Өлең, жыр, ақындар

Гүлдер мен шөптер шөмелелері

Сөздер түсініктемесін тек орманшы ғана іздеп қоймаған еді. Оларды сансыз көп кісілер іздейді және соларды қашан тапқанша тыныштықтан айырылады.

Күндердің бір күнінде Сергей Есениннің өлеңдеріндегі "свей" сөзі мені қайран қалдырды.

Жел үрлеген қыртысты

Құм үстімен,

Арқан салып мойныма алып кетер

Торығуды аңса деп.

Мен "свейдің" не екенін білмеуші едім, бірақ осынау сөзде поэтикалық мән бар екенін сездім. Бұл сөз өзінен-өзі сәулеленіп тұрғандай еді.

Мен көпке дейін бұл сөздің мәнісін біле алмай жүрдім, жөн-жорамал атаулыдан ештеңе де шықпады. Есенин неліктен "ветряной свей" — жел-кесте деп айтқан? Оның желмен әйтеуір бір байланысы бар екені анық. Бірақ қалай?

Мен бұл сөздің мәнін өлкетанушы — жазушы Юриннен білдім.

Ол Орталық Ресейдің табиғатына, өмір-тіршілігі мен тарихына титімдей де болса қатысы бар нәрсенің бәріне ықтиятпен қарап, білуге құмар жан еді.

Осы бір кісімен, ол, Ресейдің шағын кенттерінде әлі күнге дейін сақталып қалып, өздерінің өлкелік, тіпті кейде аудандық, жағрафиясының, өсімдіктері мен жануарлар дүниесінің, тарихының қызғылықты белгі-нышандарының әрбір түйірі мен тамшысына дейін ескеріп, тауып жүретін, өлкелерін жанындай жақсы көретін мұқиятты зерттеушілер мен жинаушыларды еске түсіретін.

Юрин, деревняда жатқан маған келді де екеуміз шалғынға, өзеннің арғы жағына бармақ болдық. Біз тап-таза құмдауытта өзенге салынған көпіршелерге қарай беттедік. Бұның алдында жел тұрған, жел соғып өткеннен кейін, әр дайымғы әдетімен, құм беті таңлай-таңлай болып, қыртыстанып қалады.

— Сіз мынаны білесіз бе? — деді Юрин маған құм бетіндегі таңлайға ұқсас қыртысты мегзеп.

— Жоқ, білмеймін.

— Желкесте, — деді Юрин. — Жел құмды үрлеп, өз кестесін салады. Бұл сөз содан шыққан.

Мен, тегі, әлгі орманшы бейтаныс сөздің түсінігін тапқанда қалай қуанатын болса, тап солай қуанып қалсам керек.

Есениннің "жел-кесте" деп жазып құмды еске алатыны ("еспе құмның үстімен") содан екендағы. Менің бәрінен бұрын қуанғаным, со бір сөз, өзім болжағанымдайын, табиғаттың қарапайым поэтикалық құбылысын білдіреді екен.

Есениннің отаны — Константиново селосы (қазір Ееенино) Оканың арғы бетіне таяу жерден қоныс тепкен.

Со жаққа ұдайы күн барып қонады. Міне, содан бері қарай маған Есениннің өлең-жырлары, Оканың ар жағындағы дымқыл шалғынға бұлдыр тұман барып түсетін, әлде өртенген орманнан көгіс түтін тарайтын кезде ме, әйтеуір батар күннің шалқыған кең шапағын айқын білдіретін құдірет сияқтанып көрінетін болды.

Осынау, жан баласы жоқтай болып көрінетін көкорай шалғында, мен, әр түрлі жайттар мен тосын кездесулерге талай рет тап болып қалғаным бар.

Бірде мен жарқабақ биік жағалауын қожақат жидегі қаптай өскен алақандай кішкене көлде бадық аулап отырған едім. Көл айналасын кәрі талдар мен қаратеректер қоршап тастаған болатын. Сол себепті ол ара ұдайы желсіз болып, тіпті күн ашық кездің өзінде тұнжырап тұнып тұратын.

Менің судың дәп жиегінде, жыныс тоғайдың арасында отырғаным сондай, жоғарыдан қарағанда, мүлде көрінбейтін едім. Жағаны жиектей сары құртқа гүл шешек атып тұр, ал одан әрі дай тұнған, терең су түбінен ұдайы ауа шымырлап, ақ көбік болып шығып жатты — шамасы мөңке балықтар лайсаң тұнбаны түрткілеп, қорек іздеп жатса керек.

Жоғарыда, менің үстіңгі жағымда, гүлдер белуардан келетіндей болып қаулап өскен жерден ауыл бадалары қымыздық жинап жүр. Дауыстарына қарағанда, ол арада үш кішкентай қыз бен бармақтай бала бар сияқты.

Екі титімдей қыз өзара сөйлескенде көп балалы аналар даусына салып сөйлеседі. Әсілінде, әрқайсысы өздерінің шешелеріне еліктейтін секілді. Бұл — олардың сондай бір ойыны болса керек. Үшінші қыз болса, ол үн-түнсіз жүреді де сосын кенет жіңішке даусымен: Әуе дабылы безілдеп соққан кезде Сұлу қыз келді жарық дүниеге, — деп ән салады.

Одан арғы сөздерін білмегендіктен, ол біраз үндемей қалады да "ауа дабылы" жөніндегі әнін қайта бастайды.

— Дәбіл! Дәбіл! — деді қыз ашуланып, қарлыққан даусымен. — Бұларды, осы жүгермектерді, бәрінің басын қосып, мектепке даярлау үшін, ұзақты күн ығыр боласың, олар сонда, сол мектептен не үйренеді? Жөні түзу адамға ұқсап сөйлесе де алмайды! "Дәбіл!" демей, "дабыл" деп айту керек. Әкеңе айтармын, бәлем, ол сосын сазаңды береді.

— Ал менің Петькам, әнеугүні, — деді екінші қыз, — екілік әкелді. Арифметикадан. Ал, мен оны ал келіп соқ, ал келіп соқ, тіпті қолым талып қалды.

— Нюрка, сен өтірік айтасың! — деді даусын жуандатып, титімдей бала. — Петьканы шешесі төмпештеді. Аздап қана.

— Мына боқмұрынға қара! Тоқтат сөзіңді! — деп қышқырып қалды Нюрка.

— Қыздар, тыңдаңдаршы! — деді қуана дауыстап қарлыққан қыз. — Ой, сендерге мен қазір бір қызық айтайын! Осы араның бір жерінде, Құс өткелінің маңында бір бұта өседі дейді. Түн түсісімен, әлгі бұта түбінен төбесіне дейін көкпеңбек от болып жана бастайды дейді! Жанғанда қандай! Сөйтіп лаулап тұрса да таң атқанша жанып кетпейді екен. Ал оның қасына бару қорқынышты көрінеді.

— Ол неге жанады екен, Клава, — деді Нюрка үрпиіп.

— Көмбені көрсеткені, — деді Клава. — Оның түбіне қазына көміліпті. Алтын қарындаш. Кімде-кім, сол қарындашты алып, өзінің зәру тілегін жазатын болса, — табанда жүзеге асады дейді.

— Бер! — деді балақай өрепкіп.

— Нені берейін?

— Қарындашшаны!

— Кет әрі, жабыспай!

— Бер! — деймін. — Деп айқайлады да жуан дауыспен құлақ тұндыра жылап қоя берді. — Қарындашшаны бер, оңбаған!

— Ах, сен сөйтесің, ә? — деп шаңқ етті Нюрка, со сәтте шарт еткен дыбыс шықты. — Бұл менің қасіретім ғой! Сені неге таптым мен бейбақ!

Неге екенін қайдам, әйтеуір, баланың үні бірден өшті.

— Ал сен, сүйіктім, — деді Клава көлгірсіген тәтті үнмен, — балаларыңды ұрмағын. Бауырын езіп тастасаң, қайтпексің. Сен, мына мен не істесем — соны істе — оларға ақылыңды айт. Әйтпесе, одан өзіңе де, елге де пайдасы жоқ есалаң өсіп шығады.

— Оны оқытудан не пайда? — деді Нюрка таусылып. — Оқытып көрші кәне! Өзің-ақ азар да безер боласың!

— Қалай оқытпайсың! — деп дауласа кетті Клава. — Оларды бәріне де үйрету керек. Әне, соңымыздан қалмай қойды, қыңқылдайды, ал айналаңа қарашы, бір гүл екіншісіне ұқсамайды. Осындай гүлдер бұл арада жүздеген. Ол нені біледі. Ештеңені де білмейді. Тіпті мына бір гүлдің де не деп аталатынын да білмейді.

— Тауық көз, — деді бала.

— Қайдағы тауық көз, ол — балшытыр. Тауықкөз өзіңсің!

— Бәлшытыр! — деп мәз бола қайталады бала.

— Атаңның басы "бәлшытыр" емес, "балшытыр". Дұрыстап айтсаңшы.

— "Бәлшытыр" — деп асығыс қайталады бала, сосын табанда, ал ана бір қызғылты ше?

— Ол жалбыз. Менің айтқанымды қайтала: жалбыз!

— Түһ, жалбыз! — деп келісе кетті бала.

— Сен түһіңді қой, мені айнытпай қайтала. Ал, ана біреуі тобылғы. Иісі аңқып тұрады! Өзі нәп-нәзік! Гүлін үзейін бе, қалай?

Балаға бұл ойын ұнап қалған сияқты. Ол мұрны пысылдап, Клаваға еліктеп, гүлдердің аттарын қайталай берді. Ал қыз оны шұбыртып ала жөнелді.

— Мынаған қарашы, бұл қызыл бояу. Мына біреуі тұңғиық. Әне бір аппақ қоңырауша гүлі бары. Ана біреуі көкек жанаргүлі.

Мен оны тыңдап, таңғалумен болдым. Қиттай қыз талай гүлді біледі екен. Ол түн аруы — желімсабақтың, қалампырдың, жұмыршақтың, тайтұяқтың, сабыншөптің, әсем құртқашаштың, шүйгін-шөптің, шайқурайдың, сарғалдақтың және басқа да көптеген гүлдер мен шөптердің аттарын атады.

Бірақ осынау ботаниканың таңғаларлық сабағы кенет үзіліп кетті.

— Мен тікенге ұрынып қал-л-дым, — деп бақырып, жылап қоя берді бала. — Мені қайда әкелдіңдер жетелеп, есуастар түге?! Жаудай тікеннің арасына! Мен енді үйге жете алмайтын болдым!

— Әй, тәй тіктер! — деп айқай салды әріректен бір шал Сендер неге балдырғанды ренжітесіңдер?

— Пахом ата, тікенекке соқтыққан оның өзі! — деп айқайлап жауап қатты таза сөйлеудің жақтаушысы Клава, сосын: — О-и-й, ұятсыз! Сен бе, сен кез келгенді өкпелетесің! — деді даусын бәсеңдетіп.

Енді шалдың балаларға таяп келген дыбысы естілді. Ол төменге, көлге еңкейе қарап, менің қармағымды көріп:

— Ана жерде бір адам балық аулап отыр, ал сендер бар әлемді бастарыңа көтердіңдер. Не, сендерге сонда шабындық жетпеді ме?! — деді шал

— Қайда аулап отыр? Маған да қармағын берсінші — мен де аулайын, — деді бала шыдамсыздана.

— Қайда ұмтылдың? Суға ұшып түсерсің, түк естімес сотанақ сол! — деді Нюрка қышқырып.

Балалар көп ұзамай кетіп қалды, сөйтіп мен оларды көре алмай қалдым. Ал, шал болса, жағада тұрып, біраз ойланды да сыпайы жөткірініп, сенімсіздеу үнмен күмілжи тіл қатты:

— Ау, азамат, сізден темекі табылмас па екен?

Мен табылады деп жауап бердім, сол-ақ екен, шал төңіректі үркіте сатырлатып, қожақат бұталарын қармап, жарқабақтан сырғанақтай түсіп келе жатып, шайтанды да сықпырта балағаттап, шылым шегу үшін менің қасыма да жетті.

Шал құйтақандай әлжуаз кісі екен, бірақ қолында селебесі бар екен. Ол былғары қынға салыныпты. Қария мені жөпелдемеде сол селебеден беймаза күйге түсер деп, ойлап, салған жерінен:

— Мен тал шыбығын кескелі келіп едім. Себет пен сүзекі үшін. Аздап тоқитыным бар, — деді жеделдете сөйлеп.

Мен шалға осы арада тамаша бір қиттай қыздың болғанын, оның барша гүлдер мен шөптерді білетінін айттым.

— Ол Клавка ма? — деді шал. — Ол колхоздың ат бағушысы Карнауховтың қызы ғой. Ол неге білмесін, оның әжесі бүкіл облыстың ең бірінші шөп балгері емес пе?! Сіз сол әжеймен сөйлесіңіз. Жалықпайсыз. Иә, — деді ол сосын сәл үндемей қалып бір күрсінді. — Әрбір гүлдің өз аты бар...Паспорттандыру деңіз мұны.

Мен оған таңырқай қарадым. Шал тағы да шылым сұрап алды да кетіп қалды. Ұзамай мен де кеттім.

Мен тоғайдан шалғындағы жолға шыққан кезде, алдымнан сонау қашықтан кішкентай үш қызды көрдім. Олар гүлдерді бір-бір құшақ етіп, алып бара жатыр екен. Олардың біреуі басына үлкен картуз киген жалаңаяқ бармақтай баланы қолынан жетектеп бара жатты.

Титтай қыздар тызақтап барады. Өкшелері қараңдап көрініп бара жатты. Сосын:

Әуе дабылы безілдеп соққан кезде Сұлу қыз келді жарық дүниеге, — деп әндеткен жіңішке дауыс естілді.

Күн дөңгеленіп, Оканың ар жағына, Есенин селосынан әрігеректе ұясына қоның бара жатып, қиғаш түскен қызғылт сәулесімен шығыста созылып жатқан қара орманды нұрландырып тұрды.

Аударған Әбілміжін Жұмабаев


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз