Өлең, жыр, ақындар

Ілмек бойынша іздеу


Мақалалар (144) Өлеңдер (79) Жоспарлар (29) Мақал-мәтелдер (353) Ұлағатты сөздер (217)

Сөз көбіне - көп өзі өмірге келген тілде тұрақтамай, сырттан келген сөздермен (вокабул) алмастырылады. Бірақ мүлдем жойылып кетпейді басқа тілдерде жан сақтап, өмір сүре береді.

Ілмектер: сөз, тіл, вокабул Олжас Сүлейменов

Ана тілінсіз халық болмайды. Тілінен айырылған ұлт – тарихынан, түп-тамырынан айырылған ұлт. Тілсізді ұлт деуге болмайды. Тілінен айырылған халық – ата-бабасының, туған әкесі мен анасының атын ұмытқан халық. Ал ондайларды мәңгүрт деп атайды.

Ілмектер: ана тілі, тіл, ұлт, тарих, халық Шерхан Мұртаза

Түрік тілінің ішіндегі гауһары – қазақ тілі.

Ілмектер: тіл, қазақ тілі, түрік тілі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Тілін білмеген, түбін білмейді. Ондай адам күлдіремін деп күйдіреді, сүйсіндіремін деп сүріндіреді, білдіремін деп бүлдіреді, қуантамын деп қуартады, келтіремін деп кетіреді, жұбатамын деп жылатады.

Ілмектер: тіл Ғабит Мүсірепов

Тіл – көңілдің ашқышы,
Көңіл – жарық, жан – қия.
Білім – бақыттың басқышы,
Қараңғыда жол қия.

Ілмектер: тіл, білім Ғұмар Қараш

Бір ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сар даласы кең, тілі де бай.

Ілмектер: ұлт, тіл, жер, тарих, қазақ тілі Мағжан Жұмабаев

Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек.

Ілмектер: қазақ, ұлт, тіл Ахмет Байтұрсынұлы

Бір халықтың өз тілінде білім өнері болмаса, ол халықтың тілі бұзылып өзгерді һәм көршілес күшті халықтың тілімен әсірелеп…соған қол болады, оның ішінде жаңалықтар көбейеді. Ол кішкене ұлттарды жаңартып, жандандырылмаған ескі тілі өзінің барлық маңызын жояды һәм жылдам ұмытылады.

Ілмектер: халық, тіл, өнер Ғұмар Қараш

Ақындық – табиғаттың саннан таңдап бірен-саран адамдарға беретін артық өнері. «Көп берілгеннен көп сұранады» деген нақылды ескертіп, аяғына дейін түзетуге керек еді. Тілді бұзбай ұстарту, шеберлету, байыту – ақындардың мойындарына артылған зор борыш.

Ілмектер: ақын, өнер, борыш, тіл Халел Досмұхамедұлы

Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелінде өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз.

Ілмектер: тіл, бала, қазақ тілі, орыс тілі, ана тіл Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл болмаса, ұлт та болмайды. Яғни ол ұлт бүтіндей өлген, жоғалған ұлт болады.

Ілмектер: тіл, ұлт Ғұмар Қараш

Кез-келген тіл дерексіздікке (абстракция) құмар. Ал ең таза сөз жүйелілік және семантикалық тұрғыда монополиске айналған сөз.

Ілмектер: тіл, сөз Олжас Сүлейменов

Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі.

Ілмектер: тіл, қару, адам Ахмет Байтұрсынұлы

Мәдениетіміздің негізі – білім. Білімге тіл арқылы жетіледі. Білімді жұрттардың тілі бай болады.

Ілмектер: мәдениет, білім, тіл, жұрт, бай Халел Досмұхамедұлы

Сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек.

Ілмектер: сөз, сөйлеу, тіл Ахмет Байтұрсынұлы

Халық өмірі бір жылдап, он жылдап, хәттә жүз жылдап та емес, мың жылдап саналады. Сондай ұзақ өмірінің ішінде һәр халықтың дағдылы тұтынып келе жатқан сөздері, ол сөздерінің біріне-бірі жалғасып түзілетін дағдылы жолы, жүйесі, қисыны болады. Һәр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде һәм сондай басқалық болады.

Ілмектер: халық, тіл, жұрт Ахмет Байтұрсынұлы

Жалпы өнер білімнің ішіне ана тілі болуы да кіреді һәм мұның керісінше ана тілі болудан ұлттың білім өнері табылады. Ана тілін білмей тұрып, ешбір білім өнерді таратуға мүмкін емес.

Ілмектер: ана тілі, тіл, білім, өнер Ғұмар Қараш

Гүлденген мәдениет дегеніміз - сан ғасырлар бойы өзге мәдениеттермен үздіксіз байланыс жасаудың жемісі. Тілге қатысты да осыны айтуға болады.

Ілмектер: мәдениет, тіл Олжас Сүлейменов

Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдaғанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түйін түйгенінше айтуға жарау.

Ілмектер: тіл, міндет Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл сақтауға мүмкін болғанда, тіл сақталуға тиіс. Біз тілімізді қанша сақтасақ, ұлтымызды да сонша сақтаған боламыз.

Ілмектер: тіл, ұлт Ғұмар Қараш