Өлең, жыр, ақындар

Міне, менде арман жоқ

  • 12.07.2018
  • 0
  • 0
  • 7397
Мен қосылдым өзіңе,
Зарығып, сүйіп неше жыл.
Тоғыз жүз отыз екінші,
Жаңа өмірге кірген жыл.
Жаңа деген жас емес,
Жаңарған шын көңілім бұл.
Мен бір жүрген жан едім,
Жаным — ауру, көңілім — құл.
Жалғыз сен деп тіректі,
Саған жарып жүректі.
Бір қуанған уақытым бұл.
Сондықтан жан жасарып,
Жаңа өмірім басталып,
Сүйіп сүйген — туған жыл
* * *
Жаным, бір сүйген жанымсың,
Жүрегімсің, отымсың,
Жүректегі қанымсың.
Көксем қаны жүректің
Тасысын да, ағылсын.
Кетейін еріп, сорғалап,
Қуанып жүрек, жарылсын.
Мұз жүректі мен едім,
Оны еріткен жалынсың.
Бар тілегім, мұратым
Бір өзіңнен табылсын.
Қалдырып сені қалада,
Қасыңнан кетіп барамын.
Мені де деп сағынсын,
Сағыну деген дерт екен,
Ауырмасам нағылсын.
* * *
Жаным, бір сүйген күнімсің,
Құй сәулеңді көңіліме,
Жаным, бір сүйген гүлімсің.
Жаным, бір сүйген күнімсің,
Күн сәулеңді көңіліме
Салайын, — жан тірілсін.
Улы дене, өлік жан,
Бойға жылу жүгірсін.
Бір мұратқа жетуге
Қам істелік күн үшін.
Бақыты үшін біреудің
Байлап басын кім жүрсін.
Бақ есігін батыл боп,
Ашуға бел байладық,
Мейлі дүние бүлінсін.
Есімнен менің қалар ма?
Өткізгенім өзіңмен,
...үйдегі сегіз күн.
Бұл сегіз күн ішінде
Бал махаббат ішкізіп,
Бақыт жентін жегіздің,
Мінезіңмен мас етіп,
«Жаным! Жаным!» дегіздің.
Тіліңнің балы — аузымда,
Аузыңдағы лебіздің
Құлағымда үні тұр.
Ақ жастықта сөйлескен,
Ақырын сыбыр сөз сіздің,
Есімнен менің қалар ма?
Өткізгенім өзіңмен,
...үйдегі сегіз түн.
Міне, кетті бес минут,
Бесті соғып алтыға.
Сағат байғұс бір әділ,
Бірдей сөйлеп жалпыға,
Мен отырмын не күтіп,
Қалды сәулем артымда.
Алысқан асау жүрегім,
Алыстап енді барасың,
Басыл біраз қалпында.
Жоқ, салқындар емессің,
Қан қамаған жүрегім,
Салпылда да қалтылда.
Маған ауыр жүк болды-ау,
Сегіз күндей қызықтап,
Енді, міне, қайту да.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Малта

  • 0
  • 0

Құлыншақтай қу шұнақ,
Құйрық-жалсыз, сұр шұнақ.
Балаға берді апасы
Сұрша малта, жұмыршақ.

Толық

Көшкі

  • 0
  • 0

Қар боратып, қараңғы құзға шашырап,
Көпіріп кешкі, тау шулатып, сатырлап,
Дәл үстімде ұшқан қыран саңқылдап,
Күңренеді таудың ағашы.

Толық

Ағыңды менің Ақсуым

  • 4
  • 12

Ағыңды менің Ақсуым,
Ақырып әлі ағасың,
Ақиланған ашумен,
Ақтарды асқар сабасын.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар