Өлең, жыр, ақындар

Молда мен балда

  • 28.08.2019
  • 0
  • 0
  • 1348
(А.С.Пушкиннен)

Бір Молда болды борсықтай,
Шекесі томпақ торсықтай.
Базарға бірде барды ол,
Айнала көзін салды ол.
Осындай тымық таңда бір,
Кезікті жолда Балда бір.
Деді оған Балда: «Ақ таңнан
Не іздедің осы жақтардан?»
«Пештің де отын жағатын,
Асты да пісіре алатын.
Керек-ақ мықты Балда бір,
Қаласаң, маған жалға жүр.
Барынша ақы шамасы,
Арзандау болсын бағасы».
Деді оған Балда. «Мақұл-ақ,
Істеймін істі батыл-ақ.
Еңбекпен таңды атырам,
Бәрін де бәрін қатырам.
Бидайы ботқа – тамағым,
Еңбекақым деп санағын:
Жылына сенің шекеңнен
Үш рет шертпек аламын.
Ойланып Молда қалады,
Маңдайын сипап алады.
Орыстың «мүмкін» дегені
Бір сәтке оны демеді.
«Мақұл, – деп
Молда келісті, –
Еңбегің болсын жемісті.
Қорада біздің тұрасың,
Айтқанның бәрін қыласың».
Балданың қора – панасы,
Төсегі – сабан арасы.
Тамағын ішіп төртеудің,
Істеді ісін жетеудің.
Жұмыстан-жұмыс бұрқады,
Ат жегіп, жерді жыртады.
Пісіріп асты, пеш жағып,
Тұрады ерте, кеш жатып.
Құрметтеп Молда әйелі,
Қарайды қызы дәмелі.
Аға деп оны баласы,
Табады сөзбен жарасым.
Сүймейді Молда-ақ Балданы,
Ақысын ойлап алдағы.
Беретін шертпек төлемі
Жақындап мезгіл келеді.
Ішпейді тамақ, ұйқы жоқ,
Шекесі сыздап, күлкі жоқ.
Жарына жетіп батылы,
Ақтарды сырын ақыры.
Тыңдаса, тиер пайдасы,
Әйелдің көп қой айласы.
Әйелі айтты: «Торықпа,
Осы да қайғы болып па?
Балдаға тапсыр бір жұмыс,
Орындар болсын дұп-дұрыс.
Орындай оны алмаса,
Болады шарты далбаса.
Шертпектен шекең арылар,
Күткенің оңай табылар».
Әйелдің ұнап ақылы,
Балданы Молда шақырды:
«Сенімді менің іскерім,
Жұмыс бар, соны істегін.
Жындардан алар алым бар,
Үш жылдан бері залымдар
Төлемей соны келеді,
Өндіріп берсең, жөн еді.
Жеп ал да тездеп ботқаңды,
Жындарға салғын аттанды».
Молданы Балда тыңдады,
Теңізге қарай зырлады.
Арқанды суға лақтырды,
Ондағы жындар тақ тұрды.
Кәрі жын шығып толқыннан,
Сұрады одан қорқып мән:
«Ойың не, айтшы негізгі?»
«Алмақпын буып теңізді».
Кәрі жын тұрды мұңайып:
«Біздерде бар ма бір айып?»
«Айып сол – үш жыл қалыпты
Төлемепсіңдер салықты.
Сол үшін келіп тұрмын мен,
Теңіздеріңді бүлдірем».
Балданың байқап ауанын,
Кәрі жын берді жауабын:
«Немерем саған жетеді,
Барынша ырза етеді».
Ойланын Балда тұрғанда,
Жас пері жетті бұл маңға.
Жас пері оған келді анық.
Мияулап мысық секілді,
Сөздерін айтты өтімді:
«Түсіндір бізге анық, дәл,
Төлейтін қандай салық бар?
Алсаң ал оны жөнімен,
Тиісті шартты жолымен.
Жүйрікке нағыз лайық,
Жарысып, қатар шығайық.
Қапшықта толы сыйлық бар,
Озған жан алар бұйрық бар.
Теңізді орай шабайық,
Озғанымыз алайық».
Мысқылдай Балда күледі:
«Менімен жарысар кім едің?
Жұмсапты сені жарым ес,
Дәмеңнің күткен бәрі бос.
Желаяқ болсаң ағынды,
Ініммен сына бағыңды».
Сөйтті де барып орманға,
Қос көжек ұстап сол мада,
Қабына салып алды да,
Жас жынның келді алдына.
Шығарып бірін көжектің,
Сөйледі Балда өжет тым:
«Жас пері, әлі баласың,
Ере алмай маған қаласың.
Көрейін сенің сұрыңды,
Басып оз, кәне, інімді.
Бір, екі, үш! Алға самғаңдар,
Болдырып жолда қалмаңдар».
Пері ұшты теңіз айналып,
Жас көжек жатпай ойланып,
Келгенде кезі орайға,
Кіріп те кетті тоғайға.
Жас пері болса ентігіп,
Он сүрініп, он тұрып,
Көздері кеткен алақтап,
Кеберген тілі салақтап,
Мен оздым деген дәмеде,
Құлады жетіп мәреге.
Мінеки қызық – Балда отыр,
Көжегі оның алда отыр.
Көжектің сипап құлағын:
«Шаршадың білем, пырағым.
Демалғын, – деді, – шамалы».
Таусылып жынның амалы:
«Атасы, – деді, – ұтылдық,
Төлеуге салық тұтылдық».
Төлемеу үшін қарызын,
Ойланды қатты кәрі жын.
Басты тез Балда ашуға,
Теңізді даяр шашуға.
Тулады толқын, тулады,
Айнала түгел шулады.
Сол кезде келіп жас пері:
«Ашуды, Балда, бас, – деді.
Таяқты мынау кім алыс
Лақтырса, нағыз қуаныш –
Тиеді соған бар салық,
Күшіңді көрсет жан салып».
Бір ойға Балда батқан кез,
Жас пері айтты батпан сөз:
«Төзбейтін болып бұл сынға,
Немене, қорқып тұрсың ба?»
«Көрдің бе анау бұлтты?
Лақтырам соған сырықты.
Содан соң үйіп сендерді,
Тұрғызам қоқыс дөңдерді».
Жас пері қатты шошынды,
Жеткізді қартқа осы үнді,
Жеңілдік біз деп тосылды.
Лақтырып Балда арқанын:
«Шығарам, – деді, – талқанын.
Теңіздің суын тулатып,
Сендерді жоям шулатып».
Тағы да шығып жас пері:
«Ашуды, Балда, бас, – деді.
Салықты түгел аласың,
Тағы бір шартқа барасың».
Балда айтты: «Жөнсіз сенікі,
Ендігі кезек менікі.
Бір тапсырманы беремін,
Күшіңді сынап көремін.
Биені анау көрдің бе?
Күшіңе анық сендің бе?
Көтеріп жарты шақырым,
Барасың жүріп, батырым.
Көтере алсаң, сен жеңдің,
Көтере алмасаң, мен жеңдім».
Жас пері қалт-құлт басты да,
Биенің кірді астына.
Күшенді, амал таппады,
Екі адым жерді-ақ аттады.
Үш аттап барып құлады,
Тұралап түсіп, сұлады.
Деді оған Балда: «Ақымақ,
Ақылым менің ақыл-ақ.
Астынан аяқ өткізем,
Белеске талай жеткізем».
Мінді де қарғып биеге,
Келтірді бәрін жүйеге:
Қыраттан-қырат, қыр асты,
Іздері шаңға ұласты.
Мойындап пері жеңісті,
Беруге салық келісті.
Жұмыстың бәрі жөнделді –
Сыйлықты бір қап өңгерді.
Келеді Балда әндетіп,
Тығылды Молда әл кетіп.
Молданы тауып алды да,
Салығын қойып алдына,
Баяндап Балда нақ ісін,
Сұрады еңбекақысын.
Азап көнген жан дайын,
Тосты енді Молда маңдайын.
Бірінші рет шерткенде,
Секіріп түсті өрт кеуде.
Екінші рет шерткенде,
Тілсіздік қысты дерт демде.
Үшінші жолы пақыр жан
Айрылды естен, ақылдан.
«Іздесең, достым, арзанды,
Берерсің босқа мал-жанды», –
Деп күлді Балда мазақтап,
Молданың жанын азаптап.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жеңіл жүрсең, жеңілтек дос табарсың

  • 1
  • 0

Жеңіл жүрсең, жеңілтек дос табарсың,
Көбелектей жел қуған қостанарсың.
Ажарың мен базарың тарқаған соң,
Керексіз боп ешкімге бос қаларсың.

Толық

Қарға

  • 0
  • 0

Күлкі болып қалмау үшін еліңе,
Алдыменен қараған жөн тегіңе.
Атышулы мықтылармен жанаспа;
Қортық тусаң тегі де,

Толық

Сен мені ұғамысың?

  • 0
  • 0

Сен мені ұғамысың –
Мәңгілік мұратымсың.
Аңдамай әлде бір күн,
Апанға жығамысың?

Толық

Қарап көріңіз