Өлең, жыр, ақындар

Қысқа сөз

  • 15.04.2015
  • 1
  • 2
  • 17261
Мен жаздым өлеңменен бiрталай сөз,
Бұл ендi талай жанға болады кез.
Жалықпай жоқты шатып жаза берген,
Демеңiз осынша қырт, не қылған ез.

Наданға азғана сөз ем болмайды,
Есекке ептеп берсең, жем болмайды.
Қанағатсыз кiсiнiң тамағы зор,
Ынсапсыз хайуаннан кем болмайды.

Мылжың дер оқығандар сөзiмдi анық,
Естiге түйiр сөзiм болар қанық.
Аз сөзбен айтып көрсем мақсатымды,
Онымды ұғар ма екен осы халық?

Қояр ем мылжыңдамай, сөзiмдi ұқса,
Қайтемiн оны ұға алмай дiннен шықса.
Азды ұқсаң, бұл сөзiмдi анықтап ұқ,
Иеңдей болам деме, Иеңе ұқса.

Тәңiрiң – таза, болып бақ сен де кiрсiз,
Әлiң келсе, менен қаш‚ Иең – мiнсiз.
Бұл Құдайдай боламын деген емес,
Сөзiмнiң түбiн ұқпай деме дiнсiз.

Алланың пендесiне рақымы мол,
Сен де өзiңдей адамға мейiрiмдi бол.
Ол жаратты, сен-дағы жаратып бақ,
Бардан барды шығарсаң болады сол.

Керексiздi қылмайды Иең-дағы,
Мен де сүйтем деп қара сен де тағы,
Бiр Құдайың сабырлы, сен де шыда,
Бәрi осындай, ойлансаң, артқы жағы.

Мұны бiлсең, боласың сүйiктi құл,
Құлы болсаң, қожаңның сүйгенiн қыл.
Шын мұсылман болайын деп ойласаң,
Құдайға құл болудың мәнiсiн бiл.



Пікірлер (2)

Мұқажан Ақсұлу

Өте керемет маған ұнады мағынасы да күшті

Пікір қалдырыңыз

Қасқыр, түлкі, бөдене

  • 1
  • 1

Бір қу түлкі болыпты жұртты құртқан,
Тышқан аулап жейді екен ескі жұрттан.
Жем таба алмай бір жылы арықтапты,
Тышқан ауып кеткен соң мұқым сырттан.

Толық

Әлемді түгел мен көріп...

  • 1
  • 1

Әлемдi түгел мен көрiп,
Ешкiм менi бiлмесе.
Мұқтажым, нәпсiм жоқ болып,
Зияным жанға тимесе.

Толық

Серігім – жалғыз әупіш қасымдағы

  • 1
  • 1

«Серігім – жалғыз Әупіш қасымдағы,
Ертеден жолдасымсың жасымдағы.
Таза жүрек, ойыңда арамдық жоқ,
Қайғымды сен ұғасың басымдағы.

Толық

Қарап көріңіз