Өлең, жыр, ақындар

Сәкен Жүнісов

Сәкен Жүнісов 1934 жылы 11 ақпанда Көкшетау (қазіргі Ақмола) облысының Қызылту ауданы, Кішкенекөл ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдағаннан кейін еңбек жолын “Пионер” (қазіргі “Ақ желкен”) журналында әдеби қызметкер болып бастады. М. Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі, КСРО Әдеби қоры Қазақ бөлімшесінің директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы қызметтерін абыройлы атқарды.

Сәкен Жүнісов бірыңғай жазушылықпен айналысқан жарты ғасырға таяу шығармашылық өмірінде қазақ әдебиетін өркендетуге өлшеусіз үлес қосты. “Ақан сері” дилогиясы, “Жапандағы жалғыз үй”, “Заманай мен Аманай” романдары қалың оқыр¬ман қауымнан да, әдеби сыннан да жоғары баға алды. “Ажар мен ажал”, “Тұтқындар”, “Қызым, саған айтам”, “Жаралы гүлдер”, “Қос анар”, тағы басқа пье¬салары республика театрларында табыспен қойылды. “Өліара” пьесасына 1986 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Көптеген шығармалары шет тілдерге аударылды. Өзі де Л. Толстойдың, С. Цвейгтің, О. Гончардың әңгімелері мен романдарын қазақ тіліне сәтті тәржімалады.

С. Жүнісовтің қаламынан туған таңдаулы шығармалары қазақ әдебиетінің алтын қорынан берік орын алған құнды дүниелер болып табылады.
Ол өз замандастарының арасында ауқымды шығармашылық қарымымен де, біртуар азаматтық болмысымен де ерекшеленетін. Туған халқы талантты перзентін сан қырлы өнері үшін Сәкен сері атап, аялап еркелетті.

Аяулы азамат, үлкен қаламгер Сәкен Жүнісовтің жарқын бейнесі әрдайым ел жүрегінде сақталады. Оның озық туындылары халқының рухани қазынасына айналып,  болашақ ұрпақтармен бірге жасай береді.

Сәкен тірлігінде көп еңбектенді, мол жазды. Әдебиеттің қай жанрында да көсіле қалам тербеген Сәкен Нұрмақұлы Жүнісов жазып қалдырған алтын қазына былайғы уақытта жұртымен бірге жасайтынына күмән жоқ.

Бір қазақ Сәкендей-ақ болсын, халқын, ұлтын сүюден айнымай өткен Сәкен серіге бұл жалған дүние разы болуға да тиісті.

Елден ерек, басқаша сыр ақтарысатын ғазиз дос, Алаш десе ішкен асын жерге қоятын Сәкен, қазақ өнерін дамытудан күшін аямаған сері, ұлт әдебиетінің көшін дүзеуге жегілген Жүнісовтің, төрт аяғы тең тұлпар-таланттың ендігі жерде арада жүрмеуі өкініш.

Оқуға кеңес береміз:

Сәкен Жүнісовтың туындылары


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз