Өлең, жыр, ақындар

Оқу үдерісінде білім беру идеяларын жаңарту

Қоғам үздіксіз даму үстінде, күнбе-күн түрлі өзгеріс, түрлі жаңалық, ақпараттық технология дамуында қарқындылық, адам сенгісіз таңғажайып ғылыми өзгерістер болуда. Жаһанданудың жаңа белесіне көтеріліп келе жатырмыз, осыған орай адамзат баласына талап күшеюде,тың білімдер талап етілуде, дегенмен де қанша өзгеріс, даму,өркендеу, жаһандану болса да, мейлі ақпараттық технологиялық өзгерістер бола берсін, өзгермейтін бір-ақ нәрсе бар: ол- мұғалімге қойылар талап, жауапкершілік, жүктелер міндет,мұғалім жұмысына орай болатын сұраныс. Себебі ұстаз-сол қоғам өзгерісін жасайтын ұрпақты тәрбиелейтін адам. Осы орайда ұлы педагог Ушинскийдің «Бала балқытылған алтын»,-деген қанатты сөзі еске түседі, себебі біз алтынды қалай әдемілеп, сомдап құйсақ, өрнектер салып, әсемдесек, дәл сондай көздің жауын аларлықтай әшекей бұйым шығады, бала да сондай, біз қалай оқытсақ, қалай тәрбиелесек, болашақтан дәл сондай азамат шығатыны сөзсіз.

Қазақтың талантты жазушыларының бірі Ж.Аймауытов «Сабақ беру үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер»- деген болатын, сол кезеңнің өзінде-ақ қазақтың жарық жұлдыздары білімге ерекше мән бергенінің, сапалы оқытуға көңіл бөлгенінің дәлелі- осы сөз. Яғни біз оқу үрдісін жаңаша ұйымдастыруға, оқушылардың әрекеті арқылы ойлау дағдыларын жетілдіруге, шығармашылық қабілеттерін дамытуға, олардың қызығушылықтарын арттыруға, білімнің өз өмірінде басты роль атқаратынын түсінуіне ықпал етуіміз керек. Әрине, ол үшін білім беру үрдісін, сабақ беру тәсілімізді, әдісімізді жаңашаландыруымыз қажет. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсеткен және Елбасы Н.Ә. Назарбаев халыққа жолдаған жолдауында « Біздің міндет жаңа технологияларды, идеялар мен көзқарастарды пайдалана отырып, білім мен бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу» деп ұстаздар қауымының алдына жаңа міндеттер, жаңа жүктемелер қойды. Еңселі,зайырлы,егеменді,тәуелсіз қазақ елін өркениетті, дамыған елдер қатары-нан көргіміз келсе, бәсекеге қабілетті ел болу үшін , өркениетке жету үшін жан – жақты дамыған, рухани бай, терең білімді, толыққанды тұлғаны өсіруіміз керек. Жас ұрпақтың бойындағы қабілетін көру,оны жетілдіру,шыңдау, ізденгіштік қасиетін дамыту мұғалімнің сабақ берудегі ізденушілік қабілетіне, кәсіби шеберлігіне, қолданған әдіс-тәсіліне байланысты. Әрине, бұл қалыптасу-мектептен басталары сөзсіз. Мен «педагогикалық мамандықты игерген әр ұстаз сабақ бере алады, бірақ сабақ беру бар да, сол сабақты терең игерте білу бар, өз пәніне деген баланың қызығушылығын арттыру бар»дер едім. Оқушы сабақты міндет деп емес, «маған керек» деп оқитындай дәрежеге жету керек. Осы орайда сөз қазіргі білім беру саласында жиі айтылып жүрген инновациялық технологияға, жаңартылған білім беру бағдарламасына келіп тіреледі.

Білім беру әдісін өзгерту,оны жаңашаландыру, инновациялық ақпараттық технологияны пайдалану,цифрлық технологияны үйрену,өз сабақтарымызда қолдану, оны меңгеру-өмір талабы, заман сұранысы. Құзіреттілік білім беру жағдайында қоғамның мәдени, әлеуметтік, экономикалық сұранысты қанағаттандыратын, әлемдік бәсекеге төтеп бере алатын, теориялық білімін әр түрлі жағдайда өз іс-тәжірибесінде жаңашылдықты пайдалана алатын кез-келген мұғалім өз тәжірибелерінде меңгеріп кетіп, пайдаланып жатыр. Мұндай озық технологияларды қолданудың тиімділігі-біріншіден, оқытушы ұтады, яғни ол сабақты қызықты, мазмұнды, тиімді ұйымдастыруға, өткізуге көмектеседі, оқушының пәнге деген қызығушылығы,ынтасы артады, екіншіден, оқушы ұтады, себебі оның тақырып бойынша танымы, түсінігі кеңейеді. Осылайша білім берудің қалыптасқан әдістемесіне оқытудың жаңа технологиясы тұрғысынан өзгерістер енгізілсе, білім сапасы да арта түсетіні айқын. Оқушылардың жеке тұлғалық ерекшеліктеріне қарап, бұл технологияның пайдалы, мазмұнды, тиімді екенін айта аламыз. Бұл технология бойынша жұмыс жасағанда тағы бір ұтатынымыз: белгілі бір көлемдегі, оқулықтағы білім берумен, сол білімді меңгертумен шектелмей, алған білімдерін әр өскелең ұрпақ, әр жеке тұлға өз қажетіне, өмірдің нақты жағдайларында қолдана біліп, қоғамға пайдасын келтіре алатындай етіп тәрбиелеп шығарамыз. Ендеше, осы бізге жүктелген міндетті орындауда инновациялық технологияны сабақтарымызда қолдану, пайдалану - өмір талабы, ақпараттық технологиясы дамыған заманның сұранысы екенін мен де, менің әріптестерім де анық түсініп отыр. Мен өз басым қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бергендіктен көбіне білім беру жүйесіндегі инновациялық технологиялардың ішінде дамыта отырып оқыту әдістемесін,тірек-схема және тірек конспектілері арқылы оқыту әдісін,сын тұрғысынан ойлау технологиясын. ойын технологиясын өз сабақтарымда көп қолданамын. Бұл технологияларды қолдана отырып, жаңа технологиялардың педагогикалық негізгі балаға ізгілік тұрғысынан қарау,оқыту мен тәрбиенің бірлігі, баланың танымдық күшін қалыптастыру және дамыту, баланың өз бетімен әрекеттену әдістерін меңгерту,баланың танымдылық және шығармашылық икемділігін дамыту,әр оқушының дамуы үшін жүйелі жұмыс істеу, оқу үрдісін оқушының сезінуі қағидаларын бұлжытпай ұстанамын. Өз тәжірибемде жаңа заманауи инновациялық технологияларды қолдана отырып жүргізілетін жұмыстарда оқушылардың өз бетінше тұжырым жасау,қорытындыға келу, ұқсас құбылыстар арқылы арасынан тиімдісін таңдай білу, проблеманы шеше білу, проблемалық сұрақ құрастыру, ой бөлісу, ойын еркін айту сияқты дағдылары қалыптасатындығына күннен-күнге, сабақ беру барысында көзім жетіп отыр. Іс-тәжірибе барысында білім беруде ақпараттық -коммуникациялық технологияларды пайдаланудың, қолданудың тиімділігі жоғары екені де айқындалып отыр. Ақпараттық - коммуникациялық технологияның тиімділігі – келешек ұрпақтың жан-жақты білім алуына, іскерлігі мен шығармашылығын еркін дамытуға жол ашады. Интерактивтік тақтаны қолдану барысында әдеттегі сабақ тиімділігі және сабақ қарқыны арта түседі, бейне әрекет, ақпаратты шұғыл алу мүмкіндігі ашылады. Интерактивтік тақта көмегімен оқыту дәстүрлі оқыту әдістерінен айтарлықтай ерекшеленеді, десек те, сабақты нәтижелі өткізудің негізі бірдей. Ең алдымен, кез-келген сабақтың, оның ішінде интерактивтік технологияларды қолдану арқылы өткізілген сабақтың анық жоспары мен құрылымы болуы, нақты мақсаттар мен нәтижелерге жетуі тиіс. Осының барлығы оқушылардың материалды жақсы меңгеруіне және оны өзінің осыған дейін білетіндерімен сәйкестендіруге көмектеседі.

Сондай-ақ, интерактивті тақта- әр түрлі грамматика-лық тапсырмаларды орындау, мәтіндермен, жаңа сөздермен түрлі жұмыстар жүргізуде, сөздерге талдау жасауға, уақытты үнемді пайдалануға, оқушылардың ынтасын арттыруға қажетті әрі пайдалы құрал. Әр түрлі тест тапсырмаларын жүргізіп, оқушылардың білім сапасын бақылауда да компьютерлік технологияның үлесі зор. Демек, «ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық» деген сөздің жаны бар, қазіргі қоғамдағы дамудың басты факторлары: білім, ғылым, саяси тұрақтылық екенін, яғни заман өзгергенімен, мемлекеттің өркендеуі, халықтың әл-ауқатының көтерілуі білім-ілімсіз әсте мүмкін емес екеніне көз жеткізіп отырмыз. Қазақтың маңдай алды ақыны М.Дулатов ағамыз: «Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт – оқуда... Надан жұрттың күні – қараң, келешегі - тұман» деген екен, ендеше, ынтымақты ұран, татулықты ту еткен егемен еліміздің ертеңіне үлес қосатын тәуелсіз мемлекеттің саналы, білімді ұрпағы саналатын шәкірт тәрбиелеу – біздің басты мақсатымыз. Қорыта келе түйіндер ой: қазіргі қоғам алдындағы қойылып отырған міндеттер-дің ең өзектісі – бүкіл білім жүйесін түбегейлі жаңартып, дүниежүзілік деңгейге сәйкес келетін оқыту мазмұнын жаңарту болып отырғанының куәсі болып отырмыз. Біздің ұстаздар қауымының басты мақсаты,міндеті-қоғамның сұранысына лайықты ізгілік қасиеттерді бойына сіңірген, ұлтын, жерін, елін сүйетін тұлғаның негізін қалау, тәрбиелеу болып табылады. Кез келген заманға сай өзгерген технология білім берудің мақсатынан бастап, оның түпкі нәтижесіне дейінгі аралықтағы оқытудың әдістемелік жүйесіне енетін барлық компонеттің біртұтас ортақ мүддеге бірлесе қызмет етуінің тиянақталған жолы болып табылатыны айқын, сондықтан біз қандай жаңа технологиямен жұмыс жасасақ та заман талабына сай игереміз, басты міндеттен еш ауытқымаймыз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Қуанышбаева А. Жаңа технологиялық әдіс-тәсілдерді пайдалану. Қазақ .тілі: Әдістеме. Республикалық ғылыми-әдістемелік журнал, №2,2004. 47 б.

2. С.Мирсеитова «Оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауын дамыту нысандары мен әдістері», 2011 жыл. 3.Мұғалімге арналған нұсқаулық


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз