Өлең, жыр, ақындар

Мен не үшін журналистика мамандығын таңдадым?

Адам өміріндегі ең маңыздылығы жоғары шешімдердің бірі ол – мамандық таңдау. Өз қызығушылықтарың мен жүрегің қалаған  іспен өміріңді байланыстырғанға не жетсін? Абай атамыз: «Сен де бұл кірпіш дүниеде, кетігіңді тап та, бар қалан» демекші, әр адам өз өмірінде өзіне лайықты орнын тауып, мансаптық жолында, өзге ге де қол ұшын тигізуі керек. Осыған байланысты «болашақта кім боламын?» деген сұраққа көп толғанамын.

«Тіл жансызды жандандырады, әлсізге күш береді, мықтыны ойсыратады» дегендей, менің бұл мамандықты таңдауымның басты себебі өз ойымды айқын, әрі нақты жеткізе білу. Мектеп қабырғаларында болсын, өмірде болсын әділетсіздіктің орын алып жатқанын көріп, шындықты жақтайтын адам табылмағанына қапаланатынмын. Осыдан кейін өзіме мақсат қойдым: тек қана өзімнің емес, халықтың, мықтылардың, яки әлсіздердің болсын сөзін қолдап, қорғай білу. Алайда, әрине менде мұндай ойға бірден жетпедім. Қателестім, құлап, сүріндім. Бірақ осы жолда менің жанымды жылытатын іс  - ақ қағаз бетіне өз ойымды жазу. Ащы болса да, шындықты қолдап, әділетсіздікке жол бермеу.

Тілшілер басқа мамандықтардан несімен ерекшеленеді деген сұраққа жауап берер болсам, менің жауабым мынадай: меніңше, тілшілер мемлекеттің саяси, экономикалық, әлеуметтік өмірін толықтай бақылап отырғанына байланысты халық тарапынан туындайтын түрлі мәселелер мен проблемаларды жоғарыдағы адамдардың құлақтарына «елшісі» ретінде жеткізе білуімен дара.  Дегенмен, журналист тек проблемаларды ғана айтып қоймай, жақсылықтың жаршысына айналады. Әрдайым түрлі тақырыптарды қозғай отырып, ой елегінен өткізеді.

Енді журналист өз еңбегін сіңіру үшін қандай болу қажет? Қоғамға керекті, атқарған жұмысы арқылы өзгеге үлгі бола білер кәсіби маман ғана болып қоймай, шыншыл, әділ, әрі сауатты болуы керек. Сол үшін, менің ойымша, талмай еңбектену қажет.

Елбасымыз Н.Ə.Назарбаев: «Жарқын болашақ-жастардың қолында» дегендей біздің болашағымыз өз қолымызда. Нағыз тілші атану үшін бұл жолда аянбай тер төгіп, тарихта өз ізімді қалдырмасам да, халық жүрегінде ойып тұрып маңызды орын алатындай адам болу үлкен арманым. Ал арман болса, адамның жүрегін баулып, үлкен белестерге жеткізеді.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар