Өлең, жыр, ақындар

Ердің сыры

... 1914 жылдың жаңылмасам, ғыйнуар кезі болу керек. Біраз үй көшіп, осы күнгі 12 шахтаның бастығы Егеубаев Оспанның бастауымен Құмдыкөл зауытынан Қарағандыға келдік. Анда-санда бір жерде қалқиған төрт-бес үй бар, Герберт Джим /Қызыл шахта/ деген екі-үш шахталары бар. Гудок берсе бұлардың пысылдап үні шықпайды. Будақтаса трубасынан түтіні шықпайды, шақырым ұзасаң, қарасыны көрінбейді. Не болмаса, мәз болып масайраған, шат көңілді адамы көрінбейді. Иә үйден, иә шахтадан екенін білмейсің, тышқан сияқты, іннен жорғалап шығып келе жатқан адамдарды көресің. Міне, Қарағандының сол кездегі көлемі, күші, құрылысы осы еді.

Осы күнгі 1-шахтаның орнында сол кезде қазақтар «Қызыл шахта» деп атайтын болды. Соған келіп жұмысқа түстік. Еңбекке мойын сұнған кісіге жұмыстың ауырлығы сөз болып па? Нелер қиыншылыққа шыдадық. Бірақ тұрмыстың жамандығы, жоқшылық, әсіресе адамның адамға айуандық қатынасы — міне, бұл денеге басылған таңба болды...

Әлі есімде. Біз істеп жүрген шахтада қара Иван деген десятник болды. Бір күні шахта астынан шығып келе жатып, Оспан маған:

— Мына қайланы ала шық, — деп қолыма ұстатты.

Әлгі қара Иван ауызда тұр екен. Қайлаға көзі түсіп кетті де, қолымнан жұлып алып, дәл төбеме қайламен бір салды. Жарылған бастың қаны бетімді жуып кетті.

Ол, ол ма? «Сен қайла ұрладың» деп 5-6 күн қандалаға отырғызып қойды. Сөйтіп, тек бірге істеген жұмысшылардың ашулы тегеуірініне шыдай алмай, мені қандаладан зорға дегенде босатты. Содан былай шахтадан шыққан жұмысшыларды тінтіп, тексеріп өткізетін болды.

Ал жатар орынның жері барақ, кір, лас күннің көзі түспейді. Күнің де, түнің де — түн. Күндізгі өмірің ұзақ күнге жер астында өтсе, түнгі өмірің қара түнек, білте жарығымен күнелткен жер барақта өтеді. Тапқан табысың тамағыңа да жетпейді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз