Өлең, жыр, ақындар

Орман патшасы

  • Bain
  • 28.04.2015
  • 1
  • 2
  • 35118
(Гетеден)
Қараңғы салқын түнде кім
Аяңдамай, желеді?
Жанында жас ұлы бар,
Жолаушы жортып келеді.
Әкесіне дірілдеп
Тығылды бір уақ нәресте.
Құшақтап қысып баласын
Жылытады қарт әке.
«Heгe қорқып тығылдың,
Айтшы, көзім қарасы?»
«Көз алдымда жарқ етті,
Жан ата, орман патшасы.
Сақалы оның қоп-қою,
Қара тәж киген Қарахан!»
«Жоқ, жаным, су үстінде
Тұман ғой ол ағарған!»
«Мойныңды бұр, балақай,
Маған қара, нәресте.
He тілесең, менде бар
Сансыз қызық көп нәсте!
Хош иіске толтырар
Феруза гүлдер маңайын.
Бұлақтарым - меруерт,
Саф алтыннан сарайым!»-
«Жан ата, орман патшасы
Сөйлеседі менімен,
Меруерт, маржан қуаныш,
Береді алтын кенімен!»
«Жаным, жаңылыс естіпсің,
(Берген патша ол неткен?!)
Жел ғой ол жаңа оянып,
Жапырақты тербеткен».
«Келші маған, нәрестем,
Тоғайымның ішінде
Сұлуларым көрерсің,
Көрмеген ондай түсінде.
Ай жарықта сұлулар
Тоқтаусыз ойнар да ұшар.
Тылсымды ойын, бал шумен,
Сәулем, сені ұйықтатар!»-
«Жан ата, орман патшасы
Шақырды қара қастарын!
Арасынан бұтақтар
Шұлғиды қыздар бастарын!»
«Қорықпа, балам, қараңғы
Түнде жоқ еш қорқыныш.
Ол - ақ шашты ағаштар,
Жай ғана тұр ғой тып-тыныш!»
«Жараланды жүрегім,
Ғашықпын, бала, көркіңе.
Енді маған келерсің!
Қоймаспын, сірә, еркіңе!»-
«Жан ата, орман патшасы
Қуып бізге жетті ғой.
Келіп қалды мінекей,
Қысылдым, демім бітті ғой!»
Жолаушы енді қысылып,
Шаппайды, ұшып келеді.
Қайғырады нәресте,
Нәресте жылай береді.
Құйындатып жолаушы,
Үйіне ұшып келіпті.
Бірақ оның қолында
Нәресте жолда өліпті.



Пікірлер (2)

Айдербек. Ж.

Недеген керемет мен Мағжан Жұмабаев секілді ақын боламын өлеңдері ұнайды

Қызжібек

Керемет екен

Пікір қалдырыңыз

Қазақ қызына әзіл

  • 1
  • 2

Шолақ айдар, шөп желке,
Бауырсақ мұрын, бүйрек бет,
Был-сылқ етіп жүргенде,
Ойламайсың ба үйрек деп?!

Толық

Осы күнгі күй

  • 1
  • 2

Ойламай отқа түскен неткен жанбыз,
Сөз ұқпас мылқау, меңіреу, жүрген жалғыз.
Көрінбес көзге түртсе қараңғыда,
Япырм-ай, қалдық па енді тіпті таңсыз?!

Толық

Жылқышы

  • 0
  • 1

Бораны – бөрі ұлып тұр,
Төбеттей тынбай үріп тұр,
Сын тағылды қаңтарға.
Аман ба екен жылқышы,

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар