Өлең, жыр, ақындар

Өлеңті жағасында

1

Жаз күні еді...

Әр жерде бүліншілік. Талан-тараж.

Жайық жағасын қаптаған ақ банды, ойда бой тасалаған бөрідей қырдағы елге тұра бас салады. Бұл іштен шалған жау, әсіресе Жымпиты уезінің берекесін қашырып жатты.

Жас өкіметтің жас қайраткерлерінен қарулы жасақ жасақталған. Сол отряд аяқ астынан шыға келетін жаудың жолын бөгеп, уезд орталығын қорғауға кіріскен-ді. Бастығы: аққұба, ұзын бойлы, жап-жас жігіт. Жауынгерлері өңкей қазақ. Бәрі де оқыған жастар, жас жігіттер.

Қаладан шыққанына бірнеше күн өтіп кеткен. Кең өңір. Елі сирек. Жері ойлы, адырлы. Кейде тау-жондар көлденеңдеп жатады. Отряд сондай бір жонға беттеп келе жатты. Алдын барлауға екі кісі ілгері озып еді, олардың қарасы әлдеқашан үзіліп те кетті.

Отряд заулап жүріп келеді.

Шеткерірек келе жатқан екеудің бірі Халит Мұхамбетов. Қара торы, ет-бетті жас. Уездік Ревком қызметкері, отрядті жасақтаушылардың бірі. Жасырын хабарға қарағанда: Совет өкіметіне қаны қас атты казактардың қалдығы бас қосып уезд орталығын шауып алу қаупын туғызған. Сондықтан бұл «Ілбішін жақтан шықты» деген талаушыларды күдікті-күдікті жерден тосқауылдап, кездескен жерде соққы беріп, онан әрі қудалау мақсатын қойған.

— Бүгін Алмаз тауына жетіп түнемесек бас кесерлер алдымызды орап кетуі мүмкін, — деді Халит, өзінен жасы үлкен арық өңді Мүтиге.

Мүти тура жауаптың орнына қаскүнемдердің әдісіне көшті.

— Атты казактар ежелден қасқыр құлықты. Бұлар із тастап жаңылыстыратын жыртқыш сияқты. Тура солай. Қазір бір бүйір кетіп, ойда жоқ жерден бас салу үшін бетті мүлдем басқа жаққа бұрған. Мұнысы айла, — деп, бір қойды ол.

— Сонда аттың басын бура сала кері серіппекші ме?

— Иә. Жұрт: «Беті басқа жақ. Уезге соқпай бір бүйір кетіп бара жатыр» деген хабар берді ғой.

— Бастық жігіт қалай дейді?

— Оған да мен осыны айттым...

— Ол да осы болжалды қолдай ма?

— «Тап солай. Мен білемін ғой олардың сырын», — деді.

Жол созыла берді. Күн екіндіден төмен құлап, түскі ыстық лепті бәсеңдеткендей. Кенет алдан самал жел де үргілей бастап, булығып келе жатқан аттың да, адамның да тынысы кеңейіп жүре берді.

Қағу жел. Ұшқыр ат. Лекіген жүріс. Кең дала. Ерікке қоймай әлдеқайда сүйрейді.

Алыстағы үмітке, жұмбағы мол сайранға жетелейді!..

Әзіл-қалжың мен тіл қағысу, бөрік алып қашу мен аударыспақ ойнау да сол сайранның басы.

Зейнедден Ақназаров өзі алғыр, өзі албырт өскен жас. Алты жылдық Орыс-Қырғыз мектебінде өзімен бірге оқыған балаларға «зорлық» жасау оған өнер болып кеткен-ді. Мына келе жатқандардың бірқатары сол кезде алысқанда Зейнедденге әлі келмей астына түсіп, талай-талай учительге шағымға да барғандар. Қазірде Зейнедден алдына адам салмай келе жатыр. Қуып жеткендерінің бас киімін қағып алып келеді. Жармасқандарды аударып тастау ниетінде ойқастап шауып, тізгініне жармасады... Жеткізбегендерді қиқулап қуады. Алда қатерлі, әрі айлалы жау — жарағы сай, қыраттың бауырын, таудың қойынын сағалап бұқпантайлап жүрген жау барын ұмытқан жандай жайбарақат. Даланың дарқан құшағында именбей өскен перзенттер. Етек-жеңін жимай, бұғып бой жасырмай заулап келе жатты. Ат тұяғы майда тастарды асықтай шүйіріп өрге де аяң салды. Қыратқа шыққан сайын төменде қалған ойпаң жерлер дөңгеленіп, тостағанның түбіндей шұңғылданды.

Алда келе жатқан Зейнедден бір кез кілт тоқтап, қыраттың қылыш қырына көзін шүйді. Шүйді де атының басын кері бұрып кейіндегілерге:

— Түйдектелген шаң... шаң астында шапқан аттылы! — деп айқай салды.

Ат басын тежей қалған жауынгерлер тегісінен шаң шыққан жаққа көздерін тікті: құйын-шыбын болып, бәйгеге шапқандай үзеңгі қағысып келе жатқан барлаушылар бұрқыраған тозаңнан бөлініп шыға берді; отряд бір «бәле »барын бірден сезді. Алға кеткен жігіттерін үнсіз, тағатсыздана күтті...

2

Алмаз тауы деген қылыштың қырындай-ақ қырқа, бірақ биік қырқа. Басын бұлт құшақтап жатпаса да оп-оңай асу емес. Бір ғажайып белгісі — тұмсығы кірпінің тұмсығындай сүп-сүйір және екі жерде ақ бор тас бар. Алыстан қарағанда бұл бейне бір жаны бар нәрсе дерлік. Көрінім жерден бор тастар көз сияқты да, ал, өзі көлбеп жатқан жыландай, құйрығы да иірім-иірім болып тепсеңге ұштасады.

Отряд күн батыс бетінде келе жатты. Ал, күн шығыс жағындағы қойнауда құрттай құжынаған ақ бандылар еді. Екі арадағы қырат құрып қойған шымылдықтай, үстінен шығып қалмаса жан көрінбес таса. Түн қатып, қаланың күлін көкке ұшырмақ болып бандылар осында бой тасалаған-ды.

Жан бармас, жан жүрмес қуыста мәз-мәйрам болып сырнайлатып, біреулері би билеп жатты. Сотқарлықты көксеген кейбір жастары өрістегі қоралы қойға шауып, ат үстінен семіз сектерді найзамен шанышып ұстап, есі шығып кеткен қойшыларды атпен қайырып әкеліп екі қолын артына байлап, көзін орамалмен таңып әлек етті. Атқа өңгеріп әкелген қойын қазан, шелектеріне тоғытады. Көптің арасындағы қолы сұғанақ жебірлері жолда ат шалдырып азан-қазан етіп кеткен ауылдардан іліп шыққан «табыстарын» қалталарынан суырып, кілем-қоржындарына тоғытты, кемпірлерді күрсіндіріп «жұлып-жұлқып» тартып әкеткен күміс теңге мен сақина-сырғаларды да сонда түйіншіктейді. Не керек тау-қырқаның оңаша қойнауын сайранды саяхатқа айналдырып жатты...

Бұлар сол өлкені басып-жаншып келген, белгілі бай, атты казактардың мұнан екі жыл бұрын бұғып қалған сотқарлары болатын. Жайық өзенінің арғы бетін тазартқанда жағалай жатқан станицалардың түкпір-түкпірін паналап жан сақтап, Қызыл Армия кеткеннен кейін бірі жер жыртушы, бірі сиыр бағушы болып, бірақ жұмыс басында тығулы қару-жарағы дайын, «ауа-райын» аңдыған баскесерлер еді. Түн жиналып, күн қарауылдап, мұнан үш күн бұрын жиынып-түйініп бас қосып, Ілбішіннен жылжып уезд орталығын алыстан орап талқандауға келе жатқан жалаң қылышты үш жүздей аттылы бұқпа жаудың ақырғы шапқыншылары болатын.

Қырқадан асып түсіп қасқыр көргендей тұра қалған екі аттылыны олар бірден таныды:

— Смотри, киргиз!

— Разведчик!

— Большевик! — дес-ті дереу ат тізгіндеріне жармасып.

Орта бойлы, күрең сақалды атаманы дүрбімен қарай салып:

— Василий, на коней. Желкесін қиып, басын қолына ұстат! — деп ұзын бойлы жас казакқа команда берді.

Бір жағынан үрейлі, екінші жағынан өшпенді «большевик» деген қаһарлы сөз сақалды-сақалсыз қаны қатқан жандарды бөріктіріп те жіберді: аттарын ысқыра тебініп бірден шоқыта жөнелген Василийдің дүрмегінен кейін қалғандарының арқасы қозып кеткендей, көзді ашып-жұмғанша қару-жарақтарын сарт та сұрт тағынып та алды.

— Жаппай атқа қоныңдар! Жау-жорық жайғасуды сүймейді! — деді тағы да атаман.

Кешікпей жүрісі тосын, жүзі суық, жорыққа үйренген атты казактардың түстенген жерінде шала желінген тамақтың қалдығы, бықсыған түтін, қоңыраған тандақ, тартқан махорканың күйік түбіршігі мен тамақ қырарлық ащы иісі ғана қалды...

3

Төмендегі қойнауды тұтас алып, бейне бір құжынаған құмырсқаның илеуіндей, бірі секіріп, бірі отырып, біреулері мосы құрып қазаншықтарына ас қайнатып, біреулері жалаң қылышпен әлденені қырқып жатқан казактарды көргенде барлаушы екі жігіт шошып кетіп еді. Олардың ойынша «банды» деген бірнеше адам, ең көп болса он-он бес кісі. Тіпті топтанған атты казак шапқыншылары да отыз-қырықтан аспайтын шығар дейтін. Ал, мына есепсіз нөпір адамды шыбын жанынан түңілтерлік...

Не күшті — адамшылық борыш күшті. Әсіресе, қаннен-қаперсіз жатқан момақан халықты тонағыш бас кесерлерден қорғау борышы өзгеше.

— Санын білу керек, қосшы бала, мына дінсіздердің, — деді, барлаушылардың байсалды пішінді үлкендеуі.

— Қалай санамақпыз мына қарақұрымды? Бізді көре сала ат тізгініне жармасып жатыр, қазір қумақшы ғой бізді, — деп жауап қатты екіншісі, айнала жалтақ-жұлтақ қарап.

— Арамыз алшақ... Ұстатпаймыз... Аттарын санайық — сен оң жақтағы топты, мен мына жағын...

Екеуі екі шетінен көзбен аттарын санай бастады да, лезде аттарына міне сала өздеріне ұмтылған казактарды көріп, жалма-жан кері шапты.

— Мен жүзден асырдым оң қолдағы аттардың санын.

— Мен... екі жүз бар-ау деймін бергі қалың шоғырды.

— Ойпырым-ай мынау сөкет!..

— Сөкет емес, онан да сұмдық!.. Бетін аулақ қылсын құдай мыналардың, егер уезге шапса тып-типыл етер!

Шауып келе жатып екеуі осылай қағысып еді.

Бұларға қарсы шауып, алдымен жеткен Ақназаровқа екеуі қосарлана:

— Зейнеке, сұмдық! Үш жүзге аяғын да жимас... Қаптап келеді. Жер қайысады. Әне! Әне, алдыңғы бізді қуған топтың соңынан қара-құрымы да қозғалды... — деп ентікті.

Зейнедден кері шауып аң құба бастық жігітке мәлімдеді.

Отряд қарсыласу әрекетіне кірісті.

— Әттең зеңбірек болса! — деді Халит.

— Зеңбірегің не, шырағым-ау? Пулемет болса десейші, — деп Мүти оның сөзін жөндеп еді, — өте семіз, қарауға нарттай, әрі ірі Қожанияз:

— Мыналар пулеметке де қарамас. Атакалауға айналды... Қылыштарын көрдің бе үйірген, күнге шағылысады, — деп мылтығын кезеніп, қатарынан екі рет атып-атып жіберді.

Жеті-сегіз шақырым жердей қырқаның басынан төмен құлдилаған казактарға оқтың дару-дарымасы да неғайбыл еді. Сонда да Қожаннязға ілесе, дүркін-дүркін атыс та басталды. Аздан кейін мылтықтың түтінімен көгілдір тұман көтерілді. Жау беттегі алыстан шыққан дүңкіл-дүбірге қосыла, нысанасына жетпей баурайдағы тасқа тиіп «шың» еткен отряд оғының нәзік дыбысы да құлаққа шалынғандай. Тасқа соқпағаны төмпе басын «бұрқ» еткізіп жерге сіңіп кетеді. Түнерген бұлттай ақырын жылжып, бірте-бірте төне түскен қатары қалың банды көп уақыт өтпей ыдырап, тұс-тұстан лап беріп, «атойлауға» кірісті. Үркердей шоғырланған шағын отрядті қоршап алу үшін олар үлкен сүзбе аудай қос қанатын алыстан жайып, қыспаққа ала бастады. Екі ара көрер көзге тарыла берді. Алыспен төтеп бере аларлық емес, бірен-саран оққа ұшқанына қарамастан жау қарсы жуықтап та қалды. Тіпті, күн көзіне шағылысқан жалаң қылыштың жарқылы жан түршіктірерлік...

Жеңіл қарулы комотрядтің бір тізбектен ғана патроны бар еді, енді оның да ақтық обоймасы мылтық көмейіне күмпіді.

— Жігіттер! Жау саны бізді төрт орап алғандай. Қалған оқ бүркуге де келер емес. Сондықтан кері шегіну қажет. Бірақ, дүркіреп қаша жөнелмей, сирек атсақ та қайырылып ұрыс салуымыз керек. Қайрат көрсете шегінуге тырысайық, — деді отряд бастығы.

Сөйтіп, отряд аттың басын кері — келген кең жазыққа бұрды. Ендігі амал — жеңу емес, әлдеқайда күші басым жаудан бас қорғау болды. Оларға қолға зорға түскендей ауыр хал кездесті.

Коммунистер отряді беті ашық кең жазыққа қарай қайырылып атысып, бес шақырымдай жер шапты. Бірақ шаңқай түстен күн еңкеюге құлағанша шалдырмастан жүріп келген аттар босаңсуға айналды, жігіттердің алды ұзап, арты біріндеп кейін қала берді. Бірен-саран, қуып жетерлік жерде, қоржын-қоршауда қалып қойған коммунистер енді мейірімсіз жаудың шыбықтай турауына да ілікті.

Атты казактар алқымдай түсті. Кейінде жеті адам қалып, оның үшеуі құтыла алмас жерде болды да, ал төртеуі өлім тырнағынан жырылып шығуға жанталасты. Бұл төртеу: Халит, Мүти, Зейнедден және Қожанияз еді, Алдағы, көз ұшында ұзап кеткен жолдастарына жете алмай, арттағы ауыр халде қалғандарға қол үшін бере алмай, бұлар енді аузын арандай ашқан жебір өлімнің ұзын шеңгеліне түспеу жағын ғана көздеді.

Әркімде бір ой, әркімде бір арман жаңа басталғандай... Бір үміт ат та ғана. Қару жұмсап, қолдасып қырқысып жау бетін тойтару құр қиялдай. Көпке топырақ шашып болмайтыны ежелден белгілі. Бастық жігіт:

— Жау бізді төрт орап алғандай, — деді. Бұл да көңіл жұбату. Барлаушылардың асығыс санап үлгергенінің өзінде: жау саны төрт емес, жеті есе, тіпті, сегіз есе артық бізден...

Жігітті жауда қалдырмайтын — ат! Ол да алыс. Оған жету де арман. Өйткені, қырда бабына келіп жер тарпып жүрген саяқтар мен жай күннің өзінде жарау азынаған айғырлар елде...

Ел!.. Ата мен ана. Аға мен іні. Сүйген жар. Айрылмас дос. Енді бәрі арман! Бәрі!..

Кешікпей Қожанияздың семізден ұстаған аты тығылып, борсаңдап, бірер шақырым жер дір-дір қағып, жарым аяң, жарым бүлкілмен келді де төбеге ұрғандай тұрып қалды. Бұл кезде аты мүлдем болдырып қалған Мүтиді Зейнедден артына міңгестіріп те алып еді. Kepi бұрылып келіп бұларды Халит шылбыр тастап жетелей жөнелген-ді. Сөйтіп, көп кейін қалған Қожаниязға бұрылуға шамасы келмей төртеудің үшеуі жан-дәрмен күн міңгесіп-ұштасып, итпектеп ілгері аса берді.

Басында өзі етті, өзі ірі Қожанияздың қоңды аты да өзіне сай көрініп еді және оны тез болдырады деп ешкім ойламаған да болатын. Бір кез Халит кері айналып мүшелік жер шоқытып, кейінде қалып қойған жолдасы Қожанияздың халін білмекші болып еді, өз атының болдырып қалғанын сезді. Ат төрт тағандап, аяғын алыс-шалыс басты, аздан кейін тарбаңдап барып жай бүлкілге көшті. «Бұл күймен енді ілгері жүрсем біржола жау қолында қалармын» деп ол Қожаниязға қол үшін бере алмай, қашықтап кеткен жолдастарына жетудің қамын жасады. Атын үсті-үстіне қамшылай түсті, ақтық рет күшке салып шоқырақтатып алдыңғыларға айқайлады. Ол мықтап састы. Арт жақта жау тобынан бөлінген бірнеше адам бұларды қалайда «жазым» ету ниетіне кіріскендей, ілгері бөлініп шыға берді. «Енді жетеді-ау... енді жетеді-ау» деген кезде қалың-қалың жусаны бар алашағыл төмпелі жерде жайылып жүрген екі-үш түйе көзге ілікті. Түйелер алысқа маңқия қарап алып, басын жерге бабымен салып, бабымен оттауда еді.

Кей кезде суға батып бара жатқан адамға қолға іліккен сыңар тал да жан-дәрмен. Бұлардың бағына қарай, жайылып жүрген түйелерден бір бүйір шөгіп жатқан атан кездесті. Атан жайбарақат жайланысып, қауданы қалың ойпаңдау жерді тауып шөккен екен. Алысырақтан ол көзге де зорға шалынарлық ала шабыр қырлық оны көрсетер емес. Өзгелерден озық жүретін Зейнедден түйені бірден көріп, амал-айланы да бірден тапты. Өзін тас құшақтап алған Мүтиге:

— Қамдан, мына түйе тұрып үлгергенше мен жетіп үлгерейін, ал сен үстіне үлгер! — деді.

Бұл іс оның ойлап пішкеніндей дәл орындалды: маңғаз атан шауып келе жатқандарды елең қылмай жайымен жата берді. Кейбір жайбасар түйенің қамшы салмай, болмаса таяқ сілтемей жатқан жерінен тұрмайтын мінезі де болады. Ал, мынау сондай бір үрікпейтін, саспайтын маңғаздың өзі болып шықты. Зейнедден арт жағынан жанамалай келіп, Мүтиге:

— Ал ырғы! — деп бұйрық берген кезде ғана «маған келдіңдер ме?» — дегендей, бұрылып бір қарап алып, шонданын көтере бастады.

Аттан ырғып кеткен Мүти тұрып үлгергенше оның үстіне де қонып қалды. Жерден жамбы алатын адамдай Зейнедден орағытып қайта айналып келіп, Мүтиді көтере түрегелген атанды қамшылап, алдына салып алып қуа жөнелді. Қос-қосынан қамшы тиген атан тайраққа салды. Ал, түйе тайрақтың атқа жеткізбей кететіні де болады, мұны мына түйелі елдің балалары жақсы білетін-ді. Зейнедден атан үстіндегі Мүтиге:

— Енді құтылдың. Ана былғары белбеуіңді шешіп ал да төпей бер. Алды-артына қаратпа! — деп айқайлады.

Мүти атанды төпей берді. Зейнедден енді Халитке оралды.

Зейнедден Халитті де құтқармақ еді...

Бүлкілден аяңға түсіп, енді жиі-жиі төрт тағандап тұрып алып, жүрмей сіле қатырған атын тастай беріп, жан ұшырғандай жүгіріп келе жатқан Халитті ол іліп алып артына отырғызды. Екеуі міңгескен күйі алға озып кеткен атанды Мүтидің соңынан шапты. Атан жеткізбейді. Үстіндегі жаны мұрнының ұшына келген Мүти былғары белбеуімен төпелеп ілгері аса берді. Түйеліге жету түгіл міңгескен екеуге оның қарасын көріп отыру да күш болды. Енді екеуінің астындағы «ең қарулы жылқы» деген Зейнедденнің аты сыр берді. Ат шоқырақтан бүлкілге көшті...

Халит аса табанды, өте-мөте сабырлы және жас болса да әр нәрсеге қалтқысыз тура баға беретін ойлы жігіт еді. Қысылтаяң шақта ол жан түршіктірерлік ащы ойларын салалай келіп және арт жақтан банды таялып қалғанын көріп ақтық ерлік үкім шығарды... Өз үкімін өзі шығарды.

— Зейнедден, екі жан қаза тапқанша бір жан... Мен көндім тағдырдың үкіміне!.. Саған ризамын. Басқаларға да. Сен ілгері ас. Ат бір кісіні құтқаратын жылқы. Қалаға жет... Қош! — деп, жолдасының тізгінін тартты да, сөзге келтірместен, секіріп жерге түсті.

— Ойпырым-ай! Халит-ай! Ойпырым-ай, бауырым-ай! Арғы жағын... — деді, Зейнедден сөзінің соңын жұтып.

Ақ боз атты банды қылышын оңды-солды сілтеп, ысқырып шауып келе жатты. Ол терлеп-тепшіп, қатты жүгіре де алмай, ырсылдап келе жатқан Қожаниязды көргенде атын қойға шапқан бөріше көсілдірді. «Ұяда не көрсе — ұшқанда соны іледі» деген, жас кезінен ат үстінде ойнап жандыны да, жансызды да оңды-солды шауып, өмірі бойы қылышпен турап үйренген белгілі атты казак жауынгері алдында жүгіріп бара жатқан жонды жігітті қызық үшін қиғаштап сілтеп, басын қырқып өтпекші болды. Ол бұл жан ұшырып бара жатқан пендені адам деп, ол адамның қиналар жаны мен аяулы тәні бар деп, артында жанашыры жылар деп ойына да алмады білем, тек қана қиюға, қинап айызы қануға ұмтылғандай пішін көрсетті. Нақ сол сәтте бұл қанқұмар қаскүнемнің жүзінде шаттық шырай лапылдап көздері жайнай түсті.

Екпіні желдей есіп таянып қалған дұшпанның қаршылдаған ат ауыздығы құлаққа анық шалынған шақта, буалдыр ойдың сілтеуімен Қожанияз шаппасы қайырулы келе жатқан наганмен жалт бұрылып бір тартып қалды. Өзі тағы ілгері ұшты. Ол артына қарай алмады, жауының атымен қоса ұшып түскенін оқыс бұлқынысы мен өзгеше дүрсіл-дүбірінен сезді. Бірақ оқтың қайсысына тиіп, қайсысының жазым болғанын түптеуге шама жоқ. Аттан құлаған адамның «ыңқ» еткендей дыбыс шығаратынын, ал аттың онан да зор ыңқыл-күрсіл беріп тыпыршитынын талай-талай естіген, жасынан бері құлағы үйренген нәрсе. Бұл жолы аттың құлағаны бұрылып қарамаса да айқын. Сондықтан, «...енді жете қоймас. Жыра-жықпыл кездессе... бұғар жер... бас пана... құтылар күн...» деген үздік-үздік тілектер шұбатылды. Таянып қалған шапқан аттың дүрсілі, әлдененің адамды етбетінен түсіргендей екпін-зуылы бұл буалдыр үмітті де кесіп кетті... Екінші сәтке не болғанын білмей қалды... түпсіз құдыққа құлап кеткендей болды...

Осының бәрі бір сағаттай-ақ уақыттың ішінде болған уақиға: көре сала соңына түсу, алыстан атыса қашу, бірнеше шақырым жер кеткен бір шоғыр жанды құтқармай өкшелеп, жеткен жерде біртіндеп турау бәрі де тез болды. Қас пен көздің арасындай мезетте кездескен ажал бірнеше жастың қыршын өмірін қиып үлгеріп еді. Ендігі кезек келесі құрбандыққа таянғандай...

Халит Қожанияздай денесі ауыр емес, қағылез және бойшаңдау болатын. Ол жүгіріп кетсе, аттан қалмайтын жігіттің бірі десе болғандай. Алайда, өзіне де, өзгеге де белгісіз бір ауыр зіл оның екі иығынан басып, тұла бойы құрыстап, денесі дел-сал, басы мең-зең болды да қалды. Ол жүгірмеді. Бір жерде тұрып та қалмады. Бар нәрседен бейхабар адамдай, жайбарақат халге түсті. Алқымдап келіп желкеден соққан «соққының» екпінінен ол еңкейіп барып бір тізерлеп қалды, бірақ омақасып жығылмады. Ың-жың өзгеше қимыл, өзгеше бір күңгірт ауыр дыбыс құлаққа ызыңдағандай. Екінші «соққыдан» етбеттеп түсті... көп жүріп, көп көрген өзінің қара шаппасына құлап кеткендей...

Көп заман өткендей... Қайда?.. Қай жер?.. Бұл! Қайдағы ың-жың?..

Әуелі өте алыстан, сонсоң қасынан дыбыс шықты. Дыбыс. Анық дыбыс... Өзі жайлы...

— Отруби палец!..

Ол ойлағанша, демін ішіне тартып үлгергенше, үстінде тұрған адам сол қолының саусағын... жұлып алды. Қол жерге сылқ етті... Ол анық білді. Анық сезді. Бірақ, баяғы мең-зең, баяғы зіл қара тас оны әлі күнге дейін басып тұрғандай. Ол сұлқ қалды. Сонда да ол біліп жатты. Көзін ашпай, демін алмай, сол «сұлқ» күйінде жатып қолтығының асты «шым» еткенін де, мылтық дауысының «шаңқ» еткенін де сезді... есітті...

Ұзақ уақыт өтті... шалқасынан жатқан күйі қозғалмай жатып қалды...

4

Аттылы жолаушыға өшіге абалаған төбеттей, отыз шақырымдай жер қудалап, істерін істеп болғаннан кейін ақ бандының да қарқыны бәсеңси берді; Құрбандығын оп-оңай кескілеген өнеріне насаттанғандай, ат басын тоқтатпастан олай-бұлай ойқастап, енді даланың қурайын шапқылады. Жалаң қылыштарын қынабына салмастан жоғары үйіріп аз уақыт қыр көрсетті. Сонан кейін сол қанатын кең жайған кереге-қоршау қалпында кері ойысты.

Ал, жап-жас коммуниетерден құралған кішкене отрядтің көп адамы қаза тапты. Бұлардың әскерлік тәжірибесі аз, қару-жарағы кемтар еді. Оның үстіне күтпеген жерден қалың жауға кездесіп, қапыда қолға түсті. Аз адам құтылды. Болдырған аттарын тастай беріп жолдасының артына міңгесіп құтылғандар да болды. Бірен-саран Мүти сияқты жігіттер әлдеқалай кездескен көлікке мініп жан сақтады.

Күн ұясына кіріп, кешікпей әлем жүзі де қоңырқай тартты. Кең сахарасымен біржола қоштасқан аяулы жас жандар қанды топырақты құшақтап, күнмен де, аспанмен де, жермен де енді ісі жоқ, айнала қымтап бүркей бастаған қоңыр әлеммен ұштасып, көзі жұмулы қала берді...

Бәрі тынды. Әлгіде ғана ән шырқап, жоғарыдан тастаған кесектей төмен ағып барып қайта көтерілетін боз торғай да жым болған. Айнала жым-жырт. Жел де тымық. Шөп басы да селт етпейді. Қоңыр әлем мен қоңыр тыныштың Халитке:

— Жан жоқ! Тып-тыныш! Есіңді жина! Тұр! Жатпа! — деп тұрғандай тыныс берді. Тіпті, ептеп оята бастағандай әсер етті.

Ол бір кезде көзін ашты. Бейуақ. Қашан жаттым... Ұйықтап кеткенмін бе?.. Көк шөп... Жалаңаш жер...

Ол қозғала түсті, бірақ қимылдауға шама жоқ. Денені зіл қаратас басып жатыр... Мойын бұруға да дәрмен жоқ... бұрылмайды. Eh... Аһ... Ім...

Халит зорға дегенде мойнын бұрып қоңыр жонайттанған биік таушыққа көз тастап еді, басы айналып кетті... Айнала тасыр-тұсыр... Ысқырған шабуыл... Ырсылдаған ат... Зуылдаған қылыш... «Соққы»... Көзін жұмып еді, тасыр басыла қалды...

Ә! Енді түсінді: жау, атака, қылыш...

Ол зорға көтерілген қолымен қақсай қалған қолтығын басып еді, қолы жып-жылы суға тиді. Қан!.. Желке... қан... қырқылған шаш... Сол қолы... саусағы қайырылып қалған...

Жүрегі зу етті... Көзін қайта жұмып, демін ішінен алды. Қимылсыз жатты...

— Уһ! — деді ол, көзін қайта ашып.

Шынтақтай, қос қолдап жер тіреп, басын көтеріп, денесін күштеп жинақтап отыруға жарады. Аз отырды, айналаға көз тастады. Шеңберленіп жатқан кең дала, төңкеріліп тұрған боз аспан, қыбырсыз маң далада бір өзі. Жапанда қалған жалғыз жан...

Ол селт етті. Не ашу, не қайрат, әлде үрей, әлде ерлік оны орнынан тік тұрғызды. Көзіне қан толып кеткендей алға қарай ұмтылып қалып еді, көзі қарауытып, дәрмені құрып, тәлтіректеп екі қолымен жер тіреп қалды. Қайта жөнделіп, бойын билеп, аяғын бір басты да тұра қалды: қалай қарай жүру керек, қайда бармақ?

Отрядтің кеткен жағына жүрсе: күндізгі қуған жау кездеспес пе? Бір бүйір, басқа жаққа аяғы еріксіз сүйреп, қаз тұрған балаша тәлтіректей басып, жөней берді. Жиырма-отыз қадам жүрген соң бойын билеп, аяғын ширақ басып, сәлден кейін қос жұдырығын түйіп те алды. «Не болса да елге жетіп өлсем!..» деген ой күтпеген қайратқа мінгізді, көзінен от ұшқындап кеткендей болды. Ол біраз жерге де барып қалғандай болды. Көре көзге денесі қызып жүре берді. Енді қаттырақ жүгіруге кірісті.

Жан ұшырғандай жүгіріп екпінімен үстінен шыққан өлікті байқамай қалды. Шошып кетіп: «О, тоба мына зор дене...» деп мойнын бұрып үлгергенше, қан-топыраққа былғанған Қожанияздың қара мұртты басын көзі шалып, аяғына шоқ басқандай ыршып түсті. Жүрегі дір етті. Ол шыдай алмай айдалаға қарай жүгірді. Қайдан, көз алдына қалай келіп қалғанын да түсінбей, ол өз басының қандай күйге кездескенін айқын-ақ білді. Бұрынғы үйреншікті әдетінше өзінің өте қалың аса қатты және көптен бері қидырмай келген ұзын шашына оң қолын апара беріп еді — салалайтын шаштың орнына саусақтары ырсиған жараға тиді... Удай ашып және қан қақсап ауырып кеткен желкесінен қолын кері тартып алды. Әлденеден жүрегі айнып, әлденеден қатты опық жегендей, ол не қыларын білмей, тұла бойын сипай берді. Сипаған жерден ұйысқан қан мен ашыған жара тапты. Желкесінің екі жақтан шабылғанын, қолтығының астын оқ жыртып кеткенін, сол қолының алтын балдақты саусағының салбырап қалғанын, үсті-басының қан жоса болғанын енді ғана көріп білді. Қою шаштың желкені аман алып қалғанын да енді сезді. Ал, сақина-жүзік үшін қолының шабылып қала жаздағанын да қазір шамалағандай...

Даланың аяқ астынан кездесетін ала құйынындай, Халитті үрей биледі. Басындағы ауыр халді енді ғана ұғып, енді ғана сезген, шыбын жанның қайткенде, қалай аман қаларын қарманып, іздеу үрейі еді бұл.

Ол мына төніп тұрған түннің түрінен де шошып кетті. Жарық қайда? Таң қайда? Ел қайда? Бас сүйер жан қайда? Құламай, сүрінбей жете алар ма бір қараға? Қызыл қанға боялып қансырап келе жатқанда тағы қандай бәле кездеседі!?.

Айнала хауіп... Айнала қорқыныш... Айнала үрей...

Жығылар жеріне жетіп жығылу үшін қызыл қанға боялған, желке — кесік, бүйірі — тесік жан ұшыра жөнелді. Бір қараға жетіп құлау үшін қара түнге қарсы, жан ұшырғандай, жүгірді...

* * *

Өн бойы безгек жанша қалтырап, жылынуға пана жоқ, жүгіре беруге дәрмен кем, таң алдында ол ащы азапқа түсті. Тәлтіректеп аяғын әр жерден бір басып құлауға айналды, бірақ ақтың күшін жинап ілгері жылжи берді. Кешікпей торғай шыр етті. Алакөлеңденіп таң да сәулеленді. Алдыңғы жақтағы бұлдырап көрінген тұтас бедер бірте-бірте дараланып, ауыл екені айқындалды. Жан дәрмен күн тұрып-жығылып, ол қалайда ауылға жетуге ұмтылды. Әлдеқайдан мылтық дауысы «курс» етті. Шошып кетіп Халит етбеттей бұғып қалды.

Бұл ертеңгі ащы дыбыс әрегіректен шықса да аяқ астынан дүңк еткендей, даланы бөріктіріп жіберді. Әсіресе, оның мылқау жаңғырығы ұзақ созылып зорға басылды да дүрліккен әлем қайтадан тыныштала бастады. Үнсіз етбеттеп қалған Халит ақырындап басын көтеріп, шеткерірек тігілген қараша үйден әрі дөңгелене үйіріліп, ортасы қазан шұңқырланып жатқан қоралы қойды көрді. Қоралы қойдың селдірлеу бір бұрышында ербең-ербең етіп басын қылтитқан қойшыға көзі түсті. Халит қойшыға қарай беттеді. Бірер рет бұғып қарап, алды-артын байқап алды да не болса да қойшымен тілдесуге бел байлады. Бұл жақындап келгенде көзін бір уқалап алып, беті адам көргісіз, көйлегі алба-жұлба, жер астынан шыға келген адамдай, түрінен жан сескенерлік Халитті көргенде бала қойшы орнынан ыршып кетті.

— Қашпа, қарағым, қашпа, — деді Халит ақырындап, тісі-тісіне соғып қалш-қалш етіп. — Паналайын деп мен әдейі саған бұрылдым...

Халиттің сөзі оған таныс адамының сөзіндей естілді. Таң сәріде айдаладан келген бұл адамның ауыр халде екенін қойшы сезе қалды.

— Аға, банды жаралады ма? Кәменес пе едің? Ана ауылды да бандылар кеше кешке шауып кетті. Енді оязға ауысты. Оның да астан-кестеңін шығарады ғой, — деп, ежелден сөзге үйір қойшы көрген-білгенін ағыта бастады.

Қойшының іш тартып, сырды ағыта бастағанына ол қуанып кетті:

— Бәрін де айтып беремін, інішегім, асықпа. Алдымен... — деп ол домалақ қара баланың қасына жетіп келіп, оның оранып жатқан жабуының бір шетін көтерді де астына кіріп кетті.

Жылы жерге кірген соң тоңған дене одан әрі қалтырап, Халиттің иегі иегіне тимеді.

— Аға... ағатай, осы жер жайлы. Ешкім көрмейді. Көрсе жаман. Басыңды көтере көрме. Жата бер. Қой өргенше жат. Сонсоң өзім қоймен бірге өріске алып кетемін, — деп қойшы тағы да ақылы мен қамқорлығын қоса лекітті.

Халит үндемей қалды. Ол жылы киіздің ішіне кiрген соң денесінің жаңа ғана жай тапқанын сезді. Енді-енді жаны кіре бастағандай, қымтала берді. Баланың ағып тұрған сөздерінің ішінен оның миына алдымен: «ешкім көрмейді, көрсе жаман... басыңды көтере көрме...» дегендері жетті. Ол тағы да үрейлене қалды: «Бір ажалдан құтылдым ба дегенде, бұл қандай сақтандыру? «Көрсе жаман» дейді... Әлде бандылардың бір бөлегі осы ауылда ма? Онда...»

Тағыда сөзді бала бастап, бала биледі.

— Аға, үйің қайда? Үй-ішің білмейді ғой, жаралы болғаныңды?..

— Үйім Жымпитыда, қарағым. Олар білмейді не болғанын...

— Қайғырма, аға. Өзім бір ретін табамын. Үйіңе аман жеткіземін. Тек мыналар көрмесін. Мен де Жымпитынікімін. Жауғаштымын.

Халит баланың бетінен сүйіп алғысы келді, бірақ түрегелуге шамасы келмеді. Ол тек: «Қандай бауырмал! Қандай аңғарулы бала! Қандай дана қарғадай болып! Дана қойшыдан шығады деуші еді...» деп ойлады. Сонсоң:

— Қарағым, жарайды. Сенің айтқаның болсын, — деп қымтана түсті.

Қойшы аяғын жүгіре басып үйге қарай жөнелді. Ол көп айналды. Кешеден бері бұрын жоқ үрей билеп кеткен Халит. басын әлденеше рет көтеріп қарағыштап жатқанда әлденені көтеріп қойшы жетіп келді.

— Аға, айран әкелдім... ірімшік те бар, — деп ол, торсық пен тостағанды жерге қоя салды да қалтасынан шүберекке орай салған ірімшік және бір уыс құрт шығарды.

— Айналайын-ай, мың жаса. Бері келші, берігірек... — Ол қойшыны құшақтай алып бетінен сүйді. — Атың кім, айналайын?

— Атым Ербол. Әкем аты Жартыбай. Аға өз атың кім?

— Менің атым Халит, айналайын. Ал, фамилиям Мұхамбетов.

— Аға, мен енді саған бір шекпен әкелемін. Соны ки. Сонсоң ат ерттеймін.

Халит ойланып қалды да, үйге қарай жүре берген балаға:

— Ербол, айналайын, сен онда, сен онда бір бөрік те тауып ала кел. Қандай бөрік болса да бәрібір, — деді.

— Жарайды, Жақсыбектің ескі бөркін алып келейін. Ол басыңа сияды, аға... Халит аға.

Кешікпей Ербол шекпен мен бөрік те әкелді, оларға қоса ұзын ақ таяқ та әкелді. Сөйтті де Халитке:

— Мен енді қойды өргізе беремін. Жақсыбек қойдың ерте өргенін жақсы көреді, — деді.

— Е, бұл Жақсыбектің аулы ма?

— Білетін бе едіңіз?

— Білемін... осы жердегі дәулетті адам ғой. Ал, бағана бір мылтық дауысы шықты, ала көбеңде. Ол не?

— Ой, Халит аға, сұрама. Ол да сол ана Бұлдырты жақтағы ауылдарды қиратқан бандының ісі. Кеше кешке әлек салды ғой сол ауылдарға. Залымдардың істеген ісін ауызбен айтып жеткізерлік емес.

Ертеңгі қой да өре бастады. Қоймен бірге бақташының бірі сияқты, Халит те жылжыды. Басында ол Ерболдың ақылымен ауыл шетіне шыққанша басын көтермей, бұғып жылжып еді. Қойын тез-тез жұмарлай қайырып, екінші рет ендеп жайылып кеткенше, Ербол кешеден бергі көрген-білгенін ақтарумен болды. Ол Халитті әңгімелесетін адамы жаңа ғана табылғандай көрді. Және банды кескілеп кеткен бұл «үлкен кәмесерді» құтқарып қалуды зор ерлік деп білді. Ол іштей қатты шаттанды. Балалық кіршіксіз мақтаныш оны өсіріп жіберді. «Бала болса да үлкендерден артық» қойшы атанған Ербол әңгімені де үлкендерше айтты.

— Аға, сен сұрама бұл жауыз бандылардың істегенін, — деп бастады ол тағы да. — Көп адамды сорлатып кетті. Шегірткедей қаптап, Майлан ауылын басып қалған. Маған Бекболсын айтты. Ол сол ауылдың баласы. Өз көзімен көрген. Сүт, айран, ашыған қаймақты шөген-шөгенімен көтеріпті. Әп-сәттің ішінде ішілмеген сүт, ашылмаған сандық қалмапты. Бұйым, жиһазды былай қойғанда, өмілдірік құйысқан, жез түймелі жүген, сабы әшекейлі қамшыға шейін алған. Ал, үйдің бау-басқұрын қоймапты. Қызыл шапанның сыртынан жібек белбеуді орай буынып, кәдімгі құдаларша көлбеңдейді дейді. Ауылда ат қалдырмаған. Сонсоң, Халит аға, мынадай қызық болыпты. Маған Бекболсын айтты. Ол сол ауылдың баласы ғой. Әлжан орыстан жаман қорқады екен. «Ойбай, орыс келіп қалды! Көп орыс! Қылышын үйірген қару-жарақты орыс!» — деп жұрт шу ете қалғанда, — Ұмсынай, қайдасың! Не дейді мыналар? Қайдан келген орыс? — деп әйелін шақырғанша болмай, мылтық дауысы «гүрс» ете қалады. Әлжан қорыққаннан не қыларын білмей сасып, төсектің астына кіріп кетіпті. Кіріп келіп үйдің астын үстіне шығарған бандылар төсекті ашып қалса, астында Әлжан отыр дейді. «Сен кімсің? Жасырынып отырған большевикпісің?» деп, қамшының астына алған көрінеді. Сабап, сабап өздері кеткенше керегеге байлап қойыпты...

Әлденеден сескенгендей еңкейіп отырған Халитке Ербол жалт қарап еді, ол кезін жұмып, тістеніп, құлап бара жатыр екен.

— Аға, басыңыз айналды ма, отырайық, — деді бала сүйемелдеп.

Халит біраз жатты. Ербол қойын тағы да шәйт-шәйттап бір қайырып тастап, «басы айналған» жанға қайта оралды.

— Шырағым, — деді түсі бұзылып жатқан Халит көзін ашып, — менің халім нашар... Сен Бақыт Назаров деген жігітті білетін шығарсың... Ол осы жердікі...

— Білмегенде! Оқыған жігіт. Жақсы адам. Жақында біздікіне келіп кетті...

— Білсең сол Назаровты сен тауып ал... Атпен бар... Осы жерден он шақырымдай оның ауылы...

— Жарайды, аға. Оған не дейін?

— Келсін. Мені қалаға жеткізсін... Сыбырлап айт... Түсінесің ғой. Ақылың бар баласың...

— Болады, аға. Мен оны биенің бір сауымы болмай-ақ, сәске түске жетпей-ақ алып келейін.

— Ат-арба әкелсін. Мен... осы жерде жата тұрайын...

Бала құйындай ұшты. Атын оңды-солды қамшылап, Халиттің айтқан ауылына шапты.

«...Мен не бітірдім,.. Не тындырдым?..» деді күбірлеп Халит біраздан кейін. Ол көзін ашып көкжиекке қарады... Зейнедден қайда?.. Ол жетті ме қалаға? Жетіп хабарлай алса...»

Ол басын қайтадан жерге салды. Мойыны қозғалтпай қалды. Ісіп кеткен еді. Қолтығының астыда күйіп бара жатқандай. Демінен ыстық леп шарпыды. Тынысы тарыла бастады. Кеше кештен бері ет қызуы білдірмей жанталасып келген жан бір жағы қансырап, бір жағы дене тұтас қабарып, халының аса ауыр екенін ол жаңа ғана сезді. Демі бітіп бара жатқандай тарыла түсті. Ол қайта-қайта көзін жұмып, аузын аша берді...

5

Бірнеше күннен кейін...

Жымпитының арқа жақ шетінде, Өлеңті өзенінің жағасында бір шоқ тал-теректі бақ бар-ды. Сол бақтың ішіндегі алаңға жұрт мол жиналды. Кішкене қаланың үлкенді-кішілі қызметкерлері, тұрғындары, жеті жылдық мектеп пен қыздар интернатының оқушылары тегіс келген. Жиналысқа жақын жердегі ауылдардан да көп адам қатынасқан. Олар туларын қара жібекпен әдіптеп алған ортадағы лек-лек жастарды алыстан шеңберлей қоршап, аттарының үстінде тұр. Бәрінің де жүзі сынық, көңілі жабық. Болған уақиғаның халыққа теп-тегіс тиген апатты жай екені: тұншыға жылаған әйелдің, еңіреген кемпірдің, алас ұрып әркімге жаутаңдай қараған балалардың, ат үстінде тұрып күрсінген үлкендердің үнінен де, жабырқаңқы жан күйінен де анық сезілгендей...

Қалың жиынның ортасындағы кішкене мінбеде Ревком ағасы сөз сөйлеп жатты...

— ...Асыл азаматтар қапыда қазаға ұшырады... Жаудың келе жатқаны жайлы хабарды алып, оны Оралға жеткізіп үлгергенше қаптаған зұлым бандының оғы мен қылышының астында қалды... Біздің жігіттер дұшпанға бас иген жоқ — езілген еңбекші елін қорғаушы және оны ұлы мақсатқа жетектеуші есебінде амал жасады... Өзінен он есе басым жаумен жағаласып жан берісті... Дұшпанның алдынан шығып жолын бөгеген жігіттерден бірен-саран аман қалғандар да бар. Солардың бірі мына алдарыңызда тұрған Халит Мұхамбетов. Бұл өзін құрбандыққа ұсынып, қасындағы жолдасын хабар жеткізуге жөнелтті. Өзі өлім аузында қалды, көзсіз ерлік етті. Желкесі мен иығын бес жерден қылыш кескілеп, қолтығын оқ тесіп кетсе де, жолда ессіз құлап қалса да бізді қорғау әрекетін істеді. Төзімділігі мен қайраттылығы ажалды жеңіп шықты...

...Бізде ерлер көп. Мына бір қабірге қойылған жетпіс коммунист — сол ерлердің ішіндегі ерлері. Топырағың торқа болсын, халықтың қалаулы ұлдары!..

Бұл сол Өлеңтінің жағасында ерлерге ескерткіш қойған жиналыс еді.

1930 жыл.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз