Өлең, жыр, ақындар

Мейірімді түлкі

  • 08.08.2019
  • 0
  • 0
  • 2591
Көктемде аңшы Торғайды атып түсірді,
Балапандар қала берді шырылдап,
Енді тағы үш жетімек қырылмақ,
Кім көріпті жауыздықты бұ сынды?
Шақалақтар шынында да қысылды:
Жейтін жемге болды зар,
Суық та қай оңдырар.
Бейшаралар текке іздеді анасын.
«Қалай тағат табасың,
Сорлыларды көргенде.
Жүрек мұнша сыздар ма?» –
Деді Түлкі құстарға,
Ұяға сәл жақындап кеп ол демде, –
Балапанды тастамаңдар, туғандар,
Аз да болса дән әкеліп беріңдер,
Шөп те болса, ұясына теріңдер,
Сонда осы сақталар жас өрімдер,
Қайырым қыл, тұрмаңдар!
Көкек, сен ғой бос түлейсің сылынып,
Мамығыңнан ептеп берсең не етеді?
Мүмкін, ұя тез жылынып кетеді,
Қауырсының жатыр текке жұлынып.
Бозторғайым, сайрағанша аспанда,
Шабындыққа барып кел,
Шыбын-шіркей қақсаң да,
Жетімдерге алып кел.
Сен де көмек көрсеткейсің, Кептерім,
Балапаның өсіп қалған, көп-көрім.
Енді оларды таста-дағы есі бар,
Жетімдерге көшіп ал.
Көгершіндеріңді әзірге
Тапсыр Тәңірге.
Қарлығашым, сен де қарап қалмағын,
Жем іздеуге самғағын.
Ал, Бұлбұлым сүйкімді,
Ойна-дағы күй түрлі,
Шақыр тәтті ұйқыңды.
Осылайша көмектессең әрбірің,
Жетімектер ұмытар тез зар-мұңын.
Орманда да мейірімділер барлығын
Анықтайтын нақты дәлел дәл мұным», –
Деп тұрғанда үш балапан аш қарын
Салбырытып бастарын,
Құлап түсті тасқа бір.
Түлкі оларды жеп алды,
Өсиетін доғарды.
* * *
Таңданбаңдар, достарым,
Қайырымды жан сөз емес, іс тындырар ең алды.
Мейірімділер сабырлы ғой әдетте,
Артық сөзді етпейді олар қажет те.
Кім көп айтса қайырымдылық жайында,
Артында оның сұмдық барын пайымда.
Даурыққандар ілкіде
Ұқсайды қу Түлкіге.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жабайы ешкілер

  • 0
  • 0

Малшы қыста тауып ап ешкілерді жабайы,
Айтты алғысын Тәңірге, ашылып жан сарайы:
«Өте жақсы, – деді ол, – керегі жоқ қойманың,
Енді екі есе көбейеді қойларым.

Толық

Шопан туралы ода

  • 0
  • 0

Мадақтасақ мадақтайық шопанды,
Шопан жайлы шырқатайық от әнді.
Шопан бүгін – екінші тың ерлері,
Еңбегімен дүбірлеткен Отанды.

Толық

Еркетай өскен елік пе ең?

  • 0
  • 0

Еркетай өскен елік пе ең?
Көктеммен қатар келіп пе ең?
Айрықша артық көрікпен
Айырдың мені еріктен.

Толық

Қарап көріңіз