Өлең, жыр, ақындар

Кім құрметті, кім мықты?

Жаңа жыл кешінде өтетін мереке.

Жасыл шырша жанында балалар мен Аяз ата.

Шымылдық ашылады.

Аяз ата.
Уа, балалар, барлығың
Тәртіптісің, білемін.
Орындалар дәл бүгін,
Не тілесең – тілегің.
Орындалар бүгінгі
Алға қойған мақсат та.
Қояйық біз күлуді,
Артық кетіп жатсақ та.
Өз мақсатын, арманын,
Айтар екен кім қане?
Құлағың сал, ал бәрің,
Тыныш тұрып тыңдалық.

1-бала.
Ертеңім деп бізден ел
Күтіп отыр көп үміт.
Білім қуып, ізденер
Шағымыз ғой соны ұғып.

2-бала.
Ауызды ашып,
Қоймайық
Басқа жұрттан соң қап біз.
Осы бастан ойлайық,
Қайсымыз кім болмақпыз?

1-бала.
Біз жасырмай айтайық,
Сіз де айтыңыз шындықты.
Болмақ екен
Байқайық
Кім құрметті, кім мықты?

Аяз ата
Ұсынысың орынды,
Сөз бастауға мақұл кім?
Қысылмай-ақ қолыңды
Көтере бер батылың.

(Бір бала қол көтереді.)

Аяз ата.
Ер екенсің! Жарадың!
Ал айта ғой, қарағым.

2-бала.
Бизнесмен болып мен,
Байып алу – тілегім.
Жүрмеймін жай көлікпен,
Иномарка мінемін.
Біреулердей,
Байысам,
Зып бермеймін шетелге.
Өндіріске ауысам,
Туған елден кетем бе?

3-бала (бизнесмен балаға қарап). 
Жүру үшін шіреніп,
Мен банкир боп аламын.
Саған беріп кредит,
Күреп ақша табамын.
Бабалардың әмбеге
Қастерлетем суретін.
Барша жұрттың
Теңгеге
Арттырамын құрметін.

4-бала.
Мен бірінші нөмірлі
Елші болам. Мынандай!
(Бас бармағын шошайтады.)
Өзге елдерге
Елімді
Сыйлатамын Құдайдай.
Оқып жүрмін сол үшін
Екі бірдей шет тілін.
Кеңейіп ой-өрісім,
Келеді үдеп екпінім.

5-бала.
Жетпей тағам санына
Тұрсын дүкен, асханаң.
Сол үшін мен
Шаруа
Қожалығын басқарам.
Қарық қылып,
Бәріңнің
Берекеңді арттырам.
Отбасынан әр үйдің
Үзілмейді шаттық ән.

6-бала.
Пір тұтатын асылдар
Мен тарихшы боламын.
Заманалар ғасырлар
Қойнауларын шоламын.
Бағаламай бабаны
Дараламай дананы,
Сүймей Отан-Ананы,
Боламыз ба саналы?!
Көне заман көшінің
Көп іздері – ақтаңдақ.
Әр шұңғылы осының
Ниетім бар ақтармақ.

7-бала.
Ұяласың бір-біріңнен
Телевизор қойсаң тек.
Сондықтан да жүрмін мен
Режиссер болсам деп.
Ұлылардың бейнесін
Жасап шығам кинода.
Қара да тұр, көресің:
Шет қалмайды бір дана.

8-бала.
Тыңдай алман таңданбай
Нұрағаңның көп әнін.
Мен Нұрғиса ағамдай
Композитор боламын.
Нұрағаңдай
«Алтын жұлдыз» кеудеме тағамын.

9-бала.
Мен жұмыскер арадай
Барымды елге арнаймын.
Тоқтар, Талғат ағадай
Зеңгір көкке самғаймын.

10-бала.
Менің де бар мақсатым,
Болса да көп басқа өнер.
Болсам деймін жақсы ақын,
Жазушы не баспагер.
Айтарлықтай айт десе
Кітаптарды қаптатам.
Дүкендерде әйтпесе
Кітап деген жоққа тән.

11-бала.
Абыздардан бата алған,
Тілеген биік самғауын.
Дәл Нұрсұлтан атамнан
Аумай қалу – арманым.
Ақтаймын ел сенімін,
Бейбітшілік сақтаймын.
Бақыты үшін елімнің
Бір сәт тыным таппаймын.
Емеспін мен жай бала,
Жиырма бес жыл мұрсат бер.
Елбасы етіп сайла да,
Содан кейін жұмсап көр...

12-бала.
Президент те, балалар,
Мұғалімнен оқыған.
Дәріс алар даналар,
Мен ұстаз боп отырам.

Аяз ата.
Сезіп отыр кім мықты –
Балалардың өздері.
Қандай жақсы
Шындықты
Айтқызбай-ақ сезгені.
Жақсы азамат бол бәрің,
Мейірі мол Жаратқанның.
Арман, тілек, ойларың,
Орындалсын, қарақтарым.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз