Өлең, жыр, ақындар

Ұл

  • 13.10.2015
  • 0
  • 1
  • 9755
Мейірімінен нәр алдыңда жүректің,
Ата - анаңды қайта өмірде түлеттің.
Өйткені сен жақыныңның барлығын
Қуанттың да, мына өмірде шыр еттің.
Сен туды деп, мерейлерін өсірді,
Талай көңіл қуаныштан көсілді.
Ұрпақ жалғар ұл туды деп - қуанды,
Ұл келді деп, кіндігің де кесілді.
Емес еді ешбір тілек жасанды,
Сен туды деп, шілдехана жасалды.
Көпшілікке сен осылай елендің,
Тал бесікке ана әлдимен бөлендің.
Жаттың тыңдап осынау бір ұлы әнді,
Сол әуенмен мына өмірге сен ендің.
***
Сен үшін де туа берер жарқын күн,
Сен тұрғанда, бағасы кем алтынның.
Еңбектедің, сосын мына өмірде
Қаз тұруға бірте-бірте талпындың.
Соның бәрі жұрт көңілін өсірді,
Сосын барып жасады да шешімді.
Ел жиналып, дәстүрге сай жолменен
Ала жіппен тұсауың да кесілді.
Жүгірерсің, әлі желдей есерсің,
Өмір теңіз толқынын да кешерсің.
Тұсауыңды кескен-ді бір азамат,
Енді өзің де азамат боп өсерсің.
***
Дәстүрің де болар саған ұнамды,
Дініңнің де жолын халқың ұға алды.
Сондықтан да сен мұсылман ұлы деп,
Сүндет тойын жасады, елің қуанды.
Болғандай-ақ сен де жігіт тұлғалы,
Шәкірт шақтың жақындапты-ау жылдары.
Жыламайсың балалықпен сен енді,
Жыламайды мұсылманның ұлдары.
***
Міне, осылай бір шаттықпен жетпек күн,
Балалық кез бір-ақ сәтте өтпек тым.
Сен де енді тәлім алар шәкірт боп,
Қоңырауын қағып тұрсың мектептің.
Ата - анаң да қуаныштан тасынар,
Тілектес боп, жақындар да қосылар.
Енді саған алтын ұяң арқылы
Білім жолдың тылсым сыры ашылар.
***
Жақсы оқысаң, саған көңіл бөлінбек,
Тәлім көрдің, өз еліңді елім деп.
Кеше бала ең, енді бопсың бозбала,
Мұртың қапты кәдімгідей тебіндеп.
Дәмін татып бұл шәкірттік жылдардың,
Жолыменен келе жатсың ұлдардың.
Содан ба екен, сезім жанып, сол қызға
Жүрек тулап, ту сыртынан ұрландың.
Ғашықтық па, келеді екен оқыс тым,
Сол қыз үшін өзге ұлмен де шекістің.
Шекістің де, қайта-дағы бекістің.
Тынышыңды алардай-ақ мұздап іш,
Басталды ма қыз үшін де қызғаныш.
***
Кейде өмірдей көрінетін сағымды,
Барлық жан да шәкірт күнін сағынды.
Мектебіңнің саған да енді соңғы рет
Қош айтысып, қоңырауы қағылды.
Сені де әр кез ұстаздарың ұға алды,
Анаң бүгін тым айрықша қуанды.
Енді қалып балалық күн - бұрынғың,
Әкеңді де сен ерлерше ұғындың.
Болады деп мына өмірдің сан қыры,
Тілек, ақыл айтты саған барлығы.
Үздік деген аттестатың қолыңда,
Күтер сені өмір жолдың даңғылы.
***
Студентсің, санаң да, ойың өскен - ді,
Сені әр кез жолдастарың ескерді.
Жүргізетін болып апсың тәп-тәуір
Жастық жалын отырыс пен кештерді.
Бәрі саған бөлді-дағы көңілді,
Жайнатасың жастыққа тән өмірді.
Сөйлеп кетсең, сөзге-дағы шешенсің,
Аузыңды ашсаң, әдемі әзіл төгілді.
Өзгенің де өнеріне тамсанып,
Арасында өзің де алдың ән салып.
Осы ортаға жастық көңіл бір ұққыз,
Саған қазір сүйсінеді қырық қыз.
Қырық қыздың ұрлама тек уақытын,
Бірі шығар, бәлкім, сенің бақытың.
***
Шуағынан нәр алғандай көктемнің,
Міне, саған шешім айтар жеткен күн.
Алакүлік емес еді көңілің,
Осы аруға үйленуге серт бердің.
Тек осы ару көрінеді гүлдей шын,
Оған, бәлкім, сен де таң мен күндейсің.
Несі ерекше өзге арудан бұл қыздың,
Оны ешқашан, ойланарсың, білмейсің.
Қос жүректің бірге соқты ырғағы,
Бар болмысың жүрегіңді тыңдады.
Біле алмассың, несі ерекше бұл қыздың,
Өйткені ол - махаббаттың жұмбағы.
Ортақ шығар осы сезім жасқа сан,
Дейді ұл да сүйгеніммен бас қосам.
Шын махаббат, шын сезімі жігітке
Есеп, амал ойлатпайды ешқашан.
***
Келін түсті, есік алдан ашылды,
"Құтты болсын!" деді, жұрттар тасынды.
Оң аяқпен аттап келін кірді үйге,
Қуаныштан шашу кәде шашылды.
Кеше ұл ең алған анаң құндақтап,
Әкең жүрді келешекке ұл баптап.
Енді, міне, сен сүйген қыз үйіңнің
Босағасын оң аяқпен тұрды аттап.
Енді оның босағасы өзінің,
Арнаған соң саған ыстық сезімін.
Қиындығын бірге өмірдің бөлісер,
Жар да болар сарықпайтын төзімін.
Анаң бүгін қуаныштан толқыды,
Көптен күткен жан еді ғой ол мұны.
Әкең бүгін тебіренді шаттықтан,
Қайталады өмір жолда ұл мұны.
Оның бүгін шаңырағы жалғасты,
Отау кілті ұрпағына алмасты.
Көз алдында ұлы жүрсе аман боп,
Баба ұрпағы жалғанусыз қалмас - ты.
Шаңырақта қайта тұрды бақ түлеп,
Күн де шуақ сендер үшін төкті кеп.
Қалыңдығың жаныңда отыр үлбіреп,
Сендер үшін жауып жатты ақ тілек!
***
Қуантты да тағы да сан жүректі,
Тағы қайта көңілдерді түлетті.
Отау үйдің түңлігінен нұр шашып,
Тағы бір Ұл шаттық үнмен шыр етті!
Сол дауыстан тебіренді Даласы,
Сол дауысқа еміренді анасы.
Бұл шыр еткен сенің ұлың бүгінгі,
Дейтін сендер:
"Атасының баласы!"
Дейтін сендер:
"Әжесінің баласы!"
Шырылдасын, баба арманын өтесін,
Қидырған ғой ата-анасы ақ некесін.
Кеше сен де шыр еткен ең осылай,
Енді бүгін сенің өзің әкесің.
Шаттық ән мен тойларың жоқ тарқаған,
Өйткені әлі дәстүр аман, салт аман.
Сенің ұлың келді, міне, өмірге,
Әкең жайлы көбіректеу айт оған,
Бабаң жайлы көбіректеу айт оған.
Білсін мұны жас кезінен ұғына,
Әкең жайлы жүрсін ұлың жыр ұға.
Сонда ол да күні ертең-ақ сен жайлы
Көбіректеу айтады өз ұлына.
Бабалардан жеткен өмір шындығы,
Ұғынуға тиісті әр кез ұл мұны.
Дәстүр деген эстафета секілді,
Үзілмесін ұлттың алтын шынжыры!



Пікірлер (1)

Маржан

Керемет, маган катты унады

Пікір қалдырыңыз

Ана тілі

  • 0
  • 7

Ойлады ма болсыншы деп тіл аман,
Сонда ғана деді ме ұлт боп құралам.
Сонау жылы тіл мәртебе алғанда
Көзіме жас алдым дейтін бір адам.

Толық

Арудың солдатқа хаты

  • 0
  • 0

Әскердесің,
Сенсіз жалғыз жүргенім
Болмаса тек -
Сеніменен біргемін.

Толық

Мұғалімдер күні бүгін

  • 0
  • 0

Мұғалімдер күні бүгін, күні ұстаздың шаттанған,
Шәкіртіне дем бергізген, жеткізеді деп баққа арман.
Ұстаздардың күні бүгін, бар тілегі өмірде
Сол шәкірттің өрге жүзген еңбегімен ақталған.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар