Өлең, жыр, ақындар

Бәйгеторы

Қанаттың қуанышында шек жоқ. Ертең атасы екеуі мал базарына бармақ. Атасының айтуынша, Қанатқа ат сатып әпереді. Былтырдан бері мініп жүрген тайы — биыл құнан. Әйтсе де, Қанат:

— Ата, ат алып беріңізші!— деп қоярда-қоймай өтіне берді.

— Балам-ау, атты не қыласың? Мына қоңыр құнан да бір өзіңе жетпей ме?— деді атасы мақтауын жеткізіп.

— Дұрыс қой, ата, айтқаныңыздың бәрі рас. Бірақ мен биыл бәйгеге шапсам деп едім.

— Е, солай де. Мен сені әлі кішкентай ма десем, бәйгеге шабар баланың сөзін айттың-ау,— деді атасы.

Қанат атасының көкейде жүрген ойын айтқанына шын қуанды.
— Мақұл ма, ата?

— Болды, балам. Сен мені көндірдің. Бәйгеге қосылам десең, жолыңды тосып не бар. Айтқаның болсын.

Таң ағара Қанат пен атасы аудан орталығындағы мал базарына келді. Төрт түлік малдың бәрі осында екен. Оң шетте — сиырлар, сол шетте — қойлар, ортада — ешкілер, ішкеріректе — жылқылар. Үйір-үйір болмаса да, арқанға байланып, кісінесіп, шұрқырасып тұр.

Атасы мен Қанат бірден аттарға көз салды. Сүліктей қара, көктеңбіл, боз, қара, қоңыр, ақ, шұбар аттардан көз сүрінеді.

— Балам, алатын атыңды өзің таңда!— деді атасы Қанатқа. Сынағаны емес, ерікті немересінің өзіне берді. Қанат ауылдағы аттардың, құнан мен тайлардың қайсысы мықты, ауызға ілінері бар ма, бәрін дерлік атасына айтып жүреді.

Атасы да ауыл-аймақтағы аттардан түгел хабардар. Қанаттың айтып, мақтаған аттарына басын изеп отырды. Онысы — Қанатпен келіскен белгісі.

— Ата,— деді Қанат базар ішіндегі аттарды түгел аралап болған соң.— Сізге қайсысы ұнады?

— Анау көктеңбіл.

— Иә. Ол ат жақсы, ата. Төрт аяғы ұзын, табаны қорғасындай мығым, мойыны өзіне жарасып тұр. Бірақ мен өзім аттың біреуін таңдап қойдым, ата.

— Шын айтасың ба? Кәнеки, көрсетші. Бағанадан бері неге айтпадың?

— Аттарды түгел көрейік деп едім.

Атасы Қанат таңдаған аттың жанына келді. Кәдімгі торы ат. Болымды, арқа тұсы есік пен төрдей, екі аяғының ортасына бір кісі емін-еркін сиятындай жарамды жануар екен.

Атасы мен Қанат аттың басы мен аяғына, оңы мен солына, қапталына қарап, көзден өткізді. Ат екеуіне де жақты. 7587585Ұнатқандары сонша, табанда саудасын келтіріп, сатып алды.

Күзге салым алқаптар егістен босаған кезде ауыл балалары бастары қосылып, тай жарысын өткізе бастады. Оған бастамашыл болып жүрген өздері. Көпшілігі әр үйдің бір-бір еркелері.

Қара күзде ауыл маңында жылдағыдай ат бәйгесі өтті. Қанаттың есіл-дерті осы жарысқа ат қосу болатын. Ол арманына да жетті. Торы аттың бабында болғаны қандай жақсы болған. Ойламаған жерден топ жарып, мәреге бірінші келді. Содан бері Қанаттың аты Бәйгеторы деген атқа ие болды.

— Бәйгеторы қалай, бабында ма?— деген өз достарына Қанат:

— Иә, бабында,— деп жауап қатады.

— Келіп көріңдерші одан да,— дейді атасы Қанаттың достарын жібергісі келмей. Солай дейді де, атасы өзінің жастық шағын еске алғандай, оларға қызыға қарап қалады.

— Айналайындар әшейін, жап-жас болса да, аттың қадірін біліп, танып, өсіп келеді. Қалайша риза болмассың,— деп өзімен-өзі көңілі тасып тұрады.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз