Өлең, жыр, ақындар

Зар заман сарындары

ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясының ең көрнекті өкілдерінің бірі Шортанбай мұрасы күні бүгінге дейін жұртшылыққа жаңсақ немесе жадағай ұғындырылып келді. Бұл түсінікті де. Шортанбай сездері — елдігінен, мемлекеттік жүйесінен айрылып, отарлық халге түскен арда жұрттың ащы зары, өшпес өкініші, арман-мұратынан нәр алған еді. Сондықтан да, Октябрь төңкерісінен соңғы кезеңде ұлттың рухын жаныштап, өткенін ұмыттырып, жаңа ұрпақты меңіреу, мәңгүрт кейіпте тәрбиелеуді мақсат тұтқан ресми саясат Шортанбайды халыққа жат, кертартпа, ақын деп жариялады, оның шығармаларын жарыққа шығаруға тыйым салды. Тіпті, ақын есімі жамандап болса да атала бастаған, оның мұрасы там-тұмдап баспа бетіне жол тапқан, аз-маз кеңшілік кезеңнің өзінде, күні кеше ғана, «идеялық тазарту» науқандарыма Шортанбай елдің алдымен ілігіп отырды. Бұл ретте «Бес ғасыр жырлайды» жинағының алғашқы басылымында (1984) теріліп, тіпті біраз «түзеліп», «күзеліп» жарыққа шыққалы тұрған ақын сөздері жоғарыдан — бастаушы, нұсқаушы мекемелер тарапынан түскен бұлтартпас жарлық нәтижесінде түп-тамырымен жыртылып, сыдырылып алынын қалғанын айтудың өзі жеткілікті. Рас, «әділдік жеңіп», Шортанбай аталмыш кітаптың екінші басылымына енгізілді; сондай-ақ, бұдан бұрын, алпысыншы жылдарда академия жинақтарына да кірген болатын. Бірақ мұның бәрі — ақын сөздерінің шамалы бөлігі, әрі ең мәнді, нәрлі жерлері сылынып қалған, аталы жырдың өзі емес, көлеңкесі ғана еді. Енді «Жұлдыз» оқырмандарына Шортанбай біздің заманға жеткен бар кейпімен көрінбек.

Шортанбайдың шынайы бағасын тану үшін оны іждағатпен оқу керек. «Жұлдыз» (1991, № 3) оқырмандарына ұсынып отырған топтамадағы «Зар заман» — Қазақ ССР Ғылым академиясы кітапханасының қолжазбалар қорынан, № 780 бумадан алынды; «Алдаушы жалған» — Исмаилов Темірғали деген азаматтың академияға 1946 жылы тапсырған жазбасы бойынша беріліп отыр. Ал «Бала зар» толғауы «Қисса Шортанбай, Шортанбайдың бала зары» деген атпен алғаш рет 1888 жылы Қазанда жарияланып, содан соң 1890, 1897, 1901, 1906 жылдары қайыра басылған еді. Сол басылымдар негізінде жариялап отырмыз. «Бала зарды» баспаға әзірлеуге филология ғылымының кандидаты, ежелгі мұраларды жарыққа шығару ісінде коп шаруа тындырып жүрген жас ғалым Сәрсенбі Дәуітов қатысты. Шортанбай туралы түбегейлі зерттеулер — болашақ үлесінде демекпіз.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз