Өлең, жыр, ақындар

Өмір үйін тұрғызам деп...

  • 15.04.2015
  • 1
  • 1
  • 8262
Өмiр үйiн тұрғызам деп,
Мың сан үйдi құлатып.
Кiрпiш, ағаш жиғызам деп,
Матшаларын сұлатып.

Бiр басымның қамы ғой деп,
Қамданып ем жан үшiн.
Көп халықтың қақысын жеп,
Көп наданды жылатып.

Бiтсе, қайта бұза бердiм,
Басқа түрмен қалатып.
Неше план сыза бердiм,
Кезегiмен ұнатып.

Сопы болып басымды идiм,
Сәлде салдым айла үшiн.
Әдiлiмсiп перде кидiм,
Беттi бояп сылатып.

Нәпсi сонда қуанып жүр,
Айтқанымды қылды деп.
Хақиқатқа көрмедiм бiр,
Өз бойымды сынатып.

Бiр күнi арақ iшiп едiм,
Түстi жарым ойыма.
Терең ойға түсiп едiм,
Кеттi мастық улатып.

Дедi мастық: «Өмiр – айлаң,
Не бiтiрдi, қыл есеп.
Қанша адамға тидi пайдаң,
Қанша момын шулатып?»

Көп аруақ келдi кiрiп,
Көп қиянат қылғаным.
Кеттi бетке бiр түкiрiп,
Қақырықпен сулатып.

Қиянатпен қылған iсiм,
Көңiлiме түстi де,
Жанды iшiм, кеттi күшiм,
Неге қойсын шыдатып.

Тiптi айықпа, сорлы басым,
Мен арақтың құлымын–
Құй түкiрсiн, кегiн алсын,
Ойды қанмен бұлатып.

Ес жиюым болды қиын,
Есiркедi, келдi жар.
Қылды рахым: өмiр үйiн
Өз басыма құлатып.



Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз

Анық пен танық

  • 1
  • 5

Ойлаңыз, ақыл-бiлiм қайда болмақ,
Денеде қандай орын-жайда болмақ?
Бiлу, нану, ұнату – ақыл ici,
Қайтсе зиян, қайткенде пайда болмақ?

Толық

Талап пен ақыл

  • 2
  • 10

Талап деген бiр жүйрiк тұлпар сынды‚
Бабын таппай мiнгендi қылар жынды.
Тауға ұра ма басыңды, тасқа ұра ма,
Ал ендi оған кiсi қайтiп мiндi?

Толық

Бай мен кедей

  • 0
  • 2

Бай болдың, батыр болдың, шешен болдың,
Ел билеп, топ бастаған көсем болдың.
Сен қылмаған өнер жоқ бола қойсын,
Бір адам қандай болсын десең, болдың.

Толық

Қарап көріңіз