Өлең, жыр, ақындар

Тіс

Берікке күнде таңертең ерте тұрып тісін тазалап жүруді айтқалы қашан? Құлағына сөз кіргізе алмаған әке-шешесі ақыры шаршап тынған-ды. Бірақ, бір күні сол жалқау Беріктің аяқасты тісін ысып, тазалап жуа бастағанын көрген де, үйдегілер таң-тамаша болды. Әуелі шешесі байқапты.

— Сен бірдеңе дедің бе... Берік кешелі бері ерте тұрып тісін шайып жүр ғой? — деді ертеңгілік шай үстінде отырғанда отағасыға.

— Жоқ-а! Айта-айта жалығып, қойғалы қашан! — деді отағасы таңданып. — Оған не боп қалды екен?

— Білмедім... Мен де айтуды баяғыда қойғам... Әлде тісі ауырды ма екен?

Сұрауларына жауып таппаған екеуі аңтарылған күйлерінде жұмыстарына кетіп еді, кешке қарай үйге келген соң, таңданысты әңгіме қайта жалғанды.

— ... Әлде тісі ауырды ма екен? — деді басқа себеп таба алмаған шешесі ақырында таңертеңгі тұспалын тағы қайталап.

— Жоқ. Оның тісі ауырған жоқ. Алмастың тісі ауырған, — деді осы кезде мектептен ерте келген бірінші сынып оқушысы кішкене Ерік сөзге араласып.

— Алмас деген кім еді? — деді әкесі Еріктің бір нәрсені білетінін аңғарып.

— Ол деген Берік ағаммен бірге оқитын бала.

— Оның тісі қашан ауырыпты? — деді шешесі әңгімені ары жалғап.

— Оның тісі алдыңғы күні ауырыпты. Мектепте жүргенде су ішкен екен, қатты қақсапты. «Ол жылады» дейді Берік ағам. Артынан оны тіс дәрігеріне апарыпты. Дәрігер оның тісін бірдеңемен шұқылап, одан ары ауыртыпты. Артынан «тісіңді жұлу керек, әке-шешеңді ертіп кел» депті. Екеуі Алмастың үйіне келіп, әкесін ертіп апарыпты.

— Содан кейін?

— Содан кейін Алмастың тісін жұлыпты. Алмас қатты жылапты. Берік ағам қорқып кетіпті...

— Содан...

— Артынан Берік ағам дәрігерден Алмастың тісін неге жұлып тастағанын сұрапты. Сөйтсе, дәрігер «Алмастың тісін құрт жеп қойыпты» депті. Берік ағам дәрігерден «Құрт неге жеп қояды?» деп сұраған екен, дәрігер «Алмас тісін дұрыс күтпеген. Күнделікті тазалап жүрмеген» депті. «Тісті жумаса, құрт жеп қоя ма?» деп сұрапты Берік ағам тағы да. «Иә, — депті дәрігер. — Егер тісті жақсы күтпесе, шіріп кетеді. Шіріген соң ауырады» депті... Бұның бәрін маған Берік ағам айтып берген. Ол тағы «бұдан кейін екеуміз тісімізді тазалап, жуып жүрейік» деді. Тіс ауырған жаман екен. Екеуміз күнде тісімізді жуып жүрміз.

— Бұлай болғанда, аузын шаймайтын балаларды тіс емдейтін жерге апарып, тісі ауырғандарды көрсету керек болды ғой, — деп күлді әкесі.

— Бәсе, — деді шешесі Еріктің басынан сипап қойып. — Бұған  аяқасты қайдағы ақыл кіре қалды десем...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз