Өлең, жыр, ақындар

Дүйсенбі күні болғанда...

  • 14.04.2015
  • 1
  • 1
  • 19337
Дүйсенбі күні болғанда,
Ұлы сәске толғанда,
Барып едім шөп сала,
Оқыранды Қоңыр ат.
Оқыранғанда ол айтты,
Жақсы тыңда, нені айтты:

– Жапанда жалғыз жатқан шал,
Арқама менің ерді сал,
Күн ашылды көрдің бе?
Маған мін де елге бар.
Не болды екен ел мен мал?
Байқошқардың қаласы,
Оңынан аз ғой панасы.
Сен өлді деп, кейіп жүр
Еркегі, қатын-баласы.
Іздегелі жатыр ел,
Келсе бүгін шамасы.

Әуре қылмай, өзің бар,
Жазып алған сөзің бар.
Оқы да, ұқтыр сырыңды,
Сырлы өлең мен жырыңды,
Ұқпаса да баршасын,
Кейбірін ұғар данасы.
Осы сөзге құлақ сал!
Үстіме менің мініп ал,
Байқошқар мен қораның,
Аяңдап жүрген адамға,
Үш ақ сағат арасы.

Сөзін қабыл алдым да,
Тамға құлып салдым да,
Байқошқарға жөнелдім.
Ауылға таяу келгенде,
Атым тоқтап бөгелді,
Бөгеліп атым сөйледі,
Сөйлегенде не деді:

– Төс айылға қатқан мұз,
Төсіме батып кетті ғой.
«Кешегі кеткен жалмауыз
Тағы да келіп жетті ғой»,–
Деп жүре ме бұл ауыл.
Кетірген шығар күйісін.
Үдіре боран, көк дауыл.

Атыма жауап қайырдым:
– «Елге қайт» деп сен айттың,
Жаман тамнан айырдың,
Мұны білсең, неге айттың?!
Жалғыз мені күтуге
Ренжімейді бұл қауым,
Жалғыз тамға жатуға,
Бұларға мәлім шыдауым.

Өз азығым өзімде,
Салмағымды салмайым.
Жатар орын болмаса,
Бір тиынын алмайым.
Шақырып қонақ қылмаса,
Тамақ іздеп бармайым.
Нәсихат өлең ойланып,
Жазбақ болсам толғанып,
Қарындаш, қағаз қолға алып,
Жаман тамға барамын,
Біржола мұнда қалмайым!



Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз

Махаббат пен құмарлық

  • 3
  • 1

Ашылған көз тұра ма бiр зат көрмей,
Миға хабар бермей ме түсi өзгермей.
Әдейiлеп көрейiн демесең де,
Қарсы алдыңа қоя ма түк кез келмей?

Толық

Тауып айтса мінді деп...

  • 1
  • 1

Тауып айтса мінді деп,
Жоғалтып бақ мініңді.
Өз етіңді жұлып жеп,
Ашпа алашқа сырыңды.

Толық

Қалжыңшыл қылжақпас

  • 1
  • 1

Жайдары күлдіргіш, қалқам,
Ұятсыз, әдепсіз, салқам.
Күлгенім бір сенің арқаң,
Ыржақта,
қылжақта, әйдә!

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар