Өлең, жыр, ақындар

Өрт (Алты көріністі танымдық-тәлімдік пьеса)

Қатысушылар:

Жүргізуші
Көк лақ
Көк ешкі (дауыс)
Ала мысық
Ақ төбет
Қоңыр қозы (дауыс)
Буырыл бота (дауыс)

Қосымша: Өрт сөндірушілер

Кіріспе

Жайма-шуақ музыка. Сахнаға Жүргізуші шығады. Залдағы балаларды жайдары кейіппен айнала бір шолып өтеді.

Жүргізуші. Саламатсыңдар ма, балалар! (Залдағы балалар: «Саламатсыз ба!» – деп амандасады).

Жүргізуші. Балалар, сендер жаңа қойылымды көруге әзірсіңдер ме?! (Балалар: «Әзірміз! Әзірміз!»)

Жүргізуші. Ендеше осы жаңа қойылымға байланысты сендерге бір-екі сұрақ қойсам, қалай қарайсыңдар? (Балалар: «Сұраңыз! Сұраңыз!)

Жүргізуші. Олай болса айтыңдаршы: Сендер өрттің оттан шығатынын білесіңдер ме? (Балалар: «Білеміз! Білеміз!)

Жүргізуші. Ал от ше, от неден шығады?

Залдағы балалар өз білгендерінше жауап қайтарады. Жүргізуші оларды қостап, әр жауаптан кейін ілесе қайталап отырады.

Жүргізуші. Дұрыс айтасыңдар, сіріңкеден шығады!

Жүргізуші. Теледидарды, үтікті, тағы басқа электр құрылғыларын токқа қосып, оларды өшіруді ұмытып кетсек! Бұл да дұрыс!

Жүргізуші. Газ пешті өшіруді ұмытып кетсек! Бұл да дұрыс!

Жүргізуші (сөзін қорытып). Бәрекелді, балалар, сендер өрттің қалай шығатынын жақсы біледі екенсіңдер! Ал енді бәріміз жаңа қойылымды тамашалайық. Сендер оны көріп отырып, қойылымның басты кейіпкері Көк лақтың өрттің қалай шығатынын, өрт шыққан кезде не істеу керектігін біле ме екен, білмей ме екен, осы жағын зер сала байқап отырғайсыңдар... (Пауза.) Қалай, осыған келісеміз бе, балалар?! (Балалар: «Келісеміз! Келісеміз!)

Жүргізуші. Ендеше қойылымды бастайық!

Үйде жалғыз қалғанда

Көк ешкінің үйі. Кіре берісте үлкен пеш. Пештің үстінде қара қазан тұр. Төрде екі кереует орналасқан. Кереуеттердің бірі бос та, екіншісінде Көк лақ ұйықтап жатыр. Айнала тым-тырыс. Тек сағаттың бірқалыпты тықылдаған сыртылы ғана естіледі. Кенет Көк лақтың кереуетінің жанында тұрған орындықтың үстіндегі қоңыраулы сағат шырылдап қоя береді. Есіней керілген Көк лақ қабырғаға қарай аунап түсіп, қайтадан ұйықтауға кіріседі... Сәлден соң қоңыраулы сағат және шырылдай жөнеледі. Бұл жолы ол қаттырақ әрі ұзағырақ шылдырлайды. Жастанған жастығын жұлып алып, басына бүркенген Көк лақ әрмен қарай ұйықтамақ болады. Бірақ қоңыраулы сағаттың тоқтар түрі байқалмайды. Шыр-шыр-р! Орнынан атып тұрып, шырылдаған сағатты бүре ұстаған Көк лақ құлаштай лақтырып жіберуге оқтала беріп, кілт тоқтайды. Ол сағаттың жанында жатқан алақандай қағазды байқап қалған еді. Көк лақ сағаттың шылдырын өшіріп, оны орнына қояды да, қағазды қолына алады. Қағазды анасы жазған екен. Көк лақ ежелеп оқуға кіріседі.

Көк лақ (үні үзік-үзік естіліп). «К-көк ш-шұна-а-ғым м-ме-нің... (Әрмен қарай анасының өзі сөйлейді).

Көк ешкі (дауыс). Көк шұнағым менің, сені оятуға ұйқыңды қимай, үйде жалғыз қалдырып барамын. Кейінірек мына сағат оятқан соң, орныңнан тұрып, жақсылап жуын, тамағыңды іш. Сосын «Әліппеңді» оқы. Одан кейін ауланы сыпырып қоярсың. Ал мен көкшөп әкелуге базарға кеттім. Түске дейін, сен мектепке жиналғанша, келіп қаламын. Өзіңді құшақтап, бетіңнен сүйдім, анашың».

Анасының хатын ежелей әрең оқып шыққан Көк лақ қолындағы қағазды умаждап-умаждап, лақтырып жібереді.

Көк лақ (өз-өзіне). Тә-ә-к! Демек, түске дейін бостандық деген сөз! (Желкесін қасиды.) Енді не істесем екен, а?! (Арлы-берлі жүріп, тағы да желкесін қасиды... Кенет қалт тұра қалып, айқайлап жібереді.) Оһо, таптым-таптым-м! Қазір Қоңыр қозыға телефон шаламын! Сосын-н... сосын екеуміз... (Жүгіріп барып мектепке апаратын сөмкесін ашады да, ішінен қалта телефонын шығарып, әлдебір нөмірлерді асығыс тере бастайды.) Әл-л-о! Әлло, достым, бұл мен ғой! (Арғы жақтан Қоңыр қозының даусы естіледі.)

Қоңыр қозы (дауыс). Иә, Көк лақ, не айтайын деп едің?

Көк лақ (аптыға сөйлеп). Білесің бе, Қоңыр қозы, мен қазір үйде жалғызбын! Түсініп тұрсың ба?! Үйде мүлдем жалғызбын! Рақа-а-т! Нағыз рақат!.. Сондықтан тезірек біздің үйге жет! Екеуміз...

Қоңыр қозы (оның сөзін бөліп). Жоқ, Көк лақ, мен бара алмаймын!

Көк лақ (таңырқай). Неге-е?!

Қоңыр қозы. Өйткені «Әліппемді» оқып жатырмын. Сосын ауланы сыпыруым керек.

Көк лақ (ұнатпай). Өй, сен де бір пысықсынып... Мұғалімнің алдында,  ата-анаңның алдында бір мақтанып қалмақшысың ғой, ә?! Ой, мақтаншақ! Мақтаншақ!

Қоңыр қозы (дауыс). Тіпті де олай емес! Мен мұның бәрін мақтану үшін емес, тіл алғыш  болу үшін істеп жатырмын! Өйткені анам мана базарға кетерде: «Ең алдымен «Әліппеңді» оқы, сосын ауланы сыпырып қой!» – деген болатын.

Көк лақ (кекесінмен). Жә, ендеше сен-ақ «тіл алғыш» бола берші! Ал мен өзіме басқа бір дос тауып аламын! Сонда сен бізге қызғана қарайтын боласың! Ха-ха-ха-а!..

Көк лақ әңгімесін кілт үзіп, асығыс түрде Буырыл ботаға  телефон шалады. Гук-гук... гук-к... Ұзақ күттіріп барып, арғы жақтан Буырыл ботаның даусы естіледі.

Буырыл бота (дауыс). Иә, Көк лақ, тыңдап тұрмын.

Көк лақ (еліктіре сөйлеп). Буырыл бота, тезірек біздің үйге жетші! Мында бір қызық бар! Керемет қызық!..

Буырыл бота (бастапқы сабырлы қалпын сақтап). Ол неғылған қызық?! Дұрыстап түсіндірсеңші!

Көк лақ. Жоқ, телефонмен түсіндіре алмаймын! Бәрін өзің келіп көруің керек!

Буырыл бота (дауыс). Ендеше сен ренжіме, Көк лақ, тап қазір мен саған бара алмаймын. Себебі «Әліппемді» жаңа ғана қолыма алдым. Оны оқып болған соң ауланы сыпыруым керек. Өйткені анам әлгінде базарға кетерде солай тапсырып кеткен.

Көк лақ (одан сайын ашуланып). Өй, өңшең бір «тіл алғыш» немелер! (Жерді теуіп қалып.) Ал мен тіл алмаймын, қайтесіңдер! (Жерді тағы да теуіп қалады.) Иә, тіл алмаймын деген соң, тіл алмаймын! (Еліріп секеңдей жөнеледі) Еһе-й! Мен ешкімнің тілін алмаймын!

Музыка. Көк лақ құтырына билейді...

Мысық тілеу

Сыртқы есік қағылады. Сол-ақ екен, музыка кілт тиылады. Көк лақ тұрған жерінде селтиіп қатып қалады. Іле-шала есік және қағылады. Көк лақ есікке жақындап, сыртқа құлағын түреді.

Көк лақ (елегізе). Бұл кім?!

Ала мысық (жып-жылы дауыспен). Бұл мен ғой – Ала мысық! Осы маңнан өтіп бара жатыр едім, сенің: «Мен ешкімнің тілін алмаймын!» – деген даусыңды естіп, «Апырау, маған да ұқсайтындар бар екен-ау!» деп, өзіңді көруге  асығып...

Көк лақ (аң-таң күйде). Сонда қалай?! Екеуміз бір-бірімізге ұқсаймыз ба?!

Ала мысық. Ұқсағанда қандай, мен де сен сияқты ешкімнің тілін алмаймын! Ешкімнің тілін алмаған соң – ешкімге қосылмаймын, өзіммен-өзім жалғыз жүремін!

Көк лақ (таңырқай). Қызық-қ! Мынауыңыз қызық екен! Тап қазір мен де жалғызбын! Қоңыр қозы мен Буырыл ботаны шақырып едім, келмей қойды!

Ала мысық (сөзін іліп әкетіп). Есесіне, міне, мен келдім! Қане, есігіңді ашып, мені ішке кіргізе ғой!

Көк лақ (екі ойлылау). Ал сіз ойнай білесіз бе?!

Ала мысық. О-о, білгенде қандай! Мен дегенің ешкімнің түсіне де кірмеген ойындарды білемін!

Көк лақ (елп етіп). Оһо, маған керегі де сол ғой! Ендеше, кәнеки, тезірек үйге кіріңіз!

Ала мысық  лып етіп ішке кіреді. Табалдырықтан аттаған бойда жан-жағына тіміскілене көз тастайды. Мұрнын шүйіріп, әп-сәтте бұрыш-бұрышты иіскелеп шығады.

Ала мысық (өз-өзіне). Жасыл шөптің... шөптің иісі... Басқа ешқандай иіс жоқ... Шіркін-ай, мұрынды қыттықтайтын еттің иісіне не жетсін!..

Ала мысықтың іс-әрекеттеріне қарап тұрып төзімі таусылған Көк лақ бір кезде қасына жетіп барады.

Көк лақ (ренжіген кейіппен). Ау, сіздің мұныңыз не?! Жаңа ғана екеуміздің ойнамақ болғанымыз қайда?!

Ала мысық (лезде өз-өзіне келіп). Ә-ә, ойын дейсің бе?! Ойын-н... Иә, қазір екеуміз керемет бір ойынды бастаймыз!.. (Жүгіріп барып, бір бұрышта жатқан допты іліп алып, қолын жоғары көтереді).

Көк лақ (аузын бұртитып). Жо-о-қ, мен доп ойнағым келмейді!

Ала мысық жүгіріп барып екінші бұрышта бір аяғы сынып жатқан маймылды іліп алады.

Көк лақ (ат-тонын ала қашып). Жо-жоқ, мен маймылмен ойнап-ойнап әбден жалықтым! Онымен ойнамаймын!

Сасқалақтаған Ала мысық енді жүгіріп барып қоқыс салатын шелектің ішінде мойны үзіліп жатқан әтешті суырып алады.

Көк лақ (жер тепсініп). Жо-жоқ, әтешпен де ойнамаймын!

Ала мысық (сәл ойланып тұрып). Ендеше-е... ендеше мынамен ойнайық... (Қалтасынан сіріңкенің қорабын шығарып, Көк лақтың көз алдына тоса қояды).

Көк лақ (сасқалақтап). Бұ-ұ... Бұл-л сіріңке ғой!..

Ала мысық (қуақылана жымиып). Сіріңке болса ше?!

Көк лақ. Сіріңкемен ойнауға болмайды ғой!

Ала мысық. Оны кім айтты саған?!

Көк лақ. Анам айтқан... (Микрофон арқылы анасының – Көк ешкінің даусы естіледі.)

Көк ешкі (қамқор да мейірімді дауыс). Балам, ешқашан сіріңкемен ойнама! Сіріңке –  ойыншық емес! Өйткені сіріңкеден – от, оттан өрт шығады!

Көк лақ сіріңкеден қашқақтай артқа шегінеді. Ала мысық сіріңке қорабын одан сайын тықпыштап, Көк лаққа жақындай түседі.

Ала мысық (қайта-қайта басын шайқап). Әй, білместік-ай! Білместік-к! Білмеген соң, осы да! Айналасын үрейлендіріп-п! Қорқытып-п! Осының бәрін кішкентайлар сіріңкемен ойнамау үшін істейді! Әйтпесем, сіріңкенің пайдасы тіпті көп қой! Сіріңкемен от жағып, үйді жылытады! Тамақ пісіреді! Шам жағып, үйдің ішін жарық қылады! Ой, несін айтасың, санай берсең таусып біту мүмкін емес!

Көк лақ кібіртіктей Ала мысықтың қасына жақындап, қолындағы сіріңке қорабына қолын созады. Оны үркектей қолына алып, арлы-берлі аударып-төңкеріп көреді...

Көк лақ. Расында, бұрын қалай мән бермегенмін, біле білсек сіріңкенің пайдасы өте көп екен ғой!

Ала мысық (қутыңдап). Е-е, байқаймын, сен мына түріңмен тіпті сіріңкені қалай жағуды да білмейсің-ау?!

Көк лақ. Иә, рас,  білмеймін... Шынымды айтсам, сіріңкені бірінші рет қолыма ұстап тұрмын...

Ала мысық (жұмбақтай). Ендеше, сен ең алдымен сіріңке жағуды үйрен! Сосын... сосын кейінірек екеуміз және кездесеміз... Сол кезде мен саған сіріңкенің тағы бір пайдасын көрсетемін... (Бұрыла беріп қалтасынан бір тал темекіні шығарады да Көк лақтың қолындағы сіріңкемен тұтатып, қорапты қайтадан оның қолына ұстатады).

Маңғаз музыка. Аяғын алшаң басқан Ала мысық темекісінің түтінін бұрқ-бұрқ будақтатып, сахнадан шығып бара жатады. Оған қызыға қараған Көк лақ жалма-жан қолындағы сіріңкені тұтата бастайды...

Өрт

Алдыңғы көрініс. Көк лақ сіріңке тұтатумен әлек. Бірақ бұл «шаруа» қолынан келер емес. Сіріңкенің шырпысы қайта-қайта сынып кетеді... Әбден әуреленіп барып, бір кезде сіріңке лап ете түседі. Алаулай жанған отқа саусағын күйдіріп алған Көк лақ қолындағы сіріңкені лақтырып жібереді. Сіріңке терезенің пердесіне тиеді де, үлпілдеген жұп-жұқа мата лаулай жөнеледі...

Көк лақ (шошына). Апа-а! Апа-а!..

Үрейлі музыка. Зәресі ұшқан Көк лақ не істерін білмей арлы-берлі шапқылап жүр. Біресе есікке, біресе терезеге ұмтылады... Лапылдаған өрт біртіндеп ұлғая береді.

Көк лақ (зар еңіреп). Апатай, қайдасың?! Апатай қайдасың?! Мен... мен енді не істеймін?! Апатай, тезірек құтқаршы мені!..

Аламан-тасыр музыка. Не істерін білмей тапырақтаған Көк лақ жүгіріп барып кереуеттің астына қойып кетеді. Басын бүркеп, қорыққанынан қалш-қалш етеді...

Көк лақ. Апатай, мен құрыдым ғой! Құрыды-ы-м...

Аянышты музыка. Солқ-солқ жылаған Көк лақтың зарлы даусы... Лаулаған өрт біртіндеп ұлғая береді...

Құтқарушылар

Алдыңғы көрініс сол күйінде. Кенет есік қағылады.

Көк лақ (қуана айқайлап жібереді). Апатай, есік ашық! Мен мындамын! Шығуға қорқып жатырмын...

Үйге екпіндей жүгіріп Ақ төбет кіреді. Ол жанып жатқан пердені көріп шошып кетеді.

Ақ төбет (дегбірсіздене). Ойбай-ау, көрші, өртеніп жатырсыңдар ғой! Бәсе, мұрныма бір түтіннің иісі келіп... Шыдай алмай тұра жүгірдім! (Жан-жағына алақтай қарап.) Ау, сендер өздерің қайдасыңдар?! Жаңа ғана Көк лақтың даусы шыққандай болды ғой...

Көк лақ (даусы кемсеңдеп). Ағатай, мен мұндамын...

Ақ төбет (қасына жетіп барып). Айналайын-ау, сен мұнда не істеп жатырсың?!

Көк лақ. М-мен қорқа-а-мы-н... Ана жақта ө-өрт...

Ақ төбет. Ойбай-ау, өрт болса осылай кереуеттің астына тығылу керек пе екен?! Қайта, терезені ашып, даладағыларға «Өрт! Өрт!» деп айқай салмайсың ба?!

Көк лақ. Мен қайдан білейін... Не істерімді білмей сасып қалдым...

Ақ төбет. А-а, шешең ше, шешең қайда?!

Көк лақ. Анам базарға кеткен.

Ақ төбет. Ендеше тез кереуеттің астынан шық! Мен қазір өрт сөндірушілерді шақырамын!

Көк лақ. А-а, сіз олардың телефонын білесіз бе?!

Ақ төбет (таңырқай). Ал сен не өрт сөндірушілердің телефонын  білмейсің бе?! Мұны саған ешкім айтпаған ба?!

Көк лақ. Жоқ, анам айтқан... Тек мен ұмытып қалыппын...

Ақ төбет. Ендеше жақсылап есіңе сақтап ал! Жазатайым өрт шыға қалса, дереу телефонмен «101» қоңырау шалу керек! (Қалта телефонын шығарып, жылдамдата өрт сөндірушілерге хабар береді.) Иә, Көк ешкінің үйі өртеніп жатыр! Мекенжайы – Жусанды көшесі, 123 үй. Хайуанаттар паркінің дәл жанында.

Көк лақ (көздері жыпылықтап). А-а... олар тез келеді ме?!

Ақ төбет. Әлбетте, тез келуі тиіс! Алайда олар келгенше біз қарап тұрмай, өрт асқынбай тұрғанда өшіруге әрекет жасап көрейік! (Жан-жағына қарап, бұрыштағы су толы шелектерді көріп, солай қарай ұмтылады). Қане, Көк лақ, сен де маған көмектес!

Жылдам ырғақты музыка. Ақ төбет пен Көк лақ шелекпен су тасып, өртті сөндіруге кіріседі. Бірақ өрт бой берер емес. Шелектердегі су таусылады.

Көк лақ (босаған шелектерді аударып тастап). Ағатай, су таусылды! Енді не істейміз?!

Ақ төбет. Шіркін-ай, осындайда құм немесе топырақ болса ғой! Бірақ аяқ астынан оларды қайдан табамыз... Сондықтан ендігі амал, отты сабалау керек! (Іргеде ілулі тұрған пальтоны жұлып алып, отты сабалай бастайды.)

Көк лақ та қолына ілінген бір пальтомен отты сабалауға кіріседі. Алайда өрт бірте-бірте өрши түседі. Бөлменің іші көк түтінге тола бастайды...

Ақ төбет (қолындағы пальтоны лақтырып жіберіп). Жоқ, болмайды екен! Біздің қолымыздан келер емес! Енді тезірек сыртқа қашайық! Әйтпесем, өрттің ішінде қалып қоямыз!

Музыка. Ақ төбет Көк лақтың қолынан ұстап сыртқы есікке қарай беттейді. Екеуі түтіннен қорғану үшін үстеріне одеял бүркеніп алады. Арагідік тұншыға жөтеліп, түшкіріп қояды... Сол сәтте сырттан өрт сөндіруші машиналардың  қиқулаған дабылы естіледі. Ақ төбет пен Көк лақ сыртқа шыққан кезде өрт сөндірушілер іске кірісіп те кеткен еді.

Сөз соңы

Өрт сөндірілген. Жартылай өртенген үйдің алдында Ақ төбет пен Көк лақ отыр. Екеуінің де бастары салбырап кеткен... Мұңлы музыка. Сахнаға Жүргізуші шығады.

Жүргізуші. Міне, балалар, қойылым да аяқталды. Мен енді о бастағы сұрағымды және бір қайталап, сендердің жауаптарыңды естігім келеді. Яғни, жаңа ғана өздерің тамашалаған Көк лақ өрттің қалай шығатынын, өрт шыққан кезде не істеу керектігін біле ме екен, әлде білмей ме екен?! (Балалар: «Білмейді екен! Білмейді екен!»

Жүргізуші. Дұрыс айтасыңдар, балалар, Көк лақ өрттен сақтану ережесін де, өрттен қорғану ережесін де білмейді екен! Ол «От – досымыз, от – жауымыз» деген қағиданы да білмейтін болып шықты! Ал сендер ше, жас достарым менің, сендер өрттен сақтану, өрттен қорғану ережелерін білесіңдер ме? (Балалар: «Білеміз! Білеміз!»)

Жүргізуші. Ендеше, балалар, әрдайым өрттен сақ болайық! «Өрт – тілсіз жау» екенін ешқашан ұмытпайық!

 С о ң ы


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз