Өлең, жыр, ақындар

Ұзынсарының келуі

Қатысушылар:

Ұлан – 7-сынып оқушысы

Гүлдана – әпкесі, 9-сынып оқушысы

Ұзынсары – қарт шопан

 

Оқиға шалғайдағы бір ауылда өтеді. Сахна ашылғанда Гүлдана сабаққа дайындалып отырады. Бөлме іші. Кенет сырттан aт тұяғының дүрсілі естіледі. Гүлдана терезеге барып сыртқа көз тастайды.

Гүлдана. Мына адам кім екен? Алыстан келе жатқан сияқты. Апамның төркіндерінің бірі шығар. Қап, өздерінің кетіп қала қалғанын қарашы. Енді қайттім?

Үйге жүгіре басып, мектептен қайтқан Ұлан кіреді.

Ұлан. Гүлдана, Гүлдана. Қонақ келді. Ол кім дейсің ғой. Айта қойшы?

Гүлдана. Көрмей жатып не дейін? Алыстан жол шегіп келе жатқан адам сияқты. Мен де көріп тұрмын.

Ұлан. Ал мен білемін.

Гүлдана. Білсең, айта қой.

Ұлан. Ол – апамның Ұзынсары деген бауыры.

Гүлдана. Қызық екен. Сонда апамның бауырының есімі Ұзынсары ма?

Ұлан. Иә.

Гүлдана. Менің ойымша, бұл қонақ – апамның бауыры емес, қайнысы. Ал Ұзынсары дегені – үлкен, ұзын болған соң жеңгесінің қайнысына әзілдеп қойған аты.

Ұлан. Не десең о де, бірақ мен келіспеймін. Бұл қонақтың есімі – Ұзынсары. Күшікбай, Итбай, Қаптесер деген ат көп қой. Апам қателеспейді. Кел, бәстесейік.

Гүлдана. Мақұл. Егер мен жеңілсем, саған есебіңді шығаруға көмектесемін. Ал сен жеңілсең, құдықтан бір апта бойы су тасисың.

Ұлан. Уәде (екеуі қол алысады). Қонақты қарсы алуға әзірленейік.

Гүлдана. Айтпақшы, Тайтөлеу жетекшің не дегенін білесің бе?

Ұлан. Иә, не деп еді. Құлағым сенде.

Гүлдана. Наурыз мерекесі, жиырма бірінде, Қыдыр ата түнде келіп әр үйдің босағасын аттайды. Сол кезде үй жиналып, маңайы таза тұрса, үй иелеріне сәтсіздік пен жамандық жоламайды, ауру-дерт айналып өтетіндігін айтты.

Ұлан. Е, енді түсіндім. Білуімше, мына Ұзынсары атам Наурыз мерекесіне ауылға келген ғой.

Гүлдана. Мүмкін.

Ұлан. Ал мен бөлмемді тәртіпке келтіруге кірістім. (Әр нәрсені орнына қойып, үйді сыпырып, жұмысқа кіріседі.)

Гүлдана. Бауырым-ау, мынауың қай сасқаның? Қонақ үйге кіргенде шаңы аспанға көтеріліп жатса ұят қой.

Ұлан. Оны маған үйретпей-ақ қой.

Пауза. Сырттан әлдекімнің жөтеліңкірігені естіледі. Екеуі жалт қарайды.

Ұзынсары. Ау, бұл үйде кім бар? Құдайы қонақпын. (Кіреді. Көзін көлегейлей жан-жағына қарайды.)

Ұлан. Ассалаумағалейкум, ата. Хош келіпсіз!

Ұзынсары. Уағалейкүмассалам. Жасың ұзақ болсын (қол беріп амандасады).

Ұлан. Төрге шығыңыз, ата.

Ұзынсары. Рақмет, айналайын. Ау, бұл үйдің иесі қайда?

Гүлдана. Киікбелеңге тоғайға отын әкелуге кетіп еді.

Ұзынсары. Жөн, жөн. (Төрге шығады, киімін шешіп, іледі.)

Ұлан. (Гүлдана екеуі қонаққа ecтipтпeй сыбырға көшеді.) Ертеңгісін апам Ұзынсары келеді деген. Ұзынның аласарып, жуанның жіңішкерген шағы. Сүр еттен қазанға ет салып қойың-дар деп жатқанын естідім ғой.

Гүлдана. Иә, апам кешкісін ет ас деген. Мақұл. Күн де кешкіріп қалды.

Ұлан. Қонақты жалғыз қалдырған ұят болар. Оның үстіне екеуміздің бәсіміз бар емес пе? Есімін сұрап алайын.

Гүлдана. Солай екен-ау! (Бұрылып асүйге қарай кетеді, Ұлан қонаққа беттейді.)

Ұлан. Есімім – Ұлан, ата.

Ұзынсары. Дұрыс-ақ. Есімің жақсы екен.

Ұлан. Ата, сіз шопансыз ба?

Ұзынсары. Дөп түстің, балам. Шамасы, малға жуықсың, ә?

Ұлан. Киіміңіз қалың. Атыңыз терлепті. Алыс жолдан кел-геніңіз білініп тұр. Ал ауылдан алыс жерлерде кім тұрушы еді. Әрине, малшылар. Солай емес пе, ата?

Ұзынсары. Жарайсың, балам, зерек екенсің. Биыл қыс қатты болды ғой. Бораны жиі соғып, қары қалың жауып, мал қарға адым аттамай қалды. Күнде қар күреумен-ақ титықтап біттік. Құдай қаласа, көктемге де іліндік-ау, әйтеуір.

Ұлан. Ата, ата, сіз Наурызды қарсы алуға келдіңіз ғой...

Ұзынсары (күледі). Әй, баламысың. Көктем биыл ерте шыға ма, кім білсін, қар ерте еріді. Өзің айтқандай, сарқыраған суды, тізеден келер батпақты кешіп әрең жеттім. Бала-шағаға азық-түлік алып қайтсам деп келген шаруа.

Ұлан. Мына сөзіңізге түсінбедім, ата.

Ұзынсары (күліп). Түсінбегені қалай? Бар шындығым осы, балам.

Ұлан. Апам маған өтірік айтқаны ма?

Ұзынсары (таңданып). Апаң жалған айтпайтын шығар.

Ұлан. Иә, ол мені ешқашан алдаған емес. Бірақ менің таңданбасқа шарам қалмай тұр.

Ұзынсары. Апаң мен туралы бірдеңе деп пе еді?

Ұлан. Иә. Сіз келетіндігіңізді айтып, қазанға сүр ет салуды тапсырған. Атам екеуі кешкісін ораламыз деген.

Ұзынсары. Дұрыс-ақ. Атаң мен апаңның аты кім?

Ұлан. Сіз оларды танымайсыз ба? Қызық.

Ұзынсары (иығын қисайтып). Танысам, танитын шығармын.

Ұлан. Онда сіз Ұзынсарысыз ғой.

Ұзынсары(ыңғайсызданып қалады, күледі). Иә, Ұзынсарымын. Құдайдың жаратқаны солай.

Ұлан (дауыстап). Гүлдана, Гүлдана, алақай, мен бәстен сені жеңдім. Айтқаным айдай келді. Шайың дайын ба?

(Сыртқы бөлмеден «Жарайды, уәдемді орындаймын» деген дауыс естіледі.)

Ұзынсары. Не үшін бәстесіп едіңдер? Менің қандай қатысым бар?

Ұлан. Сәл сабыр етіңіз, ата. Бәрін айтайын. Ертеңгісін апам мен атам отынға кетерде бізге бүгін сіздің келетініңізді айтып, қазанға сүр ет салып қойыңдар деп тапсырып кеткен. Танымайсыз ба?

Ұзынсары. Қайдам? Мүмкін жүзін көрсем танырмын.

Ұлан. Апам сізбен тіпті сөйлескен жоқ па?

Ұзынсары. Е, жоқ. Ол ауылда, мен қыстауда. Отыз шақырым жер. Оның үстіне жол батпақ. Ат болмаса қарыс адым аттауың қиын.

Ұлан. Оу, ата, сіз мені шатыстырдыңыз ғой.

Ұзынсары. Керісінше, балам, сен – мені.

Ұлан. Сіздің есіміңіз Ұзынсары емес пе? Жаңа ғана солай дедіңіз.

Ұзынсары. Иә. ау, бірақ мен өзім (орнынан тұрады), міне, қара айналайын, бойым ұзын ғой, ә?

Ұлан. Иә, ұзын.

Ұзынсары. Өзім сарымын ба?

Ұлан. Иә, солай.

Ұзынсары. Сондықтан да жұрт мені Ұзынсары Ахмет дейді. Ұзынсары десе ұзын сарымын. Әлдекім солай деп атаса «а» деп жауап беремін.

Ұлан. Сонда сіздің есіміңіз Ахмет пе?

Ұзынсары. Иә, әке-шешемнің азан шақырып қойған есімі сол. Құжатымда да солай жазылған.

Ұлан. Менің апам сіздің жеңгеңіз бе?

Ұзынсары. Кім біліпті. Жеңге болса, жеңге шығар. Мысалы, атаңның жасы менен үлкен болса, апаңды жеңгей деп атауға қақылымын.

Ұлан. Өйтіп мені алдай алмайсыз. Яғни, сіз, Ұзынсарысыз, Ахмет емессіз.

Ұзынсары. Түу, балам-ай, өзің мені тергеп біттің ғой. Ұзынсары дейін-ақ ал.

Ұлан. Міне, міне. Дұрысына енді көшіп келесіз. Бәсе, апам мені алдамаушы еді. Ертеңгісін тұрғанда Гүлданаға: «Қызым, Ұзынсары келеді», – деп жатқан. Сонан соң ғой, біздің сізді асты-үстіңізге түсіп, құрметтеп жатқанымыз.

Ұзынсары. Үлкен адамды құрметтеу – әр баланың міндеті. Тұра-тұр. Мәселе түсінікті болып келеді. (Қарқылдай күледі.) Әй, алжыған басым (күлкісін жалғастырып). Бәсе, мені неғып қыспаққа алды десем.

Ұлан. Неге күлесіз, ата? Ойыңызға апам енді түсті ме?

Ұзынсары. Түсіп тұрған соң да күліп жатқаным. Мен сенің апаңды танырмын, танымаспын. Бірақ апаңның айтқаны дұрыс.

Ұлан. Бәсе.

Ұзынсары. Әй, балам-ай, үлкендердің балаға көп нәрсені түсін-дірмей, өстіп бастарын қатыратыны бар. Ендеше құлағыңды сал. Қыс боранды, қары қалың болатыны айдан анық. Әрине, адамдар қарап жатпайды. Тірлігін жасайды. Иә, сөйтіп қыс өтеді. Бірте-бірте шөп таусыла бастайды. Соғым да, азық-түлік те бітуге тая-нады. Күн ұзарады, көк қылтияды. Сол бір сәтте адамдардың ұзақ күнге шаршап, ұзынның аласарып, жуанның жіңішкерген кезі басталады. Міне, осы кезді ата-бабаларымыз «ұзынсары» деп атайды. Әлгіндегі шатыстырып жүргендерің – сол ұзынсары. Түсіндің бе енді, балам?

Ұлан. Мынау біз естімеген нәрсе екен ғой, ә? Иә, иә солай екен ғой (ойланады). Гүлдана, Гүлдана, біздің бәсіміз іске аспай қалды. Қызықты естісеңші. Бәсе, апам мен атам өздері шаршап келгенде, сүрді жеп, сорпа ішкісі келген екен ғой.

Гүлдана. (Келеді.) Ата, айып етпеңіз. Мұндай түсініспеушілік болады ғой. Бағанадан бері сіздердің әңгімелеріңізге құлағымды тігумен болдым.

Ұзынсары. Оқасы жоқ. Білгеннің артығы жоқ.

Ұлан. Ата, ата. Ал Наурыз мерекесінің ұзынсарыға қандай қатысы бар?

Ұзынсары. Е, балам. Бұл бір қазақтың ата-бабасынан қалған мұрасы. Наурызда күн мен түн теңеледі. Күн жылынады. Қыдыр ата мүмкін сендердің үйлеріңе келіп, босағаларыңнан аттап, сендер оған сәлем беріп, үлкен байлыққа кенелетін шығарсыңдар. Наурыз мерекесінен кейін ұзынсарыдан да маза кетеді. Өйткені көк шыққан соң, мал тойынады, төлдейді. Уызға тоясыңдар. Далада қызу еңбек басталады. Ал еңбек бар жерде, ұзынсарының ұзақ аялдамайтыны бесенеден белгілі.

Ұлан. Ата, онда, атам айтпақшы, келе жатқан Наурыз мерекеңіз құтты болсын! Мынау қызық болды-ау, ата. Гүлдана, шай жасауға көмектесіп жіберейін (екеуі келесі бөлмеге кетеді).

Ұзынсары. Баланың балалығы қалмайды деген осы-ay, ә...

Сахна жабылады.

Шымылдық


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз