Өлең, жыр, ақындар


Қызыл сиырымның жоны жалпақ.

Есік



Көк итім қабаған,
Артына киіз жамаған.

Киіз есік



Күндіз сырп-сырп,
Түнде жым-жырт.

Есік



Мекені жол үстінде тұрар жері,
Бар екен алты жерде қаққан зері ,
Қандайлық қызметті атқарады,
Адаммен бірге жүрер әрі-бері.

Есік



Әрі лап-лап, бері лап-лап,
Қанша үлкен болса да,
Орнына келер жапсақ.

Есік



Адам кірсе ашылады,
Сыртқа шықса жабылады.

Есік



Дүниеде бір нәрсе бар өзі жансыз,
Жоқ оны ұрмайтұғын адамзатта.

Есік



Ұзын, ұзын, ұздар-ай,
Ұзын бойлы қыздар-ай.
Бізді құдай айдады,
Белімізден байлады,
Тірідей сорым қайнады.

Ши



Баяғыда бай едім,
Ақ сақалды шал едім.
Мұнда келіп сондай болдым,
Қысылған қындай болдым.

Ши



Мен елімде дегендім,
Жирен атты бек едім,
Елімнен келіп мұндай болдым,
Белімді байлаған құлдай болдым,
Тонымды жырттырдым,
Сақалымды қырықтырдым.

Ши



Әуелінде шөп едім,
Жерге өскен көк едім.
Қолға түстім, ойылдым,
Он жерімнен буылдым.

Ши



Өз елімде бек едім,
Желкілдеген жек едім.
Келдім де қыспаққа түстім,
Отыз екі тұзаққа түстім.

Тоқыған ши



Үй үстінде төрт шыбық,
Төртеуі де тең шыбық.

Түндіктің төрт бауы



Ана ауылдың қойларының бәрі ала аяқ.

Уық бау



Үй айнала қан төктім.

Басқұр



Ала күшік үй айнала жүгіреді,
Екі басы ішке кіреді.

Басқұр



Үйде бір жұдырық,
Сыртта бір жұдырық.

Керегенің көгі



Артыңда әкең жұдырығын түйіп тұр.

Керегенің көгі



Үйдің іші толған мыс кене.

Керегенің көгі



Былайғы елдің баласы
Ашамайын мініп тұр.

Керегенің басындағы уық