Өлең, жыр, ақындар

Михаил Пришвин

Егер табиғат өзінің өмір тіршілігіне іштей еніп, оны жырлаған кісіге алғыс айтуды сезінетін болса, жұрттың бәрінен бұрын бұл алғыс Михаил Пришвиннің үлесіне тиер еді.

Михаил Михайлович Пришвин — бұл оның қала үшін айтылатын есімі еді, ал Пришвин өзін үйіндегідей сезінетін жерде — орман күзетшісінің үйлерінде, тұман басқан өзен өңірлерінде, түздегі орыс аспанының қара бұлттары мен жұлдыздары астыңдағы жұрт оны қарапайым ғана "Михалыч" деп атайтын. Ал, егер осы бір кісі, оның "тырналары тыраулаған отанын" есіне салатын бір ғана нәрсе, қаңылтыр шатырларының астына ұя салатын қарлығаштары бар қалаларға кетіп қалғанда кәдімгідей қынжылатын.

Пришвиннің ғұмыры, өскен ортасы — кісіге зорлап таңатын керексіз нәрсенің бәрінен арылып, "жүрек қалауымен" өмір сүрудің үлгісі. Мұндай өмір салтының мән-маңызы ақылға қонымды. "Жүрек әмірімен", өзінің ішкі дүниесімен келісе отырып, өмір сүретін адам — әманда жасампаз, байытушы және суреткер.

Егер ол агроном (бұл оның бірінші мамандығы) болып қала бергенінде, Пришвиннің өз ғұмырында не жасайтыны мүлде белгісіз болар еді. Бірақ оның миллиондаған адамдарға орыс табиғатын аса нәзік, шуақты поэзияның ғажайып әлемі ретінде ашып көрсетуі екіталай болатын еді. Бұған оның уақыты да жетпес еді. Табиғат бізден жазушының жан-жүрегінде, сол табиғаттың "екінші әлемін" жасау үшін, бір сөтке болса да үзілмейтін, мігірсіз ішкі жұмыс жасауды, сонымен бірге байыпты, жіті көзді талап етеді, сонда ғана ол бізді жаңа ойларымен байытады және оның суреткер көрген сұлулығымен бізді игі де ізгі сезімге бөлейді.

Егер Пришвин жазған дүниенің бәрін ынта-ықыласпен ұқыптап оқып шықсаңыз, оның өзі айқын көрген және жете білетін дүниелерінің жүзден бірін де айтып үлгірмегеніне анық көзің жетеді.

Пришвин тәрізді шеберлер үшін, және ағаштан күзде ұшып түсетін әрбір жапырақ жөнінде тұтас бір поэма жаза алатын шеберлер үшін, бір ғана ғұмыр өте аз. Ал бұндай жұлынып түсіп шығатын жапырақтар көп қой. Жазушылардың айта алмаған қанша ойын алып, қанша жапырақтар ұшып түсті десеңізші — бұл әлгі Пришвин айтатын, ешбір күш-жігерсіз, жапырақ тәрізді, ұшып түсіп жататын ойлар ғой баяғы!

Пришвиннің тегі орыстың ежелгі қаласы Елецтен. Бұл арадан дәп Пришвин сияқты, табиғат пен адамның ой толғаныстары мен көңіл күйлерін үйлестіріп жарастырған Бунин де шыққан.

Мұны немен түсіндіруге болады? Бұны, тегі, Орлов аймағының шығыс білегінің табиғаты, Ельц төңірегінің табиғаты мейлінше орысқа тән қарапайым да кедейлеу болып келетінімен түсіндіруге болатынымен анық. Міне, Пришвиннің жазушылық жітілігі, көргіштігі, оның осы қадір-қасиетінде, тіпті оның біршама қаталдығында жатса керек. Жай ғана айтыла салған сөзден туған жердің күллі ажар-көркі анық көрінеді, кісінің жанары да өткірленіп, ой-пікірі де жинақтала түседі.

Қарапайым сөз кісі жүрегіне, көзді қарып түсетін жарқылдан — бояулар байлығынан, батар күннің бенгал отынан, жұлдызды аспанның жайнаңдауынан, ыстық үйек өсімдіктерінің, қуатты құлама суларды еске түсіретін лактелген түр-түсінеп, жапырақтар мен гүлдердің тұтас бір Ниагарасынан — әлде қайда күшті де молырақ әсер етеді, сыр шертеді.

Пришвин туралы жазу қиын. Оның айтқан сөздерін өзің үшін, қойын дәптеріңе жазып алып, қайталап оқып, әрбір жолынан соны құндылықтарды іздеп тауып, әдетте, біз, елеусіз білте сүрлеулерімен бұлақтары былдырап сөйлеп жататын, сан алуан шөптері хош иісін аңқытып тұратын ну орманға қалай кіріп кететін болсақ, оның кітаптарына да тап солай кіріп, осынау ақыл-санасы да, жан-жүрегі де мұнтаздай таза адамның әр түрлі ой-пікірлері мен жай-күйінінің тереңіне шомылғанымыз дұрыс-ақ.

Пришвин өзі туралы "проза айқышына керіп тасталған" ақынмын деп есептейтін. Бірақ ол қателесуші еді. Оның прозасына, көптеген өлеңдер мен поэмалардан гөрі, поэзияның нәр-сөлі әлдеқайда көбірек дарыған болатын.

Оның өз сөзімен айтсақ, Пришвиннің кітаптары — "бұл үздіксіз жаңалықтар ашудың шексіз қуанышы".

Пришвиннің кітаптарын жаңа ғана оқып шыққан кісілерден: "Бұл нағыз дуалау!" деген сөздерді бірнеше рет естігенім бар.

Солармен әңгімелесе келе мен анықтаған бір нәрсе, бұл сөздерден олар түсіндіруге келе бермейтін, бірақ кісіні таңғалдырып тәнті ететін Пришвинге ғана тән қасиетті ұқса керек.

Оның сыры неде? Бұл кітаптардың құпиясы қандай? "Дуалау", "Сыйқырлық" деген сөздерді одетте ертектерге апарып телиді. Бірақ Пришвин ертекші емес. Ол жер басып жүретін, "жер-ананың" адамы, әлемдегі, өзінің айналасында болып жатқан тіршіліктің куәгері.

Пришвиннің кісіні еркін баурап алушылығының, оның "дуалағыштығының" бір сыры -жіті көрегендігінде.

Бұл — әрбір қиттай нәрсенің қызықты жағын бірден ашатын жітілік, өзімізді қоршаған үйреншікті құбылыстар астарынан терең мазмұнды көре білу.

Пришвиннің бар дүниесі, шық қонған шөптей, поэзиямен жалтылдап тұрады. Көктеректің қалтырауық бір жапырағы өз өмір-тіршілігімен әуре.

Мен Пришвиннің кітабын алып, ашып оқи бастаймын: "Түн тап-таза, шар-айнадай ай астыңда өтті, ал таңертеңгілік жер бетін бірінші аяз қарыды. Бәрін де боз қырау басты, бірақ шалшық сулар қатпады. Күн шығып, жерді жылыта бастаған кезде, ағаштар мен шөптер лезде шыққа малынып шыға келді, ал қара орманнан шырша бұтақтарының нұр сәулелі өрнектерімен сығалап қарағаны сондай, оны өңдеуге біздің барша жеріміздің алмаздары жетпес еді?

Осынау шын мәніндегі алмаз үзіндіде бәрі де жай сөзбен дәлме-дәл жазылған және ол өлмейтін поэзияға толы.

Осы бір үзіндідегі әрбір сөзге абайлап қараңызшы, сонда сіз Горькийдің, Пришвин "қарапайым сөздердің ептейлі үйлесімінің бәріне сипап көруге болатын физикалық қасиет бере алатын" шеберлігі жөнінде айтқан сөзімен келісе кетесіз.

Бірақ бұл да аз. Пришвиннің тілі — халықтың тілі. Ол тек орыс адамының табиғатпен тығыз аралас-құралас жүруінен, халық мінез-құлқының қарапайымдығы мен даналығынан құралуы мүмкін еді.

"Түн таза шар айнадай ай астыңда өтті" — деген бірнеше сөз ұзақ түннің ұйықтап жатқан ел үстінен үн-түнсіз баяу ағып өткенін айқын береді. Және "аяз қарыды", "ағаштар шыққа малынып шыға келді" — осының бәрі біреуден естіген не жазу кітапшасынан алынған сөздер емес, халықтың, өзінің жеке меншікті жанды сөзі. Өйткені Пришвин халық адамы болатын, ол әсте өзінің жазатыңдары үшін, со халықты бір бүйірде тұрып бақылаушы болып көрген емес, бір өкінішті жері жазушылардың көбі осы халді жиі-жиі бастарынан өткереді ғой.

Ботаниктерде — әр түрлі шөп деген термин бар. Әдетте бұл сөз гүлдеп тұрған шалғындарға айтылады. Әр түрлі шөп өзен жайылмаларын қуалай қаулап өсетін алуан түрлі жайнаң көз гүлдердің жамырай тоғысуы.

Пришвиннің прозасын орыс әдебиетінің әр түрлі шөптері деп атауға толық қақымыз бар. Пришвиннің сөздері шешек атып, жайнап жатады. Олар бірде шөп сияқты сыбдырлайды, енді бірде бұлақтар тәрізді былдырлайды, тағы бірде құс сияқты шырылдасады не алғашқы мұз тәрізді шатырласады, ақырында жұлдыздар ағысы секілденіп, біздің жадымызға тізіліп келіп жайғасады.

Пришвин прозасының дуалылығы оның кең көлемді білім-білігімен айқындала түседі. Адам білігінің кез келген саласында түпсіз тұңғиық поэзия бар. Ақындар мұны баяғыда-ақ түсінуі керек еді.

Егер ақындар астрономияны жақсы білсе, олардың тым жақсы көретін жұлдызды аспан тақырыбы бұрынғысынан да байып, көркейе түсер еді-ау.

Жұлдыздары атсыз болғаны себепті сұрықсыз болып көрінетін аспан бір басқа да, егер ақын жұлдызды аспан әлемінің заңдарын білетін болса, онда айдын қол суында қайдағы бір белгісіз жұлдыздар шоғыры шағылысып тұр ма, әлде айшуақты Орион- Үркер шағылысып тұр ма — оны білу мүлде басқа мәселе ғой.

Біздер үшін, ең болмашы білімнің өзі, сұлулықтың жаңа бір саласын ашатыны жөнінде мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бұл туралы әркімнің өз тәжірибесі бар.

Соған дейін маған кездейсоқ болып көрініп келген бір құбылысты Пришвиннің бір ғана жолы түсіндіріп бергені енді қазір ғана есіме түсті. Ол тек түсіндіріп қана қойған жоқ, және оны заңды әсемдікпен байыта түсті деуіме де болар еді.

Мен Оканың су жайылатын шалғындарының кей жерінде гүлдердің әдейі қолдан еккендейін, жеке бір шоғыр болып өсетінін баяғыдан бері байқаған едім, ал тағы бір жерлерде кенет кәдуелгі шөптер арасынан бір түсті гүлдердің, ирелеңдеген желемік тәрізденіп, шубатылып жататынын көргенмін. Бұл әсіресе көлтабан мен батпақты саздарды сары масадан арылту үшін тозаңдандыруға келетін кішкене У-2 ұшағынан анық көрінетін.

Мен со бір хош иісті, бітік өскен биік гүлдерді сан жылдар бойы бақылап, таңғалып, тәнті болып жүретінмін, бірақ бұ құбылысты немен түсіндірерімді білмейтінмін. Шынымды айтсам, ол туралы ойланып-толғанбаппын да.

Міне, енді мен ақырында Пришвиннің "Жыл мезгілдерінен" мұның түсінігін таптым, "Гүлдердің өзендері" атты титімдей бір жолдық үзіндіден:

"Көктем тасқыны шауып өткен жерлерден, енді қазір гүлдер тасқыны көрінеді".

Мен мұны оқып шығысымен, көктемде еріген қар суы ағып өтіп, артыңда құнарлы ұйық қалдырған жерлерде ғана, гүлдердің танап-танап болып, қуалай өскенін көріп, бәріне де бірден түсіне қойдым. Бұл, тегі, көктемгі тасқындардың гүлді картасы іспеттес еді.

Мәскеуге жақын жерден Дубна өзені ағып өтеді. Оның бойында адамдар мыңдаған жылдардан бері тұрып келеді, бұл елдің бәріне белгілі, картаға да түсірілген. Ол қымыздық басып кеткен Мәскеу тоғайларының ара-арасымен, көкшіл адыр төбелер мен далалар арқылы, Дмитров, Вербилок, Талдом секілді көне қалалар мен селоларды жанап, баяу ағып жатады. Бұл өзен жағалауында мыңдаған адамдар болған. Олардың арасында жазушылар, суретшілер мен ақындар да бар еді. Бірақ солардың ешқайсысы да Дубнадан сипаттауға тұратын айрықша бірдеңені де байқамады. Оның жағасымен ешқайсысы, бұл әлі ашылмаған ел екен-ау деп, жүріп өтпеді.

Бұны Пришвин жасады. Оның қаламы арқасында қарапайым Дубна — өзінің айрықша тіршілігі, өсімдіктері, өзіне ғана тән бірегей ландшафтысы, өзен өңірі тұрғындарының өзіндік тұрмысы мен тарихы бар — бұлдыр тұман мен батар күннің шапағы қоздап жататын, жағрафиялық олжадай, еліміздің аса қызықты өзендерінің бірі ретінде, ашылған жаңалықтай болып, жарқырап шыға келеді.

Бізде Тимирязев, Ключевский, Кайгородов, Ферсман, Обручев, Мензбир, Арсеньев, өсімдіктер өміріндегі көктем мен күз туралы әрі ғылыми әрі тартымды кітапты жазып, жастай қыршынынан қиылған биолог Кожевников сияқты ғалым-ақындар болған және қазір де бар.

Бізде өздерінің повестері мен романдарына ғылымды прозаның аса қажетті қасиеті ретінде шеберлікпен енгізе білген Мельников-Печерский, Аксаков, Горький, Пинегин тәрізді басқа да жазушылар болған және бүгін де бар.

Бірақ осынау жазушылар арасында Пришвин айрықша орын алады. Оның этнография, фенология, ботаника, зоология, агрономия, метеорология, тарих, фольклор, орнитология, жаграфия, өлкетану және басқа ғылымдар саласындағы аса мол білім-білігі оның жазушылық ғұмырына табиғи түрде еніп келеді. Олар әлі жүк ретінде, босқа жатпайды. Олар оның тәжрибесімен, бақылағыштығымен, үлкенді-кішілі және бәрі бірдей тосын келетін мысалдардың бәрінен ғылыми құбылыстарды көретін құнарлы қасиетімен үздіксіз байып, өмір сүріп жатады.

Пришвин адам туралы жазғанда, өзінің көргіштігін бүркеп, көзін сығырайта отырып жазатын тәрізді. Оны заттың жел айдап келген сыртқы қабыршағы қызықтырмайды. Оны op адамның — ол, мейлі, балташы ма, етікші ме, аңшы не әйгілі ғалым ба — бәрібір, әйтеуір соның әрқайсысының жүрегіндегі арман-қиялы қызықтырады.

Адамның көңіл-көкірегінен оның аяулы арманын сыртқа шығару — міндеттің үлкені осы. Ал бұны жасау — қиын-ақ. Адам арманынан өзге ештеңені де жанының тереңіне жасырмайды. Бәлкім, бұл оның зәредей де болса, күліп мазақтағанды, тіпті әзілдің өзін жақтырмайтынынан, әрине, енжар қолдың сипағанына мүлде шыдамайтынынан болса керек.

Тек пікірлес кісіңе ғана арманыңды қысылмай айтуға болады. Біздің беймәлім арманшыларымыздың пікірлесі Пришвин еді. Тым болмаса оның Марья тоғайында тұратын етікші-ісмерлер жөніндегі "Башмақтар" әңгімесін еске түсірелікші, олар коммунистік қоғамның әйелдеріне арнап, әлемдегі ең әсем, ең жеңіл етікті тігуді ойлаушы еді ғой.

Пришвиннен кейін оның соңында қыруар жазбалары мен күнделіктері қалды. Сол жазбаларында Михаил Михайловичтің жазушы шеберлігі жөнінде көптеген ойлары бар. Ол табиғатқа қатысы туралы қандай көреген болса, бұл істе де сондай көреген болды.

Меніңше, прозаның қарапайымдылығы жайлы ой-пікірінің дұрыстығы жөнінен Пришвиннің мына бір әңгімесі үлгі бола алады. Ол "Шығармашы" деп аталады. Хикаяда жазушының қойшы баламен әдебиет туралы әңгімесі айтылады.

Бұл әңгіменің жайы мынадай. Қойшы бала Пришвинге былай дейді:

— "Егер сен шындықты жазсаң ғой, әй, бірақ қайдам, бәлкім, бәрін де ойдан шығарған шығарсың?

— Бәрін емес, бірақ азғантайын, — дедім мен.

— Мен болсам ғой, қатырып жазар едім!

— Бәрін де шынайы етіп пе?

— Бәрін де. Мәселен, түн туралы жазар ем, түннің сазтабанда қалай өтетіні туралы.

— Иә, қалай өтеді?

— Дәп былай өтеді. Түн. Әйдік бұта, әйдік болғанда қандай, шұңғыманың қасында. Мен бұта түбінде отырмын, ал үйректің балапандары: шиқ, шиқ, шиқ.

Үндемей қалды. Мен — ол сөз іздеп отыр, әлде бір бейнені айтқысы келе ме. Әне оянды, сыбызғысын суырып алып, жетінші тесікті жасай бастады.

— Ал одан әрі не болды? Сен шынымен-ақ түнді көз алдыма келтіремін деп едің ғой, — дедім мен.

— Ay, мен келтірдім ғой, — деді ол — Бәрі де рас. Әйдік бұта, әйдік болғанда қандай! Мен соның түбінде отырмын, ал үйректің балапандары, түнімен — шиқ, шик, шиқ.

— Тым қысқа ғой.

— Сен не, қайдағы қысқа, — деп таңғалды қойшы бала, — түні бойы бір тынбайды — шиқ, шиқ, шиқ.

Бұл әңгімені ойластыра келе:

— Қандай жақсы! — дедім мен.

— Қалай жаман болсын, — деді ол".

Өзінің жазушылық жұмысында Пришвин жеңімпаз болды. Оның: "...Егер сенің жеңісіңнің куәсі тек жабайы сазтабан ғана болса да, солардың өзі де ғажайып сұлулығымен гүлденіп шыға келеді, — сонда нұрлы көктем өзіңмен мәңгі бірге қалады, сол нұр көктем, жеңістің даңқы арта берсін!"

Иә, Пришвин прозасының көктемі біздің адамдардың, советтік әдебиетіміздің өмірінде мәңгі қала бермек.

Аударған Әбілміжін Жұмабаев


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз