Өлең, жыр, ақындар

Басқа бәле тілден

(скетч)

Мария (жалғыз ойланып жүріп). Ақымақ... ақымақ... Аузына әлі келмейтін ақымақ... Ақымақтың да үлкені, кішісі болады. Кішісінің кесірі — көбінесе өз басынан аспайды, ал үлкенінің кесірі бүкіл жұртқа тиеді. (Пауза.) Біздің Бодаубек көрші бара-бара осының үлкені боп шығады... (Бодаубек кіріп келеді). «Кімді айтсаң сол келеді», жоғары шық.

Бодаубек. Ә, солай ма. Бәсе, құлағым шыңылдап еді.

Мария. Ғайыпты болжайтын өнеріңіз де бар ма?

Бодаубек. Алақаным тартса ақша ұстаймын, оң көзім тартса қуанам, сол көзім тартса жылаймын. Айнымастан келеді.

Мария. Бүгін оның ешқайсысы тартқан жоқ па?

Бодаубек. Бүгін, өмірі бүлк етпейтін мұрнымның ұшы жыбырлай береді, білмеймін не болғанын.

Мария. Бұл жақсы ырым емес екен.

Бодаубек (елең етіп). Я?

Мария. Мен де өз тәжірибеме қарап айтам мұрнымның ұшы жыбырласа жаным мұрнымның ұшына келгенше қысылатын едім.

Бодаубек. Қой, не керек жамандыққа жорып. (Мұрнын дамылсыз уқалап отырып.) Майданға сұрандың ба?

Мария. Шақырту шарт па екен?

Бодаубек. Дұрыс айтасың, замандас. (Күрсініп қойып.) Жау жағадан алды енді. Бару керек. Әйтеуір бір елім - ақ, мен де аттанармын сірә.

Мария. Жақсы үйреніп жүрсің бе?

Бодаубек. Әскери ойынды айтасың ба? (Қолын сермеп тастап.) Чепуха маған.

Мария. Соғыста алдымен жүрек керек. Өнер содан кейін...

Бодаубек. Менің жүрегімнің түгі бар, ендеше. Қарап отырғанша бір ерлігімді айта отырайын. Біздің осы қаланың өзінің қорғаны керемет екен ғой...

Мария. Қайдан білдің оны.

Бодаубек. Білдім. Бірақ, тірі жанға айтуға болмайды.

Мария. Онда өлі жандарға айтпақшысың ба?

Бодаубек. Жоқ тек саған ғана... (Құлағына сыбырлай бастайды. Мария басын изей береді.)

Мария. Неше дивизия?

Бодаубек. (Сыбырлайды.)

Мария. Соғыс заводы?

Бодаубек. Е-е, (Сыбырлай береді.)

Мария (күліп). Айтарыңды айтып алдың шыңдамай-ақ қой енді.

Бодаубек. «Отыз тістен шыққан сөз отыз ұрулы елге жегеді». Аузыңа ие бол, замандас.

Мария. Айтып алып кіріптар болғанша, өз аузыңа ие болсаң еді.

Бодаубек. Е, сонша мен кімге айтыппын. Сені шындап жатқанымның өзі асқан сақтық емес пе.

Мария. Жүрегіңнің түгі болса да, қорқасың ғой деймін.

Бодаубек. Қорыққаным емес. Жаудың құлағына шалынса жақсы ма, ойлашы өзің...

Мария. Онда маған неге айттың, сұрадым ба?

Бодаубек. Сен өзіміздің адам емессің бе, тәйірі? Жатқа айтпа, жақынға айтпа, жарылып өл деймісің. Тіпті, ішіме симаған соң айттым.

Мария. Сен сонша сенерлік не көрсеттім екен мен...

Бодаубек. Көршіміз, замандаспыз, одан артық жақындық бола ма?

Мария (ойланып.) Жақындығыңа бір жақындық істейін ендеше. (Тұрып кетіп сандығын ашады да, Бодаубекке ақша әкеліп береді.) мың сом.

Бодаубек (аң-таң). Бұның не?!

Мария. Ақша.

Бодаубек. Не үшін? Аты-жөні бар ма?

Мария. Теректе жатқан сырды теріп әкеліп бергенің үшін.

Бодаубек. Не дейді. Мен саған ақшаға бола айттым ба?

Мария. Ә, ойыңда басқа бірдеме барма еді онда? Айта бер. Әуелі мынаны қалтаңа салып қойшы.

Бодаубек. Тарт әрі. Шының ба өзіңнің.

Мария. Шыным, шыным.

Бодаубек (таңданып). Ал, сонда, ол сырдың керегі не саған.

Мария. Соғыс уақытында әскери сырдан. Отан сырынан қымбатты не бар. Қызықсын-ау өзің, сондай қымбатты нәрсенің керегі болмай ма? Ақшаны тегін беpiп тұрғаным жоқ. Менің басыбайлы агентімсің енді.

Бодаубек. Өзің кімсің ей?!

Мария. Әлі сезген жоқсың ба?

Бодаубек. Құдай ақына.

Мария. Шпионмын. Сен менің агентім болдың. (Ақшаны Бодаубектің қалтасына сала беріп.) Бұл әншейін ырымы, сыбағаң алда.

Бодаубек (сескеніп). Тарт. (Қағып жібергенде ақша шашылып қалады.)

Мария (өңін суытып, мылтығын суырып алады). Жина шапшаң. (Бодаубектің зәресі ұшқан. Жинайды.) Сал қалтаңа. (Қалтасына салады.) Қой мына қағазға қолыңды. (Қол қояды.) Отыр орныңа. (Отырады.) Жетті ме енді көзің?

Бодаубек. Жетті.(Пауза.)

Мария. Сен мені қашаннан бері білесің.

Бодаубек. Ой – бай - ау, бес жыл ғой, бір қорада тұрғанымызға.

Мария. Сезіктенген уақытың болды ма?

Бодаубек. Сезіктенсем осы күйге түсер ме едім.

Мария (өзіне). Сен сезген шпион, шпион да болмас. (Бодаубекке.) Жарайды. Мен сені енді зорламаймын. Бар сырыңды айттың. Ақшаны алдың. Қағазға қол қойдың. Жұмыс бітті. Ерік өзіңде. Бірақ, тілесең әлі де агент болып қалуыңа болады.

Бодаубек (жыламсырап). Тіпті ұжданым... бармайды... Ел-жұртымды қиып, қара бет болып... Тіпті жаным түршігеді, замандас, құдай ақына...

Мария. Егілме. Егілме, Тілемесең зорламаймын дедім ғой.

Бодаубек. Ой рахмет. Рахмет, қарындас. Жеті тиын нияз құтылғаныма. Мұрны құрғыр осыған жыбырлаған екен ғой. (Мұрнын уқалайды.)

Мария. Оны құтылған соң айт.

Бодаубек. Апатай - ай, тағы не сақтағаның бар еді.

Мария (күліп). Әрі-беріден соң шешетай демесең не қылсын.

Бодаубек. Кешіріңіз, қарындас... Замандас. Сасып қалдым... Зорламаймын дедіңіз, әйтеуір.

Мария. Әйел еркекті зорлағанын қайда көрдің.

Бодаубек. Жо-жоқ, әншейін айтқаным ғой. (Пауза.) Маған рұқсат етіңіз онда, өте асығыс бір жұмысым бар еді, отырып қалдым.

Мария. Жұмысың, белгілі маған. Шыға салысымен елбеңдеп қандай жүгірер едің. Тұра тұр. Сенен бұрын мен хабарлаймын. (Телефонның трубкасын алып сөйлескен болады.) Базарная 35, Мариянікіне бір кісілеріңізді жіберіңізші. Я, я. (Трубканы іледі.) Ал енді ұсталасың, не айтпақсың оларға.

Бодаубек. Қайранмын. Өңім бе бұл, түсім бе мен кәдімгі Бодаубекпін бе осы?

Мария. Жоқ, шпион Бодаубексің енді. Мен, шпион Бодаубекті ұстап берген советтің қырағы адамы болдым. Мойындаймысың осыған.

Бодаубек. Жаным - ау, нахақ едім ғой. Ә...

Мария. Нахақтығыңа дәлел жоқ. Қандай қағазға қол қойғаныңды білесің бе?

Бодаубек. Жоқ.

Мария. Басың күпшекке мықтап енді, ендеше. Ақша қалтаңда, бар сырды айттың. Осының бәрін әйел басыммен мен зорлап істетті деп кімді нандырасың? Әскери сырды мен сұрамай өзің айттың ғой тіпті.

Бодаубек (қысылып отырып). Өзің құтқармасаң мен су түбіне кеткен екем. Апатай, жан терім жаңа шықты, өзің біл не қылсаң да. Нахақпын әйтеуір. (Қолын қусырып, Марияның алдына келіп жалынып тұрады.)

Мария (әрі-беріден соң). Құтылудың бір ғана жолы қалды.

Бодаубек. Айтшы, соны, айналайын, айтшы...

Мария. Бір жолата шпиондық жолына түс.

Бодаубек (үндемей сылқ отыра кетеді. Пауза. Даладан аяқ тықыры естіледі).

Мария. Келе жатыр. Бол, не шпион есебінде қазір, қазір ұсталуға, не біржола шпион болып құтылуға бекін.

Бодаубек. Өзің билей бер.

Мария. Ана жаққа кіре тұр, ендеше. (Төргі бөлмеге енгізіп жібереді. Почтальон Марияға военкоматтың шақыру қағазын тапсырады да, шығып кетеді. Мария қағазды оқып.) Жақсы болды. Тез жүру керек. Мына дел - құлыны қайтсем екен. (Төргі бөлменің есігін ашып.) Шық бері!

Бодаубек (қорқа-қорқа, жан-жағына қарана - қарана шығады). Уһ! Кеткен бе, әйтеуір? Ойпырай, қалай таптың ақылын?

Мария. Есебін тапқанға ердің құны сөз бе? Жалтардым да, бетін аударып жібердім. Іздеп кетті. Бірақ, кешікпей қайта айналып соғар.

Бодаубек. Онда екеуміз де су түбіне кеткеніміз ғой.

Мария. Я, енді көзіне түссек бұлтартпас.

Бодаубек. Е, тоба, шырмаудан құтылам ба десем шырмала түсем. «Басқа бәле тілден» деген осы - дағы. Отырмайық та, жан қармайық. Бола көріңіз. Бол. Жан мұрынның үшіне келді енді...

Мария. Таптым амалын. Бүлк етпей отыра тұр. (Төргі бөлмеге еніп кетеді. Бөгеледі.)

Бодаубек (қашуға лоблып отырып). Өзім барып осы әйелдің зорлағанын бастан бақай айтсам.... Тек осы үйден бір шығуым мұң боп отырғанын қарашы... Жоқ, байладым белді. (Қалтасынан ақшаны алып столдың үстіне қояды да.) Керек емес, арам ақша. (Артына жалт-жалт қарап, есікке барады. Есік тырс еткенде қорқып, орнына келіп отыра қалады. Ақшаны қалтасына қайтадан салады. Осылайша әлденеше рет қайталайды. Қорқып, қаша алмай қояды.) Уа, дариға, осы есіктен бір шықсам, аржағы кең дүние - ау. Шыға бергенде тарс еткізіп атып тастайды, қайтейін... Әйтпесе, екі секіріп өзіміздің үйге тік түскелі тұрмын.

Мария (әскерше киінген, қолында жаулық пен көйлек бар). Тез, ки мыналарды. Мен майданға жүріп бара жатқан әскермін. Сен мені шығарып салған әйелімсің. Ұқтың ба. Тірі жан сезбейді.

Бодаубек. Ұқтым.

Мария. Бол, шапшаң! (Төргі бөлмеге тағы да еніп кетеді.)

Бодаубек (киініп жатып). Құбылтқан тәңірім, құбылтып бақ. Бодаубекті... Кірпік қаққанша тоқсан тоғыз құбылдым ба? Амал не, қатын аламын деп жүріп өзім қатын болдым міне... Тек, жан қалса бопты. (Киініп болған кезде Мария шығады. Қолында клизма бар.)

Мария. Енді бір сыннан өтсең нағыз шпион - диверсант боп шығасың. Мә, ұста мынаны. (Клизманы береді.) Өзің айтқан жаңа заводка барамыз, Улаймыз...

Бодаубек. Улаймыз?!

Мария. Я, улаймыз?

Бодаубек (есі жоқ, сілейіп тұрып қалады. Пауза. Әлден уақытта қолындағы клизманы байқамай қысып қалғанда, бетіне су атып кетеді.) Улаймыз?!

Мария. Ойбай, иприт.

Бодаубек. А, иприт... (Аз кідіріп.) Бәсе, шымырлатып барады. (Бетін сүртіп аласұрады.) Ойбай, жандырып барады. Бетім терісі қалпымен қопсып келеді... (Мария шегі қатып күліп жатады. Әлден уақытта Бодаубек аң-таң боп, орнынан тұрмай, Марияға тесіле қарап отырады.)

Мария (күлкісін тиып). Ақымақ, түрегел. (Бодаубек орнынан тұрады.) Еркек қалпыңа кел. (Бодаубек жаулығын, көйлегін шешеді.) Сені де ұл таптым деп май ішті - ау шешең. Қорқақтығыңмен батыр еліміздің бетіне дақ саласың. Ұзын тіліңмен өз еліңді өзің жауға ұстап бересің. Міне, сендей ақымақтарды дұшпан осылай пайдаланады, осылай қорлайды.

Бодаубек (жүзіне қуаныш еніп). Мария! Өзіміздің Мария ма, жаным - ау!

Мария. Я. Егер басқа Мария болса ғой су түбіне кеткен едің.

Бодаубек (сақ-сақ күліп, ақшаны қайтадан беpiп жатып). Сөз бар ма, тілімнен таптым осының бәрін. Жоқ екі елі ауызға бес елі қақпақ керек екен!..

1942 жыл.

Шымылдық.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз