Өлең, жыр, ақындар

Сәбиге тілек

  • mendi
  • 16.09.2018
  • 0
  • 1
  • 6599
СӘБИГЕ ТІЛЕК...
(немесе бір мүгедек сәбиді қанаттандыру)


Бүр жарып әсем, келеді көктеп бір шыбық,
Келеді өсіп, тамшыдай ғана тіршілік!
Қауызын ашып, жұпарын шашып қызғалдақ,
Ұмтылып келед(і) өмірге мынау құлшынып!

Құлыншақ-ғұмыр кемелі келіп, тай болар,
Аламан-өмір сынына түсіп бәйге алар!
Ұмытпа, құлын, өмірге құштар жан ғана,
Бағыты айқын жұлдызға ертең айналар!

Періште ғұмыр, лайланбай өсші, тұнығың,
Ертеңгі күннің –бастауы болсын бүгінің.
Мейірімді жүрек аялап сені баптаса,
Бәйгенің алды сенікі болсын,құлыным!

Құралай сынды, еліктей ерке лағым,
Қабағың қатып, мұңдана көрме, шырағым!
Үміттің отын үрле де, ұмтыл, берілме,
Шыдамды ғана шығады шыңға, шынарым!

Арайлы болып, жақындай түссін ертеңің,
Үкілеп үміт, арманның күйін шерте біл!
Өмір-мұхитта қарсы жүзе біл ағысқа,
Үмітке толы жас жүрек жайып желкенін!

Үміттен ботам, баянды болсын ертеңің,
Үмітпен күтсең, шын болар арман-ертегің.
Сен-алдан, ал, мен-өзіңнен үміт күтемін,
«Азамат болып шығар»- деп артар ел сенім!

Өмір дегенің-жеңістер және жеңіліс,
Ұмтылу алға, биіктеу, кері шегініс...
Бар қиындықтан жетелеп сені шығарар,
Өмірге деген, өзіңе деген Сенім-күш!

Сенім арт күнім, сенім арт, мынау халқыңа,
Алдыңа қояр мақсатыңа жет, талпын да!
Болашақ жұлдыз өзің бол, талмас қанаты,
Қошемет қылып мақтансын елің артыңда!

Құштарлық пенен сүюде ғана бар ғажап,
Мейірім, шуақ өзіңе ғана арналмақ!
Жалыны лаулап, өшпесін сенің бойыңнан,
Ертеңге деген, өмірге деген махаббат!

Мейірім, пейіл, үміт пен сенім, махаббат,
Арманның әппақ желкенін әрі апармақ!
Өмірге құштар періште мөлдір көңілмен,
Тізгін тарт, тірлік көшіне еріп сапарлап!

Ақ қанат арман қолыңды созсаң, жетерсің!
«Тәуекел түбі-жел қайық» зулап өтерсің!
Үмітің –гүлің, Сенімің-жасыл жапырақ,
Махаббат, арман, биікке сені көтерсін!!

Арманда жаным, армандар орындалады,
Бұлыңғыр күндер түс болып артта қалады!
Әлемді мынау құтқарар үміт, махаббат,
Қос қанатың боп, қанатын «сен» деп қағады!



Пікірлер (1)

Nadirov1990

лайк

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз