Өлең, жыр, ақындар

БЖБ (Көрініс)

(Сахнада төртінші сыныптар отырады. Сосын мұғалім шығады.)

Мұғалім:

- Сәлеметсіздер ме, құрметті оқушылар!

Оқушылар:

- Сәлеметсіз бе, апай!

Мұғалім:

- Бүгін бізде қазақ тілі пәнінен БЖБ. Кітап, дәптерлеріңізді жауып, берілген параққа тапсырмаларды орындаңыздар!

1-оқушы: 

- Апай, тапсырмаларды мен таратып берсем бола ма?

Мұғалім:

- Тарата ғой!

2-оқушы:

- Апай, екінші қатарға мен таратайыншы? Райяна үнемі таратып жүр ғой?!

3-оқушы:

- Сен де таратып жүрсің ғой?

Мұғалім:

- Тыныш! Жылдам таратып, орындарыңа отырыңдар! Неге азсыңдар? Басқа оқушылар қайда?

(Осы кезде есікті тақылдатып, кешіккен 4 оқушы кіреді. Еріндерін қып-қызыл, көздерін қап-қара ғып бояп алған)

Мұғалім:

- Масқара! Мыналардың түріне не болған? Неге  сонша боянып алғансыңдар? Әлде бойжетіп кеттіңдер ме? Мектепте боянуға кім рұқсат берді сендерге?

4-оқушы:

- Апай, олар тик-токтағы үлкен қыздарға еліктеп жүр. 

Мұғалім:

- Қане, жылдам беттеріңді жуып келіңдер! Екі минуттан кешіксеңдер, бжб-ны артығымен орындайсыңдар!

(Оқушылар қайтадан жүгіріп шығып кетеді. Сахна тым-тырыс. Барлығы БЖБ орындап отырады. Бір оқушы жан-жағына қарап, қолымен жазуын көлегейлеп жауып алады.)

Мұғалім:

- Салтанат, сен неге қолыңмен тапсырмаңды жауып алдың? 

5-оқушы:

- Менен барлығы көшіріп алмасын деп отырмын... (Оқушылар ду күліп жібереді)

6-оқушы:

- Салта, сенен көшіріп, екі алатын жай жоқ! Алаңсыз ашық жаза бер. Қайта қатеңді көрсек, жанымыз ашып көмектесіп қалармыз... 

(Осы кезде жуынуға кеткен қыздар қайта келеді. Көздерінің бояуы кетпей, қап-қара болып, түрлері қорқынышты болып тұрады. Мұғалім түрлеріне қарап мырс етіп «отырыңдар» - дейді.)

7-оқушы:

- Түрлерің Баба Яга болып кетіпті ғой? (Шиқылдап күледі. Кешіккен оқушылар оған ала көзбен қарайды.)

Мұғалім:

- Тыныш! Өзгелерге кедергі келтірмейміз!

8-оқушы:

- Апай, Зайнаб мені түрте береді. Айтыңызшы..?!

Мұғалім:

- Зайнаб, тұр орныңнан? Неге Гүлімді түрте бересің?!

9-оқушы:

- Түртпедім апай, жай шынтағым тиіп кетіп жатыр. 

Мұғалім:

- Шынтағыңа айт, тимей отырсын!

10-оқушы:

- Апай болдым!

Мұғалім: 

- Жарайсың Әсем! Жұмысыңды өткізе ғой?!

11-оқушы:

- Апай, Әсем сізге көрсетпей телефоннан көшірді.

Мұғалім:

- Рас па, Әсем? Неге телефонды Тьюторға өткізбедің?

10-оқушы:

- Өткіздім апай. 

11-оқушы:

- Істемейтін телефонын өткізген шығар... (Кекесінмен сөйлейді. Әсем оған ашуланып қарап, аузын жыбырлатады.)

Мұғалім:

- Рас па, Әсем?

10-оқушы:

- Ол.. телефоным да істейді апай...

Мұғалім:

- Әкел телефонды! Тапсырманың басқа нұсқасын ал да, қайта орындап кел!

(Әсем басы салбырап, телефонды өткізіп, қайтадан басқа тапсырма алып қайтады.)

12-оқушы:

- Апай, болдық! Жинай берейік пе?

Мұғалім:

- Ия, жинаңдар!

Оқушылар:

- Мен жинаймын! 

- Мен жинаймын  (екі-үш қыз дереу жинап өткізеді)

Мұғалім:

- Құрметті оқушылар! Кім қандай баға алады, дәл солай күнделікке қоямын. «Қосымша  тапсырма беріңізші» - деп соңымнан жүгірмеңіздер. Маған сыныптың рейтингісі емес, сапасы маңызды!

13-оқушы:

- Апай, мен «сөз таптарын» түгел жаттап алдым!

14-оқушы:

- Ал мен сөйлем мүшелерін жатқа білемін!

15-оқушы:

- Ал мен оқулықты түгел жаттап алдым! Бастауышты үздік аяқтаймын бұйыртса!

Мұғалім:

- Жә, бос мақтанды доғарамыз! Сөздерің мен істерің үйлесе ме, жоқ па, БЖБ-ны тексергенде біле жатамыз. Қазір сіздерге сынып сағаты. Ертеңге дейін сау болыңдар!

Оқушылар:

- Сау болыңыз апай! (Мұғалім кетеді)

1-оқушы:

- Тезірек бастауышпен қоштассақ екен?!

2-оқушы:

- Неге? Бастауыш жақсы емес пе?

1-оқушы:

- Жақсысына жақсы ғой... Бірақ үлкен сыныпқа барғанда қандай қызықтар болатынын білгім келеді... 

3-оқушы:

- Не болады дейсің? Сабақ қиын болады. Болды. Басқа дым да емес. 

4-оқушы:

- Ия, әртүрлі қатал апайлар сабақ береді. Қорқып жүреміз сол сабақ оқып!

5-оқушы:

- Соны айтам... Мен бастауышты қимай тұрмын..! Арайлым апайды, Құралай апайды, пән мұғалімдерін... Бастауыш бәрібір керемет қой?!

6-оқушы:

- Олай болса қыздар «Бастауышпен қоштасу» әнін айтсақ қайтеді? 

7-оқушы:

- Айтсақ айтайық?!

(Сахнаға 4 «б» шығып, «Бастауышпен қоштасу» әнін айтады.)


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар