Өлең, жыр, ақындар

Шақырылмаған тойға қалай баруға болады

Бірде әйелі Қожамен жанжалдасып, үйінен тұра қашады. Қожа қолында ұзын таяғы бар, тас-талқан боп ашуланған:

— Сенен көрген қорлығым жетті. Отыз жылдан бергі өшімді бір алып, көк ала қойдай қылып сабамасам ба, бәлем. Сонсоң баратын жеріңе бара бер! — деп, ақырып соңынан қуып береді.

— Мұсылмандар-ау? Мынау дүлей жынданды білем, арашалаңдар, ойбай, — деп әйелі үйді айнала қашады.

Көрші үйде той болып жатса керек. Айғай-шуды естіп, жұрт сыртқа дүрліге шығады. Қожаның әйелін әйелдер отырған бөлмеге кіргізіп, Қожаға «ашуыңды бас» деп, басалқы сөздер айта бастайды:

— Қожеке, қой! «Қатынның шашы ұзын, ақылы қысқа» деген емес пе? Ал, еркектердің жөні бір басқа. Қазы, ғұлама деген атың бар. Біздің біреуіміз өстісек, өзің жөн айтуға тиіссің. Ұят қой мұның.

Үй иесі сөзге араласады:

— «Игіліктің ерте-кеші жоқ» деген. Түу баста сені тойға шақырмағаным — кілең жастар жиналар, отағасына көңілсіз болар, деп ойлап едім. Міне, енді «бітер істің басына — жақсы келер қасына» деп, өзіңді Құдай айдап әкелді. Үйге кір, төрге шық. Үй-іші болған соң ыдыс-аяқ шылдырамай тұра ма, оқасы жоқ қазір-ақ татуласасыңдар.

Бұл сөзді естіген соң Қожаның ашуы біраз басылайын десе керек. Үйге кіреді. Ыстық тамақ бергелі жатқан мезгіл екен, жұрт қол шайып, дастарқан басына отырысады. Қожа әйелімен қалай ұрсысып қалғанын айтады, жұрт шек-сілесі қатып, қыран күлкі болады. Олар күлкіден есін жинағанша, Қожа тәтті палауды апыл-құпыл асап, қызыл өңештен әрі асыра береді.

Табақтың бергі жағын ойсыратыңқырап тастап:

— Мұнда паналап, жаның қалды білем, әйтпегенде қолыма іліксең, сен салдақыны шашыңнан сүйреп, мына табақтай шыр көбелек айналдырар едім, — деп Қожа табақтың арғы толы жағын өзіне қаратып алады да, тағы да қос қолдап асай бастайды.

Отырғандар әлі де күлкіден шек-сілесі қатып:

— Қожеке, ашу үстінде де әзіл-қалжыңың қалмайды екен, — деп қолпаштап қояды.

Ақыры тәтті-дәмді тағамдар желініп болған соң, күрең шайға қанып алған Қожа көңілі шат, жайланып отырып қонақтарға тағы да бір сыр шертеді:

— Мырзалар, көршімнің той жасағалы жатқанынан хабардар едім, бірақ мені тойға шақырған жоқ. Тойға арнап түрлі тәтті-дәмді тағамдар, оның ішінде менің жерік асым — майлы палау да пісіріліп жатқанын біліп отырдым. Сонсоң бәйбішеміз екеуміз кеңесіп, тойға барудың жолын қарастырсақ, өтірік жанжалдан абзалы жоқ екен. Әйтпесе, иншалла, әзір бәйбішеммен түс шытысып көрген адам емеспін. Бәйбішеме айтыңдаршы, үйге қайтатын уақыт болды. Ал, өздерің тойды одан әрі қыздыра беріңдер, — депті Қожа.

Тойға келген жұрт Қожаның осындай бір тапқырлығына тағы да таң қалыпты.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз