Өлең, жыр, ақындар

Жарыс

(Көркем өнерпаздар үйірмесіне арналған 2 актылы, 4 картиналы пьеса)

ҚАТЫНАСУШЫЛАР:

Нұрлан — колхоз председателі, орденді стахановшы, 25 жаста.
Адамбек — Нұрланның әкесі, колхозшы, 61 жаста.
Ақтамақ — Адамбектің әйелі. 55 жаста.
Қойшыбай — звеновой, Нұрланның құрдасы 25 жаста.
Мажыра — колхоз председателі 19 жаста.
Қаламқас — сұлу қыз. 19 жаста
Қали және басқа көпшілік.

БIРIНШІ АКТ

1-КАРТИНА

Орақ уақыты. Егіншілердің мәдениетті қосы. Іргені жағалата қойған кроваттар, ортада үстін қызыл шүберекпен жапқан ұзыннан-ұзақ стол. Стол үсті кітап, газет, шахмат, дойбы. Түскі демалыста колхозшылардың бірі ойнап, бірі оқып отырған. Қойшыбай гармонын ала сала басып-басып жібергенде, даусы қоса шығады. «Көгершін» әнін айтып отыр. Тұс-тұсынан көтермелеген дауыстар...

Мажыра (кіріп келіп). Е, бұл ненің қуанышы?

Нұрлан. Жоғары шық, Мажыра. Бұл сенен озудың жорасы.

Мажыра. «Әлі жетпеген ә құдайшыл» деуші еді, сендер жорашыл ма едіңдер?

Нұрлан. Олай десең безбенге түсе қояйық, ал, қанша орындады колхозың?

Мажыра. Оны кезінде көреміз, қазіргі есепті несіне малданамыз.

Қойшыбай. Қазірден божыраса, соқыра ол шіркін қайда барушы еді.

Мажыра (Нұрланға). Саған бір ісім түсіп келдім. Тар пейілді пенде болсаң, өз шыққан төбеңнің биік болуын көздерсің, кең пейілді ер болсаң, «нар жолында жүк қалмауын» көздерсің...

Нұрлан (сөзді бөліп). «От ала келген әйелдің отыз ауыз сөзі бар» деген осы. Басалқанды қойып, айтатыныңды тура айтшы.

Мажыра. Көлігім кеміп қалды. Қарайлассаң қайтеді?

Нұрлан (күліп). Атыңның басын тежей тұр, қарақшыға мен бұрын барайын дегенің бе бұл. Осындай қолқа бола ма екен!

Адамбек. Жұмыстың дер кезі ғой, көлік артыла ма, шырағым.

Қойшыбай. Я, тағы қандай қажетіңіз бар? Тарығып келген көрінесіз. (Күлкі.)

Мажыра. Алда келе жатқан колхозсың, мүмкін бұл жарыста да озарсың. Бірақ, мақтанбаңдар. Екі колхоздың қайсысы өзек бойындағы егінді бұрын орып, жинап алса, сонысы озғалы тұр. Сендердің күштерің артық, күш тең болып озсаңдар мақтануға болар еді.

Қойшыбай. Соны, жарысқа түспей тұрып ойлау ғой!

Мажыра. Сен-ақ алып ұша бересің осы! Сендер де сұрайтынсыңдар, алатынсыңдар бізден. Енді немене, аттың терін қимай отырғандарың!

Нұрлан. Көлігің кем болса, арбаң артық қой, қишы кәне. Үш-төрт күннен кейін атымызды қосып берелік саған.

Мажыра. Мен сасқандықтан сұрап едім, сен асқандықтан сұрадың ба? Бердім, алып кет, жүр. (Шығып кетеді.)

Адамбек. Әп-бәрекелді, жақсы болды, балам! Сөзін жұтқызбай алып келе қояйын. Кім біледі, айнып қала ма, әлде. (Қамдана бастайды.)

Нұрлан. Қоя тұрыңыз.

Адамбек. Не шегіншектейтіні бар оның?

Ақтамақ. Қоя салсаңшы енді желпілдемей.

Адамбек. Сен қатын жайыңа отыр, ей.

Қойшыбай. Мынау айтқанша ішіміз жарылып кетер ме екен.

Адамбек. Кәне, уақыт босқа өтпесін.

Нұрлан. Көлік апарып беріңіз, егінін тасып алсын.

Адамбек. Не дейді! Не деп отыр? (Бәрі Нұрланға қарасады.)

Қойшыбай. Дені дұрыс па, өзіңнің? Әлде қыз күле сөйлеген соң балқып кеттің бе?!

Нұрлан. Ұялмай арбасын қалай аламыз, онсыз да көлік күшіміз артық екен, сөйтіп озған озыс бола ма!

Адамбек. Балам, «алыссаң атаңды жық, аясаң қоя бер» деген. Жайшылықта болса бір жөн, дәл мынадай еһелесіп тұрғанда дем беріп болмас.

Ақтамақ. Е-ей, бишара-ай, бишара-ай, осы желөкпе мінезің қашан қалар екен сенің! Не бопты еһелесіп?! Біреуге біреу шылбыр ұшын бермейтін бе еді мұндайда. Ал, сол оза-ақ қойсын, күндеймісің, жауың ба еді ол бір!

Адамбек. Жайыңа отыр деймін мен саған. Бұл социалистік жарыс екенін білемісің?!

Нұрлан. (күліп). Әке, социалистік жарыстың түпкі мақсаты — кейінгілерді алдағыға жеткізу, болады.

Қойшыбай. Ол, атыңның басын теже деген сөз емес, жолдас.

Нұрлан. Қарайласпа, көмектеспе деген де сөз емес.

Адамбек. Ендеше арбасын да алмадық, көлік те бермедік! Алмастырып жегуге қойған аттар емес пе, шырағым...

Ақтамақ. Ал, кетті енді бұл, тоқтатып алыңдаршы, кәне. (Күлісі.)

Адамбек. Ей, (құлақшынын жіберіп қалып.) Әлде маған! (Ду күлкі.)

Қойшыбай. Адеке, аямайсыз-ау, тіпті.

Адамбек. Күйіп кеттім.

Нұрлан. Берсек те, қойсақ та уборканың аяқ алысына қарай көрерміз ендеше. Жұмысқа шығалық.

Мажыра (қайта айналып келіп). Нұрлан! Не ала алмадың, не бере алмадың ғой. Тұра тұр, көрермін озғаныңды.

Нұрлан. Көрерміз. (Мажыра шығып кетеді. Нұрлан ойда.)

Адамбек (противогазды қолына алып тұрып). Мынаны тағы да киеміз бе, балам?

Нұрлан. Я, киеміз.

Адамбек. Мұныңды бірдеме қылармыз-ау. Нысанаң қиын боп тұр, көз бұлдырай береді. (Ақтамақтан өзгесі противогаз киеді.) Е, кемпір, маған бір қарашы енді!

Ақтамақ. Ой бәрекелді, сыныңа келіп тұрсың.

Адамбек. Ендеше, сен де ки.

Ақтамақ. Аулақ, аулақ, тұншығамын.

Адамбек. Улаған қалай, тұншыққан қалай. (Бас салып еріксіз кигізеді. Күлкі.)

Нұрлан. Тоқтаңдаршы, не деп кетті жаңағы қыз? (Бәрі аңырады.) Астық тапсыру срогін тағы да бес күнге қысқарту керек! Біздің жауап осы болсын оған. Ал, жүріңдер!..

Ақтамақ (жалғыз өзі). Жоқ, шыдауға болатын тәрізді. Ac үйге барып, кешкі асты қамдай берейін. (Шығып кетеді. Тым-тырыс. Қолында чемоданы бар Қаламқас келеді.)

Қаламқас.Бәрі қырман басында ғой. (Жайласып отырады. Редикулін ашып жақсылап боянады. Нұрланның суреті басылған стол үстіндегі газетке қарап отырып.) Стахановец, орденоносец, колхоз председатель.. сүйген қызы бар ма әлде?

Ақтамақ (кіре беpiп противогазды шешеді). Жақсымысың балам. Мына біреуді Нұрланжан кеше ауданнан әкелген еді, жұрттың бәрі киген соң мен де кие салып ем, ішімді пыстырғаны.

Қаламқас. «Нұрланжан» дегеніңіз, осындағы орденді жігіт пе?

Ақтамақ. Я, шырағым, жалғыз бала еді, әзір әйтеуір...

Қаламқас. Ә-ә, сіздің балаңыз ба? Бақытты екенсіз шеше.

Ақтамақ. Құдайға шүкір. Ал, өзің қай баласың енді!

Қаламқас. Облыста істеуші едім, елге келе жатырмын.

Ақтамақ. Жақсы, жақсы. Үлгі көрген бала екенсің, шаршаған шығарсың, тынығып ал, балам. Мен тамақ қамдайын. (Орнынан тұрады.)

Қаламқас.Балаңыз қырман басында ма?

Ақтамақ. Ол бір жерде тұрақтамайды, біресе онда, біресе мұнда, зыр қағып жүргені.

Қаламқас.Сағат нешеде қайтады?

Ақтамақ. Намаздігер кезінде, кейде ақшам жамырай келеді.

Қаламқас. Ол қай мезгіл, неше сағат болғаны?

Ақтамақ. Сағатты мен білем бе, шырағым. (Шығып кетеді.)

Қаламқас (Нұрланның суретіне тағы да қарап). бір мың бір жүз елу еңбеккүн тапқан, бір мың үш жүз пұт астық, сегіз мың сом ақша алған. Жоғарылатып председатель қойыпты. Профессорлар да осындай-ақ табар. Сүйкімді жігіт өзі! Әттең, оқуы аз. Бірақ, жүрек қабысса ол қайтеді?.. (Кенет өзгеріп.) Қарап отырғанша барып танысып, Жұмаштың хатын берейін де. (Чемоданынан жаңа киімдер алып, кигелі шешініп жатқанда, басында противогаз, үстінде комсомол костюм, аяғында етік, еркекше киінген — Мажыра кіріп келеді.)

Қаламқас (Нұрлан екен деп). Ағай кішкене... (Киініп болып.) Рұқсат Нұрлан ағай, келе беріңіз.

Мажыра. Сәлеметсіз бе?

Қаламқас (қол ұстасып). Қаламқас Нұртаева.

Мажыра. Жолыңыз болсын.

Қаламқас.Жол болмақ сізден болсын дейміз. (Қалтасынан алып хат береді.) Мына хатты Жұмаш жолдасыңыз беріп еді.

Мажыра (оқып шығып). Дұрыс. (Хатты қайтып береді.)

Қаламқас. Кеттіңіз бе, қашан қайтасыз?

Мажыра. Оны жұмыс біледі. (Шығып кетеді.)

Қаламқас (күлімдеп, есіктен қарап тұрып). Асығыс қой өзі, шауып барады. Сүйкімді жігіт. Жарысқан қызы қандай екен мұның? Хатты қайтарып бергені несі? (Күлімсіреп.) Жүрегім ойнақшып барады, далаға шығайыншы. (Шығып кетеді. Аздан соң Қойшыбай кіреді де, далада жүрген Қаламқасқа сығалап қарап тұрады.)

Қойшыбай (противогазды сыпырып тастап). Жата тұршы былай. Жаным-ау, періште ме, пері ме мынау! Көктен түсті ме, жерден шықты ма, қайдан пайда бола қалды? Көгалда жайылған дуадақша жайқаңдауын қарашы. О шіркін, қыздан жақсы не бар екен бұл жалғанда! Бірақ, жаман қатындардың бәрі сол қыздардан шығады-ау! Қой, қайткенмен мынау қыздың төресі. Шөп теріп жүр өзі, қап, одан да масақ терсейші. Сырттан елтігенше қасына барайыншы. (Киімін жөндеп, сәнденіп). Қап, жұмыс киімімен барамын-ау! (Ақтамақ кіреді.)

Ақтамақ. Антұрған неғып тұрсың баспалап?

Қойшыбай. Сусын беріңізші. Мына жүрген керімің кім?

Ақтамақ. Жоғары жақта істейді екен, елде тұруға келген бе, қалай?

Қойшыбай. Осында тұруға ма? Біржолата ма?

Ақтамақ. Қайдам. Өзі әйтеуір, осы колхозға әдейі соққан сияқты. Нұрланжанмен таныс-ау деймін, келісімен сұрап жатыр. Сүйек басы таза, кісіге кірімді бала көрінеді.

Қойшыбай. Онда біржолата алып қалсақ қайтеді өзін?

Ақтамақ. Е, қала қоятынын қайдан білдің?

Қойшыбай. Неде болса Нұрланға айналдырып көрем. Бірақ, трудодень таба қоймас, оған көнесіз осы бастан.

Ақтамақ (сусын беріп). Трудоденьді айтады ғой антұрған. Екі жастың жарасуын айтсаңшы.

Қойшыбай. Ендеше қарап тұр, мен қалай жарастырар екем.

Ақтамақ. Қой, ұяттағы, бір келген қонаққа недемексің?

Дауыс (сырттан). Қойшыбай, әй Қойшыбай! Тұрамыз ба осылай!

Қойшыбай. Аузым босамай жатыр.

Дауыс. Аузыңа тас тығылсын! Шешей, қушы ананы!

Қойшыбай (есіктен сығалап). Бері келіңізші. (Ақтамақ келеді.) Перінің қызы ма, хордың қызы ма! Қайтсек те жібермеу керек. Мен бір қайыруын қайырып-ақ беремін, бірақ балаң салғырт, іле түссе ғой сонда! (Шығып кетеді.)

Ақтамақ (көз алмай қарап тұрып). Жаман бала емес. Қалалы жерде өскен ғой, шартаға тік бақайлау болар. Бірақ, үйреніп кетер еді... Нұрланжанның келіншегін көзімнің тірісінде, қуатым барында көрсем, не арманым бар енді...

Шымылдық.

БІРІНШІ АКТ

ІІ-КАРТИНА

Шымылдық жабылады да қайта ашылады. Сахнада өзгеріс жоқ. Адамбек келеді жұмыстан. Күн кешкірген.

Адамбек (шешініп жайласып). Тек абырой берсін. Аяқ алысы бұзық екен бұл қыздың.

Ақтамақ (сөйлеп кіреді). Шалым-ау, келіп қалдың ба?

Адамбек. Екі норма орындадым бүгін.

Ақтамақ. Күшің тасыған екен. Бұрын қайда жүрген бұл өнерің?

Адамбек. Бұрын да егескен жерде еңкейген емеспін-ді. Не тантисың. Бүгін күш сала қимылдауға тура келді. Мынау Жамантайдың қызының аяқ тастасы тым-ақ ширақ көрінеді, біздің баланы мерт қыла ма деп қорқамын.

Ақтамақ. Е?

Адамбек. Олар да жүз арба төкті, біздің жігіттер де жүз арба төкті бүгін. Қырман басынан бақыладым да жүрдім. Көк бестімен зырқыратып анау звеноға да, мынау звеноға да барады. Бәріне жөн сілтеп жүр. О, тоба, жап-жас бала! Ұрғашыда мұндай пысықты көрген емен!

Ақтамақ. Болсын, бишара, күндеймісің.

Адамбек. Неғылайын күндеп... Әншейін, Нұрланжанмен белдесіп тұрған соң, баланың абыройын ойлаймын да. Бұл, Қазақстанның XX жылдығы атындағы ұлы жарыс екенін білемісің?! Балаңның абыройында шамала!.. Біздің Қараборбай-Қараборбай болғалы қатарға қосылған екі-ақ адам бар. Бірі — баяғы Көкшағыр батыр. Екіншісі — біздің Нұрланжан. Міне, әріден ойлау керек осылай.

Ақтамақ. Мажыра да сол Қараборбайдың бір ұрпағы емес пе? «Қойыннан төгілсе қонышқа» деген қайда?

Адамбек. Жаным-ау, мен күндеп отырғаным жоқ. Асса колхоздың, қалды Нұрланның бетіне шіркеу келе ме деп шыжалақтаймын.

Ақтамақ. Here шіркеу келсін. Айтпақшы, бір қонақ келіп жатыр бізге.

Адамбек. Жолықтым. Тәуір бала екен өзі.

Ақтамақ (жақын келіп отырып). Қойшыбай Нұрланжанмен екеуінің арасына жүремін деп кетті. Жасымыз болса бірсыпыраға келді, біздей кемпір-шал немере сүйіп, қызық көріп отыр. Жалғыз баланың қуанышын көзіміз тірісінде көрсек, одан артық не тілек бар, бізде енді. Сәті келсе Нұрланжанды аяқтандырсақ қайтеді?

Адамбек (ойланып). Қалада өскен адам көрінеді. Кім біледі не айтарын, Нұрланжан қалай көрер екен?

Ақтамақ. Қыз «кет әрі» емес, сірә. Нұрланжанды сұрай береді.

Адамбек. Oh, онда тегін болмады.

Ақтамақ. Нұрланжан қанша қыз таңдағанымен осыдан артық кімді алады. Біз болып, құрбылары болып айтсақ, ақылға көнер.

Адамбек. Егер қыз көнсе, былшылдамай ал деу керек. (Сырттан тықыр естіледі. Екеуінің әңгімесі бөлінеді. Нұрлан мен Қаламқас кіреді. Оңаша әңгімелессін дегендей, Ақтамақ Адамбекті ымдап алып шығып кетеді.)

Нұрлан (хатқа қарап отырып.) Я, демалысқа келдім деңіз, сөйтіп. Қандай қызмет атқарушы едіңіз?

Қаламқас. Секретарь болып істеуші едім.

Нұрлан (ойланып). Шын айтамын, барарсыз нағашыларыңызға, не бар асығатын. Қазір жұмыстың қызу кезі, көлік те, адам да бос емес. Осында біраз жатып тынығыңыз, колхоз өмірін, колхоз жігіттерін қалаға айта баруыңызға жақсы болады. (Қалжыңдап.) Еңбеккүн тауып қойсаңыз тым жақсы, олжалы қайтасыз.

Қаламқас. Қызмет іздеп жүргенім жоқ. Көптен көрмеген соң нағашыларымды көріп қайтуға шыға қалып едім.

Нұрлан. Ол тілегіңіз де орындалады. Егін бір ыңғайланған соң жеткізіп тастайық.

Қаламқас. Апарып салсаңыз, біраз күн болсам, болайын. Бірақ, бір звеноға қоспасаңыз екі қолым алдыма симас.

Нұрлан (күлімдеп). Дұрыс. Қазір мен бригада, звеньевойларға наряд берем. Қалаған звеноңыз сіздікі.

Қаламқас. Қалағанымды бердіңіз бе, тіпті.

Нұрлан. Қонақсыз ғой.

Қаламқас (өзіне). Қандай сүйкімді өзі.

Нұрлан. Сіз тамаққа барыңыз. Мен нарядтан кейін барайын. (Шығып кетеді. Нұрлан хатты үзіп-үзіп оқиды.) «Нұрлан, есіңде шығар, анада облысқа келгеніңде бір қызды ұнатып кетіп едің ғой... Дәл соның өзі. Істес болмаса да саған сырттан қанық, сонда бұл кісінің де көз қыры түссе керек саған. Әйтеуір қолыңа бір тигіздім, ендігісін өзің білесің...» (Звеньевойлар келіп отырады. Олардың соңын ала Қаламқас келеді.)

Нұрлан. Жігіттер, егінді мен тағы да бір аралап шықтым. «Егін әлі көк» деген сылтауды қою керек. Көпшілігі пісіпті, ойдым-ойдым көкшілдері бар, оған қарасақ піскендері түсіп қалады. Қарамаймыз, ертеңнен бастап комбайнды салу керек.

Комбайнер. Қайдан бастаймыз?

Нұрлан. Қыраттағы жалпақтан баста. Мемлекетке астық тапсыру планын тез орындау үшін, барлық егін жинау жұмысын бітіріп, социалистік жарыста алға шығу үшін — ең алдымен өзек бойындағы егінді орып, жинап алу керек. Қойшыбайдың тасу қарқыны да жақсы. Бірақ, Мажыраның қарқыны одан артығырақ көрінеді.

Қойшыбай. Неменесі артық! Олар да жүз арба, мен де жүз арба тасыдым. Мажыра десе бүйрегің бұрып тұра ма осы сенің!

Нұрлан. Есіңде болсын, сенің көлік күшің екі есе артық одан.

Қойшыбай. Онда менің жұмысым жоқ. Тасылған егін есеп.

Қаламқас.Онысы рас.

Нұрлан. Ал, Жексенбі, ертең таңертеңнен бастап молотилканы ходқа жібер. (Адамбекке.) Сайып келгенде жұмыстың түйіні сізде, әке. Орылған, тасылған, басылған астықты қырман басында кептіріп, тазартып, маржандай қызыл дәнді элеваторға жөнелтіп тұру үшін, қырман басындағы жұмыс тап-тұйнақтай болу керек.

Адамбек. Балам, ол жағын қоя бер маған.

Нұрлан. Ертең түстен кейін, жаңа астық тиеген қызыл керуен элеваторға қарай ағылады деңізші.

Адамбек. Тәуекел. Мажырадан бұрын жөнелтем.

Нұрлан (Қаламқасқа). Қырман басында боласыз ба?

Адамбек. Жоқ, балам, ол ауырлау болар. Масақшыларға қос, әйтпесе, кемпірдің қасында болар.

Нұрлан. Жігіттер, көп отырмай тарайық енді. Социалистік жарыстың нысанасы — әрбір дән үшін, әрбір минут үшін күресу болсын. Әрбір звено осыны жақсы ұғынсын. Сонда жүлде біздікі болады. Шешей, бір масақ қалдыра көрмеңіздер.

Бір Әйел. Неге қалдырайық, шырағым. Ана бала бізге қосыла ма, сөйтіп?

Қаламқас.Сіздің звеноның жұмысы қалай еді өзі?

Әйел. Масақ тереміз, қарағым.

Қаламқас.Масақ дегеніңіз қандай егін? (Күлкі.)

Әйел. Машинадан қалған бірен-саран бастарды жинап-теріп аламыз.

Қаламқас. Оңай екен ғой.

Мажыра (противогазсыз кіріп келіп). Тегіс амансыздар ма? Кәне, бүгінгі күннің мәліметін алысайық. (Нұрланға өз сводкасын ұсынады.)

Нұрлан. Таныс, мына кісі жаңа келген жаңа күш, бізге.

Мажыра. Ә, солай ма? Сәлематсыз бе. Бізге де бір жігіттер келді ауданнан. — Мынау! (Бас бармағын көрсетеді.)

Нұрлан (күліп). Сіздің жігіттердің ши бұт екенін білген ғой аудан.

Мажыра. Онда сіздерге қыз керек екенін де біліп жіберген бе?

Қаламқас. Жоқ, мен өзім сұранып келдім.

Мажыра. Ә, солай ма еді? Кәне, сводкаңды бер, кетем, уақыт аз.

Нұрлан. (беріп жатып). Көлік бермегенге өкпелеп қалған жоқпысың? Енді беруге болады.

Мажыра (қалжыңдап). Ендігіңе рахмет. Бермегенің тіпті жақсы болды, атыңнан ақылым артық екен. (Шығып кетеді.)

Нұрлан (сводкаға қарап). Ылғи тең түсіп отырған. Баса қимылдау керек, жігіттер! Ал, барып тынығыңдар.

Бәрі (орындарынан тұрып). Жұмылайық! Мына қыз мерт қылмасын. Күннің ашығында қимылдап қалу керек. Айдың жарығымен де істеу керек. (Тарайды. Нұрлан мен Қаламқас қана қалады.)

Қаламқас.Жарысқан қызыңыз жаңағы ма?

Нұрлан. Я, Мажыра деген мықтымыз осы.

Қаламқас.Мен еркек екен деп қалдым. Әйелге ұқсамайды ғой өзі.

Нұрлан. Өте сирек кездесетін қыз. Жанып тұрған от. (Пауза.) Тамаққа баралық.

Қаламқас.Бара беріңіз, мен барып келдім ғой кейін барармын. (Нұрлан шығып кетеді. Қаламқас ойланып.) Әдемі емес, оқыған да емес... Бірақ «сүйкімді»?!.. (Жабыңқы түрмен үйден шығады.)

Шымылдық.

ЕКIНШI АКТ

1-КАРТИНА

Қырман басы. Жұмыс қызу. Молотилканың, электрдің (веялкалардың), арбаның... сыртылдаған даусы, колхозшылардың үні естіліп жатады.

Нұрлан төбесін көлеңкелеген столда блокнотына жазып отыр. Жанында ОСО-ның нысана ататын үш-төрт мылтығы арт жағында қызыл, қара тақталар тұр.

Нұрлан. Жұмыс жақсы бара жатыр. Жарыс қызды. Қаламқастың да жайын білдік, келісе алмаспыз сірә... Шіркін Мажыра, сүйгенін де, күйгенін де білдірмейді-ау. Жаңа өмірдің лапылдаған оты ғой ол. (Қаламқас кіреді, үсті-басы шаң.)

Қаламқас. Ішім пысқан соң бүгін әлде қалай масақ теруге шыға қалып ем, көрдің бе, түрімді!

Нұрлан. Я, қанша теріп қайттың?

Қаламқас.35 сотық.

Нұрлан. Тым аз екен.

Қаламқас.Дағдыланбағандық қой... Бір тамаша нәрсе — не кітапта, не газетте масақты қалай теру айтылмаған екен. Жұлсам қолым ауырады, орсам орағым өтпейді, жинасам тырнауышыма ілікпейді. (Қасында екі колхозшы, Адамбек келеді.)

Адамбек (астық тапсырған квитанцияны ұсынып). Мә, келіп қалды мыналар. Жаз, орындалды план. Осымен бір мың төрт жүз пұт астық төгілді элеваторға. Дереу хабарла ауданға!

Нұрлан. Қазір. (Жазып болып қағазды жігітке береді.) Ұш! Ауданға дереу жеткіз. (Жігіт шығып кетеді.) «Ыхлас» колхозынан ешкімге ұшырастыңдар ма? Олар қашан орындайтын түрі бар?

2-жігіт. Олардың кісісіне қайтып келе жатқанда жол үстінде кездестік. Рас айтса, осы ақырғы рет қатынауымыз, деді.

Нұрлан. Үзеңгі қағысып келеді ғой, жаным-ау!

Жігіт. Қосымша бес пар атпен тасып жүрген көрінеді.

Нұрлан. Онда өзек бойындағы егіндерін әлі тасып болмау керек. Егер оны тасып болмаса, барлық жұмысын бөгейді...

Адамбек. Оны бізбен бірдей тасып алған.

Нұрлан (ойланып). Япыр-ай, қауіпті екен онда. Қызыл туға жармаспаса не қылсын.

Адамбек. Маған бір ой келіп тұр, балам. Байқайсыңдар ма, әне, күн бүгін бұлтқа батты. Ертең жауын-шашын болуы мүмкін. Тамақтанып, азырақ тыныстайық та, айдың жарығымен түн ұзын істейік, оның есесіне жауын күні демаламыз.

Нұрлан. Табылған ақыл. Кептірген астықтан қанша бар?

Адамбек. Жетерлік қой.

Нұрлан. (жігітке). Ендеше транспорт звеносы екіге бөлінеді. Қазір тамақтанып келіңдер де, машинамен МТС-қа беретін астықты тасуға кірісіңдер. Ал, көлік тұқым қорын таси берсін. Сонда екеуі бірден бітеді. Барыңдар. (Кетеді.)

Қаламқас.Нұрлан...

Нұрлан. Кішкене... (Шығып кетеді. Сыртта сөйлеген дауыс естіледі.) Жігіттер, астық тапсыру планын срогінен көп бұрын орындадық. Әйтсе де, комбайншылар мен қырман басындағылар сында тұр. Комбайн қырманға астықты үздіксіз құйып тұру керек те, қырмандағылар ол астықты електен өткізіп, кептіріп үлгіріп тұру керек.

Транспорт звеносы енді састырады сендерді.

1-дауыс. Комбайнның күші өз міндетін атқаруға қаптал жетеді!

2-дауыс. Қырмандағылар ма екен сонда елдің сорлысы! (Мажыра келіп тыңдай қалады.)

Нұрлан. Ертең күн жауын болар, айдың жарығымен істейік деп кетті. Мажыра ұйықтап жатқанда, біз жұмысты бітіріп алайық жігіттер!..

Дауыстар. Жөн, дұрыс-ақ!..

Мажыра (өзіне өзі). Тапқан екенсіңдер мондыбас ұйқышыны. Мен тапқанды сендер тапқан жоқсыңдар әлі!

Нұрлан. Кәне, бүгінгі күннің рапортын тапсырыңдар да, тамаққа қайтыңдар! (Дабырласып жұмыс мәліметін беріп жатады.)

Қаламқас (ауыр күрсініп). Бір күн егінге шығып едім, кемпір құрлы масақ тере алмадым. Ұят екен.

Мажыра (Қаламқасқа келіп). Сәлеметсіз бе? (Қол алысады.)

Қаламқас.Сізге мен өкпелеп жүрмін.

Мажыра. Себеп?

Қаламқас. Анада сіз жөніңізді неге айтпай кеттіңіз?

Мажыра. Әйел, еркекті айыра алмаушы ма едіңіз?

Қаламқас. Противогазды танытпау үшін әдейі киіп келдіңіз-ау, деймін сонда.

Мажыра. Сіз үшін емес, Отан қорғау үшін киген болатынбыз..

Қаламқас. Сөйтсе де жүрегіңізде мен туралы бірдеме...

Мажыра. Өйткені, өз жүрегіңізде бірдеме болар.

Қаламқас.Қойшы әрі, құрбым, осы жөнінде сізбен айтысуға ұяламын.

Мажыра. Ұялшақтың ұрысы болмай, адалы болғай-ақ та!

Қаламқас.Жігіт іздеп келді дейсіз бе?

Мажыра (күліп). Бәрекелді, енді бір секірсеңіз бәрі айтылар еді. (Нұрлан кіреді.)

Нұрлан. Мажыра, амансыңдар ма?

Мажыра. Сводкаң дайын ба?

Нұрлан. Жаза бер. (Қызыл тақтаға бормен жазып тұрады.)

Транспорт звеносы 130 процент.

Комбайн — 150 процент.

Елекшілер — 150 процент.

Астық кептірушілер — 115 процент.

Астық тапсыру планы, мемлекет қарызы, бүгін сағат 2-де жүз процент орындалды.

Мажыра (жазып алып). Тымақпен ұрып алатын жерде жүр екенсіңдер әлі. Мә, біздікімен таныс.

Нұрлан. (оқып тұрып). Нанбаймын.

Мажыра. Ықтыярың.

Нұрлан. Қайдан келді сендерге бұл күш!?

Мажыра. Күшіңнен де ақылыңа көбірек сен. Сонда білесің. (Күледі де жүріп кетеді.)

Нұрлан. Нысана атыспайсың ба?

Мажыра. Келе ғой, тағы да бір сүріндірейін.

Нұрлан (атады. Нысана қағазын алып келіп). Екеуі ғана қарадан, үшеуі далаға кетіпті.

Мажыра (Қаламқасқа). Сіз атыңызшы.

Қаламқас. Ата беріңіз.

Мажыра. Жүрексінесіз бе?

Қаламқас. Оның несі бар дейсің? (Атады.)

Нұрлан (нысананы алып келіп). Төртеуі қараға, біреуі ғана аққа тиіпті. (Мажыра бес оқтың бесеуін де қарадан тигізеді.)

Мажыра (Қаламқасқа). Қараға тигізуге мен, далаға тигізуге Нұрлан шебер екен. Нұрлан, оқтың ақысын төлерсің. Қош. (Кетіп қалады. Нұрлан мен Қаламқас көз алмай артынан қарап тұрады.)

Шымылдық.

2-КАРТИНА

Егін жинау жұмысы біткен күн. Колхоз жастары тирде нысана атысып жатыр. Біраз адам қызыл тақтаның алдында жұмыс қорытындысын оқып тұр. Қырманның бір шетінде гармон тартып, өлең айтқан шу естіледі… Ақтамақ, Адамбек, Қойшыбай үшеуі сөйлесіп тұр.

Қойшыбай. Көздегенін хордың қызы болса сөзім жоқ, әйтпесе бұдан артық қатын ала алмайсың. Сал құрықты осыған дедім.

Ақтамақ. Не деді, сонда?

Қойшыбай. Көрерміз, деп былжырайды.

Адамбек. Әлі көріп біткен жоқ па екен! Нағашысы ез еді антұрғанның, соған тартып кетпесе неғылсын.

Қойшыбай. Менен сөз қалған жоқ, мейлі, өз обалы өзіне.

Ақтамақ. Әлде, Қаламқас бой ұрмай жүр ме екен. Оның ішін әбден байқадың ба?

Қойшыбай. Қолға әлдеқашан қонған ол!

Адамбек. Ендеше біздің езге айт, не біржолата алсын, не әуре қылмай біреудің сүйріктей баласын жолынан қалдырмасын. Бірақ, осы қызды жіберді бар ма, қатынның құсырына жолығады осы антұрған.

Қойшыбай. Егер қызда кие болса, оны соғуына сөз бар дейсіз бе?

Ақтамақ. Арындамай тұра тұрыңдаршы. Нұрланжанның басқа бір көздегені болмасын. «Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу» деген, ондайы жоқ па еді? Құрбысысың ғой, сезгенің бар ма?

Қойшыбай. Тұра тұр! (ойланып.) Қой, қисыны келмейді оның.

Ақтамақ. Ол кім еді?

Қойшыбай. Ойыншыны білмеймін, Мажыраға таңа береді.

Адамбек. Қап, қолға қонған тұйғынның қадірін білмеді-ау мынау!

Қойшыбай. Бір себептен рас болуға кәдік. Трудодені көп кісіні жақсы көретін әдеті емес пе оның.

Адамбек. Астықпен атасына ас берсе де жетеді ғой, үшеуміздің табысымыз.

Ақтамақ. Ақырын. Қаламқас келе жатыр. (Қойшыбайға.) Сен екеуімен бүгін сөйлесіп анығын білші. Орайына келсе, егін тойына қосып балалардың тойын да жасап жіберейік. Зәуде баланың көңілі Мажыраға ауған болса, қайтеміз қыстап...

Ол-дағы жаман бала емес.

Адамбек. Тек!

Ақтамақ. «Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу» болады, шырағым. Мына шалды мырзаға айырбастағымыз жоқ-ты өзіміз. Сондағы сыйқын қарашы.

Адамбек. Пәле шіркін! Айырбасыңа көне қоятын мен бе сонда.

Ақтамақ. Жүр кеттік, көнбейсің сен. (Алып кетеді. Қаламқас келіп, суреті бар, әдемі қабырға газетін тақтаға жапсырып тұрады.)

Қаламқас.Қызыл туды кімге берер екен аудан?

Қойшыбай. Біз алмағанда кім алушы еді, тәйірі!

Қаламқас.Олай деме, Мажырадан Нұрланның сасуы әлей.

Қойшыбай. Қаламқас ей, сыр ғой, шыныңды айтшы, сол екеуінің шатасуы рас па?

Қаламқас (күліп). Әрі жолдасы, әрі құрдасы сен білесің де оны.

Қойшыбай. Ол антұрған мұндай сырды айта қоймайды маған. Ал, саған айтуға кәдік.

Қаламқас.Мен кімі едім сонша сырласатын?

Қойшыбай. Әй, қойсаңшы, екеуіңнің де бір шатағың бар. Ішім сезеді.

Қаламқас (сақылдап күліп). Е-е, сарындап қоймаушы едің, ішің сонда бірдемені сезуші ме еді? Дұрыс, дұрыс.

Қойшыбай. Шатақты қойып, біреуің алда, біреуің тисейші, аяқ астынан бір той болып қалсын. Егер, сен осыған жә десең, Нұрланның мойнын бұрап көндірем, әкел қолыңды.

Қаламқас.Қой, оқып бір мамандық алмасам болатын емес.

Қойшыбай. Оқу табылады ғой, жақсы бай табылмайды.

Қаламқас. Сөзің сыпайы-ау. Айтып тұрғаның өз сөзің бе? Нұрланның сөзі ме?

Қойшыбай. Бәріміздің сөзіміз.

Қаламқас.Ендеше, Нұрланның аузынан өз құлағыммен естиін. «Оқу табылады» деп тұрсың ғой, табылмайтынын қамтырмыз әлде. (Адамбек келеді. Асығыс.)

Адамбек. Әй, жігіттер, жиналыңдар, комиссия келе жатыр, комиссия, я сәт, қызыл туды көлбеңдетіп мына жерге бір тіксем... (Абыржып шығып кетеді. Бәрі жиналысып сыртта дуылдап жатады. Аздан соң Нұрлан мен Қойшыбай сахнаға шығады.)

Қойшыбай. Немене, сөйтіп туды кімге беретін болды?

Нұрлан. Қазір шешіледі. Екі жақ тең түсіп туға таласып жатырмыз.

Қойшыбай. Ойпырай, тұқым қорын да төгіп бітіріп пе!?

Нұрлан. Ылғи тең түскен де отырған. Жалғыз-ақ мемлекетке астық тапсыру планын бізден бір түс кейін орындапты, көліктері кемірек қой, осыған жармасу керек.

Қойшыбай. Өзің ауданға жүремісің бүгін?

Нұрлан. Жарыстың қорытындысынан кейін жүрем.

Қойшыбай. Тағы да бір қорытынды бар, содан кейін жүр. Мына қызды не алда, не түңілдір.

Нұрлан. Қой, не деп тұрсың?

Қойшыбай. Қатын ал деп тұрмын. Әкең де, шешең де осыны айт деді саған. Егер алмасаң екі қолды төбеге қойып беземіз сенен.

Нұрлан. Ендеше кемпір, шалға айтарсың, үйленуге қарсы емеспін. Бірақ, таңдауды өзіме беріңдер.

Қойшыбай. Осы сен таңдап келесің, таңдап келесің, тапқаның қайда? Іздегенің хордың қызы болмаса, Қаламқастан артықты таба алмайсың. Сұлу десең сұлу, оқыған десең оқыған, мінезді десең мінезді, енді керегі не өзіңе! Былшылдамай ал, алмасаң жиналысқа салып қаулымен алғызамыз.

Нұрлан (күліп жібереді). Антұрған, бұл қаулымен шешілмейтін мәселе. Есіңде болсын. Көз тартқанның бәрі жүректі тарта бермейді. Жүрегіме ерік беріңдер.

Қойшыбай. Ал, ерік бердік. Жүрегіңді Қаламқас тартпай ма сонда?

Нұрлан. Қойшыбай, әуелі сен жауап берші: әркімнің өзіне лайық теңі бар емес пе?

Қойшыбай. Тұра тұр!? Сен қалай жалтарып кеттің?! Онда Қаламқасты жек көресің ғой?

Нұрлан. Жек көрем дедім бе?

Қойшыбай. Оқыған дедім, сұлу дедім, көз тартқанның бәрі жүректі тарта бермейді дедің.

Қаламқас енді қатын бола ала ма саған?

Нұрлан. Солай ма?

Қойшыбай. Солай, солай!

Нұрлан. Ендеше, маған «сегіз қырлы, бір сырлы» жар керек...

Қойшыбай. Ә-ә, білдім ойыңды. Егер осыдан Мажыраны алдың бар ғой, жиналысқа бір түсуің ақ, әкел қолыңды! (Қолын ұсынып төніп тұрғанда қасында бір колхозшы және аудан Совет атқару комитетінің председатель Қали бар, Мажыра кіреді. Басқа көпшілік топырлап келіп қарап тұрады.)

Қали. Сөйтіп, мына туды қайсыңа берсем екен.

Нұрлан. Озғанға берсеңіз бізге бересіз де.

Мажыра. Озған жоқсың, қарақшыға талас келдік, әттең жер жақын болды, алдағы пар, бәйгесінде көрерміз тағы. Әзірге ту менікі. Кем күшпен тең түскенімнің өзі озғанға есеп.

Қойшыбай. Бір жолға қи десеңші одан да.

Мажыраның серігі. Аяп бермей-ақ қойыңдар, жолдан жығып аламыз.

Нұрлан. Қарақшыға түстік жер бұрын келдік. Уақыт минутпен есептеледі, сіздер күнмен есептейсіздер ме, әлде?

Мажыра. Көлігің екі есе артық болса да, планды бірақ түс бұрын орындадың. Әрине, таршылықта минут те есеп, айтарлық басқа ештеңе таппасаң, айта бер, болмаса бір күнді бөліп жаратын не бар.

Қаламқас. Мұндайда секунд та есептеледі.

Мажыра. Көлденеңнен қарап, әділ төреші бола ма деп едім, белсеніп дауға түскелі тұр екенсіз. Нұрланның нан-тұзын ақтайын деген шығарсыз, бірақ, тым ұсақтап кеттіңіз. Секундты олжа көрген күнім құрсын!

Адамбек. Ой, тәйірі, айтатын сөзді білмейді бірі! Гектарынан жиырма бес центнерден бидай алған қайсың бар, кәне?

Мажыраның серігі. Ақсақал, мен тарыны айтсам жақ аша алмассыз. Гектарынан жүз жиырма центнер тары алған шығарсыздар.

Адамбек. Ә-ә, байлық салыстыруға кеттің бе? Мемлекетке бересіңді берген соң, тұқым қорын салып қойған шығарсың онда?

Мажыраның серігі. Тұқым қоры түгіл МТС-тың ақысынан да құтылғанбыз. Көліктің жеміне дейін сай, отағасы.

Адамбек. Қалған астығың еңбеккүнге жиырма килодан айналмаса неғылсын.

Мажыраның серігі. Ой, отағасы-ай, оныңыз бидайдың өлшеуі ғой — тарыға жиырма бес-отызды айта берсеңізші. «Бидайдан бір тамғанда, тарыдан екі тамыпты» ғой жарықтық.

Адамбек. Жаным-ау, Нұрланжан, осының айтқанының бәрі рас па?

Нұрлан. Тексеріп келіп отырмыз ғой. Рас. Керісті қойып, ендігі сөзді Қалиға берейік, көпшілік. (Аз тым-тырыс.)

Қали. Социалистік жарысқа түскен екі колхоздың екеуі де орақ жұмысын белгілеген сроктан бұрын бітірді, екеуі бір күнде бітірді. Жалғыз-ақ мемлекетке тапсыратын астық планын «Большевик» колхозынан «Ыхлас» колхозы бір түс кейін орындады. Бұған қарағанда ауаткомның ауыспалы Қызыл туы «Большевик» колхозына берілуге тиісті.

Дауыстар (Адамбек жағынан). Бәсе, бәсе!..

Қали. Бірақ, Мажыра тамаша бір өнер көрсетті. Оны бағаламай болмайды. Екі колхоздың өзек бойындағы егіні бұрын пісті. Өздеріңізге мәлім, комбайнмен жинауға жері жаман, машинамен, трактормен тасуға жолы жаман. Ал, осы өзек бойындағы егінді кім бұрын орып жинап алса, сол астық тапсыру планын бұрын орындайтыны, барлық орақ жұмысын да тез бітіретіні белгілі еді. Нұрлан сондықтан он пар көлікпен тасытты, бір жағынан молотилкадан шыққан астықты машинамен элеваторға жөнелте берді. Мажыра бес пар көлікпен тасыды, сонда да Нұрланнан қалыспады. Өзің айтшы Нұрлан, Мажыраның осы өнеріне не дейсің?

Нұрлан. Мажыра сол өнерін айтсыншы.

Мажыра. Әуелі сөзіңді бер, ту менікі ме?

Қойшыбай. Oho!

Адамбек. Қой, шырағым!

Дауыстар. Ту берілмейді. Айтпаса айтпасын.

Ақтамақ. Қой әрі, онысы несі түге, бәрі бір баланы араша талағаны! Е, туды сендер беруші ме едіңдер. Мынау отырған ауатком береді берсе. Айта бер, Мажыра қарағым, қорғанба!

Мажыра. Шешем айт деген соң айтайын. Мен жаман қысылдым. Қысылмасам өзім жарысқа түсіп отырып, сіздерден көлік сұраймын ба? Бізде барлығы он пар ат болатын. Оның бәрін бірдей егін тасуға салсам, элеваторға үш тонналық бір ғана машина жүретін болды. Ал, Нұрланның машинасы бес тонналық. Сонсоң есептеп, есептеп келдім де, он пар аттың, бес парын машинаға қосымша астық тартуға шығардым. Сонда Нұрланның бес тоннасымен күш теңелді. Қалған бес пар атқа ойдан, қырдан құрастырып он арба таптым. Оның бесеуі егін тиеп қырманға кеткенде, көліксіз қалған бесеуін тиеп қойып отырдық. Аналар қайта келгенде бес арбаны қалдырады да, тиеулі тұрған арбаны ала жөнеледі. Осымен Нұрланның он пар атының істегенін біздің бес пар ат істеп кетті.

Нұрлан. Жарайсың, ту сенікі! (Қол ұстасады.)

Қали (Мажыраға туды беріп). Айырылма, берік ұста! (Мажыра туды көтеріп сахнадан шығады. Көпшілік ере кетеді. Адамбек пен Қойшыбай Нұрланның қасында қалады.)

Адамбек. Намысы жоқ, көк соққан! Қарап отырып туды беріп қоя бергені несі! Мына қыздан тағы айрылады осы, көрерсің, Қойшыбай!

Қойшыбай. Туды бергенімен қоймай, қолын ұстап, аяғына жығылды-ау бұл.

Нұрлан. Абыржымаңыздар. Ту ешқайда кетпейді. (Қойшыбай мен Адамбек түсіне алмай Нұрланның бетіне қарап тұрғанда, Қаламқас келеді. Екеуі шығып кетеді.)

Қаламқас. Маған не айтасың, егін бір ыңғайланды ғой?

Нұрлан (үндемейді).

Қаламқас. Әлде, біраз бола тұрайын ба?

Нұрлан. Өзің білесің, ауырламаймыз.

Қаламқас.Өзің білесің дейсің бе?

Нұрлан. (үндемейді).

Қаламқас (ренжіп). Кіналамаймын сені. Сүйіп едім, сүйдіре алмадым. Бірақ, сүйген қалпымда кетемін. Уәдең бойынша нағашыларыма жеткізіп сал.

Нұрлан. Жарайды. Ренжіме, айыпқа бұйырма, Қаламқас. Әркімнің өзіне лайық теңі бар ғой... (Мажыра келіп қалады.)

Мажыра. Әңгімелеріңіз құпия ма еді? Бір ауыз сөзім бар.

Қаламқас. Айта беріңіз.

Мажыра. Менің сөзім құпиялау еді, ұят болмаса... (Екеуі көзімен атысып қалады, Қаламқас шығып кетеді. Адамбек, Ақтамақ, Қойшыбай бәрі баспалап кеп қарап тұрады.) Мына тудың тойына шақыра келдім. Босатушы ма еді жаңағың?!

Нұрлан. Көзің жетпей кіналайсың. Сен шақырсаң бармасқа менің әлім жоқ.

Мажыра. Шын солаймысың, жеткіз көзімді!

Нұрлан. Жеткіз деймісің... Кел жеткізейін. (Екеуі құшақтасып сүйіседі, Қаламқас ұмтылып қалады да, қынжылып бетін басады, Адамбек пен Ақтамақ жымыңдасып тұра жөнеледі.)

Қойшыбай. Ә-ә, осылай шешілді ме мәселе! Ту қызымен біздікі енді. (Қолын шапалақтайды.)

Мажыра (ренжіп тұрған Қаламқасты көріп қалып, барады да алып келеді). Қаламқас! Білсең сен екі колхозға бірдей қонақ едің, Нұрлан мен маған бірдей жолдас едің, бұра тартқаның қалай! Бұл бетіңе басқаным емес, жыныстас құрбыға айтарлық назым. (Күліп.) Бір жарыста екеуің бірден жеңілдің, екі жүлдені бірден алдым. Кел, құрбым, табысалық, ойнап-күліп айырылсайық.

Қаламқас. Рас, кінә менде. (Екеуі қол алысып сүйіседі.)

Мажыра. Ал, жүріңдер енді тойға. (Екеуін қолтықтап сахнадан шығады.)

1940 ж.
Мазмұны


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз