Өлең, жыр, ақындар

Шабақ

  • 08.08.2019
  • 0
  • 0
  • 1003
Болмаса да керемет,
Балауызды ұшқан кезде айнала,
Белгілі ғой көздерге де жай ғана –
Қанаттарын күйдіреді көбелек.
Бұдан артық әулиелік не керек?
Сабақ болар кішіге де, үлкенге,
Осыменен бітпес мысал салмағы.
Бұл – кіріспе білгенге,
Басты мысал алда әлі.
Сонда ұғарсың ойларымды білікті,
Көздеріңнен көріп тұрмын күдікті:
Ұзақ сөзім ашытпай ма миыңды?
Қысқа айтқаным тиімді.
Шыдамыңа сала көрме іріткі!
Содан өзім қорқамын,
Кәрілікке жақындаған әр таңым.
Күздің күні сылбырақ,
Қарттың сөзі былжырақ.
Жаңылыспай тұрғанында ес түгел,
Тыңдап алғын: талай рет естігем,
Жеңіл санап алғашқы сәл күнәні,
Кей жан өзін ақтайды,
Жақтайды:
Айып боп па? Еркелік деп бұл әлі.
Бұл еркелік – бастамасы құлаудың:
Бара-бара айналып ол әдетке,
Біржолата салар мықтап әлекке,
Бір құласа, орнынан тез тұрар кім?
Айтқан сөздің бір пайдасы болсын да,
Тек өзіңе сене берме үнемі.
Енді менің мысалымды көр тыңдап,
Көптен бері көкейімде жүр еді,
Мүмкін, саған ақыл берер ол шындап.
* * *
Білмеймін қай кезеңде,
Балықшылар жүріпті
Қармақ салып өзенге.
Жарға жақын сол суда өмір сүріпті
Ерке мінез бір Шабақ.
Айла-амалы асқандай,
Қармақтардан жасқанбай,
Ұршықтайын үйірліпті бұл Шабақ.
Балықшы оның бұл тірлігін қарғайды,
Бірақ та, ол әдетінен танбайды.
Көз алмайды қалтқысынан алдағы,
Міне, міне... бұлқынады жүрегі.
Тартып қалса, бос шығады қармағы,
Шабақ, сірә, мазақ қылып күледі,
Өйткені, ол бар қулықты біледі,
Оп-оңай тым балықшыны алдауы.
«Тыңда, – деді ақыл беріп жолдасы, –
Аян, түбі оңбассың;
Орын аз ба аулақта?
Қармаққұмар екеніңді сезем мен,
Қорқам, бір күн қоштасарсың өзенмен,
Қаш бәледен, жақындама қармаққа,
Бүгін саусың, ертең кімсің сен күшті?»
Ақылсызға айтылған сөз желге ұшты.
«Пәллі, – деді ол торсаңдай, –
Соқырмын ба мен сондай?
Балықшыдан қорқу – жай сөз құр мұның,
Бәрін білем қулығын.
Көремісің ана тұрған қармақты?
Қара, көршім, қазір соған бармақпын,
Кетейін тез алдап та!»
Қармақтарға тұра ұмтылды, түсінші,
Біріншісі, екіншісі, үшінші...
Ах, ілінді қармаққа!
Айтқан сөзді кеш ұқты,
Енді қиын, бәрібір ол кешікті.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жүрек

  • 0
  • 0

Жүрек деген арсыздың
Сұлуы жоқ сүймеген.
Әлемдегі бар қыздың
Алданада ол билеген.

Толық

Саяжай

  • 0
  • 0

Бір күні иесіне
Саяжай былай деді:
«Жаратқан Құдай мені
Кім үшін, білесің бе?

Толық

Сұлуым да сенсің

  • 0
  • 0

Айналайын айым,
Сен бір – әппақ қайың,
Балғын денең балқып бұралған.
Жырлап әсем әнмен,

Толық

Қарап көріңіз