Өлең, жыр, ақындар

Құрсақ көтергеніне алты ай болды

Бір күні Жұқа сиырын сатпақ болып базарға барыпты. Бірақ көпке дейін ешкім келіп оның бағасын сұрамапты. Сол аралықта бір досы жолығып:

— Жұқа, сиырыңды әлі сата алмадың ба? — деп сұрапты.

— Ия, таңертеңнен қазірге дейін сиырым ондай жақсы, мұндай жақсы деп мақтап-ақ жатырмын, бірақ алушы шықпай тұр, — депті Жұқа.

— Оқасы жоқ, мен сатысып берейін, бері кел, — депті әлгі досы.

Досы Жұқаның сиырын жетектеген бойда жұрт құрамы молырақ жерге барып бірнеше айналып шығып:

— Ой, мына сиырды кім алады? Тісі жас, томса буаз, буаз болғанына алты ай болды, — деп айғай салыпты. Ол осылайша айғайлағаннан кейін алармандар жабырлап келе бастайды. Біреуі тіпті аламын деп ақшасын да ұстатады. Бұл ақша Жұқаның межесінен көп болып шығады. Жұқа ақшасын алып, досына рахмет айтып мәз-мейрам бола үйіне қайтады. Бірнеше күннен кейін Жұқаның үйіне бірнеше әйел келіп оның қызына
құдалық сөйлеспек болады. Әйелі Жұқаға:

— Шалеке, сен үйден шыға тұрсаң, мен әйелдердің жанында болып қызымызды мақтап берейін, қызымызды көрсетіп оларды разы етейін, сөйтіп, оларды көңілдегідей жақсы күйеу табатын етейін, — депті.

— Сен қоя ғой, екі сөздің басын құрап айта алмайтын кешшенің өзісің. Олармен менің сөйлескенім оңды. Өтпейтін бұйымды өткізудің бір жақсы әдісін үйреніп алғам. Сол әдіс бойынша сөйлесем, қызымызды аламын деушілер босағамызды тоздыратын болады.

Жұқаның әйелі бұған нанып мақұл болыпты. Сонан соң құдағи бола келгендердің жанына барып қызын шақырып, олармен бет көрістіріпті де:

— Қымбатты меймандар, аз аял қыла тұрыңыздар, қыздың әкесінің бірнеше ауыз сөзі бар екен, — депті.

Жұқаның әйелі Жұқаны шақырады. Жұқа жаушыларға қарап:

— Қымбатты жеңгейлер, қызым туралы көпіртіп көп сөйлегім келмей тұр, айтатын екі ауыз сөзім бар, соның өзі де жеткілікті болар, менің қызым шынында жақсы қыз, оның құрсақ көтергеніне алты ай болды, — депті.

Жаушыға келген әйелдер Жұқаның сөзін естігеннен кейін, бір-біріне көз ишаратын қылады да, ләм-мим демей үйден шығып кете барады.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз