Өлең, жыр, ақындар


Желіп кетсе жеткізбес,
Жерге түссе табылмас.

Жел



Бір нәрсе көрінбейді, бар ғой өзі,
Адамзат ол нәрсені көрмес көзі.
Жансызды қимылдатып жанды қылар,
Ызылдап, ызың қағар айтқан сөзі.

Жел



Бар екен бір мақұлық боздайтұғын,
Жұлқынып төңіректі қоршайтұғын.
Жаһанды жалпағынан басып өтіп,
Ұшқан құс, жүгірген аң озбайтұғын.

Жел



Қол-аяғы жоқ болса да,
Қақпа есікті аша алған.

Жел



Жерде емес, аспанда емес, арасында,
Қол жетпес ұсынғанмен саласына.
Өзінің ұшқырлығы құстан жүйрік,
Ойланып бұл жұмбақты табасың ба?

Жел



Жол үстінде семіз тоқты,
Құйрығын көтере алмай жерге соқты.

Боран



Ақ боз жорға,
Күн бұрын ойламасаң,
Кезігерсің көп сорға.

Боран



Жер түбінен боз жорға ат келеді.

Боран



Ұстасаң - қолға ілінбес,
Қарасаң - көзге көрінбес.
Жүрсе ізі жоқ,
Көретін көзі жоқ.
Гулесе күші бар,
Таңқаларлық ісі бар.

Боран



Қыс болса қыр мен ойды аралайды,
Жаз болса қозғалуға жарамайды.

Боран



Қанаты жоқ ұшады,
Аяғы жоқ желеді,
Аузы жоқ ұлиды.

Боран



Қуып едім мойнын бұрмады,
Ұстайын деп ем қолға тұрмады.

Боран



Терісін жыртпай етін жеген,
Жілігін шақпай майын жеген.

Аяз



Есіктен кірді еңкейіп,
Төрге шығады қампайып.

Аяз



Құлағы мен көзі жоқ,
Жоқ тіпті қол мен аяғы.
Бірақ ғажап өнерпаз,
Мәнерлеп ою ояды.

Қырау



Жазда болмайды,
Қыста болады.
Терезеге қонады,
Әсем ою ояды.

Қырау



Шолақ мылтық жер теседі.

Тамшы



Мұрынсыз шымшық мұз теседі.

Тамшы



Тама-тама тас тескен.

Тамшы



Жездекем жезді қамшысымен жер шұқылайды.

Тамшы