Өлең, жыр, ақындар

Қазаққа ес кіргенде, Абай да ескіреді (Хакім Абайдың философиялық көзқарастарына шолу)

Дүние - үлкен көл,

Заман - соққан жел,

Адуындағы толқын – ағалар

Артқы толқын - інілер,

Кезекпенен өлінер,

Баяғыдай керінер...

Абайдың философиялық көзқарастарын оларды тек өзіне ғана тән ерекшеліктерімен, өзіндік белгілерімен және сонылығымен, белгілі бір дәуірмен байланысты және сол дәуірді танытатын нақты-тарихи ережелер жүйесін қаз-қалпында қабылдаған күнде ғана дұрыс түсінуге болады.

Абайдың адамгершілік тәрбиеге, оның негізі болатын мораль философиясына орала беретін себебін ашып көрсетеді. Абай қазақтардың өткені мен бүгінін, болашағын, салт-дәстүрі мен рухани мәдениетін жетілдіру, жастарға адамгершілік тәрбие беру жолдарын тынымсыз ойлаумен өтті. Бүгінгі уақыттың талабына сай ой түйіндейтін болсақ, хакімнің ойлау мәдениеті қазақтың менталитеті, болмыс бітімі қандай, оған тән кемшіліктерді қалай жоюға болады, деген сауалдар төңірегінде өрбіді.  Ол өзінің бүкіл болмысын, білімі мен өмірлік тәжірибесін, поэзия мен прозасын, ой-толғанысы мен философиясын адам бойынан таба білді. Ол кісілік қасиеті, білімі мен парасатын елдің қамын ғана емес, адамзаттың мақсат-мүддесін ойлайтын, дүниеге әлем тұрғысынан қарайтын адамды тәрбиелеуге жұмсады. Ұлы данышпанды адам өмірінің мәні, тұрмыс тіршілігі мен болмысы, ар – намысы сияқты мәселелер ерекше толғандырды. Ол былай дейді: Өлсе өлер табиғат, адам өлмес, Ол бірақ қайтып келіп, ойнап күлмес, «мені» мен «менікінің» айрылғанын, «өлді» деп ат қойыпты өнкей білмес              Өйткені, қоғамдағы құбылыстар мен процесстердің өзегі адам болмысы болып табылады. Бұл жерде «мен» деген не, «менікі» деген не, сауалдарға  жауапты Абайдың өзінен табамыз. ”Мен” дегеніміз ақыл мен  жан. Екеуі де рухани түп негіз. “Менікі” деп сөзді тәнге қатысты айтып отыр. Абай адам баласының жаман-жақсы қасиеттеріне терең мән беріп, философиялық ой толғауларында атап көрсетеді. Отыз сегізінші сөзінде  Абай: «Күллі адам баласын қор қылатын  үш нәрсе бар, сонан қашпақ керек дейді. Әуелі надандық, екінші еріншектік, үшіншісі зұлымдық. Үш - ақ нәрсе адамның жақсы қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек»  

Адам бойындағы осы үш қасиеттің басын қосып, оны үлкен әлеуметтік ізгі күшке айналдыратын ғылым деген қорытындыға келеді. Ол ғылымды үйреткенде, бақталастық, атақ – данқ үшін емес, айқын мақсатпен, білмек үшін үйрену керектігін баса айтады. Өйткені қай қоғамда болмасын, бақталастық адамды жаман жолға жетелейтіні рас. Абайдың пікірі бойынша адамгершілік нормалары мен принциптерін күнделікті өмір сүру тәсіліне айналдырған адамды ғана нағыз адам деп есептеуге болады. Сондықтан: «адам болам десеңіз, оған қайғы жесеңіз…Бес нәрседен қашық бол. (Бес дұшпан- Өсек, Өтірік, Мақтаншақ, Еріншек, Бекер мал шашпақ) Бес асыл іс- Талап, Еңбек, Терең ой, Қанағат, Рақым)».

Бұл өлеңде Абай «адам болу» қағидасын үсынады. Бекер даурығып, өтірік айтып, жалқау болудың орнына өнер – білімнің арқасында өзіңнің орныңды тап дейді. Адам өміріне мән беретін, негізгі нәрсе өзінің бойындағы адамшылдықты жоймау. Бүкіл өмір бойында адамға лайықты өмір сүру. Бұл дүниеге адам болып келген соң, адам болып кету керек. Қандай жағдай болмасын адамдық қасиетті жоғалтып алмау, адамның басқа адамдар алдындағы жауапкершілігі. Ол адам тарапынан ерік-жігерді, қайратты қажет етеді. 

Бұл пікірді мақұлдауымыз қажет. Өйткені, қай қырынан алсақта философия адам мәні, оның болмыстық мақсаты сынды мәселелерді айналып өте алмайтыны ежелден мәлім. Абайдың да дүниетанымындағы негізгі тұжырым, басты құндылық – адам болмысы. Абайдың қара сөздерінен, таусылмас рухани қазынасынан, оның адамның өмір сүру философиясын бес бағытта қарастыранын аңғаратынымыз. 

Біріншісі,  жеке адамдардың тұрмыс тіршілігі.

Екіншісі, әлеуметтік топтардың қоғамдағы алатын орны, мінез-құлқы, менталитеті, психологиясы;

Үшіншісі, ұлттың ата-бабалардан мұраланған өзіндік өмір салтын, дәстүрлі мәдениетіне бейімделген мұрат-мақсаттарын болмыстың жаңа сұраныстарына байланысты жаңартып, жаңғырту жолдары.

Төртіншісі, адамзат тарихында қалыптасқан моральдық құндылыққа сай келетін үрдістердің өркениетпен сабақтасу жолдары.

Бесіншісі, имандылық жолымен Алла болмысын тану. Адамның өз ісәрекетін, сөзін, Иллаһи қағидаларына, пайғамбар хадистеріне, өнегелеріне сай келтіруге ұмтылу. Жаратушы махаббатына сүйіспеншілікпен жауап қайтару жолы. Бұл бес тармақты бағыт, адамның жаны мен тәнінің дамуы мен өркендеуі, өсу негізінде қалыптасатын, бүгінгі өмірде маңызды орын алатын талпыныстар.

Мұнда айтылған Абайдың қай тұжырымын алсақ та, әлі күнге маңызы өте зор. «Қазаққа ес кірген күні Абай екіреді» демекші  ұлы ойшылдың сөзі дәл қазіргі қоғамда да актуалды. Абайдың әлемдік ойшылдардан кем түспейтін даналық ойларын темірқазық етіп алсақ, адаспайтынымыз ақиқат.

Нысанбек Күләш Оразханқызы

Профессор, доцент Жанатаев Данат Жанатайұлы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз