Өлең, жыр, ақындар

Бай мен кедей

  • 14.04.2015
  • 0
  • 2
  • 24045
Бай болдың, батыр болдың, шешен болдың,
Ел билеп, топ бастаған көсем болдың.
Сен қылмаған өнер жоқ бола қойсын,
Бір адам қандай болсын десең, болдың.

Немене, қор да болдың, кем де болдың,
Малсыз кедей кімменен тең де болдың?
Екеуінің бірін ал өзің таңдап,
Түбінде мен не болдым, сен не болдың?

Байлықты алып, мұратқа өзің жеттің,
Кемдікті маған беріп тентіреттің.
Қымыз ішсең, көже ішіп мен де жүрмін,
Бәрі бір, бай болғанмен қайтып өттің?

Сүйткенмен мен де өлемін, сен де өлесің,
Қаза келсе – қалмайсың, жөнелесің.
Тәңрі алдында, білмеймін, кім озады,
Өлгенде малың жалдап не көресің?

Енді маған дейсің ғой көрдің бейнет,
Сен-ақ тіпті кейімей сөзіңе жет.
Өз көзіңнен басқаның бәрі жауың,
Қане, сонан қайғысыз құтылып кет!

Біреу зорлап алады, біреу алдап,
Ұры-залым – бәрі тұр жыланша арбап.
Жаның толған жалмауыз жалаңдаған,
Тілі шыққан бала да сені қармап.

Мал бағусыз, малшыға сөзің батпай,
Қысы-жазы тынымсыз үйде жатпай,
«Қарағым, ана малды қайыршы» деп,
Қане, сен де жүрмісің көзің сатпай.

Мен бақпаймын малыңды ақы бермей,
Және өзіме ақырма қарсы келмей.
Көңілім сүйсе ұйықтаймын, не жатамын,
Енді өзгеге бақтыршы, маған сенбей.

Мен сықылды әкелсең тағы біреу,
Өз көзіне қоймайды о да тіреу.
Аяғында өзіңе келген жоқ па
Мал бағып, күл шығарып, боқтық күреу.

Байлық жақсы екені елге мәлім,
Өзің істеп әдет қыл, келсе халің.
Қолың білсе, біреуге жалынбайсың,
Шыдамды бол, еріншек болма, жаным.

Анық байлық – денеге біткен өнер,
Білімдінің бәрі де соған төнер.
Арам жиып мақтанған дәулет емес,
Алдымызда бір күн бар есеп берер.



Пікірлер (2)

айым

маған ұнады

Пікір қалдырыңыз

Иесіз қорада

  • 2
  • 1

Не күшті – себеп болған тағдыр күшті,
Сол билер өмірдегі көп жұмысты.
Елсізде биылғы қыс жалғыз жатып,
Жазып ем бұрын басқа түскен істі.

Толық

Хайуан мен ақымақтар

  • 1
  • 1

Бір Құдай неше түрлі жан жаратты,
Не үлкен, не кішкентай тән жаратты.
Керексіз, жансыз нәрсе жаратқан жоқ,
Есепсіз қанша мың мен сан жаратты.

Толық

Еңлік - Кебек

  • 1
  • 22

Өткен адам болады көзден таса,
Өлді-өшті, оны ешкім ойламаса.
Ол кетсе де белгісі жоғалмайды,
Керектісін ескеріп, ұмытпаса.

Толық

Қарап көріңіз