Өлең, жыр, ақындар

Таушүмілдек

Таушүмілдек (Пион уклоняющийся, Paeonia anomala L.) — биіктігі 1 метрге жуық, көп жылдық, шөп тектес өсімдік. Тамыры — ірі, қоңыр түсті, кейбіреулерінің салмағы 5-6 килограмға дейін жетеді. Тамырды сындырып қарағанда ішкі жағы ақ түсті болады. Аңқыған хош иісі бар, дәмі тәтті. Сабақтарының ұшында бір гүлі болады. Жапырақтары кезектесіп, жарыса орналасқан, саусақтың салалары сияқтанып тілімделген, сағақтары қысқа. Гүлдері ірі, алқызыл түсті. Гүл тостағаншасы 5 қалақшадан тұрады, олар кейіннен өсімдіктің жемісіне жабысып жүреді. Гүл тәжісінің жапырақшалары бесеу. Мамыр-маусым айларында гүлдейді. Жемісі — піскенге дейін жалпақтау, бес жұлдыз тәрізді орналасқан бес қауашақ, піскеннен кейін бес жаққа жайылып кетеді. Тұқымы — эллипс тәрізді, ұзын, қара түсті, ірі. Шілде-тамыз айларында піседі. Ол көбінесе орманның шеттерінде, таулардың шалғындық беткейлерінде өседі. Дәрілік мақсат үшін өсімдіктің жер үстіндегі бөлігінің үстіңгі жағын гүлдеген кезінде, ал тамырын күзде жинап алады. Құрамында эфир майлары, салицин глюкозиді, илік заттар, алкалоидтер, смола, крахмал, қант, салицил қышқылы бар. Таушүмілдіктің тамырынан жасалған дәрілердің нерв жүйесін және ауырған жерлерді тыныштандыратын, асқазан бездерінің қышқылын көбейтетін қасиеттері бар. Осыған байланысты асқазан қабынғанда, асқазанға және ұлтабарға жара түскенде, ұйқы қашқанда, кісі қажып, нерв жүйесі әлсірегенде қолданылады.

Халық медицинасында оны бұл айтылғандарға қосымша іш өткенде, дененің әр жерімен қан кеткенде, дене қызуы көтерілгенде, жөтел пайда болғанда және ревматизм, қояншық ауруларын емдеуге қолданады.

Дәріні дайындау және қолдану тәсілі

Тұнба: өсімдік тамырының ұнтақталған 2 ас қасығын 1 стакан суға салып 30 минут қайнатады да, 1 ас қасықтан 3 рет ішеді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз