Өлең, жыр, ақындар

Үштікенді гледичия

Үштікенді гледичия — биіктігі 40 метрге дейін баратын, тамыры жер бетіне жақын орналасқан, ағаш тәрізді өсімдік. Бұтақтары көп. Жұмыртқаға ұқсас майда тілік жапырақшалары болады. Өсімдіктің өн бойында ұзын-ұзын тікендері бар. Жасыл түсті, иісі аңқыған гүлдері сыпырғы сықылданып шоғырланып тұрады.

Гүл тостағаншасы жартысына дейін біріне-бірі жабысқан 5 қалақша. Жемісі — қызыл қоңыр түсті. Ұзындығы жарты метрге жуық қауашақ. Эллипс тәрізді, сопақша келген тұқымдары сол қауашақтарының ішіндегі ұяларда болады. Мамыр-маусым айларында гүлдейді. Жемісі қыркүйек-қазан айларында піседі. Өсімдік бақта қолдан егіледі.

Дәрі жасау үшін өсімдіктің жас жапырақтарын сағақтарымен қосып, бүршіктері енді ашыла бергенде, сәуір айының аяқ жағына таман жинап алады. Жапырақтарды жинауды одан кешіктіруге болмайды, өйткені дәрілік қасиеттері жойылып кетеді. Құрамында трикантин атты алкалоид, флавоноидтар, С витамині, сапониндер бар. Трикантин қан тамырларын кеңейтеді, қан қысымын төмендетеді. Өсімдіктен жасалған дәрілермен асқазанға, ұлтабарға шыққан жараны, іштің қатты бүріп ауырғанын, іштің қатуын емдейді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз