Өлең, жыр, ақындар

Мамайды шешесі Қараүлектің жоқтап айтқаны

  • 30.08.2019
  • 0
  • 0
  • 2726
Ай, Орағым, Орағым!
Жалғыз қалдың, қарағым!
Мамайжан еді ырысың,
Бір құрсақтан дүреген
Екеу еді туысың.
Екеуің жауға барғанда,
Қалмақты жеңді ұрысың.
Серіксіз қалдың, Орағым,
Дүние, шіркін, құрысын!
Қарағым, Орақ, ай, Орақ!
Ай балтасы қанды Орақ,
Алаштап ұран шақырса,
Құрбысының алды, Орақ.
Мамай кетіп алдыңда
Туғансыз жалғыз калды Орақ!
Атыңды дұшпан атаса,
Мамай еді серігің,
Оркөз еді көлігің,
Артында жалғыз сен қалдың,
Мамайдың көрдім өлігін.
Мамайжан бойға біткенде,
Арыстан, бөрі етін жеп,
Қанып еді жерігім,
Мамай еді қуатым
Екі жыл шөлге қамады,
Қалмақтың бермей суатын.
Айхай, енді күн қайда?
Қойға тиген бөрідей
Жапыра қалмақ, қуатын!
Құлыны өлген ақ байтал,
Енді саған күн қайда
Ондай бала туатын?!
Қасыңа әскер ерітсең,
Мамай еді жолдасың.
Мамай тірі жүргенде,
Өткір еді алмасың.
Қалмақтың басы Қараман
Оны ұстап өлтіріп,
Кесіп едің хан басын.
Қаты хан атты қалмақтың,
Үш атанып келгенде,
Отқа жақтың қаңқасын.
Мыңды байлап атқанда,
Дарымады етіне қорғасын.
Сол қызықтың үстінде
Неге өлмедім, сор басым?!
Мамай еді дәрменің,
Екеуің қатар жүргенде
Берік еді арманың.
Бәрін міндің қатарлап,
Жұрттағы сұлу жорғаның.
Есімханның ары үшін
Қаты ханынан қалмақтың
Жеті бозды қорғадың.
Мамайжан тірі жүргенде,
Еліңді жауға бермедің.
Қолыңды айға сермедің.
Орманбет биді қалдырып,
Ноғайлыны тергедің.
Алтын тақтың үстінде
Ханмен қатар көлбедің.
Пәни дүние, қайтейін,
Екеуіңің алдыңда
Қазам жетіп, өлмедім!
Айналайын, Орағым!
Жау жайлайтын жарағым,
Тайды жеген бөрідей,
Тәуір еді талабың.
Тарқамаса, жақсы еді,
Тау бетінде қонағың.
Дұшпандарға тіреген
Аумаса игі ед табаның.
Сарала туың салбырап,
Қалмақтың бұздың қамалын,
Хандардың білдің амалын.
Көзімнің Мамай нұры еді,
Хан кеңесі құрылса,
Сымбатты сұлу төре еді.
Жау кеңесі құрылса,
Жасқанбай шапқан ер еді.
Сасқандар ақыл сұраса,
Ойы терең өр еді.
Хан тарығып, халық сасса,
Жабықпаңыз, Ноғайлы,
«Жауың қайда?»—дер еді.
Белдемшесін белденген,
Көкірегі желденген,
Қара қошқыл қан жұтып,
Қан жұтпаса, шерленген,
Қалмақтың жерін жерленген,
Болатын шарға қайраған,
Бедеу атын байлаған.
Шағанның бетін шаң қылып,
Төрт түлік малды айдаған.
Ауылдың сыртын шаң қылып,
Жылқыны топтап байлаған.
Орданың сыртын қоршатып,
Тең азамат жинаған.
Күндердің күні болғанда,
Құдайдан пәрмен болған соң,
Маңдайыма симаған.
Күмістен ожау ойдырған,
Қысаң қара сабаны
Тұс-тұсынан қойдырған.
Алты қанат ақ орда
Ішіне жібек жаптырған.
Егескен ханды күніңді
Алтын тақтан тайдырған.
Қараүлек анаң жоқтаған,
Тым-ақ Алаш мақтаған.
Дұшпанды жерге таптаған,
Досты сыйлап, сақтаған.
Әбеу кескінді батырды
Басын кесіп күнінде
Аш бөрідей аттаған.
Ақ сүңгінің қияғын,
Күміспенен қаптаған.
Ноғайлыны жау алса,
Үйде қарап жатпаған.
Ақ кіреуке сауытым,
Аш құрсағым ауырттың.
Жылай-жылай жалықтым,
Қайғы жұтып, жабықтым.
Тас емшегім жібіттің,
Қу сүйегім еріттің,
Өкпе, бауырым суыттың,
Кәрі шешең қайғымен,
Ағар бұлақ құрыттың.
Өзің тірі жүргенде,
Күдерін жаудың үздірдің.
Тоқсандағы шешеңді
Қайратыңмен «Мәз қылдың».
Қасіретіңменен бүгінде
Бұрымым жерге тоздырдың.
Сары ала туды құлаттың,
Ел-жұртыңды жылаттың.
Құдай салды, мен көндім,
Бұл сапарды ұнаттың.
Өзіңді қалмақ қамады,
Ақ ордаңды талады.
Артыңда қалған жас бала
Қашан сендей болады?
Қырық ұл туса бір күнде,
Орның қалай толады?!
Жұртыңды қалмақ ториды,
Кім мініп атқа, қориды?
Жерді құртқан жез аяқ
Мінбей-түспей ариды.
Көзінің жасы көл болып,
Қараүлек шешең қартайды.
Ақ үйімнің арыстаны,
Боз үйімнің бостаны,
Алысқа кетіп, келмедің
Жасым жетіп мұңдандым.
Анаңнан болып туған соң,
Атқа мінбей өлмедің.
Басыма қара күн салдың,
Ертеңді-кеш үн салдым.
Жауатын күндей құрсандың.
Жауды көрсең, жар салдың.
Өңім-түсім біле алмай,
Ертеңді-кеш тамсандым.
Артыңда қалды жиғаның,
Тарқап кетті мейманың.
Ұжмақты қылып Құдайым,
Жолдасың болсын иманың!
Өлдің Мамай, қор болдың,
Тірлікте зор болдың,
Дұшпанға құрған тор болдың,
Қараүлек шешең зар болды.
Сауытың қалды сандықта,
Алмасың қалды тұлдықта.
Аңдысқан дұшпан көп еді
Елің қалды құлдықта.
Қараүлек шешең шерменде,
Таудай болған көңілім,
Тал бойыңды көргенде.
Неғылып тірі отырмын,
Мамайжан бүгін өлгенде?!
Өлдің Мамай, қор болдың.
Қарадан туып, хан болдың,
Ерлігің мен билігің
Он сан атты ноғайға
Көрсе, күнде таң болдың.
Жаяуларға жол болдың,
Өлдің, Мамай, күл болдың!
Күл ұшырған жел болдың,
Иманың болғай жолдасың!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жариям-айдай

  • 0
  • 0

Алып келген базардан қыжым кебіс,
Сілекейі қалқаның болар жеміс.
Жел тимесе, күн тимес деген сөз бар,
Сұлу қыздың айтқаны ұят емес.

Толық

Әке қазасына айтылған көңіл

  • 0
  • 0

Келіп ем, шақырған соң Сары жаққа,
Көрмеген ағайынды танымаққа.
Қадірлі болыс қайтыс болған екен,
Әуелі дұға оқыдым аруаққа.

Толық

Қыз

  • 0
  • 0

Міндім де кербестіні-ай, сауырладым,
Ау! Біздерге қараса жүр бауырларым.
Бұл қалай, апеке-ау, жеңеше.
Біреудің он қарасын-ай алды әкем,

Толық

Қарап көріңіз