Өлең, жыр, ақындар

Отыз жыл болды ұядан ұшқан күнге

  • 21.06.2016
  • 1
  • 2
  • 18049
Қазалы ауданы №25 мектебінің 37-түлектерінің мектеп бітіріп, аттестат алған күндеріне де дәл биыл ғана 27 маусымда отыз жыл толмақ. Олардың мектеп табалдырығын аттағанда қабылдап алған алғашқы ұстаздары Әбдіразақов Нұғыман ағай мен Жүсіпов Жанұзақ ағай, ал мектеп бітіріп, түлек болғанда өмір айдынына шығарып салған сынып жетекші ұстаздары Сахиев Қуантқан ағай мен Қуатбаев Мұрат ағай еді.


Отыз дейтін шамшырағы тұр өрде,
Дегендей-ақ өткен жолды түгенде.
Кеше олар іні болып еді баршаға,
Өздері енді аға боп жүр біреуге.

Аға боп жүр кешегі ерке ұл бүгін,
Жары ашып ақ боз үйдің түндігін.
Арман қуып ұшқан қызы кешегі
Кішілерге жеңге болып жүр бүгін.

Өзі бата алған кеше үлкеннен
Аға болып орын апты ұл төрден.
Кеше олар туған жердің төсінде
Нұра жақтан балалықпен гүл терген.

Армандары шақырғандай жырақтан,
Жандарында сосын жастық гүлі атқан.
Кеше олардың сезімдерін сыр етіп
Көше әндері албырт жанын жұбатқан.

Сол әнменен талай кешін өткерген,
Әнге ұйыған қара көзден от көрген.
Әндер еді әуендері әдемі,
Ал сөздері қарапайым боп келген.

Оның сөзін әлі жұрттар біледі,
Гитарада айтылатын үнемі.
Сол әнменен шаттанатын ару жүз,
Жастықпенен албырайтын ұл өңі.

Бет желпіген кешкі самал ескенде,
Айтылатын талай-талай кештерде.
Сол гитара ару қыздың жігітін
Шығарып сап тұрды сосын әскерге.

Мақсаттары қолын бұлғап көш белден,
Әуенменен жастық арман көшке ерген.
Сол гитара сол арудың жігітін
Күтіп алып тұрды сосын әскерден.

Есейді сосын, жылдар жылжып өтпек-ті,
Артқа тастады балалықты, мектепті.
Ал сонан соң бір кездегі балаң ұл
Ұл мен қызға өздері әке боп кетті.

Ергенменен жылдар дейтін ағынға,
Балалығы жүрді ұя сап жанында.
Сосын келіп бір-біріне хат жазды:
"Жиналыңдаршы тағы да бір ауылға!"

Тағы да бір ашылсын сыр сандығы,
Мектеп жақта балалықтың қалды үні.
Сабақ берген ұстаздардың кешегі
Бірі ортада, өмірде жоқ ал бірі.

Жастық шақта ештеңе жоқ бөгердей,
Қалмап еді сезімдері еленбей.
Елеңдейді кей жігіттің жүрегі
Кешегі қыз қандай бопты дегендей.

Елең қақсын, әке болған ұл күлсін,
Хат жазды ма уағында, кім білсін.
Кластастар дейтін жұрттар оларды -
Қалжың айтып бірін-бірі күлдірсін.

Тілек тілеп мектеп қыз бен барша ұлға,
Аттестатын алған олар маусымда.
Есейіңдер деген мектеп оларға,
Балалығың аманат боп қалсын да.

Алды ма олар өмір жолда ұтып бір,
Соны санайды, қадамдарға бітіп гүл.
24-пен 26 маусымда
Сол қуаныш оларды енді күтіп тұр.

Құрдас, дейді, деме уақыт тапшы ғой,
Жиналып алып, айтайықшы жақсы ой.
Жасайық, дейді, қарт ұстазға құрмет,
Той болғаны, ой болғаны жақсы ғой!



Пікірлер (2)

Замір

Өмір дегенің зымырап өтеді...

Гүлназ Медеубай.

Ғабиден ағай өлеңдеріңізді оқып өзімді ҚОЖАБАХЫДА жүргендей сезініп кеттім ғой.Алыста жүрсек те ауылға бүйрегіміз бұрып тұрады .Қаламыңыздан əсерлі тамаша шығармалар жазыла берсін!Деніңіз сау болсын!

Пікір қалдырыңыз

Қазағымның ардақты келіндері

  • 0
  • 0

Ақсақалға ұсынып төрін берді,
Алғысына бөленіп көңілдері.
Жасы үлкенге жаңылмай сәлем салған -
Қазағымның ардақты келіндері.

Толық

Желтоқсан

  • 0
  • 1

Деді ме екен қайраттанар жыл келді,
Таңдандырып аға ұрпақты, үлкенді.
Ар-намыстың алаңында жастықтың
Сонда рухы жұдырық боп сілтенді.

Толық

Қыз жүрегi жылады

  • 0
  • 0

Бақыт таңы нұр боп атып күлгенде,
Сезiмiнiң жанып оты бiр демде,
Махаббатқа сенiм артып жүргенде,
Ару жүрек алданды.

Толық

Қарап көріңіз