қоршаған көп көкке қарап күңіренеді. Көкте күнмен шағылысқан бір шоқ ақша бұлт қана бар. Әделет жерден орын таппай сол ақша бұлт болып тұрған сияқты.

Сарыбала осы кек шатырлы үйді қоршаған көптің, ішінде жүр. Көрмеген сұмдықтарды көрген сайын денесі түршігеді, іші елжіреп, кезіне жас келеді. Сонда да көре береді. Міне тағы бір ғажап көрініс. Комиссия бөлмесінен абыройын басып, тыр жалаңаш, уыздай жас жігіт шықты. Сол көзі жұмулы, ісік.

— Босатты ма?! — дей анталады жақындары.

— Босатты.

— Е, тәңірім, қалды жалғызым! Айттым бозқасқа!.. — деп кәрі әкесі еңіреп жібергенде.

— Несіне қуанасың әке! — деді баласы күрсініп, — көз кетті білем. Көзім қайтса жұмыс түгілі солдатқа-ақ барар едім.

— Олай деме, шүкірлік ет, құлыным. Басқа келген пәледен, бастан құлақ садаға. Бір басқа бір көз жетер. Сенен айырылғанда әкең екі көзінен айырылатын еді.

— Жүрші тезірек. Жаныма батты ғой. Иван Антоновичке барайық. Дәрісінің уытын қайтара алар ма екен.

Жігітті қаумалап ала жөнелді. Начальник шабарманы Ысмақ жоғарғы бөлмеден жаңа шықты. Бірдемесін жоғалтқандай жан-жағына алақтап қарайды. Шалды көре сала соңынан жүгірді. Дауыстап барады:

— Ей, отағасы, сүйіншімді беріп кет, сүйіншімді!..

Баласының көзін берген шал несін аяр. Шабарман сүтке тиген ұры иттей жаланып қайтты. Киімдерін шешініп, кезекте тұрғандар әлі көп, соның бірі қыли Әбен. Қыли ғана емес-ау, оң көзі мүлде кермейді. Шелі бар. Әгәр соқыр алынбаса нағыз алынбайтынның өзі. Сымақ келе сала:

— Қали Жәкин қайсың, кір! — дегенде.

— Мен! Е, құдай, алғыза гөр, — деп тілене кірді Әбен.

Сарыбала аң-таң. Басқалар алынбауын тілесе, мынау алынуын тілейді. Жәкінің Қалиын шақырып еді, Қали болып еніп кетті. Қайта шыққанда.

— Алындым! — деді қуанып. Қуанышын қостаушы болған жоқ. Жалғыз кетті. Сарыбала соңынан қуып жетіп.

— Ағай, сіз Жәкінің Қалиы емессіз ғой. Мен Қалиды білем, — дей бергенде.

— Үндеме! — деді де ол сау көзін қысты, — Қатын, баланың қамы үшін бір бұзаулы сиыр, бір атқа жалдандым. Он бес жыл кісі есігінде жүргенде қолым оған жетпеген. Жаным қалса қайтармын. Ажал келсе үйдегің не, түздегің не.

— Қатын, балаңыз осыған кенді ме?

— Көнбегенде қайтсін! Ұшқан құс, жүгірген аң... бәрінің іздегені тамақ. Көз жастарын көл қыла отырып көнді. Басқа түссе кім көнбейді, шырақ.

Әбеннің үні дірілдеп шықты. Сырты жайраң көрінгенімен іші ойран екенін Сарыбала үнінен сезіп, қала берді. Аянышты үн Әбен кетсе де құлағынан кетпей, ішін елжіретіп барады. Қайтып келгенде комиссия бөлмесінен тағы да жалаңаш, дорба сақал біреу шықты. Бұны ыза қысып қалш-қалш етеді. Абыройын қолымен жабуды ұмытқан, ентіге сөйлеп тұр:

— Қараңдаршы, мен отыз бірдемін бе?! Дәл қырықтамын. Үйіңнен үркіп шыққырлар өштесіп, жасымды қасақана кемітіпті. Ал, орныма бияз ексін ауылнай, болыс. Кеттім! Күнім туса көрермін бәлем! Әттегене-ай, бұныңды білсем сол күндерде біріңді жастана жатпас па едім!

Болыстар парамен қатар кегін де алып жатыр. Бұл адам көтеріліс кезінде көзге түскендердің бірі болу керек. Далаға шыққанда есік алдындағылар шулап қоя берді:

— Он тоғыз бен отыз бірдің арасы, дегені қайда?! Мынау не сұмдық?!

— Қалам қолында болған соң қалай жазса ерікті де.

— Көрсеткен ғой, біреу. Болыстың мойнына құрым ілейік деп өзі де өзеуреп қоймап еді, бишара.

— Е, онда ел не демеді! Дегеннің бәрін ала берсе жан қала ма!..

Тыста сампылдаған дауыстар үйдегілердің мазасын кетірді. Сымақ жүгіре шықты тысқа. Оның бойында шабармандық буынан да күштірек бу бар. Ұлығына жем түсіріп жүрген пысық жігіт. Бір қолы омырауындағы алақандай жезінде, екінші қолы қылышында, тепсіне сөйледі:

— Неге шулайсыңдар! Әлі көтерілістен дәмелерің бар ма? Крестьянский начальник отыр бұл үйде. Начальник! Кәне тырп етші, бірің! Міне, мынау тиеді басыңа! — деп қылышын қынынан суырып алды да, білеп-білеп қойды. Сымақты тымақтай жұлып алып, текпілеуге жарайтын талай жігіттер, көтеріліс кезінде хан сайланған Өлсең әскер басы сайланған тақыр Омар тұр. Бірі жақ аша алған жоқ. Тек әлдекім жаяу көптің сыртындағы аттылы, түйелілердің ішінен:

— «Құлан құдыққа жығылса құлағында құр бақа ойнар!» — деп күрсінеді. Сымақ оны естіді ме, естімеді ме, әйтеуір елеместен еніп кетті үйге.

Үйде, алдыңғы бөлмеде еңсесі көтеріңкі адам біреу-ақ. Ол: басында түлкі тымақ, аяғында сүйем өкшелі, қонышы қара санына жеткен саптама етік; жапалақ көз, үрпек сары — Мырзакәрім. Түнде дәретке шығуға қорқатын үрей жігіт болатын. Басқалар киімдерін шешініп, жүректері дүрсілдеп отырғанда, бұл шешінген де, қобалжыған да жоқ. Пысынаған соң тымағын алшысынан салып, Сарыбалаға бір жапырақ мөр басқан қағазын оқытты.

Балташы болып істейсіз бе?! Алмайды, — деді де Сарыбала оған бажырая қарады. «Өтірік! Сатып алғансыз. Сізді білеміз ғой...» деген ойын айтпай сездіріп тұр. Мырзакәрім жалаң ернін жалап қойып ыржияды. Баланың есіне ел аузындағы мына бір өлең түсіп күліп жіберді:

Мырзакәрім
Киіп бәрін
Ел кезеді жар іздеп.
Үкі-сынды
Үрпек жүнді
Жігітті емексітер қу Зейнеп.
Байлық мастық,
Есуастық
Байқатпас түкті Кәрімге.
Бұлғақтайды,
Ыржақтайды
Сұқтанып сол сәулімге.

Ақша осы Мырзакәрімді де құтқарды. Төргі бөлмеге еніп, жаңағы жөнеу қағазын көрсете сала қайта шықты. Басқаға түс жылытпайтын саз бет Сымақ «мырзалап» оған қылмың қағады. Сарыбаланың бұл арада түк жұмысы жоқ. Талай қулық, сұмдықтарды көрді. Сымақ «кет» демейді. Өйткені Әубәкірдің күйеуі екенін біледі. Әубәкірдің күйеуі түгілі малайына соқтықпайды ол. Соны сезген Сарыбала тұра беруден жалықпайтын еді. Тыста тағы да шу көтерілді.

— Мырза, кез қырыңды сала гөр!..

— Шырағым, кемпір-шалды асырап отырған жалғыз бала!..

— Жасымызды шатастырып жатыр...

— Кем-кетікті алмайды, дегені қайда?..

Сымақ ұшып барып есік ашты. Әубәкір кірді. Сарыбала бұға қалып, Әубәкір төргі бөлмеге енгенде шыға жөнелді. Атасынан ұялғаны сонша, екі беті нарттай, мұрнынан тер бұрқ етті. Далада кезек күткен кепке араласты енді. Көптің ішін сыбыр кеулеп кетіпті. Алыстан келген, бірен-сараны болмаса, қала көрмеген аңқау қазақтар ұлыққа, өзінің би, болысына ғана емес, қала пысықтарына да жем. Завод атқамінерлерінің сыбырдан аузы босамай жүр. «Өлеңді жерде өгіз, өлімді жерде молда семірсе», атқамінерлер бұндайда жеңгетай болып-ақ семіреді. Соның бірі Баймағамбет сұлу кер табел ат мініп, стражник Орынбек қара қасқа пұшпақ ішік киіп, беліне кемер белбеу байлап шығыпты. Параларын әйгілеуден тіпті шіміркпеген. Сарыбала бірінің белбеуіне, бірінің атына қызығып тұрғанда маң-маң басып Черных келді. Бұл, кеп ұлдың, соның ішінде бай Егордың әкесі Михаил Черных. Адуындау мінезі бар, кәзір оған арақ қызуы қосылған.

— Казактарды қара, бірін-бірі жеп жатыр, — деп күледі қарқылдай. Қу жақ Баймағамбет қолма-қол қайырды жауапты:

— Несіне күлесің Мекайла! Қазақтар шөкіп жегенде, орыстар көсіп жейді.

— Жоқ, ешқандай орыс Әубәкірдей жей алмайды. Ол, ақшасы үйіне сыймаған соң қораның түкпіріне төкті.

— Сенікі қораға да сыймай барады.

— Біздікі пара емес, сауда.

— Бәрібір жеу ғой.

— Вот акмак! Қалай бәрібір? Пара үшін соттайды. Астындағы атты тартып алып, өзіңді жауып қояды, көзін бақырайтып.

— Онда кім қалады? Бас көтерердің ішінде пара алмайтыны бар ма, аташы кәне?

Черных атай алмады. Назары нарға ауды. Жылан бас, қызыл бұйра нар топ жарып тұр. Жануар айуанның маңғазы. Түйенің бұндай зоры, көріктісі бұл ортада болмайтын. Алыстағы Тама елінен келсе керек. Черных әуесқой кісі. Тәшкеннен пойызға салдырып есек те алдырған.

— Сатамысың? — деді түйеге қызығып. Иесі басын шайқады. Баймағамбет кірд! араға. Мекайласын оңаша алып кетіп сыбырлап тұр.

— Сатпайды, Мекайла, саған сыйлайды.

— Онда мен де бірдеме сыйлау керек пе?

— Әрине. Оның бір інісі тізімде көрінеді. Ағылшындардан «жұмыс істейді» деген қағаз әпер. Немесе начальникке айтып босаттыр. Сенің сыйың-сол болсын.

Черных ойланып қалды. Өзі де түйедей зор неме. Арақпен қоса көтеріп жүрген ауыр қайғысы бар. Екі баласы майданда. Қайта ма, жоқ па? Ресейге қауіп төнген сияқты. Төнбесе қазақты көмекке шақыра ма? Неміс жеңсе орыс саудагерінің күні не болар? Осылар есіне түскен сайын мас болып жатып та «отан үшін жан пида!» деп айқайлайтын. Қызыл нар соның, бәрін ұмыттырса керек.

— Босаттырам. Алып кел, — дегенін Сарыбала анық естіді. Нар иесімен қоса оның соңынан ергенде сыбыр сырына бала әбден түсінді.

«Аулаққа шықпай,
Сыбырлап бұқпай
Мейірленбес еш сөзге...»

Сонда сыбыр түбі пара екен-ау!.. Параны құдай да, заң да қостамайды. Ендеше неге мазаламайды? — дейді бала ішінен. Бұл сауалына екі адамның әңгімесінен жауап табылды. Екеудің бірі таныс — жұмысшы Степан. Оның қасындағы бейтаныс, бетінде қорасан дағы бар, ұзын қара кірпігі қайқая біткен, қамыт аяқ, сұрғылт жігіт. Шағын денесі тіпті балғын, тұла бойы күш тәрізді, шиыршық атады. Осынау жиынға жирене қарап тұр бұлар.

— Нұрмақ Байсалыкович! — дейді Степан, — бізден сорлы бар ма екен?! Япондар солдатының қолына қару бергенде, біздің патша құдайдың суретін берген еді. Құдайды қару талқан етті. Кәзір немістер зеңбірекпен атып жатқанда, бізде винтовканың езі жетпейді. Майдандағы хал сол болса, елдегі хал мынау: пара, "ұрлық, зорлық, мас-- тық, надандық тұншықтырып жатыр елді.

— Патша осыларды біле ме? Білсе неге тыймайды?

— Біледі. Тыя алмайды. Ағаштың басына шығып алып, түбін кім кескен? Патша тағы осы озбыр ниеттердің үстіне құрылған...

— Тек ақырын! — деп Нұрмақ түртіп қалса да, Степан іркілген жоқ. — Қайран Ресей қор болды. Бұғаудағы арыстан! Кессе әгәр бұғауын...

— Кескендей көрейін, тезірек жұмысқа орналастыр мені.

Екеуі енді жүре әңгімелесіп, қашықтап кетті. Біреу құтылып, біреу тұтылып, көп іші азан-қазан. Сарыбаланың іші де ойран. Толқындағы қайықтай, өз ойына бір батып, бір шығып қайтып барады...

ОН БІРІНШІ ӘҢГІМЕ

16-жыл «прием жылы» аталып кетті, қазақ тарихындағы ең қиын асулардың бірі болып қалды. Халық қаның жасын төге отырып, ақ патшаға баса түсті азуын. Күшке бас иілгенмен көңіл иілген жоқ. «Прием» жайында зар, аңыз, елеңдер кен, далада желдей есіп жатты. Сарыбала соның талайын білетін, кәзір. Нарымбет ақынның өлеңін айтып келеді:

Сарыарқа сайран жерім-ай,
Салқын да самал белім-ай,
Сандықтай тауық тізілген
Өлкелі, өзен көлім-ай!
Сарыарқаны өрт алды,
Көк тамыры қуармай,
Көк-ала түтін қаптады.
Ішкен асым батпады.
Жүрегімді дерт алды.
Азаматтар құл болып.
Асық жарлар тұл болып,
Жүректері күйеді.
Балам қайда кетті, — деп,
Кемпір шеше жылайды.
Кемпірінен жасырып
Шал да көзін бұлайды.
Бала жетім, келін тұл
Құдай қашан иеді?!..

Ерекше әні бар, ел аузында жүрген бұл өлеңді Сарыбала салдырлата көтеріп, шиқылдата, қиқылдата тоқтағанда әннен іштеме қалған жоқ. Ол сонда да сүйсінді. Әркімнің, сүйсінуі әр қилы ғой. Жылқылы Тілепбек айғыры оқыранса, қойлы Итберген қозы маңыраса сүйсінеді. Діндар Мұстапа «Бақырғанның» бақырғанын тамылжыған әннен анағұрлым артық көреді. Зады жүрек нені жақсы қабылдаса, соны сүйеді адам. Бала өзі келістіріп айта алмағанмен ән, күй, өлеңге құмар. Жападан-жалғыз, заводқа кіре берістегі өрде тау жаңғыртып келе жатыр еді. Әлдекім айқайлайды. Жалт қарады. Ақ шоқының қары кеткен күнгей бетінде қол бұлғап шақырып тұр біреу. Арық атын омбылата солай бұрылды. Сақау Әкібай екен. Танып шақырыпты. Сәлемдескеннен кейін.

— Шияғым, сен Мұстапаның әлгі ойысша оқып жүйген баласы емеспісің? — деді.

— Иә.

— Е-е, дем алыста үйіңе байып келесін бе, әке-шешең аман ба?

— Шүкір.

— Жаяйсың шияғым, жаяйсын. Адам болғайсың. түбі. Бұйылып келіп, сәлем бейдің. Бұл күнгі жастайдың көбі жаман шалды елемей кете баяды. Ал, неше кітап оқыдың?

— Төртінші класта оқып жүрмін.

— Оныңды мен білем бе. Кітап саны қанша?

— Он шақты.

— Ойбой, шияғым-ай, оқып тастапсың ғой! Тәшекең хазиетби кітаптың өзінен бәйін айтып бейеді. Біздің Тұйғымбек оқымай білді. Ойыстай ол сөйлегенде басын шұлғып тұяды. Кәне, ойыс-ойманнан не білдің? Соғыстың тынатын түйі бай ма? Азамат қашан қайтады?

— Бұл жайда іштеме естілмейді. Қыпшақтан Амангелді деген батыр шығып, мың сарбазбен Торғай қаласына шауыпты. Жетісудан Бекболат дейтін батыр шығып, Алматы қаласына шауыпты. Ол жақ әлі күнге патша әміріне бағынбай жатқан көрінеді.

— Амангелді Қыпшақ болса қая Қыпшақ Қобыландының ұйпағы шығай. Бекболат Жетісу болса Сыпатай батидың ұйпағы шығай. Атыңнан айналайын сабаздайым айтына бидеме қалдиған екені Қазақты құдай ынтымақ беймей пышиятып құйтады. Біз азаматымызды қолдан тізіп бейіп отимыз міне. Уа шикін, сол ейлейдің қасында жүйіп өліп кетсең де өкініші жоқ! — деп Әкібай таяғымен жерді бір салып қалды. Жел қаққан қара жылтыр бетінде әлі де ыза ойнайды. Таяғы кіші-гірім сойылдай, басына патрон кигізіп, бір тұтам үшкір темір қадапты.

— Мынауыңыз таяқ па, найза ма? — деп еді бала.

— Екеуі де, — деді ол. — Кеше жұйт атқа мінгенде ұстап шыққан қайуым ғой. Енді малға ұстап жүймін. Қасқи кеп. Шөп жоқ. Тау елінің малы таумен күнелтеді. Биыл қыстан итшілеп азай шықтық. Екі мінгішті, биін паяға бейіп, жалғыз баланы әйтеуи алып қалғам. Зауытта жұмыста. Қалған жалғыз мінгіш кетейемнің алды, сишылап тұяды ойынан. Аз ғана қойды жаяу бағам. Ейтеден қая кешке даладамын. Жалғыз болған соң іш пысады. Олай, бұлай еткенді осылай шақиып алып, әңгімелесіп қоям...

Әкібайдың аузы әңгімеде, көзі малында. Қырық, отыз қой тұяқ беткейде қыбырлап жүр, қыстан құр сүлдері шығыпты. Қой ішіндегі жабулы қарагер ат құлағы салбырап жерден бас көтермейді. Малы қарасынды қылтанақтап қорек еткенде иесі анда-санда аузына бір құрт салады, оран тісі өтпейді, құр қажалайды. Жасы алпыстан асқан адам. Сонда да бетінде бір сызат, сақалында бір тал ақ жоқ. Жуан буынды қисық саусақтары бүркіттің саусағындай бұдыр, бүртік. Сүйектері сойдиған арық, еңкек. Қия тасқа қиқая біткен қара ағаш тәрізді. Мынау қыстың, заманның соққысына жасымай, қыңырая қарап отыр.

— Шияғым, лұқсат, — деді бір кезде. — Шалдың әңгімесі бітпейді. Жолыңнан қалма.

Бала атына мінді. Бел асты. Сонда да қара шал, беткейдегі қарасын, қыбырлаған қой... елестеп есінен шықпайды. Қар теңізінің ішінде алақандай қарасында жан сақтаған қарт ежет пе, өлермен бе? Қайсысы дерін біле алмай заводқа енді.

Завод іші еріп жатыр. Үйлердің ернеуінде ұзын-ұзын сүңгі, көшелерде шалшық су. Ойнақтасаң аяқ батпайтын ақ жар, ақ белес қарлардың беті қабыршықтанып, босап қалыпты. Бұдан әрі байқауға баланың мұршасы келген жоқ. Атын борбайлап тұра шапты.

— Патша тағынан түсті!..

— Патша құлапты!.. — деген дауыстардан көше жаңғырығады. Үйде ешкім қалмаса керек. Дәрі қоймасының алдындағы аланда жұрт шұбырып барады. Сарыбала жеткенде алаң адамға толы екен. Ақ жағалы айыр сақал біреу алқына сөйлеп тұр:

— ... Ол ұлы патшамыз Николай патшалықтан түсіп, тағын өзінің туған інісі Михайлға тапсырды. Патша ауысқанымен оның таж, тағы, жолы ауысқан жоқ. Жамағат! Тиыштық сақтаңыздар...

Жиынның көпшілігі қазақ — жұмысшылар. Кірекештер де келіп қалыпты. Сөйлеушілер орыс. Айыр сақалдық сөзін Орынбек аударып тұрған. Мына жақта тағы біреу сөйлеп жатыр. Оны Баймағамбет аударып тұр.

— ... Уақытша үкімет сайланады.. Отан намысын қорғаймыз... Соғыста жеңбей тынбаймыз!..

Кейіндеу келген Степан, қасында Нұрмақ бар, кимелеп ортаға шықты. Шешеннің сөзін бұза-жара бұ да сөйледі:

— ... Үш жүз жыл бойы үстемдік еткен Романовтардың патшалығы тоңқалаң аса құлады. Ресей патшасы осымен мүлде бітті! Оны, оның жолын сақтап қалатын ешбір күш жоқ. Қара тұман серпіліп барады! Таң сәулесі келеді! Жойылсын соғыс! Үкімет тізгіні кеңеске — жұмысшы, қара шаруа, солдаттарға берілу керек!..

Іштемеге түсініп болмайды. Сөз кеп, пәтуә жоқ. Патшалыққа әдеттенген елге патшасыз үкімет тоқал ешкі тәрізді көрінді. Қазақтар арасында күңкіл кетіп барады:

— Патшасыз үкімет бола ма екен, сірә?

— Қайткенмен біреудің аузына қарау керек шығар.

— Ол кім сонда?

— Жұмысшы, шаруа, солдат деді ғой Степан.

— Ей, олар қашан ел басқарып еді?!

Крестьянский начальник, пристав сезге араласпай шеткері тұр. Формаларын тастамапты. Ызбар шашып, құр дүрдиеді. Дүрдигенмен жұрт бұрынғыдай бас имеді, не кек алуға ұмтылмады. Екі жағы да оқиғаның ақырын байқастаған түрі бар. Шайқала жүріп Қарақыз келеді. Ақ туса да от қарып қарайтқан еңгезердей жігіт ішіп алғанда сойқан. Кәзір онша мас емес, мастан бірақ кем де емес. Оқшау тұрған екі ұлыққа әдейі бұрылып барып соқтықты:

— Кімсіңдер, тымырая қалған мырзасымақтар?!

— Өзің кімсің?! — деп шақ ете түсті пристав Заливский. Қарақыз оған тәкаппар пішінмен көз қырын бір тастады. Содан кейін завод жаққа қолымен нұсқап тұрып сөйледі, — аспанмен тілдескен анау тұрбаны жасаған ұста, слесарь Қарақыз мен болам. Сен білмесең білме, мен сені білем. Талай қазақты кеңсеңе қамап Қойып, күректің қырымен ұрғаныңды естігем. Енді неге ұрмайсың?! Әне, патшаңмен қосып сыбап жатыр...

— Байланыспа, массың үйіңе қайт!

— Мас болсам кеңірдегіңді суырып алар едім ғой. Бірер жұтым кем. Ал, мырзасымақ, крестьянский начальник сіз кімсіз енді?! «Прием» бітті. Патша бітті.

Начальниктің шегір көзі шарасынан шығып кете жаздады. Жұмған аузын ашалмай тұрғанда Орынбек келіп түсті араға:

— Қойыңыз, Қареке, қойыңыз. Олар әлі орнында ғой... — деп қолтықтай бергенде:л

— Шартық неме, сен бе мені қорғайтын! — деді Қарақыз. — Орынбектің қылышын басынан сыпырып алып, өзін былай қағып жіберді. Екі тере жылыстап кетті. Оларды қуған жоқ. Қылышты табанына салып қақ бөліп, сынығын екі жаққа лақтырды. Төрелерді келемеждеп тұр. «Боже царя! Хра-ни! Вот тебе храни!.. — деп күледі сақ-сақ. Содан кейін қарыштай баса жөнелді. Зор даусымен әндете топқа кіріп барады.

Смело, товарищи, в ногу,
Духом окрепнем в борьбе.
В царство свободы дорогую
Грудью проложим себе.
Вышли мы все из народа,
Дети семьи трудовой.
Братский союз и свобода,
Вот наш девиз боевой...

Бастығы Степан болып, бұл өлеңге орыстар жағы қосылып кетті. Қазақта Қарақыз бен Нұрмақтан өзге білетіні жоқ екен. Білмесе де, үн қосып жатыр. Шешендердің сөзі аяқсыз қалды. Ат үстінен бәрін көріп тұрған Сарыбала біріне түсінген жоқ. Патша тағынан қалай тайды? Тайдырған кім? Патшадан мықты да болғаны ма?! Сол мықтыны көрсем! деген құмарлықпен келе жатып, Пақрейдікіне атының басы тірелгенін бір-ақ білді бала.

ОН ЕКІНШІ ӘҢГІМЕ

Патшасын құлатқан елге үкімет құтаймады. Февраль мен октябрь арасында әлденешеуі ауысып үлгірді. Бір де бірі тыңғылықты іштеме істей алған жоқ. Керенский ақша шығарды. Ақшасы үкіметінен әрі құнсыз, беделсіз болды. Сыртта тынымсыз соғыс жүріп жатыр. Іштегі үкімет таласы одан кем емес. Арыған алып Ресей теңселген кезде дүниені дүрліктіріп Октябрь революциясы келді. Бұл ұлы революцияны қазақ ауылы Ленин, большевик, кеңес, деп атады. Завод маңындағы елдерде жеңіне қызыл байлап алдымен Тұрлыбай шықты. Оны керіп қызыл байлаушылар көбейді. Қарағанды, Спасскі жұмысшылары ағылшындарды тәшкеге салып төгіп жатты. «Жойылсын буржуй!» деген жаңа сөз екінің бірінің аузында жүр... Бірақ, осының бәрі революцияның өзі емес, дүмпуі тәрізді. Николай тұсында сайланған болыстар әлі орнында. Ақсақал билігі әлі күшінде. Жұмысшының жиын жері Спастың өзінде стражник Беков совдепке сайланып, үштің бірі болып отыр. Ел іші қаулаған сөз, күнде бір жаңа хабар. Біреулер қорықса, біреулер қуанышты. Жаңа заманды кімнің қалай қабылдағаны Пақрейдің үй ішінен-ақ байқалады.

Пақрей пеш үстінде. Кеудесі сыр-сыр етеді. Буырыл сақалы жуан, салалы саусақтары сарғайса да аузынан түтін кетпейді. Арақ қыздырмаса сөйлемейтін, бүгін арақсыз сөйлеп отыр. Сөзінде орыс, қазақ, татар тілі аралас.

— ... Бу большевиклар не ток ма что патшаға, байға, даже алланың өзіне қарсы диләр. Мен шылым тартам, арақ ішәм, намаз оқымайым, ораза тұтпайым, ләкин аллаға ышанам. Ол бит сволоч Николай түгіл, он сегіз мың ғаламның патшасы!..

— Перестан, әти! Аллаң Николайдан хуже сволочь! — деді кенже ұлы Құсайын. Жұдырықтай ғана, тұз кез, жылпос, сарша жігіт. Әскерден тақауда қайтқан. Бар кесібі —

қолдан конверт істеп сатады. Ешкімге, ешнәрсеге ырза емес. Таласса жеңбей тынбайды. Жеңіліп баратса жанжал шығарады. Әкесі осы мінезінен қаймықса керек, қоя қойды. Баласы сонда да тоқтамады. — Мен олардан қорықпайым. Берген байлығы, бахыты, хаттә сәләмәтлігі жоқ. Бахыттылар, байлар қорықсын. Әти, син һәм қурықма. Алар ғұмыр буйы қинады бит сині! Алтмыш йыл балта білән ағаш шапмадың нужда шаптың. Балта тузды, өзің қартайдың, нужда бітмәді. Көрәміз енді:

Кто был ничем!
Тот станет всем!

деп қышқыра большевикләр.

Пақрейдің ортаншы ұлдарының бірі Меңліқан отыздың жуан ішінде, көзі жақыннан ғана көретін шала соқыр. Бір жәшікпен әуре. Қораға тықты, одан үйге тықты. Біріне көңілі дауалаған жоқ. Ақыры жәшікті астына басып алып ойланып отыр еді, інісінің сөзі ойын бөліп жіберді.

— Да, қышқыра большевиклар! — деді күрсініп. — Егорны талап ята. Анан кейін Сейіткамалов, Трипоныпларға келе. Ақыры менің бу ящигімні ала.

— Сенің жәщігіңе, менің конверттеріме тимейді.

— Спекулянтларға тимейді?!

— Мен спекулянт түгіл, өзім істейім, езім сатам.

— Мені тұталар, тұталар! — деп Меңліқан жәшігінің аузын ашты. Іші толы імпір, күшәла, ашудас, тотыяйын сияқты ауыл қазағына өтімді дәрі-дәрмек, ине, тарақ сияқты ұсақ-түйек екен. Бәрін қосқанда бір қараның құны шықпас. Иесі сонда да «бу малдар» деп көбейтіп айтады. Күнде базардан қайтқан сайын «дүкенге мал салдым» деп келетін. Тамақ үстінде есеп-шот қағып отыратын. Сондағы малының сиқы әлгі. Сарыбала бұл үйде жылдан артық тұрса да үй қожасының мақтаншақтығын сезбепті, жәшіктің ішін көргенде:

Бар малыңыз осы ма?! — деді қомсынып.

— Қарағым, бұл аз дүние емес. Қазақтар малы құрттаса карбулканың бір шынысына бір қой береді, өзіне шаншу қадалса, үш күшалаға мен бір серкеш алам. Бұл дәрілер кәзір ешқайда жоқ. Осы бәлекей жәшіктің ішінде қазақтың бір қора малы жатыр... Қайда тықсам екен?!.. — деп Меңліқан аласұрып жүргенде Шайқы кірді.

Шайқы Пақрейдің үлкен ұлы, Ақмолада тұрады, шаштараз. Тақауда амандыққа келген. Ояз орталығынан келгендердің кеудесі көтеріңкі болатын, сол ма, әлде әуелден өзі көтеріңкі адам ба, әйтеуір мынау жабырқау інілерінен жоғары, кең кейпі бар. Қолына ұстай кірген хатының хабары бүкіл Спасты дүрліктірерлік екен, тіпті жайуат естіртті:

— Балалар аман. Қашан қайтасыз ди. Баршаңызға сәләм яза. Междупрочим, Колчаклар Петропавел, Көкшетауны алыпты. Ендігі Ақмолаға жетсе керек...

Пеш үстіндегі Пақрей алқына жерге түсті. Меңліқан мен Құсайын орындарынан атып тұрды. Ac қамдап жүрген бәйбіше аузын ашып аңырып қалыпты. Колчак атынан бәрі түршіккенде Шайқы тиыш.

— Мен еш абдыраман, — дейді. Аяғын айқастырып қойып, сол қолының жұдырығын оң қолының саусақтарымен шерте сөйлеп отыр. — Келе берсін хүкімәтлар. Мәйлі Николай, Керенский, мәйлі большевик, Колчак келсін. Миңа сақал, шашның бәрібір...

— Сәңа бәрібір. Хасанымның халы нишік бола! — деп еңіреп жіберді бәйбіше. — Колчакны құртқаш қайтам, дигән иі. Бу малғун құрымаған!..

Бәйбіше жылап жүріп Хасеннің хатын тапты. Хасен әскерге алынғалы әлі қайтпаған ортаншы ұлдарының бірі. Хатта: «... Әни, көр мінә, бу паразитлар қанымызны сорып ята. Аларны бітіру үшін Николай, Колчакларны бітірәміз...» деп конверт ішіне бірсыпыра бит салып жіберген. Олары жеткенше кеуіп, семіп, кебекке айналған. Баласын сағынған қарт ана сол хатты оқыған сайын қам көңіліне медеу ететін. Енді Колчактың қолына түспесін, деп отқа жақты. Пақрей басын қос қолдап ұстап, өзінен өзі сөйлеп жүр:

— ... Баш қатырды бу қаһар суққырлар! То Николай, то Керенский, то Ленин, то Колчак! Кімге ышанырсың?! Ышана-ышана бітті ғұмірім. Ышанғаным һаман алдады...

Сарыбала кімнің сөзіне сенерін білмей, дел-сал күйде жүргенде бір күні көшеде кенеттен зор оқиға кездесті. Қаптаған атты әскер, өңдері суық, жүрістері қатты. Үйді-үйді тінтіп, әлдекімді, әлденені іздеп жүр. Үшеу-төрте^ Байсалықов Нұрмақты айдап келеді. Нұрмақ жаяу. Екі қолын артына қайырып байлап тастапты. Қисық жаға қара сәтен көйлегі қамшыдан пәрә-пәрә. Қылыш тілген желкесі оралмаған, қан саулап барады... Сонда да оның төртпақ балуан денесі иілмейді, жалынбайды, қиналғанын білдірмейді. Кеше бойы түршіге қарап тұрған жұртқа:

— Колчак күні қысқа!.. — деп ауық-ауық дауыстап қояды. Айдаушылар:

— Тарт тіліңді! — деп қамшымен оса түседі.

Колчак әскері тінтіп жүріп, осындай бірнеше «бұзықтар» тапты. Бектің Орынбегі елден бұрын өзін өзі ұстап берсе де, совдепте істегенін мойындап «енді сендікпін» десе де сенбеді. «Бұзықтармен» қосып ақтар оны Ақмолаға айдады. Айдағанмен тез босанды Беков. Сейіткәмалдың Әубәкірі босатты. Келген соң аудандық Колчак полициясында істеді. «Отқа салса жанбайды, суға салса батпайды. Жаман Бектен де бұндай пысық ұл туды. О тоба!» деп жағасын ұстады жұрт. Соның бірі Мұстапа.

Мұстапа ақтар келісімен заводтан баласын алып қайтты. Бала қайтқысы келмей қынжылды. Қатты әке бет бақтырмады. Елсіз далада екеуден екеу үнсіз келе жатқанда:

— Аға! — деді баласы.

— Немене, шырағым? — деді әкесі.

— Мектепті бітіртпей әкеттіңіз-ау.

— Ғылымды ешкім тауыспайды, балам. Басыцда бірдеме болса осымен де жұртта қалмассың. Болмаса, Нақу-Мантыңпен де іштеме бітірмессің.

— Түндік ашылғанда үй іші көрінсе, үзік ашылғанда әлем көрінбей ме?

— Көргеніңнің бәрі пайдалы емес, шырағым. Бәлки осы кезде көрмегенің пайдалы. Заман түсініксіз, тұрақсыз болып барады. Анау Орынбек сияқты кімнің тарысы піссе, соның тауығы болып күнелткенше, етпей-ақ қой. Құлқын үшін, атақ үшін арын, әделетін сатқан адам бір күні ата-анасын да, елін де сатады. Көзімнің қарашығы, көңілімнің, шырағы, үміт артқам, балам, құдай тек сондайдан сақтасын сені. Торғай бишара езі қорған іздей жүріп, дауылда ұясын қорғайды. Мен сонымен тең. Заман орныққанша көз алдымда бол. Жас көңіл еліктегіш, жақсы, жаманды айыра бермейді. Жамандықтан қақсам, жақсылыққа жетелесем деймін.

— Мен әлі де сонша баламын ба?!

— Балалығыңды осы сауалың-ақ дәлелдеп тұрған жоқ па! Болдым, деп бала не теке тойлы біреулер айтады. Ағаш бұтағы жемісі басқан сайын, ақылды бас толған сайын иіледі. Болар жас болдым демес, болсам, дер...

Мұстапа баласының құлағына бәрін құйып келеді. Баласы жалықпастан тыңдауда, ерні кезерген, жуықта су, не ел жоқ. Күн аңызақ ыстық, жылы жел бар. Жер беті май айы бітпей жатып қуаң тартқан. Жаңбыр болмай тұр. Өзенсіз, таусыз яки ормансыз жалаңаш дала шөлдеген соң шаңыта бастапты. Оқтын-оқтын құйын ойнап, тұс-тұстан шаң діңгектерін көтеріп жүр. Жалпақ жазықтың, әр жерінде көгере тоқымдай-тоқымдай ғана егістер көрінеді, көгі әлі топырағын жасырмаған. Бұл кезде шалғыны тізеге жететін сай-саладағы шабындықтар биыл қызыл асықтан аспайды, шығымы селдір, шегірткенің жеуіне де жетпес. Азынаулақ егін салып, шөп шауып, мал өсіретін бұл орта алдағы қыста қайтер екен? Жаңбыр жаумаса жаздың өзінде-ақ қаусар. Құрғақшылық дерт ерте келіпті, өлім көп. Ел ішіне мықтап енген сүзек кейде үй толы адамнан бірен-саран ғана қалдырады. Жұрт қырылып жатса да сақтануды білмейді, араласа береді. Дәрігер жоқ. Осы жайларды ойлай келіп:

— Я, пәруәрдегәр! Өзің рахым етпесең халқыңның халы ауыр, — дейді Мұстапа. — «Құтты қонақ келсе қой егіз табар», «Сұмырай келсе су құрыр» деген екен бұрынғылар. Мынау үкімет бар ауыртпалықты ала келді-ау. Алла тек^ ақырын оңдасын.

— Бұл ақтар сұмдық, аға! — деп Сарыбала көшеде көргендерін түршіге сөйледі. — Нұрмақтың үсті-басы қызыл ала қан. Қылышпен ұрыпты, өлетін шығар. Қойбағардың, үйінің бір түс киізін, Жұмаштың қасқа атын тартып әкетті. Шетінен ақырады, боқтайды. Қарсыласқанға қылыш, мылтық жұмсайды. Жұрт қорқып, далаға қашып жатыр...

— Елді жылатса оңбас. «О да құдай пендесі, түспей кетер деймісің тәңірдің құрған тезіне»...

— Аға, сіз Абайдың өлеңдерін де білесіз ғой!

— Аз білем. Кемеңгер Ыбырай көп зарлаған. Содан құлаққа шалынғандары есте қалып қойыпты...

Әкелі, балалы екеу ен далада әңгімелесе ілбіп барады. Баланың мінгені қолау құнан сылти басады. Әкенікі — шипын, торы, қамшы қаттырақ тисе артын көтеріп, құлағын жымитады. Жүрістері өнімсіз. Қазақ атты «қанатым» десе де мынау жануарлар өгізден ақырын. Үлкен бесінде «Көктал-жарыққа» ғана жетті. «Жарық» айналасы ат шаптырым жалпақ қорық, шалғыны жылқы жасырады. «Көктал» шағын өзен, «Жарыққа» жетіп жайылады. Қара Нұрадан ауып келген алпыс үй Елібай алты жыл бойы Сиқымбаймен қырқысып жүріп, осы қорықты қоршай мекендеген.

Қазір аңқиып, саңқиып қоралары тұр, өздері жайлауда. Иесіз қораларға ұрылар жасырынып, олай-былай өткен бірлі-жарым жолаушыларды тонайтыны бар. Қорыққа енгенде Сарыбалаға өз елінің үйреншікті қоралары көрдей қорқынышты көрінді. Көз алмай қарауда. Алдынан елестер өтіп жатыр... Танытпау үшін орамалмен бетін жапқан не бөркін тістеп бүркеген, сойылдарын көтере «бас көзіңді!» деп тап берді бес-алты ұры...

— Аға! — деді сол кезде Сарыбала сескеніп.

— О не, қарағым?

— Ұрылар тимей ме бізге?

— Құдай сақтаса тимейді. Сақтамаса шегіртке теуіп те өлтіреді. Өзі қорқып, жасырынып жүрген ұрыдан неге қорқасын. Қорыққанға жалғыз қурай қос көрінер.

— Сіз сірә құдайдан өзгеден қорқасыз ба?

— Құдайдан шын қорыққан адам басқадан қорқа алмайды. Басқадан қорқақ адам құдайдан шын қорқа алмайды. Қорықсаң тек құдайдан қорық, шырағым.

«Құрама» аталатын көп ауылдың қораларынан аман етті. Сарыбала сонда да артына қарап қояды. Қорыққа енген соң жылы желдің, өзі тына қалған, ыстық күшейді, маса, көкбастар шабуыл жасады. Аттарда ес қалған жоқ, бастарын дамылсыз шұлғып, тыпырлайды. Бармақтай соналар қадалғанда, басқа дене былай тұрсын, қалың сауырдан қан шыпшып шығады. Бала бетін сасырмен сабалап келеді. Сонда да бораған көп маса көзін, маңдайын ісірді. Мұстапаға олар тимей ме, тигенмен тұмсығы өтпей ме, әйтеуір бір жасқамайды не ыстықтамайды, шелдемейді. Басында сеңсеңнен істеген қысқы тымақ, үстінде шылиян тысты түйе жүн күпі, аяғында саптама етік, жан-жағына қарамастан, табжылмастан тып-тыныш, нық отыр.

— Аға, тілім аузыма сыймай барады! — деген баласына.

— Сабыр ет. Мұжықтікіне соғып ат шалдырармыз, намаз оқырмыз, — деді де қамшымен маңайына меңзеді. — Осы аралардың, шөбі ат үстінде тізеден келетін. Биыл сірә машинамен қырмаса шалғыға ілікпес. Су тасыған жылы «Жарық» июнь айына дейін шылқылдап жататын еді, енді көрдің бе шақылдап кеуіп қапты ғой. Япырай, егін, шөптің түрі жаман. Адам, мал қайтер екен биыл?!..

— Орыс поселкелерінен сатып жеп күнелтпей ме?

— Иә, қазақ сорлы қасықтап жияды, жұт шөміштеп төгеді. Одан қалғанын поселкеге береді. Әгәр Иса қожа, Бақтыбай, «мұжық» сияқты еңбек етсек, жұтқа, поселкеге жем болмас едік-ау!

— Сүйгембай неге «Мұжық» атанған? ^

— Сүйгембайдың жасы алпыста шығар. Осы өмірінде алпыс үй Елібайдың көп болса үш-төрт-ақ үйінің есігін ашты. Оның өзінде бір не екі рет. Тіпті айт күндері үш үйден артыққа кірген емес. Жатақта жалғыз қалады. Қорықпайды. Құмырысқаша қыбырлаудан жалықпайды. Ылғи еңбек үстінде көресің. Мінез, қылығы жат болған соң «мұжық» атанды. Жұрттың оны «Мұжық» дегені кеміткені, менің өсіргенім. Мұжықтай еңбекшіл болса қор болмас қазақ.

Сүйгембай аулына тақалғанда сусаған бала шаба жөнелді. Бұрын барғанымен сусындай алмады. Сүйгембайдың құдығы қора ішінде. Биік кірпіш қора құлыптаулы, маңы қоқсықтан таза. Қыстан қалған мая шөп кірпіш албар ішінде, қоян жон қылып үйіп, кесектермен бастырып тастапты. Шағын шаруасы орыс түгілі немістікінен де жинақы көрінеді. Жылда бұл кезде салқын қорада отыратын. Биыл қараша үйін тігіп, қыстаудан екі-үш километр көшіп барып отыр екен. Мұстапа келіп:

— Ассалаумағалайкүм, Сүйеке! — дегенде мойын бұрған жоқ. Көріктен шыққан қызыл темірді ырсылдап ұра берді. Ұрған сайын аузы ыржың етеді. Балға ұстаған қолының бір саусағы екі буыннан, қышқаш ұстаған қолының екі саусағы бір-бір буыннан мол-ақ. Сонда да бүтін қолдың талайынан епті, күшті, сом темірді нанша илейді. Орта бойлы, селдір сақал, шымыр шал тым ызбарлы, кісіге тура қарамайды, қабағын ашпайды, әңгімелеспейді. Темірді отқа қайта салған соң ғана Мұстапамен қол алысып:

Қаза қайырлы болсын, — деді де қырындай тұрды.

Мұстапаның ата-енесі ертеден өзімен бірге отыратын.

Елді басқан қалың сүзек сол ата-енесің үш азамат баласымен қоса әкетті. Бір үйлі жаннан Сыздық деген жұдырықтай бала қалды. Сүйгембай Мұстапамен жама ағайын, ауыл арасы үш-төрт-ақ километр. Ағайынның жаназасына бармады. Көңілді енді айтып тұр.

— Ә-й! — деп дауыстап қойды есік алдында жүрген әйеліне. Әйелі өзінен әлдеқайда кіші, отыздың ішінде, жұнтиған сұр тоқал жалт қарады. — Тезірек шай қамда.

Шай піскенше Мұстапаны «Мұжық» үй сыртындағы тамға апарды. Там шикі кірпіштен жасалған, киіз үй бейнелес, дөңгелек, бітеу, есігі жоқ, бір ғана терезесі бар. Қабырғаның ішкі жағынан қуыстар қалдырыпты. Қуыстардың бірінде ескі Құран, бірінде сіреңке, енді бірінде шойын шөңке, лөкет пышақ. Биіктігі екі метрден астам, лахаттай қазылған кен, қабырдың, іші бос. Тамның сыртқы төбесіне жезден айшық қадапты, күнмен шағылысып көз ұялтады.

— Өлім көп, ажал жақын, — дейді «Мұжық» еңбегін көрсетіп жүріп, — бала жоқ, қу баспын. Бізді кім жөндеп қояды! Сонсоң күні бұрын көрімді сайладым. Менен кейін қалсаң, жаназамды өзің шығар. Осы қабырға өз қолыңмен әкеліп қой. Махамбетше денемді ұстамасын, қолы арам.

— Еншалла, кейін қалсам өсиетіңді орындармын, Сүйеке! — деп Мұстапа уәде етті.

Жатақтағы жалғыз үй, жалғыз мола, тып-тыныш елсіз дала, ұқсасы жоқ ызбарлы ұста Сарыбаланың көңіліне өмір бойы өшпейтін сурет қалдырды. Шай үстіндегі әңгіме қазақ жайында қилы-қилы ой қалдырды. Сұр тоқалдың шайы етке бергісіз — қаимақ құйған қою күрең шаи. Ыстық таба нан турап, оған сары май салды. Тауықтың он шақты жұмыртқасын пісіріп әкеліп қойды. Қонақтар сұғына соғып жатыр, үй қожасы үндемейді. Тоқал сампылдап сөйлеп отыр:

— ... Қайным-ау, ағайын бар болсаң көре алмайды, жоқ болсаң асырай алмайды. Бір өзіңнен басқаның бәрі, бастығы би қайнағамыз болып, шөп бер, астық бер, машине, соқа бер, ананы бер, мынаны бер, деп мазаны алады. Берсең жақсысың, бермесең жамансын. Беріп кімге жеткізесің? Құдайға күнәмыз бар шығар. Әй, пендеге жоқ шығар! Қарадан қарап жүріп өшігеді, тіленбей тырмысып күнелткенімізді көпсінеді. Баласыз шалды басынады ғой, түге. Бүгін үшінші күн, Орынбек деген ақтың ореднегі аяқ артып жүрген жалғыз мінгішті ылауға мініп кетті. Онымен қоймай, Қаменді тап, деп қанша қысты. Қарағым-ау, қашқынды, ұрыны біз қалай табамыз?! Әншейін атты сіңірудің қаразы да. Сол ат әлі жоқ. Іздеуге бізде мұрша жоқ. Жаман да болса бір ұлың болса! — деп тоқал көз жасын төгіп-төгіп жібергенде, ұста қатуланып:

— Жә, жә! Құдайдың жазуынан артық іштеме болмайды, — деді де Мұстапаға бұрыла алақанын. жая сұрақ қойды, — осы қазақ та пейішке бара ма?

— Ол не дегеніңіз! Мұсылман емес пе?!

— Не бетімен мұсылман?! Өтірік-өсек, ұрлық-зорлық, ұятсыздық-арсыздық., надандық, пасықтық, қорқақтық, жағымпаздық, жалқаулық, еміншектік... бәрі бір өзінен табылады. Ең ақыры намазы мен оразасы да құн-жын. Бейішке бұндайлар барса, ондай бейішке мен бармай-ақ қоям.

— Сүйеке, сіз тек жаман жағын керіп отырсыз, — деп жымың-жымың күлді Мұстапа. — Жақсы жағын қоса көру керек. Мұсамен алысып өткен Капыр Ферғауынның да жақсы жағына — тазалық, кербездігіне алла сүйсінген. Қазақта сүйсінерлік қасиеттер аз емес. Мен Меке жолында көп елдің үстінен өттім, бір де бірінде тегін нәрсе көрмедім. Ең ақыры суға дейін сатулы. Ақшаң болмаса аштан өлесің. Қазақ ортасында ақшасыз, көліксіз, таныс-жақынсыз талайлар жан сақтап жүр. Келген орыс, өзбек, ноғайлар тіпті байып кетті ғой. Бұл, жеріміздің ғана байлығы емес, пейіліміздің де кеңдігі. Ата-ананы, жасы үлкенді сыйлау, елдік жақсы дәстүрлерді сақтау, ағайынның қазасына ат қойып еңірей келу, жұтап қалса жылу жинап беру, жұмысы бітпей жатса жабылып көмектесіп кету... — нағыз адамшылық емес пе?! Сіз тізген қылық, мінездерге халқымыз алдақашан қарғыс таңбасын басқан. Жамансыз жақсыны тануға болмас еді. Жақсы көбейсе жаман, жаман көбейсе жақсы өмір сүре алмас еді. Бес күндік дүние шіркіннің он күндік арпалысы бар. Арпалыса-арпалыса күллі жан иесі кетіп жатыр. Сіз бен біз де кетуге жақынбыз, Сүйеке. Қабырыңызды жақсы дайындағансыз.

Ұста сөзден жеңілді ме, жалықты ма дастарқан жиюға қарамай тұрып кетті. Көрігінің, басына барды. Мұстапа намазын оқып аттанды. Былай шыға бере баласы сұрақ қойды әкесіне:

— Осы «Мұжықтың» өзі мұсылман ба?

— Отта шіркін!

— Мұсылман болса сізбен бірге намаз неге оқымайды?

— Мұсылмандық тек намазда ма. Намаз оқып, ораза тұтқанның бәрі бейішке бөгетсіз кіре бермейді. Кеп көңілде. Қылықта. Қылығың жақпаса, сыртың келгенімен ішің келмесе құдайды, халықты алдай алмайсың.

— Көптің бәрі көңілде, қылықта болғанда толып жатқан мұсылмандық қағидалар неге керек?

— Қара, жаман неменің шалуын! — деп Мұстапа күлімсіреді. Толымды жауап қайыруға ойланып қалған сияқты еді. Ойы бөлініп кетті. Алда «Қара молада» отырған қалың, ауыл Теңізбай, одан әрі «Сәменде» отырған көп Орынбай әу, десіп далаға шығыпты. Қара құрық топ, қатарлана будақтаған түтін. Той болып жатса түтін неге ауыл дан аулақ дала дан шығады?

— Алақай, тойға кездестік! — деп Сарыбала қолау құнанын тебіне түскенде:

— Той, емес, тасаттық болар, — деді Мұстапа. Дәл тапты. Жарлауыт өзекті қабақтай қатарластырып қазған жүз шамалы жерошақ, әр ошақта бір қазан, қазан толы ет шымыр-шымыр қайнап жатыр. Кемінде жүз мал сойылған. Қой, қозы, лақ, серкештердің, терісі төрт жерде үюлі. Әр үйіндінің қасында бір дүмше қолын жайып дұға қылып не көзін жұмып тәсбі тартып отыр. Мал сойғандар бір-біріне «қабыл болсын» айтысады, соя алмағандар жерошақ телміре «бере гөр тәңірім!» деседі. «Бір тойғаның шала байлық» дейтін қазақ қазан піскенше іші ұлып, аузына келгенін айтып жатыр:

— ... Ол жылы да күн осындай күйдіріп тұрған. Табақты алға қоя бергенде құйып еді кеп!..

— Әне бір бұлыт шықты! Құдай біледі жауын бұлты!..

— Кім біледі, түйіліп келіп тарап кетіп тұр ғой.

— Көп тілегін құр қалдырмас ием!

— Қазанды түсіре берген жөн. Құдайының етінің бір қайнауы ішінде болса да іштеме етпейді.

Қайсыбір кемпірлер шөміш қағып, су шашып күн жайлатса, Жәшкен молда имам болып, бір үлкен топ намаз оқып жатыр. Бәрінің сұрағаны жаңбыр. Жалбарынудың шаман, ісләм, қазақы түрлерінің талайы қолданылды. Ақыры ет желінді. Жақсы бата, дұғалардың айтылмағаны аз. Сонда да жаңбыр тамбады. Жылы жел, қураған жер, шаңыт аспан қалпында. Етке тойса да жұрттың қабағы жабыңқы. Құдайына қазандай өкпесін айталмай.

— Пенде асыққанмен құдірет асыға ма. Берер, берер, — деп өзін өзі жұбатады біреулер. Әлдекімнің назалы үні естіледі:

— Қасарысты ғой, тәңірім, ақсүйек етпей тынбас!..

Тасаттық осылай тарқады. Қаншама сойылған мал, айтылған тілектер босқа кетіп тұр. Мұстапа көптен бөлініп, аулына беттеді. Етке әбдән тойған, оқта-текте кекіріп қойып, сопы Аллаярды өлеңдетіп кетеді:

«Үміт еткен көзімнің нұры балам, Атаңдай болмағайсың рәсуай ғалам...»

— Аға! — деді баласы. — Осы елдің ақылы қайда кеткен?! Қыстан, жұттан зәресі қалмай қорқады. Әгәр, Сүйгембайша, орыс поселкелерінше қам істесе қыс не қылады?

— Түк те қыла алмас еді-ау. Қырсық қой бәрін қылатын.

— Қандай қырсық?

— Жалқаулық. Көп адам жалқаулықты сүйеді. Ол оның ен, қауіпті дұшпаны, соны біле тұра сүйеді.

— Мен ешуақытта сүймес едім!

— Омин! Онда ешуақытта қор болмайсың.

Ауыл көрінді. «Ит жон» аталатын жалпақ, биік әрі кеп белестердің арасындағы көп сайдың бірі «Қымыз құдық» Елібайдың жайлауы. Бұл жон мен сайларда бұта дегенде азын-аулақ қараған ғана бар. Мал, жан құдықтан ішеді. Соншама кен, жерде өэен не бір көл, бұлақ жоқ. Осы жерге келген соң туған балалар суға дүзе білмейді. Жалаңаш даланың биылғы құрғақшылықта топырағына дейін сарғайып кетіпті. Қотанында көгені, сыртта желісі бар ауыл некен саяқ. Түйе жоқтың қасы. Сиыр сүтімен ғана күнелтіп отырған Елібайдың сүреңі биыл жерінен де нашар. Желіні бұтына сыймай, талтаң-талтаң басып келетін мама сиырлар азар иеді. Оның үстіне бұзау жамыраса ол үйдің іші оразасын ұрыссыз аша алмайды. Сарыбалаға осы жайдың бәрі белгілі бола тұрса да туған ауылын, асық ойнаған жерін көргенде қуанышы қойнына сыймай қолау құнанымен тұра шапты.

— Ауылға жеттім, ауылға! — дейді шауып бара жатып. Қоң торғай ауыл сонша қызық көрінді ішінен шыққан балаға.

ОН ҮШІНШІ ӘҢГІМЕ

Сағынған ауыл Сарыбаланы тез зеріктірді. Оқу жоқ. Ойын-сауық сирек. Шаруа баққан жұрттың ертеден қара кешке күйбеңі бітпейді. Мектеп, қала көріп келген жас ол күйбеңге көндіге алмады. Ойын, ермек іздеді. Аласұрған көңілді әйтеуір бірдемемен жұбатпақ, жұбата алмаса көңіл оны бір жарға соқпақ. Мұстапа соны сезіп жүйрік ат қарастырды. Баласы жүйрікке құмар. Бір жүйрік кемінде төрт шобыр турады. Мұстапаның езі мініп жүрген бір ғана мінгіші бар. Оған төрт бұзаулы сиырдың екеуін қосса ғана алады. Қанша жомарт болса да бұған бара алмады Мұстапа. Бақайды бір күні шақырып алып:

— Мұхаммедияға барып келші, — деді. — Бала оқудан қайтты. Жаяу отыр. Ермек тауып бермесек ұстай алмаспыз. Ұялмай мініп жүрейін бір ат берсін. Бәйгі керді не көк айғырды сұрамаймын. Олжа бозды берсе де жарайды.

— Жығылсаң нардан жығыл, демекші, сұраған соң кер мен көктің бірін сұрамайсыз ба?

— Ол екеуін тым қадырлы санайды. Берсе жақсы. Бермесе сағым сынады ғой. Сағым сынғаны белім сынғаны да.

Бақай шығып кетті. Әубәкірді сағалаған кедейлердің ішінде адалдығымен, мінезімен ағайынға сүйкімді жігіт. Мұхаммедия Әубәкірдің ең кіші інісі. Жасы әлі жиырманың ішінде. Ел маңына үйірле бастаған, кейде Әубәкірдің өзін аузына қарататын қажырлы, көрікті, жігіт ағасы. Мұстапаға бауыздау құдасынан осы құдасы жақынырақ, жылырақ болған соң меселімді қайтармас, деп сұрап еді, Бақай шығысымен адуын әйелі Қадиша сөкті-ай келіп:

— ... Бишара-ау, ес бар ма әзіңде! Қалың малға қарық қылып тастаған кісіше, қалауың не?! Қызымның басын босат, кейінгі балаларға қара, деп жүрген құда ұстата берер сәйгүлігін! Боқтап, боқтап жібермейді-ау!

— Боқтаса да сынап отырмын. Құдай қосқан құда болса, сонша малдан бір қараны күйеу баласына қияр. Шайтан қосқан құда болса қимас. Қалың малға тойғызатын менде хал жоқ. Әубәкірге малдың керегі не? Осы малы бұйырса да жетіп жатыр ғой.

— Бетім-ау, қалыңсыз қыз, кәдесіз жігіт бола ма?!

— Берерлік қалың, кәде жоқ болса неге болмасын.

— Құдай біледі, хажы, денің дұрыс емес! Сенің кедейлігің кімге міндет?!

— Ей мақұлық, мен кедейлігімді міндет еттім бе. Әншейін әділін айтам да.

— Иә, сенің әделетіңе қарап отыр жұрт.

— Қарамаса қарамасын. Әделет тек жата алмайды. Біреудің аузынан шықса, біреудің ішін не желкесін жарып шығады.

Далада ит абалады, бала-шаға шуласып, жиналып жатыр. Қадиша есіктен қарай сала:

— Сұмдық-ау! — деді де жүгіре баса жөнелді. Мұстапа табжылмай қалды.

Қотанда ғажап бір адам тұр. Көзін алақтата, ойнақшыта береді. Қолында аса. Асаның басына үкі. ұшына темір қадаған, өнбойы жылтырақ, шылдырмақ. Киімі алым-жұлым, ала-құла, басына кегер терісін киіпті. Жалаң аяқ, дамбалшаң. Ауық-ауық асасын шылдырлатып, ойнақтап қояды. «Ақ, ақ, я жаппар хақ! Қарағанның түбінде қаңқиып жатқан әулие. Тобылғының түбінде тоңқиып жатқан әулие. Отқа сиген Салиядан Еспай туған әулие...» деп сарнайды. Мұрнына, ерніне ине сұғып өткізеді. Отқа салып қызартып шымшуыр жалайды. Ауыл қызыққа кенелді. Тамаша адамды қоршап алған, бірін-бірі итермелеп анталауда. Биелердің сауыны асып кетті. Бұзаулар жамырап жатыр. Ұры иттер шиге еніп, тойып шығып жатыр. Есіз үйде шырылдаған нәрестенің дауысын дуылдаған көп естіртпейді. Көптің көңілі өзіне әбден ауған соң бұл адам сарнай жүріп зікірге басты:

— ... Тамыр ұстаймын, құмалақ тартам, жауырын жарам. Алдыңды болжап, ойыңды айтам. Албастыңды қуып, шайтаныңды қашырам. Дертіңнен жазам! Қарағанның түбінде қаңқиып жатқан әулие, тобылғының түбінде тоң қиып жатқан әулие, қолда мені, қолда! Уһу хақ! Уһу хақ!..

Бәденді жас әйел ата, қайнағаларынан жасырынатын болса керек, жаулығының ұшымен бетін қалқалай келіп керемет адамға қолын ұсынды. Ол шап бергенде:

— Басым айналып, кезім қарауытады, — деді сыбырлап.

— Білем, білем! Басыңды дуамен айналдырған. Оңаша алып бір жұма оқыса дуа қайтады.

Әйел аты жоқ саусағынан күміс дүзігін сыпырып беріп, ізінше кейін қайтты. Біреулер құмалақ тарттырып, біреулер жауырын қаратты. Әркімнің тәніне не жанына бір батқаны бар. Соған шыпа іздейді. Бәріне шыпа табылып жатқан сияқты. Бірдемесін беріп кетіп жатыр. Дуана ма, бақсы ма, бәлгер ме, кім білсін, әйтеуір аңқау, ауам ауылға ойына келгенін істеп бақты осы адам. Тақауда ауырып тұрған Жетпісбектің Тоқашының аузы қисықтау, көзі шалыстау еді. «Бишараны пері соға жаздапты. Салқыны ғана тиген. Ұдайымен үш күн үшкірсе қалмайды» деді. Көптен құныс болып жүре алмай есік алдында отыратын Әбіш жорғалап жеткенде «қара қой сойып, екпесімен қақтырсаң дің қойып кетесін» деп оны да жұбатты. Білмейтін дерті, емі жоқ. Қаралған аурулар үйіне шақырып емделуге таласа бастағанда ол қадырын көтере түсті. Ойнақтап екінші ауылға сарнай жөнелді. Жұрт соңынан шұбырды...

Сарыбала жұртқа ерген жоқ. Таңертеңнен далада болатын, қарны ашқан соң үйіне бұрылды.

Әкесі төмен қарап, тәсбі тартып әлі табжылмай отыр екен. Кірген бетте:

— Аға, қызықтан құр қалдыңыз-ау! — дегенде:

— Шырағым, оның несі қызық? — деп басын көтерді әкесі.

— Көзі қызық! Қадалған жерін күйдіреді... Сөзі қызық, күлместі күлдіреді. Бұл кім өзі, әулие емес пе?

— Мұхаметтен кейін дүниеге әулие, пайғамбар келмек емес. Ауам дуананың сонда да әулие болғысы, ауам елдің әулиені көргісі келеді. Өзі алданған бишара елді алдандырып жүр-дағы.

— Ыстық темірді жалап-жалап алды. Ерніне, мұрнына ине сұқты. Қандай шыдамды! Неткен жан себіл!

— Оның бәрі өтірік. Көз алдау, сиқыр.

— Не де болса өнер ғой.

— Өнердің өнері бар, балам. Алтын қымбат. Сарғайғанның бәрі алтын емес. Өнер қиын. Көз қызықтырғанның бәрі бірдей енер емес. Шын енер, шын қымбат оңай түспейді қолға...

Әке сөзінің ақырын күтпестен Сарыбала шиге енді. Ши ішінде, ағаш шелекте ашыған қатық, орта қазан пісірген сүт тұр. Басқа тамақ жоқ. Қатықты іше-іше шыққан, сүт бетіндегі cap қаймақ аузынан сілекей ағызды. Ащы қатыққа беттемей, тәтті қаймақты бұза алмай, қипақтап тұрып:

— Әжем бақырады-ау, — дегенде:

— Іштеме етпес, жегің келсе азырақ же, — деді әкесі. Баласы піскен қаймақтан тостағанға салып алып шығып нан іздеді. Бүкіл үйде бір таба нан бар. Ол жәшікте. Жәшік құлыптаулы. Кілт шешесінде. Сарыбаланың қарны ашқаны сонша, құлыпты бізбен ашып, наннан бір үзіп алды да қайта жауып қойды. Қаймақ пен нанды қоса соғып отырғанда үйелмелі-сүйелмелі кішкентай үш ұлын ертіп шешесі кірді. Үш ұл бірден қыңқылдап қоя берді. Ақырып қалды шеше:

— Тәйт әрі, бәріңе бірдей нан қайда! Қонаққа сақтаған бір таба қайсыңа жетеді. Біреу-міреу келе қалса сойып беретін қой, қозы не сүр жоқ. Бір шай бере алмаған үйдің несі үй! Қатық ішіңдер. Серікбайдың балалары қатыққа да жарымай жүр ғой.

Екі ұлы құйып берген қатықты самырқау, ауыздарын бұлтита іше бастады. Кенже сары шалқасынан түсіп, аяғын шалғылай жылады. Шыңғырған дауысы құлақтан өтеді.

— Мына күшік алмай қоймас. Берші, — деді Мұстапа. Оған үзіп беріп жатқанда ортаншы екеу жапақ-жапақ қаpaп қойып еді, аяп кетті, әке, аналарды да құр қалдырма, дәметіп отыр ғой.

— Енді несі қалды бұның! — деп Қадиша екеуіне екі үзіп берді. Бұлар бірақ құныққанымен қылғи салған жоқ. Ауыз толтыра екі асағаннан қалмайтын нанды сан рет тістелеп тауыспады. Тауысса қайтып қолға түсіру қиын екенін біледі. Тоймаса да қажақтаудың езіне едәуір жұбанды балалар. «Құранның үстіне шығуға болады. Нанның үстіне шығуға болмайды» деген қазақы шариғат қазақтың нанға зәрулігін атам заманда әйгілеген. Сонда да қазекеңнің мойны егінге жар бермейді. Осы ақылды Мұстапаның өзі биыл көп болса бір аяқ тары, бір бұт бидай септі. Онысы әлденеше күн малалаусыз жатқан, торғайлар қаншасын қалдырғанын кім білсін. Астығы, қымыз, еті жоқ Мұстапа қоң торғай отырғанда, одан төменгілердің күні не күйде?! Қонақ алдына ас қойылса, ауыл жинала келіп телміреді. Бір үй мал сойса, бес үй одан сорпа сұрайды. Ауылдың сонысы аштықтан туған әдет-ау. Әйтпесе: «Бір тойғаның шала байлық», «бір күн қарны ешқаннан қырық күн ақыл сұрама» дер ме еді?

Сарыбала тамақтанып алған соң әкесімен жарыса кітап қарады. Әкесінің қолында қара сірімен тыстаған Қожа Ахметтің «Хикматы», қағаздары жұлым-жұлым. Баласының қолында «Хикматтан» әрі ескірген Абай өлеңдерінің көшірмесі. Кітаптар екеуін екі жаққа: Қожа Ахмет ахіретке, Абай жарық дүниеге тартады.

«Ләмакәнда хақтан сабақ алдым ғана» деп Мұстапа зор даусымен күжілдей-күжілдей басылған кезде, Сарыбала жай ғана ыңырсыды:

«Сең жаралы жолбарыс ең,
Мен киіктің ылағы ем.
Өлмей тірі қалдым әрең
Қатты батты тырнағың»
Мұстапа тыңдап болған соң:

— Бұны кім айтқан?

Бишараны кім зарлатқан? — деді.

— Орыстың атақты ақыны Пушкин жазған қиссада Татьяна деген қыз Онегин деген жігітке ғашық болып айтқан екен. Соны Абай қазақшаға аударыпты.

— Орыс қызы да сүйгеніне баралмай зарлаған-ау! Орыста қалың жоқ. Әйел жолы ашық, дейтіні қайда?!

— Орыс жайын Пушкиннен артық кім біледі. Зарлатып отыр ғой.

— Абай орысша да білген, ә? О құданың құдіреті, жұдырықтай басқа бәрі сыяды! Оқышы, Абайдың қалжыңдары бар ма?

— Жоқ. Қандай қалжың?

— Естімеп пе едің, Құнекең кәртайған кезде Меке барып, дүние сөзінен тыйылып жатса керек. Ыбырай: «Әкем неғып жатыр?» десе, қатынаушылар — «Бәдуәм» оқып жатыр, дей беріпті. «Әкем өмір бойы «Бәдуамның бес қағазын бітіре алмағаны-ау!» деп күледі Ыбырай. Соны Құнанбай естіп айтқан екен: «Бәдуамда» шариғат, хақиқат, тариқат бар. Әрқайсысы бір өзен. Ол қайдан бітеді! Абайжан жас. Аттап-аттап өте шыққан ғой.

— Тағы қандай қалжыңдарын білесіз?

— Абай бір күні құрбы, замандастарымен бас қосып, қымыз ішіп отырғанда: жұрт рас айтса әкем қазақтан асқан сияқты. Онда мен әкемнен астым, депті. Құнанбай бұны естігенде: «Аспақ түгілі жеткен жоқ әлі. Өзінен асырып бала туғызса менімен тек теңеледі», деген екен. Шырағым, жастың кеңілі жоғары. Абай ойнаса да ойындағысын айтқан болар. Күндердің күнінде көңілің сондай жоғарыласа, менің де берер жауабым осы.

— Сонда екеуінің қайсысы артық, аға?

— Құнекең артық та! Мекеге барды, құдай жолына үй салдырды. Қазақ ішінде қарадан шыққан хан — аға сұлтан болды. Екі дүниесін бірден қамтыған кісі.

— Қалай қамтыса да Құнанбай Абайдан әлдеқайда темен емес пе? Абай бір рудың ғана емес, бүкіл қазақтың жақсысы ғой. Оның сездері кітап болып қалды. Құнанбайдан не қалды?

— Жаман неме тауып айтты-ау! — деді де Мұстапа бір жымың етті. Жауап қайырған жоқ. Баласынан жеңілгеніне сүйсініп отырғанда екі езуі екі құлағында. Бақай кірді есіктен.

— Бақайым, жолың болған-ау, сірә?!

— Болғанда қандай! Сөзге келместен жетелетіп жіберді. Олжа боз түгілі әйгі керді сұраса қажының қолын қағам ба! — деді.

Бәрі тысқа шықты. Көзге жабы, көбең семіз шаққан боз Сарыбаланы қуантпады.

— Бұны несіне қалағансыз?! — деді әкесіне қынжыла. — Қарны салбыраған, құлағы салпиған нағыз мәстек қой.

Мұстапа алдымен аттың аузын ашып, тісіне қарады, одан кейін шықшытына, қолтығына қол жүгіртті. Алдыңғы аяқтың сіңірін ұстап, құйрығын көтеріп байқады. Елілеп сербегін өлшеді. Екі жанынан, алды, артынан айнала қарап шыққан соң баласын оңаша әкетіп:

— Бәйгі керден көш ілгері! — деді күлімдеп. — Олар мал баққан ба, сауда баққан ғой. Көп шобырдың бірі деп берді.

— Сіз осының несіне қызығасыз?!

— Қолтығы, шықшыты, кеудесі кең. Ол тынысы кеңдігінің белгісі. Жер соғары жоғары, тұяғы қалың — құйма тұяқ, қанша шапсаң қызбайды. Құйрығы, сіңірі, әлді, жағы жалпақ-қоян жақ, сербегі көтеріңкі — зорын таппай талмайды. Тесі төмен, бауыры жазық, жоны тартыңқы, асықты жілігі ұзын, — бота тірсек — адымы мейлінше алымды. Дәуде болса шыға сал, алдына жуырда мал салмас. Жүйрік әрқилы, балам. Бұл шапсаң жүйрік, мінсең берік, бір ай жіберсең бір елі қазы бітеді — нағыз кедей қол. Сырттан байқап жүріп сұрап едім. Қолға түсті. Тек қайырлы болғай-ақ.

— Соның бәрі болғанда көркі неге болмады екен!

— Көріксіз де емес. Бұндай мес жылқы сымбатын жарағанда, жүйріктігін шапқанда көрсетеді. Сабыр ет. Айтқа дейін жаратып берейін, сымбатын да, шабысын да сонда көрерсің.

Күтпеген кесек олжа киік желін Қадишаның қиынға тыққанын шығарды. Кебеже түбінде жоққа санап тастаған сұр жаяның қалдығы, бір дорба үн бар екен. Ет асылып, нан пісіріліп жатыр. Бақай тер алдында. Бауырсақ пен сүрдің иісі оның мұрнын түгілі бүкіл ауылдың мұрнын жарып барады...

ОН ТӨРТІНШІ ӘҢГІМЕ

Қараңғы аспан көгерді. Жұлдыздар жоғалды. Батыс жақ қарайып, шығыс жақ ағарып тұр. Итжонның көп белестерінен күн әлі көтерілген жоқ, таңертеңгі тымық, тұнық, салқын әуені сіміре ауыл шырт ұйқыда жатыр. Түндіктер жаппай жабулы, ояу адам некен саяқ. Қойшылар дыр-дыр қасынып, ұйқыдан көзін ашалмай, біреуі өгізің біреуі кек шолағын ерттеп жүр. Жалғыз серке кеп қойды бастап өріске беттеді. Сиырлар башайларын сыртылдата орындарынан тұрды. Мұстапа қолында құман, тысқа шықты. Бақаңның бәйбішесі сереге құрт жая бастады. Арқандаулы боз аттың қасында пыс-пыс ұйқтап жатқан Сарыбала дамбалын біреу шешіп әкетсе оянбас... Зарығып керген жалғыз атын жылқыға қосуға жылқышылар мініп тастай ма, не ұрлап кете ме деп, қауіптенеді, түнде қолға ұстап, күзетіне шығады. Қаршадайына дейін мал құмар қазақтың малдан қадірлісі бар ма екен?! Мал қазақсыз, қазақ малсыз күнелте алмайтын сияқты. Бірінен бірі айырыла алмай кен, даланы кезе береді — көше береді. Екеуі де ешкімге жазықсыз. Сонда да біріне қасқыр, біріне залым өш. Залым қасқырдан, қасқыр залымнан кеп. Әне, жаңа өрістеген қойға қасқыр шапты. Желіні салақтаған ұрғашы қасқыр. Мұстапа Сарыбаланы жұлмалай оятып атына мінгізді де, қолына қайың шоқпарын берді.

— Жете қалсаң тік ұрма, шоқпарыңа тіреліп жығыласың. Қатарласа беріп, қара тұмсықтан қаға ұр... — деп әдіс те үйретіп үлгірді. Сарыбала жайдақ, ұйқысы шайдай ашылған, қасқырға көзіге ағызып келеді. Атының екпіні тымық күнді дауылдатып, сау көзден жас парлатып келеді. Албырт жас сонша әлді ме әлде «қашқан жауға қатын ер» ме, әйтеуір аты шулы қан ішерге жетсем дейді. Жеткеннен кейінгі жан кешті айқастан зәредей сескенбеді. Әкесі Олжабоздың ішін тарттырып, етін біраз қатырып тастаған. Жануар тер шыққан соң бауырын жаза түсті. Құлағын жымита зулайды. Кездескен жар-жыралардан киікше орғығанда Сарыбала жалына кенеше жабысады. Жазықта құтылмасын біліп әккі қасқыр «Жеті құдықтың» обалы шоқысына беттеді. Шоқыны иықтай аса бергенде артына денесімен бұрыла бір қарады. Онысына түсіне қалды бала. «Қасқыр өзекке, белге жеткенде қуғыншының бетін байқау үшін артына қарайды. Сонда әдейі бетіңді бір жаққа аудар. Ол асып кеткен соң дереу екінші жаққа бұрылсаң төтесінен келіп айқасасын» дейтін дағдылы аңшылар. Сарыбала дәл осыны істеп еді, қасқырмен кездесе түсті. Сілтеп қалды шоқпарын. Тимеді. Екпінмен өте шығып қайта оралды. Тағы жетті, тағы сілтеді. Тимеді. Желіні салақтаған сұр қаншық сонша айлакер — қашып құтыла алмаған соң жарға тығылады. Жардан қуып шықса жалтарып жан сақтайды. Тұмсығындағы қой қанын жалап үлгірмепті. Тілі салақтаған, көзінен от шашады. Қашып жүрсе де жан бермеу үшін жағаласуға әзір. Сарыбаланың құйрығы жауыр болды, атының ащы тері шалбарынан етті. Оның бірін әлі сезген жоқ. Есі-дерті «қара тұмсықтан бір ұрсам». Ұрғызбаған соң алыста көрінген бір қараға қайыра қуды. Көрінген қара қыстаудан жаяу келе жатқан Сүйгембай болып шықты. Одан қаймығып жалтарған кезде бір сермеп еді, дәл тұмсықтан тиді шоқпар. Жығылып қайта тұрса да қасқыр одан әрі әлсірей берді. Жүйемелете тиген тал шоқпар жықты ақыры. Сарыбала атынан түсіп, көңілі көншіп тұрған кезде Сүйгембай жетті.

— Қанжығаң майлана берсін, шырақ! Қара жерде қасқыр соққан жүйрік боз жүгірісінен танбасын!

— Байладым, ата. Жақсы кездестіңіз.

— Тырнақ алдың ғой, байланбаймын. Сойып беріп тек құйрығын алам, бөкебай болсын.

Сүйгембай қасқырды сойып жатып:

— Адамның да бір қасқыры соғылды, — деп еді.

— Ол кім?! — деп елең етті бала.

— Қамен ағаң. Орынбек неше күн аңдып жүріп, кеше апақ-сапақта бес кісімен көзіге қуады. Жете алмай атқан екен, оғы Қаменнің тізгін ұстаған қолына тиеді. Оған тоқтамаған соң атын атып жығыпты. Жеңгең түн ортасында шашын жайып, дауыс қылып келді. Жатақта ұры Қамен, ұста Сүйгембайдан өзге жан бар ма. Таң сәріден соны хабарлағалы шығып едім. Жақсы кездестің. Осы арадан қайтам. Елді сен хабарла.

— Тірі ме өзі?

— Бұл жерден тірі әкетіпті. Жолшыбай қансырап өлмесе, қолдан тиген оққа өле қоймас.

— Анада лауға мінген атыңызды әлі қайтарған жоқ па? Жаяу келесіз ғой.

— Қайтарса жаяу жүрем бе.

— Іздендіңіз бе, не сылтау айтады?

— Несіне ізденем! Орынбек тәңір алдына бармай теңдік бере ме. Ешкім ұстай алмай қойған Қаменді ұстап апарды. Енді тіпті құтыратын шығар.

— Қалай құтырса да Әубәкірден аса алмас. Әубәкір оны Колчактың түрмесінен шығарып алып, осы қызметіне тұруға жәрдемдесіпті ғой. Сол кісіге неге бармайсыз?

— Несіне барам! Естімей жатыр ма?! Сұбықан итерсе бармасам да бірдеме дер. Итермесе барғанмен не дер?

Сүйгембай қасқыр сойылып болған соң құйрығын кесіп алды да, теріні атқа артты. Жұмсақ терінің, үстіне Сарыбаланы отырғызды. Содан кейін ізінше кейін жөнелді. Түсі суық төртбақ адам, қолында таяқ, жалғыз барады. Жалғыздық, баласыздық, қарттық қайғысы қабаттап басса да қажымастан аяғын нық басып барады. Оның ғажап мінездерін жақсы не жаман дерін біле алмай Сарыбала көзімен ұзата тұрып-тұрып «жұмбақ» деді де жүріп кетті. Құйрығы ойылғанын жаңа білді. Мамық терінің үстінде тік отыра алмай жамбастай береді. Жамбастап отырып желе алмады. Жүрісі аяң, шаршаған, шөлдеген. Сонда да басы көшпелі ойлармен әуре. Қарасы үзілген Сүйгембай есінен жуырда шықпады. «Түсінбедім осы шалға» деп келе жатып Қаменге ауысты бір кезде. Шағын денелі, шүңірек көз, жар қабақ, күдістеу келген қатыңқы қара кісі жоғары әсте қарамайды, жарқылдап бір күлмейді, түнгі жартастай тұнжыр, қорқынышты. Ол жазы-қысы жалғыз үй. Әйелі жалғыз қалады. Қалай іші пыспайды, қорықпайды? Өзі күндіз-түні түзде жалғыз жортады. Қалай шаршамайды, жалықпайды? Өмір бойы ұрлағанда басына бір боз үй тіге алмады, үй сыртына не есік алдына бір құлаш желі тарта алмады. Әйтеуір етке тоқ. Еттен өзге мақсаты да жоқ. Айуан тағысы қасқырдан адам тағысы осы Қаменнің несі артық?! деп салыстырады бала. Қаменмен езі шөбере. Атақты Мекешпен Қамен немере. Бір төбелесте Мекештің басын жарып, мықты Қаменді Орынбек қасқырдан оңай соғып әкеткеніне намыстанады. Не үшін намыстанғанын ойланса ұялады. Туыс жақындығы қыздырғанда, ниет алыстығы суытты. Қайткенмен «Орынбек жауыз» деген ұғымы бұлжымастан қалды басында. Аты құлағын тігіп, елең етті. Он шақты адам келеді. Бәрі салт. Екеуінің асынған мылтығы, қылышы, біреуінің омырауында алақандай жезі бар. Екпіндете келіп қоршай тұрды баланы.

— Ассалаумаликүм.

— Әліксәлем. Кімнің баласысың?

— Мұстапа қажының.

— Астыңдағы қасқырың не?

— Соғып алдым.

— Өзің соқтың ба?!

— Өзі

— Соқсаң соғарсың. Кезің шегір екен, — деді де омырауында жезі бар, денелі, селдір сақал, сары шұбар кісі баланы ат-матымен айнала бір қарап өтті. — Мұстапада бұндай жүйрік жоқ еді ғой?

— Әубәкірден алғамыз.

— Е-е, сен әлі Әубәкірдің күйеуі шығарсын-ау?

Басқаға кезек бермей, салған жерден үйіріле кеткен cap шұбар баланы жаңа танығанда, бала оны мана танып қойған — аты шулы Шөгел поштабай. Бәрінен киімі жақсы, ортадағы өлі кез, маңқа мұрын, саз бет «апиын болыс» Мұқтар. Бала Мұқтарды жақсы біледі. Ит көрген жас мысықша тіксіне қарап тұр оған. Мұқтар да жасық көзін қадап қалған екен, шегір көзден бір түйіскенде-ақ тайып шықты. Көз арбастарында көп сыр жатыр. Мұқтардың бабасы Игілікке он екі мың жылқы бітті. Игіліктен Тәйті, Тәйтіден Мұстапа, Мұстападан Мұқтар туды. Бір Де бірі болыстықты қолдан шығарған емес. Тек Мұстапаның тұсында жас Ақмет бір рет алып кеткен екен, ұзамай өледі. Болыстық белгілі орынға қайта барады. Сол Ақмет Сарыбаланың әкесімен бірге туысқан — Қыдырдың үлкен ұлы. Қыдырдың әкесі Матай Игілікпен тұстас, он екі мың қой біткен, Мұрат ішінде күн шалған төрт шаңырақтың бірі. Игілік, Матай, Ақпан, Орынбай — бүкіл Мұратқа ие. Бертін келе Игіліктен өзгесі әсіресе Матай бақ-дәулеттен айырыла бастады. Мал кетті. Малмен бірге бақ кетті. Бірақ ру, феодал күншілдігі қалып қойды. Жұдырықтай бала мен дардай болыстың қырғи қабақ кездесуі соны көрсетіп тұр. «Махамбетшеден Білал, Мұстападан мынау сары оқып жүр. Ертең менімен жағаласатын осылар...» деп Мұқтар сескенсе, «иә, бізден сескен» дегендей Сарыбала сазара түседі. Мұқтар кімнен қауіптенсе, бұрынырақ қимылдап соны жаншып тастайтын. Жанша алмаса сыртымен достасып, іштей ор қаза беретін. Патша құлағаннан бері үкімет құтаймай, ел еліріп, сөлекет-сөлекет мінездер шыға бастады. Игілік, Тәти, Мұстапаның тізесіне шыдамаған бұрынғы бір болыс ел бірнеше болысқа бөлініп кеткен. Содан қалған аз ғана елге берік болмаса бетімен кетеді де. Кәзір алдында тұрған мынау жұдырықтай сарының сыздауын қарашы! Кедей, ұры, тозған, солған Матай неге сыздайды?! Сыздауықтай сығып тастасам! деп ішінен кіжінсе де сыртымен күле сөйледі Мұқтар:

— Балақай, әкеңе, Мақаңа сәлем айт. Асығыстықтан соға алмай барам. Өзің отау иесі болуға жарапсың ғой, қашан үйленесің? Тойыңа шақырамысың? — деп қалжыңдап та қойды.

Сарыбала үндемеді. Болыстың жалпақтауын жаратты ма, жаратпады ма сездірмеді. Болыс асығыстықтан емес, пайдасыздықтан соқпай бара жатыр. Ет, қымыз, пара жоқ жерге ол ат басын бұрмайды. Кедей Елібайдан бұның бірі табылмайды. Бай Әубәкір болыстың аузына түсе қоймайды. Сондықтан пайдалы жерді көздеп барады. Қасындағы қазақтардан басқа қару асынған екі орыс Колчак полициясы. Бұрын урядник ертіп шығатын, ел қалтырап тұратын. Енді полиция ертіп шығыпты. Елді берік ұстауды — қорқытып ұстау, деп түсінеді Мұқтар. Осы қаталдығынан «Апиын болыс» атанды ол. Ауылда үкіметтен гөрі ақсақал беделі, заңнан гөрі қазақы дәстүр күштірек. Үкімет пен ақсақал, зац мен дәстүр өзінен аспайтын бәрінен болыс күшті. Сол күшті болыс қасындағы полицияға бәйік болып тұр. Полиция ұйқыдан, жүрістен шаршаған сияқты, аузын ашып есіней береді. Болыс жампаңдап:

Каспадин Метрей! Құрсақ пұрапал ма? Шишас, кәзір, кәзір баран кушайт, шампан кушайт! — деді де шаба жөнелді. Сарыбала оның сөзіне күліп қалды.

Тұнық даланы шаңдатып, тыныш жерді дүрсілдетіп барады болыс. Беталысы «Қара Мұрат». Шағын шаруалы момын «Қара Мұраттың» неше аты терлер екен, неше қойы сойылар екен? Оған қылша мойны мұнша-ау, тек соғымға деген семізі, жанына балаған жанарлысы аман қалғай-ақ. Апиын болыстың алмаса көңілі көншіген емес. Міне алымдарын айдап екеу келеді. Жылқы, сиыры аралас, бірер түйесі бар, елу-алпыс ірі қара айдап келеді. Айдаушының бірі қолына томағалы бүркіт ұстаған, күміс қарғылы ақ қасқа тазы жетелеген. «Қара құдықтың» қара суында қой жатыр. Солай ойысты. Сарыбала олардан бұрын жетіп суға бас қойды. Қойшы Сәмет қасқырдың терісін қамшымен ұра бастады: «...Сен мені басынатын немесін ғой. Мә басын! Қызыл саулықтың мойнын сығып кетіпсің. Қара сектің құйрығын жұлып кетіпсің... Біреуі жетпеді ме, бес қойды бірден бүлдіретін не әкеңнің құны бар?!» деп ұрады.

— Ұрма, жүні бүлінеді, — деп Сарыбала судан бас көтерді. Сәмет сонда ғана тоқтады. Қой сауып, сапты аяққа сүт толтырып қойған екен, дереу шақпағын шағып от тұтатты. Отқа бірнеше тас салды... Жапан даладағы қойшы тіршілігін тамашалап отыр бала.

— Тас неге саласын?

— Тас қорықты әлі көрмеп пе ең? Тасты қыздырып, сапты аяқтағы сүтке салам. Сүт қорылдап қайнайды. Екеуміз ішеміз сонсоң. Жылқышы етпен, қымызбен сыйласа, қойшы қонағын осылай сыйлайды.

— Жылқышының баспанасы, ыдыс-аяғы бар. Мінгені жақсы ат, шындаса қасқыр соғады. Тілесе тай сояды.

— Иә, олар мығым. Менің мінгішім қызыл өгіз, ыдысым — торсық, сапты аяқ, асым — сүт. Қасқыр түгілі бит, қатын түгілі қайыршы басынады. Құдайым қойшыдан қорды жаратты ма екен! Тан, сәріден қас қарайғанша күнге шыжып, суға малшынып не суыққа тоңып қой соңында болам. Ауырып қалмасам жыл он екі айда бір күн, тіпті ұлыстың ұлы күні — екі айтта да тыныс жоқ. Оның үстіне қой ұрланса, қасқыр жесе жейтінің таяқ. Сен молданың таяғынан құтылдың. Мен қожамның таяғынан құтылатын емеспін. Міне, баяғы тері әлі арқамда! — деп, Сәмет шекпенінің ішінен арқасына байлаған ит терісін қамшының сабымен тарсылдатып қойды. Екеуі Жақсыбек молдадан бірге оқыған. Молда ұра берген соң Сәмет арқасына тері байлап алған. Сол тері әлі түспепті. Бірі жиырманың жуан ішінде,екіншісі он бес-он алтыда, бірі қойға, екіншісі оқуға кеткен жастар. Бірге жүрген күндерін еске түсірді. Күн шыжып барады. Қойлар біріне-бірі тығыла пысылдап, бүйірлерін солқ-солқ соғады. Жел ныспы жоқ, қапырық ыстық. Тымықта тас қорықтың түтіні шырқай көтерілді аспанға. Екі жастың әңгімесі болыстың кісілері келгенде бөлінді. Олар жай келген жоқ. Жусап жатқан қойларды баса-көктей келіп малын суға жапты.

— Әй қойшы! Молырақ пісір, біз де ішеміз. Жетпесе сауып жібер! — деп бұйырады бүркіт ұстаған шоқша сақал.

Сәмет оған шақ ете түсті:

— Е, нем едің сонша, неңді еткізіп қойып едің!

— Қазнаның малын айдап келеміз. Болыстың кісілеріміз.

— Қолыңдағы бүркіт пен тазы да қазнанікі ме?

— Өзің бір пысықсыған неме екенсің. Нең бар қазбалап.

— Жасырсаң да белгілі. Құдай біледі осы малдың жартысы болысекеңдікі шығар.

— Ал болысекеңдікі! Оның несі әбес екен! Жемесе болыс бола ма, тоймаса қарын шыға ма? Біздің апиын жасырып жемейді. Осылай көзіңді бақырайтып қойып жейді. Қайтесін?!

— Бәсе, жаңа көштің жөніңе.

— Ей, бері келші өзің, бері келші!

Сәметті оңаша шығарып алып, шоқша сақал құлағына сыбырлады, қолына бірдеме ұстатты. Сәмет онысын өзіне қайта ұстатып, қолын сермей тұра жөнелді. Малын суара сала шоқша сақал да жөнелді. Боқтап отыр Сәмет:

— Ешкінің құйыршығындай болған сақалыңды. Өл де маған! Көрдің бе, болыс аузымен ғана емес, құйыршығымен де жейді. «Бір қой ұрлап бере қойшы...» деп қолыма бақыр ақша ұстатып тұр жаңағы құйыршық.

— Ғажап нәрсе! Ұрлық, қарлық, зорлық, пара... Бәрін жұрт жек көреді. Жек көре тұра істейді. Соларды басшылар істегенде, қосшылар қалай тек тұрады?!

— Иә, би мен болыста, ауылнай, елу басыда ол боқты жемегені бар деймісің.

— Түбінде Сүйгембайдікі рас, осы қазақ құдай жүзін көрмес. Жайшылықта не оңдырады, прием жылы ел көзінен қан ағып тұрғанда бірін бірі жеп жатты ғой...

— Осы жүйрік бозды сол жылы Мұхаммедия барғанда Байқоңыр хажы олжаға берген. Бұрын берсе қайда жүр. «Олжа» дегендері де пара.

Сәмет қызған тасты сапты аяққа тастап-тастап жіберді. Аппақ сүт қарақошқылданып қайнап кетті. Қолдан жасаған сапты аяқ тым дөрекі, ернеуі ауызға азар сыяды. Өзіне өңез де тұрып баққан екен, әйтеуір жуырда жібімес, кеуіп қалыпты. Бүгін судан басқа нәр татпаған кербез, сыпайы Сары көңірсіген қою сүтті борп-борп ұрттай отырып:

— Тәтті-ақ! — дейді.

Аяқ босағанша Сәмет шынтақтай жатып сыбызғы тартты. Жай қурайдан, күн қағып жалақ болған қойшының жаман аузынан шыққан нәзік үн әсер еткені сонша.

— Япырау мұны қай жеріңе тығып жүргенсін! — деді Сарыбала тақданып, — қойшы емес, тойшысын ғой нағыз. Таста қойды!

— Той менің не теңім! Айдалада жүріп іш құса болған соң ішімді осымен босатам.

— Абайды қайдан білесің Татьяна ғой жаңағың?

— Ешкімді білмеймін. Ақметбектен естіп едім, есімде қалып қойыпты.

— Тағы тартшы!

Сәмет Нармамбеттің «Сарыарқасын» тартты. Бұның да кімдікі екенін білмейді. Сыбызғы үніне сүйсіне отырып Сарыбала шешіле бір сөйледі осы арада:

— Түздегі сенің ішің пысқанда ауылдағы менің де ішім пысады. Сенде сыбызғы, менде мына боз болмаса жарылар ма едік, қайтер едік? Басқа ермек жоқ қой. Ауыл маран кейде мола тәрізді не иесіз қора тәрізді көрініп кетеді. Мал да, қызық та бірен-саран ауылдарда. Олар құлынын шыңғыртып бие байлайды, бұғалық тастап қашаған ұстайды, кер айылдап асау үйретеді. Қымызға қызып алған соң ән шырқайды, балуан күреседі, ат жарыстырады. Дойбы, тоғыз құмалақ, шылдақана, қыз ойнақ, ас пен той... бәрі сол ауылдардың маңында. Біз оларға көз сүзді, кірмеміз. Басына шығып көңіл көтеретін тым болмаса бір тау жоқ. Суына түсіп кірімізді кетіретін өзен не бір кел жоқ. Бүкіл Сарыарқадан құдай қонысқа да жарытпапты. Жалаңаш, жадағай құлазыған дала, құлазыған қоңыр ауылдар сонда да көзге ыстық. Сағынып келесін. Сағынышың басылмай жатып қашуға асығасың.

— Неге?! Неге?!

— Ұрлау, зорлау, зарлау көп. Басқасын былай қойғанда, бір Орынбек, Қамен, Мұқтардың ылаңы-ақ осы елді күйзелтіп бопты ғой...

Аз сөйлейтін Сарыбала ойындағысын төге сала атына мінді. Сәмет аттандырып жатып:

— Бір жасап қалдым-ау, жаман жиен! — деп қалжыңдап еді.

— Нағашым сен — отқа сиген Салия болсаң кімге тартып жақсы болам, — деді де жүріп кетті. Жол бойы шомби берді ойына... Астындағы шаңқан боз алдын бермей бәйгіден келеді де тұрады. Біресе байып кетеді, біресе болыс болады. Енді бірде мүдірмейтін шешен, жауырыны жерге тимейтін балуан болып шығады. Қазақ жақсы деген өмір бұтақтарына жас хиял бір-бір қонып ұшты. Көріксіз ауыл көрінгенде ол әдемі хиялдан іштеме қалмады. Әкесі күн сала қарап тұр екен, күлімсірей көтеріп алды аттан. Бастығы Махамбетше болып жиналып қалды ауыл. «Қалай соқтың?!» деп ұтылай сұрап жатыр. Бірі атты, бірі баланы мақтап дуылдасып отырғанда мылтық атылды, ит абалап, шулаған дауыс көтерілді. Далаға жүгіре шықты бәрі. Қотанда ақтың он шақты әскері жүр. Бастаушы қазақ, қылыш асынған, пұшпақ бөрікті сары жігіт екен, қасындағы орыстардан өткен ашалды: «Мен Әлмен Айнабеков!» деп ат ойнатады қотанда. Қарқаралы үйезін шулатқан, тақауда ғана Сарым Аманбектің ауылын шауып, адамын қырып кеткен Айнабековтен жапсарлас отырған Ақмола үйезінің, қазақтары да сілтідей тұнады. Енді сол аты шулы Айнабеков бандиттың жолмен келіп, басқа елге, басқа дуанға бүлік сала бастады. Тұрлыбектің Әубәкірінде бір айғыр үйір жылқы болатын, соны желі-мелісімен айдай жөнеледі. Әубәкір езі үйде жоқ, әйелі балаларын ерте малының соңынан барғанда Әлмен мылтық атып қайырған екен.

— Нe жазығым бар?! Отқа қарап қалғанымыз ба?! — деп зарлаған әйелге.

— Байыңның інісі Қамен біздің елден талай ұрлаған. Соның төлеуін алдым. Оттама! — деп ақырады. Ешкім араға түсе алмады. Мылтық дауысынан кейін иттер де абалауын қойды. Шиеттей үш-төрт баласымен қосыла зарлаған әйел ғана тайталасып, ащы тілін салып-салып алады:

— ... Кегің Қаменде болса ұстапсыңдар ғой кеше, бізде нең бар?! Қақсап қал, мендей! Үйіңе жетпей жұлының, үзілсін! Шаңырағың ортасына түсіп, бала-шағаң тентіреп кетсін! Е, құдай, аруақ, тап! Бар болсаң тап. Әлгі «ақ» дегені осы ма? Қай жері ақ, бұның? Қара бет, қан құйлы, қан ішер ғой өңкей!..

Әлмен шауып алып кете барды. Ауыл енді шабылған үйге жиналып көңіл айтып жатыр. Сарыбала жалғыз қалды. Үй сыртында үйге сүйеніп сұлқ тұр. Әлмен, Орынбек, Мұқтар, Қамендердің лаңы естен шықпай елестеп тұр...

ОН БЕСІНШІ ӘҢГІМЕ

Атақты Нұрлан қайтыс болды. Бай туыстары Ақмола, Павлодар, Қарқаралы — үш дуан елді шақырып ас берді. Екі жүздей ат шапты, алдынан Батыраштың кері келді.

Атақты Тұрлыбай қайтыс болды. Кедей туыстары ас түгілі басына жөнді мола тұрғыза алмады. Ол ескерткішін өзі жасап кетіпті:

«Шіркін Тұрлыбай жігіт еді-ау! От еді-ау!..» деседі жұрт.

Атақты Мекеш қайтыс болды. Ел үндемейді. «Иманды болсын» деушілер некен-саяқ.

«Қаменді жеті дуан айналдырып жіберіпті...»

«Сейфолланың Сәкенің қол-аяғын бұғаулап ит жеккенге айдапты».

«Байсалықтың Нұрмағына жиырма бес шыбық дүре соғыпты».

«Соғысқа алым-салық жинауға тағы да бір топ әскер шыққан көрінеді. «Аққа қарсы» дегенді ұстап, қырып-жойып келеді дейді.

«... Қызылдардан не хабар бар?.. Алаш-орда не бітіріп жатыр?..»

Биылғы жазда бұл ортаның әңгімесі осылар. Кеше Әубәкір келген. Біреу естіген-білгенін айтып, біреу білмегенін сұрастырып, сөз аңдыған, ет пен қымыз аңдыған қазақтың үлкен бір тобы соның маңында жүр. Әубәкір шаруақор кісі. Жүре тыңдап, жүре сөйлеседі. Келе сала пішеншілерін жөнелтті. Бүгін малын таңбалауға кірісті. Малы биыл Қоянды жәрмеңкесінен кейін тіпті көбейген. Ұзын санын ғана білер, түстеп білу мүмкін емес. Сондықтан жылқының мінер жақ қолына үлкен «а. с», сиырдың сыңар мүйізіне кішкентай «а. с» таңбасын басып жатыр. Ауылдан аулағырақ далада үлкен от жағылған. Отты қоршай иірілген қалық мал. Асауларды шыңғырта, өкірте әкеліп таңбалайды. Жылқы асауынан сиыр асауы қиын екен. Сүзеді, өкіреді. Ұйымшыл мақұлық бірі өкірсе бәрі соған анталап отты, адамды басып кете жаздайды. Байдың мал таңбалауы кедей қыздың тойынан кем болған жоқ. Жұрт жинала түсті. У-ду. Біреу атына, біреу өгізіне таңба бастырып әкетіп жатыр. Әубәкір таңбасы басылған малға ұры жоламайды. Әубәкір таңбасын көрінгенге бере. бермейді. Сондықтан «әй, міне мен де бастырдым!» деп қуанған, даурыққан дауыстар естіледі. Ақысыз, пұлсыз асаумен алысып танаулаған, ыстық күнде отқа шыжып таңбаласқан жігіттер мал кімдікі екенін ұмытса керек. Малқұмар қазаққа мал қызығы — жан қызығы. Өзі кедей, өзі даңғой Шөкеш қызықтап жүргенде қызыл бұқа мүйізімен бір лақтырды да, тұрғанша жүгіріп барып кеудесіне міне түсті. Жарып тастайтын еді, Шөкеш әккі екен, тырп етпеді. Жатқан кісіні бұқа, қошқар сүзе алмайды. Дереу айырып алды жабылып. Әубәкір күлкіден ішегі түйіліп құлап қалыпты. Шөкеш екеуі құрдас.

— Жаман иттің атын «алып соқ» қойғанмен алып соға ма! Жаман адамның атын «Мұхаммед» қойғанмен Мухаммед бола ма! Саңқиған танауыңды... — деп күледі. Шөкештің шын аты — Шаймұхаммед болатын. Онымен марқұм әкесінен өзге ешкім атаған емес. Тете інісі Құлмұхаммедті жұрт Құлқат, әйтпесе «сілекей ауыз» дейді. Кенже інісі Досмұхаммедті — Доскен, көбінесе «Шайтан көз» дейді. Діншілдер қанша тықпаласа да шет-пұшпақтап қана енген араб дінің араб тілін қазекең мылжалап-мылжалап өз дегеніне көндіріп алған. Не шаманды, не ісләмді мықтап ұстамай, оларды бірде басына көтерсе, бірде аяғымен таптап кете баратын қазақы мінез — жаңалықты қабылдампаз мінез сияқты. Асауларға қайрат көрсетіп жүрген жігіттерден сол анық байқалады. Шақманның басында қалпақ, үстінде қисық жаға көйлек, «Шайтан кездің» аяғында бәтеңке, Сұлтанның аузында шылым. Қара сақалы омырауын жауып Иса қожа, сұлу мұрт Патық отыр. Патық «шайтан арба» (велосипед) жасаймын, деп әуре, Иса қожа биыл бір десятина пар жыртып тастады. Басында сәлде, қолында тәспі, қасында арық Төлеубай Әбіл халпе келеді. Құран, шариғат оқытатын халпенің алды бос қалды. Арабшаны жаңа әдіспен оқытатын шала мұғалім Төлебайға ауды бала. Бұрын салтта болмаған, енді біреуді күлімдете, біреуді тыржыңдата біртіндей салтқа ене бастаған осындай жаңалықтар толып жатыр. Жаңалық атымен шығыстың, батыстың әсіресе орыстың ескісі де өтіп кетіп жатыр. Қазақ кейде жас бала тәрізді — талғамай еліктей береді, ұмтыла береді. Шақманның қолы босады-ақ қалтада, екі сөзінің бірі адам тұрсын айуанға «дорақ!», «шорту». Бұл Әубәкірді еліктегені. Темірбек қарт шеткері отырғандардың біріне қабағын түксите келіп: «Нар баласы бақырмас болар!» дейді де құлақтан бір тартып кетеді. Бұл, Тоқа Шоңға еліктегені. Қу Құлжанбек, Үді ақсақалдың мінезіне саламын деп, ез мінезінен айрылып қалды. Бұл төңіректегі осындай адамдардың бәрі кәзір Әубәкірді қоршап алған. Қолқабыс тигізіп жүр. Ара-тұра мырзаны күлдіріп те қояды. Ақсаңдай басып Доскей ақын келеді. Қаршадай ғана қара сақалды қарт, мойнында домбыра, аттан түсіп, атын жетелей, сөйлей келеді:

«Менен бұрын Шөже ақын жырлап кеткен:

«Матайдан арыстандай алтау еді.
Ішінде Қыдыр оның бір төбе еді»
Келгенде он жетіге топтан асқан
Махамбетше сол Қыдырдың орнын басқан...»

деп сан жырлаған Доскей бұл жолы жасы үлкен Махамбетшеден бұрын жасы кіші Әубәкірдің қолын ұстады. Әубәкір жаңа байып келе жатқанда пристав апарып атақты Азынабайдың үйін қаттаған. Доскей сонда:

«Жұманға он жеті мың жылқы біткен,
Үш жүзді үш аулым деп Тәті өткен.
Көлдей боп жататұғын дастарқаны
Кешегі Азекеме кім бар жеткен?!
Күн шалған Орта жүзде қара шаңырақ
Қаңғырған қара сартқа болды-ау мазақ!
десе, енді онысынан мүлде өзгеріп қалыпты.
Бармысың есен-аман, Әубәкіржан.
Әкең иман үйреткен елімізге.
Өзіңнің жүрген жерің міне думан,
Құдайым аямастан бере салды
Бұл күнде қарады аузыңа бүкіл дуан...»

деп қақсай бергенде, Әубәкір:

— Болды, болды! — деді қолын көтеріп, — әркімге бір төсеген майлы көпшігіңе зәру емен. Одан да бір жақсы ән салып жібер.

Доскей ән салмайтын. Мырза сұрап, басқалар кеу-кеулеген соң «баяғыда Қызылжарға кіре тартып бара жатып, сусын ішкелі соққанымызда Біржанның ез аузынан естіп едім» деп, «Жамбас сипарды» айтты:

Дегенге біз кәртайдық, біз кәртайдық,
Белгісі кәртайғанның серттен тайдық.
Кәнеки соныменен шыққан мүйіз
Қ.асына сұлулардың көп жантайды.

Әубәкір жасында, кедей кезінде ән салған кісі. Оңашада, жолға шыққанда «Әупілдекті» әлі де жақсы айтады. Доскейді мазақтап селк-селк күле отырып, ол болысымен: — Дәл осылай айтса, сал Біржан сенің сыңарың-дағы! — деді де тұрып кетті орнынан.

Екі иығын кезек-кезек қисаңдатып Бибі келе жатыр. Бибі Сейіткемелдің әйелі, Әубәкірдің шешесі. Шын атын ешкім білмей ме, білсе де атамай ма, әйтеуір жұрт «Бибіке» леп тұрғаны. Сонда да ол жібіген емес. Беті қандай құрысып қалған қасаң болса, ниеті де сол. Кесіп алса қан шықпас кескір сараң. Үйінде судан соңғы мол нәрсе қымыз. Аяқ толтырып қымыз бермейді. Дәретке шыққанда түзге қарамай, үйіне қарап отырады. Кезі тайса-ақ ұрлап, ішіп-жеп қоятындай өзінен өзгеге сенбейді. Күлгенің жадырағанын көрсең айында, жылында бір көрерсің. Бармағын саусақтарының арасынан дамылсыз жылтыңдатып, біреуге ернін шығара, не тырқылдата отыратын, сөзінің көбі — «адырақал», «боқ жеген неме», ұрысқақ, тырысқақ кемпір еді. Байы бұрын үлкен ұстаз, баласы кәзір үлкен бақ-дәулетке ие болған соң осы сұмпайы кемпірдің де ақсақал-қарасақал орнынан тұрып қолын ұстады. Доскей мақтай жөнелді:

«Сайлаған төрт құбыласын Бибекеме,
Әйелде төмен етек жан жете ме.
Көруге ақ дидарың аңсап келдім,
Өзеннен от шайылмай ел кете ме.
Бибеке, сен бір өзен, мен бір шыпшық...»

деген кезде Бибі:

— Адыра қал, боқ жеген неме! Дәндеген екенсің мә! — деп бармағын саусақ арасынан бір жылт еткізді де, оқшауырақ тұрған Әубәкірге барды. — Тамақ пісті. Мынау қаптаған итіңе не жетеді. Шақтап әкел...

— Пай-пай, әже-ай! Анда-санда бір келем ғой, несіне тарыласыз?!

— Қойдым-қойдым. Мен бір қызғыш, сонда да жақпаймын. Асыра Елібайды. Жегені аз еді. Бір Мұстападан өзгесі ұрлап жатыр. Махамбетшенің езі ұры. Ұрламаса қайдан алды сол қойды? Құдай біледі-ау біздің қой, біздің қой...

Бибі «қойдым» десе де қоя алған жоқ. Үйіне жеткенше осылай жыбыр-жыбыр сөйлеп барады. Әубәкір далаға қарап тұр. Кең дала құрттап кеткендей, — быжнаған қой. Анық есебін тек иесі біледі, біреу он, біреу он бес, біреу он сегіз мың десіп жүр. Әубәкір қойға әуес емес-ті. Биылғы жәрмеңкеде қой су тегін болған соң қызығып ала берген. Түнде алты ауыл Елібайдың қотанына бөліп қамайды. Әр қотанды атты екі күзетші түні ұзын ерсілі-қарсылы айналып шығады. Бибекең сонда да «ұрлап жатыр» деп қайғыдан қан жұтуда. Кедей, ұрысы көп жаламыр Елібайдың қотанына қой қамау — қасқыр мен қойды бір қамау сияқты. Ал, мұнша малды қыстан алып шығу одан әлдеқайда қауіпті. Сондықтан Әубәкір осы келгенде Қызылжардың бір байын ерте келіп, бір қой қалдырмастан сатып жіберді. Кәзір жер қайыстыра солтүстікке беттеген қойға қарап тұрғанда, көңілінде тек ақша еді. Ақша сапасыз, үкімет тұрақсыз боп барады. Қайткенде қалтадағы көп ақшаны өлтірмеу керек? Біреу мақтай, біреу қолқабысын тигізе, жағына келген мынау көп, Әубәкірде арман бар ма екен? дейді. Әубәкірдің күрсінгенде көкірегі қарс айрылады. Қолпаштаған жел сездер шаншудай қадалған соң оңаша кеткен. Оңашада да тиыштық ала алмады. Колчак, Алаш-орда үкіметтері жайындағы сұрақтардан шолақ жауаппен құтылған. Енді соларға ақша ұзақ жауап бергізіп тұр. Ақша — сандықта жатқанда салынды басқан апан суымен, қолдан қолға өтіп тұрса қасқа бұлақпен тең. Ақша — үкімет күшейген сайын күшейе, әлсіреген сайын әлсірей береді. Колчак пен Алаш-орданың күшіне онша сенімді емес Әубәкір. Ақшаға сенеді. Сенген ақшасы қызылдар жеңіп кетсе салынды басқан апан суына айналады. Сондықтан ол күрсінеді. Патша құлағалы келіп кеткен баянсыз көп үкімет байдың жүрегін әбдән шайлықтырған. Ақшаны енді қандай үкімет келсе де өлмейтін жұт, жау алмайтын бір іске сіңірсем, деп тұрғанда шыңғырған дауыс ойын бөліп жіберді. Ұзын, шегір көз сарша жігіт арғымақ керді екі құлағынан басып тырп еткізбей шыңғыртып тұр. Бір жігіт шыңғырған көрдің мінер жақ қолына ыстық таңбаны шыж еткізіп басып алды.

— Сені жаман былғары көзден туды, деп кім айтар! — деді Әубәкір сүйсініп. — Ақыңды Жақыппен, Жамалмен теңеймін.

Жақып жаз бойы сексен арбамен кіре тартады. Жамал бірнеше машинамен шеп шабады, егін салып, егін жинайды. Екеуі де әріден келе жатқан малай басылар. Шаруа жайында туған інісі Мұқайдан сол екеуіне көбірек сенеді Әубәкір. Жасы отызға жетер-жетпес, күшке бай, қолы қысқа ұзын саршаны байдың жаңағы бір ауыз жылы сөзі жылытқаны сонша, езуін жия алмай ыржың-ыржың етеді. Қасындағылардың бір де бірі атын атамай «Өй», «Шегір», «Былғары көздің баласы» деп жүрген. Енді «Ырысмағамбет» дей бастады. Бір көзіне былғары байлаған, еңсесі түсіңкі, селдір сақал соқыр қарт еңсесін көтере орнынан қозғалып қойды. Сөз адамды жылытады, суытады. Сөз адамды арытады, семіртеді. Ырысмағамбеттің беті кәзір нарттай. Көзі жайнап кетті. Иесі «айт!» десе ала түсетін овчарка тәрізді.

Балуан Жүсіпбек керінді. Қолында шайнек. Іш дәрет, сырт дәретті алып, далада жалғыз намаз оқыды. Ыстық күнде күпі жамылған, басында ескі түлкі тымақ, аяғында саптама етік, киіз байпақтың қонышы жыртық, қайрылып кетіпті, көйлегінің жаға бауы байланбапты. Ашық омырауынан ұйпалақ-ұйпалақ төс жүні көрініп келеді. Арақ соғып мең-зең еткендей қимылы жай. Үйден шыққан бетте осы жаққа аңыра, аузын аңқайта бір қараған. Енді қарамайды, көзі аяғының басында. Талай аста бас бәйгі алған, жауырыны әлі жерге тимеген атақты балуанның атағына сай тұлғасы жоқ. Орта бойлы, арық, еті шандыр, сіңірлері білеу-білеу. Тіпті жадағай, аңқау, былжыр. Бағана бай үйінде қымызға тойып, ұйқтап қалған. Содан тұрғаны осы. Ол бері беттегеннен-ақ Әубәкір жымыңдай бастады.

— Ей, Әубәкір! — деді Жүсіпбек келісімен. Сирек сақалын сытырлата қасып тұр. — Малды жан үшін жинайды. Сенің жаның мал үшін бе? Тиыштық көрмедің ғой.

Әубәкір жауап қайырмады. Отқа тақау апан құдық бар. «Мынаны артынан келіп ұстай ал да, құдыққа тастап жібер!» деп Ырысмағамбетке ымдап қойды. Ол шап берген кезде былжыр Жүсіпбектің қимылына көз ілескен жоқ. Ырысмағамбеттің аяғы көктен келе терең ете түсті, шан, бұрқ етті.

— Паһ, паһ! Кәрің әлі танбапты!.. — десіп жатыр.

Жүсіпбек шамданып қалды:

— Ақымақ! Ол құрдас. Сен де құрдаспысың?! Айтақтағанға ала түскені несі!

Ырысмағамбет Жүсіпбектің қолын ұстады, аяғына жығылды. Әубәкір көпті бастап үйіне жөнелді...

* * *

Мұстапа үйде. Сарыбала сыртта, үй көлеңкесінде. Екеуінің де қабағы жабыңқы. Бай аулында болып жатқан думанға қатнаспады бұлар. Мұстапа мана Әубәкірге жолығып ренжіп қайтқан. Сарыбала үйдегі әке-шешесінің әңгімесін ести отырып жабығады, далада атасы маңындағы топты көре отырып, аралассам деп қызығады. Ауыл жасы сұңғыла, тесік өкпе келеді. Піспей, жетпей жатып-ақ үлкен білетін жақсылық, жамандықтың бірсыпырасын біліп қояды. Үлкендер соны білдіруге құмар. Сарыбаланың кейінгі кезде ойыннан ойы көбейіп барады. Үйдегі әңгіме одан әрі көбейте түсті.

— ... Заман бір қалыпта тұрмайды. Ауру, ажал жақың. Балаларды қосайық, десем, «мазамды алмаңыз! Бала әлі жас...» дейді. Былтыр да соны айтқан. Неғылған жас! Әйел бала он екіде балиғаға батады. Еркек бала он төртте отау иесі. Сен маған он төртке жетпей қосылдың. Оның баласы он беске қарады. Менің балам он алтыда.

— Әубәкір бізге қыз беруші ме еді, тәйірі! Менсінбейді. Әйелдері танауын көтереді. Өзгесі ұмытса да қараша үйде жалғыз қара бие сауып отыратын қақбастың ұмытатын не жөні бар! Әлі күнге іш тартып, күйеу баласына төс берген, не бір көйлек кигізген жоқ қой. Көрген жерде: «Адыра қал! Жасырынады, күйеу болмақ шығар!..» деп қолын, ернін шығарып қорлайды баламды. Құдай қорласын қақбас итті. Бай құдалары келсе құлын, тай сояды. Сен барсаң бір аяқ қымызды азар береді. Қыз беретін құда сондай бола ма?!

— Ал сонда бермеске амалы бар ма?

— Әубәкір осы күні сен түгілі құдайдан да қорықпайды, Жеті мың жылқысы бар Адамбай — Тұрсын сұрап жатқанда саған неге қыз берсін.

— Құдайдан қорықпаса елден қорқады. «Көп қорқытады, терең батырады». Біз кедей болсақ та рулы елміз. Елібай, Бегайдар, Мұрат қана емес, Алтай болып намысқа шабады.

— Алтай түгілі өзіңнің Матайың бүлк етпес. Әубәкірдің бірі атшысы, бірі асшысы, қоңсысы, шабарманы болып кеткен жоқ па!

— Сөйтіп жүрсе де аруақты, намысты ұмытқан жоқ олар. Жесір дауы қан төгіске дейін апарады. Бір атаның ғана емес, бүкіл ру намысын қоздырады. Әубәкір ақымақ деймісің неге барсын оған.

— Көрсетіп қолынан бермесе де, бір күні «қашып кетті» дей салады. Не қыласын?!

Әке-шешенің бұл өзара әңгімесі Сарыбаланың жанын түрпідей жеді. Талағында бірдеме бар жас қалыңдығынан айрылса ел бетіне қалай қарар? Сондықтан оның кеудесін намыс кернеп орнынан тұрып кетті. Лаулап келеді. «Рулы елді жалғыз үйлі сарт қалай басынады? Ақбоз атқа ер салып, ақ табан сойыл қолға алып талтүсте ауылын бір шапсам!.. Шаптыра ма бірақ? Ұлыққа, әскерге, оққа қалай қарсы барам? Бәрі оны қорғайды! Жасырын келіп Әубәкірдің өзін пышақтап кетсем қайтеді?! Әйтпесе, Дубровскийше бар дүниесін бір түнде өртеп жіберсем қайтеді?!.. Өзіміздің Мекеш, Қамендер қашқын болып жүріп те бірсыпыра өмір сүрді ғой. Қорлықтан қашқындық артық» деп ауылдан ұзады. Намысы арындап талай жарға, талай тасқа соқты. Бір кезде орамал түсті есіне. Төс қалтасында төрт қабаттап бүктеулі ақ торғын орамал жатыр, бұрыштары кестелі, бір шетінде «Бәтима» деген жазу бар. Бәтима — қалыңдығы. Бұдан бірнеше күн бұрын, Бибі ұзатқан қызына кеткенде Назым отауында Қалыңдығымен кездескен. Назым — Әубәкірдің момын, іштеме билемейтін ортаншы інісі Мұқайдың әйелі. Сарыбаламен шөбере, әрі жеңге, әрі апа. Жалаң Назым емес, жалшы, көршілердің тіпті Бибінің жалғыз ағасынан туған кедей қожалардың өзі Сарыбаланы іш тартып жүреді. Бәтимаға ата-анасынан гөрі осылардың ықпалы күштірек. Өйткені, әкесі екі әйелімен, кіші інісі — Мүқаммедиямен заводта тұрады. Бәтима көбінесе ауылда, әжесінің қолында. Әжесінің қаһарынан ба, болмаса жастар» дың ұялшақтығынан ба әйтеуір жазы-қысы бірге отырып екі жас Назым отауында бірінші рет дидарласты. Дидарласқаны болмаса тілдесе алмады. Бірінен бірі ұялып қызарған, терлеген, қырындай отырысып, төмен қарап жер шұқи берген. Уылжыған жас ұятты бұзу — темір торды бұзудан қиынырақ. Бұза алмады жастар. Назым бірінің қолын бірінің мойнына артты да шығып кетті. Ол шығысымен қолдар сылқ етіп қайта түсті. Бақылап жүріп тағы кірді Назым.

— Жаңа туған төл де талпынады, түртінеді. Төл құрлы жоқсыңдар ма. Әлде шамнан ұяласындар ма, ал өшірейін — деді де өшіріп шықты шамды. Үйге жабыса тұрып тың тыңдады. Ештеме ести алмады. Үйдегілер іргеден оның көйлегінің етегін көріп отырды. Айлы түн, жұмыртқадай ақ отау, түндігі жабулы. Сол отаудың ішінде кіршіксіз екі жүрек асау тайдай тулайды. Тек лебіз шықса лап ететіндей, жақындаса жанып кететіндей үндемейді, бір-біріне тақалмайды. Назым сыртта сыбыс күте-күте жалықты. Үйге кірді.

— Танысып, шүйіркелесіп болған шығарсыңдар. Бұдан былай менсіз-ақ ойнап-күліп жүре беріңдер, — деді де, Сарыбаланы шапанымен қалқалап шығарып салды...

Сарыбала ертеңіне қалтасынан кестелі орамал тапты. «Бәтима салып жіберді! Айтпай, көрсетпей, білдірмей қалай салды?! Мені кедейсініп мүсіркегені ме? Өзін байсынып, мақтанғаны ма? Әйтпесе естен шығарма дегені ме?..» деп түрліше жорып жүргенде ата-ананың жаңағы әңгімесі кездесті. Сарыбала енді өзін-өзі сөгіп, қайрап отыр. «...Оңаша үйде түн бойы екеуден екеу отырғанда бір ауыз сөз айталмаған мені жасық, аузын буған өгіз... — деп қалды-ау! Әй, енді кездессе!.. Кездесуім керек. Тіпті тез кездесу керек. Әкесінің ойын айтам. Өзінің сырын тартам. Содан кейін қашқын болсақ та, қырмен, оймен жүрсек те керерміз...» деп ауыл жаққа көз жіберді. Өз ауылы қалпында. Өңкей жамаулы, қоңыр, қараша үйлер. Қой болмаған соң қотан да жасамай, ілгері-кейінді, оздық-создық қона салған. Аз ғана сиыр өрісте, адамдарының кебі қыдырып кеткен кедей ауыл көңілсіз-ақ. Тып-тыныш. Іш пыстыратын тиыштық. Атасының аулы қайнап жатыр... Топ-топ мал, адам, думай... Солардың, ішінен бөлініп үш қыз шықты. Ауылдан ұзаңқыраған соң бірі бөлініп бері тартты. Мұның Сәлиман екенің қалған екеудің бірі Бәтима, қасындағы — жиендері Несібелді екенін Сарыбала бұлжытпай таныды. Сәлиман Бақайдың қызы. Күнінде бір соғып, Бәтима жайында бірдеме айтып кетеді. Бәтимаға да құр бармайтын болу керек. Екі жасты жақындастыруға жанын салып жүрген, бірер көйлекті бұрын тоздырған досы әмән жылы хабар әкелетін. Бұл жолғысы суық:

— Бәтима ертең, қайтады, — деді отырмай жатып. Сарыбала салы суға кеткендей тұнжырап сала берді. Бәтима қалып, сол думанды үлкен ауыл қалпымен көшіп кетсе бүйтіп тұнжырамас еді. Ауылдан жақсы қыз кеткенде әсіресе арман еткен жар кеткенде қай жігіттің көңілі құлазымас!

— Неге қайтады? Неге кеш хабарладың? — деп қынжылды Сарыбала.

— Әкесі жаңа ала қайтам, депті. Өзінің ойында жоқ еді.

— Онда екеумізді бүгін қайтсең де кездестір!

— Бетім-ау, әкесі жатқанда ма?!

— Әкесі бүгін Ботақара жүрмек. Кешікті ғой, қайта алмас.

— Аюдай әжені қайтеміз? Түнде түгілі күндіз көзден таса қылмайды.

— Ондай аюдан мен енді қорықпаймын. Өзім барам.

— Қалай барасың?! Есікке іштен құлып салады. Өзі дәл Бәтиманың кіреуетінің алдына жатады. Кіреуеттің аяқ жағында биік стол, бас жағында шкап. Аяқ басар жер жоқ.

— Ақыр заманды тақамашы! Бәріміз жабылып бір кемпірдің көзін алдай алмаймыз ба? Құлыпты Бәтима ашып қойсын. Ашпаса маңдайшадан түсем, шошымасын. Бүгін кездесуді серт еттім. Азар болса біліп қояр, ұстап алар. Бәріне шыдадым.

— Өзің өжет екенсің ғой. Бұрын қайда жүргенсін?!

— Бұрын ашынбаған шығармын. Ашынсаң амалсыздан өжет боласын екен. Бөгелме, тезірек барып осының бәрін айт.

Сәлиман ізінше кейін қайтты. Әубәкір астында солқылдақ қара арба, жеккені қара арғымақ. Бота қараға бет дүзеп тұр. Ботақара — орыс поселкесі, болыс орталығы. Ақтың жазалаушы отрядының бастығы Волосников бүгін сонда келмек. Оның жүрген жерінен «ойбай!» шығады. Сондықтан Әубәкір бұл маңға соқтырмай, бетін бұрып жібермек. «Капырды жуыта көрме. Жолың болсын!» деген тілекпен қоршаған көп тарай бастады. Күні бойы кісіден жаңа босаған үйге Бәтима кіре бергенде Сәлиман да жетті танаулап.

— Немене, жерден жеті қоян тапқандай?

— Тапқаным қоян түгілі түлкіден қымбат. Бүгін күйеуің келеді қасыңа. Алақай!

— Кет әрі!

— Кұдай біледі келеді!

— Кет, пері!

— Олда-білдә келеді. Есіктің құлпын ашып қойсын, деді. Ашпаса маңдайшадан түсем, деді.

— Ей, шының ба?! Сен жындандың ба, ол жынданды ма?! — дегенде Бәтима құп-қу болып кетті. Әрдайым жаудырап, күлімсірей қарайтын қарасы ден үлкен көзінде, қайқылау біткен ұзын қара кірпігінде күлкіден кәзір нышан жоқ. Ашуланғаны ма, шошығаны ма, талдырмаш, орта бойлы, жібек мінез аққұба қыздың өңі сонша суыған — жіңішке сұр жыланша тіп-тік болып қадала қарап қалыпты Сәлиманға.

— Бар! Тез бар! — дейді оңаша үйде сыбырлап. — Келмесін келмесін! Ұстап алса өлім-дағы!..

— Айттым. Тыңдамайды.

— Бар, тағы айт! Мен жіберді де.

Сәлиман барып қайтқанша Бәтима сан құбылды. Артынан баспалап қарап тұр. Оның аржағында, өзек ішінде сенделіп жүрген Сарыбаланы да көріп тұр. Жаңа ғана «кететінімді бекер хабарладым» деп өкінсе, енді «келмесін» дегеніне өкінеді. «Өлімнен ұят күшті» деген бар. Ұят кәзір махаббатты да жеңді. Әйтпесе «келмесін» дей ме, Бәтима. Оны көруге құмар-ды. Өзі ауызға атын бір алмаса да біреулер әңгіме қылғанда тыңдамағансып отырып, құныға тыңдайтын. Дәретті сылтауратып ұзап далаға шыққанда қарамағансып келе жатып, көзін сол ауылдан алмайтын. «Ол сенің жарың» деген бір соз барлық сөзден ыстық еді. «Мұстапаның Сарыбаспағы» деген әжесінің бір сөзі барлық сезден суық еді. Кір шалмаған ар-ұят Алатаудай болып алдын кесті. Сарыбала содан асуға бекінсе бұл бекіне алмай, бекінбей тағы қоялмай, бір қызарып, бір сұрланып, теңселген кезде Сәлиман кірді.

— Айттым ғой, сөз етер емес. Өршелене түседі...

— Сүйтіп менің абыройымды төкпек пе?

— Қойшы әрі, абыройын, неге төгіледі! Басқа біреу емес, ез күйеуің. Тіпті жан сезбейді. Құлыпты ашып, сықырламау үшін есікті майлап қой. Әжеңнің ұйқысы қатты, құлағы мүкістеу, оның үстіне басын орап жатады. Тай туласа да білмейді...

— Ұят-ай, не деп отырсын! Жоғалшы өзің жоғалшы!

— Ал, жоғалайын. Маңдайшаны бұзып кірсе ұяттың көкесі сонда, — деді де Сәлиман шыға жөнелді.

«Келмейді, әншейін қорқытады. Алда-жалда келіп қалса, масқара-ай!..» деген ой Бәтиманың ішіне кешке дейін ас батырмады. Міне кеш болды. Қараңғы түсті. Ауыл-ауыл дың оттары жарқылдап, төбеттері маңқылдап жатыр. Алтыбақан теуіп ән шырқаған жастардың дауысы естіледі. Қорғалаған ай бір шеті кетиіп белден көтеріліп келеді... Бәтима соның бірін байқаған жоқ, өзімен езі. Бибі құптан намазын оқи сала жата қалған. Бір кіріп, бір шығып мазасызданып жүрген немересінің ішін о да байқаған жоқ.

— Қаңғырған немелердің бірі келіп қалар, жатсаңшы, Бәтеш, — дейді, — есікті құлыпта. Шамды өшір.

Бәтима барды да есікке құлып салды. Маңдайшаны аңқита, үйді сықырлата Сарыбала кіріп келе жатқаны елестегенде, құлыпты қайта ашты. Есіктің топсасын, табалдырық, маңдайшасын майлады. Сонда да «шамды жағып қойсам, қалай келеді?..» деп тұр еді, көрпе астынан кемпірдің дауысы шықты:

— Шамды өшір. Құрттың ғой, кәресінді!

Шам ешті. Үй іші тым-тырыс. Кемпір жерде, ұзаққа бармай пыс етті. Бәтима кіреуетте, шымылдық ішінде, көзін зорлап жұмғанымен кірпігі ілінбей қойды. Тышқан қыбырласа да елеңдеп есікке қарайды. Өз жүрегінің дүрсілі ат аяғының дүрсілі болып естіледі. Жаны мұрын ұшында. Сонда да қызығынан азабы, азабынан қызығы тәтті сол уақыттың әр минутін жай уақыттың жылына балап алар едің-ay, әттең беруші жоқ! Айдың әлсіз сәулесі бір кезде босаға саңлауынан біреу өткенін көрсетті. Бәтима тұла бойы шымыр етіп, «сол!» деді. Иә, «сол». Киіз есікті жамыла тұрып, аз ғана тың тыңдады. Құлағы қандай естімпаз! Кемпірдің болмашы пысылын ести сала, қос ашпалы есіктің дереу бір жағын ашып, босаға аттады. Көйлек-дамбалшаң. Көйлегінің жеңің дамбалының балағын түріп алған. Жалаң аяқ. Тоңбай, қорықпай дір қағады. Сонда да аяғының тықыры, демалысы сезілмейді. Бұрын бас сұқпаған үйдің қай жерінде не бары белгісіз. Тек сырт айтумен жобалап, ши жағалай келді де, кемпірге жете кідірді. Кемпір емес, кіреуетпен екі арада қара жылан жатқан тәрізді. Аттап өтсе тілін салып қалатындай, айналып, кіреуеттің аяқ жағынан барса, бірдемені салдырлатып, оятып алатындай, қайпақтап тұрып-тұрып ырғыды бір мезгіл. Мысықтай шапшаң, епті екен, ұйқтап жатқан Бибі түгілі ояу Бәтима қасына қалай келгенін сезбей қалды. Көрпені бастарынан асыра жамылып, тілдері күрмеліп, дір-дір етеді екі жас. Діріл басылып, бой үйреніп, ауызға сөз түскенше қысқа түн қысқара түсті. Сарыбала содан қысылғандықтан:

— Ертең кетеді, деген соқ жолығып қалғалы, жүректегі бір күдікті айтып қалғалы келдім... — деп тақала берді. Сөздің басталуы қиын. Басталып еді тойпаңдары тез жазылып, сөзден сөз туып кетті.

— Қандай күдік? — деді Бәтима.

— Ел аузындағы бір есек екі жылдан бері басылмайды. Сені Байтұрсынның баласына бермек болғаны рас па?

— Кісі салғаны рас шығар. Бермек болғанын білмейім.

— Әгәр бермек болғаны рас болса қайтесін?

Бұл сұраққа Бәтима жауап қайыра алмай қиналып жатыр. Қазақ салтында қыз күйеу таңдаған ба, ата-ана құда таңдайды. Олар таңдаған құданың ұлы пұшық та болса бару керек. Бармайтын қыз ілуде біреу ғана. Сондықтан, Әубәкір сияқты әкеден құрық әкетем дей алмай не қасындағы сүйкімді сарыны қиялмай, Бәтима бар үмітін анасына артты:

— Жеңешеме сенем, мені жылатпайды.

— Жеңешеңде не билік бар?! Өзінің көзінен жас кеткен емес.

— Кіші ағатайым, әжем, Мұқай бәрі жеңешемді жақтайды. Үлкен ағатайым олардан асып қайда бармақ сонда?!

— Бізді сәби күнімізден атастырыпты, матапты, Енді, үйренген, есімізді білген шақта айыратын қол кімдікі болса да қырқып тастаудан тайынбаймын. Тек «мен сенікі!» десең болғаны.

— «Мен сенікі!»

Адам дауысы, арба салдыры жастардың құшағын жазды, сөзін бөлді. Сонша болмады, келіп те қалды. Түсіп жатыр...

— Үлкен ағатайым! — деді Бәтима дірілдеп.

Қасында Бақай, Әубәкір кірді үйге. Шам жағылды. Бибі төсегінен тұрып жатып:

— Бақай, есікті қалай аштыңдар? — деп таңданды.

— Ашық екен.

— Қойшы! Пай-пай, қызы құрғырдың ұмытшағы-ай! Құлып салуды ұмытқан ғой. Қап, біреу кіріп бірдемені алып кетті ме, ішіп кетті ме, қайдан білерсін енді! Қайсыбірін түгендерсің! Есікті құлыпта, шамды өшір, деп көзім ұйқыға барғанша қақсадым-ау!..

— Апыр-о-ой, қойсаңшы, әже! — деді де Әубәкір төрге төсек сала бастады. — Қымыз қалса бізге қымыз бер. Басқа тамақтың керегі жоқ.

Қымыз ішкен соң Бақай ез үйіне кетті. Бибі қолына сирек түсетін аласымен осындай оңашада бір сырласып қалмақ болып жақындай түсті. Әубәкірдің қабағы салыңқы, төсек үстінде тұнжырап отыр. Желке майы шалқайтпай, бұғақ майы еңкейтпей басын кекжите ұстайды. Буырыл тартқан қарашұбар, ұшын қырққан қаба сақал, ала көз байдың осы отырысы жемтікке тойып жусаған күшігенге, алдындағы шүйкедей шешесі тоя алмай телмірген қара қарғаға ұқсайды. Бірақ, «ұқсайды» деп ешкім айта алмайды. Айтпақ түгілі аттарын атаушы кем. Бірін «мырза», бірін «Бибіке» леп жұрттың көбі жорғақтай келеді. Сарыбала үлкен енесін, атасын жақыннан көріп, тыңдағаны осы. Қапелімде Бәтимадан әрі қорқып түс киізге талақша жабысқан. Енді жүрек тоқтатып сығалап жатыр...

— Боқ жеген немең не айтады? Заман тынышталатын ба? — дейді Бибі. Әубәкір күрсініп қайырды жауапты:

— Тиыштық қайда! Қырқысып жатыр.

— Қай жағы жеңетін түрі бар?

— Кім біледі? Ақтар бір-ақ тарпимыз, Жапон, Американдар, барлық бай, күшті мемлекеттер бізге болысып жатыр деген еді. Қызылдар бой бермей тұр ғой.

— Қызылың әлгі қойшы-қолаңдар ма?

— Иә.

— Көтек-ау, олар жеңсе құртады да! Көзірдің өзінде оңған бір малай жоқ, көзің тайса ұрлайды. Қойды сатқаның жақсы болды, жеп құртатын еді бұл ел.

— Қойды ғана емес, ірі қараның да күш, сүт бермейтінін сатамын. Мал деген айдаса жаудікі, ысқырса желдікі — сенімді байлық емес қой. Қала байлары зауат-пәбірік ұрпаққа қалатын мекен-жай салдырады, алтын басады.

— Азекең үйінде бір түйе мойнақ алтын бар, деседі. Қалың малға алтын сұра. Айтпақшы мына сона көз Мұстапаны қайтем, маза бермейді. Емексітпей, күдер үздіріп қоймайсын ба?

— Күдер үздірмеу керек. Күдер үзсе жауласады. Ауыл үй отырып, жауласудан жаман жоқ.

— Бетім-ау, сонда сіңірі шыққан Мұстапаға бала бермекпіз бе?!..

— Әже! Сөзде сенің нең бар?! Шаруада сенің нең бар?! Қолыңды жылы суға малып жатсайшы тек.

Бибі екі иығын кезек қиқаңдата орнынан тұрды. Сол бетте қолына шайнек алып тысқа шығып кетті. Тан, сызаттап келеді. Әубәкір шамды өшіріп жатып қалды. Осы бір қағаберісті пайдаланып Сарыбала үйден оқтай атылды.

ОН АЛТЫНШЫ ӘҢГІМЕ

Сарыбала тіпті оңай үйленді. Қалай оңай бола қалғанына езі түсіне алмай хайран. Қайын атасы ауылдан қайтысымен шұғыл өзгерген. Сан сұрағанда бермей жүрген қалыңдығын, «берем» деп хабарлады. Мал сұраған жоқ. Тек жазғы үйдің кигізін әкелсін, қысқы үйдің қабырғасын тұрғызсын, өзгесін өзім реттеймін депті. Мұстапа қысқы екі бөлмелі үйдің қабырғасын помышпен бір-ақ күнде көтерді. Кигізді ел тегін берді. Кедей Мұстапаға жұрттың бұнша қарайласуы түсінікті. Нағыз жақындарының жаны ашып беріп жатыр. Жай жақындары «жасаулы келін түседі, қарымжысы қайтады» деп беріп жатыр. Ал, Әубәкірдікі не? Сұрағанда бермей келіп-келіп, күрт түскені қалай? Аяқ астынан асығыс қимылдап, заводтың көмегімен он алты бөлмелі тас үй салып алды. Сол үйге кіре қызын ұзатты. Тұңғыш қызға Мұқай, Мұхаммедия, Бибі, тоқал — төрт үйдің де шығарған жасауы бар. Соның бірін бергізбеді. Ол ол ма, туған шешенің жылдар бойы қызына тырнақтап жиған мүлкін үшке бөлгізіп, үштің екісін алып қалды. Сексен арбадан көшкенде баласының отауын артуға бір арба қимады. Құда, күйеуді екі-ақ түнетіп, үшінші күні аттандырды. Мұстапа бай құдасына белгілі Әмір кәрияны ерте барған.

— Ей. Мұстапа! — деді Әмір сонда. — Аузың жаман деме, мына шіркіннің пейіліне ұзамай бірдеме көрінер!

Содан бері бір-ақ жұма уақыт өтті. Әубәкірдің бұнша неге тарылғанын, асыққанын ешкім түсінбей қойған. Енді әркім түсіне бастады. Заводқа ақтың, әскері құйылып жатыр. Жаяулы-жалпылы, атты, арбалы, машинелі — бәрінің сүрені нашар. Аттары арыған, арбалары қираған, зеңбірек машинелерін өгіз, түйе сүйретіп келеді. Сонда да сойқан. Жолшыбай аяқ жетер жердегі ауылдарға аш қасқырдай тиеді. Көлік жылы киім, азық іздегені. Онымен қоймай әйелді зорлап, еркекті дүрелеп не атып тастап барады. Қазақ аулының шошынғаны сонша, түнде бел шешіп ұйқтаудан қалды. Күндіз көз далада. Жарамды көлік мүлік ет, майға дейін тау-тасқа, сай-жыраға тығулы. Өздері «тәйт!» десе үріккелі тұрып, олжа табуға келген азын-аулақ солдатты өлтіріп жібереді. Әгер көбірек келіп ошап қалса, пештің төбесін жауып, иіспен қыратын әдістері тағы бар. Пәленшенің ауылын ақтар шауып кетіпті немесе ақтардың пәлен солдатын өлтіріп жіберіпті, бір үй тола солдат сеспей қатыпты... — деген сияқты ұзын құлақ хабарлардан құлақ сарсиды. Қазақ бұрын қолына ұстап көрмеген соғыс қаруларына — бомбы, винтовкаларға үйір болды. Солардың тілін әлі білмейді. Білмесе де бір керегі болар, деп тығып ұстайды.

Сарыбала бұл күндерде ат үстінде. Аты — Әлдекең үйінің жауыр кер төбелі, ері — желқом. Кигені шоқпыт күпі, жаман тымақ. Жан-жақтан хабар әкеледі. Солдаттар кездесе қалса мына түрінде оны не қылсын, көзге қораш, үйленсе де бала, езі орысша біледі, деп ауыл әдейі сайлап қойған. Кәзір ол бұйрат бетіндегі ез аулында, мая ығында, астында кер төбел күнбатысқа күн сала қарап тұр. Он екі, он бес шақырымда телеграф бағанасын бойлаған қара жол бар. Қарағанды заводын басып, Спасский заводына келетін Ақмола жолы. Ақтар осы жолмен ағылды. Бүгін үшінші күн, бір үзіліс жоқ, жолындағы заводтарға жөнді аялдамай Қарқаралы дуанына беттеп барады. Онда да аялдамай алды Қытай асты, деседі. Із өкшесі Қызылжар. Сонда темір жолсыз, қалың қазақтық ішімен екі мың шақырым шамасы жүреді екен. Жүрген жері долы дауыл соққандай болып қирап қалып жатыр. Октябрь бітуге жақын. Жылда бұл уақытта қар түсіп, қара мал соғымы сойылатын. Биыл қар жоқ, қара қатқақ күз. Қатқақта, тымықта дыбыс тіпті алыстан естілетін көрінеді. Сарыбаланың жіті кек көзі шұбырған ақтарды көргенде, құлағы көп дөңгелектің дүбірін, анда-санда гүрс еткен мылтық дауысын естіп тұр еді. Арт жағынан:

— Балам! — деді біреу. Жалт қарады. Қайнағасы Мұқай екен, қолында орап көтерген салмақты бірдемесі бар. — Балам, мынаны бір берік жерге тыңшы.

— Бұл не?

— Мылтық.

Сарыбала қайнағасымен сөйлесуге ұялады. Аттан түсіп, үндеместен мылтықты ала бергенде:

— Ақырын, аузын өзіңе қарата көрме! — деп шошып тұрды Мұқай.

— Оқтаулы ма?

— Біліп қой, балам, бұл бентопке. Бентопкені оқтамайды, баса берсең өзінен өзі атыла береді. Жай мылтықтың аузына жүз кісі сыйса, бұның аузына мың кісі сыяды. Нағыз қару. Әттең тілін білмейміз. Жаман айтпай жақсы жоқ, зәуеде тінтіп тауып алса өзімдікі дегейсің. Ақтар тапса қызылдарды атуға, қызылдар тапса ақтарды атуға тықтым де. Қорықпа.

— Соған нана ма?

— Нанады. Талай алдағанбыз. Еншалла, ағатайымнан асып ақтар бұл ауылға келмейді, келсе тінтпейді. Сейіткемеловтің даңқы Орынбор, Петрборға дейін кеткен. О құдая, тәубе, бергеніңе шүкір! Алланың жаққан шырағын ақымақ үріп өшіре алмас, — деп Мұқай талтаңдай баса жөнелді. Өзінше Сарыбаладан кеп білгенсіп, ақыл айтқансып барады. Айтқанының бірі өзінікі емес. Әркімнен, әр уақытта құлақта қалған сөз қиқымдарын келсін, келмесін айта салды. Онысы Сарыбаланың есіне алда қашанғы бір қылықтарды түсірді. Мұқай онда кедей, жас жігіт, суыр аулауға шығады. Қақпанына суыр түсіп жатыр екен, іннен суырып алалмай қақпанға шылбыр байлап, шылбырды қара биенің құйрығына байлап тартады. Қақпан-мақпанымен суыр шыңғырып шыға келгенде бие шошып шығып кетеді қолдан. Мұқай жонда жаяу қалады. Ер-тоқым шашылып әр жерде қалады. Қара бие қақпанды текпілеп ауылға келеді. Артқы аяғы қызыл қан...

Мұқай байып, үлкен жігіт болған кезде Тілеужанның Әлиәкбарын ұрыпты. Ұрып жүріп: Спаске зауытын білесін! Ағатайымды білесін! Пристоп Саколопты білесін! Жиырма бес тиынымды неге бермейсің!.. — дегенін Нұрман, Жұныстар бұл ортаға жайып болған. Дәулет біткенмен ақыл не бедел бітпеген осы бишаралау, кейде есерлеу қайнағаның алдында да күйеу сызылып тұрады. Оның әмірін екі қылмай, мылтықты мая астына тыққан соң Сарыбала тағы ақтар шұбырған жаққа қадалды. Көз ұшында қарауытып бір тізбек көрінеді. Тіркескен түйелі қалашы ма? Жалғыз аяқ соқпақпен ауылға шұбай қайтқан сиыр ма? Қарамы он шақты, ілбіп келеді. Сыбыс сезген аң тәрізді ауыл адамы елеңдеп тегіс тысқа шықты. Мұқай атқа мініп үлгірген, «құқ!» десең қашып беруге дайын. Қоңқақ мұрны жұмырық сыйғандай, қара қоңыр беті құп-қу болып кетіпті.

— Салт атты, — деді Сарыбала.

— Онда солдат! Ақтардікі болса қайтып оралам... — деп Мұқай жөнеле берді. Сайға түсіп алған соң артына қарай-қарай жытты. Қорқып бара жатып «қорықпаңдар!», қашып бара жатып «қашпаңдар!» дейді сабаз. Біреу маяға, біреу далаға — өзек, қараған, жыраға тығыла бастады. Тапжылмаған тек Мұстапа. Алдында кітап, ала көлеңке үйінде алласына жалынып отыр. Сарыбала сыртта жалғыз қалды. Ат үстінде, қора тасасында, әлі көз алмай қарап тұр. Қасына Бәтима келді. Еркекше киінген. Екеуі оңашада болмаса, кісі көзінше ұялып әлі сөйлеспейтін. Бәтима қорыққан, алқынған, сонда да ұятты ұмытпастан алақтай сөйледі жан-жағына:

— Неге тұрсың кетейік! ?

— Мен қашпаймын. Жолығам.

— Атай көрме! Алып кетеді не жазым қылады!

— Тәуекел. Жолығам. Сен бас сауғала.

— Сауғаламаймын. Сенімен бірге болам.

Бибі келді үстеріне. Сарыбала тұра жөнелді. Бәтима ұялғанынан «тоқта» дей алмады. Бибі келе соқтықты:

— ... Адам болмассың тегі, адам болмассың! Нең қалды ал, нең қалды! Жаман Төкебайдікіне астындағы үш қабатыңды беріпті. Итке темір не керек оған үш қабат не керек?! Неге бересін! Қисықтың ұлы шәйі шапаныңды киіп кетіпті. Ол неменің қай атасы шәйі киіп еді! Бетім-ау, Қозы-көшке кісі кілем берер ме! Мұстапаның жарымаған жақындарын түгелдесең түгің қалмас. Жынжыма енді, берік бол. Бедіре, шәйнек, шынаяқтарыңды анау дарақы енең мүлде иемденіп алған ба? Дәндетпе, әрі! Жинап ал бәрін. Заман тарылды. Нәрсе қолға түспейді. Айрылма қолыңдағыдан, айрылма! Айырылсаң ез обалың өзіңе, су тамызбаймын...

Бәтимада үн жоқ. Әжесі келген сайын «берме!» деп таптап кетеді. Күйеуі, ата-енесі «бер» дейді. Бермесе еріксіз беретін түрі бар. Өйткені, кеше судан өте алмай тұрғанда қол ұшын берген ағайын, жек жатқа бүгін судан өттім, керегің жоқ, деп Мұстапа түгілі Сарыбала айталмайды. Осы қазақ дәстүрін жақсы біле тұра дүниеқоңыз Бибі қызын күйеуіне, ата-енесіне қайрап-қайрап салады. Құдалар тең болмаған соң, үстем жағы қызын берген соң да үстемдік еткісі келеді. Оған бірақ күйеу көне қойса неғысын. Жаңа Бибі келгенде тыжырынып тұра жөнелгені, оның белгілі пыш-пышынан мезі болған тәрізді. Сол бетімен ол «Ойдағы ауылға» тартты. Көрінген аттылардың беті солай. Аттарының басы салбырап, тырна тізбектеліп, әпенділерше ілбіп келеді. Кәзір әпенде жүретін уақыт емес. Солдат онша болжырамасқа керек. Қазақ қарда болмаса қарада шұбырмайды, қатарласып жүреді. Сонда бұлар кім?! — деп келе жатып, Сарыбала ақыры тапты. Солдат екен. Мылтықтарының аузын төмен қарата асыныпты. Бірінің басында қазақ тымағы. Қайсыбірі бас киімінің сыртынан бөкебай, шәлі ораған. Кигендері ескі шинель, құнысып дірдек қағады. Сақал, шашы бетімен кеткен, аттарының да құр сүлдері қалыпты. Сонда да жолындағы ауылға бөгелмей жолсызбен елсізге бет дүзеді. Сарыбала енді ерсініп, қуып кетті оларды. Ең артта, атын жаяу жетелеп баратқаң солдатпен тілдесті:

— Есенсіз бе?

— Есенсіз бе.

— Жол болсын. Кімсіздер?

— Кімге ұқсаймыз?

— Ешкімге ұқсата алмадым.

— Әскерден босанған солдатпыз. Үйге қайтып барамыз.

— Үйлеріңіз қайда еді?

— Ботақарада.

— Ботақарада?! Фамилияңыз қалай?

— Ұзын Шодырды білемісің? Ана жылы осы жаққа келіп шөп шапқан. Мұстапа дейтін тамыры бар.

— Әбдән білемін. Мен сол Мұстапаның баласымын.

— Мен Шодырдың баласымын! Атым Алексей.

Екеуі қол алысып шұрқыраса түсті. Орыс-жапон соғысынан құр тамтығы қайтқан Шодырға жылқышы Мұстапа кездесіп, үйіне әкелген. Азамат соғысынан құр тамтығы қайтқан Шодырдың баласын Мұстапаның баласы үйіне ертіп жүрді.

— Жеті-сегіз жасар күнімде әкеме еріп сіздің үйге барғамын, — деді Сарыбала. — Кездесуіміз әкелеріміздің кездесуіндей болды. Достығымыз да сондай болғай-ақ.

— Әкейдей болу қайда! — деп күрсінді Алексей. — Әкем орыс-япон соғысында менен әлдеқайда жаман жағдайда болды. Сонда да солдаттық антын бұзбады. Мен антымды бұзып, қашып келем.

— Қашып келем?!

— Иә, поселкелерді басып, жолмен жүруге қорықтық та, даламен, жолсызбен тарттық.

— Кімнен қаштыңдар? Ақтан ба, қызылдан ба?

— Әзір ақтан. Ақтың әскерінде едік, жырылып қалып қойдық. Олар бізді енді қызылдың әскері санаса, ертең қызылдар ақтың әскері санайды. Сонда біздің күніміз не болмақ? !

— Қызылдар қайда кәзір?

— Алды Ақмолаға келген шығар...

— Ақтар қайда қарады?

— Қытайға өтеді. Одан әрі қайда өтерін кім білсін. Жанды қиялмай, туған елді қиып барады. Біз өлсек те ел ішінде, туған жерде өлуге бел байладық...

Бұлар әңгімемен ауылға жетіп, аттан түсіп жатқанда Ықыш пен Тырабайдың Әбүйірі қораның есігінен сығалап тұрды. Екеуі де қанды балақ ұры, Яхиянікінде жатады. Яхия Сарыбаланың немере ағасы, марқұм жақсы Ақметтен қалған жалғыз ұл, ұрылар бастығы. Ықыш пен Әбүйір бұл кезде ақтың осындай шашау шыққандарын өлтіріп дәніккен. Алексейді көргенде:

— Құдай тағы біреуін айдап келді, — деді Ықыш.

— Атын олжалап, өзін екі бүктеп күлге тыға салайық.

— Яхия ауылда өлтіртпес. Былай шыққан соң болсын.

Сарыбала қонағын үйге енгізе сала тысқа қайта шықты. Ақтар асылған жол бойына көз жіберіп тұрғанда Ықыш келді қасына.

— Балақай, мынау орысың кім?

— Солдат.

— Ақтардікі ғой?

— Кәзір ешкімдікі де емес. Ботақарадағы біздің әкейдің тамырының баласы. Аты арықтап, езі қалжырап келеді екен... Тыныққан соң үйіне апарып салам.

— Тыныққан соң езі де тауып бармай ма. Несіне әуре боласын.

— Жалғыз-жарым солдатты өшіккен қазекең өлтіре салудан тайынбайды. Жалғыз жіберу қатер.

Ықыш иығы салбырап, ізінше кейін қайтты. Сарыбала үйге жүгіре кірді. Оған еріп Алексей шықты. Қолында винтовка, белінде бомбы, өңі құп-қу.

— Кәне! Қай жақта?! — дейді даусы қалтырап.

— Былай қара! Әне!

— Иә, солдат! Қуғыншылар! Қолға тірідей түсуге жоқпын. Қайда бекінем, қайда?!

— Маяның үстіне шық та, тығылып жата бер. Мен қарсы барам. Бұл ауылға келтірмеймін.

— Қалай келтірмейсің?!

— Алдаймын. Кердім, былай кетті, деп бетін аударып жіберем.

Кер төбелге міне сала бала тұра шапты. Солдаттар Теңізбайдан шығып, «Құрамаға» келеді. «Құрама» «Елібайдың алты ауылының бірі, жол үстіндегі үлкен ауыл. Бала, кемпір-шал болмаса, адамдары күндіз түгілі, түнде үйден тапқызбайды. Жарамды дүниесінің бәрі тығулы. Солдаттар жетіп, үйді-үйге кіріп жүргенде қотанда қалған екеуге:

— Былай кетті, былай! Әне, анау тауға қарай! — деп «Семіз қыз» жаққа қолын сермей келді

Сарыбала.

— Кім ол?!

— Сіздер іздеген қашқындар!

— Біздің қашқын қолда, — деді де қасындағыға солдат иегімен нұсқады. Екеудің бірі қазақ, қызы екенін Сарыбала жаңа байқады. Қыз он бес-он алты шамасында. Шашы будыраған, киімі ұйпалақ, өңі сынық. Сонда да сұлу сипаты танылып тұр: қазақ аузындағы жұқалаң, ақша бет, оймақ ауыз, пісте мұрынның езі. Жылаумен іскен қарақат көзі әлі отты, қадалса өңменіңнен өтеді. Бірақ қадалмайды. «Аяңдар мені! Құтқарыңдар!» дегендей жаутаң қағады. Аузынан сөз шыққанда, көзінен жас бірге шықты:

— ... Машинесіне салып алып ала жөнелді. Ақмоладан бері асқанда машине сынып қалды. Қарағандыға келгенде бір қапысын тауып қашып едім, қоймастан міне тағы ұстады. Тағы да сол бастықтарына апара жатыр...

— Бұлар қашып барады. Тастап кетер бір жерге.

— Тастамайды, тастамайды! Тастағанда не болдым, тастамағанда не болдым!..

Үй тінтіп жүрген бес-алты солдат бері оралды.

— Анау екеуін неге сөйлестіресің! — деп ақырады біреуі. Қанжығасында қойдың саны салақтап келеді. Бірінің қойнында илеген елтірі қылтияды, енді бірінің мойнында қолдан тоқыған түбіт бөкебай көрінеді. Құнарлы іштеме таппаса да әйтеуір құр қайтпаған. Мінгені өңкей қуандық жылқысы: «Тоқаның қос дөңгелек таңбасы, Сармантайдың тілік, Мұраттың ойық ендері бар. Өздері Ресейдің не алыстағы Сібірдің орыстары. Өйткені қазақ тілінен дым білмейді. Сарыбаланың байқағаны осылар ғана. Солдаттар келісімен қызды ерте жөнелді.

Қыз артына қарай-қарай:

— Қош, құрбым! Қош, қайран ел!.. — деп сарнап барады. Алыстап, қарасы әбдән үзілгенде де дауысы Сарыбаланың құлағында сарнап тұрды, мөлдіреген қара көзі жаутаң-жаутаң қарап тұрды...

— Қайтейін! — деді Сарыбала іші елжіреп. — Ара тұрар халі жоқ. Олар құтырған қасқыр ғой, жегенінен жаралағаны көп.

ОН ЖЕТІНШІ ӘҢГІМЕ

Артын шулатып ақтар кетті. Алдын дауылдатып міне қызылдар жетті. Қызылдар жаңа сөз, қызық-қызық құлық-мінездер ала келді. Бұрын қазақ тілінде жоқ: «большевик», «совет», «буржуй», «тобарыш» деген сөздер енді ауыздан түспейді. «Жемесең де май жақсы, бермесе де бай жақсы», «құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас...» деп тақылдаған ақсақал, «ел ағалары» енді сол сүйген мақалдарын айта алмайды. Бұрын біреулер байлығына мақтанса, енді біреулер кедейлігіне мақтанады. Байдың күні ұрының күнінен қараң: қашып-пысып, тығынып жатыр. Ақ тулы әскерді қуып бара жатқан қызыл тулы әскердің жол бойы: «Жолдастар! Еңбекшілер! Күнің туды!..» дегеніне аузы күйген ауыл бірде аңыра, бірде еліре қарап тұр. Қызыл әскер тек жауын қуып баратқан жоқ. Қазақ ойы баспаған соңыны бұзып, жол салып та бара жатыр. Бұдан екі жыл бұрын дүниені қалтыратқан Ұлы Октябрьдің дүмпуі алыстағы ауылға жаңа жетті. Байы шошып, кедейі еліре қараған көшпелі елдің «бұлар қайтер екен. Байқайық» деген бұқпа ақылы да мол. Қызылдар соны сезіп, салған жерден жалшы, кедей, орташаны бауырына тарта, бай, жуанды нықырта келді. Міне, Әубәкірдің төрінде әскер басы Петров шынтақтап жатыр. Бұдан үш-ақ күн бұрын осы төрде отырған ақтардың бір бастығымен Әубәкір де шынтақтай жатып сөйлескен еді. Қазір тізе бүкпестен қызыл бастықтың алдында сасқалақтай жауап қайырып тұр. Тілмәші — Сарыбала, орысшаға онша емес. Түсінбеген тілін тастап кетеді, түсінгенінің өзін жырымдап жеткізеді.

— ... Болған адамға ұқсайсыз. Қызылдардың тілеуін шын тіледіңіз бе? — дейді Петров. Әубәкір ескі әдетпен:

— Тақсыр, оның мәні бар... — дей бергенде Петров сөзді бөліп жіберді.

— Тақсыр, мырза... деп қолпаштамаңыз! Жолдас комиссар, деңіз. Сіз бен біздің жолдастығымыз шамалы. Сонда да жолдас деу жарасымды.

— Жолдас комиссар! Мені бай, деп діттеген болар. Байлығымнан кедейлігім басым. Әкем Сейткемел түу Тәшкеннен қаңғып келген сарт. Қазаққа кірме. Кірменің күні қарақ. Өзім жалшы болып, Қарағанды жұмысшыларының сиырын бақтым, суын тасыдым.

— Е-е, онда сіз басқа байлардан бір табан жақын екенсіз. Жәрдем етіңіз. Ақсаған, арыған аттарым бар. Жиырма шақты ат керек.

— Комиссар жолдас, мен жылқы ұстамаймын. Кәсібім мал өсіру емес, сауда болған. Оның өзі аз ғана уақыт. Сауданың тиын-сиыны енді түкке жарамай қалды. Көлік дегенде кіре тартып жүрген өгіз бар. Керек қылсаңыз алыңыз.

— Атты қашқынды өгізбен қуып жете аламыз ба, — деді де жымиды комиссар. — Әгәр жылқыңыз бар болып қалса өкпелемеңіз. Бар-жоғына кез кәзір жетеді.

Әубәкір үндемеді. «Көз кәзір қалай жетеді?!» деп мазасы кеткенін алақтаған үлкен көзі сездіріп тұр. Сәлем бере Сәттібай кірді. Жаюлы дастарқанға комиссар не үй иесі кел, деместен өзі келіп отырды.

— Қайдан жүрсін? — деді Әубәкір тіксініп.

— Мен мына жолдастарды ертіп келем ғой, — деп Сәттібай тамағын кенеп қойды. «Жолдастар» дегенде аузын толтыра айтты. Тамағын кенегенде шолақ танауын саңқита жоғары қарады. Пәлдене қалыпты. Нұра бойына поселке түскенде поселкелердің арасына сынаша тығылып көшпей қалған Елібайдың ен, сорлысы еді, кәзір ең нәні тәрізді. Әубәкірдің үстіне батып кіре алмайтын. Енді баса көктей кіріп, етігін шешпестен, ешкім шақырмастан төрдегі дастарқанға барды. Бұнысы шай құйып беріп отырған малай Қалпаққа да ерсі көрінді білем:

— Ісініп келдің ғой, — деп қағыта бастап еді Қалпақ, Сәттібай оны бастырмалап үнін шығармай тастады:

Сен байдың буына ісінгенде, мен қызыл әскердің буына неге ісінбеймін. Итаршыланбай шай құй! Асығыспын, — деді де комиссарға бұрылды. Орыс, украин тілін араластыра, олар жетпесе ымдап әйтеуір төпеп жатыр. — ... Жолдас комиссар, тез аттанайық, тез! Ақтар Қарқаралының коммунистерін қырып кетіпті. Жиналыста отырған жерінде басыпты. Өздері қалжау көрінеді. Ұзай қоймаған шығар... Жолшыбай таяқ тастам ел. Бүгін «Семіз қызды» бауырлай отырып, «Қос ағашқа» жете қонсақ, ертең Қарқаралыда боламыз...

— Бәрі ескеріледі, — деді комиссар. Сәттібай естіп-білгенін айтып шығып кетті. Абыржуы, айқайы жоқ тұңғиық комиссардың ішіне ене алмай, торуылдап Әубәкір отыр. Жауаптан өзі құтылып болмаса да комиссарға бір сұрақ қойды:

— Жаңағы жігітті қайдан таптыңыздар?

— Біз таппадық, өзі тапты. Оны неге сұрадыңыз?

— Ол біздің жердің жігіті. Ойнайтыны қарта, айтатыны өтірік, ептеген ұрлығы да бар. Естеріңізде болсын тек.

— Бәрі ескеріледі.

— Сен қостап қойсаңшы! — деп күңк етіп еді Әубәкір, Қалпақ күж ете түсті:

— Ол қазан бұзар.

Сарыбала «қазан бұзарды» орысшаға аудара алмай бірсыпыра қиналды:

— Он котел портить.

— Не понятно.

— Он драться хочет.

— С кем?

— Он испорченный человек.

— Енді түсінікті, — деді комиссар. — Бәрі ескеріледі.

Есік шықырлайды. Әлдекім сығалап, кіре алмай тұр. Қырау басқан суық бейне бір ағаран, еткенде Әубәкір ұшып барды есікке. Жылқышы ақсақ Рүстем екен:

— Мырза! Он солдат барып жиырма ат-айғырды тізіп әкетті!.. — деді ентігіп. Өз малын әкетсе де осындай-ақ ентігер.

— Жұмысшылардың бір-бір шолағы демедің бе?!

— Деп бақтым. Сенбеді. Таңба пәле болды. Жылқы тіпті таптырмайтын жерде жатыр еді, біреу үстінен түсірді білем.

— Солдаттар қайда?

— Осында келе жатыр. Мен жасырын жетіп, алдын ала хабарлап тұрмын.

Рүстем хабарлап болғанша солдаттар да қораға келіп кірді. Төбесі жабылмаған, қабырғасы биіктеп болмаған жаңа кең қора зеңбірек, пулемет, әскер қазаны, арба, шана, аттарға толы. Ортадан қақпа бөлген, төбесі шатырланбаған екі тас үй әскерге толы. Жалаң бұл үй емес, қызыл полк шағын заводтың шағын үйлерін тегіс толтырған. Мас болған, оқ атқан, әлдекімдерді шулатқан ақтар ылаңының бірі естілмейді. «Қызылдардың жүрген жері қып-қызыл өрт» деген лақап шылғи өтірік екеніне ел көзі ілезде жетіп қалды. Бой тасалаушылар біртіндеп керіне бастады. Тек Әубәкір ғана әлі қысылуда. Қара кісі қорыққаннан бозарып кетіпті. Комиссар оның өтірігін ұстаса да дауыс көтермеді.

— Кәне жоқ екені? — деді тағы да бір жымия күліп. Күлкісі бірақ ашудан ызбарлы. — Өтірік шынды зая кетіреді. Алдаймын демеңіз, бізді алдау қиын.

— Құдай ақыны, комиссар жолдас, бұл аттар менікі емес!

— Таңба да сіздікі емес шығар?

— Таңба менікі болғанмен жұрт басып ала беретін...

Әубәкір сөзінің ақырын күтпестен комиссар қабағын шытынды да орнынан қозғалып кетті. Жарамсыз аттарын ауыстырған соң полк дереу аттанды. Сәттібай оқ бойы алда. Оның артындағы екі-екіден шұбаған көп әскердің алды бел асқанда, арты қаладан шығып болған жоқ. Атағы жер жарған қызыл әскер жай, жуас, ың-шыңсыз бара жатыр. Ақтар өткенде жұрттың көбі бұғып қалған. Кәзір көше толы адам. Ылаудан қорқатын қыр қазақтары именбестен ат үстінде тұр.

— Әй-әй! Әлгі большевиктер осы ма? — деп түйе үстінен төменгілерге тұқырая қарайды бір шал. Ешкім жауап бере қоймады. Бәрінің көзі, көңілі әскерде. Шал күбір-күбір етеді. — ... Әйтеуір ақтар емес. Бөлшебегі ме, қызылы ма қайсы болса да иман жүзді екен. Атаңа ләнет ақтар-ай!..

Әубәкір Петровты жаңа ғана жөнелтіп, өрекпіген жүрегі орнына түсе бергенде осы түйелі шал жетті сампылдап:

— Аманбысың мырза! Мал-жан, бала-шаға, келін-кепшік, қора-қопсы тегіс аман ба.

— Шүкір.

— Мынау көп әскер қайда барады?

— Ақтарды қуып барады.

— Сонда бұлар қызылдар ма, бөлшебектер ме?

— Сұрағам жоқ.

— Мен сұрасам ешкім айтпайды. Сірә қызылдар болар, қызыл ту көтеріп барады.

— Оның саған керегі қанша?

— Әншейін білгім келеді. Күндердің күнінде... жаман айтпай жақсы жоқ дегендей...

— Үйіңнен соны білгелі шығып па едің?

— Жоға тәйірі! Астық іздеп келем. Соғымға жалғыз өгізшемді сойғам. Нансыз болатын емес. Сол өгізшенің терісін алдағы астық бер, мырза.

— Астық жоқ.

— Апырау, биылғы мая-мая астықтың бәрі таусылғаны ма? Онда кездеме берсең де болады. Кездемеге астық табылады.

— Көздеме де жоқ.

— Жай айтасың бар ғой, мырза, бар ғой. Сақтық қыласың ғой.

— Есің дұрыс па, ей, Бәуімбек мен сауданы қойғаным қайда?

— Ә, солай ма?! Неге, қарағым? Жағып еді ғой, ырысың еді ғой? Астапыралла, ырысты тепкенің бе?

— Мынау Қым-қуыт заманда байтал түгілі бас қайғы болып тұрған жоқ па! Өзің ауысқаннан аманбысың?

— Ден сау болса, ішуге тамақ, киерге киім жетсе жұрт нені қайғырады?! — деп Бәуімбек таңданады.

Мына жақта жебелей басып Орынбек келеді. Басында түлкі тымақ, үстінде белін қиып бешпентше істеген қасқырм»» ішік, аяғында биік екше саптама етік. Полиция формасынан нышан жоқ. Ауылдың бір мырзасы сияқты. Келе Әубәкірдің қолын ұстады. Оның қасындағы Сарыбала мен Бәуімбекті елемеді.

— Мырза, мыналардың беті жұмсақ-ау, — деп күлімдейді. Қай күлкі екенін білу қиын. Қуаныш түгілі ыза үстінде де күле біледі. Қаменді атып жыққанда сылқ-сылқ күліп тұрыпты. Әубәкір оған жауап қайырғанша, күн сала қарап тұрған Бәуімбек киіп кетті:

— Айналайын Орынбекжан, азар таныдым ғой. Әлгі ұлық киімдеріңе көз үйреніп қалыпты. Оларың қайда?

— Тастадым.

— Тастасаң таста, жексұрын-ақ еді. Жақсы кездестің, қарағым. «Қиямет күні көршіден» деген бар. Сүйгембаймен ауылдаспын, көршімін ғой. Анада өзің ылауға мініп кеткен соның көкшолағы қайда?

— Қайдан білейін. Қай ылау есімде дейсіз.

— Ендеше сол ат сол күйі жоғалды. Сүйгембай мұжық іздеген жоқ. Кездескен сайын «ініңнен атымды алып бер» деп қояды. Түбіміз Қаракесек болған соң айтады да. Әйтпесе мені Елібайдан кім айырады. Ал, мен кетемін, астық іздеп жүрмін. Титтей ғана мойныңды бұршы...

Бәуімбек енді Орынбекті оңаша әкетіп құлағына сыбырлап тұр:

— ... «Қарына тартпағанның қары сынсын». Бытырап жүрсек те бір Қаракесектің баласымыз. Байқа, қарағым, байқа. Осы елдің сыңайы саған жаман. Бәрін естіп жатам... «Сүйгембайдың атын елден келген бір жақынына міңгізіп жіберіпті», жуырда Тәшекең аулынан ұрланған екі бие сіздің үйге сойылыпты, деседі. Мәгәзін ұрлапты... деген де сыбыс бар...

— Оттай берсін, Бәуке. Орынбек оған айылын жимайды.

— Ылайы мықты бол, қарағым. Қуандық қайырымды ел, арқасы кең ел. Тек дәм-тұзына түкіре көрме. Өзгесін білмейім, Сүйгембайдың атын міңгізіп жібергенің рас сияқты. Ырзалық ал, қарағым. Оның пендеге жазығы жоқ, баласы жоқ, бишара шал ғой.

— Е-е-е, манадан бергіңнің, бәрі жай сөз бе! Сүйгембайдың адвокатымын де. Жарайсың көк төбетім, жарайсың — деді де Орынбек Бәуімбектің сақалынан ұстап басын шайқап-шайқап қойды. Ол:

— Қойдым ойбай, қойдым! — деген кезде қоя берді. Сақалы босаған соң:

— Өзіме де обал жоқ, сөзде менің нем бар еді! — деп Бәуімбек артына қарай-қарай жытты.

Екі ит таласып жатса елемей өте алмайсың. Кез алдындағы екі адамның жанжалын Әубәкір елемеді. Өзімен өзі болып тұр. Оқтын-оқтын күрсініп қояды. Комиссар алдында қаны қашып қуарса, енді Қаны тасып қара-күрең тартыпты. Етженді кісі терісіне сыймай тырс-тырс етеді. Қызыл полк бел асып кеткен. Сонда да сол жақтан әлі көз алған жоқ. Бәуімбекті жөнелтісімен Орынбек келді қасына. Жылпос жігіт.дереу ішіне еніп барады:

— Мырза, сырғақтап, байқастап жүріп жаңа оралдым. Сіз үшін оралдым, — деп насыбайын бір атты, — Қайғырмаңыз. Қайғыдан не шығады? Менің қайғым сіздікінен ауыр. Мықтағанда сіздің дәулетіңізді алады. Менің басымды алуы мүмкін.

— Кедейге кешіреді ғой.

— Сізге де жеңілдік бар. Сүр бай емес, кеше ғана кедейден көтерілген көбең бай, демейміз бе.

— Бәрі мына Петровтай болса жібімес. Ұлықтан бетім қайтқан емес еді. Төбеммен тік тұрып күткенде жиырма ат-айғырымды алып кетті-ау!

— Сол жиырма ат-айғырды қайтарып әкелейін, мені жіберіңіз?

— Қалай қайтарасың?!

— Қайтарам. Ол аттар сіздікі емес, жұмысшылардікі деймін. Жиырма жұмысшының атынан қағаз жасап беріңіз...

Әубәкір түсіне қалды. Орынбекті дереу үйіне ертіп кірді. Қасына жылқышы Рүстемді отырғызды да:

— Екеуіңді оңаша қалдырам. Рүстем, сен аттардың түс-таңбасын айт. Орынбек сен керек қағазыңды жаса. Мөрді өзім бастырып берем, — деді де шығып кетті. Далаға шығысымен Сарыбаланы ауылға жөнелтті.

Қыстың қысқа күні қатын бесіндікке барып қалған. Екі күн, екі түн тынымсыз тігінен жауған жапалақ қар мамықтай үлпілдеп жатыр. Қара жер кәзір шаққан ақ, күнмен шағылысып көз ұялтады. Бітелген жолдың сорабымен Сарыбала жортып келеді. Заводты қоршаған адыр, бұйраттар кейін қалды. Алды кең ақ дала: тышқан, ақтиын, күзен, қарсақ, қасқыр іздерімен шимайланған. Ат ізі көрінбейді. Жазықтың бұл шетіне аңшылар әлі келе қоймапты. Сарыбала аңқұмар. Қан сонарда аңда болмай, заводта болғанына өкінеді. Өкініш арты шытырман ойларға соқты.

«... Комиссар Петров тіпті қатты адам. Атай күтудей-ақ күтті, сонда да міз бақпады. Атайдың жазығы байлығы. Ұрлап, алдап, зорлап байыған жоқ. Саудамен байыды. Сауданың несі әбес?! Адал кесіп емес пе?! Әгәр қызылдар исі байды құртпақ болса, кедей елдің қызығы қанша?! Түсінбеймін. Атайға да түсіну қиын. Өзі аққа жақпын дей тұра ұры, парахор, хиянатшыл Орынбекпен әмпей. Орынбекті абақтыдан босатып алып, Колчак полициясына енгізді. Ол оның орайына атайға жиырма жылқы олжа салмақ. Екеуі де Колчакты қолдады. Колчак елді қан қақсатты. Оның әскері қан, жас ағыза, үйді-үйді тінте, тонай келген. Кетерінде де солай кетті. Қазақтың кіріптар болған соноу қара көз сұлуы есімнен әсте шықпас. Қызылдар бұның бірін істеген жоқ. Бұлардың күйі де онша көрінбейді. Бір солдаты сұрауға батпай, құлағын уқалап, көзін жапалақтата берген соң аяп тымағымды бергенімде, Петровтың лұқсатыңсыз алмады. Қандай тәртіпті, ұятты! Ақтың солдаты бассалып тартып алар еді-ау... Ақтар тұрғанда атайдың маған қыз беретін түрі жоқ-ты. Келе жатқан қызылдардың даңқынан қорқып берген ғой. Қызылдар байға билетпесе билетпесін, тек оларды құртпаса екен, бай қайынның қызығын көрер едік енді...»

Ойына шомған Сарыбала жорта-жорта Бәуімбекке жетіп қалды. Бәуімбек жырық мұрын сары атанның екі өркеші қисайған жаққа қисая отырып ыңылдап барады. Ыңылы ән бе, зар ма айыру қиын. Изеңдеген түйе жүрісі тербеп барады.

— Өгізшеңіздің терісі өтпеді ме? — деді Сарыбала келе.

— Өтсе алып қайтам ба, — деді де ыңылдай берді Бәуімбек.

— Бұныңыз не нәрсе, Бәуке?

— Ішім толғанда осындай бір көйгөйді тартам.

— Көңіл толғанда ма, қарын толғанда ма?

— Ол екеуі неме толады? Шерге толғанда айтамын. Өзің білесін әкем Қибат тоқсан жасында қайтты. Елінен топырақ бұйырмай, Елібай ішіне қойдық. Мен жетпіс астым. Несіне туғамын! Кергенім ылғи бейнет. Құдайым маған бұнша жас, бұнша бейнет бергенде титтей рахатын аяды. Ол аз дегендей қорлағаны батады-ау! Орынбек мана не істеді?! Аппақ сақалымды бытырлатып жатқанда не мырза, не сен «тарт қолыңды»! демедің ғой. Қара жүрек найсап ел ағысының көзі ашық ел жасының көзінше соны істегенде, оңашада не істемейді?!..

Сарыбала жұмған аузын ашпастан қызарып төмен қарады. «Түсінгеніңе рахмет» дегендей Бәуімбек оған жылы жүзбен көз құйрығын тастады да гөйгөйіне баса берді. Жол айрылысына жеткенде:

— Қош, балам, — деді. — Әкеңе сәлем айт. Менің сөзімді түгел айт. Тірі тұра тұрсын. Бұл маңда оның әделетіне ие болатын әзір ешкім көрінбейді.

Күн батып, қас қарайып қалған. Бәуімбек аулына тура тартты. Сарыбала «Құраманы» баса шоқыта жөнелді, ат аяғы ұлпа қарды боратып, ат екпіні тұнық әуені толқытқанда, манадан бері Сарыбаланың көңілін басқан тұман да айығып сала берді. Ол енді өлеңдетіп келеді. Ойында тек келіншегі. Қарсы алдынан алтын табақ ай көтерілді. Төбеде шайдай ашық көк аспан, шыпырлаған, жымыңдаған көп жұлдыз. Жер жүзі аппақ, жұп-жұмсақ. Ауыл малын қоралатқан. Қора есігін берік жауып, қымтанған. Үйге кірмей Бәтима ғана тұр. Екі көзі завод жолында. Уайымы төркіні. Сарыбаланың әндеткен дауысын естігенде уайымын қуаныш жеңіп кетті...

* * *

— Тұр, тұр! Кіші ағатайым шақырып жатыр. Атына мініп, жылы киініп, тез келсін, депті. Тұрсаңшы! Енді қашан?!

Бәтнма маза бермеген соң Сарыбала басын көтерді. Көзі жұмулы, ұйқысын аша алмай отыр.

Одан басқа үй адамы алдақашан тұрып, шаруасына кеткен. Мезгіл сәске түс. Кешегі тып-тыныш көркем дүние бүгін алай-түлей, ақ боран. Айбаты керемет! Айдаһарша ысқырады, арыстанша гүрілдейді. Терезеден бәрі естіліп түр...

— Қап! — деді Сарыбала көзін ашып алып, — есіл ұлпа қарды, сайраған ізді ойран қылды-ау! Оңынан ба жел, терісінен бе?

— Білмейім.

— Далаға шықпадың ба?

— Шықтым. Бірақ байқамаппын.

— Мынадай күнді байқамасаң жан алуға келген әзірейілді де байқамассың.

— Сен мынадай ұйқымен бір көшкенде жұртта қаларсың. Мен тұр-тұрлағалы қашан, әлі отырсын омалып. Мә, киімдерің. Тезірек киін, найқалмай. Күтіп отыр ғой кіші ағатай.

— Бармасам қайтеді осы?

— Бармасаң ат кекілін кескенің.

— Солай ма? Түнде келдім. Бүгін таң атпай жатын тағы қайда жұмсамақ, мына боранда!..

Бәтима бір стақан суық суды мойнына құйып жібергенде ғана Сарыбала төсектен атып тұрды. Тұрғаннан кейін ширақ. Лезде жуынып, киінді де атына мінді. Мұхаммедия, қасында Жамал, екі түйеге бірнеше бума жүк артып, албар ішінде күтіп тұрған, Сарыбала келісімен жүріп кетті үшеуі. Беталыстары елсіз дала. Жол жоқ. Боран түтеп тұр. Қарағанды жазықтық қары қалыңдап, қатайып қалыпты. Аттар оқтын-оқтын омбылап қояды. Мұхаммедия алда, Сарыбала ең, артта, ортада түйе жетелеген Жамал, үшеуі бірінің соңынан бірі шұбап барады. Қайда баратқанын тек Мұхаммедия біледі. Жасы отызға жетер-жетпес кіші мырзаның аузы сараң сыры терең. Баяғының бос белбеу, бобадам мырзаларынша қуанғанда лепіріп, қайғырғанда жапырылмайды. Әмән бір қалыпта. Әттең оқымаған. Әгәр оқыған болса ізгілікте не жауыздықта алдына жуырда жан сала қоймас еді. Кәзір мейлінше шошынған, жаны мұрын ұшында. Сонда да қасындағы жан қияр жақындарына түк сездірген жоқ. Қарсы алдынан қаһар шашқан сұрапыл бетің қарып, көзін аштырмай, басқа-көзге сабалайды, ат-матымен еңсеріп кейін итеріп тастайды. «Қайт! Қайтпасаң жұтамын!» дегендей ішін тарта, аранын аша ысқырады. Қайтпайды жас мырза. Өйткені арттағы қорқыныш бұдан күштірек. Айтпайды жас мырза. Айтпаса да Сарыбала сезеді. Қайын жұрты қызылдарды қып-қызыл өрт деп түсінетін. Қайнағасы сол өрттен қашып келеді. Бет-ауызды мұздақ басып, жер шамасын жолдастары жаңылған кезде ғана тіл қатты ол:

— Қайсың білесің осы тұста суы тартылған бір ескі апан бар еді ғой?

— Мырза-ау, мына боранда алақандай апан түгілі, адырайған адыр табыла ма! — деді Жамал. Қырылдап сөйлейтін, даусы дәйім қарлығып жүретін жігіт еді, қарсы соққан қатты жел естіртпеген соң Сарыбала дауыстады:

— Білмейміз! Басымыз айналып қалыпты!

Мұхаммедия тарта берді. Бір мезгілде аты омырауынан қарға батты. Аттан түсе қалып, алдын байқай сала:

— Дәл өзі! — деп күліп жіберді. Жапан даладағы апанды түтеп тұрған боранда беті биттей аумастан тапты. Үшеуі енді кезектесе бір күрекпен апанды арши бастады. Аршылған жерді жауған қар толтыра береді. Қалың киім ыңғайсыз-ақ. Оның үстіне дене қызуымен мұздақ қатып иліктірмейді. Тез қимылдамаса аршытар емес. Тез қимылдаймын деп үшеуі де терледі. Арши сала түйенің үстіндегі жүктерді апанға тоғытты. Апан аршудан соларды тоғыту қиын болды. Бір буманы үшеулеп азар әкеледі. Бума он шақты. Сарыбала жуан сіңір екеуге ере алмай, аяғын жердей әрең көтереді...

— Шаршадық-ау, жігіттер! — деді Мұхаммедия, апанды жауып болған соң, — іштеме етпес. Қызылдардың қысымы әлі-ақ ұмытылар.

Қайтарда ық әрі жүк жоқ. Жүріс шапшаң — желе шоқырақ. Сарыбала сонда да ауырлап келеді. Мана қызған, терлеген дене енді суыған. Тоңа бастады. Жеңі, омырауы, кірпік, қабағы көк сауыт мұз. Апан ішінде беті бір дыз еткен. Енді сол бет тастай, түк сезбейді. Боран әлі толастар емес. Қас қарая ауылға азар жетті бұлар. Айрылысар жерде:

— Жігіттер! — деді тағы да Мұхаммедия, — қайда барғанымызды, не істегенімізді өзге түгілі әйеліміз білмесін.

Сарыбала үйіне келе төсек салдыртып жатып қалды. Сол жатқаннан тұрмастан үш күн жатты. Екі бетінің ұшы үсіген, қолдырап жарылып су ақты, ашыды. Денесі оттай ыстық. Ұйқылы-ояу жатып сандырақтап қояды. Сандырағы ма, шыны ма, әйтеуір «жаман күйеу қайынсақ» дегенді жиі айтады, сонда да қайда барғанын, не істегенін әкесіне не келіншегіне айтпады. Төртінші күні түн ортасы ауа ағыл-тегіл терледі-ай келіп. Термен қосыла ұйқы басты. Сәске түсте оянып көзін ашқанда кеудесіне өрмелеп келе жатқан күн сәулесін көрді.

— Күн ашылған ба? — деп еді көңілденіп.

— Күн кеше ашылған, — деп ауыз бөлмеден Бәтнма жүгіре кірді. — Қалайысын?

— Тәуірмін.

— Ойпырай, қатты ауырдың. Қатты терледің, қатты ұйықтадың. Бір қорқыттың әйтеуір.

— Кімді?

— Бәрімізді.

— Бәрің де қорқақ екенсің. Мен қауіптенгем де жоқ. Боран не істеп кетті?

— Сенен басқаға іштеме істей алмапты. Батырлықпен бетіңді алдырғаныңды да байқамағансын-ау, — деді де Бәтима сықылықтап күліп алды. — Айтпақшы Орынбектер келді. Солдаттар әкеткен біздің үйдің жылқысын тегіс қайырып әкелді. Зауаттан түнде үлкен ағатайым да келіпті. Осында кіріп шығар. Тұршы, төсегіңді қайта салайын. Шіркін-ай, күннің бәрі бүгінгідей қуаныш әкелсе.

— Иә, сенің көңілің бүгін қуанышқа толы. Әгәр күнде толса бір күні жарады ғой сені.

— Қуанышқа кісі тояр ма?

— Тоймаса жалмауыз болады да.

Екі жас өте көңілді. Сөз жарыстырып, ой таластырып отыр. Терезеден күн түскен шағын бөлме жып-жылы, жап-жаңа. Қорланбаған отау үйде қоқсыған іштеме жоқ, бәрі жинақы. Соғым еті әзір бар, тамақ тоқ. Үш күннен бері сусыннан езге дәм татпаған Сарыбаланың іші жалақтап ас сұрайды. Аузы асты жаратпайды. Кеңілі жылқы етіне соғады. Өз үйі жылқы соя алмаған. Қайыннан сұратуға арланады. Дәулеті төмен, көкірегі жоғары жас бір құмарын қосағына айтып қойды:

— Шіркін жылқы! Мінсең қанат, ішсең шарап, жесең бал, ауырсаң ем.

— Бұның әлі сандырақ па, шының ба?

— Түсінсең шыным. Түсінбесең сандырағым.

— Жылқы етіне көңілің шаба ма?

— Шапса қайтпек едің?

— Үйден алдырам.

— Алдырма, сұрама. Өз маңдайыңа бітпесе сұрап көрген күні құрсын.

Қорада аяқ тықыры, дабырлаған дауыстар естіледі. Сонша болмады есік ашылды. Әубәкір, Орынбек, Мұхаммедия бастаған он шақты адам кірді. Бораннан кейінгі аяз күнде де бірсыпырасы тымақ бауын байламаған. Қызу. Қызулық бірақ арақ мастығынан емес, көңіл хоштығынан. Сарыбаланың халын қысқаша сұрастырып еткен соң өзді-өзі гуілдесіп отыр:

— ... Орынбекжан! — дейді Әубәкір, — ерді кебенек ішінде таны, деген. Мен сені Ақмоланың абақтысында жатқаныңда танығам. Бұдан әрі салмақты Мұхаммедия екеуіңе саламын да тиыш жатамын.

— Салыңыз, мырза, салыңыз, — деп Орынбек басын шұлғиды. Сүзіле қараған жіпсік көзінде күлгір күлкі тұр. Түлкі тымағын алшысынан киіп, оң мықынын таяна отырысында мен-мендік бар. Мырза «Орынбекжан» деген сайын ол қызара бөртсе, шақар Құсайын, тақыр Қасен, тілмар Жұныс сұрлана түседі. Бұл үшеуі Әубәкірді ертеден паналаған, пысықтық, ептілік, қулық, сұмдықты бірінен бірі асырып жүрген ел жігіттері, Әубәкірдің қырғилары. Орынбек бірақ олардың қасында қаршыға сияқты. Сондықтан үшеуі оған қарсы ұйымдаса қойған түрі бар. Бұрын байды бірінен бірі қызғанатын, әрқайсысы өзін жақсы көрсетуге жанталасатын. Енді үшеуі Орынбекті қошеметтей отырып, қағажу қылмақ.

— Япырау, соғысып жатқан әскер жаяу қалып қалай қайырды екен аттарды?! Не сиқырын, бар? — дейді Жұныс. Орынбек басқаның аузындағы сөзін ала қашатын, шапшаң, өткір, шешендікке құмар жігіт. Өзіне дес тиісімен төпей жөнелді:

Сақсымақ, пысықсымақ біреулер кейде қорқақ төбет тәрізді. Қасқыр жоқта ауылды айнала жүгіріп маңқылдайды, сол төбет. Қасқыр көрінсе үйге тығылып мыңқылдайды. Сиқырым жоқ, Жүкесі. Жүрегің мен өнерін, сенімді болса сираттан да сүрінбей етуге болады. Комиссар Петров мені Мәңкүрі-мүңкірден кем тергемеді. Пролетариат революциясы жалшы, жұмысшының бір-бір шолағын сыпырып алу үшін жасалған ба? Бас кессе де, тіл кеспек жоқ, осыңды Ленинге жеткізбей тынбайды жұмысшылар!.. дегенімде командир босап қалды. Өзі хахол екен. Мені түсінбейді деді білем, «қайтарайық» деді Петровқа хахолшылап. Ішім жылып кетті. Петров ашаңды. Қарағанда көзі өңменімнен өтеді. Әгәр өтірігімді ұстаса Қолма-қол атып тастайтын түрі бар. Документтерімді тексеріп болған соң ғана жылы ұшырап:

— Қателестік кешірсін жұмысшылар. Біз Сейткемеліптің жылқысы деп алғамыз, — деді де қолымды ұстады. Солдаттардың ер-тоқымын үйіп тастап, мал қолға тиісімен жыттық. Міне, Жүкесі, бұның аты жанкештілік. Мырзаның асына тойып, атына мінгенде әрқайсыңның екпінің үй жыққандай. Ал мырзаның басына іс түскенде сол екпіндер қайда жүр?

Жұныс жауап таба алмай құр күле береді. Тақыр Қасен мен шақар Құсайын бірін бірі ұтылай сөйлеп жатыр:

— Осы Орынбекті Бек таптырды дегенге кім нанар? Құдай біледі қоспасы бар!

— Олай деме. «Жақсыдан жаман туады бір аяқ асқа алғысыз, жаманнан жақсы туады адам айтса нанғысыз».

— Қысқасынан айтқанда боққа шыққан сүйрік десеңші.

— Не десеңдер о деңдер. Өзім болсам болғаны. Бола алмағанның ермегі — не тегі не ертегі, — деп Орынбек сылқ-сылқ күлгенде, мүдіріп қалған Жұныстың аузына бір сөз түсе кетті:

— «Әр ханның тұсында бір сұрқылтай» деген қайда? Николай, Керинский, Колчак, Совет — бәрінің тұсында да Орынбек сұрқылтай. Бұл не ғажап?!

— Есебін тапқан бес жеп те биге шығады. Мен әзір төрт-ақ жедім, — деді Орынбек, — заман өзгерген сайын өзгере біл. Тірессең мойның сынады.

— Кімнің тарысы піссе соның тауығымын дегенің-ау бұл? — деді де Жұныс сақ-сақ күліп жіберді. Қалжыңдар шынға айналып баратқан соң Әубәкір одан әрі өршітпей орнынан тұрды. Дәмге қараған жоқ. Орынбекті шанасына отырғызып алып, жүріп кетті заводқа.

Сарыбала манадан бергі әңгімені ішіне түйіп жатып, оңаша үйде келіншегіне ез ойын естіртті:

— Әкеңді өңкей пысықтар, бұзықтар қоршаған екен.

Соның біреуі ғана бір ауылнай елді бүлдіріп жүр. Төртеуі қосылғанда әкең түгілі әулиені аздырар.

— Қалай аздырады?

— Олар елді зарлатады. Әкең оларды сүйейді. Сонсоң ел кетеді. Ел кеткен соң ол қулар әкеңнің өзіне салады ауызды.

— Бұның бәрін қайдан білдің? Атайдың айтқанын айтасың ғой? Ол кісі өкпелі...

— Иә, атаңның айтқанын айтам. Атаң бірақ өкпені кекке айналдырмайды. Сенің әкеңнің дәулеті, беделі артық болса, менің әкемнің ақылы, адамшылығы артық. Әкелер жайында осыны жақсы түсінейік. Әйтпесе шатасамыз.

— Құдай шатастыра көрмесін! Ағатайым әйтеуір ұнамайды сендерге, — дегенде Бәтиманың көзінен жас мөлт етті. Сарыбала оған көз құйрығын бір тастап қойып, сұлқ жата берді.

ОН СЕГІЗІНШІ ӘҢГІМЕ

— ... Аумалы-төкпелі күндерде теріс ауытқып кете ме, деп оқуыңнан қалдырдым, шідерлеп ұстадым. Заман енді орныққан тәрізді. Талпынған екенсің кейін тартпайын, балам. Жолың болғай-ақ, жолдасың Қызыр болғай-ақ. Өзіңнен күштіге өзің де соқтыға қоймассың. Өзіңнен әлсізге әлім жеттік істей көрме. Баулынбаған жас ел аралап барасың. Ел аралаған сыншы болады. Есіңнен шығарма, ел одан да сыншы. Дүние шіркіннің жолы қым-қуыт. Ақ жолдан шықпа, шықсаң адасасың. Аштан өлсең де адал өл. Осы айтқандарымды берік ұстасаң тар жол, тайғақ кешулерден, кездесе қалса мансап, дәулет мастығынан аман өтерсің.

Мұстапа баласын осылайша шығарып салды. Баланың бұл қоғам ісіне алғашқы араласуы, ұзақ сапарға алғашқы аттануы. Қайын атасына еріп барады. Атасы контрагент.

Ақмолада былғары заводы бар еврей Гутермахер де контрагент. Беделді екі байды жаңа үкімет алыстағы Қыр елінен салық-мал жинауға уәкіл етіпті. Ол екеуі өзіне тән адамдардан он шақты көмекші ертті. Соның бірі Сарыбала.

Қыс кетіп, жаз шыққан. Көктал өзені «Семіз қыз», «Қос ағаштың» сай-салаларынан аққан қар суын жинап әкеліп «Жарыққа» жайып жіберген. Өзендер тасып алдақашан арнасына түссе де кең «Жарық» кек жайқын су. Арба жүре алмайды, ат бірде шашасынан, бірде тізесінен батады. Бұндай жылы «Жарықтың» шабыны кісі бойы көтеріліп, тығыздығынан машина қақалады. Алпыс үй Елібай жабылғанда жармысың шауып ала алған емес. Елібайлар сондада өзді-өзі шабынға таласып, жанжалдасып жатқаны.

— Қарын тойса да көз тоймайды, — дейді Сарыбала елінің жанжалдары есіне түсіп. Су басқан осы жалпақ қорықтың ортасындағы құртымдай қеңесте жалғыз үй Яхия отыр. Пешінің мойнынан емес, мыжырайған шым қорасының, төбесінен, бүйірінен алай-түлей түтін шығады. Соқпай етіп баратқан Сарыбала ерт екен деп тұра шапты. Бірақ өрт болмады. Ет ыстап жатыр екен. Үш бақан бойы самсыған ет. Айналдырған қазы, қарта, шекке сыймаған соң қарынға тыққан етектей-етектей телшіктер тершіп майы сыртқа шығып тұр. Яхияда жылқы дегенде жалғыз ат бар. Мынаның бәрін ұрлап сойған. Түтін арасынан түтін сасып Зура келеді, көзінен жас, мұрнынан су ағыпты, кірі бес баттам жаулығының құйрығымен бетін сүрткен болады. Қасқырдай өжет, әрі пасық әйел қапылыста келіп қалған қайнысын көргенде кәдімгідей қымсынып:

— Молдажан, аттан түс, түстеніп кет, — деп еді.

— Рахмет, — деді Сарыбала.

Терезеден Яхия шықты. Есік пен терезенің айырмасы шамалы — екеуі де аңқиып ашық жатыр. Яхия көйлек, дамбалшаң, етікті қоңылтаяқ кие салыпты. Соңынан шұбырған бес баланың кісі мейіркеніп маңдайынан иіскерлік бірі жоқ, енесімен бірге сазға аунаған торайлар тәрізді, кірден көздері ғана жылтырайды, қаспақ бет, қара домалақтар. Ішіндегі ересегі он-он екі жаста, саз бет сары Ғаббас кәзірдің өзінде тоқты ұрлап әкеле береді. Сарыбала бәріне жирене қарап тұр. Жалғыз шым қора — елсіздегі апан сияқты, аға, жеңге, бауырлары — ұялы қасқыр сияқты көрінді оған.

— Жолың, болсын. Жүріп барасың ба? — деді Яхия. — Балалары жылап, жанжалдасып маза бермеген соң шешесіне қуып тастады. — Бері жүр. Есіңе біраз нәрсе салып жіберейін.

Ағалы, інілі екеу үйден аулағырақ барып, көк шымайтқа отырды. Яхия насыбайын атты. Денесі күйкі, салақ, салқам болса да жасында топқа түсіп бітеу құндыз, атан түйе алған балуан. Бүркіттей қабақты, мұрынды, көзі отты, жасы қырыққа толып толықсып тұрған кезі. Хат танырлық сауаты бар, құлағы түрік. Ел билеген әкеден жастай қалған. Шешесі — Махамбетшенің әйелі болып отырған ақылды ақ бәйбіше Жамила. Сол кісіден естігені көп. Ұры басымен кейде аталы сөздер айтып тастайды. Кедейге, өз еліне тимейді. Жігіт ұстап, басқа дуаннан, алыстағы рулардан ұрлайды. Арам болса ант берген не антқа кісі ұстатқан емес. Сондықтан өз елі онша жек көрмейді.

— Білал Ақмолада жатыр. Сен былай кеттің. Бақтарың ашылсын. Біріңе артық, біріңе кем тілемеймін, — деді де біраз мүдіріп отырды. Білал Махамбетшенің Жамиладан туған кіші ұлы, шешелес інісі, Сарыбала немере інісі. Сонда да екеуін бірдей көріп сөйледі. — Қазақтың бір жаман әдеті, бір атадан екеу атқа мінсе бірімен бірі күндесіп өтеді. Игілік тұқымын көрмейсің бе. Игілік өзі бүтін тұрғанда менің әкем Мұстападан болыстықты ала алмаған болар еді. Мұстапа туысы Бекқожаның үстінен арыз айтып тұрып, ояздың алдында өліп кеткен. Біздің Матайда әзір бұл сұмдық жоқ. Ынтымақты болыңдар, шырақтарым.

— Яха-ау, біз неменеге таласамыз?!

— Иә, таласарлық бақ, дәулет қалмады. Талас бірақ дүние тарлығынан емес, ниет тарлығынан туады. Зәуеде Білал болыс болып келе қалса, сен кандидат боларсың. Қайын атан, басыңды айналдырып Қоя ма деп, бұл сырды саған әдейі сездіріп отырмын.

— Білал болыстық қуып жүр ме?

— Анада зауатқа келіп Сәбет үкіметін құрған Катшенке, дейтін шешен орыс Ақмоланы билеп тұрған дөкей бөлшектердің бірі көрінеді. Өзі Қосбармақпен, Сейфолланың Сәкенімен Калчак абақтысында бірге отырыпты. Сол кісі Білалды шақырып кеткен. Сәбет тұсында болыс кедейден болмақ. Білал кедей десе кедей, орысша оқыған десе оқыған, оның үстіне камунеске жазылыпты. Игілік тұқымына құдай болыстықты басымен беріп қоймаса Білал осы жолы алып қайтар-ақ! Тек арты тиыш бола қоймас. Мұқтар мен Әубәкір бірігіп Білалдың соңына түседі ғой.

— Әубәкір неге түседі?

— Қаңғып келген бұл қара сарт қара пәле болып жабысты бізге. Асса Матайды, қалды Қыдырды тоз-тоз қылмай тынбайды ол. Тоз болмаған неміз қалды?! Саған қызын берейін деп берген жоқ-ты. Қызылдардан қорқып берген. Осы қызылдардың да мінезі қызық! Келгенде байды тірідей жұта жаздап келді. Енді Әубәкірді жиырма мың қой жинап қайтуға жіберіп отыр. Мұқтар әлі болыс. Қан-құйлы Орынбек тағы да қылыш, мылтық асыныпты...

Яхия үміт артқан інісіне ойындағысын қалдырмай айтты. Інісі үндемейді. Бір құлағынан кіріп, бір құлағынан шығып жатыр ма немесе ішке жиналып тұнып жатыр ма — белгісіз. Өңінен не сөзінен іштеме сездірместен Сарыбала жүргелі қамшысын қолына алғанда:

— Жолың болсың — деді тағы да Яхия, — есебін тапсаң олжаға осы жолы шаш етегіңнен батасын. Қыр елі қағазда жазылғанга қарамайды. Елудің орнына жүз, жүздің орнына мың жинауға болады. Сонда қазынаның да, сенің де асығың түгел. Әубәкір байыған үстіне байи түсетін болды.

— Елді, қазынаны жеп байығанша байымаса қайтеді?

— Жемесе атқа мініп керегі не! Тиыш жату керек үйде.

Сарыбала жауап қайырмастан жүріп кетті. «Жарықтан» шыға сала бұлаң құйрықтатып барады. Көкпеңбек жер беті алуан түсті қызғалдақтармен безеніп, масатыдай құлпырып тұр. Тоғайда бұлбұл сайрайды. Қырда боз торғай оған үн қосады. Жұпар иіс далада жалғыз келе жатқан жолаушыны қошеметтегендей төмендегі көбелектер билесе, төбеде көк құладын қалықтап, қарлығаштар қанатымен сипап өтеді. Алыста көрінген әдемі сағымдардай көңілі тасып ән шырқады Сарыбала. Көңілдің осы бір шағы, қырдың осы бір көрінісі тұра берсе, тұра берсе! Әттең олар шолақ. Сондықтан өмір шолақ. Міне, шырқаған Сарыбала да басыла қалды. Қайнағасы қоңқақ мұрын қара Мұқай келеді. Күйеу бала ұяла тұрып, қайнағасының кездескен сайын бір оқыс мінезін не сөзін байқамай қалған емес-ті.

— Балам-ау! — деді Мұқай анадайдан. Өзінен үлкенді де кейде балам дей салады, — ағатайыма барамысың?

— Иә.

— Жүріп кетті ғой. Мен зауаттан келем, қолымнан аттандырдым. Сені қажы жібермеді дегені қайда?

— Жіберді ақыры.

— Онда төпе де жет. Ағатайым бүгін Жәңгір аулында болады. Білдің бе. Атыңды сол ауылдан қайырып жібер. Иә, қайырып жібер. Ылаумен жүресіңдер. Білдің бе. Ал енді құлағыңды тақашы, бір ақыл айтайын.

Жапан далада екеуден екеу сыбырласу өрескел көрінсе де Сарыбала құлағын тосты. Қайнағасы айтып жатыр:

— Қыр елінде мал көп, шіріген бай. Олжаға қарық боласыңдар. Білдің бе, Кемі бір елу қой айдап әкел де, Қожаның қойына қосып жібер. Білдің бе. Бұтарлап жеп жатайық. Балам, пысысаңшы. бір. Сонау түк білмейтін, түгі жоқ, Нашарбек, Ақбас Жұмабек, Ақанайларға дейін атқа мініп, алдына мал салып алды. Мал таппаған жігіт жігіт пе! Сендей күнімізде ойдан орып, қырдан қырып тастайтынбыз. Міне сәті түсті, қимылдап қал. Білдің бе...

Қайнаға сан рет «білдің бе» леп тұрғанда, күйеу бір рет «білдім» деместен кетті. Жаңа ғана лепірген көңілі басылып, енді езін езі мінеп барады:

«... Яхия мен Мұқайға дейін ақыл айтады! Сонда менің кім болғаным? Қордың қоры, ынжықтың ынжығы болмасам неғылсын. Жасым он жетіден асты. Қаз дауысты Қазыбек он төрт жасында, бабам Қыдыр он жеті жасында топ жарып билік айтыпты. Маған Яхия мен Мұқай үйретеді! Әлде ақылсыз адамдар өзін ақылды санай ма екен! Әкем: «аштан өлсең де адал ол» дейді. Басқа жақындар «жеп өл» дейді. Қалай елу керек? Өлген соң қалай өлгенің не керек? Мен білетін атқамінерде қазаны таза қайсысы бар? Шариғат, мизам қағаз да, әделет деген ауыз да қара қылды қақ жарады. Іске келгенде етпес пышақ тәрізді. Бұл қалай? Әттен, осылардың сырын ашсам, жолымды ешкімнен сұрамас едім-ау!» «Не ол емес, бұл емес, менің де күнім күн емес...» деп Сарыбала ойының ақырын Абай өлеңдерімен жалғастырды. Сопы Аллаярды өзінше бір сарынға салып алып күжілдейтін дәл әкесі тәрізді Абайдың ызалы, шерлі өлеңдерін айтып бара жатыр...

Уақыт тал түс. Күн төбеде. Үп еткен жел жоқ. Тымырсық ыстықта тым-тырағай шапқылап бір белестен сиырлар шыға келді. Малма аяқ, момын жануардың бірінде ес қалсайшы! Бәрінің көзі шатынаған, құйрықтары қоқайғаны алдында не тұрса да тайынар емес, артындағы құртымдай сәйгеден қорқып әбдән тышқақтапты.

— Адам кейде сиыр мінездес, — деп күледі Сарыбала, — бұлар дөп-дөкей болып құртымдай сәйгеден қорқып баратса, бүкіл ел бірлі-жарым бұзықтан қорқады. Қорқақтық әлсіздіктен емес, жүрексіздіктен-ау сірә.

Белеске шыға келгенде аяқ астында үлкен ауыл, қотан толы қой көрінді. Қойларды айқастыра матап тастап, әйелдер сауып жатыр. Сауғанда басқа сауын малындай жай саумайды, желінге жұдырықтай отырып сауады. Екі қошқар егесе-егесе ауыл сыртына шығып кетіпті. Шегініп барып-барып біріне бірі қарсы жүгіреді. Сүзісіп қалғанда иір-иір, ирек-ирек шонжар мүйіздері сарт етеді, өздері екі бүктеледі. Сонда да еш жері сынбайды, жараланбайды, сүзісе береді. Қойлы ауылдың бұл дағдылы көрінісіне қойсыз ауылда өскен Сарыбала таңырқана қарай келіп, ортадағы боз үйге ат басын тіреді. Үйден ашулы еркектің дауысы естіледі:

— ... Қасқыр жесе жемтігі қайда?! Арам өлсе терісі қайда?! Тап Қызыл секті, тап! — деп қамшымен тартып-тартып жібереді. Сол кезде ересек адам балаша жылап бажылдайды:

— ... Ағатай, ағатай, мырзатай, мырзатай, құдай біледі кеше кешке бар-ды! Түнде қотаннан ұрлады.

— Онда немді күзеттің?!

— Күндіз бағып, түнде күзетуге қажиды кісі. Қалғып кетсем керек.

Он жылдан бері қажымағанда бүгін не албасты басты? Білем, сенде бір желік бар!

— Ағатай-ау, айтып өлтірші, қандай желік?

— Осы үйге мылтығы шошайған біреу келсе жампаңдаса кетесін.

— Ойбай-ау, өздері жабысады. Қашсам да қоймайды.

— Ал, не сұрайды сонда?

— Тіпті сұрамайтыны жоқ. Қожаңның малы қанша, екі әйеліне кезек жата ма, өзіңді ұра ма?.. Деп те сұрайды. Жұмған аузымды ашпай құтылам.

— Жарылқаймыз, дейтін шығар?

— Жарылқаса да аруақ, құдайға шет болып, дәм-тұзыңды қалай аттаймын.

— Аттамасаң қызыл сек қайда, шыныңды айт!

Сарыбала кіріп келгенде жанжал басыла қалды. Шапаны мен тымағы болмаса, киімінің бәрі орысша, көк көз сары, жас жігіт қазақтан гөрі орыс, татарға ұқсайды. Шоқша сақал шомбал қара қолындағы қамшысын тастай беріп:

— Жоғары шығыңыз, — дегенде, күпісін айналдыра киген жалақ шұбар ыржия күліп жіберді. Іштеме болмағандай екеуі бірден жайраң қағады. Бірінікі шын, бірінікі күлгір жайраң екенін қонақ сезіп отыр. Олар қонақты көп уәкілдің бірі ғой деп отыр.

— Жол болсын. Танысайық, — дейді үй қожасы шомбал қара. Қонақ жай жолаушы екенін айтып, руын, аулын атағанда біле қойды. Мұстапаны білмеді бірақ. «Әкем өзі Меке, Мединеге дейін барғанда, атағы түстік жерге бармаған ба?» деп Сарыбала ішіне бір түйді. Шомбал қара бұдан әрі қымсынған жоқ. Қонағын шопақ құрлы көрместен жалшысына әмір еті:

— Бар, қатындардың бірін шақыр. Мына балаға ас ауыз тигізсін, — деді де босағада кереге басында тұрған бөтелкемен айналысты. Ұшып кеткен жалақ шұбар қайта кіргенде тағы бір нықыртты оны. — Көк саулық жата береді. Дәуде болса құрттап жүр. Оны ғой көзге шұқымаса көрмейсің.

— Көргенде қандай. Мана далада құртын аршып, жусан тыққам.

— Кар бөлкені де құртқансыңдар. Жүр, бөтелке түбінде бірер тамшы қалған сияқты, тамызайық.

Екеуі шығысымен қоңыр келіншек кірді үйге. Қолында қой сауған ағаш шелек, көйлегін шалбарланып алған. Үсті қақ. Кірлі киім ішінде, ауыр жұмыс астында жүрсе де сергек, мөлдір қара көзі күлім қағады.

— Есенсіз бе, — деп сызылып тұр. Шелектегі сүтін қазанға құйып, аяқ жуып, қымыз беріп болғанша Сарыбала шұқылап аузын сөзден босатпады.

— Бұл үйдің кімі боласыз?

— Оның керегі не сізге?

— Жасырсаңыз қойдым.

— Несіне жасырайын. Әйелімін.

— Тоқал екенсіз ғой. Тоқалды ерінің бауыр етінен жаратады, сондықтан ері жақсы көреді, тоқал бірақ оның жақсылығына жарымайды, деген рас па?

— Сұрай берсе бәрін айта беретін ашық ауыз дейсіз-ау мені.

— Нәзік жеріңізге тиіп кетсем ғапу етіңіз, үй иесінің аты кім? Бұны сұрауға болатын шығар.

— Маңқылдақ аттас.

— Итбай ма, Күшікбай ма, Төбет пе әлде?

— Иә, иә, осы кейінгісі.

— Бұл қай ауыл, қай ел? Сұрастырғанымша отағасы шығып кетті.

— Сіз мені ылғи соныға салдыңыз. Аталарымның атын қалай атаймын.

— Күйеуіңіздің атын атамай-ақ білдірдіңіз ғой. Тағы да тұспалдап байқаңызшы.

— «Дода», «жүн жеп жабағы... деген қалжыңдарды естіген шығарсыз?

— Е-е, Қареке ме?

— Иә, иә. Аулымыз мынау аттас, — деді де келіншек қолының тырнағын көрсетті.

— Тұяқбай аулы атана ма?

— Дәл таптыңыз.

— Сонымен, руыңыз — Қареке, аулыңыз — Тұяқбай, күйеуіңіз Төбет болып шықты. Япырай оп-оңай нәрсені қиындаттыңыз-ау. Біздің жақтық әйелінің де атамайтын аттары бар. Бірақ, оңашада, зәру ретте атап жібереді.

— Оңашада, зәру ретте не істемейді кісі, — деп келіншек күлімсіреді де бір шара қымызды ұстата берді. — Отыруға уақыт жоқ, Қой саууға барам. Қош болыңыз.

— Қоштасуды қоя тұрыңыз. Ат шалдырып, біраз тынығып аттанам.

— Мейліңіз.

Келіншек шығып кетті. Сарыбала жалғыз қалып, үй ішіне көз жіберді. Бір бүйірде жалпақ жер төсек, екінші бүйірде шимен қоршаулы үкілі ақ ботақан жатыр. Төр ежелден қонақтікі. Сонда жаңағы келіншекке орын қайда? Шонжар қара екі қатынды екі жағына алып, ортасында өзі жататын түрі бар. Қос қатындардың талайын көрсе де, мынадай сорақы қылығын көрген жоқ еді Сарыбала. «Айуан» деді ішінен. Қымыз ішіп болған соң, атын отқа жіберіп келіп, тер алдына қисая кетті. Ілезде ұйқтап қалды. Әлден уақытта кезін ашса үйде әлі де өзінен өзге жан жоқ. Қой өрген, қотандағы шу басылған. Күн еңкейіп, аптабы қайтып, бесіндікке барыпты. Тыста, есік алдында келіншек көрінеді. Алдында ескі сары самауыр. Самауырдың оты жанбай бықси береді. Келіншек үрлей-үрлей көзінен жас ақты. Күндесі де жер-ошақ басында. Ол да дамыл-дамыл темір қырғышпен қазан түбін шақырлатып, ірімшік қайнатып отыр. Бәйбіше дерлік емес, отыздың ішінде ғана. Қасындағы үрпе-шүрпе төрт қыз өзінен айнымайды. Төбет отағасы қыздарды місе тұтпай, ұл іздеп, бір жағынан шаруаға қолқабыс іздеп мына тоқалды алған сияқты. Тоқал мен бәйбішенің сөйлесуге кәзір мұршасы келмейді. Сонда да біріне бірі көздерін шатыната ауық-ауық қарасып қалып, тілдерімен түйресіп қалып отыр. Үйдің ашық есігінен Сарыбала осының бәрін көріп, байқап алды да тысқа шықты. Жайылып жүрген атына барды. Аты алдыңғы аяғынан сылтиды. «Бұл қалай?! Ұйқтап жатқанда біреу мініп, ақсатып кетті ме? Әлде тұсамысымен қарғып жүргенде өзін өзі жазым етті ме?..» деп атының аяғын көріп отырғанда ауыл жақтан ащы Дауыстар көтерілді. Жалт қарады. Жер-ошақ басындағы екі күндес жұлысып жатыр. Жанжалды бастаған бәйбіше. Қолындағы қырғышпен тоқалды салып жібергенде, тоқал қырғышты тартып алды. Содан кейін айқаса түсті екеуі. Бәйбіше тоқалдың шәлісін жұлып алды. Тоқал оның жаулығын сыпырып алды. Бірін бірі шашынан ұстап қатып қалыпты. Тілдерімен де салғыласып жатыр:

— Бес саулыққа сатып алған қайыршының, кірменің қызы, құтырайын деген екенсің!..

— Қырық жетіге сатып алған сенің нең артық менен?!..

— Құдайға шүкір төрт балам бар.

— Құдай берсе төрт балаңа бір балам татыр әлі.

— Әркімнен қалған салдақы, бала біте қояр саған!

— Сен етегіңе намаз оқып жүр мең? Кіші қызың қойшының аузынан түскендей. Қыздырма тілімді!..

Мына жақта, белес бетінде мал қайырып жүрген Төбет қатындарының жұлысын көре сала жүгіртіп келіп аттан түсті. Екі қатынның екі бұрымынан қолына орай ұстап, артымен жүре үйіне сүйреп барады. Үйге енгенше шыдамай кезек-кезек қамшылап барады.

— Дыбыстарың шықпасын дегенім қайда! Сендерде де бір желік бар. Советтің желігі шығар. О-маяу! Бұларыңды қоймасаң тағы бір тоқал алып, кездеріңді мүлде ағартам... — деп ұрады.

Сарыбала денесі түршіғе қарап тұр. «Бұлар осыдан кейін де көріседі, күліседі, ә?! Төбет емес, даланың тағы шошқасы ?ой анау!..» дейді Төбетті. Айтса айтқандай. Бәрін ұқсатып отырған, құл, күн, есебінде жүрген қатынды, қойшыны қамшымен ғана жұмсайды. Қамшыны Совет әлі қолынан алған жоқ, басына не малына нұқсан келтірген жоқ, сөйтсе де Советті ол сүймейді. Ең ақыры аты томашаға сүрінсе де, өзі етке қақалса да, Советтің кесірі дейді. Ежелден өзінен өзгеге сене қоймайтын, әйелге, жалшыға қатал болатын. Совет үкіметі орнағалы бұл мінездері күшейе түсті. Қатындарын жаңа өлтірмегенімен өлімші қылатын еді, көршілері жабылып айырып алды. Сарыбала жанжал әбден басылып, арашашылар тараған соң кірді үйге.

Үй іші енді тып-тыныш. Бір де бірі жақ ашпайды. Бәйбіше, тоқал біріне бірі артын беріп, солқ-солқ жылап отыр. Төбет төр алдында. Ашуы қайтқан тәрізді. Сонда да сүзеген бұқаша қарайды. Қысқа, жуан мойны илікпеген соң бүкіл кеудесімен бұрылады. Қап-қара құжбан денесіне жұдырықтай бас бітіпті. Оның қалпымен дерлік бет. Семіз, жалпақ бетінде түймедей ғана мұрыны адырайған лай көзі бар. Сарыбала мана жөнді байқай алмай қалған, енді әбдән байыптады. Төбеттің тұлғасының езі озбырлыққа лайық, ізгілікке икемсіз жаралған екен. Жүруге асықты.

— Отағасы, атым ақсап тұр, аяғын керіп беріңізші, — деп еді, үндемеді Төбет. Әлден уақытта сол үндемеген, түнерген қалпында атқа барды. Аяғын ұстады, жауырынын басып байқады. Іштеме таппаған соң, шашасынан көтеріп тұрып, бәкісімен табанын аршыды да, жер соғарға қадалған кішкентай, үшкір тасты алып тастады. Қонағы рақмет айтып атына мінгенде, ол қолын жайып тіл қатты:

— Орамалы қайда?

Сасып қалды Сарыбала. Қалтасында ақша, бойында басы артық іштеме жоқ. Ат жүргішін ұсынды. Төбет бір жымың етіп, алғалы келе жатқанда қолына берместен, тастай берді де жүріп кетті. Былай шыға сыбап келеді. Бір аяқ қымыздың қызуы алдақашан басылған. Шай дәметкен cap самауырыны жанжалдың астында қалды. Қарны ашты. Оның үстіне ат жүргішінен айрылды. Аштық пен ашу қабаттағанда біреу шарт сынса, біреу шатынамай ма. Сарыбала кәзір жалақтап жан-жағына қарай береді. Ел көрінбейді. Оң жақта бір отар қой қалып барады. Қойыртпақ ішуге солай бұрылды. Қойшы манағы жалақ шұбар екен, шұрқыраса кетті.

— Балақай, жол болсын. Аз бөгелдің ғой біздің ауылда?!!

— Аулыңа енді қасқыр қамағанда келермін.

— Неге?

Қойыртпағың бар ма? Әкелші әуелі.

Қойшы түйесін шөгеріп, қанжығасынан торсығын шешті. Әбден шайқалған, қышқыл ақ қойыртпақты саптыаяқ толтыра ұстата берді. Сарыбала дем алмастан тартып.

— Қаймақ па, қойыртпақ па мынауың! — деп еді, тағы құйды қойшы.

— Ішіп ал, інішегім. Жуықта ел жоқ. Өзіңді жарытпаған ғой біздің мырза.

— Оның қай жері мырза?

— Бай болған соң мырза дейміз де әйтеуір.

— Сол байдан қойшы да болсаң өзің мырза. Бір сыр сұрайын, айтасың ба?

— Сұрап көр.

— Мен аттан түсіп жатқанда сені «қызыл сек қайда?» деп ұрып жатты ғой. Сенен көретін сияқты. Бұрын бірдемең болған ба?

— Құдай ақын, ала жібін аттаған емен. Тек малы жоғалды-ақ бәрімізге бүйідей тиеді. Ал енді бар ғой, інішек, бұл арада ішкім жоқ, қызыл секті құртқан дәл өзінің тоқалы.

— Ол ез малын езі неге құртады?

— Жақсы көретін жігіті бар, шығарып берді соған. Қой күзеткен екеуміз едік ұйқтап қалыппын.

— Тоқалдың жігіті болса, бәйбіше сенікі болса, Төбет те сазайын тартқан екен.

— Қалжыңды қой, інішек қалжыңды қой. Бәйбіше мені не қылсын.

— Қалжың емес. Үйің ойран болып жатыр. Бәйбіше, тоқал жұлысып, бірінің қоясын бірі ашты. Төбет екеуін де сойып салды.

— Енді маған келеді ойбай, маған келеді! Құрыған екем, құрыған екем! Бас сауғала десеңші. Кеттік жүр кеттік! Бөгелмеші, келіп қалады!..

Қойшының Төбеттен қорыққаны сонша, қалш-қалш етеді. Аузына келгеиін айтады. Қойды тастап, Сарыбаламен бірге жөнелді.

— Тоқта! — деді Сарыбала, — қорықпа. Төбет әлі іштеме білмейді. Бәлки келмес те. Тоқал айта алмайды, үйткені өзі былыққан. Басқалар айтып неғылады?! Қойыңды баға бер. Тастап кетсең өзіңді өзің ұстап бергенің. Қойды қасқыр қырса пәленің үлкені сонда...

— Япырай, шын білмей ме, інішегім?

— Шын білмейді. Қатындардың сөзін мен ғана естідім. Бишара осынша қорқып қорлыққа көнгенше босансаңшы. Мұсылмандау бір бай табылмай ма!

— Босатпайды ойбай! Борышынан әлі құтылғам жоқ... — деп қойшы қалай борышты болғанын ұзақ әңгімеледі. Өзі он жасынан жалшы, біреудің жалғызы көрінеді. Көксау әкесі, бүкір шешесі екеуі де қарт. Бір үйлі жанның қарағаны жалғыз қоңыр шолақ сиыр. Шешесі қайтыс болғанда Төбеттен қарызға бір қой алады. Оның артынан іле әкесі қайтады. Суалған соң қоңыр шолақтың бұзауын бермек боп, Төбетке тағы бір бұзау қарыздар болады. Сөйтіп жүргенде қоңыр сиырдың бұзауын қасқыр жейді, өзін ұрлап кетеді. Борыш етерлік іштеме қалмайды. Төбеттің аласысы оған қарамастан есе береді. Қойы қоздап, қозысы тоқтыға, тоқтысы секке, бұзауы торпаққа, торпағы өгізге айналыпты. Соларды еңбегімен өтемек болып қойшы Төбеттің қойын баққалы міне он жыл. Әлі өтеп бола алған жоқ. Қожасы, табынатын тәңірісі бір Төбет. Сөйте тұра оның әйелімен әмпей. «Ынжық адамның бойында да бір батылдық болғаны ма? Әлде елерін білмегені ме? Қайсы болса да, бишара қойшы бар қызығын, сол әйел шығар» деп Сарыбала ат басын бұрғанда:

— Айналайын, аузыңа берік бола гөр, берік бола гөр. Естісе мені өлтіреді! — деп қойшы кейін қайтты.

Сарыбала қойшыдан босанысымен шоқыта жөнелді. Бірақ өзі босаса да ойы босаған жоқ.

Ат екпіні бұза алмады ойын. «Төбеттен қойшы, қатындары өлердей қорқады. Қорқа тұра оны қорлауға батылдары қалай барған? «Бас кеспек бар, тіл кеспек жоқ» болса, нәпсі кеспек те жоқ екен-ау! деп ойын түйген кезде күн батты. Ел қарасы көрінбейді. Жапан далада жалғыз киіз үй тұр. «Бұл қалай? Жападан-жалғыз шығанға шығып кеткен несі? Кім де болса осы үйге қонармын» деп келе жатқанда шәуілдеп сары қаншық қарсы жүгірді. Оның даусымен қара сақал иесі шықты үйден.

— Тақалма, тақалма! — деп қолын сілтейді. Екеуі дауыстап тұрып, анадайдан жөн сұрасты.

— Отағасы, неге жалғыз үй отырсыз? Неге жақындатпайсыз?

— Шырағым, ел үркіп жалғыз тастап кетті. Әулие шығып жатыр. Бес баланың әзірге үшеуін бердім. Екеуі шешесімен қосыла төсекте. Дүниеде не жаман десе, жалғыздық жаман, дегейсін.

— Сізге қандай жәрдем керек?

— Рақмет, балам. Іштеме керек емес. Тәңірі салды, мен көндім. Тек, ел аман болғай-ақ. Жақындама, шырағым, қам шығарсын.

Үй сыртында үш жерде жас қабыр қарауытады. Одан әрі он шақты ешкі тұяқ, екі бұзаулы сиыр, бір ат жайылып жүр. Үйден ықырсыған дауыстар естіледі, күлімсі исі аңқиды. Отағасы дауыс естілісімен кейін қайтты. Cap қаншық соңынан ере кетті. «Әгәр осы кісі бай болса жұрт жалғыз тастап кетер ме еді? Адамға ауыр халде жәрдем ете алмаған ел дәрменсіз бе, рахымсыз ба?» деген оймен Сарыбала да жөніне кете барды. Мана таңертең үйден аттанарда әке не айтты, ауылдан шыға бере ағасы Яхия, қайын ағасы Мұқай не айтты, Төбет аулында, одан соң мына жалғыз үйде не көрді?! Жас адамның кір шалмаған ақ көңілінде қансонардағы іздей-ақ сайрап жатыр бәрі. Соның қайсысы қайда апаратынын біле алмады. Күн қызарып белден асты. Бейтаныс руларға, өлкелерге еніп кетті. Қай тұстан шығарын да біле алмады. Жортып келеді Сарыбала, жортып келеді. Жортқан сайын жерінің алуан түсі, түгін, елінің алуан ойын, сырын таңырқана көре берді, тамсанып қойып толғана берді...

ОН ТОҒЫЗЫНШЫ ӘҢГІМЕ

Ақмола ояз орталығы. Ақмоладан төрт-бес жүз километр жерде Тоқа руының бір тарауы — Тұнғатар жайлауда отыр. Кең жайлау құрттап кеткен бе дерсін. Атақты «Доңыздан» бергі он шақты жылда жөнді жұт көрмеген-ел құжынаған мал ішінде қалыпты. Жер шүйгін, мал күйлі, ел көңілді. Қаладан аулақ ел қауесетке де бай. Ду-ду етеді.

Түнғатар ішіндегі ру басылардың ірісі Құлмағамбет аулының шетіне шаңқан ақ үй тігілген. Ақ үйдің сыртында қара пәуеске, алдында алқа қотан құрған топ. Топ жуан Құлмағамбеттің аузына, Құлмағамбет ақ үйдің төрінде сұлап жатқан Әубәкір, Гутермахерлардың аузына қарайды. Сартау болысы қазынаға жиырма мың қой беруге тиісті, деседі Құлмағамбет Совет үкіметінің уәкілдері Әубәкір, Гутермахермен келісіп, он бес мыңға тұрыпты-міс. Кәзір сол он бес мыңды әр ауылнайға, руға бөлісіп жатқан кез.

— Япырай, Әуке, сіз болмасаңыз маған мынау ел тышқақ лағын да беретін емес-ау! Упродком мені енді аттан көтеріп алатын шығар, — деп Гутермахер күлімдейді. Әубәкір күрсінді. Іштегі шері онымен кемімеген соң біраз сөйлеп ортайтты:

— Аттан көтеріп алса да шымшуын қоймас. Беделімізді мықты пайдаланды, үкімет. Қазақ оңайлықпен мал бере ме. Солдат жіберсе үркер еді, жай уәкілге көнбес еді. Бізге үйріле қалды. Жиырма мың сұрап, он бес мыңға келістік. Қорғады, жеңілтті, деп ел де ырза бізге. Бірақ сол ел мен үкімет біздің ырзалығымызға қарай ма, сірә?

— Сіздерге қарады ғой. Дала байының әзір іштемесіне тиген жоқ. Қала байын тонады. Менің заводымды келген күні-ақ алып қойған.

— Е-е, атанның күні ботаға да туар әлі. Қала байы еткен көмейден дала байы өтпес деймісің. Осы үкімет келгелі бір күн тиыш ұйықтадым ба екен? Қыс бойы жүз түйемен сонау «Екібастан» қазынаға тұз тарттым. Соған төлеген ақысы не айтқан рақметі жоқ. Жаз бойы міне тағы қазына қызметіндеміз. Жаным-ау, енді, не қыл дейді?! Қит етсе «байды — буржуйды қойдай қу қамшымен!» деп ақырады. Біздің, зауатта Совет сойылын соғып жүрген орыс, қазақтың ішінде бір иман жүздісі Райпродком Артишевский болатын. Оны да түбі шикі деп қудалай бастапты. Орынбек, сары Жақып, Нашарбек сияқты сұмдардың тасы өрге домалап тұр. Елді солар күзетсе, қойды қасқыр күзеткені де.

— Орынбекпен жақын едіңіздер. Араларыңыз алыстаған ба?

— Ол опасыз жігіт. Кезі келсе мен түгілі әкесін де сатып жібереді...

Даладағылар дабырласып қалды. Ат аяғының дүбірі естіледі. Атасының сезін манадан бері төмен қарап сұлқ тыңдап отырған Сарыбала жүгіре шықты тысқа. Белден асып, біреу құйғытып келеді. Тебінгенде тақымынан бөрене өткендей. Тымағы қолында, дамылсыз бұлғайды. «Сүйінші, сүйінші!» деп қырылдайды. Сірә «сүйіншілегелі» коп уақыт етсе керек даусы әбден қарлыққан, сөзін азар айтады:

— ... Ақтар Ақ-көлге жетіпті. Қызылдар Ақмоладан кетіп жатыр...

— Кім айтты?!

— Кәдімгі Есеннің Белгібайы айтты.

— Оған кім айтыпты?

— Ортау болысының шабарманы Ақмоладан қайтып барады екен. Сол айтыпты.

— Онда рас болды!..

Дуылдаған көптің ішінен — «тәңірім бере гөр! Айттым бозқасқа!» деген Құлмағамбеттің зор үні өзгеше естіледі. Әубәкір мен Гутермахер тыстағыларға қосылмаса да қуанғанынан жылап жіберді. Бай балалары елеуреп атқа мінді, көкпаршыға серкеш беріп, соңынан ерген желікбастармен додаға түсті. Ел аңыра қарап тұр, нанарың нанбасын білмейді. Бұндай «сүйінші», көкпаршылар сан рет болған, дуылдап, дуылдап басылған. Бұның басылмасын кім біліпті. Қуанары қуанса да Әубәкір, Гутермахер, Құлмағамбет үшеуі оңаша кеңесіп: «Мал жинала берсін. Үкімет құласа қайтып берерміз. Құламаса көзге түсіп қалмалық», дегенді естіртті.

Құлмағамбеттің бөлігі бойынша Әубәкірдің адамдары дереу мал жинауға аттанды. Соның бірі Сарыбала. Қасындағы Атуша дейтін жылпос жігіт ертеректе болыстың шабарманы болған, ел жайына, қулық, сұмдыққа жетік. Шыға бере-ақ Сарыбаланың құлағына құя бастады:

— Барқыға барамыз. Барқы Түнғатар емес, Сайдалы руына жатады. Бір ауылнай ел. Шылқыған бай. Құдай қаласа олжаға шаш етектен батамыз. Тек тізгінді маған бер, шырақ.

— Сонда не істемексің? Екі мың қой жинауымыз керек. Одан арттыруға не кемітуге еркіміз жоқ.

— Сұрыптауға, қабылдауға еріктіміз ғой. Сол жетеді. Біреулер қой орнына ірі қара мал салады. Онысы сегіз қойға тұрса, мен бес қойға шағам. Біреулер тоқтысын үлкен қойдың орнына өткізгісі келеді. Біреулердің үлкен қойы тоқты орнына өткізуге болады. Осылардың үстінде қыруар пайда жатыр. Көріп тұрмын. Қазынаның екі мың қойын жинап берейін. Өз алдыңа елу қой салып берейін. Өз құлқынымды да ұмытпаспын. Айналайын, әйтеуір тежеме. Бұндай жәрмеңке бола бермейді. Заман екі айналып келмейді.

Шамырқана жеп, шартия бір тоймақсын-ау. Жейтінің кім сонда?

— Кім болса, ол болсын. Тамағымнан өткенді талғаман.

— Құдайдан қорқасын ба?

— Қорқам.

— Адамнан ұяласын ба?

— Ұялам.

— Арамнан жиренесің бе?

— Жиренем.

— Бәрі өтірік! Шын болса тамақтан өткеннің бәрін талғамай жұта алмас ең.

— Шырағым, мен жақсылардың қасына көп ердім. Көп көрдім. Тыңда мені...

— Жақсың Мұстапаның Мұқтары ма?! Тыңдамаймын. Әгәр осы жолы біреуге қылдай қиянат етсең, бірге келсек те жеке-жеке кетеміз.

— Құрысын, қойдым онда, қойдым. Нанып қалдың ба соған. Менікі әншейін жол қысқарту үшін айта салған қалжың ғой. Құдай сақтасын мына Совет заманында...

Атуша сөйтіп жалт берді. Сарыбала қумады. Екеуі томсарған күйде бір белге шықты. Белдің қақ түбінде өзен жағалай ел отыр. Ел адамы аттылы-жаяу, үлкенді-кішілі тегіс далада. Қызыл-жасыл киінген әйел тобы жаппай үн қосып, ен жайлауды жайната, күңіренте үйден үйге, ауылдан ауылға қыдырып барады. Аттылар тобы жұлқысып жүр. Құлағанға, мертіккенге түгілі, өлгенге қарайтын түрі жоқ. Ақсақ тай мінген балаға, буаз бие мінген үлкенге дейін далбақтап шауып барады...

— Қыз ұзату тойына кездестік! — деді Атуша. Басылып қалған делебесі қайта қозып, атын бір тебініп қойды. — Бұл жақтың қыз ұзатысы тіпті қызық. Ескі ырым-жырымдары көп. Қазақ намай ел. Көре кетелік.

— Сарыбала үндеместен басын изеді де, дауысқа құлағын тоса түсті. Қақсап келеді қыз. Қоршаған құрбы-құрдасы, жеңгелері дауыс қосып келеді. Бәрінің көзінде жас. Бір қыздың мұңы бәрінің мұңы. Мұңды дауыстар күңіренте берді даланы...

Ақша бір бетім қызылша,
Қара бір шашым ұзынша,
Кіндік кескен қайран ел
Тұрсам еді бір жылша.
Базардан келген үш кілем,
Үшеуі бір түс кілем.
Тірі кетті демесек,
Өлгеннен бұның несі кем.
Есіктің алды қараған,
Ат баурынан жараған.
Айналайын ата-ана
Қабағыма қараған.

Құдай-ау, қызды несіне жаратасың Қайырып қара шашын таратасын. Біреудің әлпештеген баласы едім Қолына әлдекімнің қаратасың.

Біздің екі жолаушы дәл осы той жасап, қыз ұзатып жатқан үлкен қоңыр үйдің өзіне келіп түсті. Үй белдеуінде бір ат тұр. Көзі ғана жылтырайды. Аяқтарының тек тізеден төменгі жағы көрінеді. Өзге денесі кестелі қызыл шұға жабудың ішінде. Жабу сыртынан өмілдіріктеп, құйысқандап күміс ер-тоқым ерттепті. Үзік түндік дөдегелерін қошқар мүйіздеп оюлаған оң жақтағы ақ отауды жыға бастаған. Іші сырлы екен. Сыры алуан-алуан. Оған жалпақ басқұр, тегеріш, терме баулардың әшекейі қосылып, отау сүйегі қызыл кәрлен кеседей әдемі-ақ. Қоңыр үйдің иесі онша дәулетті, салтанатты адамға ұқсамайды. Бір кезде болған шығар, енді солған түрі бар. Ауыл сыртындағы желі, қотандағы көгендер ықшам. Бірақ мынадай ат-тұрман, отау жасау олай-пылай байдың қолынан да келмес. Бұл қалай?! деген оймен жолаушылар есік ашқанда, көздері алдымен үй қожасына түсті. Ол оң жақта, жер төсекте отыр. Қарны іркілдеп алдында — тізесінде жатыр. Жалаң аяқ, көйлек-дамбалшаң күйінде быршып терлепті. Оқтын-оқтын жеңімен сүртініп қояды. Тер тыйылмай шыпшып шыға береді. Құдалар төр алдында, көңілдері даулаған, бірі кекірсе, бірі шынтақтап, енді бірі лепіре сөйлейді. Оң жақтағы күйеудің шымылдығы түрулі, атасына көрінсе де тымағын көзіне түсіре киген, мүлгіп қалыпты.

Жаңа кірген екі қонақ бұлардың әңгімесін бөле алмады. Төменірек отырып, қысқа амандасты да құлақ қойды әңгімеге.

— ... Уа, құдай қосқан, құйрық-бауыр жескен көне құда! — дейді үй қожасы төрдегі дода сақалға кеудесімен бұрыла қарап. — Көңіліңе келгенің, болса іркіп қалма. Әсияжаннан аяулым жоқ, Оны қиғанда қимайтын нем бар. Көңіл жоғары еді, қол қысқа болды. Дәулет шайқалып, бойдан қуат, беттен нұр тайған шақ. Әйтпесе Әсияма екі жорға мінгізбеймін бе. Бірдің өзін азар мінгіздім. Екі үй тікпек едім, бірін де тіге алмай жалғыз ұлдың жаңа түскен келіннің басындағы отауын сыпырып бердім...

— Ырзамын, құда, ырзамын. Құдай өз дәулетімнің қызығын көрсетсін. Байтал түгіл бас қайғы емес пе бұл заманда... — деп дода сақал құда төмен қарап түнере түседі. Қабағы ашылар емес. Оның қайғысын қасындағы қошеметшілері айтып жатыр:

— ... Әрқайсысы жесірлік сол жиырма бес ат, айғырдың бірі қайтпады-ау!

— Онымен кетсе неғылсын. Біздің болысқа он екі мың қой салыпты ғой...

— Бүйте берсе елге мал қоймас.

— Елге емес-ау! Бізге, бізге! — деп дода сақал күрсініп қойып еді, жуан қарын құдасы жұбата жөнелді:

— ... Басы аманның малы түгел. Бас амандығын айт. Анау ала сапыран кезде біреуі атып кетсе қайтер едің...

Құдалардың көңілі қуаныш үстінде де бұрынғысындай лепіре алмады. Бірі мал амандығын, бірі бас амандығын тілейді. Күні батқандар бүйтіп түнергенде, күні туғандар дуылдатып жүр даланы. Міне, қыз-келіншек тобы сыңси келіп үйге енді. Жігіттер тобы аттарын омыраулаға келіп, үйді қоршап алды. «Жар-жар» басталып кетті. Жабықты түріп қойып қақсай жөнелді таңқы мұрын жігіт:

Бір толарсақ, бір тобық санда болар жар-жар.
Қырық кісінің ақылы ханда болар жар-жар.
Әкем-ай, деп жылама, байғұс қыздар,
Әкең үшін қайын атаң онда болар жар-жар.

Әйелдер жағынан қайқы ерін келіншек қолма-қол қайырды жауапты:

Жазғытұрғы ақша қар жаумақ қайда,
Құлын-тайдай айқасқан оң жақ қайда.
Азар жақсы болса да қайын атаң жар-жар.
Айналайын әкемдей болмақ қайда жар-жар.

Келіншек малға сатылған қазақ қызының ата-анасымен, кіндік кескен жерімен, рулы елі, қимас құрбы-құрдастарымен зар еңірей қоштасқанын жырлайды. Жігіт жұбатады. Көпшілік бас шұлғи тыңдауда. Қазақ салтынан қалуға айналған бұл ескі «жар-жар» айтысын Сарыбаланың естігені осы еді. Қызды аяп, көзіне жас алды. Аяса аяғандай. Жаудыраған бота көз, ақша бет, қалам қас Әсия торға түскен тұйғын секілді, ұйпаланып, құнысып қалыпты. Өз қызын аямаған әке кімнің қызын аяр! Тоқпақ мұрын, салпы ерін, қыли көз өңкиген күйеу жақ ашпастан, бас көтерместен жерге тесіле қараса да, көңілі тым көтеріңкі. Қыз күрсінген сайын жымың етіп, қасындағы жолдасын санынан шымшып қояды. Ол, қалыңдығының қайғысына семірсе, Сарыбала Ақанға қосыла:

«Бидайыққа ылайы, қарағым-ай,
Бөктергіге қор болып барасың ба»

деп отырғанда «жар-жар» аяқталды. Неке қияр басталды. Қалпенің алдына бетін ақ шүберекпен жапқан бір аяқ су қойылды. Су түбінде жиырма тиын күміс бар. Екі жігіт шымылдық ішіне еніп Әсияға төнді. «Куәдүрміз, куәліккә жүрәдүрміз, мақшарда хақ алдында, бұнда халық алдында шын куәлік берәдүрміз. Иса ұлы Домбайды ер етуге ырзасыз ба?» дейді. Әсияда үн жоқ. «Ырзамын» деуге тілі бармайды. «Ырза емеспін» деуден не шығады? Бәрі болды, бекіді. Ісләм заңы, қазақ ғұрпы, әке әмірі — әрқайсысы бір бұғау. Үш қабат бұғауды қыз түгілі жігіттің жігіті үзер ме. Үзе алмасын білген соң жауап қайырмай жылай берді қыз. Куәлар жауап алмай кетер емес. Жаңағы жаттанды сөзін қайталай берді.

— Былай тұрыңдаршы, ұялып отыр, өзім сұрайын, — деп секпіл бет әйел Әсиямен сыбырласқан болды да «ырза» деді.

Әсияның жақ ашпағанын көре тұра екі куә қалпеге жалған куәлік айтып барды. Қалпе жалған екенін сезе тұра сене қойды. Күйеудің дайын ырзалығын алысымен дайын дұғасын оқып жіберіп, аяқтағы неке суын екеуіне ұрттауға қосты. Күйеу көмейін сылқылдата жұтқанда, қалыңдығы аяққа ернінің ұшын әзер тигізді. Сонда да «жұтты, жұтты» десті. Әсия «өтірік» дей алмады. Қалай десін! Даусы қарлыққанша зарлады, көз жасы таусылғанша жылады, қолдан келген қарсылығын істеп бақты. Елеген жан жоқ. Енді лақтай бақыртып, үйден шығарғалы жатыр. Жеңгелері екі қолтығынан көтеріп тік тұрғызды. Тұрмап еді, сүйемелей, сүйрелей үйден шығарды. Атқа мінбеп еді, көтеріп мінгізді. Біреу атының басын жетелеп, екі кісі екі жақтан өзін сүйемелеп, жөнеле берді. Зарлап барады қыз:

Ата-ана, жалғыз аға, қош-есен бол.
Шомылған айдын шалқар көл есен бол.
Үстінде алтыбақан ән шырқаған
Қимасым, құрбыласым, сен есен бол.

Секірген тастан-тасқа арқар ма екен. Іштегі қара тұман тарқар ма екен. Зарлаймын, көз жасымды төге түсем Әлдекім әделетін айтар ма екен.

Сөйтіп, Әсия ауылдан ұзап барады. Ұзаған сайын шығарып салушы топ сирей қалып барады. Сыңсыған дауыс әлі семген жоқ, алыстан талып естіледі. Әсері бірақ жақыннан күшті. Үйде жер төсекте іркілдеп отырған семіз әкеге қызының зары жаңа батты білем, еңкілдеп жылап жіберді. Кемсеңдеп сөйлейді:

— «... Енесін айнала шапқан құлыным-ай! Жар басында секірген лағым-ай! Басымдағы үкім, жағамдағы құндызым, көкте емес-ау, дәл осы үйдегі жұлдызым. Қайтейін, қайтейін, ата-анаңның жоралғысы, ат болғаныңның белгісі. Жақ жаппауын қарашы! Мына ыстыққа ұшып кетер ме екен. Шыда, қарғам, шыда. Әлі-ақ үйреніп кетесін. Шешең де үйренген...»

Бұл сөздерді Атуша мен Сарыбала ғана тыңдап отыр. Басқа жан қалмаған. Құдалар аттанды. Топыр тарады. Іске татырдың бәрін қыз әкетті. Одан қалған татымсыз дүние, тәртіпсіз шашылып жатыр. Бір кезде мүлікке, думанға толы үлкен үй кәзір қатты омсырайған, шалдың тек гөй-гөйімен толы. Ақырғы екі қонақ та атқа қонды. Былай шыға:

— Жақсы қыз кеткенде бір үй емес-ау, бүкіл ауыл омсыраяды, — деді Сарыбала. — Ол, шалдың ғана жұлдызы ма, біле білгенге осы ауылдың жұлдызы ғой. Жұлдызын сонша зарлатқан қазақ басқасын қайтіп оңдырар.

— Ұзатқан қыз әдет бойынша жылай береді, — деп

Атуша қолын бір сермеп қойды. — Бұдан артық пайғамбардың баласына тимек пе?

— Шынымен-ақ жаңағы өгізге қиясын ба?

— Қиса қайтеді?! Қыз бен жігіт алдымен қайын таңдайды. Қайын мықты болса екеуінің бір-бірінен артық-кемі сөз емес. Жаңағы жуан тауып айтты, келісіп кетеді. Көрдік қой талайын.

— Ол заманда амалсыздан келіскен шығар. Кәзір амал бар ғой.

— Сол амалды білмеді деймісің әлгі қыз. Біледі. Қайның қимай кетіп барады. Қазекеңнің кіндігі малмен бірге. Көп малды қимай кетіп барады. Ата-ана құлқынын көздеді десең, қызы да көздеді. Құлқынның құлы болмаған жан иесі бар ма?

— Сөзіңнің бәрі құлқынға құяды-ау.

— Енді қалай?

— Адамның онда айуаннан айырмасы не?

— Пәлі, адамың айуаннан жаман ғой. Бірін-бірі алдап, арбап, зорлап жеп жатқан жоқ па. Талай жақсының қасына ердім, сырын түйдім. Адамшылық деген тек сөзде. Көңілде сайтан ұялап жатыр...

— Сені шатастырған «жақсылар»-ау сірә. «Жақсың» бұрынғы ел билеген би мен болыс, бай-жуан болса, кәзір олардан жаман жоқ. Енді осы заманның басшыларын байқа.

Атуша сақ-сақ күліп жіберді. Шақшасын ерінің қасына қағып алып, насыбайын атты да шырт түкірді, түкірігі сымша созылып барып, бес-алты метр алға түсті.

— Неге күлдің? — деді Сарыбала.

— Байқа, дегеніңе күлем. Орынбек, Бір қыз, Төлеубайларды байқайын ба?! Басшымыз, жақсымыз, әделетшіміз осылар болса жеткен екен қолымыз...

— Жо-жоқ! Олар тек шабармандар. Шабарман кезіңде өзің де талай асыра сілтеген шығарсын.

— Мен қалай сілтесем де болыстың ұлықтың бетімен сілтегем. Бұлар ше?

— Бұлар өз бетімен сілтеп жүр. Қандалаша қанға ұрлап тояды да, қолға түсіп өледі бір күні.

— Қашан өледі?! Өлгенше бүлдіріп барады...

Сарыбала жауап қайырмады. Жаздық ұзақ күні өрлей-өрлей тебеге жаңа жетті. Тал түс. Әлі де бір той жасап, бір қыз ұзатарлық күн бар. Аспанда алақандай бұлт не үп еткен жел жоқ. Ескі шебін жазғытұры өртеген, жаңбырға тойған белесті, қыратты көз жеткісіз ертең дала қызған сайын кегі бойлап, көркейе түседі. Күнге қарсы келе жатқан жолаушылар пысынаған соң шапандарын шешіп, белдеріне орап алды. Жүрістері ит бүлкіл. Аттары сонда да қара тер. Шыжыған ыстықтан ызыңдаған бүгелектің қинауы басым. Ол қашан түйрегенше ызыңының өэімен-ақ аттардың есін шығарды. Сарыбала жалықпастан маңайласқан бүгелекті ұрып келе жатып:

— Қызық-ау! — деді бір кезде. — Жылқы бүгелектен, сиыр сәйгеден, піл тышқаннан, ел ұрыдан қорқады. Жауыздар аз, әрі әлсіз. Сонда да өзінен көпті, күштіні қорқытады.

— Иә, — деп қостай салды Атуша. Нені қостағанын өзі байқамады. Ойы әлі ұзатылған қызда екен, әңгіменің бетін солай бұрды. — Бұлар кідірместен суыт тартты. Еліне жете қонбақ қой. Біз де барып, қызойнақта болсақ қайтеді?

— Жолымыз ба?

— Азырақ бұрыс. Сәске түстік қана. Қызойнақ үшін күндік жер бұрыс бола ма.

— Бұрылсақ бұрылайық. Бірақ сонда не бітірмекпіз?

— Бітірсек біз бітірейік! Жассың орысша оқығансың оның үстіне Әубәкірдің күйеуі, деген соң сен айналдырмайсың қыздар сені айналдырады. Ол антұрғандар атаққа қандай құмар. Шіркін сенің жағдайыңды маған бір түн берсе, Иман Жүсіпше сегізін алып қашар едім-ау!

— Қасқыр бір қойға тояды. Он қойды бүлдіреді. Қасқыр болғандарың ба?

— Шырағым, не десең о де, еркек әйтеуір ойнассыз жүре алмайды.

— Әгәр жеңгей сөйтсе қайтесін?

— Неге өйтеді?!

— Өзің неге өйттің?

— Е, еркектікінің айып-шамы жоқ. Қайта мақтан. Әйелдікі, өзіне де, еріне де тірідей өлім, ұят. Сондықтан ондай әйелді ат құйрығына тағу керек.

— Менімше еркекті қоса тағу керек. Екеуі бірдей айыпты. Ойнас мақтан да, енер де емес. Азғындық. Оны істеу әркімнің қолынан келеді. Істемеу ілуде бірдің қолынан келеді. Әне сол бірге нағыз зәрурет шақта лұқсат етсе де болады.

— Шырағым, сопылығың әлден-ақ әкеңнен асты. Әкең сендей күнінде ері бар әйел түгілі, қайны бар қызға «хиянат болады» деп жоламайды екен. Сен тіпті жесір әйелге, қайынсыз қызға жолатар емессің ғой.

— Әкейдікі діни сопылық. Ол кісі сөйте тұра бірден төрт қатын алсаң қық етпейді. Өйткені, шариғат қосады. Мен шариғат қосса да қоспас едім. Ұрғашысын үйірлеп ұстау адамға емес, малға, аңға ғана тән мінез.

— Па шіркін, жылқының айғыры, қойдың қошқары, бұғының бұқасы! Әне, қызығын көрсең солардай көр!

— Саған сірә сөз өтпес! — деді Сарыбала.

Күн құлдилап келіп көк белге иек артқанда, біздің екі жолаушы жайлауда отырған қалық елге жетті. Ел у-шу, қым-қуыт, қара құрық. Өрістен қайтқан лек-лек қой, сиыр ауылда қалған төлдерімен маңыраса табысып, өріске беттеген топ-топ жылқының құлын, биесі шұрқырасып жатқан кез. Оларға қосыла бота, інгендер боздайды, иттер абалайды, ел қоршай қонған шалқар көлдің аққу, қаздары қаңқылдайды. Хайуанаттардың алуан үніне бөленген кешкі ауылда өмір қайнап жатыр. Тиыш отырған жан жоқ. Еңбекші жұрттық қаршадай баласы, қаусаған қартына дейін мал қамында. Мырзалар, аң құмарлар су жағалап қаршыға салып, сауықшыл жастар ауыл сыртында күресіп жүр...

Ду-думанның үлкені келін түсірген бай ауылда. Оюлы ақ отау бай үйінің оң жағына тігіліпті. Ағайын, туыс ағылып келіп жатыр. Мал сойылып қалған. Қарағанның қалың ұшқыны бұрқырап, жалыны аспанға шапшиды. Ақсақал, бәйбіше, мосқал тартқан әйел, еркек жаңа тігілген отауды, жаңа ғана аттан түскен құда-құдағиларды қоршап алған. Қыз, келіншек, бозбала, санын шапалақтай жүгірген жас бала — бәрі аттылы-жаяу бел асып, жас келінді қарсы алуға кеткен. Олар міне белге шықты. Қызылды-жасылды жастар тобын батып бара жатқан қызыл күннің сәулесі құлпырта көрсетіп тұр. Бүкіл жайлау елінің назары осылай ауды. Көк белдің бетін қызғалдақша жайнатқан жастардың езуіне ие болған бірі жоқ. Шетінен күледі. Қыз ұзатқан елді жылау, сыңсу, зар басса, келін түсірген елді қуаныш басты. Әсия кәзір жыламайды не қуанбайды, өзгеше бір дел-сал күйде. Бейтаныс құрбы-құрдас, жеңгелерінің ортасында шәлісін бетіне түсіре жамылып, төмен қарап сызылған келіннің бетін әркім бір ашады. Келін бәрінен ұялады, жасқанады. Екі әйел алға шымылдық ұстап ауылға беттеді. Ауылға жетіп, атасының босағасын аттарда, сампылдаған сары қарын әйел қарсы алып «беташар» айта бастады:

Айт келін, айт келін,
Атыңның басын тарт келін.
Сауысқаннан сақ келін,
Жұмыртқадан ақ келін,
Сөзіме менің бақ келін
Өзің жатып байыңды тұр-тұрлама, келіншек,
Қаптың аузы ашық деп,
құрт ұрлама,келіншек.
Көн етігің қолпылдап, үй қыдырма, келіншек,
Аузы-мұрның сүйреңдеп сөз аңдыма, келіншек.

Айтымпаз қатын екен. Қолындағы шыбығымен Әсияның шәлісін оқтын-оқтын көтеріп қойып, сілтей берді. Жас келіннің құлағына босаға аттамай жатып әдепті, ақылды, қылықты, іскер болуды сіңіріп жатыр. «Баланы жастан, келінді бастан» дейтін қазақ «бет ашарда» көңілдегісін келінге айтып бағыпты. Бірақ ол антұрғандар қатын болып алған соң бой бере ме. Әсия кәзір тал шыбықша иіледі. Босағадан от басына жеткенше үш рет тізесін бүге тәжім етті. Енесі бір тостаған майды қолына ұстай келіп:

— «Қойшының таяғынан, келіннің аяғынан» деген еді. Тәңірім қадамын құтты қыла көр! — деді де отқа құя салды.

Сарыбала елінің бұл ескі салтын тамашалап отыр. Өзі үйленгенде неке қию, отқа май қүю, «бет ашар», «жар-жар» айту дегендердің бірі болған жоқ-ты. Осы бір келін түсірудің өзінен шамандық, ісламдың қазақтық одағай үш ырым көрінеді. Үшеуі де бұдан әрі бел аса алмас. Тек алыстағы рулардың ішінде кейбір ескі адамдарға ермек болып қалған сияқты. Сонда да үй иесі дода сақал бай медеу етіп мақтанып қояды:

— ... Айналайын бұрынғылардан айтылмаған сөз қалды ма! Ұғынатын жас болса «жар-жар» мен «бет ашардың,» әр сөзі алтын-ау! Ұмыт болып бара жатқан соң Домбайжанның тойының үстінде әдейі еске түсірдім, — деді де Қанталаған көзін үлкейте ашып, төрдегі Сарыбалаға бұрылды. — Шырағым, Әубәкірдің қызы үлкен үйге енгенде осылай тәжім етті ме? Әубәкір — «жар-жар», әкең «бет ашар» айтқызды ма, неке қиғызды ма?

— Жоқ, — деді Сарыбала. Бай енді қабағын шытына сөйледі:

— Не қазақ, не сарт, не мұсылман, не кәпір емес Әубәды, ел қоршаи қонған шалқар көлдің аққу, қаздары қаңқылдайды. Хайуанаттардың алуан үніне бөленген кешкі ауылда өмір қайнап жатыр. Тиыш отырған жан жоқ. Еңбекші жұрттық қаршадай баласы, қаусаған қартына дейін мал қамында. Мырзалар, аң құмарлар су жағалап қаршыға салып, сауықшыл жастар ауыл сыртында күресіп жүр...

Ду-думанның үлкені келін түсірген бай ауылда. Оюлы ақ отау бай үйінің оң жағына тігіліпті. Ағайын, туыс ағылып келіп жатыр. Мал сойылып қалған. Қарағанның қалың ұшқыны бұрқырап, жалыны аспанға шапшиды. Ақсақал, бәйбіше, мосқал тартқан әйел, еркек жаңа тігілген отауды, жаңа ғана аттан түскен құда-құдағиларды қоршап алған. Қыз, келіншек, бозбала, санын шапалақтай жүгірген жас бала — бәрі аттылы-жаяу бел асып, жас келінді қарсы алуға кеткен. Олар міне белге шықты. Қызылды-жасылды жастар тобын батып бара жатқан қызыл күннің сәулесі құлпырта көрсетіп тұр. Бүкіл жайлау елінің назары осылай ауды. Көк белдің бетін қызғалдақша жайнатқан жастардың езуіне ие болған бірі жоқ. Шетінен күледі. Қыз ұзатқан елді жылау, сыңсу, зар басса, келін түсірген елді қуаныш басты. Әсия кәзір жыламайды не қуанбайды, өзгеше бір дел-сал күйде. Бейтаныс құрбы-құрдас, жеңгелерінің ортасында шәлісін бетіне түсіре жамылып, төмен қарап сызылған келіннің бетін әркім бір ашады. Келін бәрінен ұялады, жасқанады. Екі әйел алға шымылдық ұстап ауылға беттеді. Ауылға жетіп, атасының босағасын аттарда, сампылдаған сары қарын әйел қарсы алып «беташар» айта бастады:

Айт келін, айт келін,
Атыңның басын тарт келін.
Сауысқаннан сақ келін,
Жұмыртқадан ақ келін,
Сөзіме менің бақ келін
Өзің жатып байыңды тұр-тұрлама, келіншек,
Қаптың аузы ашық деп,
құрт ұрлама,келіншек.
Көн етігің қолпылдап,
үй қыдырма, келіншек,
Аузы-мұрның сүйреңдеп
сөз аңдыма, келіншек.

Айтымпаз қатын екен. Қолындағы шыбығымен Әсияның шәлісін оқтын-оқтын көтеріп қойып, сілтей берді. Жас келіннің құлағына босаға аттамай жатып әдепті, ақылды, қылықты, іскер болуды сіңіріп жатыр. «Баланы жастан, келінді бастан» дейтін қазақ «бет ашарда» көңілдегісін келінге айтып бағыпты. Бірақ ол антұрғандар қатын болып алған соң бой бере ме. Әсия кәзір тал шыбықша иіледі. Босағадан от басына жеткенше үш рет тізесін бүге тәжім етті. Енесі бір тостаған майды қолына ұстай келіп:

— «Қойшының таяғынан, келіннің аяғынан» деген еді. Тәңірім қадамын құтты қыла көр! — деді де отқа құя салды.

Сарыбала елінің бұл ескі салтын тамашалап отыр. Өзі үйленгенде неке қию, отқа май қүю, «бет ашар», «жар-жар» айту дегендердің бірі болған жоқ-ты. Осы бір келін түсірудің өзінен шамандық, ісламдың қазақтық одағай үш ырым көрінеді. Үшеуі де бұдан әрі бел аса алмас. Тек алыстағы рулардың ішінде кейбір ескі адамдарға ермек болып қалған сияқты. Сонда да үй иесі дода сақал бай медеу етіп мақтанып қояды:

— ... Айналайын бұрынғылардан айтылмаған сөз қалды ма! Ұғынатын жас болса «жар-жар» мен «бет ашардың» әр сөзі алтын-ау! Ұмыт болып бара жатқан соң Домбайжанның тойының үстінде әдейі еске түсірдім, — деді де қанталаған көзін үлкейте ашып, төрдегі Сарыбалаға бұрылды. — Шырағым, Әубәкірдің қызы үлкен үйге енгенде осылай тәжім етті ме? Әубәкір — «жар-жар», әкең «бет ашар» айтқызды ма, неке қиғызды ма?

— Жоқ, — деді Сарыбала. Бай енді қабағын шытына сөйледі:

— Не қазақ, не сарт, не мұсылман, не кәпір емес Әубәкір қазақ жолын, мұсылман жолын неғылсын! Әкеңдікі не?!

— Әкем жауабын өзі берер. Сол жолдарыңызды бірақ су бұзып, шеп өсіп кеткен бе деймін.

— Орысша оқыдың ғой, шырақ. Бұзса бұзған шығар. Орыс бұзбаған не қалды, — деп бай орнынан сиыршылай тұрды. Оның соңынан шайнек ала, борбайы жылтылдаған жалшы бала да шықты далаға.

Үлкен үйді үлкендер кернеуге айналған соң жастар бөлініп жаңа отауға жиналды. Отаудың өзі алты қанат үй. Қыз-келіншек, жігітке лық толы. Бұл жақтың ойыны хан сайлаудан басталады екен. Асық иірісті. Асық алшысынан тұрып Атуша хан сайланды. Оның әмірін орындаушы жасауыл тілімен тас кескендей, әлуетті жігіт, қолында қатты ескен шүберек белбеу, айтқанын орындамағанды аямай осып жібереді. Сондықтан онымен ешкім қарсыласпайды, біреу қорықса, біреу қорыққан болып, бәрі ойын тәртібіне бағынады. Жасауыл әуелі «Хан қалай?» деп жағалай сұрап етті. «Жақсы» деді тегіс.

— Жақсы дегендерің рас болса әмірімді екі етпе. Екі еткенің менен мейір дәметпе. Әркім кемі бір ауыздан ән салсын, — деп бұйырды Атуша.

Хан әмірін жасауыл дереу іске асырды. Ән білгендер құтылып, білмегендер тұтылып жатыр. Қызықтың үлкенін осы тұтылушылар көрсетті. Ән төлеуіне сиыр болып мөңірейді, әтеш болып шақырады, есек болып ақырады, немесе шамға қарап кісінейді. Әйелінің не ерінің атын атап айқайлау бұның бәрінен қиын. Антұрған жасауыл қиналғанды қинай түседі. Жиын қыран күлкі. Күлкі үстінде Атуша Сарыбалаға сыбыр етті:

— Ұнатқан қызыңды айтып қой. Оңаша қолыңа бір тигізем.

Сарыбала басын шайқады.

— Жас келіннің аузынан сүйгізейін бе?

— Сүйгендей көрер едім бишарамен бір тілдессем.

— Ол маған оп-оңай.

— Әбестеу бірдеме істеп алма.

— Атушаның айласын сезсе тек ібіліс қана сезеді. Қауіптенбе.

Әннің аяғы айтысқа соқты. Манадан бері оспадар қалжыңмен бірін-бірі егеп отырған жігіт, келіншек өлең кезегі өздеріне келгенде айтысып кетті:

Жігіт:

— Қолымда ұзын құрық, бау, демеймін.
Шоқыны анау-мынау тау демеймін.
Телміріп көзің неге жеп барады
Ойыңды арамдықтан сау демеймін.

Келіншек:

— Дегенге алғыр-салғыр, алғыр-салғыр,
Ішінде дария көлдің үйрек қалғыр.
Не сиқыңмен сонда сен дәметесің
Бақа жауырын, ит тұмсық адыра қалғыр.

Жігіт :

— Е-й, ит болсам далада үріп жүрмес пе едім,
Қаншықты қыналаған

«Болды!», «Тоқтат!», «Жаңылып қалдың!» деп жігіттің одан әрі аузын аштырмады көпшілік. «Орамал тастамақ» басталды. Бұл ойыннан кімнің көңілі кімде екені байқалып-ақ тұр. Жастар сүйісіп жатыр. Сарыбала аз сөйлейді, жастың ұялшағы. Ұялғанда құлағына дейін қызарып кетеді. Дәл бүгінгідей қатты ұялған жоқ шығар сірә. «Сен айналдырмайсың. Сені олар айналдырады» деп Атуша тауып айтыпты. Танымайтын елдің қыз-келіншегі орамал тастап маза бермеді. Бармауға болмайды. Ұяла-ұяла барса, әккі келіншектер аузындағы сақинаны бере қоймайды. Емексітеді де тартып алады. Сарыбаланың аузы сан рет сылп етіп, бос қайтты. Маңдайы тершігенде ғана келіншектер сақинамен қоса тілін берді. Ол бірақ сақина өзіне сан рет келгенде бір рет те қарымжысын қайтара алмады. Атуша сыбырлай берген соң орамалды жас келіннің өзіне тастады. Келін келер емес. Жасауыл басқалардай сүйреп, дүрелеп әкелуге ұялады білем:

— Көнбейді. Хан тақсыр, қайтем? — деп еді.

— Онда жігітті апар! — деді Атуша. — Келін келген күні ханнан да қадырлы.

Сарыбала қасарысқан жоқ. Жасауылға еріп, Әсияның алдына барды. Беті бүркеулі, төмен қарап отырған Әсия шәлісін сәл көтере бір қарады да қайта жапты. Бұлт арасынан ай бір жарқ етіп, қайта жоғалғандай болды. Жұп-жұқа, тап-таза ақша бет, қиылған қас, қап-қара мөлтең көз Сарыбаланың кеудесінде қалып қойды. Бетін тағы бір ашса, тағы бір көрсем, дейді көңіл. Ашпады, көре алмады. Құмарта түсті. Алдына келсе де жігіттің аузындағы сақинаны ұмтылып алар емес. Оның аузына жігіт апарып салар емес. Жасауыл екеуін икемдеп жіберді. Бастарына шапан жапты. Шапан астында ғана Сарыбала еркінсіп, сақинаны Әсияның аузына тілімен апарып салды да, құлағына «күйеуіңді шын менсінбесең, құтқарушы табылады» — деп кетті.

Атуша мен жасауыл қазақы ойынның талай түрін көрсетіп жатыр. Ойын таусылар емес, жастар жалығар емес. Әттең түн қысқа — «сүт пісірім-ақ». Міне ақшам шапағы тарар-тарамастан таң сәулесі белгі берді. Сондықтан Атуша «айдап салға» асықты. «Айдап сал» асық иіруден басталады. Иірген асығы шіге түскенді жасауыл «ұры ұстадым» деп ханға апарады. Ұры әгәр жігіт болса оған даугер табу қиын, қыз, келіншек болса екінің бірі даугер болып шыға келеді. Хан екі жағын тыңдап алған соң — «әуелі өздерің бітісіп көріңдер. Бітісе алмасаңдар ғана төрелік айтам» дейді де дауласқан қыз бен жігітті далаға айдап салады. Осы «айдап сал» кезінде Домбай күйеудің, де бүйірі қызып кетіп, қалыңдығының үстінен арыз етті. Міне қызық! Ертеңнен бастап қолына еркін тиетін қалыңдығын, кәзір жұрт көзінше айдап сал деп отырған түйсіксізге не дерсін! Жұрт ду күлді. Сарыбала Әсияның абыройын қорғады:

— Хан еке, айдап сала бергенше қақпайсыз ба, бір.

Бұндайда жала да жабысуы мүмкін, — деп еді, Атуша түсіне қалып:

— Неңді ұрлады? — деді Домбайға.

— Отыншымның орағын, қойшымның таяғын, сушымның мойнағашың жылқышымның құрығын қоймайды...

— Қалай қоймайды? Ауыл үй емес, араларың күндік жер. Босағаңды бүгін аттады.

— Ежіктемей-ақ бізді де айдап салсаңызшы.

— Айдап салмаймын. Дауың дәлелсіз.

— Омаяу! Біреудікін біреу әкетіп жатқаны дәлелді. Менің меншіктім дәлелсіз. Хан түгілі анау жалғыздың езі болсаң да бұл билігіңді қыстырман! — деп Домбай дүрдигенде, Сарыбаланың көзіне Нұрекең үйінің сүзеген қара бұқасы елестеді. «Мінез, көрік, білімнен жұрдай осы хайуанның қолына түскен Әсия не болар?!» дейді ішінен. «Не болад?!» деген Әсия, «Не болар?!» деген Сарыбала екеуі тек іштен жанды, жалыны сыртқа шықпады. Совет үкіметін арқаланып бір де бірі бұлқынбады. Ол үкімет ел ішіне қызыл судай жайылған. Бірақ, қызыл судың астында шот батпайтын тоң, қалың-қалың мұздар жатыр. Солар әбден ерімей су шындап тасымайды. Жер еркін көктемейді. Ел жайы да дәл солай. Әсия түгілі Сарыбаланың өз ішінде алға тартқан үміт пен кейін тартқан қауіптің жеңісе алмай жүрген кезі.

— Жамағат! Таң атты. Ойын бітті. Мен хандықтан түстім. Домбай мырза, меншігіңді не қылсаң о қыл енді, — деді де Атуша жантая кетті.

Жиын жан-жаққа тарап жатыр. Әсия қасына екі қыз ертіп түзге жөнелді. Ұзап барады. Сарыбала мен Атуша да баратын жеріие күн ысымай жетіп қалмақ болып атқа қонды. Әсия бұлардың жолында. Жолшыбай соға жүрді. Шәлісін желкесіне сырып қойып, жымия қарсы алды Әсия. «Жақсы келдіңіздер. Не айтасыздар?» дегенді үндемей-ақ өңінен білдіріп тұр.

— Сізді күлкі үстінде көрген адамның да көңілінде құрыс қалар ма екен! — деп еді Сарыбала.

— Ойнап айтасыз ғой, — деді де ауыр күрсінді келіншек. — «Ойын арзан, күлкі қымбат». Сол қымбатқа қолы жетпеген шерменденің бірімін. Езу тартқанымды күлкіге балай көрмеңіз.

— Талмай іздеген таппай қоймас, деген бар. Міне сұлу таң атты. Әне шашырап күн келеді. Жер жүзі күлім қағады. Жалғыз сіз күлмей қалсаңыз «күлмес» атанасыз да.

— Сөзіңізді екі рет есіттім. Жаяулаған ойымды екі рет атқа көтеріп мінгіздіңіз. Рақмет, құлақ түре жүргейсіз.

Басқа сөзге келген жоқ. Қоштасты да жүріп кетті Сарыбала. Алдындағы көк белге көтеріле бере, артына қайырыла қарап еді, Әсия да қарап тұр екен.

ЖИЫРМАСЫНШЫ ӘҢГІМЕ

Жылқы келген. Бие байлап жатыр. Күн бүгін сәскелікке көтерілер-көтерілместен күйдіріп барады. Жұрттың көбі көйлек-дамбалшаң, жалан, аяқ, көлеңке, самал сағалап жүр. Иттер үй көлеңкесінде жатып та тілдерін салақтатып жіберіпті. Ауылдан аулақ су жағасында, басы қара, денесі шаңқан әлде не күйбең-күйбең қозғалады.

Жаңағы бір әзірде анау ақ үйден солай қарай шапан бүркене бір әйел шыққан. Дәу де болса сол. Алыстан көрінісі қызықты, жанынан кім біліпті...

Осы ыстықта аяғында саптама етік, үстінде қынаға бояған қой жүні күпі, басында елтірі тымақ ауылнай Әміржан Сарыбаланың алдында отыр. Ол кеше Құлмағамбет ауылында, Құлмағамбет басқарған болыс, ауылнайлармен бірге болып, өз сыбағасын алып қайтқан. Келісімен Барқы руындағы ақсақал, қарасақал, атқамінерлердің, ортасына салып, екі мың қойды ру ішіндегі аталарға, ауылдарға бөлген. Қазір сол бөлікті естіртпек. Шуда жіппен шандыған киіз сумкесін ашты да, ішінен жұқалаң жалғыз книгасын суырды. Сия қарындаштың сұқ қолдай ғана қалдығын басын кертіп, оны да бір жіппен омырауына байлап қойыпты. Қимылы тіпті шабан. Тершіп, ыбылжып аузындағы сөзін азар айтады. Қозғамасаң, бір орында таңертеңнен кешке дейін отыра берер. «Аздап арапша хат біледі екен. Сонсоң ауылнай қойған ғой. Бишара аңқаудың аңқауы, салақтың салағысың-ау!» дейді Сарыбала ішінен. Әміржан балаша қарындашын жалай-жалай аузын әбдән былғады. Өзі жазған тізімін ежелей оқып отырғанда Атуша кірді. Қасында қызыл көз шалы бар.

— Ақсақал, арызыңды айта бер, — деп иек көтеріп еді, шал сампылдай жөнелді:

— Айналайын кешегі жақсы Қыдырдың ұрпағы жақсы кездестің. Құлақ қой зарыма. Үйіңнен үркіп шыққыр мынау ауылнай маған он қой салды. Менде үш жүз қой бар. Бұның немере ағасында бес жүз қой, елу жылқы, он түйе бар. Оған да он қой салды. Ей шіркін, құдай қайда, аруақ қайда?! Аз атаның, төмен атаның, баласын үнемі жанша бересіңдер ме?! Бар жазығым бермегенім. Қашанғы берейін! Жеудей-ақ жеп бақтың, бүйірің бір шықпайды. Бүйте берсеңдер табан ақы, маңдай терімді, өзімнен де қызғана тырнақтай жинаған аз дәулетімді ит пен құсқа жем қылғанша сол үкіметтің өзіне біржолата беріп тынармын. Жерсің, сонан соң енеңнің шотанайын!..

— «Өлетін бала бейітке жүгіреді,» деген осы. Білдің бе! Советтің, ауылнайын боқтағаның, өзін боқтағаның. Білдің бе. Мен сені мына кісілердің, көзінше бортокөлдеп жіберем!.. — деп Әміржан қойын қалтасына қол салды да, мөрін алды. Мөрге қарап шатынап шалдың көзі шығып барады.

— Әне, әне, қит етсең өстіп суырып алады! Мені енді айдатпақ. Біреу тоқтатпаса Тескен тау өткізіп жіберуден тайынбайды бұл, тайынбайды! — дегенде шалдың, аузы кемсеңдеп тұр.

Мер ескі қазақты қорқытқанда, жаңа ауылнайдың танауын көтерді. Екеуінің жүгініп отырғаны Сарыбала. Ол үкіметтің уәкілі емес, атасының уәкілі. Бишара аңқау қазаққа, үкімет атынан келгеннің бәрі ұлық. Әгәр Сарыбала Хлестаковтай болмай-ақ, қасындағы Атушадай болса да талайды мазақ етіп, біреуді мықтаса, біреуді жарылқап, өз қалтасын әбден сықап кетер еді. Ондайға жуымайды бірақ. Кәзір ойлана отырып, алдындағы екеуге өз пікірін айтты. Олар үкімет пікірі деп түсінді.

— Мен сіздің орныңызда болсам мына шалға он қой салғанда, ағама жиырма қой салар едім. Ағама он қой салсам, бұған бес қой салар едім.

— Мен емес, ақсақалдар ғой бөлген.

— Ауылнай советтікі ме, ақсақалдікі ме?

Әміржан үндемеді. Сарыбала да одан әрі қазбаламады. Шал екеуінің бетіне кезек қарап, көзімен ішіп жеп барады. Жап-жаңа жасаурап, былжыраған қызыл көзінен қуаныш ұшқындап тұр. Шіркін қазақтың күйері де, сүйері де мал-ау! Малы аман болса ол аман, малы күйлі болса ол күйлі. Сондықтан амандасқан жерде алдымен малды сұрайды ғой. «Мал-жан аман ба?» дейді, «жан-мал аман ба?» демейді. Баласын «құлыным, қозым» деп сүйеді, жақсысын нарға, ардагерге теңейді, сұлуын бота көз немесе «паһ, құлын мүшесі бұзылмаған», деп келеді. Сол мал құмар қазақ жемқор ауылнайға тиыш жегізіп қояр ма. Атушадан бір жылы сыбыс құлағына тисе керек міне ере келіп алып отыр жағадан. Сарыбаланың, бетін байқаған соң Әміржан дереу шалдың үнін өшіргісі келді. Ендігі сөзінде қоқан лоқы жоқ.

— Пай-пай бар болғыр-ай! — дейді күлімсіреп, — ауыл арасындағы әңгімені сыртқа несіне шығарасың, өзіміз жең ұшынан жалғаса бермейміз бе. Ал, онның бесеуін тастадым. Жапшы аузыңды.

Шал бір жымың етіп ойлана қалды. Ойы сұрағынан көрініп тұр:

— Әміржан қарағым! Сонда бесеуің қандай-қандай?

— Не қандайы бар. Сек пен тұсақтың жарамдысы болады да!

— Екі қозылы қой, бір секке келіссек қайтеді?

— Сонда қозыңды қойға баламақпысын? Қазынаға ет керек. Екі қозың бір секке тұрмайды.

— Онда екі құнан қой, бір сек берейін. Сонымен біт. Қазынаға салмағы керек болса, маған тұяғы да керек. Құнан қой қозыдан өседі.

— Ақсақал, бұл сауда сіздердікі емес, біздікі болар, — деп Атуша кірді араға. Шалға басын шайқап, көзін қысты. Сарыбала онысын сезіп қалды. Үшеуінің де ындыны көрініп тұр: екеуінікі алсам, біреуінікі — бермесем. «Жем болсам саған болайын» дегендей шал енді Атушаға бейімдеген кезде Әміржан:

— Жүре сөйлеселік. Ел малын матап күтіп отыр, — деді де орнынан тұрды. Дағдылы тыныш өңінен қобалжу, былжыр қозғалысынан ұрыншақ шапшаңдық байқалады. Қастерлеп қойын қалтасына тығып жүрген мөрі отырған жерінде ұмыт қалып қойды. Шалды оқты көзімен ата атына мінді. Көрші ауылға жеткенше қасындағы үшеуге тіл қатпап еді, алдынан біреу шауып шықты. Алқына сөйлеп келеді:

— Қайдасың ойбай, қысып жатыр!..

— Кім?!

— Кәдімгі Жуасбай!

Саспайтын Әміржан «Жуасбай» дегенде атын борбайға көміп тұра жөнелді. Аты сүрініп кетті, өзі тоңқалаң аса құлады. Шашылған ер-тоқымын жиыстырып, атқа қайта мінгенде, терлікшесі сол арада ұмыт қалды. Бәрі Жуасбай отырған үйге келіп түсті.

Төр алдында шелек мұрын, шегір көз, сарша жігіт шынтақтап жатыр. Шынтағында қос жастық. Арт жағында жүкке сүйеулі бес атар винтовка тұр. Ауылнай келіп қолын ұстағанда ақыра басын көтерді жігіт. Білтеленген ұзын шашы бетін жапқанда басын шұлғып, кейін серпіп тастады да сөге сөйледі:

— Манадан бері қайдасың?! Өңездей былжыраған неме, жерге қағып жіберейін бе осы!

— Жуасжан-ау, жазығым не?!

— Көрсетермін жазығыңды! Дереу ат дайында!

— Кәзір, кәзір.

— Үш күннің ішінде жиырма бес түйе, арқанымен, жетпіс бес қанар қап дайын болсын!

— Хұп.

— Хұбыңмен қоса подпеске алам. Мына қағазға қол қой, мөр бас.

Әміржан қалбалақтап қойын қалтасына қол тықты да, санын бір соғып, орнынан ұшып тұрды.

— Кәзір келем, кәзір, — деп барады.

Үй толы адам, ешқайсысы жақ ашпайды. Жуасбай бұрқырап отыр. Осы арада бүкіл совет үкіметі бір өзі сияқты. Сонда қалтасында: «қазынаға көлік жинауға көмектеседі» деген бір жапырақ қана документі бар. Әгәр ол документі одан үлкендеу болса қайтер еді?! Спастың бір кездегі қараңғы жұмысшыларының бірі, жүрегі қалпымен советтік ісі бірде олай, бірде былай Жуасбай «диктатура пролетариата» дегенді тек зорлау деп түсінеді. Ол келісімен дереу бір бағылан сойылып, қазан шымыр-шымыр қайнап жатқан. Қара сабаның бал қымызы өзі қызу жігітті қыздыра түсіпті. Басы үстінде, үйеме табақ ет келді. Белсенділер табаққа үйірілді, сыймағандар сыртта телміріп отыр. Жуасбай винтовкасының аузын табаққа төндіріп тұрып:

— Же, қара құдай, же. Маған емес, саған сойылды бағлан. Маған сойса баяғыдан бері көрмеп пе, — дейді. Бәрі қошеметтеп күледі. Күлген сайын Жуасекең бөсе береді. Мөрін іздеп кеткен ауылнай қайтса керек сыртта әлдекімдермен сөйлескені естіледі:

— ... Ылау дайын ба?

— Қайсысына дайындаймыз, мына ауылға болком келіп, тағы да ылау сұрап жатыр.

— Болкомді қоя тұр. Әуелі Жуасбайды жөнелтейік.

— Иә, кеме келсе қайық судан шыға тұрады.

Сырттағылар сасқалақтап жүр. Жуасбайды тез жөнелту қамында. Аспан ашық, жел тымық, дәл төбеден шақырайған күн жанды түгілі жансызды күйдіріп барады. Осы тымырсық ыстықта сонау батыс жақ көкжиектен бір сұр бұлт ойнақтай шықты. Беті бері. Ілезде үлкейіп, қарайып алып, найзағайын жарқылдатады. Жүрісі тіпті шапшаң. Үйдегілер ет жеп болғанша күннің көзін келіп басты. Айбаты әлей. Гүрілінен жер солқылдайды. Алды боран, арты сел, жарқ-жұрқ, шарт-шұрт еткеи қара түнек зуылдатып міне жетіп қалды ауылға. Ауыл азан-қазан. Үй бастырып, оттарын сөндіріп, отындарын жауып әбігер. Желге шыдамай шеттегі қараша үйлердің, екеуі бірден жалп етті. Олардан бергі қоңыр үйлердің киіздері қолпылдап, құлауға тақау. Орталықтағы ақ үй мызғыр емес. Дауылмен қабаттаса сел шелектеп құйғанда төбесінен тамшы да тамбады. Бұл үйдегілердің мазасын найзағай мен шартыл ғана кетіріп тұр. Жуасбайдан өзгесі төмен қарап күбірлеп қалыпты. Күн күрілдеп, жарқылдаған сайын:

— Бармақтай неменің мықтысын қарашы! — дейді Жуасбай. Оның, ойынша бұлтты айдап, осының бәрін істеп жүрген періште бармақтай-ақ. Соны атып түсірем, деп, ата береді аспанға. Ол атқан сайын діншілдер жағасын ұстап, «астапыралла!» деседі. Жуасбайға керегінің өзі де сол. Оғы тимесе тимесін, құдаймен қарсыласты, деген аты шықса болады. Өйткені «құдайдан қорықпағаннан қорық» дейді қазақ. Жұрт қорықса Жуасекең ойына келгенін істей бермек. Кәзір көктегі періштемен алысып жүріп, көзі кереге басындағы түйе жабағысында. Бір күпілік жабағыны жуып, жайып қойған. «Менде күпі де, жабағы да жоқ. Мына жуанда екеуі де бар. Жабағыны алуым керек. Қалай алсам екен?» деп тұрғанда сел өтті, күннің көзі қайта жарқырады. Жан-жануар масайрап, жер жүзі жаңара, жайнай түсті. Жуасбайдың көңілінен сонда да жабағы кетпеді. Үй иесімен көзі бір кездескенде иегімен солай қарай меңзеп қойды. Ол түсіне алмай аң-таң. Кереге басында жабағыдан басқа бұйымдар бар: күміс кісе, пұшпақ бөрік сары ала қамшы тұр. «Мынау ма? Мынау ма?..» деп үй иесі әрқайсысына бір нұсқаса, Жуасбай басын шайқайды. Екі қолы артында өлеңдетіп жүр:

«Уа шіркін баяғыдай, баяғыдай
Киім жоқ түйе жүні жабағыдай...
Лә-лә-ләй, ләй, ләй»

деген кезде, басын изеді үй иесі. Жуасбай бұдан әрі бөгелместен атқа қонды. Қонысымен шаба жөнелді. Соңынан далбақтаған ылаушының қанжығасында бір буыншақ «босат, босат!» дегендей бұлқынып бара жатты...

Сарыбала дел-сал, қабағы түсіңкі, қотанда тұр. Жуасбай кеткен соң жұрт назары бұған ауған. Бұның, көңілі шартарапта. Советтік ауылдан неше алуан қылық, мінездер көрді. Бірі қуантса, бірі қаяу салды көңіліне. Соның қайсысы советтік қайсысы жат екенін біле алмады. Білсем!.. дейді. Білу оңай ма? Ең аңқау пенденің көңілінде кемі бір іш қалта бар. Қарт дүниенің есепсіз кеп қоймасы бар. Соларды шарқ ұрып іздейді, тінтеді жас адам. Неғұрым кеп тапса, солғұрым көп, неғұрым аз тапса, солғұрым аз біледі. Сарыбала кәзір білім теңізін оқып жіберердей қомағай қаpап тұр жанжағына. Қотанға сыймағанын ауыл сыртына топ-топ, шоқ-шоқ етіп иіріп тастаған қой, таулы, өзенді ұлан-байтақ дала, екі-екіден оңаша кетіп сыбырласқан не бірнешеуі бас қосып, шаңқылдасқан ауыл қазақтары... Бір де бірі Сарыбаланың құлазыған көңілін жұбата алған жоқ. Мұртынан күліп Атуша келеді. Қасында Әміржан мен манағы қызыл көз шал. Алдарында үпегі құрттаған қоңыр бұқа.

— Мойныңды титтей бұршы, — деді Атуша келе сала. Оңаша алып шығып сыбырлайды. — Мына бұқаны бес қойға балап алдым...

Сарыбала Атушаға бір, бұқаға бір қарап шытынып қойды. Содан кейін:

— Мың шақырым Ақмолаға жеткенше бұқаңды құрт жеп бітіреді. Дереу қайтар! — деп Атушаның қойнында томпиған түлкі терісін түртіп қалды. — Бұны қоса қайтар!

«Қайтар!» деген екі сөз жолдасың жаққа екі тартып жібергендей болды. Жолдасы беті дуылдап, жақ ашпастан жүріп кетті. Осыдан кейін кеп ішіндегі ыбыр-сыбыр, пара, аула тына қалды. «Мынауың орыс па, қазақ па?!» деген күңкілдер естіледі. Атуша енді қабылдап қойған қойларын қайта сұрыптап.

— Анауың ақсақ, мынауың құрттаған, әкет!.. — деп ақырып жүр...

Ыбыр-сыбыр тоқталған соң үлкен іс оңай бітті. Сарыбала екі мың қойды қойшылардың алдына салып, Ақмолаға бет түзеді. Көңілі кәзір бір демделгендей. Көкпеңбек кең, далада қойшылармен кең әңгімелесіп барады. Олар сөзге олақ, қимылы сылбыр, тосын көзге тіпті ойсыз, ынжық жандар сияқты. Кенеттен сұрақ қойды біреуі:

— Ленинді көрдің бе, шырағым?

— Жоқ.

— Ойсаң батыр, деседі ғой.

— Рас. Бірақ, сіз ойлағандай білегімен емес, ақылымен батыр. Тек ақылды емес, кемеңгер.

— Әділдігі қара қылды қақ жарады дейді ғой.

— Рас.

— Шіркін-ай, біздің жаққа бір соғып кетпейді-ау!

— Онда қайтпексіз?

Жалақ ерін қартаң қойшы көзінің былшығын жеңімен сүйкеп тастап, Сарыбалаға шұқшия бір қарап алды. Онысы: «Аузың берік пе?» деген қарас сияқты еді. Содан кейін жауап қайырды:

— Шырағым, ішіңе сақта, Қотыраш жал ақымнан қалған бір тоқтыны үш жылдан бері сүйреп келеді.

— Даусыз ба?

— Не дау айтады! «Әне-міне мен» сілемді қатырды.

— Неге қатырады?!

— Бір тоқты үш жылда үш қой болады. Өсіміне қызығып жүр. Әгәр аларман олар болса менен үш қой даулар еді. Мен тоқтымның басына жете алмай келем.

— Сотқа арыз еттіңіз бе?

— Сотқа мен бара алмадым. Сот маған келе алмады. Таң сәріден қой соңындамын. Осымен күн өтіп барады.

— Арыз жазып берейін. Арызды сотқа табыс етейін...

— Ойбай, қозғама, шырағым, қозғама! Жатқан жыланның құйрығын басып, құтырыппын ба! Сот, милицияның да көмейі тесік. Ақыра келген Жуасбай ашуын басып аттанды ғой жаңа.

— Иә, — деді де Сарыбала аттан түсті. Жайыла жылжыған қалың қойдың соңынан қойшылар ере берді. Желе-шоқыта екі салт атты қарсы келеді. Киімдері орысша. Келе қойды аралады. Әр қойға үңіле қарап шыққан соң бері жүрді. Сарыбала атын отқа жіберіп, езі шешініп, сілкініп алып, көк бетегеге бауырын төсей жатқан. Екі жолаушы жеткенде басын көтерді. Жолаушылардың бірі қазақ, бірі орыс екен. Орысы — балғын, орта бойлы, секпіл бет, жирен шашын қарсы қайырған егде кісі. Қазағы — қамыт аяқ, бойы ортадан темен, бетінде қорасан дағы бар, үлкендеу ала көзді, қайқая біткен ұзын кірпікті сұрғылт жігіт. Екеуінің де белінде наган. Далада көп жүріп, беттерін күн қаққан. Сарыбала жігітті салған жерден таныды. Он алтыншы жылы прием кезінде Степанның қасында бір көрген. Он сегізінші жылы Колчактың жазалаушы отряды мойнынан қанын ағызып, Спасстың көшесінде. айдап бара жатқанын, тағы көрген. Совет тұсында ол туралы естігені көп: «Пара жемейді. Байға өш. Ырқына көне қоймаған байды атып та кетеді...» деп ел іші дүңк-дүңк етеді. Сыртынан ашна сол адамға Сарыбала жылы ұшырап сөйлесуге құмартса, ол салқын амандасып, бойына дарытпай тұр. Сарыбаладан көзін алмайды. Көз қадау әр қилы ғой. Таңдана не қызыға қарау емес, бірдеме іздеген тінте қарас. Періштедей жасқа сонша сезіктенгенде, сезіктенбейтіні бар ма сірә? Аздан соң тергеуге айналды:

— Қойың қанша?

— Екі мың.

— Ол белгілі сан, Бүккенің қанша?

Бүккенім жоқ. Күдіктенсеңіз санап жіберейік.

— Сен Әубәкірдің күйеуі, Мұстапа қажының, баласы емеспісің?

— Иә.

— Онда санаса да ұстата қоймассың.

Сарыбаланың іші суып сала берді. Талай суынады, қызынады іші. Тек соны жақсы көрген адамың суытпасын. Суыта қалса қайта жылыту қолдан келе бермейді. Баланың жарқын ойын енді тұман басты. «Атаң буржуй, әкең қажы. Бөрінің бөлтірігісің дегені-ау! Бөлтірік болып нені бүлдірдім?! Тіпті атам мен әкем кімді жылатып, кімді зарлатып еді?! Жуасбай құрлы бағамыз болмаса көмекке несіне шақырады, үкімет?! Босқа далбақтап жүрміз бе?!..» деген ызалы ойлардың әуенімен тұрғанда, анау екеуі өзара күбірлесті. Сөздері еміс-еміс естіледі:

— Дұрыс емес, жолдас Байсалықов! — деді орысы. Байсалықов қайпақтай сөйлесе де дәттеп жатыр:

— Байқаңыз, жолдас Катченко. Олар нағыз гад қой, гад!..

«Катченко» дегенде өзімен езі болып тұрған Сарыбала елең етті. Катченко бүкіл оязға мәлім, Сәкен Сейфуллинмен бірге Колчактың темір бұғауында, айдауында болған. Совет тұсында осы жаққа келіп, жергілікті совет үкіметін құрған. Шешен, кішіпейіл, кіммен де болса тіл тауып сөйлесе білетін кірімді адам. Сарыбаланың ішін сезіп қалса керек, жылы сөзбен жылыта келді қасына:

— Жас жігіт, ісің тиянақты екен. Тез бітіріпсің. Ресей азыққа аңсап отырған шақта сылбырлық сабатажбен бірдей. Қойларың күйлі көрінеді. Тек жол соққыдан аман болғай-ақ. Елден жинары жинаса да, жолшыбай науыт қылып, Ақмолаға акт арқалап барғыш кейбір жасамыстарға үлгі етермін сені.

— Ақ ниетімді қарайтпасаңыздар сол үлгіден артық маған.

— Көңіліңде бір қаяу бар ғой. Шешіліңкіреші, сөйлеңкіреші, шырақ, — деп Катченко тақала түсті. Сарыбала орысша еркін сөйлей алмайды. Ойына тілі ілесе алмаған кезде қолымен ымдап жібереді.

— Атам бай, әкем қажы. Жұрт соны бетіме басып қоймайды. Басқа түк жазығым жоқ.

— Ол жазық емес, шырақ. Маркс пен Ленин де қой бақпаған. Энгельс бай баласы. Әрине, олармен сені салыстырып болмас. Олар бір ғасырда бір-ақ туатын, миллиондардың ішінен жарып шыққан көсемдер, данышпандар. Ал, тап жағынан алып қарағанда, өзі пролетариат бола тұра пролетариат жолынан тайған талай бұзықтар, опасыздар, қанаушы таптың ішінен пролетариат жолына түскен талай ізгі адамдар бар. Күрес кезінде бұны біз естен әсте шығармаймыз. Әр кім ісіне, құлқына, қабілетіне қарай жаңа заманда өзінің бағасын, орнын алмақ.

— Жуан Мұқтар әлі болыс, әлі қанап жүр. Жұмысшы Жуасбайлар бірде пайда, бірде зиян келтіреді. Әр кім өз орнын алғаны сол ма?!

— Тарықпа, балақай, екеуінің де өмірі қысқа. Совет жолы қиын, ешкім жүрмеген бейтаныс жол. Ол жолда қасың түгілі досың талай жарға соғады. Өзіңдей талапкер, ойлы, адал жастар мемлекет ісіне неғұрым көбірек тезірек араласса, солғұрым ескіліктің кесепаттары азая бермек. Кесепаттар көп. Совет сеуіп жатқан социализм ұрығына өш. Қорғамасаң кектетпей жейді. Себумен қабат қорғау керек. Сол үшін ұйқы, күлкіні бұза шапқылап жүрміз. Себе де біл, қорғай да біл. Жаманды көріп түңілме, жақсыны көріп есірме. Қауым ішінде бәрі бар. Совет, социализм тірегі — ең жақсылар...

Катченко сөйлеп тұрып, қақпақты қойын сағатын ашты да кілт тоқтады. Байыпты көк көзі күлім қаға Сарыбаланың тұлғасын бір шолып өтті.

Асығыспыз, — деді содан кейін, — інішек саған үлкен үміт арттым. Шашың, түсін, бәрі маған ұқсас екен. Ішің де ұқсағай-ақ.

Аттарына міне текіте жөнелген екеудің артынан Сарыбала қадала қарап қалды. «Совет-социализм тірегі — ен, жақсылар» деп күбірлеп тұр. Осы сөзді қайталаған сайын ой тұманы серпіле берді, қабағы жадырап, шырайы енді. Көңіл шіркін қызық-ау! Бірде бүкіл дүние сияды ішіне, бірде шынашақ та айиалмайды. Сарыбаланы енді әдемі үміт, жарқын ойлар билеп, тамылжыған көк далада ерсілі-қарсылы жүргенде Атуша жетті. Ол мана осы маңдағы бір жекжатымен қоштасуға кеткен. Түзде көп жүріп, елге беттеген жолаушының жүзінде қуаныш ойнар еді, бұның әкесі кәзір өлгендей еңсесі түсіңкі, тұнжырап тұр.

— Ал, сымбылбайымызды ұстап қайттық! — дейді күрсіне.

Сарыбала сақ-сақ күліп жіберді. Атушаның құрысқан түріне қарап-қарап күледі. Әр-берден соң шегі түйіліп, ішін басты. Күлкісін тыйып, атына мінген соң ғана жолдасына жауап қайырды:

— Олай деме. Мейлінше олжалымыз. Екі мың қой аз олжа ма?

— Ойбай-ау, бізге одан бір қыл бұйыра ма!

— Қазнаға бұйырса бізге бұйырғаны.

— Мен өз көмейімнен өткенді ғана есептеймін.

— Көмейден не өтпейді?! Балдай қымыз, сасық ханжа да өтеді. Сары қазы, соған ұқсас нажастар да өтеді. Талғам қайда? Адам түгілі айуан талғайды. Сен аңсаған пара әлдеқалай көмейімнен етіп кетсе, жүрегім айнып құсар едім. Сен менен ашқарақ емессің. Жақа ішім ас тілеп, ұлып жатқанда Катченко мен Байсалықов келіп кетті. Біраз әңгімелестік... Катченконың, сөзі жабыққан көңілімді сонша көтерді, уыз қымыз, уыз қазы қанша тойсам да олай көтере алмас еді...

— Өзіме де обал жоқ! — деп Атуша шекесін шертіп-шертіп қойды. — Сенің қасыңа ергенше, Әлінің не Шақыманның қасына ерсем ғой...

Бұдан әрі сез сап болды. Дала жым-жырт. Ілби аяңдаған ат аяғының тықыры азар естіледі. Тек Сарыбаланың басы у-ду. Сол дудың ішінен «қара тері қанша жусаң ағармас!» деп сампылдап тұр бір үн.

ЖИЫРМА БІРІНШІ ӘҢГІМЕ

Сарыбала атасымен бірге алыстағы қыр елінен он бес мың қой жинап қазынаға өткізді. Мал іші өлім-жітімсіз болған ба, бірақ соны қолдан көбейтіп, қой орнына акт өткізетіндер аз емес. Әубәкір ондайларға жол бермепті.

Тапсырған істі жақсы орындағаны үшін үкімет алғыс айтты оған. Сарыбала атаусыз қалды. Бір ай ақысыз еңбек етіп, кірлеп, жүдеп, құр алақан келді үйіне. Үйі көңілсіз екен. Тық-тық жөтелетін Бәтима төсек тартып жатып алған. Аурудың қалаған асы Мұстапанікінен табыла бермейтіні белгілі. «Шіркін бір бие! Қазы салып, қара торсыққа ашытқан қымыз, жас сорпа» дейді Мұстапа. Бай құдасына ол ойын туралап айтпайды. Құдасы құлақ қағысқа түсінбейді. Сөйтіп жүргенде Бәтима босанды. Сарыбала балалы болғанына қатты ұялды. Шіркін ұят тірідей жерге тықса да онсыз адам адам ба! Шырылдаған нәрестені шұрқырай құшқысы келе тұра кісі көзінше маңына бара алмады жас әке. Нәресте көп тұрмай қайтыс болғанда іші елжіресе де кезіне жас алмады. Ол кездегі салт солай. Ата-анасы түгілі басқа үлкендердің алдында «жарым», «балам» демейді жастар. «Өлімнен ұят күшті» дегенді қазекең ұл, қызының, Құлағына мықтап құйған.

Бәтиманың дерті бала қайғысы қосылып, күшейе түсті. Шешесі өз қолына алды. Бұл кезде Әубәкір Спасты мүлде қалдырып, ел iшіне орныққан. Жайлауда. Мұстапа жатақта, қысқы үйінде. Жатақ өмірі көңілсіз-ақ. Аңқиып-саңқиған, шашыранды, көріксіз қоралар тұр. Некен-саяқ қара мал көрінеді. Бықыған қара шыбын, сары маса, көк бас сона малды түгілі адамды талап маза бермейді. Жатақ пен жайлаудың қатынасы сирек. Әлдеқалай жайлаудан біреу келе қалса жатақтағылар қоршап алып, ел хабарына бір қанады. Кедей жатақ хабарға да кедей. Тек биыл ғана іші пысқанда ермегі бар. Мұстапа Хикматты, сопы Аллаярды, Сарыбала Абайды, қыссаларды оқып береді. Мұстапа оқудан жалықпайды. Сарыбала жалыққанда тазысын ертіп, қоян аулауға жөнеледі немесе «Көкталдың», «Елшінің,» қара суларынан шорағай дұзақтайды. Бір күні аңнан қайтса, атасының аға малайы қара Жақып, Бәтиманың ең қымбатты бұйымдарын буып-түйіп, арбаға салып қойыпты.

— Бұл қалай?! — деді таңдана.

— Бәтима жіберіп еді...

— Шіп-шикі өтірік!

— Жақаң жіберді.

«Жақаң» Бәтиманың, шешесі — Жақсыбала. Енесінің бұл қылығына Сарыбала шамданып қалды. Ендігі сөзі қатаң:

— Кім жіберсе де бермеймін. Нәрселерді дереу орнына қой!

Әубәкірді арқаланып, басқа түгілі Әубәкірдің інісі Мұқайды тыңдай қоймайтын қара Жақып «ләм» деместен нәрселерді қалдырды да кете барды. Ың-шыңсыз еткен осы уақиға Сарыбаланы көп толғантты. Қолында тәспі, қасында Қадиша Мұстапа шықты үйден. Төмен қарап, аяғын жай басып жеткенше бәрін ол байыптаған сияқты:

Балам, бекер алып қалғансың — деді келе, — дүние үшін жақынның көңілін жыртпас болар.

— Әгәр жақының жыртса ше?

— Іштеме етпес. Білгенің қайсы, білмегенді кешірмесең. Көргенің қайсы көргенсізге жөн сілтемесең. Таспен атқанды аспен ат. Ол жамандық ойласа, сен оған жақсылық ойла...

— Қойшы, кешіре-кешіре болдық қой! — деп адуын Қадиша кимелей кірді әңгімеге. — Енді қорқалман. Құдайға шүкір баяғы заман жоқ. Балам ер жетті, атқа мінді. Дос-дұшпанға таба қылмай келінім түсті. Шіркіндер ұялсайшы, баласының көзі жұмылмай жатып бұнысы нес! Көзі барда дүниесін қолға түсіріп қалайық, кейін ала алмаймыз, дегені ғой. Дүниесі құрсын, Бәтешімнің садағасы. Әншейін, құдағи ымның иттігіне ыза болам...

— Қой, көки берме көп.

— Қоймаймын, қоймаймын!..

Кемпір-шал айтысып кетті. Сарыбала өз ойымен болды:

«... Ылау, салық ауыл басына бөлінеді. Алты ауыл Елібайды бір Әукең бірнеше рет орап алады. Онымен тең шығын тартуға шыдамай қынжылады жұрт. Сыбырлап маған маза бермейді. Кәрі Махамбетше ескі билігін, парасын әлі қойған жоқ... Ата жолын берік ұстап, Білал мінді атқа. Бұл ағай Әубәкірмен, Мұқтармен өш. Ал өзі сөзде советшіл, істе хиянатшыл... Орынбек, Төлеубайлардың лаңы өз алдына. Осылардың бәрімен түгілі бірімен қарсыласуға менде шама қайда!.. Бой көрсетпей тек жүрсем, деп едім. 'Тек жүргізер емес. Мынау не сұмдық?! Басыну, қорлау ғой! Үйімді тал түсте тонап әкетіп барады. Өз мүлкімді түсіріп алып қалған мені кінәлайды енді. «Тек жүрсең тоқ жүресін» деген бар. Тек жүргеннің бәрі тоқ па? Тек жүргізе ме, сірә?.. Шыдап көрейін. Шыдатпаса, жалынғаннан жағаласқан айбар».

Жігіт ойын түйгенше әкесі «баланың басын қатырмалық» деп кемпірін алып кеткен. Онымен баласының басы айықпады. Әр күн әртүрлі ермек әкелді. Күз жетті. Күзбен бірге жайлаудағы ел жетті. Әубәкір жаңада салынған көп бөлмелі, қом қоралы қысқы мекеніне төрт үйімен бірден келіи кірді. Көңілсіз ауыл өнді күмпілдеген сөз, қотан толы мал. Сарыбала сөзге де араласпады, жұрт жапырлап барып жатқан қайнының үйіне кіріп те шықпады. Осылай дүрдараз жүргенде енесі бір күні еш хабарсыз Бәтиманы арбаға салып әкеліп, өз отауына енгізді. Мұстапаға қарағандар, бастығы Мұстапа болып, келіні жаңа түскендей қуанды. Екі бөлмелі отаудың тергі бөлмесінде Сарыбала мен Бәтима оңаша. Ауыз бөлме адамға лық толы. Ду-ду күлкі, әңгіме...

— Сен келмеуге шыдадың, мен шыдамадым, — деді Бәтима. Еттен әбден арылыпты, құр сүйек. Көзі үлкейе түскен, ентіге дем алады. Ақ шөлмек жүзінде тіршілік тіпті аз. Сонда да сәл күлімсірейді. Бәрі бітуге айналғанда махаббат шіркін, әлі бітпесе керек жылы-жылы сөздер шығады аузынан. — Сені қатал, деседі. Соның өзі ұнайды маған. Тек басқаның өкпесін мен сорлыға артпашы. Өлсем, өз қолынан жөнелтсін, деп, сұранып келдім. Сені ренжітпен, деген сертім бар-ды. Орындай алмай кетсем, кешерсің көзім тіріде естіртші?

— Япырау, мынауың қоштасу ғой!.. — деп Сарыбала жылап жіберді. Қатал адам босаса мүлде босайтын сияқты, көз жасына ие бола алмай, әр-берден соң екси-екси жылады. Бәтиманың көзінде жас та бітіпті. Құр кемсеңдейді. Өзі аянышты халде жатып, жарын жұбатпақ. Ілмиген большей орамалды азар көтере жарының көзін сүртті.

— Кештім. Кешпейтін нең бар еді! — деді ол...

Минут сайын Бәтиманың тынысы тарыла берді. Ауыз бөлмедегілер бірте-бірте төргі бөлмеге жиналды. Әубәкір еңірей кірді есіктен. Бәтима елеген жоқ. Елерлік дәрмені болмады ма, әлде анасын өмір бойы жәбірлеген әкеден көңіл суыды ма, әйтеуір оған қарамады. Бір қолы анасында, бір қолы қосағында, екеуіне кезек-кезек телміре жатып, бірдеме айтпақ еді. Айталмады. Сарыбаланың қолын бір қысты. Содан кейін үнсіз, демсіз, кірпік қақпастан қалды.

Аңыраған анаға үн қосты бәрі. У-шу, зар...

* * *

Аз тұрса да еске көп қалдырып Бәтима солай дүние салғалы айдан аса уақыт өткен. Қоңыр күз кәрлі қысқа айналды. Қар жапалақтап тұр. Қара жер аппақ, аспан бұлыңғыр. Сарыбаланың көңілі де бұлыңғыр. Селт етпейді. Отауында жападан-жалғыз жатып, Бәтиманың үртіс киетін ала барқыт қамзолына көзі түскенде көзінен жасы домалап кетті...

Сыртқы есік ашылды. Алдыңғы бөлмеде үстінің қарын қапыл-құпыл қаға сала, төргі бөлмеге асығыс енді Сыздық.

— Мұқтардың поштабайы атымды аударып алды. Жүр ойбай, қолында өлейік! Сарыбала саспай басын көтеріп, көзін сүрткен соң біраз үнсіз отырды. Сөзін жайуат бастады:

— Ол қайдан жүр?

«Қайдан жүрің» не! Мұқтар ошап жатқан жоқ па, ауылды. Қасында жиырма-отыз ақсақал, қарасақалы, екі милиция, бір поштабайы бар, мана Әубәкірдікіне келіп түскен.

— Менің естіп отырғаным осы. Ылауға мінген шығар.

— Бүкіл ауылдан ат таппағандай менің жалғызыма неге шүйілді? Ойы бұзық. Қайтармайды.

— Байқа. Қайтармаса көрерміз.

Сарыбала қозғала қоймаған соң, Сыздық сабыр тұтпай шығып кетті. Сыздық Сарыбаланың нағашысы, құрбысы. Он сегізінші жылғы қалын, сүзекте бір үйлі жаннан жалғыз қалған жетім. Оның ылауға алынған жалғыз аты да жетім жабағы болатын, кәзір дөненнен беске шығады. Мінсе берік шапса жүйрік бұл маңайға мәлім өте қадырлы жылқы. Жүйрік құмарлар тори-тори қолға түсіре алмай қойған. Ұрлап не зорлап алмаса Сыздық жанына теңеген жалғызын төрт бесті бергенге бермей жүр. Соны білетін Сарыбала сан рет қызықса да нағашысына жиендік ете алмады. «Жақсы атты есер поштабай қинап тастайды-ау, аяғын кетірмегей...» деп отырғанда нағашысы қайта оралды.

— Айттым ғой, ойы бұзық. Қораның түкпіріне тығып байлап қойыпты. Өзімді маңайлатпай қуып жіберді.

Не айтады сонда?

Мынау елден қайтарамыз, деген болады. Бел асқан соң қайтару қайда!

— Нұрғали мен Мейрамды шақыр! — деді де Сарыбала орнынан тұрды. Олар, әлді жігіттер, құрдастар. Бірақ бірінен бірі өткен момын, қорқақ, жанжалдан ат-тонын ала қашады. Дегенмен Сыздық ертіп келді. Өңдері қашып, өңкиіп тұр екеуі. Сарыбала салған жерден қайрай бастады:

— Бүгін Сыздықтың атын тартып алса, ертең біреуіңнің қатыныңды тартып алады. Николайдың, Колчактың тұсында Мұқтар болыс ойына келгенін істеді. Совет тұсында тағы істемек. Енді тек ынжық қана шыдар бұған! Төбелеске барамыз. Екеуіңе құдай өгіздің күшін бергенше, сасық күзеннің жүрегін берсейші. Ер, қара болыңдар. Басқасын өзіме қойып бер. Бәлки бұл ауылда олар төбелесе алмас.

— Милициясы бір ашаңды көрінеді, — деп Нұрғали әлден дірілдеді.

— Ашаңдыға да жан керек. Мен кәзір одан әрі ашаңды. Жүріңдер!

Сайдың тасындай төрт жігіт болыс тобына бет түзеді. Әубәкір үйінің іші-тысы бықыған адам. Сырттағылар екеу-үшеуден бөлінген. Күбір-күбір, сыбыр-сыбыр сөз. Сөздерін қанша жасырса да, мысықтың дәрет жасырғаны сияқты. Төрт жігіт бәрін сезіп келеді. Әсіресе Сарыбаланың ішінде сайрап тұр. «... Салық бөліп жатыр. Тағы кімді қақсатар екен. Бай, кедей демейді бұлар. Руға, атаға немесе ауыл, ауылнайға бөледі. Қазынаға берешек бесеу болса, жетеуге жеткізеді. Артығын өздері жейді. Болыс күшіген, мыналар қарғалар. Арамға тойып семіреді де, адал болғансып, совет қызметін атқарғансып кеуде қағады. Әттен, дүние, сықса сол кеуделерді» деп Сарыбала ширыға кірді топқа. Топты жарып етіп ат тұрған қораға барды. Сыздық атына мініп жөнеле бергенде мына жақтан поштабай Сатмағамбет ақыра жүгірді:

— Әкеңнің көріне енсең де қоймаймын!

— Әкеңнің көз құны жоқ менде!

Қашып бара жатқан Сыздықты қумақ болып Сатмағамбет атқа мінгенде, Сарыбала ұстай алды шаужайдан.

— Тоқта! Нең бар онда?

— Ұстама! Жібер, жібер деймін!..

— Қолыңнан келсе маған істе. Оны қашырған мен.

— Солай ма?!

— Солай, солай!

Сатмағамбет аттан түсе үйге жүгірді енді.

Үй лық толы. Әмір, Балмағамбет, Тишмағамбет, Қағылма, Исабек Серік Махамбетше — Бегайдар руына қараған «жақсылар», атқамінерлер түгел. Ортада Мұқтар. Бұл кәдімгі екі сөзінің бірінде «есебі» дейтін, елге күні түскенде құрдай жорғалағыш, ел күні оған түскенде сыздауықтай сыздағыш белгілі Мұқтар. Кәзір тым сыздап отыр. Екі жағында екі милиция. Сыралғы болыстың «бірін, тырп етші кәне!» дегенін маңындағылар айтпай-ақ түсінген сияқты. Үлкені «Мұқтаржан» десе, кішісі «Мұқалайды». Мұқтар маңқа мұрнын пысқыртып қойып, анда-санда бір-ақ айтады. Ол айтты болды. Көнсе де, көнбесе де сол. Бұрын урядник ертіп жүретін. Енді милиция ертіпті. Көнбегеннің мойнын бұрап тастайды. Қапелімде әркім езіне тартып, қиқаң-сиқаң көрсете бастағанда:

— Жә! — деп еді ол. Сөз су сепкендей басылды. Жарлығын естіртті: Елібайға он қой, бес сиыр, Салия-баяуға алты сиыр, жиырма қой, Сиқымбайға үш сиыр, жиырма бес қой. Өзара бөлісіңдер де, дереу жинап алдыма салыңдар. Көнбегенді көрсет көзіме. Милиция көндіреді.

Бұдан кейіи ешкім жақ ашпай отырғанда, ұзын бойлы, жас жігіт шарта жүгініп алып:

— Мұқа! — деді. Көксау екен, кеудесі сырылдап, даусы дірілдеп түр. Сонда да айтарын айтып тынды. — Өзіңізге белгілі, алпыс үй Елібайда бір осы үйден өзге шығын көтерегін кімі бар? Үкімет кедейге тиме, дейді. Сонда жаңағыңыз мырзаға салынған салық па? Осы арасын ашып беріңізші.

— Ол арасын ауылнай өзі ашады. Ашаламасаң несіне ауылнайсың?

— Болыс ашпағанды қалай ашам?

— Жә, тәжікелеспе! Барыңдар! Бөлісіңдер! Қиқаңдасаң мөріңнен айрыласың!

Осыдан кейін ауылнай, атқамінерлер сыртқа шығып сыбырласа берді. Үйдегілер төмен қарап қалды. Зәрлі болысты, бас қосқан «жақсыларды» елемегендей, тіпті менсінбегендей Әубәкір төргі бөлмесінде шынтақтап жатыр. Сөзге араласқан жоқ. Тек қонақ асы бергенде қонақтармен бірге аз ғана болған. Содан былай оңаша, қасында нақ сүйер тоқалы Бибіжан бар.

— Мынау ит қашан кетеді! — дейді Бибіжанға. — Кет десем бе екен?

— Қой әрі, ұяттағы!

— Найсап! Әлі де болыс болып дәурен сүрмек. Өзінің ағып тұрған мерезі бар, біреудің шиқанына ем айтпақ. Е құдай, тиыштық бер, бұрынғымды бойыма сіңір, демес пе. Оның жей бергісі, жұртты шулата бергісі келеді. Көрермін қанша жасағаныңды!

Әубәкірдің бұл сөзін Мұқтар естімесе де мана қабағынан сезген. «Бәлем, қара сарт!» деп кіжінеді. Ол кіжінгелі қашан! Қара сарттың бірақ іштемесін қыңырайта алмады. «Балталымен алыссаң да қалталымен алыспа!» деген қазақ нақылы. жігерін құм етті. Әубәкірге баталмай, ызасын баса алмай, маңқа болыс пысқыра түсіп отырғанда Сатмағамбет бажылдай кірді есіктен:

— Жекебайдың баласы қапылыста алып кетті. Мұстапаның анау шылтиған немесі қорғап тұр. Болысеке, милиция қоспасаң маған ырық берер емес!

— Ылау бермейтін, үкіметке бағынбайтын қай әулие! Бар, сойып-сойып ат-матымен алдыма әкел!

Екі милиция, бір поштабай тұра жөнелді. Сыздық енді атынан айрылмақ, таяқ жемек онымен қоймай үкіметке бағынбайтын адам есебінде қараланбақ, «Күштінің дүмі диірмен тартады» деген осы. Сырттағы жұрт дүрлігіп жиналып қалған. Бір сойқан болды, деседі. Сарыбалаға біреулер «көрінбе, жыт!» деп сыбырласа.

— Қорыққан қашады. Мен қорыққам жоқ, — дейді ол.

Сатмағамбет милиция қосылған соң тіпті құтырыпты. Жүгіріп барып атқа мінді де, шірене тұрып шабына сөйледі:

— Енеңді... Үй тентек айран көз! Өнер қысса тышқаншыламай Ақмолаға жет! Мұндағыға міне біз ие, біз!..

Сарыбала бұдан әрі шыдаған жоқ, оқтай атылды. Сатмағамбетті жағасынан ұстады да жұлып алды аттан. Текпілеп жатқанда милицияның бірі араға түсті, екіншісі татар екен, Нұрғали мен Мейрамға жалынады:

— Аяңыздар міскінді! Сіз екеуіңіз араласпаңыз. Харап етесіз, билләһи харап етесіз!..

Нұрғали мен Мейрам қорқып қалшылдап тұр. Милиция ашу қысты, деп, бұл екі нән төбелеске араласса бүлдіреді, деп тұр. Кісіге келбет те керек. Келбетке қарап қорқатын, қорлайтын немесе құмартатын, жирентетін мінездер толып жатыр. Сарыбалаға кәзір құрбыларының келбеті, ауылының, айбары көмектесті. Милиция, поштабайдың бір де бірі Қол көтере алған жоқ. Сатмағамбет ойбай салып болысына барды. Жағасы жыртылған, мұрны қанаған, бойындағы көп сайтаннан іштеме қалмаған сияқты. Енді құтырынбай, жыламсырап сөйлейді:

— Міне дал-далымды шығарды... Милиция болмағанда елтіретін... — деген кезде, Сарыбала кіріп келіп:

— Бәрі рас! — деді. Өңі сұп-сұр. Ешкімнен тайынар емес. Тиіскенге қол мен тілді бірден салуға дайын. «Жақсылардың» сескенгені сонша, жақ ашпастан қатып қалды. Әлден уақытта мылқау тыныштықты бұза Махамбетше сампылдады:

— ... Бейбастақ шіркін, бір аттың тері үшін осынша шу көтердің! Поштабай теріс-ақ болсын. Сондағы күнде иесін сыйлағанның итіне сүйек салмас па! Жыртқаның поштабайдың жағасы емес, болыстың жағасы. Өз тентектігін өзі тыяр, өз айыбын өзі айтар, деп мына жұрт мені аңдып отыр. Менің айтарым: жығыл мына, ағаңның аяғына! Терін қимаған атыңды енді айыпқа бер! Безерме, жығыл, жығыл, деймін аяғына!

Сарыбала міз бақпады. Ішін ашу мен сөз кернесе де тіл қатпастан тұншығып тұр. Махамбетшемен тайталасу — әкесімен тайталасумен бірдей. Әдепті жас сөзін жіберді. Бірақ, арын, намысын жіберер емес. Махамбетшеге көнбеген соң, Мұқтар Әубәкірге сөз тастады:

— Мырза, сіз не айтасыз?

— Іштеме айтпаймын. Өздерің кетерген шу, өздерің бас. Мен сөзден аулақ, — деді де Әубәкір тыжырына теріс айналды. Мұқтар үнсіз орнынан тұрды. Ақсақал, қарасақал қоса тұрды. Бәрі шығып кеткенде Әмір кейіндеу қалып Сарыбалаға құшағын жайды:

— Келші, балам, маңдайыңнан искетші! Бегайдар азып-тозып бітті ме, десем, тәуба, тәуба, тілім тасқа, бар екен ғой бір ұрпақ! Тәңірі, сол ұрпағымның талайын жоғары, өмірін ұзақ ет! Игіліктен Тәти, Тәтиден Кәпір, Кәпірден жаңағы Әйкәпір туып еді, мерт болды, ел сүйінер іс болды! Сол сүйкімді суытып алма, қыздыра бер, шырағым. Қыран алыстан көреді, шын жүйрік алысқа шабады, жақыншыл болма, шырағым...

Осы қарт Әмірдің аузында бір тіс жоқ, селдір сақалы аппақ. Ұзын мұрны салбырап ерніне жетіпті. Өшуге айналған шелді кезі жасаурап, кемсең-кемсең етеді. Бір кезде ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермеген қария кәзір тек тірі аруақ. Манадан жұрттың аужайын түйген, іштей тұнған. Енді сөз тиегін ағытты. Балпылдаған ауыздан лақылдаған нақыл сөз атқығанда Сарыбала құлағын төсей, аузын аша тыңдады. Қарияны қолтығынан демей шығып, аттандырғанда, жаңағы батасына күлімсірей тұрып жауап қайырды:

— Ата, ақ батаңды ұмытпан. Мен бірақ Бегайдардың намысын қорғағам жоқ, хиянатқа шыдамадым. Соны Бегайдар істесе де шыдамас едім.

— Тауып айттың-ау, балам. «Жаңылмас жақ, сүрінбес тұяқ» болмас. Сүрінген екем. Хиянат тек ру мен рудың арасында емес, Бегайдардың өзінде де жетеді. «Күш атасын танымас», айла ақылдан аспас. «Өнер жастан, асыл тастан». Заманы туған — гүл, заманы кеткен — күл. Мен айттым, сен түй, — деді де Әмір атын сипай қамшылап жүре берді. Ой басып, ауыр жүре, Сарыбала үйіне беттеді...

ЖИЫРМА ЕКІНШІ ӘҢГІМЕ

Кәрі терек дауылдан құласа, кәрі аруақ Октябрьден құлады. Он екі мың жылқы біткен нән Игіліктен Тәти, Тәтиден Мұстапа, Мұстападан Мұқтар туып, төрт атаға дейін болыстықты қолдан шығармай келген. Енді шығып кетті. Игілік жаңа өлгендей одан өрбіген сан ауыл уһілеп отыр. Он екі мың қой біткен дәу Матай тірілгендей, оның бықыған ұрпағы гу-гу етеді. Болыстық осыларда. Тозығы жеткен Қыдыр аулының көңілі бүгін толы, танау көтермегені кемде-кем. Бәрі жиналып желі басындағы Махамбетшені қоршапты. Махамбетшснің құрысқан қуқыл бетіне қан жүгіріп, жымың қағады. Келідегі құлып саны үшеу-ақ болатын, кешеден бері беске жетті. Ауыл сыртында, арқанда шиыршық атып, торы төбел ат тұр. Бұдан бұрын жоқ-ты, түнде болыс мініп келді. Қараша ауылдың ортасында, жамаулы үлкен қоңыр үй, қоңыр үйдің он, жағында алты қанат ақ отау, отау ішінде жас болыс, болыстың, екі жағында желеңі әлі түспеген қос келіншек. Келіншектердің бірі тоқал, бірі бәйбіше. Болыс бәйбішеден тоқалды бұрын алды. Тоқал өз таңдағаны, бәйбіше — әкесінің атастырғаны. Екеуі де қыршын, жастары кеп болса жиырмада. Болыстық, байлық, қос қатын — болсам, деген қазақтың ежелгі арманы. Жас болыс әлден екеуіне жетті, құдай қойса қалған біреуіне де жетер. Бақ келгенде дәулет ере келеді, ермесе қазекең оны сүйреп әкеледі. Міне, сүйреп әкеліп, ақ отаудың алдына бір ту қойды жығып тастады. Бұл ауылда атымен қой тұяқ болмайтын. Жаз бойы ет көрмеген кедейлердің бала-шағасы жер ошақ басында. Желі басындағы топ ұлғая түсті. «Құтты болсын» айтушылар жан-жақтан келіп жатыр. «Бақ қонған жеріне қонады». «Мал біткен жеріне бітеді» деп қосуақтар лепірген кезде, жастарды ертіп, жас болыс отауынан шықты. Киімі орысша. Қайратты, тығыз, қара шашын бір қарыс жіберіпті. Сонда да жатпаған. Ортадан жоғары бойы бар, кең иық, кең танау, сымбатты, сұрша жігіт. Биік қабағының астына шалыстау біткен кішірек көзі тентектігін әйгілеп тұр. Сонымен қоса аңғал, ұрт, сөзі дөрекі-ақ. Әгәр аздап орысша оқымаса, бұдан бес-он жыл бұрын туса, нағыз Мекеш ағасындай болар еді де қояр еді, Кәзірдің өзінде болыс басымен бейбастақ. Ойын үстінде де ашуланып, ұрып, боқтап жібереді. Сол мінезін білгендер аса бір мейманасы асып кетпесе, бетінен қақпайды. Қошеметтей келген ақсақал-қарасақал әкесін қоршап отырғанда, тентек жігіт сәлем бере бара қоймады. Жастарды күрестіріп, жыққанымен өзі күресіп, бәрін жықты. Енді қол қайырыса, құлаш лақтырыса дуылдап жатқанда, ағасы Нұрман:

— Білалжан-ау, бала болдың ба, үлкендерге сәлем берсеңші, — деді күбірлеп. Білалдың сәлем сонда ғана есіне түссе керек үлкендерге келді. «Бағың баянды болсын» десті бәрі. Ескі ауылнай, Нығман салған жерден сұрақ қойды:

— Білалжан, мөр кімде?

— Мөр Мұқтарда. Басқасы менде.

— Басқасын қойшы. Керегі мөр еді ғой.

— Мерді алып қашып кетті. Бірақ әкесінің керіне тықса да қоймаспын! Катченкоге телеграмма бердім.

— Ол ит сол Катченконың өзін айналдырады. Көмейі қалай еді?

— Қыл өтпейді. Өткізем десе Катченко оны жауып қояды.

— Қайдан білейін! «Алтын көрсе періште жолдан шығады», жемеген ұлықты көзім әлі көрген жоқ. Жемесе несі ұлық?

Сарыбала мырс етіп күліп жіберді. Манадан үлкендер тобының, шет жағын ала жантайып жатқан. Үлкендердің, әңгімесіне, жастардың ойынына араласпастан, тек жатыр. Қазақ үшін болыстық үлкен бақ. Немере ағасы болыс болды. Ауылы түгілі руы қуанды. Бұл жігіттің қуанғаны не қайғырғаны белгісіз, томсарған тұйық қалпын бұзған жоқ. Жаңа неге мырс еткенін де білу қиын. Өз ішін берік сақтап, басқаның ішіне үңілуде.

Мына жақтан Әубәкір көрінді. Қасында Бақай. Қыдыр ауылымен бір сайдың бойында, бір құдықтан су ішіп отырған мырза жұрттың ең соңынан, қуаныштың екінші күні азар келді. Ол келгенде бастығы Махамбетше болып отырғандар орнынан тұрды. Жапырлап қолын ұстады. Жағымпаздың бір «мал-жан» амандығымен қоймай, ала төбеттің амандығына дейін сұрады. Әубәкір Махамбетшеге мойнын сәл бұрып, «қайырлы болсынды» солғын айтты да сұлық отырды. Махамбетше маиадан бері көтерме сөздерге құлақ тосумен болған, еиді, ұзын, буырыл сақалын саусақтарымен тарай түсіп, өзі сөйледі:

— ... Сармантай, Мұрат екі рулы ел бұрын бір болысты. Бертін келе Мұстапаның тізесіне шыдамай үш болысқа бөлінді. Қалған Мұраттың Мұқтар еңсесін көтертпеді. «Құдай біреу, кезек екеу» деген осы. Ал, Мұрат, берді құдай! Айрылып қалсаң өз обалың өзіңе. Балам жас, елім ексе. Жас жастығын істесе кешірерсіңдер, еркелігін көтерерсіңдер. «Бас сынса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» болсын. Алтау ала болса ауыздағың, ауыл ала болса қотандағың, ел ала болса өрістегің кетеді.

— Білалжан төбемізде ойнаса да көтердік! Тек кегімізді алып берсе болғаны! — деп Нығман жүгіне отырды. Білалдың бұл жездесі. Жасынан сезге араласқан тілді кісі. Бертінде ауылнайлығынан айрылып, топқа еркін ене алмай жүрген. Кәзір делебесі қозса керек суырыла сөйледі. — Әй Білал, Мұқтар емес, мықтар еді ғой ол. Ол басқаны былай қойғанда ағаң Яхия, Шайқыға не істемеді?! Шабдар атты алып бере қоймадың, деп мені ауылнайлықтан түсірді. Жесірлік атын қазақ оңайлықпен бере ме?! Тіпті Некалай заманындағы зорлығы салауат. Совет заманының өзінде Салия — сексен жылқы, Баяу — бес жүз қой, Елібай — ер құнын дауласа көп емес. Мұқтарды арқаланып бүкіл Қошқар қоқаңдамады ма?! Міне, келді кезек. Тайынба, тартынба, қарағым, істеріңді істеп қал...

Білалдың ерні дірілдеп, кезі шатынап кетті. Гүрілдеген дауысында да діріл бар. Балуан жігіттің сөзі езінен балуан екен:

— Мұраттың кегін Қошқардан қайырмасам, жер басып несіне жүрем! - — деді де қолын көтере нұсқады, — мынау екі бие мен анау торы төбел атты Қошқардан алдым. Бұлар тек болашақтың бастамасы. Мұқтар Мұраттан үйірлеп айдаса, мен Қошқардан үйірлеп айдаймын. Мұқтар Мұратқа дүрені біреудің қолымен соқса, мен Мұқтарға өз қолыммен соғам. Байдың күні батқан шақ, кедейдің күні туған шақ. Кегі барың қызыл тудың астына келе бер.

Сарыбала тағы да бір мырс етті. Әубәкір темен қарап қалған. Қара шұбар жүзі қара-күрең тартыпты, терісіне азар сыйып, тырсылдап отыр. Әлден уақытта;

— Ей, Нығман! — деп жоғары қарады. — Пәле іздегенге пәле, дау іздегенге дау табылады. Халыққа тиыштық керек. Албырт жасты қыздырғанша, бассаң еді. Қошқар мен Мұрат арасындағы кектің ұшы-қиыры жоқ. Өнбес дауды жетпес ұл даулайды. Даудан мүйіз шығар болса, әрқайсымыздың басымызда сырғауылдай, бір-бір мүйіз тұрмас па еді. Елді енді дауға емес, кәсіпке шақыралық, кәсіпке. Білал шырағым, саған айтарым да осы.

— Маған ақыл сұрай барғанда айтарсыз. Әзірге өз ақылым өзіме жетеді.

— Ақылды тентек пе десем, ақылсыз тентек екенсің ғой.

— Өзің ақылсыз.

— Түу ақмақ!

— Өзің ақмақ!

Әубәкір жерге бір түкіріп, атына мінді. Шаужайына оралғанның біріне ырық берместен жүріп кетті. Дуылдаған көп басыла қалды. Нұрманның ғана кейіген даусы естіледі:

— Әй, айлаң аз-ау, шырағым, айлаң аз! Әуелі Мұқтарды мықтасаң да жететін еді ғой. Екі аюдың ортасына түстің-ау, қап!

— Немене, Совет өкіметінен күшті ме олар?! Мұқтарда кегім қанша болса, қара сартта сонша! — деді де Білал орнынан тұрды. Сарыбала сонда ғана тіл қатты:

— Білал, бөгелші кішкене. Кек алмай тынбайтын түрің бар. Кектің көкесі: ұрлық, зорлық, пара, еңбексіздік жалқаулық емес пе? Құрталсаң анау екеуімен қоса, осы бесеуін де құрта сал.

Білал жауап қайырмастан кете берді. Содан кейін көп болса ай жарым уақыт өтті. Білалдың үстінен Ақмолаға алпыс арыз түсіпті, деген лақап тарады. Алпыстың елуін Мұқтар мен Әубәкір ұйымдастырған жала десек қалған оны жәбірленушілерден екенінде күмән жоқ. Өйткені, Білал жаңа жиналыстан қайта атқа мінген. Қасына бірнеше есерсоқтар ерген. Ел аралады. Болыстығына қоса сот, милиция ақсақалдардың ісін істеді. Тапқан олжасын ауылға қолма-қол жөнелтіп тұрды. Бір айдың ішінде Махамбетшенің желісіндегі құлын саны жетіге жетті. Мінгіш жылқы бұрын екеу-ақ болса, енді төртеу. Қонаққа соярлық тоқты-торымның, да басы құралды. Тек ұзаққа созылмады бұл дәурен. Білал ел аралап келген күні түнде, дәл жатарда «кеш жарық», деп Түсім енді есіктен. Бұл, кәдімгі кедей Бөпейдің Түсімі, руы Қошқар, Мұқтардың қолтығында жүрсе де әйкәпір атанбаған момын жігіт. Амандықтан кейін бөгелмей қалтасына қол салды. «Тез тапсыр» деп еді, деді де бір конверт ұстатты Білалға. Білалдың, оқи бастағаннан-ақ өңі қашып, қолы дірілдеп кетті.

«... Сені кедей, жас, сауатты, партияға тілектес, деп сенген едік. Сенім ақталмады. Жуан Мұқтардың үстінен де халық мұншама шағым айтқан емес. Халық қолдамағанды қолдай алмаймыз. Совет атын былғаушыға шыдай алмаймыз. Дереу болыстық кеңсені Бөпеевке тапсыр. Захар Катченко» депті хатта.

Бұл, Білалды өз қолымен болыс қойған, бүкіл оязға мәлім большевик Катченко. Енді өз қолымен орнынан алды. Ол кезде Катченколар тіпті аз. Советшілдер көп. Көптің ішінде совет жолын бұрмалаушылар да көп. Біресе айлакер жаумен, біресе ақылсыз доспен алысқан Совет үкіметінің сол күндердегі ауыр халын бүгін ойласаң да қабырғаң қайысады. Білалдардың достығы адам мен аюдың достығынан қанша артық? Кәзір ол «кінә өзімде-ау!..» деудің орнына, бәрін басқаға аударып, долданып отыр. Жаңа ғана жатуға асығып төсек салдырған. Екі жақта жаюлы екі төсек құрулы екі шымылдық, қайсымызға келер, деп жаутаңдаған қос келіншек жайына қалды. Төр алдындағы Түсімнің үстіне міне түсуге оқталып-оқталып басылды. Орнынан тұрды бір кезде. Жүк үстіндегі үш папкені ала сала босағаға лақтырды. Содан кейін:

— Бар, сволыш, ал ананы, жөнел! — деді де шығып кетті үйден. Сырттан қара түн, іштен қара ой-ыза кернеп тұншыққан жігіт бір тыныс іздегендей ауыл сыртында сенделіп жүргенде жортып келе жатқан біреу кездесті.

— Тоқта, кімсің?

— Білалмысың? — деп аттан түсті жортушы. Әубәкірдің інісі Мұхаммедия екен. Отызға әлі жетпеген, ақыл-айласы Білал түгілі Әубәкірдің өзін орап бара жатқан, мінезді, көрікті, қажырлы, сұңғыла жас. Білалмен араз бола тұра бауырына тарта сөйледі:

— Жақсы кездестің. Жайланып отырып кеңесейікші, — деп бастады ол. — Ағайын арасында көздің былшығы, тістің сарсығындай бірдеме бола береді. Тек сол дертке айналмасын. Сен «сарт» десең де біз Қыдырдың бір ұлымыз, деп жүрміз. Өйткені, туған, өскен жеріміз, әкеміздің, мекен еткен жері — осы ауыл. Құдай беріп біраз бақ-дәулет бітті. Содан зиян тартқан кім? Қыдыр түгілі Елібайдың бізден ат мінбеген, ас ішпеген қай баласы бар? Біреумен дауласа, жауласа қалсаңдар шылбыр ұшын сендерге бермей кімге бердік? Осының бірін бекер, деші кәне?

— Рас.

— Рас болса, соның бәрін ұмытып, кеше болыс бола сала, Алтай-қарпық аға тұтқан Әубәкірге неге тіл тигіздің?

— Өзі соқтықты.

— Өзі-ақ соқтықсын. Әкең сені ит, десе, сен де әкеңді ит, демекпісің? Ол кісі әкеңдей еді ғой.

Білал жауап қайыра алмай жер шұқыды. Мұхаммедия сөзбен бұғалықтап алған соң:

— Ерлі-байлы, әкелі-балалы кісінің де арасында шайпау сөздер болады. Бірақ, кексіз. Біздікі де кексіз болсын, — деп қолын ұсынғанда, Білал қолын бере қоймап еді, ақырып жіберді, — әкел қолыңды, антұрған! Досың мен дұшпаныңды айыра білмейсің! Сені болыстықтан түсірген мен емен, анау Орынбек. Енді өзіңді ұстағалы, мал-мүлкіңді хаттағалы келеді. Сақтан!

— Не дейді, не дейді?! Ол абақтыда жатқаны қайда?

— Сәкен Сейфуллин босатыпты. Босанысымен қолына мықты мандат беріпті. Соны ести сала түн қатып келем...

Әңгіме енді Орынбекке ауды. Онымен екеуі бірдей өш. Екеуі ғана емес-ау, Спасс маңындағы ел өш. Білалдың үстінен алпыс арыз түссе, Орынбектің үстінен кемі жүз түскен шығар. Сондықтан түрмеге жабылған. Патша заманында стражник-Совдеп кезінде жауапты қызметкер, Колчак уақытында полицияда істеп жүріп, Білалдың шөбере ағасы Қаменді атқан. Совет тұсында пара, зорлықты суша сапырды. Басына ақ үй тікті, алдына топтап мал салды. Кімнің тарысы піссе, соның тауығы. Өткір, жылпос, тілді жігіт. Дегенмен «көп жүрген жыланның аяғы көрінеді», көңіл шіркін семірсе жарға жығады, ақыры өзі пір тұтқан Әубәкірге соқтықты. Әубәкір оның үстіне ызалы елді жауып жіберді...

Міне, сол аты шулы Орынбек келеді, дегенде, манадан бері қайыспай отырған қайсар Білал бір қайқаң еткен тәрізді, Мұхаммедияға қолын берді. Мұхаммедияның терісі әлі кең. Сасқан болады, саспайды. Күлген болады, күлмейді. Мінезінің сырты жұмсақ, іші қатты. Өзі көрінбей, басқалардың қолымен Орынбекті абақтыға жаптырған, Білалды болыстықтан түсірді. Енді екі бұзақыны бір-біріне айдап салып, тиыш жатсам, деген есебі бар:

— Біз ертеден қазақтың дау-шарынан аулақ, кесіп қуған жандар едік қой. Бұл заманда тіпті аулақпыз, — деп мүләйім мінез көрсетеді. — Ел де, сөз де сендердікі. Тілейтініміз тиыштық. Бірақ, мынау лаң тиыштық бермес. Алдымен Әубәкірді, сені құртпақ. Әубәкірдің малын шауып ала алмайды, үкімет онысына жібермейді. Басқа жазығы жоқ. Сен байқа, сен.

— Маған не қылады?!

— Ұстайды.

— Келіп көрсін, мойнын жұлып алайын!

— Оның көзсіз батырлық. Келсе жалғыз келе ме, қарусыз келе ме. Анау арам сирақтарыңды жоғалт. Өзің бой таса қыла тұр. Мен Сейфуллиннің алдынан шығайын. Мән-жайды түсіндірейін...

Таң атты. Білал мелшиіп отырып қалды. Мұхаммедия атын жетелей Мұстапаның үйіне бұрылды. Сарыбала үй сыртында далада жатқан. Екеуінің манадан бергі әңгімесін естіп жатқан. Мұхаммедия қайталай бастағанда.

— Бәрін естідім, — деді.

— Естісең менімен бірге кешке заводқа жүр. Ертең Сәкен келеді. Ел ағасы ғой, елдің үнін естісін. Бұзақыны білмей қорғаған шығар, білсін. Шырағым, қаша берме сөзден. Сөз қашсаң да қоймайды. Кезі келгенде ойыңды, бойыңды көрсет. Кәзір, инабатты он ақсақалдан сендей бір жастың салмағы басым...

— Сарыбала үндемей тұрып-тұрып, көп сөзге бір-ақ ауыз жауап қайырды:

— Салмақ салыстыру үшін емес, Сейфуллинді көру үшін барайын.

Сол күнгі кештің әбігері-ай! Білал парадан жинаған арам сирақтарын жытырып жатты. Мұхаммедия жан-жаққа кісі жіберіп, «ертең заводта болсын» деп жатты. Өзі нән бір саба қымыз, бір қой, бір құлын алып, Сарыбаланы ерте түн қатты. Күн найза бойы кетерілгенде заводқа енді. Кіре берісте жұмысшылардың жыпырлаған жер кепесі. Бәрі дерлік бос, иесіз. Завод тоқтаған соң жұмысшылар тарап, бірен-саран күзетшілер ғана қалған. Бірақ, жұмысшы атымен жүрген пысықтар, алдауыштар кеп. Солардың бірсыпырасы Орынбектің маңына топталыпты. Жер кепелердің арасындағы көгалға ақ үй тіккен. Бұлар да әбігер, Сәкенді қарсы алуға дайындалып жатыр. Мұхаммедия бөгелмеді. «Көкөзектен» өтті де, Балаубай ақсақалдікіне ат басын тіреді.

Балаубай Әубәкірдің тоқалының әкесі. Дау-жанжалдан аулақ, іші қандай таза болса, сырты сондай таза — кербез киінетін, денелі, әлі еңкеймеген келбетті қарт. Үстінде күрең сәтен бешпент, бір қолы артында, бір қолымен көк буырыл сақалын сипап, қасындағылардан анағұрым биік тұр. Қасындағылар бүл өңірге мәлім: Сәттібайдың Абылы, Тәшеннің Тишмағамбеті, Қожабектің Серігі, Пушкиннің Абай аударған Татьянасын осы ортаға таратқан әнші, ақын, шешен, шежіре — Ақметбек. Бұлардың әрқайсысының атқосшысы, жандай шаптары бар. Айналасы қырық-отыз адам. Бәрі Мұхаммедияның кешегі хабарлауымен келген. Ақметбек біріне сөз бермей, баяғыда Қазыбек би. Теле би, Байдалы би бас қосып, Үш жүзге тыныштық орнатпақ, тентекті тыймақ болғанын ұзақ сонар әңгімеге айналдырған екен. Мұхаммедия бөліп жіберді:

— Тұрмалық, бұрынырақ барып қарсы алайық, аналар да дайындалып жатқан көрінеді.

— Сәкен маған сәлем берер. Біздің Сәлкенді білетін шығар. Біледі, — деп тамағын кенеп қойды Балекең. Сәлкен жалғыз ұлы, Ақмолада қызметте. Анда-санда губерниялық газетте өлеңі шығып тұрады, Балекең баласын мақтан етті. Бірақ, мақтаншақ та, әңгімешіл де кісі емес. Осынша жасқа келгенде айтатыны екі-ақ әңгіме. Соның бірі — «біздің Сәлкен» деп, екіншісі — «Кубриннің малын айдап Орынборға жиырма бес рет бардым» деп басталады. Қоспасы жоқ, қызығы шамалы бұл әңгімелерін Балекең езі сүйген соң басқалар да сүйеді, десе керек. Жиі айтады. Тағы да «біздің Сәлкен» дей бергенде:

— Қойыңызшы — деді де Мұхаммедия атқа мінді. Балекеңнен өзгесі тегіс аттанды. Батыс жақта көлденең жатқан Байдәулет тауына беттеп барады. Бұлардан қарамы кішірек әнтек кейіндеу шыққан Орынбек тобының да беті солай. Сәкен сол таудан асып келмек қай жағынын, дайындаған үйіне түссе, сол жағы жеңдім, демек. «Ұлықтың аузын ал», «ұлыққа пара бергенше бара бер» деген қарама-қарсы қазақ мәтелін екі жағы да берік ұстап, бірі келмесе бірі келер, деседі. Ұлығы — Сәкен — үкімет мүшесі.

— Япырау, осы «мүше» дегендері бұрынғының оязы ма екен, жарты патшасы ма екен? — дейді Мұхаммедия тобындағы Тишмағамбет, — орысша қанша оқыса да аруақты атаның баласы ғой, қазағымнан бір жұрнақ қалған шығар. Бізге түседі! Орынбек тобындағы сыпылдақ Сарыжақыптың сенімі бұдан күштірек:

— Ата аруағын жұмысшы аруағы жеңе алмаса мұрнымды кесіп берейін! Бізге түседі, бізге, — деп кеудесін қағады.

Екі топ бір-біріне қосылмай, анадайдан аңдысып, бірі жылдамырақ жүрсе, екіншісі де жылдамдатып, өзара кеу-кеулесе келе жатқанда, Байдәулет тауының иығына он шақты атты шауып шықты. «Сәкен, Сәкен!» деп лап қойды бәрі. Жерді дүңкілдете, шаңды бората барады. Қайсыбірінің аяқ, қолында дамыл жоқ, астындағы атын қамшылап, текпілеп өлтіретін. Қазекеңде атқа шапқанда ес қала ма, бұрын барғанына бәйге беретіндей танаулап жетті Сәкенге.

— Жай ма? — деді Сәкен күлімсіреп, — әрқайсысыңның танауыңа қос жұдырық сыйғандай ғой.

— Жай болса жұдырық сия ма. Жайланып алып сөйлесейік. Дастарқанымыз жаюлы түр. Дәм тат, ел ағасы. Еліміздің мына инабатты адамдарының атынан айтам, — деп Мұхаммедия жауап күтпестен алға түсе бергенде, Орынбек кимелей келіп көлденеңдей қалды. Сөзі еркін:

— Мен мына жұмысшылардың атынан шақырам. Бұлардың да дастарқаны жаюлы. Құлын еті мен қара сабаның қымызына қызықсаң Мұхаммедия мырзаның соңынан, қара нан мен қара шайды қанағат етсең менің соңымнан ересің Сәкен.

Сәкен ойланып тұр. Астындағы жерден пішіп алғандай, құлаш мойын, теңбіл көк ойын бөліп тықырши береді. Қамыс құлағын біресе қайшылап, біресе тікейтіп, ойқастап қояды. Шұлғиды, пысқырады. Ол ойқастаған сайын үстіндегі күміс ер күнге шағылысып, көз ұялтады. Теңбіл көк сонша сәнді болғанымен атқұмар қазақтың назарын аудара алмады. Назар Сәкеннің, өзінде. Даңқына тұлғасы сай жігіттің өзгешелігі көп. Кигені қисық табан қызыл етік қытай сушаншасынан астарсыз тіктірген жеңіл пенжек оң жеңінде қызыл жібек жұлдыз, омырауындағы значекта — член КирЦИК деген жазу, басында жұқа ақ қалпақ — теңбіл көктің үстінде тіп-тік отыр. Омырауын ашып тастапты, күн қағып, аз тотыққан. Жұмыр, сұңғақ мойнында, ақ, қараға не сарыға қосылмайтын сүйкімді сұрғылт жүзінде жарасымсыз біткен бір пішін жоқ. Қазақтың көріктісі. Әйел түгілі еркек көз тастамай одан өте алмас. Мінезі тіпті паң тәрізді. Жөнді сөйлеспей, шүйіркелеспей тұр. Алдындағы көпті иегінің астына ала, көзін сүзілте, баяу бір шолып өтті. Оның байсалды, өткір көзі түскенде қымсынбай қалған ешкім жоқ шығар. Содан кейін:

— Тарт, жұмысшыларға! — деді де Орынбекке иек көтерді.

— Мұхаммедия тобы тегіс төмен қарады. Әйтсе де орнында тұрып қалмай, ілесе жүрді. Орынбек Сәкенмен тізелесіп алған, жақ жаппай келеді:

— ... Байдәулет алдындағы бұл жазықта талай топтар шайқасқан... Завод приставы Соколов, Колчактың жазалаушы отрядының бастығы Волосников осы жазыққа керіп қойып, сан жұмысшының жонынан тілім-тілім таспа алды. Менің өзімді дәл мына бір тобылғының түбінде жасырынып жатқанымда ұстады. Тіпті совет тұсында көз аштырды ма бізге! Айналайын Сәкен, өле-өлгенше қарыздармыз саған. Құзғындардың тырнағынан құтқардың, даусымызды шығардық, қабақ ашылды, тіл тиегі ағытылды...

Кейіндеу келе жатқан Ақметбек атын борбайға көміп жіберіп қатарласа түсті де:

— Сәкен шырағым, бізде де тіл бар, тыңдасаң құлақ құрышын қандыратын әңгіме бар, — деді, — атам қазақтың кішінің үлкенге сәлем беретін, дәм аттамайтын салтын ұмытпа, неге өтіп барасың? Әне, Балаубай ақсақал есігінің алдында күтіп түр. Ат басын бұра кет.

— Әй, Ақа-ай, Сәкеннің салттарды орындауға уақыты жете ме! — деп Орынбек өтірік қарқылдағанда, Сәкен оң жағындағы жұдырықтай ғана қара сақалды кісіге қарады. Ол созылып барып сыбыр етті:

— Ақын, Байсалбайдың Ақметбегі.

— Содан кейін Сәкен ат басын кілт бұрды. Балекеңе атынан түсіп сәлем берді. Ақкөңіл қарттың ырза болғаны сонша, қызара бөртіп, не айтарын білмей:

— Көп жаса, шырағым, көп жаса!.. — дей берді. Қонағы бірақ көп бөгелмеді. Құлын етін жеместен, қымыз ішті де жүріп кетті.

Жер кепелердің арасындағы ақ отауға келіп түсті Сәкен. Отау Орынбектің досы — Мақшайдікі. Мақшай «жұмысшымын» деп жүр. Жұмысшы болса ақ отау қайдан келді? Бұл арасы түсініксіз. Орынбектің өзінде де ақ үй, елу-алпыс мал бар, Аршалының бойында отыр. Сәкенді онда апармай, мұнда әкелуі жай емес, қоясын жасырғаны. Кәзір ол жалғыз атты жұмысшы болып жайраң қағады, тіпті еркін. Қошеметшілері қасында. Бірақ аз. Мұхаммедия тобы көбейіп барады. Спасты қоршаған қалың елден келіп жатыр. Екі жақ кезек-кезек манағы жұдырықтай қара сақал кісіні «Әуке, Әуке» деп бірінен босаса бірі ала жөнеледі. Бұл көп сыбыр, көп сөзден Сәкен мен Сарыбала ғана сыртқары. Сәкен жуынып, қырынып жатса, Сарыбала арбаға сүйеніп, бәрін бақылап тұр.

«Аулаққа шықпай.
Сыбырлап бұқпай.

Мейірленбес еш сезге» дейді ішінен. Осынау бірінің, етін бірі жегелі жатқан топ әр-берден соң қарқылдаған қара қарға тобын елестетті кезіне. Жүзін Сәкенге аударды. Сәкен өлі таранып болмапты. Оған завод жақтан алты адам келеді. Сарыбала алтауын да бұлжытпай таныды. Бала кезінде талай керген нағыз жұмысшылар: Араптың Дүйсені, ағалы-інілі Садуақас пен Шәймерден, тағы да ағалы-інілі Қасым мен Қаратышқан, Байбоқыштың Мақсұты. Қыр қазағынша сәлем бере, амандаса келмеді бұлар. Үнсіз қол алысып, сұлқ тұрды. Сәкен:

— Қай жігітсіңдер? — дегенде ғана, тапал, сары мұрт Дүйсеннің үні шықты:

— Біз осы заводтың жұмысшыларымыз.

— Жақсы. Ал, әңгімелеріңіз болса айта беріңіздер.

— Әңгіме жоқ. Тек дидарласуға келдік. Бір өлең жазып берсеңіз, айта жүрер едік.

Сәкен жымиып күліп қойды. Мақсұт пен Қаратышқанға көз қырын оқтын-оқтын тастайды. Олардың екеуі де әлі жас. Бірі — қалын, бет сарша, бірі — жалпақ бет қараша, тиыш отыра алмай өзара күбірлесіп қалып, түртісіп қалып отыр еді.

— Аға, өлең берсеңіз, әнін қоса беріңіз, — деді Мақсұт. Сәкен тағы да бір жымиып, үйге кіріп шықты да Мақсұтқа арабша жазуы бар екі тарақ қағаз ұсынды.

— Шырақ! Өлең қиын, ат-үсті жазылмайды. Мынау бұрын жазылған. Әзірге осыны оқи тұр. Әнге қинама. Әнші емеспін.

— Бұл өлеңді білеміз, аға, айтып жүрміз.

— Әнін де білесіндер ме?

— Білеміз.,

— Кәне айтып көрші.

— Мақсұт іркілместен айтып жіберді:

Азамат, сестенбе, көзіңді аш, жүрме бос,
Ұран сал, алға бас, бірігіп, тізе қос.
Қызыл ту шылауы қорғаның
Тізе қос, тізе қос, тізе қос.

Бұған дейін кісі киік, паң көрінген Сәкен, енді тіпті кішіпейіл, Мақсұтпен шүйіркелесе түсті.

— Өзің бір болып тұрған жеткіншексін ғой. Оқисың ба, алып кетейін?

— Оқимын!

— Шешеңнен әуелі лұқсат сұра, шырағым, — деп Дүйсен күңк етіп еді, Сәкен оны басып тастады:

Қай шеше баласын көзден таса қылғысы келеді?! Жылай отырып жөнелтеді, алғыс айтады, мейірбан ана. Оқу керек. Оқы, оқы, тағы да оқы, дейді Ленин. Мемлекет қожасы — жұмысшы. Әзір жұмысшы бізде аз. Сауаттылары өте аз. Білек күшіне білім күші қосылғанда ғана, ел билеуге болады. Ең ақыры дос пен қасты айыруға да, қайла шабуға да білім керек. Білім ғылымда. Пролетариат өз ғалымын, өзінің мемлекет қайраткерін, ақын-жазушысын жасамай, басқаның аузына қарап жарымайды...

Амандаса келген жұмысшылар бірсыпыра отырып қалды. Жұмыс уақыты тақалғанда, шыдай алмай орындарынан тұрды.

— Қарық қылмасам да қанағат аларлық өлеңдер жіберем, — деді Сәкен. — Ал, Мақсұт, сөзіңде тұрсаң кешікпе. Біз кеп бөгелмей жүреміз.

Сарыбала жұмысшыларға ере кетіп, заводқа дейін шығарып салды. Жол бойы Садуақас екеуінің әңгімеден ауыздары босаған жоқ. Садуақас кексе, денесі қолтоқпақтай-ақ, маңдайына әлден екі сызық әжім түскен, қара шұбар жігіт. Аз сөйлейді. Сөйлесе бұлтақсыз тура тартады. Сарыбаламен мінездес: тұйық, суық. Бірақ, екеуі осындай кездесе қалғанда жылынып, жадырап, бір-біріне сөз таба береді.

Анау топтың сыбырында құдай біледі, пәле бар, — деді Садуақас қоштасып тұрып, — келуі келсең де ішіне кірмепсің. Кірме, былғайды.

Кірмеймін. Кірсем шыдай алмаймын. Тек жүрсем де біреулер маған күйе жақпақ па, қалай.

— Ол Орынбек шығар. Әкесі қажы, атасы Әубәкір, дейтін шығар. Омай-ау, жағып көрсін! Біз тазартамыз! Тек сол Мұқтардың бетін бір қайырғаның үшін жұрт саған ырза.

Сыртқы ел былай тұрсын, завод ішінің өзі тегіс білмейтін, беделі, ебі, көз тояр көркі жоқ, күйкі Садуақастың бұл сезі Сарыбалаға әсер еткені сонша, беті қызара бөртіп, жүрегі тулай қайтты. Ол келгенде жұдырықтай қара сақал топтан жырылып Сәкенге барған. «Осы кім?», «Есенбақтың Әубәкірі... Сәкеннің, досы ғой» деген түбір сөздер естіліп тұрды. Әубәкір топқа қолын бұлғап, Сәкенге ере үйге енді.

Кішірек үйге сырттағылар түгел сыйған жоқ. Сыймағаны есіктен сығалап анталауда. Сарыбала сығылыса кіріп алған. Босаға жақта төрдегілерге телміре қарап отыр. Сәкеннің оң жағында Әубәкір, сол жағында Орынбек. Ешкім қыбыр етпей, дыбыс шығармай, тым-тырыс отырғанда, сөзді Мұхаммедняның атасы еңгезердей Абыл бастады:

— Сәкен шырағым, сен келеді, деген соң көрейікші, мұңымызды шағайықшы деп үлкен-кішіміз жинала келдік. Алтай-Қарпықтың баласымыз. Атан, белгілі, өзің белгілі. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген. Бітіріп кет. Кемпіріміздің қасында тиыш ұйықтаудан қалдық. Жалды ат мінуден, дәмді ас ішуден қалдық. Мылтығын шошайтып шауып келеді. Қит етсең «буржуй» дейді. Ауыз ашсаң — «арыстабайт». Бала-шаға су жүрек болды. Өзіміз де қояннан әрі қорқақ. Сені керген соң ақтарылып отырмын. Әйтпесе, тілі күрмелген біз бір бейбақ.

— Соның бәрін істеуші кім? — деп Сәкен Абылға жаңа ғана тура қарады.

— Қайсыбірін айтайын. Тіпті осы үйдің ішінен де, өзіңмен тізелестерден де табылады. Бәрі үкімет атынан істеледі, — деді де Абыл күмілжіді. Орынбек еліре сөйлеп кетті:

— Неге күмілжідің, кебеже қарын, сасық кеңірдек кең қоныш, салпы етек феодал! Енді тек совет өкіметін құлатып бер, деуің ғана қалды. Көмейіңде сол тұр. Айтуға аузың күйеді, айтпауға ішің күйеді. Айтып өл, бетбақ! Демің санаулы.

— Тарт, Орынбек тіліңді, тарт! — дей мына жақтан Мұхаммедия көтерілді. — Кімнің бетпақ екенін сен емес, осынау көп айтар. Көп айтса дәл айтар. Сәкен, елің жиылып саған келді. Арсылдатпа анау итіңді!

— Тілімді ешкім кесе алмас! Көр қазған қорқау қасқыр, қазбалама! Өтпеймін тамағыңнан!

— Сонда мен бе жылп ете түсетін!

— Жә, тоқтаңдар! Бәрі түсінікті, — деп Сәкен тыжырына қолын көтерді. Екі жағы бірден басылды. Шыбын да ызыңдамай қалды. Демін ішінен ала, ынтыға күткен көпке ор сөзін салмақтай отырып, сараң сөйледі Сәкен. — Октябрьдің ұлы дауылы өтті, енді күн шуағы басталды. Бірің әлі дауыл іздесек, бірің шуаққа жылынып, тағы да шанжимақ болсаң — екеуің де қателестің. Жұмысшы, жарлы атқа мінді. Оны көре алмағанның күні қараң. Абыл ақсақал, көре алмасаң, қараңғыға тұншығасың. Орынбек сен де атқа міндің. Кебеже қарындарды қолма-қол құртам, деме. Шаш орнына бас алма. Алам десең, қолың кесіледі. Араларыңдағы қым-қуыт дау-жанжалдың, құяр жері осы екі сала. Мен баяғының би, ақсақалы не бүгінгінің соты емес. Билік айтпаймын, үкімет бағытын аңғартам. Аңғара алмағаның басың тасқа соққанда аңғарарсың. Енді өзім туралы бірер сөз. Орынбекті абақтыдан босатқаныма жұрт қынжылатын сияқты. Кіріптар адам қанша кінәлы болса да кінәсын шын мойындаса, кешірмеу — рақымсыз қаталдық. Рақымсыэ жүрек — қара. Мені Колчак үкім'еті бұғаулады, жер аударды, шашымды жұлды. Соны істеушілер пенде болып біздің қолға түскенде, ешқайсысынан өш алмадым. Әгәр олар түзелмесе, жауыздығын қоймаса, әрине, аяу жоқ. Міне, Орынбек жайында да, басқаларыңыз жайында да ойым осы.

— Жауды аяған жаралы қалмай ма? — деп Сарыбала сұрақ беріп қалып еді, Сәкен оған жалт қарап, жауап қайырды:

— Жау әр қилы, дау әр қилы. Бітімсіз жау, бітімсіз дау, жазылмас жара бар. Бұлардың жөні бөлек.

Сөз осымен аяқталды. Қонақтар тамақ іше сала атқа қонды.

ЖИЫРМА ҮШІНШІ ӘҢГІМЕ

Жаңағы бір әзірде иттері абалап, жастары алтыбақан теуіп, әндетіп жатқан ауыл тына қалыпты. Шаңырақ, жер ошақтардан жылтылдаған от сәулелері де өшіпті. Енді елі жастар сияқты: жарлауыт сайдың жағасында, көзге түртсе көргісіз қараңғы түнде қалғып тұр. Оның дәл іргесінде, сайды өрлей, ұрлана келіп жатқан үш жігіт — Сарыбала, Нұрғали, Мейрам. Үшеуі де бозбала. Демдерін іштен алады, иектерін жар қабағына сүйеп қойып, ортадағы қоңыр үйге өлердей қадалады. Көздері талып, жасаурады. Тиыш түнде жүректері тулап алас ұрды. «Кірсем» деген қуаныш, «ұстап алса» деген қорқыныш қысып, дір қағады. Бұларды бұнша әурелеген қоңыр үйдің ішіндегі күлім көз. Күлім көз төсекте жатыр. Көзі жұмулы, көңілі ояу. Ояу көңілді көруге бар, ұстауға жоқ әдемі елес, албырт ой жетелеп, талай саққа жүгіртті. Біресе қыздырды, біресе суытты. Ақыры талып барып, ұйықтап кетті. Бірақ, біздің үш жігіттің көңілінде ол әлі ояу. Күлімдеген көзі, сылдырлаған шашбауы, сыңғырлаған кербез күлкісі шақырып тұрған тәрізді. Сонда кімді? «Мені» дейді әрқайсысы ішінен. «Біріңді де емес. Жоғал!» дегендей мына жақтан дүрсе қоя берді сары ала төбет. Атты кісінің үзенгісіне жармасатын тайшадай төбет бозбалаларды беденеше бұқтырды. Бұқтырса да бас салмады. Күрілдеп келіп жарға төніп-төніп кетеді. Ол төнген сайын Нұрғали жерге жабыса түседі. Сол уақыттың азап минуты жай уақыттың рахат сағатынан қадырлы-ау! Әйтпесе, қорқақ Нұрғали аты шулы қабаған төбеттің қысымына өзі ізденіп бара ма? Төбет «жау мұндалай!» арсылдап-арсылдап айбатын әбден шашқан соң, етбетінен түсе жатып алды. Аңдып жатыр. Жалығар емес. Жігіттер де жатыр. Қаша алмады. Қашса жарып тастайды. Қарсыласуға қару жоқ. Жата берсе тан, атады, қолға түсіп масқара болады. Сарыбала сонсоң, жар астымен жер бауырлай жылжыды. Анау екеуі соңынан ерді. Топырақ, шалшықтарды кеше, жыланша иреңдей жүріп, ақыры иттен құтылды-ау. Құтылып алған соң былғанған киім, көрген азаптың бәрін ұмытып:

— Енді Нұрабектің, үйін айналдырайық, — деді Сарыбала. Ол кәдімгі жарық Нұрабек сақау Нұрабек атанған бишара, бая шал. Екі қызының үлкенін ұзатқан. Кішісі қолында. Ұлы жоқ. Бір айғыр үйір жылқысы бар. Қымызын өзінен өзге ешкім татпайды, қымыз емес, тотияйын. Жылқысын өзі де мінбейді, жаяу жүреді. Ауылы, жолы болмай қайтқан біздің бозбалалардың жолында. Өмірі үйге кіріп, қыз оятып көрмеген су жүрек Нұрғали осы шалдың үйінің тұсыиа жеткенде, түк жүректеніп кетті. Таласып келе жатқан Мейрам мен Сарыбалаға.

— Былшылдамаңдар, езім кірем! — деді де шешіне бастады. Күшке келсе ол шыдатпайды. Жолдастары жым болды. Құрым үйдің ішінде Нұрабектің, қорылы, сыртта Нұрғалидың сақылдаған тістері ғана тиыштықты бұзып тұр. Салдама есік өгіздей епсіз жігіт енгенде де бір дыбыс шығармады. Жігіттің енгенімен жүрісі мандыған жоқ, Буындары дірілдеп, тістері сақылдай түсті. Алдында ошақ үстінде бір қазан ыстық сүт. Қыз он, жақта, жер төсекте. Көйлек-дамбалшаң, балақ-жең түрулі, қараңғыда қалш-қалш қалықтап, жылжып барады Нұрғали. Қызды тура тапқай-ақ. Қазанға соқтықса бүлдіргені.

Сырттағы екеу тек тұра алмады. Қазақ құрдастарының осындайда айта жүрерлік бірдеме істеп қалу әдеті. Сарыбала түндік бауымен есікті сырттан байлады. Мейрам үйге сиыр болып сүйкенді. Сол-ақ екен:

— Аям қатқи, қоқи шолақ, аям қат! — деп Нұрабек баж етті. Мейрам тағы бір сүйкеніп еткенде.

— Құйтты-ау, жаман үйді, құйтты-ау ойбай! Қалған мүйізіңді қағып алайын, — деді де таяғын ала ұшып тұрды. Нұрғали тұра қашты. Жолындағы қазанға күрс жығылды. Сүт алып кетті үйді...

— Аттан, аттан! Ұйы шауып жати үйімді! Аттан, аттан!..

Түнгі ащы дауыс бүкіл ауылды дүрліктірді. Кішкентай күшіктерге дейін шәуілдеп жатыр. Нұрғали төгілген сүтті шалпылдатып қашып жүр. Есікті жұлқып-жұлқып кетеді. Ашылмайды. Нұрабек қуып жүр. Екеуі кезек-кезек таяды, кезек-кезек құлайды қазанға. Шалдың аузында әлі «аттан», қолында таяқ, көрмесе де сермей береді. Бір сермегені жігіттің дәл мұрнынан тиді. Сол кезде Мейрам мен Сарыбала есікті ашып жіберіп, тұра жөнелді. Мұрнынан қан тамшылай атып шықты жігіт. Соңында енді абалаған бір топ ит. Жытып барады. Иттер тақымдап барады. Артына алақтап баратқанда, алдындағы апан құдыққа тоңқалаң аса құлады. Түгі де кеткен жоқ. Қайта, суға шомылып тазарып қалды. Иттер апанды қоршай аңырып тұр. Нұрғали судан басын ғана қылтитып отыр...

Ол солай отыра тұрсын, кейінгілерге келейік. «Аттанға» жиналған ауыл адамдары мән-жайды анықтаған соң, бишара Нұрабектің өзін сөкті:

— Әкең ұл, шешен, қыз болмап па еді, шіркін!

— Аттан салып, елді шошытқан несі!

— Уа, қойыңдар әрі! Бүл басынғандық. Қыз оятқанда қазанын құлатып, үйін ойрандап оята ма?! Баяғының жігіті мысықтай епті келетін еді. Тіпті әке-шешеміз түгіл өзіміз білмей қалатынбыз. Бетім-ау, ендігінің жігітіне не болған! — деп еді, бір кемпір, басылыңқыраған Нұрабек қайта көтерілді:

— Қайдағы жігіт? Мігіт! Би қазан сүттен тым құйылғанда би тостаған бұйыймады-ау, ойбай! О, көйіңде еки! О, көктей сол! Қыз іздесең қызыл пәлеге жолық! Басынсаң басыңа келсін! Ұлым болса бұл қойлықты көйей ме едім, ойбай, көйей ме едім.

Сарыбала үйіне келіп жата қалған. Ауыл арасы жақын. Нұрабек қарғысы естіліп түр. Үйықтай алмай, аунақши береді. Ертең айыпкер ізделсе, сонда не демек? Өтірік айтса — шындықтан, шындықты айтса — ұяттан айрылады. Екеуінің біріне қатер төніп тұр. Бірін де қия алмай, қиналып жатып, ұйқыға кеткенін байқамады Сарыбала. Ұйқысы қатты-ақ. Бір кезде шешесі жұлқылап оятты. Көзін ашса, төр алдында жұдырықтай ғана шұбар жігіт отыр. Мезгіл сәске түс болыпты.

— Бұл ауылдың жастары түнде жортып, күндіз ұйықтайды-ау сірә. Көрші үйден де «Мейрамжан, тұр-тұрлап» жатыр, бір бәйбіше, — деп жігіт күліп қойды. Сарыбала онымен киіне жүріп сөйлесті:

— Білгішім, езің де сол жортақтың бірі болмағай ең. Жол болсын, танымадық?

— Атым — Қабыл. Әкем аты — Елеусіз. Ақмоладан келем.

— Ояздық жастар комитетінде істейтін шығарсын?

— Иә.

Сөз бөлініп кетті. Мұстапа кірді үйге. Көйлек-дамбалшаң. Көйлегі тізесінен төмен түседі. Аяғында қоңылтаяқ кебіс, қолыида шұбатылған тәспі, қасында Нұрабек бар. Екеуі ауыл сыртында, мана таң намазынан кейін кездескен. Нұрабек түндегі оқиғаны айтып болса керек үнсіз кірді. Мұстапа, қолын ұстаған қонағының бетіне қарамастан, «амансың ба, шырағым» деді де орнына барып сұлқ отырды. Тәспісін әлі тартып отыр. Әйелі Қадиша бір түртіп кетті. Елемеген соң — «Тәспіңді таста!» деп құлағына сыбырлады. Тастамап еді, «мылтығы бар» деді. Мұстапа сонда ғана жымия күліп, бәріне естірте жауап қатты:

— Мақұлық, мылтықтан қорыққанша құдайдан қорық. Мылтық адамның қолында. Адам құдайдың қолында.

— Кесірің балаларға тимесе неғылсын!

— Бишара қызғыш көл қориды. Қорығанда не бітірді? Балаң, адам болса, кесірлерден өзі де қорғана білер. Адам болмай надан болса, қызғыштықтан көмек не?

Өзімен өзі болып отырған Нұрабек кимелей жөнелді төтеден:

— Жоқ, қажы, көшіп келем қасыңа, көшіп келем. Әйтпесе мына жұйт мені талап жейді, ойбай! Паналат!

— Құдайға панала, Нұреке. Құдайға.

— Құдайдан көңілім қайтқан, шияғым.

— Астапыралла. Тәуба қыл, Нұреке.

— Тәубадан да жалықтым, шияғым.

— Мына, үкімет адамдары қорғайды.

— Олай қойғағанша етімді жеп, сүйегімді қалдыяды. Қойғаса қайда қалды? Ақмедия қая байталымды сен болмағанда жеп кетіп еді ғой.

— Ақмедия сонда менен емес, үкіметтен қорыққан.

— Мен әйтеуи сенің етегіңнен ұстадым. Сен кімнің етегінен ұстасаң, оның етегінен ұста.

Екеуінің әңгімесіне Қадиша бұдан әрі шыдамады. «Құдай сенімен көрші қылмасын!..», «Маза берші, Нұрабек», «Кетші, Нұрабек!» деп беттен алса да Нұрабек қозғала қоймаған соң, отқа тұз ала жүгіріп еді, Мұстапа ақырып жіберді:

— Тек, ақылсыз шіркін! — дегенде бетінің ұзын түктері тікірейіп кетті. Қазақ ұғымында отқа тұз салса, жарықтың жарығы түседі. Нұрабек жарық. Тұздан қорқып ұшып тұрғанда, Мұстапа қайта отырғызды. — Киімі жаманға ит өш. Ит мінезді адам өш. Бұл бишараның көрген қорлығы, тартқан азабы аз ба? Жақсылық қолдан келмесе де жамандық істемейік. Өзі жаралы жанды жәбірлегенше, жылы сөзбен емдейік. Мұхаммет жолы осы. Үкімет жолы да осы. Қоймадың, Нұреке, келе ғой. Мен сенен жиренбейін.

Нұрабек алғыс жаудыра үйден шықты. Сарыбала әдетінше әкесіне бір қалжыңдап қойды:

— Есіл сөздің абыройы иесінде қалмай, Мұхамметте қалды-ау, қап!

— Балам, барың осы ма, әлде қалжың ба? Қайсысы болса да шындап жауап берейін. Сен сүйген соң, халық сүйген соң Ленинді мен де сүйдім. Мен сүйген, халық сүйген Мұхамметті сүйе алмасаң да сыйлай біл. Сыйлау — табыну емес. Сыйлай білген — сыйлата да біледі.

Қабыл Сарыбалаға «енді айтыспа» дегендей көзін қысты. Содан кейін иегімен ымдап алып шықты тысқа. Дала қапырық. Күн ысып, жер қызып кеткен. Жан-жануар, жылыны сүйетін суық жыланға дейін салқын іздеп сасуда. Рахатқа батқан тек бүгелік. Ол әндетіп жүр...

— Күйдірігі барады ғой! «Меғражды» оқыдың ба? — деді Сарыбала. Қабыл таңдайын қағып еді, айта берді. — Қиямет қайым болғанда күн төбеге найза бойы келеді. Жер қып-қызыл шоққа айналады. Бүкіл адамзат үн қосып, әркім өз басына кешірім сұрай зарлайды. Мұхаммет қана, астында пырақ, құдаймен екі арада зырлатып жүріп «үммәтім, үммәтім!» дейді-мыс. Мына күн сол қиямет, анау бүгелік сол Мұхаммет сияқты екен.

— Әкең жаңа сені сөзден жеңді. Мүхамметке орынсыз соқтыға берме, — деді де Қабыл бейтаныс ауылға көзін сүзілте, байыпты қарады. Қалай қараса да ауыл өз қалпында. Әне, Нұрғалидың әкесі көксау, мешел, кәрі Әбіш жыртық үйінің көлеңкесінде күндегісіндей тапжылмастан отыр. Жүре алмайды, өз қолымен ас алып іше алмайды. Жаны бар, дәрмені жоқ кәріп. Сонда да тіршілікке құмар. Жарық дүниеге жаутаң қағады. Мұстапаның інісі, түйедей үлкен, момын, көмір қара Хаметжан ыстық күнде өзін өзі отқа қақтап отыр. Таңертеңнен темірді шаңқылдата ұруда. Ағыл-тегіл терлепті. Шожым көйлегі шылқылдап, бес баттам кірлепті. Әйелі үй күйбеңінде. Шиеттей төрт бала әкесінің ентіге соққан балғасына мәз. Құрым үйінің белдеуінде бір ғана құлын, оның қасында оқырана түсіп кер шолақ бие тұр. Хаметжан балғасын тастай бере, бие сауады. Биені тастай бере балға соғады. Самайынан аққан тер сақалынан тамшылады. Бұ да тіршілікке тояр емес. Шіркін тіршілік! Сонша қызықты, сонша азапты, әрі баянсыз. Осының бәрін біле тұра өлместей ойлайды, өлместей істейді адам. Түсіне алмай қайран қалам. Сөйте тұра өзін езі өлтіретіндерге де қайранмын. Жұмбақ дүние! Шеше алмай сені, кетем-ау бір күні! Ала-құла ауылдың қойсыз қотанында мен көргенді көрген Қабыл бұндай құрғақ хиялмен басын қатырған жоқ. Аяғын жай басып, шеттегі боз отауға қарай аяңдады. Отаудың маңдайшасында «Сауатсыздық жойылсын!» деген ірі ақ жазу бар.

— Мыналарың жақсы екен! Қанша адам оқиды? — деген Қабылдың көңілді сұрауына Сарыбала құлшына қайырды жауапты:

— Он бес. Көпшілігі ересек жастар. Сонау мешел Әбіштің үлкен баласы сақалды Бұқпантай да, мына біреу қара лашықтың ішіндегі Жаңыл атты жалшы қыз да оқиды. Дәл осы екеуіндей қазақтың оқығанын көрген емеспін.

— Оқуы ескіше ме, жаңаша ма?

— Жаңаша. Мен ескі арабша бір жылда хатты азар таныдым. Бұлар бір айда-ақ танып қалды.

— Мұғалімге ақыны кім төлейді?

— Мұғалім бір оңды жігіт. Жалшы-кедейді тегін оқытуға келістік. Басқалар ауқатына қарай ақы төлейді.

— Бұндай мұғалімді көргенім осы. Аты кім өзінің?

— Телеубай. Ағасы Спастың жұмыскері — балташы Әділбек деген. Әңгімемен екі жігіт отауға жетті. Отаудың есігі сыртынан байлаулы екен, шешіп ішке кірді. Жан жоқ. Бір бүйірде Төлеубай мен келіншегінің жер төсегі, уық қарында журналдан жыртып алған Ленин суреті тұр. Тап-таза, тұянадай үй кірсе шыққысыз.

— Бұлар қайда?

— Суға түсуге кеткен шығар.

Қабыл аулымен танысып келіп, оңаша үйге кірген соң ғана не шаруамен жүргенін айтты:

— Ояздық жастар комитеті ауылда жастар ұясын ұйымдастыруға жұмсап еді. Тәшекең аулында бірін ұйымдастырдым. Енді бірін осы ауылдан ашсам ба, деймін. Қалай қарайсың?

Сарыбала аз ойланып алып, қарсы сұрақ қойды:

— Сонда олар не істемек?

— Істейтіні көп. Коммунистерге көмекші, жастарға ұйтқы, барлық саяси, шаруашылық, ағарту науқандарында алда болады. Бір сөзбен айтқанда партия мен үкіметтің оң кезі.

— Сол көзі болса да жеткілікті-ау. Ауылда әке мен ақсақалдан асатын жас аз ғой.

— Әуелі сол аздың басын қосамыз. Жалшы-кедейден тартамыз. Кім бар, лайықты? Аташы кәне, — деп Қабыл қойын дәптерін суырды. Сарыбала мүдіре-мүдіре төрт-ақ жасты атады:

— Мешел Әбіштің бір ұлы — Нұрғали, дейтін мықты бар. Кедей. Қорқақ та болса айбар. Айбарын пайдалану үшін соны тарту керек. Менімен немере туыс, құрдас, адалдың адалы, бұлтағы жоқ, бір сөзді Мейрам бар. Бұ да кедей. Жетім Ізбасар — талапкер, зерек, кәзірдің, өзінде сауатты, ауқаты анау екеуінен әнтек тәуір. Жаңыл деген жалшы, жалшының қызы, көзге тым нашар. Әгәр көнсе, содан бірдеме шығады — күлге көмілген шала тәрізді кеудесінде бірдеме бықсып жатыр, үрлесең тұтанып кетер еді.

— Тағы да, тағы да?

— Әзірге атайтыным осы ғана.

— Өзіңді неге қоспайсың?

— Сұрағаның жалшы мен кедей ғой. Мен, кедей мен орташаның арасындамын. Оның үстіне әкем қажы, атам бай, бабаларым жуан.

— Құдай әркімді бас-басына сұрайды, деседі. Бабаң түгілі әкеңе күймейсің.

— Күймейтінімді білемін. Бірақ, былғайды. Былғанғым келмейді.

— Нұрғали емес, нағыз қорқақ өзің болмағай едің.

— Қорқақтық пен тазалықтың арасы жер мен көктей

— Жігітім, сірә, сөзден алдырмассың. Тоқетерін айтайын. Сені тарт, деп тапсырған Катченко.

— Катченко?! — деді де Сарыбала ақырып қалды. Осы бір фамилия есінде мықты сақталған. Оны естіген сайын сепкіл бет, тығыршық дене, жирен кісі елестеп, «інішек саған үлкен үміт арттым...» дейтін. Кәзір де деп тұр. Дәл сол көк бетегелі кең далада бұдан бір жыл бұрын кездескендегісіндей, шешен тілімен шырмап алып, әдемі ойларды құлағына құйғанда, салқын қанды Сарыбала қызып кетті.

— Онда мені жаза бер!

— Жаздым. Енді аналарды көндіруге көмектес.

— Олардың үшеуі менімен бірге отқа да түсер. Жаңыл қиын. Әйтсе де айналдырып байқайын.

— Көп дауысты ән келеді. Естілген сайын күшейіп, жақындап келеді.

— Азамат, сестенбе, көзіңді аш. жүрме бос,

Ұран сал, алға бас, бірігіп тізе қос.

— Солар ғой, — деді Сарыбала, елеңдеген Қабылға, — «Өлең сөздің патшасы», «өнер алды қызыл тіл» болғанда айтушымен болды ма, деймін. Өйткені, асыл сөз де олақ ауыздан жасып шығады. Шебер ауыз жасық сөздің өзін шыңдап шығарады. Бедел де керек сияқты. Мен Катченко мен Сейфуллинді көрдім. Әгәр Нұрғали менен бұрын көріп, олардың сөзін өз сөзі етіп айтса, бұндай әсер қалдырмас еді маған.

— Фальсафаны қоя тұр, жұмыс бітірейік. Мен әлгі үш жігітке жастар ұйымының мақсатын, міндетін түсіндірейін. Сен сол Жаңылды үгітте.

Бір топ жас дуылдай енді үйге. Ең, үлкені арық, нәзік Төлеубайдың жіңішке ғана селдір мұрты бұрауға әлі келмепті, сонда да ширата береді. Қала адамына, әсіресе уәкілге ол үйір-ақ. Іздейтіні жаңалық. Қабылға салған жерден талақша жабысты. Сарыбала Жаңылды ертіп тысқа шықты. Оңаша апара жатыр. Жаңыл түсіне алмай, бетіне жалтақ-жалтақ қарайды.

— Өте бір қадырлы сөз айтам. Қадірлемесең айтпаймын.

— Бетім-ау, не дейді!

— Шошыма, шошыма. Сен ойлағандай емес.

— Айта ғой онда.

— Жаңағы уәкіл осы ауылдан жастар ячейкасын ашпақ. Сені, мені, Нұрғали, Мейрам, Ізбасарды соған тартпақ. Бұған қалай қарайсын?

— Өзің ше?

— Мен барам.

— Мені бәйбіше босатпайды. Осы оқудың езіне бірде жіберсе, бірде жібермей қояды. Ашуланса тіпті ұрып салады.

— Ячейкеге енсең ұрмақ түгілі ұрса алмайды. Қорықпа.

— Шығарып жіберсе қайтем? Әке-шешем кәрі әрі дімкас. Сорпа-судан қағылмаймыз ба?!

— Ячейке бір есебін табады.

— Ячейке дегенің жаңағылар ғой. Олар әуелі, өзін жарылқасын.

— Жоқ, олар ғана емес! Түптеп келгенде, ячейке деген — Совет үкіметі, ячейке деген — коммунист партиясы, ячейке деген — Ленин!

— Бетім-ау, Ленинге сөзің жеткенше қашан?!

Башайыңа шөгір қадалса да басын, дереу сезе қояды. Ленин — бас, ячейка, башай болсын. Сен оны кемсінбе. Рулы ел Қарамұрат аз ғана Игіліктің жемі болып келген. Кәзір Қара Мұраттың ішіндегі кішкентай ғана бір ячейка бәйтеректей Игілікті түбірімен солқылдатып тұр. Ертең құлатады. Біз де өз жуанымызды құлатайық. Еңбекке - өнер, білім, теңдікке кең жол ашайық. Жаңыл сонда байдың баласын бақпайды. Бай Жаңылдың баласын бағады. Сол үшін ячейке керек...

Малай қыздың сары шұбар жалпақ беті бір қызарып, бір қуарып, қуанышы мен қорқынышын қатар аңғартты. Бірақ, көкшіл өткір көзінде жанған от ұшқын шашып тұрған тәрізді.

— Ағатай, өзің біл. Әйтеуір не онда, не мұнда жоқ боп қалмайық! — дегенді даусы дірілдей отырып айтты. Дірілдемей қайтсін! Ол бишара байдың шеңгеліндегі бөдене. Ячейке шеңгелден құтқарса жақсы. Құтқара алмаса шеңгел сығып жібереді. Заман советтікі болғанымен, бай әлі күшті екенін Жаңылдың, дірілінен Сарыбала ішіне тағы да бір түйді де.

— Тәуекел! — деп орнынан тұрды.

Үйдегілер әңгімесін бұл екеуінен бұрын бітірген. Ізбасар, Мейрам, Нұрғали анкет алып та үлгіріпті. Сарыбала мен Жаңыл да келе анкет толтыруға отырды. Бесеуінің басы қосылса ылғи алыс-жұлыс, әзіл, ән болатын. Кәзір оның бірі жоқ. Еріктері анкетке бағынған. Жүректері лүпілдей соғып, алдағы күнді әрқайсысы өзінше елестете, асыға күтіп отыр. Жеңіл мінезді ауыр ой ауырлатады.

Ауыр мінезді жеңіл ой жеңілдетеді. Аласұрған албырт жастар әп-сәтте байсалды пішін байқатты.

— Енді, біреудің сүтін төгуге болмас, — деп еді Сарыбала, Нұрғали көзін бажырайтып, ернін қысты. «Кешірдің бе?» дегенде басын изеді. Сөйтіп, Сарыбала Нұрғалидың темірдей саусағынан оңай құтылды. Әйтпесе, түндегі оқиға үшін денесі кемі бір жұма көк теңбілденіп жүретін еді.

Қабыл өзімен өзі. Қуанышы қойнына сыймай, ерсілі-қарсылы сенделуде. Жастар комитетіне беретін есебін ойланып жүр. Тау құлатқандай боп бармақ. «Алғыс жариялайды, маған!» дейді ішінен. Күннің, ыстығын бірі елеген жоқ, өйткені, өз ыстықтары одан басым. Түс ауа анкет, арыз, өмірбаян — бәрін бітіріп сумкесіне салған соң:

- Ұйымның аты «Өркен» болар. Ояздық комитет бекітісімен билеттеріңді өзім әкеліп тапсырам, — деді де Қабыл қош айтысты.

Мұстапаның үйінен шаймен қоса ақ ірімшік жеп, Қабыл атына қонғанда, Махамбетше өз атыиың артқы айылын тартып жатқан. Аты құлағын жымитып, қалың саннан ауызды бір салып еді, ащы даусы шықты:

Әй сайтан! Сайтан кеулеген ауылдың малы да құтырады Құтырмай қайтсін! Мұстапаның аузында алла, қолында тәспі. Баласы шоқынды, үйі жынның ойнағы. Бұзылды-ау заман, бұзылды!

Мұстапа ағасының сөзін анадайдан естіп тұрып өзіне өзі күбірлейді:

— Сендей талай бишара қарғана, зарлана өткен. Кім бар ырза боп кеткен?! Қарғыспен заманды түзетпейсің. Одан да «заманың түлкі болса, тазы боп шал».

ЖИЫРМА ТӨРТІНШІ ӘҢГІМЕ

Білал мен Мұқтар арыздаса, арыздаса бірінің, қоясын бірі ашты. Ақыры екеуі бірден қуылып, кедей Түсім басты орындарын. Сонда да олар араздығын қойған жоқ. Кезек жығысып жүріп, бір сәтте Мұқтар Білалды екі ағасы — Яхия, Шайқымен қоса Ақмоланың абақтысына жаптырды. Абақтыда тек бұлар емес, талай жуан, мансапқор, ұры-қарылар жатыр. Солардың, кесірі алып кеткен бірен-саран момындар да жатыр. Халықты жылдарға созылған соғыс, апат бір жағынан, өз ішіндегі бұзықтары екінші жағынан күйзелтті. Қабырғасы әлі қатпаған жас үкімет, жаңа мемлекет осының бәрімен арпалыса отырып, социализмнің іргесін тынымсыз қалап барады. Ел іші — байлар таратқан, ел сырты — капиталистер таратқан гу-гу өсек: «әне құлайды Совет, міне құлайды Совет» деседі. Елдің өзі қалпымен дерлік сауатсыз, кең далада киікше жортқан тұрақсыз. Күн көрісі — мал. «Малы бір жұттық, батыры бір оқтық». Мінезі қызық. Елірсе басылуы, басылса еліруі қиын. Бұрын мемлекет болып көрмеген, қауымдық дәстүрі әбден қалыптаспаған жастау жұрт. Бұндай жұрттың жер сияқты, еккенің қаулап шығады. Бір заманда рушыл, феодалшыл, байшыл идеялар қауласа, енді советтік идея қаулап келеді. Осы жаңа идеяның күші сонша — жолындағы алуан-алуан мың сан бөгеттердің біріне бөгелместен, бұзып-жарып, қайсы бірін басынан аттай өтіп барады. Айтатыны: «Бәрі социализм үшін!» Социализмді жатырқаушыларға:

Қиратамыз ескі жалғанды,
Жаңа тұрмыс орнатамыз.
Жарылқаймыз жарлы қалғанды —

дейді. Бұған жарлы қалай желікпес, бай қалай өшікпес. Бай мен кедей арасында ертеден бықсыған от — таптық күресі тұтана бастады. Басы жаншылған жылан құйрығымен қанша туласа да не бітірмек. Байдың тулауы сол құйрық сияқты. Бірақ «өлі бураның басынан тірі атан қорыққан». Байдан қорқатындар, кіріптарлар әлі бар...

Ел іші осындай қым-қуыт кезде Сарыбаланы Ақмоланың ояздық үкіметі шақыртып алып, қызметке қойды. Қаланың бірінші ауданында милиция бастығы Сәлкен Балаубаевқа орынбасар болып істейді. Істегелі бір жұмадай ғана уақыт етті. Қала көрмеген, курста не мекеме қызметінде болмаған бұл ауыл жасы жұртты жаңа тәртіпке салмақ. Ол тәртіпті өзі әлі түсініп болған жоқ. Түсінбегенін бастығынан сұрайды. Бастығы да тіс қақпаған жас. Одан жарымаған соң Катченконы іздеді. Катченко губерния орталығы Қызылжарға ауысып кетіпті. Басқа ешкімді танымайды. Алақандай Ақмола абажадай, милиция қызметі таудай көрініп, Сарыбаланың басы зеңгіп жүр. Сонда да ауыл есінен шыққан емес. Телегей-теңіз кең дала, быжнаған мал, жайлаудағы жайраң ел, асық ойнаған, тайға мінген, бозбалашылық еткен күндер, ойыны шындай, шыны ойындай Нұрғали, Мейрам сияқты қиыспас құрбылар, көңілсіз қоңыр үйді мейірімімен күнше жылытқан ата-ана, ең ақыры жар басмида секірген лақтарға дейін көзіне елестейді. Ауылда жүргенде іші пысып қалаға аңсаса, енді ауылға аңсады. Жас кеңілдің жат жерді жатырқағаны ма бұл, шынында ауыл қызықты ма, әйтеуір туған жердің өзіне тартуы анық. Сарыбала кәзір қозыдан момақан, қабағы салыңқы, кептің ішінде жүріп те жалғызсырап қояды. Кірімді жігіт болса жолдас-жораны мұрыннан тізерлік халық үстінде қаздай қалқырлық жағдайы бар. Ол кезде милиция қызметінен беделді қызмет кемде-кем. «Болком түгілі милицияға айтсаң да...» дейтін кез. Сол есіл беделді пайдалана білмеді ме, әлде пайдаланғысы келмеді ме, қайтсе де Сарыбала салғырт. Басында көнетоз фуражке, аяғында орыс етігі, үстінде шапан, белінде наган, наганный, оғы екеу-ақ. Асынған қылышының қабы жыртық, жарық. Ала-құла киінген, орыстан айырғысыз осы көк кез, сары милиция шапансыз шықса, қазақтар мазақтағандай орысша сөйлеседі. Сонсоң ол көбінесе шапанын киіп жүреді. Кейбіреулер оған да қарамастан «қазақпысың шырағым?» десе, «өзің қазақпысың?!» деп шамданып қалады. Жұмыстың дені тазалық, ұрлық, саудагерлік маңында. Қалада оба ауруы көп, базарда ұрлық, лұқсатсыз сауда көп. Әзірге ұры ұстай алмаса да, тазалық, сауда тәртібін бұзушыларға айыпты аямай-ақ салып бақты. Айып ақшасын квитанциясыз алады. Бір тиын бүгіп қалмастан бастығына квитанциясыз тапсырады. Жеушіге жол ашық. Ояздық милиция бастығы Бәйсейіт Әділев күн сайын таңертең терезеден қол созып.

— Әкел, бас түзететін ештеме түсті ме? — деп тұрғаны. Балаубаев жиналған ақшаны санамастан ұстата береді оған. Әділев «түйені түгімен жұтады», «арақты судай сіміреді» деседі қала. «Арақ, пара билеген адамның қол астында адалдық, әділдік қалай күнелтер!» деп Сарыбала бір күні қынжылып отыр еді, бейтаныс адам кіріп қолына үш бұрыштап бүктеген қағаз ұстатты да үндеместен кете барды. Қағаздағы сөз мынау:

«... Уа шіркін, туыс-ақ екенсің! Мойныңа қылыш асынған соң бәрін ұмытқаның ғой. Бізді үйірімізбен қаматып, Мұқтар, Әубәкірлер сақ-сақ күліп жатқанда, сен қол ұшын бермек түгілі халымызды біліп шығуға жарамадың-ау. Шайқы обамен ауырып қалды. Яхия тек көнін сүйретіп жүр. Өзім де онша емеспін, әйтеуір әзір денім сау. Кеудеңде намыс, қайырым дегендерден нышан болса, тез жолығып кет. Болмаса, қош, анау дүниеде көрісерміз. Білал» депті.

Хат сөзі қатты әсер еткені сонша, жас милиционер орнынан атып тұрды. «Сазайын тартты; өлімге қалай қиярсын!» дейді кетіп бара жатып. Салған бойымен абақтыға келді де, Білалды шақыртып алды. Білал жүдеу, бірақ, мұқамаған. Бұрын ашуы сыртында болатын, енді ішінде. Сөзі жуас, әйтсе де ызғарлы. Жауы қазір жыландай ысқырып, алдына келсе, ұстай алып басын тісімен қыршып тастаудан тайынбас. Өңі сұп-сұр, кескілесең қан шыға қояр ма екен. Биік қабағының астында, әріректе жатқан шалыстау шадыр көзімен інісін арбай тұрып, үш тапсырма берді:

— ... Шайқыны ауруханаға әкетті. Қайтуы неғайбыл. Ерінбесең, жиренбесең барып тұр. Сөзің өтер, Әділевке жолық. Өтпесе, аузын майла, әйтеуір Яхияны тез босату керек. Кешіксе о да өледі. Мені босату қиын. Ісімді тергеуші сотқа тапсырған. Сот ел аралап жүр, бірер айсыз оралмас. Оған дейін елді обып жатқан мынау оба мені аман қоя ма. Суницкий осында, тауып ал. Қалай да есебін тапсын, Мұқтарды қасыма әкеліп, тым құрығанда бір күн жапсын. Одан әрі ешқайсыңнан көмек сұрамаймын. Не жақындығыңды, не жаулығыңды көргем жоқ. Қайсысы екеніңді көрсет кәне.

Көрерсің. Көрсетермін, — деді де Сарыбала абақты кеңсесінен шықты. Ендігі беталысы ояздық милиция мекемесі. Жылдам кетіп бара жатып, кідіре қалады. Кідіреді де қайта жылдамдатады. Бұнысы мынадай ой тартысының әуресі:

«Қайт! Ұры Яхияны қорғамақпысын?! Ұят, адалдық, Әділдік қайда? Бәрін арам туыс үшін құрбан етсең, сол арамнаи айырмаң қайсы?..

«Қайтпа! Ұят, адалдық, әділдік ұрыны да нахақтан күйдірмейді. Яхия нахақ, Мұқтардың жапқан жаласымен отыр. Сол жаланы біле тұра қорғамасаң Яхияның обалына ортақсың...»

Осы соңғы ой жеңді. Сарыбала Әділевтің кабинетіне лұқсатсыз кірді. Әділев даусы жіңішке, қарлыға сөйлейтін, қызыл шырайлы, егде жігіт, айық кезінде сүйкімді, мас кезінде жексұрын. Кәзір айық та, мас та емес, кішкене мұрнының ұшы тершіп, Ғалым Әубәкіровтің иығына қолын арта сөйлеп отырған. Екеуі бірдей Колчак үкіметінің тұсында қуғынға, азапқа ұшыраған достар. Ғалым бүкіл оязға мәлім, қатал, әділ, «қара ноғай» атанған коммунист. Шашы желкесіне түскен, үлкен көзді, тапал, қара жігіт. Сарыбала кіріп келгенде ол кетуге орнынан тұрып еді:

— Қара ноғай! — деді Бәйсейіт сөзін аяқтап, — сол Колчактан тірі кеткен біздер жүз жасармыз?

— Сөз бар ма!

— Достығымыз да жүз жасар, ә?

— Еш күмәнсіз!

Достар солай айрылысты. Достықтары бірақ ұзаққа бармады. Бұл жөнде қайта оралмаспыз, сондықтан айта кетейік. Екі жылдан кейін Сарыарқаның кең даласында кездеседі олар. Кездескен жерде Бәйсейіт Ғалымды өз қолымен өлтіріп, суға тастайды. Қашқын болады. Қашып жүріп, ұсталар жерде өзін өзі атады. Кәзір ауыздарынан бал жаласқан достар бұл алдағы тағдырынан түк сезген жоқ. Дүние шіркін сиқыр ғой. Адаспан дегенді кейде талтүсте адастырады, айныман дегенді әп-сәтте айнытады. Сарыбала оны қайдан білсін. Сенімі үшін сескенбей күресуге бар. Күресі көрсетер әлі талайды. Кәзір тәсілі аз, аңғырттығы көп. Лұқсатсыз кіріп келгенде бастығы сасыңқырап қалды.

— Жай ма?!

— Онша жай емес. Абақтыда жатқан бір туысым обамен ауырып, ауруханаға алыныпты. Енді бір туысым аз кешіксе елетін түрі бар. Соны шығару керек. Сізден жасырмаймын, бұл өзі аты шулы Яхия, деген.

— Білем, білем! Ол сенің туысың екен ғой.

— Туыстығы үшін емес, дәл осы жолы ақтығы үшін келдім. Бұдан бірер жыл бұрын біздің жақта бір поселкенің малы жоғалған. Мұқтардың, онда болыс кезі. Мал иесі болысқа барса, болыс Яхияға көзіктіріпті. Ұрлаушы Мұқтардың өз ұрысы ма, басқа ма, Құдай білсін. Әйтеуір Яхия ақ. Өйткені ол орыс пен қазақ арасын, ағайын арасын өмірі ушықтырған емес. Әгәр ұрыға әлдеқалай бір қасиет бітсе, оның қасиеті осы. «Қаракесек Сүйіндіктің малы жетеді, жігіттер. Поселкеге, ағайынға соқтықпаңдар...» дегенін талай естідім. Сол Яхия атағына күйді. Сырттан өшіккен поселке ұстап алып ұрыпты, есін әлі әбден жия алған жоқ, мең-зең. Оның үстіне абақтыдағы ауыр тұрмыс, қаланы басқан мына дерт қосылса, өледі ғой. Ісі сіздерде көрінеді. Босатыңыз. Ең болмаса кепілге босатыңыз...

— Жарайды, сендім сөзіңе. Кепілге кім алады?

— Дәрмен, Сүйеудің Сыздығы.

— Әһе, сенімді кепіл! Әне біреу байсымақ қой. Жібер.

Сарыбала қуанғанынан ыржиып күле берді. Екі беті нарттай. Рахмет айтып есікке барғанда.

— Балақай, бас түзететін бірдеме түссе, жіберші, — деп еді Бәйсейіт.

— Хұп! — деді де шығып кетті. Бәйсейітке мейлінше ырза. «Жігіт, жігіт!» дейді ішінен. Бұрын құлағына сіңген парақор, араққор» деген ұғымды енді өсек шығар, деп жорыдым. Жоруын бірақ бір мүйісті айнала бергенде Айша бұзды. Айша Сыздықтың әйелі, өңді, есті, жібек мінез, кербез әйел. Жасы қырық шамасында болса да, жиырма бестегі келіншектей, күйеуі Сыздық ертеде кесіп іздеп елден кеткен Елібайдың бір баласы. Түрге нашар, саудыраған шикіл сары кісі. Елден келгеннің бәрін бауыр тұтады. Мақтаншақтау. Байлығы көбең семірген жылқыдай ғана. Сарыбала осы ағайынның үйінде жатыр. Ағасынан жеңгесін жоғары бағалайды. Жеңгесі күйеуін де, қайнысын да қылығымен өзіне бағындырып алған.

— Қаттысын-ау, қайным, — деді кездескен жерден.

— Асыл — қатты, жасық жұмсақ қой. Мінесеңіз де мақтадыңыз.

— Қаттының бәрі асыл ма? Тас та қатты. Тауға барсаң толып жатқан тас.

— Сонда жұмсақ бол, дейсіз бе? Жұмсақ пен ынжықтың арасынан қыл өтпейді.

— Мейірімді бол, деймін, «батамен ер, жаңбырмен жер көгереді».

— Мезгілсіз, мөлшерсіз жауын жерді шірітеді не көк тайғақ мұз етеді. Орынсыз бата есіл тілекті қор етеді. Мейірім де сол сияқты. Шегі, кезі бар. Әттең осы екеуін білсем!..

— Қайным, сағым қуып барасың. Тоқта. Мен мына Бәйсейіттің үйінен шықтым. Әйелі таныс еді. Кеше бір келгем. Бәрі Яхияның қамы. Әйелдің беті бұрылды, дүниесі құрғыр кімнің бетін бұрмайды. Босататын түрі бар. Дереу Бәйсейітке жолық...

— Кәзір ғана жолықтым. Секеңе кепілге бермек болды.

— Бәрекелді! Сен де қарап жүрмепсің. Кепілге шығарса, аржағын тағы бірдеме етерміз.

— Шайқы обамен ауырып қалыпты. Ауруханада көрінеді.

— Не дейді! О, тәңірім, сақтай гөр!..

— Сіз енді тезірек Секеңді жіберіңіз. Мен Шайқыға барайын.

Екеуі екі жаққа жебелей баса жөнелді. Аурухана қаланың ең шетінде. Аурудан, оларды бағатын адамдардан езге ешкімді жуытпайды. Сарыбала қайтсе де кірмек. Ойында тағы да Бәйсейіт. Айшаның «дүниесі құрғыр кімнің бетін бұрмайды» дегені Бәйсейіттен көңілін қайта суытты. «Өлімді жерде молда, өлеңді жерде өгіз семірсе, азамат басына іс. түскенде, арсыз әкімдер семіреді» деп келеді ішінен. Ауруханаға жете бергенде, қол сілтей күзетші дауыстады:

— Қайт! Мұнда обамен ауырғандар.

— Мен обадан қорықпаймын.

— Лұқсат жоқ!

— Лұқсатым бар.

— Кәне?!

— Міне! — деді де Сарыбала наганына бір нұсқап, кимелей кірді ішке. Күзетші көзімен атып қала берді. Іште қызыл кірпіштен салынған жалғыз үй, екі-үш шатыр бар. Өліктер шатырда, аурулар үйде. Дәрі исі анадайдан аңқып тұр. Сарыбала мұрнын баса үйге енгенде, дәрігер әйел жүгіріп келіп, босағада тоқтатты:

— Кіруге болмайды! Шығыңыз!

— Махамбетшин тірі ме?

— Тірі

— Қай бөлмеде?

— Он бесінші.

— Көріп қана шығайын.

— Жо-жо-жоқ! Жолдас милиционер, тәртіп бұзбаңыз, Сіз бұзсаңыз кім бұзбайды!

Милиционер тыңдамастан барып бөлменің есігін ашты. Өлусірей ыңырсып алты адам жатыр. Күйген терідей қарайып, бүрісіп қалған .бәрі, кездері ішіне еніп кетіпті, тереңде жылтырайды. Сөйлеуге бірінде дәрмен жоқ. Шайқы шырамытты ма, немене, қолын созғандай болды. Сарыбала ұмтылып еді, дәрігер ұстай алып:

Көріп қана шығам, дегенсіз. Көрдіңіз, — деді де жетелеп әкетті. Сыртқы есікке жеткенде Сарыбала егіле жылап тұрып, сұрақ қойды оған:

— Бұл дерттеи жазылғандар бар ма сірә?

— Бірен-саран бар.

— Шайқы жазылар ма екен?

— Бүгін түннен қалса жазылады.

Қатерлі түннен Шайқы қалмады. Ертеңіне таңертең үйден шатыр ішіне шығарылды. Шатыр ішінде өлік көп. Шетінен тыр жалаңаш. Шыбын қонбасын деп бастарына известь сеуіп тастаған. Крандар арбаға тиеп он шақтысын бірден әкетіп жатыр. Көмгенде де тобымен бір қабырға көмеді. Сарыбала көрбандармен бірге жүріп, осының бәрін көрді. Ағасын қолынан қойды. Әйеншек денесі, жиреншек жаны енді ештемеден сескенер емес. Кешегідей көзінде жас, қабағында жабығу жоқ. Бүгін тіпті сазарып алған. Зияраттан тура Суницкийдің пәтеріне тартты. Әгәр жолшыбай Мұқтар кездессе, Суницкийді іздемей-ақ үстіне міне түсер еді. Суницкийдің келіншегі Валя Ситникова Спасскі заводында бір класта оқығаны бар. Жақсы таныс. Суницкий Білалдың досы, бұрын Спасс маңындағы бірнеше болысқа ортақ халық соты болып істеген, жуырда Ақмолаға ауысыпты, тергеуші. Сарыбала кенеттен кіріп келгенде ерлі-зайыпты екі жас шұрқырай қарсы алды. Бірі Білалды, бірі төркін жұртын баспалата сұрап жатыр. Білалдың мән-жайын естігенде досы тұнжырап отырып қалды. Саусағымен столды тықылдата береді. Жас та болса әскерден денсаулығы кеміп қайтқан ызақор жігіт. Өткір шегір көзі қанталап, шай үстінде сөзге қайта араласты:

— Мұқтар осында ма, елде ме?

— Осында.

— Онда ол подлецті жабу оп-оңай! Білалды босату қиын. Босатпаса өледі-ау...

— Мұқтарды жапсаң Білал босанады.

— Қалай?!

— Мұқтар босатады. Сот оның тілін алады.

— Ендеше, сәлем айт, Білалға. Әрі кетсе үш күннің ішінде тілегін орындаймын.

Суницкий бұл уәдесін үш күнге жеткізбей орындады. Мұқтар абақтыға енгенде Білал көзін ашып-жұмып ұйқылы-ояу жатыр еді, тышқан көрген мысықтай орнынан атып тұрды. Мұқтардың құты қашқаны сонша, баласымен жасты кісіге:

— Ассалаумағалайкүм! — деп дір-дір етеді. Білал сәлемін алған жоқ, жағасынан алды. Салған жерден сөйлеуге, дауыстауға мұршасын келтірместен қылғындырып, қырылдатып тұр. Бір қолымен шықшытынан түйгіштеп қояды. Мұқтардың мұрнынан қан атты, талықсып кетті. Сонда да босатар емес, өлтіріп жіберетін. Арашашылар жабылып, азар жазды қолын. Бірі егістігін басып, бірі есін жиып болтан кезде бұрышта бүк түсіп жатқан біреу басын жаңа көтерді. Манадан бері ашу жинап жатса керек ақыра сөйлейді:

— Екі қасқыр бірінің етін бірі жесін, неге арашаладыңдар?! Мансапқор, маскүнем, ұры, қары құрыса қой үстіне боз торғай жұмыртқаламақ. Бүл мансапқорлар бірінің қанын бірі ішер. Ұрыны қарақшы ұрлар. Қары қарындасын да талғамас. Маскүнем күн мен түнді де айырмас. Жойылсын, сол лағынаттар! Сонда ғана менің ішкен асым бойыма тарайды. Нахақпын, нахақпын! Жауыздар жаптырды! Дәл осы екеуіндей жауыздар! — деді де басын бүркей қайта жатты. Оған ешқайсысы ләм деместен, төмен қарап тұнжырап қалғанда, Білал қайта елірді:

— Анау төбет, дәл жанды жерімізден тістеді. Сондықтан тырп ете алмадық. Ит қабады, жылан шағады. Оған төзген ғана тілегіне жетеді. Бір ағамды өлтірдің, бір ағам өлімші. Өзімді абақтыда шірітіп, масайрамақ болдың-ау! — дей Мұқтарға тағы тап бергенде, үш тұтқын бірден ұстап жалына бастады:

Айналайын, айтқаныңды істейік тоқта!..

— Аяғыңа жығайық, тоқта!..

— Енді қайтып соқтықпасыиа ант берсін, тоқта!..

Білал тоқтады. Мұқтар аяғына жығылды, нан, тұз жеп, мынадай ант берді:

«Бұдан былай еле өлгенше досыңмын. Бұрын босансам, сені бес күн ішінде босаттырам».

— Онда мен сені ертең-ақ босаттырайын, — деді Білал. Суницкийге енді босатуды сұрап қиыла хат жазды. Хатты Мұқтардың досы, бай Жылқыбайдың Ерғалиы жеткізді. Жеткізбестен бұрын екі жылқыны ақшалап алып ақшаны ГПУ-ға белгілетті. Сөйтіп, хат пен ақшаны бірден тапсырғанда. Суницкийдің көңіліне де бір арамдық келе қалды. «Жарайды, күте тұр» деп Ерғалиды бөлек бөлмеге отырғызды. Мұқтарды босатуға, Ерғалиды пара бергені үшін тұтқындауға қаулы жазды. Ақшаның жартысын өзіне қалдырып, қалған жартысына акт жасады. Актіге айыпты, тағы екі куә қол қойды. Содан кейін:

— Берген параңды қазынаға тапсырам. Мына конвертті түрмеге апар, Мұқтарды босаттым, — деді де Ерғалиды жөнелтті. Ерғали қу жігіт, Мұқтардың босануын місе тұтпай Суницкийді отырғызбақ еді. Ойы түгел орындалмаса да, қуанғанынан арсалақтай жетті түрмеге. Түрме бастығы өзін апарып тығып жібергенде бір-ақ білді алданғанын.

Мұқтар босанып алған соң қарасын көрсеткен жоқ. Антын да, Білал мен Ерғалиды да ұмытты. Сарыбала салпақтап ағасын тағы ізденді. Суницкийдің үйінде қынжыла сөйлеп отыр:

— Біздің ағай аңқау ма, ақымақ па? Жауына да сенеді екен-ау, кісі! Енді қайттік?

— Ағаң әрине ақымақ! — деп Валя қостай кетті. — Оның ақымақтығын Сашаға әлдеқашан айтқам. Бұл бір иіс алмас.

Суницкий аузын аша қарқ-қарқ күліп алып, келіншегіне жауап қайырды:

— Ол ер. Ерлігі үшін жақсы көрем. Сүйкімді әйелге қай жігіт қырындамайды? Сен оны сол үшін жек көресің. Достар одан ауыр сындардан да өтеді.

— Сендердікі пара достығы. Меиің парадан жүрегім айниды.

— Қызықсың-ау! Параны әкең алса қылғымай жұтасың. Күйеуің алса жүрегің айниды.

— Әкем ұлық емес, фельдшер ғана. Кім береді оған?

— Аурулар береді. Маған қылмыстылар, байлар береді. Айырмасы тек осы.

— Аурулар ырза болған соң ездері сыйлайды.

— Мен де тартып алмаймын. Өздері сыйлайды.

Валя сөзден жеңе алмаған соң күйеуін жаққа бір тартып, тұрып кетті. Ашуланса да, жақсы көрсе де жаққа ұратын әдеті. Ашық, еркін, ерке келіншектің тап-таза ақсұр жүзі, күлімдеген мөлдір көк көзі адамды әрдайым өзіне тартып тұрады. Қарасаң көңілің бір толқымай қалмас. Сондықтан, Саша оның ұрғанын елеместен:

— Валяны айналдырайық, — деді Сарыбалаға. — Әкесінің дос дәрігері бар осында. Білалды сырқат, деп ауруханаға алдырайық. Басқа амал жоқ. Мұқтар алдап кетті бәрімізді.

Екеулеп Валяны осыған көндірді әйтеуір. Дәрігердің көмегімен Білал ауруханаға шықты. Шығысымен «қайныма барып қайтам» деп үш күнге лұқсат алды. Сол бетінен қайырылмастан тартып тұрды еліне. Суницкий, Валя, дәрігер үшеуін бірден жерге қаратып кетті. Мұқтарды құтқарғаны үшін Ерғали тұтқындалса, енді Білалды қүтқарғаны үшін дәрігер мен Суницкийдің бірі тұтқындалмақ. «Опасыз! Опасызға істеген жақсылық шаян болып өзіңді шарады екен» деп Сарыбала бұдан бір қорытынды шығарды. Түнде кеңсе күзетінде жападан-жалғыз ойға батып отыр. «... Ауылда да, қалада да пара, ұрлық, алдау, арамдық, хиянат. Адалдық пен әделет солардың қоршауында. Қоршауды бұзар менде дәрмен жоқ. Не бітіріп жүрмін осында?!..» дейді өзін өзі кінәлап. Оның үстіне ауылды сағынып, кетуге бел байлады.

ЖИЫРМА БЕСІНШІ ӘҢГІМЕ

Ақмоладан қайтқан соң екі жылдан астам уақыт Сарыбала ауылда болды. Қыздарға, құрбыларына елен, жазатын мінез шығарды. Құмары жүйрік ат, қыран тазы, көркем қыз, ойын-сауық. Әкесі жақтырмай «жастық-мастық» десе де баласы жаңа мінездерін жасыра алмады. Осы тұста үкімет ауылды советтендіру ұранын кетерген. Бай, жуан, парақор, бұзықтарды басшылық қызметтен ығыстыра бастады. Алдымен Әділев Бәйсейіт құлады. Білал бас сауғалап, Орынборға оқуға жөнелді. Орынбек тықыр таянған соң басқа оязға — Қарқаралыға тайды. Сарыбаланы Ақмола қайта шақырып алып, өз еліне болыстық милицияның бастығы етіп жіберді. Жұрт «нәшәндік» дейді. Болком, Болаткомдерден милиция начальнигі әлі де айдынды. Ондай күш берік қолға берілгенде айдыны тіпті зорая түседі екен. Болком секретары, болатком председателі Сарыбалаға ықпал жасамақ тұрсың өздері оның ықпалында қалып қойды.

— Ұрлық, пара, бай, жуан, теңсіздік рушылдық басып тұрғанда ел еңсесі көтерілмейді. Ауылды советтендірсек алдымен осы бесеуінің тамырына балта шабу керек! — дегенді қызметіне кіріскен күні-ақ жариялады ол. Жариялап қана қоймай, ойын дереу орындап барады. Мемлекеттік үлкен ой, таптық сана салған жерден басына сия қойған жоқ. Өзінің түйсінгені, сүйсінгені биледі. Солары бірақ, мемлекеттік таптық мақсаттармен көбінесе қабысып жатты. Есін білгелі іштемені қақпай қабылдаған емес. «Жақсыны» қай жері Жақсы, неліктен жақсы?, «жаманды» қай жері жаман, неліктен жаман? — деп қазбалағыш. Әлден «көзім жеттісі» көп. Жетпегені одан да көп. Бір сенсе айнуы қиын. Сенімі әзір алдамай жүр. Сондықтан, сенім жетелесе, басқаның қорыққанына бұл сескенбей бара береді. Белгілі қалпы: ұялшақ, тұйық, суық, бір бет түзесе бұрыла алмайтын тоң мойын. Кейде керісінше: ұялмайды, ақ жарқын, ыстық, кенеттен жалт бергенде көз ілеспес. Бүл кейінгі мінездері құпия, білетіндер некен-саяқ. Енді көп талқысына түсті. Талай құпиясы жарияға айналғалы тұр. Міне әкімшілік столына отырар-отырмастан арызын қолына ұстай екі адам кірді. Бұларға ауыз үйде күткендерді, жол үстінде жортып келе жатқандарды қоссақ үлкен топ. Бәрі жәбірленуші, іздегені әділет. Хиянатшылар аз, хиянаты көп. Көпті күйзелткен аздың қылығына зығырданы қайнаса да сырты тіпті тыныш. Арызды оқып шығып, арызшыға бірер сұрақ қойды:

— Өзің ұста болсаң, заман советтікі болса, қалыңдығың мынадай арыз жазса қалай тартып әкеткен?

— Мен бұл елге кесіп іздеп келген жалғыз үйлі кірмемін. Қолдаушым жоқ. Басынды. Әлі жеткен алмаған қалыңдық түгілі қойындағы қатынды алып кетеді.

— Менен бұрынғы начальник бұл оқиғаны біле ме?

— Білгенде қандай! Мұқтармен әмпей екен, арызымды аяқсыз қалдырды. Айтсаңшы, Қасым, айтсаңшы! — деп қасындағы жігітті түрткілейді ұста. Жігіт тамағын кенеп алып, еркін сөйлеп кетті:

— Білмейтін шығарсың бұл бізге күйеу. Қарындасым қайтыс болған соң, сүйек жаңғыртып, ағайынның бір жібі түзу баласын атастырғамыз. Шоқ беріп ала қоятын шамасы бар ма. Тапқан-таянғанын сол қыздың жолына жұмсап жүрген. Қалық малы он жеті еді, етеп тастап еді. Бір түнде Мұқтардың қолындағы жаман жиені шанаға басып алып кетіпті. Мына сорлы қалыңдығымен қоса бар жиған-тергенінен, қалыңдығы күйеуінен айрылып, екеуі екі жақта зар қаққан соң, дәтім шыдамай мен ертіп келдім. Әкем сәлем айтты: Салияның қызынан туған жиен екенін ұмытпасын, жалғыз үйлі Қаржастың зарына құлақ салсын, Мұқтарды бір мытқуға жарамаса, оның ел баққанынан өзімнің мал баққаным артық, — деді.

— Салияның, тілі тікенек әкеңнің аты Қисық еді ғой, мінезі де қисық-ау, — деп Сарыбала мырс-мырс күліп жіберді. Күлкісін ілезде қат-қабат ойлар басты.

«... Мұқтардан мөр кеткенімен бедел кетті ме?.. Бедел кетпесе одан ел кете ме? Қазақта жесір дауынан, жер дауынан, ер дауынан үлкен дау жоқ. Қолындағы келіннен айрылу Мұқтарға, Мұқтарға ғана емес бүкіл Қошқарға, Қошқарға ғана емес бүкіл жуандарға тірі өлім. Кеудесінде жаны, бойында күші, бетінде беделі бар кім шыдар бұған? Ал сонда соқтықпау керек пе? Қорлықтағыларды кім қорғамақ? Әделет, ар, советтің заңы қайда? Қара бастың қамы үшін осының бәрін сатып күнелту де тіршілік пе? Өйтіп жер үстінде жүзі қара боп жүргенше жер астында тиыш жат!..»

— Әбділда! — деді Сарыбала ойын аяқтап. Қаңғалақтау, мұртты милиционер енді.

— Мұқтардың келінін алып кел. Жібермесе зорла.

— Аулынан ылау бермейтін Мұқтар келінін бере ме! Керіп салады, ойбай!..

— Әлі! — деп Сарыбала тағы біреуді шақырды. Кеспелтек мұртсыз қара торы жігіт кірді. Батылы жетсе, күші жететін түрі бар: кеудесі құшақ, қасқыр мойын, екі иығына екі кісі мінгендей, аласаның балғыны.

— Ата-бабаңды Игілік тұқымы өмір бойы езіп келгенде, тек совет тұсында ғана кешегі Тәлкен мархұм тайталасуға жарады. Сонымен біткені ме Қарамұраттың?

— Қарамұрат рулы ел еді ғой. Ел бітсе не болғаны? Мына сөзің Мұқтардың тізесінен де қатты батты-ау! Дозаққа айдасаң да айдашы кәне!

— Әбділдә, қаруыңды Әліге бер. Қорқақ қол қаруды қор етеді. Өзің үйіңе қайт та шаруаңды бақ. Әлі, сен дереу бар-дағы, Мұқтардың келінін күйеуімен қоса алып қайт. Әкеле алмасаң көрінбе көзіме. Әгәр мынау айтқандай керіп салса салсын, шыда. Өзім барып құтқарам.

Әлі атқа мінді. Мойнында қылыш, белінде наган. Қылышты теріс салды, наганның атуын білмейді. Астында жарау көк төбел. Қар еріп жатыр. Жол бірде көтереді, бірде ойылады. Оған қарамастан құйғытып барады Әлі. «Исі Қарамұратта менен өзге қылыш асынған қайсысы бар?» деген қуаныш кеудесіне сыймай алқынып барады. Артында жүз кісі көмекші келе жатса, дәл бұндай ерленбес. Мұқтардың аулына ағызған бойда жетіп, қотанда азырақ ат ойнатты да, үйге кірді. Мұқтардың көзі бажыраң етті.

— Жай ма?! Төрге шық!..

— Жай емес. Төрге шықпақ түгілі тізе бүгуге уақытым жоқ. Нәшәндік келініңізді шақырады. Тұр, шырағым! Киін. Күйеуің қайда, о да жүрсін.

Ауыз үйдегі күйеу ести сала есіктен ата жөнелді. Келін киінерін не киінбесін білмей, атасына жалтақ-жалтақ қарайды. Атасында ес жоқ. Қапелімде өңі құп-қу болып кеткен. Енді қып-қызыл. Тілі күрмелгендей үнсіз отыр. Қасындағы ежелгі досы, кәрі Балпетек:

— Мұқтаржан, сабыр-сабыр, — деді бір кезде. — Шөлмек мың күн сынбайды, бір күн сынады. Сынғаны осы. Ашудан енді пайда не? Нәшәндігіне милициясы сай келіпті. Ашуға билетсең, қан төгісуге барасың. Сен түгілі Николайдың қанынан жиренбеген бұлар. Ақылға билет. Келінге ере бәріміз барайық. Беделімізді, малымызды алдына салайық. Шіркін, кешегі Қыдырдың ұрпағы еді ғой, қанша шоқынса да қазағымнан бірдеме қалған шығар. Қалса қайысар. Қайыспаса сыр білдірме, елді сал соңына. Білалға алпыс арыз жеткен, бұған азар болса жүз керек. Мыңды табамыз, арызбен тұншықтырамыз...

Мұқтар долданғанмен тырп ете алмады. Баласы Мәжитті, немере туысы Мақметті, Балпетек ақсақалды ертіп, келінінің соңынан шұбырды. Әлі келінді алға салып алып, тағы құйғытты. Көк соқта тар жолда артынан андыздай шапқан төрт-бес адам бірі аты жығылып, бірі атымен қоса өзі жығылып шашылып жатса да қайрылған жоқ. Аудан орталығына тақалғанда:

— Тоқта — деді Мұқтар. — Мен қайтайын. Ол без бүйректен түңілгем, өзімді жауып қоюдан тайынбайды. Мәжит, сен бірге оқыған құрбысы едің ғой, сөйлесіп көр.

— Аға-ау, сені жабудан тайынбаса, мені жабудан тайына ма?

— Өй, шірік қорқақ неме! Осындай күнімізде отты от, суды су демейтін едік. Былжырамай, бар! Заман сенікі, құрбы сенікі.

— Өзі қорқады. Маған қорықпа дейді, — деді де Мәжит мыңқылдап жөнеле берді. Мұқтар мен Балпетек кейін қайтты.

Әлі келіншекті ертіп кіріп келгенде, Сарыбала ұшып тұрды орнынан. Қуанышы қып-қызыл болып бетінде ойнады.

— Япырау, ұшып бардың ба, жүріп бардың ба?!

— Жүріп бар ғаным ұшып барғанға бергісіз.

— Қарсылық көрсетті ме?

— Көрсеткісі келді, көрсете алмады бірақ.

— Иә, ол көрсетерін кісісіне қарай көрсетеді. Күйеу қайда?

— Қашып кетті...

Ұста мен Қасымның езулері құлағына жеткен, келіншекпен болып жатыр. Келіншектің бұрынғы жайдары мінезі жоқ. Қабағы жабыңқы, қарақат көзінен бұршақ-бұршақ жас тамады.

— Ay, бұл не?! — деген Сарыбаланың сұрағына жауап қайырмай күрсініп қойды.

— Бостандық сұрап арыз бересіз. Босатса жылайсыз. Бұл қалай?

— Арыз беріппін бе?

— Беріпсіз, — деді де Сарыбала арызды оқыды. — Рас па осы?

— Рас, бәрі рас. Кигізге орап үнімді шығармай, аузымды байлап әкетті. Сонда да арыз бермедім.

— Берілген арызға не айтасыз?

— Не айтайын! Қойын алдырып, қорасын бекіткен мен бір бейбақ, — деп келіншек еңіреп жібергенде, ұста оны құшақтай алды.

— Жыламашы, Дәмеш, жыламашы! — дейді өзі қосыла жылап отырып. — Менің көңілім бұрынғыдай. Ағын суға ит тигенмен арам болмайды. Ұмытармыз бәрің ұмытармыз. Ұмытпасақ біздің қайғының түбіне кім жетер!..

Қорланған ерлі-зайыпқа іші елжірей отырып, Сарыбала тоқтау салды:

— ... Сіздер енді ар-намысты жоқтап отырсыздар. Оның да есесі қайтар. Зорлаушы жиенімен қоса, зорлатушы Мұқтарды сотқа тапсырам. Ауылды советтендіру, деген не екенін олар да, сіздер де бұдан әрі жақсы түсінесіздер. Әлі, сен бұларды апарып сал. Кім біледі... Тойларының ішінде бол.

Кезек күтпей, лұқсат сұрамай, еңгезердей Айдарбек кіріп келді. Келе сала Сарыбаланы құшақтап, бетінен сүйді. Бұл кәдімгі осы өңірге мәлім қарташы, кербез, қартадан ұтылып қалса қырдың ұрыларына қол артатын Мақаттың Айдарбегі. Мекені — Спасскі заводы, Сарыбаланы жасынан біледі. Әкімдерге үйір, қыбыр-сыбырды сезгіш, кірімді, келбетті, қара буралай сөйлегенімен қорқақ, жасы қырықтан асса да қыз құмар. Ол кірісімен ұста, Дәмеш, Қасым алғысын айта-айта Әліге еріп үйден шықты. Бағанадан ауыз үйде отырған Мәжит, Мақметтер күте-күте начальникке жолыға алмай кетті.

Қарағым, бағың құтты болсын. Өзім болғандай қуанып келдім, — деді Дидарбек. — Шапсаң қылышың, соқсаң шоқпарыңбыз. Жұмсай бер шетімізден.

— Жұмсаймыз, көмек көп керек.

Жөкен, Шағырды менен өзге ешкім таппайды. Өзім ерем қасыңа.

Сарыбала Айдарбектің бетіне аңыра бір қарап қойды. Жөкен, Шағыр аты шулы ұры, қашқын. Семей, Қарқаралы, Павлодар, Ақмола — төрт ояздың елін ығыр еткен аты шулы қашқындар. Құпия хабарларға қарағанда Қарағанды болысындағы Қареке, Барғана руларынық байлары тығып ұстап, басқа елден кек алуға жұмсайды. Сарыбала соларды бүгін түн қатып іздеуге аттанбақ-ты. Бұны өзі ғана білетін. Айдарбектікі оспақ па, әлде сезіп қалды ма? Қағып байқады:

— Қашқын қуарлық кәзір жағдай бар ма. Жер сылқылдақ. Мал Қыстан арып шыққан, ылау міну де қиын. Лақап таратып жүрген кім?

— Маған сенбегенің бе, қарағым? Сенбесең үйіме қайтайын. Бірақ, Жөкен, Шағыр керек болса менен айрылма. Ұстап бере алмасам, міне бас, кесіп таста. Ақ сайтаным айтып тұр, неге жасырасың? Алдаған жерім бар ма еді?..

— Онда іздесек іздеп көрейік.

Қастарына қару асынған, сен тұр, мен атайын төрт жігіт ертіп, түн қата жүріп кетті екеуі. Түн көзге түртсе көргісіз қараңғы. Жол қатқақ болғанымен ойқы-шойқы. Аттар аяғын шұңқырға дамыл-дамыл сұғып, қорғақтай, кібіртіктей жүріп келеді. Аспанды тұтас жапқан қалың бұлттың қар жауары, жаңбыр жауары белгісіз. Қорғасындай ауыр түн, ақырын жүріс еңсені басып бара жатқан соң:

— Ән салшы, Бітімбай, — деді Сарыбала. Қыли көз Бітімбай мейлінше әнші. Гармонсыз айтпайтын. Бұл жолы сөзге келместен «Гауһар тасқа» шырқап жіберді:

Ажарың ашық екен атқан таңдай,
Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай.
Анаңнан сені тапқан айналайын,
Күлім көз, оймақ ауыз, жазық маңдай.
Беу-беу Гауһартас,
Құсни құрдас
Раушан жүзің көргенде
Сәулем-ау сабырым қалмас.

Сарыбала әнге сүйсініп, сүйкімсіз даусынан қосыла түсті де, өз даусы өзіне ұнамаған соң тоқтай қалды. Ән аяқталғанда қызына сөйлеп барады:

— ... Көңіл ашықта, аспанның жабығы сөз бе! Көңіл ашар сұлу қыздан сұлу ән кем бе! Жарқырады көңіл, айтшы тағы! Мейлі көпсінсе құдай енді бір көзіңді қисайтсын. Тек осы өнеріңе тимесін. Адам сәні пішін емес, енер-ау, сірә. Мен сені ешбір сұлуға айырбастамас едім кәзір.

— Сұлулар да мені айырбастай қоймас, — деп Бітімбай сақ-сақ күліп алды да қайта басты әнге. Ән, жастық, құмарлық билеген көңіл арымаса керек. Әндете келе жатқанда суға кездесті бұлар. «Өзен емес, көл емес. Шалшықтан да қорқамыз ба» дей қойып кетіп еді, мұз ойылып, екеуі судың ішінде қалды, екеуі малшына азар шықты. Шыққаны да, қалғаны да күледі. Күлерлік іштеме жоқ, әйтеуір мәз, Айдарбектен басқасы кілкін кескен жастар. Жол жайына, ел жайына шорқақ. Судан өткен соң Құлжұмыр — Сораң тауларына соқпай, жолындағы Спасс заводына бөгелместен, Қарамұрындағы Жәңгір аулына тура тартты. Суыт жүріп, тап баспаса қашқындар құлақтанып қалады. Айдарбектің айтуынша олар Нұрланның Бимендесіне, Саябек молдаға, бай Әлібекке, қажы-соқыр Әбішке паналайды. Төртеуі де Қареке, Барғана руларының бетке шығарлары. Әгәр паналататыиы рас болса, ұрысын оңайлықпен ұстап бермейтін қайсарлар. Қысу керек. Қысқанға болмаса тұтқындау керек. Тұтқындасаң бүкіл ру намысы қозуы кәдік. Сарыбала осы жайды ойлап Жәңгір аулына жеткенше жолдастарына тіл қатпады. Мұқтарға бұлар қосылса дұшпан тобы күшейді...» деген хауіп төисе де сескенген жоқ. Сескенбейтіні өз руы Абылай, Қазыбектер қаймыққан Бегайдар. Үкіметке жүгінсе тағы да бұл үстем. Сондықтан:

— Ұрысын қорғаған жуанның езін ұстаймыз! — деді ауылға тақалғанда.

Атақты ауыл екі-үш-ақ үй. Шерубай Нұрасының дәл жағасында, Қарамұрын шоқысының етегінде, аядай жерге сынаша қыстырыла отыр. Үй аз болғанымен адам көп. Кенеттен келген начальникті күткен қонағынша топырлай қарсы алды. Топты бастаушы жасы қырықтан асқан, денелі, қызыл шырайлы көркем әйел Сарыбалаға құшағын жая келіп, амандасты. Шалдар, әсіресе Тыңқи ақсақал Мұстапаның амандығын қазбалай сұрап жатыр. Үйге еніп жайласқан соң да басқаға ол жуырда сез берген жоқ. Мұстапаның төңірегін бітіре сала, бүкіл Елібайдың бала-шағасына дейін сұрастырды. Осында да мән бар. Тыңқи Жұмабек төренің көп ұлдарының бірі. Елібай ортасында ескен. Мұстапамен досшар, әрі түйдей құрдас. Жұмабек Қарағанды, Спасск заводтарында подрядчик болып істеп байыған беделді адам. Бертін келе кәр тайып, төмендеген соң алыстағы қыр еліне — Ақтау, Ортауға кешіп кеткен. Жаңағы келісті әйел соның қызы Бәтима жиырма бес жасынан жесір. Күйеуі Алтын төре Абылай ханның ұрпағы. Лайықты аменгері болмаса керек, сонсоң сабырлы Бәтима күн шалған шаңырақты, ыңыранған ен дәулетті басқа біреуге жем қылмай, Алтыннан қалған жалғыз ұлы Сұлтанды медеу етіп отырып қалыпты. Кедейленген төркін жұртының бірсыпырасын маңына жинаған көрінеді. Сарыбала бұл жайдың бірін білмейтін, енді білді. Бәтиманың байлығын былай қойып, өз басының адамшылығына сүйсініп отыр. Мінез, сөзінен, жүріс-тұрысынан сөлекет іштеме таппады. Әбден қалыптасқан әйел. Қалпы кең, сұлу. Мәйегі аузынан әлі шығып тұр. Ол салмақпен сылқ-сылқ күлгенде, алпамсадай Айдарбек көбелекше қалбалақтап кетеді. Ұлыққа ашық қабағын, толы табағын бермейтін қазақ кемде-кем шығар. Бәтима, Тыңқиларда одан кері «өзіміздің бала» деген махаббат басым. Сол махаббатты, өзімсінген ақ көңілді қорлау қандай қиын! Қорламасаң өз арың арманың қорланады. Сарыбаланың бір қиналған жері осы. «Енді қайттім Бимендені?!» деп дағдарған кезде, Бименде кіріп келді. Жұқалаң, ықшам, пысықша жігіт. Начальниктің беті байқалғанша сырғақтап кеткен. Өз беті кәзір жайдары. Қазақ астым, дейтін Нұрланның ерке бұлан бұл жалғызы әкесі өлген соң дәулеті, беделі шайқалып, қайның сағалады. Абылай, Нұрландардың арты азғындай-азғындай енді бетке ұстағандары жесір Бәтима. Бәтиманың панасында отырса да, Бименде бұрынғы асқақ мінездерін революция дауылы басылған соң НЭП тұсында қайталап жүр. Жырқылдап күледі, аз орысшасын араластыра, шешенсіп шықылдайды:

«Ана ауылдың иті де сақ
Мына ауылдық иті де сақ
Бәрі бірдей түлкі алмаққа... бақ»

деген әкесінің мәтелге айналған сөзін өз сөзіндей шірене түсіп айтты. Әкесі бірақ бүркіт, өзі шыбшық торғай сияқты. Сарыбаланы көпшіктеп, Айдарбекті қағытып отыр. Айдарбектің оны Жөкен, Шағырмен байланыстыруы шын ба, жала ма, кім білсін. Әйтеуір екеуінің арасында бір кикілжің бары анық.

— Қаракесектің қу табандары қит етсе тұра шауып, күйзелтіп еді елді. Енді қайтер екен! — деп Бименде сыздағанда Айдарбек қара буралай жөнелді:

— Ұзын тілді мырза, орағыта берме кеп. Менің орным Қаракесек түгілі Қуандықтың, тіпті орыс, қазақтың ішінде күреулі. Сен өз саңырығыңа сыя алмай, төреге теленгіт болдың. Қыздырма аузымды. Бұғалығым мойныңда. Қылқындыра салам!..

Әубакірді арқалаңып, әкемнің асында, ақтардың тұсында дәл осылай бір көпіргенсің. Енді нәшәлнікті арқаланатын шығарсын? Омаяу!

Арқаланса несі бар! Нәшәлнік сендей Қаракесек, Қуандыққа бөлмейді, ақ пен қараға бөледі.

— Сонда ағы — сен, қара — мен бе?! — деді Бименде бармағын саусағының арасынан сорайта шығарып, Айдарбектің танауына тақады. Сарыбала оған шамданып қалды. Бимендені бұрыннан ұнатпайтын. «Мынаның дандайсуын» деп отырған ішінен.

— Әдепсіз әйел қолын шығарады. Әдепсіз еркек бұтын саптайды, — деді қабағын шытып, — әдепсіздік, дандайсудан не ұят біткенде туады. Қаракесек, Қуандықта нелерің бар? Өз аттарыңның, басын дұрыс алып жүрсеңдер де жетер.

Бименде, сен бос сөзді қойып, Жөкен, Шағырды табуға көмектес. Жасыратыны жоқ, сен біледі деген соң келдік осы ауылға.

— Мен қайдан білем?!

— Білесін. Жасырма!

— Айналайын, сенбесең ішімді жарып, башайымды шағып қара!

— Шағып та, жарып та жатпаймын. Таппасаң, табылғанша өзіңді тұтқындаймын!

Бірімен бірі қалжықдасып, әзілдесіп көңілді отырған ауыл адамдары су сепкендей басылды. Тыңқи ойыны ма, шыны ма дегендей Сарыбалаға жалтақтай береді. Бәтима" көз қырын тастады да, темен қарап қалды. Өзімсінгендері өзгенікі болып шыққан соң жаңа ғана күлім қаққан жүздер біресе қуарды, біресе қызарды. Бордақы тоқты сойылған. Оған сере қазы, білектей қарта, сары-ала сүр қосылған. Қысыр биенің қымызымен қатар, ешкім ішпесе де бірер бутылка көрінген. Барлық құрмет кәне кетті.

— Атқа қоналық, — деді де начальник бөгелместен орнынан тұрды. — Бименде, киін. Ақмет, сен апарып жап-тағы, бізді қуып жет. Тыңқи отағасы, Бәтима апа, қош. Сый-құрметтеріңізге қатты ырзамыз. Күйеу жігітті сіздер үшін бір жолға қалдырайын десем де қалдыра алмадым.

Бәтима Сарыбаламен қол ұстаса қоштасып тұрып:

— Есіңде болсын, шырағым, — деді, — менің көзім тіріде бұл шаңыраққа ұры-қары ұя сала алмайды. Күйеу баламды әкеткеннен гөрі сол жаман ат батып тұр.

— Сізді жаман атқа таңған ешкім жоқ.

— Онда бір тілегім бар.

— Айтыңыз.

— Буынсыз жерге пышақ қоймаймын; үкімет әмірін орындай бер. Маған кепілге берсең қайтеді? Сол жабатын жеріңе милициясыз-ақ езіміз апарып салайық.

Бұл тілекті тастай алмады Сарыбала. Бәтимадай маңғаз ана қиылғанда, ана сыйлай білгеннің қайсысы тастар? Оны міндеттендіріп, қағазға қол қойдырудың өзін ерсі көрді. Баласына — Сұлтанға берді кепілге. Сұлтан ертеңнен қалдырмай апарып тапсырмақ. Тапсыра алмаса өзі тұтылмақ. Сөйтіп начальник атына мінгенде бір жалшы келді ентіге:

— Су тасып кетті!..

Бәрі өзен жағасына жиналды. Жайшылықта оп-оңай өткел беретін шағын, момақан өзен бұрқан-тарқан. Үйдей-үйдей сеңдерді асықша атып, арнасынан аса шалқып барады. Суын ішіп шомылған жан-жануардың бір де бірі беттер емес. Түсі суық, тілсіз жау, тілді жаудан күштірек.

— Тәйірі, аттары мықты. Сең-сеңнің арасымен сыр ете түседі, — деп Бименде қонақтарын елімге итермелеп тұр. Бәтима шыжалақтап:

Қой, жазым болады! — десе, Айдарбек үрейлене:

— Ойбай, мынадан еткеннен айдаһарды аттап өткен оңай — дейді.

Су өткел бергенше осы жайлы ауылда жата тұруды қоштады көбі. Жата тұрса қуғыншылардың бұл құпия, суыт жүрісінде мән қалмайды. Тіл астында тіл бар, қашқындар хабарланады да, жытып кетеді. Сондықтан Сарыбала тасқынды елемей өтуге не оның басылуын күтіп жатуға бекіне алмай, дағдарған кезде, Тыңқи ақсақал тапты амалды:

— Бас жағы жадағай. Өрлеп барып өту керек. Мына тұрған жер ғой.

— Онда Қарқаралы дуанының жеріне шығып кетеміз. Қояныштағайдың закүншіктері атымызды аударып алып, жаяу айдап жүрмесін!.. — деген Айдарбектің сары уайымына қарамастан Сарыбала тартып тұрды. Алда болатын Айдарбек енді артта. Адуын мінездерінің бірі жоқ, құты қашып, қыржия қалыпты. Оны қыржитқан Қояныштағай. Қояныштағай Қарқаралы үйезіне қарайтын қалың Қаракесектің бір руы, Ақмола қазақтарымен іргелес. Іргелес елдің арасында ертеден келе жатқан жанжал, барымтаның ақыры ұрлыққа айналған. Бірінің малын бірі ұрласып жатады. Ұрыларға құрық берген ру басшыларының өзі. Айдарбек сойыл сүйреткен ұры болмаса да, олжа түсетін лаңның ешқайсысынан шеткері қалған емес. Соның сазайын алдыңғы жылы бір тартыпты. Есерлеу милицияны ертіп алып, Қояныштағай жеріне кіреді. Екі елдің арасындағы ескі дауды қоздырып, бейбастақ мінездер көрсете бастағанда, Қояныштағай жігіттері екеуін азырақ қамшымен ушықтайды да, Ақмола жеріне қуып тастайды. Айдарбек бұны қалай ұмытсын, Сарыбаланың, сүйреуімен азар келеді. Қояныштағай ішіне кіргенде көзі алақтап кетті. Тек қара көрінсе дырау қамшылы, дырау қара кісі елестейді. Екі-үш ауылдан өтті, ол кісі әлі жоқ. Кең далаға шашылған ауылдар бір-екі, кейде үш-төрт үй болып кездеседі. Іштері қалай пыспайды! Шөп шаппайтын, егін салмайтын қашықтағы қыр елі мал қамын ойлап тау, тасты сағалапты. Таудың панасы, қарасыны көп, қары ерте кетеді. Әлден-ақ көктеп қалған. Ел өзінің жапырық қораларын тастап, тым-тырағай жазыққа құлап келеді. Көш көліктерінің дені түйе. Арба некен-саяқ. Жая айдаған қалың малдан жер беті шыбартып жатыр. Біресе қой, біресе жылқы, сиыр тобы кездесіп, жолаушыға жуықта жол бермейді. Қыстан жүдеу шықса да көкке аузы тиген соң мал, жайлауға беттеген адам еліре бастапты. Солардың әсерімен манадан үнсіз Айдарбек:

— Мыналар байып кеткен екен! — деді дауыстап. Бұл кезде өткелден өткен-ді. Оралып, Ақмола еліне беттеген, қорыққан дәу қарасы кездеспей, жүрегі орнына түскен. Сарыбала оған көңілсіз жауап қайырды:

— Бір борандық қана, баянсыз байлық-тағы.

Кез тоярлық осынша көп малдан аяқ ылау таппай, сонау ит өлген жайлауға жаяу бара жатқандар кездеседі.Қара сиырдың құйрығына қара бұзауын байлап, үстіне қара қосын артқан қара шал барады. Бар мүлкін, бала-шағасын бір түйеге тиеп, ат орнына өгіз мінген біреу барады. «Бұлар жайлаудан не алады?! Жайлау малдінікі, малсыздікі — жатақ. Малға кедей қылсаң да ақылға кедей қылма» деп, кедейлерге кейи-кейи Сарыбала барады. Кейісе де кедей сырын қазбалауда. «Ал, жарлы жатақта қалғанда не бітірмек? Жер кесібін білмейді. Жалғызын қасқыр мен ұрыға, өзін шыбынға жем қылғанша дүрмекпен жайлау барып, сорпа-су, ақ ішіп қайтқаны олжа емес пе? «Кедейдің бір тойғаны — шала байығаны». Тоюға зар кедей көмейінен өтпеген құйрықтан, өткен өкпені артық көреді. Ендеше, құр жатақта қал, дегенше, мынаны істе, былай істе дей отырып, істерлік жағдай жасау керек қой. Ол жағдай әлі жоқ-ау!..» деп күрсініп қойды. Елінің бұл сияқты үйреншікті мінездеріне бұрын бірде парықсыз, бірде қошеметтей қараса, енді есі енген шағында сын көзімен қарайтын болған. Ол қазір өзінің қасындағы жолдастарына да сыртын беріп, ішін берген жоқ. Жолдас тек жолда, істе сыналады. Сыйлап келеді. Айдарбек аузы ауыр начальннгі ақтарыла қоймаған соң секем алған секілді. Босқа сескенеді. Начальнигі жаман ойдан аулақ. Елінің, жерінің, жолдастарының қилы-қилы сипаттарын көрген сайын толғануға тоймай томсара түседі. Бар кінәсы сол. Ұйқы, күлкісін бөліп, мысықша жүріп, ел мазасын кетірген Жекен, Шағырды бақандай бір жұма іздеді. Тапқызбаған соң, байланысы бар деген жуандарды қысты. Түн ішінде соқыр Әбіштің аулын келіп қамады. Ауылдың, алды көшкен, арты жүгін тиеп қойып, таң білінуін күтіп отыр екен, Әбіш қолға түсті. Бірақ, ақ безер де көк безер. Жөкен, Шағырдан ат-тонын ала қашады. Начальник оны үйде тергеп жатқанда, сыртта милиционер Қойкелдінің Ақметінің ақырған даусымен қоса қамшысы сартылдады.

— Айтайын, ағатай, айтайын! — дейді әлдекім. — Бұл ауылда жатып-жатып, бүгін түстен кейін аттанды, Әлібектікінен табасындар, Әлібектікінен...

Әлібек Саңырықтың көп ұлының ыңыранған көп аулының бірі. Шындықты қолқалап сұрағанда айтпай, қамшыға айтқан қадырсыз жігітті тастамастан, Әбіш екеуін түйеге мінгестіріп, бір кісенмен матап алып жүрді. Сарыбала әбден шаршапты, бір сағат жантаюға ынтық. Жантайды-ақ неше күн ізіне түсіп келе жатқан қашқыннан айрылады. Айрылмай кездескен күннің өзінде хауіп күшті. Айдарбектің айтуынша қаныпезер, жан кешті ұрылар қарулы. Атыспай қолға түспейді. Атысуға начальниктен бастап милиционерлердің бір-де бірі жаттықпаған. Тіпті мылтықты қалай ұстауды женді білмейтін ауыл жігіттері. Тек жол бойы нысана атып байқағанда, Сарыбаланың оғы өзгесінікінен көбірек тиді. Соған ол мергенсіп қалды ма, әлде туа жүректі ме, әйтеуір қорыққаны байқалмайды. Айдарбек:

— Мен көрінбейін. Көрінсем алдымен мені атады! — деп дір-дір етеді.

Тұңғиық түнге сүңги отырып, тан, сәулесіне жетті бұлар. Жан-жақ көріне бастағанда белден асып, етектегі Әлібек ауылын қоршады. Ауыл бала-шағасына дейін тұрыпты. Ортадағы бір ақ отау өзінен өзі қозғалып шетке шығып барады.

— Япырау, мына соққандар біліп қалған ба? — деді Ақмет. — Анау отауды бізге тіккелі ішінен көтеріп апара жатыр. Қашқындар жоқ болды бұнда.

— Жоқ болса Әлібекті аямай қыс. Менің көзімше қамшы жұмсамағайсың. Керек болғанда езім иек көтерем, — деді де Сарыбала ауылға кірді.

Қап-қара қаба сақал, жар қабақ, екі бетінің арасы тым алшақ, орта бойлы, иықты, шүңірек көз біреу соңынан он шақты адам ертіп, начальникке анадайдан құшағын жая келеді.

— Аруақты ауылдың баласы едің, келші құшақтай амандасайын, — дегенде, Сарыбала шегініп тұрып қалды,

— Аруақ та, құшақ та кейін. Әуелі Жөкен, Шағырды табыңыз!

— Қарағым-ау, қалай табам?! Көшерін жел, қонарын сай біледі олардың.

— Сіз де білесіз. Сіздің қайсарлықты біз де білеміз. Қайсарлықтан дәл кәзір ұтыласыз.

— Ұтылуға үйрендік шырақ. Ұта бер. Үйге енелік. Арнап үй тіктірдім, дастарқан жайдырдым, дәм тат. Дәм, тұзға тапсырудан өзге не қалды Әлібекте.

— Әлібектің малы бар. Малы бардың беделі, күші бар. Әлібектің әлі қулығы, қулығынан сұмдығы көп. Өзіңіз мытым, сөзіңіз мүләйім. Мүләйімсіп талайды алдаған шығарсыз. Мені алдау қиын. Табыңыз Жөкен, Шағырды.

— Тапқыш болсаң өзің тап, шырағым. Шалды ұры үшін қинама, малы үшін қиналғаны жетеді...

Әлібектің «шырағымы» шымшығанмен бірдей. Мүләйімсыған түрінен міз бақпас безерлік байқалады. Сарыбала жасында Күнтуған дейтін қарттың қасқырды тірідей сойғаныи керген. Қасқыр сонда ыңқ етпеген. Әлібекті осы қасқырға ұқсатып тұр. Қайсарлығына сүйсінеді. Есіл қайсарлықты арам еткеніне күйінеді. Ақметке иегін бір көтерді де ақ отауға еніп кетті.

Начальник иек көтерген соң қызу Ақмет қол құрышын біраз жазды. Оған Әлібек мәу демеп еді, бұрынғы екі тұтқынға қоса кісендеп тастады. Сарыбала сырттағы жайды біліп отыр. «Осың заңсыз ғой! Бас бұзарлардың ісі емес пе?!..» деп өзін өзі мінейді. «Халық мүддесі қажет етсе бәрі заңды» деп жұбанады тағы.

— Қой әрі, ұры үшін құран ұстап құтырыппын ба! — деген әйел дауысы шығады сыртта. — Жаңа ғана мына саймен жөнелген. Ауылда ат болмай жаяу кетті. Әнтек бұрын келгенде тап басатын едіңдер...

Милициялар жерді дүңкілдете шаба жөнелді. Сайды өрлеп, белге көтерілгенде жазықта қараңдаған екі жаяу көрінді. Бұларды көрісімен жаяулар қашқан жоқ, қол көтерді. Ақмет ашу қысып, алқына жетсе де әдетінше қамшы үйірместен не зекіп, боқтамастан мінгестіріп әкеліп, начальнигіне тапсырды. Енді бірдеме дәметіп тұр. Кісі ұруға құмар жігіт. Көзі ойнақшып, жалақ-жалақ етеді. Начальник оған иек көтерудің орнына басын шайқап еді, өкінгені сонша, өз бармағын өзі қырши шығып кетті үйден.

Атақты екі ұры оңаша үйде тергеуге алынды. Ұрылардың атағына тұлғасы сай емес: күйкі, жабыңқы, киімдері жұпыны, сөзге сараң. Жөкен тіпті сөйлемейді. Там-тұмдап жауап қайыратын Шағыр. Бір-де бірі кісіге тура қарай алмайды, еңкейіп, көздерімен жер тесіп отыр. Бірақ бірінен бірі өткен безер, кесір, ішін жарып алмасаң шындығын айтар түрі жоқ. Начальник сонда да шыдамдылықпен сұрай берді:

— Винтовкаларың қайда?

— Алдақашан тастағамыз.

— Неге?

— Оғы бітті. Алып жүруге ауыр.

— Нагандарың, қайда?

— Оның да оғы біткен. Жаңа ұсталатын болған соң далаға лақтырып-лақтырып жібердік.

— Біздің келетінімізді кім хабарлады?

— Ешкім хабарламады. Түсімнен шошып ояндым да, ойбай келіп қалды! — деп тұра қаштым. Жөкен бірге қашты. Ауыл дүрлігіп тік көтерілді.

— Түсіңде не көрдің?

— Бізге атылған оқ жылан кердім...

— Сезімің керемет екен! Қатын-бала, белгілі мекен, тиыштық, рахат жоқ. Еститіндерің лағынат. Кең дүние сендерге тар. Жаңағы керемет сезім осыны сезбей ме?

— Неге сезбесін. Құмарлық жеңіп жүр ғой.

— Қасқыр етке құмар. Бірақ ет қасында қақпан жатқанын сезсе, баспайды. Құмарлығын хауіп жеңеді.

— Біздің құмарлықты хауіп-қатер жеңбейді.

— Он да сен дер қасқырдан әрі қорқау болғандарын, ба?

Шағыр салбыраған басын бір изеп қойды. Сарыбала құмарлық пен қорқынышты салыстырып отырып, құмарлықтың, күші басым екен деген қорытынды жасады да қайта кірісті тергеуге:

— Бір ғана шындық айтшы, сендерді паналататын Әлібек пе?

— Жоқ.

— Бименде ме?

— Жоқ.

— Соқыр Әбіш пе?

— Жоқ.

— Саябек молда ма?

— Жоқ.

— Енді кім?

— Ел, тау-тас, жапан дала.

— Оның бәрі лағынат айтады сендерге.

— Айтпайтындары да бар.

— Менің сұрағаным сол ғой.

— Біздің дәстүрімізше, айтпасты айтқаннан өлім артық.

Тергеу ұрының осы сөзімен аяқталды. «Шыдамдылық асыл қасиет. Сол қасиет жақсыға да, жаманға да біте береді. Жақсыға бітсе ізгілікті, жаманға бітсе жауыздықты күшейтеді» деген оймен Сарыбала қағаздарын жиыстырды. Ұрыларды жуандармен қоса кісендеп, бөлек үйге қаматып тастады. Енді титтей көз шырымын алуға жантая бергенде:

— Ассалаумағалайкүм! — деп орта жастағы, орта бойлы, қара торы кісі енді. Сәлем берісі айнымаған молда. Сөзі, басқа сипаттары байсалды, тартымды адам. Начальник танымай жорамалдап отырғанда, ол өзін таныстырып өтті:

— Саябек молла мен болам. Бұл заманда моллаға өсек күйедей жұқса да, молла мен ұры әмпей дегенді естімеп едім. Оны да естідім. Ел бүлдірген екі бетпақ мені аяр ма. Әйтсе де шіркіндердің нәсілі адам ғой, беттестірші, қарағым, тілі күрмелмес пе екен.

— Бетпақтар сізді былғамады. Беттестіріп не керек.

— Бәсе! Онда тағы бір қателесейін. Бұл жала алаяқ Айдарбектікі ендеше.

— Айдарбек жалақор ма?

— Сақтан, шырағым, сақтан. Сен оны бір пайдалансаң, ол сені он пайдаланады.

— Тағы қателестіңіз. Өзі үшін әлі бір тілек айтқан емес. Айта қалса тек адалын қостаймын.

— Ол жуырда айтпайды. Сені бетке ұстап жүріп-ақ, сыбырмен табады пайдасын. Сырттағы көп сыбырды естісең жүрегің айныр.

Сарыбала тұрып барып есіктен тысқа кез жіберді. Жұрт жиналып қалыпты. Айдарбек жуан ортасында. Оны бірінен соң бірі оңаша әкетеді. «Осылай сыбырласа жүріп, ұрыларды ұстап берді. Ендігі сыбыры не?» деп орнына күдіктене келіп отырды Сарыбала. Саябек соны сезгендей сезін жандыра түсті:

— Әкімге ерсе қай-қайдағы кегі қозады, араны ашылып, жұта бергісі келеді. Басқадан дәндеп менің тарлан атыма көңілі бір ауған. Бермеген соң пәле жауып қорқытып алмақ қой. Үкіметтен қорқамыз, сыйлаймыз, ал Айдарбектен неге қорқамыз? Несін сыйлаймыз?! Кімнің тарысы піссе соның тауығы, надан, қара пейіл, боқтық шұқылап күнелткен антұрған о да біреуге қоқаңдайды. Молда деп жиренсең де әкеңдей қамқорлық айтам, шырағым: Айдарбектің шағыстыруымен Бименде, Әлібек, Әбіштерді матама. Босат. Құныкерің табылды. Ел арасын ушықтырып қайтесің. Бәрібір олар босанады. Үкіметке жексұрын көрінгенімен елге өлі жексұрын емес олар. Абыройын біреу алғанша өзің ал...

Саябек сөзге ағып тұр. Сарыбала ойлануда: «... Дұрыс айтады, мен қамағанмен жуандар жатпайды. Шығып кетеді. Ауылды советтендірумен бай жойылмайды, тек шідерленеді. Саябек, Мұқаштар ескішіл, топас молдалар емес, ойлы, тілді, жаңалыққа да бейім екен-ау. Әттең молдалығы! Әйтпесе кімнен кем» деді де молданың бар сөзіне бір-ақ ауыз жауап қайырды:

— Жарайды. Босатам, жуандарды.

Сыртта, топ ішіндегі сыбырдың түйіні де осы еді. Айдарбектің аузы аппақ болды. Жуандар босанып алған соң көкие сөйлеп, көк тиын бермей кетті. Ол түгілі начальниктің өзін мазақтағандай, ылауға қойшының шабан шолағын әкеліп ерттеді. Жап-жаңа бас азаттығына зар Әлібектің азаттық алысымен асқақтай қалғанына түсіне алмады начальник. Ызғытып біреу келеді. Аты ақ көбігі шыққанша терлеген. Үлкен қуаныш не үлкен қайғы әкеле жатқанға ұқсайды. Ұқсауы ұқсаса да, әкелгені онша болмай шықты. Начальникті оңаша әкетіп, шетінде «асығыс» деген жазуы бар, конверт ұстатты қолына.

«... Адалдығыңа көзім жетеді... Өзің туған қазақы ортада дәл кәзір қызмет істеу ете қиын. Арызды жаудырып жатыр. Сондықтан сені Ереймен болысына ауыстырдым. Көңіліңе іштеме ала көрме, айналайын.

Шабдан Ералин» депті шабарманның шапқылай жеткізген хатында. Ол қанша шапқыласа да хабары өзінен бұрын жеткен. Начальник ауысатынын жаңа білді. Әлібек бұрын біліп, тақиясын түре киді. Аяғын кердең-кердең басып жүр. Соны көріп, Сарыбаланың шамданғаны сонша:

— Бері кел, қара төбет! — деп ақырып жіберді. — Мені түсті, бітті, дейтін шығарсын! Совет өкіметі бітсе ғана бітемін. Ақмет, мынаны қайта кісенде. Итше текпілеп апар да, ұрылармен қоса жауып таста. Қойшының шолағын босат, осының езі мінетін атын ерттеңдер маған.

Айдарбектің шоқтығы қайта көтерілді. Начальник басылғанда ол басылған жоқ. Ашу, намыс кернеп бара жатқандай бұрқ-сарқ қайнайды. Бір түйеге ұрылар мен Әлібекті кісендей мінгестіріп келе жатқанда:

— Саңырықтың сасық кеңірдектері, танып қой әкеңді! — деп Әлібекке төніп-төніп кетеді.

— Ей әке, осы стауайттың («арестовайт» дегені) құны не? Одан да соны айт маған, — дейді Әлібек, түйе үстінде теңселе келе жатып. — Сасық іштен шығып, сасық кеңірдектен өткен құсығымды талай жалағансың қайтейін, құстыр да жалай бер.

— Тілің кесілгірдің тілің тілін! — дегеннен басқа Айдарбек жауап таба алмады. Жиылған жұрттың бірсыпырасы ере жүрген. Қалмайды. Не керек екенін тағы айтпайды. Айналасы қырық-елу адам. Алда, бәрінен оқшау, алшаң кердің үстінде қаққан қазықтай тапжылмастан, енді ешқайда аялдамастан бұлаң құйрықтатып начальник барады. Жолшыбай, ауыл сайын біреулер қарсы алып, «жездеңбіз...», «апаңмын», «жиеншармыз», «тоқта, дәм тат» десе де біріне қайырылмады. Күн батты. Ымырт жабылды. Оттар жылтылдап, иттері абалап қалып жатыр ауылдар. Алтыбақан тербеуінен, қотандағы қой күзетінен ән шырқаған қыз-келіншектер де қалып жатыр. Сарыбала бүгінгі түндей тұнжыраған мылқау, тек өзімен өзі ғана болып келе жатыр еді, Айдарбек сыбыр ете түсті:

— Мынау Ырсымбет қажының ауылы. Оның баласы Шәймерденде керемет бір қыз бар. Шәймерден өзі шақыра келді. Айналайын, тыныстайықшы, жүрістен елер болдық... Қызды керсен, талып түсесін...

Сылтау, себептердің бір-де біріне қайрылмаса да, сұлу қызға қайырылмай кете алмады Сарыбала. AT басын Ырсымбет аулына бұрды. Шәймерден отауына түсірді. Тебесінен тік тұрып күтті. Қызы Айдарбектің аузының суырығандай емес, әлі әбден піспеген, жастау, жұқалаң, жібі түзу ғана екен. Жастығы ма, жасықтығы ма, әлде қажының жарлығы ма, әйтеуір қонақтар келісімен жоғалды. Мал сойылып, дастарқан жайылып қалған. Сарыбала аттанудың есебін таппай көңілсіз отыр. Бір кесе қымыз ішкен соң:

Кішкене көз шырымын алайыншы, — деді де жантая кетті. Жантайғанмен ұйқтай алған жоқ. Көзі жұмулы, көңілі ояу. Ұйқыдан, жүрістен, елінің қилы-қилы мінез, қылықтарынан қажыған жасты, енді елестер, ойлар әурелеп жатыр. Ол жантайысымен Айдарбекті біреу ымдап далаға алым шықты. Үй толы адам бірте-бірте сейілді. Төрде начальник, босағада матаулы Әлібек, Жөкен, Шағыр ғана қалды. Сыртта Айдарбек айналасында сөз қызу. Бірақ, дауыссыз Қызу. Сан сыбырдың ішінде қаншама алдау, арбау, жалмау барын кім білсін. Айдарбек бір кезде Шәймерденді ерте, үйге қарай жебелей жөнелді.

Құдай біледі, етінен ет кессең білмейді. Сілесі әбдән қатқан - деп келеді. Үйге кірісімен «дәл айтқанымдай» деп жымың ете түсті. Шәймерден кілт ұстатты қолына. Кілтпен дереу кісендерді ашты да, «жыт!» дегендей ымдады. Ұрылар не Қыларын білмей, біріне бірі қарайды. Әлібек міз бақпайды. Сарыбала атып тұрды орнынан.

Көтер қолыңды!

Айдарбек қолын көтеріп қалш-қалш етеді. Тістері сақылдап тұр.

— Пасық, қорқақ! Қорқарың бар отқа неге қол сұқтың? I

— Айналайын, кешір! Құлың болайын, кешір! Аяқтарын темір қысқан соңын, аяп едім...

— Шыныңды айт! Бірдеме жалап едім, де!

— Иә, нә, жалап едім...

— Енді құсамын, де!

Құсайын, құсайын! Кісенді аяқтарына қайта салайын.

— Жоқ, мен енді салдырмаймын. Әттең, жиренішті, жалғыз сен болсаң, атып-ақ тастар едім. Амал не, көпсіңдер! Ал, жанық ашыса үшеуін де саған кепілге бердім. Таңертең табыс ет. Етпесең кісенді сенің аяғыңа емес, мойныңа салам.

— Ойбай, алмаймын кепілге, алмаймын!

— Алмасаң осы үшеуіне қосақтаймын.

Айдарбек ақыры қағазға қол қойып, кепілге алды. Сарыбала содан кейін тиыш үйықтарды. Әлібек пен ұрылар бос, кісен салуға начальник лұқсат етпеген. Бірақ, дәретке шығуға да дәрмендері жоқ. Айдарбек жібермейді. Қолында үлкен лөкет пышақ.

— Тырп еткеніңді жарамын! — деп есікті арқасымен баса жүресінен отыр. Ол солай таң атып, күн көтерілгенше, начальник ұйқысы қанып оянғанша кірпік қақпастан отырды.

— Бұл қалай? — деді Сарыбала басын көтеріп алып, — тұтқындаса босатасың. Босатса тұтқындайсың.

— Қарағым, құр сүлдерім қалды. Құлай кеткелі тұрмын. Кісендеуші мыналарды. Босатшы мені, — деді де Айдарбек кемсең-кемсең жылады. Семіз, абажадай денесі с.у тиген тондай болжырап кетіпті. Ұйқысыз ұзақ жүріске бүгінгі аққұла күзет қосылып, құр сүлдері қалғаны рас. Оның үстіне қойын-қонышымды олжаға сықап, атымды әйгілеп қайтармын деген дәмесі есек дәме болып шықты. Әзір іштеме оралған жоқ. Кайта бұрынғы болмашы абыройынан

айрылды. Әлібектің жоғалтқаны одан да көп. Ол енді сарнай бастады:

— Құдай мені шатастырды. Шатастырғанда жаман шатастырды. Елге шыққан өкілдерді қабаған итке теңейтінмін.

Ырстабайтын айтып, ақыра талайлар келген. к.іншек. Қуанғаны сонша,. қан ойнады бетінде. Қасірет белгісі көк таңба сонда да бетте бадырайып тұр. Үйіне кіріп жайласқан соң «бұл не таңба?» деп Сарыбала сұрауға сан оқталса да батпады. Келіншек өздігінен айтпады. Үлкен үйге болыстар келіп түсіпті. Болыс, начальник келген соң мал сойылып, жұрт жиналып жатыр. Біреуге ет, біреуге сөз керек. Енді біреулер мұңын шақпақ. Сарыбала өзіне арыз айтушыларды болысқа сілтеді. Оңашасын тауып, келіншекпен ғана әңгімелесіп отыр.

— Күйеуіңіз қайда? — деп бастады әңгімені. Ожар күйеу бұдан екі-үш жыл бұрын бір көрінгенде-ақ ұмытпастай мінез көрсеткен.

— Сұрау салып кетті. Осы үйдің бір жылқысы жоғалған, — дей салды Әсия. Жауабы тым солғын.

— Ұзатыларда сіздің елмен қоштасып жүріп айтқан жырыңыздың бәрі есімде. Зарлай-зарлай сіз ауылдан ұзап бара жатқанда, әкеңіз үйде бүйірін таяна еңкілдеген. Еңкілдей отырып «шыда, қарағым, шыда! Әлі-ақ үйреніп кетерсің шешең де үйренген» деп еді. Үйрендіңіз бе?

— Дозаққа үйрене ме кісі?! Менің күнім дозақпен тең, бетіме ат тепкен жоқ, күйеуім тепті. Әке-шешем қайтыс. болған. Олардың бақ, дәулеті өздерінен бұрын қайтқан. Теркін жұрттан жоқтаушы болмады. Жар тепкісіне шыдай-шыдай, жасыра-жасыра жарылып отырмын. Жалғыз мұңдасым — ой серігім боз інген. Ол жануар ботасы үшін боздайды да, мені қозғайды. Мен оған оңаша үйде ыңырсып үн қосам...

— Япырау, сонда сізге қояр кінәсі не?!

— Әкемнің көңілін қия алмай амалсыздан келгемін. Соның кегін алып жүр. Оның үстіне әлі бала көтергем жоқ. Баласыз қатын байтал, деп балағаттайды. Ұрады...

Әсия төмен қарап, төге берді қайғысын. Қара көзіне толған жас ақша бетке жол салып, қара жерге тама берді. Сарыбалаға бір Әсия екеу болып көрінді. Келіншек болып түскен күні аузынан сақина берерде желегін кетере ол бір қараған. Сарыбала сонда бұлт арасынан жарқ еткен айға теңеді оны. Кәзіргі Әсияны, майы таусылып өшіп бара жатқан білте шамға теңеп отыр. «Осындай ақыл, көрік, мінез де осы заманда қор болады екен-ау!» — дейді таңданып. Бұл ойын ішке ұзақ сақтай алмай:

— Көз жасын көл қылғанша талпынбайсыз ба? — деп еді.

— Қорқам, — деді Әсия. — Сот келіп айырғанша қашан! Жазым етеді. Тірі жібермейді.

— Онда, соны айтып арыз беріңіз маған. Қолма-Қол босатайын. Тілеген жеріңізге жеткізіп салайын. Өзгесін сот шешер.

— Өңім бе, түсім бе бұл?! «Міне сұлу таң, атты. Әне шашырап күн келеді» деген едіңіз қоштасып тұрып. Сол күн өзің болдың-ау! — деді де даусын шығара жылап жіберді Әсия. «Қорыққан мен қуанған бірдей». Бұл жолы көзінен домалаған жас емес, моншақ. Жылағаны — күлгені. Жайнап кетті өңі. Дереу Бітімбайға арыз жаздырды.

Сусын ішіп қана аттанбақ болған начальник кешке дейін бөгелді. Үлкен үйдегі аға жолдасқа — болысқа барып сәлемдеспестен, отауда тұтқын әйелді босатып жатқанда, болыстың, өзі кіріп келді. Көзі қысықтау, кен, маңдайлы, сыпайы, жібек мінез жігіт күлімсірей амандасты. Сарыбала мен әдетінше әзілдесіп жатыр.

Пристав Соколовтың аты аталғанда, талай қазақтың құдай сақтай гөр» дегенін естіп едім. Совет Соколовы сен туралы да естідім.

Патша Соколовын сонда да өз адамдары жақсы көрген. Совет Соколовын өз адамдары жанры көрсе, жаттың былшылына қылышым қисаймас. Жаттан естідің бе, өзімізден естідің бе?

— Өзімізге де күдіктенемісің?

— Өзіміздікі дегенің, кейде өзгенікі.

— Сақсын-ау, Сарыбала, сақсын-ау! Саған қақпан құрып жүргендерде ес жоқ.

— Жасың үлкен. Атыңды баттитып атауға именем. Жұмсартып айтайын, — дей бергенде, Сарыбаланың аузын болыс баса қойды. Болыстың аты Аманбай. Жұмсартса күлкі болып шығады. Екеуі енді шын сөйлесуге ауыл сыртына оңаша кетті.

Аманбай бұл елмен бұрыннан әріптес, бай, кедейіне бірдей кірімді. Ысылған егде жігіт. Әсияның кетуге бел байлағанын ауыл естіп, ақсақал, қарасақалы соған барыпты.

— Мен осы елге келіп жүргенде Әсия бір ауыз сөз айтқан емес, — дейді Аманбай. — Сен өзің бұзған жоқ пысың?

— Бұзып қайтем? Сүйген қызым бар.

— Онда лезде қалай бұзылды?!

— Лезде емес, алдақашан айныған... Совет бостандығын білсе де бөгеттерден өте алмаған. Мен тек сол бөгетті бұзуға көмектестім.

— Ендеше саған еш қайсысы бата алмай, үйреніскен маған келді бәрі. Бір жолға қалдырт, сот айырсын, дейді. Екеуімізге екі бие, екі кесек киіз дайындаған түрі бар.

— Берсін. Парасын алайық та, ездерін жабайық.

— Ушықтырма. Онсыз да саған азуын басқандар аз емес. Енді бөгелмей кет. Түскеніңді білді, ашынған біреуі жазым етер. НЭП біраз еліртті байларды.

— Елірсе басу керек.

— Ерік қолдарыңа еркін тисе сен қайтер едің, байлар қайтер еді. Екеуіңді де үкімет біл тежеген.

— Сеніңше — мен солақай ғой. Меніңше — сен оңқай. Дұрысын келешек көрсетер.

— Я, бұл дауды қоя тұрайық. Бір қыңрайсаң болмайтының белгілі, — деді де Аманбай ауылға беттеді. — Мен де жуырда басқа жаққа ауысармын. Бүгін біздікінде бол.

Ұрыларың жолдастарың бара берсін. Оңаша армансыз былшылдасайық.

Бұлар қайта оралғанда күн кешкірген. Малды ауылдың бір түлігі ерістен қайтып, бір түлігі өріске беттеп у-шу болып жатыр. Ауыл сыртында төмен қарап түнерген ақсақал, қарасақалдар тобының да іші азан-қазан, тек сырты тыныш. Бір рудың бай-мырзасынан, қара шаңырағынан алпыс жеті төлеген келін кету — әруақ, құдайды, бүкіл руды жерге қаратып кету де. «Шыдаман, шыдаман!» — деп жарылғалы отырғандар көп. Бірақ, жарылған бірі жоқ. Бір кезде оязды повескесінен суырып алып сабайтын кәрі қасқыр, ожарлар совет начальнигіне беттей алмады. Начальник жас та болса жуандардың шайлыққан жүрегін жақсы білетін. Тіпті батыл. Аманбай ақсақалдар тобына бұрылғанда, ол мойын бұрмастан отауға келіп, отаудың бар мүлкін қаттады. Әсия киіне бастады. Екі-үш жылдай дәмдес болған аулына «қош» деместен, боз інген мен ақ ботаны бір-бір аймалады да, начальникке қосыла аттанды.

Түн. Аспанда алақандай бұлт жоқ. Он төртінен туған айдың нұрымен көк аспан, қара жер ағарып көрінеді. Әсияның қапас көңілі ай нұрына бөленген осы әлемнен де қазір жарығырақ. Желе шоқытып келе жатқанда таусылмаған осынау кең жазықтан да кеңірек. Азат еткен начальнигіне жанын пида етуге дайын. Жақсылығын қалай өтермін, немен өтермін? дейді. Начальник оны сезбегендей Аманбаймен болып келеді. Екеуінің әңгімесі бітер емес. Бірін-бірі «оңқай», «солақай» деп кінәлайды. Әсия оларына түсінбейді. Басқа серіктері ауылдан шыға бөлініп, аудан орталығына тура тартқан. Мынау үшеуі түн ортасы ауа Аманбайдікіне жетті. Келе жатып қалды. Тұянадай үш Қанат отаудың төрінде Әсия мен Сарыбала, бір бүйірде келіншегімен Аманбай. Төртеуінен өзге жан жоқ. Аманбай басы жастыққа тие қорылдады. Сарыбала ұйықтай алмай қойған соң, ақыры қол салды Әсияға.

«Тарт қолыңды! — деп ақырып жіберді біреу. Оның аржағында әлде кім күбірлеп тұр:

«Қой ақырма. Несі сөлекет?! Қыз-бозбала ойнап-күлмейтін бе еді! Әсияның өзі де ұйықтай алмай соны күтіп жатыр».

Сарыбала соңғы сөзді арқаланып, қолын енді еркін соза бергенде тағы ақырды жаңағы үн:

«Ұятсыз! Жақсылық істесең саптай істе! Ол саған тәні түгіл жанын береді. Алдама, қорлама кінәсыз жанды. Алдануы, қорлануы жеткен. Сүйсең, шын сүй, біржола сүй!»

Бұдан кейін Сарыбала су сепкендей басылды. Әсияны біржола сүйе алмады. Өйткені сүйгені бар. Алдауға тағы бара алмады. Әсия оның, алас ұрғанын, екі рет келуге оқталғанын біліп жатты. Бірақ, жаңағы екеудің сөзін естіген жоқ. Олар Сарыбаланың нәпсісі мен ары еді айтысқан.

Түн ұйқысыз өтсе де қонақтар ерте тұрды. Күләнда бәрінен бұрын тұрып, кеше беретін қонақ асын бүгін ерте дайындады. «Қалай ұйықтадыңдар» деп жымың-жымың етеді. Қонақтары оған күмілжи бірдеме деген болады. Шылбыр ұшын беруге не төбесін көрсетуге жарамаған Әсияның төркін жұртынан екі-үш адам келе қалды. Олар енді бауырмал, намысқой сияқты. Қорлаушы байға сыртынан кіжінеді. Әсия соларға еріп еліне беттеді. Сарыбала жалғыз кетті. Аудан орталығы шалқар көш жер. Суыр жүріп, шаңқай түсте кеңсесіне ат басын бір-ақ тіреді. Айдарбектен езге жолдастары ұрыларды алып түнде жеткен. Жаңа начальник Ғазиз де келіп үлгірген. Оған істі тапсырмай тұрып, өзі ұстаған қашқындарды өз қолымен Ақмолаға жөнелтті де, Сарыбала ояздық милиция бастығы Шабдан Ералинге хат жазды.

«... Бас-аяғы бір жарым ай қызмет атқардым. Атқарғанымнан арқалағаным кеп еді. Рахмет, Шабдан аға, құтқардың. Енді мені әурелеме. Ереймен еліне бармаймын. Ондағы жуандық, озбырлық, надандықтар біздегіден осал емес. Адал ниеттен, ақ істеп тапқан жауым жеткілікті. Мейлі, домалақ, собалақ шағымдар шаға берсін. Мықтаса сыртымды жаралар. Жазылар. Ішіме олардың, салдама тісі түгілі, үшкір оғы өтпейді. Түптеп келгенде, сырты сұлуды іші сұлу, сырты берікті іші берік жеңбей ме? Менің бұған сенімім таудай. Айтайын дегенім ол емес, әншейін реті келген соң айтып отырмын. Мені қазір екі арман билеп алды: Тез үйленсем, үйлене сала Қазақстан астанасына оқуға кетсем, деймін. Басқаға алаңдауға еркім жоқ...»

Хатты жазып, ұрыларды жөнелтіп, жаңа бастыққа істі тапсырған соң аулына қайтты Сарыбала. Жападан-жалғыз, тып-тыныш кен, далада келеді. Ойында сонда да тиыштық жоқ. Қағылез, жас өспірім, өткір қыз онша сұлу болмаса да сұлу-ақ. Алғыр сөзімен, сүйкімді мінезімен есінен әсте кетпейді. Біресе астана елестейді...

Бірінші кітаптың соңы.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз