Өлең, жыр, ақындар

Қош!

  • 15.04.2015
  • 1
  • 1
  • 13875
Жас өтті тынымсыз,
Өнерсіз, ғылымсыз,
Надандық жолымен
Кеттім-ау білімсіз.

Оқытпай баламды,
О да өсті тыюсыз.
Ойламай шамамды
Алды-артым жиюсыз.

Бақ қайда қиынсыз,
Бос тілек сыйымсыз,
Қазақ та қажытты,
Күнім жоқ жиынсыз.

Бір жол бар келгісіз,
Қайта өмір көргісіз.
Ізім жоқ, түзім жоқ,
Өттім-ау белгісіз!

Қағазым – жолдасым,
Қаламым –сырласым,
Өлген соң белгілі,
Қайта кеп тұрмасым.

Тіл сорлы жырласын,
Бекерге тұрмасым,
Алдымнан жарылқап,
Алла кәр қылмасын.

Ел анау, мен мынау
Қайтейін, бір басым.
Аман бол, ағайын,
Татуым, қимасым.

Надандық жаман ғой,
Оқыған – адам ғой.
Ізденіп көріңіз,
Ғылымды заман ғой.

Насихат тегін ғой,
Салулы егін ғой.
Еңбек қыл, ерінбе,
Араздық кегін қой.

Ғылым бір кенің ғой,
Ауырсаң, емің ғой.
Бәріне жетеді,
Таусылмас көлің ғой.

Мен қайғы жедім ғой,
«Қапы өттім» дедім ғой,
Қазағым, қам ойлан,
Сен де адам едің ғой.



Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз

Абай марқұм өткен соң өзіме айтқан жырларым

  • 1
  • 3

«Ажал жетсе, өлдiң бе,
Өлiм келдi, көрдiң бе?
Баянсызға салынба»‚ –
Десе, тоқтау бердiң бе?

Толық

Бейісте бар сұлу жар...

  • 1
  • 1

«Бейiсте бар сұлу жар,
Мінсiз таза хор қыздар,
Рахат берер бал кәусар»,–
Дейдi бiздiң молдалар.

Толық

Боран

  • 1
  • 0

Мың сегіз жүз он бір жыл шамасында,
Он екінші жылменен арасында,
Саврило Саврилович дейтұғын бай
Отырған Нинандырып қаласында.

Толық

Қарап көріңіз