Өлең, жыр, ақындар

Өзен мен Қарасу

  • 04.04.2015
  • 1
  • 3
  • 53195
Қарасу Өзенге айтты: «Ғажап мұның!
Мезгілің бар ма, сірә, табар тыным?
Тасисың бірде кеме, бірде салдар,
Қайықтың есебі жоқ сансыз мыңын.
Суыңда күндіз-түні тыныштық жоқ,
Қалайша шаршамайсың, жарықтығым?
Бейнетім менің егер сендей болса,
Бір күн де төзбес едім, нақ бұл шыным.
Байқасам салыстырып саған қарап,
Рақат, ұжмақ менің көрген күнім.

Ол рас, сендей атақ-дабысым жоқ,
Айбынды бұйраланған ағысым жоқ.
Планда орынды да көп алмаймын,
Қағазға сыймай тұрқым, онша ұзын боп.

Сонда да мендей рақат көрмек қайда!
Бейне бір мамық төсек түбім майда.
Жұмыс жоқ, уайым жоқ мен бір ханым,
Салдырып белден төсек, жатқан жайға.

Есепсіз рақатым, бейнетім кем,
Дермісің көрген күнің менімен тең?
Үстімнен кемелер мен салдар түгіл,
Жел қайық, тым болмаса, жүре ме екен?
Түседі жапырақтар кейде ғана,
Айында екі-үш рет көп болса ең.

Мазамды жел де алмайды төмен ойда,
Қозғалмай ұйқылы-ояу жатқан бойға.
Осынша әуре болып жүргеніңе,
Қаламын ғажаптанып қиял-ойға.

Сол шақта Өзен айтты: «Тоқта, надан!
Сөзіңді шығын қылма жоққа, надан!
Ісімді әурешілік, пайдасыз деп,
Білмесең, құр өтірік соқпа, надан!
Ағынмен су зораяр деген қайда?
Мұндай сөз хабарыңда жоқ па, надан?

Зорайып болдым өзен аққаныммен,
Сендей боп текке қарап жатпадым мен.
Толтырып сай-саланы жылда суға,
Келтірдім көпке пайда тапқаныммен.
Жайылса жер жүзіне дабыс-даңқым,
Оны да қарап жатып таппадым мен.

Бойыммен осы аққан алмай дамыл,
Ағармын әлі де болса неше жүз жыл.
Суалып оған дейін жатқан сенің,
Дүниеде атың қалмас, суың түгіл».

Айттырған періште ме, яки жын ба,
Әйтеуір Өзен сөзі шықты шынға.
Сол аққан қалыбынан жаңылмастан,
Жүздерден асып алып, кетті мыңға.
Суалып, қоқым тосып, балдыр басып,
Қарасу құри берді жылдан жылға.
Сарқылып он жыл болмай, дымы бітіп,
Су деген жоғалды аты ақырында.

Мысалы үлкен Өзен тынбай аққан –
Халықтар миһнат шегіп, рақат тапқан.
Жетісіп ғылым, өнер баршасына,
Толып тұр қанасына қонған бақтан.
Меңзеймін Қарасуды, қазақ, саған,
Талпынбай талап ойлап, қарап жатқан.
Барады қатар жұрттың бәрі озып,
Ілгері жылжымайсың жалғыз аттам.
Оянып, жан-жағыңа сал көзіңді,
Түбіңе жетпей қалмас қамсыз жатқан.
Өткізіп уақытты, өкінерсің –
Бәледен, басқа келмей, деймін сақтан.

Қазағым, сал құлағың нақылыма,
Түсініп айтқан достық ақылыма.
Сөз емес еріккенде ермек еткен,
Айтамын жаным ашып жақыныма.
Қозғалмай бұл күйіңмен жата берсең,
Боларсың Қарасудай ақырында.

Ахмет Байтұрсынұлы



Пікірлер (3)

Арайлым

Қара бұлт деген өлеңі барма?
Менде кітап болмағандықтан интернеттен іздеп отырмын

Ахмет Байтұрсынұлы

Өлен

Ахмет Байтұрсынұлы

Өлеңдері

Пікір қалдырыңыз

Жас ағаш

  • 1
  • 41

Орманға балтасымен келді Мұжық,
Аралап ағаш таңдап жүрді кезіп.
«Апырмай, аман қалсақ жарар ед», - деп,
Жанынан көрген Ағаш тұрды безіп.

Толық

Түлкі мен қарашекпен

  • 1
  • 4

Түлкіге тамақ іздеп сапар шеккен
Жолығып, айтты бір күн Қарашекпен:
«Күнің аз тауық жемей жай жүретін,
Ұрлыққа құмар жансың мұнша неткен?

Толық

Қайыршы мен Қыдыр

  • 0
  • 0

Қайыршы киімі жыртық, жалаң аяқ,
Мойнында ескі дорба, қолда таяқ.
Қалада қайыр сұрап жүруші еді
Күн көріп бергенімен әркім аяп.

Толық

Қарап көріңіз